Біз — терең тамырлы халықпыз.
Ата салт, ата дәстүр, ата тарих, ұлттық наным-сенім, тектілік тұрпат, кісілік келбет, әдеп пен имандылық арналары ғасырлар бойы қалыптасқан қағидалардан тін тартады.
Біз — қазақпыз, кең — байтақ ұлан-даланың иесіміз.
Егемендікке қол жеткізіп, елдікке бетбұрыс жасап жатырмыз. Ал елдіктің бастауы неде? Ерлердің қолында дерміз. Ар ерлердің шын мәнінде ер болуы, елін ел қылуы кімге байланысты? Әрине, әйел қауымының, ақ жаулықты әжелер мен абзал аналар, асыл жарлардың көргенділігі мен көрегенділігіне байланысты деп сеніммен айта алар едік.
Баяғы бай ауыз әдебиетіміздегі Құртқа, Ақжүніс тәрізді, ұлы Абайдың әжесі Зере, осы түбекте даңқы шыққан Томирис, Қаламқас тәрізді артық туған арулардың ұлылығына, еркектен де бетер ер көңілділігі, туған ел, туған жер, туған бауыр дегендегі шексіз сезімдеріне тәнті болмай тұра алмайсыз.
Ана мен бала егіз ұғым десек те болады. Аталар жолымен баланың жөргегінен, бесігінен ана тілінде «әлдиге» ұйып, ұлттық қан-қасиетті жете сіңіріп өсуінде аналардың үлесі салмақтана, арта берген сайын ұта түсеміз. Бұл да — елдіктің бір қадамы.
Ұлағатты аналар бейнесіне лайық кейіпкер — образдар бүгінде жоқ па?
Шүкір, бар екен.
Ол кім дерсіз?
Айталық. Ол — өзіміздің қадірменді Әбекеңнің, Әбіш ағаның, мектепте жүргенде-ақ республикаға аты жетіп, университетте жүргенінде Әуезовтей алыптың көңіл хош ақ батасын алған, бүкіл өмірін жанкешті еңбекке толтырып, өлшеусіз маңдай тер арқылы бақ бақытын алақанына қондырған ұлт феномені Әбіш Кекілбаевтың анасы!
Әбіш ағаға Құдайым, 360 әулиелі, Бекет ұраңды ата-баба топырағы туа бітті, жан-жақты да дархан дарын тарту етсе де, оның өміршең болуы тәрбиесіне байланысты еді.
Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле-әже осы ғасырдың басында дүниеге келіп, қазақ көрген азап пен тозақ, айқас пен күрес, дүрбелең мен зобалаңның бәрін көріп еді.
Сол бір дауылды кезеңдердің бәрінде отбасының тек отымен кіріп, күлімен шығатын салпы етек әйелі атанбай, қоғамдағы нешебір ауыр да жарқын істердің бәріне атсалысып еді. Колхозда шөп те шапты, құрылыс та салды, Бекдашы барып, тұз өндірісінде де тер төкті. Таушық шахталарында көмір қазушы болып та тауқыметті қара жұмыстың ащы дәмін татты.
Азаматы Кекілбай соғыстан оралмаса да, ерінен отыз алты жасында жесір қалса да, жалғыз ұлы мен қыздарын жетімсіретпей желкілдетіп бағып-қағып еді, еңбекке, адалдыққа, арлылыққа баулып еді.
Ұлдан жалғызы — Әбішінің тілеуін тілеп, осыдан аттай қырық жыл бұрын Алматыға аттанып еді.
Ол жаңа Астананы да көрді.
Әбіш Кекілбаевтай дана шыққан шаңырақтың дастарханынан қазақ елінің біртуар тұлғасы, тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та әлденеше рет дәм татқан-ды. «Айекең бәріміздің де ардақты анамыз еді», депті ол Әбекеңе көңіл айтқанында.
2001 жылдың 30 қазанында Онды аулында 95 жасында дүниеден озған тұғырлы кейуана — Айсәуле Жұмабайқызы Қоқымованы ақтық сапарға аттандыруға арналған қаралы жиын өтті. Оны аудан әкімі Қ.Сейілханов ашты. Жиналған көпшілік алдында халық жазушылары Ә.Нұрпейісов, Ш.Мұртаза, көрнекті жазушы Т.Әбдіков, академик М.Жолдасбеков, облыс әкімі Л.Қиынов, тумалары сөз сөйледі. Олардың барлығы да ана ұлылығын әспеттеді.
Айсәуле — Адай-Жаңай-Қожаназар-Таған әулетіне, атасы Қоқымға сыйлы да өнегелі келін бола білді.
Айсәуле — азаматы Кекілбаймен жұп жазбай бірге жүріп, өмірдің ыстық-суығын бірге көрді, ащы-тұщыны бірге татты, азаматтың абыройын асырумен болды. Әттең...
Айсәуле — қыздарын қияға қалықтатып, ұясындағы жалғыз ұлын ұшпаққа шығаруға бар өмірін арнады.
Айсәуле — өзіндей өнегелі, аталар жолын ұстанған Кларадай келінімен бірге жұғысты да ұғысты, ырысты да тынысты ғұмыр кешті, тату-тәтті болды.
Осындай ананы, Әбішті Әбіш еткен Ананы ұлы демей гөр, әулие демей гөр! Оның берекелі дастарханынан қазақ зиялылары тегіс дерлік дәм татты. Соғыс жылдарында жетімдік көрген жадау иін ұрпақтың жұқалтаңдау, көңілдері жарым-жартылау балаларының барлығына да ана болды. Оның шұғыла-шарапатынан, жанарынан төгілген мейірім нұрынан небір атақты да даңқты азаматтар нәр алды. Ол талайға қанат бітіріп, бойларына қуат құйды, сарқылмас шабыт үстеді.
Ол мәңгі өлмес қазақ анасы ретінде үлкен бір кітаптың бас кейіпкері болуға тиіс. Ондай кітап туады, әрине!
Айсәуле әже ақтық сапарға аттанды. Қамысбай қауымына жерленді. Облыс имамы Д.Қасниязов Құран оқыды. Асыл анасынан айрылған дана да болса, бала — Әбіштің жүрегі қан жылайды. Бірақ, көңілге дәрмен етер — жанына жұбаныш болып артында егемен елі, киелі жері тұр!
Қазақ анасын ақтық сапарға шығарып салуға республика вице-премьері И.Тасмағанбетов, Орал облысының әкімі Қ.Көшербаев, Атырау облысы әкімінің аппарат басшысы М.Өтешов, Парламент депутаттары Ө.Бәйгелді, Қ.Ережепов, М.Абылханов, ақындар Ф.Оңғарсынова, Қ.Жұмағалиев, Ө.Оралбаев, тағы басқалары келді.
2.11.2001 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі