Мектеп қабырғасында 11 жыл бойы үздіксіз білім алып, әне – міне дегенше «Жас түлек» атанатын бітіруші түлектердің білімдері сынға түсер кезең «Ұлы бір күндік төңкерістің» де уақыты таяп қалыпты – ау. Қобалжыған түлектердің кітаптан бас алмай дайындық үстінде есеңгіреп жүретін кездері бұл. Қалай тапсырып шығамын? Қанша балл жинаймын? Қайда оқуға тапсырамын? Иә, жас түлектердің қазірде көкейлерінде жүрген сауалдар осылар ғана. Баласымен бірге ата-аналары да жандарын қоярға жер таппай әлек болары сөзсіз. Оған себеп те жоқ емес. «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» демекші, 2017 жылдан бастау алған екі таңдау пән жүйесі бойынша Ұлттық Бірыңғай Тестілеудің ең жоғарғы шкаласы 140 балл болып белгіленген болатын. Осыған сәйкес түлектер енді орыс тілінен емес, өзі таңдаған мамандығына байланысты 2 пәннің әрқайсысынан 40 балдан жинауы тиіс. Негізгі үш пәнді тапсыру жалпыға міндетті екендігі айтпасада белгілі. Осы тұста « Қатарынан қалмай, әйтеуір бір грантқа ілігіп кетсе болар»,- деп грант көп бөлінетін мамандықтарды іздестіріп, оған қажетті 5-ші пәнді өздері таңдап беретін ата – аналарды жиі кездестіреміз. Ол пәндер, әрине, физика, химия сынды техникалық салаға қажетті пәндер. Бұл жағдай сізге де, бізге де таңсық дүние емес.
Қазір екі пәнді қосып, бір керемет мамандықты ұштастыру қиын емес. Мысалы, биология мен химия пәндерін біріктіру арқылы «жалпы медицинаға» жол ашылса, аудармашы маман болу үшін ағылшын және әлем тарихы пәндерін таңдау қажет. Әрине, грантқа түсу – абырой. Ал баланың арманы қайда қалмақ? Мүмкін, ол техника дегеннің ауылынан мүлдем алыс шығар?! Математиканың машақатын түсіне алмайтын болар? Оған бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. «Қолда диплом болса болғаны, қалғаны өз кезегімен бола жатар» деген сөздерді дағдыға айналдырған. Нәтижесінде ол диплом сандыққа салынып, шаң басып, сүрленіп жатады. Себебі жас маман бұл салада қызмет еткісі келмейді. Жаны қаламайтын жұмысты күштесең де пайда жоқ. Кейіннен «жұмыссыздар саны артты немесе жұмыс жоқ»,- деп сылтауратады. Жұмыс қайдан болсын, егер студенттер дипломдарын сары майдай сандықта сақтап, қалаған мамандықтарын меңгере алмаса?
Бүгіннің өзінде «Бітіргенмен де бұл салада жұмыс істемеймін» дегенді ұран еткен студенттер жетіп жатыр. Қаламаса, кейін ол саладан өз болашағын көре алмайтын болса несіне қиналып оқып жүр деп ойларыңыз анық. Дегенмен, оларды да түсінуге болады. Қалаған оқуының ақылы бөліміне түсіп оқиын десе, оқу ақысы қымбат. Соңғы жылдардағы статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстан бойынша университет пен академияда бакалавр дәрежесі бойынша білім алудың орташа бағасы 300 000 теңге мен 10 000 АҚШ доллары аралығын құрайды. Ал Қазақстандағы ауыл немесе елді – мекен тұрғындарының орташа жалақысы, шамамен, 58 мың теңгені құрайтыны анықталды. Енді ойша саралай беріңіз. Бұл қомақты соманы кімнің қалтасы көтереді?
« Балам жақсы оқу орнында білім алсын» деп, ата – ана қымбат жоғары оқу орындарға жүгіреді. Мәселен, қазіргі таңда дүние жүзіндегі ең үздік 300 жоғарғы оқу орындарының қатарына енген Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Назарбаев университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және тағысын тағы. Қазірде Қазақстан бойынша бағасы ең қымбаты – Нұр-Сұлтандағы Назарбаев университеті. Онда негізінен грант бойынша оқуға түскендер білім алады. Тегін оқуға ілікпей қалған, ғылыммен айнгалысамын деушілерге жылына 3 843 000 теңге яғни 21 000 АҚШ долларын төлеуге тура келеді. Егер таңдауыңыз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне түссе, 650 000 теңге мен 710 000 теңге аралығындағы соманы жыл сайын төлеуіңізге тура келеді. Ал Қазақ ұлттық университетіне келсеңіз, оқу ақысы 885 000-нан басталып, жоғарғысы 1млн 69мың теңгеге дейін жетеді. Мұндай қомақты соманы төлеу үшін ата-ана несие алуы керек пе? Ал оқуын төлей алмаса, баласын ауылға, мал айдауға жібереді немесе жоғарғы оқу орнында білім алып жүрген сүйкімді студентіміз әпсәтте даяшыға айналып шыға келеді. Сондықтан оқу ақысын төмендеткен дұрыс деп ойлаймын. «Боламын деген баланы бетінен қақпа, белін бу» демекші, осындай олқылықтарды болдырмас үшін, менің ойымша, әрбір ата-ана алдымен баласының қарым-қабылетіне, икеміне қарап, бірге отырып ақылдасқандары жөн. Тек сонда ғана ортақ ымыраға келіп, мамандық оңтайлы шешімін табар еді.
Міне, осылай. Арман болған 140 балға қол жеткізу оңай емес. Барлығы түлектің білімділігіне байланысты. «ҰБТ – ге ешқандай көмекші құралдарға емес, өз басыңа сеніп кір» деген тестілеудің тезінен өткен қазіргі студенттердің аталы сөзін тілге тиек еткім келеді. Ендеше болашағымызды балға байламайық!!!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі