Өлең, жыр, ақындар

«Bolashaq» қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толды

«Bolashaq» қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толды.

Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап, ел дамуына бағытталған жаңа реформаларды іске асыру және халықаралық сахнада мемлекетімізді лайықты деңгейде таныту үшін жоғары білікті кадрлар қажет болды. Осы мақсатта 1993 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен «Болашақ» халықаралық стипендиясы құрылып, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруды көздеген ең маңызды жобалардың бiрiне айналды.

«Тәуелсіздіктің бастапқы ауыр жылдарында біздің кемел келешегімізді көре білу әркімге бұйыра қойған жоқ. Мен жаңа білім алып, елімізді алға сүйресін деп алғашқы стипендиаттарды аттандырдым. Бұл біздің сенімді стратегиялық таңдауымыз еді», – деп Халықаралық «Болашақ» стипендиясының мерейтойлық форумында Елбасы бағдарламаның зор мәнін ерекше атап өткен болатын.

Уақыт өте келе барлық түлектің басын қосып, олардың проблемасын шешуді қолға алатын, қоғамдық институттардың әртүрлі деңгейінде олардың мүддесін білдіретін, сондай-ақ «болашақтықтардың» әлеуетін сан алуан қоғамдық міндетті талқылауға және шешуге бағыттайтын ұйым құру қажеттілігі туды.

Осылайша 2001 жылдың 30 наурызында «Қазақстан Республикасы Президентінің Халықаралық «Bolashaq» стипендиясы түлектерінің қауымдастығы» құрылды. Ұйымның негізгі қозғаушы күші еліміздегі прогрессивті және келешегі зор жас мамандардың қоғамдастығы болып саналатын бағдарлама түлектері болды. Мемлекеттік стратегияларды іске асыруға жәрдемдесу, кадрлар сабақтастығын қамтамасыз ету, жасампаздық және инновация арқылы байырғы дәстүрлерді сақтау Қауымдастық жұмысының басты қағидаттарына айналды.

Бүгінде 13 мыңнан астам қазақстандық жас бағдарлама стипендиаты атанса, 2000-ға жуық шетелде білімін жетілдіруде. Бағдарлама түлегі және Қауымдастық кеңесінің төрағасы Бақтияр Мәкен аталмыш ұйым жайында былай дейді:

«Қауымдастықтың негізгі мақсаты – республиканың түкпір-түкпіріндегі «Болашақ» стипендиясының түлектері мен олардың әлеуетін біріктіру, сондай-ақ еліміздің әлеуметтік дамуына үлес қосу.

20 жыл ішінде «Bolashaq» қауымдастығы 100 мыңнан астам адамды тарта отырып, 500-ден аса жоба мен іс-шараны еліміздің барлық өңірінде іске асырды. Қауымдастықтың корпоративтік қорлары Қазақстанның 8 өңірінде жұмыс істеуде.

Қауымдастық еліміздің жоғары білімді патриот жастарын көбейтуге ықпал ету мақсатында жастардың әлеуетін ашатын және дамытатын түрлі жобаны іске асыруда. Мәселен, «Жастар ұйымдарының нетворкингі және тәжірибе алмасу» жобасы – Жастар жылы аясында жүзеге асырылған ірі жобалардың бірі. Жобаға 1100-ден аса жас буын өкілі атсалысып, ынтымақтастық байланыс орнатып, жастар ұйымдарын қолдау мен дамытуға арналған шеберлік сыныптар мен конференцияларға қатысты.

Қауымдастық жастар арасында кәсіпкерлік пен бизнесті дамытуға, инновациялық тың жобаларды қолдауға үлкен көңіл бөледі. «Bolashaq Business Competition» зияткерлік ойынының ұйымдастырылуы, «Bolashaq business cases» бизнес-кейстер жинағының жарыққа шығуы, «Startup «Bolashaq» реалити-шоу форматындағы бизнес-идеялар байқауының сәтті өткізілуі – соның дәлелі. 2020 жылы «Bolashaq» қауымдастығы инновациялық шешімдер мен ұсыныстарды, бизнес жүргізудің үздік стратегиялары мен практикумдарын жинақтаған «Жастар және инновациялар» онлайн-форумын өткізді. Форум Zoom, Facebook және YouTube платформаларында 25 спикер мен 500-ге жуық қатысушыны, ал Facebook желісінде 3000-нан аса көрерменді жинады. Спикерлер жаңа технология, саясат, бизнес және әлеуметтік медиа салаларындағы білімімен бөлісті.

Қауымдастық жүзеге асырған, тілдік кедергілерді еңсеруге және шет тілді үйренуге ынталандыруға бағытталған «English for Jastar» әлеуметтік-волонтерлік жобасы еліміздегі адами капиталдың сапасын жақсартуға мүмкіндік берді. Бұл жобаны «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» жастар қанаты Қауымдастықпен бірлесіп 2018 жылдан бастап іске асырды. Оған ағылшын тілін жетік меңгерген отандық және шетелдік жастар тартылды. Осы жобаның арқасында ауыл мектептеріндегі 5500-ден астам бала шет тілін меңгеріп шықты.

«Bolashaq» қауымдастығы Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігімен бірлесе отырып, жастар мен қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін «Bolashaq Books» жобасы шеңберінде тұрақты түрде буккроссинг өткізіп тұрады. 2017 жылдан бері «Bolashaq Books» жобасы аясында Қазақстанның 20 қаласында 28 кітап сөресі орнатылды. 2018 жылы Қауымдастық Нұр-Cұлтан қаласы әкімдігінің және «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «Job Fair 2018» көрмесін өткізіп, алғаш рет елордалық жоғары оқу орындарының 600-ден астам түлегі мен магистрантын, 100-ден астам озық ұлттық және шетелдік жұмыс беруші компанияны, экономиканың түрлі секторы өкілдерін бір алаңда біріктірді.

2021 жылы «Bolashaq Women» клубының аясында өскелең ұрпақтың құндылықтары, заманауи қазақстандық қыздың бейнесін қалыптастыру, қыз балаларға өз жолын табуға, кәсібилікке, тұлғалық дамуға көмек көрсету мақсатында «Табысты және бақытты қыздың заманауи бейнесі» атты онлайн-форум өткізілді. Форумға түрлі саланың 250-ден астам өкілі мен 7 спикер қатысып, қазіргі қоғамның құндылықтары мен әйел өміріндегі экономикалық, әлеуметтік және басқа да салалардың өзекті мәселелерін талқылады.

2011 жылы «Болашақ» бағдарламасының түлектері балалар мен жастар арасында мемлекеттік тілді насихаттау және қазақ тілінде сапалы әрі бәсекеге қабілетті контент құру бойынша қомақты жұмысқа кірісті. Қазақстанның мемлекеттік тілін білетін, жақсы көретін және құрметтейтін ұрпақты тәрбиелеуге көмектесу мақсаты қойылды. Бұл бастаманы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қолдады. «Bolashaq» корпоративтік қоры жүзеге асырған «Өзіңнен баста» әлеуметтік жобасы отбасылық және балаларға арналған контентті жасай отырып, мемлекеттік тілдің дамуына үлкен ықпал етті. Осы жоба аясында Disney, Sony Pictures, Marvel, Lucasfilms, BAZELEVS және Europa Corp студияларының 36 фильмі қазақ тіліне аударылып, ұлттық өнімнің қатарын көбейтті. Қазақ тілі Sony Pictures-тің 7-тіліне, ал Walt Disney-дің 39-тіліне айналды және бүкіл әлем бойынша DVD, Blu-ray-да көруге болатын голливудтық фильмдердің негізгі жеті тіліне енді.

Қауымдастық салауатты өмір салтын белсенді насихаттауда 6 спорт түрінен 2 спартакиада мен 2 CrossFit сайысын ұйымдастырды. Сонымен қатар Қауымдастық мүшелері «Сенің жаңа қырың» атты республикалық спорт акциясы мен Bi-marathon қайырымдылық марафонына тұрақты қатысып келеді. 2019 жылы ұйымдастырылған «Bolashaq» Қауымдастығының II спартакиадасында шағын футбол, волейбол, үстел теннисі, армрестлинг, шахмат және асық атудан сайыстар ұйымдастырылып, жарыста 175 адам сынға түсті.

«Болашақ» стипендиясы мемлекет ұсынатын әлеуметтік лифтілердің ең жарқын үлгілерінің бірі екені анық. Қауымдастық мүшелері, болашақтықтар ел басшылығының бастамалары мен саясатын әрдайым қолдайды.

Егемен Қазақстанның тұрақты дамуының кепілі – білімді және прогрессивті жастар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарға әрқашан ел болашағының кепілі ретінде қарайды. Өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан «Bolashaq» қауымдастығы еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап барлық тарихи өзгеріс пен жаңалықтың тетігі ретінде дамып келеді. Алдағы уақытта да мемлекетіміздің өркен жаюы жолында ауқымды істерді атқара береді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар