Өлең, жыр, ақындар

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысын жаңа сатыға шығарған тұлға

Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойы!

Жыл басында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген бағдарламалық мақаласында Алаш арыстарын ұлықтауды бастап берді. Әлихан Бөкейханның есімі биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты аталып өтетін мемлекеттік маңызы бар мерекелердің қатарына енді.

Әлихан Бөкейханов қазақ халқының XX ғасыр басында кең байтақ өлкенің бойында қанат жайған «Алаш» атты ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған, Алаш партиясының, Халық кеңесінде сайланған Алаш автономиясы Алашорда үкіметінің төрағасы. Дегенмен де, бұл тек Әлихан атамыздың бір келбеті. Әлихан Бөкейхановтың 155 жылдық мерейтойына байланысты, азаттық жолындағы ерлік істерін еске алуды мақсат етіп отырмыз.   

Сонау ғасырлар тоғысын ескерсек Әлихан Бөкейхан 1866 жылдың 5 наурызда Қарқара уезі, Семей облысында, патша өкіметінің қазақ жерін отаршылық езгі саясатында, халықтың өз әдет-ғұрпы мен дәстүргі рулық-қауымнан алыстап және шектеліп жатқан шақта дүниеге келген. Сол кезеңде-ақ, патшалық Ресей өкіметінің жүргізіп жатқан әрекеті жыл сайын өршіп, оның отаршылдық саясаты қазақ халқы өмір сүріп жатқан жеріне тастай сіңді. Байырғы заңнамалар  мен мәдени ұстанымдар жойылып, әрі қазақ халқының дербес этнос болып дамуына кедергі келтірді.

Уақыт ағысымен Әлихан Бөкейхан да ер жетіп, ел жағдайы үшін зары өрши берді, Омбы қаласындағы «техник» мамандығын бітіре салып, Санкт-Петербургтегі Орман институтына түсіп, ормантанушы-ғалым дипломын алып шықты. Кейін Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да ие болды. Патша өкіметінің саясатына деген өзінің жеке көзқарасын қалыптастырып, марксизм, экономикалық қағидалар, саяси күрес тактикалары мен әдістерін жетік меңгерді.

Омбыда орын алып жатқан саяси, әлеуметтік, қоғамдық қозғалыстарға белсене араласып, патша өкіметінің көзіне түсіп, астыртын бақылауға ұшырады. Алайда, барлық қыспақтарға қарамай, Батыс – Сібір бөлімшесінде «Ресей. Жалпы географиялық сипаттама» атты еңбектің қазақ даласына арналған 18 томына автор ретінде қатысты, «Орыс географиялық қоғамының» мүшесі болды,  Семей облысы қазақтарының атынан 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланды.

Жоқ нәрседен пайда болмас,

Бар нәрсе ғайып болмас.

Тамыры терең алты алаш,

Келеді әлі адамзатпен қарбалас...

Терең білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – Алаш қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана. Стратегиялық мақсаттарға жету жолында ұлттық зиялы қауымға да, қарапайым бұқара халыққа да жақын идея ауадай қажет еді. Сол себепті, Әлихан Бөкейхан қазақтарды руға да, жүзге де жіктемей, әлеуметтік мәртебесіне де, біліміне қарай да бөле-жармады. Қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған Алаш атауы ұлтты  бірлестіруге мұрындық болатын тамаша идея болып шықты.

“ Ақылды сөз қылмақ қиын, ақылды сөзді ақылды іс қылмақ одан да қиын.”

Идеяны жаңғырту жолы 1913 жылғы «Қазақ» газетінде “Алаш” сөзінің мағынасы “зерек, жетекші” де түсіндіріп, астыртын халық сеніміне кіре бастады. Осылайша, 1917 жылы халық бұқарасының көп дауысы Алашқа тиесілі болды.

Ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының тарихи сипаты мен рөлі қазіргі Тәуелсіздік жағдайында халық үшін қалдырған өсиеті мен маңызы зор. Атқарған қызметтеріне тәнтті болған көреген тұлғалар өздерінің бірнеше бағалауларын қалдырып кеткен. Солардың бірі, алаш қайраткерлерінің бірі, драматург, әрі жазушы Қ. Кемеңгенрұлы XX ғасырдың  20-жылдарында өзінің тарихи «Қазақ тарихы» очергінде: “Үкіметтің қара қуғын айдауында болып, әрі тозған абақтысына да шыдап, елі мен жері үшін өзін құрбан қылған ат төбеліндей ұлы азаматтар тобын құраған – Әлихан!”, -деп айтып кеткен. Аталмыш сөздер Алаш қайраткерінің ұлтына, жұртына қызмет етуі – білімнен емес, мінезден екенін аңғартады.

Міне, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханның қазақ халқының азаттық үшін күресінде тапжылмас қайрат көрсеткен, керемет саясаткер, әрі ғалым ретінде бар қазақ азаматтарына үлгі тұтарлық, батыр және патриот тұлға екені тасқа таңба басқындай анық көрінеді. Бізге де Тәуелсіз еліміздің көркеуіне неге үлес қоспасқа, ұлт зиялыларымыздың ерең еңбегін ұмытпай, өзімізге де, өзімізден кейінге ұрпақтың бойына да осындай қасиеттердің белең алуын қамтамасыз етуіміз қажет.

«Алаш туы астында, күн сөнгенше сөнбейміз...» - деп Алаш қозғалысының басында тұрған белгілі қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхан айтып кеткен. Әлихан атамыз айтып кеткендей шырағымыз Алаш туының астында сөнбесін!     

Мөлдір Туленбаева,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология және әлем тілдері факультетінің 1-курс студенті.  Жетекшісі: Сабырхан Смағұлов, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, тарихшы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер