Өлең, жыр, ақындар

Сыр бойы. ІІ

Сыр бойы. І

ҮШІНШІ БӨЛІМ

ДАҒДАРЫСТА

Ауыл биік құба дөңнің күнгей жақ баурайында отыр еді.

Үй мен үйдің арасы бес қадам-он қадам — ірге түйісе қоныпты. Қос белдеу салған ашық қамыс қораның екі шалғайы ауылды ық панасына алып қаусыра құшақтап жатыр. Қора тартқан кезде малдың, жанның қамын бірдей ойластырған сияқты.

Жылдағы әдеті, Нұрымбет пен Барақтың балалары қысы-жазы осылай ірге айырмайды.

Азын-аулақ жылқы тұқымы тепсеңде, екі ауылға қараған мың қаралы қой, үш жүз түйе, қамыс қораның ығына иіріледі.

Бүгін түс ауғалы күн қақап тұр. Арқа Сырдың бойы емес, бас тоқсаннан қуырып әкетеді.

Жанқожа үйге кіргенде қызыл іңір еді.

Үш таған темір ошақтың үстінде қазан асулы. Қара қидың қып-қызыл шоғы бетіңді шарпиды. Аяз сорып келген киімнің буы бұрқырап қоя берді.

Айбарша ас қамына кіріскен. Кенет үй сыртында хабарлас қылған адам дауысы шықты.

— Құдайы мейман болсаң, түсе бер!

Ендігі сырт киімін шешініп, отқа қыздырынып отырған Жанқожа қайта киінуге ерінеді. Қақап тұрған аязда тағы да далаға шығуға бетінен басқан.

— Ассалаумалайкүм!

Қонақтың өзінен бұрын дауысы кірді. Қылғындыра буынған түлкі тымақтың түгінен бет-жүзі көрінбейді. Қой терісі тонның сыртынан түйе жүн шекпен киіп, белін тұсаумен буыныпты.

— Ей, Сапақпысың?

— Танымай қалғаның ба, Жәке?

Сапақ басынан тымағын алды. Жыртиып күледі.

— Таныдым. Тұсау белбеуіңнен танып тұрмын.

Жанқожа осы тұсау белбеуді еткен жаз бір ескерткен.

Сапақ мың айдаған бай, ұялған сияқты еді. Сонда да тас екен. Кеңкілдеп күлді.

Күздікүнгі апамның жаназасында болып кеткелі бел шешкенім жоқ, — деді, ақталғалы айтқандай.

Қазан соғардың алдында Мүмсін дүние салған. Жаназасына бұл өңірдегі Төртқара түгел қатысты. Сапақ соны айтып отыр.

Сапақтың бір үйір жылқысын жоғалтқаны жайлы Жанқожа да есіткен. Күздің күні көші-қон, алас-қапас көбейеді. Барымташы батырлар да сондай кезді аңдып қапы соғатын еді.

Сапақ қыр ізінен қалмай жүріп, ақыры тауып қайтыпты. Қыр Шектісі, Шүрен аулының жігіттері екен.

Жылқы іздеп жүріп, Көтекеңнің жаназасына тап болдым...

— Көтекең...

— Көтібар ағам... Апырау, оның қаза болғанын сендер әлі есіткен жоқсыңдар ма?

Биыл қыс бірден қуырып әкетті. Қар ерте түскен. Қарашада басты да салды. Сол-ақ екен, бір күн тыныштық жоқ, бүгін қар, ертең бұрқасын, көзді аштырған жоқ. Үлкен-кіші мал соңында, белдерін босатқалы екі-ақ күн. Өмірі адам болып, Жанқожаның бетін үсік шалғаны биыл екен. Сарғыш жүзі қара қожалақ тартқан. Осы қыстың әлегі ауыл-ауылдың арасын алшақтатып, ең аяғы ұзынқұлақ хабардан да қағыс қалдырады.

Биыл жаз Борсық құмына жақындап қонған Табынның батыры Жанқасқа қараша соғардың алдында қыс қыстауы Жем бойына қарай жылжиды. Жай жылжымай, қара шоқпар жігіттерін аттандырып, Қабақ Көтібар аулының бір үйір жылқысын ала кеткен. Қазақ арасы қашан қыжылсыз жүрген. Бұрын да аттың майы, атанның қомы сияқты өкпе-назы болса керек. Көтібар да бір елдің қазан бұзар тентегі, Жанқасқаның қол қимылына ашынған беті, аттан салып, атқа қонады екен. Табын аулынан жылқы қуады.

— Сол күні Қараша соғыпты. Көтекем ала құйын борасынның арасында жолдастарынан адасып қалған. Аты болдырып бір төбенің ығында жатады екен. Қуғыншы табындар үстінен түседі. Айтуы, Көтібар екенін олар да біліңкіремейді-ау, сірә. Батыр да қасарысып, шынын айтпайды. Таяқ ұшына тиіп, жан тапсырыпты.

Жанқожаның еріні қыбыр-қыбыр етеді. Бетіне бір тамшы жас домалап түсті. Ақырын бетін сипап жатыр.

— Марқұмның топырағы торқа болсын...

Аржағын айтқан жоқ. Өксік буғандай, батырдың даусы барлығыңқырап шығады.

Одам бері де он жылдай өтіпті-ау. Айдарқұл мен Естекбай осы Төртқаралардан жылқы қуып, ақыры кісі өліміне соғып... Құрмамай-Құттық үш ердің құнын төлеп құтылып еді. Соның алдында ғана Боранбай өлтірген Раманқұлдың інісінен Қожамұрат болып құн тартқан. Сол жылы қыс та қамытшылық,, Сыр бойында шығындалмаған ауыл жоқ... Көтібар Төртқараға төленетін үш мың қойдың жартысын мойнымен көтерді... Қайран ер!

Өлген қазақтың жаманы жоқ, қайта жақсы істері есінде қалады...

Биыл көктемде ғана еді-ау... Айшылық жерде отырған Көтібар Жанқожаға шапқыншы жіберіпті...

Хиуа хандығы Сыр бойына қамал салып, екі арыс ел Әлім-Шөменнің берекесін алып жатқан жайы бар... Біресе зекеті, біресе үсірі... оған сарбаздардың сойыстығы, салынып жатқан қамалдың ығын-шығыны қосылады. Қара қазақ баласының күйзеліп біткенін сөз қылды.

Алдыңғы жылы Көтібар оқыс қимылға барып, алым-салық жинауға шыққан мектердің қол, аяғын байлатып, орыстардың қолына береді екен. Есіткен жұрт жағасын ұстады. Содан бері тоғыз мың үй қыр Шектісі әбігер... Белдеулерден ат кетпейтін еді.

Көтібардың аулындағы үлкен жиынға Әлім-Шөменнің жақсылары түгел бас қоса алған жоқ. Бір бөлек Шөмекей, қырдағы Төртқара билері... Сыр Шектісінен Жанқожа сияқты Хиуаның қуғынында шеттеп жүрген ауылдардың бес-алты азаматы еді. Ал Қыр Шектісінің жақсылары түгел келген.

Көтібардың топ бастайтын көсемдігі болғанмен, тілмарсуды жаны қаламайтын кісі. Бұл жолы біраз көсілді. Әлім-Шөмен құрық көрмеген асау ғой. Бір заманда тізе көрсеткісі келген Әбілқайырды Барақ сұлтанға жығып беретін де осы Шекті еді. Барақ қаһарлы сұлтанның басын алатын жолы, Әлімнің аш бөрілеріне сүйеніп іс қылды. Нұралының Сыр бойынан жылжып кететіні де содан соң... Ал қарақалпақты қан қақсатып неше рет шауып алған Айшуақ сұлтан мен Ерәлі Әлім-Шөменге көз алартудан тайсақтайтын. Бір жағында Әбілқайыр әулеті, бір жағында орыс солдаттар, — Сырым батыр Жайық бойынан еріксіз ірге аударғанда, Сыр өңіріндегі Әлімге келіп еді. Алдынан ел кетіп, соңына жау түсіп сасқан кезде Қаратай сұлтан да Сыр Шектісіне келіп, ат тізгінін сұрады...

Сөйткен Әлім-Шөмен бүгін тозып кетіп отыр. Ардақты ері Жанқожа ата қонысынан безіп, Төртқараны сағалап жүрсе, тозғаны емей немене? Хиуа ханы Аллақұл Сыр бойынан қамал салдырып, желкеге мініп алды. Атадан қалған салт, Әлім-Шөмен Жәдік әулетінің шашпауын көтеріп келіп еді. Хиуа тағына мініп, ығылым елге әмірін жүргізген Қайып хан Әлім ішінде жаз жайлайтын. Оның салтын баласы Әбілғазы да ұстады. Орысқа үрке қарайтын қара қазақ, онда Хиуа хандығына бүйрегі бұрады, Әбілғазыны тонның ішкі бауындай жақын керетін. Ол көз жұмған күні баласы Арынғазы сұлтанды хан көтергені де сондықтан...

Ол кезде ненің мәнісін біліп жатырмыз, Арынғазыны қатал деп жүрдік. Елді бір уысқа жинап, қысыңқырап жібергені де рас. Бірақ, аңдыған дұшпанға айбар еді. Хиуа бетке пана болды, Қызылқұмға аяғын аттап бастырған жоқ. Тентекті тыйып ұстағаны, елдің тыныштығын ойлаған шығар... Оның есесіне халықтың ауызбіршілігі күшейді. Оның түбіне жеткенде, орыс та содан қорықты ғой. Әбілқайыр тұқымының айтағына ерді. Есіл ердің көзін асырып, Итжеккенге айдатып жіберді...

Әбілқайыр әулеті азғындады. Шерғазының баласы Жанғазы Әлім-Шөменнің тағына таласып, қылықты көрсеткен жоқ па? Қазір Хиуаның қарғылы төбетіне айналыпты. Хан болғандағы сиқы, қазағын — қалың елін қосылып талап отыр...

Енді біреуі Баймағамбет сұлтан, күн ашықта мойнында, күн жауғанда қойныңда... Өзі Хиуаның озбырлығынан тұралап отырған елден, орыстың пайдасына алым-салық сұрап қодыраңдайды. Орыс бодан қылғысы келеді екен, Сыр бойынан хиуалық кәззаптарды неге қуып тастамайды? Аллақұл ханның қылышы өткір, одан орыс та сескеніп отыр. Қара қазақ солай түсінетін еді...

Бұл кезде орыс тағының жас әміршісі Николайдың бар назары Кавказға ауғанын қазақ, білмейді. Шәмілдің туы астына жиналған жауынгер тау халықтарының қатал қарсылығынан қол босамай жатқан. Қазақ даласындай емес, Кавказ бай өлке... Әрі аржағында орыс патшалығының ежелгі дұшпаны түріктер мен парсылар жақын... Орта Азияны бағындырғысы келсе, Николайға Кавказдағы армиясының үштен бірі де жетер еді. Бірақ ең әуелі қауіпті жақтағы жауын жайғастырып алуы керек. Әйтпесе, күндердің күнінде бір бүйірден сап етіп опық жегізуі кәдік...

Стратегияның ондай-ондай құйтырқысына қарапайым ойлайтын қазақ билерінің ақылы жете бермейді. Орыстың қимылсыз жатқан түріне қарап, оны қорқақтықтың белгісіне жориды.

Айдаудағы Арынғазының қасына Жүсіп батыр келіпті. Сырым батырдың артында қалған жалғыз тұяқ.

— Әлім-Шөменмен жеті жыл дәмдес болып едім, жақсыларына сәлем айт. Хиуаның шапқыншылығына ұшыраған елді ойласам, ішкен асым тамағымнан жүрмейді. Бірақ, баста бұғау. — Жүсіп батырдан сәлем жолдап отырып, бір өтініш жасайды. — Балымның қасына бір-екеуі еріп, Николай патшаға арыз айтып келсе ғой. Сыр бойына Хорезм хандықтарының қамал салып жатқаны орыс патшалығын қобалжытпауы мүмкін емес. Қазақ сұлтандардың ішінде елдің басын қосып, Хиуаға қарсы қауқар жасай алатындай ешкім қалған жоқ. Ел болып өтініш жасаса, патша мені қайтарып қалуы кәдік. Николай Александр емес. Әрі қазір Әбілқайыр тұқымының қауқары қаншалықты екенін білгендей де болды ғой...

Жүсіп батыр осы сөзді айтып отырғанда, талайлар-ақ көзіне жас алды. Жанқожаның да тебе құйқасы шымырлайды.

Қазақ хан үстемдігін сирек мойындайды. Әсіресе құм сағалаған Әлім-Шөмен... Он төрт жасар Жанқожа Әбілғазы ханға ауыр-ауыр сез айтты. Сонда бала да болса, бес Шектінің айбарына сеніп айтты. Сол Жанқожа Әбілғазының баласын хан көтеретін жерде ақсақал-билердің кеңесінен сырт қалды... Сондағысы, Арынғазының әлгі бір қорлық сезді кешірмесіне шәк келтірген жоқ-ты. Жас әміршінің қаталдығы жайлы алып қашты хабар да дүрілдеп естіліп жатты... Бас сауғалауды ойлаған батыр Бохан тауына қарай жылжып кетті.

Соңғы төрт-бес жылдың бедерінде Жанқожа да талай қиындықты бастан кешкен. Ажал қатері төніп, қуғын көрді. Сырттан келген жау оның басын ез бауырының қолымен алдыра жаздаған жоқ па? Соны ойласа әлі күнге ет жүрегі тітіркейді. Қырық ру қазақ бір тудың астына жиналмай, түбі ел болып оңбайды екен.Жасанған жау үстіне келгенде, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарудың орнына, сатқын билер қанжығасына байланады... бәрінің ойлайтыны бас амандығы... Дұшпанның сеніміне кіріп, сол арқылы ел тізгінін ұстаудан дәметеді... Тізгін туған халқын алып жеу үшін керек. Раманқұл билеп, қара қазақты қай арманына жеткізеді? Қасқырға қой бақтырған аңқау шалдың кері келді. Қасқыр... аузы жынға тиген соң құтырынды...

Елді бір уысқа жинайтын діні мықты ер керек. Қырық ру қазақ қара бұқарадан шыққан жақсысын мойындаған емес. Хан тұқымына амал жоқ... атадан қалған дәстүр... Хан басын алса да шыдайды...

Хан тұқымын ауызға алғанда, бұл өлкенің білетін үшеуі — Әбілқайыр, Абылай, Жәдік сұлтан... Абылайды үш жүздің жақсысы хан көтеріпті деген атағы болмаса, Орта жүзден асып билік еткен жері жоқ. Ал Әбілқайыр тұқымынан ел жеріп шықты. Қара бұқарадан шыққан жақсы болса көре алмай, ел үстіне орыс әскерін шақырып, бәленің басын әуелі бастаған да солар еді... Байұлы мен Жетіру — екі арыс ел, Әбілқайыр ұрпағын алған жерде тіксіне бастайды. Жәңгір хан мен Айшуақ әулетіне орыстың мылтығынан қорқып бағынып отыр...

Хиуаның шашбауын көтерген Жанғазының кескіні анау. Ол да Әбілқайыр әулеті...

Абылай тұқымы болса, алты бақан алауыз... Қарқарадай болып Қасым тірі отырғанда, еркек кіндік құрығандай, Абылайдың тағына қатын отырыпты...

Жәдік сұлтан әулетінде артық туған Арынғазы еді. Әлі де хан тағына сол лайық...

Соңғы төрт-бес жылда көп толғанған Жанқожа өзі де осы қорытындыға келген.

Көтібардың сөзін құптады.

Балымның қасына Жүсіп батыр ереді. Петербургқа өзі де барып, жол керіп қайтты. Тағы да екі кісіні атады. Олар аттанғанда Саршатамыздың іші, қазір бас тоқсан ортасынан ауды. Бес айдың жүзі болды.

Соңғы бір айдың ішіндегі қыстың қамытшылығы мал баққан шаруаның есін шығарды. Екі қырдың астында отырған ауылмен хабарласудан қалған. Бұдан бір жарым ай бұрын опат болған Көтібардың жаманатын бүгін есітіп отырғаны мынау...

Жанқожа бүгін дастарқан басында тым тұйық отырды.

Төсекте де көпке шейін көз іле алған жоқ.

Қыста киіз үй салқын. Үйдегілер көрпенің астынан бір-бір тон жамылады. Ерлі-зайыпты екеуі төрт жасар Итжеместі ортасына алып жататын еді. Бала мазасыз, жиі ұйқысырап, көрпенің астынан балықтай тулап шығып кететіні бар.

Айбарша басы төсекке тиді-ақ ұйқыға кетеді. Пысылдаған дыбысы ғана естіледі. Батыр Итжеместің үстіндегі түйе жүн шекпенді жиі-жиі қымтап қойып, ояу жатыр. Көп қозғалған соң мазасы кетті ме, денесі тоңазиды.

Қазақ көрпенің мәнісін біле бермейді. Жабағы күпі мен қой терісі тонды бүркеніп, сыртынан бір текеметті айқара жамылып жата кететін ғой. Нұрымбет тұқымының салтына көрпе Айбаршаның жасауымен бірге кірді.

Жүн салып қабығанмен, көрпе де қымсау болып жарымайды екен-ау... Қайран құдықтың суына екі пісіріп алған қазақтың киізіне не жетеді... Батыр күрсінді.

Анда-санда осылай ұйқысы қашатыны бар. Туған жерден жырақ тартып, ағайын арасынан аулақ шығу оңай емес. Қатар-құрбы, дос-жолдастарын жиі аңсайтын болып жүр. Ер басына күн туса, етігімен су кешеді... Әкесінің асы да берілген жоқ... Елден безіп жүргені мынау...

Төртқара да ағайын. Ер жігіттің үш жұртының біреуі қайын жұрты екен. Бұл жақта Нұрымбет тұқымын хан көтереді. Ортасына келген соң туған — жиені Итжемеске біреуі ат енші қылды, біреу тай енші қылды. Бұрын дөңгеленіп қалған дәулет, бұл күнде қалпына келген. Жылқы саны жүзге тақады. Келесі түйеге толып отыр.

Бірақ ит тойған жеріне, ер туған жеріне... Сол ғана ойлантады. Жылдан-жылға Хиуа да қысымды күшейтіп, тынысты тарылтқан. Елді ойлайды.

Арынғазы... Апыр-ау, патшаға кеткен елшілер неге кешігіп жатыр. Ендігі қайтып оралатын кезі жеткен сияқты. Әлде оларға да Арынғазының керін келтіріп, әрі қарай айдап жіберді ме? Кәпірге сенбе, суға сүйенбе...

Адам көңіліне кәдік кіргенде, қай-қайдағы қауіп-қатер қаптап кетеді. Қайран Көтекем... Ол тірі тұрғанда, Жанқожа арқасын тамға сүйегендей еді. Қысылғанда тізгін ұшын беретін — жақсылар да азайып барады-ау. Батыр күйзеле түседі.

* * *

Ханым бастаған қазақ елшілері Петербургқа екі ай жүріп жетті. Арынғазы айдауда жүрген Калуга қаласы жолдан бір бүйір қалады екен. Жүсіптің кеңесіне тоқтаған жолаушылар онда бұрылған жоқ. Патшаның өзінен ұлықсат болмаған жерде жандармдар айдаудағы адамның қасына ешкімді жолатпайтын еді.

Россияға тереңдеп енген сайын, басқа қазақтардан ес кеткен, бәрінде де өң-түс жоқ. Жол көрген Жүсіп қана саспайды. Әрі он жылға жақын орыс арасында тұрып көргені бар, тілге де жүйрік еді.

Балымға осы ұзақ жолда әр өткен күні жылға татитындай, Петербургқа жеткенше асығады. Сұлтанын көрмегелі он екі жылдың жүзі болыпты, ендігі жақсылықтан күдер үзгендей, сымбатты дене қаншырдай қатып қалған. Бұрын дөңгеленіп көрінетін қызыл шырайлы жүзі, қазір ашаң тартқан, ақ сұр. Басынан бақыт құсы ұшып, жасы отызды орталаса да, ханымның ажары тайған жоқ-ты. Оның үстіне былтыр айдаудағы Жүсіп батыр келді. Сұлтанның аман екенін, айтқан сәлемін есіткенде, өлгені тіріліп, өшкен оты жанғандай, Балымның жүзіне қан жүгіріп шыға келген. Петербургқа жақындаған сайын, мұздаған қанға от жүгіріп, бұйығы жүрек алқына соғатындай. Е, өңір. көпір патшаның біз пақырға мейірімін түсіре гөр... Сапары сәтті болып, құдай әбүйір бергенде, сұлтанын ауылға қолынан жетелеп қайтса, төбесі көкке бір тиер еді-ау. Балым ұзақ түнде таң күзетіп, тәңірге жалбарынып шығады. Ал Арынғазы сұлтанның ең сүйікті дүниесі — домбырасы қоржында келе жатыр. Он екі жылдың бедерінде оның тиегіне бір пенденің саусағы тиген жоқ. Ханым да, домбыра да сары мейіздей қатып қалған.

Петербург— ғаламат үлкен шаһар. Осыдан бір жарым ай бұрын Орынборда болып, оның үлкендігіне таң қалып, таңдай қаққан жолаушылар Петербургті аралап келе жатып естері шықты. Төбесімен көк тіреген минареттер... алуан түрлі үйлер... Көшесінде ағылған халықтан көз сүрінеді. Өздері қалаға кешкілік жетіп еді. Биік бағаналардың ұшар басында самсап тұрған фонарларды көріп, ауыздарын ашып, көздерін жұмды. Өздері тәңірге күнде жалбарынып, бірақ бір көре алмай пұшайман болып жүрген қадір түндері осында — Петербургте алдарынан шықты. Ал биіктігі бірінен-бірі өткен минаpеттерге кездескен сайын бір елеңдейді. Патша сонда тұратын сияқты...

— Патша тұратын үйдің тұрпаты бөлек.

Жүсіп батыр оларға күле қарайды. — Бұлар деген не тәйірі. Мұнда қара шекпен байлар тұрады...

Қара бұқара халық мынадай үйде тұрғанда, патшаның жайы қандай болды екен!

Жүсіп сұрай-сұрай жүріп, бір татар саудагерінің үйін тапты. Сонау Орынборда әдірісін ала шыққан. Кен ауласы бар, үлкен жай. Билер өз үйіне келгендей, жағасы жайлау, төбесі қыстау, жатыр.

Келесі күні елең-алаңда тұрып көшеге шығып кеткен Жүсіп күн бата оралды. Қазақ орыс патшасының қай мекемесін біліп жатыр, анау айтып отырса, бармаған жері жоқ. Ертең ханым бастап келген қазақ, жақсылары бір төреге жолығулары керек. Соның жайын келісіп келіпті.

Жолаушылар қатты қобалжулы. Кәпір төрені қалай қарсы алатынын кім біліпті. Патша ағзамға бұлардың аузы қашан жетеді? Қауіп-қатер көп еді.

Пәтерші татар саудагерінің білмейтін түкпірі жоқ. Жаяу қыбырлап жүріп, патша сарайына бір күнде жете қою киын екен. Жолаушылар екі пәуеске жалдады.

Кешеден бері көріп жүрген ғимараттары ойыншық екен. Нева дариясының жағасындағы патша сарайы құданың құдіретімен орнағандай. Төбесіне қарасаң, басындағы тымағың түседі. Үй кірпіш емес, өңшең әйнектен құрастырылғандай еді. Терезелерге көздері шағылысады. Аспандағы жұлдызға кез болып, санына жете алмай ақылы дал болғаннан бетер, қонақтар тамсанып тұр.

Екі иығын оқалап тастаған, омырауы сап-сары ала орыс төресінің алдына барғанда бәрінің де буындары қалтырайды. Бөлмесі де кең, анау-мынау ауылдың қотанына бергісіз екен. Үстелінің ұзындығы есік пен тердей, үстіне жапқаны масаты ма, мауыты-мақпал ма, қазақ баласы біліп болмайды. Көздің жауын алып тұр.

Бұлардың ішінде Жүсіп қана көсіліп сөйлейді. Орысша сөйлейді. Өзіне сонысы жарасқандай да екен. Қоңыр үні бір әуенмен құлақ күйін келтіреді. Бәрі де негізден шығады-ау. Сырым батыр сөйлеп кеткенде, естіген қазақ сілтідей тынып тыңдайды екен дейтін. Хан тұқымы ақсүйектерді, қайтарып уәж айтуға келтірмей, талай жіпсіз байлаған ғой. Одан туған Жүсіптің түрі мынау, орыс жанаралының ауызын аштырмай, суырылып тұр...

Қазақтардың аңдығаны төренің жүзі, Жүсіп Арынғазының ханымын таныстырғанда, ерекше ілтифат білдіргенін байқап қалды. Еңкейіп қолының ұшынан сүйді. Әйелдің қолынан сүйгізуі қазақ үшін ерсі. Бірақ бұл жерде ханымның қолы түгіл бетінен сүйгенде, мынауың қисық қой деуге дәрмен жоқ. Қайта орыс төресінің ықылас көрсеткеніне ырза болып, қазақтардың іші жылыды.

— Ханымның келгенін патша ағзамға хабарладық. Ертең қабылдайтын болып отыр. Қалған өтініштеріңіздің жауабын да сол жерде алатын боласыздар...

Жүсіп биенің бір сауымындай сөйлегенде, төре төрт-ақ ауыз сөзбен тұжырымын айтты. Патша ағзамның алдына қазақтардың барлығын топырлатып апарудың қажеті жоқ көрінеді. Ханымның қасына Жүсіп қана еретін болды.

Билер оны да көңілдеріне алған жоқ. Құтырғаннан құтылған. Патшаның алдына барғанда, шен тимес. Бәрінің айтатыны бір-ақ тілек, Арынғазының басына бостандық сұрайды ғой. Оны Жүсіп те жеткізер...

Өздерінің Петербургқа қарай аттанып бара жатқан сапары жайлы Орынбордың генерал-губернаторы граф Эссен жазған мәміле бұдан бір ай бұрын ұлы мәртебелі патша ағзамның қолына тигенін олар білген жоқ. Қазақтардың жолы оңай оңғарылып, императордың табалдырығында ұзақ күтіп жатып қалмағандары сондықтан еді.

Бар назары Кавказда — күштірек екі көршісі Персия мен Түркияның басқан қадамын бағып отырғанмен, Николай патша Орта Азия мен Қазақстан сахарасын да естен шығарған жоқ. Тау халықтарының табан тірескен қарсылығы тойтарылып, Шәмілдің қосынында жік шығып, мойнындағы бір міндеті жеңілдегендей. Енді Орта Азия... кең байтақ өлке... Онда Үндістанға қарай асатын ұлы керуен жолы жатыр... Орта Азия хандықтары Қоқан мен Хиуа орыс патшалығының сол ниетін аңғарып қалған сыңайы бар. Сыр бойын жағалай қамал салып, Арал теңізінің солтүстік бетінен алдын орап келе жатыр. Жол кесілді...

Әкесі Александр патша жәрдем қолын сұрап келген қазақ ханы Арынғазыны Калугаға жер аударыпты. Орынбордың шалағайгенерал-губернаторы, азулы Арынғазыдан гөрі, қолтығынан шықпайтын көнбіс әулет Әбілқайырдың балаларын қолдауды артық көрген. Ол мырзаларының, қол астындағы елді Хиуа хандығы жаулап алып жатқанда, қыңқ етіп дыбыс шығаpуға жарай алмай отырғандары мынау...

Хиуа мен Қоқан қазір қазақ сахарасының жел беті іспеттес. Он жерге ел іргесін берік ұстауға қабілеті жететін мықты билеуші керек. Ол — Арынғазы...

Патша ағзам Арынғазыны айдаудан босатуға бекініп отыр. Тек қазақ елінің елшілері келуіне қаратқан. Содан кейін алпыс шақырым жердегі Калугаға шапқыншы аттандырып, Арынғазы хан салтанатымен Петербургқа алдырады. Ханымның өзі де келе жатыр екен... Сахара халқы ақпейіл, көрсеткен қошеметті ұмытпайды... Әрі бұғаудан босатып, әрі Сырдарияның екі өңірінде мекендейтін қалың елге әмірші етіп қайтаратын болса, Арынғазы Николай патшаға өмір бойы қарыздар болып өтпек...

Император осылай пайымдайды.

Кең қоныш қазақ билерін қабылдап жатуды патша ағзам қажет деп тапқан жоқ. Ал жасы отыздың ішіндегі ханымның жөні бөлек еді. Алты мың шақырым алыс жерден ыстыққа күйіп, суыққа тоңып келіп отыр... Соны ойлағанда императордың есіне книягина Волконская түсті. Патшаға қарсы қол көтеріп қаһарға ұшыраған декабрист бүлікші князь Волконскийдің зайыбы... Сібірде тас қазып жатқан күйеуіне баратын болып ұлықсат сұрағанда патша сенген жоқ. Сол жақта біржола қалып қойыпты... Жұрт орыс әйелінің ерлігін аңыз қылып айтатын көрінеді. Оның ісіне император да тәнті. Бірақ ол орыс әйелі... Оқымысты әйел, бекзада...Тағы халықтың ортасынан шыққан мынау әйелдің мәдениетті қауымнан тәрбие алған бекзаданың өнегесін айнытпай қайталауы ғажап екен. Тілін білмейтін салты бөлек жат халықтың ортасына тәуекел етіп қалай келіп жүр...

Қызыл ала қанауыз көйлектің қос етегі жер сызады. Ханым оның сыртынан көк жібек қамзол киіпті. Өңірі мен етегіне алтын зер ұстап, үнді жібегінен тіктірген қамзол жарыққа шағылысып кезді қарықтырғандай. Камшат бөрік киіп, үстіне ақ жібек тоқыма шәліні бос тастапты. Далада аяз, ханымның суық сорған қуқыл жүзінде қызғылт толқын ойнайды. Ұзын кірпігі көлегейлеген қара көздері тұңғиық терең көрінді. Тіл қатқанда, қаймыжақтай жұқа ерінінде діріл білініп, қара қасының құйрығын тартып-тартып қалған. Жол сапар жүйкесіне тиген. Толқып тұр. Кенет ол бейкүнә нәрестеге ұқсап кеткендей. Ханымның бір сөзіне де түсінген жоқ. Патша ағзамның бар аңғарғаны, осы сарыторы әйелдің, дала аруының ажары — Петербургтің маңдай алды сұлуларымен салыстыруға болатындай екен. Жас император әйелдің сұлу сымбатына айрықша мән беретін. Орнынан еріксіз түрегеліп, ханымның ақ сүйрік саусағының ұшына ернін тигізді. Қолғап кию салтында жоқ, тағы халықтан шыққан әйелдің қолы мақтадай жұп-жұмсақ көрінді. Қақаған аязда ып-ыстық күйіп тұр. Мұрнына саумал иісі келгендей болды.

Жүсіп батырға төрт-бес сұрақ қойды. Сыр бойындағы қазақтардың. хал-жайын білгісі келеді екен. Жүсіп Хиуа мен Қоқанды бір мемлекетке есептейді. Екеуі де қара қазақты тонап жатыр. Халық қобалжулы. Бірақ ел бастайтын адам жоқ... Солай орағытып, бірте-бірте Арынғазыға келді, ханның кіріптар жағдайын ауызға алды. Ол билік құрып тұрған заманда Хиуа сыпайы Қызылқұмнан бері қарай аттап баспағанын айтты.

— Арынғазы ханға кешірім берілді. Бүгін Калугаға хабаршы аттандырылады. Хан бес күннен кейін Петербургте болады.

Балым орыс тілінде әліпті таяқ деп білмесе де, патшаның не айтып тұрғанын түсінді. Әуелі Арынғазының, одан кейін ол жүрген қаланын аты аталды. Жүйрік көңіл үшін сол да жетіп жатыр еді. Ханымның қарақат көзінен бір тамшы жас ыршып шықты.

Бес күннен кейін сұлтаны қолына тиеді...

Қазақтар хан иесін күтіп алудың қамына кірісіп жатыр. Ноғай саудагерге ақшаны аямай беріп, сойыстыққа ту бие әзірлетті.

Балым сұлтаны киетін асыл киімдерді шығарды. Айдауда адам қайбір жетісіп жүр дейсің. Он екі жыл... ендігі азып-тозып бітті ғой... Ағаш көркі жапырақ, адам көркі шүберек... Дұшпан аяққа қарайды. Киімдерінің дайын тұрғаны абзал.

Бірдеңені күткен кезде, күн қандай ұзақ. Бес күн Балым үшін бес жылға татығандай.

Соңғы күн. Жүсіп батырдың күндегі әдеті, күнұзын патша сарайын жағалайды. Бүгін көп айналмай қайтып оралды. Батырдың түсі әлем-тапырық еді.

— Хан осыдан үш күн бұрын қайтыс болыпты...

Қасындағы серіктерін оңаша шығарып алып, есітіп келген жаманат хабарын айтты.

Балымға естіртуге бір адам бата алған жоқ.

Қазақтар ертеңіне Калугаға сапар шекті. Патша ағзам Арынғазыға сол жақтан кездесіп, әрі қарай алып кетуге қосыпты. Қыстың кезі қырау, жол ауыр... соны ескерген...

Калугаға сол күні түнделетіп жетті.

Арынғазы соңғы бес жылда бір ноғай саудагерінің үйінде тұрып келген екен. Жолбасшы орыс жандармы сонда әкеліп түсірді.

Қаза осы арада естіртілді. Қаперінде түк жоқ, қуанып келе жатқан Балым талып қалды. Бір күннің ішінде басына ауыр қасірет түсті. Бір түннің ішінде қара шашы аппақ қудай болып шыққан. Қазақтар жағасын ұстады.

Татар саудагер қалада он шақты үй мұсылмандар бар екенін, Арынғазыны ақ жуып арулап, мұсылманша қойғандарын айтты. Ханымның құлағы түк есітпейді. Калугада болған үш күннің ішінде үш ауыз сөз айтқан жоқ. Әйел жаны нәзік. Аңсап келіп еді. Жалындаған жар құшағына бір суық суды ақтаpa салғандай. Балым қасіретті көтере алған жоқ. Есінен адасыпты байғұс.

Ханның тойына арнап алынған ту бие қазасына сойылды.

Жүсіп батыр жаназасын қайта шығартты. Бір ойы сүйекті алып қайтқысы да келеді. Бірақ серіктері қыңыр тартып отыр. Айшылық ауыр жол. Қоңыр күз, күн жылы. Өлі мүрдені жолда шірітіп алып, масқара болудың қажеті жоқ...

— Аманат деп тастап кетіңдер. Кейін келіп алып кетулеріңе болады. — Татар саудагер шариғат айтты.

Аманат деп қалдырғанмен, Арынғазының артынан іздеп келіп алып кете қоятындай ешкімі жоқ еді. Балымның кескіні мынау. Жүсіп бәрін де түсініп тұр. Бірақ аманат айту көңілге дәтке қуат секілді. Саудагердің айтуы бойынша жол-жобасын жасады.

Балым сол қалпы түзелген жоқ. Ұзақ жолдың бойында бір ауыз тіл қатпаған күйі елге жетті.

Онда бас тоқсанның басы еді. Қыс қамытшылық. Арынғазының қазасы туралы жаманат хабар Көтібардан көп кейін, қыс ортасына таман бірте-бірте тарады.

* * *

Арынғазының жаманатын Хиуаға Қожанияз жеткізді. Аллақұл хан Сыр бойындағы бажбанын қыстың көзі қырауда Хиуаға шақыртыпты. Қожанияздың іші кіпі алды. Хан шақырса, қарашада шара жоқ, келіп отыр.

Қазақ даласындағы жалғыз бажбан, хан сарайына екі айда бір шапқыншы аттандырады. Қазақтардың ахуалы, алым-салықтың жағдайы, қамал құрылысындағы жұмыстың барысы, бәрі де хат арқылы мәлімделіп тұратын еді.

Аллақұлдың бұл жолғы сұрағы қазақтардың хал-ақуалынан басталды. Хиуа сарбаздары Сыр бойында орын тепкелі төрт жылға қарап барады екен. Ең әуелі Жанқожа батыр көшті. Былтыр Әлімнің тағы бір аталығы қарасақалдар Мұғалжар тауына қарай ығысыпты. Төртқара бастан іргесін аулақ салып еді. Әлі баяғы қалпы, Хиуаның қолтығынан кіретін ниеті байқалмайды... Солай бастап келіп, хан Қабақ Көтібар батырды ауызға алды. Оның да Хиуаға сыртын берген түрі бар. Өткен жаз алым-салық жинауға барған мектерді тұтқындатып, орыстардың қолына тапсырыпты. Аллақұл Арынғазының қатыны Петербургқа кеткенін де біліп отыр. Бұл жұмысты Көтібар ойластырғанына шәк келтірмейді.

Аллақұл Көтібардың да, Арынғазы сұлтанның да қайтыс болғанын осы жерде есітті.

Қызметіне кір келтіретін кейбір жаңалықтарды Қожанияз бүгіп қалуға тырысатын. Қамалды хан сарайына хат жолдап жататын тағы біреу бар екенін білмейді. Хан қазір сол "біреудің» Қарадуанның сөзін алдына тартып отыр.

— Төртқаралар аржағында орыс қамалына жақын отырған ел. Оны қоқан-лоққымен қорқыта қою қиын. Қарасақалдарға да қолтығына су бүркіп, Хиуа қоластынан көшіріп отырған солар. Оны керген соң ежелгі тентек Көтібар да нілдей бұзылды.

Қожанияздың жауабы дайын еді, мүдірген жоқ.

— Енді мынау Көтібардың өлімі, Арынғазының қазасы келіп отыр... Қыр Шектісі тулағанда қайда барады?

— Шынымен солай ойлайсың ба? — Аллақұл сәл ойланды. — Ендеше жазға қарай Қыр Шектісіне төбе көсетіп қайтсаң қайтеді? Ондай оңай құрық алып кететін елді құр-құрлай ұстау керек болар. Ал Төртқараға Бекарыстан биді сал. Оны Әлім ішінде беделді деседі ғой...

Осының бәрін Аллақұл қайдан біле беретініне Қожанияз шынымен таңырқады. Қамалда бәрін жеткізіп отырған біреу бар ғой... Қарадуан жайлы кәдік көңіліне бірінші рет кірді.

— Төртқара алдағанға көне қоймас. Өйткені белгілі бүлікші Жанқожа сол Төртқараның ішінде жүр. Төртқараға күйеу. Ол жақтағы Әлім Жанқожаның қабағын бағады.

Қарадуан ханның атына жолдаған хаттарында, Қожанияздың жеке басына байланысты да талай деректер келтірген. Бажбан қазақ ауылдарынан жиналған есепсіз алым-салықтың үлкен бөлігін бас пайдасына қымқырып қалатын көрінеді. Аллақұл хан жасырын тексертіп көрді. Үй санына шаққанда, зекетке жиналған малдың ұзын жобасы түгел... Қамал құрылысы бар, екі жүз сыпайдың шығыны бар, оған он шақты әкімдердің жалақысы қосылады... Алым-салықтың үштен бір үлесі Қожанияздың қолында қалатыны рас... Қарадуанның айтуынша, бажбан молырақ қамтып қалатын сияқты. Сонда қалай? Кейбір ауылдардан зекетті еселеп жинататын болғаны ғой... Бірақ онда тұрған еш жамандық жоқ. Есектің жүгі жеңіл болса жатаған келеді. Қазақты тізені батырыңқырап ұстағанды ханның өзі де жек көрмейді...

Бірақ, қамал құрылысы... Қазағы бар, қарақалпағы бар, алты ай жазда үш-төрт жүз жігіт тынымсыз қимылдайды... Сонда бітпей жатыр... Зекеттен үлкен үлес дәметкенде де, Қожанияз қамал құрылысын сылтау қылады. Әдейі сол үшін кешіктіріп, сөзбұйдаға салып жүрмесін...

— Алғашқы жылы қамал деген аты, жеркепеде тұрдық. Екі күз сыпайға жататын үй керек. Қамал әкімшілігін орналастыратын мекен-жай керек. Қамалдың құр сұлбасы, соңғы екі жыл үй құрылысынан қолды босатпады.

Қожанияз бұл жерден де ілдірмей кетті. — Құдай қаласа, биыл жаз бітеді. Дуалдары биіктетіліп, айнала оры тереңдетіледі...

Осыдан кейін кеңес жайбарақат арнаға түскен. Қожанияз шым-шымдап арыз-шағымдарын айта бастады. Әлгіде хан сарайынан шыққан түтіннің қалай қарай шалқитынын аңғарып қалған. Басқан қадамын андып отырған жымысқы біреу бар екені анық. Өзі де Қарадуаннан сезікті еді. Онан басқа тереңмен ойлап, із кесе қоятын адамның иінін көре алмай отыр. Сондықтан еруліге қарулы көмекшісін даттап қалуға асықты.

Сыр бойындағы елде ең қауіпті жау Жанқожа еді. Соны қуа кеткен Қарадуан кешірілмес күнә жасады. Раманқұл биге туған інісін аттырыпты. Алыстағы қазақ ауылдарын шошытып отырғанда, Қарадуанның осындай қаталдығы...

— Қожанияз мырза, жат елдің арасында хиуалық екі бек зәуімен дәмдес болған екенсіңдер. Көмекшіңді жамандағаның қиянат емес пе? Атса ағасы, өлген даладағы қаймана қазақ қой. Кейде солай көзін қорқытып қойған да оңды болар.

— Онсыз да Сыр бойындағы ел бір-бірлеп іргесін аулақ салып жатқанын көріп отырсыз. Момын тайпаларды орынсыз үркітудің қажеті бола қояр ма екен?

— Осы Раманқұлдың інісінен бұрын да бір қазақтың басы алынған жоқ па еді?

Балпанның өлімін ескертіп отырғаны анық еді. Қожанияз ытырынды.

— Оны өлтірмеске болмады, тақсыр. Балпанға ешқандай айып тағылмай-ақ басын алдырғаны кенет есіне түсіп, Қожанияздың жүзі қуқыл тартты. — Ол қазақ Ақиректегі тыңшымыз Әбілсейіттің көрсетуімен өлтірілген, — деді содан соң.

— Бірақ кінәсін мойнына қойып отырып жазалауың керек еді. Меніңше, Раманқұлдың кінәсі бар. Жанқожамен туыс екен. Бүлікшінің ерте қамданып, бой тасалауға үлгіргені соның әрекеті болуы да мүмкін! — Хан түсін суытты.

— Егер сенімсіз адамымыз Раманқұл болса, онда қазақ арасында кімге сүйенуіміз керек екенін білмей отырмын, тақсыр. Қожанияз мүдіре түсті. — Әлгі басы алынған қазақ болса, оның жөні басқа. Әбілсейітті танып қойыпты. Қазақ арасындағы жалғыз жансызымыздың басы қатерде тұрғанда, оны тірі ұстау қылмыс болар еді. Өлім жазасына амалсыз бұйыруға тура келді, тақсыр.

— Артынан Әбілсейіттің өзі де жоғалды ғой...

— Бар бәле сол қазақтың туыстарынан келді!

— Сол азаматымыз жалғыз Хиуа емес, Қоқан ханына да қызмет етіп жүрген жоқ па екен? Әбілсейіт шайқыны айтам...

Бұл Қожанияздың қаперінде жоқ кәдік еді. Өзі жансыз болған соң, онда иман-отан да жоқ. Бір мезгілде екі қожаға қызметін өткізіп, есебін тауып екі асап жүруі де ықтимал-ау... Қожанияз аңтарылып қалыпты.

Хан оны ойластырған. Әбілсейіттің үйіне бақылау қойылғалы үш жыл. Соны айтты.

Бірақ із-түзі шықпастан барады. Оның Хиуаға қызмет етіп жүргенін Қоқан ханы да біледі. Бар қоймасын актарып болған соң, шошқаның басын алдырған...

Ханның әңгімесі сол жерден үзілді. Есік ашылып, қызметші жігіт бір қырындап тұра қалды.

— Жанғазы сұлтан келді ме?

— Күтіп отыр, тақсыр...

— Кірсін!

Жанғазының есімін есіткенде, Қожанияздың жүзі сұрланды. Бәсе! Аллақұл хан Сыр өңіріндегі қазақтардың арасындағы бір жағдайды бес саусақтай біліп отыр еді-ау. Қожанияздың кеудесінде мың шайтан ойнақ салғандай. Енді Қарадуан жайына қалып, Жанғазыдан кәдіктенді.

Қазақ ішіне елші аттандырылатын жолы ханның алдында бір сұрақ тұрды. Көшпелі халық қарақалпақ емес, көңілінен шықпаған күні сыртын береді... Оны ханнан қарауыл қойып ұстаған сенімдірек сияқты. Ал Хиуаның базарынан Әбілқайыр ғана емес, Жәдік сұлтан әулетін де он-ондап табуға болады. Қаңғып жүрген Абылай хан тұқымы да кездеседі. Аллақұлдың бір бүйірінде Жанғазы сұлтанның есімі, кеңесшілеріне ақыл салды.

Сонда қауіп айтқан бектерінің бірі Қожанияз еді. Хан тұқымына сенім жоқ. Ел тізгінін ұстағанша ғана, одан әрі қойдан шыққан қойшыдан таяғын сырттан сұрайды...

Хиуа сарайы қазақ ішіне Жанғазыны хан сайлағалы жатқаны жайлы хабарды Қожанияз күздікүні есітті. Шындыққа шыққаны ғой...

Жанғазы сұлтан көп күттірген жоқ. Екі жағына пышақ жанығандай қара сұр кісі. Жасы елуге тақап қалса да, шашы қап-қара күйі еді. Ханның алдында құлдық ұрып сыр бермей, қолын төсіне қойып, бас иді. Төре тұқымы бағасын түсіргісі келмейді ғой... Қожанияз ханның үстіне кіріп келе жатқанда, қылмысты адамнан бетер берекеті кетіп болатын өз мінезін еске алды. Қайран, Мұхаммед Рахим хан... Екеуі қатар өсті. Оның тұсында Қожанияз да кердең басатын. Сыр мінез адамның орны бөлек екен-ау...

— Жанғазы төре, демалыс жақсы болып жатыр ма? Қожанияз әккі ханның сұрағына қарап, Жанғазы Хиуада қатқалы кәп уақыт өткенін аңғарды.

— Тәңірінің қолдауымен, сіздің астанаңызда демалыс неге жаман өтсін, тақсыр.

— Ат-көлік тыныққан шығар?

— Шабыс тілеп, ауыздығын шайнап тұр...

— Аттануға асығып отыр екенсің ғой, төре!... Қожанияз бұлардың астарлап айтқан сөзінен ештеңе түсініп жарытқан жоқ. Жанғазы қайда асығады, қайда аттанады? Қазақ арасы, Сыр бойы... Онда алынбай жатқан жау жоқ еді ғой. Сол ғой... Аллақұл Шерғазының баласын хан сайлағалы отыр. Бұл ана жақта елді алған, Еділді алған адам сияқты талтаңдап жүргенде, сұм төре өтірік күліп жүріп-ақ аяғының астынан ор қазыпты. Беті жабық терең ор ойылуға жақын... сәл қате басса болды, Қожанияз күмбір-самбыр құлайды!..

Жоқ, оған жол бермеу керек!

— Қожанияз мырза!

Ау, мынау алдиярдың дауысы ғой. Тісінің арасынан сыздықтай сөйлейді. Бұл ашулы отырғанының белгісі. Қожанияз өзіне келгенде селк етті.

— Алдияр!

...Мен саған айтып отырмын, Қожанияз мырза, — дегенде Аллақұлдың қабағында сыз білінді. — Жанғазы сұлтан атасы Әбілқайырдың жолын ұстайды. Сырдарияның екі өңірін жайлайтын ығылым елдің тізгінін ұстатып отырмын. Хиуа хандығына адал екеніне ант берді. Сұлтан астанасын Жанкент қаласына орнатады. Ескі қаладағы сәулетті сарайлар ендігі құлап бітті. Соны жөндетуге өзің қол ұшын бересің. Үй тұрғызудың шебері қарақалпақтар бар еді ғой, тәуір-тәуір үш-төртеуін Жанкентке, сұлтанның қарамағына жібер!

Аллақұл хан оның бәрін күздікүні-ақ шешіп қойған. Қырдағы Әлім-Шөменнің азулы билері орыс патшасына елші аттандырып, Арынғазыны босатып алудың әрекетіне шындап кірісіпті. Қазақ сырттан келген басқыншыдан гөрі, өз сұлтандарының өкімін оңай мойындайды. Арынғазы оралса, қапы ұрып қалуы кәдік. Онсыз да Әлім-Шөмен іргесін бірте-бірте аулақ салып жатыр. Хиуаны сағалап жүрген Әбілқайыр тұқымын Аллақұл жедел шақыртып алды. Хан сайлау шешімі сарай кеңесінде оңаша еткен. Енді Жанғазыны қазақ арасына апарып, хан сайлау рәсімін жасау қалған.

Биыл күзге қарай қамалдағы құрылыс ісі толық аяқталады. Содан кейін қарақалпақ шеберлері ауылдарына қайтарылады. Қожанияз ханның атынан уәде беріп қойған. Бұл жерде ол шындықты айтуға батылы барған жоқ.

— Жанғазы сұлтан құрық алып қашып, бағынбай жүрген аталықтармен өзі сөйлеседі. Саған бұйыратыным, бұдан былай қарай сұлтанның ішкі ісіне көп араласпауың керек. Ондай әрекет ханның беделін түсіреді. Сен менің Сыр бойы қазақтары арасындағы сенімді өкілімсің. Ханның қазынасына тиісті алым-салықты, ұшыр мен зекетті жинатасың. Сыр өңіріндегі біздің иеліктеріміздің амандығына, ендігі жерде Жанғазы сұлтан екеуін. бірдей жауап беретін боласыңдар. Қарауындағы сыпайлардың жартысын Хиуаға қайтар. Қазір қазақ іші тыныштық, сенің қажетіңе екі жүз сыпай жетіп артылып жатыр. Жанғазы сұлтан да қарап жатпас, оған тілектес рулар көп. Содан жігіт жинап, Жанкент қаласында жүз сарбаз ұстайды...

Пәлі, бір Әлім-Шөменнің ішінде сонда екі мемлекет орнағаны ғой. Бас-басыңа би болсаң, Манартауға сыймассың! Енді соның кері келген шығар. Алдиярдың мұнысына жол болсын. Тізгінді Жанғазы сұлтан ұстайды екен, онда Қожанияз қой қырқа ма?...

Аллақұл хан бір мемлекеттің ішінде тағы бір мемлекет ашқанда, ойы әріректе еді. Жанғазы сұлтанның беделін пайдаланып, сырттап жүрген ауылдарды Хиуаның бауырына тартады. Әрі қазақ даласындағы даласындағы екі билеуші Жанғазы мен Қожанияз бір-біріне бақташы болады. Қожанияздың бар қимылы қазақ ханының көз алдында, бұрынғыдай алым-салықтан молырақ қамтып қалудың жолы тарылады. Зәуде бір жамандығына бағып, Жанғазы сұлтан құрық алып кететіндей болса, Қожанияз қамалындағы екі жүз сыпай іргесінде тұр, оған жол бермейді...

— Құп тақсыр. Қожанияздың шарасы құрыған, қолын төсіне қойып орнынан тұрды.

Жанғазы сұлтанға көзі түсіп еді, бір езуінен мысқылдай күліп тұр екен.

* * *

Көктем туып, жер аяғы кеңіді.

Қазақтар "Бабажан қамалы" деп жүр. Қарақалпақтар Қожанияз қамалы" деп атайды... Бұл күндері Хиуа хандығының Сыр бойындағы бекінісі бітуге жақындап қалған. Қожанияздың хан алдында дабырайтып айтқанындай алты аршын болмаса да, дуалының биіктігі екі адамның бойындай бар. Осы балшық дуал биіктеген сайын, айналасындағы кісі бойы ор да тереңдей түседі. Еріншек Томан басын шайқап тұр.

Бұны осынша өсіре беріп әкесінің құны кетті ме екен? Орының түрі жаман. Әлі бұл қамалға келген адамдар орға түсіп өлетін шығар...

Жаманқұл алғашқы екі жылда, ауылда қамалдың қара жұмысына жіберетін адамның реті болмай, жама ағайындарынан жігіт жалдап жүрді. Биыл ақысын ауырсынып отыр. Қара жұмысқа жалданған жігітке бір жылда төрт ірі қара керек еді. Үш ағайынды Таңсыққожа балалары әлі енші алысқан жоқ. Көгендегі қозыдан біреуі кеміген күні ішкен асы бойына сіңбейтін Томан ақыры шыдамады. Қара жұмысқа өзі шықты.

— Мұның ішіне мен білсем егін егетін шығар, — деді Қаракесек жігіт.

— Соны да білмейсіңдер ме?

Бәлдір кетпеніне сүйеніп тұр. Жылда қамалдың жұмысына Жалбыр келетін еді. Ақысына бір-жар қара-құра алып, қыс соғымына жаратады. Биыл көктемде қарап отырмай, Ақиректің астына тары салған. Жалбыр кетсе, барлық жұмыс қараң қалады. Келмесе, қыста қарызға алып жеп қойған бір құнажын байтал қарызы бар... Ақыры жасы алпысқа келген Бәлдір "Бабажанның моласын" қазуға өзі келді.

— Мынау ор Бабажан ханның моласы. Оны әлі де тереңдете түспесе болмайды, жігіттер. Өйткені бір түссе қайтып шықпауға жақсы. — Тыңдап тұрғандардың даурыққан күлкісі Бәлдірдің арқасын қоздырды. — Мынауысын дуал деп жүрмісіңдер. Бабажанның басына салынып жатқан там ғой. Шайтан болмаса, ерте ме, кеш пе, бір өлетіні анық. Есі бар азамат емес пе, моласын көзі тірісінде салдырып жатыр.

Күлкі ұлғайды. Жұмыс қалған. Жігіттер отырған-отырған жерінде тастай салып, енді Бәлдірдің қасына жиналды.

— Раманқұлдың жағдайын есіткендерің бар ма? — Бәлдір жұрттың бетіне жағалай қарап алды. — Ол бек атанды ғой.

— Хан емес пе! — Бір Құрманай жігіт дау айтты.

— Бек. Бәлдір мойындап кетті. — Бек ханнан сәл кіші болады. Бірақ біздің бек Бабажаннан қалатын емес. Қамал... Астапыралла, мола екен ғой... Басына мола салдырып жатқан көрінеді. Нанбасаң мына туысынан сұра!

— Өзі де байып болыпты ғой. Бидің жылқысы Қызылдың кұмына сыймайды...

— Осы зекетке жиналған малды Раманқұлдың аулының үстіне иіреді ғой. Әр қора қойдан бір тоқты алып қала бергенде аз мал ма? Жегені желкесінен шыққыр!

Оны айтқан Қаракесек жігітке Құрманай шап етті.

— Раманқұлдың тоқты ұрлағанын көзің көріп пе еді?! Ауызыңа келгенді оттама!

— Әй, Раманқұлды айтқанға сенің не қимаң қышып тұр!

— Құрманай-Құттық бір тудық деп тұрған шығар...

— Раманқұл тумай туа шөксін!

— Сол сияқты Жәкемнің аулына сарттың әскерін құлатып ақыры антқа ұшырған жоқ па? Інісі Қожанды өз қолынан атты...

Қасында қарақалпақ жасауылы Шорабай өтіп бара жатыр еді, жолынан қалып, бері қайырылды. Дау болып жатқанын да білмейді. Жұмыс жайына қалып, жұрттың иіріліп отырғанын көрді. Ұрына кетуге себеп таппай жүрген Шорабай ондай-ондайды елестірмей өте алмайды. Бәрі ханның қазуы... Қырық рудан жиналған қазақ жігіттері... Оларға осындайда ақырып-жекіріп, әкімдігіңді бір көрсетіп қалғаныңның өзі не тұрады!? Анадайдан айқайды салып келе жатыр.

— Жұмыс тоқтап тұр. Сендер аяқтарыңды көсіліп салып отырсыңдар! Өңшең арамтамақтар! Бәрі ханның қазуы! Енелеріңді ұрып, қырып кетейін бе!

Шеттеу тұрған Томанды тартып жіберді.

— Ағажан! — Шорабайдың қамшысын бұрын да бір жеп кәріп, запы болған Томан бажалақтады. — Мен емес — анау!

— Аналар ғой...

— Анау...

Әлгі Рамамқұлдың жыртысын жыртып отырған Құрманай жігіт Қаракесекті көрсетті. Қаракесек Бәлдірді ұстап берді. Раманқұлды кім боқтады, Бабажанды кім келемеж қылды... айтылмай қалған қылмыс жоқ. Бірін-бірі бастырмалай түсіп, бірінен-бірі дауысын асыра керілдеседі. Бұл дауды Шорабайдың жыландай ысқырынған қамшысы әзер тарқатты.

— Мына Қаракесек пен Бәлдірді ханға апару керек!

Даудың көкесі енді басталды. Ханның аты аталғанда, әркімде кетпеніне жармасып еді. Қаракесек пен Бәлдірге ара түсетін бір пенде табылмады. Жылап-еңірегенде Шорабай құлағына да ілмейді. Біреудің азап тартқанын көрсе, құмары тарқап тұратын Шорабай ғой. Қаракесектің безектегенін көрген сайын, екі көзі жайнап, жаны кіріп барады.

— Жүр, жүр! Мен саған хан боқтағанды көрсетейін!

Бетіне қарап жалынса, басына қамшы тиеді. Сақалы сапсиған екі сорлы тал түсте жоқ бәлені сатып алып, Шорабайдың алдына түсті.

Бәлдірдің қаперіне түк кірмейді. Кісі өлтірген жоқ, біреудің қорасына түсіп мал ұрлаған жоқ... Қазақта қылмыстың үлкені сол екеуі. Бір ауыз қалжың сөз айтқан екен... Ауылда одан да зорын айтып жүрді. Бірақ хан боқтаған жоқ. Сақалды басымен кісі боқтап не көрініпті... Шындықты шындық деу керек... Оттай берсін Шорабай! Бәлдір ағаң Арынғазыға асылып жатқан қазаннан жамбас алып жеп, анталаған жасауылдардан айылын да жимаған... Жол бойы оның аузына тыным жоқ, хан сарайына да жетті.

Шорабай тұтқындарды қарауыл басыға апарды. Әрқайсысының қылмысын атап-атап айтып жатыр. Есіткендерінің үстіне еселей қосып, дабырайтып әкеткенде, қарауыл басы өзбек жігіттің көзі ұясынан шықты.

Тұтқындар қолдан-қолға өтіп, ақыры Қарадуанның алдына апарылды. Әркімнің алдынан босаған сайын айдаушылар да алмасады. Алмаспайтын жалғыз Шорабай. Сұмдық қылмыстың көзі тірі жалғыз куәсы да сол, одан басқа адам қиюын келтіріп айтып беруі де қиын еді.

Қарадуан асықпай тыңдап отыр. Қамалдың қабырғасы тұрғызыла бастағалы төртінші жаз... Жұмысшылар арасында наразылық білдіріп, күңкіл шығарған ешкім болған жоқ еді. Бүгін бір шайтан түрткен ғой... Таңырқап отыр.

Қаракесек шынын айтты. Бір қателік кетті. Раманқұлға тілі тигені рас... Құдай алжастырып...

— Жиырма бес дүре соғылсын!

Жасауылдар дедектетіп сүйреп барады.

Қаракесек Қарадуанға алғысын жаудыра-жаудыра есіктен шықты. Бас аман болса, бөрік табылады, жеген таяқ бойға құт... Дауасыз бәледен тірі құтылғаны олжа... Қазақ солай ойлайды.

Бәлдір бүлдірді.

— Жұртты әңгімеге айналдырып, жұмыстан қалдырып жүргем осы әжуа!

Шорабай Бәлдірдің анық не айтқанын білмейді. Әлгіде жұрттың жарыса сөйлеген сөзіне түсініп те жарытқан жоқ-ты.

— Жасы құрбы адам ғой деп, қалжыңдағаным рас еді.

Бәлдір ыржия күлгенде, екі езуі құлағына бір-ақ елі жетпей тұрды.

— Кімге қалжыңдап жүрсің?

— Кім болушы еді, өзіміздің Бабажан төре ғой, тәйірі. Бәлдірдің қаперінде түк жоқ, тағы да ыржиды. — Басқа жұртта не шаруам бар.

— Боқтапсың ғой! — Іші бірдеңеден кіпі алған Қарадуан түсін суытты.

— Әй, шырағым, басы-қасында жоқсың, адамды өйтіп күйдірме! Бәлдірдің жасы алпысқа келді, кісі боқтап көрген жері жоқ. Боғауыз бен жай қалжыңды айыра алмай, мені не қара басыпты? Өздері ғой, сұрап қоймайды... Қазып жатқан орды Бабажан ханның көрі десем жабыла күлгені...

Шорабайдың қуанғаны да, қорыққан да белгісіз, тілі күрмеліп, үні шықпай қалды. Әлгіде Бәлдірдің не айтқанын білгенде ғой... өзі-ақ соққыға жығатын еді. Қап!

— Бұл итті зынданға тастаңдар! Қарадуан қарғып тұрды. — Үкімін ханның өзі айтады!

Бұл оқиға Қожанияздың онсыз да қырыс қабақтанып отырған кезіне тура келді. Аллақұл ханның алдын көріп қайтқалы бектің көңіл хошы жоқ, сіркесі су көтермей жүргенін Қарадуан да байқайтын еді.

Бүгін-ертең қамалға Жанғазы сұлтан келуі керек. Бірінші төбе көрсетуі. Ақылдасатын шаруа бар екенін айтыпты. Қазақ даласындағы әкімшілік екі адамға бөлінді. Хиуа ханының бұл әрекетін Қожанияз өзіне жасалған қиянат деп ұғады. Аллақұл сыртынан қарауыл қойып отыр. Онан кейін жұмыста қандай берекет болады? Жанғазы Қожаниязды билей ме, Қожанияз Жанғазыны билей ме, оны ертеңгі болатын кеңес шешуі керек еді...

Қожанияз алдында күтіп тұрған сол талас-тартысты ойласа, жыны құрыстайды. Қырысқабақтанып отыр еді.

Осының үстіне Қарадуан келді. Көзінің құйрығында жымысқы күлкі. Екі қазақтың тұтқындалғанын айтты. Жұмысшылар арасында наразылық туғызып, жұмысты тоқтатыпты...

Қожанияз елеңдеді. Төрт жылдан бері дыбыс шығармаған қазақтар бүгін наразылық білдіретіні қалай? Жанғазы... сұлтанның қазақ ортасында хан сайлануы әр түрлі өсек-аяңға мұрындық болған... Бұл соның бір ұштығы...

— Ал?

— Біріншісі Раманқұлға тіл тигізген екен. Оған жиырма бес дүре бұйырылды.

— Аздау болған. Елу дүре соқтыру керек еді. Раманқұл бекке қыр көрсеткен адамның обалы жоқ!

Раманқұлға қыр көрсетіп жүрген сол адамдардың қатарында өзінің де бар екеніне Қарадуан шәк келтірген жоқ. Екіншісін айтарда түсі бұзылды.

— Екінші қазақ зынданда жатыр...

— Ол мүмкін Бәйділданы боқтаған шығар?

— Онан да сорақысы бар, тақсыр. Қазылып жатқан орды Қожанияздың көрі депті...

— Не депті!? — Қожанияз орнынан тұра берді. Төбесінен жай түскендей болды.

— Тақсыр, сіздің көріңіз депті. Қарадуан қайталаған сайын айызы қанып тұр. — Қамалдың қабырғасын мола, орды көрмейтін көрінеді. Сіздің керіңіз...

— Ол қазақ қайда?!

— Әлгіде айттым ғой, зынданда жатыр...

— Әкеліңдер мында! — Қожаниязды жын соққандай қалтыратып, аузынан түкірігі шашырады.

Қарадуан Бәлдірді келтіртті. Әлгі сөзінен танып шыға келе ме деп қауіптеніп тұр еді. Бәлдір баяғы қалпы екен, ыржия күліп есіктен кірді.

Қожанияз Бәлдірді бір жерде көргендей. Қайда көргенін есіне әзер деп түсірді. Алғашқы елшілікке келетін жолы ғой... Раманқұлдың үйінде... осы парықсыз қазақ оның алдын кесіп сөйлетпей қойып еді...

— Е, сен әлі тірі жүр екенсің ғой! Ал енді маған қазып қатқан көріңнің мәнісін ұғындыршы!

Әмірші бар салмағынан айрылып, орнынан тұра берді.

— Тақсыр, саған ойлаған қылдай қиянатым болса, мені қара жер жұтсын! Төбемнің тесігін көрмейін! Әншиін құрдас адам болған соң қалжыңдап...

Бұл Бәлдірдің Қожанияздан екі рет жұдырық жеп, ақылы кірген кезде айтқан жауабы. Дауасыз ақымақтың қисайып кеткен қиянатына, түк түйсіксіз жүзіне қарап тұрып Қарадуанның төбе құйқасы шымырлады.

— Әкетіңдер мына шошқаны! Дарға асылсын! Қақпаның қарсы алдыма, Жанғазы сұлтанның келе жатқан жолына асып қойыңдар! Көрсін бәрі! Қожаниязға көр қазғысы келіп жүрі емдердің қалай жазаланатынын білсін!

Қарадуанның жүрегі дір етті. Әлгі айтқан "көр қазушылардың" тізімінде өзі де бар екенін ұғып тұр.

Қас қарая жұмыстан қайтқан қазақтар шатыр-шатырға тарасады. Қақпаның алдында құрулы дар ағашын, екі аяғы салақтап асылып тұрған адамды Томан елдің алдымен көрді.

— Анаң қара! Адам асып қойыпты!

Өзінде өң-түс жоқ, артымен шегініп барады.

— Бәлдір ғой! — Қаракесек шошып кетті.

— Бәлдір!

— Алда қасқа-ай! Ажалы жеткен екен!

— Шорабай ақыры түбіне жетіп тынды!

— Бір жанға жазығы жоқ, ақ көкірек пақыр еді... — деді Қаракесек күрсініп.

— Бұл Шорабай ит көгермейді. Әлі көрерсіңдер, бәріміздің де түбімізге Шорабай жетеді! Ауыздарыңа уақып болыңдар.

Ту сырттарында бейтаныс біреудің салмақты даусы есітілгенде, қазақтар шошып кетті.

— Далада өсіп қамсыз жүрген қазақсыңдар ғой. Ей, сорлылар! Сарыарқада көшіп жүрген жоқсыңдар. Алдарындағының Хиуа қамалы екенін көріп тұрсыңдар ма? Мына дуалдан қорқыңдар. Оның әр уыс балшығында екі-екіден құлақ бар. Қазір айтқан сөзің Қарадуанға жетеді. Жеткізетін де өздерің. Әне бір туысың асылып тұрған жоқ па, көріп тұрсыңдар, сондағысы бір ауыз сөзі, аңғармай сөйлеген ауырмай еледі...

Бейтаныс жолаушы бүлкектеп желіп ұзап барады.

— Әй, әлгі кім болды?

— Білмедім...

— Қазақ па, сарт па?

— Тілі бір түрлілеу сияқты...

— Қыдыр болып жүрмесін! — деді Қаракесек, өзі діндар адам түсі боп-боз болып кетті. — Жазықсыз жапа шегіп жатқанымызды көріп, желеп-жебеп жүрген шығар...

Біреулер тілін кәлимаға келтірді.

Енді күні ертең-ақ Қыдыр көрген қазақ туралы аңыз бүкіл елге жайылады. Оны, әрине, Хиуа қамалына байланыстырып айтады. Қыдыр аян берген, енді ол қамал ұзақ өмір сүрмейді. Жұрттың солай даурығатынында сөз жоқ еді.

Қазақтар дар ағашына алыстан қарап, әлі тарай қоймай тұр.

Бейтаныс адамның Қыдырға үш қайнаса сорпасы қосылмайтынын Жайназар атты қарақалпақ батыры екенін білген жан жоқ, ұзақ даурығысты.

Iңіp қараңғысы қоюланып келе жатқан. Бір топ салт атты қамалдың қақпасына жақындап келіп қалған екен.

— Мынауысы дарға асылған адам ғой, әй! І

— Бәлдір!

Соңғы сөзді айтқан Бекарыстан еді. Үріккен атын шаужайлай түсіп, дардың қасына келді.

— Би, даусың қатты шықты, бұл туысың ба еді? — Жанғазы сұлтан сыңар езуінен күлді.

Бәлдірдің қай ру екенін білген қазақ жоқ. Бір жанға жазығы жоқ, сайқымазақ сорлы еді.

Дарда Бәлдір емес, өзі асулы тұрғаннан бетер Бекарыстанның жаны күйзелді. Кенет есіне осы Бәлдірдің ханға асылып жатқан қазаннан жамбас алып жеймін деп, бәлеге шатылған оқиғасы түскен. Бірақ ол жайында тіс жарып үндеген жоқ. — Алда пақыр-ай, сенің де күнің біткені ғой. Топырағың торқа болсын...

Жанғазы бұл істі Қожанияздың әдейі көрсетіп отырған і ыры деп білді. Аллақұл ханның бажбаны қазақ сұлтанының жүрегін шайып қоюды ойлап отыр...

Әбілқайыр ханның шөбересі Хиуадан оралғалы үш айдың жүзі өткен екен, ат үстінен әлі түскен жоқ. Жан-жаққа шапқыншы аттандырылды. Қарақ тауының баурайында, Жанғазы сұлтанның қыс қыстауы бар. Сол жерде отыз үй тіктіріп, .HI сайлауын өткізді. Әлімнің басқа аталықтарын былай қойғанда, Шекті билері де түгел емес, хан сайлауы бейшараның асына ұқсағандай еді. Жанғазы соған да шүкірлік етті.

Діттеген тілегі орындалды. Енді Жанкенттің үстінде Жанғазының көк ала туы желбірейді... Сонау бір жылдары онымен дәмдес болған билердің қуанышында шек келген жоқ. Әсіресе Қожамберді Бәйділда өркештеніп қалды.

Әлім-Шөмен әзір сыңар езулей тұрсын. Арынғазы өлді. Енді Жанғазының оң қолынан басқа ортағы жоқ. Бір жағынан Хиуа ханы да қол ұшын береді. Құрық алып қашып жүргендерді, құр-құрлап көндіретініне ханның сенімі берік...

Билер ақылдасты. Бұл Әбілқайырдың ізі ғой десті. Жанкенттегі хан сарайын қалпына келтіргелі жатыр екен... Оның Бабажанның сарайынан асып түскені жөн...

Қазір Асанға қараған ауылдардың билері жылу жинатып жатыр. Бәйділда өзі бас болып елу қой, екі жылқы қосыпты. Кішкененің басқа аталықтарына да адам салды. Әйдербектерге де жағдай айтты. Жанғазы түгел Әлім емес, бір Асанның еншісіне тигендей-ақ, әйтеуір сүрнігіп, жығылып жатыр.

Ханның есебі, Қожанияз қамалы ұзамай бітеді, шебер қарақалпақтардың қолы босауы керек еді. Аллақұлдың алдында солай келісілген. Бірақ көктем туғалы әлдеқашан. Қожанияз тарапынан хабар болмай кетті...

Туған ай тураған етпен бірдей. Жаз шықса, аржағында күз түседі. Соны ойлаған Жанғазы басты-басты билерді жинатты. Жанкент қамалындағы құрылыс үшін адам керек. Қырық-елу жігіт жинауды тапсырды. Қалған адамдарды Қожанияздан алуға дәмелі... Билерді қасына ертіп, бері қарай шыққан беті еді.

Жанғазының қаперінде түк қауіп жоқ, Қожанияз хан сарайында берген уәдесін қалай жұтады? Онда Аллақұл кешіре қоймас...

Кенет алдынан дарға асулы адам шыға келгенде, Жанғазының жүрегі мұздады. Хиуаның бажбаны өзіне тірек бола алмайтынын хан енді түсініп тұр. Бір қазақты дарға астырып қойып, Қожанияз мұның қабағын бағып отырмақ қой. Мүмкін солай тапсырған Аллақұлдың өзі шығар... Сұлтан қобалжыды. Әлгіде Бекарыстанға қарап сыңар езулей күлгенде сыр бермеудің қамы еді.

Сарайдың алдында Қарадуан қарсы алды.

— Тақсыр-ау, шапқыншы жібермегеніңіз қалай? Бүгін келе қояр деген ойда жоқ еді...

— Оқасы жоқ, бек. — Жанғазы аттан түсті. Көзі қыдырып Қожаниязды іздеп тұр. — Бажбан мырза ауылда шығар...

— Ауылда... — деп мүдіріп қалды Қарадуан, Қожанияздың атын қойып лауазымын айтқаны Жанғазының кеудесінде ірілік бар екенін байқатқандай еді.

— Бір үзірі болып төсекте жатыр...

— Е, сырқат екен ғой. — деді Бәйділда.

Оның қандай "үзір" екенін Жанғазы ғана түсінді.

Қожанияз расында үзір еді. Бүгінгі оқиға Бажбан мырзаны шын есеңгіретті. Бәлдір... қазақтың сасық ауыз шалы... алдында әмірші тұр деп именбейді. Салынып жатқан қамалды "көрің" деп бетіне айтты-ау... Хан сайлап алған қазақты енді бағындырып ұстап көр!

Қожанияздың кәрі сырқаты болатын. Дастарханға шарап қойылғанда екі көзі шырадай жанады. Хиуада жүрген кезінде апталап жатып ішкілікке салынатыны бар еді. Сыр бойына келген соң онысы сирексіді. Бір жағынан қазақ арасы... екінің бірі дұшпан... қауіп-қатер көп еді. Оның үстіне алғашқы жылдары жұмыс та бастан асты. Анда-санда Қарадуан қасында, сілтеп алғанда болмаса, бұрынғы ішкіліктің бірі жоқ...

Бүгін көрі жыны буып кетті де, күн батқанша сілтеді. Әуелі Қарадуанды серік қылған. Кешке қарай Жанғазы сұлтанның келетінін біліп отырған қу өзбек түске таман бір жұмысты сылтаураты табанын жалтыратты. Қожанияздың сарайын алыстан торып қойып, жасырынып отыр еді. Әміршісінің "үзірі" қаттырақ ұстайтын түрін байқаса, осылай қулыққа басатыны бұрын да бар. Қазақ сұлтанының сол ұрлықтың үстінен түскеніне қуанып тұр. Бақталас адам есіткен-білгенін жатқызбайды. Қожанияздың жаман атағы шыға бергені Қарадуан үшін теріс емес... Кім біледі, күндердің күнінде Жанғазымен істес болып қалуына тура келер. Хан әулеті сұлтанның сөзін жерде қалдырмайды. Қамалға жаңа әкім сайлайтын болса, алдымен Жанғазыға ойласады... Оның бір ауыз сөзі Қарадуанның тағдырын шешуі мүмкін...

Бек бейілді еді. Қонақтарды сарайға бастады.

* * *

Жанғазы сұлтанның қамалда жатқанын Қожанияз таңертең білді. Түндегі шараптың әсері тарқаған, бірақ мең-зең еді. Қарадуанды шақырып алып, түскі қонақасы қамын ойластыруды тапсырды. Әуелі жуынып-шайынып, өзін тәртіпке келтіріп алуы керек. Одан әрі сәскелік шай келеді. Қожанияз Самарханның көк шайын бабына келтіріп, ұзақ ішкенді жарататын.

Шайдан кейін қабағы жадырады.

Қарадуанды шақыртып алып, Жанғазы ханды ерітіп келуге і осты. Сұстана сөйлейді.

Бажбан күтпеген жерде ілтифат көрсетіп отыр. Жанғазы Жанкенттегі хан сарайының жайын еске салғанда, сөз қайтармай көне кетті.

— Қамалда бір жүздей қарақалпақ жігіті бар еді. Елу кісіні еліне қайтардық. Мұндағы мекен-жайлар салынып бітуге жақын. Арамтамақтарды босқа асырап отырамыз ба? Қожанияз мәймөңкеледі. — Жиырма шақты адам берейін. Бір айтатыным, қамалда азық-түлік жағы тапшы. Асырап бағу міндетін өзіңіз иласыз.

— Оған қарсылық жоқ. Тек қолынан іс келетін шеберлерінен қарастырыңыз...

— Біздегі қарақалпақтардың ішінде тәуір шеберден үш-ақ і ісі. Біреуін алыңыз...

— Алла разы болсын, мырза!

Астан кейін Әлім-Шөменнің хал-ақуалы сөз болды. Алыс жатқам Төртқара, былтыр көшкен Қарасақал ауылдары... Көптен қырыс қабақ болып кележатқан Қыр Шектісі...

Осы кезде Бәйділда сөз қосып, Раманкұлды жамандады. Алдыңғы жылы Құттықтың биі Қыр Шектісі мен Қарасақалдан алым-салықты еселеп өндіріп, жармысын өз бауырына басып қалыпты. Бір жүз жылқы, бір мың қойды Үргеніштің базарына айдатқанын көзімен көргендер бар... Көтібар мен Дабыл сол оқиғадан кейін шамданып жүр...

Қожанияз Бәйділда сөйлеп отырғанда қабағын түйді. Алым-салықты еселеп өндіртіп жатқан өзі... Қылмысты Раманқұлдың қолымен жасайды. Үргеніштің базарында сатылған малдан түскен ақша Бажбанның қазынасына құйылатын еді. Сонша олжадан Раманқұл мықтаса бір үйір жылқы пайда қылады. Сол үшін бар жаманатты бір қазақтар!

— Бейшара болған қазақтар! — деді Қожанияз бетін тыржитып. — Кит етсе, біріңді бірің жамандап шыға келесіңдер! Қоластындағы ауылдардан зекетті еселеп жинатпай жатқан қайсыларың барсыңдар, кәне? Бәйділда би, сен сөйлеші! Былтырғы зекеттен жеті жылқы, елу қойды қымқырып қалғаныңды өтірік деші! Бидің ол ұрлығын Раманқұл айтып келген, соны бетіне салық қылып, Бәйділданың аузын аштырмай қойды. Мынау Бекарыстанды қазақтар ақ софы көріп жүр. Былтыр бидің үйіріне шабдар айғыр мен құла жирен биенің қалай қосылғанын білсе екен-ау!...

Қожанияз бастырмалатып кеткенде, отырған билердің басы салбырады.

Бұл құпияны Қожанияз әлдеқашан білген. Бірақ үндемей шыдап жүрді. Күндердің күнінде қазақ билерін бір тосу үшін сақтап жүр еді. ЬІңғайы бүгін келді.

— Сол мың қой мен жүз жылқыны Раманқұл саттырды деп ойлайсыңдар ма?! — Қожанияздың дауысы қатая түсті. — Жоқ, мырзалар, оны Үргеніштің базарына айдатқан мен! Былтырдан бері қамалда екі үй салынды. Ор қазылып, дуалы биіктетіліп жатыр.

Дуалды айтқанда, бұрнағы күні Бәлдірдің сөзі есіне түсіп кеткен, бектің даусы шаңқ етті. — Төрт жылдан бері ханның қазынасынан бір ділда шығын шыққан жоқ. Қамалдың шығынына зекеттен жиналған малдың үштен бір үлесін қалдырып отыр. Оның бір бөлегін Үргеніштің базарына шығарып пұлдап аламыз. Сыпайлар мен әкімдердің жалақысын да содан төлейміз. Сендердің түрлерің мынау, сыртымыздан өсек жинастырып жүргендерің!

Ол алқынып тоқтады.

Қазақ билерінде үн жоқ, біржола жер болып қалған.

Жанғазы ғана маңқиып отыр.

Қарадуан кеше Раманқұлға ат шаптырып еді. Онсыз Бажбанның ішкен асы тамағынан өтпейтінін біледі. Құттықтың биі қонақасының аяқ жағына ілікті.

Раманқұл осының алдында ғана өзі туралы қандай сөз болғанын білген жоқ. Ал басқалар болса сыр бермеуге тырысады.

Жанғазы сұлтанның Қожаниязбен ақылдасатын тағы бір шаруасы бар еді. Соны айтты. Аллақұл хан оны Әлім-Шөменге әмірші етіп белгілеп отыр. Сұлтан оны өзі үшін зор мәртебе көретінін аңғартты. Бірақ Жанғазының қазақты жеке билеп, Хиуадан бөліп әкететін ойы жоқ. Әрқашан өзін Аллақұл ханның панасында ұстайды. Хан есебінде қандай әрекет жасайтын болса да, алдымен Қожаниязбен келісіп алып қимылдайды... Соны айтты.

Әлім-Шөмен деген аты, қазір жарым-жартысынан артығы Хиуа хандығының уысынан шығып кетіп отыр. Оларды бел күшке салып, үйіріп әкеліп, үйірге қосар дәрмен өзінде жоқ. Аржағында орыс қамалы тақау тұрғанда, түгел елге күш көрсету де қатерлі еді.

— Бір аптадан кейін Борсық құмында, Көтібардың жаз жайлауында батырдың жүзі берілетін көрінеді. Мұндағы Шектіге хабар тигелі он бес күн өтті...

— Жаназасында ағайын түгел болған жоқ. Қыс қамытшылық, бұл жақтағы елге хабар тимеді. Қырқын да солай елеусіз өткізіпті. Енді соның есесіне, ағайынды жүзіне түгел шақырып отыр, — деді Бәйділда ханның сөзін бөліп.

— Батырдың жүзін мезгілінен бір ай кешіктіріп беріп жатқаны да сондықтан...

— Екі есеп, бір есеп, батырдың орнына қол жою да керек еді. Жүзіне қатысқалы отырмын. Берісі Әлім-Шөмен түгел жиналады екен. — Жанғазы бір қозғалып қойды. — Ата әруағына сыйынып, бет беделді салып көремін...

Көтібар аулында былтыр бір жиын болып, онда орыс патшасына елші салып, Арынғазының басына бостандық сұрауға шешім қабылданады екен. Енді жүзіне Әлім-Шөмен тегіс шақырылады. Бұл да бір жасырын әрекеттің бастамасына ұқсайтын еді. Бірақ Қожанияз бұл қаупін айтқан жоқ. Көтібардың жүзіне мынау отырған билердің бәрі барады. Қазір аузыңнан шыққан сөз ертең дүйім елге жария болатыны анық. Одан да сол жиынға бір жансыз салу керек... Қожанияздың ойы соған тоқырады.

— Қасыңа белгілі-белгілі билердің бәрін де ерткенің мақұл болар, — деді Жанғазыға аңқаусырай қарап.

Бекарыстан мен Байшоқының, Бәйділданың есімі аталды.

Раманқұлдың үлкен бір шаруасы болып тұр екен. Сыр бойынан қыстау бастырып жатыр. Соны сылтауратты. Шындығы, бектің Қыр Шектісімен қабағы түзу емес. Бұрнағы жылы зекет жината барып, кейбір ауылдарға тізесі батыңқырап кеткен. Ол сырды отырғандардың қай-қайсысы да біледі, қыстай қойған жоқ.

Раманқұл қыстау бастырып жатқан жоқ, қамал салдырып жатыр. Күншіл жұрт бидің бұл игілікті ісін тасқандықтың белгісіне жориды. Раманқұл азғантай Құттықтан шықса да, азулы, өзін жарты патша сезінетін еді. Қамал салдыру — қазаққа көрсеткелі отырған қыры... Сырттан қыжыртқан дұшпан оның бұлай оқшаулануын әр саққа жүгіртіп сөз қылады.

— Кедей байға, бай құдайға жеткісі келеді. Құттықтан туып, Жанғазы мен Бабажан болмақ қой. Көп асқанға бір тосқан, көрерміз, — депті Бәйділда.

Раманқұл былтыр Әйдербектерде қонақтап жүргенде, белгісіз біреу атының шідерін қиып жіберіпті. Бірақ ұры-қарыдан аман. Сол күні кешке таман Итіғұл тауып әкелді. Бір дұшпанның істеген қастығы екені анық еді. Раманқұл бұлқан-талқан ашуланып, Алтынбайдың бишігешіне ат-шапан айып төлепті.

Сол күні ауылға қайтып келе жатқан бетінде, қатер сезгендей, жүрегі қалтыраумен болды.

Сол күні тура ажалға кездесіп, аман қалды. Қызыл іңір еді. Ауыл Қызылда отыр. Бір бауыр жер қалғанда, астындағы аты омақаса құлады. Төрт аяғын шалғылап жатқан аттың тізгінінен тартып жатқанда, бір бүйірінен қадалған сарыжаға көзі түскен... Иманы қасым болды. Жүз қадамдай жерде қызыл дүзген... Одан басқа, аңдыған дұшпан жасырынғандай бұта жоқ. Қасында жолдасы да жоқ, із кесуге батпады. Ауылға түнделетіп әзер жетті.

Ту сыртында ажал оғын кезеніп, ізіне түсіп жүрген біреу бар екені анық... Біреу ғана ма екен? Кеше Итіғұл аулында шідерін кесіп жібергені анау... Бүгін оққа байлап отыр... Ер дұшпаны көп болар... Өзін еңіреген ерлердің қатарына қосатын Раманқұл дұшпанының көптігіне таңданған жоқ. Тек сақтықты күшейтті. Құдай да сақтансаң сақтайды. Қазір жалғыз-жарым жолға шығуды қойған. Қасында Шорабай бастаған он шақты жігіт нөкері жүреді...

Қамал ойына содан кейін түсті.

Шіркін, сарт дегендер өнерлі халық қой. Жан-жағын биік дуалмен қоршап, оның сыртынан ор қаздырды. Енді Бабажан төреге жау тиіп керсін!

Қазақ ішінде бұл күндері Қожанияз есімі аталмайды. Бажбан — Хиуа тілінде алым-салық жинататын хан әкімі ғана. Қазақ құлағына таныс есітілетін Бабажан есімі осылай пайда болды. Оны азсынғандар "хан" деп дабырайтады.

Өткен күз Қожаниязға қонақасы беріп отырып, Раманқұл дұшпаны көп екенін айтты. Содан шығарып, қамалды ауызға алған Хиуа бегі мақұлдай кетті. Мырзаға арнап сәулетті сарай салу үшін бір қарақалпақ шеберін де жібермекші еді.

Төре қыс Хиуаға барған сапарынан бір ай жүріп оралды. Раманқұл оның бер жағында қамалға неше рет келіп, Бабажанның сау кезіне ұшыраспай-ақ қойған. Бүгін шапқыншы барғанда, қуанып кетті.

Әлгіде Көтібарға қол жая баратындардың қатарында өзінің де есімі аталғанда, Раманқұлдың жүрегі бір тулап басылған. Бұрнағы жылы барып, Қыр Шектісін қан қақсатып қайтқанын би ұмытқан жоқ. Былтыр Көтібардың қабағынан сескеніп, бармай қалып еді. Ақыл болыпты. Хиуадан келген мектердің қол-аяғына кісен салдырып, Көтібар орыс қамалына жөнелткенін кейін есітті... Көтібарға қол жаямын деп жүріп, басынан айрылуы мүмкін... Раманкұл қыстауын сылтауратып, ақыры бұғып қалды.

Бақас Раманқұлдың қабағын бағып отырған Бәйділда миығынан күлгенде, басқалар төмен қарады...

Бекарыстан бүгін бірдеңені аңғарды. Бәйділда Жанғазының қыбыр еткен аузын аңдиды. Екеуінің сөзі де бір жерден шығып жатыр. Түбі ханның тізгінін Қожамберді ұстайтын сияқты-ау...

Бабажанның қолтығында Раманқұл, Жанғазының шашпауын Бәйділда көтереді. Бекарыстан оларды сырттан "екі тентек" атап қыжырта жүретін. Түбі екі тентек Хиуа бегі мен Жанғазы сұлтанның арасына өрт салмай қоймас. Екі түйе сүйкенсе ортасында шыбын өледі. Аналардың несі кетсін, қайыра соққан таяқ екі тентекке тиеді ғой... Есуас сорлылардың ақылы соған да жетпейді.

Қонақтар ертеңіне атқа қонды.

Үш күннен кейін Көтібардың жүзіне баратын билер хан ортасында бас қосуы керек. Жаз Қарақұмда жайлайтын, мойыны алыстағы Байшоқы сияқты билерді жолдан соғып ерте кетеді. Хабаршылар рас айтса, Көтібардың жүзі енді он шақты күнде беріліп қалады. Жанғазы көпшіліктің басы ыдырамай тұрып, ертерек жетіп араласуды көздеп отыр...

Басқа жұрт көтеріле аттанғанда, Раманқұл жырылып қала берді. Бабажан төреге былтырғы уәдесін тағы да құлаққағыс қылып отыр.

— Қамалдың дуалы биіктетіліп болып қалды. Бір аптадан кейін оры да қазылып бітеді. Сен оған қарама. Қазақ жігіттерімен жиырма шақты адам алып, дуал үйгізе бер. Ал шеберді үш күннен кейін келіп алып кет.

— Алда разы болсын, тақсыр.

— Әлім-Шөменді Хиуаның бегі билей ме әлде Жанғазы сұлтан билей ме, оны көрерміз. Егер қамалда мен әмірші болып тұрсам, сенің жел жағынан ешкім жүре алмайды. Сенің еңбегіңді алдиярға жеткіздім, сәлем айтып жатыр...

— Тақсыр-ай, бұл жақсылығыңды...

— Мынау Жанғазы сұлтан көзге шыққан сүйел болды. Қазақты Хиуаның қол астынан бөліп әкетуге әрекет жасай ма деп қорқамын. Сенен өтінішім, қазақ арасындағы өсек-аяңға құлағыңды түрік ұстағайсың...

Раманқұл оған да басын шұлғыды. Қожанияздың көкейінде сұлтанның сыртынан өсек-аяң ұйымдастыру сияқты арам ниеті тұр еді. Аллақұл ханның алдында Жанғазының абыройын солайша түсірмек... Бірақ ол ойын ашып айта алмай отыр. Ал құпия қимылға шорқақ Раманқұл жұмбақ сөздің астарына ой жүгіртіп жатқан жоқ. Қамал құрылысының есебімен болып кетті. Бар ынты-шынты сонда еді, жиырма жігітті Бабажан береді. Ағайындары, жақын-жекжаттары бар, жиырма-отыз адамды өзі де жинастырып алғандай екен. Айналасы бір ауылдың қотанынан сәл-ақ үлкен қамалдың құрылысына қайбір кеп адам керек. Елу-алпыс адам бір-екі айдың ішінде бітіріп кететін шығар...

Сонымен тыныш ұйықтайтын болды.

— Тақсыр, қамал көптен көкей тескен арманым еді. Сіздің арқаңызда біткелі отыр. Ұлы істің басталуына сақтап жүрген бір сірнем бар еді. Көптен бері отбасын да көрген жоқсыз...

Сірнені ауызға алғанда, әміршінің көз алдына Раманқұлдың жас тоқалы елестеді. Былтыр күздікүні... Сірнеден кейін басқа қонақтар тарқағанда, бұл масаңдығын сылтауратып қонып қалған... Би қатпа бәйбішесі Кіпияның қасында жатқанда, Қожанияз бір түн жас тоқалды қызықтап шығып еді.

— Сіз сірнеге шақырсаңыз, біз пақырда бас тартуға әл қайда, мырза. Әлбетте барамыз.

Раманқұлдың екі езуі құлағында, үйден шықты.

* * *

Сәуір туғалы қашан, бірақ, таңертеңгі жел лебінен әлі де ызғар білінетін. Шаруа баққан қазақ үстінен жабағы күпісін тастаған жоқ.

Сәскелете күн ысиын деді. Нар еркеш кұм шоқылардың басын күн шалып, алыстан көз қарықтырады. Үйдей-үйдей қызыл дүзгендер ақ гүлін жаңа ашып жатыр. Ойпаңға біткен ақ селеу аттың шашасын қағады. Жап-жасыл балғын жапырақ таяқтың қу түбірін жарып шығып, күн көзіне еркеленеді. Табиғат маужырап тұр.

Жабағы күпі астында кәрі дене жіпси бастаған соң, Жанқожа атының басын тартты. Басқалар да іркіліп, он шақты аттың р жерге түйісе қалған. Артқы тілерсектері талтайып жарыса сариды.

Жанқожа аттан түсіп, артында бөктерулі қызыл ала қоржынның ауызын шешті. Биязы тоқыған түйе жүні шекпен екен іздегені. Жабағы күпіні қоржынға сүңгітіп, мауыты қамзолдың сыртынан шекпен киді. Оны көріп басқалар да қыбырлады. Бәрі де күпілерін шешініп, шекпен киіп жатыр. Әрине, тапқандары...

Төртқаралардың белгілі биінен Бәймен бар, Сапақ бар — олар он кісі. Жанқожаның қасына Барақтың Боранбайы ерді. Бұлар Көтібардың жүзіне келе жатыр.

Батырдың жаназасында алыс-жақын ағайын құлақтанбай қалғаны сүйекке мін болды. Қыр Шектісінің ендігі біліктісі Ерназар би, Көтібардың жүзіне исі Әлім-Шөменді түгел шақырып отыр еді.

Оның тағы бір себебі бар, батыр Табынның тентегі Жанқасқаның қолынан қаза тауып отыр. Бұл сияқты өлім қазақ салтында жоқтаусыз кетпеуі керек. Әрі-беріден соң қанды қанмен жуысуға шейін барысатын. Ондай насырға шабатындай жағдайы бар екен, бұл ойластықты Әлім-Шөменнің төрт көзі түгел болғаны мақұл...

Ерназардың түпке сақтаған ойын Жанқожа да сезді. Батырдың қазасы онсыз да алты бақан алауыз қазақтың арасына бір бүлік шақырғандай. Сол ойдан мазасы кеткен. Сыр бойындағы Әлімнің кескіні анау, Хиуаның бұғауында қансырап жатыр. Бір бөлегі қашып-пысып қыр жайлаған Төртқара мен Шөмекейдің арасына келді. Жетірудың да жетісіп тұрған жері шамалы. Ежелгі қонысы Елек пен Op дариясының маңына жақындап кетсе, орыс бекіністері айдап шығады. Өзі бүлініп жатқан қазақ тырнақ астынан кір іздеп, ағайынмен кетіскені мақұл емес. Қазір қанды кек қуатын заман кеткен, арыдан ойлайтын адам ағайын арасының бүтіндігін сақтауға тырысуы керек...

Ақсақалдардың кеңесінде өз пікірін ашып айтты.

Табындар батырға өз ауыздарынан төрт ердің құнын атап отыр екен... Ерназар соны алдарына көлденең тартты. Ол да бейбіт тыным болғанын қалайтын еді.

— Сол сықылды Көтекем... — деді Қарасақал Дабыл батыр, бұл күнде жасы елуден асқан, көзінде жас кілкілдеп, шынымен күйзеліп отыр. — Апырай, Табындардың шаңырағын бір шайқалтуға жарамай қала бергеніміз бе?!

— Мен қанды қанмен жуамын!

Оны айтқан батырдың ұлы Есет еді. Жасы жиырмаға тақап қалған сұңғақ бойлы жігіт, ашаң жүзі суын алған болаттай сұрланып тұр екен. Қызынып сыр беретін түрі жоқ, әлгі сөзді түк ашусыз салқын айтты.

Мынау болайын деп тұрған бала ғой. Шүкір, Көтекемнің артында өзін жоқтатпайтын бір тұяқ қалған екен. Жанқожа Есеттің сөзіне ырза болды. Бұра тартса да, шын намысты ердің сөзін айтты. Оны ақылға келтіру — үлкендердің өздерінің борышы...

— Ел басына ауыр күн туып тұр-ау, Есетжан. Бір ердің намысы қандай, бүкіл елдің тағдыры қандай?

— Қайран, Жәке, сенің де қаруың қайтқан екен ғой. Жақайым Жылқайдардың кегі үшін бір емес, екі қарақалпақтың басын алған жоқ па едің? Бүгін Табыннан қорқып, кезеніп шығатын жерде тайқақтап отырғаның мынау...

— Ұмытылып бара жатқан оқиға еді, еске салдың-ау, Есетжан. Сол ісім үшін күні бүгінге шейін өкінемін десем — нанар ма едің. Ал олар қарақалпақ еді. Сол қарақалпақтар осыдан бес жыл бұрын мені тура ажалдан алып қалды. Ол жаудың алдын орап, хабар берген Жанназардың ерлігін айтып берді. — Екі қарақалпақтың обалына қалған менікі ерлік пе, ажалдан арашалап қалған онікі ерлік пе, өздерің біліңдер. Көтекем орыстың оғынан, Хиуаның қылышынан өліп, айқайласып атқа қонсақ арман не? Қазақтың қолынан, өз бауырымыздың найзасынан жазым болған жері өкініші болып тұрған жоқ па?

— Алты Әлімнің аяулысын азаптап өлтіреді, бауыр-ақ екен. Менің ендігі ата жауым Табын болар!

— Көтекемді өлтірген Табын емес. Бір Жанқасқа бүкіл Табын емес. Тентектің ісі үшін тұтас елді күйдіруге болмас!

— Апыр-ай!.. Қарақұм мен Қызылды жайлайтын Әлімнің қонысы тарылғалы бес-алты жылдың бер жағы екен. Табындардың қуғын керіп, қыс қыстауынан айрыла бастағанына сексен жыл өтті! Қысым көрген ел ашулы. Таз ашуын тырнадан аладының кері. Жанқасқаның ісі де сол сияқты бірдеңе ғой, — деп бір тоқтады. — Менің айтарым, қан төгіс болмасын. Қара жер тоятын болса, талай қанды көрді ғой. Мынандай ауыр кезеңде ағайынның ауызбіршілігі қымбат. Егер шын намыс ойлайтын болсақ, әуелі анау қыл бұғауда қылғынған халқымызды құлдықтан құтқарудың амалын қарастырайық.

Бұл Жанқожаның бұрын да айтып жүрген сөзі. Есет түсінбей отырған жоқ. Ел қамын ойласа, әкесі Көтібар да күйзелетін. Осыдан бір жыл бұрын Көтібар аулының үстінде билер кеңесі өтіп, Арынғазыны босаттырып алуға шешім қабылданда, ішінде Есет те болды. Сонда Көтібардың бір ауыз сөзі алай шердің тығынын ашты. Батыр ханымның қасына ең жақсы көретін інісі Ерназарды қосып еді...

Былтырғы күз қырсықты күз болды. Петербургқа атанған елшілер қаралы хабар алып келді. Арынғазы дүние салыпты. Ерназар оралғанда, ауылда Көтібар опат болып, ағайын қырқына дайындалып жатқан... Ел қамы жайына қалып, намысқа басқа ер көңілді жігіттер ат жаратып, дүрбелең басталып еді. Қыр Шектісі тік көтеріліп атқа қонуға дайын, тек Ерназардың оралуына қарап отыр...

Би ағасы айшылық алыс жолдан жүдеп жеткен. Көтібардың қазасына ми ауылға үш күншілік жер қалғанда, Жағалбайлылардан есітіпті. Алғаш қатты шиыршық атқанмен, жол үстінде барлық жағдайға молынан қаныға бастап, сабасына түседі екен. Жанқасқаның қанды мойын қылмыскер екені рас. Бірақ Көтібардың ісі де... жасы жетпіске келіп, пайғамбар жасынан асқанда барымтаға аттанғаны... Көтекең ондай тентектіктен тиылғалы қашшан... Жиырма жылдың бедерінде бұл ауылдың жігіттерi іргелес елмен барымтаға барысқан оқиғасы болған емес... Қайран ер намысқа басқанда, Табынға аттанады. Қасында ақыл беріп, қолын ұстар ешкім жоқ. Бір үйір жылқының намысы, әруақты туған ардақты ердің түбіне жетті.

Бейбіт тынымын жақтаған Жанқожаның сөзі Ерназардың көкейіне қонып отыр. Жасы үлкен аға, алты Әлім сыйлайтын батырдың сөзін, қайта-қайта бөліп киліге берген Есеттің мінезін жақтырмады. Әке тұрып ұл сөйлегеннен без... Басқа көп баланың бірі болса, ақырып тиып тастар еді Ерназар. Көтібардың баласы... Әрі Есет қой... Ерназар осы інісінің жүзінен бөлекше бір сұс байқайды. Көтібар қатты ашуға басқанда болмаса, көңілшек еді. Ал Есеттің қабағында қайсарлық бар, бір қатайса оңайлықпен қайта жібімейтін сияқты. Қатал... Осы бала сөйлей бастаса, өзінің үлкен басымен бүгежектеп қалатынын байқап жүр Ерназар...

Кеңес ұзақ арбасқаннан кейін, қайтадан ел бірлігіне сайды. Табын да өз бауырың... Аяғынан тиіп, төрт ердің құнын атап отыр екен, өткен іске өкінгені... Ел басына бүлгін шақырып, сыңар езулей берудің жөні жоқ. Ағайынмен табыспақ керек... Күшіміз асып бара жатса, бәрімізге ортақ жау Хиуа тұрған жоқ па? Кәнекей, сонымен айқасайық!

Сөз ақыры осыған тоқтады. Көтібардың кегі жайына қалып, жұрт елдің мұңын жоқтап кеткен... Хиуа қамалының іргесін аудармай, қазаққа жарық жоқ екенін бәрі де мойындайды.

Бірақ мынау қырық ру қазақ... оны кім бастайды? Онсыз да атысып-шабысып отырған ел бір ауыздан сөз, бір жеңнен қол шығарып, атқа қайта қонады? Бір дәме Арынғазыда еді. Оны құдай алды...

Ортасында хан отырмай елде бірлік болмайды.

— Ау, Сыр Шектісі Жанғазы сұлтанды хан көтеріпті деген не хабар? — деді Дабыл қозғалақтап.

Жанғазы сұлтан батырдың қара шаңырағына қол жая келмек екен. Жүзіне қатысатын ойы бар... Осы бір хабардың естілгеніне бір аптадай өтіп еді.

— Сірә, бекер шығар. Ендігі келер еді ғой...

Әлім-Шөменнің ішіне Жанғазыны Хиуа ханы жіберіп отыр.

Қазақ оның әуселесін баяғыда бір көрді. Соңында Хиуа сыпайлары Сыр Шектісінің ауылдарында ойран салған жоқ па?

Жанғазы сұлтан жасаған қылмыстың көзі тірі куәлары табыла кетті. Жанқожа ғана үнсіз еді. Оның ойынша, қаныпезер сұлтанның бұл сапары тегін емес. Бір жағынан, батырдың артына қол жайып, борышынан құтылады, екінші жағынан, елдің қабағын да бағады. Бұл жиынға алты Әлімнің жақсылары молынан қатысатынын біліп отыр. Осындай жерде елдің ықыласын түсіріп, өзінін хан екенін мойындатып алуға келе жатыр-ау...

— Көтібардың қазасына қайбір іші уылжып барады дейсің, оған керегі соңғысы ғой, — деді Бәймен Жанқожаның сөзін іліп әкетіп. — Сыр бойындағы Әлім болып, бір Бабажанның көмекейін толтыра алмай отыр. Енді құлқын екеу болған соң, елде не берекет қалады? Жанғазы тырнадан қойған қарауыл, енді басынан қиқу кетпейтін шығар...

— Рас, рас!

— Ол нәлеттен рахым күтіп болмайды!

Жұрттың у-шуы басылуын күтіп отырған Жанқожа сөзін қайта сабақтады.

— Халық айтса қалып айтпайды, Жанғазы аулыңа келер. Әдейі кідіріп, біздің басымыздың тарауын күтіп жатқан болуы да кәдік. Оған шаршы топқа түскеннен, бір-бірлеп сөйлесу тиімді ғой. Көптің талқысы киын, қай-қайдағы шерді қозғап, ұмытылған кекті еске түсіруі мүмкін. Талай өкпе-кінә ауызға алынады. Оның халыққа қарар қай беті бар? Ерназар, алғашқы салмақ саған түскелі тұр екен. Егер бейіл бермей бетін қайтарсаң, оның аяғы үлкен шапқыншылық шақырады. Онда ұят жоқ. Сыпайы ғана шығарып салғаның мақұл болар.

— Ол жағынан өзімнің де қаупім бар. Астына мінгізетін атым, арқасына жабатын шапаным дайын...

Хиуа басқыншыларының тізесі қазақтың арқасына мықтап батқан. Бәрі де Әбілғазы, Арынғазы заманын, баяғы хандық дәуірді аңсайды. Ол бір хандық заман екен ғой... Қазақ тілінде осы сөз тіркесі қашан пайда болғанын білген жан жоқ. Бүгінгі көрген жамандығын ойлап күйзелгенде, халық хандық дәуірді аңсайды.. Өткен күннің бәрі ыстық көрінетін әдеті емес пе?

Қазір де тоқсан сөздің тобықтай түйіні хандыққа айналып ерді. Әбілқайыр әулетін біраз даттап алды. Күн бір жауғанда, терек екі жауадының кері, Жайық бойында Баймағамбет сұлтан жылда алым-салық сұратып, адам салып Қыр Шектісінің тынышын алатын еді. Арынғазыдан кейін Жәдік сұлтан тұқымында да кісілігі бар ешкім қалған жоқ. Жаңа көрініп келе жатқан сұлтанның бірі Қайыпқали... Ол да Хиуаны сағалап, хандықтан дәметеді екен. Маңғыстау түбегіндегі Адайдың ішіне жиі келіп-кететін көрінеді...

— Жүсіп батырды қасына шақыртып алыпты ғой. Ерназар өкініш айтты. — Әкесі Сырымның түбіне де осы Хиуа жетіп еді. Батырдың неден адасып жүргеніне түсінбеймін. Қайыпқалидың қасына еріп абырой табуы қиын шығар...

Осы күдікті бәрі де мақұлдады.

— Әзір кісілігін сақтап қалған Абылай ханның әулеті ғой. Сапақ би сөз қосты. — Артық туған Қасым хан ел тізгінін ешкімге бермей-ақ келеді.

— Әй, қайдам-ау! — Бәймен күдік айтты. — Ел тізгіні Қасымда болса, Уәлиханның тағын қатынға бастырар ма еді?

— Қатынды хан көтеріп отырған орыс патшасы. — Сапақ дау айтты. — Қасым ханның соңында қырық мың қол, орысқа аттанғалы жатқан көрінеді. Қасарған жерінен қан алмай қоймайтын. Абылай тұқымының әдеті емес пе?

— Қасым хан да қартайған шығар. Оның атағы дәуірлеп тұрғанда, біз бала едік...

— Қазір жұрт Қасымнан гөрі балалары Есенгелді, Саржанды көбірек айтып жүр ғой...

— Абылай ханның асылы осы Қасым тұқымында қалған...

— Әттең, жер шалғай, — деді Ерназар, соны айтқанда шынымен өкінгендей еді. — Есенгелді мен Саржанның біреуін таққа отырғызар ма еді...

Жанқожа бұл әңгімелердің тұсында тіс жармай, үнсіз отырған. Есіне халық өлеңі түсті.

Абылайдың баласы Қасым туған,

Туғанда алты алаштан асып туған.

Анасынан туғанда қан шеңгелде,

Екі көзін баттитып ашып туған...

Қасым есімі бұл өңірде аңызға айналып кеткен жайын байқайды. "Дауылпаз деген құс болады, даңқы жер жарады, қасына келіп көрсең, ұлтарақтай тері болады..." Әкесі біреуді дабырайтып мақтағанды жақтырмайтын, сол кезде әлгі мақалды еске алатын еді. Халық Қасымның атын бекерден-бекер жырға қосып жүрген жоқ. Қаталдығымен аты шыққан. Оның естуінше, орыс Айғанымды хан сайлап, өкпелі Қасым аттан салып атқа қонғанда, соңына ерген Орта жүз тайпасы шамалы. Қырық мың қол да әншейін қауесет сөз... Ондай көп әскері болса, Қасым Уәлихан әулетінің түндігін түріп қойып шауып алар еді...

Қасым ханның аңысын андып, алыстан бақылап жүрген кісінің бірі Жанқожа. Бірақжер аяғы шалғай... бұл жаққа Қасым хан жайлы аңыз ғана жетеді... Әлде Сарыарқада көшіп-қонып жүрген Қасым ордасына біреуді жұмсап алса ма екен?

Батыр Көтібардың аулынан осылай екі ұдай ойда қобалжып қайтты.

Аттанатын жерде, Қыр Шектісінің игі жақсылары түгел, қоштасып қалған. Бір-ақ адам көзіне түспеді. Ол — батырдың баласы Есет еді.

— Бүгін таңертең жолға шығып кетіпті...

Жанқожаның жүрегі кіпі алды. Әкесінің жүзіне жиналған ақсақалдардың басы тарқамай жатып, жолға шығып кететіні қалай? Әлім болып тік көтеріліп, Табынға аттанбады деп өкпелеп жүргені ғой... Шіркін, арты тайыз бала болды-ау... Ел басына күн туып, тұрған мына заманды ойласа ниет-ті. Өзі жауға шабылып, жабағысына сүрініп жүрген Әлім... онда жау іздеп жүретін дәрмен бар ма?

Жалғыз кетіп жау іздеймін деп, қасқа бала жазым болып жүрер ме екен? Кешегі сөз саптауы жаман еді. Түсі де сұр... Қан ішуден тайынбайтын шығар...

Осы кәдік көкейінен кеткен жоқ.

Шындығын кейінірек есітті. Билерден біржола күдер үзіп шыққан Есет, әкесінің кегін іздеп жалғыз аттанады екен.

Қасында серігі жоқ, салт атты, сабау қамшылы жас жігіт арада неше қонып, ақыры Жанқасқа батырдың ауылын да табады. Кісі өлтіріп құндікер атанған шал биыл жаз Ор өзеніне жақындап, Әлім ауылдарынан іргесін аулақ салған.

Есет "Шектінің бір таз баласы". Қыс бір айғырдың үйірі, кеп жылқысын жоғалтып, соны іздеп шыққан болады. Жанқасқаның үйінде қоныпты...

Таңертең аттанатын жерде бұйымтайын айтады. Әрине, астарлап сөйлеп, ниетін жеткізсе керек. "Жоғалтқан жоғын осы ауылдан тауып отырғанын" жасырмайды. Балаларының бірі шығарып салуын өтінеді.

Оны Жанқасқа да түсінеді. "Шектінің таз баласы" тектен текке жоқ іздеп шыға бере ме? Батырдың қатар ержетіп келе жатқан екі ұлы бар екен, соның үлкені Біржанды Есеттің қасына қосады. Шекті баланың өтініші де соған сайған. Әрине, әкесіндей адамды жекпе-жекке шақыра алмайды ғой...

Ауылдан бір бауыр жер шыққан соң Біржанға бұйымын айтады. Жанқасқа батыр Көтібарды өлтірді. Есет әкесінің кегін қуып келіп отыр. Қазір Біржанды өлтіреді. "Ау, батыр-ау, әлің жетсе өлтірерсің. Әкең боз төбенің бауырында боз құшақтап қалып ед, — дейді Біржан. — Бәлкім, сенің де көзіңді қарға-құзғын шоқып, осы арада ажалыңды табарсың..."

Екеуінде де ер қаруы бес қаруы түгел. Бірақ мәрттің ісін қылып, белдесіп күрескен. Үкім сол — қайсысы жығылса да өлгенге есеп. Жыққан жігіт оны теріс қаратып бауыздайды.

Анау да жауырыны жерге тимеген балуан екен. Әрі-беріден соң, Есетті қаңбақтай үйіріп әкетсе керек. Бұл әңгімені тына келтіріп айтатын Сапақ қана еді. — "Апырай, — депті сонда, — әкем боз төбенің басында боз құшақтап өлгені анау. Енді бір шұқырда өзім қалсам, көзімді қарға-құзғын шұқитын болды-ау. Ата-әруақтың шынымен-ақ сарт болып кеткені ме!?" Соны айтып, "әуп" дегенде, Біржанның салмағы қаңбақтай да сезілмей кетіпті ғой. Қайтып аяғын жерге тигізбестен, үйіріңкіреп апарып, шалқасынан салыпты. Шекпенін шешкен жерде қаны да қала береді екен. Өздері алыса-алыса ұзап кетпесін бе? Барып әкелемін деп жүргенде, адамда ант бар ма, анау тұра салып қайта жармаса кетуі мүмкін. Аяғынан алып сүйрей жөнеледі екен. "Ей, Есет! Ердің екі сөйлегені өлгені емес пе? Жығылдым — өлдім. Пышағыңды әкеліп, бауыздай беp, батырым" десе керек Біржан. Шіркін, ер екен, шалып жібергенде, тұяғын серіппестен кетіпті ғой...

— Апырай, ер екен! — дейді Ақмырза арқасы қызып.

— Алқымына пышақты таяп тұрғанда қалай шыдап жатты екен, пәтшағар! — дейді Боранбай таңдайын қағып.

Жанқожа күйзеліп отыр.

Бұның арты неге соғады? Әлім мен Жетіру арасында тағы бip кикілжің төбе көрсеткендей еді.

Қайран, алауыз қазақ...

* * *

Жұрт айтады: Жанқожа нағыз кең қоныш шаруаға айналыпты. Астында есік пен төрдей торы төбел, күндіз түйе қайырады, түн жылқы күзетіне шығады... "Бүркіт қартайса тышқаншы" дейтін еді, рас екен-ау...

Қырық күн шілденің басында Бекжарас пен Жаманқұл келді. Атқосшылыққа Алашты ертіпті. Жетектерінде бір-бір жылқы, Мүмсінге қол жая келіп отыр. Қазақ "қатын өлді — қамшының сабы сынды" дегенмен, Мүмсіннің орны бөлек еді. Бір отанның анасындай болған әйел. Ағайын-туыс, жақын— жекжат жібек мінез Мүмсінді қатты қадірлейтін.

Биылғы қыстың қамытшылығы онсыз да жырақ жерді одан әрі қашықтатты. Мүмсіннің қаза болған хабары Сыр бойындағы елге қыс ортасынан ауа жеткен. Бекжарас сол күні-ақ атқа қонатын еді, Жаманқұл ағасы кідіртті. Туысы жоқ адамдай сопа басы жетіп барғаны жұрттан ұят... Жаназадан бәрібір кешікті, жер аяғы кеңіген соң қара көбейтіп барғанды мақұл көрді.

Көктемгі қой қырқымын аяқтап, ауылды жаз жайлауы Шықыманға апарып қондырды. Жаманқұлда бес жүз ақ ауыз қойды азырқанатын баяғы ауыр дәулет жоқ. Әуелі жұт келді, онан кейін Хиуа... Қайда жау момын байды қырына алады ғой... Бұл ауылға зекет те, сойыстық та еселеп өндірілетін еді. Оның үстіне Шорабай сияқты атарман-шабармандардың қорқытып— үркітіп "ат майын" мінетіні бар... Оған биылғы ауыр қыс тағы қосылды...

Атадан қалған ауыр дәулеттің дөңгеленіп қалғанына шағынып отыр.

— Жәке, өзің барда арқамыз тамға сүйеулі сияқты еді, — деді бір сөзінде. — Тырнадан жасауыл қойсаң, төбеңнен қиқу кетпейдінің кебі келді. Обалы не керек, Раманқұлдың аулымызға келіп ат ойнатқанын көргеніміз жоқ. Біздің апшымызды Шорабай қуырады.

— Ойбай-ау, жаман Итіғұлды қайда қоясың! Бекжарас оның сөзін бөлді. — Оны да ханның уәзірі деп жүр ғой. Түнеукүні аулына барсам, танауы аспанда, тіпті сөйлесуге ерінеді...

Семіздікті қой көтереді. Беркелет сөзге олақ, бір доға кісі. Сарттардың Әйдербектен қалап ұстағаны Итіғұл екен ғой... Атқа жеңіл құбақан, ондай адамдар көзге де түскіш болады... Жанқожа бәрін де көңілінде түйіп отыр.

Бабажанның қамалы салынып біткен. Жанғазы Жанкентке орнап жатыр. Қара қазақтан туып хан болған Раманқұл да қалысатын емес, Бабажанның іргесінен қамал тұрғызыпты.

Мыналардың сөзіне қарағанда, бір Әлім-Шөменде үш хан, он бес уәзір бар екен. Бас-басыңа би болсаң, манартауға сыймайсың... Хиуа ханы сол мақалды білмейтін болғаны ма? Әлде бағынышты адамдарына деген сенімі жоғалғанда, біріне-бірін қарауыл етіп ұстағысы келгені ме екен? Жанқожа ойда отыр.

Ұзын құлақ хабардан есітті, Көтібарға қол жая шыққан Жанғазы сұлтан батырдың жүзінен бір күн кешігіп келеді екен. Ханның қасында он бес би... Басты-бастылардан Бекарыстан мен Бәйділда бар... Байшоқы бар...

Ерназардың қадірлі қонақтарын төбесінен тік тұрып күтіп алғанын есітті.

Оның бәрін Бәйменге келген шапқыншы жігіт айтады. Жанғазы қайтар сапарында Төртқара ағайынға да соға жүретін ойы бар екенін аңғартады.

— Өзі өлікке қол жая келеді. Қайтар жолында біздің ауылға қыдыратыны қалай?

Қазақ өлікке келген адамның жолай қыдырып жүргенін жаман ырымға жориды. Жақсының жаназасы ауыр қайғы... Одан қайтқан бетінде сауық-сайран салып жүру әбестік болар еді. Баста солай шыққан ырым... Бәйменнің сөзі әйтеуір бір сылтауын табу, сұлтанның жақсы ниетпен келе жатпағанын біледі, оны ел ішіне жолатпаудың қамын ойластырды.

— Бәймен соны айтқаны рас болса, Жанқожаның иегі астынан шыға алмай қалған екен ғой. Кірме Шектінің тіліне еріп, қанша жерге ұзағанын көріп алдық.

Жанғазы қайтар күні қоқан айбат көрсете сөйлепті. Амалы жоқ, жары жолдан кейін қайтады. Жұрттың айтқаны рас, Жанқожа ат үстінен түспейтін еді. Сондағысы сақтық ойлайды. Төре тұқымында ант-иман жоқ. Қарулы баспашыларын аттандырып, қапыда опық жегізуі мүмкін... Қазірдің өзінде Жанкент қамалындағы сарбаздар саны жүз кісіге жетіпті. Бұл хабарды Бекжарастан естіп отыр.

Жаманқұлдан Ақтан нағашысының амандығын сұрады.

— Жақсының аузынан сөз кетіп, басынан бақ тайып тұрған заман ғой. — Жаманқұл күрсінді. — Қазір Әлімге келген дау болса, бір Раманқұлдан ауыспайды. Жанғазы сұлтан келгелі Бәйділда туысың дәуірледі. Батырдың жасы жетпісті орталаған екен, ана жалмауыздар ат төбеліндей Қаракесекке сөз бере ме? Қазір даулы жерге баспайтын көрінеді.

Бес жылға қарап барады екен-ау. Хиуадан елші келіп, Әлім-Шөменнің игі жақсылары Раманқұлдың үйінде бас қосатын үлкен жиын Жанқожаның көз алдында әлі тұр. Раманқұл бастап, Бәйділда қостағанда, белсеніп шыққан үшінші кісі Ақтан болып еді. Жанқожа үйден жалғыз шықты. Үйдегілердің басы салбыраған күйі қала берді. Ақтан да көзін тайдырып әкетіп еді. Жанқожа ат жалын тартып мінгелі нағашы ағасына сол жолғыдай көңілі қалып көрген емес. Батыр аңқау, ер кәдек... Аңғырт байғұс, "қара шаңырақты" алға салғанда, қолқ етіп түсе қалған. Елді алдырып, Еділді алдырып болған соң, өзінің де күні сүтке тиген күшіктей болыпты...

Ақтанның әлі сексенге үш жылы бар... Қайратты шал, қартая қоятындай уақыты болған жоқ. Күйіктен шөгіп отыр-ау. Жанқожаның кеудесінде аяныш күйі, ауыра соғады. Аузы дуалы ақсақалдың алдынан дау кеткені, елден күй кеткені. " Үлкен төбені шандайсың, кіші төбені шандайсың, тақсыр, алдыңа қалай келейін... "Аузы алты қарыс Арынғазыға осы сөзді айтқан Рахметәлі жүрек жұтқан ер екен-ау...

Ал қаһарлы ханның алдына баруға Жанқожа бата алған жоқ еді...

Қасқыр да қан иісін сезген кезде ұлиды. Қанқұйлы сұлтан Жанғазы бекер ел жағалап жүрген жоқ. Бір сұмдығы сақтаулы екені анық... Төре тұқымы қазақтың қай жақсысын елеп, қазаның артына қол жайып еді. Хиуаға сыртын беріп, аулына келген мектерді орыстың қолына ұстап берген Көтібар...

Оған Жанғазының да іші жыли қоюы екі талай. Ұры тісін жасырған сүр жылан, сыбдырын білдірмей жылжып, ақырын-ақырын қойынға кірмек қой...

Төртқараның ішіне келе алмай қайтты. Кекшіл сұлтан Бәймен мен Сапақтың бұл қылығын өлсе кешірмейді. Биылғы жаз онша тыныш бола қояр ма екен? Әуелі алым-салық жинаушылары мен шабармандарын аттандырады. Оны құр қайтарса, Хиуаның баспашыларын шығарады...

Жанқожа солай топшалайды.

Жаманқұлға берген қонақасысына Бәймен мен Сапақты шақыртып алды. Қарасақал Дабыл көршісі бар... Көңілінде түйіліп жатқан түйткілін айтты. Қалың елдің сақ отырғаны мақұл. Хиуаның ежелгі әдеті, қапы кезенді андып тұрып, оқыста қан қақсататын. Баяғыда сол сықылды Арынғазының көшіне тиіп, туған інісі Нұрғазыны жазым қылған осы Жанғазы сұм еді ғой... Құдай сақтап ханның өзі аман қалған...

Билер сөйлей бастағанда, қауіп-қатерді жан-жағыңнан таяп қояды.

Ауылдар биыл әр төбенің астында, біреуі шашырамай, іргелерін жақындатып қонатын болды.

Бекжарасқа да бір міндет жүктеліп отыр. Бабажанның қамалы мен Жанкентке құлағын түрік ұстауы керек. Жамандығына бағып, хан Төртқара ішіне қол аттандырғандай болса, Алашты атқа қондырады. Жанқожаға хабар тигізеді.

Ертеңіне қонақтар аттанды.

Үш күннен кейін Дабыл батыр атқа қонды. Беталысы Қасым ханның ордасы, Орта жүз ішіне бара жатыр. Абылай әулетінің ау-жайын байқайды. Қасым ханның соңында Орта жүзден қанша шаңырақ бар екенін де аңдастырған жөн. Жуас айғырдың үйірін ат жақтайды. Қасымның балалары халыққа жайлы болса, соңындағы қарашасы да қара-құрым шығар... Маңайына одан қашқан, бұдан қашқан қара шоқпар тентектер мен ұры-қарыны топтап, қара көбейтіп жүруі де мүмкін... Басқа бәлені өзің тілеп алсаң, ертең басынды сатып алуың қиын болады. Жанқожа сөзінің ақырын солай түйді.

Соңғы күндері батырдың аулында күнде жиын, әбігер басталып еді.

* * *

Абылай өлген соң, Омбыдағы орыс әкімшілігі хан тағына момын Уәлиханды отырғызды. Бұл әулетте ең азулысы Қасым еді. Таққа оның отыратынына қара қазақта шәк келтірген жоқ. Ол жоспарды орыс бұзды. Қасым ол жолы да бір тулап басылған. Бірақ әкесінің топырағы да суымай жатып, бүлік шығаруға құрттан ұялады. Әзір сыр бермеске бекінді.

Үлкен жанжал Уәлихан өлген соң басталды. Ханның мұрагері саналатын Ғұбайділда сұлтан Омбы әкімшілігінің қаһарына ұшырап, қуғында жүрген. Таққа ханның жас тоқалы Айғаным отырды. Қасым Ғұбайділданың намысын жыртқансып, дау көтерді. Қара қазақтан шыққан билер не түсініп жатыр, олар жолға жығады. Қасым қанша тентек болғанмен, осы жолғы сөзі дәлелді сияқты.

Соңында түгел Орта жүз, Қасым балаларының орыспен ат құйрығын кесісетіні осы кезде. Ата қонысы Көкшетаудан қоныс аударды. Жай кеткен жоқ, Айғаным билеген хан ордасын шауып алған. Абылайдың қара шаңырағы еді. Оны өз баласы Қасым шауып алып отырғанын есіткенде, жұрттың төбе шашы тік тұрды.

— Қатын басымен хан тағын, Абылайдың тағын басуға батылы барған ол қаншыққа обал жоқ!

Айғанымның кегін орыс қайтарды. Соңында орыс солдаттары шүйгін қоныс Сарыарқадан сырғып, Қасымның балалары Балқаш көлі маңайына қарай ойысқалы қашан. Биыл жаз Мойынқұмды жайлап отыр еді.

Шекті ішінде Сырлыбай атты аталық көп. Қазақ екі құмның бірін Мойынқұм атайды. Бұл Мойынқұм Балқаш көлінің бергі бетінде, Орта жүз бен Ұлы жүздің шеқарасында жатыр.

Қыс қар қалың түсіп, көктем жаңбырлы өткен, Мойынқұм өңірі іріп тұр. Бірақ қайран Сарыарқаның саялы тоғайы мен самал жайлауына үйреніп қалған хан ордасы тар қапасқа қамалғандай құм ішінде амалсыз отыр. Дабыл батыр Қасым тұқымының апшысы қуырылып отырған үстіне келді.

Әлім-Шөменнің жайына бұл жақта қанық екен. Жанқожаның сәлемін есіткенде, Қасым марқайып қалды.

— Батырдың игі ниетіне ырзамын. Әбілқайыр тұқымы Кіші жүзді орысқа сатты. Енді біреуі Хиуаның қолтығына кіріпті ғой. Әкем "Жол Жәдік сұлтан әулетіне тиісті еді" деп айтып отыратын. Әбілқайыр ол жолы да қулығын асырып, таққа мінеді екен.

Қасым ханның ақ бурыл қасы көзін көлеңкелеп, қара сүр жүзі тұнжырай түсті,— Кәпір патша кімді оңдырды. Абылай тұқымының арасына от салып, еркек кіндік құрығандай, алтын таққа қатынды отырғызды...

Әлім-Шөменге тізгін ұшын беруге өзі де асыққандай екен. Бірақ қуғын көріп жүрген кісідей болып барғысы келмейді...

Әрі орыста кеткен кегі бар. Ақмолаға қамал түскені Орта жүз үшін қақпан болып отырғанын айтты. Солардың үйелменімен өртеп, жауды Есіл дариясынан әрі қарай қуып салмай, тыныш ұйықтай алмайтынын жасырған жоқ.

Дабыл ханның Ақмолаға қашан аттанатынын білгісі келген сұрағын жауапсыз қалдырды.

Бұл кезде Қасым ордасының қасында ел қалып жарытқан жоқ-ты. Екі-үш мың үй, төрт-бес мың қол бар. Сыйырма қылыш, сары садақпен қамалда бекініп жатқан құрулы мылтықты құрсанған жауды жеңіп алу қиын жұмыс... Есенгелді мен Саржанның соңындағы сары қол орыс солдаттарымен әр жерде кездесіп көріп, жүректері шайылып қалған. 1825 жылы Қарқаралы бекінісіне шабуыл жасаймын деп жеген таяғы әлі есінен кетпейтін... Орыстар қамалға мықты, алыстан атып, қоян қолтық келтірмей діңкеңді құртады...

Қасым ханның Әлім-Шөменге ат тізгінін бере алмайтын тағы бір себебі бар. Соңғы төрт-бес жылдың бедерінде, орыстан қуғын көрген сұлтан қысылғанда Қоқан хандығын сағалайды. Әлім-Шөменнің ата қонысы — Сыр бойы. Ал Сыр бойымен төмен құлап, Ақмешітке шейінгі кең байтақ өлкеге өкімін жүргізіп отырған Қоқан хандығы бір жағынан көршісі Аллақұлдың да қабағын бағады. Өзінің панасындағы Абылай тұқымынан шыққан сұлтандар Әлім-Шөменнің ішіне барса, Қоқан әуелі Хиуамен кетіседі. Онсыз да Бұхар өмірімен қырғи-қабақ Мәделінін Аллақұлды тағы ренжітуге батылы бармас еді. Оның арты үлкен жаулыққа, Қоқан үшін тиімсіз қақтығысқа апарып соғады. Жамандығына бақса, Бұхар әмірі мен Хиуа хандығы ауыз жаласып кетуі мүмкін... Осындай бақай есепке тап боларын Қасым да сезіп отыр. Әрі Қарақұм мен Қызылды жайлайтын Әлім-Шөмен — етек-жеңі кең ел. Оған хан болса, Қасым тұқымы Қоқанға құрық бермей кететіні анық. Сыр бойынан Хиуа хандығын қуып қана қоймас, әрі-беріден соң Ақмешітке ауыз салар.1771 жылы үш жүздің билері бас қосып Абылайды хан көтергенде, кеңес Түркістанда, Қожа Ахмет Яссауидің ғибадатханасында өткенін бәрі де біледі. Әбілмәмбет Ташкентте хандық құрды. Абылай тұқымы есін жиса, ескі дауын қайта қозғаудан тайынбайды... Ендеше Қоқан хандығы Қасымның балаларын тұқыртып ұстауға тырысады...

Басқа түгіл, орда маңындағы сыбайластарының көбісі біле бермейтін бұл сияқты сарай құпиясы, әрине, Дабылға айтылмайды.

Бір Қоқан емес, Қасымның балалары Хиуа ханы Аллақұлмен де астыртын сөз жүргізіп жатқан. Орыс патшалығынан есе қайтарудан әлі де дәмелі... Әскер, қару-жарақ сұрайтын еді.

Орда Дабылға бұл сияқты құпияларын да сездірмей бағады. Сыпайы сөзбен шығарып салды.

Дабыл үш ай жол жүріп, азып-тозып оралды.

Бұл күндері Жанқожа аулы күзем алып жатыр еді.

Қазан айының басы. Қыламықтап қар жауды.

— Қасым ханның жағдайы мәз емес екен, байқап отырмын. Жанқожаның алдында Итжемес отқа қыздырынып отыр. — Ақмола қамалы деген құрсанған жау, қарулы мылтық қой. Орыс бекінісіне шауып, Сырым да опық жеген. Құр қолмен онда не бітіреді? Осы сапар мерт болатын жері шығар...

Орыс солдатының соғыс қабілетін батыр жоғары бағалайтын еді. Кезенген мылтыққа қарсы шауып, мерт болған талай оқиғаларды еске түсірді. Басын шайқайды.

Абылай тұқымынан біржола күдер үзіп отыр.

Қасым ордасын дәріптеп келе жатқан Дабылды сөйлеткен жоқ.

Оның бір қуанышы, биыл жаз тыныштық еді. Зекет сұраушылар да төбе көрсеткен жоқ. Кектемдегі сапарынан кейін Жанғазы сұлтан да хабарсыз жатыр.

Биыл жауын-шашын мол, қыс малға жайлы болатын сыңайы байқалады. Мал баққан шаруаның пейілі кең, ел іші күнде думан, күнде той... Қызы бар ауылдың сыртында салт атты бозбалалар жиі төбе көрсетеді.

Бұл ауыл үш күннен кейін қыс қыстауы Қаражарға қарай жылжыды.

БҰҒАЛЫҚТА

Ақшағыл құм шоқынын. етегіндегі баяғы табандық. Көк шалғын құрағының арасында ат жасырынғандай. Ексім жел соғып өткен сайын балғын қауылдырықтары сыбдыр қағады. Бұл табандықта сонау бір жылдары Киікбай әулеті жаз жайлайтын еді. Одан бері не заман. Әуелі Қызылда Хиуа баспашылары төбе көрсетті. Басына қатер төнген кезде Жанқожа Жақсықылышқа қарай көшіп шықты. Бекбауыл ертеректе бас қамын қылып, Сыр бойынан қыстау бастырған. Жаз жайында Қарақұмды жайлап жүрді. Солай шөбі шүйгін табандық иесіз қалды.

Азуы алты қарыс Өтеген-Нұрымбеттің жаз жайлауына тәуекел етіп қона алатын қазақ баласы табыла қойған жоқ. Анда-санда көшіп өткен ауылдар табандық жердің басында үш— төрт күн еру болып кетеді... Отыз жылдан бері солай еді. Өзгермей келе жатқан сол дәстүрді Қожамберді Бәйділда бұзған. Жанқожа қуғын кәріп, ел асып кетті... Ал Бекбауыл жаз жайлауға таласқандай дәрмен жоғын біледі. Бәйділда бәрінің аузына шөп өлшеп көріп отыр, былтыр Бекбауылдын жұртына көшіп келіп шаңырағын көтерді.

Биыл да осы табандыққа көш басын тіреді.

Бидің жаңа жұртқа келіп қонғанына он күн де толған жоқ. Ауыл құда шақырып жатқаннан бетер еді. Қожамберді ішіндегі ет жақын туыстарынан бір адам қалған жоқ, аттылы-жаяу ағылып жатыр. Бәйділданың аулында ғаламат әбігер басталды да кетті.

Би Жанғазы ханды қонаққа шақырғалы жатыр екен. Қожамберді сияқты азғантай аталық үшін бұл үлкен сын еді. Үш мың шаңырақ Кішкененің игі жақсыларын түгел ат шаптырды.

Бәйділданың қулығына найза бойламайды. Табандықта ханға қонақасы беру деген әкесіне ас бергенмен бірдей еді. Оның аты мынау шөбі шүйгін жайлауды даулап, ертең жан баласы алдынан шыға алмайды деген сөз. Бұл қонақасының астарында осындай арам пікір жатқанына жұрт та шәк келтірген жоқ...

Кеше жұрт ауыстырды.

Жұрт ауыстырды деген аты ғана. Ауыл баяғыда Бекбауыл отыратын табандықтың түстік жақтағы жұртынан терістік бетіне шығып қонған. Он күннің ішінде ауылдың айналасы мал тұяғының тебініне айналып, ендігі көк шалғын еркек шөбі жапырылып қалып еді.

Ана жылы Нұрымбет шал отыратын қоңырлықта Бәйділданың қара шаңырағы көтеріліп жатыр.

Өткен жаз Қожамбердінің биі жаңадан үй бастыртқан. Жұрт сегіз қанат бұл үйді хан ордасына теңейтін еді. Айтқанындай-ақ бар екен. Шаңырағы көтерілген кезде, күмбездей биіктеп-ақ кеткен. Оң жағында Жәнділданың алты қанат үйі, сол жағында Бегділданың отауы — олар да биыл көктемде үзіктерін ақтан жапқан, алыстан шаңқиып, қараған адамның көзін қарықтырады.

Бәйділда қоңырқай үзікті қоңсы қарашыларының үйлерін бұрынғы жұртынан қозғаған жоқ. Онда мал сойылады, қонақтарға ас қамдалады. Халық иесі хан үйітілген бастың қоңырсыған иісінен аулақтау жерде күтілгені лайық. Ал қонақасы табақтары болса, оны жорға мінген күтуші жігіттер қолдап таситын болады... Бәйділда ұйғарымын айтқанда, бұрын-сонды ондай салтанатты көрмеген жұрт жағасын ұстады.

Жанғазы хан Жанкенттегі астанасына орнағалы да бір жылдай өткен екен. Ерулік-тартуын алып шұбырған қазақ аяғы әлі басылған жоқ... Торы айғырға бастатып төрт жылқыны айдатып апартып, Бәйділда да ханның қара шаңырағында бір қойдың басын мүжіп қайтқан...

Ерулік жөні өзіне басқа... Ал хан тұқымы ақсүйекке қақ төрінде қонақасы беру... есіткен құлаққа не тұрады? Бұл жиын қара қазақтың алдында Бәйділданың абыройын көтеретін еді... Жұрт солай пайымдайды.

Бәйділданың ішкі есебі табандықта жатыр. Оны бірақ ең жақын туысы Жәнділда мен Бегділдаға да айтпайды. Көпшілік кезеңі келген жерде біле жатар...

Бегділданың ақ отауы әнтек оқшаулау тігіліп еді. Қожамбердінің бас көтерер азаматтары анау екі үйдің маңайында иірілісіп тұр. Ал ескі жұртта қалған қоңырқай киізді үйлердің маңайында ақ жаулықтар көбірек ағараңдайды. Қатын-қалаш қонақасы қамына кіріскен.

Бегділданың ақ отауы жанында қарайған жан жоқ. Абажадай үйде Айсұлу жалғыз қалған. Бір отанның маңдайындағы жалғыз қыз бұла болып өскен, әрі-беріден соң зерікті.

Айсұлу онша ұшқалақ қыз емес. Бірақ он бес жас... Тек күтімі жақсы байдың қызы, қайырда өскен құба талдай тез көзге түседі. Хан келе жатқанын есіткелі Айсұлу да елеңдейді. Әжесі айтатын ертегілерді түгел еске алды. Ақылды хандар, ақымақ хандар... Хан қандай болса да бәрі бір, ылғи қаһарлы келетін еді. Қыз жүрегін белгісіз бір қорқыныш билеп, қалтырайтындай. Бірақ ертегілерде ғана кездесетін хан иені көзіңмен көру қызықта сияқты, асығып жүр.

Қазақтың қызы, әсіресе бар үйдің, бай үйдің қызы ерте есейеді. "Қатын" деген қарғыс сөзден бастап, "сен, қатын болмайсың, ертең әлі қайтып әкеліп тастайды ғой" деген шеше кейістігі-ақ сәби жүректе әуестік шаласын бықсытады. Оған ақ жеңгелері қосылып... Қайран періште кеудеде күнәлі ойлар да солардың әзілімен оянады ғой...

Айсұлу өзінің қыз екенін қай күні сезді, ол қазір есінен шығып кетіпті. Былтыр күздің қоңыр салқын кеші еді-ау... Сол күні қаһарлы әке үйде жоқ. Төремұрат жырау келді. Қатар отырған төрт-бес ауылдың үлкен-кішісі бидің қара шаңырағында бас қосып, бір жасап қалған.

Жырау жап-жас жігіт. Ақ сұр жүзіне қалың қара мұрты қандай қонып тұр. Айсұлуға әсіресе Төремұраттың әні ұнады. "Сегіз бен Мақпал" жырын айтқан. Сондағы үзілген әні-ай оның... қыздың жүйкесінен босатып кетіп еді.

Сері Сегіз, Әнші Сегіз, Балуан Сегіз... Құдай да бір адамның басына жинап берген-ақ екен. Айсұлу өзін Мақпалдың орнына қойып, одан Сегіз сияқты жігіт жампозын іздеп мазасы кететін. Сегіздің әлі тірі екенін есіткенде, жүрегі дүрсілдеді. Хиссаларды бұрын да тыңдап көрген. Онда бағзы заманда өтіп кеткен батырлар ғана марапатталатын еді.

— Сегіз сері қазір де тірі. Хиуа ханының зынданында үш жыл отырып, былтыр жарық дүниеге шықты. Жазды күні әдейі барып сәлем беріп қайттым. Шашына ақ кіргенмен, баяғы қалпы, даусы қарап тұр. "Сегіз бен Мақпал" жырын өз аузынан есітіп жаттап алдым...

Төремұрат "Сегіз бен Мақпал" жырын айтып біткенде, таң құланиектеніп қалған. Жұрт тарады.

Ұзақ түн жыр қызығымен білмепті, Айсұлудың сілесі қатқан екен, келесі күні түс қайтқанша ұйықтады. Оянған бойы жырау жігітті жоқтаған...

— Аттанып кетті, — деді Бегділда ағасының келіншегі Жәмила, күрсініп айтты. — Қайнаға сапарынан оралды ғой. Ол кісіні білесің, домбырашы, жыршы керсе жыны ұстайды ғой. Төремұрат қайнағаның қабағын байқаған соң, атқа қонды... кетті...

Айсұлудың қабағында өкініш ізі тұрды. Қу жеңгенің көзі қырағы, қайын сіңлісінің жүзіндегі құбылысты хаттай танып тұр. Қылымси күліп, бір ауыз қолқасын айтты.

— Жырау жігіттің көңілі саған мықтап құлапты, еркем, — деп бастаған әңгімесін. — Шіркін, өзі де жігіттің сұңқары ғой... Саусағындағы алтын жүзігін байқадың ба, еркежан? Сені шығарып беріп, сол алтын жүзікті қағып түссем, екі дүниеде арманым болмас еді...

"Шығарып берудің" астарында не жатқанын Айсұлу да түсінеді. Екі беті ду еткен. Жеңгесі ұрлығының үстінен түскендей еді. Айсұлу ұялған жан тектұрмастың ісін жасады.

— Апама айтам! — Әуелі Жәмиланы төмпештеді, оның ерсі шыққанын артынан байқады. — Апа!

Көзінде мөлтілдеген жас, Айсұлу тұра жөнелгенде, Жәмила құшақтай алды. Ол қайын сіңлісін әлі де бала көретін. "Шығарып беру" жайлы өтініші қатал абысынының құлағына тисе, оның арты үлкен жанжалға соғады. Әрі Жәмила — Құрманай аулының қызы, Төремұраттармен қыз алыспайтын туыс еді.

— Ойнап айтам, еркежан! Жүзік сенің садағаңа кетсе болмай ма?! — деп өлердегі сөзін айтқан.

Сол түні Айсұлу түн ортасы ауғанша көз ілген жоқ. Қиялында Төремұраттың бейнесі... Ақ сұр жүзі, әдемі мұртты... Қапсағай бойлы жырау жігіт, өзі айтқан хиссадағы Сегіз балуаннан аумайтын сияқты еді.

Сол түні шым-шытырық түс көрді. Өзі ұзатылып жатыр екен дейді. Күйеу жігіті Төремұрат... Әйелдер қызды жан-жағынан қаумалап, қоршаулы түйеге мінгізіп жатыр. Сөйтсе... алып бара жатқан адамы Төремұрат емес, Жабы балуан болып шығады. Қарақалпақ Жабы... Жанұшырған Айсұлу енді әкесін іздейді. "Әке, әке!" Ал әкесі болса, артында қалып барады. Тағы да өзі мәз-мәйрам, арқа-жарқа күліп тұр...

Айсұлу өзінің ышқынған дауысынан оянды.

Үйде жан жоқ, жалғыз жатыр еді. Күн ұлы сәскеге көтеріліпті. Төсегінде керіліп-созылып ұзақ жатты. Төс еті шымшып ауырады. Қолы тиіп кетіп еді, бармақ басындай бірдеңені байқады. Шиқан... Былтыр Жәмиланын аяғына шиқан шыққан... Алты ай жаз азап көргені бар. Бірі жазылса, бірі к.айта шығады, балалай беретін бәлекет екен.

— Апа! — Қолы тиіп кеткен кезде қатты ауырсынып қалған қыз, орнынан атып тұрды.

— Тұра ғой, жаным...

— Апа, маған шиқан шықты!

— Не дейт! Шиқан қай жеріңе шығып жүр! — Шошып кеткен апасы өбектеп жатыр.

Айсұлу төсіндегі "шиқанын" көрсеткенде, шешесі әуелі ішек-сілесі қатып күлді. Артынан тас-талқан болып кейіді.

— Сен, қатын болсаң көргенім өтірік! Әлі қайтып әкеліп тастап, елге масқара қыласың ғой! — дейді, көзінде сірке-сірке жас, долдана түседі.

Айсұлу бұл "шиқанның" мәнісіне айтпай-ақ түсінді. Жым болған. Екі беті өрттей күйеді. Ал бір аптаға шейін шешесінің бетіне қарай алмай жүрді.

Қазір де сол күнгі оқиға көз алдынан бір-бір елестеп өткен. Өйткені келе жатқан ханның хабарын есіткенде, төс еті шымшып ауырып кетіп еді.

Хан қандай кісі... Шіркін, Төремұрат сияқты жас жігіт болса ғой...

Төремұрат бұл ауылдың үстінен биыл да екі-үш рет өтіпті. Бәрінде де қыз әкесі ауылда... жырау жігіт Бегділданың үйінен сусын ішіп аттанатын.

Жыр тыңдағысы келіп қыңқылдаған бала-шағаны Бәйділда тиып тастайды.

— Тәйт әрі, құтырмай!

Ал Жәмила жеңешесі баяғы жүзік жайын осыдан бір ай бұрын тағы құлаққағыс қылған. Айсұлу үндеген жоқ. Үндемегені бөтен көрмегені... Оны Жәмила да түсінеді.

Бірақ көші-қон басталды. Ауыл-ауылдың іргесі алшақтады. Сонымен, Төремұратпен кездесудің де сәті түскен жоқ.

Айсұлу ақ отауда жалғыз өзі, қай-қайдағы есіне түседі, елегізіп отыр.

* * *

Бәйділданың үйінде Жанғазы хан қонақ болғалы жатқанын есіткенде, онымен бақастығы бар Бекбауылдың түсі бұзылды. Қожамбердінің биі дәуірлеген-ақ екен...

— Осы біздің елдің ханы нешеу? — деп сұрайды момын інісі Қожа, таңырқап отыр. — Бұрын біреуін — Бабажанды білетін едік. Одан Раманқұл қала салдырып, ол да хан атанды. Енді мынау Жанғазы шығыпты!

— Ой, тәйірі-ай! Жанғазының несі хан болсын, — деді Жақай білгішсініп. — Нағыз хан сарттан келген Бабажан ғой!

— Әй, Раманқұл да осал тұрған жоқ-ау! — Қожа әлі де күдік айтады.

Қожаның сөзінде шындық бар, бұл өңірдің қазағы Раманқұлды жарты патша көретін. Ана жылы туған інісі Қожанды атып өлтіретін жолы, оның ісінен исі Әлім түгел тіксінді. Залым Раманқұлды әруақ атқанына шәк келтірген адам жоқ. Жұрт енді қайтер екен деп жүргенде, Кенжеғұлдың баласы бірте-бірте дәуірлей бастады. Зекет жиналса, басында Раманқұл жүреді. Ханның қазуына сойыстық бергісі келмей бұлталаққа салған талайлардың құйрығын түргізіп қойып дүре соқтырды. Қазақ көз алдындағы жаудан көбірек қорқады. Қамалынан көп ұзап шыға бермейтін Бабажанды кім біліп жатыр. Ал Раманқұлдың атын есіткенде жылаған бала жұбанатын еді.

Бұрын да дәулетті Кенжеғұлдың баласы бес жылдың бедерінде жұрттың алдына түскен.

Момын туыстарын аунатып жейтін жердің реті келгенде тартынып жүрген ешкім жоқ. Қожамберді Бәйділда да, осы Бекбауылдың өзі де Хиуа қамалы түскелі едәуір-ақ қоң жинап қалған. Бірақ Раманқұлдың жөні бөлек. Оны Сыр Шектісінің билері Бабажанның оң қолы деп түсінеді. Хиуаның бажбаны қандай әрекет жасайтын болса да, әуелі Раманқұлға ойласып апатын көрінеді...

Екі жылдан бері Бабажанмен қосыла Жанғазы сұлтанның атағы қатар естіліп, Бәйділда Әбілқайыр тұқымының шашпауын көтеріп жүр. Жұрттың ойы, Сыр бойында Хиуа қамалы тұрғанда, қаңғыған сұлтанға ел тізгінін бермейді. Солай түсінетін Бекбауыл Жанғазыға жампаңдай қойған жоқ.

Әр түрлі алып қашты сөз былтыр-ақ тарады. Хиуа ханы Аллақұл алты Әлімге Жанғазы сұлтанды хан көтеріпті. Оны айтып жүрген де Бәйділда. Бабажан хан сыртынан қойылған қарауыл ғана... Ел ішіндегі дау-жанжал ендігі жерде Жанғазы сұлтанның алдынан тарайтын болады.

Бәйділданың сөзін расқа шығаратындай, Жанкентте құрылыс жұмысы қызып, "ханның қазуына" тағы да сойыстық жиналды. Бұл жолы жылдағыдай Бабажанның пайдасына емес, Жанкентке, Жанғазы ханның қазынасына құйылып жатыр... Бәйділда қырағы ғой... Көзі Қырымдағыны шалады... Осының бәрін біліп жүр екен... Бекбауыл өзінің көрбілтелігіне өкінді.

Бәйділданың ауылы төрт күншілік жол. Бекбауылдың қасында Жақай, жол бойы талай әңгіменің басын шалды. Қожамбердінің биі тегін жанұшырып жүрген жоқ... Жанғазының аты тым дабырайып кетті, түбі тізгінді алмай қоймас... Екеуінің ойы бір жерден шыққан. Сонымен Бабажанның билігі Раманқұлда, Жанғазының билігі Бәйділдаға тиді. Киікбай әулеті осы екеуінің қайсысынан кем еді... Әлім ішінде үлкен дау болса, әуелі Өтеген-Нұрымбетке ат шаптыратын сонау бір кезді еске алысты...

Ағайын ол кезде Киікбай тұқымынан әуелі ауызға алғанда іздейтіні Жанқожа болатын. Батыр інінің арқасында Бекбауыл да басы абыройлы, талай жиында ағалық етті. Жанқожа болса, қазір қуғында жүр... Киікбай әулетінде сырт дұшпан сескене қоятындай ешкім қалған жоқ. Бірақ Өтегеннің балалары оны түсінбейді. Дүние кезек, жігітке қырық жыл байлық, қырық жыл жарлылық жоқ... Раманқұл мен Бәйділданың бағы асса — ол құдай ісі... Соңғы жылдары ана екеуінің абыройы көтеріліп, өздерінің шетке қағылыңқырап жүрген бұл жағдайын ағалы-інілі екі би солай пайымдайтын еді.

Бөлек Асанның кедейлеу аулына қонып, таң қараңғысында аттанып кеткен жолаушылар Бәйділданың жаз жайлауына күн түске тармаса жеткен. Бір кездегі ата қонысы көздеріне оттай басылды. Анау қонақтарға арнап тіккізген үш ақ боз үйдің орнында Нұрымбет ағасы отыратын еді. Сегіз қанат ақ шаңқан үзікті үйге көзі түскен Бекбауыл жарылып кете жаздап келе жатыр. Іші кіпі алды. Әйтеуір-ау... Мынау табандықта Жанғазы хан Бәйділданың үйінен қонақасы ішеді екен... одан кейін ол жерді даулап көр. Киікбай әулеті ежелгі ата қонысынан қол жуғаны ғой... Бұл қонақасының түпкі мәні сонда жатқан болды. Бекбауылдың жүзі өрт сөндіргендей. Ал Жақайдың қаперіне түк кірмейді, қоңырлықты үйездеп тұрған көк алалы көп жылқыны көргенде, таңдайын қақты.

— Ат төбеліндей Қожамберді еді, дәуірлеген-ақ екен! Мынау кемі бес жүз жылқы ғой!

Бекбауылда өң-түс жоқ, үн қатпайды.

Бегділда бастаған бір топ жігіт қарсы алды.

Хан кеше кештетіп келіпті.

Қазір түстік қонақасы беріледі. Кішкенеге қараған елдің билері түгел ханның қасында екен. Бегділда Бекбауылды хан отырған үйге бастағанда, Жәнділда Жақайды жырып алып қала берді.

— Онда барып, тұмсығың батпас. Өзің қатарлы жас билер біздің үйде отыр. Сонда жүр!

Жақай ханның үстіне кіре алмай намыстанғанда, екі бетіне қан тепті. Ол қорлықты Жәнділданың "жас билер" қатарына қосқан соңғы сөзі, одан әрі қоздырды. Жақайдың жасы ендігі елуге шықты... Бекбауыл мен Жанқожа тірі жүргенде, көретін күні осы, жас атағы қалмай-ақ қойған...

Бекбауыл бір күн кешігіп қалғанына өкінді. Ханның алды ұлық. Сегіз қанат үйдің табалдырығынан аттай беріп, сүрініп кетті. Әр жерден "ассалаумағалайкүм" айтқан дауыстар қойдай маңырайды. Өзінің де еріні жыбырлаған сияқты. Бірақ дыбысын өзі де ести алған жоқ.

Жанғазының жасы елудің үстіне шыққан. Екі бетіне пышақ жанғандай, қан-сөлсіз ақ сұр еді. Дөңестеу біткен мұрнының екі танауы қусырыңқы, сирек сақал, тырбық мұрт... Шыңғыс әулеті қай халықты жаулап алса да, әйел тұқымына бүйідей тиген ғой. Әр тайпаның маңдайына біткен мойыл көз арулары Шыңғыс балаларының жас тоқалына айналды. Солай қысық көз монгол пошымдар, бірте-бірте өзгеріске еніп, сұңғақ бойлы, кесек бітімді төре тұқымдары пайда болды. Тәңір Жанғазы сұлтанды ондай "игіліктің" біразынан қағас қалдырғаны көрініп тұр. Сирек сақал-мұрты мен қысыңқы көз соның айғағы еді.

Бекбауыл ханның қолын жүрелеп отырып алды. Амандық үстінде үй іші, бала-шаға, мал тегінен ештеңе қалдырған жоқ. Қалтыраған буын бірте-бірте бекініп, қарлығыңқы дауыс түзелді.

Одан кейін әдейі адам салып, Жанқожаны қасына шақыртты. Әлім ортасына хан келіп, ел болып жатыр... Жанқожа сыртта жүргенде, ошақтың бір бұты кеміс сияқты көрінетінін айтты. Хан сарттың батырға тие алмайтынына кепілдік береді. Жанкентте Жанғазының көкала туы желбіреп тұрғанда, қазақтың маңдайынан шертуге Хиуанын бажбаны артына бақсын деген.

Жанқожа бұл жолы да ұзын арқау кең тұсауға салды. Ойланып көрмек еді. Кейін сыбыс болған жоқ.

Хан қолдасқанда, саусағының ұшын ғана беріп, қолын қайта тартып алғанын Бекбауыл да байқады. Бәйділда шошқа... ханның іші-бауырына кіріп алып, жамандауын жеткізген болды. Жанғазының көңіліндегі түйткілден хабары жоқ, Бәйділданы қарғайды.

Жасқа қарағанда, осы отырғандардың ішінде Бекбауылдан үлкені жоқ, оған хан қасынан орын тиюі керек еді. Жанғазының оң жағында Бекарыстан, сол жағында Әйімбет... Бекарыстан қозғалақтап еді, хан елеусіз ғана тізесінен басып қойды. Бекбауылға орын жапсардан тиді.

Алдында қымыз толы сырлы тостаған, Бекбауыл қанша шөлдегенмен сыр бермей, анда-санда бір ұрттап қояды. Қымыз буынға түсіп, балқып отырған жұрт әңгіме-дүкенге самарқау, есік жаққа көбірек алаңдайтын сияқты. Ендігі түс қызып, қарын ашқан, ас келгенін асыға күтеді.

Бекбауылдың көзі сегіз қанат үйдің бар керегесін түгендеп шықты. Батыр-ау, қан қызыл мынау жосаны қайдан тауып жүр? Үйдің үзігі ғана емес, туырлығына шейін-ақ ақ киіз еді. Бекбауылдың еріні жыбыр-жыбыр, осының бәріне қанша қойдың жүні керек екенін де есептеп шығарды. Көз алдында шатырдай аппақ бір өңкей жүндес қойлар шұбырып бара жатыр... Ал уық баулардың түгелдей шым жібектен тоқылғанын байқағанда, Бекбауылдың көзі қарауытты. Қайда бұрылса да, қызғылт, сары, көгілдір бояу... көзіңнің жауын алып қаратпайды. Есіктен төрге шейін кілем, термелі алаша араластырмапты. Міне, байлық!

Осыдан төрт-ақ жыл бұрын еді-ау... Бәйділданың үйінде түстеніп кеткенін еске алды. Екі-үш көнетоз кілемнен басқа іліп алар ештеңесі жоқ-ты. Түгіне адам тайып жығылғандай, мынау түрікпен кілемдерді қайдан алдырды екен.

Төрт-ақ жыл... Бәйділда төрт жылдың ішінде қалайша дәуірлеп кетті? Мына байлық қайдан келді оған? Бекбауыл болса, төрт жылдың бедерінде қойының тұяғын санап босқа жүріпті... Бай үйдің жасауына қарап отырып, бидің іші күйді.

Ac үстінде жүрегі кілкілдеп, мазасы кетті.

Мезгіл күзге тақап қалған кез болса да, түсте күн ысып, қонақтар отыра алмады. Киіз үйдің туырлығы көтеріліп, хан отырған жақтың шиі ысырылды. Іргедегі шаң бұрқ еткенде, Жанғазының беті тыржиды. Қақ төрде оқ жыландай қақиып, молдасын құрып отырған хан орнынан тұрды. Оның соңынан басқалар да сөгіле шыққан. Абажадай үй босап қалды.

Күн далада да ыстық, қонақтар ауылдың алдындағы табандыққа қарай аяндады. Бұл жерде салқын самал соғады. Семіз билер желпінісіп, жан шақырды.

Бекбауыл әлдеқалай өткен заманды еске алды. Өз үйі анау жерде отыратын еді... Бәрін де хан есітсін деп айтып тұр... Бәйділданың қабағын баққан жұрт самарқау тыңдайды.

Осы кезде Бегділда келіп, шай дайын болғанын хабарлады.

Енді қонақтар түгелдей елеңдескен. Шайдың атын есіткені болмаса, бұлардың арасында дәмін татып көрген де сирек еді. Ішкі орданы жайлайтын қазақтар қатты сыйлайтын қонағына шай береді екен. Сол ғұрып қырдағы Жетіру мен Төртқара ағайынның да салтына кіре бастапты... Ал Қарақұм, Қызылды жайлайтын ел шайды ертеректе қарақалпақ ауылдарында көретін еді. Бірақ өздерінің салтына енген жоқ.

Табандықта біраз желпінісіп қалған жұрт енді үйге қарай аяңдайды.

... Есіктен әуелі сары самауыр кірді. Ішіне екі шелек су жайымен жайғасатын күпшек самауыр, екі иінінен ентіге дем алып, булығынан будақ-будақ бу атады. Екі құлағында екі жігіт әзер көтеріп кірді.

Ортадағы ақ боз дастарханда жоталанып үйілген ірімшік-құрт, әр жерде бір түйір самарханның науаты көрінеді. Қазаққа бәрі таңсық, бұрын жоқ салтанатты Бәйділданың үйінде көріп, аузын ашып, көзін жұмып отыр.

Дастарқанның бір жақ бұрышынан сары самауыр орын алды. Одан соң күміс поднос, қытайы кеселер келді.

Ал поднос көтерген жігіттің артында Айсұлу келе жатыр еді. Жұрттың назары соған ауды.

Үстінде етегі жер сызған ақ жібек көйле Айсұлу осы көйлегін ұмытпайтын еді. Әлі бала мінезі қалмаған қыз кейде қаттырақ жүгіріп кеткенде, ақ жібек көйлектің рабайсыз шұбатылған қос етегіне сүрініп құлайтыны бар. Былтырдан бері осыған көндіге алмай-ақ қойған.

Бұрын бұл сияқты сыйлы қонақтардың үстіне кіріп көрмеген балапан қыз табалдырықтан аттайтын жерде сәл іркілді. Жүрегі дүрс-дүрс ұрады.

Әккі шеше үркек қызын екі күннен бері жатпай-тұрмай шай құюға үйретті. Келіп жатқан әпуайы көп қонақтың бірі емес, халық билеген хан. Оған бір көрініп қалудың өзі не тұрады? Айсұлу "көрініп қалудың" аржағында қандай мағына жатқанын түсінген жоқ. Бірақ шешесінің сөзінен кейін ханның жүзін көруге ынтызары ауа берді.

Есіктен кіріп келе жатқанда қыздың екі беті қып-қызыл нарттай еді.

Бұл кезде төрде отырған Жанғазы хан баяғы әз Тәуке заманын еске алып, бір аңызды бастап келе жатқан. Аңыз жеткен жерінде үзілді. Қазір қара бүркіттің назары қырдың ақ қоянына ауған... түйіліп төмен құлайтындай. Жұрттың көзі түгелдей өзіне қарап қалғанын да сезген жоқ.

Тығылар пана іздеп жаны ышқынған ақ қоян ақ самауырдың тасасына отыра кетті. Ақ көйлектің омырауындағы алқаның ақ шытыралары бір-біріне соғылысып қалып, сыңғыр қағады. Қызыл масаты жеңсіз екі өкпесін қысқандай, қыздың алаулаған жүзінен шып-шып тер шықты.

Өзіне аударылған жұрт назарын Жанғазы сұлтан соңырақ аңғарды. Бір басында төрт қатын бар... төре үшін қазақ қызы таңсық емес еді. Осалдық көрсетіп алғанына өкінді. Сұңғыла сұлтан әлгі айтып отырған әңгімесін әрі қарай жалғастырмақ еді, бірақ неден бастап, оның қай жерінде тоқтағанын құдай атып есіне түсіре алмай қор болды.

Бекбауыл бұл қонақасының басқадай да бір мақсат көздегеніне шәк келтірген жоқ еді. Қонақасы әншиін сылтау, Бәйділда ханға қызын көрсетпек екен... Жанғазының қатынқұмар мінезі бұл өңірге аңыз болып кеткен... Сонда Бәйділда бір оқпен екі қоянды атып жыққалы отыр. Бірінші, Киікбай тұқымының ата қонысын басады. Екінші, ханға қызын көрсетеді...

Төрт қатыны бар төре қарадан қыз ала ма? Әншиін ат өтті бірдеңе ғой... Масқаралап тастап кетеді. Бекбауыл Бәйділданы іштей қыжыртып отыр. Жығылған сүрінгенге күледі. Бекбауыл Хиуаның бажбанына жағу үшін бір кезде туған бауыры Жанқожаны оққа байлап еді. Адам өз ісін тез ұмытады ғой. Оған Бәйділданың мынау қылығы өрескел көрініп отыр.

Қазақ шай қадірін қайдан білсін, көбісі бір-екі кеседен кейін доғарды. Онда да ханнан ұялғаннан ішкен. Шел қысып, қымыз аңсаған билер жиі қозғалақтайды. Хан әлі тартып отыр. Оған ілескен жалғыз Бекбауыл. Ханның көңілін қимады. Әйімбет ақыры шыдамады.

— Шайды баяғыда қарақалпақтан керетін едік. Бекем нағашысына тартып жүр екен ғой... Шалың қалай-қалай сілтейді!

Сілтесе, жалғыз Бекбауыл емес, ханның көңіліне қараған шығар... Көкейіндегі сол сөзді айта алмай, Бекбауыл қор болып отыр. Шайды доғарды.

Әйімбеттің сөзіне Жанғазы да шамданды. Бекбауылмен бірге, хан басымен өзі де қарақалпаққа теңгерілді.

Әйімбеттің сөзі Бәйділданың да жынын келтірді. Қазақта жоқ салтты шығарып, қонағына шай беріп еді. Асан туысы сонысы үшін мұқатып отырған сияқты. Дастархан жиналып жатқанда Бәйділданың жүзі күреңітіп отырды.

* * *

Қожанияздың ескілікті "үзірі" биыл жаз асқына түскен. Қамалдағы бажбан сарайында күнде думан, күнде той... Бұрын тек шарап еді, оған апиын қосылды. Кейде бұл сияқты мереке әлденеше күнге созылады.

Бұл күндері қазақ билері бажбаннан аулақтай түсіп, Жанғазының маңына топтасқандай ыңғай танытты. Қожанияздың қасында қалған жалғыз Раманқұл еді. Баста бажбан осы күйікке шыдамады. Қатты мас болғанда маңындағыларды қырып кете жаздайды. Сондай бір кезіне тап келіп қалып, бір-екі қазақ биіне дүре де соғылды. Құтырғаннан құтылған, қазір әдейі шақырмаса, бәрі де қамалды алыстан орағытып өтуге тырысады. Билер Қожанияздың қасынан солай безіп шықты.

Хиуа бегі — Бәйділданың қонақасысына да, Айсұлудың ұзатылған тойына да барған жоқ. Хабар тиген кезде "үзірі" ұстап жатқан. Сол үзірдің әлегінен Жанғазы ордасындағы келіншек түскен тойға да қатыса алмады.

Одан соң да екі ай өткен. Қожанияз бас тоқсанның ішінде Жанкентке барып қайтты.

Жанғазынын тойына қатысып, Айсұлуды көзімен көріп қайтқан Қарадуан айтып тауыса алмайтын еді. Рас екен. Қазақ арасында сирек болуға тырысатын Қожанияз аса сұлу әйел кездестіре қойған жоқ-ты. Айсұлуды көріп есі шықты.

Содан соң-ақ бажбан сарайында бүлік басталды. Қожанияз шарапқа қызыңқырап алған кезде есіне Айсұлу түседі.

Өзі бес жылдан бері өкімін жүргізіп келе жатыр екен. Бір қазақ қызын көрсетіп емеурін жасаған жоқ еді. Қожамбердінің биi Бәйділда Жанғазы сұлтанға туған қызын тарту қылды... Әуелі ызасын Қарадуаннан алды.

Қазақтың билері бар жұмысын сонымен ақылдасып істеп жатқандай-ақ, мас болған кезде өршіп кетеді. Қарадуан екі оттың арасында қалған. Қыстан бері тым күдікшіл болып алған бажбан айналасына тыңшыларын да ергізіп жіберіпті. Қарадуан екі айда бір рет Хиуаға аттандырылатын шапқыншыларға да сеніңкіремейді. Ханның хұзырына қамалдағы шындықты айтып, хат жазуға да батпай жүр.

Бip аптадан бері мастығы тарқамай жүрген Қожанияз бүгін тағы құтырынып алыпты. Қарадуанды елең-алаңда төсегінен тұрғызып алған, қасынан шығармай отыр.

— Осы қамал қалай аталады?

Қарадуан тосылыңқырап барып жауап береді.

— Тақсыр, Қожанияз қамалы...

— Қамалдың әміршісі мен ғой!

— Оған не дау болсын! — Қарадуанның жүзінде залым күлкі, қолын төсіне қойды.

— Қожанияз қамалы — Хиуа хандығының қазақ даласындағы темір қақпасы. Сонда қазақтарға кім өкімін жүргізуі керек?

Қожанияз одан әрі өрекпиді.

— Өкім жүргізетін сіз боласыз әлбетте...

Мүмкін, Жанғазы сұлтан өкім жүргізу керек шығар?

Қожанияз Қарадуанның көзіне сынай қарайды. — Жанғазы жанды қуыршақ, Аллақұлдың ат ерттеушісі! Қаңғыған Әбілқайыр тұқымы қазақ ішінде бедел алып бара жатқанын көріп тұрсың ба? Қойнына сұлу қызын салып, қолпаштап жатыр, әне! Қожанияз бес жыл үкімін жүргізгенде, қазақ билерінің і»іреуі емеурін жасап, қызын әкеліп тартпайды! Маған дереу Раманқұлды шақырт!

Содан соң-ақ сүргін басталды.

Үш күннен кейін Шорабай бастаған бес жасауыл Қарасақал ішіндегі бір момындау аталықтың аулына ойран салды. Дуыл ақсақалы Төрегелдінің бойжетіп отырған қызын тартып әкетіпті.

— Ау, мұның қалай?

— Ханның бұйрығы!

Ханның саны көбейген заман. Кішкенелер Раманқұлды қарадан шыққан хан деп дабырайтатын еді. Оған Жанғазы қосылды. Қамалда сарттың ханы Бабажан ол отыр. Төрегелді састы. Қарасақал азғантай ауыл. Дабыл батыр жылжып кеткелі екі жылға жақындап қалған. Әлімнің Жанқожадан кейінгі сыйынатын пірі Ақтан батыр... Қос аттап шауып, сонда барды.

— Хан десе Жанғазы шығар, — деді Ақтан, түсі бұзылыңқырап айтты. — Төлеген, сен Бәйділдаға баршы. Хан қазақтан бір қыз алды ғой, сол жетер! Жесіріміз кетті деп бар. Алты Әлім Әбілқайыр тұқымына қыз қарызынан баяғыдан құтылған. Баламызды қайтарсын!..

Қожанияздың қаталдығы талайдың-ақ жүрегін шайып тастап еді. Ақтан батыр аттан салып атқа қонуға жүрексініп отыр.

Төлеген үш күн жүріп, түк бітірмей қайтты. Бәйділда атқа қонады екен. Сол кеткеннен мол кетеді...

— Бір жауабын берер. Төлеген тағы да барып қайтар. Әліптің артын бағайық...

Қарасақалдар тарады.

Төлеген одан соң да екі барып қайтты. Бәйділда неше саққа жүгіртетін көрінеді. Қызды алдыратын Бабажан екен. Жанғазы сұлтан Бабажанға адам салыпты-мыс... Дейді-дейдімен қыс өтті... одан көктем келді... Қыз да жоқ, Бәйділдадан да хабар жоқ. Төрегелді алдында Ақтан батыр басын шайқап отыр.

— Ханның билігі Қожамбердіге тиді. Қожамбердінің билігі шайтанға тиді. Елден берекет кететін шығар. Бұл да құдайлық іс қой, ақырын тілеңдер...

Ақтан батырдың осы сөзі мақалға айналып кетті. Бәйділданы жақтырмайтын жұрт әр жерде айта жүретін еді.

Қожанияздың жасауыл аттандырып, Қарасақалдың аулынан қыз алдырғанын Жанғазы хан есіткен. Бәйділда айтып барды. Хан басымен Хиуаның бажбанына билігі жүрмейтінін мойындау өліммен тең... Онда басқа жұртты қойғанда, қайын атасының алдында беделі түседі. Бәйділдаға Қожаниязбен сөйлесетін болып, үміттендіріп қайтарды...

Қазақ ханында қамал әміршісіне ескерту жасайтындай дәрмен жоқ еді.. Қыз іздеусіз кете барды.

Бұл жайды Қожанияз да есітіп отыр. Бәйділданың беделін қайтсе түсірудің амалын қарастырып, жанталасып жүрген Раманқұл ондай жаңалық хабарды жатқызбайды. Өзінің оғаш қимылы қазақ сұлтанының шамына тигенін білгенде, Қожанияздың кеудесінде мың сайтан ойнақ салғандай... Жанғазы тулағанда қайда барады? Он сегіз үй төлеңгіті бар екен... Қамалда қылышын тасқа жанып екі жүз сыпай тұр. Қожанияз шынымен ерегіссе, бір күнде қаңғыған төренің түндігін түріп қойып, шауып алар!..

Бір айдан кейін Шорабай бастаған жасауылдар Итіғұл бидің аулынан тағы бір қыз алып кетті...

Раманқұл сөйлеспейді. Итіғұл бастаған Алтынбайдың азаматтары бір үйір жылқысын алдына салып, Бәйділдаға барды. Ханның қайын атасы... Күйеу баласына айтып, ана құтырған сартқа өтілін өткізіп, баламызды қайтарсын дейді баяғы...

— Бәрін мұздай қыламыз... қайта бер!

Бәйділда бір үйір жылқыны алып қалды. Қыз әлі кетіп барады. Итіғұл өкініп отыр.

— Ханның билігі Қожамбердіде, Қожамбердінің билігі шайтанда... Апырмай, соны айтқан Ақтан ағам әулие екен ғой. Оның да қадірін білгеніміз жоқ, біз қайдан оңайық...

Жаманат хабар жатпайды. Қызын алдырғандар әр жерден табылып, өзі үркіп отырған елді түгел дүрліктірді. Қызы бар үй ішкен асы бойына жұқпай, дірдек қағады...

Жаманқұлда екі қыз бар еді. Қыстың көзі қырауда үлкен қызы Айша апыр-топыр ұзатылды. Екіншісінің қайын жұрты Төртқара еді, биыл Ырғыздың аржағына шығып кетіпті.

— Төлебай, Төртқараға барып қайт! Басы-көзі сау кезінде жесірін алып құтылсын!

— Қыстың көзі қырауда...

Орта тоқсанның аяғы тақап қалған. Сегіз қанат киіз үйдің қақ ортасында ошақ. Таңсыққожа әулетінің үлкен-кішісі түгел қаулап жанған қидың шоғына қолдарын қақтап отыр. Алдарында қазан, сүр еттің иісі аңқиды.

— Ойбай, Шорабай!

Томан табалдырыққа сүрініп етбетінен түсті.

— Айман қайда, Айман!

Айман Томанның отауында, жас жеңгесінің қасында еді. Жаманқұлдың үлкен ұлы Нәдір тұра жүгірді. Екінші ұлы тоғыз жасар Кенжеғұл әжесінің қойнына кіріп кетіпті. Ана жылы осы Шорабай ауылға келіп, Томанды сабап, алым-салық жинап кеткелі солай, содыр Сойырқастың атын есітсе, үйдегі бала-шаға үрпиісіп отырады.

Шорабайдың қасында ешкім жоқ, жалғыз екен.

Қой сойылды. Байдың қысқы соғымы мол. Бірақ Шорабайдың қарасынан қорқатын Жаманқұл даудан аман болуды ойлады. Бас көрсетпесе де пәлеге қалуы мүмкін. Баяғы мақал, бәледен машайық қашады...

Шорабай омыраулап сөйлейді. Бәрі сол — ханның қазуы жайлы... Сонда көрсеткен ерліктері... Онысын өз көзімен көріп қайтқан Томанда өң-түс жоқ, көзі ғана жыпылықтайды. Шорабай бірте-бірте қыз мәселесіне келді. Жаманқұлдың үйіне ат басын тірегенде, бір бүйірінде арам ойы да жатыр. Байдың екі бірдей қызы бойжетіп отырғанын естиді. Біреуін қыстың көзі қырауда ұзатып үлгіріпті... Одан соңғысы да он беске шығады... Шорабайды Жаманқұлдың үйіне жұмсаған да ешкім жоқ. Бірақ қызы бар үйде зәре жоқ екенін біледі...

Шорабай өз аузымен тоғыз ауылдың атын атады. Хан сарайына өз қолымен тоғыз қыз апарып кіргізіпті. Алып кел дейтін ешкім жоқ, бәрін істеп жүрген Шорабайдың өзі екен. Алдыңғы жылы Төрегелдінің жүйрік атына көңілі кетіп сұратса, жаман Қарасақал қолқасын қайтарған ғой...

— Сосын оны аяйын ба, екі айдан кейін қызын алдыма өңгеріп алып жүре бердім. Әлгі Итіғұл итті білесің ғой. — Шорабай әңгіменің қызығына түскен, екіленіп кетті. — Жазды күні бір тазысына көзім түсіп, сұрай қойғаным. Бораннан туған соң, қайдан оңсын, тас метін неме екен, әр нәрсені бір сылтауратып жолатпағаны. Кеше туған қарындасын өңгеріп бара жатқаным— да, "Шөке, Шөке" дейді. Онысын неғылайын, сүйреп ала жөнелдім...

Қыз Итіғұлдың туған қарындасы емес, әншиін жама ағайынының баласы екенін Жаманкұл біліп отыр. Бірақ айтпайды. Бәледен машайық қашыпты... Итіғұлмен бірге туа-ақ қойсын... Одан келер, кетер не бар?

Сонымен хан алдырған тоғыз қыздың да туыстары бір кезде Шорабайдың қолқасын қайтарған құдай атқан біреулер болып шықты. Жаманқұл, сақтан, сақтан!

Байдың табынындағы жылқы саны қазір екі жүзге әзер жетіп жығылады. Жұтқа алдырды, зекетке берді, жұқарып қалған. Биыл қыс шаруаға жай, соған да қуанышты еді. Екі інісі екі жағында үй болып олар отыр. Былтыр Нәдірін аяқтандырды... інілері енші алғысы келіп жиі қыңқылдайтынды шығарыпты. Жаманқұлдың ішкі есебі мал ортақ кезде тоғыз жасар Кенжеғұлына қалың беріп қалғысы келетін. Шорабайдың әлгі емеурінен кейін байдың іші кіпі алды. Нәдірдің бәсір аты — қара жорғадан басқа тәуір жылқы қалған жоқ... Содыр Сойырқастың сөз әлпеті көзінің сұғын қара жорғаға қадап отырған сияқты көрініп кетті.

Қонақ түннің бір уағында жастыққа бас қойды. Төрдің алдында бір өзі үш көрпеге оранып жатыр.

— Жаманқұл, ояумысың! — деді әлден уақытта. — Мен ертелетіп атқа қонам. Ағаңа бір қысқы соғым керек.

— Ойбай, Шөке, соғымның не әңгімесі бар!

— Ендеше дайындатып қоярсың, жетектеп кетейін...

— Қазір, қазір...

Шымылдықтың ішінде шешініп жатқан бай апыл-құпыл киіне бастады. Жылқы табыны ауылдан он шақты шақырым жерде, теңіз жағасындағы тоғай Жетіаралда еді. Оған адам жіберу керек. Төлебай түн ішінде өлтірсең де бармайды. Томанды қинайтын болды. Шорабайдың атын айтса, ол ұшып кетеді...

— Бұл қыз салығы деген қырғын болды ғой, — дейді Шорабай ыңырана түсіп. — Хан алдағы жазда үй басы бір қырқылмаған қозы берсін, ауыл басы — бір тесіл... қыз берсін деп отыр. Әлі талай қызық болатын шығар...

— Көтек!

Шымылдықтың ішінде Жаманқұлдың кемпірі үрейлене дауыстап қалып, артынан жым болды. Бай жалма-жан қатынының аузын баса қойып еді.

* * *

Ауыл басы — бір қыз, үй басы — қырқылмаған қозы жинату жайлы жарлық Қожанияз тарапынан болған жоқ. Әуелі Шорабай айта салды да, елден елге тарап кетті.

Бірақ тоғыз айдың ішінде Қожанияздың қамалына тоғыз қыз апарылатыны анық...

Басы Төрегелдінің қызы екен, бажбанның аш араны ашылды. Ана емшегінен адал сүт емген ақ бейіл қыр қызының қылығы да бөлек. Қомағай құмарлық отына май құйып өршіткендей еді... Жігіттік дәуренін молынан қызықтап, қалалы жерде өскен әйел жынысының алуан түрлісімен сұхбат құрып көрген Хиуа бегі, жасы алпыстың үстіне шыққанда, тағы да нілдей бұзылды. Қазақ даласын жеке билегісі келген арманы орындалмады... Әуелі күйігін шараппен басты. Оған әйел қосылды. Бұрынғы кездестірген ұрғашыларының көпшілігі қаланың жезөкше бикештері еді. Қожаниязға қазақ қызының табиғаты ерекше көрінді. Мінезі қаншалықты ұяң болса, ұяты да мол екен... Хиуа бажбанының әйел тұқымы туралы пікірі төмен болатын. Еркек пен ұрғашы арасындағы қатынастарды биологиялық тұрғыдан ғана бағалап үйренген бек ең аяғы өз қатынын да сыйлап көрген емес. Астыңдағы атыңа сенбе, қойныңдағы қатыныңа сенбе... Осы бір қыршаңқы мақалға Хиуаның бегі имандай ұйиды...

Әрине, қазақ қыздарымен кездесуі, оның бұрынғы нанымын өзгертіп, жаңа бір ізгілікті жолға түсірген жоқ. Тек құмарын қоздырды. Мысалы, ылғи шарап ішіп үйренген адамның кенет мол қымызға кезіккені сияқты... Бір тоя ішіп көрген соң, сусаса болды, қымызға аңсары ауады да тұрады ғой. Қожекеңдікі де соған ұқсас бірдеңе еді.

Өз қылығының халық көзімен қарағанда да, шариғат алдында да, тіпті заң жолымен өлшегенде де, қылмыс болып саналатынын Қожанияз түсінбей отырған жоқ. Төрегелдінің қызынан кейін оның көңілінде кәдік туды. Шариғаттан бұрын Аллақұлдың қаһарынан қорқып еді. Екінші рет, Итіғұлдың аулына жасауылдарын аттандыратын жолы, бар ойлағаны Хиуадағы ханның көңілін аулау болды. Раманқұлды шақыртып алғанда, қыздың сұлу болуын қадағалап тапсырғаны да сондықтан...

— Аллақұл хан сұратып отыр. Хиуаға жібереміз!

Жібергісі келгені рас. Аллақұл ханның атын Қарадуанға көз қылып айтты. Бірақ қыз келген соң...

Мұның өзі аш адамның, жаны ашымайтын жат біреудің баласына нан шайнап бергісі келген ықыласына ұқсайды. Ар жағында алпыс жыланы жалақтап тұр, аузында нан, шайнай бастағанда-ақ аранын ашқан аштық шыдатпайды да, нанның дәмі таңдайын жұлып... ақыры қалай қылқ еткізіп жұтып қойғанын өзі де аңғармай қалатын еді.

Қожанияз да солай, ханға жібергісі келіп-ақ алдырды... Бірақ тал шыбықтай бұратылған қас сұлумен бетпе-бет келген кезде, ерік күштен айрылады. Ал "қол тиген қызды" хан сарайына жіберіп қажеті де жоқ. Қожекең он шақты күн көңілін аулайды. Одан кейін, хош аман бол!

Хан сарайының қасындағы бір үй қазір босатылған. Қожанияздың құшағын көріп шыққан қыздардың мекеніне айналып отыр... Тоғыз қыз, қазақ қызы сарай әкімдерінің көңіл көтеретін қызық ермектері болды. Бұл қылмысты құмарлыққа бастығы Қарадуан болып құныға жығылған. Ондайдан Қожанияздың ержеткен үлкен ұлы Майқара да құр қалған жоқ. Бірте-бірте әлі де жастау екінші ұлы Қайдауылды да ауыздандырды...

Дала гүлінің жөні бөлек, қанша умаждалып қалғанмен, көпке шейін хош иісін жоғалтпайды...

Қожанияз қамалында адам жаны түршігер қылмыс осылай өріс алды. Иісі Әлімұлы ызалы. Бұл кезде Хиуа бажбанының алдына емін-еркін кіріп, келістік кеңесіне қатысатын жалғыз қазақ Раманқұл еді. Басқа жұрт қамалдың қақырайған қарасынан қорқады. Ал Жанғазы сұлтан хан сайланған соң, бастығы Бәйділда, Кішкененің бүкіл биі соның қасынан табылатын болды. Бірте-бірте басқа рулардың жақсылары шетке қағылып, қайда барса да өгей баланың халіне түскен. Сыр бойында іштей тынған наразылық пісіп жетті. Тек аттан салып, атқа қонатын адам керек... көтеріліс лап еткелі тұр еді.

Бірақ ең көп тайпа Кішкене үнсіз. Басқа аз рулардың билері солардың қабағына қарайды.

Қара басының қамы үшін Хиуа бажбанының қолтығына кірген Раманқұл туған інісіне қол жұмсауға шейін барды. Басқа кімге мейірім қылады? Қасын тіккен біреуі болса, әмірші көзіне жау етіп көрсетіп, біраз адамның обалына қалған... Күнәсі көбейген сайын, Қожаниязға құйрығын тыға түседі... Қыз салығынан кейін қатер де күшейген сияқты... жасырын дайындалып қойылған бір қаскүнемдіктен қатты қауіп күткенмен сыңайы бар, биыл қыс кішкентай қамалынан аттап басып шыққан жоқ-ты. Күндіз-түні құлағын түрік ұстайды. Қастық шыға қоятын адамның басы санаулы еді. Қарасақалдар, Қаракесек Ақтан батыр, Әйдербектен Бәркелет, Бекжарастар... олардың қатарына Бекарыстанды да қосады. Алдағы жазда осы аталғандардың басына қауіп, Раманқұл бір бәлені ішіне түйіп отыр.

* * *

Үйі Бәлдірді алдыңғы жылы жаздай күтті, күздей күтті. Жоқ. Жапанда жалғыз үй қалған. Азаматтың қадірі өлгенде өтеді деген осы... Бәлдір ат үстінде жүретін еді. Ауыл-ауыл көшіп жатқанда, біреуге барып көлік сұрап әкеледі... Бір ауылдан жырылып қала қойса, екінші бір ауылдың желкесіне апарып жолым үйін тігеді...

Адам болып үйден аттап шықпаған Жалбыр бір жанды танымайды. Қыс түсуге қараған соң Дәлду састы. Екі етегін түрініп алып, өзі шыққан. Ақбайдың басында алты-жеті үйлі ауыл көрініп тұр. Салып ұрып сонда барды.

Бәлдірдің өлгенін де сол ауылда есітті...

Алты-жеті үй Палуан бес жылдан бері Ақбайдың басынан табан аударған жоқ. Жаз тары егеді. Қыс бір-жар малын бағады. Нағыз жатақ болып алып еді. Жер емшегін еміп, біраз қоң жинап алған. Ауылдағы қойдың саны бес жүзге тақап барып, он шақты түйе тұқымы да пайда болды. Бес жылдан бері Ақбайдың басында қыстайды. Жайлауға шығуды қойған...

Ауылдың ақсақалы Қорен. Бетін жыртып, шашын жайып отырған байғұс әйелге мейірімі түсті. Бәлдірдің жолым үйін Ақбайдың басына көшіртіп алды.

Сол жолы жазда Жалбырдың еңбегі жанып, үйге он шақты қап астық кірген. Қыс азықтан тарықпай шықты. Палуандар бәтуа қылып, Дәлдуді Жалбырға некелеп қосты. Екеуінің ортасында он төрт жасар Күнімай. Дәлду өмірі ұл бала туған емес. Ал Бәлдір бала іздеп қайғырмайтын еді.

Өткен жаз тағы да тары салды. Бірақ Ақбай Көкшекөл емес, астық өнімсіз болды...

Бұл үй биылғы қыстан жүдеңкіреп шыққан.

Көп күттіріп көктем де келді. Палуандар қыстаудан кешіп шығып, Ақиректің құйрық жағындағы қоңырлыққа қоңырқай үйлерін тігіп жатыр. Ауылдың бір шетінде Бәлдірдің жолым үйі де керегесін жайды.

Ауыл жаз жайлауға шығатын ойы бар. Өйткені түйенің басы көбейді... Сондықтан жұрт асығыс еді.

Жер кетпенделіп, уыстықұлақ тары себілді. Оның суы қолсамармен беріледі. Шығырды білгенмен, қолда жоқ. Ағаш та, оны шаба қоятын шебер де таптырмайды. Қырық күн шілде туған күні тарының бірінші суы беріліп болды.

Енді ауыл жаз жайлауға көшуі керек. Тарының басында Жалбырдың үйі қалады. Онсыз да көш-көлігі жоқ үй, сауыны да жартусыз, күзет ақысына бес қойдың сүтін алатын болып келісті...

Жалбыр егіннің басында. Дәлду есіктің алдында кетпен саптап отыр. Марқұм күйеуі есіне түсіп, ыңырсып жылап алды. Мына кетпенді Бәлдір Алтынбайлардан сұрап әкеліп еді-ау... Онда Күнімай жеті жасар бала... Сорлы Бәлдірдің теміртек құрлы да өмірі болмады ғой... Ойхой, дәурен десейші...

Шешесінің ыңырсыған даусы құлағына келсе, Күнімайдың аза бойы қаза тұрады. Иығына иінағаш салып, үйден сытылып шыққанша асықты.

Құдық ауылдан бір шақырымдай жерде, құмның ішінде. Баяғыда Мақпалкөлдің жағасында Күржібай атты бай адам тұрады екен. Мақпал деген сұлу қызы болыпты. Құм ішіндегі жалғыз құдықты сол Күржібай қаздырады... Күнімай оны да Палуандар аулына келген соң есітті. Қазір Күржібай да, Мақпал да жоқ... Жұрт атақты байдың құдығынан су ішіп отырғаны болмаса, өзін әлдеқашан ұмытқан. Бір кезде қазақ, қарақалпақты дүрліктірген Мақпал қыз хикаясын да білетін адам сирек еді...

Қыздың белі құмырсқадай нәзік, екі шелектің салмағынан үзіліп кететіндей майыса түседі. Ажарының жұмсақтығы, аққұба өңі әкесіне тартқан. Бір сәт аршыған жұмыртқадай жүзін мұң көлегейлейтіндей, қиық қасының екі ұшы түйісіп қалып, қайта жазылады.

Әкесін Күнімай да жиі еске алады. Бәлдір бір кетсе, ылғи ұзағынан жоғалып, сағындырып оралатын еді. Ол күні жолым үйде мейрам... Қай ауылда болды, қандай қонақасы ішті... Бәлдip бір түн айтып тауыса алмайды. Күнімай әкесінің ауызынан бұдан бұрын өзі өңі түгіл түсінде көріп-білмеген жүздеген адамның есімін естиді...

Өз үйінен тысқары бір жерде бейтаныс үлкен өмір ағысы бұрқырап жатқандай... Ал әкесін бүкіл елдің қадірлі адамы санайтын еді. Шындыққа осы ауылға қосылған соң, көзі жетті. "Әлгі жарымес Бәлдірдің қызы ғой..." Ақ көкірек әкесін білмей қазақ, жарымес санайды екен... Қыз соған да қорланады.

Күнімай суға да жалғыз баруға тырысады. Жат ауылдағы құрбы қыздары оңаша шығып алған соң мүйіздейтіндері бар. Ал Күнімай кінәмшіл еді...

Ту сыртында ат тұяғының дүсірі шыққанда қыз жүрегі ештеңеден қауіп алған жоқ. Ақпайдың басында жүргінші үзілмейді. Көктем туғалы кэш ағылып жатыр. Бәрі де Қарақұм жақты бетке алып, үдере тартады...

- Әй, мынау қыз ғой!

- Жас бала емес пе?

- Қалпақпен ұрғанға құлай қоймас!

- Екі шелек суды қаңбақ құрлы көріп келе жатқан жоқ. Қалпақтан да үлкенірегін көріп жүрмесін...

"Қалпақпен ұрудың" мәнісін есіте жүретін Күнімайдың екі беті ду етті. Енді жүрісін де жеделтіңкіреп, мынау ұятсыз еркектерден құтылғанша асықты.

- Шөке, қайтесің соны. Хан ием жалаңаяғын көріп шошып кетіп жүрер... — деді қарлығыңқы дауыс.

Жалаңаяғына өзінің де көзі түсіп, Күнімайдың жүзі ұяттан өртенгендей. Қыз болып кеуіш-мәсі киіп көрген жоқ. Өкшесінің күсі бір елі еді. Өзінің бойжетіп қалғанын қазір түсінгендей, жыларман болып келеді.

- Әй, тоқташы!

Қаһарлы дауыстың иесі тұсынан өтіп бара жатыр еді. Күнімай жалт қарады. Жас дөңгеленген қара көздің жанарында ыза ұшқыны жарқ етті.

Шорабай ішегін тартты. Оған адам баласы қаттырақ ызаланған сайын, қаттырақ ұнайтын еді. Ондай кезде өзінің де ескі жыны құрыстайды.

— Жігіттер, мына қызды маған өңгертіңдер!

Күнімай бұл сөзді қалжыңға айтып тұр деп түсінді. Иегіне бір тал қыл бітпегені болмаса, шалдың жасы әкесімен қатар екенін байқап тұр.

— Ата сақалың ауызыңа шыққанша... — Бұрын біреудің жүзін жыртып сөз айтып көрмеген қыз көзінен бір тамшы жас ыршып кетіп, тұншығып тоқтады.

— Шорабай аға, қарай ғой, аппақ екен!

— Taп өзі!

— Ей, атың кім!?

— Немене, жоғалтып жүрген қызың бар ма еді! — Күнімай жалт бұрылып жүре берді.

— Әй, қыз, тоқта!

— Жекебай, ұста!

Әлгі шал атын тебіне түсіп, алдын кес-кестеді.

— Нағылған көргенсіз адамсың! — Күнімайдың ызасы қайнады. Менде не ақың бар?!

Алдындағы кісінің жүзінде ұяттың ізі де жоқ, шегір көзі шақшиып кеткен екен. Күнімайдың зәресі ұшты.

— Апа!

Әлде кім ақ білектен шап берді. Иінағашы анадай жерге ұшып кеткен. Күнімайдың ең соңғы кергені ақтарылып жатқан суы еді. Обыр құм асыға жұтып жатыр екен...

— Апа!

Күнімай мойнына бұғалық түскен құлыншақтай бұлқынады. Бірақ ақ білекке қақпандай шапқан қарулы қол тыпыр етуге келтірмеді, қаңбақтай дөңгелетіп алып барады.

— Апа!

Ұстаған жігіт қолындағы қызды Шорабайдың алдына өңгерте салды. Ашынып алған Күнімай аянатын түрі жоқ. Ақыры алысып дәрмені жетпесін білген кезде шиқан сары бетке бес саусақты салып қалған, қан бұрқ етті.

— Мына сайтан қайтеді, әй!

— Апа!

Содан соң Күнімайдың үні ешті. Мойны Шорабайдың қолтығында, тұншығып жатыр еді.

— Бұл Палуан деген жынды халық, басымыз бәлесіне қалар, тез жөнелейік! — деді бір жігіт.

Көктем туған соң бір айдай тым-тырыс жатқан Қожанияз жаз келіп қалғанын сезіп, қайта құтырынған сияқты. Кеше Раманқұл, Шорабайды шақыртып алып, қалайда қыз тауып әкелуге бұйрық берді...

Қазақ ауылдарының қазіргі күйі қатты бұралған домбыраның ішегіне ұқсайды. Қызды қатты қадірлейтін елдің мұндай қиянат намысына тигендей еді. Бірақ санасыз Шорабайдың қаперіне түк кірмейді. Хан бұйырған екен, құдайдың қызы болса да тартып әкетуге бар. Ал Раманқұл қулыққа басқан сыңай танытты. Шорабайға оңаша құдықтың басын, ауыл-ауылдың сыртын торуды тапсырды. Қыз қамалға кірсе болды, би аяғын сыйырқұйымшаққа айналдырудың тәсілін ешкімнен сұрамайды... Шорабай солай топшылап қалған...

Аттылар сатырлатып тартып барады.

Дәлдудің қолында әлгі кетпенсап, Күнімайдың даусын ашық есітті. Жұмыс жайына қалып, үйдің сыртына жүгіріп шыққан. Күнімайын тулақтай сілкіп жүрген төрт-бес жігітті

көргенде, сасып қалды.

Қыз алып қашу қазақ аулында жиі ұшырасып тұратын жай. Бәлдір осы Дәлдудің өзін алып қашқан. Айттырып қойып, қалың малын толтыра алмай... Бірақ онда түн еді. Бәлдір үш жігіт болын келіп, алдыда қашты...

Тал түсте мынадай қорлықты кім көріпті...

— Ойбай, аузыңа сі...! Таста қызды, таста!

Сатырлатып шауып ала жонелгендердің артынан Дәлду тұра ұмтылды. Әттең, салт атты жау жеткізетін емес, әйтпесе қолында өлетін. Дәлду Ақбайдың басына жеткенше, аналар Талтаңбай қазған жақтағы ақ шағыл құмның ішіне кіріп те кетіп те еді. Өзі долы қатын екі бетін алды да салды.

— Ойбай, Жалбыр-ау, сенің ендігі жасынды жер көрсін! Әлгі Күнімайды алып кетті ғой, ойбай!

Ауылдағы тірі жан түгел үрпиісіп қалған. Қорен шал жұбату айтқан болды. Бейсаубет жолаушылардың кім екенін сол ғана жорамалдап отыр...

— Шорабай ит қой! Бара жатқанын көрдім. Қасында жасауылдары, танығанда не істеймін оған? Сорлы қызды Бабажанға тартуға алып кеткені ғой. Әй, Раманқұл көгермес!

Сарттардың әр ауылдан қыз алдыратынын, талайлардың і.ір қағып отырғанын Дәлду де есіткен. Бабажан сарттың атын да біледі. Бәлдірді өлтірген де сол сарттың ханы екен... Күнімайды әдейі іздетіп алдырып отырғанына шәк келтірген жоқ... Шынымен қасын тіккен...

— Ағайындар-ау, ел емессіңдер ме? Жас баланы сарттың қолында шырқыратып қойып, қызығына қарап отырғандарың ба!? Ойбай, ойбай! — Шашын жұлып отыр.

Ел болғанда не істейді? Қара сартқа Қаракесек Ақтан батырдың да сөзі өткен жоқ... Қорен күйзеліп отыр. Бас көтерер жан қалмады. Жалғыз Жанқожа еді... ол да қуғын көріп, Төртқараның ішіне сіңіп кетті.

Дәлду күнімен ойбайлады, түнімен ойбайлады. Үшінші күні даусы қарлықты. Ойбайынан сонда таңбайды. Тынышы кеткен Палуандар тарысының бірінші суын шала-шарпы беріп болған соң, жаз жайлауға асыға көшті...

Жалбыр таң сәріден тұрып, кетпенін иығына салады. Мойынына су құйылғандай еңсесін көтермейді. Бұрын да сөзге жоқ жігіт біржола үннен қалған. Дәлдудің даусы түн баласына бір сембейді, Жалбыр тыныш ұйқыдан қалды. Күндіз тарының басына қашып, құлағы тыншиды. Күрегімен жер шұқылаған болады. Сүрелеп құлайды...

Дәлду жалғыз үй қалған соң екі есті күйге түскен. Бірте-бірте ойбайды да азайтты. Ыңылдап отырады. Үйіндегі жалғыз іске татыр мүлік — төркінінен келген қара сандық... Оңаша қалса, қара сандықты ашады, көр-жерді ақтарады.

Бүгін сандықтан Күнімайдың ит көйлегін тауып алды. Жүн-жұрқаның арасында жатыр екен. Өрім-өрім ақ бөздің көйлек екенін көктеу жібінен ғана айырасың... Күнімай қырқынан шыққан күні осы көйлек жоғалып еді... Осы ит көйлектің Бәлдір байғұстың ескі көйлегінен тігілгенін әлдеқалай есіне түсірді... Сол-ақ екен боздады.

Ит көйлек умаждалып қалыпты. Ішінде зілдей бірдеңе... Дәлду жазып жіберіп, аңырайып отыр. Ит көйлекке екі жүзді қанжар оралыпты. Мүйіз сапты қанжар... таныс қанжар...

Бәлдірдің ұлы атасы атақты темір ұстасы болыпты-мыс... Қыстау басқан жері, кейін "Темірші" атанып кеткен, биік шоқы еді. Ол кезде бұл маңда қазақ сирек, Қарақұмнан әрі қарай жаз жайлайды. Сыр бойында қарақалпақтардың қыстауы... Ал темірші ұстаны қазақ-қарақалпақ екі арыс елде танымайтын адам жоқ екен...

Бәлдірдің руы кім екенін қазақ білген емес. Сол сияқты Темірші атайдың да шыққан тегі кім екені белгісіз күйі кетіп барады. Марқұмның көзі тірісінде ол сырды сұрастырған да ешкім жоқ. Теміршіге ісі түскен адам келеді. Ата-бабасын қазбалап отырып, шамына тиіп қалсаң... Жұртқа тыныштық керек...

Ал Темірші шал қорасынан ұзап шықпайды, сырт халықпен де араласпайды. Анда-санда көрігін басып қойып, ертеден қара кешке алқынып іс соғады. Баласы тұрмай жүріп, бір ұл сүйеді екен. Қартайып келген шағында кедейлеу Жақайыммен құда болып, келін түсіреді... Одан Бәлдір мен Жалбыр туды... Ата айыруға келгенде шалағай Бәлдір нағашы жұртынан өлсе жаңылмайды. Жақайымды көрсе, құтырынып кететін...

Темірші атасы тоқсаннан асып көз жұмғанда, Бәлдір әлі дүниеге келген жоқ. Әке-шешесі өзінен бұрын жерге жеті перзентін бергенін айтып отыратын еді. Сегізінші баласы Бәлдір туып оның есі кіргенше қанша заман өткенін өздері біледі... Бұл қанжар сонау арғы атасынан қалып келе жатыр. Оны Бәлдірге әкесі айтқан...

— Алпыс жыл темір соққанда артыма ауыр дәулет қалдыра алмадым. Мынау темір текті сақтаңдар. Бір ер ұл туса, атасының. көзіндей көріп ұстар. Бірақ жамандық жолында жұмсалып, жүзі қанға боялмасын...

Бұл — ұлы атасы Темірші ұстаның өсиеті. Бәлдір оны да әкесінен есітті. Ұлы атасының қасиетті төсі мен балғасының қай күлдікке қалғанын да білмейді. Қанжар ұстайтындай ерлік те дарымады. Қанжармен жұмысы болған жоқ...

Күнімай туатында әкесі қартайған, далаға еңбектеп шығатын еді. Қанжарды ит көйлекке орап, сандыққа салып жүрген де сол болуы керек...

Дәлду ит көйлекке бетін басып жылап еді. Екі иығы селк-селк етеді.

Қанжардың жүзінде жыртық үзіктен сығалаған күннің сәулесі шағылысып, жарқ-жұрқ от шашты...

Қанжар... ғайыптан пайда болған қанжар...

Қанжар сандықтан кілт салатын темір тегіне тиіп кетіп еді, жабысып қалыпты. Дәлду жұлқа тартып қалды. Қайта жақындатып көріп еді, қайта жабысты. Жұғып тұрған желім көрінбейді. Қанжардың жүзі құп-құрғақ... Темірге темір жабысқанын кім көріпті!

Дәлду қанжарды кетпеннің жүзіне жақындатты. Қолынан сусып шығып, кетпенге сарт етіп жабыса қалғанда есі шыққан. Уа, құдірет! Әйелдің көзіне қанжар қан тілеп, тұра-тұра ұмтылатындай көрініп кетті. Қан... Сарттың қаны! Дәлду жападан-жалғыз сақ-сақ күледі.

Онсыз да кембағал байғұс есінен алжасып отыр еді. Қазір ол үшін бүкіл тірлікте түймедей мән қалған жоқ. Ойы бір қалыпқа арқандаулы, шыр айналады... ол жалғыз қызы Күнімай... Сарттың сұмырай ханы жалғызын тұтқындап әкетті... қанжар... қанжарды оған тәңір жіберіп отыр... Дәлду осы қанжармен сартты жарып тастайды... Күнімайын алып қайтады...

Қанжарды төсіне қысып алған Дәлду далаға шықты. Анадағы салт аттылардың кеткен жөнін әлі ұмытқан жоқ-ты. Екі етегін түрініп алып, жүгіріп барады.

* * *

Қырық күн шілденің іші, күн күйіп тұр.

Бұл күндері Ақтан батырдың аулында дүрбелең еді. Алты жүз үй Қаракесектің игі жақсылары бас қосты.

Кеше батырдың жамағайыны Төлеген деген жігіттің үйіне Бабажанның жасауылдары келіпті. Бойжетіп келе жатқан қарындасы бар. Хан соның хабарын естиді екен. Раманқұл әдейілеп сәлем айтыпты.

— Ақтан ағам ренжімесін. Хиуа ханы қазақ қызына ғашық болып отырған көрінеді. Бабажанға шапқыншы жіберіпті. Ханның жолы ұлық, оған аталықты жердің баласы дұрыс болар дестік. Батырдың аулында бір баланың бойжетіп отырғанын естиміз. Қызды жау да алады. Сұрап отырған Хиуа ханы. Айттырып қойған жері болса, бір бес-он қара беріп ырза қылар. Батыр бір баланы қисын...

Ақтан батыр жасауылдарды бос қайтарды. Раманқұлға өзі барып жолығатынын айтқан...

Бұл кезде батырдың жасы жетпісті орталап қалған. Қожанияз қамалы түскелі де алты жылға қарап барады екен. Зекеті дейді, сойыстығы дейді... бір зорлығынан бір зорлығы асып түскен. Енді адамға ауыз салып отыр. Қожанияз қамалының әрекетін алыстан бағып, бірақ қыңқ етіп сыр бермейтін батыр ана жылы Төрегелдінің қызы тұсында бір тулады. Енді өзіне ауыз салған кезде, біржола тұралап қалды.

Осы Әлімнің ішінде әлі бір қыз бермеген ауылдар бар. Ақтан Раманқұлдың үйінде белгілі аталықтарды көзінен тізіп санап шықты...

— Ханның қартайған шағында, қасын маған тіккен екен! Қасындағы ақылшысы сен болғанда, көрсетерің осы ма еді? Ең болмаса Қаракесектің қара шаңырағын сыйласаң етті.

Ақтан зіл тастай сөйлейді.

Әлімнің үшінші баласы — Ұланақ. Атасы Қаракесек қартайған кезінде тәуір көретін немересі Ұланақты өз қолына алады екен. Ақсақалдың қара шаңырағы да немересінде қалып, одан тараған бір тайпа ел атасының атымен Қаракесек атанып кетеді. Ақтан шын қысылған кезде соны еске алып отыр.

— Ақтан аға, осы жерде менің қылдай қиянатым болса, құдайға тапсыр. — Раманқұл қара шаңырақты еске салғанда сасқалақтады. — Бұйырып отырған Бабажанның өзі. Сіздің ауылда бойжетіп отырған қыз бар екенін қай жетпегірдің айтып жүргенін қайдан білейін. Хиуаның ханынан шапқыншы келетіні рас. Мен қарсы жауап айта алмай қалдым...

— Ендеше Бабажан төреңе айт. Ақтан сартқа қыз қарыздар болған жері жоқ. Қыз берілмейді!

Ақтан бір қойдың басын мүжіді. Айтқан сәлемін Раманқұлдың күні ертең жеткізетініне шәк келтірмейді. Қайтар жолында жүрісін жеделдетіңкіреді.

Қаракесекте бір сұлу қыз бойжетіп келе жатқанын айтқан Раманқұл еді. Алдыңғы жылы Ақтан батырдың үйірінде сүлікқара атты жүйрікке көзі түскен. Үйінде қонақ болып отырып, батырдың маңдайына біткен жалғыз атқа қолқа салды... Қазақта бір аттың қолқасына жарамаудан артық қорлық жоқ. Ақтанға сонда бір өкпеледі...

Биыл қыс Қарасақал аулынан қыз алдырылды. Сонда осы Ақтан Бәйділдаға өтініш айтады. Батырдың ол бұйымын Раманқұл да бітіре алмайтыны анық. Бірақ Ақтанның Қожамбердіден пана іздегені намысқа тиді. Сол жолы талағы тарс айрылған Раманқұл аяқтан шалар кезеңін андып жүр еді. Ақыры алдына келтірді. Бірақ Ақтанның мойып тұрған түрі байқалмайды. Ауыр-ауыр сөз айтып, қара шаңырақты ауызға алып отыр. Ата әруақ Раманқұлдың да осал жері... Әруақты алға тартса, есіне туған інісі Қожан түседі. Жанқожаны қуа шығып, Қожанды өз қолымен атып қайтқан. Өзінің әруаққа ұшырағанына шәк келтірмейді...

Әттең, Ақтан Жанғазыға барғанда ғой... Раманқұл соған өкінеді. Екі қошқар — Бабажан мен Жанғазы төрені соғыстырып қойып, қызығына қарап тұру үлкен арман еді. Қожамбердінің күйеу баласын аяғынан қалай шалудың ыңғайын келтіре алмай-ақ жүр... Әлім-Шөменде хан екеу болды. Осы екеуінің қайсысы мықты екенін білген қазақ жоқ. Түбі кімді кім билейді? Осы сұрақтың төңірегінде талас та көп... Раманқұл миығынан күледі. Сыйынғаныңнан сүйенгенің күшті болсын. Оның сүйенетіні Қожанияз... оның мықтылығына да сенімі берік...

Ақтан батыр Бәйділдаға барған жоқ, өзіне келіп отыр. Қара шаңырақтың иесі халық алдында абыройлы. Оған қатты қайырып жауап айтудан қаймыққаны да сондықтан. Ал оның сәлемін алып, Қожанияздың үстіне кіре алмайтын еді. Онда Ақтаннан гөрі өз басына қатері, Қожанияз ондай осалдықты кешірмейді!

Жалғыз жол — жамандап бару керек... Онда Қаракесектің аулына сыпайларын аттандырады. Ақтан да қарап жатқан жоқ, ақыры қантөгіске соғады... Әрі ата әруақ...

Ақтан да әруақты ердің біреуі...

Раманқұл екі оттың арасында қалғанын енді сезіп отыр.

Оның ақылынан ашуы бұрын келетін еді. Сонысынан талай опықта жеді...

Ойлап-ойлап тапқаны: бұл сырды Қожаниязға білдірмейді... Баста Ақтанды ауызға алып жүрген өзі... Бабажан сарайға кімнің қызын әкеліп жатқанын қайдан біліп жатыр. Кедей-кепшіктеу ауылдардың бірін торып, қыз алып қашу керек. Мейлі, содан соң Хиуасына жібере ме, өзі жайғастыра ма?.. Раманқұл осы күнге шейін Хиуаға жіберілген бір қызды көрген жоқ.. Қаншасы әкелінсе де бір Бабажаннан ауыспайды. Хиуа ханын әншиін айтып отыр... оның да дұшпаны көп... сыртқа көз қылатын шығар...

Сол күні Шорабайды шақыртып алған. Құдықтың басы, кедей-кепшіктеу ауылдар... Сыр бойын сырттай торуылдап қайтуды тапсырып отыр.

Күнімай қақпанға солай түсті.

... Қазір Раманқұлдың аулында жұрт әбігер еді. Шорабай өңгеріп келген Бәлдірдің қызын қайта киіндіріп жатыр. Ақтан батырдың аты аталып қойды. Жалаңаш қызды алып барса, Бабажан кәдік алып қалуы мүмкін... Ең болмаса киімін бүтіндеп жіберудің қамын ойластырып жатыр.

Күнімайды Қожанияз қамалына бидің өзі алып кетті. Әңгімесі де жұмсақ... Ақтан батырға Раманқұлдың өзі барыпты... Қанша айтқанмен көненің көзі ғой... Хан сұратқанын есіткенде, батыр орнынан ұшып тұрған көрінеді. Қызды қасына қосып жібергенін айтты...

Раманқұлдың сөзі шіп-шикі өтірік екенін Қожанияз да аңғарған жоқ.

Ал Ақтан батырдың аулында әлі жиын, исі Қаракесек дүрлігісіп жатыр.

Батыр Раманқұлдан күдер үзіп келгенін айтты. Амал-айла таусылған, басы салбырап отыр еді.

Біреу Жанғазы ханды ауызға алды.

— Ханның тізгіні Қожамбердіде деп Ақтан ағам айтқан жоқ па еді. Төлеген кейіді, қысты күні Бәйділдаға бір барғанда екі барып, беті қайтып қалған. — Ал Қожамбердінің тізгіні шайтанға тиген соң, есе алып беріп не көгертеді! Ең қызығы ата әруақты шақырып атқа қонған!

— Атқа қонған дұрыс-ау. Бірақ ат төбеліндей Қаракесек айқай салып шыққанда, кімді қырасың? Елдің еңсесін басып тастады ғой. Үн қосатын ағайын табыла қояр ма екен... — Ақтан күйзеле түсті. — Бәйділда мен Раманқұлдың қабағын баққан қалың Кішкене қозғалмайды.

— Осы Қызылда не бітіріп отырмыз? — Төлеген ақыл қосты. — Атқа қонуға қауқар жоқ екен, Қырға қарай жылжиық. Жәкем де сонда. Алдыңғы жылы Дабыл көшіп еді, ештеңесі кеткен жоқ, ел болып отыр.

— Дұрыс, дұрыс!

— Енді сарттан жақсылық дәметпе!

— Біз осылай ханнан қаперсіз отырғанда, әлі қалың қолын жауып жіберіп, әлегімізді аспаннан келтіреді!

Ақтан да содан қауіптенеді. Бірақ көшпек де киын. Мынау күйіп тұрған қырық күн шілденің ішінде, үдере тартқанда қайда барады? Қарақұмға шығып кеткенше, жеті-сегіз көштік жер... Бала-шаға шөлден қырылады ғой... Әрі Қарақұмға барып, ханнан құтыла алмасын да біліп отыр. Аржағында Жақайым, бер жағында Әйдербектер... Бәрінің де көрген күні осы... Қара үздіру үшін Мұғалжар асу керек. Ал онда Жетіру мен Төртқара, Шөмекей құдық жетпей, қонысы тарылып, өзді-өзді қырылысып жатыр... Алты жүз үйді қайда апарып сыйғызады? Жанқожаның жөні басқа... Он шақты үйлі жалғыз ауыл...

Тіпті қаша көшкенде, хан шын қасын тіксе, көшті жолдан басады ғой...

—Батыр-ау...

Ақтан басын көтермейді. Осыдан жеті жыл бұрын... Раманкқұлдың үйінде өткен кеңес көз алдында елестейді. Осы Бабажанның сөзіне имандай ұйып, бас шұлғыған адамның бірі Ақтан еді. Жанқожа ғана қияс тартты. Оның сөзі отырғандарға тентектік көрінді. Жасы кіші демеңіз, ақылы аса аға ғой... Жанқожа сонда бір бәленің боларын білген екен-ау...

Қолдайтын жан жоқ, есікті қатты серпіп ашып, үйден шықты Жанқожа... Жиен назары қатты... әлде назарына ұшырады ма? Ақтан ере шықпағаны үшін кейін қанша өкінді...

Мынау зауал ғой... Бұл зауалдан құтылу үшін алты Әлім түгел атқа қонуы керек. Ат төбеліндей Қаракесек ерін бауырына алып тулағанда, қайда барады? Жанқожаның жөні басқа... Оны Орыстың үш баласы түгел қолдайды. Өйткені Кішкененің Жанқожасы... Оны Жақайым да сыйлайды. Өйткені Жылқайдар батырдың кегін алды...

Елдің қазіргі күйі жетім баланың күніндей екен-ау. Бәйділда мен Раманқұлдың кескіні анау... Байқошы мен Бекарыстан, мойынын ішіне алып басын бағып ол отыр. Жылау елдің көз жасын көріп, ара түсетін бірі қалған жоқ...

Жанқожа елде болса, шешініп шығар еді. Бабажан оның көзін кұртқысы келгенде, сонысын біліп қорықты ғой...

Жанқожаға шапқыншы жіберу керек...

— Ау, батыр-ау...

Төлеген үшінші рет айтқанда, Ақтан батыр басын әзер көгерді.

— Ауыл Қиялға қарай жылжиды. Түйелерді құмға қарай айдап салармыз. Теңіздің жағасында кісі бойы жерден еспе шығады. Судан тарықпаймыз...

Отырған жұрттың көзі ұясынан шығып барады, бірақ батырдың сөзін бөлуге бір жан бата алған жоқ.

— Төлеген, сен атқа қон! — Соны айтқанда Ақтанның дауысы ширақ есітілді. — Жанқожаға барасың. Ел басына бүлгін күн туды. Кеңшілікте азамат қадірін кім білген. Басына күн туғанда, алтын балдақ асыл семсерін іздейді. Батыр алты Әлімге өкпелі еді. Ағайын жылап келгенде, таудай өкпе тарайды. Өткенді кешсін. Жаңылмас жақ, сүрінбес тұяқ жоқ екен, ол шындыққа сексенге шыққан жасымда көзім жетіп отыр. Осы елдің басына бұғалық түсетін жолы құрық алдырғанның бірі мен едім. Обалына қалдым. Бұл өкініш өлсем сүйегіммен кетер!.. — Ақтанның көзіне жас келіп қалған, даусында діріл білінді. — Осы сөзімді қалдырмай айт. Жанқожа жиен ғой, көз алдымда есті. Кекшіл емес еді. Елге оралсын. Оған шейін мен де қарап жатпаспын. Қойдың жасындай өмірім қалды, қалғанын осы жолға қиғаным! Ақтан атқа мінеді!

— Ой, ерім!

— Бозқасқа, бозқасқа!

Отырған жұрт шу етті.

Есіктің алдында бір жігіт меңсіз қара қойдың аяғын байлап жатыр еді. Тамағынан шалып жіберді.

* * *

Бұл дала алыстан қоңырланып көрінеді. Сыр өңірімен салыстырғанда, бұл даланың шөп бітімі де бөлек, жусаннан гөрі барқын бұтасы мен шағыры қалың, көк еркек пен ақ қаудан аттың тізелігін қағады.

Биыл көктемнің аяғы тым сылбыр, ылғи жаңбырлатып тұрған. Қырық күн шілде де қоңыр салқын болып басталды. Мал баққан қазақтың құдайы беріп тұр.

Нұрымбет аулының жылдағы әдеті, жаз жайлауына ертерек шығады. Қозы аяқтанып, көктемгі қой қырқымын да алып болды. Қияқтыда жалғыз құдық... Барақ пен Нұрымбет балаларында мал басы едәуір, биыл су тапшылығы сезілді. Бүгін Ақмырзаның үйінде сол жайлы сөз қозғалды. Жылқы тебінін басқа жаққа ауыстырмаса болмайды екен...

Осыдан үш көштік жерде Акбұлақ қыраты бар. Жан-жағы тастақ, мал өрісіне жарамайды. Бірақ Ақбұлақтың суы екі жүз жылқыдан жетіп артылады.

Боранбай мен Жауқашар бастаған алты-жеті жігіт бүгін жылқыны Ақбұлаққа қарай аударатын болды. Басында қостанып жатып, кезектесіп жылқы бағады...

Түстен кейін құлындар байлаудан босатылып, ауылдың алдындағы желілер жиналды.

Ауылда Ақмырза қалды, Жанқожа қалды, тағы үш-төрт еркек кіндік бар. Біреу қой қайырады, басқалары кезектесіп түйеге қарайды. Жаз қазақтың бейнеті бастан асады.

Қыр жайлап, Төртқара ағайынмен қоныстас болғалы да алты жылдың жүзі болған екен. Нұрымбет әулеті осы жаққа келіп қоң жинады. Жанқожаға дегенде қайын жұртының пейілі кең. Батыр сонысына ырза. Әрі көптен еріні кезеріп жүріп, осы елдің ішіне келген соң перзент сүйді... Оны да жақсылықтың жоралғысына жорыды.

Тез тасып, тез төгілетін Ақмырза ағасы қара-құра көбейіп, құйрығына шел айналған соң қыңқылды бастады. Шал дүние салғалы да он жылдан асып бара жатыр екен... Ac берудің сәті келмей-ақ қойған...

Оны Жанқожа да ойластырмай жүрсе екен-ау. Аяулы әке атаусыз қалған жайы бар. Бір жерде әлдебіреуге ас беріліп, оған өздері де шақырылғандай болса, батыр қарадай қысылады.

Құдайға шүкір, ортайған шара толды. Нұрымбет әулетінің дәулеті бір шалдың асына шайқалмайды. Бірақ сол асты қалай жасау керек? Жанқожаны да сол жері қинайды. Нұрымбеттің асына берісі Әлім-Шөмен түгел шақырылады. Ол — қырда, Төртқараның ортасында емес, шалдың бейіті тұрған жерде, бес Шектінің ішінде өткізілгені мақұл...

Ал бес Шекті Хиуа қол астында жатыр. Онда Қожанияз бажбан бар, оның итаршылары Раманқұл мен Бәйділда бар... Ол аз болғандай, Жанкентке Жанғазы хан орнады... Бәрінің де Жанқожаға арнап құрған қақпандары дайын, қай күні өзі іздеп келіп түсер екен деп күтіп отыр... Ақмырза қайдан білсін, баяғы қазақшылығына басады. Қазақ асты қасиет тұтады... Оның үстінде қастық жасауға қайсысы батар екен... Солай ойлап, бел күшке салатын еді.

Асты қастерлеп жүрген қазақ шығар. Хиуаның ханы бір жаман шалдың асын қайтсін... Қасында қарулы қанішерлері, қыл бұғауды мойынға тастап келіп жібереді... Содан соң кіріптарлықтан құтылып көр!

Егер ас Сыр бойында өткендей болса, сондай бір қырсық тап келеріне Жанқожаның иманы кәміл...

Бұл жақта әзір қоныстан да тарыққан жоқ. Біреуі екеу болып өсіп жатыр... Басына бас қосылды. Бірақ туған жердің топырағына ештеңе жетпейді екен...

Кейде батыр жылқы күзетінің кезегіне шығады. Бұл ауылдың баяғы әдеті, әлі күнге жылқыға адам ұстамайтын. Ауылда жігіт басы баршылық...Зәуде бір жастар шілдехана қуып кетсе, түнгі күзетке Ақмырза, Жанқожа, Боранбай сияқты шалдар барады... Сонда... Қараңғы түн... алыс көкжиекте қорғасын түстес қара сұр бұлт қимылсыз жатады. Далада үп еткен жел лебі жоқ... Бұлт та сол орнынан түн ортасы ауғанша қозғалмайды. Батырдың да жүрегінің басында қорғасындай ауыр шер, ат үстінде ақырын күрсінеді. Айсыз түні айдалада жалғыз жүргенде, туған жер екі есе аңсататындай. Бастас азаматтарды да қатты сағынып жүр. Сондай кезде құлағында Сегіз сері салған ән ызындайды. Шалкиіз бен Доспамбет толғаулары тілінің ұшына оралып, өзі де күбірлейді.

Қас тұлпар үйір сағынар,

Сағынғанда не қылар,

Күмбір-күмбір кісінеп,

Тау бөктерлеп желсем дер...

Өлең әуенімен ыңылдағанын өзі де байқамай қалады. Өмірі жас болып әу деп ән салып көрген жан емес еді, осы күні жыршы болды. Алдында алты жасар Итжемесі, Сегіздің қасында ел аралап жүргенде жаттап алған толғауларын төгіп-төгіп жібергенде, Айбарша ошақтың басында аузын ашып отырады.

Бұрын елді аңсағанда, Мүмсінді сөзге шақыратын еді. Өткен бір күндерді еске алысады... Ол дүние салған соң, батыр тіпті шер күпті болып кеткендей. Кейде уайым тынышын алып, түн ұйқысы төрт бөлінеді.

Боранбай бастас қой, оған қалжың айтатын да жалғыз сол еді.

— Жәке, қатын сұлуын құштың. Бір басында екі қатын, бірі-бірінен асып түседі. Ат жүйрігін де мініп көрдің. Торының да, күреңнің де, шаңқан боздың да талай тақымында қартайған екен. Қатында қайсысын тәуір көресің. Атта тақымыңа қайсысы жақты?

— Айбарша екі мүшелі кіші еді, соны мақтар ма екен деп қажап отырсың ғой мені. Сен ойнап сұрасаң, мен шындап жауап берейін. — Жанқожаның екі қасының арасында қос қыртыс әжім пайда болып, ақырын күрсінеді. — Әйелде Мүмсінге кім жетеді. Ол кезде өзім да жиырма төрт жастағы қылшылдаған жас едім. Айбарша маған жер ортадан ауған шақта кездесті. Қартайған шағында баяғыдай төсек ләззәті қайдан болсын...

Бұл Мүмсіннің көзі тірі кезіндегі әңгіме еді. Жастай қосылған жар қосағы өлген соң, ойда қалған елесі бұрынғыдан да ыстық тартқандай. Батыр ен жақын дос-серігінен, ең ақылгөй кеңесшісінен айырылды.

Ащы мұң адамды жыршы қылады.

Алты жылдан бері батырдың құлағы ел жақта. Қайта оралар кезеңін күтіп жүрген жайы бар...

Мүмсіннің жаназасында біраз туыс тебе көрсетті. Жекжаттан Жаманқұл мен Бекжарас... Ел іші қобалжу екенін айтқан... Одан бері де жыл жарым болып қалды, ат ізін салған ешкім жоқ. Осылай бірте-бірте аралары суыса беретін сияқты көрінеді.

Алыстағы хабар, неше түрленіп, өңін өзгертіп жетеді. Биыл көктем туғалы бұл жақта алып қашты өсек дүңкілдеп жатыр. Хиуаның ханы қазақтан ауыл басы — бітеу қыз, үй басы қырқылмаған қозы жинатады екен...

Жанқожаның бір мінезі ұзын құлаққа сене бермейтін еді. Бұл хабарды да дақпыртқа жорып қойған. Осыдан бір ай бұрын Дабыл келіп, расын айтты. Қарасақал Төрегелдінің қызы қолды болыпты. Дабылға хабаршы төрт айдан кейін келіп отыр...

— Бәйділда қызын Жанғазы ханға беріпті ғой. Төрегелді де жіліктің майлы басын жек көрмейтін еді. Бәлкім, қызын сондай есеппен ұзатқан шығар...

— Ұзатқаның қалай, тартып әкетіпті. Ақтан ағам шыдай алмай, Бәйділдаға арыз айтқан екен. Ол аяғын сиырқұйымшақтандырып жіберіпті. Ханның билігі Қожамбердіде, Қожамбердінің билігі шайтанда деген мақалды есітіп пе едің? Дабыл тағы бір жаңалық айтты. — Есітпесең сол, шығарып жүрген Ақтан нағашың!

Басы осылай басталған кеңес түннің бір уағына шейін созылды. Таңертең Дабыл атқа қонған.

Жанқожа туыстарын жинап алып, әкесіне ас бергісі келіп отырғанын айтты. Мерзімі сүмбіленің аяғы, өтетін жері — Сыр бойындағы ата қонысы...

Қырық күн шілденің ортасына таман Ақмырза мен Боранбай көшеді. Елге барып, астың дайындығына кірісе берулері керек. Саршатамыздың аяғына таман Жанқожа қозғалады...

Қияқтыға көшіп шығатын күні батыр Төртқараның жақсыларын жинап алып кеңесті. Батырдың игі ниетін бәрі де мақұлдап отыр. Кіші жүзге түгел құлақтандыратын болды. Жақын отырған Арғын-Қыпшақ, Керей-Уақ ауылдарына да хабар тигізеді...

Жанқожада бір ішкі есеп те бар сияқты, бірақ кептің көзінше ашып айта алған жоқ. Төртқарадан жалғыз көмек сұрады. Бұл жердегі Шекті он шақты үйден артпайды. Сауын айтатын ел саны елуден асты, соған орай шапқыншы да көбірек керек болады. Орта жүз бен Жетіруға хабар тигізуді соларға міндеттеді.

Жылқы Ақбұлаққа айдалатын күні үш жігіт атқа қондырылған. Батыр оларды Ерназарға жұмсап отыр. Астың хабарын айтады. Аржағындағы он екі ата Байұлының баласына шапқыншы аттандыруды Ерназарға жүктейді.

Батырдың түпке сақтап бүгіп қалған түйткілі Дабыл еді.

Оны Орта жүзге, Қасым ордасына жұмсап отыр. Нұрымбеттің асы үлкен жанжалға мұрындық болатындай жайы бар. Сыр Шектісінің шындауы жеткен... Бұл асқа Жанқожаның атағын сыйлайтын қазақ баласы түгел қатысады. Сарттың тізесі батқан жұрт бір туламай қалуы мүмкін емес. Оның ақыры үлкен қимылға апарып соғады... Жанқожа Қасымның көкжал ұлдарын әдейі шақыртып отыр. Жанғазының әлегін аспаннан келтіріп, Есенгелді мен Саржанның бірін хан көтереді. Хиуаның қамалын Сыр бойынан аударады...

Әрине, бұл сырды ашуға әлі ертерек еді. Жанқожа Дабылдың қайта оралуын күтті.

Қонақтар бүгін таңертең ауыл-аулына тарады.

Кешке қарай Жанқожа да атқа қонды.

Ауылда Ақмырза екеуінен басқа еркек кіндік жоқ. Кезектесіп малға қарайтын еді.

Түйе түлігі ұры. Бір мезгіл көзден қағас болса, қыр асып қарасын жоғалтады. Жанқожа өрістегі түйелерді екінді болмай-ақ ауылға қарай беттетті. Ұзын саны жүзден асады. Қысыңқырап айдасаң, алды-алдына тапырақтай жөнелетін түйе мінезі тағы бар... қақпайлап келе жатыр.

Қызыл іңір еді.

Түйелер боз төбенің бауырындағы құдыққа қарай беттегенде, Жанқожа атынын басын ауылға қарай бұрды. Құдықтың басында Ақмырза бастаған ауылдың бар қатын-қалашы түгел екен. Қауға тартуға адам жеткілікті көрінді.

Әкесін анадайдан таныған Итжемес өкпесін қолына алып ұшып келе жатыр еді.

— Әке, әке!

Бала тілі балдан тәтті, батыр мейірлене күлімсірейді. Итжеместің сүрініп тұрғанын көргенде, жаны шығып кетті. Аяғына тікен кірді-ау... торы бестіні қысыңқырай аяңдатып, баласына жеткенше асықты.

— Кәне, қолыңды әкел!

Итжеместі көтеріп алып, алдына отырғызды.

— Аяғың шөңгелеген жоқ па? Баласының күс-күс табанын саусағының ұшымен бір-бір сипап шықты.

— Менің табаным көн болып кеткен, оған тікен кірмейді, — деді Итжемес мақтанып.

— Өй, мақтанғаныңның кескініне болайын! Айбаршаның сөзін айтасың-ау...

— Мен Мүмсіннен тудым... — Итжемес Айбаршаның атын атаса, кіді алып қалатын әдетіне басты.

— Оған дау бар ма?

— Біздің үйде бар ғой... Әкесінің қалжыңынан қашқалақтағанда, Итжемес тұттығып қалды. — Үйде бар ғой... Ана бар і ой... Ауылдан ағалар келді!

— Ағалар!?

— Ауылдан келген... екі аға... Оларға қой сою керек қой! Мен Айбаршаға айтсам...

— Айналайын ақылыңнан. — Ырза болып қалған Жанқожа Итжеместі басынан сипады. — Қонаққа, әрине, қой сою керек...

Көкейінде баласының соңғы сөзі. "Ауылдан келген..." "Дуыл" бұлардың тілінде Сыр бойы. Сыр бойындағы елден кімдер келуі мүмкін?.. Бекжарас, Бейіс... Ағайындарында іздей қоятын адамның реті жоқ, есіне күйеу балдары түсті. Көзінде қуаныш ұшқыны жылт етіп еді.

Ақтан шапқыншы аттандырады деген ой жоқ, үйге кіргенше асықты.

Төлегеннің қасында қарындасы Қараша... Кіндіктес бауыр қиын екен. Өзі жолға шығып барады. Қарындасын үйде қалдыруға қорықты. Шашын желкесіне түйіп, басына бөрік киген қыз еркекке ұқсайтын еді. Итжемес те солай ойлап қалған.

Жанқожа Төлегеннің жүзін шырамытқанмен, жыға тани алмады. Бұл елде жүргенде жас өрім жігіт, Ақтан осы Төлегенді қайда барса, қасынан қалдырмайтын еді. Ертіп шыққан серігі уыздай жас бала көрінді. Батырмен қолдасатын жерде, бала жігіт сәл басын игендей болып, кірпігі көз жанарын көлегейлей қойған. Қолы да мақтадай жұмсақ, өзі әдепті екен. Сірә, жүрегі толы мейірім шығар...

— Нағашы, жақсы келіпсің. Көріп отырмын, жүрісің суыт екен, жол болсын. Әйтеуір, ел іші аманшылық па? — Бұл жүрістің тегін емесін сезіп қалған, әлденеден секем алғандай жүрегі алабұрта берді.

— Уа, батыр аға, тегін болса, қарғадай қызды қасыма ерітіп, осылай елден безіп жүремін бе? Сырдың бойын қара тұман бұлт басты. Қараңғыда қармалаған халықтың басынан ерік, малынан құрық кетіп отыр. Аш айдаһар әуелі қора толы малды жұтты. Одан тірі жанға ауыз салды. Енді арымызды аяққа таптап жатыр. Тегін болса, он екіде бір гүлі ашылмаған жалғыз қарындасымды жетектеп, елден елді асып осында келемін бе?! — Төлегеннің даусы жарықшақтана шығады. — Мені саған Ақтан нағашың жіберді! Сасқан соң жіберді!

— Алты Әлімнің қара шаңырағында қалған жалғыз шал еді. Ақтан ағамның шынымен қартайғаны ма? Маған адам салғанша, аттан салып атқа қонбай ма?

— Аттан салып шыққанда, ат төбеліндей Қаракесектен шыққан кәрі шалдың ізіне кім ереді? Қалың Кішкене Раманкұл мен Бәйділданың жетегінде кетті. Бәйділда Жанғазы төренің етегінен ұстаса, Раманқұл қара сарттың сарқытын ішіп, мұртын майлағанына мәз, қорасын малға толтырудың әрекетінде жүр. Туған бауыры Қожанды өз қолымен атқан жауыз қай Әлімнің намысын жыртады? Елден бірлік, ерден тірлік кеткен жайы бар. — Төлеген шиыршық атып отыр. — Ақтан ағаң сені келсін деді. Берекеті кеткен елге қол бастайтын ер керек!

Жанқожа одан әрі сөз таластырған жоқ.

Жалғыз Төлегенді сөйлетіп қойып, өзі тыңдап отыр. Ұзын құлақ хабар көбіне өсіріп айтады... Әлі де кәдікті еді. Сыр бойындағы елдің жағдайына Төлегеннен қанықты. Халық айтса, қалып айтпайтыны рас екен... Қыз салығының шын мәніне көзі жеткенде, төбе шашы тік тұрды.

Қазақтың қыздан артық қадірлісі жоқ. Енді оны да алым-салықтың бір түріне айналдырыпты. Ел сонда да бүлінбей тыныш отыр. Езіліп-ақ қалғаны ғой...

Әңгіме қызығымен таң атып қалғанын да аңғарған жоқ-ты.

Ат соқты болып жеткен Қарашаш әлдеқашан қалын ұйқының құшағына енген. Басындағы құндыз бөрігі ысырылып түсіп, қасында жатыр. Білектей қара бұрымы тарқатулы, жастығынан аса құлаған екен. Шаршаған қыз Айбарша үстіне көрпе әкеліп жапқанда да оянған жоқ.

Ат басына күн туса, ауыздығымен су ішеді... Жанқожа оны өз басы керді. Ер басына күн туса, етігімен су кешеді... Бір кезде соған ұқсас жағдай өз басында да болған екен, есіне түсірді. Қазақтың басына қандай зымыстан түссе де, осы екі ауыз сөзбен өлшенеді... Ал бүгін көріп отырғаны құлақ есітпеген сұмдық еді. Қыз бала... Қазақ "ер төсектен безінгенін" айтатын. Оның бәрі әншиін нәрсе екен ғой... міне, қаршадай қыз үйінен безініп жүр. Бездіріп жүрген жалмауыз бар... мынау ақырзаман шығар...

* * *

Жанқожа бұл түні көз ілмей шыққан.

Таңертең бір жігітті атқа қондырды. Мына шеті Бәймен, мына шеті Сапақ — Төртқараның бар жақсыларын қонаққа шақырып отыр.

Ауылға Сыр бойынан ағайыны келіп отыр. Дастархандас болуын өтінеді.

— Япырай, Нұрымбеттің баласына елу түйе бітпей жүр екен ғой. Биыл өзінің қолы ашылған екен. — Сапақ әзіл айтты.

Қонақасыға шақырылғандар он шақты кісі еді. Ақмырзаның. есігі алдында қысырдың тайы сойылып жатыр.

Жанқожаның үйінде күркілдеген кеңес. Сыр бойындағы елдің қобалжып отырғаны сөз болды. Әлімұлында Ақтан батырды білмейтін адам жоқ. Оның шапқыншы аттандыруы ашу-ызаның шегіне жеткенін көрсетеді... Қазір ондағы жағдай capшатамызда күйіп тұрған қауға ұқсайтын еді. Бір шетінен от қоятын адам табылса, лап етеді... Солай топшылап, батыл қимыл жасауды жақтаушылар да төбе көрсетті...

Сапақ қауіп айтты. Сыр бойы дегенде, ең көп тайпа кішкене атам балалары екен. Бәйділда мен Бекарыстан Жанғазының, Раманқұл Бабажан сарттың шашпауын көтеріп отырғанда, қалың Кішкененің атқа қона қоюы екі талай... Ал Хиуаның қамалында самсаған сары қол екенін Төлегеннің өзі айтып отыр. Жанғазы да жүз жігіт нөкер ұстайтын көрінеді. Әрі оларда қамал бар. Оның аты — құрулы мылтық, құрсанған жау деген сөз... Қазақты қоянқолтыққа келтірмей құртады ғой.

— Жау қамалында бекініп, қашан аласың деп күтіп отыра ма? Аржағында Хиуаға шапқыншы аттандырады...

— Оның үстіне алдымызда Саршатамыз. Ұзақ жорықта ат артып, адамның титықтайтыны бар...

Бұл сияқты қауіп-қатерді Жанқожа да біліп отыр. Әрі қара қазақ барымтадан артық қимылға жоқ. Кездесіп қалса, ат үсті сарт-сұрт сойыл салысып, ертең тарқап кетеді. Кісі өлсе құн төленеді... Ал мынау үлкен жорық... берісі бірнеше айға созылып кетуі кәдік. Адам қаны судай ағады. Ондай батыл қимылға Төртқараның билері белсеніп шыға қоярына шәк келтіреді...

Бір туысы қыр Шектісінің іргесі де аулақта жатыр. Ерназарға сауын айтқанда, түпке сақтаған пікірін айтқан жоқ-ты. Ат үстінде көре жатпақ еді.

— Ханы жоқ ел бағусыз қоймен тең. Алдында судай ағатын қанды көріп тұрып, қазақ сабағанда қозғала ма? Хан болса, амалы жоқ, бұйрығынан шықпас еді...

Бәймен бес мың үй Қараштың биі, өз салмағын сезетін еді, соны айтқанда қабағын шытты.

— Хан болады...

Жанқожа Қасымның балаларын еске алды. Дабыл батыр жолға шығып кеткелі де екі аптаның жүзі болды...

Қырда алып қашты хабар тарап кетіпті. Қасым ордасы Сарыарқаға бет түзеген сияқты... Анығын білгендер, Ақмола маңында екенін айтып жүр. Олай болса, Дабыл да көп ұзамай оралады...

— Осыдан екі жыл бұрын Дабыл бір барып қайтты. Қасым орыста кеткен есесін айтып, сол міндетінен құтылып алмай, басқа жаққа мойын бұрмайтынын аңғартқан екен. Мен білсем, осы келе жатқан жолында Ақмола қамалына ұрынады. Орыс оңайлықпен алдыра қоймас. Ұрыста беті қайтқан сұлтан енді әрі қарай қайта көшпейді. Ендігі Мойынқұмның аптабынан ығыр болған шығар. Ол бері қарай беттеп келе жатыр... Дабыл дегендей алдынан шығатын болды. — Бұл Жанқожаның өз жорамалы еді. — Ырғыз бен Торғайдан былай қарай бүкіл ел орыстың қоластында отыр. Соңында орыс солдаттары, ығысып келе жатқан сұлтан ордасы Орта жүзден пана таба алмайды. Бізге келмегенде, қайда барады? Тек тағы бір сылтау тауып алмай, ас үстінде төбе көрсетсе екен...

Жұрт рас айтса, Қасымның соңында он мың қол бар. Бабажанның әлегін аспаннан келтіруге жетіп жатыр...

Жанқожа сөйлеп отырғанда, Сапақтың көзі жыпылықтап кетті. Әйтеуір-ау... Аяқ астынан Нұрымбетке ас беретін болып, батыр жар салып жатыр еді-ау... Сондағы ойлағаны елдің қамы екен ғой... Ас ана жылдан мына жылға сағындырып кездесетін үлкен оқиға... Оған бір Алшын емес, үш жүзге түгел сауын айтуға болады. Ac Нұрымбеттікі, беретін адамы Жанқожа болған соң, берісі Әлім-Шөмен түгел жиналатыны анық еді. Хиуа қамалы мен Жанкенттің іргесінде үлкен дүбір басталғалы тұр. Қалыс ағайын түгіл, қас дұшпаның да сырт қала алмайды. Paманқұл мен Бәйділда өзі іздеп келіп, қолға түседі... Тіпті Жанғазы сұлтан да қатысуы мүмкін... Әлім-Шөменнің ханы ондай үлкен жиында қалай шеттеп қалады?

Жиынды жерде дау бір қамшының ұшынан, бір ауыз сөзден ұшынады. Өзі кегін пышаққа жанып, шиыршық атып отырған ел... Жиынды жерде адамның қай-қайдағысы еске түседі емес пе? Есесі кетіп жүргендер көп... Хиуаның итаршыларын сол жерде-ақ таңбалап шығарып, жұрт алдында қарабет атандырады... Бүкіл Әлім-Шөмен солай бір уысқа жиналып, Хиуа қамалы оқшау қалуы керек... Апыр-ау, Жәкемнің ойына найза бойламайды екен-ау... Дабылды Қасым ордасына аттандырғанын да айтпайды.

Осы жерде Бәймен қауіп айтты.

— Біздің ойлағанымызды Жанғазы да ойлайды. Бұрынырақ қимылдап, аста жұрттың басы құралып үлгірмей жатып, әрекет жасап жүрмес пе екен?

— Әкеге ас беру қасиетті іс. Қастық жасауға артына баксын! Онда Жанғазы сұлтан исі қазақтың алдында қарабет болмай ма? — Жанқожаның үні салмақты еді.

— Жәке-ау, сені мерт етіп жүрсе, ертең ел алдында қарабет болғаны кімге керек!

— Еркек тоқты құрбандық. Бір құрбандық бермей, ел атқа қона ма?..

Жанқожа соны айтқанда, Бәйменнің жүзі күреңітті.

Билер көп ырғасып келгенде, сақтықты айтқан Сапақ сөзінe тоқтады. Сыр бойына әуелі Ақмырза мен Боранбайды көшіреді. Ол жақтағы ел де астың хабарын солардан еститін болды...

Ақтан бар, Бекарыстан, Байшоқы бар... Жанқожа сенімді, тиімді он шақты бидің атын атады. Ақмырза көшіп барған соң, сәлем бере бәрі де келуі тиіс. Нұрымбеттің асы үлкен қимыл үшін мұрындық болғалы тұрғанын билердің хабардар болғаны жон. Әрине, кез келген сәлемшіге айтылмайды. Ал әлгідей сенімді азаматтар, жігіттерін топтастырып, аттарын жарата беретін болсын...

Жанқожа ас берілетін межелі күнге бір ай қалғанда орнынан қозғалады. Жалғыз болмайды. Қасына Төртқара ағайындардан қырық-елу жігіт ертеді. Қалған көпшілік ас үстінде жинала жатар... Жау түсіргіш, сойылға мойымайтын жігіттерді алдын ала іріктеп ала кетеді...

Сапақтың бұл жобасы көкейге қонатын еді.

Билер көп ырғасқан жоқ, үлкен кеңесті бір қонақасының үстінде бітірді.

Ертеңіне бәрі де ауыл-ауылына тарады.

Жанқожаның үйінде жалғыз Төлеген қалған.

— Ал, нағашы, Төртқара ағайынның сөзін есіттің ғой. Әлім ішінде әзір қанаты отқа шарпылмай, бүтін отырған ел де осылар. Қыр Шектісін Ерназар түгел атқа қондыра ала ма, жоқ па, ол арасы маған кәдік. Олардың арасында аржағында Баймағамбет сұлтанның қабағын бағатындар табылады. Жанқожа қабағын шытты. — Екі-үш күнде Ақмырза көшіп қалар. Сен салт атты, сабау қамшысы жолаушы, одан бір аптадай нұрын барғалы отырсың ғой. Есіткен-білгеніңді Ақтан ағама айтып барасың ғой. Қызу кісі еді, орынсыз отқа түсіп, арандап қалып жүрмесін. Кішкененің жағдайы анау... Жақайымдар да алауыз. Қарасақал туысының бас көтерер азаматы осы жақта жүр. Әзір бүтін отырған сендер, Қаракесек ағайын сияқты. Ол да болса, Ақтан ағаның берекеті ғой. Аттаныс ә деп басталғанда, ұйытқысы да, атқа бұрын қонатын да сол Ақтан ағам болар. Қай жағынан да жолы үлкен. Қаракесек исі Әлімнің қара шаңырағында отырсыңдар. Бірақ бір нәрсені есінде мықтап ұста, үлкен қимыл ас тарқар кезде басталады. Оған шейін не көрсең де шыдайсың. Ерте қимылдап, бәрін бүлдіріп алмайық!

— Оның бәрін түсіндім, Жәке!

Төлеген ертеңіне жолға жиналды. Қарашашты Жанқожаның қолында қалдырды. Артта қалған елдің басына зымыстан туып жатуы да кәдік... Бабажан сарт қызды іздестіріп, ендігі жасауылдарын қаптатып жіберді. Өзі де жұрт көзіне көрініп, ауылға жарқырап баруға қорқып отыр... Әуелі Ақтан батырға, онда да жасырынып барып жолығады. Егер сарттың ханы Қарашашты іздетіп, ел іші дүрбелең болып жатса, бір-жар ай бой тасалай тұратын ойы бар еді...

Жас жігіттің бұл ниетін Жанқожа да мақұлдап отыр.

Сол күні аптап соғып тұр еді. Күн көзі тіке қаратпайды. Жер мен көкті жалын шарпып күйіп тұрғандай, нағыз ыстық басталды.

Қырда күн салқын деп естиді. Төлеген жабағы күпімен шыққан. Жанқожа үстіне шапан жапты.

— Сый қонағына шапан жабатын қазақтың әдеті ғой. Жиеніңнің үйіне бірінші рет бас сұққаның екен. Қуыс үйден құр шыққанын ұят болар. Жетегіңе ат байлаттым...

— Ат жетектеп, жайымен жүретін уақыт бар ма, Жәке. Үйірінен айырма, бұйырған мал болса, көшпен бірге барар...

— Жәке, Қарашаштың қарғыбауын беріп жатқаннан саумысың?

Қынжылып келе жатқан Жанқожаны Төлеген тоқтатты.

— Боранбай ағам қалжыңдаса да шынын айтып тұр. Қаракесектің қызы Нұрымбеттің босағасында қалатын болса, бізден арман жоқ. Қопа батырдың қызынан Жанқожа туды. Жиені жақсы болса, нағашы күндемейді. Ал қызды жау да алып жатыр, — деді Төлеген, оның да қай-қайдағысы қозғалғандай еді.

Қарашаш ағасымен қоштасуға шыққан, есіктің алдында тұр еді. Әлгі сөзді есіткенде, көзінде жас дөңгеледі.

Төлеген атының басын ауыл сыртындағы көш сүрдегі қасқа жолға қарай бұрғанда, Қарашаш үйдің жабығынан қарап тұрды. Он бес жасар қыз жат жерде, бейтаныс үйде қалып бара жатыр. Ауылдан шыққалы жиырма күнге тақап қалған. Ат үстінде шөл кешті. Ағасы қасында жүргенде ештеңені білдірген жоқ. Қарашаш әсіресе шешесін сағынып еді. Қайта оралып, өз босағасын аттағанша, әлі қанша заман... Шешесіне бір ауыз сәлем де айта алмай қалғанына өкінді. Анау қара сақалды шалдың сөзінен қысылды... Қандай парықсыз кісі еді. Қарашаш ызаланғанда көзінен сала-сала жас шұбырды.

* * *

Дабыл бір ай жүріп қайта оралғанда, Ақмырза Сыр бойына қарай көшіп кеткенін есітті.

Өзі Қасым ордасында қаралы оқиғаның үстінде кездеседі екен. Есенгелді мен Саржан Тәшкент құшбегісінің қолынан қаза тауыпты...

Қасымның балалары орыс патшалығынан кек қайтаруды ойланғанда, сүйенетіні Қоқан хандығы еді.

Осыдан екі жыл бұрын... Қасым Сарыарқаға қарай беттеп шыққан. Қапталында Қоқан ханы аттандырған екі мыңдай сарбаз, айдарынан жел ескендей күн туды. Іздегенге сұраған, орыс солдаттары да күттірген жоқ. Әрі бекініссіз жер, сардалада кездесті. Ойсыратып есе қайтаратын жері еді. Қоқан сарбаздары бүлдірді... Алдында тарс-тарс атылған орыс мылтығының даусын есіткен кезде, майдан даласын тастай қашқан...

Есенгелді мен Саржан орыс қаруы қолма-қол шайқасқа келтірмейтінін, онымен соғысу үшін тәсіл керек екенін сол жолы ұғып қайтты.

Былтырдан бері жорық дайындығында, алуан түрлі ұрыс тәсілін ойластырып жатыр еді. Бұл жолғы нысанасы Ақмола. Кейіндеу түскен осы бекініс қазақ даласына сұғыныңқырап жатқаны бүйіріне шаншудай қадалады... Оның есесіне Омбы сияқты орыс әкімшілік орталығынан аулақ, көмек келіп жеткенше апыр-топырын шығаруға болады деп түсінеді...

Бұл жорыққа Қасымның балалары үлкен мән беретін. Жортуылшының ісін қылып, тиіп қашпақ ойда жоқ. Ақмола бекінісінің талқандалуы ғана, одан әрі Көкшетау, Қарқаралының күлін көкке ұшырады.

Қасым ордасында бес мыңдай ғана сарбаз бар. Қару-жарақ жартусыз әрі азғантай қолмен ондай үлкен істің үддесінен шықпақ қиын. Әсіресе алғашқы айқаста үстем шықпай, діттеген мақсатқа жете алмайсың. Қамсыз болу үшін тағы да Қоқанның көмегі керек болды...

Сәті түсіп Ақмола алынса, бес мың қол бір айда қырық мыңға жетеді. Жеңіс дақпыртына елеңдемейтін қазақ жоқ... Орыстан қорқып бұғып отырған талай тентектер Қасымның қолына іздеп келіп қосылады...

Ана жылы опық жегізгенмен, Қоқаннан басқа қол ұшын берер жері жоқ. Қыстың көзі қырауда Есенгелді мен Саржан Тәшкентке аттанады.

Аржағынан Қоқан ханы Мәделі де келеді.

Есенгелді мен Саржан әскери көмек сұрап қана қоймайды. Мойынқұм өңірі жалаңаш, Қасым ордасы қыс қыстау, жаз жайлаудан жұтап отыр. Қоқан хандығынан Түркістан мен Созақ арасын, Қаратау өңірін қонысқа сұрайды. Бұл маңай бағы заманнан қазақ хандарының — Әбілмәмбет пен Абылайлардың ата қонысы екенін де ескерте кетеді.

Осы соңғы тілегі Қоқан ханының шамына тиеді.

Бір заманда Тәшкент те қазақ хандығының астанасы болған. Бүгін беті шімірікпей Түркістанды сұрап отырған Қасым орыстың бетін қайтарып, өзіне-өзі келгендей болса, ертең Тәшкентке ауыз салар... Дипломатиялық қулық-сұмдыққа шорқақ, қазақша омыраулап кететін Есенгелдінің мінезі әлгідей қауіп-қатерге мұрындық бергендей еді. Сөз де оп-оңай ушығады. Тәшкент құшбегісінің сарайында Есенгелді мен Саржанның басын алдырады.

Екі сұлтанның қасына еріп кеткен қырық жігіт нөкерден ауылға жалғыз-ақ адам, — Ағыбай батыр тірі келіпті. Ол да түн жамылып қашып шыққан...

Осы қаралы оқиғадан кейін Қасым ордасы тік көтеріліп көшеді. Ендігі қолбасшысы — Кенесары. Қасымның кіндігінен тарағандардың ішінде үлкені де сол болып қалған.

Үдере тартқан Кенесары көші сүргін. Ашу үстінде Ақмола бекінісіне ұрынады... Дабыл сол оқиғаның ізі суымай барып жетеді екен. Кенесары ордасында Ақмола шайқасын дабырайтып сөйлейді. Орыстарды үйелменімен өртеп жіберіпті...

Ал өздері Торғайға қарай беттеп келеді...

— Жеңіліп қайттым деп кім айтады. Үйелмеңімен өртегені бекер шығар. — Жанқожа кәдік айтты. — Егер Ақмоланы алса, Арғын-Қыпшақ, Керей-Уақ алақанында емес пе? Торғайға қарай ығысып жыны бар ма? Онда қалың шеру ізінде, әрі қарай ата қонысы Көкшетауға аттанар еді ғой...

Дабыл батыр Жанқожаның сәлемін жеткізген. Кенесарының құлай тыңдаған әлпетін байқап қалған. Нұрымбеттің асы Сүмбіленің аяғына қалдырылған екен. Оған шейін Кіші жүздің ішіне Кенесары ордасы да барып қалады. Асқа қатысуға тырысады. Тақа өз қолы босамайтындай болса, бес жүз жігітпен Наурызбайды аттандырады...

Бұл — астың мәнісін аңғарған адамның сөзі. Жанқожа Кенесарының кемел ақыл иесі екеніне сеніп отыр.

Әлімнің ендігі ханы Абылай тұқымынан сайлануы керек.

Бірақ көп ашылып сөйлей бермейтін әдеті, сыр шашқан жоқ. Дабылға Ақмырза мен Боранбайды көшіргенін айтты. Қасында екі-ақ үй қалыпты. Жауқашар бастаған екі-үш жігіт қалыпты.

— Саршатамыздың ортасына таман өзім де қозғаламын.

Бұл күндері жан-жаққа аттандырылған шапқыншылар оралып жатыр еді. Асқа Қыр Шектісі түгел қатысады. Оны Ерназар айтыпты. Байұлы жақтан да біраз ел келетін түрі бар. Жетірудың жақсылары іші қобалжу көрінеді... Жақын жердегі Орта жүз ауылдары сүмбіленің басында Сыр бойына қарай қозғалады...

Бұл хабарды есіткенде Дабыл марқайып қалды.

— Хабарласып тұрамыз ғой, қанаттаса көшетін болайық, — деді Дабыл. — Ұзақ жолдан оралдым. Он шақты күн үйде жағып демалып, қатын-баланы қуантайын. Содан кейін тағы бір соғып кетермін...

Сол күні атқа қонды.

АСАУ ҮЗГЕН ШІДЕР

Биыл сүмбіленің аяғына таман Нұрымбеттің асы беріледі... Жанқожа үш жүзге сауын айтыпты. Жаз шыққалы осы хабар дүңкілдеп жатыр.

Қырық күн шілденің ішінде Ақмырзанын көші Жақсықылыштың баурайына жетіп қонды.

Одан кейін тағы бір апта өткен. Ақмырзаның Сырдан әрі өтіп, Нұрымбеттің бейіті тұрған құдықтың басына барып шаңырағын көтергені мәлім болды. Жүрісі жау тигендей еді. Қасында Барақтың балалары түгел көрінеді...

Алты жылдан бері сағынысқан ағайындар Нұрымбеттің қара шаңырағына ағылысып барып жатыр. Белгілі билерден Қаракесек Ақтан батырдың, Асан Бекарыстан бидің аты аталды... Ал Жақайым Байшоқы би Ақмырзаны Жаршағылда бір күн еру қылып, қонақасы беріп аттандырыпты...

Бәйділданың құлағы ондай-ондай өсек-аяңға түрік, әлгі билердің Ақмырзаға қай күні барғаны, қандай малдың басын мүжігені алақандағыдай анық еді.

Он екі жылдан бері жүріп-жүріп, Нұрымбеттің балалары табан астында әкесіне ас беретін болыпты... Әрі үш жүзге сауын айтады. Тегін емес сияқты... Екі жылдан бері ел іші қобалжулы, құрықпен ғана ұстап отырған жағдай бар. Оны Жанқожа да естіп отыр. Бабажанның да тәртібі қатайды. Басқа түгіл, Жанғазы ханның аяғын аттап бастырмайды. Бұл екеуінің қай-қайсысы болса да, Жанқожаны ата жауым деп түсінеді. Солардың көз алдында, Бабажанның қамалы мен Жанкенттен таяқ тастам жерде, жарқыратып ас беретіні қалай? Аңдысқан дұшпан аяқтан қағады деп те қорықпайды. Ондай күш Нұрымбеттің баласына қайдан бітіп жүр? Мықтаса қайын жұрты Төртқараның баласына сенетін шығар... Онан қалса Қыр Шектісі... Жанғазы хан Қыр Шектісіне елшісін бір аттандырғанда, екі аттандырып, ақыры бетін бері қаратқан сияқты еді. Ат төбеліндей Төртқарамен кімді шауып алғандай... Бәйділда солай топшылайды.

Бірақ... Сыр бойында қалың елдің іштен тынған түрі жаман... Әсіресе Қаракесек... Кішкененің ішіндегі азғантай аталықтар Үсен мен Жолшора ауылдары... Әйдербек арасында да наразылық күшті еді. Бәйділда соңғы екі жылдың бедерінде Жанғазы сұлтан мен Бабажанның тізесі қаттырақ батқан руларды саусақпен санап шықты. Әрі Бабажанның мына бір қыз салығы... биыл ел іші дүрбелең болып тұр-ау... Жанқожаның да кезеңін андып сап ете түскен сыңайы бар. Қыстан бері Бабажан сарт қамалға он қыз алдырыпты... Бұл он ауыл қылышын тасқа жанап отыр деген сөз. Осы наразылықтан сескенген Жанғазы Бабажанның алдына неше барып, бірақ сөзін өткізе алмай қайтты.

Белгілі билер Ақмырзаның үйіне тегін ағылып жатқан жоқ. Осында бір құпия сыр болмасын...

Күйеу баласы Жанғазыға барып ойласты.

Бүгін Раманқұлдың үйінде отыр.

Табиғатында бірбеткей адам Құттықтың биі қулық-сұмдыққа жоқ еді. Жасырын ісі ашық қимылға бергісіз. Сол мінезінен Қожанияз қамалындағы бар қылмыстың күнәсін да бір өзі арқалап жүрген жайы бар. Раманқұл ақылдан гөрі, бел күшке салғанды тәуір көретін. Ал күш құрулы мылтықта... ол мылтық Қожанияздың қолында деп түсінеді. Одан басқа ешкімнен есептесіп жатпайтыны да сондықтан...

Жанғазы ханға жалғыз қызын беріп, қазір елді алған, Еділді алған кісімсіп жүрген Бәйділданы оның суқаны сүймейді. Ондай сырын Қожанияздан да жасырған жоқ. Бірақ Жанкентке туын тіккен Әбілқайыр тұқымына Хиуаның бажбаны да бата алмайтын сияқты... Әйтеуір Бәйділда аман жүр...

— Ақмырза ағаң көшіп келіп жатыр. Оған барып сәлем бердің бе? — Бұл Бәйділданың сұрағы.

— Ақмырзаның маған көңіл айтқаны қалып, енді оған өзім барып сәлем беруім керек екен ғой! Раманқұл Қожанның қазасын еске алғанда, алқынып қалды. — Сен барсайшы! Жанғазы сұлтан аз болса, енді барып Нұрымбеттің балаларының қолтығына кіре ғой! "Қолтықтан" гөрі әдепсіздеу сөз тілінің ұшына келіп қалған, өзін-өзі әзер ірікті.

Бәйділда мырс-мырс күлді. Арасынан қан өткен жоқ, ет жақын туысы... алты жыл сыртта жүріп келіп отыр... оған армысың айту жасы кішінің борышы еді.

— Біздің арамыздан қан өткені! Ақмырзаның қасында Барақтың Боранбайы отыр. Сәндібай соның қолынан өлген жоқ па еді? Ақмырзаның бір ауыз сөзі болмағанда, Қожан да атылмайтын еді! Менде туыс бар ма? Сәндібай мен Қожанның түбіне жеткен Киікбай мен Жұмағұл тұқымы... оларды өлсем желкемнің шұқыры көрсін! Ағаш оғын олар да аяп қалған жоқ! Құдай бұйыртса, мен де аянып қалмаспын!

Раманқұл ер-тоқымын бауырына алып тулады.

Бәйділданың көкейінде баяғы түйткіл, әншейін Раманқұлдың қолтығына су бүркіп отыр. Ел іші бұлай қобалжып жатқанда, Жанқожаның әкесіне ас беруі... Жанғазы оны бір бәленің басы деп біледі. Әр жерде ыдырап жүрген тентектердің басы ас үстінде қосылады. Наразы емес ауыл жоқ. Бұрын іште қатқан ашу-ыза бұрқ етіп сыртқа шығады. Әркім өкпе-кінәсін еске алады. Бұл ас маздап жатқан отқа май құйғанмен бірдей... Нұрымбеттің асынан әсіресе көйлектес ағайыны Кішкене сырт қала алмайды. Сондай кезде ауыздан оқыс шыққан бір боқтықтан лап етіп өрт шығуы мүмкін... Қазір халықтың бар қарғысы Бәйділда мен Раманқұлдың үстінде екенін Жанғазы да білетін еді. Ол екеуіне қарсы қамшы сілтесе, өзі тісін қайрап жүрген қазақ тік көтеріліп атқа қонатыны анық...

Бәйділда ертеңіне Ақмырзаға барып сәлем беріп қайтты. Нұрымбет балаларының ішінде ұрт мінездісі Ақмырза. Оның мінезіне шынашақ айналмайтынын біледі. Қонақасы үстінде шым-шымдап сыр тартуы керек еді.

Бәйділданы бұрын да жақтырмайтын Ақмырза осқырынып маңайына жолатпайды. Жанқожаға сыртынан өлім жазасын кесетін төрт бидің біреуі... оған арнап мал да сойдырмай, өлі ет астыртқан. Бүгінде пышағы құйрық үстінде жүрген Бәйділда алдындағы аяқты ауыз тимей қайтарды.

Ақмырзаның бұлай осқырынуы тегін емес. Кеше Бабажанмың құрығынан шаққа қашып құтылып еді. Нұрымбеттің тентегі тәубесіне сонда келмеген екен... Аяғын қалай-қалай басады... Көп болса, Жанқожасына сенетін шығар... Ол да пенде, құрулы мылтық, құрсанған жауға жолығып отыр. Батырлығы асып бара жатса, баяғыда неге қаша көшті?..

Ашуланып қайтқан қайын атасына Жанғазы сұлтан тоқтау салды. Әлімнің басы бір жерге қосылса, бүлік шығады... Ақмырзаның кеудесіне нан пісіп отырғаны бір бүліктің таянғаны деп біл... аурудың алдын алу керек...

Оның жалғыз емі Нұрымбеттің асын болдырмау керек!

— Ay, қалай болдырмайсың? Хабар тиген ел ертең-ақ осылай қарай ағылады. Тасқын су бөгеу бергенін қайдан көрдің!

— Оның жалғыз-ақ жолы бар. Көшіп келген Нұрымбет пен Барақтың баласына қастық ұйымдастыру керек. Сонда Төртқараның ортасында отырған Жанқожа бері қарай аяғын баса алмайды! Жанқожа келмесе, басқа Шектінің тәуекелге бас тігіп, бүлік шығара қоюы екі талай... Қожанияз қамалы орнағалы да алты жылдың жүзі болған екен. Шекті қандай қорлық көрмеді, қыңқ етіп, дыбыс шығарған біреуі жоқ. Әлі де қимылдай алмайды!

Бірақ өзі айтып отырған қастықты кімнің қолымен, қалай жасауы керек екенін ойластырғанда, Жанғазы сұлтан қобалжығандай еді.

Қастық кем қойғанда, кісі өліміне барабар болады екен... Ақмырза мен Боранбайдың бірі оққа байланады. Ондай азамат өлімінен кейін Жанқожа да қарап жатпайды. Асқа шейін әлі көп уақыт бар. Қасында Төртқарадан басқа ешкім жоқ, бұлқынғанда қайда барады? Аяғы құн дауына соғып, Нұрымбеттің асы жайына қалады.

— Жанқожаның қасына Төртқарадан төрт жүз жігіт еріп шықты дегенше, бұл жақтағы Қаракесек пен Шекті тік көтеріледі! — Бәйділда қорқақтай бастады. — Әлі ұшықтаймыз деп жүріп, ұшындырып алмасаң...

— Сол ұшықтың бетін басқа жаққа аудару керек! — Жанғазы шешімін айтты. — Нұрымбет аулына қастық Раманқұлдың қолымен жасалады!

Қайын атасын Раманқұлға екінші рет аттандырып тұрып, сұңғыла төре бір сырын жасырып қалды. Бүлік басталғандай болса, ызалы ел өзін де аман қалдырмайды. Қазіргі халі қазақтың ханынан гөрі, Хиуаның әкіміне көбірек ұқсайтын еді. Жанқожа да Қожанияз бен Жанғазыны бір адам деп біледі. Әйтпесе, Ақмырза Сыр бойына оралған бетінде әуелі Жанғазыға соғып, хан ордасына сәлем беруі керек еді. Бұл ызасын қайын атасына сездірген жоқ. Нұрымбет аулына қастық жасалуына мұрындық болуы арқылы сұлтанның екі қоянды бір оқпен атып алудан дәмесі бар. Бірінші, толғағы жеткен бүлікті болдырмай қояды. Екінші, Нұрымбетгің баласынан кек қайтарады...

Сақтық жайын да ескерусіз қалдырған жоқ. Хиуаға, Аллақұл ханның хұзырына шапқыншы аттандырып, Сыр бойында Нұрымбетке ас берілгелі жатқанын, бұл бір бүліктің басы екенін айтып хат жазды.

Бәйділда бұл жолы шағым сөз айтып келді. Ақмырзаның үйінде Қожанның қазасын еске алған екен... Анау антты ауызға алыпты. Раманқұлды суфы өзінің әруағына тапсырып отыр...

Онсыз да тынысы тарылып отырған Құттықтың биіне соның өзі жетіп жатыр... Енді қастық жайын сөз қылып та керегі жоқ еді. Артық ауыз сөзге уақыт болуды Жанғазы да ескерткен. Бәйділда сойылғалы жатқан тоқтыға қарамай, атқа қонды.

Енді түнделетіп Ақтанның аулына барады. Қаракесек аулы бір айдан бері әбігер... Бір жамандық болса, әуелі сол ауылдан басталады.

* * *

Раманқұл бұл түні көз ілген жоқ.

Нұрымбеттің асы қандай қатер әкеле жатыр, оған да ой жүгірткен емес. Дәулеті жеткен адам әкесіне ас береді, баласына той қылады. Раманқұл ондай-ондайды елестірмейді.

Бәйділданың сөзі ендігі көнеріп, ұмытылуға қалған ескі қыжылын қайта қоздырды. Барақ пен Нұрымбеттің баласын құдай өзі әкеліп қолына беріп отыр. Кек қайтаратын жері келіп тұр екен. Жанқожа келсін... Раманқұл оған да құрылатын бір қақпанын дайындап қояды...

Бірақ ол көшіп келгенше қашан... Барақ пен Нұрымбетті Іргесінде отырғызып қойып, қарап жату қиын еді. Ұсақ-түйек і астығын жасап, тынышын ала беру керек... Өзі де соны ойлап жүргенде, Бәйділда келіп көңірсітіп кетті.

Ақылынан ашу бұрын жүретін адамға көп ойланып бас қатырып жатудың қажеті бола қойған жоқ. Ақмырзаның бойжетіп келе жатқан қызы бар екенін естіп отыр. Қожанияздың құлағына сыбырлап қойса, жетеді... Күні ертең қасына жасауыл қосып, Шорабайды атқа қондырады. Әрине, Нұрымбеттің баласы қарапайым көп қазақтың бірі емес, қызын сартқа беруге арланады. Онда тіпті жақсы... Қожанияздың шамына тие берсін. Ондай қарсылық Жанқожаның басына төнгелі тұрған жамандықты бір қадам жақындата түседі.

Раманкұл таңертең атқа қонды.

Осыдан үш күн бұрын, әміршіге әдейілеп барып, Ақмырзаның көшіп келіп жатқанын айтқан. Жанқожаны сұрастырды. Оның әлі де бір айдай бөгелетінін есіткенде Қожанияз езу тартты. Раманкұл Бабажанның қабағынан басқадай өзгеріс байқай алмай, ауылға пұшайман болып қайтты... Әлде баяғы Қарадуанның сөзінен кейін күдік алып қалған бек әлі сенбестік етіп үргені ме? Сондай қаупі де бар.

Енді Бабажан ол күдіктен де арылады. Ақмырзаның қызы үлкен сый... Жанқожаны туыс тұтатын адам оның туған қарындасын масқаралауға барар ма еді.

Қожанияздың шала мас, сауық құрып отырған кезіне тура келген. Қасында Қарадуан бастаған он шақты сарай қызметкері бар, бажбан сілтеп отыр еді. Раманқұлды көргенде, бәрі де мәз болып қалды.

— Құй бекке!

Қожанияз сарайдағы екі күміс кесенің біріне оған құйдырып, шарап ұсынғанда, Раманқұлдың төбесі көкке бір-ақ елі тимей қалды.

— Би біздің қамымызды ойлауды қойды. — Қарадуан өкпелі сыңай танытты. — Бажбан сарайына бір айдан бері қыз келтірілген жоқ...

— Бұл масқара ғой!

— Биді жазалау керек!

— Шарап құйыңдар!

— Құйыңдар! Қожанияз Раманқұлдың жүзіне сынай қарайды. — Біздің төрелер ренішті екен, бек. Бірақ ауыр жаза қолданбай тұра тұрайық. Кінәңді жуарсың деп ойлаймын...

— Керегі қыз болса, күні ертең келтіріп берейін! Әрі анау— мынау қазақтың қызы емес, Нұрымбет әулетінен. Ақмырзаның қолында бойжетіп отырған сұлу қызы бар. Әлдеқашан-ақ көздеп қойғам. Тек тақсырдың емеурінін күтіп жүр едім...

Қарадуан елеңдеді.

— Онда не қарап отыратыны бар, қызды келтіру керек. Бәлем, Жанғазы сұлтанның іші күйсін. Жанқожаның қасында Бәйділда неге тұрғандай!?

— Дұрыс!

— Бек, мына пікірің менің көкейіме қонып тұр. Олай болса, Ақмырза биге жаушы жібер!

Бір оқпен екі қоян атып алудан Қожанияз да дәмелі. Жаушы аттандырып, қыз сұрату қазақ салтында ұят емес. Ақмырзаның қызы шын сұлу екені рас болса, басына неке салдырады. Одан кейін, кешегі жауы Жанқожа сүйек шатыс туысқа айналып қолтығына кіреді. Раманкұлды асықтырды.

Құттықтың биінің ондай қулықтан хабары жоқ, сол күн ауылға қайтты.

Қожанияз бидің қасына сарай қызметкерлерінің бірін қосқан. Бұл жаушылардың сапарына құдалық сипат беруі үшін керек еді. Бұрын қыз алдырғанда, Қожанияз ондай әурешілікке түсіп, абдырған жоқ-ты.

Раманқұл Қожанияздың адамына екі жігітпен Шорабайды ертті. Сол күні атқа қондырған...

— Берсе — қолынан, бермесе — жолынан, қызды алмай қайтпаңдар! Ақмырзаға айт, қиқаңды қойсын!

Бір жанжалдың болатынын біліп тұр. Бұл сөзді Шорабайға оңашалап айтты. Қатты тістенгенде аузы ырсиып, бидің тісі қышыр-қышыр етті.

* * *

Ақ бәтес орамалға үңіліп қалған тұп-тұнық көз жанарында қуаныш ұшқындайды. Жіңішке иненің жібек сабағы ақ сүйрік саусақ қалай жетектесе, солай қарай ирелендей жүйткіп, бәтес орамалға кесте тігіп отыр. Екі ине, екі түсті жіп, қан қызыл бояу мен сары түсті шабыстыра бедер салады. Бәтиманың орамалға кесте тіккені бірінші рет еді...

Кешеден бері ауылда Төремұрат жырау жатыр. Түнде екі ауылдың үлкен-кішісі осы үйде болып, таңға жақын әзер тарады. Төремұрат "Сегіз бен Мақпал" хикаясын жырлап еді. Қашан аяқталғанша Бәтима егіліп отырды.

Төремұрат бүгін түн Боранбайдың үйінде болады...

Бәтима осы өмірінің ішінде талай жырауды кездестірді. Сірә, балалығы шығар, жырға тұшынып көрген емес. Төремұраттың әні оған қатты эсер етті. Әсіресе Сегіз сері Мақпалын іздеп келе жатқанда... "артыңа кеткенің бе бір қарамай..." Бір кезде ол өлеңді Сегіз шығарғаны есінде жоқ, қыз Төремұраттың өз сөзі деп қабылдайды. Жырау жігіттің көзінде дөңгеленіп жас тұр еді. Бәтима да жылап жіберуге шақ отырды.

Мынау орамалды Төремұратқа арнап тігіп жатыр. Тәтті әнімен сусындатқаны үшін жырау ағасына ырза. Алғысын білдірудің басқа амалын таба алмады. Тек орамалдың шетіндегі гүл суреті келісті болып шықса десейші. Кесте тігу көйлектің жөнін тігу емес... Соны ойлағанда, Бәтиманың көзі намаз оқып отырған әкесінің үстіндегі ақ боз көйлекке түсті. Осылай қарай көшетін күні өзі тігіп кигізіп еді.

— Ассалаумағалайкүм, Рахметолла!

Әкесі бесін намазының қызығына түсіп алған, даусы күбірлей шығып, мойнын оң жағына бұрды.

— Ассалаумалайкүм, Рахметолла!

Осы кезде үй сыртында дүсірлеген ат тұяғының дыбысы шығып еді. Біреулер түсіп жатыр. Төремұраттар шығар. Соны ойлағанда, қыз жүрегі лүпілдеп кетті.

— Ассалаумалайкүм!

Бейтаныс біреулер екен. Төрт кісі алдыр-салдыр кіріп келе жатыр. Біреуінің белінде қылышы салақтайды. Бәрінің көзі өзінде, тұла бойын тінте қарайтынын байқаған сәт қыз қымсынды. Орамалын бүктей бастап еді.

Ақмырза жайнамазын жинап, кіргендерге мойын бұрды.

— Е, е, Шорабаймысың, төрлет, төрлет!?

— Жайланып қонақасы жейтін уақыт жоқ. Істің басында жүрген адамбыз. Бәрі ханның қазуы...

— Ал...

— Жаушылыққа жүрген жағдай... — Шорабай малдас құрып отырып, шырт еткізіп түкіріп қойды.

— Ненің жаушылығы... — Бір жамандықтан Ақмырза да секем алған, түсі бұзылды.

— Хан жіберді. Қызынды сұрайды. Қатындыққа...

Бәтима селк ете қалды. Осы кезде есіткен Боранбай кіріп келе жатыр еді. Шорабайға ақырды.

— Қазақтың қызын сарт сұратқанда, жаушылықта жүретін сенен гөрі жөні түзу біреуді таппаған екен!

Шорабайдың басына қамшы жауып кетті.

Ауылдың үлкен-кішісі жиналып қалыпты. Бек бастаған жігіттер Шорабайдың қасындағы жасауылдарды бір-бір ұрып құлатып, қол-аяғын байлатты.

— Мынау иттің құйрығын түріңдер!

Әмір беріп тұрған Боранбай көзіне қан толып, түк көрмейді. Бек Шорабайды алып ұрып, киімдерін жұлып-жұлып тастап жатыр. Бәтима үйден шыға қашты.

Боранбайдың қолында сегіз өрме бұзау тіс, сартасынан жүгініп отыр. Майлы құйрыққа тиген қамшының дыбысы білінбейді. Шорабайдың жотасынан шып-шып қан шықты.

— Өлдім!

— Осы итті қоя қойшы, өліп кетіп құнына қалармыз, Боранбай аға... — Қанды көріп жүрегі айныған Бек Шорабайдың желкесінен тұрып кетті.

Ақмырзаның түсі суын алған болаттай, сұп-сұр, Шорабайды құйрыққа теуіп тұрғызды.

— Хан иеңе айтып бар, менің жауабым осы!

Жігіттер жасауылдардың бар қаруын сыпырып алып, қара бастарын босатты.

Басқаларында үн жоқ, аттарына міне-міне салып, зытып барады. Ауылдан ұзаңқырап шыққан соң Шорабай артына бұрылды. Айқайлап тұр.

— Әй, Ақмырза! Әй, Боранбай! Ертең келіп күліңді суырмасам, менің Шорабай атым өшсін!

— Осыларды бекер босаттық-ау, — деді Бек, түнеріп тұр. — Бабажаннан әскер әкеледі әлі...

—Қазір үйді жығыңдар! Ақмырза әмір берді. — Көшеміз.

— Тағы қайда көшеміз?

— Жақсықылышқа!

— Ac...

— Ac Жанқожа келген соң болады. Оны Жақсықылышта күтім аламыз. Оған шейін абыр-сабыр да басылады. Ел жинала бастайды. Сарттар одан соң артына бақсын!

— Дұрыс айтады.

— Дұрыс айтады. Қашпақ болсаң зымыра. Шөккен түйе қала береді. Сырттай жүріп, Аманөткелден өтеміз. Әліқұл балаларына хабар салу керек. Бас қоспай болмайды! — Боранбай да асықтырып тұр.

Үйлер жығылып, артынып-тартынып болғанша, күн де батты.

Көштің алдына Ақмырза түсті. Жершіл еді. Қараңғыда жолды күндізгідей айырады.

Шорабай қанша жеделдеткенде, Раманқұлға түн ортасында жетеді. Ол ханға барып, қол жинап, ізге түскенше тағы бір күн өтуі керек. Оған шейін көштің де мойны ұзап, Аманөткелден әрі шығып кететін еді.

Қожанияздың қамалында екі жүз сыпай дайын тұрғанын, ханның қол жинап әуре болмайтынын бұлар білген жоқ.

Шорабай Раманқұлға түн ортасы ауа жеткен.

— Нұрымбет келді, бүлік келді деп едім ғой! Айтқаным келді. Аттан, аттан!

Раманқұлдың жігіттері қасында еді. Он адам ертіп атқа қонам. Қожанияздың ұлы сәскеде оянатынын біледі. Қамалға таң ата кірді.

— Ақмырза баяғысын қоймапты. Жаушыны сабап, жасауылдардың қаруын алып қалыпты. Ата-бабамызды боқтап...

— Тоқтат!

Қожанияз ақырғанда, Раманқұл жым болды.

— Қазір Ақмырзаға аттан! Нұрымбеттің баласын алдыма тірі әкелесін! Тағы да ана жылғыдай айрылып қалатын болсаң, басың алынады!

— Тақ-сы-ыр... әс-с-кер...

— Қасында қанша жігітің бар?

— Он адам...

— Қарадан туып, хан болғандағы кескінің осы ғой. Бір ауылды шауып қайтуға дәрменің жетпей тұр! Қожанияз оны біраз жерлеп алып, ақылын айтты. — Қасыңа қырық сыпай қосамын. Және есінде болсын, Ақмырза ханның жаушысын сабап жіберіп, тыныш отырмайды. Не жан-жақтағы ауылдарға шапқыншы аттандырады, не қаша көшеді. Қарамағындағы адамдарды екіге бөл, біреуін өзің бастап, Ақмырзанын аулына аттанасың. Орнында отырса, басқа жұрт құлақтанып болғанша, ұстап қайтуға асық. Қарадуан отыз жігітпен дарияның арғы бетіне өтеді. Тасқұдықтан Ақмырзаның көшін тосып алу керек!

Қожанияздың қамалынан күн шыға атқа қонған Раманқұл шоқыта тартты. Соңында жиырма жігіт, екі мылтық келе жатыр... Ханның топшылауында қате жоқ. Ақмырза жан-жаққа шапқыншы аттандырып, қалың ел қобалжығандай болса, іс қиынға айналады. Оған үлгіртпей басып қалу керек!

Бірақ Ақмырзаның жұртын сипап қалды.

— Көштің сүрдегіне салыңдар! Көш ұзап ешқайда бармайды. Ақмырзаны дариядан өткізбей басу керек!

Боранбайдың да бірге кетіп бара жатқанын білгенде, Раманқұл тістенді. Ақмырзаны тірі апарады... Ол ханның бұйрығы... Ал Боранбайды...

Раманқұл арманы Барақтың содыр ұлын байлап апарып, Сәндібайдың басында құрбандыққа шалу еді. Сонда осыдан он жыл бұрын кеткен кегі қайтады... Қапы ұрып қалғаны жанын жегідей жеп келе жатыр.

* * *

Күн сәске еді. Далада аптап соғады.

Жаңадария жылда екі кенересін шайып жататын. Биыл жаз қуаңшылық, дарияның ұлтанында жартусыз сары лай су, ақырын ирелендейді.

Алыстан соқырға аяңдатып келе жатқан жалғыз атты жолаушы дарияны кештіріп өтті. Жануар торы бедеудің қаталап қалғаны көрініп тұр. Тізгінін жұлқа тартып, дарияның ұлтанындағы суға басын қоя жығылды.

Жолаушы ер үстінен ебедейсіздеу еңкейіп, аттың аузынан ауыздығын сыпырды.

Жаңадария өңірінің осы бір тұсы тақтайдай жазық. Жанназар қыстауының сыртындағы жыңғылды шоқат сәскелік жерден көзге ұратын еді. Жолаушы жас жігіт, арғы бетке шыққан соң аттан түсіп, шап айылын қайта тартып алған. Биік шоқатты нысанаға алып, соқтырып келе жатыр.

Аңқасы кепкен, қыстауға талтүсте жетті.

Бір заманда Маман бастырған қыстауда үй саны оннан асып біраз ел болды. Соңғы үш-төрт жылдың бедерінде Жаңадарияда су да мол, қарақалпақтардың тұрмысы түзеліп қалған. Биыл ескі аңыздар құлазып жатыр. Соны көргенде жас жігіттің көзіне жас келгендей, ернін ауырта тістеді.

— Топай ағам!

— Алақай, Топай ағам келді!

Салт аттының алдынан қара домалақ балалар кес-кестей лап бергенде, есіктің алдында қара сұр шал күлімсіреп тұрды. Дөңгелетіп қойған сақалы ақ күмістей жылтырайды. Бұл Жанназар ақсақалдың өзі еді. Былтырдан бері қарттық мойынға мінгендей, аяқ-қолы көбірек сырқырайды. Қамалдағы жұмысымен қоштасты.

Екі жыл бойы Қарадуанға өтініш жасап жүріп, осы Топайды жасауылдыққа алдырып еді. Сыр бойындағы Хиуа қамалында азғантай үй қарақалпақтан көз-құлақ болатын бір адамның керек екенін ескерді..

Топай баяғы Жабыдан қалған жалғыз тұяқ. Осыдан екі жыл бұрын Қаракөз көз жұмды да, жас жігіт үйде сопа басы қалды. Нағашысынан жалғыз Сегізді білетін еді. Ұзынқұлақ хабардан есіткені ертеректе Хиуа ханы зынданға тастаған екен. Ел өлдіге жорып отыр...

Жабының баяғы ауыр дәулеті жоқ. Жасы жиырма беске шыққан Топай әлі үйлене алмай жүр. Қазір қолын қамалдағы жұмысы босатпайды. Анда-санда толасын тапса, Жанназарға соғып кететін еді...

Бүгін Жанназар үйінің түскі шайына қыстаудағы жұрт тегіс жиналды. Тоқтаболат та қартайған, маңдайының әжімі тереңдей түсіп, сақал-мұртын ақ шалыпты. Ал Мыржықтан қалған жалғыз ұл Ерназар қазір он жеті жасқа шыққан, зіңгіттей жігіт еді.

Тоқтаболаттың әңгімесі биылғы қуаңшылық, Топайға шағынды. Ауыл дәнді дақылдан қол жуып отыр. Жартусыз бақшалығы бар қауын-қарбыз, асқабақ еккен болды. Оған балалар шелекпен тасып су құяды. Жаңадарияның ұлтанындағы жылтыраған жартусыз су осы қыстауға жете беріп, құмға сіңіп жоғалады екен.

Жанназар Қызылдағы қазақ ауылдарына ат ізін салып тұратынын айтты.

— Сегіз нағашың тірі болып шықты. Ауылы Қазақ дариядан бері қарай жылжыған. Анық қай жерде отырғанын білмеймін. Өзі қырда Төртқараларға бара жатқанын Қарасақалдардан есіттім...

— Мынау үлкен қуаныш болды-ау! — Топай бір отырып, бір тұрды. — Қарасақалдар қай құдықта отыр?

Топай Хиуа ханына құпия хат апара жатқанын, жолда Қарасақалдар ауылына соғып кететін мүмкіндігі бар екенін айтты.

— Қожанияз Ақмырзаны зынданда ұстап отыр. Ертең бір күн басын алдырады. Қазақ арасы қобалжулы ғой. Мені Хиуаға асығыс аттандырып отырғаны да сондықтан...

— Есіл ер-ай, қапы кеткен екен!

Жанназардың көз алдында Хиуа ханының қылышынан жазым болған қарақалпақтың аяулы ұлдары... Жабы балуан, Мыржық батыр... Бегіш пен Айдос би... Күңіреніп отыр.

— Жанқожа Қожаниязды бұл жерде отырғызбайды! — Тоқтаболаттың арқасы қозды. — Баста Ақмырзаны ғана көшіріп, өзі Хиуаның аужайын байқау үшін кейіндеп қалған болды ғой. Енді атқа қонатын шығар!

— Бұл жақтағы қазақ та алақанына түкіріп отыр.

Үлкен ала көзді, бойшаң, бала жігіт Ерназар үнсіз еді. Қалың қасының екі ұшы түйісіп-түйісіп кетеді. Жұрт Жанқожаның атын атағанда, басын көтеріп алған. Көзінің еті қанталап тұр екен, Жанназарға қарады.

— Жанқожа батыр қай жерде жүр?

— Мұғалжар тауынан әрі қарай қыр жайлайды деседі ғой. Хабар барып жете қоймаған шығар...

— Жанназар аға, теңбіл көкті беріңізші! Хабарды бір аптада жеткізейін! — Ерназардың көзі ұшқын атады.

— Ол қиын ғой, балам. Жол білмейтін жас бала, қазақтың кең даласында қарақалпақ адасып кететін.

— Сұрай-сұрай Меккеге барады...

— Сен сұрай-сұрай жүргенде, қазақтың ұзын құлағы жеткізіп те үлгіреді. Жанқожа ұзамай келді дей бер, — деді Тоқтаболат балаға басу айтып. Одан да Жанназар ағам Ақтан батырға барып қайтсын. Осыдан екі күншілік жерде отыр. Жанқожаның туған нағашысы...

Қиялыға қарай жылжыған Қаракесек ауылының көші жаз басында осы ауылдың үстімен көшіп өткен. Тоқтаболат екі рет барып қайтты. Жігіттері ат үстінде екенін білетін еді.

— Сен әлгіде Хиуаның ханына хат апара жатырмын дедің ғой. Соныңды көрейікші. — Жанназар Топайға қарады.

Хатты Топайдың өзі оқып берді. Қожанияз қазақ ауылдарындағы қобалжу жайын хабарлайды. Жанқожа аттанып келе жатыр. Ақтан батыр қол жинай бастапты... Солай төндіріп келіп, бес жүз сыпай көмек сұрайды.

— Бұл хат Хиуаға бармай-ақ қойсын. — Жанназар жыртып-жыртып отқа тастады. — Ал өзің Ерназарды ертіп Ақтан ауылына барып қайт, батыр қамсыз отырмасын...

— Мына хаттың бәлесіне қалып жүрмейміз бе? Тоқтаболат қауіп айтты. — Топайдың қызметі де бар...

— Ертең Қожанияздың да күні бітеді. Одан кейін Топай бәрібір жұмыссыз қалады...

Жанназар Ақмырзаның қазасынан кейін исі Кішкененің ашынатынын біліп отыр. Қожанияз бен Жанғазы бұған шейін Кішкенеге арқа сүйеп келіп еді. Қарасақал ауылы мен Ақтан батыр бастаған Қаракесекпен ат кекілін кесіскелі әлдеқашан. Нұрымбет ауылымен Әйдербектер де қудандалы жекжат... Жақайым болса, оның тізгінін ұстап отырған Байшоқы Жанқожаны хан тұтады... Әлім түгел көтерілгелі тұр...

Хиуаға шапқыншы кетті... ол жақтан қалың қол келетініне күмәні жоқ Қожанияз бен Жанғазы қазақтан айылын жимайды. Қазір қамалда шапқыншының оралатын күнін күтіп, саусақтарын санап отыр. Бір апта әрі, бір апта бері... Олардың есебі бойынша, көмек бір айдың ішінде келіп жетеді... Қазақтар қалай да ертерек қимылдап қалуы керек.

— Жанқожа әруақты туған ер еді. Жолы оңғарылар, — деді Жанназар әңгімесін сабақтай келіп. Қожанияздың қамалында мықтаса екі жүз сыпай бар. Жанғазы ханның қасында он-он бес төлеңгіттен басқа ешкім жоқ...

— Қайынатасы Бәйділда ше? Атарман-шабармандары табылады ғой, — деді Топай.

— Жанқожа Қарақұмнан бері өткен күні Жанғазының қасында бір қазақ қалмайды!

Сол сөзді есіткенде жас Ерназардың көзі ұшқын атқандай. Хиуа ханын бала жігіт ата жауы есептейді. Қолдаулының қара шаңырағындай болған үлкен әулет Айдос ұрпағының түбіне жеткен осы Аллақұл екен... Соны есіне алса, Ерназардың түн ұйқысы төрт бөлінетін еді.

Қазақтар міне атқа қонғалы жатыр... Қарақалпақтың кезегі қашан келер екен. Момын елдің ерін бауырына алып бір тулайтын күні болар ма?..

Енді жиырма жылдан кейін сол арманы орындаларын, Хиуа тағын теңселдірген қарақалпақ көтерілісінің басында өзі жүретінін ол білген жоқ...

* * *

Қожанияздың үкімі үш күннен кейін орындалды.

Бірақ Ақмырзаның қызығын көруге шақырылған билерден ешкім келіп жарытпады. Ақтан батырдың ауылы теңіз қолтығында, ат аяғы жетпейтін жерде... Бекарыстан аяқ астында "ауырып қалыпты"... Есептегі тағы бір би Байшоқы да қолға түспей отыр. Әйімбетте келмей қалған...

Раманкұл мен Бәйділда бар. Қаңғалақтап жүріп Итіғұл тап болды... Бары он шақты адам еді.

Қамалдың дария жақ бетіндегі дуал... баяғыда осы жерде Балпанның басын алдырған... Қазір дуал ондағыдан биіктей түсіп, үстіңгі жағы алаңға айналып еді.

Жасауылдар Ақмырзаны айдап әкелді.

Бәйділда бір орнында тұра алмай, біресе Итіғұлдың артына, біресе Раманқұлдың артына шығады. Жанқожа тірі жүргенде, Ақмырза сияқты ардагер азаматтың арты жоқтаусыз кетуі мүмкін емес. Он кісінің ішінде жалғыз Раманқұл ғана сыр берген жоқ. Өлсе Нұрымбеттің баласы, өлтірсе Хиуаның әміршісі... Барактың баласы Сәндібайды өлтіргенде, құн беріп құтылғанын еске алды... Жендеттер Ақмырза емес, ата жауының басын алғалы тұрғандай айызы қанып қарайды.

Итіғұл жағасын ұстады. Таста тамыр жоқ, тасбақада бауыр жоқ. Адамның тасбақасын бүгін көргендей. Ақмырза егізінің сыңары еді ғой. Оны өлтіргелі жатқанда, Раманқұл ханға қалай бір ауыз сөз айтпайды. Мынадан мейірім күтіп жүрген өздерінде ес жоқ екен-ау...

Ақмырза биік дуалдың үстіне шықты. Екі қолында екі жендет, тас қылып ұстап жібермейді. Өлімнен ұят күшті, Ақмырза қызығына қарап тұрған билерді көріп намыстанды.

— Әй, Раманқұл! — Ақмырзаның даусы күндей күркірейді. — Киікбай мен Кенжеғұлды басқа қазақ айырмайтын еді. Атаның досын арамза туған бала айырады! Сен ат арқасын мінген соң, қырық үй Майданның арасына жік түсті. Боранбай ініңді өлтірген шығар, менің қандай жазығым бар еді. Құтқар мынау қанішер жендеттеріңнен!

— Қызды жау да алады. Құшағын ашып барғанда, ханның меселін қайтарған өзіңнің обалын жоқ!

Қара арғымақ астында, Қожанияз сыдырта аяңдатып келіп қалған екен. Раманқұл хан есітсін дегендей, дауысын көтере сөйлейді:

— Әттеген-ай! Қапы кеттім-ау... Шорабайды өлтіргенде, кімнің кегі қайтқандай. Қолымды арам қанға былғағым келмеп еді. — Ақмырза бұлқынып қалғанда, бір қолы босап кетті. — Жастығымды ала кетпегеніме өкінемін!

— Жастық па саған? Жамбасыңа қара жер де бұйырмасын, басын шауып, суға атыңдар!

Қожанияздың әмірлі үні саңқ етті.

Екі жендет екі қолынан алып, Ақмырзаның басын суға қарай еңкейте берді... Үшінші жендеттің қолында айбалта еді. Айбалта жарқ етіп көтерілгенде, Итіғұлдың қарап тұруға дәті шыдамады, екі көзін тастай жұмып алған, қалшылдап тұр.

— Ұстаңдар!

— Кетті!

— Қап!

Итіғұл көзін ашып қалғанда, дуалдың үстінде Ақмырза жоқ, екі жендетті ғана көрді.

— Ойпырмай, мұндай сұмдықты кім көрген? — деді Бәйділда оның құлағына сыбырлап. — Айбалтаны сілтеуге келтірген жоқ, Ақмырза жендеттің біреуін құшақтаған күйі, дарияға ағылғаны ғой! Иманым қасым болды. Екеуін де ала кететін еді, мынауысы қолын дер кезінде босатып үлгірді. Ақамның жасы жетпістің үстінде, апыр-ай, қаруы қайтпаған екен-ау...

Бүкіл жұрттың көзі дарияда, әлгі екеудің қайта шығуын күткен сыңайлары бар. Бірақ қайта көрінбеді...

Раманқұлдың төбе құйқасы шымырлайды. Ақмырзаның көзсіз ерлігіне өзі де тәнті, бірақ сыр беруге бата алмай тұр.

Ақмырзаның көшін қуып кеткен сапарынан бүгін түсте оралып еді. Бұл жолы да Тасқұдықтан қайтты.

Раманқұлдың Шорабай бастаған жігіттеріне Сарыатанзаузан құдығының басында кездесті. Көш сүрдегі сайрап жатыр, тіп-тіке Шықыманға қарай тартыпты...

— Боранбай залымды көрдің ғой. Әліқұл ауылын бетке алып бара жатыр ғой. — Раманқұл дұрыс топшылады. Қолдан келсе, жеткізбей басқан жон болар еді.

Шықыманға күн шыға жетті.

— Әуелі шолғыншы жіберіп алу керек. Қарадуан қамалға қайтқан соң, қара бұжыр жігіт Әймәмбет сыпайлардың бастығы болып қалған, Раманқұлды тыңдамады. Қалың быжырдың арасында қанша қол жатқанын кім біледі... сақтық керек...

Раманқұл іштей есептеп тұр. Бір Әлікұл ауылының жігіт саны отыз-қырыққа тақап қалады екен. Барак пен Нұрымбет ауылындағы еркек кіндікті санай келіп, оннан асырды. Ендеше ашық барып ұрыс салу, бұлар үшін қатер еді. Әймембеттің сөзіне тоқтады.

Құрманайда Айдарқұл бар... Бекбауыл... Егер бәрі ауыз біріктіріп жүрген болса ше!

Шорабай шолғынға шыққан. Ол келгенше күн батты. Шықыманда бір үй жоқ, ентігіп келіп отыр.

— Көш сүрдегі Тасқұдыққа қарай беттепті...

— Жақсықылышта болды онда! Әліқұл ауылы көтеріле көшкені ғой. Аржағында Жанқожа да келе жатыр. Бұлар астыртын хабарласып тұрған болды. Раманқұл шынымен үркектеді. — Кейін қайту керек!

Әймембет айтқанға болмай, Тасқұдыққа шейін апарды.

Ұзаған сайын көш сүрдегі кеңейе түскен. Қырық мың қол өткендей, ақ шандағы бұрқырап жатыр. Батырға да жан керек, Әймембет сескенді.

Қожаниязға көрген-білгенін еселей өсіріп, дабырайтыңқырап жеткізіп отыр.

— Бек, сен жүрген жерде ылғи қалын, қолға ұшыраса бердік қой. — Соны айтқанда Қожанияздың жүзінде кекесін күлкі байқалды. Ендеше, дер кезінде келдің, ана жолы ініңді атып қайтып едің, енді ағаңды жазалайсың...

Ақмырзаның қазасы Раманқұлдың адалдығына бір сын еді... Бабажанның әлгі сөзінен кейін тап солай екеніне шәк келтірген жоқ. Қожанияздың келе жатқанын көріп қалған Раманқұл әдейі Ақмырзаға ұрына сөйледі.

Сол күні Бажбан сарайында бастығы Жанғазы хан болып, Ақмырзаны жазалауға қатысқан билер қонақасы жеді. Жаны ашыған ағайын іштен азалайды. Жұрт Раманкұлға таңғалды. Кенжеғұлдың баласы көпе-көрнеу көңілді еді.

— Билер, сендерге айтамын. Хиуаның ең сенімді адамдары да осы отырған өздерің. Биылғы жиналатын зекеттің үштен бір бөлігі сендердің үлестеріңе тиеді. Ендігі міндеттерің құлақтарың түрік болсын. Егер тыныштық болса, шапқыншы жіберіңдер. Зекет жинатуға Қарадуанның өзі шығады. Шықыманда сегіз үй тігілсін. Менің бас уәзірім екі жүз сыпаймен сонда барып орнайды. — Қожанияз сөйлеп отыр.

"Үштен бір үлестің" хабарын есіткен билер Қарадуанның ертерек елге шыққанын тілеп отыр. Шықыманда екі жүз сыпай ұстай қоятын жағдай Қожаниязда жоқ екенін біліп отырған қазақ жоқ. Енді ауылдарына жеткен күні шапқыншы аттандырады. Ақмырза өлді.... Нұрымбеттің асы осымен тарқауы керек. Құрулы мылтықты көріп тұрып, бері қарай Жанқожа да аттай алмайды... Жанғазы мұртынан күледі.

Билер ертеңіне ауыл-ауылға тарап бара жатты.

* * *

Бұл кезде қырдағы Жанқожа ауылы да көші-қон қамына кіріскен. Төртқара ағайын қайын жұрты. Ішінде алты жыл отырды. Үлкен-кішісі төбесіне көтеріп сыйлайды. Қазақ салтында ыңғайсыз кете беру ұят, Жанқожа айрылысар көже жасағысы келіп отыр еді.

Ауылға күтпеген жерде қонақ келіп қалды. Сегіз сері — тапай жылдан көріспей аңсатқан көңілдес құрбысы. Екі шал көздерін сулап алды.

Айтып отырса, соңғы сегіз жылдың бедерінде Сегіздің де көрмеген азабы жоқ. Қоныс сұрай барып, Хиуада зынданға түсіп қалған. Үш жыл жатып шығыпты...

— Құдай адам пенденің басына бермесін. Жер басып, жарық күн көріп жүрген де ұжмақ екен ғой. Адам аштыққа шыдауға болады екен. Кеуде кере жұтатын таза ауа — үш жылда бар арманым сол болды..

Серінің шашы аппақ қудай еді. Зынданнан шыққан соң бір жыл төсек тартып жатқан. Былтырдан бері ғана адам қалпына келіп, ат арқасына мініпті.

— Нұрекемнің қайтыс болғанын есіткенмін. Хиуадан қайтып оралған соң елге барып қайтармын деп жүрмін ғой. Алдын кім болжаған, кіріптар болып қалармын деген ой жоқ..

Жер шалғай, шалдың қара шаңырағына қол жайып қайтудың сәті түспей-ақ қойған.. Сегіз кешірім сұрайды.

Жолда Әліқұл ауылында төрт-бес күн жатып аунап-қунап кетіпті. Ақмырзаның Сыр бойына оралғанын сол жерде естиді екен. Бері қарай беттеген жолында, Жақсықылышқа соққан. Ақмырзаның ауылы бір күн бұрын іргесін көтеріпті.

Сыр бойындағы елдің әңгімесі Нұрымбеттің асы, дүрілдесіп жатыр. Алыстан дүбір таянса, арқаң қозып жатқызбас... Нұрымбеттің асы үлкен бір қимылдың басы екенін Сегіз де аңғарып отыр.

Жанқожа серіге берілген қонақасыға Дабылды шақыртып алды. Төртқара ағайынға айрылысар көже бергелі отырғанын айтты. Содан кейін Сыр бойына қарай қозғалады.

— Қарамызды көбейтіп, қанаттаса көшейік, Жәке.

Қарасақал ауылы да қанаттарын қомдап отырған жайы бар.

Бала-шаға туған жерін сағынған, байлап ұстағанда тұратын емес. Дабыл асықтырды.

Жанқожа бұл түні серіні қинаған жоқ. Өзі жіңішке сырқаты бар адам, жол соқты болып жетіп отыр. Әуелі демін алғаны мақұл еді...

Сегіз ұйқыдан сергіп тұрды.

Алдында дастарқан, сырлы тостаған толы сары қымыздан анда-санда бір ұрттап қояды. Қолында бетіне сүйек шаптырылған домбыра, Сегіз біраз сілтеді.

— Дауысың баяғы қалпы, түк өзгерсе бұйырмасын! — Жанқожа таңдайын қағады.

Кешке қарай Төртқаралардың алды келе бастап, алты қанат үй ауыз-мұрнынан шықты. Бәрі де Сегіз есіміне қанық, сері жырына ғашық.... Доспамбет пен Шалкиіз толғаулары айызыңды қандырғандай. Үйге сыймаған халық бірін-бірі басып-жаншып, есікке таласады. Жанқожа үйдің шиін түргізіп тастады.

Сегіздің қолынан таң аппақ атқанша домбыра түскен жоқ. Бағы заман... онда да ел басында бүлгін екен. Ел қамын жеген ерлердің кеудесінде қайнаған кек, жыр болып атылыпты. Серінің жыры қай-қайдағысын қозғағандай, Жанқожаның жүрегі алабұртты. Осыдан қырық жыл бұрын... Онда да осы Доспамбеттің толғауы... Сегіз төгіп-төгіп жібергенде, арқасы қозып отыратын еді. Бірақ тап осылай әсерленген емес... Доспамбет қазір алда тұрған ұлы жорықты еске салатындай, білген адамға ер жүрегін кекпен жанитындай екен-ау... Ол бұлқынғанда, шідер үзетін асаулықты дәріптейді. Халық үшін басынды беруден артық қасиетті жұмыс жоқ, ер төсектен безінбей есе қайтаруы қиын...

Түн ортасы ауа Сегіздің де арыны қайтып, әуені өзгергендей еді. Мақпал қызды әндетіп кетті. Ән сияқты басталып, бірте-бірте ұзын сала дастанға айналған. Бұған ұқсас бір шумақ, екі шумақ ән бұл жақта да айтылатын. Бірақ мынадай ұзақ дастанды есіткен ешқайсысы жоқ екен. Ескілікті толғау әуеніне егітіліп отырған жұрт серпіліп қалды.

— Мақпал жеңешем қалай, қартайып қалған жоқ па?

Жанқожа дастан біткен соң да қобалжуы басылмай қойған, дауысы барлығыңқырап шықты.

— Қартайды ғой. Үш жыл бойы бір ауылды қайтсе тоздырмаудың қамы әрі оған уайым да қосылған. Одан соң екі-үш жылдай науқас бақты. Қашанғы болсын денсаулық, жеңгеңнің де шашына ақ кірді. — Сегіз күрсінді.

Қонақтар күн ұзын қалғып-мүлгіп отырды.

Біреу-жарым көңілі ояулары ел қамын сөз қылады.

Табын Тіленшінің Жоламаны орыстармен ұстасып қалады екен. Кенесары сонда барып араласыпты...

— Орысқа тісін басып жүрген адам... Кездескен екен!

Бұл хабарды Жанқожа да естіп отыр. Оның көкейін тескен Кенесары уәде қылған бес жүз сарбаз еді. Қасым ордасының Табын ішіне қарай ойысуы қатер. Орыс оңайлықпен алдыра қоймас. Онда Кенесарының да қолы байланады...

Түске шейін Төртқараның да басы түгенделді.

Қонақасы қамына таңертеңнен кіріскен Жауқашарда тыным жоқ. Қазан неше жерден қайнап жатыр.

Шектінің толысы шайқалып, еңсесі түскен ауыр жағдайынан бұл жақтағы ағайын түгел хабардар. Нұрымбеттің асы қандай нысана көздейтінін бәрі де біледі. Төртқараның жақсылары дайындалып келіп отыр.

Бәймен сөйледі. Басқа Төртқара бір төбе болғанда, алты мың үй Қараш бір төбе. Қараштан шыққан Сейітқұл бір заманда Шығай ханға бас уәзір болды. Жалаңтөс Баһадүр Сейітқұлдың тұқымы еді. Әйтеке бидің де арғы тегі Сейітқұлдан тарайды. Қараш тұқымы жуан, сонысымен сыйлатады, Қараш көп, сонысымен қорқытады... Бәймен сөйледі.

Күйеуін пайғамбар да сыйлайды екен. Күйеудің қайын жұртында артық бір сыбағасы болады. Атадан қалған жоралғыны айтты. Төртқара Жанқожаны күйеу бала деп емес, аға көріп сыйлайтын еді. Бес-алты жыл іргесі жақын қонып, тұз-дәмі жарасқан жайы бар... Бірақ ер туған жеріне, бүгін батыр көш көлігін қомдап отыр. Әкесіне ас беру адал туған әр перзенттің борышы... Батырдың игі ниетін қайын жұрты да қолдайды. Мұнда төрт арыс ел ақ батасын беру үшін жиналып отырғанын айтты. Жанқожа Төртқараның ақылгөй ағасы, қадірлі азаматы еді. Қонақ екені бүгін білінді. Қазақтың қонақтан бұйымтай сұрайтын салты бар. Күйеудің қайын жұртында артық бір сыбағасы бар...

Төртқараның басы түгелденген жерде осы әңгіменің шеті шығатынын Жанқожа да білді. Дайындықсыз отырған жоқ.

Жанқожа батыр болып, қамал бұзған кісі емес. Жылқыайдардың кегін қуатын жолы балалықпен арындап жүрді. Нұртаймен жекпе-жекке шыққанда үстінде сауыт та жоқ еді...

Арғы атасы Киікбай би болыпты. Құрманай-Құттық батыр деп те дәріптейді. Одан туған екі бала Өтеген-Нұрымбетке батырлық дарыған жоқ. Арғы атасынан мұраға сауыт қалады екен... қара сандықтың түбінде жата беріпті. Баяғы Нұртайды қуатын жолы әкесі Нұрымбет ескі сандықты аштырды. Киікбайға біткен сауыттың түрі шекпен, жейде болып шықты. Омыраулығына он шақты жерден темір шығыршық жүргізіпті. Темірін тат басып, ал шекпен жейде өрім-өрім еді. Жауға киіп баруға жарамады...

Сол сауыт сандық түбінде әлі жатыр. Бұл күнде сауыт деген аты, жұлым-жұлымы шыққан...

Жанқожа шын сауытты әр жерде көріп жүр. Олардың сорты бөлек еді. Киікбай қанша би болғанмен, аса дәулет бітпеген сияқты. Ауыр күн кездескенде қолына түскен он шақты темір шығыршықты омырауына қалқа қылған жайы бар...

Батырдың алдында ер төсектен безінер күн күтіп тұр... Қожанияз қамалы Тықының қыстауы емес. Ертең құрулы мылтықтың оғына кездеседі. Ет пен сүйектен жаралған денеге қалқан керек... Қалқан керек болмаса, ертеде өткен батырлар сауыт соқтырмас еді...

Төртқараның ішінде Қарабатырдың атағы дабырайып естіледі. Оразкелді ішінде Сапақ бимен жақын туыс... Қарабатыр осыдан жетпіс жыл бұрын дүние салған. Момындау тұқым-жұрағаты бар... Батырдың сауыты сандық түбінде жатқанын Жанқожа естіп отыр. Оны сатып алуға дүниенің малы керек. Онда да сатса жақсы... Қазақта атаның көзін көрген мүлікті қатты қадірлейді. Сол сауытқа қолқа салды.

Бәймен Сапаққа қарайды. Анау қозғалақтайды. Қарабатырдың қазіргі ұрпағында кісілігі бар ешкім қалған жоқ. Сапақ содан қорынып отыр. Бәймен түсінді.

Қасында Сапақ, қонақасыдан кейін атқа қонған...

Ертеңіне сауытты алып жетті. Бағасы қырық түйе болыпты... Бұл неше қыздың қалыңмалы еді. Өз қолқасы қаншалықты қымбатқа түскенін есіткенде, Жанқожа қысылды.

Жиналған жұрт қозыдай маңырап, құтты болсын айтып жатыр. Бәймен сауытты кигізді.

Ертең көші-қон қамтығы басталады. Төртқара ауылының жас жігіттері әлі де тарқай қоймай, иіріліп тұр.

— Жәке, жақсы ниетпен жолға шыққалы отырсың. Тағы да Бәймен сөйледі. — Нұрекемнің асына шейін бір жарым ай қалған екен. Мынау жігіттердің тарамай тұрған себебі бар... Өзіңізбен ере жүріп, шалдың асын қолымыздан тарқатып қайтсақ деп өтініш айтып отыр...

— Ау, ағайын ондай ықылас көрсетіп жатса, мен несіне қашамын!

— Әй, бәрекелде!

"Шалдың асын қолдан таратып қайту" тек сылтау үшін керек. Төртқараның ер жүрек жігіттері, Жанқожаның шын ниетін байқаған соң, жалғыз жіберуге намыстанды. Бәйменнің ауызына сөз салып отырған да солар еді.

Асқа баратындардың саны қырықтың үстіне шықты.

— Нұрекең ақсақалдың әруағы құдаларына ырза шығар, — деді батыр, сүйсініп айтты.

Сол күні Дабыл батырдың Жіңішкеқұмға бет алып көшіп шыққан хабары келді.

Өздері таңертең қозғалатын еді.

Түнде түс көрді. Өздері бір топ салт атты, Аранқұрғанның сыртында киік қуып келеді екен дейді. Бәрінің алдында Ақмырза... Киікке де сол бұрын жетті... Қыр тағысымен араласа тартып барады. Ақмырзаның алдында қаптаған аран... Ағасының аранға ұрынып құлағанын көрді... Жанқожа ұйқысынан шошынып оянды.

— Киік тағы аң ғой. Ақаң бұрын жетіп жүрсе, сартты да алқымнан бұрынырақ алар. Біз жеткенше, ондағы ел түгел атқа қонатын болды-ау... — Сегіз жақсылыққа жорыды. Келе жатқан сапарында ел іші қобалжу екенін байқап еді, соған орай кәдік айтып отыр...

Жанқожа ырымшылдау еді, әлгі түс көкейінен кетпейді. Көш жөнекей қабағы ашылмай қойды.

Бір-екі жер емес, асығып болмайтын еді. Қазақ сахарасында құдық басы да санаулы. Біреуінен көшіп шығады, екіншісіне жетіп қонады... Арада үш күн салып, бір күн еру болады...

Көш он үш күн жүріп, Жіңішкеқұмға ілікті.

Жіңішкеқұм — Шектінің ата қонысы. Жақайым мен Әйдербек араласып жайлайтын еді. Жанқожа жан-жаққа құлақ түре келеді. Басында ауыл жоқ бос құдық табылмайды. Бұл жерде біраз жаңалыққа қанықты.

Көкшоқатқа бір көштік жер қалғанда Қондыбай кездесті. Ауылынан шыққалы бір жұмадай өткен, жылқы қарап жүр екен. Бір қысырақтай үйірі қыстан бері жоқ. Ізін шығара алмай, діңкесі құрығанын айтты.

— Жәке, қиыстау тартып барасың ғой. Алдында Көкшоқат. Жақсықылышқа қарай бұрылатын болған соң, Үдентамының үстімен неге тартпады?

— Маған Жақсықылышта не бар? Тікесінен дариядан әрі өтпеймін бе?

— Қате есітпесем, сіздің ауыл Жақсықылышта отыр...

Нұрымбет ауылы Жақсықылышта отырғанын Кондыбай алдыңғы күні есітті. Алшынбай ауылының қойшы баласы еді. Ақмырзаны сарттар ұстап кеткені жайлы бірдеңені былжыратты. Оның анық-қанығын біле алмаған Қондыбай қылауызданғысы келмей отыр...

— Олай болмаса керек еді ғой. Ақмырзаға айтылған, әкемнің басында кездеспек болғанбыз... Жанқожа тоқырап қалды. Жауқашарды шақыртшы. Жақсықылышқа барып қайтсын. Біз бүгін Көкшоқатқа еру боламыз...

Жауқашар жолдан бұрылды. Бұл күні көш үдере тартып, күн батып кеткенде Көкшоқатқа жеткен. Қоңдыбайдың сөзінен кейін қобалжуы күшейе түскен. Енді Жауқашар оралғанша Көкшоқаттан қозғалмайды...

Итарқа тіктірді. Айбарша жерошақ қаздырып, қазанға ас салды. Жол қажытқан жігіттер ақ құмшықтың баурайында қисайып-қисайып жатыр...

— Әй, мынау кім?!

— Ассалаумағалайкүм!

— Бекжарас!

— Күйеу бала келді!

— Біздің Көкшоқатта екенімізді қайдан білдің?

— Жолда Қондыбай кездесіп... — Бекжарас міңгірледі.

— Аманшылық па әйтеуір?

— Амандық қой... көштің хабарын естіп...

— Ақмырза аман ба? — Жанқожаның іші кіпі алды. — Ауыл неге Жақсықылышта іркіліп қалды?

— Ақ-мыр-за... — Өзі тығылып отырған Бекжарас өкіріп қоя берді. — Жәкет-ай, Акмырза ағамнан айрылып қалдық қой... Сорлап қалдық...

Қатындар шу етті.

Жақсықылышта Әліқұл ауылын қосқанда қырық-елу үй отыр. Ақмырзаның қазасын кешігіп естіпті. Сарттан қорыққан қалыс ағайын бұл ауылдарға жақындауға қорқатын еді. Сонымен арада бір апта өтіп кетеді екен.

Осыдан төрт күн бұрын ауылға Бекарыстан бастаған Кішкененің жақсылары ошарлады.. Солар есіттірген. Кеше жетілігі беріліпті. Бүгін таңертең Бекарыстан Боранбай мен Бекжарасты атқа қондырды. Жіңішкеқұмға беттеп шыққан беті екен. Қондыбайға кездескен соң, Боранбай ауылға қайтып, батырға хабар беруді Бекжарасқа тапсырады.

Қауіп-қатер көп. Шықыманда Қарадуан жатыр. Қасында екі жүз сыпайы бар, зекет жинайтын көрінеді. Онысы әншиін сылтау, Нұрымбет ауылын шауып қайтуға шыққан сияқты. Бірақ үш күн өткен, қозғалатын белгі байқатпайды. Қапыда соғуынан қауіп төнген ауыл, көш-көлігін қамдап, Көкқабаққа қарай кешіп шығуға дайындалып жатыр екен...

— Бекарыстандар қайда?

— Жетісі өткен соң қайтты. Асан ауылының он шақты жігітін қалдырып кеткен... Басқа ештеңе айтқан жоқ...

Жанқожа Жақсықылышта біраз қол жиналғанын байқап отыр. Бекжарасты сол жерден ауылға қайтарды. Өзі таң ата атқа қонады. Бекжарас Боранбайдың маңында топтасқан жігіттерді алып, Шықыманға қарай қозғалуы керек. Жанқожа оларды сол жерден күтеді...

Екі жүз сыпайдың хабарын есіткен Бәйменнің түсі бұзылды. Оған салса, Жақсықылышқа қарай бұрылып, Кішкене-Әйдербектің жігіттеріне қосылатын еді. Бірақ Жанқожаның көзіне қан толғандай, құлағына сөз кірмейді.

Ауыл бұл түні көз ілген жоқ. Батырдың бір жағында Сегіз, бір жағында Бәймен, жұбату айтады. Ол үнсіз қалпы, көзінен жас та шықпайды. Қасында Жауқашардың қатыны Қамқа, Айбарша аш бүйірін таянып алған, түні бойы даусы бір сембеді. Аяулы қайынағасын жоқтайды. Оның асыл қасиеттерін еске алады.

Сегіз жас келіп, бұл күнде көңілшек тартқан, еркектен сол ғана жылап отыр еді.

* * *

Сар далада жалғыз әйел, ылғи жалаңаяқ жүретін еді. Кездесе кеткен адамға жалғыз-ақ сұрақ қояды.

— Сарттың ауылы керек еді?

Оның қандай сартты сұрап жүргенін түсінген бір жан жоқ. Ал өзіне қайтара қойылған сұрақ бұл әйелдің де құлағына кірмейтін еді.

— Алда байғұс-ай, ақылдан ауысқан ғой...

Танымайтын жұрт, біреуі аяса, біреуі әжуа қылады.

— Осылай қарай жүре бер...

Дәлду қалай сілтесең, солай қарай аяңдайды. Кейбір еріккендер құр дала, құлатүзді сілтейтін. Дәлду бәріне иланады. Оның есіл-дерті жалғыз қызы... Дәлду Күнімайын іздеп шыққалы бір жарым айдың жүзі болды.

Байғұс құм ішінде адасып кетіп, неше рет өлімнен қалды. Алған бағытынан сонда қайтпайды. Жолында кездескен кез келген үйден жүрек жалғайды, кез келген құдықтан шөлін қандырады. Арық кемпірдің аяғына дәрмен беріп жүрген жалғыз құдіретті күш — ана махаббаты... Күнімайдың екі аяғы салақтап, бейтаныс біреудің алдында өңгеріліп бара жатқан кезі оның көз алдынан кетпейді... Алып кеткен сарт екенін ғана біледі...

Бүгін Нұрлыбай тауының етегінде бір бейтаныс ауыл ұшырасты. Дәлдудің ерні тілім-тілім, тілі аузына сыймайды. Шеттеу тіккен жолым үйге келіп қисая кетті. Күндегі сұрағын қайталауға да әлі келген жоқ.

Дәлдудің әдеті: ақ боз үйлерден аулақ жүреді. Онда әрнемені бір сұрап, әжуа қылатын еді.

Шөл қысқан, діңкесі құрыған... бір тостаған шалаптан соң тіпті әлсіреді. Қисайған күйі қатып ұйықтап қалыпты. Түн ішінде оянды. Ойында Күнімайы... қара басып ұйықтап қалғанын қарасайшы. Қазір ақыл-есі түзеліп қалған. Үй иесі қойшы шалдан сарттың ауылын сұрады.

— Сарт деймісің? — Құлағы мүкіс шал мұрнынан мыңқылдады. — Сарттар Шықыманда жатыр дейді ғой...

— Мен сонда баратын едім. Сарттар қызымды алып кетті. Бір ай болды, іздеп келе жатырмын жалғызымды...

Шалдың түкке түсінбей тұрғанын мыңқылдаған түрінен байқады. Қолымен бір жақты сілтейді. Алды түн, ертең-ақ жүргені мақұл еді ғой... Дәлду оның сөзін құлағына да ілген жоқ. Шал далаға ере шықты. Сонау көрінген Көкшоқат... Шықыман ана жақта... Құмға соқпай қоңырлықпен жүре беру керек... Шал сілтеп жіберді. Есіл-дерті қызы болып, асығып тұрған Дәлду оның бір сөзіне түсінсе, бір сөзіне түсінбейді. Қойнында Күнімайдың ит көйлегі... ішінде ораулы қанжар... Қолымен бір сипап қойып жүріп кетті. Күндегі әдеті, бір үйге кіріп шықса, қанжарды байқап қояды. Сонда ұрлатып алудан қорқатын еді.

Дәлду тәңірден кәпір сартпен кездестіруді тілеп, күнде бір мінәжет етеді. Алмас қанжарды қақ жүректен сұғып, тілегінен шығар еді...

— Алда сорлы-ай, теріс кетті-ау...

Қойшы шал бір күрсініп үйге кірді.

Ай сүттей жарық. Ал Дәлду жол іздемейді. Күнімайын жоғалтқаны осы, оңаша қалса, құлағына қызының шырқыраған дауысы келетін еді. "Апа, апа!" Дәлду "апалаған" сол дауысты қуып жүр. Ал дауыс болса, алдында түсіп жорытады да отырады, бір жеткізбей-ақ қойды...

Тек сол соғылғандарды тауып алса екен. Қанжарымен жайқар еді. Сарттың қорқырап жатқан қызығына қарап тұрса... Ананың көкейін тескен жалғыз тілегі, зар тілегі осы... Ал қызының шырқыраған дауысы құлағынан кетпейді.

Дәлду түні бойы адасты. Бір қалың құмның ішіне кіріп кетіп, адаса-адаса қоңырлыққа шыққан.

Таң ағарды. Шаршады. Бірақ Күнімайы еске түссе, Дәлду бәрін ұмытады. Жорыта берді.

Әлден уақытта алдында тау көрінді. Кеше өзі түстеніп кететін ауыл... тани кетті. Қайтадан кейін қарай салды. Көкжиекте қан қызыл шұғыла шашып, күн шығып келеді. Бұталардың арасынан пыр етіп үркіп ұшқан торғайлар, Дәлдудің төбесінде шықылықтап шыр айналады. Тағы да құлағында Күнімайдың дауысы.... Дәлду шекпен көйлектің жырым-жырым етегін жоғары түріп, ышқырына қыстырып алған. Ұзын етек бұталы жерде аяғына оралып жүргізбей ақырет болды. Кешегі шал сілтеген быжырды бетке алып емпеңдеп келе жатыр.

Алдында бір қора қой, бері қарай қаптай жайылады.

Дәлду қойдың алдын кесе жүрді.

Тап осы кезде Көкшоқат жақтан қырық-елу салт атты көрінді. Желе шоқырақтатып келе жатыр.

Бір шоқаттың басында қойшы шал, маңдайына күн сала қарайды. Дәлду оны таныды. Қорен ғой... Айтпақшы, олар жайлауға көшіп кетіп еді-ау...

— Қорен-ау...

— Ей, Дәлдумісің? — Қорен таңырқап тұр. Осыдан бір жарым ай бұрын із-түзсіз жоғалып кеткенін есіткен. — Алда пақыр-ай, тірі екенсің ғой, — деді абдырап.

— Күнімай...

Қореннің көзінде жас іркілді. Ол қазір Күнімайды ойлап тұрған жоқ. Алдыңғы күні Жанқожаның келгені жайлы сыбыс есіткен. Анау салт аттылардан көзін айырмайды.

— Сарттар Шықыманға келді...

— Шықыманда... Қорен Дәлдуге қалай болса солай жауап береді, есіл-дерті әлгі аттыларда еді.

— Ей, кеудеңде жаның бар ма?! — Дәлдуді ашу қысты. — Маған сарттың ауылын сілте!

— Дәлду-ау, мында қарасайшы! Анау бара жатқан Жәкем ғой! Жанқожа батыр келе жатыр! Сарттың басын алғалы келді!

Қорен жын ұрғандай айқай салды.

Жанқожа... Байғұс күйеуі Жанқожаға жан теңгермейтін еді. Баяғыда өздері Бекбауылға қыстау басатын жолы... Жанқожа үйде қонып...

Дәлду салт аттылардың алдынан тұра жүгірді.

— Жәке, Жәке! — Батырды Бәлдірдің солай атайтыны әлде қалай есіне түсті.

— Боздағым! — дейді Қорен күңіреніп.

Жанқожа далбақтап жүгірген әйелді көріп, атының басын іркіп тұр. Таңырқап тұр.

— Жәке, сарттар ана төбенің астында! — Қорен анадайдан айқайлап келеді. — Жәке!

— Оны біліп келем. Қанша кісі екенін айтшы.

— Қырық-елу бар шығар...

— Батыр-ау, Күнімайды әкетті ғой!

Жанқожа Дәлдуді жыға тани алмай тұр. Күнімайы кім екенін де түсінген жоқ. Ернінің ұшымен сәлемдесіп, енді атын тебінген жерде, әйел қолындағы қанжарды көрді.

Күнімай қызы ғой... Шықымандағы сарттарға ермек керек... Мына байғұстың қызын алып кеткен-ау... Ойына сол түскенде, батырдың көзіне қан толды.

— Мынау ұлы атам соққан алмас қанжар! Жалмауыздың күрегіне осы қанжарды қадашы! Ең болмаса армансыз кетейін!

— Рахмет, жеңеше! — Жанқожа қанжардың жүзін саусағымен бір сипады. Асыл болаттан соғылғаны көрініп тұр. Бұл пақырдың ұлы атасы кім болды екен...

— Ұлы атам, Темірші атам!

Темірші... Бәлдірдің арғы атасы Темірші ұстаны естуі бар еді. Дәлдуді енді таныды.

— Жәке, болсайшы!

— Қапыда төбесінен түсейік!

— Жеңеше, рахмет! Тірі қайтсақ, әлі көрісерміз! — Жанқожа шаңқан бозды тебініп қалды.

— Я, әруақ!

— Жорытқанда жолың болсын, Жәке!

— Жәкем келді! Күнімайды құтқаруға бара жатыр! — Дәлду даланы басына көтере айқайлайды. — Жәкем!

— Бозқасқа, бозқасқа! — Қореннің алдында меңсіз қара қой, желкесінен ұстап тұр.

Бұл кезде Шықыман да дүрлігіп жатыр еді.

Алым-салық жинауға шыққан Қарадуан Шықыманның шығыс жақ бетіндегі Жаманқұл құдығын тандап алып, басына сегіз үй тіктірген. Әр жерден билер аттандырған хабаршылардың айтуына қарағанда, бәрі тыныштық. Қарадуан қасына қырық сыпай ертіп келді. Бір жағынан зекет беретін ауылдарға қыр көрсетеді. Егер Нұрымбетке қарағандар әлі де Жақсықылышта отырса, ішкі есебінде қапысын тауып шауып алу да бар. Қарадуан үш күннен бері жан-жаққа шапқыншы тыңшыларын аттандырып жатыр.

Қасында Төртқарадан ерген қырық жігіті бар Жанқожаның Көкшоқатқа келіп қонғанын әлгіде ғана есітті. Қырық жігіт ауыр қол емес... Қарадуан Жанқожаға қапыда тиіп, қырып салудың амалын ойластырды. Енді жақын жердегі тілектес билеріне адам аттандыруы керек еді.

— Келіп қалды!

Төбенің басында тұрған қарауыл бері қарай төпеп келеді екен. Қарадуан сасқан жоқ. Аттар кермеде, дайын тұрған сыпайларды дереу аттандырды.

Ауылдың сыртындағы қоңыр төбенің басына бұлар бұрын жетті. Қарадуан екі жақтың күші шамалас екенін байқады. Әскер енеріне жаттыққан сыпайлардың қара сойылды қазақтан басым түсетініне шәк келтірген жоқ.

— Әймәмбет, Жанқожаны жекпе-жекке шақыр!

Жанқожа жетпістегі шал. Ендігі қаруы қайтқан. Жау түсіргіш атақты найзагер Әймәмбетке оны қағып тастау жұмыс емес! Қарадуан солай түсінеді.

— Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Әймәмбет найзасын оңтайлай ұстап, айқайлап барады.

Жанқожа қарсы кездесті. Қазір көзі түк кермейді, екі құлағы тарс біткен. Әймәмбеттің дауысын есіткен жоқ. Алдынан көлденеңдей шыққан көк аттының жекпе-жекке шақырған жау екенін түйсікпен ғана ұқты.

Найзалар сарт-сұрт соғысып, бір шаңқан боз, бір көк бедеу теке тіресіп тұра қалған. Әймәмбетте сауыт жоқ, жалаңаш кеудесін Бұхардың түрме белбеуімен неше қабаттап орап алатын еді. Кіндік тұсынан суық қадалған найзаның ұшын сезгенде, сескеніп қалды. Шалдың қолы қарулы көрінді. Әймәмбет ат сауырына еңсеріліп барады...

— Бозқасқа, бозқасқа!

Қорен жекпе-жек шайқасты көре алмай діңкесі құрып тұрған. Қазақ жігіттерінің шу еткен қуанышты дауысын есіткенде, қара қойды тамақтан шалды...

Дәлду екі етегін қолына алып ұшып келеді.

Әймәмбет көк арғымақтың үстінен сыпырылып түскенде, Қарадуанның өңі қағаздай ағарып кетті.

— Ана шалды атыңдар!

Қарадуан сонда аңғарды, қасында жан қалмапты. Сыпайлар быт-шыт, алды-алдына төпеп барады. Бүкіл қазақ қашқандардың соңында, қуғын басталған екен...

Қашу керек! Жан-жағына алақтаған Қарадуан қуғыншылардың қайтар жолды кесіп тастағанын байқады. Қайда барсаң да қазақ ауылдар... Қайда тығылса да Жанқожаға ұстап береді.... Қарадуан сасқанда, көзіне ақ боз үйлер түсті. Әзір бой тасалай тұрса... Қазақтар қуғынның қызығына түсіп, ұзап кеткен кезде қарасын батырар еді...

Сегіз қанат үйдің тасасында аттан түсті.

Есіктің алдында қамалдан әкелінген қазақ қызы тұр еді. Ашық далада көңіл көтеріп жату үшін, екі қызды ала жүрген. Қарадуан жылап жіберді.

— Айша, мені жасыра гөр!

Алты айдың ішінде құлшылық қамытына бойы үйреніп, езіліп біткен қыз төресінің алдында майысып есік ашты. Төсек-орыннан басқа түк жоқ, Қарадуан кіретін тесік таппай аласұрып жүр. Айша түс кілемді көтерді.

— Мында келіңіз, төрем. Мына кілемнің аржағына жасырын. Бер жағынан көрпелермен бастырып тастайын...

— Осыдан шыбындай жаным қалса...

Кілемнің астына кіріп бара жатып, Қарадуан соны-ақ айтып үлгірді. Далада жау келіп қалған.

— Қарадуан қайда?!

— Қарадуанды іздеңдер!

Жас жігіттер қашқан жаудың ізіне түскенде, жеті-сегіз ақсақал тұрып қала берген. Ортасында Жанқожа, енді Қарадуанды іздеп жүр.

— Мынау Қарадуанға тігілген үй ғой!

Сықырлауық есікке арқасын беріп тұрған Айшаның жүзі бір сұрланып, бір қызарады.

— Қарадуан қашып кетті, мұнда жан жоқ!

— Қашса, ат не қылып тұр? — Біреу кәдік айтты.

— Тұр былай!

Екі көзі қанталаған сары шал Айшаны иығынан ұстап лақтырып жіберді.

— Ағажан, Қарадуан осы үйде!

Анадай жерде бір қыз ентігіп келеді.

Сықырлауық есік быт-шыт болып, ұмар-жұмар ішке кірді. Қыбырлаған жан көрінбейді. Әлгі қыз да зыр жүгіріп жүр. Кенет тұс кілемді көтеріп қалды.

— Батыр, бір шыбындай жаным сауға!

Қарадуан кілемді көтерген адамды Жанқожа деп қалып еді. Балапан қыз үркіп кетіп, секіріп түсті.

Бір қарулы қол көк желкесінен ұстап алып, далаға қарай дырылдатып сүйреп барады.

— Бір қасық қаным...

Жанқожаның қолында Дәлду берген қанжар Қарадуанның тамағында сыр етті.

— Кешеден бері көзімнің алдын көк тұман басып, түк көрмей жүр еді. — Жанқожа қанжардың жүзіне жұққан қанды жалап тұрып соны айтты. — Көзім жаңа ашылды ғой...

Сегіз шеттеп барады. Қарадуанның қол-аяғын шалғылап жатқан түрі жүрегін айнытты. Жанқожа бірдеңе айтқысы келіп еді, дыбысы шыққан жоқ.

— Күнімай!

— Апа!

Әлгі бейтаныс қыз... әлгіде қанжар ұстатқан әйел... Бәлдірдің әйелі...

Бірі — ана, бірі — баласы, құшақтары айқасып қалған, сыңсып жатыр еді. Кешеден бері көзінен жас шықпай қойған Жанқожа еңіреп қоя берді.

* * *

Шықыман түбінде жеңіліс тапқан сарбаздардан Қожанияз қамалына он шақты-ақ адам жетті. Бажбан сарайындағы жұрт үрпиісіп отыр...

Жанғазы сұлтан Жанкент қамалына келіп тығылыпты...

Қазақ даласында жаманат хабар нажағайдай тез тарайды. Жанқожа Жақсықылышта... Қарадуанның басы алыныпты... Дүрбелең ең әуелі Ақтан батырдың ауылында басталды.

Оның алдында Ақмырзаның өлген хабары келіп, Қаракесектер дүрлігіп жатыр еді. Бір шапқыншы атқа қонса, екіншісі қайтып оралады. Ақтан ауылы үлкен әрекеттің ошағына айналды.

Бекарыстан Жақсықылыштағы Нұрымбет ауылына Ақмырзаның қазасын естіріп қайтыпты. Сырлыбайға қараған Асан Ақтанның қасынан табылуға дайын отыр. Бірақ үлкен әрекетті Жанқожаның келуіне қаратты. Нұрымбеттің асына байланысты ішкі есеп бұзылды. Ақмырзаның өлгенін есіткен соң, Жанқожа қарап жата алмайды. Бұл жақтағылар батырдың Төртқараны аяғынан тік тұрғызып, аттанып шығатынына күмән қылған жоқ...

Солай елеңдеп отырғанда, Шықыман түбіндегі жеңістің хабары жетті.

— Аттан, аттан!

Ең әуелі атқа қонған Ақтан еді. Қасында төрт жүздей жігіт, Жанкентке кірді.

Жанғазы сұлтан қанша жанталасқанмен, қол жинап жарытпады. Басқа қазақты былай қойғанда, туған қайын жұрты Қожамбердінің жігіттері де түгел емес еді. Қамалдың сыртында Қаракесектердің төбесі көрінгенде, сарбаздардан ес кетті.

— Би, мына жігіттеріңе не болған?

Жанғазы қайынатасына қарады.

Бәйділда Қожамберді жігіттерін ұрысқа бастап шығатын дәрмен жоқ еді. Өзі жер қорқақ адам, қамалды қоршаған қолдың саны күн санап өсетінін біліп тұр. Бүгін Қаракесекке қарсы бір оқ атылса, онда ертең Қожамбердіні қанды мойын қылмыскер етіп ұстап береді. Сонда ең алдымен қолда қалатын да Бәйділда болады...

— Бабажанға қашу керек!

Дуалы есік-есік ескі Жанкентген гөрі Қожанияз қамалы сенімді. Жанғазы сұлтан Хиуаның әскерін сол жерде күтіп алуды ойлап тұр.

— Әу, жігіттер! — Жанғазы иіріліп тұрған жігіттердің алдына шықты. — Әбілқайыр атам таққа мінгенде, қасында алты Әлім еді. Ол достыққа опасыздық жасаған адамның оңған жерін көргем жоқ. Ақтан ата жоралғысын бұзып, қақпамның алдында тұр. Мен деген қазақ былай шығыңдар!

Топ екі жарылғанда, Жанғазының қасында қырық-елу адам ғана қалған. Алдында күндей күркіреп Ақтан тұрғанда, баяғыда сүйегі қурап қалған Әбілқайырды кім ескеріп жатыр. Хандық дәуірдің қызығын көріп, дәурен сүрген жасауылдары сөктей үгітіліп шыға келді. Он шақтысы төлеңгіт жігіттері...

Жанғазы сұлтан ауылын әлдеқашан Хиуаға қарай көшіріп, қамалда сыбай-салтаң қалған. Төрт қатыннан біреуі-ақ — Айсұлу бар... Оны Бәйділдаға тапсырды... Би ағайыннан бөлініп қайда барады, Қожамберді тобынан шыға алмады.

Қақпа ашылды. Қызыл қырғын шайқас күткен Ақтан батыр әруақтарға сыйынып тұр. Енді ат қоюға қамданғанда, қақпадан шыққан қолдың Қожанияз қамалын бетке алып, жапырыла тартқанын бір-ақ көрді.

— Қашты, қашты!

— Сарттарға қосылуға барады!

— Жібермеңдер!

— Қырып салу керек!

Қазақ жаппай ат қойды.

Жанғазы сұлтан қаша ұрыс салып, ұзап кетті.

Қожанияз қамалына жеткенде, қасында жиырма шақты адам еді. Бірсыпырасы бет алды құла түз қашып кеткен. Бір-екі адам сойылға жығылды...

Жанкентті қазақтар басып алғанын есіткенде, Қожанияздың түсі бұзылды. Екі күннен бері жамандық хабар дүңкілдеп жатыр. Қарадуанның қасындағы қырық жігіт сыпайдан қамалға он шақтысы ғана оралды. Ең жақын көмекшісінен хабары жоқ. Әймәмбет батыр жекпе-жекте қаза тауыпты. Раманқұл да қамалын тастап, осында келіп отыр. Қожамбердіден басқа Кішкене түгел атқа қонғаны анық... Раманқұлдың қасында қырық-елу Құрманай-Құттық жігіттері, оны да Бекбауылдың көмегімен жинап алады екен. Екі ұдай жер келгенде, Жанқожаның немере туысы Қожанияздың қасынан табылды.

— Жанғазы сұлтан, ел сенімі емес пе еді? — Қожанияз қашып келген сұлтанды кекетіп қарсы алды. — Қасыңда төлеңгіттерден басқа ешкім көрінбейді ғой...

— Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді емес пе?

Сұлтанның бұл сөзін Бажбан ішке түйіп қойды. Аллақұлдың алдында беттесетін күн туса, қажетіне жарап қалады. Жанғазы айтқан "екі кеменің" бірі қазақтар болғанда, екіншісі Хиуа хандығы екеніне де шүбә жоқ...

Егер қашып шығуды ойластырса, қазір жол ашық еді. Қожаниязға олай жасауға болмайды. Бұл қамалдан оның сүйегі ғана шығуы керек... Хиуа хандығының Сыр бойындағы жалғыз тірегі... оны өз қолымен тұрғызып еді. Енді қолдан құлатып барып, ханның бетіне қарауы қиын...

Қамалдағы сыпайлардың саны жүз алпысқа жақын. Оған Жанғазы мен Раманқұлдың қасындағы жігіттерді қосқанда, екі жүзден аса қол екен. Ол мылтықтың екеуі Қарадуанда еді. Одан айрылды. Бірақ өз қолынан тұрғызған қамалдың берік екеніне сенімді. Хиуаға шапқыншы аттандырғалы да үш аптаға жақындады. Қожаниязға қауіп төнгенін көріп тұрып, хан қарап отыра алмас! Онда қазынаға түсетін биылғы зекеттен қол жуады. Бес мың қой, мыңнан аса ірі қара... Ондай олжаға көзін жұмып қарайтын Аллақұл хан ақымақ емес! Бірақ шапқыншы неге кідіріп жатыр? Әскер артынан келе жатар, ханның хабарын алып, өзі оралуы керек еді... Қожанияздың мазасы кетті.

Қамал соғыс тәртібіне көшірілді.

Бір қапталда Сырдария, қазақтар қамалдың ол бетінен келе алмайды. Әскерді алпыс-алпыстан бөліп, қаланың үш тұсынан бекініс құрды. Он сарбаз қақпаның аузын күзетеді. Әр топта екі мылтық, әр жерден мергендер жататын кетек қазылып, сегіз мылтықты кедергіге қойды. Қожанияз Жанқожаны қарсы алуға дайын отыр!

Қамалдың дуалы үш кісі бойы, атпен шабуыл сала алмайды. Жаяу ұмтылған қол әуелі мергендердің оғына ұрынады. Алды топырлап құлай бастаса, қалған жұрт быт-шыт болар... Ендеше қамалды ашық келіп ала қоюы қиын. Әрі кісі бойы оры бар... Жанқожа ұзақ қоршап, ашықтырып, амалсыз берілуге мәжбүр етудің амалын қарастырады... Олай болғанда, Хиуадан көмек те келіп жетуі керек... Жанғазы солай топшылайтын еді.

Қазақтар көп күттірген жоқ. Келесі күні-ақ қырық-елу салт атты қамалдан үш шақырымдай жерде төбе көрсетті. Тағы да екі күн өткенде, қамалдың сыртындағы қазақтардың саны үш-төрт жүзге жақындады...

Бүгін Жанғазы сұлтан Жанкент қамалын тастап шыққалы да бір апта екен. Қазақтардың бас-аяғы жиналып жақындағаны көрініп тұр.

Қамалдың үш жағында үлкен-үлкен үш шоғыр... Ұзын саны бір мыңдай қол еді.

Қарауыл мұнарасында Қожанияз бен Жанғазы, қазақтардың қимылын бақылап отыр. Әр жерде жолым үйлер тігіліп, итарқа тұрғызылды. Жерошақтарында түтін будақтайды. Қазақтардың жүріс-тұрысы жайбарақат, асып-сасатын түрі байқалмайды.

— Әттең, бір зеңбірек болып, қалың ортасына дүрс еткізер ме еді! — Қожанияз тісін қайрады.

— Әскер саны да аз болып тұр ғой! — Жанғазы өкінді. — Басы артық екі-үш жүз сыпай болып, мына топқа бір бүйірден сап етсек қой!

— Сап етерін етерсің-ау. Содан кейін қамалға қайта оралуың қиын болар. Анау екі қапталдағылар алдынды кесіп тастайды ғой. Аттары қасында, көрмеймісің!

— Жанқожа бізді ұзақ қамап, ашықтырып алғысы келетін сияқты-ау...

— Әйтпеске шарасы қайсы?

Қожанияз соны айтып тұрғанда, көздің ұшында қырық-елу түйелі көш көрініп еді...

— Тақсыр, мыналар көш емес! — Раманқұл үрейленіп тұр. — Баяғы Тықының қамалын қамайтын жолы Қылышбай ағам ауыл-ауылдан кереге жинатып еді... Ордың үстіне кереге жайғызып, қамалға жол салады!

— Солай шешкен болды. — Жанғазының қабағы тұнжырады. Ашықтырып алу тәсілін қазақтар қайдан білсін. Бұлай ошарылып жатуға олардың шыдамы жетпейді. Қазақтарға қоян— қолтық айқас керек...

— Мергендерге айт, қазақтарды орға жақындатпасын!

Қожанияз әмір берді.

Бұл күні орға қазақтардың өзі де жақындаған жоқ. Қамалда мылтық бар екенін олар да біледі. Жанқожа босқа қан төгуге ұлықсат еткен жоқ. Шабуыл таң қараңғысына белгіленіп отыр. Түн ортасы ауа қарулы жігіттер ордың үстіне кереге жаюдың қамына кіріседі. Бұл Тықының қамалы емес, ордың ені он бес, жиырма қадамдай еді. Он шақты керегені айқастырып, көпірше жасатуы керек болады. Алдын ала дайындап апарып, ордың үстіне тастай-тастай салады...

— Айла-тәсілді де ұмытпайық. Кешке қарай қолдың көпшілігі қақпа алдында шоғырландырылсын. Бас артық керегелерді де осы араға үйіңдер. — Жанқожа әмір беріп тұр. — Сонда жау да шабуылды қақпа алдынан күтеді. Түнде жігіттерді екі қапталға көшіріп, сол жақтан қамалға басып кіреміз.

Оң жақтағы қолды Ақтан батыр бастайды. Сол жақтан Жанқожаның өзі тиеді.

— Қақпаның қарсы алдында Бекарыстан қалсын. Таң ата айқай-сүреңді молайтып, қақпаға ат қойындар. Оқ жететін жерден әрі ұзамассыңдар. Мылтық атыла бастаса, кейін шегіне қойындар... Соның өзі жауды біраз әбігер қылады.

Бұл жоспарды Қожанияз да түсінді.

— Қол қақпа алдына шоғырланып жатыр!

— Керегелерді де әкелді!

Мұнара басындағылар гуілдесіп кетті.

— Үш топтан он-оннан адам алып, қақпаның алдына шығару керек болар... Жанғазы ақыл қосты.

Қожанияз үндеген жоқ.

Қорғаныс бұрынғы тәртібінде қалды.

Бірақ оқиғаның дамуы бәрінің де жоспарын бұзды.

Бұл түні қамалда дұрыс көз ілген адам жоқ. Соның бірі Айдарқұл еді.

Бекбауылдың айтағына бір ергенде, Төртқараға үш ердің құнын төлеп әзер құтылған. Жанқожаның қайын жұртына Айдарқұл тісін басып жүретін. Батырдың аттанып келе жатқанын Бекбауылдан есітті. Қасындағылары Төртқаралар екен... Айдарқұл өзі де елеңдеп отырғанда, Раманқұл бір жағынан сайтандай азғырды... Алдарында тегін олжа тұрған көрінеді... Бабажанға Хиуадан мың сыпай келе жатыр. Жанқожаны Төртқараларымен қоса қақпанға түсіруге дайын отыр...

— Мен деген Құрманай-Құттық атқа қоныңдар!

— Сарт өзі жеңіп алатын болса, біздің қимамыз несіне қышиды? — десті біреулер.

— Жанқожаға жолдан Қаракесектер, анау Дабыл сияқты қаңғымалар, Жақайымның жындылары қосылмай ма? Әуелі Жанқожаны жеңіп алған соң, солардың ауылын шабады! — Раманқұл қулыққа басты. — Тегін олжаға қарық боламыз!

Ең алдымен Бекбауыл елікті. Оған Айдарқұл қосылды... Құрманай-Құттық Раманқұлға осылай еріп еді.

Айдарқұл алданғанын бүгін біліп отыр. Қақпа алдында қалың қол... қара басы аман қайтса олжа сияқты...

Қайдағы бір қара сарттың сойылын соғып, басын қатерге тігетіндей, ақылы неден қырсықты. Сонда өз туысы Жанқожаға қарсы таяқ көтереді екен. Одан кейін Айдарқұлға құдай жүзін көру арам болар... Қап, Раманқұл ит арандатқан екен ғой. Бекбауылдың тіліне еріп...

Қамал сыртындағы қобырды бақылап тұрып, Айдарқұлдың ойламағаны жоқ. Айла-тәсілге шорқақ кісі, қазақтардың қақпа алдында шоғырланғанын, сол қалпында түсінді.

Қашан болса да, шабуыл осы жерден басталады. Ол Жанқожа ағасының алдында кінәсін жууы керек, қақпаны оларға өзі ашып береді...

Қамалдағы қол үшке бөлінгенде, Құрманай-Құттықтың басы ыдырап, Айдарқұлдың қасында он шақты жігіт қана қалып еді... Жатқан жерлері қақпадан бір-ақ шақырымдай жер... өкпе тұстан сап етуге болады.

— Жәкем бастап шықса, Бақтыбайлап ұран салатын шығар.

Соған сақ болыңдар, жігіттер! Ақ Жәкем қақпаға ат қойғанда, біз күзетке тап береміз. Не оймен келгенімізді қара сарт қайдан білсін, найзамен түйреп-түйреп тастамаймыз ба? Әуелі анау мылтық ұстаған қаныпезерлері бар, соны құртамыз! Содан кейін қақпаның аузы ашық!

Таң алдында сырттан "Бақтыбайлаған" ұран шықты.

Айдарқұл бастаған он қазақ, атқа мініп кетіп бара жатқанын көрген сыпайлар елеңдесті.

— Ей, қайда барасыңдар?!

— Ана жақта ұрыс қызғанын көрмейсіңдер ме?

Қазақтар жүре жауап берін, сатырлата жөнелді. Оларды қуатын ел жоқ еді, айнала тарс-тұрс мылтық атылып, майдан қызды. Қазған орға кереге көпіршелер тасталып, қазақтар қаптап келе жатқан...

Қожанияз Жанғазыны оң жақтағы бекініске аттандырып, өзі сол қапталға қарай төпей жөнелді.

Бұл кезде қақпа алдында Айдарқұл ойран салып жатыр еді. Шауып келе жатқан қазақ жігіттерін көмекке ұмтылған өз адамдарына ұйғарып, күзет басы қапы қалды. Екі мерген сырттағы қазақтарға бір-бірден оқ атып үлгірді. Айдарқұлдың найзасынан бірінен соң бірі жер жастанғанын көргенде, қалған күзетшілер алды-алдына қашып еді. Күзет бастығы қақпаның аузын ашып берді.

Мылтық дауысы өшіп, алдарынан айқара ашылған қақпаны көргенде, қазақ жігіттері лап қойды. Әдейі арандатуы мүмкін екенін ойлаған жан жоқ. Бекарыстан абыржи бастады.

— Қайт, қайт!

Бірақ арқасы қозып алған жігіттердің құлағына сөз кірмейді, қамалға кірді.

— Ей, Бекарыстанбысың! Мен Айдаркұл ғой! Бері қарай, бері қарай!

— Сарттар қайда?!

— Сарттар мында, еріндер ізіме!

Алдарында кездескен бірінші топты жапырып салған соң, Бекарыстан Бабажанды жоқтады.

— Әуелі Раманқұлды ұстайық! Ол ит қашып кетер...

Айдарқұл тісін қайрап келеді.

Раманқұл мен Бекбауыл мылтық даусынан қорыққаннан үйде тығылып отыр еді. Үстінен басты.

Жанқожа алдыңғы түнгі кеңесте бір сөзін айтқан. Сарттан зәбір көрмеген қазақ жоқ, жұрт ызалы. Бірақ қарапайым сыпайлардың бәрін қырып салып, обалына қалмау керек... Бабажан мен Жанғазы да тірі тұтқындалсын.Үкімін көпшілік өзі айтады. Содан кейін тағы бір топ, сартқа қызмет еткен билер бар. Әсіресе Раманқұл мен Бекбауыл... бірақ екеуі де батырдың ет жақын туысы...

— Ақмырза өлтірілгенде, Раманқұл мен Бекбауыл басында қызығына қарап тұрыпты. Кәпірлердің жүзін көргім келмейді. Менің алдыма әкелмей-ақ қойыңдар. Олардың үкімі өлім, сол жақтан жайғара беріңдер!...

Бекжарас ол кеңестің үстінде жоқ. Бекбауыл мен Раманкұлды тұтқындады.

Бұл кезде қамал ішіндегі ұрыс аяқталып қалған. Ту сырттарынан тиген қазақтарды көрген соң, сыпайлар қарсыласып жарытқан жоқ.

Қожанияз сарайының ішінде тұтқындалды.

Жанғазы сұлтан қашып бара жатқан жерінде, қақпаның ауызында қолға түсті...

Бір-ақ адам құтылыпты. Ол Қожанияздың үлкен ұлы Майқара еді. Жас жігіт Хорезм тарихына жүйрік... Шыңғыс қолының қоршауында қалған Жәлеледдин сұлтанның қалай құтылғаны туралы аңызды талай есіткен. Қамалға қауіп төнген кезде дария жақ беттегі дуалды тесіп салдырған жалғыз аяқ жолға қарай тартты. Жетегінде әкесінің қара қасқа арғымағы, қамал әміршісін жаяу қалдырып, өзі әрі қарай сызып отырыпты...

Таң қараңғысында оны қазақтар да аңғарған жоқ.

* * *

Қамал қаңырап бос қалды. Сол күні кешке қақпа алдындағы қоңыр төбенің басында ақ боз үйлердің шаңырағы көтерілген. Әр рудың билері бөлініп-бөлініп орналасты.

Жаудан түскен олжа бар, сол бөлісіледі. Елге тізесі батқан, сырттан келген дұшпанға қызметін өткізген билер бар, соларға жаза кесіледі... Күркілдеген дау үш күнге созылды.

Тұтқындағы сыпайлар босатылды. Билер Қожаниязды қазыққа отырғызып өлтіруге үкім шығарып отыр.

— Қазақтың қызын масқаралап, намысымызды қорлап еді. Жазасы да соған лайық болсын, — деді Ақтан батыр.

Әр жерден мақұлдаған дауыс естіліп, үйдің іші араның ұясындай гуілдеп кетті.

Қамалда Қожаниязға жақын жүріп, қара қазаққа қорлық берген тағы бір он шақты әкім дарға асылды.

Әңгіме Жанғазы сұлтанға келіп тірелгенде, билер екі жарылды. Дабыл бастаған бір тобы өлім жазасын сұрайды. Бекарыстан солқылдады. Жанғазы қанша айтқанмен, Әбілқайыр әулеті еді. Төре тұқымы кекшіл. Анау Байұлы мен Жетіруды түгел Әбілқайыр әулеті билеп-төстеп отыр... Артында іздеуі болады... Билер Жанқожаның кепілдігіне берді.

Қожанияздың кенже баласы Қайдауыл он жеті жасар еді. Оны өлтіруге Жанқожаның өзі қарсы болды.

— Ендеше, осы екеуін де өзің ал. Құл қылып, қой соңына салсаң да ықтиярың біледі.

Кезек халыққа тізесі батқан билерге келді. Бастығы Раманқұл мен Бәйділда, он екі адам еді.

Бекбауыл мен Раманқұлды алып кіргенде, Жанқожа теріс қарады.

— Тірі қалған екен ғой залымдар. Осы екеуінің жүзін көрмей-ақ қойсам деп едім...

— Бүйткен тірлігі құрсын... — деді Итіғұл.

— Әй, сен ит Қарадуан біздің ауылға бара жатқанда, қасында болыпсың ғой!

— Сосын емес пе, екі қолым байлаулы, алдыңа келіп отырғаным. — Итіғұл жылап жіберді.

— Біздің ауылға жұмсағанда неге бармадың? Сол жолы хабар бергенінде, күнәң кешірілетін еді.

— Ақ Жәке, алдымда арыстандай ақырып сен тұрғанда, қалай барып көзіңе көрінемін. — Итіғұл шынын айтты. — Бірақ Жанқожаның ауылында сыңсыған қол деп, Қарадуанның зәресін алған мен ғой. Соны есіткенде алды-артына қарамай зытты!

— Итіғұлді босатыңдар!

Жанқожаның ол билігіне ешкім де қарсы болған жоқ. Итіғұл босатылды. Басқалары да босатылып жатыр. Әркімге қылығына орай айып кесіледі. Ең ақырында Раманқұл мен Бекбауыл қалды. Жұрт та сол екеуінің тағдыры қалай болар екен деп ынтығып отыр.

— Раманқұлға аяу жоқ. Бұл не қылмады!

Оны айтқан Төрегелді еді. Дау қызып жүре берді. Раманқұлды жақтайтын ешкім жоқ. Бірақ дау жазасы қандай болмақ деген жерден ұшынды. Жанқожа үндемей отыр.

— Мойнына арқан салынып, алдымызға келгені де өлгені ғой, — деді Бекарыстан — Ертеде руын сатқан опасызға халық мынадай бір жаза қолданады екен. Қара есекке теріс мінгізіп, мойнына құрым киіз кигізеді...

— Содан артық жаза жоқ!

— Бұл тірі өлу ғой!

Жанқожа бұл жолы да үндеген жоқ.

Бекбауыл ат-шапан айыппен құтылды.

Үкім орындалды. Қожанияздың бүкіл дәулеті халықтың талауына салынды. Билер олжаға белден батты. Үлкен бір үлесті Жанқожаның алдына тастады.

Бүлінген елден бүлдіргі алма... Момын әкенің сол сөзі есіне түсті. Батыр олжа алудан бас тартып отыр.

— Бір басыма екі құл беріп отырсыңдар. Хиуаға қайта өткізсем де біраз мал болады екен. — Жанқожа қалжыңға айтқан, есіткен жұрт имандай ұйып тыңдайды. — Маған атаған анау қара арғымақты Төремұратқа мінгізіңдер. Үш күн болды, қолы домбырадан, аузы өлеңнен босаған жоқ. Анау қалы кілем жапқан қара нарды Сегіз ағама жетектетіңіздер. Шалкиіз бен Доспамбетті кезек толғап, мейірлеріңді қандырды...

Батырдың тілегі сол жерде орындалды.

Олжа бөліс аяқталды. Жанқожа түпке сақтаған сырын айтты. Нұрымбеттің асы ай белгіленген кезінде, сүмбіленің ішінде беріледі. Батыр Кенесарыға шапқыншы аттандырғалы отыр...

Билер мақұлдады.

Астың алдында Ақмырзаның қырқы берілетін еді. Жаназасына батырдың өзі де қатысқан жоқ. Сыр бойындағы елдің жақсылары межелі күнге жиналатын болып келісті.

Жиын тарады.

* * *

Қамалдың сыртында шұбатылған көш, кетіп жатыр, кетіп жатыр. Ұзақты күнге көш аяғы басылған жоқ.

Әр атаның ұлына тиген олжа, бөлек-бөлек ауыл-ауылға бет қойды. Ақсақалы басында барады. Олжа бөлістің үлкені енді ауылға барған соң болады...

Бұл Тықының қамалы емес, Қожанияздың қазынасы, хан сарайына бергісіз еді. Аяқты малда есеп жоқ... Қоршауда қалудан қауіптенген Бажбан, жақын маңдағы ауылдардың малын айдатып алыпты. Жылқының саны бес жүзден асып жығылады. Он мыңға жуық қой тұяғы бар...

Жетексіз бос қайтқан қазақ жоқ.

Екі-ақ адам ұзақ жолдан жаяу асты. Бірі — Жанғазы сұлтан, екіншісі — Қожанияздың ерке ұлы Қайдауыл еді. Екеуінің де аяқ-қолы бос, соңында ешкім жоқ... Бірақ Әліқұл ауылының олжа қойын айдаған жігіттер екі төрені күндіз-түні назарында ұстайтын. Тұтқындарды Жақсықылышқа аман жеткізу міндетін батыр Бекжарасқа жүктеді.

Жанғазы сұлтан алғашқы күні-ақ қашып шығудың амалын қарастырған. Күндіз аяғын қия бастырмайды. Бекжарас түнде де көз ілмей шықты. Әлдеқалай ұйықтағысы келсе, он тоғыз жасар інісі Алашты оятады.

— Мынау қара сарттың сілімтігінің өзі, мынау соның баласы. Бұларда иман жоқ. Ұйықтап қалсаң бәрімізді бауыздап, жөнін табады. Сақ бол!

Бала жігіт Алаштың зәресін ұшырып қояды.

Қара қазақ Әбілқайырдың кім екенін қайдан біліп жатыр. Сілімтік деген сөзі Жанғазының намысына тиеді. Іш қазандай қайнайды... бірақ күресерге дәрмен жоқ...

Беттескен жерде Жанқожа ауыр сөгіс айтты.

Ақмырза жазаланды. Жанғазы сұлтанның көзі тірі, Хиуа бажбанының қасында тұр еді. Бұл ол жазаға өзінің қатысы жоқ екенін айтқанда, батыр шамданды. Қазақ баласын Әбілқайыр әулеті жазалап жатса, лайқаты сол емес пе? Арынғазы неше Шектінің басын алдырған жоқ. Оның артынан кім жоқтады? Ақмырзаны қара сарттың қолына беріп, қызығына қарап тұрғаны, хан тұқымы ақ сүйектің құрығаны ғой!

— Апыр-ай, Жәке, менің Нұрымбет баласында алты аласым, бес бересім жоқ. Қара сарттың жұмысы үшін күйдірдің ғой...

— Халқыңа ие бола алмайды екенсің, хандықта нең бар еді? — Жанқожа қабағын шытынды. — Атаң Әбілқайыр хан болды. Әлім-Шөмен бір баламның маңдайынан шертті деп айтпайды. Алысса, өзінің туыстарымен, таққа таласқан сұлтан әулеттерімен алысатын еді. Әбілқайыр тұқымы азып-тозып құрыдыңдар. Нұралының алысқан жауы Сырым батыр екен. Бір Сырымның көзін жою үшін төрт сұлтан — Нұралы, Есім, Ерәлі, Айшуақ керек болды. Шекелеріңе сонда тимеген ғой! Ана жақта Бөкейдің баласы Жәңгір Исатайдың ізіне түседі. Шерғазының баласы сен менің соңыма шырақ алып түстің. Бөкей орысқа арқа сүйейді, сен Хиуа хандығының шашпауын көтересің. Өзің біреуге құл болып жүріп, қазаққа қалай қожа боласыңдар!

Аталы сөзге ақымақ қана дау айтады. Жанғазы қайтарып уәж айта алған жоқ. Қорқып та отыр еді. Күзетші жігіттер сұлтанды алып бара жатқанда, осы Бекжарастың құйрығына теуіп қалғанын еске түсірді...

Таң атқанша Жанғазының көзі ілінбеді.

Саршатамыздың іші. Күн күйіп тұр. Өмірі жаяу жүріп көрмеген сұлтанның табанын тас қағып, мазасы кетті. Жалаңаяқ еді. Тұтқынға түскен жерде бір жігіт кебісі мен мәсісін сыпырып алған...

Біреу сыдарта желіп барады екен. Қара арғымағы Жанғазының көзіне оттай басылып, елең етті. Үстіндегі адамның Төремұрат жырау екенін танығанда, кеудесінде үміт ұшқыны жылт еткен-ді. Айсұлудың тойында үш күн жырлағаны есіне түсті... Былтыр шақыртып алып, екі күн үйде ұстады. Жырқұмар жас тоқалының тілегін орындаған...

Тұсынан өте берген Төремұратқа дауыстады.

— Ей, Төремұрат, тоқта! — Жанғазы кезерген ернін бір жалап қойды. — Дәмдес болған інім едің. Төреннің жағдайы кетіп к еле жатыр. Аяғымнан тас қағады, тас төбемнен күн өтеді. Қара арғымақ қанатты тұлпар еді, астыңа түскен екен. Құтты болсын, Төремұрат!

— Төрем, қазақтың қай жүйрігін мінген жоқсың, қай аруын құшқан жоқсың! Көп болса, сол көп кеткен есемнің бір қайтқаны болар!

Төремұраттың Айсұлуды мегзеп тұрғанын Жанғазы түсінген жоқ. Көп күнәсінің бірін бетіне басқан шығар. Оған дау айта алмайтын еді.

— Төренің атын жігіттің төресі мініпті. Оны қызғанбаймын. Жағдайымды көріп тұрсың, ат сауырын бер...

— Талай сауырды сипадың ғой, бұл жолы қинама.

— Апырай...

Жанғазы шоқыта тартып бара жатқан Төремұраттың артынан қарап қала берді.

Әлікұл балалары Жақсықылышқа үш қонып жетті.

Бекжарас Жанғазы төрені Жанқожаның қолына апарып тапсырды.

— Екеуін де қой соңына салыңдар!

Жанқожаның жарлығы қысқа болды. Күн асқан сайын Ақмырзаның орны үңірейіп тұрғандай. Жасы алпыстың үшеуіне қарайды екен. Ауылдың бар шаруа қамы Ақмырзаның мойнында, Жанқожа мал-жан билігіне араласпайтын еді. Анда-санда есіне түсіп кетсе, аузынан жалын шығады.

Жанғазы мен Қайдауыл қой соңына түсті.

Құлдыққа салудың бір түрі — басына сірі бүрілетін еді, оны жасатқан жоқ.

Бір айдан кейін батырдың алдына Бәйділда келді. Өткен іске өкініш айтады. Өзінің қылдай қиянаты жоқ екеніне ант-су ішті. Жанғазы төрені де ақтайды. Бабажан сұлтанды сұмдық жаза орындалатын күні ғана шақыртыпты...

Жанғазының кінәлі екеніне Жанқожаның кәдігі жоқ. Әйелдер ертеңгілік-кешкілік дауыс қылғанда, кек қайта жаңғырады. Жанқожа Бәйділданың босатып алып қайтқысы келген тілегін орындаған жоқ.

— Бәйеке, олай болмайды. Жанғазының артында Хиуаның ханы тұр. Әбілқайыр әулетін сыйлайтыны рас болса, Аллақұлдың өзі келіп сөйлессін...

Бәйділданың салы суға кетіп қайтты.

...Жанғазы тұтқыннан аяқ астында босатылды. Жанқожа Бәйділданы өзі шақыртып отыр.

— Мынау отырған күйеу балаң Жанғазы, босаттым. Сенен кепілдік те алмаймын. Жанғазыдан ант та алмаймын. Қоштасарда жалғыз айтарым, қас ақымақ болмаса, Әлім— Шөменге бұдан былай аяғын андап басатын шығар...

Осы Жанғазы он жылдан кейін Әлім-Шөменді қанға бөгейтінін батыр білген жоқ...

Кеше қой соңына салып қойған төресін күтпеген жерде қайынатасына ертіп қоя берді... Есіткен жұрт таңырқап отыр.

Соңғы екі аптаның ішінде Жанқожаның ауылына екі жақтан елші келді. Біреуі Баймағамбет сұлтан өкініш білдіреді екен. Қой соңына түскені хан тұқымының өлгені ғой... Төре сүйегін қорламайды. Намысы келген Баймағамбет енді босатқанын тәуір көріп отыр...

Жанқожа оған да толқыған жоқ-ты.

Ертеңіне Кенесарының елшісі келді.

Сұлтан Қожанияз қамалында болып өткен шайқасқа өзінің үлгіре алмағаны үшін кешірім сұрайды. Жанқожаға сүліктей қара арғымақ жіберіпті...

Сұлтанның тартуын алып келген Үйсін жігіт екен. Кенесарының қасында бір ғана Орта жүздің батырлары ғой деп білетін еді. Жанқожа таңырқады.

— Жәке, Кенекемнің қасында Кіші жүзден де жігіт көп. Табын Бұқарбай батыр бастаған Жетірудың бір топ жаужүректері бар...

— Болар, болар... Абылай ханның немересі Кіші жүз ішіне келгелі де біраз болды ғой... — Жанқожаның үнінде кінәлауға ұқсас бір сарын бар еді.

Сен бұл барғаннан барарсың,

Ұзақ кешіп төменге,

Әлім менен Шөменге.

Әлім мен Шөмен хан сайлар,

Абылай ханның баласы,

Кенесары-Наурызбай

Артықша туды дегенге...

Қазір оның көкейінде Досқожа жыраудың әлгі айтқан толғауы іркіліп қалған. Рас, сәуегей жыраудың бұл болжауы әлі орындалған жоқ. Кенесары Әлім-Шөменнің шекарасынан енді аттайды. Бәлкім...

Үйсін жігіттің аты Сыйдық, жасы қырықтың үстінде еді.

Жаушы сұлтанның екі өтінішін жеткізді. Біреуі Жанқожамен сүйек шатысқысы келеді. Ақмырзаның қызы Бәтиманы сұрап отыр. Бұл бұрыннан келе жатқан жоралғы, қазақ ханға қызын тартуға да береді. Бұл кісі салып сұратып отыр. Қарадан туған қызды хан басына лайық көріп отыр. Жанқожа болмайды деп айта алмады. Бірақ Бәтиманы бар салтанатымен, ойын-тойын өткізіп, отаулап беретінін ескертті. Биыл қазалы болып қалған жайы бар. Әрі әкесінің асын бергелі жатыр... Тойды күзге қаратты...

Кенесарының екінші өтініші: қанатын қомдап, Созаққа аттанғалы отырғанын айтады. Есенгелді мен Саржанның алынбаған кегі бар... Қоқан ханы Мәделі қазақ ауылдарын да қан қақсатып отыр... Екі кекті бірге іздескісі келеді екен. Жанқожадан осы жорықта ат тізгінін сұрайды.

Жанқожа бұған да келісті. Қызылдың құмында орыстан ығысқан бір бөлек Табын мен Шөмекей ауылдары жайлайтын еді. Ақмешіт қамалындағы Қоқан әміршісіне алым-салық төлейді екен. Кеше Әлім Хиуаға қарсы жаппай көтерілген кезде, олар да қобалжиды. Шөмішті Табын Сейілдің Байқадамы Сырдария бойындағы өткелдің аузында алты қоқандықты шаншып өлтірген хабары естіледі... Ақмешіттің халі мүшкіл еді...

Қазақ төре сүйегін қорламайды дейді: Кенесары да төре тұқымы. Ертең онымен ілік-шатыс болғалы отыр. Жанғазыны қой соңына салып қойғаны ұят екен. Жанқожа табан астында шешім қабылдағанда, соны ойлап еді.

Бір аптадан кейін Ақмырзаның қырқы берілді.

Аға өлсе — іні мұрасы. Ақмырзаның тоқалы Балым отызға толмай жесір қалып отыр. Жас қатын, кейде шайтан азғырып, жүктеп қалатыны болады.. Артында әмеңгері бар жерде қырқының үстінде басына неке салып қоятын...

Балым көзі тірі қайныларының ішінде Жанқожаны тандап отыр. Айбаршаның да абысын-ажынға ызғары жоқ. Жуас айғырдың үйірін ат жақтайды. Есті келіншек Балым алпыстағы шалды тандап ұстағанда, соны ойлайды.

Жас жесірдің басына неке түсті.

Екі айдан кейін Бәтиманын ұзатылу тойы өткенде, Жанқожа ағасы емес, әке есебінде қимылдады. Қазір жұрт оны Кенесарының қайынатасы деп біледі...

Бәтиманың тойына Кенесарының өзі қатысқан жоқ. Інісі Ержанды жіберіпті...

Қасым ордасының соңына Орынбор, Омбы әкімшілігі шырақалып түскен... Жан-жағында құрулы мылтық, құрсанған жау, Сарыарқадан сырғып шыққан. Арал сыртындағы Қарақұмға қарай үдере тартып келе жатыр еді.

Қарақұмнан басқа саялар жері таусылды. Әлімнен басқа панасы жоқ... Созақ жорығын әншиін құнын көтеру үшін айтады. Кенесарының қазіргі халі ит талаған бөріге ұқсайды.

Жанқожа үшін бірлік керек. Ол бірлікті хандықтан іздейді. Бүгін болмаса, ертең Хиуа қайтадан аш аранын ашады. Ал елдің қаперінде түк те жоқ, Қожанияз қамалы талқандалған күні тарап кетті. Қай төбенің астында отырғанын бір құдайдың өзі біледі.

Әлім-Шөменге хандық дәуірі қайта оралатындай сыңайы бар. Бәтиманың тойы соның бастамасы еді.

КЕНЕСАРЫ

Жанқожаның үйінде сері Сегіз қонақ еді.

Қызылда баспашы төбе көрсетіпті. Асанның бір ауылы шет жайлап жүреді екен. Еркек кіндікті түгел қырып, түк қалдырмай шауып кеткен көрінеді. Сегіз айтып отыр.

— Қырық шақты адам, мылтықтары бар дейді.

Жанқожа баспашының хабарын алдыңғы күні есітті. Ел дүрлігісіп жатыр. Батыр Құрманай-Құттықтан қырық жігітті атқа қондырған. Ұзын саны екі жүздей адам, Бекарыстан бастап, баспашы келген жақты бетке алып кетіп еді. Хабарын күтіп отыр.

— Бұл баспашыны аттандырып отырған Хиуа ханы. — Сегіз күрсінді. — Бағынсаң, қорлығында шірітеді. Бағынбасаң, қылышын жалаңдатады. Қайда барсаң Қорқыттың кері болды ғой...

Сегіздің ауылы биыл Көшектің көк төбесіне қарай жылжып шығады екен. Баспашының хабарынан кейін Сырдан бері етеді. Ағайынға қосылыпты.

Жүрісі суыт, Жақсықылышқа тартқан беті. Батырға баспашы хабарын жеткізгенше асығыпты...

— Баспашыны көрерміз. Мақпал жеңешемнің жырын айтшы. Төремұрат құлақ құрышын бір қандырмай-ақ қояды. — Жанқожа өтініш айтты.

Сегіз ұзақ жырлап кетсе, жөтеліп қалады екен. Қиналғанын сездірмей отырған сыңайы бар. Қоңыр дауыспен ұзақ толғады.

Жанқожаның іші удай ашыды. Былтыр күзде ғана еді ғой. Бәтиманың тойында осы Сегіз тан, аппақ атқанша жырлады. Сонда сыр берген жоқ-ты.

Хиуаның зынданында тапқан сырқаты ақыры меңдетуге қарағаны көрініп тұр. Сері былтырғыдан көп қартайып қалған. Жөтел қысқанда, алқындырып тастайды. "Мақпалдан" кейін Жанқожа қыстаған жоқ.

Баспашының хабары шыққалы, ел ішіне қобалжу кірді. Еркіне салса, қырға қарай жапырыла көшетін, батыр ғана ұстап отыр. Бұл ауылдан аттанған шапқыншының алды ендігі Кенесарыға жетті. Сұлтан Қара Кеңгір бойына қарай ойысыпты. Нысанбай рас айтады, Қасым ордасының қазіргі халі жел аударған қаңбаққа ұқсайтын еді.

Осы он күннің бедерінде алты Әлімнің билері Жақсықылышта бас қосады. Батырдың дегені болса, Қызылдағы ел түгел Сырдың бергі бетіне көшіріледі. Қуандарияның бойына екі-үш жерден қарауыл үйшігі қойылуы керек... Баспашы ылғи қапы соғып, құртып жүр. Бас-аяғы жинақ, бой көрсеткен ауылдарға кездессе, тайқып шыға келетіні байқалады...

"Мақпалдан" кейін Жанқожа бала-шағаны таратты.

Үйде екі-ақ адам — өзі мен Сегіз қалған. Елдің қамын сөйлей бастаса-ақ өзек өртенеді. Екі шал түннің бір уағы болғанша көз ілген жоқ.

Жанқожа бір заманда хан атаулыны құбыжық көретін еді. Сегіз бүгін байқап отыр, батыр қартайған соң хандық дәуірді аңсайтын болыпты. Әкесінің сөзін еске алды. Баяғы Әбілқайыр тұсында бала жігіт... Жоңғар шапқыншылығынан кейін "ақ табан шұбырынды" болып, босып кеткен ел, қалпына келіп жатқан кезі екен... Орта жүздің басын Абылай құрады. Сырт дұшпанның шапқыншылығынан аман, қазақтың бейбіт түтін түтеткені де сол тұста болса керек...

Хиуа хандығының тепкісін кеше көріп жүр ғой. Ақ табан шұбырынды заманында босып барған қазақтарға тізе батырған жайын әкесі айтатын еді. Бертінірек Әлім-Шөменнің тізгінін ұстаған Қайып хан Хиуа тағына отырыпты... Ол кезде ел артық зәбір көрдік деп айтпайды. Қайыптың баласы Әбілғазының тұсында Хиуа тағын инақтар басады...

Әбілғазыны Жанқожа көзімен көрді. Қаршадай бала ханмен қатты-қатты сөзге келіп, алдындағы табақты лақтырып еді. Қазақ ол кезде арда екен-ау...

Ханның қаталы Арынғазыдай-ақ болар. Қылмыскерді, ұры-қарыны жазалатқаны болмаса, қарашы қазағын басқаның қорлығына берген жоқ. Елдің тыныштығын ойлағанда, Хиуа шапқыншыларымен арыстандай-ақ алысып еді...

Өздері жақсы білетін хан әулеттерінің үш тұқымын түгел түпкірлеп шықты. Әбілқайыр ұрпағы азып-тозып біткен. Ең соңғы ханы Жәңгірдің кескіні анау... арғы атасы Нұралының салтына басып, ер Исатайдың ізіне түсті... Ел үстіне орыс солдатын шақырып, ойран салып жатқан хабары дүңкілдеп тұр. Исатай мен Махамбет Қыр Шектісіне бет алып шыққан сапарында Баймағамбет сұлтанның қастығына кезігеді....

— Орыс патшалығы Кіші жүзді үшке бөлгенде, Әлім— Шемен Баймағамбет сұлтанның еншісіне тиген көрінеді. Ойыл-Қиыл екі өзеннің бойын жайлайтын Кете мен біздің қырдағы ағайындарға қыр көрсетіп, қоқаңдайтын сыңайы бар. — Соны айтқанда Жанқожаның өңі сұрлана түсті. — Баймағамбетке тізгін ұстатқанда, көрген күнің не болар...

— Апырай десейші. Кешегі Жанғазының түрін де көрдік қой. Хан басымен Хиуа бажбанының шылауында кетті. Атадан азып туса, тіпті дауа жоқ екен ғой... Сегізді жөтел қысып, аржағын айта алмады.

— Жәдік сұлтан әулетінде бас көтерер ешкім қалған жоқ.

— Бір-екеуі Хиуа жағында жүрген көрінеді. Сегіз айтты. — Атасының атын сатып, қазақ ауылдарын аралап, ат мініп қайтатынын әркімдер әңгіме қылады.

— Батырдың тұқымы азса — бақсы, хан әулеті азғанда қайыршы болады. Қазақ білмесе неге айтсын. — Жанқожа күйзеліп қалды. — Әзірге кісілігінен айрылмаған Абылай әулеті сияқты. Қасым сұлтан жолбарыс еді. Одан туып Есенгелді мен Саржан да осал болған жоқ. Қоқанның ханы сонысын білген соң ғой, алдап қақпанға түсіріп, түбіне жеткені. Қазір есіткен жұрт Кенесарыны көп айтады....

Кенесарының күйеу болған аты, Жанқожаның ауылына ат ізін салған жоқ-ты. Қол басындай жүректе ат басындай шер, батыр айтуға ұялып отыр.

Абылайдың баласы Қасым туған,

Туғанда қатарынан асып туған,

Анасынан туғанда қан шеңгелдеп,

Баттитып екі көзін ашып туған....

Орта жүз арасында кең тараған осы өлең тілінің ұшында тұр еді, Сегіз айтпай отыра алмады.

— Қасымның қатал болғаны рас шығар. Кейде адамды заман да қатайтады. Орыс ел ішіне іріткі салып, бозауыз момын Уәлиханды хан көтерді. Ханда қауқар болмаған соң, хандықтан да бедел кетеді. Ханда бедел болмаса, халықтан береке кетеді. Қазақты халық қылам деген жерде, Қасымға орыспен де, Уәлихан ұрпағымен де алысуға тура келді ғой. Екі ортада шыбын өліп, асыра сілтеген таяқ, момын елдің басына тисе ғажап емес... Қасым содан соң тентек атанады...

Жанқожа солай жағдайлатып келіп, Кенесарыны Әлім-Шөменнің ішіне шақырғалы отырғанын айтты.

— Өлең айтып, ән салдым — сері атандым. Балағымды түріп күреске түстім — балуан атандым. Алдымызда би де, батыр да ағаларымыз болды, солардың арқасында бізге сөз тиген жоқ. Үстіме жау келіп қалғанда болмаса, ел қамын түкпірлеп ойластырып көрген жан емес едім. Қазір ел сені көсем тұтады... Бір ауыз сөзің ем. Елге бірлік керек, ол бірлік хандықтан табылады деп отырсың ғой. Саған не ақыл айтамын. Қасымның да, оның балаларының да жүрісі бөрінің жорытқанына ұқсайды. Әйтеуір, солар барған жақтан шу шығады ғой. Сырттан естіп жатамыз. Келсін ортамызға, көрейік әуселесін! Әлгіде Кенесары Созаққа аттанатынын айттың. Денсаулық жараса, бәлкім, ол қиқуға бәріміз де араласып қалармыз...

Бірақ серінің бұл арманы орындалмады.

Жанқожаның ауылынан ауырып қайтқан. Ат үстінде әзер отырып барады екен. Екі бүйірден мықтап ұстаған шаншу сірестірген күйі қайта босатпай, үш күннен кейін көз жұмыпты.

— Атам да осы шаншудан кетіп еді...

Мақпалдың "ата" деп отырғаны Жәніке батыр. Жасы тоқсанға шыққанда ағайынға қосылады... Сонда ауру екен. Екі бүйірінде шаншу, екі күннен кейін жан кешеді...

Сегіз де солай, елге қосылған жылы дүниеден қайтты.

* * *

Кенесары Сыйдақтан айтқан сәлемінде орыстарға қарсы сүргін жорық болып, өзінің қолы содан босанбай қалған жайын уәж ететін еді. Бұл жерде бір шындықты бүгіп отыр... Онсыз да Қоқан хандығымен ат құйрығын кесіскен. Қасымның баласы, енді Хиуамен ұстасуы қиын. Бірақ ондай осалдығы қара қазақ алдында ашылмауы керек. Онда халық көзінде беделден айрылады. Қоқаның кім, Хиуаң кім, айырып жатпайтын, бәрін де бір сарттың әулеті деп түсінетін қазақ Кенесарының бұл сақтығын қорқақтыққа жориды немесе сұлтанның ондай қылығы жұрт көзіне "жаны ашымастың қасында басым ауырмасын" сияқты бірдеңе болып шығады...

Кенесарының Әбілқайыр тұқымы бөлісіп ала алмай жатқан Кіші жүз ішіне келетін ниеті жоқ. Қыр ізінде жазалаушы отряды, Сарыарқадан Торғай өлкесіне қарай амалсыз ығысты. Қасым ұрпағын Арғын-Қыпшақ бұл жақта да жақтырмай отыр.

Бастығы Балқожа би болып, бүкіл ел орыстарға қарай ығысып, оба келгендей бүлінді... Орыс солдаттарымен тағы кездесіп қалып, беті қайтқан Кенесары Кіші жүзден бір-ақ шықты.

Ата қонысы Жайық үшін жан беріп, жан алысып жатқан Табын құшақ жайып қарсы алғаны рас. Бірақ ол жақта қаптаған орыс бекіністері... Кенесарының атын есіткенде Әбілқайыр әулетінен тарайтын бүкіл төре дүрлігісті. Тағы да қыр соңында жазалаушылар, амалсыз Қарақұмға қарай беттеді. Қасым ордасының қазіргі халі, шынында "жел аударған қаңбаққа ұқсайтын" еді. Қашан Қарақұмға кіргенше бір жерде екі тәулік еру болып, жамбасы жерге тиген жоқ...

Оның қимылы аламан тасыр... Бір сүргіннен ес жинап үлгірмей жатып, екіншісін бастайды. Созаққа аттану жайлы ой да Кенесарыға әлдеқалай келді. Орта Азия хандықтарының тонауына түскен қазақтардың қазіргі жағдайы садақтың қатты тартылған адырнасына ұқсайды. Әлім-Шөменнің көтерілісі Кенесарының көзін бір шындыққа жеткізгендей еді. Халықтың осылай шиыршық атып тұрған кезін Қоқаннан Есенгелді мен Саржанның кегін алу үшін пайдаланып қалуы керек. Ал Созақ қамалын алу арқылы қуғында жүрген сұлтанның абыройы да көтеріледі...

Сол абыройдың түсіп біткенін, ендігі жерде оны қайта көтеруге Абылайдың кәрі әруағының да септігі тие қоюы да екіталай екенін сұлтан сезетін еді.

Досқожа жырау айтқан сәуегейлікті еске алды. Орта жүздің ішінен қуғын көріп шыққанда, оның халі үйден үрген итке ұқсайтын еді. Қасында аталықты биден, ру басы ақсақалдан біреуі жоқ, бүлікші сұлтанның соңында жорық қызығына түсіп, өздері де елеуресіп алған бір топ қара шоқпар содырлар ғана қалған. Жетірудың жеріне кіргенде, қасында жер қайысқан ауыр қол да жоқ, абыройы да түскен... оны қазақтың көзі қарақты жақсылары да түсінді. Әлдеқашан орыстың үстемдігін мойындап қойған ел құшақ жайып қарсы алғанда, бір жағынан, есекдәмеге емексиді, бір жағынан, Абылайдың кәрі әруағын сыйлайды... Әрі Кенесары жай жүрген жоқ, бір қолтығында қанды шоқпары тұр, теріс ыңғай көрсеткен ауылдарды қан қақсатып келе жатқанын естиді. Сондықтан қанша жылы шырай көрсетіп қарсы алғанмен, Қасымның ұлын хан көтеріп, әспеттей қоятын ешкім табылмады. Жантөренің баласы орыс отрядын алып қырға шыққанда, Жаппастың жалт беретін себебі де сонда жатыр еді.

Абыройдан жұрдай, орыстан таяқ жеп келе жатқан Кенесары Әлім-Шөменнің ереуіліне қосыла кетті.

Кәрі жырау, көненің көзі Досқожаның болжауы дұрысқа келетін сыңайы бар...

Кенесарының қалай хан көтерілгенін әңгіме еткенде, біреулерде Орта жүз бен Кіші жүз жақсыларының төрт көзі түгел ақ киіздің төрт бұрышынан ұстап тұрыпты дегендей түсінік бар. Олай болуы мүмкін емес еді. Қасым сұлтан тұқымымен әлдеқашан ат құйрығын кесіскен Орта жүздің аталықты билерін былай қойғанда, бұл салтанатқа бір тебенің астында отырған Жетірудың жақсылары да қатысып жарытқан жоқ. Кенесарыны Әлім мен Шөмен — екі арыс ел хан көтерді. Досқожа жыраудың сәуегейлігі бұл жерде дұрыс шықты.

Сыр бойында Қожанияз қамалы талқандалған соң, бар дүние тып-тыныш бола қалмайтынын, Хиуа ханы Аллақұлдың бір сұмдықты ойлап жатқанын, бүгін болмаса ертең бір бүйірден сап ететінін Жанқожа түсінді. Ана шеті Мұғалжар тауының сауырында, мына шеті Қызылдың құмында — екі етегі далиып жатқан елдің, Әлім атты әлемнің басын біріктіріп ұстау қара қазақтың қолынан келмейтін қиын міндет еді... Аттан салып атқа қонғанда, айқайлаған дауысың қайда жеткендей. Қызылдан шыққан шуды естіп, Қарақұм, Борсықтағы қыр Шектісі тік көтеріліп аттанғанша, аңдысқан жау шаңырағыңды ортаңа түсіріп үлгіретіні анық еді... Бір Жанқожа емес, бұл шындыққа басқа билердің де көзі жетіп отыр...

Өткен күннің бәрі ыстық... Арынғазы таққа отырып салтанат құрған, кешегі хандық дәуірдің көзі тірі куәлары ортасында жүр... Шалдарға сөйлетсең, ол бір қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болыпты... Ел тыныш, жұрт аман... Жаңадария бойына ентелеп келіп қалған Хиуа шапқыншылары алдынан Арынғазы шыққанда ат басын тартқан...

Ойхой, дәурен, ол бір хандық дәуір екен ғой...

Қазақ қазір бір жақсылық көрсе, оны хандық дәуренге теңейтін еді.

Әлім-Шөменге хан керек болып тұр...

Кеше қыл мойынға бұғалық түсіп, тыпырлап жатқанда, ат тізгінін беруге жарамаған Әбілқайыр тұқымынан түңіліп шыққан... Әрі ішкі Орда бүлініп, Исатай мен Махамбет қуғын көріп жүргенін де естіді. Қазақтан туған қайратты ер Сырым батырдың да түбіне де солар жетіп еді...

Жанқожаның үйінде өткен кеңесте осының бәрі сөз болды.

Тентек Әлімнің шөбі төре тұқымынан шыққан тентекке — Кенесарыға түсіп отыр.

Қара Кеңгір өзенінің бойында Қасым ордасы шаңырақ көтергенін есіткен Әлім-Шөменнің жақсылары көтеріле барып сәлем берді. Ортасында Жанқожа келіп еді. Былтыр ғана Хиуаның қамалын бұзып алған батырдың айдыны асып тұр.

Кенесары Әлімнің жақсыларын төбесіне көтеріп сыйлады.

Қонақасы мол, кекірік атып тойған билер күбір-күбір кеңеседі... Сұлтан ықыласына көңіл тойды. Ал мынау кеңес, сонау жол үстінде басталып, бір түйінге келіп жақындап еді...

Кенесарыны хан көтеру керек!

Енді ақсақалдардан есіткенімізді айталық...

Кенесарының ордасында Созақ жорығы әңгіме болыпты.

— Қол бастайтын өзің ғой. Абылайды Үш жүз хан көтеріп еді. Сен қалай ойлайсың, атаның жолын ұстайсың ба? — деп сұрайды екен Жанқожа.

— Халық ұйғарса, хан түйесін соймай ма, Жәке. — Бұл Кенесарының жауабы көрінеді.

Алдыңғы жылы күзде ғана Бәтима ұзатылды. Жанқожаның Кенесарыға бүйрегі бұратын иіні бар...

Алты Әлім көкейге түйіп келген ойын батырдың аузымен жеткізеді.

Әлгі әңгімеден кейін сұлтан ордасынан жан-жаққа шапқыншылар аттандырылады. Қара Кеңгір өзенінің жағасында бағзы заманда марқұм болып кеткен Алаша ханның мазары бар. Хан көтеру салтанаты да сондай белгілі жерде өткені мақұл еді... Бәрі де алдын ала ойластырылған. Ат жетер жердегі ауылдардан ешкім қалған жоқ. Ағылып жатыр.

Бірақ Орта жүзден де, Байұлы, Жетірудан да адам келіп жарытқан жоқ. Кенесарыны Әлім-Шөменнің жақсылары ақ киізге салып, хан көтерді.

Алдарында Созақ, ұлы жорықтың жай-жапсары да жиынның үстінде талқыға түскен. Әр би өз руын міндетіне алып отыр. Хан сайлауынан оралған бетінде жігіттерін атқа қондыру қамына кіріседі. Бастары түйісетін жер — Созақ қамалы болып келісілді.

* * *

Айбас таң қараңғысынан тұрды. Түнде де ұйықтап жарытқан жоқ-ты, жиі оянады. Әрі тоңып оянады. Мезгіл мизам айының іші болса да, жел лебінен салқын ызғар сезіледі.

Айбастың үстінде шидем шекпен, оның сыртынан қой терісі тон киді. Шекпені тар, тонның сыртынан киюге сыймады.

Бұл ауыл Хиуа қамалы түсетін жылы жұтқа ұшырап, одан кейін оңала алмай-ақ қойған. Сахар ажалы жетіп аурудан өлді. Балпанның басын Бабажан алды. Былтыр Үргеніштен көшіп келуіне қарап жүр екен, Сегіз үш күн ауырып дүние салған. Қазіргі тоқалға қараған Әліқұлдың жасы үлкені Айбас, ақ бас шал еді.

Бұл ауылдың ендігі қондысы — Сегіздің үйі. Көш-көлік солардан, Жәніке тұқымы биыл жаз жайлауға шыққан...

Сері Сегіздің қырқын беріп жатқанда жорық хабары жетті. Жанқожа Созаққа аттанады екен. Сол хабарды есіткелі Айбаста ұйқы жоқ. Бүгін жорыққа аттанатындардың жолға шығатын күні еді. Айбас таң қараңғысында тұрып, қатын-баланы бөріктіріп жүр...

— Ә, әкеңнің көрін! Ту қайда деймін саған!

Жәнікенің сауыты Сахарда қалып, одан жоғалды. Айбас әкесінің көзі — сары ала жібектен тіккен туды сандыққа салдырып сақтайтын еді.

Заманында Самарханның жібегі, неше жыл ұсталмай сандықта жатып тудың мыжы-мыжысы шығыпты. Оған қарап жатқан Айбас жоқ, умаждап қойнына тықты.

Таң атқан. Қасында Сарының екі немересі, өз інісі Қатпа бар, жолға түсті.

Тоқалға қараған екі-үш ауылдың іргесі жақын, бәріне де бір-бір бас сұғып шықты. Тобы үркердей ғана, жеті-сегіз адам еді. Сәске түсте Айбасқа Бекжарас бастаған Сырлыбай ауылының жігіттері қосылды.

Жаманқұлдың шаңырағы Әліқұлдың ішінде үлкен үй саналады. Сонда жорыққа баратындарға түстік қонақасы берілді. Жігіт саны жиырмаға жетіп жығылатын еді.

Алда Айбас, торы бестіні екі өкпеге жиі тепкілеп, сары желістен танбайды. Соңында жиырма жігіт емес, самсаған сары қол келе жатқандай қоқиланып отыр. Он жылдан бері көргені жоқшылық, қолынан кетпені түскен жоқ. Бабажанның қаһарынан қорқып-ақ бойкүйез болып қалған денеге бірте-бірте қан жүгіргендей, бүгін түлеп шыға келді.

Жанқожа бастаған қалың қолға Ақмешіт қамалының арғы түбінде қуып жетті. Алдарында шұбырынды жол, шұбырған жігіттер... Қарап тұрып Айбастың көзі сүрінеді.

— Қырық мың әскер бар шығар!

Қол үш мыңнан сәл-ақ артып жығылады екен. Оны кешкілік от басында отырып Бекжарас айтты. Жанқожаға барып сәлем беріп қайтыпты.

Қыр Шектісі мен Төртқараның жігіттері әлі жетіп үлгіре алмай жатыр. Уәделі уақыт жақындап, асыққан Жанқожа оларды Созақтың түбінде күтіп алатын болыпты...

— Кенесары қайда?

— Кенесарыдан кеше шапқыншы келіпті. Созаққа барып жеткеніне төрт күн, қамап жатқан көрінеді...

— Уай, ерің!

Жігіттер оған да өркештеніп қалды.

Бекжарастың білмейтіні жоқ. Ақмешіт Қоқан қамалы екен. Қазір тірі тышқан жорғаламайтын көрінеді. Жанқожаның аттандырып келе жатқанын есіткен сарттар алды-алдына қашса керек. Алды Созақтан шығыпты ғой...

От басындағы жұрт біраз дуылдасып басылды.

Бұл күндері Созақты қамап жатқан Кенесары шеруі қарқындап қалған, Жанқожаны күтіп отыр еді.

Алғашқы төрт-бес күн үлкен әрекет үстінде өтті. Созақты Жанқожа келіп үлгірмей басып алғандай болса, онда хан ордасын абырой күтіп тұр. Соған асыққан Кенесары екі рет шабуыл салып, қамал қақпасын бұза алмай қайтты.

Созақ қамалының айналасы екі құлаш ор. Кенесары әр жерін көмдіріп те көрді. Қоқандар қамал үстінде байлап атып, екі-үш адамды оққа ұшырды.

Төртінші күні еді. Кенесарының қасында екі жүздей жігіт, қақпа алдына жақындап барғанда, аржағынан үш-төрт жүз сыпай сайтандай сап ете түсіп, қолма-қол шайқас болды. Наурызбай көмекке жетіп үлгіргенше, хан он шақты жігітінен айрылып, басы аман әзер құтылады екен. Содан соң беті біржола қайтып қалған...

Жанқожа келгенде сырқат, шатырда жатыр еді.

Қамалда бір мыңдай әскер бар... Екі зеңбіректі жау өті терістік бетке орнатыпты. Мылтық саны қырық-елуге жақын сияқты... оны төрт бағытқа он-оннан бөліп қойған. Хан тиіп қашып ұрысқанда, байқағандарын айтып отыр.

Кенесары малдас құрып отыруды ауырсынатындай, бір жамбастап жантая беріп еді. Санға шыққан шиқанды сылтауратты. Далада қазақтар арасында күбір-күбір өсек... Хан сарттармен сатыр-сұтыр айқасып қалған жерде, құйрығына найза тиіп, әзер бас амандап шыққанын әркім айтып жүр...

Созақ қамалын тезірек алу керек еді. Қамау ұзаққа созылса, аржағында Ташкент пен Қоқан, көмек келуі мүмкін...

Түнде хан шатырында шабуыл жоспары талқыланды.

Ертеңіне ұзын саны екі мыңдай қол қамалдың түстік жағына шығып, қара көрсетіп тұрды...

Айбастың қолында сары ала ту, итіне-итіне орға жақындап барып қалыпты. Қамал жақтан тарсылдаған мылтық даусы жиі естіле бастады. Бірақ екі-үш жүз қадамдай жерде тұрған жұртқа шиті мылтықтың оғы қауіпсіз еді. Әзір өлген-жараланған ешкім жоқ.

Көкешкі атты көсілтіп, қолды жағалап келе жатқан Жанқожа жалғыз тұрған Айбасты көрді. Жаңбырдай жауып жатқан оқтың өтіне шығып кетіпті. Әй, мынауың ақ көз екен ғой. Жанқожа шоқыта түсіп, қасына келді.

Айбастың астындағы торы бесті бір орнында шыр айналады.

— Әй, Айбас!

Айбастың құлағына түк кірмейді, аузы ыржаң-ыржаң, екі езуінде ақ көбік еді. Есіл-дерті қамал болып, басқа дүние естен шыққан екен. Жанқожа екі айқайлағанда, анау әзер бұрылды. Үстіндегі қой терісі тон шұрқ-шұрқ тесік... Соны көрген Жанқожа қорқып қалды.

— Ойбай-ау, жараланып қалыпсың ғой!

Айбасты тілге келтірмей, торы бестіні тізгінінен жетелей жөнелді. Сары ала ту толқып басылды.

Айбастың үстінен сары тонды шешіп жатып, Бекжарас шошып кетті. Алыстан әлсіреп жеткен бытыра қой терісінен оп-оңай өткенмен, түйе жүн шекпенге келгенде кідіріпті. Жігіттер Айбастың үстінен бір уыс бытыра теріп алды...

Бұл кезде Жанқожа қамалдың қақпа жақ бетіне қарай төпеп бара жатыр еді...

Кеше Кенесарымен ақылдаса отырып, бес мыңдай қолдан екі жүз жігітті іріктетіп шығартқан. Бәрінін үстінде сауыт, ер қаруы түгел... Қақпадан екі шақырымдай жерде, қоңыр төбенің тасасында күтіп тұр.

Жанқожа мен Наурызбай жігіттерді атқа қондырды.

— Я, әруақ!

Бар назары түстікке шоғырланған қалың қолда болып, қамал әміршісі негізгі күшті сол тұсқа топтастырып жатқан.

Астарында бір-бір сәйгүлік, тасадан тап берген екі жүз жігіт, қамал қақпасына атқан оқтай сап етті.

Сауыт киген жауынгерге бытыра мылтық дари қоймайды.

Алда Жанқожаның өзі, қолдарында бір-бір балта, жігіттер қамалдың емен қақпасын шапқылай бастады.

Қақпа алдында он шақты мылтық, жиырма шақты күзетші. Түстік бетке шоғырланған сыпайларына хабар тиіп, оны бері қарай әкелгенше, биенің бір сауымындай уақыт керек еді..

Оған шейін қақпаның талқаны шықты.

Бұл екі арада арттағы қалың қол да жетіп, қақпа алдында үш-төрт мыңдай сарбаз шоғырланып қалған. Қақпанын бір қапталы сықырлап құлауы-ақ екен, қазақтар аттылы-жаяу ішке лап берді.

Көшедегі қоян-қолтық ұрыс бір сағатқа ғана созылды.

Қамал алынды.

Созақ қамалы тек жұрттың рухын көтеру үшін керек. Кенесарының көкейін тескен Ташкент еді. Есенгелді мен Саржанды алдап қолға түсірген құшбегінің басын алмай, шемен болып қатқан кек тарқамайды.

Созақ алынған күні Кенесарының қол астындағы сарбаздың саны жеті мыңға жетті. Қоқан бектерінің тізесі батқан Қоңырат пен Сіргелінің жігіттері ағылып жатыр.

Ташкент құшбегісінің қолында мықтаса бір мыңдай сыпай бар. Оның да едәуір бөлігі ұлы жүз Үйсін жігіттері еді. Кенесары барса, құшбегіні тастап кетеді... Ал Қоқан ханы болса, қол жинаудың қамына енді кірісіп жатыр...

Бірақ Кенесары Ташкент жорығын кейінге қалдырды.

Ханның құйрығындағы найза тиген жері жазылған жоқ. Әлі атқа мініп-түсуі қиын еді. Ол біткенше қашан... Әрі күздің күні, қазақтың күземі, көші-қоны жақындап қалған. Жеті мың сарбазды айдалада иіріп ұстау қолдан келмей тұр. Онда адам шаршап, ат ариды. Қол ішіне іріткі кіреді...

Жанқожа күзгі шаруа қамын айта бастағанда, Кенесары оп— оңай көне кетті...

Жанқожа да артындағы елге алаңдайды. Сыр бойындағы Әлім үшін Қоқаннан гөрі Хиуа хандығы қауіптірек... Батыр жігіттері жорықта, ауыл иесіз қалған.

Қожанияз қамалындағы ойранның әлі ізі суыған жоқ. Қалың қазақ Кенесарының ізінде, Ташкентке қарай тартып бара жатқанын есітсе, Аллақұл хан ауылдың үстінде ат ойнатудан тайынбайды. Баспашысы дайын тұр.

Кенесарының Ташкент жорығына өктемей, қолды таратқанына ең алдымен Жанқожа қуанды...

Созақта қолға түскен екі зеңбірек, қырық-елу мылтық Кенесары ордасында қалды. Хисапсыз олжаны да жеке иемденді... Тек аталықты-аталықты жерден шыққан рубасыларға ғана ат-шапан ырымдап жатыр...

Жорықтан қайтқанда Айбастың астында құла айғыр, торы бесті жетегінде еді. Шидем шекпеннің сыртынан сары ала жібек шапан киіп алыпты.

— Айбас ағам Созаққа келе жатқанда шекпенді ішінен, тонды сыртынан киіп еді. Сарттардың ататынын білген екен ғой. — Бекжарас әзілдейді.

— Жоқ! — деді ақ көкірек шал, жұлып алғандай айтты.

— Шекпенім тар еді, қой терісі қалың тонның сыртынан сыймай пәле болды ғой!

Жігіттер қыран-топан күледі.

— Енді олжа шапанды неге ішінен кимейсің? Шекпен оның сыртынан сиятын шығар...

— Әй, қызық екенсің! Жәнікенің Айбасы ханның қолынан шапан жамылғанын жұрт онда қайдан біледі!..

Айбас ауылға жеткенше жігіттерді күлкіге қарық қылды. Аттанып кеткен жорықшылардан шығын болған ешкім жоқ. Бас аман болса, мал түгел... Қазақ олжаға көп қызықпайды. Жігіттер мәре-сәре еді.

* * *

Созақ жорығы аяқталды. Кенесары — Әлім-Шөменнің ханы. Аш арыстан тояттағандай, биыл жылдағыдай жортуылға шыққан жоқ. Сарыарқа самал жайлауын да өксімейді. Шекті ауылының шетінде, Тоқымтыққан, Көкқабақ маңында отыр.

Жанқожа Жақсықылыштан көшіп шығып, қыс қыстауының желкесіне барып қоныпты.

Қожанияз қамалы талқандалған, Созақтың орнында күлі қалды. Қоқандықтар Ақмешіттен де безіп кетті. Қуаңдария бойында екі жерде қарауыл үйшігі.

Биыл ел іші тыныштық еді.

Әркім де Сыр бойындағы қыстауына оралып жатыр.

Қауіп-қатер алыстаса, қазақ та құдайын ұмытады. Биылғы күз көктемге айналғандай, бала-шаға емін-еркін тыраңдасты. Қазір екі үйдің бірінде той, екі ауылдың бірінде шілдехана... Әлі келген ат шаптырып, оған жете алмаса, мүше береді... Далада аламан тасыр еді...

Жаманқұл бай үлкен ұлы Нәдірді бұдан төрт жыл бұрын аяқтандырды. Өзінің жасы ұлғайып келе жатыр. Кенжеғұл жас. Немере сүю арман еді.

Құдай баланы не бесігімен береді, не есебімен береді... Әкесі Таңсыққожа да көпке шейін туған баласы тұрмай жүріп, бәйбішесінен жалғыз ұл — Жаманқұлды көреді екен... Соның ақыры тоқал алыпты...

Ал Жаманқұлдың маңдайына мынадай аумалы-төкпелі заман келді. Баяғы ауыр дәулет жоқ, бұл кезде бай жұқарып қалған... Енді жасы алпысқа шыққанда, бала-шағаның несібесіне қиянат жасап, жас иіс іздеп жүретін шама жоқ. Әрі кенже баласы Кенжеғұлға қалың да берусіз... Екі бала бар ғой... оған немере сүю керек. Келіні Күлтелі торт жылдан бері салтаң жүр.

Қазақ асыққанда, әулие-әнбиеге жүгіреді. Жаманқұл баласы мен келінін Айтуарға алып келіп отыр.

Соңғы жылдары Айтуардың даңқы елден елге тарады. Ұста қалай қашқанмен, надан ел еркіне қоймай, ақыры әулиелікті мойындатқан. Есігінің алдынан ат кетпейді, үйінің төрінен ауру кетпейді.

Бүгін де солай еді. Ертең бір күн Қараша кіреді. Ұста там үйінде отыр. Аядай екі бөлмеде тұмсық батар жер жоқ, ауыз-мұрыннан шығады.

Қонақасыдан кейін Жаманқұл келіні мен баласын қалдырып, Қондыбайдың үйіне барып жатты. Жатты деген аты, бұл түні бай көз ілген жоқ. Қондыбайдың үйінде де қонақ басы баршылық, Дәулетке қараған ауылдың азаматтары түгел еді. Бай екі бірдей қуаныштың үстіне келді.

Сонау Хиуа жұртынан Дәмелінің ағасы Шектібай қарақалпақ келіп отыр. Жиырма тоғыз жыл бойы ат ізін салмай кеткен туысы... Әмудария бойында талай тұрмыс тауқыметін кешкен... Әуелі әкесі мен шешесі өледі.. Одан кейін Айдос көтерілісі басталып, қарақалпақ басына зобалаң туғандай заман кездесіпті... Енді-енді есін жиып келе жатқанда, Шекті ішіндегі бүліншіліктің хабарын естиді. Қожанияздан үріккен ел, әрі қарай ығысқаны жайлы дақпырт неше түрленіп жетеді екен. Биыл ел іші тынышталды... Ендігі жұрт та ата қонысына оралған шығар деген жобамен Шектібай да атқа қонады...

Ол да үлкен қуанышқа кездесіп отыр. Дәмелі бір апта бұрын жас босанып еді.

— Сартты қашырдық, ел іші тынышталып келе жатыр ғой. Осы жақсылық ұзағынан сүйіндірсін. — Қондыбай қуанышын айтты. — Қызымның атын мынау нағашысы қойып берді. Елге тиыштық әкелген бала, есімі Тишімбике болсын деп отыр.

Жаманкұл кұтты болсын айтып отырғанда бір бүйірінде Кенжеғұлы жатыр...

Әліқұл әулетінің, соның ішінде Жаманқұлдың атағы әлі күнге жер жарады. Қондыбай аяғынан тік тұрып, қызмет етті.

Жаманқұл оны бұрын да тонның ішкі бауындай көретін еді. Үйінен бірінші рет дәм татып отыр. Қондыбайдың ықыласына ырза... Үй үстіне үй тіксе, үйден де жылы болады... Құдай айдап қуаныштың үстіне келді. Жаңа туған нәрестені ауызға алды... Сонда бір бүйірінде кенже баласы, Кенжеғұл тұр.

Қолында бас, бір құлағын кесіп алып, Қондыбайға ұстатып жатып, бір ауыз сөз айтты.

— Үлкенім сырқастау болып жүр. Баламның кенжесіне әлі қалың берусіз еді. Мына бір аласапыран заман кездесіп, байтал түгіл бас қайғы болып кетті ғой...

Әлгіден бері айта алмай отырғаны құдалық жайы екен.

Қондыбай күліп қоя берді.

— Жәке-ау, сен аяқ салып, бойыңа тең көріп, құда түссең, мен бір баланы аяймын ба?

Осылай аяқ астында құдалық жайы сөз болып, он екі жасар Кенжеғұл — күйеу бала, жаңа туған нәресте Тишімбике — қалындық болып шыға келді.

Соңғы бір жылдың бедерінде барлық ауылда солай еді. Бір— біріне құда түсу, бала аяқтандырып, қыз ұзату... Қазақ енді-енді есін жинап келе жатыр.

* * *

Қазақ Кенесарының бір басында тоғыз неке бар екенін аңыз қылып айтады. Көбісінің неке түскен атағы... Кенесары қай елдің ортасына келсе, бір қызға жіп тағатын еді. Солай сүйек шатыс болу арқылы беделді ру басыларға үстемдігін нығайтады. Қашан сұлу қыздың қызығы басылғанша қасында қонып-кетіп жүретіні рас... Алғашқы бір жылдың ішінде бала көтеріп қалса амалы жоқ, қалған тоқалдары басыбайлы күңге айналып жатыр...

Бәтима өзінің оныншы тоқал екенін — келіншек болып түскен күні білді...

Кенесарының бәйбішесі Күнімжан... Арғы нәсілі ақ сүйек тұқымынан тарайды. Ат айналып қазығын табады... Кенесары қанша қатын алса да, ақыры келіп қара шаңырақты бағып отырған Күнімжанды табатын еді.

Бәтима түскелі де екі жаздың жүзі болды, екі қыс өтті... Ханның оныншы тоқалы бала да көтерген жоқ. Бірақ Кенесары Бәтиманың төсегінен әлі жеріп шығатын емес... Анда-санда үлкен бір кеңестің реті келіп қалып, ұзақ отырыспаның аяғы түнге шейін созылып кетсе, амал жоқ, Күнімжанның қасында қонып қалады... Әйтпесе, хан иенің түнгі тіршілігі Бәтиманың отауында өтіп жатыр...

— Хан бүгін де үлкен үйге қонбаған ба?

— Шектінің молдаларын шетінен дуақан десетін. Басын айналдырып алған шығар...

— Бір түлкінің ініне тап келді ғой. Қазып жатыр, қазып жатыр, екі жыл болды... Не шығаратынын қайдам...

Бұл ханға бір бала туып беріп, қатын санатына ілінгендердің сөзі. Көбіне Бәтима жайлы өсек-аяң, қатындардың басы қосылған жерде, бәйбішенің көзінше айтылады. Әдейі Күнімжанның қытығына тию үшін айтылады...

Әйел жынысы қайбір жетіскендіктен үстіне қатын алдырады. Күнімжан да күрт өзгерген ханның мінезіне қайбір ырза болып жүр... Бірақ Кенесарыға дауа жоқ. Өзі суынып шығатындай ыңғайын танытпаса, оған айтқан сөз өтпейді. Сегіз тоқалдың әрқайсысы түскен сайын Күнімжан да бір өліп тірілген... Сұлтанға айла-тәсіл де, көздің жасы да өтпейтінін бәйбіше жақсы білетін еді.

Кенесарының бұрынғы тоқалдарына бір ай, екі айдан артық айналып қалған жерін ол білмейді. Ат айналып қазығын табатын. Бәтима түскелі екі қыс етіп, енді айналып екінші жазға жеткенде, бәйбіше сыр берді. Дуа деген әншиін сөз... Дуадан нәтиже шығатын болса, ендігі Кенесары жады болып кетер еді. Сұлтан әр тоқалын кіргізген сайын бір дуа жұтады. Жұтқызатын осы Күнімжаннын өзі... Бәтима түскен соң да, бір дуаны қымызға қосып жұтқызған... Себі тиген жоқ.

Бәтиманың жасы қазір он жеті-он сегіздің шамасы. Қылықты жас келіншек... Күнімжан өзінің жас күндесінің есі бүтін екенін да байқап жүр. Кенесарыны арқандап ұстаудың тәсілін тапқан қатын осал жау болмаса керек...

Күнімжан күндесінен тәсілін асырып қана Кенесарыны өзіне қарата алады.

...Сол түні хан ордасында қонақ бар еді. Алатаудың баурайындағы қалың Үйсіннің ішінде жолаушылап жүрген Сыйдық оралды...

Ұлы жүз де Абылай иелігіне жатады. Әбілқайыр хан өлген соң, қазақ даласында үлкен қобалжу болып, хан тағына мұрагер көбейді. Нұралы сұлтанды Кіші жүз қазақтарының бір бөлегі мойындамай шыққан. Әбілқайырдың тұңғышы Байұлы ішіне қарай ығысқанда, Әлім-Шөмен онымен ат құйрығын кесісіп қалған. Абылай осы алауыздықты шебер пайдаланды. Түркістанға Үш жүздің белгілі билерін кеңеске шақыртып еді. Жайық бойындағы Байұлының, одан жоғарырақтағы Жетірудың Түркістанға аяғы жеткен жоқ. Басқа қазақ түгел еді. Аузы түкті кәпірдің қолтығына кірген Нұралыға Түркістан мешітінің ишандары қарғыс айтты. Қазақ даласында Әз Жәнібек, Әз Тәуке заманындағы хандық қайта оралуы керек. Алтын тақтың иесі — Абылай, оны Үш Жүздің ханы деп танып отыр...

Бірақ бұл ұйғарымды Әбілқайырдың балалары мойындаған жоқ. Солардан сескенген Абылай да көзі тірісінде Кіші жүздің ішкі ісіне араласудан бой тартқан. Ертеректе Сыр өңіріндегі қазақтардың ықыласын өзіне аударғысы келгенде, қарақалпақ қыстауларына ойран салып қайтқаны бар... Ерәлі мен Есім сұлтан алдын кес-кестей берген соң тиылды.

Ал Ұлы жүздегі жағдай басқаша. Абылайдың бір баласы Сүйік сұлтан Жетісу өңірінде көшіп-қонып жүргелі қашан... Ұлы жүзге қарай шыққан соң, тағы да Абылай ханның иелігі басталатын еді...

Кенесары Әлім ішінде тыныш отыра алмасын біледі. Созақ жорығынан қайтқан бетте бүкіл елдің төбе шашын тік тұрғызған оқиға болды. Ана бір жылы орыстың жазалаушы отрядымен бетпе-бет келген жерде қалың Жаппастың жалт бергені бар... Кенесары соны кешпейтін еді. Әлгі оқыс қимылды хан інісі Наурызбайдың қолымен жасады. Жаппасқа қараған ауылдарды Кенесарының аттандырған жасауылдары шапқыншылыққа ұшыратып қайтты. Малын олжалап, дүние-мүлкін тонауға салғаны айырбас, оң жақтағы қыздарын масқаралайды екен. Оның ақыры исі Жаппас атқа қонып, Наурызбай бас амандап құтылады...

Осы оқиғадан соң Әлім іші шошып қалды. Жанқожа да қатты налып жүрген көрінеді...

Кенесары ол жолы бар кінәні Науанға аударып, бұлаң құйрыққа салды. Наурызбайды жұрт алдына сөгіп, ауылдан аластапты-мыс... Қазақ арасында осындай аңыз таратып жіберді. Бірақ хан Әлімнің қабағы өзгергенін байқайды. Жанқожа екі жылдан бері ат ізін салған жоқ. Кенесары Ташкентті еске салып адам жібергенде, батыр қартайғанын айтып, шығарып салыпты. Қартайған да шығар, ішіне талау кіріп отыр... Кенесары жауабына қарап, іштей кәдік алды.

Былтыр жұрттың алды болып Қыр Шектісі сыр берді. Кенесарыны хан көтеретін жолы ақсақалдар малдан алынатын зекетті орданың пайдасына жинайтын болып келіскен. Бірінші жылы қыруар мал жиналды. Былтыр Сыр бойында Қаракесек, қырда Тілеуқабақ хан жасауылдарын құр қайтарды. Жыл ауыр болғанын, халықтың тұралап отырғанын сылтауратады. Хан көшіп бара жатқан жоқ қой, биыл болмаса жарын алар... Қабақ Қарағұл батыр соны айтыпты. Сарыарқаның қазағы "жарын" деген сөзді түсіне бермейді. Оның аты келесі жыл ғой... Қазақ қырсықса, көкек айына қарататын. "Жарын" қай мағынада айтылса да, оңып тұрған жері шамалы... Кене хан Қарағұлдың сөзіне шамданды.

Бірақ қыр жайлайтын Бөлектің тұқымы тоғыз мың үй... Хан Қарағұлға соқтыға алған жоқ. Күзге қарай бір топ жігітті Қаракесектің ішіне аттандырып, бір үйір жылқысын қудырып алған.

Жылқы Арынғазы батырдың ауылынан алынған екен. Ол да ізін суытқан жоқ. Еруліге — қарулы, Кенекең ауылының бір үйір жылқысын Арынғазы өзі келіп, айдап әкетті.

— Кенекеме сәлем айт. Жылқы орнына жылқы алдым. Айырып аламын десе, Наурызбайды жіберер...

Жылқышы соны айтып келгенде, Кене ханның түсі бұзылды. Арынғазы найзагер еді. Қайратын Созақта көрді. Өнерін әріректен біледі. Өзін хан көтеретін жолы еді-ау...

Үш күнге созылған кеңестен кейін жұрт бір мезгіл бой жазып шығып, Наурызбайдың найза шаншу өнерін тамашалады... Арасы елу қадамнан — қырық жерден жерошақ қазылған. Қырық қазанда ет асылатын. Қазанның бетінде жамбас сүйек жатады. Наурызбай шауып келе жатқан бойы, бірінші қазандағы жамбасты іліп әкетіп, екінші қазанға апарып салады... Солай ауыстырылып салынған жамбас сүйектерді кейін оралған бетінде өз қазандарына қайта үлестіріп үлгіруі керек...

Қазақтар аузын ашып, көзін жұмды. Бұл да Кенесарының қара халыққа көрсеткен бір қыры, айызы қанып тұрды.

Сонда сонша қазақтың ішінен жеке шығып, Наурызбайдың өнерін айнытпай қайталап берген жалғыз жігіт Арынғазы еді. Кенесарының талағы тарс айрылғандай. Хан тұқымына тән өнерді қарадан туып қайталағаны намысына тиді.

Наурызбайдың арқасы қызып, жылқының артынан қуғысы келіп жұлқынғанда, Кенесары тоқтатты.

— Сен найзаны ердің қасынан шанышасың, Арынғазы аттың құлағынан шанышатын еді. Найзасы бұрын тиіп, сүйекке таңба болар... — деген.

Тыңдап тұрған ешкім жоқ, інісі екеуі не кеңескенін кім біліпті. Арынғазыға ұрына кетуден сескенуі де кәдік. Оның аржағында Әлім-Шөмен екі арыс ел тұр... Ал орданың маңындағы сарбаздардың қақ жартысы кіші жүздік жігіттер екен. Отпен ойнау қатерлі еді...

Кенесары Жанқожаға жаушы салды. Қаракесектен жылқы алғаны рас. Көп болса, зекеттің бодауы шығар... Ақтаннан кейін Қаракесекте адам қалған жоқ екен. Кенесары Әлім-Шөменнің ханы емес пе еді? Арынғазының бұл ісі зорлық... Кез келген қарашысы жылқысын қуып алатын болса, ханда қандай қадір-қасиет қалады?...

Жанқожа бұл барымтаны еруліге қарулы деп біледі. Ханның жылқысын қуғаны үшін Арынғазыға ат-шапан айып кесіпті.

Кенесары Әлімнен сол жолы бір тіксінді.

Сыйдықтың ат қонатыны биыл... Төрт ай жол жүріп жаз жайлауда оралып отыр.

Түннің бір уағына шейін созылған оңаша кеңес аяқталып, Сыйдық жатар орнына кетті.

Хан бұл түні Күнімжанның қасында қонып қалды.

Әншиінде басы жастыққа тиді, қорылға басатын. Бүгін ұйқысы қашты. Дөңбекшіп жатыр.

Осы азғантай ғұмырының ішінде, қазақтың кең сахарасында Кенесары атының тұяғы тимеген жер аз қалған екен. Кезген елі, аралаған жері... көз алдынан бір-бір өтті.

Абылай әулетінің ата мекені — Көкшетау. Құба қалмақ шапқыншылығынан кейін Үш Жүз ірге айыратын жолы Орта жүз Абылайдын еншісіне тиіпті... Хан ордасын тігуге лайық жер іздегенде, Арғын Қаз дауысты Қазыбек би сол Көкшетауға тоқтайды екен...

Орта жүздің етек-жеңі кең, үй саны мол ұлысы да Арғын... Арғын Абылайды хан көтеріп сыйлайды... Кенесарының ойы осы жерге келгенде мүдірді. Есіне бір аңыз түсіп еді... Көкірекке кәдік кірді.

...Үлкен ас екен. Хан әулетінен бір баланың басына қамшы тиеді. Ұратын Арғынның тентегі. Абылай алдына әкелуге бұйырғанда, ашу үстінде отырған хан ауыр жаза кесіп жүрер деп қорыққан Қазыбек би жасауылды бос қайтарады. "Түйенің өзі түйе. Оның құмалағы да түйе ме?" деген сөзді сонда айтыпты.

Абылай Арғынның кәрі әруағындай болған төбе биге топырақ шаша алмайды. "Бала құмалақ, мен түйе екенмін ғой. Ендеше несін отырмын", — деп, көтеріле көшеді. Сонда беттеген жағы Қаратау, ұлы атасы Абылай хандық құрған Түркістан екен...

Қазыбек бастаған Арғынның билері артынан қуып барып, Абылайдың көшін жары жолдан қайырады...

Арғын Абылайды хан көтеріп сыйлағаны рас. Бірақ көңілі қалса, сыртын да беріпті. Халық хансыз да өсіп-өніп жатады. Ал халықсыз ханның күні жоқ. Оны Кенесары да түсінеді. Бірақ оның түсінігінде халық оған алып жейтін жемі, соңына еретін қолы ретінде керек... Олай болудан қалған күні халықты шауып алудан тайынбайды!

Арғынға өкпелеп көшкен Абылай артынан жеткен Қазыбекті кешіре салған. Өйткені қара басы ешкімге тұтқа болмасын, елсіз күні жоқ екенін түсінетін еді. Кенесары онысын осалдық біліп, ұлы атасына мін тағады. Оған салса, төре тұқымының төбесінде қамшы ойнатқан қараша қазақ тентегінің басынан қырғыш сүйек алдырып, араша түскен Қазыбекті аяғына жығып, кек алар еді...

Абылайдан туған отыз ұлдың ішінде Қасымнан зоры болған жоқ. Сонысымен қанды шоқпар тентек атанды. Сонысымен орысқа да жақпады. Абылайдан кейін Орта жүздің тағына лайықты адам іздестіргенде, Омбы әкімшілігінің Уәлиханды тандап ұстайтын себебі де сондықтан...

Қасым ордасының Уәлиханға қойған атағы "бейшара". Аяп емес, кекетіп айтатын. Уәлидің үстемдігін мойындаған Қасым ұрпағы жоқ. Орыстың алдына барғанда болмаса, қазақ арасында бар тізгінді Қасым ұстады. Қара шоқпар содыр сұлтаннан Орта жүз билері ығыса жүретін еді.

Уәлихан өлімі Абылай әулетінің арасындағы бас араздықты бұрынғыдан да ұшындырды. Таққа таласты. Жер жаннаты Көкшетауға таласты... қара қазақ та, хан тұқымдары да Қасымды қолдайтын сияқты еді. Бірақ даулы орыс әкімшілігі өз қалауынша шешті. Тақ мұрагері Ғұбайдұлда сұлтан қуғында жүр. Уәлиханның орнына тоқалы Айғаным отырды.

"Абылай әулетінің ақ төсегін арамдады. Орыс төресімен тамыр болды. Әйтпесе, Абылайдан туған балалардың көзі тірі тұрғанда, шаңырақты түйеге мініп келген қатын хан сайлана ма?" Қасым ордасынан тараған осы өсек қазақ ішінде кеңінен тарап кеткен.

Абылайдың кіндігінен тараған балалар екі жікке бөлініп алып, аяғы шапқыншылыққа ұласқан қырқыс осылай басталды. Әуелі Қасымның өзі... Одан кейін Есенгелді мен Саржан, Кенесары... Атадан балаға, ағадан ініге шейін үзілмей жалғасып келе жатыр. Атбасындай жүректе алынбаған кек жатыр...

Қасым қанша зор болғанмен, қатыннан жеңілді. Айғаным орыс қаруына сүйенеді. Қасым ұрпағының кеудесінде орысқа деген өшпенділік сол кезден басталады.

Қасым ордасының Көкшетау өңірінен іргесін қозғағаны қашан... Орыстар қозғады. Содан бері ізінде, еш жерге табанын тигізбей келеді...

Балқаш маңы... Мойынқұм... Торғай... Мұғалжар... Қара Кеңгір... Кенесары төрт-бес жылдың ішінде талай жерге ат ізін салған екен. Бірақ Көкшетаудай жер жаннатын еш қайда кездестірмеді. Күміс толқынында күн сәулесін әлдилеп ойнататын Бурабай көлі... Көкке шаншылып тұрған Оқжетпес шоқысы... Кенесары садақшы жігіттерін жинап алып, сарыжа тартқызып қызықтайтын еді. Бәсеке сарыжаны Оқжетпестен асырып түсіру... адырнасын ала өгіздей мөңіретіп жатады... Соның бәрі дәурен екен-ау... бүгін бірі де жоқ...

Бірде бекіністе, бірде ашық далада орыстармен әр-жерде кездесіп көрді. Анда-санда жау қашырса, мәз болады. Шындығына бақса, Кенесарының орыс солдатын жапырып жеңген жері жоқ. Бір солдаттың басы үшін он жігітін оққа ұшырататын еді... Ат үстінде жорытып жүргеніне жиырма жыл, орыстан беті қайтқан...

Беті қайтпаса, Көкшетаудан қоныс аударар ма еді? Беті қайтпаса, Айғанымның шашпауын көтерген Арғынның жуан билерін талтаңдатып қояр ма еді? Бүкіл ел болып орысқа бет бұрып, Қасым ордасы қайда барса, соңына қуғын салды. Қазақтан кек алу керек болған жерде бұлар да тартынып қалған жоқ... Халықты сонысымен шошытып алғанын Кенесары әлі түсінбей келеді... "Халық қорықса сыйлайды" деген пікірді құлданып қалған хан әулеті келелі кеңестен гөрі, бел күшке салғанды, қол жұмсап, сойыл сілтегенді артық көреді...

Шыңғыс Орта Азияға қарай беттеген жолы алдында кездескен тайпаларды қан жосын қылып отырыпты... Ол тәсілқой екен. Кереймен одақтасып, Найман ауылдарын ойрандайды. Бақас тайпаларды бір-біріне айдап сала отырып, өз әскеріне жол ашқан... Әрі оның алдында орыс патшалығы сияқты берік бекініп отырған дұшпаны да жоқ. Қауіпті жауы Хорезм патшалығы болса, алуан түрлі алауыз тайпалардың одағы іштей ыдырап біткен кезі... Кемел ойға кенде, өзі үргедек әміршісі дарынды қолбасыларына да тізгін бермей, ашық ұрыстан тайсақтағаны Шыңғыстың жұлдызын оңынан тудырды...

Кенесары ол тарихқа тереңдеп үңіле бермейді. Атадан балаға қалып келе жатқан Шыңғыс туралы аңыз бар... Жасында желбуаз сұлтандар жасы ұлғайған соң ертегіші шалға айналады. Бұрыннан келе жатқан аңызға өз жандарынан қосып, өңдеп, түрлендіріп әкететін еді. Кенесарының санасы солардың аңызымен ауызданды, қалыптасты...

Қазір қазақ ру-руға бөлініп жүргенмен, байланысы тығыз... Әрі аржағында орыстар, қол ұшын беруге дайын отыр. Қасым әулеті халықтың көзін қорқытамын деп жүріп, өзінен үркітіп алған. Кенесарының шекесіне ол да тиген жоқ. Бар сәтсіздігін орыстың мықтылығынан көреді. Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың кері келіп отыр...

Жанқожаның жасы жетпіске тақап қалды. Алжыған шал... Кіммен алысуға жарағандай. Бірақ алты Әлім... Кенесары Әліммен де алысып көрер еді. Көк желкесінде қыбыр еткенін андып орыстың зеңбірегі тұр...

Сол зеңбірек...

Екі-үш жылдан бері орыс патшалығының Хиуамен кетіскені жайлы сыбыс бар. Оның бір себебі Сыр бойында Қожанияз қамалы орнап, бір тайпа елді бөліп әкеткені болса керек... Бірақ орыстар кеш қимылдайды, Қожанияз қамалы құлағанын есіткен соң әрекетке кіріседі. Генерал Перовский атақты Хиуа жорығын ұйымдастыратын еді...

Егер осы жорық торт жыл бұрын, Қарақұмның үстімен Сыр бойына қарай жасалғанда, Әлім-Шөмен ендігі орыс патшалығының қанжығасында кететін екен. Хиуаның қысымы шектен асып, өзі шарт кетуге жақын отырған ел орысты құшағын жайып қарсы алар еді... Николай патшаның қабағын баққан генерал кешеуілдетіп алып, бір жүрістен ұтылды.

Кенесары бұл жолы генералдың алдын орап кетті. Қожанияз қамалын алуға өз басы қатыспағанмен, Жанқожаны жеңісімен құттықтап адам жіберді. Қарындасын сұратты... Солай ішіне кіріп алып, Әлімнің батырын қолына қондырды да, алтын таққа отырды.

Перовский үш жыл кешігіп, Хиуа жорығын бастады. Былтыр күздің күні еді. Сыр бойына қарай беттесе қатер. Жолында Кенесары тұр. Әрі Әлімнің мойыны Хиуа бұғауынан құтылған... Үстіне орыс солдаты құлағанын көрсе, қорғаушысы емес, басқыншы жау деп түсінеді.

Хиуа жорығы Орал бекінісі арқылы Үстірт шөлінің үстімен асқаны сондықтан. Ешкімге тәуелсіз, Маңғыстау түбегінде бетімен көшіп-қонып жүрген тайпа Адай, соның өзін де үркітіп қалыпты. Орыс әскерінің Адай жайлауының үстін басып қозғалуы бір жамандықтың нышанына ұқсайды. Ол жақта Қайыпқали сұлтанның ықпалы күшті. Бәлкім, тентек Адайдың қолтығына су бүріккен солар шығар... Маңғыстау түбегі қобалжиды.

Алды-арты елу-алпыс шақырымға созылып кеткен орыстың әскери керуені... Адайдың батыр жігіттері ұрымтал жерден сап етіп, талай керуенді тонап кетеді. Үстірт өлкесі қырық күншілік шол... бетіне шыққан қылтанақты алты ай жаздың аптабы ұшырып әкетеді... Ат ариды, азық таусылады. Әрі қақаған қыс... Адайдың найзасынан біреу-жарымдап жазым болса, жұқпалы індеттен жүздеп қырылып, әскер сапы да сирейді. Суыққа үсінгендер, ауру құр сүлдесін қалдырғандарға арба жетпейді. Берекесіз осы тобырмен Хиуа жеріне кіріп, жеңіске жету мүмкін емес еді...

Перовский әскерді жарты жолдан кері қайтарады.

Хиуадан гөрі орыс патшалығын қауіптірек көретін Кенесары бұл хабарды есіткенде айызы қанып отырды.

Кенесары соңғы екі жылда бір жағы Бұхар әмірі, бір жағы Хиуа хандығымен елші алысып тұр. Бұхар әмірі — Қоқанның ата жауы. Екеуінің мүддесі осы жерден үйлесетін еді. Сыр бойында пайда болған қазақ хандығын, ең алдымен әмір мойындап, Кенесарыға қару-жарақтан жәрдемдесті...

Бұл кезде әлсіреп біткен Хиуа Кенесарымен татулық саясатын ұстануға мәжбүр... Әрі екеуі де орыс патшалығына қарсы. Сыр бойындағы қазақ хандығы Хиуаның жел жағына пана болып отыр. Биыл тағы бір өсек дүңкілдейді. Перовский жана бір жорықтың қамына кіріскен. Бұл жолы Сыр бойына қарай беттейді...

Біреулер қыр Шектісінің биі Ерназарға Баймағамбет сұлтаннан елші келгенін айтып жүр...

Кенесары ол ауылға да тыңшы салып, бірақ анық-қанығын біле алмай діңкесі құрыды. Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды, әлгі сыбыс шындыққа саятын сияқты. Қыр Шектісі зекет беруден биыл да бас тартты.

Қаракесек ауылы да зекетін берген жоқ қой. Сонда Орынбор әкімдерімен бұлар да астыртын байланысып отырғаны ма? Қаракесек — Жанқожа батырдың туған нағашы жұрты... Батырдың шешесі Қопаның қызы болғанда, Ақтанның кіндіктес әпкесі еді. Егер Қаракесек орыспен астыртын сөз байласса, оны Жанқожа да білуі керек... бәлкім, сол құпия әрекетін батыр нағашысының ауылы арқылы жүргізіп жатқан шығар...

Күмән иманнан айырады. Кенесарының кеудесінде кәдік байланғалы әлдеқашан... Арынғазы жылқысын қуып, Жанқожаға Құдаймендені жұмсайтын жолы ішінде түйткіл жатқан. Батыр нағашы жұртын жығып берсе, адал болғаны...

Ат-шапан айыпқа көңілі толған жоқ.

Кеудесіндегі әлгі күмәні шындыққа саятындай. Төрт-бес айдың жүзі болды, тыныштықтан айрылды.

Әлім-Шөмен қырын қабақ танытты. Былтыр қыр Шектісі мен Қаракесек зекеттен бас тартса, биыл оны көрген басқа рулар да солқылдайды. Хандықтан бедел кеткелі тұр...

Енді бұл жерде қалып болмайды.

Әрі ана жақта орыстар да бері қарай жорыққа аттанатын сыңай танытып отыр. Хиуа ханы жалтақ. Кенесарының қолымен от көсегісі келетін сияқты. Ал әліден теріс ыңғай танытқан Әлімнің билеріне сенім жоқ. Кенесарының басын әкелген адамға орыс әкімшілігі атап қойған ат басындай алтын бар... Сол олжаға қызыққан Әлімнің бір тентегі қапысын тауып, бас салуы мүмкін... Одан да кәдіктенеді.

Үйсін өзі үшін шақырып жатыр...

Алатауды, Талас өңірін жолы түсіп бір-жар көргені бар. Бірақ жаз жайлап, қыс қыстаған жері емес. Жетісу өлкесі жер шұрайы еді...

Үйсіннің қабырғасына Қоқан тізесі батып тұратын кез... Кенесарының ойы әлі Ташкентте... Үйсінді атқа қондырып, Есенгелді мен Саржанның кегін жоқтаудан дәметеді.

— Ант аумай, ат жүгірмейді. Қоқан бізге тиіп отырған жоқ. Тыныш жатқан елге өзіміз барып тиісіп, үстімізге жау шақыратын неміз бар? Атасы Абылайға Бұхар жыраудың айтқан өсиетін Кене хан ұмытқан екен. "Орыспенен соғысып, жұртыңа жаулық сағынба" деген жоқ па еді? Мен де соны айтамын...

Жанқожаның сол сөзін алып келгенде, Кенесары ашудан жарылып кете жаздады.

Тек өзі байқамапты, Әлім хан ордасынан әлдеқашан сырт айналған екен ғой...

Кенесары қоныс аударуға бекем байлап отыр.

Дағды жаман. Мысалы, ұяттың қымбат екенін сайқал адам да біледі. Өзінің бұзылған жайын жасырғысы келгенде, ол қытықшыл-ак... Бірақ ұятын сақтағысы келіп қанша тырысқанмен, үйренген дағды жаман...

Кенесары да сол дағдысына тартты. Барымта алу, елді бөріктіру... содан кейін үдере тартып көше жөнеледі.

Бір-екі барымтасы көзге түсіп қалды. Үш-төрт жылдан бері бір жерден іргесін де көтерген жоқ. Ескі жыны қайта құрыстағандай, біраздан бері түн ұйқысы қашып жүр.

Хан болуға қарымы шолақ кісі баяғы жорытуылшы дағдысын тарта береді...

Бұл түні Күнімжан бәйбіше де ояу. Кененің бір айдан бері қасына қонғаны екен. Еркек құшағын аңсатқан әйел нәпсісі жанын азаптаса да, сыр бермей баққан. Ханымы Кенесарының ұйықтағанын күтіп жатыр.

Бәтима оны Кенесарының ыстық құшағынан айырды. Күндіз ордада болғаны кімге керек, төртінші жылға қарады түнгі қызығын Бәтима көріп жатыр...

Күнімжан бар сайқалдығын аяп қалған жоқ. Оның сандығында дәрі-дәрмектің алуан түрі сақталады. Ертеректе қытайлық саудагерден алып қалған... удан бастап, алмас пен қызылжүйрікке шейінгі қоспалардың бәрі табылады. Соның бірі әйелге бала көтертпейтін дәрі еді.

Кенесары ықыласы Бәтимаға шынымен ауғанын байқап, сасқан кезде ханым сандығын ашты. Әуелі күндесінің отауына қағаз шай жібертті. Арасында бала көтертпейтін дәрі... Бірақ Шектінің көргенсіз қызы шай қадірін білмейтін болып шықты. Өзі жіберткен қағаз шайы сол күйі тұрғанын екі айдан кейін білген Күнімжан бармағын тістеді.

Содан соң есігіндегі күңін жұмсап, майдалап үгіттірген ақ жапырақты Бәтима ашытқан шұбатқа араластыртты. Шектінің қызының сүйікті қорегі шұбат екен...

Дәрі көмектесті ме әлде құдай бермей жүр ме, әйтеуір Бәтима бала көтерген жоқ...

Одан кейін де уақыт жылжи берді. Кенесарының баяғы әдеті, әрі кетсе екі ай, жас тоқалынан жеріп шығатын еді. Бәтиманың түскеніне төрт жыл, бала да көтерген жоқ... ханның түнгі төсегі сол отауда, бәйбішесі мен басқа тоқалдарын айында-жылында еске бір алады...

Әйел басына одан артық қорлық жетіспейді.

Бар амалын жасап тауысқан Күнімжан бүгін Бәтимаға ең соңғы қастығын дайындап отыр...

Әйел басына қорлық жетістіріп, некелі күйеуі алдында жуылмас күнәкәр ететін жалғыз жағдай бар... еркек көзіне шөп салып, ақ төсегін былғайды...

Көзіне шөп салған әйелді намысы бар еркек кешірмесе керек... Кенесары оның аржағында...

Ал күйеуін, хан Кенесарыны бір өзі меншіктеп жатып, Бәтиманың ондай жүгенсіздікке баруы мүмкін емес... Күнімжан "ойнас жасаған әйел" жайлы алғы-шарғысын қолдан ұйымдастырады... Оның бір кейіпкерін дайындап қойған...

Ханның ақ ордада қонатын күнін күтіп жүргелі қашан. Сәті бүгін келді...

Әлгіде хан Сыйдық батырмен сөйлесіп отырғанда, Күнімжан елеусіз далада шығып қайтқан. Бекер шыққан жоқ. Бүгін түнгі оқиғаның басты кейіпкерімен, өзінің сырлас жігітімен сөйлесіп келді. Хан қазір ордада қонады... Жігіт Бәтима отауының тасасында күтіп отыруы керек. Белгі Күнімжанның өзінен болады. Қатты қақырынып дыбыс беретін еді...

Бәрі де ойдағыдай болып келе жатыр. Хан қонды. Жігіт отаудың аржағында... Күнімжанның белгі беруі ғана қалған... Бірақ қырсық қылғанда, хан бүгін ұйықтайтын емес, мамық төсекте ұзақ дөңбекшіді... Әлдеқашан "ұйқыға кеткен" Күнімжанның кеудесіне қайнаған ыза... ханға Бәтиманың иісі сіңіп қалған ғой... Дөңбекшігенде соны аңсайды.

Қызғаныш бір күйдірсе, ана жігіттен тағы қауіптенеді... Маубастау неме еді, отаудың көлеңкесінде ұйықтап қалып, бәйбішенің қақырынған дыбысын есітпей жүрсе қайтпек...

Мына қасқаға не көрінді? Әкесі Қасым бүгін өлгендей жылы төсекте дөңбекши бергені несі?

Бәрі сол... Бәтимасын іздеп жатыр... Шектінің сасық қызы, басын дуалап қойған...

Енді болмағанда әйел нәпсісі жеңіп, Күнімжан өзі ыңырсығандай еді.

Ханның қорылдаған дыбысы шықты.

Әбден қалың ұйқы құшағына енуін күткен бәйбіше тағы сүт пісірім уақыт күтіп жатты.

Мойнын созып, отау жаққа қарап қояды.

Ай сүттей жарық. Бар дүние ұйқы құшағында, ақ отау жанында селт еткен жан баласы көрінбейді. Әлгі маубас ұйықтап қалып масқара болмаса ет-ті...

Ханым қаттырақ қақырынды.

Жігіт отаудың алдында төбе көрсетуі керек еді. Содан соң бәйбіше қаттырақ дауыстап, күйеуін оятады. Оған шейін жігіт те қозғалмайды. Кене ханның көзіне түскенше, шыдап бағуы тиіс... Уәде берік...

Күнімжан тағы қақырынды. Жігіттен хабар жоқ. Ит-ай, ұйықтап қалған екен!

Барып ояту керек!

Күнімжан басын көтеріп алған. Кенет байқады, жігіт ақ отаудың тасасынан сүйретіліп шығып келеді екен..

Күнімжан дереу Кенесарыны жұлқылады.

Қалың ойдан қажып, терең ұйқы құшағында шымбатқан хан оңайлықпен ояна қоятын емес. Әрі қарай аударылып түсті.

— Хан ием!

Кенесарының еті семіз, ұйқысы қалың, Күнімжан оны бұрыннан біледі, үні қатқылырақ шықты.

Кенесары түс көріп жатыр екен. Алатаудың бөктері. Соңында самсаған сары қол, жоғары қарай өрмелеп барады. Өздері Қоқанға қарай аттанып шыққан беті екен дейді... Қалың қолдың алдында, биік шыңға иек артқан кезде ханның астындағы торы төбел сүрінді...

Таудан төмен қарай домаланып келе жатқанын ғана біледі... Өкпесі ауызына тығылып, дыбысы шықпай қалған... Қатты жұлқылаған қол ұйқысын шайдай ашты.

— Уах-уах!

— Хан ием басыңды көтерші...

Күнімжанның дауысын танығанда, жан шақырғандай. Әлгі қорқынышты түстің әсерінен әлі де айыға қоймаған күйі жүрегі дүрс-дүрс ұрады.

— Хан ием, ана қарашы!

— Не боп қалды?! — Кенесары қапалақтай түсіп, басын жастықтан жұлып алды.

— Мында қара!

Күнімжанның көлгірсіген түрінен секем алған Кенесары орнынан атып тұрды. Бәйбішесі саусағымен Бәтиманың отауын көрсетіп жатыр екен.

— Не болды?!

— Биенің бір сауымындай уақыт өткен шығар. Біреу қарайып кіргендей болып еді. Өз көзіме өзім сенбей жатыр едім... Әне шығып барады...

Кенесарының жүрегі мұздай болды.

Сол екі арада отаудың есігінің алдында бірдеңе қараң етіп, түн қойнына сіңіп жоқ болды. Әрірек бір шақырымдай жерде сарбаздардың шатыры... отаудан шыққан адамның солай қарай бет алғанында кәдік жоқ еді.

Кенесары орнынан атып тұрғанда, Күнімжан ұстай алды.

— Түннің іші, тыныш ұйқыдағы ауылды дүрліктіргенің басыңа лайық болмас, хан ием. Қар қатынның несі кетеді, сенің абыройың төгіледі. Ол жігітті қырық шатырдың қайсысынан іздеп жүресің?

Кенесары жарылып кете жаздады. Күнімжанның айтқаны жон. Бәйбішесі қашанда ақылды кеңес айтатын еді. Халық билеген ханға қатынын аңдығаны өліммен тең... Осында бір кәдік бар екенін де түсінеді. Оны дәлелдеп, Күнімжанның абыройын төгу бәрінен де қиын еді. Отау әрқашан ақ орданың іргесіне тігіледі. Түн ортасы ауғалы қашан, ал отау жақ беттің шиі түрулі тұратыны қалай?

Кенесары таңертең Бәтиманы алып келуге Күнімжанның өзін жұмсады.

— Түнде отауға кім келді?

Ханның түсі қатулы еді. Бәтима шошып тұр.

— Отау жағалаған ешкімді көре алмадым, хан ием...

— Бетпақ!

Кенесары бұл жерде ханның ісін жасауы керек еді. Онда Бәтиманы шариғат жолымен жазалайды. Оның арты үлкен тексеріс... Халық қасиет тұтқан хан ордасының бар былығы жалпақ жұртқа әшкере болады...

Ордаға Құдайменде, Ержан сияқты ең жақын туыстарын шақыртты. Көрген-білген сұмдығын айтып отыр. Әңгімеге бәйбішенің есімін араластырған жоқ.

—Бәтиманың ендігі өмірі күңшілікте өтетін болсын. Құдайменде, кеше қойшы іздеп жүр едің. Мына қатынды қой көтіне салыңдар!

Бұл Қасым тұқымының бірінші көрген құқайы емес, таңырқаған ешкім жоқ.

— Ей, жендет қайда? Мына қатынның бір бұрымын кесіңдер! Ойнас қылған жазасы! — деді Құдайменде.

Бәтиманың тілерсегін қағатын қара бұрымы бір төлеңгіттің қолында кетті. Неден жазып қалғанына ақылы жетпеген жас келіншек үйден жылап шықты. Жазықсыз жәбір көргені жанына батады. Ойнас қылу сұмдық... Өзімен кетпей, Жанқожаның атына кір келтірді... Әсіресе соған қиналады...

Ертеңіне бір төлеңгіт ұйықтап жатқан Бәтиманы төсегінен сүйреп тұрғызды.

Келіншек күңдік тағдырын мойындаған. Хан екі айтпайды. Қойға киетін киімі дайын еді.

Қой соңында бір апта жүрді. Күндіз-түні жылау, екі көзі бұлаудай еді. Түсте қойды иіріп тастап, бір түзгеннің көлеңкесінде қисаяды.

...Бүгін ұйықтап кетіпті. Дүбірлеген ат тұяғының дыбысы шығып, біреу ентелете аяңдатып келіп қалған екен. Запы болып қалған келіншек жүрегі дір етіп, орнынан атып тұрды. Бұл ауылға келгелі Бәтима қандай сұмдықты көрген жоқ... талай боздақ үшті-күйлі жоғалып, өлігі бір айдан кейін табылып жатыр... Біреулер аяқ астында "аттан құлап" жазым болады. Бәтиманың көңілі жүйрік, сондай оқиғаның бәрі ханның әмірімен болып жататынын сезетін еді.

Бейтаныс салт аттының ентелеткен жүрісін бір жамандыққа жориды, атып тұрды.

— Бәтима айналайын-ай, мынау иттер қор қылған екен ғой. Бүгін есіттім. Сенген жоқ едім...

— Ағатай кім едіңіз?

— Бұқарбай деген ағаң боламын. Руым — Тартулы Табын. Жәкемнің жақсы көретін інісінің бірімін...

Жанқожаның аты аталғанда, Бәтима көз жасына ие бола алмады...

— Адалмын, ағатай. Бұл жамандықтың қалай таңылғанына қайранмын. Бар кәдігім бәйбішеде, тоғыз қатын бір әйелдің ізіне түскен соң оңдыра ма? Түбіме жетті...

— Мен қазір барып Кенекеңе сөйлесемін. Сұлтан сүйегін қорламайды. Абылайханның тоқал қатынынан туған ешкім жоқ. Қорламасын!

— Ағатай, менің боларым болды ғой. Бір бұрымнан айрылдым. Қорғаймын деп жүріп, өзің жазым боларсың. Жәкеме хабар тисе, келіп алып кетер еді...

— Бұлардың некелі қатыным деп шалқаятыны болады ғой... Жәкемді қозғамайық...

— Талақ деп өзі айтты. Жәкем келсе, мені байлап ұстап тұра алмайды!

— Онда тіпті жақсы! — Бұқарбай үзеңгіге аяғын салып тұрып Бәтиманы жұбатты. — Хан маған бірдеңе істер деп қорықпай-ақ қой. Жанқожа мен Сейіл тірі тұрғанда, Бұқарбайға қол көтеруге артына бақсын!

Бұқарбай бастаған Табынның жігіттері хан сарбазының үштен бір бөлігіне жақын еді. Кенесары маңындағы көпшілік Табыннан шыққан адуын батырға сескене қарайды. Солай еркіндікке бойы үйреніп қалған Бұқарбай Кене ханның үстіне сұраусыз кірді.

Келген шаруасын айтып отыр. Бәтима аюдай ақырған Жанқожа батырдың қарындасы еді. Осы қыз үшін Ақмырза басын берді...Осы Бәтима үшін Жанқожа атқа қонып, Қожанияздың қамалын шауып алғанын айтты. Хан қатынның күнәсін көзімен көрсе, халық алдында жазаласын. Керегенің көгі емес, ойнағаны еркек кіндікті адам шығар. Ендеше оның да, Бәтиманың да басы алынуы керек!...

— Ей, Бұқарбай, Табыннан шыққан ер едің! Бір Шектінің намысын жыртып, саған не жоқ?

Кенесарының екі беті нарттай жанып, ашудан жарылғалы отыр. Бірақ өзін-өзі ұстады.

— Атасын айтса алыс емес, Шекті де менің бауырым! Мені жұмсап отырған осындағы Кіші жүздің жігіттері. Сүйегімді қорламасын деп отыр!

Бұқарбайдың бұл сөзі шындық. Бәтимаға байланысты оқиға Кіші жүз жігіттерінің намысына тиіп, сөз басында содан ұшынған. Қазір де қамсыз келіп отырған жоқ, таң атқалы Кіші жүзге қараған елдің жігіттері ат үстінде еді.

Оны Кенесары да есітіп отыр, одан әрі сөз таластырмады. Сарбаз арасында қобалжу кіргенін әуелі Ержан байқайды екен. Елең-алаңда Кенесарыны ұйқысынан оятты. Қол екі жарылғалы тұр еді.

— Күмән иманнан айырады. Аузымнан талақ деген сөз шығып кетіп еді, атқан оқ қайтып оралмас. Бұқарбай, Шекті бауырым деп отырсың ғой. Бәтиманы төркініне апартып таста. Жәкеме қылдай өкпем жоқ, соны айтарсың...

Жанқожамен кетісу — алты Әлімнен шықты деген сөз. Бір жақтағы қаймана қазақ жыртысын жыртып, хан алдына келіп тұр. Ертең Әлім-Шөмен не дейді? Кенесары бұл оқиғадан кейін бұл жерден көшуі керек еді...

Орыстар тағы да бір қадам бері жылжып, Торғай бойынан бекініс орнатты. Кенесары олардың ендігі бет алысы Сыр бойы екенін біліп отыр...

Орыспен әр жерде кездесіп көріп, жүрегі шайылған. Оларда әскер тәртібі күшті. Әлгі Бұқарбай сияқты қарапайым солдат қолбасымен салғыласып тұрмайды. Кенесарының сарбаздары жалан мылтықтың тегеурініне төтеп бере алмай жүр. Ертең орыс зеңбірегін сүйретіп келеді екен. Онымен тұрысқандай күш Кенесарыда жоқ...

Көшу керек... Сыйдық Алатауды жайлаған Үйсіннен жақсылық хабар әкеліп отыр. Сүйік сұлтан ел тізгінінен айрылды. Қоқан хандығы Әулие Атаға бекініп алып, бейбіт елді тонауға салып жатқан жағдай бар... Кенесары сол жаққа керек...

Әкесі Қасымның өлердегі жалғыз өсиеті — Есенгелді— Саржанның кегін алу еді. Ол үшін Қоқан хандығын талқандау керек... Сол арманның үдесінен шығатын жері келіп тұр.

Кенесары бүгін-ақ көшіп кеткендей еді. Қолын байлаған зеңбірек... Екі башқұрт, бір орыс ұстасы бар. Жезқазғаннан мыс алдырып, одан зеңбірек құйғызып жатыр. Созақ қамалын алатын жолы, қоқандықтардың қардай бораған оғының астына қайрат қыла алмай құр діңкесі құрып тұрған бір кездері естен кетпейді. Зеңбірек болса, қандай қамал кездессе де, қақпасын дал-дал қылып кірер еді...

Көшпелі ел жағдайында зеңбірекке дауа жоқ, қазақтар дауысын есіткенде-ақ безіп кетеді. Кенесары зеңбіректерінің бітуін күтіп, жіпсіз байланып отыр.

Төрегелдінің баласы Тақжан есігінің алдында жүретін еді. Сарбаз болып келістірмеді. Одан ат бақты... төмендей-төмендей келіп, Күнімжанның малайына айналды. Сонысын өзі үлкен шен біледі. Ауылына қайтпай қойған. Бәтиманың қасына сол Тақжанды қосып, төркініне қайтарды.

* * *

Бәтиманы алып келген Төрегелдінің баласы Жанқожа ауылын әңгімеге жарытқан жоқ.

Батырдың өзі жолаушылап кетіп еді, Тақжан кеткен соң үш күннен кейін оралды.

Жанқожа қарындасының жағдайын жолай естіпті. Бұрымы кесілгенін келген соң көрді. Бұл адам құлағы есітпеген қорлық еді. Кенесары Бәтиманы емес, Жанқожаны қорлағалы істеп отыр. Кінәлі екен, басын шауып тастамай ма? Көз алдында күйік қылып қоюды ойлаған... Бұрымын кесіп, үйіне әкеліп тастап отырған себебі сол...

Батыр ашуға мінгенде, Балымның басына күн туды.

Жанқожа келгелі Бәтимамен жүздескен жоқ. Балым айтса, қыз нақақ күйіп отыр... Ақмырзадан туып, адал сүт емген қызды жамандыққа барар деп батыр да ойламайды.

Балым бұл оқиғаны былай түсіндіреді. Бәтима түскен соң, тоғыз қатын жайына қалып, хан жас тоқалының отауында болады екен. Бар бәле осыдан басталады. Бәтиманың түбіне тоғыз қатынның қастығы жетіп отыр...

Ақтан жоқ. Жанқожа Қаракесектен Арынғазыны, Кішкенеден Бекарыстан мен Бекбауылды шақыртты. Қарасақал Дабыл батыр, қалған Шектіден Байшоқы мен Бәркелет келіп отыр.

Өз топшылауын айтты. Батырдың ойынша, Кенесарының ішінде арам пікір жатыр. Әлімнен басқа сүйенері қалған жоқ. Сарыарқаға сыймай келіп еді, сонда осы мінезінен тауып жүр екен... Шектінің Жанқожасының сүйегін қорлап, Шекті ауылының шетінде қалай отырады?

Сөз осыған байланды. Кенесарының алдынан өтуге бастығы Жанқожаның өзі болып, отыз кісі аттанады. Қалған Әлім— Шөмен қарап жатпасын. Төре пейілі тар, қандай сұмдық ойлап жатқанын кім біліпті... Қыр Шектісінде Қарағұл мен Ерназарға да ат шаптырылды. Бас-аяғын жинақ ұстап, сақ отырулары керек. Жанқожа Кенесарыға бара жатыр...

* * *

Бәтиманы алып кеткен күні еді. Күндесінен құтылған Күнімжан бәйбіше көңілді отырды.

Үш күннен кейін Кенесары Наурызбайды шақыртты. Үйде екеуінен басқа жан жоқ, оңаша еді.

— Жанқожаның қарындасын қайтардым...

— Білемін...

— Оның тамыры болған адамы Бұқарбай! — Кенесары бұны әншиін айтып отыр. — Үстіне сұраусыз кірген тентек Табынның көзін жойдырту керек еді.

Кенесарының қылмыстыны атағаны, — көзін жоюға берілген бұйрығы еді. Наурызбай қиналды. Бұқарбаймен төрт-бес жылдан бері ат үстінде бірге күн кешіп, бауыр басып кеткен жайы бар. Батырдың қадірін батыр біледі. Бұқарбайды өкпеге қиюға болар, өлімге қию қиын екен. Кенесары ең жау жүрек батырынан айрылғалы отыр... Наурызбай ондай жазаны құптамайды.

— Неге үндемей қалдың? Әлде Бұқарбайдан сен де қорқасың ба? Онда шыныңды айт!

— Жақсы, Кенеке... ойланайын.

Бірақ Кене ханның бұл бұйрығы орындалмады.

Наурызбай көре көзге қастыққа бара алмай жүргенде, Жанқожаның хабары шықты.

Батырдың қасында отыз адам жолдасы бар, бері қарай беттеп келе жатыр... Отыз адам... ендеше сөйлесуге келе жатқан болды. Қобалжып отырған Кенесарының жүрегі орнына түсті.

Бұл күндері хан ордасында төре сүйекті туыстарының төрт көзі түгел, Жанқожаны қалай қарсы алудың жай-жапсарын ақылдасып отырды.

Жанқожада соғысатын ой жоқ, кінәласқалы келеді. Кенесары да өзін соған лайық ұстауы керек. Ашу үстінде қызып кетіп, бұрымын кестіргені рас. Басқа біреудің қызы болса, хан оның басын алдырар еді. Кенесары солай жасағанда, Жанқожаның әруағын сыйлайды... Айтылар уәж дайындалып жатыр.

Жанқожаға барлық құрмет көрсетіліп қарсы алынды. Ауылға кіретін жолдың үстіне, хан ордасына жеткенше, бір шақырымдай жерге шейін кілем жайылады. Қарсы алуға Қасым тұқымының еркесі, Кенесарының сүйікті қарындасы Бопай шығатын болып отыр...

Бопай жасында еркекшора болып өсіп, ержеткен соң да сол дағдысын тастай алмай, қолына найза ұстап, қасына жігіт ертіп жорыққа шығып жүрді. Уәлихан өліп, қалған Абылай тұқымы таққа таласып жатқанда, орыс әкімдері орда билігін жесір қалған ханым Айғанымға береді... Еркектері намыстанып, әйелдері күндеп, бүкіл Абылай тұқымы әбігер болып жатқан сол тұста Айғанымның ауылын шауып қайтуға осы Бопайды жұмсайтын еді. Кенесарының айналасындағылар оның батырлығын дәріптеп, дабырайтып жүреді.

Әруақты туған ерлердің атын есітсе бір елеңдейтін Бопай Жанқожаның даңқын Кіші жүздің ішіне кірген соң есітті. Хиуа хандығына мойын ұсынбай, бір тайпа ел деп жалғыз қара басы қуғын көріп шығады екен.

Сол Жанқожа Хиуаның қамалын жалғыз бұзып, шапқыншы жауды айдап шықты... Бопай сыртынан бір көруге арманда болып жүргенде, Кенесары Бәтимаға құда түсіп, өзі батыр ауылына құдаша болып шыға келді...

Жанқожамен бетпе-бет Созақ қамалында кездесті. Кенесары құйрығына найза тигізіп, неше батырын оққа ұшырып, қамалдың қасында қамалып жатқанда, алдымен көмекке жеткен алты Әлімнің жігіттері еді. Абырой Абылай әулетіне тигенмен, шындығында қамалды бұзып алған Жанқожа екенін Бопай түсінді.

Жанқожаның қасында екі жүз жігіт, қамалдың қақпасын балталап бұзып жатқанда, Бопай төбенің басында қарап тұр еді...

Ол кезде Жанқожаның ажарына қарап, шал деп айта қою қиын еді. Бірақ жасы алпыстың үстіне шығып тоқтасқан кісі, желпілдеп қызық іздейтін мезгілден кеткен екен. Оның сабырлы да сұсты түріне қарап, Бопай оның бәрін жасының ұлғайғандығына жорыды... Жорыды да өкінді. Есіл ер-ай, ат үстінде жол кешіп, жорытуылға шығудан қалғаны-ау енді... Кейін Жанқожа батырдың өмірінде жорық жорытып, жылқы қуумен жұмысы болмай өткен бөлек табиғатты кісі екенін есіткенде, Бопай таң қалды.

Жанқожаны алты Әлім әулие тұтатынын ол кезде білмейді. Бірақ бұл дүниенің бар қызығын тәрік еткен қасиетті адамға жорып қойған. Бопай білетін еркектердің ішінде ондай кісіні бұрын кездестірген жері жоқ, жұмбақ жүректі батырды сыртынан қадірлей жүретін еді...

Бұқарбай бастаған кіші жүз жігіттері бірдеңе күткендей, томсарып жүр. Жанқожаның хабары жалпақ жұртқа жайылған. Хан ордасында күркіл-күркіл кеңес қызды. Кіріп-шыққан төлеңгіттер неше саққа жүгіртіп айтады.

— Онда Наурызбай жігіттерін ертіп, жол тосуға шығар. Шын солай жамандығына бағатын болса, біз хан ордасын шабамыз!

Сарының Естекбайы Тартулы Табын ішінде кедейлеу аталық Күйкеннен тарайды. Бұқарбай соның баласы.

Кедей Естекбай жалғыз ұлына мезгілінде қалың бере алған жоқ. Алыса кетсе, бес жігітке жалғыз дес бермейтін апсалдай ірі. Бұқарбай мінезге сынық болып өскен. Қайраты бойына сыймай жүріп, барымтаға аттанып, жылқы алуды да білмейді. Жасы жиырманың үстіне шықты, әлі күнге бойдақ жүр. Қай ауылда той бар, қай ауылда шілдехана болып жатыр, Естекбайдың Бұқарбайы сол жерден табылады... Қызып кетсе балуандыққа түсетін. Жанынан шығарып өлең де айтады. Табиғаты батырлықтан гөрі серілік қууға жақын... бірақ қасына топ құрап, елден-елді аралап қызық қуып жүруге Естекбай шалдың дөңгелек шаруасы көтермейтін еді... Жылдар өте берді.

Сол Бұқарбайды бір байдың Шынар атты қызы бір күнде батыр қылып шығарды...

Шынармен бір шілдеханада кездесіп, бойдақ жігіт Бұқарбайдың ықыласы құлайды. Әрі балуан, әрі ақын, бір сырлы, сегіз қырлы жігітке қыз да кет әрі емес. Бірақ Шынардың атастырылып қойылған жері бар еді. Қарабай әке, басын кессең бата бұзбайды. Оны жерге қаратып, көкей жарлы Естекбайдың баласына еріп жүре беруге қыз да намыстанады.

Шынар-ай!

Әркімдер саған құмар-ай,

Әсіресе мен құмар,

Қайткенде көңіл тынар-ай!..

Бұқарбай Шынарын сағынғанда осылай өлеңге қосады.

Сол Қарабай әкенің ауылын Жантөре тұқымы шауып кеткенін есіткенде, алдымен атқа қонған Бұқарбай еді... Қоралы малымен бірге олжаға түсіп Шынар да кетіпті...

— Кім жетіп, айырып әкелсе, Шынар сонікі... — деп қыз әкесі отыр.

Ағайыны бар, жақын жекжаты бар, қырық-елу жігіт жиналып қалған екен. Бірақ төренің артынан қууға бірі батпайды.

Бұқарбай қасына өз ауылының он жігітін ертті де, кетіп бара жатқандардың соңына түсті.

Барымташылар екі күндік жерге шығып кеткен. Қыз әкесінен қауіптеніп келе жатқан олар жоқ, сұлтан қамсыз еді... Бұқарбай қапы соқты...

Естекбайдың әнші баласы солай батыр атанды.

Басы сол екен, Әбілқайыр әулеті Тартулы Табынның ізіне шам алып түскен... Үріккен елдің бірсыпырасы Сыр бойына қоныс аударды... Қалған бір бөлегі төренің сойылын соғып, Бұқарбайды бірге жауласты...

Орыстың жазалаушы отрядын қыр соңына салып қойған Әбілқайыр тұқымына Кенесары да тісін басып жүрген кезі еді. Пана сұрай келген Бұқарбайды кұшағын жайып қарсы алды... Бұқарбай жалғыз келген жоқ, соңында қырық-елу жігіті бар... Оның даңқын есіткен Табындар көптеп келіп, селдіреп қалған Кенесары тобын үлкен күшке айналдырып отыр.

Қате сілтенген бір найзаның ұшы орданың онсыз да шайқалып тұрған шаңырағын ортасына түсіруі мүмкін еді.

Наурызбай ауылдан аттап шыққан жоқ. Бар дүние жайбарақат қалпында, өзгеріс байқалмайды.

Жанқожа бір көштік жерге келгенде, ордада абыр-сабыр басталды. Қалы кілемдер далаға шығарылып, қатындар қағып-сілкіп жатыр. Қонақтар түсетін үй жұрт аударып қайта тігілді. Төлеңгіттер зыр қағып, кілемдер қолдан қолға көшті. Бірін-біріне тіркеп жая бастағанда, төрелер үйінде жиналған кілемдер ұзыны бір шақырым жол болып созыла түскен. Басы-қасында әмір беріп Бопайдың өзі жүр еді.

Бұқарбай да сабасына түскен.

Отыз кісіге арнап ауылдың шетінде үш үй тігіліп еді. Қонақтар жайғасты.

Жанқожа отырған сегіз қанат ақ боз үй мен хан ордасының арасында жүгіріс басталды. Ханның жолы үлкен бе, жасы үлкен ақсақалдың жолы үлкен бе, талас содан шықты. Жанқожа қылмыс қуып келіп отырып, хан ордасына кішірейіп баруды намыс көрді. Әрі туған қайынатасы... Ал Кенесары болса, хан басымен қараға сәлем бере бара алмайды.

Хан шамданды. Бастапқы ойы Жанқожаны сыпайы қарсы алып, ат-шапан айыппен қайтару еді. Енді ордадан қалай масқаралап шығарудың амалын қарастырып отыр.

— Жанқожа жасы кіші деп отырған шығар. Бірақ Абылайды Үш жүз хан көтеріп еді. Ең болмаса, соның қара шаңырағын сыйламай ма? Осы сөзімді жеткізіңдерші!

Құдаймендені Доғалақ жырауға жұмсады.

— Қазір Әлімдер келеді. Қонақтар қымыз ішіп болған соң, қолыңа домбыраңды ал. Жанқожаның қасында Төремұрат жырау еріп келіпті қой. Соған тиіскен адам болып отырып, қонақтардың намысын шабақтайтын сөз айт.

Қонақтардың алдынан есікті Бопай ашты. Кеше де Жанқожаның атының басын Бопай ұстап еді. Созақта көріп, еркекшора ханшаға онша назар аудармаған батыр, оның сызылып тұрған мінезіне қарап ырза болды.

Жанқожаның қолын аларда Кенесары орнынан тұрды.

Амандық сұрасқаны болмаса, артық ауыз сөз жоқ, қымыз жайбарақат ішілді.

Бірақ қабақ бағысып отырған жұрттың әңгімесі де жараспайды. Елдің алдымен Кенесары сыр берді.

— Төремұрат домбырасын арқалап келіпті ғой. Ат-шапан дәметіп келген шығар. Бір жыр айтып берсін, — деді.

Ханның шамына тиейін деген ниет Жанқожада жоқ еді. Кенесарының "ат-шапан" жайлы сөзінен кейін жыны құрыстады. Жырауда арқа болады. Төремұрат домбыраны ұстап жатып Жанқожаға қарап еді, ол да сұрланып алған екен.

Ей, Кене хан!

Құдай артық жаратқан,

Сенің атаң Абылай,

Аты қазақ ақ ордасынан айналған,

Жерді жарып дабылы-ай!

Сен атаңның міндің тағына,

Үйрек ұшып, қаз қонды

Жүрегіңнің қабына...

Өштілерден өш алған,

Қастасқан жерде бас алған,

Әкең сенің Қасым хан,

Қасым ханды кезінде

Кім бар еді басынған?

Айрылды қазақ асылдан...

Әй, Кене хан!

Адасып жүріп тап болдың

Асқар тауға асылған,

Үш жүздің көзі түгелде,

Мен ханға асылмай басылған.

Мына келген Жәкеме

Мырзалық қыл да жетім бер,

Берсең жетім — құл болмас,

Үлкен басын кіші етіп,

Келіп отыр Жәкем ер.

Қаса білгір хан болсаң,

Алды-артыңды ойлап көр.

Жетім бер де жақын бол,

Шопандыққа жарамасаң өзің біл!

Төремұраттың ащы даусы саңқ еткенде, отырғандар бастарын көтеріп-көтеріп алды. Тап осылай болар деп Жанқожа да күткен жоқ еді. Жырау батырдың көкейіндегісін тауып айтып отыр. Хан сөзден жығылғанын түсінсе, жетім беріп қайтарады. Одан қалса, өктемдікке салғысы келгені. Өктемдікке салып, Әлім-Шөменнің ортасында отыруы киын болар. Жырау сол шындықты тап басып айтып берді.

Бекбауыл бастаған билер шыбыжықтай бастады. Жайбарақат отырып, көптің кеңесіне салатын дауды Төремұрат жырмен айтты.

Кене хан да ашулы, түсі бір қуарып, бір сұрланады. Доғалаққа қарап еді. Хан жырауы домбырасының құлағын келтіріп отыр екен.

Мұның кім жер астынан жік шыққандай?

Шаласын қақ төрімде бықсытқандай?

Кенеке-ау, мынауыңды таныстыршы,

Кім еді хан алдында күш қылғандай?

Хан ордасында ылғи жалтақ болып қалған жырау қатты батырып сөйлей алмай, кібіртік қағады. Оның ауызынан шыққан жігерсіз жасық сөзді естіп отырып Кенесарының жыны келді. Төремұрат Доғалаққа іле жауап берді. Қазір ол да сабасына түскендей, қоңыр дауысқа салып, өзін таныстырып отыр.

Бұл қазақ ағайынды-абысынды,

Қамшымның сазға тастап сабы сынды,

Жырауы Жанқожаның мен Құрманай,

Жүр ме едің әлі есітпей дабысымды?

Төремұрат домбырасын алдына кесе көлденең салып, кезек Доғалаққа келгенде, үйдің іші тым-тырыс еді. Бірақ хан жырауы әлі бауырын жаза алмай отыр. Арғы атасы Абылайдан бастап, хан тұқымын бір-бір ауызға алып шықты. Кенесарының күнде естіп, әбден мезі болып біткен мақтау сөзі... "Біз хан тұқымы, сен қара қазақ, көзіңді ашып қара!" дегеннен артыққа Доғалақ ұзай алған жоқ.

Доғалақтың сөзі "басқаның бәрі әншиін, шын батырлық кәпірдің қамалын бұзуда жатыр" дегенге саятын еді. Кенесары тұнжырай түсті. Жырауының сөзі әлі діттеген жерінен шықпай жатыр.

Өзінің Доғалаққа бекер өкпелеп отырғанын хан түсінген жоқ. Жалғыз мақтанышы батырлық екен. Айтыста батырлық салыстырылған жерде, "найза тиген құйрық" айтылмай қалуы мүмкін емес еді. Доғалақ та содан қорықты. Орыс қалаларын көбірек айтып, Созақтың маңына жоламай-ақ баққан. Бірақ қызып алған Төремұраттың аузына қалай қақпақ қояды? Енді Жанқожаның шамына тиетін жалғыз-ақ жер қалды. Доғалақ Бәтиманы ауызға алды. Кенесары қарындасының бұрымын кестіріп, апарып тастағанда, батыр Жанқожаның қолынан не келді?...

Жанқожаның қолы қылыштың бәйнегінде, ілгері ұмтылады... Бір жағында Бекбауыл, бір жағында Бекарыстан батырды етегінен басып, жібермей жатыр...

— Атаңа нәлет таз қалмақтың нәсілі, төбеме көтергенге құтырған екенсің! Барымталап жылқы алғаның аз болғандай, сүйегімді неге қорлайсың? Төренің басына сірі бүріп, қой көтіне салғаны бүгін емес! Көш қасымнан!

Әлгіде Төремұраттың аузына түспеген сөзді өзі айтты. Жанғазыны қой соңына салғанын алға тартып отыр.

Доғалақ тұра қашты. Жанқожаның түсі әлем тапырық еді.

Бір сойқан далада да болып қалған сияқты. Орданың керегесі сықыр-сықыр, уық сынып, шаңырақ теңселді.

— Қызыл көз шалдың алдында сонша қапалақтап, жыныма тидің ғой, Кенеке! Бір-ақ шауып тастайын ба өзін! — Наурызбай жабықтан басын сұқты.

— Әй, Науан... ағасы сөгер болар, інісі көнер болар...

Кенесары соны айтқанда, Наурызбайдын басы жабықтан қайта көрініп еді, екі көзі қанталап кеткен екен... Көріне түскен бас қайта жоғалды.

Ертеңіне Наурызбай Кене ағасын кінәлағанда, хан езу тартты.

— Мен қорықсам, қасымда қылышының бәйенегі ағытулы Жанқожа отырды. Шаншып тастасаң, сен қайда қалдың?

— Шанышқалы оқталып, найзамды көтере бергенімде, біреу ту сыртымнан қапсыра құшақтап алып кеткендей болды. Жабықтан басымды үш сұқтым, әлгі біреу үш рет сүйреп алып кетті... Мені бала көтеріп алып кете қояр ешкімнің реті жоқ, не қара басқанын білмеймін...

Наурызбайды ту сыртынан қапсыра құшақтап алып кеткен Бұқарбай еді.

Жанқожа содан қайтып хан ордасына бас сұққан жоқ.

Кенесары өткен іске өкінетінін айтты. Бәтиманың бұрымын кесіп қате қылған екен.

Кенесары Шекті билерінің бас-басына ат мінгізді, үстеріне бір-бір шапан жапты...

Бекбауыл сияқтылар соған да мейірленіп қалған.

Жанқожа аттанып жатқанда, Кенесары далаға шыққан жоқ. Бұл шынымен ірге айырысқанының нышанындай еді. Енді Кенесары бұл өңірден табанын жалтыратады... Ел тағы да иесіз қалғалы тұр. Тағы да Хиуанын дүрбелеңі басталады. Жанқожа ұзын ойдың ұштығына шыға алмай келеді...

Қалған көпшілік әр түрлі топшылайды. Кенесары өткен іске өзі де өкінішті көрінеді. Ат-шапан айып бергені кінәсін мойындағаны... Бұны бір біткен іске жорып, қуанып келе жатқандар да бар.

ЖҰМБАҚ САПАР

Кенесарының хандық дәуірі төрт-ақ жылға созылып, көрген түстей өте шыққан.

Артында өшпейтін өкініш, ашу-ыза қалдырды.

Сырт ағайын бәрін де құдайдан көріп жатыр. Бұл сияқты ауыр кезеңде жақын туыстың табасы жаман. Жанқожаны табалаушылар да көп еді... Әсіресе Бекбауыл...

— Ханға қайын ата болатын неме ғой. Жетісті. Киікбай тұқымының сүйегіне өмірі түспеген таңбаны Кенесары салды. Бұрым кескен не сұмдық.

Мына жақта Жақай лақылдайды.

— Қалың Әлім ашса алақанында, жұмса жұмырығында, тік көтеріле аттанғанда, Кенесарының күлін көкке ұшыратын еді. Бетінен желегі түспеген келіншектей ыбылжып... Кене хан Хиуадан күшті емес шығар. Оны да көріп алғанбыз!

Жанқожаға іш тартып, жаны ауырып жүргендер де аз емес. Әсіресе қалыс ағайыннан шыққан Бекарыстан, Қарасақал Дабыл, Қаракесек Төлеген, Жақайымнан Байшоқы сияқты жақсылар еді. Әйдербектің биі Итіғұл, күйеу баласы Бекжарас, Төремұрат жырау бұл күндері батырдың қасында болды.

Намысқа басып қалшылдаған Құрманай-Құттықтың тобында Барақтың Боранбайы мен Бекбауылдың баласы Құлбарақ та жүрді.

Сырт ағайын ішінде де өз туыстары арасында да тілеулестері мол екенін білгенде батырдың басылған көңілі жұбаныш тапқандай. Тек дұшпандарының қалайша табалап жатқанын ойласа ішін ит жыртқандай болады.

Ер дұшпаны көп болар,

Қатын дұшпан, жігіттер,

Не десем дейсің сыртымнан!

Бірде Төремұрат жырау Байұлы Махамбет ақынның осы жырын айтып келгенде, батыр көзіне жас алды.

Тірі жанға қылдай қиянаты жоқ, зорлық біткенге жаны қас, соған орай өз кеудесін де бір адамға бастырмайтын батыр осы Бәтима оқиғасынан кейін шын мұқалып қалған.

Алты Әлімге аттан салуды ол да ойламай қалған жоқ. Алғашқы күні ашу үстінде ниеті жаман бұзылды. Басқа Әлімді былай қойғанда, қалың Кішкене мен Әйдербектің баласы алақанында... Нағашы жұрты Қаракесек те тік көтеріліп атқа қонуға дайын отыр. Байшоқы бастаған Жақайым да қарап отырмайтынына сенеді. Екі мың жігіт осы жерден де жиналатын еді. Бірақ...

Жанқожа бір қыздың бұрымы үшін бір тайпа елдің басына бәле шақырып, бүліншілікке бастауға қысылды. Намыс қайрап салғанда, ар-ұят алдын кес-кестеді...

Ру-руға бөлініп, бір адамның үстемдігін мойындамай жүрген алауыз қазақ елі бар. Қараның сөзі өтпейтін халыққа ханның қаһары керек деп білген. Егер ел бірлігін сақтайтындай болса, ханның анау-мынау қаталдығын ескермеуге де болар еді.

Оны сонау Арынғазы заманындағы елдің тұрмысы дәлелдейді. Халық ежелден ханның қарашысы болып өткен ғой...Оның анау-мынау қысымына ештеңесі қурамайды. Оның есесіне тілі бөтен, сырттан келген дұшпанның қорлығынан құтылады...

Дұшпандарын еске алғанда, Жанқожаның көз алдына ең алдымен Бәйділда тұрады. Қожамбердіден шыққан осы биге өмірі іші жылыған емес. Баяғы Бозорысты өлтіріп, ел арасын егес қылғанын ұмытқан жоқ. Қазір де сол Бәйділданың өзін табалап жүргеніне шәк келтірмейді.

Содан соң Раманқұл...

Сол Раманқұл бүгін үйіне келіп отыр. Кенесарының у-шуы әлі басылған жоқ, ел іші дүрбелең еді.

— Сен де жылқыңды алдырдың ба?

Жанқожа үйінің есігін тоздырған жылқы алдырушылардың өтінішінен мезі болып біткен, Раманқұлды жақтырмай қарсы алды.

— Жылқымыз аман, Жәке...

Баяғы Қожанияз қамалында қолға түсіп алдына келгеннен кейін, Раманқұлды бүгін көріп отыр. Баяғы омыраулай кіріп, күркірей сөйлейтін мінездің бірі жоқ, Раманқұлдың жалқын сары жүзі салмақ тартыпты.

Қожанияз қамалы құлағалы да бес жыл... Сондағы мойынына кигізілген құрым киіз бен қара есекке теріс мінген жайын би әлі ұмытқан жоқ. Сол күні бүкіл өміріне жететіндей сабақ алып еді. Сүйекке жуып тазармайтын таңба түскен. Өлгені-ақ артық екен. Ол қолдан келмеді.

Содан соң бір жыл бойы үйден аттап шыққан жоқ. Ет жақын туыстары болмаса, оны іздеп те ешкім келмейді. Ана жақта Кенесары хан сайланып жатты... Созақ жорығы... Оны елейтін де ешкім жоқ, өзі де сылқ етпейді...

Жалғыз жатқан адам ой кешеді.

Раманқұл бес жылдан бері бір ұзақ ойдың қиырына жете алмай-ақ келеді. Барлық дүние асты-үстіне шықты. Тап солай оның ойы да астан-кестен еді. Сонау бір Сәндібай өлетін жылдар... Боранбайды ататын ағаш оқ таппай, Жанқожаны жау көретіні де содан кейін ғой. Тапқан досы Бәйділда... Соның айтағына ере беріпті. Оның арамзалығын кейін Жанғазы хан көтерілетін жолы байқады...

Өзі баста намысшыл жігіт — жасы ұлғая келе баққұмарлыққа бой ұрыпты. Бірақ мансапты адал жолмен іздемей, ойлағаны қарау болды. Ана бір жылдары да Боранбайға қарау жасаймын деп, оның ақыры Сәндібайдың өліміне соқты... Қожанияз билеп тұрған заманда талайдың Сәндібайы жазықсыз басы алынып кете барғанын көзімен көрді... Солардың кейбіреуінің қазасына өзінің де себепші болғанын еске алса, Раманқұлдың тебе шашы тік тұрады.

Ол кезде мансап қызығы ештеңе де ойлатқан жоқ. Басынан өткен қателіктерді соңғы бес жылда кез алдынан бір-бір өткізген, шындыққа көзі қазір жетіп жүр.

Жігіт кезінде Жанқожаны күндеді. Осының неменесі асып бара жатыр дейтін. Ал Тықы мен Нұртайды өлтірген-ақ екен. Ажалы жетіп тұрған адам қайда өлмейді... тіпті сол қарақалпақтардың қайбір қайраты асып бара жатқан батыр дейсің... (Раманқұл жалпы қарақалпақтарды халық деп білген кісі емес.) Құдай тек Нұрымбеттің қисық найзалы баласының абыройын көтергісі келді... Әне, сол!

Жанқожаның батыр болып жортуылға шыққанын, ел асып барып жылқы алған жерін есіткен Раманқұл жоқ. Өзі өр көкірек адам, сондай қол қимылына қатты сүйсінетін. Оның көзінде Жанқожа жау қуатын батырдан гөрі, мал баққан шаруаға көбірек ұқсайды...

Сол сеніміне алғаш күдік келтіретіні Қожан өлетін жолы... Туған інісін өз қолымен атып өлтірермін деген үш ұйықтаса ойында жоқ... тегін адамды ел дабырайтып әкете ме?.. Жанқожа да әруақты ердің бірі сияқты. Үстіне жау әкеле жатқан Раманқұл қарғысқа ұшырады. Жанқожаға жасаған қастығы өзін тауып, туған інісін атты...

Ақмырза өлетін жолы Раманқұлда зәре жоқ еді. Екі оттың ортасында қалған... Тағы бір кесе көлденең пәле кездесе кететіндей. Оның қарақұлағы сарттар ғой... Қожанияз қара арғымақтың үстінде ойқастап келе жатқанда, Ақмырзаға қарап айбат шеккені сондықтан...

Ол жолы іліксіз кеткеніне қуанды.

Бір айдан кейін өзінің көзіне асқар таудай көрінетін Қожанияз қамалы құлады. Қаһарлы хиуалық әміршінің ажалына Жанқожа жетті...

Сарыарқадан келе жатқан Қасым әулеті де ең әуелі Жанқожаны тапты...

Раманқұлдың түсінігінде, Жанқожаны берісі алты Әлім, арысы үш жүздің баласы сыйлайды.

Тек Жанқожаның аттан салып, атқа қонбағанына таңырқады. Кейін ойлап қараса, ол да Жанқожалығы екен. Ашуын ақылға жеңдіріпті.

Сол күні Раманқұл да атқа қонды. Батырдың мұқалып отырғаны жайлы хабар естіледі, армысың айтуы керек...

Жанқожа алғаш қырынқабақтау қарсы алса да, бірте-бірте өңі жібіді. Арада талай жыл өткізіп, біржола табысуға келген інісіне қой сойдырып жатыр.

Қонақасыға Боранбайды шақыртты.

— Менің ақ дастарқанымның үстінде екеуің қол алысыңдар. Маған ағайынның татулығы қымбат...

— Мен кештім...

Бұл Раманқұлдың сөзі еді. Көзінен бір тамшы жас ыршып шықты. Көңілшек Боранбай солқылдап жылап отыр. Жанқожа да көзіне жас алды.

* * *

Кенесары жөнін тапты. Соны ғана күтіп тұрғандай, бір жылдан кейін баспашылар да төбе көрсетті. Ақсақалдар кеңесіп, қарауыл күзетті күшейтуге бәтуа жасап еді. Жаңадариядан әрірек, екі жерден қарауыл үйшігі пайда болды. Былтырдан бері қазақ ауылдары Қызылға қарай аяғын аттап баспайды. Екі жылдан бері жаз жайлауы Қарақұм, қысылып-қымтырылып күн көрді. Өткен қыс Сырдарияның сол жағалауын қыстайтын ауылдар қыстауына жолаған жоқ.

Биыл жалғыз Бекарыстан Нұрыбай көліне қыстап шығыпты. Бір Нұрыбайдың кіндігінен он екі ұл, немере-шөберелерін қосқанда қырық-елу үй. Алпыс-жетпіс жігіт атқа қонады екен. Қалың қол болып келген жау болмаса, қару күзеті мол бұл ауылды қырық-елу адам баспашы жағалай қоюы киын...

Екі күзет үйшігінің бірін Арыстанбай басқарады. Жасы қырықтың үстіндегі жігіт Күліктің Кешубай ауылынан еді.

Бір жылы Сыр бойындағы қалың қамысты тоғайда жолбарыс пайда болып, ел ішін әбігер қылғаны бар. Қырық-елу жігіт жолбарыс соғуға аттаныпты. Жолбарыстың паналайтын жері қамыстың арасы, жатағын анық біліп алған жігіттер жан-жағынан қоршайды. Сонда азулы аңға осы Арыстанбай бетпе-бет кездесіп қалады екен. Қолында қайырдың талынан жонған сойыл, жолбарысты қақ маңдайдан ұрып үлгіреді...

Басы сол екен, момын жігіт "жолбарыс соққан Арыстанбай" атанып кетті...

Күзет үйшігіне көбіне кедей ауылдың батыр жігіттері жалданады. Осы қоста отыз жігіт бар. Артында қалған отыз үйдің бір жылғы азығы елдің мойынында. Оны ақсақалдар зекетке шығарылатын малдың есебінен төлетіп отыр.

Кешубай — Күлік ішінде ең кедей аталық. Басқа бай ағайындары менсінбегенде, оларды "тақыр табақ Кешубай" деп келекелейді. Өзі әзер күнін көріп отырған үй құдайы қонақтың қайсысын жарылқайды. Бай туыстары оны түсініп жатқан жоқ.

Күзет бастығы Арыстанбай үйінің азығына қоса бір жылда екі сиыр табан ақы алады. Сонысын ақтағысы келетіндей, Көктөбе басындағы күндізгі күзетке ол жиірек шығатын еді.

Бүгін де талтүсте оралды. Күйіп тұрған Саршатамызда Арыстанбайдың маңдайы жіпсігенін көрген адам жоқ. Жалаңаш денесінде шидем шекпен, оған күн де өтпейді.

Түскі тамақ пісіп қалған. Томанның қолында ағаш ожау, қазанның бетіндегі майын қалқып отыр. Жігіттердің бірі іліп, бірі қағытқан сөзі құлағына кіріп шықпайды.

Монғол үстемдігі заманында "түмен", "түмен басы" деген сөздер болған. Түмен басы — он мың қолдың басшысы — үлкен әмірші. Одан бері де төрт-бес ғасыр өтті. "Түмен" сөзін қазақ өз тіліне салып "томанға" айналдырып, баласына ат қойып жүр. Қазақ арасында сирек те болса кездесіп тұратын бұл есімнің түп төркіні сонда жатқанын жігіттер қайдан білсін. Әрі жасы қырықтан асқанша баладан бетер аңқау, ақ көкірек ағаны әжуалау қызық...

Арыстанбайдың бес жасар ұлы бар. Аты Томарша еді, жеңгелері бұзып айтып "Томан" атап кетті. — Бұған Таңсыққожа ағам қойған есім Томарша ғой. Арыстанбай ара түсті. — Қатындар Томан атап кеткен...

— Осы Жаманқұлды мың айдаған бай десіп жүр. Мынау Томанды қарауыл үйшігіне жібергені несі? Малы жетпей жүр ме?

Бұл жігіттердің бұрын жасырып айтып жүрген сөзі.

— Ондай оттаған сөзді қойсайшы, бала. Арыстанбай шамданды. — "Раманқұл ағам" деп күпінгенде ғой, жерге сыймайсың... Сен неге келдің? Раманқұлдың ауыр дәулеті жетпей, сені жалдап қойған шығар!

Қазір он жетідегі жігіт Шегебай Раманқұлдың жақын туысы екені рас. Әкесі жоқ жетім баланың күнкөрісі де нашар. Көктемде қарауыл үйшігіне келген.

Бұл қосында Бекбауылдың Құлбарағы да жүр. Биыл жиырма төртке шыққан. Қайратын бойына сыйғыза алмай жүрген жігіт, өзі тіленіп келді. Оның арманы баспашымен бір кездесу еді... Сәті түспей-ақ қойды.

Таңсыққожаның балалары осыдан төрт жыл бұрын енші алысты. Жаманқұл алдында ғана Кенжеғұлына Қондыбайдың қызын айттырып қайтқан. Қалыңын ортақ малдан айдатты. Өзі де ортайып қалған дәулет, одан кейін тіпті дөңгеленді. Бір мыңдай ғана қой, жетпіс-сексен жылқы, жиырма шақты түйе тұқымы еді...

Енші алысу салтанаты Томанды бар есебінен жаңылыстырды. "Үштің бірі — мен" деп жүргенде, ақсақалдар мал-мүлікті төртке бөлдірді. Бір үлес қара шаңыраққа тиеді екен. Ал қара шаңырақ болса, Жаманқұлда қалды.

Екі жүз елу қой, жиырма бас жылқы, бес түйе түлігі... Томан сияқты момын жігітке ол да аз дәулет емес. Жаманқұлдың үлесті молырақ қамтығанына қынжылса да, қанағат етті.

Томанның еншісіне қайда ақ ауыз қой тиеді. Кәрі бие, жаздай қойшы мінген жауыр ат... бес түйе тұқымының ішіндегі жалғыз інгені, бақырауық нар қоспақ еді.

Келер жаз қойға топалаң келді. Ал кәрі саулықтар мен кәртаң биені соғымға сойып алуға Томан қимайды. Қыс оның бәрі көтеремнен өлді...

Арасында ұрланғаны бар, жоғалғаны бар... Төрт жылда Томанның қолында боталы інген, жалғыз бас жылқы, он шақты саулық қана қалған...

Екі жылдан бері қарауыл үйшігінде. Екі ай осында, екі ай үйінде болады. Алпыс жігіт бірін-бірі солай ауыстырып тұратын еді.

Қостас жігіттердің жасы үлкені Томан. Ac қайыруға кіріскен. Сырттан аттан салған дауыс естілді.

— Құлбарақ қой. Баспашы келген болды!

Арыстанбай орнынан атып тұрды.

Көктөбеден бес-алты шақырымдай жерде қырық-елу салт атты көрінеді екен. Құлбарақ алқынып тұр.

— Хабаршыға қайсың барасың?

Арыстанбай жігіттерге жағалай бір-бір қарап шықты.

— Мен барайын!

— Мен!

— Мені жібер, мені!

Бәрі де баспашымен ұстасып қалудан қорқады. Дауыстар жан-жақтан жамырап кетті. Бірі Томан еді.

— Томан барсын, Шегебай барсын!

Томанның көзі баттиып шығып кеткен екен. Арыстанбай туысын аяды. Қашып ауылдан шыға ма деп сенбей де тұр. Қасына пысық жігіт Шегебайды қосты.

Шапқыншыларды жөнелткен соң, қалған жігіттер атқа қонды. Жаудың алдынан шығып, алыстан аңысын аңдиды. Егер қарасы молайып кетсе, Арыстанбайдың ұрысқа шығатын ниеті жоқ. Қоқан айбат көрсетуді ойлады.

Құлбарақтың көктен сұрағанын жерден берді. Алақанына түкіріп келе жатыр. Таңқы танауы делдиіп кетіпті.

Жау Көктөбеден бері құлап келеді екен. Қарасы қырық-елуден артық емес. Арыстанбайдың көңілі орнықты.

Аралары төрт шақырымдай еді. Бұларды баспашылар да көрді. Кенет кідіріп, аттарының басын тартқан. Қарсы алдында да отыз жігіт, қазақтың қарулы қосыны тұр. Бары осылар болмауы да мүмкін. Аржағында қаптаған қазақ ауылдары... Мыналар шапқыншы аттандырған болса, кәп күттірмей көмек те жетеді. Оның аты жер қайысқан қалың қол...

Баспашы тәсілі тұтқиыл тиіп, қапыда бас салу... Басқа жұртқа қарағанда олар үшін жан екі есе тәтті. Бір адамын шығын қылмай қарусыз жүз кісіні қырып салғанда, жүзі шімірікпейді. Ал өздерімен күші теңдес жаумен кездескенде, баспашылар қара қазақтан гөрі табансыз келеді...

Биенің бір сауымындай уақыт көк төбенің баурайында иіріліп тұрды. Қазақтар қашар ма екен дегендей. Онда сүрең салып біраз жерге қуады. Бес-алты мылтық бар, алыстан атып көздерін қорқытады... Жолда ауыл кездесіп қалса, олжалайды...

Қызылдың құмын бір апта кешкенде, бір ауыл кездеспей қызылсырап келген...

Қазақтар қызған жоқ. Қазір аралары үш шақырымға қысқарып еді. Арыстанбай қоқан айбат қылғанда, астарындағы аттарына сеніп тұр. Бәрі де әркімнің маңдайға басқан жүйрігі әрі көптен бері мініс көрмей еріккен, ауыздығын жұлқа тартады.

Бір-бір ауыстырып мінетін аттары жетекте еді.

Баспашылар алыстан жол соқты болып келе жатыр... Бұларды қуғанмен, жете қоюы қиын. Қашса, құтқармайтынын да біліп тұр. Әттең, күш тең емес. Отыз жігітке қарсы қырық баспашы... Әрі олардың мылтығы бар...

— Арыстанбай аға, айқасып кереміз бе?!

Құлбарақ ұмтылып-ұмтылып қояды.

Мынау ақ көз екен ғой. Арыстанбай Құлбараққа алая қарап қойды, бірақ үндеген жоқ. Ер көңілді жігітті өзі де сыйлайтын. Он екі жасар бала Құлбарақ Хиуаның ханы жазған хатты ұрлап әкетіп, Жанқожаға апарып бергенін, соның арқасында батыр тура ажалдан аман қалатынын Арыстанбай еститін еді. Қазір де ырза болып тұр.

Баспашылар ат басын кейін бұрды.

— Қашты, қашты!

Жігіттер елеуреді.

Енді қорқыныш естен шығып, қазақтың арқасы қозып кетеді. Арыстанбай да қызды.

— Сәл зәресін ұшырайық!

— Бақтыбай, Бақтыбай!

— Ұр,ұр!

Қазақтар баспашының қосынын көк төбенің аржағына шығарып салып кідірді. Құлбарақ шығынып шығып кетіпті.

Баспашыларға жарты шақырымдай жақындап қалған. Тарс етіп мылтық атылды.

— Ойбай-ай! — деді біреу.

— Қайт, қайт! — Арыстанбай қолын былғайды.

Құлбарақтың құлағына мылтықтың дауысы мен Арыстанбайдың айқайы қатар жетті. Қасындағы жолдастарының кейін— деп қалғанын сонда ғана білген. Атының басын ірікті. Ұзап бара жатқан баспашылардың артынан қарап, елеуреп тұр.

— Айқасып көру керек еді...

Құлбарақ қайтар жолда өкініш айтты.

— Мылтығы бар жау... Саған айқасуға келтіре ме — Арыстанбай оған кейіді. — Қасыңа бір жігіт алып, Жәкеме тарт! Қамсыз болмайық. Баспашы болып қойса жақсы, аржағында қалың қол келе жатқан шығар. Кім біліпті...

Арыстанбай бұл түні көз ілген жоқ. Қасында төрт жігіт, Көктөбенің басында түнеп шыққан.

* * *

Жанқожаның үйінде ақсақалдар жиналып отыр.

Кенесары сырттан келген дұшпанға айбар еді. Ол Шекті ішінде отырған төрт жылда баспашы бері қарай аттап аяқ басқан жоқ...

Қызылда баспашы жиі тебе көрсетіп тұр. Хан кетті. Халық бағусыз қалды. Дұшпан да соны біліп отыр. Былтыр Ақмешіт қамалында қоқандықтар қайта оралыпты.

Әуелі баспашысын аттандырып, елдің берекесін алатын Хиуаның ежелгі әдеті. Солай қан жосын қылып, екі-үш жыл тынышты алып, артынан елшілерін аттандырады... Бағынбасаң көретін күнің жаңағы...

Бүгін жау жолына қойылған қарауыл үйшігі, азғантай баспашыға айбар болғаны рас. Ертең олардың қалың қол болып келмейтінін қайдан білдің? Онда жолындағы қарауыл үйшігін бір-ақ қағып тастап, ел ішіне кіреді...

— Хиуадан бұрын Қоқан келе ме деп қорқам...

Бұл жақтағы қазақтардың естуіне қарағанда, Қоқанның қаталдығы Хиуадан да әрман... Ауыл-ауылдан қыз жинайтын салтты әуелі сол қоқандықтар шығарыпты... Талай солқылдаған мырзалар қалыңдығынан айрылып, ел теңселген оқиғаларды Қоңырат ауылдарына барып қайтқандар айтып келіп отыр...

Біреулер Баймағамбет сұлтанды ауызға алды.

Билердің қай-қайсысы да Әбілқайыр әулетін жактырмайды... Жәңгір хан әруақты ер Исатайдың түбіне жетті. Махамбет жырау бері қашып шыққан екен. Баймағамбет сұлтан тыныш отырғызбай, қыр соңына қуғыншы салып қойыпты.

Мен, мен едім, мен едім,

Исатайдың барында,

Екі тарлан бөрі едім...

Өздеріндей хандардың,

Қарыны жуан билердің,

Атандай дауысын ақыртып,

Лауазымын көкке шақыртып,

Басын кессем деп едім...

Төремұрат Махамбеттің толғауларын айтып отырғанда, Жанқожа көз жасын тия алмады.

Батырдың ішкі пікірі, енді ел үстіне хан шақырып әкеліп әуре болудың қажеті жоқ. Азғантай өмірінде қай әулетін де сынап, әуселесін көрді.

— Енді не істейміз?

— Осы орыстар бері қарай аттанады екен деген не?

— Бір аттанып, Үстірттің шөлінде ат-көлігін қырып алып, кейін қайтқан жоқ па?

— Енді Сыр бойына қарай жорыққа шығатын көрінеді...

— Баяғы Бәлдір айтатын еді. — Итіғұл іліп ала жөнелді. — Жұрт "ақырзаман-ақырзаман" дейді. Ақырзаман болғанда бір еркектің басына он қатын келетін көрінеді ғой. "Сол ақырзаманы тезірек болса екен" деп күлдіретін еді. Сол айтпақшы, орыстар келетін болса, тезірек неге келмейді. Тиісті алым-салығы болмаса, елге зәбірі жоқ екен...

Исатай орыстың қолынан өлді... Бірақ сол орысты шақырып әкелген Жәңгір хан еді... Хан тұқымы айдап салмаса, қазақ арасының дау-шарында орыстың шаруасы қанша... Жанқожаның іш пікірі осыған саяды.

Итіғұлдың сөзінен кейін жұрт тағы бір даурығып басылды. Біреулері орыстарды жақтайды. Олар келсе, Хиуаның баспашылары Қызылдың құмында аяғын аңдап басар еді. Екінші жағы — Бекарыстан Байшоқы сияқты азулы билер, Қожамберді Бәйділда қарсы жақты ауызға қағып сөйлетпеді. Орыс аузы түкті кәпір... Тіленшінің Жоламаны, Тайманның Исатайына қылғанын ертең бұларға да істейді...

— Итіғұл, мен де саған сол Бәлдірдің сөзімен жауап берейін, — деді Бекбауыл, көзінің құйрығында күлкі әжімденді. — Бәлдірдің бала кезі, шешесіне күнде қыңқылдайды. Онда өздері екі сиыр сауатын болса керек. Шешесі айран піскен сайын баланың үстінде лыпасы жоқ, жалғыз дамбалы да өрім-өрім, инеге ілігетін жері қалмаса керек. Бәлдір дамбалды лақтырып тастап жалаңбұт жүреді ғой. Сонысын көріп, шешесі бетін шымшып жатса, Бәлдір: "қойшы апа, жыртық дамбалдан жалаңбұтым артық" деп, далаға лағатын көрінеді. — Бекбауыл жұртты біраз күлдіріп болған соң, қорытындысын айтты. — Бағынған елін орыс та оңдырып жатқан жоқ. Өйтіп, кәпірден қорлық көргенше, әлгі Бәлдір айтқан "жыртық дамбалдан жалаңбұтым артық"...

Жанқожа бұл жолы да шешіле қойған жоқ.

Әлі де Қызылдағы қарауыл үйшігін күшейту керек... Билер оның санын үшеуге жеткізуге шешім қылды. Жүйрік аттар күндіз-түні белдеуде ұсталады. Ауыл-ауылдағы жігіттер сақ отырсын...

— Бір келген сапарында баспашыларды дұрыстап қарсы алып, естен кетпестей іс көрсетсек екен. Арыстанбайдан қашыпты ғой, жандарының тәттісін қарашы. Бір беті қайтса, қайтып аяғын аңдап басар еді...

Бұрынғы байлау, билер соны қайта бір екшеді.

Ақсақалдар ауыл-ауылға тарап жатыр.

Бұл жиынға Раманқұл да қатысып отыр еді.

Жиынның өне бойында екі адам шешіліп сөйлеген жоқ, бірі — Жанқожа, екіншісі — Раманкұл...

Раманқұлдың жұртқа ақыл қосып, бір ауыз сөз айтпағанын Жанқожа ғана ескерді. Басқалар тарап жатқанда, Кенжеғұлдың баласын кідіртті.

Қонақтан кейін үй жинастырылмайды, ашылып-шашылып жатыр. Екеуден-екеу оңаша қалған. Жанқожа сонда ғана шешілді.

— Әй, Раманқұл! Әлгі жиында бір-бір желпініп басылмаған адам жоқ. Жұрттың бәрі көкейіндегісін ортаға салып жатыр, сен бір ауыз сөз айтпадың ғой!

— Апырай, Жәке-ай... Раманқұл күрсінді. — Сөйлемейін дедім бе? Бірақ аузымды ашсам, жұрттың бәрі маған қарайды. Не сөйлесем де, оң екен деп құп алатын адам жоқ, астарынан арамдық іздейді. Соны біліп отырып, қалай ғана үндерсің...

— Ендеше, маған айт!

— Айтайын. — Раманқұл отырған жерінде бір қозғалып, қолына жарғағын алды. — Әркім ақылы жеткен жерін айтады. Сырттан бақылап отырып, менің көзім соған жетті. Айналып келгенде, айтатындарың қазақтың жауы көп екен. Хан тұқымы — ол да жау... Хиуа, Қоқан — ол да жау. Орыс та жау. Ылғи жаудың ортасында отырып, қалай ел боламыз...

— Соны сұрап отырмын ғой!

— Қазір елге керегі тыныштық. Хиуаға қызмет етіп әуселесін көрдім, одан тыныштық таппаймыз. Әрі ол жақта Жанғазы сұлтан жүр. Ана жылы бекер қылдың, сол сұлтанның басын алу керек еді. Аллақұл қазақ ішіне келсе, оған ойласпай іс қылмайды... Ал төре тұқымы кекшіл, сенің баяғы қой соңына салғаныңды өлсе ұмытпайды!

— Оны да білем...

— Әлгі айтылған көп жаудың ішінен Әлімге біреуін тандап алу керек болып тұр. Онсыз күн көруіміз қиын. Ал Хиуаның қайта оралуы, ел басына зобалаң салады. Қожанияздың үрім-бұтағы түгелдей тірі жүр...

Жанқожа үнсіз бағып отыр. Раманқұл — Бәйділда емес, жаулық ұстаса да, дос болса да, — алдамайды. Адал шынын айтып отырғанына сенді.

— Әлгіде Қоқанның жайын да есіттік. Оның қорлығын көрген Қоңырат пен Үйсін ел болудан қалды. Кеше Ақмешітке Қоқан қайтып оралғанда, бір бөлегі біздің елге қашып тығылған жоқ па? — Раманкұл сәл іркілді.

— Онда қайтеміз, бір Әбілқайыр әулетін шақырып алып хан көтереміз бе? — Жанқожа сынағалы айтты.

— Халыққа бақташы керек. Халық тұтқасын ұстауға бәрі жарайды, бірақ солардың бақташы болып жарыта ма? Өмірі өтіп бара жатқандай, бүгінгінің ханы халықты талап алғанша асығатын болды. Арынғазыны өз басым көргем жоқ, қатал болғанын естимін. Бірақ халыққа бақташы бола білді. Әлім-Шөмен хан көтерген Арынғазының қолтығына мына жақта Жетіру, ана жақта Арғын-Қыпшақ, Керей тегін келіп тығылған жоқ екен. Қазір хан әулетінде ондай сүйекті туған ешкім жоқ!

— Онда орысты шақырамыз да...

— Орыс шақыртпай-ақ өзі келе жатыр. Ана жылы Үстірттің үстінен асқанда, жолында отырған Жанқожа мен Кенесарыдан сескенді. Алдында ғана Исатайдың түбіне жеткен айыбы бар, қара қазақ қылышын қайрап отыр деп түсінді. Қазақтың сол ашу-ызасын Кенесары пайдаланып қалуға тырысатынын, алдында құрулы мылтық, құрсанған жауға кезігерін сезді. — Раманқұл шабыттанып алған, екіліне сөйлейді. — Кенесары енді жоқ. Хиуаның баспашылары Қызылда жиі төбе көрсететінін естиді. Баспашының қылышынан қорыққан Әлім орыс солдатының мылтығына өзі барып паналайды. Әлгі ауызы түкті кәпірден қорқып отырған билерден, сенен бұрын алдына солар барады...

— Оның рас.

— Ендеше бір-екі жылдан кейін сары орысты ауылдың іргесінде көр.

— Оған менің де шүбәм жоқ...

— Онда неге қарап отырсың, Жәке! — Раманқұлдың дауысында күйініш білінеді. — Өзі келіп жеңіп алған жау кіммен есептеседі. Орыстар әлі де қозғалмаса, сенің айбарыңнан сескеніп отыр. Орынборға елші сал! Орысты ауылға өзің шақыр. Бірақ кішірейіп барма, жанаралмен тең отырып сөйлесуің керек. Орыс тиісті алым-салығын алсын. Хиуаға қарсы әскерін аттандыра берсін, оған қазақ жігіттері де көмектеседі. Бірақ жерімізге қала салып, төбемізге әңгір-таяқ ойнатып, қыс қыстауымызды тарылтпасын. Ел билігін өзінде қалдырсын...

— Сонда орыстарға өзім барамын ба?

— Өзің барма! Кәпірге сенбе, суға сүйенбе. Арынғазы ақ патшаға өзі барып еді, ақыры немен тынды. Итжеккенге айдатып, сүйегі де сонда қалды!

Жанқожа да содан қауіптенеді.

— Ендеше сен бар! — Бұл шыны еді.

— Басқа біреуді жұмсасайшы, Жәке. Менің жаман атағым шығып қалған адаммын ғой. Жұрт басқан қадамымды аңдып отыр, "кеше сартты төбемізде ойнатып еді, бүгін үстімізге орысты шақырып әкелді" дейді ғой...

— Оның рас. — Жанқожа сыздана үн қатты. — Сен емес, орысқа адам жібергенімді білсе, мені де ағаш атқа отырғызады. Бірақ амал жоқ, діні басқа болғанмен, орыстың иі жұмсақ. Кіші жүзді бүлдіріп жатқан Әбілқайыр әулеті, әйтпесе анау Орта жүз тып-тыныш отыр ғой...

Раманқұл Жанқожаның сөз аңғарын енді түсінді.

— Сонда орыспен келіссөзді құпия жүргізесің бе?

— Орысқа мен әлгі сен айтқан сөзді айтамын. Егер сол сұраған тілегімді беретін болса, Хиуаға жол ашық. Қасына жігіттерімді қосып беремін. Ал жол бастаушысы өзің боласың. — Жанқожа сартасынан жүгінген қалпы, ертелі бүкірейіп отыр еді, басын кенет көтерді. — Егер орыс жанаралы келісімге келіп жатса, жұртты шақырып алып өзім естіртемін. Оған шейін сенің аузында да, менің аузымда да құлып...

— Құп, Жәке!

"Құп" ишараты қазақ салтында жоқ. Қожаниязға жеті жыл құлдық ұрып, қызмет еткен Раманқұл "құпқа" үйреніп қалған. Аузынан қалай шығып кеткенін білген жоқ. Жанқожа езу тартты.

Бір айдан кейін Раманқұлдың жолға шыққан хабары келді. Жаманқалаға қой айдатқалы жатыр екен...

Бұл батыр екеуінің келісімі еді. Раманқұлдың қасында он кісі-қалашыларымен бірге сапарға шығады. Бет алысы Жаманқала. Үш күншілік жер қалғанда, қалашылардан бөлініп, ат басын Орынборға қарай бұруы керек...

* * *

Сыр өңірінде ел осылай қобалжып жатыр. Ал қыр Шектісі аталатын елде жағдай басқаша еді.

Қыр Шектісінің бір жағы Арал теңізі, одан Үстірт шөлі, Ойыл өзенімен шектесіп келіп, Берсүгір тауын бөктерлеп жататын жаз жайлауы ұланғайыр кең өлке. Қыс қамытшылық болған жылдары Арал теңізінің батыс жағалауында қыстап қалатын да ауылдары бар. Әйтпесе, жаз жайлау, қыс қыстауы Борсық құмының айналасы еді...

Осы бір кұм өлкесі, жер шұрайы қатарына қосылмаса да, бір артықшылығы бар. Түстік бетінде Хиуа хандығы, одан Үстірт шөлі бөліп жатыр. Шығысында Сыр Шектісінің жаз жайлау, қыс қыстауы — келген жау әуелі солардың үстін басып жүруі керек. Орыс бекіністері болса, терістік жағында, ылғи өзен бойын қуалай орналасқан құмдағы мойны қашық бұл елге әлі тереңдеп ене қойған жоқ...

Сыр бойындағы ағайындарына Хиуа өкімін жүргізіп, ел күйзеліп жатқанда, қыр Шектісі көп шығындалмай, аман қалды. Аттанып барып, күштеп мойынұсындыруға етек-жеңі мол ел... Әрі аржағындағы орыс бекіністерінен сескенген Аллақұл хан алдына Жанғазы сұлтанды салып, құр-құрлап көргенімен, қыр Шектісі құрыққа түспей кетті.

Құрық көрмеген арда ел үстемдік ойлап келген адамды жақтырмайды. Қыр Шектісі Кенесары хан сайлайтын жолы қатысқанымен, кейін шекісіп қалды. Сонда зекетті ауырсынып жүрген жоқ, хан жасауылдарының дікектеген мінезіне шамданды. Тауықсыз да таң атқан... қыр жайлаған ел ығылым заманнан бері хан ұстамай-ақ көшіп-қонып жүр. Кенесары Сарыарқасына көшіп кеткенде қиналмайтын еді. Бірақ жай кетпей, жылқы алып кеткені Қарағұлдың жанына батты...

Қуа шығып, екі адамынан айрылып қайтқаны, ердің басына намыс болды. Қазір қыр Шектісі Кенесарыны шақырып алған, ақ киізге салып хан көтертіп жүрген Жанқожаның ісін айтқанда, кеуделерін ыза буады. Жылқысын алдыратын жолы әуелі Жанқожаға соға кетуінде де сондай мән бар. Кенесарының жылқы аларда онымен ойласпағанын біліп отыр, сонда да жазғырады... Батыр кейін қайтуға кеңес бергенде де, құлағына ілген жоқ...

Қыр Шектісінің жазғы тіршілігі сауық-сайран. Қай ауылда қыз ұзатқан той бар, қай ауылда шілдехана... жігіттер үйір-үйір болып сонда жүреді. Қызы бар үйді аңдиды... Ал азамат қатарына қосылған ірі бастылары ақсақалдарға сәлем береді... Қыр Шектісі қамсыз еді.

Бүгін Ерназардың үйінде Қарағұл отыр. Қасында жиырма жасар жігіт Әзберген бар.

Бай үйдің жай қонақасысы тойға бергісіз. Жақын маңдағы ауылдардың үлкен-кішісі түгел жиналады.

Әңгіме Кенесарыдан шықты. Қарағұл "алжыған шал" Жанқожаны әлі жазғыра сөйлейді. Оны бірақ қалған көпшілік мақұлдаған жоқ.

Жанқожа әулие... Кенесары қарындасының бұрымын кесіп, үйіне әкеліп тастап еді... ақыры босып кеткен кескіні анау...

"Кейін қайтуға" кеңес берген Жанқожаның тілін алмай, Қарағұл қате қылған. Әулие адам... кісі өлімі болатынын болжап отыр ғой... айтыпты ғой...

— Кісі өлімі болады дегені рас...

Қарағұлдың қара сұр өңі күреңітті.

Содан кейін Ерназар сөйледі. Семізше кісі, дөңгелек жүзінде жұмсақ нұр бар, сөйлегенде екі қолы дөңгелектеп қойған сақалында, салалап отырады. Ерназар ендігі Шектінің жасы үлкені Жанқожаны әкесіндей сыйлайтын еді.

— Жәкем болмағанда, Сыр Шектісі ендігі Хиуаның табанында тозып кететін еді...

— Апырай, туған ағасын өлтірткен Раманқұлды да аман жіберіпті ғой...

— Құлағымызбен есіттік, — деді Ерназар әлгі сөзді тірілтіп, — "Бекбауыл мен Раманқұлды менің көзіме көрсетпеңдер" депті ғой. Алдына әкелгенде тіксініп қалды. Екеуінің де басын алдыратынына шәк келтірген адам жоқ. Жәкем қатты қиналды. Мейірімді адам ғой, кешірдім демесе де, қалай жазалауды көпшіліктің билігіне берді...

Соз осылай сабақталды. Әкім болып тұрғанда, Раманқұлдың елге батырған тізесі... қаталдығы айтылды...

— Сол Раманқұл Орынборға барады дейді ғой...

— Кім айтты?

— Електің бер жағында Рамаданның байы Қарамырзаның үйінде қонып кетіпті. Жаманқалаға мал айдатады екен. "Бір шаруамен Орынборға бара жатқан" көрінеді.

— Оның шаруасы белгілі. Қызу қанды Қарағұл киіп әкетті. — Кеше Хиуадан елші келгенде, Раманқұлдың үйіне түседі екен.

Жанқожа мен Бекарыстан сияқты аталықты жақсылар тұрғанда, Раманқұлды бекер іздеп келе ме? Бұрын да астыртын сөз байланысып, ел үстіне жау шақырып жүрген арамза ғой! Кенесары кетті. Хиуаға баратын беті жоқ. Енді Орынборға, орыс әкімшілігіне аттанғаны!

Орыстың экспедициялық корпусы ана жылы Хиуаға қарай жорыққа шыққанда, қыр Шектісі бір қобалжып басылып еді. Абұйыр болғанда, орыстың әскери керуені бұлардың қонысын алыстан орағытып өтті.

Былтырдан бері орыстың Хиуаға қайта аттануға жиналып жатқаны жайлы хабар шығып, әрі қалың қол Борсық кұмының үстімен асады екен деген сыбыс естіліп, жұрт үркектеп отыр еді...

Раманқұл Орынборға бекер жолаушылап бара жатқан жоқ. Әлгі хабарды ол да есіткен. Дала көрмеген орыстарға жолбасшы адам керек... Егер Раманқұл барса, жанарал кұшағын жайып қарсы алады... Қарағұл көзімен көріп-біліп келген адамнан бетер желпілдеткенде, Ерназардың түсі бұзылды.

— Әй, әлгі Рамаданның үйінде Раманқұлдың қонып аттанғанын көріп жүрген кім?

— Қараш!

— Қараш қазанның басында жүрген шығар. Деліқұлды бері шақыршы, кімнен есітті екен!

Қараш жылпылдаған сары, бет-аузы салтақ-салтақ май, жетіп келді. Қазанның басында қатындармен өкпе-бауырға таласып келгені көрініп тұр.

— Әй, сен не айтып жүрсің?

— Астапыралла, не айтыппын!

Қараштың аузы жеңіл, бірдеңені қоңырсытып, бір қонған ауылын қырылыстырып кететіні бар. Тағы да соның бірі, "басым бәлеге қалды" деп тұр. Ерназар қандай сұрақ берсе де танып шыға келуге дайын тұр.

Әңгіме әлде бір Раманқұл жайлы екенін есіткенде, жүрегі орнына түсті.

— Қарамырзаның аулында өзім естіп қайттым!

— Онда не бітіре барып жүрсің?

— Жағалбайлы Жарастың қызы былтыр Қарамырзаның баласына ұзатылған жоқ па? Жағалбайлы Жарас менің туған нағашы жұртым емес пе?

— Сенің танымайтын да адамың жоқ, туыспайтын да елің жоқ. Ерназар оған кейіді. — Раманқұл Қарамырзаның ауылында қай кезде болыпты?

— Мен бұрнағы күні келдім. Жолда бір апта өті. Бізден үш күн бұрын қонып кеткен... Сонда қанша болады?

— Он екі күн! — Ауызша есепке жүйрік Әзберген сақ еткізді.

Қарағұлдың топшылауы дұрыс екеніне ешкім күмән келтірмейді. Өзі орыс десе үрке қарайтын ел... орыстан ығысқан Сырым батыр қолдайтын ел іздегенде қыр Шектісін тапқан... Одан кейін Қаратай сұлтан... кешегі өткен ер Исатайдың өзі орыстан қысылғанда, бері қарай жылжыды...

Арқада Әлім бар-ды деп,

Қайыспас қара нар-ды деп,

Оған да келіп жеткенмен...

Қыр Шектісінің бір аталығы Шүрен Баймағамбет сұлтанның қысымына шыдай алмай, ауылында қонып отырған Исатайдың ұлы Жақияны ұстап бергенде, Махамбет ақын осы өлеңді айтып, өкпе-наз білдіреді.

Сонда Шүрен Баймағамбеттен қорқып жүрген жоқ. Сол сияқты Исатайды, баяғы өткен Сырым батырды бір жұлқысуға келтірмеген орыс қаруынан сескенді. Баймағамбет өштессе, солдат алып шығып, ауыл-ауылға ойран салуы мүмкін...

Онсыз да орыстарға үрке қарайтын ел Орынборда Раманқұл жүргенін есіткенде өрекпіді.

— Туған бауыры Ақмырзаны өлімге қиған залым кімді аяйды? Ертең орыстарын бастап келеді...

— Орынбор жолындағы ауылдардың баршасына шапқыншы аттандырыңдар! Раманқұлдың жолын аңдысын, қайтарда, бәлкім, елге соқпай, бұлаңқұйрыққа салып жүрер... Ерназар кесімін айтты. — Бейсаубет жолаушы көрсе, уақып болсын, хабар берсін...

Борсықтан Берсүгір тауына шейінгі өңірдегі жолдардың бәріне қарауыл қойылады. Оны Қарағұлға жүктеді.

— Әлгі Қараш он шақты кісі деп отыр ғой. Көзге түспей өтіп кетуі қиын болар. Қалай да ұстау керек!

Сол күйі Қарағұл асығыс атқа қонды.

* * *

Cap даланың төсінде сағым көшеді. Сағыммен араласып cap желген жолаушылар көрінеді. Жортуылға шыққан жолбасар қарақшыдай жүрістері суыт. Ауылдар отырған құдықтан аулақтау орағытып, ылғи жолсызбен тартатын еді. Мұғалжар тауы мұнартып алыста қалған. Бірақ биік-биік шоқылар, сүлап жатқан қыраттар бұл маңайда жиі ұшырасады. Жұмбақ салт аттылар қырат-қыраттың ара-арасын қуалай жүреді. Кез келген шоқының баурайында бастау көзі, кез келген сай-жыра тоғай... сусын қандырып, ат шалдырады. Солай ұзай берді.

Тырбық жусаннан бөлек шөбі жоқ ақ татырлар ат тұяғын зар қақтыратындай. Бұл өңірге қазақтар қыс қыстау үшін ғана келеді. Ақ шілік, үйеңкелі тоғайлардың тасасында қыстаулар көрініп қалатын еді. Ел жаз бен күзде құм сақтап, қыстауға күзем алып болған соң ғана оралатын сияқты.

Раманқұл Елек өзенінен бері өткелі бірде-бір елге соққан жоқ. Белгісіз бір қатер күткендей, бойын мұздатқан жайсыз сезімнен айыға алмай-ақ қойған.

Орынборда жанаралдың алдына жеткенше он күн уақыты босқа өтті. Онда да көмектескен Жанқожаның есімі... Нұрымбеттің баласын орыстар да қатты сыйлайтынын көзімен көріп қайтты...

Егер орыстың экспедициялық корпусы Хиуаға аттанғандай болса, қазақ жігіттері ат тізгінін беруге дайын екенін есіткенде, жанаралдың жүзінде елп еткен қуанышты байқаған. Орыс тілін түсінбегенмен, басқаның қабағын бағып үйренген Раманқұлдың қырағы көзі қапы жіберген жоқ. Әлгі сөзі әкімнің қышықты жерін дәл тауыпты...

Жанқожаның Сыр бойында орыс қаласы түсуіне келісе алмайтынын айтқанда, жанаралдың қобалжығаны сезілді. Хиуа хандығы мен орыс бекіністерінің екі арасы кереғар... Сыр бойында бір база сақтамай, ауыр қол әрі қарай қалай жылжиды?

"База" деген сөзді тілмаш қазақ тілінде дәл жеткізе алмай көп әбігерленеді. Әскери қару-жарақ, азық-түлік қоры сияқтыларды сақтайтын қойма, оны күзететін әскерлер тұрағы... Раманқұлдың түсінігінде соған ұқсас бірдеңе еді.

Ондай қонысқа Жәкем қалай қарар екен? Әскери тұрақ — қала емес. Уақытша ғана қоныс болатынын жанарал айтып отыр. Жергілікті қазақтың қыс қыстауына залалын тигізбейтін жерден батырдың өзі белгілеп береді... Раманқұл оған келісті. Әскери қоныс бекініске қолайлы жерден салынуы керек... Жанарал соны ескертіп, ондай жер ыңғайын сұрастырғанда, Раманқұлдың есіне Райым түсті. Тауы бекініске қолайлы... Жанында ауыз суға жарамды көлі бар. Баста Сойырғастарға беріліп еді. Шорабай тентектің қолынан Рай өлген соң, Қарасақалдарға телінді. Қазір олар да жоқ. Оты нашар жерге қазақ жоламайды. Ең жақын қыстау "Ескіұра" — көлдің арғы бетінде, Дәулет Жақайымдар отыр...

Раманқұл Райымды өзі атап берді. Биік қыратты, оның алдындағы шалқар көлді айтқанда, генералдың көзі шырадай жанды. Әрі Сырдарияға да жақын, алты-жеті шақырымдай жерде екен. Қайық салуға да жақсы...

Қазақ орыс патшалығына тиісті алым-салығын төлейді. Бірақ Жанқожа Әлімнің ішкі ісіне орыс әкімшілігі тарапынан қол сұғылмауын талап етіп отыр.

Осы әңгіменің тұсында жанарал Раманқұлға бауырсақ мұрынының астында бармақ басындай мұрты бар, қырма сақал, қызыл шырайлы кісіні таныстырды. Әбілқайыр әулеті... сұлтан Ғали Тұнғаншаұлы екен. Бұл есім Раманқұлға бейтаныс еді. Сұлтанның жасы қырықтың ішіне молынан енген. Сонысына қарамай, сақал-мұртын жылмита қырып, орыс салтымен костюм киіп, қылтиып тұрған пошымы биге ұнаған жоқ. Қазақ сырттан қыжыртқанда, Әбілқайыр тұқымын шоқынды деп жазғыратын. Бұл да соның біреуі секілді...

Ол жерде Раманқұлдың қаперіне түк кірген жоқ-ты. Орыс әкімшілігі мен Әбілқайыр әулетінің ішек-қарыны араласып кеткені қашан... Орынбор қаласында Ғали сияқты қаңғыған сұлтанның нешеуі жүрген шығар... Раманқұл солай байымдайды. Қазақ елшісінің топыраш сұлтанға елпілдемей қоймаған түріне қарап, жанарал да іркілді. Көкейінде тұрған бір сөзді бүгіп қалған...

Генералдың ойы Сыр бойын Кіші жүз ішіндегі төртінші әкімшілік аймаққа айналдырып, оның басына Ғали Тұнғаншинді қоймақ еді. Ол жобасын Жанқожа батыр қалай қабылдайды? Сұлтан правительдердің үстінен арыз-шағым да көп... Қазақтың білгілікті билері күндері Әбілқайыр әулетін жақтыра бермейді. Сондықтан жанарал да көкейдегі пікірін Раманқұлдың алдына жайып салудан тартынды.

Орынбордан шыққалы жетінші күн. Раманқұл жол үстінде көп ойланды. Көз алдында Ғали Тұнғаншаұлының жыл шыққан торайдай домаланған пошымы... көңіліне кәдік кірді. Жанарал сол шоқынды қортығын Әлім-Шөменге хан қойғысы келіп жүрген жоқ па екен?

Тұла бойын мұздатқан әлгі түйсіктен ақырын қалтыранады. Қазір өздері бір адырдан асып түсіп, алдыңғы жақ жазық далаға айналып еді. Үш шақырымдай жерде жалғыз салт атты, төбенің басында қақшиып тұр. Жау жолында қойылған қарауылдай, қозғалмайды... онысы несі?

Белгісіз салт атты кенет жалт берді. Әрі қарай, төбенің тасасына түсіп жоқ болды.

— Бұл кім болды екен? — Раманқұл әлгі тұла бойын мұздатқан түйсікті тағы сезді.

— Қаңғып жүрген біреу шығар. Бізді жортуылшы әлдекімге жорып, қашып барады енді!

— Апырай, ә...

Күн ұлы бесін еді.

Раманқұл тақымын қысыңқырап, cap желіске түсті. Көз ұшында бір шоқы мұнартады. Сонда ертерек жетіп, көз байланбай тұрып, ауыз су тауып алу керек...

Төрт күн болды, елге соқпай далаға түнеп келеді.

Қыр Шектісі жеті жыл болды, орысқа алым-салық төлеуден бас тартып, Баймағамбет сұлтанмен кетісіп жүрген жайы бар... Орынбор әкімшілігі соған өкпелі. Жанарал кеңсесі соны ескертіп, қайтар жолда сақ болуды тапсырған...

Әлгі жаман түйсікті сол жерде алғаш байқап еді.

— Жүріңкіреп отырыңдар! — деді Раманқұл.

Биік шоқыға екінді кезінде ілікті.

Бір жырадан бұлақ кезікті. Қасында бір шоқтоғайы бар.

Аттар қаңтарылды.

Шегебай мосы құрып, бақырашын ілді. Шөпшек көп, сынған бұтақтарды қаластырып от жақты.

Бақырашта сүр ет бұрқылдап қайнап жатыр.

— Ac ішіп алғанша аттар да суып қалар, — деді Раманқұл, ерін жастанып, қисайып жатыр. — Содан кейін отқа қояйық. Шегебай күзетіп тұрар. Шідер салып қажеті жоқ, тұсап қой.

Соны айтқанда кеудесінде кәдік, аттың шідерін шешу уақыт алатыны ойында тұрды.

Раманқұлдың жүрегіне ас батқан жоқ. Сүр қазыдан ауыз тиді де қойды. Бір жаман түйсіктен тұла бойы мұздайды.

— Аттарды анау шіліктің қасына тұсап жібер. Масқара болып, өзің ұйықтап қалып жүрме...

Шілікті тоғай бес жүз қадамдай жерде еді. Үш жігіт Шегебайға көмектесіп, ат тұсасып қайтты.

Астарында тоқым, басқа ер жастанып, күпілерін жамылған жолаушылар қисайды.

Түн сап-салқын. Раманқұл жаурады. Көзі ілінбей жатыр. Жабағы күпісін қымтана түседі.

Енді екі қонып, Қарақұмға ілінеді. Ең жақын ауыл Жақайымдар... одан әрі...

Раманқұлдың құлағына ат тұяғының дүсірі келгендей, кенет елегізіп басын көтерді. Ай жарық. Бөрі көріп дүрліккен өздерінің аттары ма деп еді. Ол жақта тыныштық екен. Жайылып жүрген жылқылардың жоны ағараңдайды.

Басын қайтадан ерге қойды. Бұл жолы әлгі дүсір анығырақ естілген. Раманқұл атып тұрды.

— Жау!

— Ah, Аһ!

— Не боп қалды!?

— Жау келе жатыр! — Раманқұл алқына дем алады. — Шегебай! Әу, Шегебай!

Олар айтып ауыздарын жиғанша болған жоқ, дүсірлеген аттылардың қарасы да айқындалды.

Аттар бес жүз қадамдай жерде, жүгіріп кеткен адам, жаудан бұрын үлгіріп те қалар еді. Бірақ денесі ауыр Раманқұл тәуекелге бара алған жоқ.

— Бір-екеуің атқа жүгіріңдер! Жаманбай, Жақып, нағып тұрсыңдар, ей! Қалғандарын менің қасыма еріндер, атқа үлгіртпесе, тау басына шығып қорғанамыз!

Қолдарында қамшыдан басқа қару да жоқ жерде ұрыс салып, салт атты жауға қайрат қылу қиын еді. Әрі бұл келе жатқандардың кім екені де белгісіз. Әуелі тау басына бекініп алып, содан соң тілдесіп көру керек...

Шоқы едәуір биік. Раманқұлдың қасында сегіз жолдасы, қиялай өрмелеп барады.

Есіне қай-қайдағы түсті. Бір жылы қыр Шектісінен зекет жиналатында жасауылды Раманқұл бастап барып еді. Көтібардың тірі кезі... Раманқұл содан ғана айбынады. Қарағұлды тұралатты. Сонда өркөкірек Қабақ жігіттің еңсесін басып қоюды ойлайды. Ақыры насырға шауып, Көтібар Хиуамен біржола кетісіп тынды...

Қазір колға түссе, Қарағұл терісін тірідей сыпырып алудан тайынбайды. Раманқұл өлмей беріспеске бекініп барады.

Бидің екі көзі артында еді. Жаманбай мен Жақып атқа жете алмаған сияқты. Сол маңайда жау қарасы молайып, біреудің шыңғырған дауысы шықты.

— Мынау Жақыптың дауысы... Қап, жазым болды-ау!

Салт аттылар бұларды жаңа байқады. Енді бері қарай жапырылған. Бірақ кеш қалды. Бұл кезде қашқындар тау басына шығып үлгіріп еді.

— Уа, кімсіңдер, жаумысыңдар, елмісіңдер!?

Раманқұлдың дауысы күндей күркірейді.

Ана жақтан жауап болған жоқ. Қарасы жиырма-отыз адам, аттарынан сатыр-сұтыр түсіп жатыр.

Етекте көп іркілген жоқ. Он шақты адам бұлардың ізімен өрмелеп келеді екен.

— Бұларды шығаруға болмайды! — деді Раманқұл дауысы жарғышақтанып. — Тас жинастырыңдар!

Диірмендей бір тасты көтеріп алып, келе жатқандардың ортасына атып жіберді.

— Ойбай!

Тас әлдекімді қағып кеткені анық еді.

Сасып қалған жұрт, бұлай қайрат қылуға болатынын білген соң, ес жинады. Қолдарында бір-бір тас, келе жатқандарды шөкелеп жатыр.

Тағы да ойбай шығып, жау кейін серпілді.

— Бәлем, солай ма екен!

— Әй, Раманқұл төменге түс! Тау саған Хиуаның тағы емес. Мен сөйлеп тұрған қабақ Қарағұлмын!

— Қарағұл болсаң, түн жамылып бас салғаныңа жол болсын! — Өзіңің кім екенін біліп келіп тұр, бір қатерді Раманқұл жүрегімен түйсінді.

— Ойбай-ау, өзіміздің Қарағұл ғой!

— Түсейік!

Раманқұл даурыққан жолдастарына зекіп тастады.

— Қарағұл бауырсырап келіп тұр дейсің бе?! Бұл қаныңа құмартқан қарақшының ісі ғой! Елпілдемей тұра тұрыңдар!

Раманқұлдың "түн жамылып бас салдың" дегені Қарағұлдың шамына тиді. Төменде тұрып ақырды.

— Сен өз бауырыңның етіне жеріген Раманқұл едің. Кеше Хиуаға қызмет етіп, Шектіні бір қан қақсаттың! Бүгін Орынборға барып, үстіне орысты шақырып келіп тұрсың. Бірақ ол дегеніңе жетпессің, залым! Түс жерге!

Раманқұлдың талағы тарс айрылды.

— Сенің арғы атаң қаңғып жүрген құл еді. Атам Орыс іні қылып бауырына басып, адам қатарына қосты. Сен селтектігіңді істегің келген екен! Сыр Шектісінің қыр Шектісінің алдында тізерлеп тұрған жері жоқ! Маған қол көтеруге артыңа бақ! Жанқожа түндігіңді түріп қойып шауып алсын!

— Қап, мынаның қорлығы-ай! — Қарағұл тістене сөйлейді. — Ал, жігіттер, таудың басына бірің қалмай қаптаңдар! Өлгендерің жолда қаласыңдар! Жеткендерің ұрыс саласыңдар! Кеттік, Әзберген!

Жігіттердің алдына өзі түсті.Тау деген аты, басына екі қабат әйел демікпей шығатын шоқы әншиін. Отыз жігіт соңында, Қарағұл тіке салды.

Биіктегілер да қарап жатқан жоқ. Тас көп, ала салып төменге атады. Әрі-бері қимылдаған соң, денесі ауыр Раманқұл ырсылдай бастады.

Жау да тәсіл алған. Араларын аулақ салып, тура келе жатқан тастан тайсалып кетіп, бойға дарытпай қойды. Жараланған екі-үш жігіт кейіндеп қала беріп еді. Қалғандары шоқының басына қатар шықты.

— Ұр!

— Жой!

— Алла! Алла!

Қарағұл мен Әзберген кезек айқайлайды. Қолдарында қақ сойыл, оңды-солды сілтеп келе жатыр.

— Өмәй!

— Келсең келе ғой!

Кішкене жігіттері солай айбар қылғанмен, қолдарында қамшыдан басқа қару жоқ. Кейбіреулері құр қол, әншиін тас лақтырып айбат қылады.

Сойыл сатырлап жауып кетті. Аямайтын жаудың қимылы, құлап түскендерді де ұрып, тепкілеп жатыр. Әсіресе, шекесіне тас тиіп, ашынып алған екі-үш жігіт, ықты-жарды тыңдайтын емес. Раманқұлдың қасындағылар түгел құлап біткенін көріп тұрып, жатқан жұртты сойылдың астына алғанын қойған жоқ.

— Жетер енді, тоқтатыңдар!

Жігіттер Қарағұлға екі рет айтқызып барып тоқтады.

Сегіз адамның екеуі тіл тартпай кетіпті. Біреуі Раманкұл еді. Басына таяқ тигенде, талағы тарс айрылған би жүрегі қабынып өлген. Оны білген жан жоқ, Қарағұл тілін тістеп тұр. Ет қызуымен артығырақ сілтеп жібергенін қазір ұқты. Мұның арты құн дауы... Бір Раманқұл емес, екі адам өліп отыр. Құн төлеп құтыла қойса жақсы...

— Өліктерді де, тірілерін де алып жүріңдер! Ендігі қалғанын ауылға барып тергерміз...

Тау басындағы өліктер жерге түсірілді. Әлгіде Жаманбай мен Жақып та мертігіп қалған, олар да әкелінді.

Тұсаулы ат саны он, жиналып алынды. Өлісі бар, тірісі бар, адам саны он. Бір ат кем, бір адам жоқ. Жоғалған ат Раманқұлдың торы ала аяғы екенін қолдағылар айтып отыр.

Жоқ адам Шегебай еді.

Раманқұлдың шақырған дауысын есітті. Би ағасы әлде неден қауіп күтіп, ашынып айқайлағанын біліп тұр. Оның қабағын бағып өскен зейінді жігіт кешеден бері өзі де бірдеңеден сезікті еді. Торы ала аяққа қарай жүгірді.

Ат шиге кіріп бара жатыр екен, ұстады. Сол кезде сатырлап келіп қалған жау қарасы да көрінді.

Бұл аттың тұсауын алып жатқанда, бір-екеу осылай қарай қараңдап келе жатқан. Қалған жұрт тау басына өрмелеп барады. Раманқұлдың анау көп шоғырмен кеткенін әлде қалай аңғарды. Енді не істеу керек?

Солай дал болып тұрғанда, ербеңдеп келе жатқан-екеудің үстіне жау осарылып, ойбайланған дауыс түн жүрегін тіліп түскендей, Шегебай селк етті.

Торы ала аяқ жетегінде, артымен шегініп шидің ішіне кіре берді Шегебай. Аңысын андау керек еді...

Жас жігіт тау басындағылар мен етекте тұрғандардың дауысын ап-анық есітті. Ұрыс басталғанын айқай-ұйқайдан айырады. Жау жаппай тауға өрмелегенін көргенде, жүрегі мүздай болды. Қарулы отыз жігіт... Раманқұлдар сегіз-ақ кісі еді. Әрі күр қол... бұл сұмдықтың немен тынатынын біліп тұр.

Би басына қатер... қашу керек... колға түссе жау оңдырмайды... Раманқұлды құтқарудың жалғыз жолы Жанқожаға хабар тигізу екенін Шегебай байқайды.

Тау басында ұрыс қызып жатқан кезде, Шегебай торы ала аяқтың үстінде сыза жөнеліп еді. Ұзаңқырап алған соң төпеді.

Келесі күні түс қайтқанда шеттеу отырған Жақайымдардың ауылынан құлады. Жас жігітте өң-түс жоқ, тілі ауызына сыймайды. Жайын айтуға әлі келген жоқ...

— Раманкұл ағамды Қабақтар өлтірді...

Көз жасы ере шықты, өксіп жылады.

Қарағұл Шегебайды білмейді, торы ала аяқты көп жоқтады. Тірі қалған Кішкенелерді қысты.

— Біз қайдан білейік. Таң қараңғысынан жолға шығатын адам, аттарды тұсап отқа қойдық. Торы ала аяқтың тұсауы шешіліп, кетіп қалған шығар...

Қарағұлдың жігіттері қалың шілікті неше мәрте сүзіп шықты. Жан-жақты іздестірді. Торы ала аяқ табылмады.

Тірі қалған кішкенелерді ауылға келген соң тағы да қысымға алды. Раманқұл Орынборда кіммен кездесті? Жанаралға барды ма? Онда не туралы сөз болды? Соны сұрайтын еді.

Аналар болса, тіл-құлақтан айрылған мылқауша құр алақтайды. Раманқұлдың бір-екі рет көшеге шығып қайтқаны рас. Бәлкім, үш рет шығар... Бұлар оны ілестірген жоқ. Бидің көшеде кіммен кездесіп жүргенін де білмейді. Жанаралмен сөйлесіп қайтуы да кәдік. Бірақ Раманқұл ондай құпиясын ойласпайды ғой... Бұл отырғандар шаруа баққан қазақ, дау-шармен жұмысы жоқ. Өздерінің Жаманқалаға мал айдатқандары рас. Біреуі қыз ұзатады, біреуі жаңадан үй көтереді... Үлкен қалада базарлап, көр-жер алып қайтуға шыққан. Кейбіреуін Раманқұл әншиін ат қосшылыққа ертті. Былай шыққан соң желігіп, Орынборға баратын болды.

Олардың айтып отырғаны шындық еді. Үлкен шаһарды көру қызық... малын қалашыларға тапсырып, Раманқұлдың соңына қызық үшін ерді.

Бір аптадан кейін бәрі де босатылды.

Қабақтар әбігер. Раманқұлдың қаза болған жайын Сыр Шектісі есіткен. Ол жақта дүрбелең басталыпты...

Раманқұл өлді. Қасындағы он адамнан тағы біреуі шетінейді. Бұл көптен бері құлақ есітпеген сұмдық еді. Кішкене түгел дүрлікті.

Ең алдымен азаматынан айрылған Құрманай-Құттық елеуреді. Басқа Кішкене де солай қарай ағылады. Айдарқұл сияқты тентектер ала-ала қашатын еді. Боранбай да атқа мініпті. Раманқұлмен неше жылдан бері қырғи-қабақ Бәйділда да атқа қонып отыр. Төрт мың үй Кішкененің жақсылары Жанқожаның ауылына ошарылды.

Қарағұл антқа ұшырайтын шығар. Талай ат кекілі түйіскен жер кездесіпті... бірақ тоқалдың екі баласы Есенәлі-Бөлек бір— біріне қол көтерген жері жоқ еді.

Бекарыстан соны айтты.

Орыс тайпасынан үш бала — бәйбішеден Әйдербек, тоқалынан Есенәлі мен Бөлек тарайды. Есенәліден Кішкене болғанда, Қабақ Бөлектен туып отыр. Бекарыстан соны еске алды.

Тұтқында жатқан сегіз кісі босап ауылға қайтты.

Қарағұлдың сөзін айтып келіп отыр. Орынбордан қайтқан Раманқұлдың алдын тосуында бір мән бар екен. Қабақтар биді орысқа барып, бір пәлені бастап келе жатыр деп түсінеді... Тергеп-тексеруі жаман...

— Бәсе, осы Раманқұл Орынборға неге барып жүр? — Сол сұрақты тұтқыннан босап қайтқандарға Бекарыстан да қойды.

— Құдай куә, біз түк білмейміз. Раманқұл Орынборда шаруасы бар екенін айтты. Бір ноғай саудагердің үйінде он бір кісі ошарылып он күн жаттық. Би ерте тұрып кетеді. Қасына ешқайсымызды ерітпейді. Дүкен аралап, мауыты, шәйі сияқты маталар алыпты. Мынау Жаманбай қызын ұзатқалы отыр, жасау керек, биге өкпесін айтты. Раманқұл ауылға қайтардан бір күн бұрын бәрімізді ертіп, базар аралады. Қалтасы толы ақша, Жаманбайға көр-жер сатып әперді. Ауылда Жаманқалаға мал айдаған қалашылар келген соң, есеп айырысатын болды...

Жақып шынын айтып отыр. Бекарыстан әрі-бері қазбалай бастағанда, кейіді.

— Қарағұлша тергедің ғой тәйірі! Көрген-білгеніміз осы. Жалған айтып, құдайға күпір болар жайымыз жоқ!

Жанқожа ғана үндемейді.

Раманқұл серіктерін үйде қалдырып, өзі көшеде жоғалғанда, қайда барғанын батыр топшылап отыр.

Жанарал үлкен әкім... Оның алдына кіре қою да оңай емес.

Ендеше Раманқұл да бір апта сергелдеңге түсіп, жанаралдың алдын әзер көргені анық...

Екеуінің арасында қандай келісім болды? Оған орыс жанаралы қандай қабақ көрсетті? Раманқұл қайтар жолда үргедек тартып, ат үсті елендей беріпті. Електен өткен соң қазақ ауылдарының бірде-біріне соқпағаны, оның қауіп күткенін танытады... Жанқожа да сақтықты қатты ескерткен. Бірақ мынадай қастық боларын күткен жоқ-ты. Раманқұл сонша ұрланатындай, неден секем алды? Бәлкім, Орынбор әкімшілігі келіссөзді құпия ұстауды өз тарапынан тағы тапсырған шығар...

Онда жанарал Раманқұлды оң қабақ көрсетіп, күтіп алған болды ғой... Онымен қандай келісімге келді? Жақсылық хабарды жеткізуге үлгертпей, Қабақтар бидің ажалына жетті. Жанқожа соған өкініп отыр.

Ел бұлай екі жаққа тартып елеуресіп жатқан ауыр кезде, батыр қз құпиясын ашып болмайтын еді. Раманқұл келер... Егер орыс жанаралы өзі қойған талаптарды қабылдайтындай ниет байқатса, Жанқожа алты Әлімнің жақсыларын жинап алып, шындықты алдарына жайып салмақ... Енді ыңғайсыз жағдайда қалды.

— Аттан, аттан!

Бұл Естекбай, Боранбай, Айдарқұл сияқты тентектердің дауысы. Жанқожа тыжырынды.

— Жәке, қайтеміз?

Бұл Бәйділда мен Бекарыстан. Байшоқы да бұлардың ыңғайына жығылады.

Билердің іш пікірі Қабаққа көріне ат қоюға қарсы. Оның арты үлкен ұрысқа, қантөгіске кетеді. Онда да кімнің жеңіп, кімнің қоятыны белгісіз... Үй саны көп, жігіт саны мол қыр Шектісі оп-оңай алдыра қоятын осал жау емес...

Бірақ Раманқұл... Жанқожаның көйлектей туысы... ер бауырға шыдамайды. Батыр ішін ит жыртқандай болып отыр ғой. Үндемейтін де сондықтан...

Бекарыстан әлгідей қауіпті алға тартты. Оны Байшоқы қолдайды. Жақайым ара ағайын, Шектінің бір баласы, Есенәлі мен Бөлекке бірдей... Ендеше басу айту борышы.

— Ау, ағайын! — деді Жанқожа, ертелі төмен салып отырған басын көтеріп алды. — Раманқұл өлді. Өлген адам үш қайтара айқайлағаннан тірілмейді...

— Тірілмейді деп, арыстай азаматымызды жоқтаусыз жібереміз бе? — Бекбауыл ашу шақырды.

— Жоқтаудың екі түрі бар, бірі — атқа қонып қаптап шығу. — Жанқожа әрқайсысының жүзіне бір-бір қарап алды. — Соны айтқан Сыр Шектісі артыңды ойладың ба? Көк желкеңде Хиуа шапқыншылары, Қызылдың жолына қарауыл қойып, әзер жан сақтап отырсыңдар. Сен Қабаққа аттанып кеткенде, Хиуаның баспашылары түндігіңді түріп қойып шауып алса, қайтпексіңдер? Қыр Шектісі қысылғанда көмекке шақыратын бауырың емес пе еді? Кеше Бабажанның қамалын қамайтын жолы қасында жүз жігіті бар Қарағұл жеткен...

— Рас, рас!

— Шайтан азғырды ма әлде аржағында орыс, күнде қауіп күтіп отырған ел. Раманқұлдың бұл бейбіт сапарын бір жамандыққа жорып қате етті ме, Қарағұл қол қимылына барыпты. Раманқұл бұрын да жауға қызмет етіп, елге тізесі батып, жаманатағы көбірек шығып қалған кісі... бірақ бұл жолы жазықсыз еді. Бұрынғы жаманшылығы алдынан шығып отыр ғой... Мен солай түсінемін. Бұдан ібірәт алыңдар, жақсылықта, жамандық та ұмытылмақ емес. Күндердің күнінде алдыңнан шығады!

Жанқожаның сөзінен кейін жұрт сілтідей тынды.

— Енді шындығын айтайын. Сыр Шектісі аттанып барғанда, Қарағұлды жеңіп алатын күш сенде жоқ. Қаптап барғанмен ұрыса алмайсың. Тек ағайынның көзін қорқытқың келіп отырса, әзір оны қоя тұрайық. Өзі сіркесі су көтермей отырған елді сергелдеңге салмасаңдаршы! Азаматты жоқтаудың екінші жолы бар емес пе, соны ойластырыңдар! — Батырдың құн алып бітісуді жақтап отырғанын үйде отырғандар түсінді. Тентектері шыбыжықтайды. Бірақ Жанқожаның бетін қайтарып сөз айтуға бірі де батқан жоқ.

Батырдың шешімі мақұлданды.

Арада жүретін адам керек. Қарасақал Дабыл батыр, Қаракесектен Төлеген, Төртқара Бәймен би... Екі-үш адамның есімі ауызға алынды.

— Сол үшеуі жетеді. Қасында Байшоқы жүрер. Қабақ қанды мойын қылмыскер, онымен қалай сөйлесу керек екенін өздерің білесіңдер. Раманқұл егізімнің сыңары еді... Сендерге не айтамын...

Жанқожа арада жүретін билерге ауыр міндет жүктейтінін айтып отыр...

Қабақ жағынын уәжі: "Раманқұл Әлімнің үстіне жау шақырды" дегісі келіп отыр. Оған дәлелдері де мықты. Бұрын Хиуаға қызмет етіп, Сыр Шектісін зар қақтырған Раманқұлдың басына қандай жала жапса да сыятын еді.

Соны айтып өктейтін болса, Қарағұлға белден басып тыпыр еткізбейтін жауап керек. Көзімен көріп, қолымен ұстаған айғағы жоқ, олай қол күшіне баруы ел болатын адамның ісі емес. Осы жайлы өңменінен өткізе айтқан жөн. Егер сыңар езулей беретін болса, Қыр Шектісі Әліммен ат құйрығын кесіседі... Жанқожаның Әлімнің белді үш тайпасынан үш адамды атап отырғаны сондықтан. Олардың қасына Байшоқыны қосқанда, Шектінің бұл жақтағы бүкіл аталықтары Жанқожаның жетегінде екенін көрсеткісі келді...

— Жәкем терең ғой. Адам көзі тіріде ер қадірін біле ме? Басқа біреу болса, бұрқ-сарқ ашу шақырып, елді бөріктірер еді. Көйлектей туысы қазаға ұшырап жатқанда, ет бауыры езілмей отыр деймісің. Елдің бүтіндігін ойлайды ғой. Жанқожа Раманқұлдың құны үшін Қарағұлдың басын сұрағанда, мынауың тентек деп кім айта алады?

Бекарыстан бастаған Асанның билері ауылдарына қайтып бара жатыр. Би тебірене сөйлейді. — Кенесары қарындасының бұрымын кесіп, содан кейін батыр бір еңкейіп қалып еді. Елдің де өкпесін арқалады. Енді өз бауыры Қабақ Қарағұл батырдың шөбере туысын өлтіріп отыр. Раманқұлды тегін өлтіріп отырған жоқ, ашық келген дұшпаннан жақын туыстың шабысы жаман... бұл да батырды мұқатып қалу үшін әдейі жасалған қылмыс қой...

— Апырай...

Бәйділда да күйзелген кейіп танытқан болды. Бұрын Жанқожаны күндеп жүрсе, соңғы жылдары қатты сыйлайтыны рас еді. Батыр ата жауы Жанғазыны осы Бәйділданың бір ауыз сөзі үшін босатып жіберді... Сондағы ерлігін өлсе ұмытпайды.

Кеше Раманқұлдың қазасын есіткенде, айқайлап атқа қонғаны да сондықтан. Майдан әлі бес атаға келген жоқ... Раманқұл Жанқожаның ет жақын туысы. Бір кезде өкпелесіп жүргені рас. Бірақ туысын өкпеге қиғанмен, өлімге қимайды. Соңғы жылдары батырдың үйінде жиын болғанда Раманқұл да төбе көрсетіп жүрді... Ол да кешірген адамның ісі. Осындай қазаға ұшырап жатқанда батырдың қасында болуға асықты.

Жанқожаның ауылының үстіндегі жиын тарап жатыр.

Раманқұлдың жамандық хабары шыққан соң, Кенжеғұлға қарағандар Жанқожаның қасына жақындап келіп қонған. Қазір бір төбенің астында отыр.

Жиын тараған соң, екі күннен кейін, батыр атқа қонды. Раманқұлға еріп кеткен он адамның тоғызы тірі. Жаманбайдан бастап әрқайсысының үйіне бір-бір бас сұғып шықты.

Жарақат алғандардың халін білді. Әңгіме үстінде тағы да Орынбор сапары ауызға алынады. Раманқұл құпияға берік, бірақ осынша адамның ішінде сенетін біреуі болу керек қой... Шет пұшпағын қалай сездірмейді. Ондай адам болса, аяғы кісі өліміне әкеліп соққан бұл сияқты құпияны (орыстарды ел үстіне шақырып қайтқан) көптің көзіне айта алмауы да мүмкін.

Әрқайсысынан, жеке-жеке, оңашалап сыр тартты.

Құрманай-Құттық құпия сырын құдайдан жасырар, бірақ Жанқожадан бүгіп керген жоқ.

Қайсысымен сөйлессе де жауап бір ізбен шығады. Раманқұлдың Орынборда бұлардан бөлектеніп, "базар аралап жүргені" рас. Ол жақтан не бітіріп қайтқанын ешкімге айтпайды. Әуестеніп сұрағандар да болыпты. Би "биыл Кіпиядан туған қыз ұзатылатынын, соған жасаулық пұл іздеп жүргенін" ауызға алады. Өзі де қыз ұзататын Жаманбайдың өкпелейтіні сондықтан... Бірақ би он күн базар аралағанда, алған бұлы да жартусыз... Оны бәрі де мойындап отыр.

Ойпырай, мұндай да тезі қатты адам болар ма? Сонда қасына еріп барған он кісінің біріне де сенбегені ғой...

Жанқожа ішін тартты.

Қайтып келе жатқан жолында Раманқұлдың үйіне кірді. Қаралы үй, тоқалы дауыс қылып, Кіпия келіні бай-байлап жатыр. Аят оқыды. Кіпия аңырауын қоймаған соң, тағы да тоқтау айтты. Бір тостаған шұбат ішті. Түйені көбірек ұстайтын Нұрымбет әулеті шұбатқұмар, қымыз іздемейтін еді.

Қызмет етіп жүрген Шегебайды көрді. Сөзге тартты. Онымен сөйлесетін ой жоқ-ты, үлкендерге сеніп айтпай жүрген сырын жас балаға аша қоймас... батыр солай топшылайды. Мына жерде кездесіп қалған соң, әншиін сөзге тартқан.

— Орынбордан қайтатын күні ағам көңілді жүрді. Базардан оралған соң, өзіміз үйінде жатқан ноғаймен сөйлесіп, екі-үш пұт сұлы алдық. Маған арқалатып, ат қораға алып келді. Екі қоржынға бөліп салдық. Біреуі Жаманбайдың ескі қоржыны, біреуі менің қоржыным. Сонда саудагер ноғаймен сөйлесіп тұрып айтқан бір сөзі есімде қалыпты: "Ойға алған шаруаны тындырдық. Сенің де тіл көмегің көп болды, ол үшін рахмет, еңбегің Алладан қайтсын". Жемді қоржынға салып жатқанда, өзімен-өзі сөйлесіп, күбірлеп отырды. "Жәкемнің алдында айыпты едім. Бір бұйымын бітіріп, айыбымды жусам дейтін едім..." Содан соң тілін тістеп алғандай үнсіз қалды.

Жанқожа елеңдеді.

— Одан басқа ештеңе деген жоқ па?

— Жоқ...

Түйін шешілді. Сірә, Раманқұл діттеген жерден шыққан болды. Орыс жанаралымен келісімге келгені анық. Соны өз құлағымен есіте алмағаны өкініш еді. Шегебайдың әлі сөйлеп отырғанын әлден уақытта аңғарды.

— "Жәкемнің бір бұйымын" дейді. Менің бетіме қарап тұрды да үнсіз қалды...

— Бір асыл темірлі кездік ала келші деп едім. Соны айтқан ғой... — Жанқожа өмірінде бірінші рет жалған сөйледі. Түсі бұзылып отыр.

— Сол кездікті алды-ау деймін. Бірдеңені матаға орап, қоржынға тығып жатқан. Бізге көрсеткен жоқ. — Шегебай өкінді. — Қабақтар олжалады ғой...

— О, Қарағұл, қатын-балаң біз құсап зарлап қалсын! — Кіпия қайта көтеріліп кетті. — Қайнаға-ау, саған алған базарлығын да олжалапты. Қызға алған бұйымнан үйге дым келген жоқ. Ойбай, қайнаға-ау, қалай да шыдап отырсың!

— Оқасы жоқ, кездік деген екі елі теміртек... ол түгіл арыстай азаматтан айрылып отырмыз. Тәубе қыл, келін...

Кәпірдің дауысы әлем тапырық екен, Жанқожа қаралы үйден қашып шыққандай болды.

Ат үстінде желіп келе жатыр. Енді бір хабар орыстардың өзінен болатын сияқты. Қашан болады?

Ойы сол қазыққа айналып соға береді.

* * *

Тағы да бір қыс өтті.

Қазір көктем еді. Қазақ шаруалары қозы алу маусымын жаз жайлауға шыққан соң бастайды. Соңғы бір ай соның әбігерімен өтті.

Қой қырқымына шейін екі-үш апта бар, бұл екі арада мал баққан қазақтың қолы босайды.

Былтыр күз басталған құн дауы созылып, биылғы көктемге келді. Әлімнің жақсылары Ерназар мен Қарағұлға сөйлесіп қайтқан. Арасында кісі өлімі болып қырғиқабақ отырған туыс екі тайпа табысатын болды. Құн кесімі Шекті ішінде ара ағайын болып саналатын Жақайым ауылында, Жылқайдар батырдың қара шаңырағында жасалады.

Сонымен Байшоқы әрекетке кіріскен.

Бірақ әуелі күзем келді. Одан қыс кірді. Бұл сияқты күн дауы көбіне жаз айында сөйлесіледі. Қарыны жуан билер қысылып-қымтырылып отыруға жоқ, ақ боз үйдің көлеңке жақ бетінің шиін түргізіп тастап, даладан соққан самал жел лебіне омырауын тосып жатуы керек еді.

Құралайдың салқынына он күн қалғанда Жаршағылдағы Байшоқы ауылы қайта жұрт аударып қонды. Жұрт аударды деген аты. Бұрын тіп-тік жар болып біткен ақ шағыл құмның етегінде отыр еді. Ауылдың алдыңғы жағында аласа қырат, соның әр жерінен жамырап бұлақ ағып жатады. Ауыл жұрт аударғанда әлгі қыраттың арғы баурайына, қоңырлыққа шығып қонды.

Ауылдан оқшауырақ, бұлақ басына төрт үй тігілді. Көбісі сегіз қанат, ақ шаңқан үзіктері көзге шағылысады. Бұл үйлерде Әлімнің жақсылары жиналады. Жылқайдардың жалғыз ұлы қанасына келіп тұрған кезі, осы даудың үстінде аты барда жер танып қалудың әрекетіне кірісіп жатыр.

Қонақасыға сойылатын қойлар қыс басынан бөлек ұсталып, бордақыға алынатын еді. Әлденеше ту бие мен қысыр емген тайлар бағымда тұр.

— Байшоқы әкесі Жылқайдардың асында да мұндай шығындалмаған шығар, — деседі туыстары күңкілдеп. — Орыстың баласы көп, бірі өлсін де, бірі қалсын. Осы Байшоқының шабылатын несі бар?...

Шекті ішіндегі үлкен араздың, екі бірдей азаматтың құн дауы Байшоқының шаңырағында бітім тапқалы тұр екен. Алты Әлімнің бар жақсысы бас қосады. Бұл атадан балаға шейін ұмтылмайтын зор абырой. Раманқұлдың құн дауы кімнің шаңырағында бітіпті? Оған кімдер қатысыпты? Бүгінгі абыройын былай қойғанда, енді жүз жылдан кейін келетін ұрпақ ескеруге тиісті оқиғаның бірі осындай кісі өлімінің дауы...

Әкесі Жылқайдар өлгелі де елу жыл екен. Жанқожаның сондағы батырлығын алты Әлім әлі аңыз қылып айтып жүр. Бұл сияқты үлкен жұмыстың артында үлкен абыройы бар, ол ұмтылмайды. Байшоқының бұл іске белсене кірісіп, дайындықты күшейтіп жатқаны да сондықтан...

Бүгін Сыр өңіріндегі елдің жақсылары ағылып жатыр. Бір бөлегі Жіңішкеқұм жақтан, екінші біреулері Көкқабақ қарай асатын қасқа жолдан, одан қалғандары Тебіренбес тауының үстін басып келетін еді. Он-он бес атты бөлек-бөлек, өз тобымен жүреді. Қаракесектен Төлеген мен Арынғазы бастаған, Қарасақалдан Дабыл батырдың тобы... Шекті ішінде Жанқожа, Бекарыстан, Бәйділда, Әйімбет... Боранның Итіғұлы сияқтылар да қалған жоқ. Әйдербектің тағы бір жас биі Есенбай, қасына Теке Төлеш батыр мен Айбасты ертіпті...

Жанқожаның қасында Бекбауыл мен Жақай бар. Оны жеке бір үйге түсіріп, қасына Бекарыстан, Бәйділда сияқты Кішкененің білікті билерін қосты.

Бір үйде Қарасақал мен Қаракесектер... Енді бір алты қанат үйде Әйдербектің жақсылары отыр.

Көпшіліктің басы қосылған жерде әңгіме қызады. Әйдербектер он бес адам, Кішкене билерінің қасына еріп келген біраз жігіттер осылардың үстіне кіргізіліп еді. Ішіндегі жасы үлкені Итіғұл келген соң жоғалған. Аталықты жерден шыққан үлкен билерге бір-бір бас сұғып, сәлемдесіп қайтпаса, Итіғұлдың өңешінен ас жүрмейді. Тіпті бір үйде қалып қоюы да мүмкін... Айбасты әлдеқашан Жанқожа шақыртып алды. Қазір мұнда отырғандардың ақсақалы Есенбай болып қалған. Оның да жасы қырықтың ішінде, сондықтан жұрт еркін сөйлеп, даурығыса күліседі...

Төлеш батырдың Наурызбаймен қалай кездескені сөз болды.

— Жаманқұл ағам бар, он шақты адам Бұзауөлгеннің сыртында келе жатыр едік. — Есенбай бастап береді. — Бір ақ боз атты алдымызды кесіп өтіп, Райға қарай тартты. Жүрісі суыт, шоғырланып келе жатқан бізді көріп тұрып, қайрылған жоқ... "Мынау бір көргенсіз ғой, Төлеш, барып біліп келші, кім екен?" — дегені Жаманқұл ағам...

— Астымда осы торы бедеу, сол жылы бесті шыққан. — Ар жағын Төлеш өзі жалғастырып әкетті. — Сыдырта шоқытып, жетіп-ақ бардым. Келіп қалғанымды біле тұрып, мойнын бұрмайды. Жыным құрыстап кетті. Ойым бір үркіту, бөксесін нысанаға алып найзаны сілтедім!...

— Ал қызық!

— Қызық түгі де жоқ. Менің найзамнан оның найзасы бұрын тиді. Ат үстінен қалай сыпырылып түскенімді өзім де білмеймін. Ақ сұр жігіт, ақ боз аттың үстінде, төбемнен қарап төніп тұр екен. Найзаның ұшы шекпенімнің етегінде, қозғалтпайды. Кім екенімді, артынан неге қуғанымды сұрады.Ақсақалдардың жұмсағанын айттым. "Әйдербек Төлеш батыр болам!" деймін... Наурызбай езу тартты. "Батыр болсаң, батыр шығарсың. Бірақ бойындағы күшіне сенбеген адам жалғыз жүрмейді. Найзаңды кім көрінгенге шолтаңдата берме, опық жегізіп жүрер. Мен Кене ханның інісі Наурызбай батыр болам! Жұмыспен жүрмін, уақыт тығыз, кез келген көк аттыға сәлем беріп, қайрыла беретін болсам іс бітпейді. Ақсақалдарыңа соны айтарсың!" деді.

— Наурызбайдың қайратында шек жоқ қой. Тек содырлығы бәрін жуып кетеді. Хан тұқымы ақ сүйекті сол тентектігі құртып жүр емес пе?

Көпшіліктің сөзі соған сайды.

Жұрт кешкі астан кейін жастыққа бас қойды.

Бір жағынан ағылып келіп жатқандардың қонақасы қамы, бір жағынан қыр Шектісінің жақсыларын күтіп алуы керек, Байшоқы түнді еңсеріп барып жатты.

Қазақтың ұйқысы сергек, таң рауандап белгі бергеннен қыбырлайды. Шалдар таң намазын оқып, атқосшы балалар су жылытып абыр-сабыр еді.

Күн шықты. Ауылдың оңтүстік-батыс бетінде, бес-алты шақырымдай жерде, Қарашоқат төбесі көрінеді. Бір заманда баурайында Жылқайдар батыр опат болатын кәрі шоқат, қанды шоқат... Соның бөктерінде бір шоғыр салт атты көрініп, бері қарай шыға берді...

Қыр Шектісінен аттанған жиырма адам межелі күннен кешігіп келе жатыр...

Кеше алдын түн қылып жетуді мақсат етіп, суыт тартқан. Далаға қонып шықты. Жолаушылар таң қараңғысына өріп, күн шыға Қарашоқатқа ілігіп еді.

Жаршағылдың еңісіндегі ауылды, шағаладай аппақ торт үйді көргенде, аттар cap желістен аяңға түсті.

Жанқожаның өзін көре қоймаған, атағын алыстан естіп, әулиедей көріп жүретін кейбіреулердің ет жүрегі дірілдейді.

Сыр Шектісінің көтеріле атқа қонбағаны рас. Әрине, Жанқожа батыр қорыққаннан бұғып жатқан жоқ шығар... Есті кісі ағайын арасы ушықпасын дейтін болу керек... Бірақ ер бауырға шыдамайды емес пе? Қанды мойын қылмыскері алдына келген жерде шарт кетіп жүрмес пе? Кенесарыға қылышын алып тап беретін Жанқожа ғой... Сонда қасында отыз-ақ кісі жолдасы бар, ақ орданың ішінде отыр.... Ағасы Бекбауыл мен Бекарыстан би етегінен басып, жібермей қалыпты. Сол оқиғаның ішінде болған адамдардың айтуынша, батыр Кенесарыны шауып тастайтын екен...

Қарағұлға Раманқұлды тірі жібермеуді тапсырып жүрген Ерназар. Онысы "айрылып қалмауын" қадағалағандағысы еді. Тентек Қарағұлдың аузынан шыққан сөзді сол қалпы іске асыратынын онда Ерназар білген жоқ. Аяғы қантөгіске апарып соққан кезде өкінді.

Қатты ашу үстінде кейістік білдіргенде, Қарағұл ерін бауырына алып тулады. Би біткеннің әдеті, кеше бір түрлі сөйлейді, ертеңгі күні басына сөз келгенде, өзгеріп шыға келеді... Раманқұл тірі құтылып кетсе, Ерназардың табалайтыны анық, өлігін алып келсе, тағы жақпайды...

Төрт арыс — Тілеу-Қабақ, Назар-Шүрен Қарағұлдың бұл ісін тентек деп тауып отыр. Тек Жанқожа атқа қонбай абырой болды... Бөлектің басқа балалары түгіл, Қарағұлды өз туысы Қабақтың түгел қолдайтын түрі жоқ.

Осылай ол жақта әбігерленіп жатқанда, Бәймен мен Дабыл бастаған ара ағайынның жақсылары келгенде, Қарағұл қуанып қалды.

Раманқұлдың Орынбор асып келе жатқанын есітті. Бұрын да жаман атағы шығып қалған адам.. Кеше Ақмырзаның басын алдырған сол емес пе еді? Орыс бері қарай қозғалғалы жатқаны жайлы сыбыс бар... Раманқұл оны ел үстіне шақырып әкелуден тайынбақ емес... Жолын тосып тоқтатқаны рас. Арамдығы болмаса, тілге келіп сөйлеспей ме, тау басына қашып шығып, көдікті одан әрі күшейтті...

Бірақ бұл тек қайырып айтатын уәжі... Қабақ өздерінің тентек екенін мойындап отыр.

Қыр Шектісі Жанқожаның қарғысынан қорқады. Билер Раманқұлдың құнына қандай кесік айтса да, төлеуге құл болып келе жатыр еді.

Жақайым жігіттер алыстан келе жатқан ағайынның шылбырына оралып, аттан түсіріп алды.

Оларға арнап тіктірілген үй дайын, көрпе-төсек жаюлы еді. Байшоқы қонақтарды үйге қарай бастады.

Ауыл-аймақ, ат-көлік амандығы сұрастырылды. Өткенге, өлгенге салауат айтылды.

Қонақтардың алдына дастархан жайылып, құрт-ірімшік төгілді. Байшоқының ұлы Байсалбайдың қолында сырлы тостаған голы сары қымыз, жағалап келе жатыр...

Байшоқы ауылына жиналған ақсақалдардың ішінде Жанқожадан үлкені жоқ. Мұндай жиынды жерде жасы кішінің бірінші борышы ақсақалға сәлем беріп шығады...

Батыр отырған үй кеше күн батқанша қонақтан босамай, кештеу тарап еді.

Онда да қымыз беріліп жатыр.

Үйде Бекарыстан, Бәйділда, Бекбауыл сияқты ақсақалдар ғана, адам басы сирек. Өйткені қыр Шектісінің жақсылары келіп жатқанын есіткен. Қазір олар көтеріле осында келеді. Үлкен үйдің төрін босатуды ойлаған жұрт қымыздан кейін далаға шыққанша асықты.

Қақ төрде сарт жүгініп Жанқожа отыр.

Ең әуелі есіктің алдында Байшоқы көрінді.

— Ассалаумалайкүм!

— Ассалаумалайкүм!

Байшоқы қонақтарды шетінен үйге кіргізіп жатыр... Екі жапсар толған кезде, Қарағұл мен Әзберген көрінді. Жасы үлкені төрге шығып, жас Әзбергенге орын босағадан тиіп еді.

Төрде Жанқожа бастаған Кішкененің ақсақалдары, қыр Шектісінің жақсылары мен жайсаңдары екі жапсарды түгел алғанда, үйде тұмсық батар жер қалған жоқ.

"Ассалаумалайкүм", "әликүмәссаламнан" кейін екі жағында да үн жоқ. Қазақ салтында амандықты ағадан күтеді, қырдан келген ағайындар соны ойлап бүгежектейді. Әрі өздері қылмыс-адам, Жанқожаның сазарған түрін көрген соң, көбісінің берекеті кетіп, өңі қашқан... Бұл жерде "ұрының арты қуыстың" кері келіп отыр.

Жанқожа болса, қаза иесі, қайғырған адамның түрін байқатуы керек. Амандық сұрап елпектеп алға түсуден амалсыз бой тартады. Қазалы адамның жұбату күтетін тағы бір мінезі бар... Оған көңіл айтылады.

Екі жағының да ыңғайсыз қалған жайын, ең алдымен, көңілі жүйрік Бекарыстан түсінді. Сол бұрын тілге келіп, амандық сұрау басталды. Қыр Шектісінде заманында болып-толған, сөз ұстаған, топқа түскен талай жақсылар бар... бәрі де Бекарыстанмен замандас, бұл күнде жастары жетіп, далаға шықпай отырып қалады екен... Солардың есімін жеке-жеке атап, амандығын сұрастырды.

Жанқожада үн жоқ.

Кісі алдына қылмысты болып келу қандай жаман. Әншиінде ауыздыға сөз бермейтін Ерназар би жиі қақырынады. Ауызы батыр Қарағұлдың өзі Жанқожаның алдына келген— де берекесі қашқандай, дауысы барлығыңқырап, сөзінің басы қосылмай пышырап жатты.

Жанқожа осы отырғандардың аңысын андап қалған. Қылмысты қыр Шектісі билерін өзінің мысы басып отырғанын көргенде, айызы қанғандай, езу тартты.

Батырдың сұсынан сескенген қыр Шектілері шешіліп сөйлей алмай отыр. Бекарыстан сұрастырған амандық та таусылды. Ерназар қайта-қайта қозғалақтайды. Жанқожаға көңіл айтулары керек екені жаңа есіне түсті. Бекбауыл да Раманқұлдың ет жақын туысы... кірген бетте айтылмай қалып, енді қалай бастаудың ретін таппай, бүгежектеп отыр.

— Әй, қыр Шектісінің текешіктері! Сақалдарың салбырап кетіпті ғой! Алдында отырған құдай емес, көп пенденің бірі шығар. Құдай қызыл көз шал емес!

Босаға жақта отырған Әзберген тіл қатты. Жас жігіттің екі көзі қанталап кеткен, ағаларының еңсесі түскен түрін көріп, намыстан жарыла жаздап отыр еді.

Жанқожа елеңдеді. Жігіттің жасы мықтаса жиырмада шығар. Раманқұл өлтірілетін жерде, Қарағұл тобында Әзберген атты жас жігіт көбірек ауызға ілініп еді. Сол Әзберген осы екенін айтқызбай-ақтаныды.

Өзінің де осыған ұқсас жас кезі есіне түскен. Тықының қамалында, бейбіт қарақалпақтардың мал-мүлкін тонауға салып жатқан Балталы Жақайым Бесбаспаймен қатты-қатты сөзге келіп, одан ауылға қарай тұра тартып еді-ау... Ақсақалдарға да, жақын туысы Қылышбайдың алдына да барған жоқ. Бар дүниенің кеңістігі мен таршылығын өз көзінің шарасымен өлшейтін қайран, жас дәурені... Сол жерде кімнің көңіліне қарағандай еді.

Мынау Әзберген де солай... бүгежектеп отырған ағаларының кескіні жас жігіттің намысына тиген ғой. Сазарып отырған Жанқожаның мінезіне де шамданады...

— Е, е, Әзберген.... Әзберген деп еді-ау... Сен екенсің ғой. Боларсың, боларсың. Боларсың да толарсың. Сол толған кезінде кім болар екенсің? Ел қамын жейтін ерлер де азайып барады екен-ау. Қазан бұзар үй тентек, көзінің еті өссе, ағайынын қарақтайтын батырлар қайда жоқ— Әмісе, халқыңның маңдайында қалың сор болмай, бақытын аша туған ер болғайсың. — Жанқожа тебірене сөйлейді — Мен қазалы адаммын. Қызыл көз шал құдай емес екен, ендеше неге көңіл айтпайсыңдар!

Үй толы адам жамырай сөйлеп, қазаның қайырын сұрап жатыр. Жанқожа қайтадан салмақты қалпына көшкен, тартына сөйлейді. Жұрттың арқасы кеңіп қалды.

— Әй, қымыз келтіріңдер!

Байсалбай ендігі сарқылуға қалған қара сабаны шешіп алды. Ортасында қара саба, екі жігіт есіктен әзер кіріп келе жатыр еді.

* * *

Төбе билер — Бәймен мен Дабыл төрде отыр.

Төлеген сияқты жасы кішілерге бүгін тыным жоқ еді. Біресе — Кішкененің жақсылары отырған Жанқожаға арнап тіктірілген сегіз қанат ақ боз үйге, біресе қыр Шектілерінің жақсыларына жүгіреді.

Төбе билер әуелі Бәйділда, Бекарыстанды шақырып алып сөйлесті. Азамат құны әр түрлі — әз Тәуке заманында шығарылған хан кесім бар, бірақ қазақ ол кесімді әр жерде әр түрлі жағдайға қарай өзгертіп қолданып жүр... Кішкене Раманкұлдың құнына не сұрайды екен? Ара ағайын төреші, соны білгісі келіп отыр...

Ауызы жылдам Бәйділда бұл жерде де Бекарыстанның алдын орап кетті. Бұл қаза бір жосын жұмыс... Әншейіндегідей барымта үстінде, бата сілтеген сойыл ұшында өліп отырған жоқ. Бұны жазым іс еді деп Қабақтар да айта алмаса керек. Әдейі жол тосып, қастандық жасалған... Оның жазасы да ауыр болуы ләзім. Раманқұл — халық ағасы, азамат, оған Кішкене төрт ердің құнын сұрайды. Қалған бір жігіт, ол үшін екі ердің кұны жетіп жатыр... Сонда екі азамат үшін Қабақ ауылдары алты ердің құнын төлеуі керек еді...

Алты ердің құны алты мың қой. Ерназар оны ауырсынғандай қабак танытты. Екі адам үшін өз жанынан бес ердің құнын атайды. Үшеуі Раманқұлға, біреуі қасындағы серігі үшін еді.

— Қазақ үш ердің құнын кез келген еркектің басы үшін алып жатыр. Сол сияқты Раманқұлдың қаймана қазақтың қатарында кеткені ме? Әдейі жол тосып, өлтірген қылмысы үшін айыбы қане? Екелесіп келгенде, Қабақ пен Кішкене бір ананың құрсағынан шықты, көйлектей туысы емес пе еді? Беті шімірікпей, адам баласының құлағы есітпеген қастандыққа барып отыр... Сонысына қарамай, төленетін құнның мөлшеріне дау айтады. Мынаусы сұмдық екен!

Бәйділда қалшылдады.

Түскі қонақасыдан кейін Жанқожа төбе билерді отырған үйіне шақыртыпты.

— Қанекей, қандай байлауға келдіңдер?

Жанқожа кешеден бері басқа Кішкененің сөзіне араласқан жоқ. Оның атынан көбіне Бекбауыл мен Жақай сөйлейді. Әлгі Бәйділданың аузынан шыққан кесім солармен болған ойластық еді. Ал төбе билер болса, оны Жанқожаның айтқан кесігі деп түсініп отыр.

Бәймен екі жақтың талабын таразылап айтып берді. Ерінінің емеуріні Кішкененің тілегін қолдайтынын аңғартты.

Дабыл іш пікірін ашқан жоқ.

— Тоғыз мың үй қыр Шектісі үшін алты мың қой шығыны неге тұрғандай. Үй басына біреуден де келмейді екен! — Бұл Жақайдың сөзі еді.

Биыл қыс қамытшылық болды. Сыр Шектісі қыстау сақтайды. Малдан шығын берген жоқ. Ал қырдағы ағайындардың толысы біраз шайқалған көрінеді. Қабақтар биыл қой тұқымынан қол жуғандарын айтып отыр.

Екі жақтың да сөзін өз құлағымен естіп жүрген Төлеген бір сөз қосты. Қыр Шектісінің әлгі мұңын сол айтқан.

— Бізге қойға балап жылқы берсе де болады. — Тағы да Жақай үлкендердің аузындағы сөзін қағып әкетті.

— Әй, Жақай, дәуірлемей тұра тұршы, жарқыным! — Жанқожа немере інісін жақтырмай қалған, қабақ шытты. — Кішкене құныкер болып тұралап жатқанда, қыр Шектісі қол ұшын да берген. Марқұм Көтекем екі мың қойды өз мойынымен көтергенде, сен қайда едің осы! Сол жолы Құрманай-Құттық екі ерге құн төлеп, естеріңді жия алмай отыр едіңдер!

Осыдан жиырма жылдай бұрын болып өткен сол жағдай алдарынан шығар деп, Бекбауыл күткен жоқ-ты. Жанқожаның ауызына қарап аңырап қалыпты.

Басқалар да бір-бір қозғалып қойды.

Жанқожаның осындай тосын мінезін әр жерде көре жүретін Бекарыстан ырза болып отыр. Ол үшін бәрінен де ағайын арасының татулығы қымбат. Сол татулықты тағы да Жанқожа бастағанын көргенде, өні жылыды. Батыр не айтар екен?

— Әй, Дабыл! Әй, Бәймен! Төлеген үшеуің құн алғанды да, құн төлегенді де көріп келе жатырсыңдар! Ердің орнын мал толтырғанын қайда көрдіңдер? Құн алып байыған қазақты қай заманда көрдіңдер? Әншиін ердің арты жоқтаусыз кетпесін дейміз ғой. Әйтпесе, адамы өліп, оның төлеуіне мал сұрағаннан артық ұят іс жоқ... — деп тоқтады.

— Рас-ау! — дейді Дабыл.

— Ендеше сендер алдымен Жанқожаның абыройын ойлаңдар. Жасы жетпіске келгенде, жалмаңдап кетіпті деген сөз шығып жүрер. Осы құн дауын тезірек доғарыңдаршы!

— Оның жолы оңай ғой. — Бәймен мұртынан күлді.

— Оңай жолын білсең, аянып отырсың ба?

— Сонда да кесімі не болады? — Жақай әлде де түсінбей, әрқайсысының аузына бір қарайды.

— Кесімін Жәкем айтып отырған жоқ па? — деді Айдарқұл. — Қыр Шектісі не берсе, соны аламыз!

— Солай... Жанқожа жан-жағына қарап алды. — Кесімі екі ерге бес құн деп қыр Шектісі өзі айтып отырған көрінеді ғой. Соған тоқтаңдар...

Бекбауыл қозғалақтай бастап еді, батыр оны тізесінен басып қойды.

— Бекең екеуміздің сөзіміз осы...

— Бізді бір ауыртпалықтан өзің құтқардың, Жәке. Алда разы болсын, — деді Бәймен маңдайының терін сүртіп. — Енді не отырыс бар. Қыр Шектісінің жақсыларын осында шақырыңдар.

Жұрттың арқасы кеңіске түскен. Томсарып отырған жүздеріне күлкі жүгірді.

Бекбауыл, Бәйділда сияқты біреу-жарым наразылар топ бұзып, көзге түсуден қаймығып отыр.

Қазақ даласында араздық отын өршітетін үлкен бір қырсығы — құн дауы бітті.

Қыр Шектісі де ырза, бұл дау олардың көз алдында Жанқожаның абыройын одан әрі көтеріп тастады.

— Көзі тірі әулие ғой...

— Бір ауыз сөзбен бәрін де бітірді.

Осылай дауылдасып бара жатыр.

Жанқожаны қарғап жатқандар да бар. Ол Раманқұлдың бәйбішесі Кіпия еді. Бәйділда хабар айтыпты. Қыр Шектісі торт ердің құнын төлегелі жатқанда, Жанқожа бір ауыз сөзімен шыр бұзады екен...

— Ойбай, қайнаға-ау, бала-шағаңның рахатын көрме! Бұл қаза өз басыңа да келіп, сонда құн сұрайтын адам табылмасын!

Долы Кіпия бетін алып-салып жатыр.

Қарғыс әншейін көңіл қалдырғыш, одан өлген адамның моласын көрген қазақ жоқ. Бірақ Кіпияның айтқаны айнымай келгенін Шегебай он алты жылдан кейін көрді.

ТӨРТІНШІ БӨЛІМ

ЕЛШІЛІК

Көктем — бейнет үстіне бейнет қосып, қазақ ауылдары үшін үлкен әбігер ала келеді. Өмірі көшіп-қонып күн кешкен ел үш-төрт айдай жіпсіз байлап қозғалтпайтын қыстау тіршілігінен безе жөнелуге дайын, қардың бүйірі тесілген соң-ақ түйесін қомдай бастайды. Арқасы жіпсіген жер дел-сал, қар суының саумал иісінен мұрының жыбырлайды. Жел бір түнде тынып шығып, қи қораның ығында күншуақ көктем, — ауру батқан кәрі-құртаңның сүйек-сүйегін балбыратады.

Құба дөңдердің күнгей беті қардан аршылған күні қыстаудағы қазақтар дүр қозғалады. Қойдың алды қоздап жатыр. Осы бір қызық маусымды — қазақ жаз жайлауда, таза ауада қарсы алуға асығады. Оған уақыт тығыз-таяң болып қалса, қыстаудан бір бауыр жер жылжып барып қонады.

Мал — қазақ үшін өсіп-өніп жатыр ма, қазақ — мал үшін өмір сүре ме, — қалай ойласаң да сияды. Қой жаппай төлдей бастаған кезде қазақтарда ес қалмайды. Жас төл суыққа шепік, түнде далада қоздап қалған қойдың қозысы үсіп өлуі кәдік... не нәрегей болып туып, ауруға шалдығады. Қазақ қысылған кезде, алты қанат үйдің бір жағы қозыға босатылады. Қыстай аяғынан жайылып шыққан қой да, қоң да жоқ. Уызына жарымаған қозылардың қақылдаған үні түн ұзағына бір тынбайды.

Осы бір әбісірең маусым аяқталып, қазақ ауылдары жаңа кең тыныс алған кез еді. Жақсықылыш жотасының күнгей бетінде жас жусан бүрін жарып жатыр. Көк құртқашаш пен еркек шөп жарыса көгеріп, даланың өңі кіріп қалған.

Нұрымбет аулы қыс қыстауына биыл да оралған жоқ. Күзде жиі төбе көрсеткен баспашылардан сескеніп еді...

Он шақты шақырым жерде теңіз. Бұл өңірде өмірі орақ көрмейтін құрақ, қыс нар қамысқа айналып кететін еді. Қалын жыныс тоғай. Теңіздің жиегі ұштасқан күні иығында бір-бір кетпен Нұрымбет аулының жігіттері қамысқа шығады.

Арқасында Жақсықылыш жотасы, алдында қамыс қора, — бұл ауылдың қыс қыстауы қай жылы келсе де дайын тұр. Биыл қозы да осы жерде алынды.

Бір апта болды, бұл ауыл Құмырсқалыға шығып қонған. Әр бұтасының астында қой жасырынғандай, шөбі шүйгін түбек малдың жайы. Аласа қыраттың етегін теңіз толқыны шайып жатыр. Құмдақ жердің жусан бішімі де бөлек, көк шашағы желген аттың тізелігін қағып отырады.

Теңіздің бұл бетінде түйе "шөптен тапқан" оқиғасы сирек ұшырасады. Онда да "жаман шөптің" пісетін кезі — қырық күн шілденің іші. Оған шейін әлі бір ай бар. Оты-суы мол жерде, түйе оп-оңай қоң жинап қалатын еді. Жанқожа соны есепке алды.

Батыр бүгін отауында, Балымның қасында қонып шыққан. Түнде қайта-қайта оянып, әлденеге елегізи берді. Таң намазына тұрғанда қабағы қатыңқы еді.

Осыдан төрт күн бұрын ауыл бір дүрлігіп басылды. Қызылда баспашы пайда болыпты...

Қаракесек Арынғазы батырдың ауылы қыс қыстауы Арық— балықтан ертерек ірге көтеріп, Қызылға қарай шығып қонады екен. Екі аптадан кейін қарауыл үйшігіндегі Арыстанбайдан шапқыншы келеді.

Қаракесектің кеші Бекарыстан аулын бетке алып созыла тартып бара жатқан. Арынғазының қасында жиырма шақты жігіт, кедергіде кейіндеу қалыпты.

Артынан баспашылар жеткенде, көш бір қырдың астында екен. Олардың саны мол, алпыс-жетпіс адам. Алдында Арыстанбайдың тобымен кездесіп қалып, қан төгіс ұрыс болған... Қазақтар жағынан төрт жігіт еледі. Баспашылар да шығынсыз болмаса керек. Қаракесектердің саны аз, қаша ұрыс салып, баспашылардың басын ыдыратып, қуып жеткендерін түйреп тастап отырады. Шайқас көш қарасы көрінген жерде қызыпты. Шапқыншы жігіт төрт адам өліп, Арынғазының өзі жауырын ортадан жарақат алғанын айтып келді. Қайта Бекарыстан атқа қондырған қырық-елу жігіт арттарынан жетіп, баспашылар амалсыз Қызылға қарай жалт берген көрінеді...

Соңғы екі жылда баспашы тым жиілеп кетті.

Қазақ ауылдары ондай құқайдың талайын көріп жүр. Бұрын баспашылар Сүмбіле туған соң ғана төбе көрсететін. Қызылқұм ысылдаған шол. Баспашыға алдын күз қылып жорыту тиімді. Әрі Қызылдағы қазақ ауылдарының қыс қыстауға орала қоймайтын бір мезгілін межеге алады...

Ана жылы Саршатамызда да ауылға тиді...

Биылғы кескіні мынау... ерте көктемде келіп отыр... әрі әдеттегідей қырық жігіт емес, алпыс-жетпіс адам екен... Хиуа ханы тағы бір пәлесін әзірлеп жатқан сияқты...

Осыдан бір ай бұрын елші келген... Бәйділданың үйіне түсіпті. Батыр оған таңданған жоқ. Хиуада Жанғазы отыр... Хиуа ханының кеңесшісі де сол... Әрине, қабағы түзу адам іздегенде қайын атасының ауылын сілтейді.

Жанқожа елшілермен кездесуге барған жоқ. Барған соң, бір жауабын ұстатуы керек... Жауабы дайын... бірақ оны естісе, Хиуа ханы ашуға мінетіні анық. Одан да елшінің өзін аттап барып, Бәйділданың үйіне түскеніне, өкпелеген адамның кейпін көрсеткені, бармай қалғаны артық еді.

Міне, арада бір ай өткен жоқ, баспашысын аттандырып отыр... Бір кәдік кеудесіне кіріп алып, батырдан маза кетті.

— Елші салса — Бәйділдаға келеді, баспашысын жіберсе Бекарыстанды іздейді...

Бекарыстан сәлем айтыпты. Ертең бір күн Әлімге қараған елдің жақсылары осы ауылға жиналатын еді. Батыр түн ұйқысы қашқанда, оларға не жауап айтарын білмейді. Бағынсаң — басына күн туады, бағынбасаң — көретін күнің осы... басыңнан баспашының қылышы кетпейді. Ел бір ауыр кезеңге тіреліп тұр.

Қызылға қарай Құрманай-Құттықтан қырық жігіт аттанып кеткен. Түнде бірінші хабаршы келді. Баспашы қарасын батырыпты... Арынғазымен ұрысып қалып, қатты шығындаған жау өліктерін алдына өңгеріп, әрі қарай сызып отырады...

Жылда Қызылды жайлап отырған көп ауыл енді Қарақұмға қарай жылжиды. Биыл қазақ арасын тағы бір қырсық, құдық таласы күтіп тұрғаны анық еді.

Ертеңгі болғалы тұрған ақсақалдар кеңесінде алдымен осы құдық дауын шешіп алу керек екен...

— Батыр, бір жерің ауырып тұрған жоқ па? — Балым екінші рет сұрады, әйелдің бидай өңінде қобалжу белгісі білініп, даусы дірілдеп шығады.

Осы кезде үй сыртында ат тұяғының дүсірі естілді.

Біреу түсіп жатыр.

Асығыс шапқыншының түрі... хабарлас қылмады...

— Балым, шықшы!

Балым шығып үлгіргенше болған жоқ, қонақ кірді. Байшоқының баласы Байсалбай еді.

— Ассалаумалайкүм!

— Әликүмссалам, балам, төрлет!

Батыр жас жігітке төрді нұсқады. Анау әдеп сақтағандай, шалдан төменірек келіп тізе бүккен.

— Е, ауыл-ел аман ба?..

— Бәрі де аман, Жәке... Ауылдан кеше шықтым. Түнделетіп келе жатқаным... әкем жұмсап...

Байшоқы екі күннен кейін осында болатын еді. Соған шыдамай, баласын атқа қондырғаны... бір суық хабар есіткен болды ғой... апырай...

— Ел аманшылық па?!

— Жәке, орыстар келе жатыр!

Байсалбайдың айтуына қарағанда, орыстар он шақты адам. Екі түйеге бастыртып артқан жүгі бар, Байшоқының аулына кеше түс қайта келді...

— Отырар-отырмастан сіздің ауылды сұрады. — Байсалбайдың жүзі сұрлана түсті. — Кәпірге сенім бола ма? Әкем мені атқа қондырды. Сізді "қамсыз отырмасын" деді.

Орыстар дұшпандық ойласа, артынып, тартынып, көзге түсіп келе ме? Әрі он шақты-ақ адам... әлде бұлар елші шығар? Раманқұлдан кейін бұл жақтан хабар жоқ... оған да төрт жыл болып қалды. Жанарал елші аттандыруы мүмкін...

— Байшоқыға айтқайсың, адал пейілі үшін рахмет. Ал орыстардан қорқып әбіржімей-ақ қойсын. Қасына өзі еріп келер.

Қоштасар жерде Байсалбайға мықтап тапсырды.

Сол күні сәске түсте үш-төрт жігіт, Жанқожаның сәлемін алып, Бекарыстан, Бәйділда сияқты басты-басты билердің аулына қарай жостыртып бара жатты. Бәрінде Құмырсқалыға, кеңеске асықтырады...

Орыс елшісі келе жатқанын әдейілеп ескертті. Кеңес елшілерді қайтарған соң ететін еді. Батыр бір оқпен екі қоянды атып алатын болғанына қуанып отыр.

* * *

Орыстар деген аты, отрядтағы жеті адамның екеуі қазақ — бірі жолбастаушы, бірі түйеші еді. Табын ағайындар екен... Ал екі офицердің бірі — бас штабтың екілі, штабс-капитан Шульцтің арғы тегін қазбаласаң, неміс барондарынан тарайды. Екіншісі майор Булатов, орыс арасында сіңіп кеткен шоқынды татарлар әулетінен... Бұлардың ішіндегі таза орыс тұқымы екі денщик қана... Жетінші адам тілмаш, Суханқұлов, фамилиясына қарағанда, оның да тегі шығыс халықтарына жататыны анық еді.

Жанқожа елшілер екенін біліп отыр. Қонақтарды үлкен үйге түсірді.

Қазақ билерінен жалғыз Байшоқы. Басқалары әлі келіп үлгіре алмай жатыр. Байшоқы қонақтардың қасында еді.

Жанарал Раманкұл барып кеткен соң төрт жылдан кейін елші жібереді... неге кешіктірді екен...

Раманқұл екеуінің арасындағы келісім құпия еді. Жұрт әлі күнге сол жұмысқа батырдың араласы бар екенін білмейді. Ал ертең...

Құпия сол күйі сақталуы керек... Егер орыстарға өз аяғынан тиіп келіссөз бастағаны, Сыр бойына шақырғаны, мәлім болып қалса, Жанқожаның абыройы төгіледі.

Бір ойы ноғай тілмашты шақырып алып, сөйлескісі келіп, ол ниетінен тез қайтты. Үлкен басымен ұсақтап, сыр беруге болмайтын еді. Елшілер Раманқұлдың Орынборға барған сапарын ауызға алғанда не тұр? Құлағына жақпаса, Жанқожа ол жайдан хабарсыз адам бола қояды. Өзі Әлім болса, ол, әрине, Жанқожаның атын арқаланып баратыны анық... Ондай-ондайдың қазақ салтында айып-шамы жоқ. Орыс елшілерінің сөзі көкейіне қонса, құба-құп... Қазақ билері де батырдың бұл мінезін қулық-сұмдық деп түсінеді. Орыстарды қалай алдағанда сия беретіні бар...

Елшілер келген күні қонақасы жеп, дем алды. Батырға ертең кіріп, сәлем беретіндерін айтып отыр.

Осыдан төрт жыл бұрын Жанқожаның елшісі Орынборда болып кетті. Сыр бойында орыстың әскери қонысын орналастыру жайлы келіссөз бар еді. Бұл екі офицердің міндеті, Жанқожамен көзбе-көз сөйлесіп қайтуы керек... Содан соң Раманқұл айтқан болашақ қоныс орнын — Райымды барып көреді...

Елшілердің жетекшісі — майор Булатов, кеңесшісі — Шульц. Батырмен сөйлесіп біткен соң, Булатов Орынборға қайтып, әкімшілік алдында есеп беруі тиіс. Шульц осында қалып, Сырдың құйылысындағы елдің тіршілігімен танысады...

Әскери тәртіпке үйренген қонақтар бозала таңнан тұрды.

Батыр отырған алты қанат ақ боз үйдің алдында жиырма шақты ат қаңтарылып қалыпты. Бір жортуыл қатерін байқатқандай. Шульцтің қырағы көзі қапы жіберген жоқ. Бәріне де күдікпен қарайды. Кең маңдайда терең әжім ізі білінді.

— Батыр күтіп отырған көрінеді...

Тілмаш Суханкұлов оның қасына келді.

Қазақ төсегінде дұрыс ұйықтай алмай шыққан Булатов есіктің алдында ұзақ жуынды. Денщик солдат жез құманмен су құйып тұр. Одан әрірек екінші солдат қолында таза сүлгі қақшиып қалыпты.

Екі түйенің үстіндегі жүктің бір бөлегі жол азықтары, қалған үш тайы батырға жанарал жіберген сыйлық еді. Шульц сыйлыққа арналған жүкті батыр отырған үйге апарту туралы тәртіп берді.

Сол екі арада кермеде қаңтарулы тұрған аттардың да мәнісін біліп үлгірді. Батырдың аулына орыс келгенін есітіп, әр жақтан билер тоғытылып жатыр екен. Бұл тек түнделетіп жеткендері... кешке дейін талайы келетін шығар. Орыс елшілерімен келіссөз жүретін болса, барлық ру басылар түгел жиналуы керек. Жартылай тағы халықтың салтындағы рулық-феодалдық демократияның жай-жапсарын таныстырып жатып, Суханқұлов күліп қойды.

Батыр отырған үйде басты-басты билерден жиырма шақты адам бар екен. Орыстарды көрген соң, біреулері үркектей қараса, біреулері қозғалақтай бастап еді. Өңі күнге тотыққан сары шал ғана сыр берген жоқ. Сартасынан жүгінген күйі, қаршыға көзі қонақтарға қадала қарап қалыпты. Елшілермен салқын қолдасты.

Амандықтан кейін Суханқұлов Жанаралдың хатын оқып берді. Генерал-губернатор батырдың жеке басын аса қадірлейтінін айтады. Соңғы он бес жыл ішінде Сыр өңіріндегі қазақ ауылдарына Хиуа басқыншылары қандай ойран салғанын ол да біліп отыр... Орыс патшалығы бір заманда Әбілқайыр ұлысының құрамына енген бұл елді өзінің бауырына тартуға әзір... Оларды Хиуа мен Қоқан хандықтарының ойранынан қорғауды борышым деп түсінеді екен. Соны ескеріп, Сыр бойына қарулы отряд жіберуді қолға алып жатыр...

Суханқұлов кей жерінде әдейі кідіріп, хат мазмұнын түсіндіре отырды.

Батыр басын изейді. Түсініп отырғанын сездіргендей.

Шульц шалдың көңілі жүйрік адам екенін аңғарды. Сырға берік, сирек ашуланатын кісінің түрі... Халық қамын бәрінен де жоғары қоятын болар. Бір тайпа елдің қаршығадай шалға тізгін беріп отырғаны да сондықтан. Оның азғантай аталық Құттықтан шығатынын да еске түсірді.

Әскери қоныс жайы ауызға алынғанда батырдың қабағында сәл кірбің білінді. Хиуаның жолында төрт-бес жүз солдат, әр түрлі ракета, зеңбіректер ұсталады. Оған жайлы қоныс керек. Соны түсіндіргенде Булатовтың аузынан түкірігі шашырайды. Шульц серігінің тым ыстық қандылығын жаратпайтын еді.

— Ол жағдайды ертең сөйлесерміз, — деді батыр салқын сөйлеп. — Әлімнің билері осы үйде түгел бас құрайды. Бір шешімін солар айтады...

Шульц бұл жолы да ырза болды.

Есіктен тай-тай жүк кіріп жатыр. Жанаралдың жіберген сыйлығы. Алтын көрсе періште жолдан таяды, алдында қып-қызыл дүниені жайып тастағанда, батырдың өңінде қандай өзгеріс байқалар екен?

Шульц сынай қарап отыр.

Бірінші теңде — батырдың жеке басына арналған сыйлық, сары ала оқалы шекпен, сақтиян мәсі, құндыз бөрік, бұхардың жібек шекпені сияқты қымбат дүниеліктер еді. Екі әйелі бар екенін де естиді. Оларға арналған жібек шәлі, масаты қамзол, әр түрлі алтын-күміс бұйымдар, моншақтар шықты... Екі түрікпен кілем бар...

Батырдың өңінде ешқандай белгі байқалмайды. Сары ала шекпенді иығына жауып жатқанда селт еткен жоқ.

Екінші теңде мауыты, мақпал, бұхардың қанауызы, өзбектің кестелі тақиясы... сусылдап қолда тұрмайтын қытай жібегінің бір бумасы... бәрі де алдына жайылып жатыр.

Билер батырдың қабағын бағатын сияқты, онша қозғалақтап сыр бермеді.

Иегіне бес тал қыл біткен сарғыл өңді шал ғана шыбыжықтап, әр бұйымды бір ұстап көреді. Көз жанарында басқа жұрттан бөлек қомағайлық бар, тым ұшқалақ көрінді. Шульц Суханқұловтан сұрап, батырдың немере інісі Жақай екенін білді.

Үшінші тең шешілді.

Туланың күміс самауыры жарқ еткенде, әркім де бір елеңдесіп қалған. Қытай фарфорынан жасалған төрт аққұман, жиырма шақты кесе... бәрі де арасына қағаз салынып, жұмсақ матамен оралыпты. Екі мыс шәйнек бар. Қалғаны үнді шайы, қант сияқты қазақ арасында сирек кездесетін таңсық әр түрлі тағам түрлері еді.

— Мынаны ауызға салып шайнаймыз ба?

Батыр қағаз шайды көрсетті. Бірінші рет тіл қатқаны, бірақ түсі бұзылып сыр берген жоқ.

— Тақсыр, қазір өзім жасап көрсетейін!

Суханқұлов елп етіп орынан тұрды.

Надан қазақ ненің мәнісін біліп жатыр. Таң қалдыруды ойлаған тілмаш, бар өнерін салып, іске кіріскен.

Әуелі қазақтарға самауырдың бетіндегі суретті көрсетті. Оның патша ағзамның дидары екенін есіткенде, билер ере тұрып, бір-бір қарап шыққан. Отырған жерінде батыр ғана қозғалған жоқ.

Суханкұлов самауырға бір шелек су құйдырып, жерошақтың қасына қойдырды. Шала жанған қызыл жыңғылдың шоғын оттығына тоғытып жатыр. Әтешкүр ұстаған тілмаштың қолы, демде қара қожалақ болып шыға келіпті. Шай қайнатудың қызығына түскен соң оны да аңғармайды.

Қазақтардың бір сөзіне түсінбейді, Булатовтың іші пысты. Шульцте де үн жоқ, тізесіне блокнотын жайып, бірдеңелерді түртіп жатыр. Кәдімгі неміс пысықтығы... жолда көрген— білгенін түртіп алмаса, іші ауырады...

Булатов далаға шықты. Самауырдың жанында түртпектеп жатқан Суханқұловтың қасына келді.

— Қазақтар сені жалдап алғаннан сау ма?

Көкейінде "малай" деген сөз тұр еді, бірақ. айтар жерде сыпайылады.

— Надан киргиздер емес пе, тақсыр, шайды қалай қайнатудың да мәнісін білмейді...

Екеуі қазақтың тағы тіршілігін сөз қылып кетті.

Таңсық көрген бала-шаға жерошақтың қасында үймелесіп қалған екен. Үлкендердің де төбесі көрінді. Булатов Жақайды танып тұр. Көз алдында сыйқыр болып жатқандай, би даурыға сөйлейтін еді.

Қазақ мінезі қызық, жұдырық сыймайтын оттық ішінде от жанып жатқанын көргенде есі шықты.

Самауыр қайнады. Қасында түйекеш қазақ, Суханқұлов самауырды үйге алып кірді.

Аққұманға шай салынып демделді.

Суханқұлов шайды кесеге құйды.

— Ішкі Орданың қазақтары шайға түйенің сүтін қатады. Орыстар таза ішкенді тәуір көреді...

Батырға бір кесе шайды ұсынып жатып, Суханқұлов соны айтты. Жанқожа қолындағы шайды қалай ұрттау жайын ойластырғандай, ақырын шайқап отыр. Бір кезде Жақайды шақырды.

— Мынаны апарып итаяққа құйшы.

Шайды иттің ішпейтінін бір қарақалпақтан есіткені бар еді. Суханқұловпен қылжақтасқысы келіп кетті.

Булатовтың түсі бұзылды. Өздері әкелген қымбат мүлік шашылған жерінде жатыр. Батыр қайнатып әкелген шайды итіне құйдырды. Әлде у араластырып берді деп сенбей отыр ма? Әлде әдейі қорлағысы келгені ме?

— Ойбай, Жәке! Әлгі иттердің бірде-бірі шайға тұмсығын тигізген жоқ. Борбасарды да, Құмайды да шақырдым. Құданың құдіреті, иіскейді де жери береді...

Булатов иттің шай ішпейтінін бірінші рет біліп тұр. Есі шықты. Қазақтың иті де надан болғаны ғой...

— Сен мақтап едің, құйған шайды ит те ішкен жоқ. — Жанқожа Суханқұловқа аңқаусырай қарайды. — Ит ішпейтін тағам жібергені Жанарал мырзаның қорлағаны ма?

Батырдың сөзін қолма-қол аударып бергенде, орыс төрелерінің бетіне қан тепті. Ұят иманның қабы... солай түсінетін Жанқожа аққұманды өзіне жақындатты. Бір кесе шай құйдырып алған, ішіп отыр. Шайдың қышқыл дәмі таңдайына жақпай отырғанын да сездірген жоқ.

Басқа билер де бір-бір кесе шай ішті.

Әлгінің бәрін қазақ батыры әдейі әзіл үшін істеп отырғанын Шульц қана сезіп еді. Абыржыған Суханқұловтың кескініне қарап күлімсіреді. Өзінің екі көзі Жанқожада, оның әр қимыл-қозғалысын, бет құбылысын қағас жібермей бақылап отыр.

* * *

Келіссөз келесі күні басталды.

Батыр отырған алты қанат үйде тұмсық сияр жер жоқ. Қой терісі малақай иісі аңқиды.

Шульц осы кеңестің үстінде байқады, жұрттың бәрі батырдың қабағын бағады екен. Бойы ортадан биігірек, қаршығадай сары шал. Тотығыңқы жүзі батырдың түзде көп жүретінін аңғартады. Жұқалтай біткен қабағы, ақылды қой көз басқаға ызғары жоқ шын пішімін танытып тұр. Үлкен мұрнының ортасы сәл дөңестеу біткен. Барлық монгол тектес халықтарда бола беретіні сияқты, сақал-мұрты сиректеу еді. Шульцтің тағы бір таң қалғаны, Жанқожаның жасы жетпістің үстінде екен, содан келе қимылы ширақ көрінді. Жүдеу түрі, қасындағы кебеже қарын билердің ортасында оны бөлектеп шығарғандай. Қартыққа әжім ере жүреді, ал әжімнің әуелі білінетін жері мойын — батырдың мойнында оның нышаны да жоқ. Бұл кісі үшін қарттықтың аулы әлі де алыс сияқты, бар болмысынан шыныққан адамның бітімі байқалады.

Блокноты тізесінде, Шульц жазып отыр.

Қазақтар арасында әскери қоныс жайы көбірек дау туғызды. Генерал Перовскийдің канцеляриясында Райым тауы ауызға алынып еді. Булатов соны айтқанда, өздерін Жанқожаның аулына бастап алып келген би — Байшоқы қатты қынжылған түр байқатты.

Райымда қазір қыстау басқан ешкім жоқ екені де рас. Бірақ көлдің арғы бетінде Жақайымның бір аталығы Дәулеттер мекендейді. Алты шақырым жерде дария, қарақалпақ заманынан қалған қоныс Талбөгет. Сол жерден бастап Лайкөлге дейінгі өңірді Жақайымның тағы бір аталығы Алшынбай қыстап отыр. Байшоқы сондықтан қобалжиды екен.

— Бәйеке-ау, орыстардан несіне қорқып отырсың? Айтуарды бес Шекті түгел әулие тұтынады. Орыстар жамандық ойлайтын болса, әруағы да қарап жатпас...

Жақай дарылдап күлді.

Байшоқының іші кіпі алды. Орыс төрелері Райымды қайдан біліп жүр? Кім де болса, сілтеп отырған адам бар ғой. Ондай жамандықтың Жанқожа тарапынан шықпайтынына шәк келтірмейді. Сондықтан қалай ұйғаруға ақылы жетпей отыр еді. Жақайдың әлгі сөзінен кейін сұрланды.

— Өтекем баласы, әуелі өзіңнің қамыңды ойла. Райым сенің қыстауыңа да қашық емес!

— Соны айтсайшы!

— Тек жамандықтың бетін аулақ қылсын!

— Бәріміз да таяқ тастам жерде отырмыз!

Содан соң Жанқожа сөйледі.

Орыс патшалығы қазақты Хиуа шапқыншылығынан қорғауға әскер жібергелі отыр екен. Бес адам, он адам емес, бес жүздей солдат деп отыр. Қыс бар, жаз бар, бет қарыған аязы, шыжыған ыстығы болады... Бес жүз кісі далада қамалып жатуы қиын... Ендеше қоныс беріледі.

— Райымды барып көріңдер. Менің ойымша, Бабажанның қамалына орналасқандарың дұрыс. Жаудың келетін өті. Аржағында біздер қойған қарауыл үйшігі бар. Дайын қамал... анада бір барғанда көрдім, мекен-жайлары бүтін екен...

Билер бас шұлғып қалыпты. Бабажан қамалы Жанқожаның қыстауына жақын. Басқалар үркіп жатқанда, ол қасына шақырады. Батырдың адалдығы жай қазақты сүйсінткен...

Шульц ол жеріне түсінген жоқ.

"Бәрі де батырдың аузына қарайды. Ол үнсіз отырған кезде дау қыза бастайды. Батыр сөйлей бастағаны сол, түгел басын шұлғыды..." Блокнотына солай деп жазып қойды.

— Шалдың сөзінде шындық бар сияқты, — деді Булатов. — Орынбордағылар баста бұл жағдайды қалай ескермеген...

Раманқұлдың қыстауы Қожанияз қамалынан жеті-ақ шақырым жерде... Қасында орыс қамалы түскенін кім тәуір көреді? Перовский Хиуа қамалын ауызға алғанда, Раманқұл қашыртып еді. Қамалға Хиуа сыпайлары ат ізін суытпай келіп тұратынын айтты. Егер орыс әскерлері барып орныға бастаса, Хиуа хандығы көтеріле аттануы мүмкін...

Булатов бұл әңгімеден хабарсыз еді.

— Қоныс түсетін жерді белгілеуі үшін, әуелі жер ыңғайын көзбен керіп танысып алу керек, — деді Шульц.

— Оған қанша уақыт кетеді. Маған мәртебелі генералдың берген тапсырмасы тездетіп кейін орал деді...

— Мені қалдырыңыз.

— Жалғыз өзің... тағы киргиздардың арасында...

— Мен олардан қорықпаймын!

— Онда өзіңіз білесіз.

Орыс төрелерінің бұл тілегін батыр құп алды.

Шульц Қожанияз қамалынан бастап, дарияның құйылысындағы Қосарал өңіріне дейінгі жерді бір ай жүріп аралайды. Оған жолбасшылық ететін адам керек еді.

— Біздер осы жерден кейін қайтамыз. Әлгі айтылған өңірлерді Шульц мырза өз көзімен көріп шыққысы келеді. — Суханқұлов жай-жапсарды түсіндірді. — Штабс-капитан ғұлама адам. Оның бұл өлкені аралауының зор маңызы болады. Жер жағдайына қоса, ел тіршілігін де көзімен көріп танысуы керек. Жолбасшыға адам сұрап отыр. Ақы төлейді.

— Жәке, жолбасшылыққа біздің баланы жаздыршы!

Бұл сөзді айтқан арық қара шал, Жәніке батырдың кенже ұлы еді.

— Бекетайды айтып отырсың ба?

— Әй, ол жас емес пе еді?

— Он алтыға шықты. Сарман молдадан оқып, сауатын ашты. Мұхтасарға мүдірмейді! — Қатпа қатуланып отыр. — Орыс, орыс деп, осынша үрке қалғандарың не? Сол орыспен бір дастарханнан ас ішіп отырғанымыз жоқ па? Әзір тістеп алатын түрі байқалмайды. Әрі мына төрені ғұлама деп отыр, шипасы тиер. Баланы қасына қосамын!

Қатпа иман жүзді Шульцті ұнатып қалған. Орыстардың ертең үстіне келетіні анық екен. Бала осы бастан үйрене берсін. Бір жағынан ақы беретініне қуанып отыр.

Қазақтардың неге таласып жатқанын есіткен Шульц Қатпаның сөзіне елеңдеді.

— Осы кісінің баласын алайын. Жол білсе, болды ғой...

Орыс төресі Қатпаның баласын мақұлдап отырғаны мәлім болғанда, жұрт үнсіз қалды.

Кеңес аяқталып еді.

Енді қазақтар тарайтын шығар деп отырғанда, Жақай бастаған екі жігіт кешегі тендерді алып кірді.

— Шешіңдер! — Жанқожа әмір берді. — Жанарал қазақ билеріне арнап біраз сыйлық жіберіпті. Көздеріңмен көріңдер! — Ол Байшоқыға қарады. — Жақайым аға баласы едің, мына билердің жолын істеп, шапандық мата үлестір!

Шульцке батырдың бұл мінезі де ұнады.

Өздері алып келген дүниеліктер, сол қалпы түгел екен.

Шульцтің тағы бір ырза болғаны: сыйлық алып жатқан билердің ажарында ашкөздік байқалмайды. Бекарыстан сол маңқиған дегдар қалпы, алдына тастаған бір бөлек масаты мен қытай жібегіне саусағының ұшын да тигізген жоқ. Кейбіреулері асыл бұйымдарды қолына ұстап көріп жатқаны да рас. Онысы дүниеқоңыз ашқарақтығы емес, қазақ аулында сирек ұшырасатын матаны таңсық көріп жатыр.

Батырдың қасындағы отызға тарта адамның ішінде штабскапитан екі кісіні ұнатқан жоқ. Бірі — әр матаны бір ұстап көріп, әркімге бір жалпақтап қопаңдай берген Жақай. Осы бір қас-қабақтан жұрдай, қу жақ шалдың қызғаныштан жарыла жаздап отырғанын Шульц анық аңғарды. Екінші адам — Астаннан шыққан жас би Әйімбет еді. Үлесіне тиген бір бөлек мақпалды қасындағы серігіне ысыра салды. Азырқанғандағысы ғой...

Сыйлық үлесу салтанаты аяқталды. Әлгі екеуі болмаса, басқаларының назарында ырзалық белгісі байқалады. Сыйлық арнайы жіберілген батырдың өз басына бұл теңнен бір түйір сыбаға тиген жоқ. Оны ескеріп жатқан да ешкім көрінбейді. Қазақ табиғаты кеңпейіл, жаны жомарт халыққа ұқсайды. Әншейінде батырдың қабағын бағып отыратын көпшілік, бұл жерде өзін тең ұстайтын сыңай аңғартты. Жағымпаздар болса, бір көрініп қалатын жері осы еді. Европа, Англияға таң қалады. Нағыз демократияны қазақ ортасында көрген Шульц таңырқап отыр.

Штабс-капитанның арғы тегі кедейленген дворяндардан шыққан, өзі де ізеттің кісісі еді. Булатовша кертиіп қалмай, қара қазаққа іш тарта сөйлейтіні билерге де ұнап отыр.

Булатов қазақ дастарханына жирене қарайды. Кір-қоқыстың арасына әр түрлі індет үйір... Солай түсінетін кірпияз офицер қонақасының жақындап қалған хабарын есіткен сәт сытылып шығып кетті.

— Ау, әлгі төреміз қайда?

Қолға су құйылатын жерде билер қонақты жоқтады.

— Бар, қарап келші! — деді Жанқожа.

Оның бір сылтау тауып, келмей қалатынын біліп отырған Шульц абыржи бастады.

— Итжеместі жібердім, — деді Жақай, даладан дәудірлей кіріп. — Теңізге қарай кетіп барады. Қайқаңдап жеткізетін түрі жоқ. Орыс қызық халық-ау! Оған жападан-жалғыз теңіз жағасында не бар екен...

— Атамекені Кама дариясының бойында. Суды көрсе шыдап тұра алмайды. — Шульц жолдасының жосын мінезін жуып-шайып жатыр. — Тағамнан ұлық нәрсе жоқ. Оны қаратып қоюға болмас... Әкеле беріңіздер!

Бұл кезде қол жуылып болып, билер қаңтарылып отыр еді.

— Қап, ұят болды-ау... Қонақасыны ескертпеген екенсіңдер.

— Оқасы жоқ, — деді Суханқұлов, бастығының мінезінен ол да хабардар еді, — ол өзі қазақ дәміне үйрене алмай жүр...

— Мүмкін, шариғаттары қоспайтын шығар...

Байшоқы оны айтқанда осы төренің өзі үйінде қонып шыққан түні қонақасыдан ауыз тимегенін еске алды.

Қонақтардың алдына дастархан жайылды.

...Ертеңіне Булатов бастаған елшілер кейін қайтты.

Шульц Бекетайды қасына алып, жолға шыққан.

Ал батырдың үйіндегі қонақтар тарқаған жоқ.

Елшілердің сөз аңғары орыстар келер жылы көктемге салым келеді. Әскери қоныстың қай жерден түсетіні шешілмей отыр. Бұл келген төрелер қатардағы қарапайым кісі екені анық еді.

Соны еске алса, мылтықтың аузында қалғандай сезінеді. Байшоқының көкейін тескен сұрақ Райым жайы... Ол мәселені жас төрелер шеше алмас. Жанаралының өзімен сөйлесуі керек еді.

— Орыстар ешкіммен ақылдасқан жоқ — Райымды өздері атап отыр ғой. Дайын тұрған сарттардың қамалын басуға сескенетін сияқты. — Жанқожа Жақайым ағайынның үстіне орыстарды өзі шақырғаннан бетер, қысыла сөйледі. — Ал жанаралмен сөйлесетін болсақ, Әлімнің торт көзі түгел...

— Соны айтам ғой! — Байшоқы қуанып қалды. — Әзір Райымды уақытша қонысқа сұрап отырғаны рас. Орыс бір қонып кете беретіндерден емес. Қай жерге табаны тисе де, ірге аударған кезі жоқ екен. Күні ертең-ақ Райымға қала салып бекінеді.

Баяғыда түскен Теке мен Електі, Жаманқала мен Қызылжарды былай қойғанда, — кеше ғана орнаған Ақмола мен Торғай бекіністерінің жайын бәрі де біледі. Әуелі әскери қоныс болып сайланып, кейін қалаға, қамалға айналып жатыр.

— Сол орысты Жанқожа қайбір жетіскендіктен құшақ жайып қарсы алып отыр. — Батыр қабырғасы қайыса сөйлейді. — Біз бүгін көресіні Хиуа басшыларынан көріп отырмыз ғой.

Қызылға шығып қонуға дәрмен жоқ, қоныстан тарықтық. Бір-екі жаз жайлап, жақпай бара жатса, Ырғыз қайдасың деп тартып жүре беретін Шөмекей мен Төртқара емеспіз. Шектінің етек-жеңі кең...

Хиуа билеп тұрған заманда, бір бөлек Шөмекей мен Төртқараның бес-алты аулы Бабажанның ұлықсатымен Қызылға шығады екен. Хиуа бажбанның зекеттен басқа да ішкі есебі бар... Төртқара мен Шөмекей ауылдарын, қолтығына су бүркіп, Ақмешіт қамалына айдап салыпты. Оның ақыры қазақ ауылдары қоқандықтарды жауықтырып алып, шапқыншылыққа ұшырайды... Жанқожа соны еске алып отыр.

Қазақ көшпелі халық. Қамал десе, қала керсе, тебе шашы тік тұрады. Әрі көрші отырған Хиуа мен Қоқан қамалдарынан жүректері шайылып қалған.

— Меніңше, елші салған Орынбордағы жанаралға ез жанымыздан адам жіберуіміз керек, — деді Байшоқы, батырдың сөзін тосып сөйлеп. — Бізге жұмсап отырған екі кісісі, өзімізден Жақай мен Итіғұл сияқты бишігештері ғой. Нағыз қошқары — Жанқожа мен Бекарыстаны — Орынборда отыр. Бұл сияқты үлкен істің, билігін айтатындар да — солар. Жанаралының алдынан ету керек.

— Әскери қонысына қарсы емеспіз. Бірақ Райым қалың елдің ортасы, ертең қыс қыстаудан қысылып қалармыз. Сонда бір тентектің ісінен үлкен дау ұшығуы мүмкін. — Бекарыстан жиенінің сөзін тірілтті. — Түбі орыстың көздеп келе жатқаны Хиуа хандығы ғой. Біз ол талабын қолдаймыз. Бірақ үстімізге қала салынбасын...

Жанқожа кенді. Бәлкім Жанарал бұл өтінішті қабыл алар. Ер жігіт екі сөйлемейді. Өз аузынан уәде етсе, ертең танып кетуі қиын болар. Солай байымдайды.

Орыстарға баратын елшілердің құрамында алты Әлімнің көзі түгел болғаны дұрыс еді.

Бұдан бір апта бұрын баспашының хабары естілгенде жан-жаққа төпеп кеткен шапқыншылар әлдеқашан оралды. Аяқ жетер жердегі Әлім түгел... Тек Төртқара ағайыннан Бәймен келмей отыр. Батырдың іші кіпі алды.

Бес Шектінің бір баласы Жақайымның биі Байшоқы бүйректен сирақ шығарғанда, өзі қолдауды қалыс ағайын Қарасақал мен Қаракесектен тапты. Әсіресе Қаракесек... Кеше ғана баспашылардың шабуылына тап болып, төрт бірдей азамат опат болған ауыл... Олар орыстың тезірек келгенін тілейді.

Орынборға баратын билерді Байшоқы бастап баратын болып келісілді. Төлеген, Сапақ сияқты әр аталықтың жақсылары аталып жатыр...

— Әйдербектен Итіғұл барсын! — деді Жақай.

— Қой, қой! — Итіғұл сақалы шошаңдап, екі қолын бірдей ербеңдетті. — Кәпір орыстың атын айтса, денем түршігеді. Бұл жастардың ісі ғой. Біздің Бекмырзаны жіберіңдер!

— Сен де қартайып отырған жоқсың. Байшоқы, Сапақ, бәрі де қатарың емес пе?

— Анау Есенбай неге бармайды? — деді сасқан Итіғұл.

— Мені-ақ жіберіңізші, Жәке! — Есік жақта отырған үлкен көзді, аққұба жігіт Бекмырза өтініш жасады. — Суырылып шығып сөз айтпасам да, ағаларыма ат қосшы болуға жарармын.

Бекмырза Қызылдағы қарауыл үйшігінен түнде келіп еді.

Балымға неке салғалы, осы жігіт тонның ішкі бауындай, батырдың аулында жиі төбе көрсетеді. Жүйесіз сөз айтпайтын, іске тындырымды Бекмырзаның мінезіне Жанқожа да ден қоятын. Оған бұл жолы да ырза болды.

Солай Орынборға баратын елшілер сөктей екшеліп шыққан. Батыр өз жанынан Ақмырзаның бәйбішесінен туатын інісі Сатыбалдыны қосып отыр. Байшоқыға айтқан тағы бір өтініші жолай Бәйменге соғуды тапсырды. Қараш келмей, Төртқара түгелденбейді. Бәймен баратын ыңғай танытса, Сапақ қала тұрар...

Былтыр күз Қараштың жаз жайлауында орыс керуендері талауға түскен оқиғасы кездесті. Арты ұзаққа созылған дауға айналып, қарақшылардың кім екені анықталмаған күйі қалып еді. Бірақ орыс әкімшілігі Қараштан кәдікті... Жанқожа шақырғанда, Бәйменнің келмей қалып отырғаны да сондықтан... Орыстар келіп жатқанын естиді. Сол керуен оқиғасын індеті жүруі әбден мүмкін... Бәймен қашып отыр.

Сапақ ол кәдігін айта алмайды, бірақ...

Орынборға баратын билердің саны он кісіге жетті.

Содан соң баспашы жайы сөз болды.

Орыстар келгенше бір жыл бар екен. Билер сақтық қамын ойластырды. Жанқожаның ойында Қызылда қарауыл үйшігінің санын үшеуге жеткізу керек...

Тоқсан жігітті асырап, тоқсан үйдің бір жылдық азық-түлігін көтеру аз шығын емес. Қарауыл ақысын ауырсынатындар да табылады. Соның бірі Итіғұл еді.

— Онда қарауылды таратайық... — деді батыр.

Қорқақ Итіғұлдың көзі үрпиіп кетті. Жалғыз үй, жаудың өтінде қалғандай, жүрегі суылдайды.

— Ойбай, Жәке-ау! Бұл өзіңді тірі ажалға байлап беру ғой. Баспашы...

— Онда Алтынбайға қараған ауылдан төрт жігіт бер. Азық-түлігі, табан ақысы өзіңнен...

— Құттық төрт жігіт беріп отыр, — деді Боранбай Итіғұлға ақыл айтып. — Үшеуінің шығынын мойнымызға алдық. Бір жігіт Құлбарақ, жылда ақы-пұлсыз өз еркімен барады. Ондай ер жүрек жігіттер сіздің ауылдан қалай табылмайды!

— Ақы алып жатқан өңгелерді керген соң, басқалары да қыңырайысады ғой...

Итіғұлдың сөзін тағы да Бекмырза бөлді.

— Қыңыраймайтындар да табылар. Итеке, құдайдың сары уайымын айтып неғылғаның. Ең алдымен мен барамын. Ақы төлемей-ақ қой, азық табылса, көппен бірдей көрерміз.

Солай қарауыл саны тоқсан жігітке көбейтілетін болды.

Ертеңіне Орынборға аттанатын елшілер жолға шықты.

— Жорытқанда жолдарың болсын. Жат елге барасыңдар, қазақты олар тағы көреді ғой. Кеуделеріңді жоғары ұстаңдар. Басшыдан бастап қосшыңа дейін айтатыным сол. — Жанқожа қоштасарда қобалжып тұрды.

* * *

Орынборға аттанатын елшілерді іріктейтін жолы Жанқожа оның құрамына Бәйділданы әдейі қостырған жоқ. Хиуа хандығында жүрген күйеу баласы Жанғазының ықпалынан шыға алмайтын Қожамбердінің биіне батыр сеніңкіремейді.

Биыл ерте көктемде Хиуадан келген елшілер Бәйділданың үйіне түсті... Артынан бір айдан кейін Қызылда баспашылар көрініп, Арынғазының аулы шапқыншылыққа ұшырайды... Осының бәрі тегін емес еді. Бәйділданың аулы неше жылдан бері Қызылдағы жаз жайлауынан табан аударған жоқ. Сонда да баспашы тиіп, ауылды беріктірген оқиғасы бір мәрте де кездеспейді екен. Батыр осыдан шүбәланады...

Хиуашыл бидің ішінде қандай ит өліп жатқанын кім біліп жатыр. Ондай екі жүзді адамды Орынборға жұмсап та болмайтын еді. Елдестірмек елшіден... Дастархан үстіндегі сыпайы кеңесте дау бір ауыз сезден ұшынады. Бәйділда әдейі ұшындыру үшін-ақ айта салуы мүмкін. Батыр содан қорықты.

Қазір ойланса, өзі қателеспеген сияқты. Орыс елшілері келіп кеткелі екі апта да еткен жоқ... Жаңадария бойындағы Хиуа қамалында әскер жиналып жатқан хабары шықты. Бастап әкелетін Рахманберді бек... Қасында бір мың қол сыпай бар, ескі қамалға орнап жатыр...

Хиуалық сыпайлардың санын айтып жүрген Бәйділда. Келгенін Бекарыстан хабарлады. Нұрыбай бидің немересі анық қанша адам екенін білмейді, ағасы Әйітбекті асығыс атқа қондырыпты.

Ел іші қобалжу, барлық ауылда қарайып бас көтерген жігіттер ат үстінде еді...

Күтпеген жерде Жанқожаның аулына елші келді.

Бұл жолғы елші Хиуа хандығынан, Бәйділда бастап әкеліп отыр... Бидің шағыр көзінде жымысқы күлкі, батырдың алдында байпаң қағады.

— Бұларды Рахманберді бек жұмсап отыр. Өзіңді іздеп шыққан екен. Хиуалықтар қазақтың қай аулын біліп жатыр. Жолбасшы керек еткенде баяғы мені табады...

— Хиуа ханы қазақ ішіне келгенде сені тауып жүргені бір бүгін емес қой...

Жанқожа көкейінде тұрған ашуды әзер іркіп қалды. Хиуаның әскері түп іргеңде қылышын таяп ол тұр. Ақылға жеңдірмесе болмайтын еді. Елшілермен сөйлескенде, өзін барынша сыпайы ұстауға тырысты.

Кеше келіп кеткен орыс елшісі жайлы айтты. Бәрібір біледі, қай жағына тығып қоясың. Орыстардың қала салғалы жатқанын да жасырған жоқ. Қайдан жасырасың, қасында тыңшың отыр... Әлгі әңгіменің үстінде Бәйділданың жүзіне жактырмай бір қарап қойды.

— Қазақ үстіне қала түскенін құптамайды. Сол тілегімізді білдіргелі Орынборға елші жұмсап отырмын. Біз әлсіз елміз, орыстармен ұстасуға дәрмен жоқ. Бірақ үстімізге басып қонатын болса, өліспей беріспейміз! — Жанқожа бұл жолы қатуланып сөйледі. — Сендерге беретінім де сол жауап. Ел болғың келеді екен, алыстан сыйласамыз. Бірақ, үстімізге келтіре алмаймыз!

— Аузы түкті кәпір, сенің ол айтқаныңа қарап отыра ма, ертең үстіне келеді... — деді елшілікке келгендердің ең жасы үлкені, қу мұрт қара шал. — Рахманберді бек соның алдын алуға келді...

— Ендеше, қайта беріңдер. Егер үстіме жау келіп жатса, хабары өзімнен болар...

Жанқожа сол бір сөзінде, иілмеген күйі қалды.

Елшілер кетер кезде күш айтатындай ыңғай танытқан. Хиуа қамалындағы бір мың қол қазақ аулының түндігін түріп қойып шауып алуға дайын отыр. Тек Рахманберді бек қана бейбіт тынымын жақтайтын көрінеді.

— Бек әлде де ашуын ақылға жеңдіретін шығар деп дәмеленемін... — Жанқожа қоштасар кезде, жұмсақ шырай көрсетті.

Орыс Жаманқаладан Торғайға жеткенше жүз елу жыл өткен екен. Сыр бойына қарай оқталғалы қашан... Хиуаға аттанып жары жолдан қайтты. Әйтеуір, бір асықпайтын ел... Оның қай кезде келетінін кім біліпті. Ал Хиуаның әскері іргесінде отыр... шамына тисе, үлкен шапқыншылық басталуы мүмкін...

Шульц батырдың осылай қобалжып отырған үстіне келді.

Бұрын орыс патшалығы Орта Азия хандықтары ішінде тек Бұхар әмірімен ғана достық қатынас ұстанатын. Ал Хиуа хандығымен екі арадағы қатынас жыл өткен сайын шиеленісе түскен. Әсіресе Сыр бойында Қожанияз қамалы орнағаннан кейін...

Қазақ ханы Әбілқайыр орыс елшісін қабылдайтын жолы, осы Әлім ішінде отыратын еді. Сыр бойындағы Жанкент қамалы оның астанасы болып есептеледі. Орыс патшалығы өзінің экспансиялық саясатын өрістете түсуді ойлағанда, осылай әргі тарихтан қозғайды. Бір заманда Әбілқайыр басқарған ұлыстарды әлі де өзіне бағынышты елдің қатарына қосып отыр.

Хиуа хандығы Қайып хан мен Әбілғазыны алға тартады. Ол екеуінің тұсында Әлім Хиуа хандығының қоластына қарайтын елдің қатарында есептелетін еді.

Орынбор әкімшілігіне мемлекеттік департамент тарапынан түскен мәліметке қарағанда, қазір Петербургта Хиуа хандығының елшісі жатыр.

Генерал Перовскийдің 1839 жылғы Хиуа жорығы сәтсіздікке ұшырады. Бұл ойландыратын жағдай еді. Хиуа хандығына қол салу үшін алдында қырық күншілік шөлден асуың керек екен. Екі арада қазақ сахарасы, орыс патшалығына дұшпандықпен қарайтын ел жатыр... Орынбор әкімшілігі амалсыз дипломатияның көмегіне жүгінді...

Орыс генералының тосын әрекетінен кейін, Хиуа хандығы да сақтанып қалған. Сыр бойындағы қамалына қайта оралғысы келгенде, Жанқожадан қорқып отырған жоқ, орыс қаруынан қауіптенді... Қожанияздың тырнағы батып қалған Әлім Хиуа хандығын дұшпан көріп отырғаны анық. Қысылып кетсе, аржағындағы орысты көмекке шақырады. Петербургқа елші аттандыратыны содан соң...

Тышқан мен мысықтай аңдысып отырған екі мемлекеттің дипломаттары қандай келісімге келді, оны Шульц білмейді. Орынбор әкімшілігінде отырған сәуегейлердің болжауына қарағанда, Сырдариясы екі мемлекеттің болашақ шекарасына айналуы керек. Сонда Сырдың арғы бетіндегі ел түгелдей Хиуа ықпалындағы аймаққа айналады...

— Қарақұмда қоныс таршылығы қиямет. Әлімге қараған көп рулардың жаз жайлауы Қызылқұмда. Оны Хиуа алатын болса, күнкөріс қиындайды екен. — Шульцтің сөзін тыңдап отырған Жанқожа басын шайқады. — Бір Әлім енді екіге жарылады десейші...

Дипломатияның жолы жіңішке. Бұл сияқты құпия бір жанға айтылмауы тиіс еді. Штабс-капитан өзінің ұшқалақтық жасап алғанын түсінді. Батырды жұбатып, қобалжуын басуы керек. Әйтпесе бәрін де бүлдіреді.

— Қырық күн шілденің іші. Шаруаның біреуі екеу болып, пейілі кеңитін кез. Хиуаның көкейін тескен зекет қой. Әрі кедейлік титықтатқан Әлім аулының бір бөлегі Сыр бойында тары егіп күн көріп отыр. Диқан халықта көш көлік те кемшін. Қарулы хиуалықтардан қашып құтыла алмайды. Амалсыз үсір төлеуге құл болады...

Әрине, екі мемлекет арасындағы дипломатиялық саясаттан хабары жоқ қазақ батыры, Хиуа хандығының бұл қимылы орыстар тарапынан елші келуіне байланысты жасалған әрекет еткенін түсінбейді...

— Менің қасыма бес-алты адам қосыңыз. Жаңадария бойындағы хиуалықтарға барып қайтайын...

Шульцтің бұл сөзі батырды да қанағаттандырған сияқты, өңінде жылы шырай білініп, штабс-капитанға сынай қарайды.

— Хиуалықтар мейірімсіз, дұшпанын аямайды. Жазым болармын деп қорықпайсың ба?

— Мен олармен орыс әкімшілігі атынан сөйлесемін. Әлгіде айттым ғой, Сырдың бергі бетіндегі ел патша ағзамның хұзырындағы ел болып саналады. Хиуа басқыншыларының сендерден алым-салық талап етуге хақысы жоқ...

— Әй, Жауқашарды шақыршы!

Есіктен еңгезердей қара кірді. Жасы алпысқа тақап қалғаны байқалады. Ірілігіне қарай, семіздігі де сұмдық екен. Есіктен шаққа сыйып, босаға жақта отыра кетіп еді. Сол пошымы кішігірім шоқалаққа ұқсайды. Ал екі беті қып-қызыл, жас нәрестенің өңіндей балбырап тұр.

Мынау пішімімен күрестің тәсілдерін үйренсе ғой... Онда мына қазаққа адам шақ келмесі. Шульц Жауқашардың дене бітіміне таң қалып отыр.

— Мынау орыс төресі, Жаңадария бойына келген хиуалықтарға барып қайтпақшы. Қасына адам керек.

— Барайын, Жәке!

— Елпілдемей қоя тұр. — Жанқожа оны қайтарып тастады. — Сен төрені Арыстанбайға жеткізесің. Қазір оның қарауыл үйшігі Куандарияның бергі жағасында отыр. Сенің Жанқожаның інісі деген атағың бар ғой. Хиуа қанішеріне сенім жоқ, қол-аяғыңа кісен салып, әрі қарай жөнелте салар. Одан да төренің қасына Арыстанбайды қосайық!

— Арыстанбайға алып барайын!

Шульцтің көкейінде құдық жайы. Алдынан жамандық хабар шықты да, ол бұйымын алға тарту ыңғайсыз болып қалды. Қазір батырдың көңілденіп отырған кезін пайдаланып, штабс-капитан әңгіме бетін құдыққа бұрды.

Құдық қазу көшпелі елдің үйреншікті кәсібі. Оның үстіне орыс төресі құдық қазған жігіттерге ақы төлейтін болып отыр. Қазақ ақысын шығарған істің боқысын шығарады... ақылы жұмысқа құлшына кірісетіндер табылатын еді.

Бірақ кез-келген жерден тұщы су шыға бермейді. Құдықты қай жерден қазу керек екенін сөйлескен жерде қазақтар арасында талас шықты.

— Көкшоқаттан бері қарай қаптаған орғыл құм. Шұқып қалсаң, су шығады! — деді Жақай.

Төре құдықтың көбірек болғанын тәуір көріп отыр. Ұзақ жолдан салығып жететін керуеннің жайын ойлап отырған шығар. Басы артық құдықтың қазақ үшін де зияны жоқ. Бірақ, Жақай айтқандай, кез келген кұмның арасын шұқи беруге болмас. Керуен жолы Тасқұдықтың үстімен асады. Жаңадан қазылған құдықтардың да осы жол үстінде болғаны дұрыс. — Жанқожа енді өз жобасын айтты. — Жақсықылыш пен Тасқұдықтың аралығында әне бір адыраспанды төбе бар ғой...

— Сатыбалдының келіншек алған тойында көкпар тартатын төбеміз ғой. — Жақай тағы киіп кетті. — Мен аттан жығылып...

— Өзі теңіз бойына да жақын. Содан бері қарай төрт-бес құдық қазатын жердің ыңғайы бар. Ал тұщы су шығатынына мен кепілдік берейін...

— Бір құдық үшін қанша ақы береді екен? — деді Боранбай елеңдеп. — Бекетайжан сұрашы.

Бекетай орыс төресімен шүлдірлесті.

— Бір құдыққа он бес сом дейді.

— Он бес сом жуан екі қараның құны ғой! — Боранбайдың есі шығып отыр. — Жәке, құдық қазуды мен міндетіме алам!

— Түсе қалмай, тұра тұрсайшы! — Жақайдың шыж-быжы шықты. — Орыстар да сарт іспеттес халық, саудаласып көрейік!

— Саудада басың қалсын! — Жанқожа ашуланды. — Бекетай, айт оған! Мына Боранбай қазып береді.

Қазақтар дабырласып кеткенін көрген Шульц қысылып отыр еді. Бекетай мәнісін айтқанда, күліп қоя берді.

Жақайдың аузы сойған түлкідей ыржияды.

Бір ғана Барақтың аулынан сойдауыттай он жігіт шығады. Боранбайдан өткен құдықшы жоқ. Жақайдың жаман ойы, саудаласқан болып, орыс төресін үркітіп қою еді. Одан әрі делдалдыққа өзі жүреді. Жақай жан болып кетпен сілтеп көрген жоқ. Тілінің ұшымен күн көреді.

Жанқожа араласты, бәрінің де берекесі қашты. Жақай құдық олжасынан қағылып, шерменде болып отыр.

* * *

Шульц Жаңадария бойына аттанған күні, Орынборға кеткен қазақ елшілері оралды.

Он кісі он ауыздан сөз айтқанда, бір түнге ермек тауып береді. Бұл да соған ұқсайтын еді. Орыс әкімінің алдын көріп қайтқан қазақ билері, үлкен бір сыннан өткендей, жаппай жамыраса сөйлейді.

Бәрі де орыс жанаралының бет бітіміне таң қалады. Оның оқалап тастаған екі иығы... сап-сары ала шен таққан омырауы... Сапақ айтып тауыса алмай отыр.

Билердің сөзіне қарағанда, жанаралдың айрықша ықылас көрсетіп қарсы алған сыңайы бар. Тілі жат, діні бөтен халықтың ішінде не сұмдығы жатқанын кім біліп жатыр. Мәміле сөздің бәрі ноғай тілмаш арқылы сөйлесіпті. Жанаралдың ниеті түзу сияқты. Әлім ауылдарын Хиуа шапқыншылығынан қорғауды міндетіне алып отыр.

— Қамал жайында не айтты?

Жанқожа бұл сөзді Байшоқыға қарап айтты. Баста дау шығарып жүрген де Жақайым ағайын ғой. Жанаралдың алдын көріп, мұңын айтып қайтты. Батыр сол шындықты Байшоқының өз ауызынан есіткісі келіп отыр.

— Ұлыған қасқыр қойға шаппай тынбайды. Орыстар да сол, Райымнан басқа жерді есіткісі келмейді, — деді Байшоқы күрсініп. — Алдында дастархандай көк ала қағазды жайып отыр. Орыс төрелері соның айналасында үймелесіп, көп тәжікелесті. " Райым, Райым" дегендерін ғана түсінеміз. Сірә, сол қағазының бетінде біздің Райымның сүгіреті бар ма деп қалдым ғой!

— Астапыралла!

— Оны қайдан көріп жүр?

— Орыстарда дін жоқ. Жансыз болып, келіп-кетіп жүрмегенін қайдан білдің?

— Сауда керуендері Ақиректің құйрығындағы қысқа жолмен күнде асып жатыр, — деді Жанқожа даурыққан жұртқа басу айтып.

— Бір еру болған кезінде Райымды көздеп қайтса, қиын ба? Байшоқы, сөйлей бер!

— Сонымен Райымды беретін болып қайттық, — Байшоқы үзіліп қалған әңгімесін әрі қарай жалғастырды. — Хиуалықтарды Сырдың арғы бетіне ығыстырған соң, жер де кеңиді. Жанарал содан кейін әскер қонысы да орын ауыстыратынын айтып отыр.

Жетірудың үстін басып бір ай жол жүрген билер көп нәрсеге қанығып қайтқан. Хиуаға қарағанда, орыстың заңы да жұмсақ. Зекет жинатып кіжіңдеп жатқан да ешкім жоқ.

— Олардың түтін салығы жанды ауырта қоймас. Кедей-кепшіктер бір қоймен құтылып жатыр...

Сапақ бір жаңалық айтты. Жанаралдың кеңсесінде Тұнғаншаның Ғалиын көріпті. Әбілқайыр әулетінен тарайтын көп төрелердің бірі, үш-төрт жылдан бері Шөмекей ішінде жүретін еді. Былтыр күз белгілі билермен араздасып, Қобдаға қарай көші кеткенін есіткен. Жанқожаның іші кіпі алды.

— Жанаралдың алдына біз кіргенде, бір жағымыздан сайтандай сап етті. Сақалдан ырымға жоқ. Өзі орысша сөйлеп кетсе, жұқпайды... Жанаралға бірдеңелерді былдырықтап...

Жанқожа қобалжи түседі. Әлде орыс жанаралы, Әлімнің тізгінін Әбілқайыр әулетіне ұстатып қойып, алыстан қарауыл қарағысы келетін шығар... Шөмекейдің ішін бүлдіріп кеткен сұмырай мұнда келіп кімді оңдырады?

Есінде Исатай мен Махамбеттің қазасы, батырдың денесі түршігіп кеткен.

Жол соқты болып жеткен қонақтарын одан әрі қинаған жоқ.

Батыр өрелі таңды көзімен атырды.

Әріректегі Сырым батыр тағдыры... Кешегі Исатай-Махамбет қазасы... Бәрі де хан әулетінің. айтағына ерген, орыс солдаттарының оғынан мерт болды... Сол орысты өзі үстіне шақырып отыр. Оның ақыры тағы неге соғады?

Шыпта ішінде ыдыс-аяқ салдырап, Айбарша дәрет су жылытудың қамына кіріскен кезде, батыр да басын көтерді.

Жанқожаның күндегі әдеті, таң намазын оқып болған соң, бір тостаған қымыз алдырады. Қасында бұзау терісі ақ шанаш, онда құмаршақтың талқанын сақтайтын еді. Бұл үйдің бала-шағасы былтыр күз басында қағып алған құмаршақ батырдың бір жыл үнем қылуына жетіп артылады. Жанқожа бір тостаған түйенің шұбатына қос уыс талқан тастап, қасықпен араластырып-араластырып, басына көтеріп салды.

— Қонақтар тұрған шығар...

— Бәрі де ауылдың сыртында дәрет алып жатыр...

— Айбарша, маған Сатыпалдыны шақыршы.

Ұзын сирақ Сатыпалды есіктен ентіге кіргенде, батыр терде сартасынан жүгініп отыр еді. Басын көтерді.

— Бері отыр. — Жанқожа інісіне қасынан орын ұсынды. — Орынборға барып қайттың. Орыстың отырып-тұруы қалай екен? Сөйлесіп отырғанда не байқадың?

Бұл сияқты сұрақ кездесер деп күтпеген Сатыпалды сасқалақтап қалды.

— Кәдімгідей... ықыласы түзу...

— Ұстап-тұтынатын мүлкінің түрі қандай? Мекен-жайы саған ұнады ма?

— Ұстап тұтынатын мүлкін құдай басқа бермесін! — Сатыпалдының көзі бақжаң етті. — Адам басына бір-бір қасық, адам басына бір-бір аяқ береді. Орыстың тамағына шошқа араласатынын білемін ғой, жанарал қонақасы бергенде, бір түйір аузыма салғаным жоқ!

Сатыпалды тағы біраз желпініп басылғандай еді, батыр қолын көтеріп тоқтатты.

— Адаммен қарым-қатынасында не байқадың? Жанарал Хиуадан қорғаймын дегенде, артында сақтап отырған арамдығы жоқ па екен? — Жанқожа Сатыпалдының үрпиген түріне қарап, қолын сілтеді. — Әй, сен қайдан адам танушы едің. Одан да маған Сапақты шақырып жібер. Бірақ өзіңнен не сұрағаным жайлы бір жанға тіс жарып жүрме!

— Тілім қырқылсын!

Сатыпалды үйден ата жөнелді.

Сапақ та ештеңе айтып жарытқан жоқ. Тек батырдың соңғы сұрағын есіткен кезде, бірдеңеден кәдік алғандай, би ойланып қалған.

— Өзі былай кербездеу адам көрінді. Орыстың былдырықтаған тілін кім түсініп жатыр. Іш пікірі ішінде ғой...

— Отыр. — Оны қасына отырғызып қойып, есіктің алдында сұп-сұр болып тұрған Сатыпалдыға иек қақты. — Бар, Байшоқыны шақырып кел!

Сапақ енді ғана бірдеңе түсінгендей, шыбыжықтай бастады. Әлгі сұрақтарға Жақайымның биі басқаша жауап беріп, Сапақты ұятқа қалдырып жүрер ме екен?...

Жанқожа билерді шетінен алдырып жатыр. Бәріне де беретіні әлгі сұрақтар еді. Жиырма екі жасар Шегебайды қоспағанда, алдынан сегіз кісі етті. Бәрі де ұрлығының үстінде ұсталып, қуыстанып отырғандай, өзінен бұрын кіргендердің бетіне жалтақтайды. Бәрінің де жауабы Сатыпалды мен Сапақтың деңгейінен соғып жатыр. Батыр қанағаттанбай отырған сыңай танытып, қабағында кірбің білінді.

Бәрі де білгілікті би, белгілі аталықтың тұқымдары, бір-бір рудың тізгін қолында отыр... Орынборға неге барғанын бәрі де біледі... Бірақ көріп-сезген ештеңесі жоқ болып шықты... Апыр-ау, неткен түйсіксіз жандар еді... Білгіліктісі осылар болғанда, қара халықтың көрген күні не болар?...

Орынборға барып қайтқан елшілердің ішінде ең жасы кішісі Бекмырза екен. Ол ең соңынан келді.

— Мынау ағаларыңның жауабы мені қанағаттандырмай отыр. — Жанқожа әлгі сұрағын тағы бір қайталап шықты. — Ақыл жастан дейтін еді, енді сен сөйлеші!

Бекмырза ойланып қалды. Көз алдында жанаралдың кеңсесің елестейді. Бәрі де үстелде отырып еді. Билер ашамайлы түйеге мінгендей, қопаңдай бергенде, Бекмырзаның күлкісі келді... Жалғыз кеңсе ғана емес, орыстар үйде де үстелде отырып, соның үстінде ас ішеді екен. Тапқаны керуетте, таба алмағаны қолдан жасатқан сәкі үстінде жатады. Әрине, орыс тұрмысы қазаққа ұқсамайды. Оны осы отырғандардың бәрі де көрді. Солай деп айтқан да шығар. Батыр бірақ қанағаттанбай отыр...

— Менің байқауымша, орыстың отырып-тұруы қазақтан бөлек... Бекмырза сәл іркіліп жан-жағына қарады. Билердің елеңдескен түріне қарап, буынын бекіткендей, әрі қарай жалғастырды. — Ең алдымен үй тұрмысы. Жатса — жерден бір кез жоғары, керуеттің үстінде жатады. Отырса да солай — алдына үстел қойып, жерден бір кез жоғары отырады. Маған отырған жерінде тұрып кете беруге асығатын адам сияқты көрінді...

— Отырса — жерден бір кез жоғары отырады, жатса — жерден бір кез жоғары жатады. Біз жер тырмалап жүргенде, олар биіктеп кеткен сыңай бар-ау. Тұрып жүре беретін адамдай, түрі асығыс көрінді дейсің... Қайда асығады? Әрине, аспандағы айға емес, Хиуа мен Қоқанға асығып келе жатқан шығар. Бізді қауымына алып жақындатты ғой. Егер Хиуа мен Қоқанға аттанатын болса, ерте ме, кеш пе, біздің үстімізді басып өтеді-ау. Түбі жерімізге қала салмай қоймас... — Жанқожаның өңінде мұң ізі, терең күрсінді. — Енді сен екінші сұрағыма жауап бер.

Бекмырза енді көсіле түсті.

— Орыс мекен-жайын қыш кесектен салады, тас пен ағашты да пайдаланады. Ұстайтын қаруы да темір, тұтынатын мүлкі де темір екен. Ең аяғы ошағының да астына да тас төсеп қойғанын көрдім ғой. Темір шанышқымен ас ішеді. Көшіп жүре беретін қазақ сияқты емес, орыстың ісі пісентті, әлгі мен көрген тас үйлері ақырзаманға шейін сол қалпы тұратын шығар деп қалдым ғой...

— Салған үйі қыш кесек пен тастан болса, берік шығар. Қала бір түссе, оның қайтып қозғауың қиын болады-ау. Сарттың қара балшықтан үйген қамалынан аса алмай жүрген, қазағым, маңдайыңды тасқа соққанда, күнің не болар екен. Біз найзаның ұшына қадайтын темір істік таба алмай жүрміз. Орыс алдындағы асты темір шанышқымен ішіп отыр. Темірдің тегі қару. Қаруы мықты адам кімді шыдатады?

— Ал мен шанышқы ғана емес, жанаралдың үйінде темір қасық та көрдім ғой! — деді Сапақ қопаңдап.

— Жәкемнің айтқаны рас. Әлгі торт айғыр бірдеңесіне екі құлаш ағаш тапсаң, дап-дайын найза болып шыға келеді. — Байшоқы тағы бір кәдік айтты. — Сірә үйде тамақ алып ішсе, түзге шыққанда найза қылатын шығар!

— Сендер, кідіре тұрыңдар, — деді Жанқожа. — Бекмырза енді үшінші сұраққа жауап берсін!

— Жанарал дұшпан назарын білдірген жоқ. Байқауымша, артық бір ауыз сөз сөйлемейді. Бірақ қолда барын алдымызға қойып күтті. Орыс өзің бірдеңе берсең жоламайды. Кедейлеу біреу атымның мойнындағы өмілдірігін көріп, басын шайқап еді. Сыйлап едім, шошып кетті.

— Берген жомарт емес, алған жомарт. Орыс бергеніңді алмаса, артық пайда да қалдырмас. Өйткенмен, қиянаты аз болар... Кедейі еңбегіне жалынады ғой, алмағаны сондықтан. Ал ұлығының мінезі қандай болар? Қолда барын алдыңа аямай төгеді-дағы. Тағы бір Раманқұл, тағы бір Бәйділда табылмас деймісің. Алтын көрсе періште де жолдан таяды. Қап, жемқор билердің көмекейін алтынмен тығындап құртады-ау... — Жанқожа сол басы салбыраған күйі, үні күңірене шығады. — Ал, Әлім-Шөмен, үстімізге орыс келетін болды. Орысқа қоныс керек. Тулағанмен амалың жоқ, қоныс бересің. Аузы түкті кәпір деп үркеміз-ау, орыстың соңында тыныштық келе жатқанын байқайсыңдар ма? Бәрін бүлдіретін осы өзіміз ғой. Әлгіде Сапақ айтқан Тұнғаншаның баласы Ғали төре... Ашқарақ сұлтан, Әбілқайырдың тұқымы... Жанарал кеңсесін сол төре бекер жағалап жүрген жоқ. Тек тізгінімізді соларға беріп алмайық!

Батырдың бұл сөзін билер да мақұлдады.

— Жасырғанмен қайда тығыламыз, жанарал біздің жағдайымызды біліп отыр ғой. Бұрын қара қазақтың басын біріктіріп ұстайтын күш, хан тұқымы ақсүйектер еді. Ендігінің сұлтаны қарақшыға айналған сыңайы бар. Енді байқап жүрмін, қатал да болса, Арынғазы әділ екен-ау... Оның көзін орыс бекер құртты. Бәлкім, күндердің күнінде алдымнан шығады деп қорыққан шығар. Ел қамын жеген ерден гөрі, сырттан келген жауға өз елін алып жеп, қысылса сонда барып тығылатын жалмауыз сұлтандар тиімді ғой. Бір дәметкенім Кенесары еді, қырғыздардың қолынан ажалын тауып отыр. Алты бақан алауыз қазағымнан да қорқам. Жемқор билерге орыс алтын беріп аздырып, бірін-біріне айдап салып құртады-ау...

— Кенесары...

— Апыр-ау, Кенесары қашан өліп жүр?!

Бұл қазаны билер неше саққа жүгіртіп әңгімелеп кетті. Қазақтың әдеті өлім үстінде өкпе-кінә ұмытылады. Бәрі де Кенесарының қазасына күйзеліп отыр.

— Кенесарының болары болды. Қанша жоқтағанмен, өлген адам қайта тірілмейді, — деді Жанқожа жұрттың сөзін бөліп. — Одан да елдің тіршілігін ойласайық...

Сөз қайтадан Жаңадария бойына келіп жатқан хиуалықтарға қарай ойысты...

— Орыс төресі ендігі сонда отыр. Оның ауылда болғаны оңды болды. Пана боламыз деп отыр ғой, Хиуамен қалай сөйлеседі екен, көрейік...

Билер көңілденіп қалды.

* * *

Әрі ақылға тайыз, әрі дипломатияға шорқақ Аллақұл хан жеке билік жүргізген он бес жылының бедерінде онсыз да ішкі қайшылығы әлсіреткен Хиуа хандығын біржола тұралатты. Алғашқы қадамын Айдос би бастаған қарақалпақ көтерілісін қанға бояп, басумен бастаған қатал хан өле-өлгенде осы бір азғантай халықты ата жауындай көретін жаман ниетінен қайтқан жоқ. Ол Әмударияның құйылысындағы өзбек диқандарына да сенбейді. Өзі әмірін жүргізген жылдары көбісін ата қонысынан бостырып жіберген екен. Хиуа хандығы сыпайларын әлі күнге жауынгер түрікпен тайпаларының жігіттерінен таңдайды. Солай түрікпен даласына ықпалын жүргізу арқылы көршілері Бұхар әмірі парсы патшалығымен кетіскен...

Сыр бойындағы жалғыз қамалы құлап жатқанда, Қожаниязға қол ұшын бере алмағаны да сондықтан. Аржағында Бұхар әмірі мен парсы патшалығы басқан қадамын андып отыр...

Аллақұл Сыр бойына қамал салдырғалы үшінші бір көршісі Қоқан хандығын да өкпелетіп алған. Ал алты Әлімді Әбілқайыр ұлысына жатқызатын орыс патшалығы қылышын қынабынан суыратын әлпет көрсеткелі қашан... Генерал Перовскийдің 1839 жылғы жорығын еске алса, Аллақұлдың жүрегі тітірейтіндей еді... Сыр бойына қарай қозғалғанда ғой... Жолында Кенесары отырып жан қалды. Хиуа хандығы Перовскийдің ең қиын жол Үстірт шөлін тандап алуын сонымен байланыстырады.

Жанқожа батырға Орынбор әкімшілігінен елші келіп жатқанын Хиуадағылар да есітіп отыр. Қазір Қазақдария маңында көшіп-қонып жүрген Жанғазы сұлтан сол күні-ақ жеткізіп еді... Қасына мың кісілік қол керек... қазақ сұлтаны Әлім аулының күлін көкке ұшырып, Жанқожаны тұтқындап алдына әкелетінін айтты. Алты Әлім Әбілқайыр әулетінің сүйегіне кетпестей таңба басқан. Жанғазы сұлтан басымен Қызылдың құмынан жаяу асқан кезін... бір ай бойы қой соңында жүрген сонау қорлық күндерді әлі ұмытпайды.

Қазақ даласына қарай жорық ұйымдастырылса, аржағында қаһарлы орыс патшалығымен ұстасады. Хиуа хандығы ондай ерлікке тәуекел ете алмай отыр...

Жанқожа батырдың аулына орыс елшілері бекер келіп жатқан жоқ. Үстірттен асатын жолы мықтап опық жеген орыс генералы, жаңа жорыққа дайындалып жатқан хабары жылда бір естіледі. Перовский айлакер түлкі, бірінші жолы қателескен екен, енді оны тіріде қайталамайды. Жорық қайта басталатын болса, Үстірттің үстін басып емес, қалың елдің ішін аралай жүруі керек. Генералдың жолында Әлім жатыр...

Жорық басталмас бұрын, жолындағы елді тыныштандырып алуы керек еді. Орыс елшілері сол мақсатты көздейді.

Жаңадария бойындағы ескі қамалға екі жүз елу адамдық жасақ, тек қазақ ауылдарының көзін қорқытып қою үшін жіберіліп отыр. Бәрі де түрікпен жігіттері... Хиуа хандығы дихан халық өзбектер мен қарақалпақтан ерлік шығатынына әлі де шек келтіреді. Өздері ылғи қобалжып отыратын осы тайпалардан гөрі, жалдамалы әскерлеріне көбірек сенетін еді.

Бірақ түрікпендерден жасақ құру үшін қыруар қаржы керек. Қазына қоры онсыз да сарқылып біткен Хиуа хандығының сарай күзетінен артылған әскері әлгі екі жүз елу адам... Рахманберді бекке бастатып жіберіп отыр.

Осыдан екі жыл бұрын Хиуаға орыс патшалығынан елші келді. Өздері бес адам, басшысы подполковник Данилевский еді. Екі мемлекеттің арасында ежелден келе жатқан шекара дау-жанжалы сөз болды. Орыс подполковнигінің мысы басқан Хиуа ханы қорғалақтап қалған. Арал теңізінің солтүстік жағалауындағы, Сыр өңіріндегі — өзінің ықпал аймағына жататын елдерде бұдан әрі басқаша саясат ұстанатын ыңғай танытты.

Соның алдында екі жыл бұрын, Орынборға Рахманқұл барып, Жанқожа батырдың арыз-шағымын жеткізгенін Хиуа хандығы білген жоқ. Данилевскийдің бұл сапары соған байланысты еді. Подполковник Хиуа хандығынан үлкен жұмыстың үдесінен шыққандай болып, көңілді қайтты...

Хиуа ханы сөз жүзінде қазақ даласының ішкі ісіне қол сұқпауға уәде бергенмен, тыныш қарап отыра алған жоқ. Зекет жинайтын мектерлері — ана жақта Адай ішінде, Арал теңізінің сыртында Қыр Шектісі ауылдарында жиі-жиі төбе көрсететін... Қызылды жайлайтын ауылдарды да бездіріп жіберіп еді... Ұрының арты қуыс, Перовскийдің жаңа жорығынан қауіптенгенде, Хиуа хандығы әлгідей қиянатының бәрін де еске түсіреді.

Ал қазақ арасынан жиналып келіп жатқан зекет сарқылып қалған хан қазынасына құйылып жатқан тегін олжадай көрінеді. Одан бас тарта қою қиын еді. Сыр өңірінен әлі де күдер үзген жоқ, ентелеп келіп қалған орыс патшалығымен сөйлесіп көргісі келеді. Петербургқа өз елшісі Мухаммед Әминді жұмсап отыр.

Хиуа елшісі орыс астанасына аттанғалы да бір жылдан асқан. Алғашқы хабары жақсылыққа бастайтындай. Орыс патшасы Сырдың сол жақ жағалауын жайлайтын елге кеңшілік жасайтын ыңғай танытыпты. Сонда Қуаңдария мен Жаңадария өңірінен бастап, Қызылқұм аталатын ұланғайыр өлкеде Хиуаның оң қолынан басқа ортағы жоқ... Бұл жерде ол Бұхар әмірі мен Қоқан хандығын есептен шығарып тастайтын еді.

Қазақ арасында орыс елшілері жүргенін есіткен күні Хиуа ханы Рахманберді бастаған сыпайларды Жаңадария бойына асығыс аттандырды. Жанғазы сұлтанның әрекеті бұл жолы іске аспады. Хан қазақтарға тиісуге үзілді-кесілді тиым салып отыр. Онда Петербургтағы келісім сөз сәтсіздікке ұшырайды. Тек Жанқожа батырға елші салып көруді тапсырды. Қазақ ауылдарында ауызы түкті кәпірлерге тосқауыл болар қауқар жоқ. Қажет болса, Хиуа сыпайлары көмекке келетінін айтсын. Ал қоныстан қысылып отырған ауылдарды хан қарамағына, Қызылқұм жайлауына шақырады... Хиуа мен Бұхар патшалығынан шекарасы түйісетін жерде кең өлке иесіз бос жатыр. Баяғы заманнан қалған құдықтар сол қалпында... онда бүкіл Әлім-Шөмен еркін сыйысып кетер еді.

Штабс-капитан Жаңадария бойындағы Хиуа бекінісіне бет алып бара жатқанда, Жанқожаға барып қайтқан елшілер Рахманберді бектің алдында отыр еді.

Батырдың сырғытпаға салып отырғаны анық. Кеше ғана ардақты ағасы Ақмырзаны өлтірткен Хиуа хандығы... Оны Жанқожа ата жауым деп түсінеді. Одан жылы жауап күтіп отырған Рахманберді де жоқ. Жанқожаның қабағын бағып көруі керек еді. Елшілердің айтуына қарағанда, сырттай сыр бермегенмен, салқын қабақпен қарсы алыпты.

Сырдың арғы бетіндегі қазақтар Хиуа сыпайларын көмекке шақырмайды, дарияның бергі бетіне де көшпейді. Баспашының қылышына түскеннен гөрі, қысылып-қымтырылып өмір сүргендері артық.

Бүгін-ертең Сыр бойында орыс бекінісі пайда болатыны анық еді. Елшілер қамал орнын да айтып беріпті. Райымда орнайды...

Бұл сияқты құпияны Бәйділда да жатқызбайды. Оны батыр да растап беріпті.

Рахманберді сол күні түнде Хиуаға шапқыншы аттандырды. Соңғы жаңалықтарды ханның есіне салып, бұдан әрі қандай әрекет жасауы керек екенін сұрайды.

Бірақ ол Жаңадария бойында орыс офицерін кездестірермін деп ойлаған жоқ-ты.

Сымбатты орыс жігіті қолдасып жатып, штабс-капитан шенін атағанда, Рахманберді сасып қалды.

Хиуа ханы қазақтармен қылыштың жүзі арқылы сөйлесуге тиым салып отыр. Ал орыс елшісімен қалай сөйлесу жайлы тапсырма алған жоқ-ты. Ханның алты айшылық алыстағы Петербургқа Мухаммед Әминді жетіскендіктен жұмсап отырмағанын іші сезетін сияқты... Патша ағзамының өкілдігін алып келіп отырған орыс офицерімен сыпайы сөйлесуі керек екенін Рахманберді әлдеқалай түйсінді.

Оның сыпайыгершілігі жағымпаздыққа ұқсайтын еді. Өздері тең адамша сөйлесетін орыс төресінің алдында Хиуа бегінің құрақ ұшып жүргені қазақ жігіттері үшін ерсі көрінді.

— Күштінің арты диірмен тартатыны рас екен-ау...

Арыстанбай Бекетайға сыбыр етті. Оның түсінігінде, орыстар күшті... Хиуа хандығының онымен ұстасатын қауқары жоқ.

Қой етін турап бабымен пісірген палауға тойып алған соң, қазақ жігіттері қалғып-мүлгуге кірісті.

Рахманберді сөйлеп отыр. Хиуа сыпайлары ескі қамалға жиналғанда, Жаңадария мен Қуаңдария өңіріндегі қазақ ауылдарын Қоқанның шапқыншыларын қорғау үшін келген екен. Бір жағынан, Қызылдың үстімен Бұхарға қарай асатын орыс керуендерінің қауіпсіздігін де ойластырады...

— Жақында ғана қазақтардың үлкен қылмысының үстінен шықтық, — деді Рахманберді, қолдан келсе, ілік тауып, шағыстырып қалуға тырысады.

Шульц елендей бастайды.

— Бізден он шақырымдай жерде өткел бар. Содан өткен орыс керуендері, отыз шақырымдай шыққан соң тосқауылға кездеседі. Абұйыр болғанда, сол күні керуеннің ізінен жүз сыпай аттандырып едім. Тонап жатқан қазақтардың үстінен түсіпті...

— Ол қарақшылардан қолға түскен ешкім бар ма?

— Босатып жібердік. — Рахманберді екі қолын жайды. — Хиуа сыпайларын қазақтар онсыз да жақтырмайды. Ал адамдарын тұтқындай бастасақ, одан әрі...

— Қай ауылдың адамдары екені белгілі ме?

— Бұл маңайдың көпшілігі кішкене руы ғой. Бастап жүрген Барақтың Қожағұлы деген біреу...

Егер Рахманбердінің айтып отырған Қожағұлы, құдықшы Боранбайдың немере туысы екенін білсе, штабс-капитанның екі көзі атыздай болар еді. Ол арасын Хиуа бегі де біліңкіремейді. Әрі қазбалаған жоқ.

Қожанияз қамалы құлайтын жылы басқа туыстарынан енші алып шыққан Қожағұл, жалғыз үй Қызылға қарай көшкен. Әр жерде жылқы ұрлаған хабары есітіліп жүрді. Барымталап мал алмайды, Қожағұлдың ісі баста ұсақ ұрлық еді.

Бірте-бірте қасына жігіттер жиналады. Қожағүл қазір жеті-сегіз үйлі ауыл болыпты. Бәрі де кішкене екені рас. Бірақ Қожағұлдың қасындағы жиырма жігіт, әр рудан бас құраған тентектер... Былтырдан бері олардың жылқы ұрлығы барымтаға бергісіз болып, талай ауыл тіксініп отыр.

Қожағұлға орыс керуенін сілтейтін Бәйділда... Іле-шала Рахманбердіге хабарлады. Қожағұл керуен тонаса, орыстардың алдында Жанқожаның абыройы төгілуі керек. Рахманберді тап осы арасында жөнді түсініп жарытқан жоқ-ты. Жанқожаның туысы Қызылда көшіп-қонып жүреді деген ойына да кірмейді. Бұл жері Шульцке айтылмады.

Штабс-капитанның қолында артық билік жоқ, хиуалықтарға қоқан айбат көрсетті, бар хүкімі сонымен аяқталатын еді. Түнделетіп кейін қайтты.

Оның бір міндеті Сыр бойында, Арал теңізі жағасында, кемелер ұстауға қолайлы жер ыңғайын қарастыра жүру еді. Жол бойы Бозкөл шығанағын көрді... Ұрымтал бекініс орнатуға қолайлы түбегі де бар, үлкен қойнау... Әттең, бұл жер әзір Хиуа ықпалында қалғалы тұр.

Штабс-капитан үш жерге жіп тақты. Бірінші Құмырсқалы — керуен жолына жақын, түбі кемені сүйреп жеткізетін болса, суға Құмырсқалыдан түсіру керек еді. Дарияның құйылысында Қосарал. Кеме тоқтауға онда да қолайлы. Сондай бір айлақты Райым көлі мен Жалаңаш көлінің аралығынан да жасауға болады.

Әрине, бұл сияқты жоба-жоспарлар құпия сақталады. Оның блокнотына не түртіп алып жатқанын, басқа түгіл, Бекетай да түсінген жоқ.

Елшілер батырдың аулына түнделетіп жетті.

Бұлар жолда жүрген бес күннің ішінде Боранбай бес құдық қазып қойған. Жанқожа соны айтты.

Биенің бір сауымындай ғана жол екен. Шульц барып қайтты. Батырдың сөзінде қате жоқ. Бес құдық дайын. Боранбай енді алтыншысына кірісіп жатыр.

— Суы айрандай тұщы!

Шульцке бір бақыраш суды ұсынып жатып, Боранбай мақтанып қойды.

— Бұл жердің аты не? — Шульц жер атын блокнотына жазып алу керек еді, қаламын дайындады.

Бір жағында Тасқұдық, бір жағында Жақсықылыш... тап екеуінің арасында, осы жерге әзір ешқандай атақ тағылмапты. Бекетай соны айтып тұрып күлді.

— Аты енді қойылады. Бәлкім "Боранбай қазған алтықұдық" атанатын шығар...

Бұл маңай сол күннен бастап "Алтықұдық" атанып кететінін Бекетай білген жоқ.

Шульц Боранбаймен сол жерде есептесті.

Құдық қазылып бітті. Жер жағдайы, ел тұрмысымен танысты. Енді жүруі керек еді.

Ол қазақ батырына ырза еді. Орыс патшалығы үшін қазақ даласынан бір адал дос тапқаны анық... Штабс-капитан қуанып бара жатыр.

ОРАМ БОЛҒАН ЖЫЛЫ

Көкшекөлдің сыртындағы құмның ішінде жалғыз салт атты төпеп келе жатқан. "Талтаңбай қазғанда" отырған Палуандардың аулына жетіп, ат басын тартты.

— Қорен ата, тездетіп ат ерттет!

Аттан түскен Шегебай тізгінді тастай берді. Жануар ақтанкердің үсті ақ сабындай болыпты, ілгерілі-кейін кетіп тұр еді. Шегебай басын шайқады.

— Мынау енді мал болмайтын шығар... — дейді өкініп.

— Ей, не боп қалды!?

— Жаңадария бойына Хиуаның жер қайысқан қолы орнап жатыр. Арыстанбайдың өзі барып көріп қайтты. Жәнкенттің қасындағы қарауыл үйшігінен түн ортасында шықтым. Содан бері төпеп келе жатқаным. Жылқы байғұста не жан қалсын!

Қорен ақсақалдың ауылынан ат ауыстырып мінген Шегебай Жақсықылышта отырған Жанқожаға түнделетіп жетті.

Ауыл түн ішінде қасқыр тиген қойдай бүлінді. Батырдың үйінен жан-жаққа шапқыншы кетіп жатыр.

Жақайдың қасына бес жігіт қосып, Жаңадария бойына қарай аттандырды. Бәйділданың соңындағы Қожамберділер қысы-жазы Қызылдың құмында көшіп жүретін. Қаракесек пен Шөмекей ауылдары да бірталай ел... Жақай "қыдырып жүрген адам болып", қалың қолдың ау-жайын байқап қайтады.

— Мен Райымдағы орыс төресіне барып қайтамын. Жаңадария бойына әскерін жіберсін. — Жанқожа атқа мінді. — Келген жұртты қайтармаңдар. Жақын маңдағы ауылдармен хабарласып отырыңдар. Бір жігіт қалмай атқа қонсын! Мен түнделетіп болса да, қайтып оралуға тырысармын.

Қасында Бекмырза бастаған бес адам жолдасы бар, түн ішінде жолға шықты.

Райым бекінісі орнағалы үш-төрт айдың жүзі болып қалған. Атқа жеккен арбалары сырқылдап, шұбатылған қалың қол теңіздің тұмсығын айналғанда, қар жаңа кетіп жатыр еді. Болашақ бекіністің коменданты подполковник Ерофеев Жақсықылыштағы батырдың аулына соғып, қонақ болып кетті.

Жасы жер ортаға келіп қалған орыс төресі өте ізетті кісі көрінді. Әңгіме үстінде Жанқожа Сырдарияның арғы бетінде қазақтар қойған қарауыл үйшіктері бар екенін айтқан. Сол сәт төренің жүзінде елп еткен қуаныш сәулесін байқады. Егер хиуалықтар бері қарай жылжитындай әлпет көрсетсе, дереу хабаршы аттандыруды өтініп еді.

Жаңадария бойына жер қайысқан қол бекер жатқан жоқ. Бір шапқыншылықтың таянғанын батыр байқап келеді.

Жолаушылар Шөміш тауының тұсынан өтіп бара жатқанда, таң ағарды. Анадай жерде жалғыз атты шоқырақтап келеді екен. Батыр аттың басын тежеді.

— Мынау хабаршы ғой!

— Аты болдырып қалған-ау...

Бұлар салт атты жолаушыны тосып алды. Бет пішімі бейтаныс, үрпие қарайды.

Амандық қысқа қайырылды.

— Ал, жігітім, жол мәнісін айта отырайық. Қайдан келесің?

"Жігіттің" жасы алпыста, ұлты қарақалпақ болып шықты.

Жаңадария бойында қалың қосын келіп жатыр. Ұзын саны үш мыңға жақын қолдың бес жүздейі қарақалпақ жігіттері екен. Бұл өткен түні сытылып шығып кетіпті...

— Қосынды бастап келе жатқан Рахманберді бек. Қасында Жанғазы сұлтан бар деп есіттім...

Жанғазының есімін есіткенде, батырдың түсі бұзылды. Хан тұқымы ақсүйек, Едігенің ескі кегін жоқтап келе жатыр-ау... Қызылдан жаяу асқаны осыдан он-ақ жыл бұрын еді... Шекесіне тимеген екен.

— Жанғазының қасында үш-төрт жүз қазақ жігіттері бар... Олар жолдан қосылды.

Бәйділда болды ғой... Қызылдағы ауылдарды азғырып, атқа қондырып отыр... Күйеу баласының шашпауын көтереді...

— Өзің қарақалпақ екенсің. Үйіріңнен адасып, мұнда қайдан жүрсің? — Жанқожаның ойы бұл қарақалпақты тыңшыға жорып тұр еді, жүзіне сынай қарады.

— Менің атым Шектібай, Мәтнияз үйшінің баласымын. — Соны айтқанда жолаушы ат үстінде жөнделіп отырды. — Жақайым ішінде Дәулет Қондыбай деген жігітке қарындасымды беріп едім... Әрі соларды көріп қайтайын деп, әрі мынау жаудың хабарын айту керек... қашып шыққаным ғой!

— Е, е, Қондыбайдың қарақалпақ қайнағасы сен екенсің ғой... — Жанқожа тани кетті. — Алда бақыр-ай. Жауда да бір үйің болсын деген осы...

Қарақалпақтан да жігіт жинағанына қарағанда Хиуа ханының бір жаман ниетке мінгені анық еді. Сыр бойы қарақалпақтың атамекені.. Ата қонысынан адам қозғалмайды, басында қазақтардың қысымына шыдамай ығысқаны рас... Сонда бұл жерде де Едігенің ескі кегін қайта қозғап отыр.

Едігенің ескі кегін ойласа, есіне Жанғазы сұлтан түседі. Сол жолы Бәйділданың бір ауыз сөзін қимап еді. Әрі ана жақта

Баймағамбет сұлтан... Сегіз жылдан кейін сол Баймағамбет сұлтан Махамбет батырдың басын алдырды. Бірақ адал қан жіберген жоқ, бір жылға жетпей, өзі де суға кетіп өлді...

Жанқожаның ойы неше саққа жүгіреді. Шектібайдан айрылғаннан кейін жолаушылардың жүрісі ширады.

Қамысты көлінің басын айналған соң-ақ, Райымның биігі алыстан көзге ұрады. Тау басындағы сұр балшықтан тұрғызылған төрт құлақты тамды көргенде, батырдың жүрегі шымырлады. Рай Қарасақалдың белгілі азаматы еді. Содыр Шорабайдың қолынан қаза тауып, сүйегі осы жерде қалды... Қазір бейітінің қасында орыс бекінісі... ауызы түкті кәпір...

Жанқожаның еріні жыбырлайды. Аят оқып келеді.

Тау бөктерінде қаптаған ақ шатырлар... Брезенттің қандай болатынын білмейтін қазақтар осынша шатыр үшін қанша қойдың жүні керек екенін есептей бастады.

Шатырлардан жоғарырақ қазып тастаған орлар көрінеді.

Оның да op емес, келешек әскер тұратын бастырма барақтар орыны екенін біліп жатқан қазақ жоқ.

Райым тауының бергі беті ақ татыр болғанда, Жалаңаш көліне қарайтын жағы шөбі шүйгін жайылым еді. Ат көліктері сонда жүр...

Подполковник Ерофеев батырды шатырының ішінде қарсы алды. Басқа шатырлардан айырмашылығы жоқ, бұл да ақ брезент. Тек төрге шейін түгі жоқ арзан кілемдер жайдырып, қақ ортасына ұзын үстел қойдырыпты.

Батырдың астына кілем жайдырып, төрге отырғызды.

Бес жігіттің бірі Бекетай еді. Орыс бекінісінде тілмаш болмай қалуы кәдік, батыр ерте шықты.

Бекетай өзінін орысшасы қай дәрежеде екенін біледі, жүрегі дүрсілдеп отыр.

Бірақ оның көмегі қажет болған жоқ. Ерофеевтің қасында семізше қара кісі — Ғали Тұнғаншин бар еді. Бұл да Әбілқайыр әулеті, сұлтан... Ғали Жанқожаның сөзін қолма-қол аударып отыр.

— Сұлтан, сіз қалай ойлайсыз? — Ерофеевтің жүзінен мазасызданып отырғаны байқалады. — Хиуа хандығымен арадағы келісім бойынша, Сырдарияның құйылысы Россияның ықпал аймағы болып саналады. Олар әзірге әскерін Жаңадария бойында топтастырып жатыр. Сонда бері қарай жылжуы мүмкін бе?

— Алдында орыс бекінісі тұрғанда, артына бақсын! Қазақ ауылдарын өз жағына тартудан әлі де дәмесі бар... Тек қоқан айбат көрсетеді ғой...

— Мен де солай ойлаймын...

Ерофеев содан кейін өз жобасын айтты.

Хиуалықтар Сыр бойына қарай аттап басуы мүмкін емес... Орыс патшасына берген анты бар, оны бұзуға тәуекелі жетпейді. Оған қарап, әрине, қамсыз отыруға болмайды. Батыр қарауыл үйшіктерінде жігіт санын көбейтсін. Хиуа қолы Қуаңдариядан бері қарай өткен жағдайда, орыс әскері де қозғалады.

Жанқожа бес жүз солдат сұрап еді. Сол шамалы жігіт қазақ ауылдарынан да жиналады. Әзірге бір мың қолмен Сырдарияның арғы жағасына өтіп, Хиуа сыпайларының жолын тосқысы келіп отыр...

Ежелден сұлтан әулетіне сезікпен қарайтын әдеті, Жанқожа бұл сезігін жасырған жоқ.

— Бір Әбілқайыр әулеті Рахманбердінің қасына ергенде, екіншісі — сен орыс бекінісінде отыратының қалай? Сонда қайсысы жеңсе де, хан тұқымының есебі түгел болғаны ғой?... — деп еді.

Ерофеев батырдың не айтқанын білгісі келгенде Ғали сұлтан сәл қипақтады. Жанқожаның үш ауыз сөзін аударып беру үшін әккі төреге едәуір былдырықтау керек болғанын қазақтар да байқап отыр. Подполковник езу тартты. Өз сөзінің оған дұрыс жеткеніне шәк келтіріп отырған Жанқожа тағы ыңыранды. Өйткені Ғали да күліп еді. Сонысы батырдың шамына тигендей екен.

— Қатынның қары күледі, еркектің қоры күледі. Аталы сөзге арсыз ғана күлетін еді. Ендеше мына сөзімді тағы жеткіз. Шөмекейдің ішінен шулатып кетіп едің. Енді Райымға келіпсің. Әлімнен дәмелі шығарсың. Бәрібір саған тастаған толарсақ тимейді!

Шөмекей ішінде өзін хан дәрежесінде ұстаған Ғали сұлтан зекеттің есебінен мал жиып, екі жылдың ішінде мың айдаған байлардың қатарына қосылатын еді.

Орынбор әкімшілігінің кей жұмысына өзі де түсінбейді. Қазақ ауылын көріп жүр, хан тұқымын жек көреді. Бұл жағдай әр жерде-ак байқалатын еді. Әкімшілік орындары Әбілқайыр тұқымын алдына ұстай жүретін жаман әдетін сонда да қоймайды. Райым бекінісі орнағалы толық торт ай да өткен жоқ... Екі айдан кейін Ғали төре келді. Қолында әскери губернатор канцеляриясынан алған жолдамасы бар... Ғалиды бекініс комендантына кеңесші етіп тағайындап отыр.

Кеңесшісінің кескіні мынау, қазақ батырымен шәлкем-шалыс келіп қалды.

— Батырға айт, ренжімесін. Орыс қаруы қазақ ауылын Хиуа шапқыншылығына беріп қарап отырмайды, — дейді.

Осымен әңгіме тынды.

* * *

Жау тал түсте қапы соқты.

Ақирек жотасының солтүстік-шығыс жақ бетінде Сырдарияға жақын отырған ауылдардан аман қалған біреуі жоқ. Хиуа сыпайлары Шөміш тауының тұсына шейін келіп, сол өңірдегі бір бөлек Әйдербек аталығын көшіріп әкетіпті... Қимылдары асығыс, барған жерін бөрі тиген қойдай бөріктіреді. Көшкісі келмей дәлел айтып, жалтарып керген шал-шауқандардың басы жарылды.

Әне жерде де, міне жерде де үдере тартқан көш... соңдарында жалақтап қылыш келе жатыр...

Көштің алды Сырдарияға жеткен жерде ошарылды.

Өткел жалғыз... ауыл саны жүзден асады. Мыңға жақын үй... алты-жеті мың түйелі көш бірін-бірі кимелеп, жалғыз өткелдің аузында үймелескен...

Артында Хиуа сыпайы, төбесінде қамшы ысқырынады.

Аяқты малдан жылқы мен түйе... Оларды жүздіріп өткізді.

Ал түйелі көш өткел аузындағы төрт-бес қайықтың кезегіне қарайды. Ол қайықтар да Хиуадан әкелінген. Кейбіреуіне бір ауылдың көші түгел жайғасқандай еді. Сонда да үлгіре алатын емес.

— Көшті жүздіріп еткізіңдер!

Хиуа сыпайлары сойылдай бастады.

— Ау, бала-шағаны қырасыңдар ма?

— Су тілсіз жау...

— Мырзалар, бұларың қиянат қой!

Бұл алтынбайлардың көші еді. Әр жерден наразы дауыстар шығып, балалардың жылаған дауысы шықты.

Арт жақта төбелес бұрқ етті. Ашуланған бір жігіт хиуалық сыпайды ат үстінен жұлып алыпты. Сол жерде жарқ еткен қылыш көрініп, біреулердің басы ұшты... Дауыс қылған әйелдер,, шыңғырған жаралылар...

Бір сыпай бүктетіліп жатыр. Оны ат үстінен жұлып алған Бәркелет еді. Жасы сексенге шықса да, қаруы қайтпаған екен. Тақыр жерге төбесімен түскен хиуалық сеспей қатқан.

Адамы өлгенін көрген соң сыпайлар өшігіп кеткен. Он шақты жігіттің басы шабылды. Одан қоршаудағы бесіктерге тиісіп, кездескен жерде жұлып әкетіп жатыр. Қанішер қорқаулар шырылдаған нәрестелерді бесігімен суға атты.

Әлгіде бұрқ етіп басталған төбелестің тыныштануы да шапшаң болды. Бәрі де балаларының тағдырын ойлап, зәрелері ұшқан сыңайы бар. Жүк артылған түйелер салт атты жігіттердің жетегінде суға түсті. Қатер жақын екенін хайуан екеш хайуан да сезгендей, ауыздарынан жынын шашып, бақырып-шақырып, суға қарай баспай көткеншектейді.

— Алла!

— Я, су иесі Сүлеймен, жар бола гөр!

Бәркелет сыпайлардың қылышынан аман қалған торы айғырдың үстінде, көшін жүздіртіп бара жатыр...

Бір жерге шоғырланып алған көш арғы жағаға шыққан соң да тобын айыра қоймай, қатар жылжиды...

Алдыңғы күні түс қайта ірге көтерген ел... одан соң да бір түн өткен... Күн кештетіп, түйелер бұрлығып алды шөге бастап еді.

— Ау, еру болайық...

Елдің алдымен Бәркелеттің көші тоқтады.

Әр жерде баласын жоқтап, сыңсыған әйелдердің даусы шығады. Еркектерінде үн жоқ, бәрі де қандарын ішіне тартып, томсарып алыпты.

Хиуа сыпайлары да ат тізгінін тартты. Бұдан арғы сүргінге адам шыдағанмен, ат-көлік шыдай алмайтынын олар да сезіп тұр. Әрі аттары да болдырды. Оны ауыстырып міну керек еді.

Көш тоқтады.

Әр жерде итарқалар көрініп, жерошақтар қазылды.

Енді дауыс қылған әйелдердің ойбайы да күшейе түскен. Бәркелеттің төбе құйқасы шымырлайды.

Тезірек күн батса екен...

Күн батса, сытылып шығып кеткісі келіп отыр...

Жанқожаға хабар беру керек...

Жазықсыз жазым болған боздақтар... Қанша нәресте бесігімен суға атылды... Көз алдында сол сурет, шалдың төбе құйқасы шымырлайды.

Жанқожа білмей жатыр ғой... Хиуалықтар олар Жақсықылышқа жақындамай кейін қайтты... батыр бұл хабарды бүгін естиді.

Өткен түні, көштің беті Сырдарияға қарай тартқанын көрген жерде, сытылып кетпегеніне өкінді. Онда мынау сұмдықты да көрмейтін еді.

— Ау, хабарлас-ау!

Дүрлігіп жүрген Шорабай екен. Бәркелет тыжырынды.

— Бейсаубет жүрген жолаушының бәрі жансыз болатын болса, сені де ұстау керек онда! Қаңғырып қайдан келдің?

Бәркелет ашу шақырды. Бес бірдей азаматтың басы алынғаны анау... Бұл болса, қызық көріп, қарық болып келген адамша көкіп отыр...

— Ау, Бәке! Менің ауылым бір қырдың астында емес пе?

Жанғазы ханға сәлем беріп келе жатырмын. Содан соң Қарақұмдағы ағайындар көшіп келе жатыр деген соң... Бәкетай, қарап отырып бәле жапқаның не? Өйтетін болса, ханның жасауылдарына айтып...

— Айтқанда менің шандырымды пісіріп жерсің!

Екеуі бір дәуір керісіп алды.

Манағыдай емес, Шорабайдың қарқыны бәсеңдеп қалыпты.

— Әй, сен әлгі Жақайдың жағдайын айтшы? Қасындағы бес жігіттің басын алдырғанда, сарттарың оны қалай тірі қалдырады?

— Оның артында Жанқожасы бар ғой.

— Жақай қайда қазір?

— Іздеп баратын ба едің? — Бәркелеттің осынша қазбалағанына Шорабайдың жыны келіп отыр. — Жақай "би" қазір Хиуаның жолында. Қасында он жасауыл күзеті бар, ханның өзіне алып бара жатыр...

Бәркелет бұл сөзді де көкейіне түйіп қойды.

Түн жамылып сызып отыруға бекінген. Жау қандай әрекет жасағалы жатыр, біле кеткеннің зияны жоқ еді.

— Хиуа бегі күшті екен, Жанқожаға неге аттанбайды? Батырдың ауылы бір қырдың астында, Жақсықылышта отыр.

— Ал Райымдағы орыс әскерін қайда қоясың? Жанқожа да шоқынды. Ел үстіне аузы түкті кәпірді шақырды. Шоқынды шоқындыны жауда қалдыра ма?

Бір қызықтан қалып қоямын деп қорқатын сияқты, Шорабай қайнап жатқан қазанға қайта-қайта қарағыштайды.

— Қазандарыңның түбіне тас түскен бе? — деді ақыры шыдай алмай тықыршып.

— Қатын, асыңды түсір!

Өзі де Шорабайдан құтыла алмай отырған Бәркелет қатынын асықтыра бастады.

* * *

Жанғазы сұлтан араға он жыл салып, Әлім ішіне қайта оралып отыр.

Бәйділданың кепілдігімен, Жанқожаның қолынан босап шыққан соң бір ай да өткен жоқ, Хиуаға қарай сырғып кетті. Қатын-баласын алып, Қожамберді ішіне қайта оралмақ еді. Егер Аллақұл хан тарапынан қолдау тапқандай жағдайда, Қожанияз қамалындағы қанды оқиғаның ізін суытпақ емес, сұлтан қанына қарайып бара жатты.

Сол екі арада Кенесарының хабары шықты...

Әлім Абылай әулетін хан көтеріп жатыр. Әбілқайыр тұқымынан Хиуа хандығы түңіліп біткен. Жанғазы сарай маңынан шеттетілді.

Соңғы он жылдың бедерінде кекті сұлтанның тым-тырыс жатқаны сондықтан еді.

Былтыр Хиуа тағына Мухаммед Әмин отырды.

Тақ иесі өзгерген сайын, маңайын жағалаған адамдарға деген көзқарас та өзгеріп отырады. Әрі көптегі арманы орындалып, қолына билік тиген сәтте, әркімнің де ықтыжарды тыңдамай кететіні бар... Алақанында тұрған Сыр бойы қазақтарынан Аллақұлдың айырылып қалғанына Мухаммед Әмин өкінішті еді. Қожанияз қамалына қайта оралғысы келіп өктеген қазақ сұлтанына оның екі саусағының арасынан бас бармағын шошайтқанын да біледі. Жаңа ханның түсінігінде Жанғазыда кінә жоқ...

Бұл жерде Жанғазы екеуінің пікірі бір жерден шығып отыр.

Райымда орыс бекінісі орнап, Арал теңізіне орыс қайығы түсіріліп жатқанын есіткенде, хан қаһарға мінді.

Бірақ Аллақұл ханның көзі тірі кезде жасалған келісім шарт бойынша, Хиуа хандығы Сырдарияның арғы бетіне аттап аяқ баса алмайды...

Жанғазы өз жоспарын ұсынды. Әуелі Сырдың арғы бетіндегі қалың елді бері қарай көшіріп алатын еді. Жаңадария мен Қуаңдария өңірі кең, бір жағында Қызылқұм, — қазақтың қыс қыстау, жаз жайлауына жетіп артылып жатыр... Содан кейін Жанғазы өзін Әлім-Шөменнің ханы етіп жариялайды.

Қалың елді бері қарай бөріктіре қуу үшін сұлтанға Хиуа сыпайының көмегі керек... Жанқожа сияқты бір-жар бүлікшілердің көзі жойылса, қазақ Жанғазының ашса алақанында, жұмса жұдырығында, ық етіп дыбыс шығармайды...

Бұл жердегі жалғыз қауіп — Райымдағы орыс бекінісі... Бердянка, қарабинмен мұздай қаруланған бес жүз солдат жатыр... Подполковник Ерофеевте зеңбірек те бар. Хиуа ханы тыңшыларының көмегімен бәрін де біліп алған.

Хиуа әскерінің әрекеті қапыда соғуға негізделді. Райымдағы орыстар есітіп үлгіргенше, арғы беттегі ел Сырдан бері өтіп те болады... Мұхаммед Әмин хан екі мыңға жақын қол ұйымдастырды. Елу-алпыс мылтығы бар...

Хан қосынының ұйытқысы үш-төрт жүз түрікпен жігіті... Қалғаны өзбектер мен қарақалпақтар, сосын Жанғазының қасындағы қазақтар...

Жорықтың алдында Бәйділдамен астыртын кісі салып, дайын отыруын тапсырады. Қазақтың ұзын құлағын есітуі бар... Күз келіп қалған соң, Жанғазы асықтырды. Қыстауда қазақ ауылдарының іргесі бір-біріне жақындай түседі. Әрі орыс бекінісі де түбінде отыр. Содан бұрын қимылдап қалу керек еді.

Алғашқы қарқын жаман басталған жоқ. Бәйділданың азғыруымен Кішкененің біраз аулы Қызылға көшіп шығады екен. Бекарыстан да бар... Бәйділда бес жүздей жігіт әкеліп отыр.

Сырдан еткен бетінде, талай ауылды ойрандап үлгірген хиуалықтар бір мыңдай үйді бөріктіре қуып, дарияның бергі жағына алып шықты.

Жанғазының іздеткен адамы Жанқожа еді. Жақсықылышқа қарай жылжуға Хиуа бегі бата алмай, діңкені құртты. Ту сыртындағы орыс бекінісін еске алса, зәресі ұшып отыр. Әрі Қамыстының тұсында жаз жайлайтын ауылдар, Хиуа хабарын алдақашан естиді екен. Ақсақалдары жоқ, Жанқожа шақыртып, Жақсықылышқа кеткенін айтты...

Рахманбердінің міндеті Жанғазыға көмектесе отырып, Хиуа әскерінің арғы бетте әрекет еткенін құпия сақтау еді.

Жанғазы алты-жеті жүз қазақ жігітімен ілгері жүруге қауіптенді. Хиуаның әскері бөлініп қалған жағдайда, қасындағы қазақ азаматтарына сеніп болмайтын еді. Кішкенеден құралған бұл қосын, екі талай жер кездессе, сұлтанды тақырға отырғызып, Жанқожа жаққа жалт беруден тайынбайды.

Осының өзінде көп ауыл ойрандалып, бір мыңдай үй дарияның бергі жағасына көшірілді.

Енді Мухаммед Әмин ханға шапқыншы аттандырып, көмек сұрауы керек. Бір Жанқожа емес, Райым бекінісінің де күлін көкке ұшыруға болады... Тек Рахманберді бек солқылдақтық жасап отыр... Жанғазы үлкен ұлы Алданазарды атқа қондырды. Ханнан тағы да мың сыпай жіберуін өтінеді. Рахманбердіге нұсқау беруді ұмытпауы керек... Сонда Хиуа хандығы бір бүйірінен шаншудай қадалған орыс бекінісінен де құтылады... Сыр бойында хандық дәуірі қайта оралады...

Қазақты бөліп алып, өз алдына ел қыламын деп басы ауырмайды. Тек Хиуаның көмегімен Әлім-Шөменді аузына қаратып алса, Жанғазыға жетеді. Одан кейін орыстар келе берсін... Жанаралдың алдынан қол қусырып шығатын жерде, Жанғазының жүзі шімірікпек емес. Талқандалған Райым бекінісінің жаласын арқалайтын Хиуа хандығы бар... Сұлтан қандай патша келсе де, қызметін ұсынуға дайын... орыстан күйіп отырған жоқ. Тек "ордалықтар" атанып, орыстың орамына кірген елдердің ортасында бір-бір сұлтан, оған кіретін тесік қалдырмай отыр... Содан соң Хиуаның қолтығына кірмегенде, Жанғазы қайда барады?

Жәнкенттің сыртында төрт-бес шақырымдай жерде, қоңыр төбенің баурайында, он шақты үй шаңырақ көтерді. Жанғазы қолына түскен биді қасынан шығармайды. Бәйділда, Бекарыстан бар... Қарасақалдан Дабыл бар... Кеңес құрып отыр.

Хан Жанқожаны жамандайды. Орынборға елші салып, тыныш отырған елдің үстіне аузы түкті кәпірді шақырды. Жасырын шоқынды деген қауесет бар... Хиуа ханының қазақта алты аласысы, бес бересісі жоқ... Жанқожаның қалың елді аздырып, шайтанның жолына салып, мұсылмандықтан тайдырып отырғанына ашуланады. Әскерін содан соң шығарды.

Арасында Мұхаммед Әмин ханның қырық мың қол жинап жатқанын да ауызға алды. Сұлтан қазақ билерінің жүрегін шайып қоюды ойлап отыр. Содан соң әр ауылдан жігіттер жинап, атқа қондыру жайын сөйлеспек еді.

Далада шу шықты.

Үйдегілер елеңдесіп, сыртқа құлақ тіккен. Сұлтан қасындағы уәзіріне иек қақты.

— Тақсыр, қарақалпақ жігіттері Төремұрат жырауды байлап әкеліп тұр!

Қосын ішіндегі қарақалпақтардан жиырма жігітті бөліп шығарып, Төремұрат жырауды тауып әкелуге қосып еді. Жол басшылыққа бөлек Асанның бір кісісін берді.

Төремұраттың екі қолы артына қайырылып байлаулы, жасауылдар түйгіштеп кіргізді.

Бастығы Бекарыстан болып, қазақ билерінің назары түгел бұзылып, төмен қарады.

— Ассалаумалайкүм!

Төремұрат даусын көтере сәлем берді.

Бір жан қайыра жауап беруге бата алмайды. Сұлтаннан түгін сыртына салып отыр.

— Дүние кезек деген осы, Төремұрат! Әбілқайыр қара қазақтың бірі емес, оның тұқымын аяққа басқысы келген адам ақыр түбі ажалын қылыштан табатын-ды. Ақыры алдыма бір келтірдім ғой! Енді иманыңды айта бер!

Басқа жұртта үн жоқ.

Төремұраттың ет жүрегі сескенді. Жанғазы өтінгенде, ат сауырын бермей кеткені есінде... Жыраудың көзі жаутаңдап, төрде отырған шынжыр балақ, шұбар төс ағаларына қарайды. Бәрінің де назары төмен, көз жанарын ала қашады. Бәрі де артынан пысып отырғаны белгілі еді. Қайран, Жәкем... Жәкем қазір қайда жүр екен?.. Бұл жақтағы елдің басына зымыстан түскен хабары оған қалай жетпей жатыр?..

— Домбыра әкеліңдер! — деп бұйырды сұлтан.

Уәзір біреуді жұмсап, домбыра алдыртты. Жасауылдар жыраудың қолын шешті.

— Өлер алдында әркімнің де ішінде бір арманы кетеді... Төремұрат, сөйле!

Хан мақтау күтіп отыр. Әбілқайыр әулетінен тараған сұлтандардың қай-қайсысы да мақтау сүйгіш еді. Үлкен жұмыстың үдесінен шығып, көңілін бірлеп отырғанда, бір мезгіл көңіл көтергісі келсе, айыбы жоқ.

Төремұрат байлаудан босанды. Екі қара сал болып, қолының басы ұйып қалыпты. Домбыраның құлағын ұзақ бұрады. Бір жағынан көңілін тоқтатуы да керек еді. Пернелерді ілгері-кейін жылжытып, даусының деңгейіне келтірді.

Жан тәтті екен, Тәремұраттың құлағы шыңылдады. Тамағын кенеп жатып, төрде отырған билерге тағы да бір-бір қарап еді. Баяғы қалпы тым-тырыс отырғанын керді.

— Әу!

Жыраудың ашына шыққан дауысы шаңқ еткенде, Бекарыстан басын көтеріп алды.

Ау, хан халықтың ағасы!

Жақсыға кімнің таласы?

Халқына қамқор хан ием,

Біз әншейін қарашы...

Қатеден жақсы сүрінсе,

Жамандар болар табашы.

Жырауың отыр жалтақтап,

Есіне түсіп тобасы...

Сәтсіз күні бұзылды

Бабажан сарттың қаласы,

Талтаңдаған қара аттың

Біздерден болды жаласы.

Бекарыстан аға, қайдасың?

Бәйділда аға, қайдасың?

Әйімбет аға, қайдасың?

Ханның түсі бұзылды,

Жорғаң жазым болмасын!

Төремұраттың қолына домбыра ұстатып, қате жасағанын сұлтан жаңа түсінді. Отырған жұрттың көзі жайнап, елеуресіп қалғандай екен. Ең аяғы қайын атасы Бәйділда да қозғалақтай бастады.

Уақыт түн ортасынан ауып кетіп еді. Жыраудың әуресімен келесі кеңес жайына қалыпты...

Үйдің сыртында ат тұяғының дүбірі молайып, үрейленген дауыстар шықты.

— Жау келді!

— Орыстар!

— Жанқожа келіп қалды!

Үйдегілердің қобалжығаны байқалады.

— Дарияны өрлеп орыс қайықтары келе жатыр дейді. — Даладан уәзірдің түсі бұзылып кірді. — Үш қайық, бір кемеге тола мінген солдат дейді...

— Қай жерде келе жатыр екен?!

— Шолғыншы жігіттер Байқожа маңында кездестіріпті...

— Рахманбердіге тез шапқыншы аттандыр! Аттарды келтіріңдер! — Билер, есітіп тұрсыңдар ғой, орыстар келеді. Қасында дінсіз Жанқожасы бар. Қазір ауыл-ауылдарына аттаныңдар! Жігіттеріңді жинастырыңдар! Кездесетін жеріміз Қожанияз қамалы болады...

Шолғыншы жігіттер дарияның арғы бетінде қаптаған қол көргендері рас. Анығын білген ешкім жоқ.

Осы алас-қапаста Төремұрат ұмыт қалған...

— Төремұрат...

Шымылдық ішінен сыбыр еткен дыбыстан шошып кеткен жырау жалт қарады. Алдында Айсұлу тұр еді.

— Уақыт тар, жырауым. Арманым бір түн жырлату еді, оған келтірмей тұр ғой. Кішкененің қосүрей билері қашып кетті. Енді саған ара түсетін де ешкім жоқ. Мыналар әбігер болып жатқанда, бас амалдаудың қамын қыл!

— Айсұлу!

— Амандасуға уақыт тар, Төремұрат. Далада менің бәсір атым, құла жорға байлаулы. Соны мініп құтыл!

Айсұлудың өңі сәл қуқыл тартқаны болмаса, баяғы қалпы, қартаймапты.

Төремұрат орнынан тұра бергенде, шымылдықтың етегі төмен түсірілді.

— Қош, Айсұлу, айналайын!

Құла жорға белдеуде байлауы екен. Басын шешіп жатқанда, Байқожа есіне түсті. Орыстар сол маңда келе жатыр... Ханның қолына қайта түссе, оңдырмайтынын біліп тұр... Қалайда орыстарға жетуі керек еді.

Төремұрат ауылдан шыққан соң атқа қамшы басты.

Таң ағарып қалғанын көрген кезде, тағаты кетті. Астындағы қула жорға ауыздығын сүзе ұмтылып, дөңгелене жөнелді.

* * *

Орыс бекінісінде бары-жоғы бес жүз солдат. Олар мылтық пен зеңбірекке сүйенеді. Сондықтан қоян-қолтық шайқасқа келтірмей, алыстан атқылап құртатынын Рахманберді де біліп отыр. Әрекетін де соған орай әзірледі.

Зеңбіректі даламен сүйретіп әкелу қиын... Ондай жағдай жау қолына түсіп қалу қаупі бар... Демек, орыстар жорыққа қайықпен шығуы керек. Түнде Ғали сұлтаннан келген шапқыншы да соны айтқан...

Рахманберді дария жағасынан бір шақырымдай жерден бекініс орнын белгіледі. Оған зеңбірек оғы жетпеуі тиіс. Бірақ орыс мылтығының оғы алысқа кететінін біледі. Бекініс орнын белден қаздырып, уықтан баспана жасалды.

Негізгі күш сонда орналасады.

Қырық адам — құралайды көзінен ататын мерген жігіттерді жау келетін жолға, қалың қамыстың ішіне жасырды.

Өзі екі жүздей кісімен Қожанияз қамалына бекінді. Орыс қайығынан түсіп, қамалға шабуыл жасайтындай болса, бекіністегі негізгі күш жаудың ту сыртынан тап береді...

Күн сәскелікке көтерілді. Жанғазы сұлтан аттандырған билерден хабар жоқ. Бұл соны ойлап қобалжиды. Құдай ақылын алжастырған екен... билерден айрылмауы керек еді. Олар жігіт жинап, көмекке келудің орнына, орыстарға қарай тартып отыруы мүмкін-ау... Олай қауіптенетін жөні бар. Соңғы үш күннің ішінде талай ауыл ойрандалып, талай адамның басы алынды... Рахманбердінің сыпайлары балаларды бесігімен суға ағызыпты... Халық қорықпаса, сыйламайтыны рас... оған естен қалмастай іс көрсету керек болған-ақ шығар... Бірақ асыра сілтеп, елді үркітіп алғанын Жанғазы енді сезіп отыр.

Арғы беттен көшіріліп әкелінген ауылдардың еркек кіндігі түгел атқа қонатынына ол кезде сенімді еді. Күн сәскеге көтеріліп, ал ешкім келіп қосылып жатқаны байқалмаған соң, хан қобалжиын деді.

Шолғыншылардың хабары бірінен-бірі асып түсіп жатыр. Бірінің ауызына бірі түкіріп қойғандай, жақсылық айтатын ешкім жоқ еді. Орыстардың қайығы бес шақырымдай жерге келіп қалыпты... Жанқожа бастаған бір мыңдай жігіт Раманқұл қамалының арғы жақ түбінде, дариядан аттарын жалдап, бергі бетке өтіп жатқаны мәлім болды.

— Орыстар біздің маңдай алдымыздан соққы беруді ойлап келе жатыр. Абыржып қашқандай болсақ, Жанқожа ту сыртымызға шығып алып, жолымызды тосады...

Қанша айтқанмен, әскери адам — Рахманбердінің айтқаны шындыққа келеді. Хиуаның қолбасшысы бекіністегі әскерінен мың адамды бөліп шығарып, Елкей сұлтанды Раманқұлдың қамалына қарай аттандырды. Қара көрсетіп, қазақтардың ту сыртынан оралып келуіне жол бермеуі керек еді.

Сол екі арада орыс қайықтары да көрінді. Ең алдына үлкен қара баркасты салып, үш қайық соңында келеді. Ағысқа қарсы жүзу киын, жау шабан жылжиды. Баркастың үстінде тақтайдан қалқа жасалып, желқом көтерулі еді. Ескекшілері көрінбейді. Арт жағынан соққан желдің қуатын пайдаланып, жалғыз желқоммен келеді...

Баркас мергендер паналап жатқан қалың қамыстың тұсына жақындады.

— Алдында келе жатқан үлкен қайықты өткізіп жіберіп, артындағыларын атқылау керек!

Рахманберді баркастың үстіндегі тақтай қалқандардың тасасында әскерлер жатқанын біліп отыр. Оған бытыра мылтықтың оғы дарымайтын еді.

Бірақ әскер басы аттандырған шапқыншы қамалдан шықпай жатып, қамыстың арасынан бұрқ етіп түтін керінді. Бірінің артынан бірі, тасыр-тұсыр болып қалған.

Баркас үнсіз, қыбырлаған адам қарасы көрінбейді.

Кенет ауыр гүрс еткен дыбыс естіліп, баркастың құйрық жағына орналасқан екі зеңбірек бірдей от алды. Мергендер тасаланған қалын қамыстың үстінде ойын болып қалған сияқты... лап етіп өрт шықты.

— Ойбай, зеңбірек!

— Зеңбірек!

Қазір орыс зеңбірегі дариядан бір шақырымдай жердегі бекініс орнын талқандап жатыр еді.

Қамыстың ішінен қашып шыққан мергендер бері қарай жүгіріп келе жатыр...

"Зеңбірек" деген сөз әркімнің-ақ құлағына ажал болып естілгендей екен. Баркастан бесінші рет атылғанда, қамалдың қақ ортасындағы ескі бажбан сарайы ойран-топыр болды. Қамысы көрініп тұрған сарай төбесінде қызыл жалын лап еткен. Екінші жолы картечпен оқталыпты. Рахманберді мен Жанғазы сұлтан тұрған биік мұнараның маңайында оқ бұршақтары жаңбырдай жауды...

— Тақсыр, қол қашып жатыр!

Қашып келе жатқан мергендерді қолбасының өзі де көріп тұр. Рахманберді қара қасқа арғымақтың үстіне қарғып мінді...

Орыс зеңбірегі жайлы неше түрлі қорқынышты аңыздар еститін еді. Енді қара басы аман құтылғанша асығып тұр.

* * *

Түннің бір уағы болып қалған. Үстел үстіндегі үш май шамның екеуі өшуге қарап, жарығы әлсіз жылтырайды. Кең шатырдың түкпір-түкпірінде қалтыраған көлеңке, подполковииктің көзі сонда қарап қадалып қалыпты. Денщик жігіті бір бұрышта қорылға басқан екен. Шамды ауыстырту керек еді. Денщикті оятқысы келіп, бірақ оның кіржіңдеп қалатын мінезі есіне түсіп, қолын сілтеді.

Ерофеевтің ақ сұр жүзі көп жүдең тартқан. Үш күнгі жорықтан оралғаны кеше, сақал-мұрт қырынуға да мұршасы болған жоқ. Үлкен шайқас болды... енді соның ізі суымай тұрып, Орынбор әкімшілігіне шапқыншы аттандыру керек. Подполковник қатынас хат жазып отыр. Ондағы әкімдердің қаһары Хиуа сыпайларының қылышынан гөрі қатерлі, ал қағаз жазу — Ерофеев үшін соғыстан да қиын еді.

Жасы елуге тақаған кезде, подполковник Ерофеев бұл жерге еріккеннен келіп отырған жоқ...

Әкесі кедейленген дворян, жас Алешаның қолын юнкерлікке әзер жеткізіп, бұл жалғанмен қоштасқан. Артында қалған бар мұрасы тозығы жеткен мекен-жай еді. Оның маңында ұлтарақтай да жер қалдырмады. Бір замандағы жүздеген басыбайлы мұжықтан қуарған күтуші кемпір ғана, подпоручик шенін алатын жылы, Ерофеев алжыған кемпірдің басына азаттық беріп, біржола жалғыз қалды.

Ендігі мекен-жайы да құрып біткен шығар...

Подполковниктің көз алдында алыс Тамбов губерниясы... ақырын күрсінеді. Туған жеріне жиырма жылдан бері ат ізін салған жоқ-ты.

Подполковник дәрежесін алғалы төрт-ақ жыл... Шаршап жетіп еді.

Бар күнкөрісі жалақы, әлі күнге бойдақ подполковник үшін Райым бекінісі кездесе кетті. Өзіне-өзі қожа... оның үстіне жалақысы жақсы...

Ерофеев алдындағы қағазына қайта еңкейді. "Биік мәртебелі тақсыр" деп басталып, бір бетті жартылай жазып тастаған екен. Хиуа хандығының әскери қолбасшысы Рахманберді мен Жанғазы сұлтанның есімі аталыпты...

"...Әуелі бекініске батыр Жанқожа Нұрмұхаммедов өзі келді. Бұл жасы жетпістің үстіндегі шал. Сонысына қарамай, ат үстінде жеңіл отырады. Өзін отандастары да қатты сыйлайды. Ол бізден адал қазақтарды қорғау үшін 500 кісілік отряд сұрады. Хиуалықтар ол кезде Жаңадария бойында еді. Маған берілген нұсқауда атап көрсетілгеніндей, Сырдарияның арғы бетіне менің өкілдігім жүрмейді. Сондықтан көмек сұрап келген батырға аңысын аңди тұруға кеңес бердім...

Содан соң екі күн өткеннен кейін Жанқожа Нұрмұхаммедовтен шапқыншы келіп, батырдың жолдаған хатын тапсырды.

(Ол хатты осы пакетпен сіздің хұзырыңызға жіберіп отырмын). Хиуа хандығының қолдауына сүйенген сұлтандар Жанғазы Шерғазиев пен Елкей Қасымовтың сарбаздары Сырдарияның бергі бетіне өтіп, қазақ ауылдарын шапқыншылыққа ұшыратып жатқандарын айтады. Бізге адал қазақтардың мың үйін арғы бетке күштеп көшіріп әкеткені мәлім болды. Соның ішінде 21 үйдің қатын-баласы құлдыққа әкетіледі. 30 баланың бесігімен суға ағызылғаны да расталып отыр. Әлгідей шапқыншылыққа ұшыраған ауылдардың қонысы Райымнан сексен шақырымдай жерде екенін ескертіп өтуді борыш санаймын. Жанқожа Нұрмұхаммедов жоғарыдағы хатында орыс үкіметіне іш тартамын деп, хиуалықтар мен қоқандықтарды өзіне қарсы қойып, басына бәле сатып алғанын, жалғыз үміті орыс әскерінің көмегінде екенін айтады.

21 тамыз күні бір баркас, үш қайықпен Сырдарияны өрлеп, жау жақ бетке жылжыдық.

Бұл екі арада Жанқожа батыр да 700 қазақты атқа қондырып үлгіреді.

Біздің әскерлердің қозғалысынан хабардар отырған қарақшылар сол сағатта бар олжаларын жинастырып, Сыр өзенінің сол жақ жағалауына қашып шығыпты. 30 баланы бесігімен суға атқанын көзімен көрген қазақтар растап отыр. Жақай би Өтегенұлы бастаған Жанқожаның барлаушыларын ұстап алып, төртеуінің басын шаптырыпты.

Біздің отряд 21 тамыз күні, Райымнан сексен шақырым жердегі Хиуа қамалына жақындаған жерде, Сырдың сол жақ жағалауында топ құрап тұрған екі мыңдай қолды көрдік. Олар жағадағы қамысты тасаланып біздің қайықтарымызға оқ жаудыра бастады.

Бұл жерде де қираған керегелер, шашылған дүние-мүліктер, бәрі де алдыңғы жолы көрген суреттерімізді айнытпай қайталайды. Өткел ауызында кездескен осы айғақтардан кейін, сол жақ жағалауға өтпей-ақ, мен жаудың жаудырған оғына оқпен жауап беруге ұйғардым. Хиуалықтар, қасында өздерін қолдайтын қазақтан құралған жасақтары бар, жағадан қырық сажын жердегі бекіністеріне шегінді. (Олардың бекініс жоспары осы хаттың ішіне тігілді.) Сол жерден ұзын ұңғылы винтовқалармен біздің әскерлерге үстін-үстін оқ жаудырды. Содан кейін амалсыз зеңбіректерге сөз бердік. Бірнеше конгровозих ракеталардан кейін, Хиуа сыпайлары быт-шыт болып, тонап алынған олжаларының көбісін далада қалдырып, алды-алдына қаша жөнелді.

Бұл кезде Жанқожа батыр бастаған қазақ жігіттері дариядан жүздіріп өтіп, жау бекінісіне от қойды. Одан кейін қашып бара жатқан жау әскерлерінің ізіне түсіп, Қуаңдарияға шейін қуып барыпты. Хиуалықтар шегінген соң, айдауға түсіп арыған-ашыққан бізге қарайтын қазақтардың ауылы Сырдарияның бергі жағалауына көшіп шықты. Олардың талауда кеткен дүние-мүліктері мен мал тектерінің бір бөлегі — 500 жылқы, 3000 түйе, 50000 қой, 2000 сиыр — бұрынғы иелеріне қайтарылып берілді.

Сол жақ жағалауда хиуалықтардың 5 қайығы біздің қолымызға түсті. Оның бірі 250 пұт жүгімен, қырық кісі алып жүруге жарайтын баркас. Бұл олжаларды Райым бекінісіне алып қайттық.

Жоғарыда айтылған шайқастардың кезінде біздің отрядтан өлген, жараланған ешкім жоқ. Ал Хиуа қарақшылары бекінісінің қасында 19 адамының өлігін қалдырыпты.

Ең маңыздысы сол, бұл қақтығыстан кейін, бұрын хиуалықтардан қорқып, орыстар жағына шыға алмай, Куандария өңірінде көшіп жүрген — Кішкене, Жақайым Асан тайпаларының 14 биі ауыл-аймағымен Сырдарияның оң жақ жағалауына көшіп шығып отыр. Олардың жаңа қонысқа орналастыруды Жанқожа батыр өз міндетіне алды...

Осының алдында жолдаған хатымда 125 түйелі Бұхар керуенін тонап жатқан қарақшылардың тырнағынан қалай қорғап қалғанымызды жазған болатынмын. Қарақұм өңірінде болған сол оқиға ордалықтардың көңіл күйіне қатты эсер еткен сияқты. Қазір орыстарға ықыласы түзу.

Сіздің хұзырыңызға жоғарыдағы соғыс кезінде көзге түскен қазақтардың тізімін жіберіп отырмын. Егер оларға награда, сыйлық беруге лайық деп тапсаңыз, өте игілікті іс болар еді».

Ерофеевтің Жанқожа батыр туралы әлі де айтары көп еді... Кешегі шайқас үстінде жаужүрек қазақ жігіттерінің ерлігі оны қатты сүйсіндірді. Жау бекінісінен бес-алты шақырымдай төменіректе, аттарын дариядан жылдам өткізіп, қашқандардың соңынан тұра ұмтылғанда, Жанқожа алдында бара жатты... Жасы жетпістің үстіндегі шал... ал ат үстінде отырысы қандай! Бір мезет орыс подполковнигінің көз алдында Ұлы Отан соғысының қаһарманы генерал Багратион елестеп кетіп еді.

Егер қазақтардың ту сыртынан сап етуі мүмкін екенін байқамағанда, хиуалық қарақшылардың жалт беріп қаша қоюы екі талай екен. Ол жағдайды есеп хатқа жазбай отыр. Әскер қатарында өткізген отыз жылдық өмірі оған тек орыс қаруын дәріптеуді үйретіп еді. Жабайыларды марапаттау — орыс офицері үшін ұят іс болып саналатын.

* * *

Биыл күз қазақ ауылдарының дау-шары ұзаққа созылды.

Жанқожаның ықпалында жүрген қазақ ауылдары да қойдан қоңыр емес.

Орыс төресі қазақ арасының дауын бітіруге Тунганшинді жұмсады. Сұлтан Жанқожаға баруы керек еді. Батыр қарауындағы ауылдардың жігіттеріне тиым салсын... Барымтаның ақыры бассыздыққа апарып соғады, ел бүлінеді... Бұл жақтағы қазақтардың тізесі батқан соң, арғы беттегі ауылдар өшпенділікке басып жүрер... Ал Хиуа хандығы мен Жанғазы сұлтан сияқтылар олардың қолтығына су бүркуге дайын отыр.

Бұл жағдайды Жанқожа да білмей отырған жоқ.

Әрі қысы-жазы Қызылдан табан аудармайтын, Бәйділданың ықпалындағы Кішкененің ауылдары бәле басы болып алды. Кеше бергі беттегі елден олжалаған қыруар жылқыны қазақ дарияға қарай асырып салады екен... Күз түскен соң Хиуаның базарына апарып тоғытыпты. Жанқожа адам салса, бәрі де түк көрмегендей болып, ауыздарын қу шөппен сүртеді.

Жанқожа қамшысын таянып шаршап отыр.

Оның күйзелгенін көріп, Тунганшиннің өңі кіріп қалды.

— Бұл даудың оп-оңай біте қоймайтынын мен де сездім. Екі жағына ортақ, ешқайсысына жан тартпайтын, әділ төреші керек болар...

Билікті өз қолына алғысы келетінін астарлап қана жеткізеді. Жанқожа қанша беделді болғанмен, арғы беттегі қазақтарға сөзі өтпейді. Оның сөзін ұстап, Бәйділдаға Әбілқайыр әулетінен шыққан сұлтан барса, басқаша әндетер еді... Егер осы дауды бітірсе, Райым бекінісінің коменданты алдында беделі көтеріледі.

Ағайынды екі елдің арасында дау ушыққанын сезгелі, Тунганшин алақанына түкіріп жүр.

— Әділ төреші керек екенін өзім де біліп отырмын. Бүгін орыс төресіне хат жазып, Бекмырзаны жібердім. Осы даудың төрешісі де өзі болсын. Маған ағайын арасына бүтінші болса, сонысы жетіп жатыр.

Басы осылай басталған барымта дауы табаны күректей екі айға созылды.

Қызылдағы Бәйділданың аулына қасында Бекмырза бар Тунганшин сұлтан екі барып қайтқан. Бекарыстан мен Байшоқы да араласты.

Ақыры Нұрыбай бидің қара шаңырағында билер басы қосылып, бір тынымын жасағандай еді...

Билер кеңесі кешегі шапқыншылық күндерінде ауыр қылмысқа барған тентектерді таңбалап көрсетіп, ауыр-ауыр айып кесіп жатыр...

Оның есесіне Айдарқұл сияқтылар барымталап алған жылқыларын қайтарады...

Өйткені барымталанған жылқының басы түгел, тепсеңде жатыр. Оның иесі де, әйтеуір аты Бәйділданың ағайыны, әйтпесе, мал баққан момын қазақ... Ал Жанғазының соңына еріп, ауыл шапқан жері жоқ еді...

Қожағұл мен Шорабай сияқты бұзықтарды таңбалап шығарғанда, он шақты адам болды. Олардың мал-мүлкін түк қалдырмай таратып бергенде, шапқыншылыққа ұшыраған ауылдардың шығыны өтелетін түрі жоқ...

— Ей, ағайын! Хиуаның қарақшыларына алдырған бар малынды Қожамберді аулынан жоқтағыларың келіп отырмаса, енді дауды тоқтатыңдар! — Бәйділда қолын сермеп шаңқылдады. — Малдарыңның көзін іздесеңдер Қазақдариядан әрі өтіңдер, Хиуаға барыңдар! Қыруар жылқыны дүркіретіп айдап бара жатқанын көзімізбен көрдік. Айналып келіп бізді жаулайтындарың қалай?

Оны басқалар да бекер дей алған жоқ.

— Қазақ ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан кейін де мал жинап, ел болған. — Жанқожаның дауысы күңгірлей шығады. — Бас аман болса, мал түгелденеді, ағайын. Осыған ырза болыңдар. Тек менің жаным қиналып отырғаны, ақтабан шұбырынды кезінде қазақты қалмақ шауып еді. Кезегі келген жерде, оларды қазақ та аяп қалған жоқ. Бүгін қазақты қазақ шауып отыр ғой. Осыны байқағандарың бар ма? Кеше біз қорлықты егіздің сыңары туысқанымыздан көрдік. Жанғазының айтағына еріп, мынау Бәйділда өз туысын өзі шапты... Мен содан қорқамын...

Билер Бәйділдаға ат-шапан айып салды. Қожамбердінің көп малы кешегі шапқыншылықтың өтеуіне кетіп отыр. Бәйділданың жігіттері қай ауылда төбе көрсетсе, есені де солар іздейді. Бидің ауыр дәулеті шайқалды.

Биыл ел ауызындағы әңгіме осы кеңес жайлы еді.

Бірақ Хиуа шапқыншылығы қазақты қатты күйзелтті. Қазір Ақиректің асты бастырмадан көрінбейтін еді.

Бәрі де үйі өртке күйгендер, бар малынан қол жуғандар... Жанқожа қылмыстылардан өндірілген азғантай түлікті үй басы таратып бергізді. Арада жүрген билерге де сенбей, басы-қасында өзі болды.

Алдағы жылда бұл ауылдардың күн көрісі кетпен шауып, бел тебу болатыны анық еді.

Батыр күйзеліп отырған елді аралап шыққан. Диханшылықты насихаттайды.

Қожағұл билер кеңесі тараған күні Қазақдарияға қарай жылжып кетіпті...

Қазақ қайда көшпей жатыр? Қай жерде малының жайы болады, сонда өзі де жүреді...

— Залым-ай! Талай үйір жылқыны бір түнде Қызылдан әрі асырып еді. Сонда Қазақдария маңында серіктесі бар екен ғой...

Қожағұлдың барлық ұрлық-қарлығын бес саусағындай білетін Шорабай басын шайқап отыр. Бар түліктен қол жуған, Ақиректің астында ол да бастырма қазып жатыр.

— Сенің жытырғаның қайда? — Онымен жасы құрбы Айбас әдейі кекетеді.

Шорабайда үн жоқ, темір күрекке бар салмағын салып, мықшия түседі.

* * *

Бұл күндері Хиуа ханы Мухаммед Әминнің сарайындағы, жұрт аяғынан сүрнігіп жығылады. Бәрінің ауызында жалғыз-ақ сөз — "Сыр бойы"...

Сыр бойынан алғашқы жеткен хабар қуанышты еді. Әрі шапқыншы болып Жанғазы сұлтанның үлкен ұлы Алданазар келіп отыр.

Ол қалың қосыннан Сырдариядан аттарын жүздіріп өтіп, Жанқожа батырдың ықпалындағы көп ауылдарын қалай шауып қайтқанын айтып берді. Мыңнан аса үй Сырдың бергі жағалауына көшіп шығыпты...

Сонымен бірге, Рахманбердінің қол астындағы әскер саны үш мың адамға жеткенін, қазақтардың есебінен толығып жатқанын дабырайта сөйлейді.

Бір мың үй көшіп шықса, әскер қатарына тағы да бір мың жігіт қосылады екен. Ал Райымдағы орыстардың саны бес-ақ жүз адам...

— Орыстарда зеңбірек бар... — Алданазар Рахманбердінің ісін ақтағысы келетіндей, ақырын уәж айтты.

— Өңшең қоян жүрек қорқақтар! — деді Мұхаммед Әмин ашуланып. Түн жамылып тиген жауға зеңбірек не қайрат қылады!? Бір адамға он адам... орыстарға беттей алмай отырғандары анау!

Бірақ Алданазар "жаудан түскен олжаны" айта бастағанда, Мұхаммед Әминнің жүзі жылынды. Алғашқы қарқында алты— жеті мың жылқы, сегіз мың түйе, бес мың сиыр, сексен мың қой олжаланыпты... Алданазар бері қарай көшіп шыққан ауылдардың бар малын айтып отыр... Ол жерін Мұхаммед Әмин хан да анықтап сұрап жатпайды.

Алданазар "олжа" жайын баяндай бастағанда, Мұхаммед Әминнің көз алдында сонау бір жылдар... Сыр бойында Қожанияз бажбанның дәуірлеп тұрған кезі есіне түсті. Хиуа хандығы Әлім-Шөмен ішінен жеті жылдай зекет жинатты... бірақ Аллақұл ханның қазынасына түскен бүкіл малдың саны Рахманбердінің бір күнгі "олжасына" жетпейді екен...

Мұхаммед Әмин ханның көз алды бұлдырап барады. Сыр бойы тегін олжаның қайнар бұлағы... Орыс бекінісін талқандап, Қарақұмға қарай жорыққа шығу керек еді...

Әскер... әскер... әскер іздеп, хан жан-жағын қарманғанда, есіне қарақалпақтар мен өзбек диқандары түсті.

Бір жігітті атқа қондырып, Әмудария бойындағы қазіргі қарақалпақтың белгілі биі Ізбанға жұмсады.

— Би қол жинасын. Сыр бойына аттанамыз. Қарақалпақтың ата қонысын қазақтардан алып беремін...

Өзбек қыстақтарына да адам кетті...

Түрікпен ішіне де шапқыншы аттандырылып, сарбаз тобы жасақталып жатыр...

Хиуа сарайында әбігершілік басталды.

* * *

Сырттан қашқан намарт та ондай болмас, орыстың зеңбірегінен зәресі ұшқан Рахманберді бек ат тізгінін Дәуқара тауының бөктеріне жеткенде бір-ақ тартты. Соңында Жанғазы сұлтан мен Елкей Қасымов келе жатыр... Кешегі ауыр қолдан бір мыңдай ғана адам қалған. Қазақтардан сұлтандардың төлеңгіттері де торғайдай тозып кетіпті.

Ертеңіне Елкейдің баласы тұтқында қалғаны мәлім болды. Қасым сұлтанның кенже ұлы тұнжырап отыр.

— Жанқожаның немере інісі Жақай би қолымызда емес пе? — Жанғазы оны жұбатты. — Қазір Рахманбердімен сөйлесейін. Баланы Жақайға айырбастап алу керек...

Жақай Хиуаға жіберілген жоқ. Дәуқараның бөктеріндегі әскери лагерде тұтқында отыр еді.

Екі жақтың кепілдігінде Бәйділда жүріп, тұтқындағы көзі тірі хиуалықтар Жақай биге айырбасталды...

Бұл екі арада аттар да терін үгіп, адамдар да есін жиған. Кешегі өткен қырғын шайқастың жай-жапсары сөз болды. Рахманберді сәтсіздік үшін бір Елкейді айыптайды. Жанқожамен бетпе-бет келген кезде қорқақтық жасады. Оның ақыры кейін шегінген Хиуа әскері қазақтардың тосқауылына тап болды...

— Әуелі қашқан кім?

Алдынан осы сұрақ шыққанда, әркім де бүгежектеді. Біреулері кедергіде жау күткен мергендерді кінәлайды, екіншілері бекіністе шеп құрып жатқан қалың қолды сөгіп отыр...

Дәуқара тауының бөктеріндегі қызыл қырғын дау үстіне Хиуадан Алданазар келді.

Мұхаммед Әмин ана жақта қарақалпақтар мен өзбектерді аяғынан тік көтеріп, Қарақұмдағы түрікпендерге шапқыншы аттандырып жатыр... Қырық мың қолдық жасақ жиналады.

Хиуа ханы Райым бекінісіндегі орыстарға қарсы жорық ұйымдастыру қамына жан сала кіріскені мәлім болды.

Тұнжырап отырған Елкей сұлтанның көзі жайнап, Рахманбердінің қабағы жадырады. Кеше Хиуаны дүрліктіріп шапқыншы аттандырып, бүгін салын суға кетіріп, қайтып барғандары өлім еді.

Тек Жанғазы сұлтан ғана үндеген жоқ. Ендігі жасы ұлғайып, жетпістің үстіне шыққан шал, жүрегі шайылып қалыпты. Әрі кешегі жеңістен кейін Жанқожаның абыройы бұрынғыдан да көтеріледі. Аржағындағы Төртқара, бержағындағы Қаракесек, Қарасақалдар... Кішкенелер... Қазір Жанқожа қайда бастаса, қалың ел солай қозғалады. Қайта ұстасу қатерлі еді.

Хандыққа үш рет қол созды... Бірінші жолы таразының бір басында Арынғазы, алты Әлім Жанғазыны шетке қақты. Көкіректе байланған кек оған Хиуаның шашпауын көтеруге мәжбүр етті. Обалы не керек, алтын таққа ол отырды. Бірақ тағдыр хандық салтанатын ұзағынан қызықтауды жазбаған екен. Тақтан тайдырып қана қойған жоқ, басына қорлық көрсетті. Хан басымен қара қазақтың, Жанқожа батырдың қойын баққан сонау бір күндерін Жанғазы екі дүниеде ұмытпайды. Жасы жетпістен асқан шағында, Едігенің ескі кегін жоқтап келген беті... маңдайын тасқа соғып қайтып отыр. Жанқожаның алқымына бұл жолы да қолы жеткен жоқ. Рас алты Әлім ойрандалды. Талай адамның басы алынып, талай бала бесігімен суға ағызылды... Одан кейін қазақтан жақсылық дәмету киын... колға түссе оңдырмайды! Тізе көрген ел ашулы хан сырбазымен аянбай алысады. Әрі Жанқожаның жағында орыстың зеңбірегі бар. Бес-алты оқ шығарғанда, үш мың қолды торғайдай тоздырды... Қорқақтың жаны қандай тәтті. Сол доптың біреуі түскенде ғой... аман бол!

Жанғазы баласы қайтып келген күні жатып қалған. Жаңа жорықтың жайы сөз болғанда, сырқатын сылтауратты. Қоршаулы түйенің үстінде аулына қайтып бара жатыр...

— Бәленің басы Жанқожа... Жанқожаның басы алынса, Райым бекінісі де құлайды. Жорық басталатын болса, ең әуелі Жақсықылыштағы Жанқожаның аулын басып қалудың амалын қарастырыңдар! — Қоштасатын жерде Рахманберді мен Алдана зарға соны қайта-қайта ескертті.

Дәуқараның бөктерінде қалың қол күн санап өседі.

Елдің алды болып Бура сұлтан қосылды. Соңында қырық-елу жігіт, бәрі де әлекедей жалақтайды. Бүгін Қоқан хандығында, ертең Хиуа иелігінде, — әр жерден бір төбе көрсететін Тәуке сұлтанның баласы қылыш үстінде серт ұстамайтынның өзі еді. Сұлтан басымен барымтаға да араласады. Көздей келіп қалса, сауда керуендерін тонаудан да тайынбайды. Сонда қылмысынан қорынып, ордалық атанатын қазақтардан іргесін аулақ ұстай жүретін Бура сұлтан, орысқа қарсы жорық басталғанын есітіп, атқа қонып отыр. Оған тегін олжа керек...

Екінші болып соңында екі мың сыпайы бар Ізбан келді. Жер қайысқан қолды керіп, жалаңаяқ қазақ сұлтандары қызғана қарайды.

Қалың Қоңыратты бір шыбықпен айдайтын, шынжыр балақ шұбар төс би Ізбанның ішкі есебі түгел. Әзір орыспен кездесіп көрген жері жоқ. Сырттай дабырайтып айтқан сөзді даңғазаға жоритын еді. Осы жолы әруақтар қолдап, орыстарды қашырғандай болса, көп нәрседен дәмесі бар.

Сонда алты мың үй Қоңыраты соңында, Ізбан ертіп Сыр бойынан шығады. Оны көрген он төрт ру қарақалпақ түгел көтеріледі. Сырдан бері қарай көсіліп жатқан кең өлке — Жаңадария мен Қуаңдария өңіріне бүкіл қарақалпақ молынан сыйып кетер! Жел жағына пана болатын ел табылса, Ізбанның ол тілегіне Хиуа ханы Мұхаммед Әмин де қырын қарай қоймас...

Қараша кірген күні Дәуқараның түбіне жиналған қолдың саны сегіз мың адамға жетті.

Райым бекінісінде зеңбірек бар екені рас. Бірақ орыс әскерінің бес-ақ жүз адам екенін ұмытпау керек. Оларды әлсірету үшін Рахманберді бекіністі қазақ ауылдарынан бөліп тастаудың әрекетін ойластыратын болды. Ал зеңбірек оғын зиянсыздандыру қиын шаруа емес. Хан бекініске түнде шабуыл жасау туралы өз жоспарын ұсынды...

Ендігі қазақ ауылдары қыс қыстауына оралды. Жорықты асықтырудың қажеті жоқ. Қарашаның іші жылы болатын сыңай танытып тұр. Межелі күнді осы айдың аяғына белгіледі.

Оған шейін Рахманберді бек қолдың бас-аяғын жинастырып, тәртіпке келтіретін болып отыр.

* * *

Бас тоқсанға бір апта қалғанда, дарияның құйылысында мұз ұстасқаны жайлы хабар келді. Рахманбердінің жансыздары жаңалықты жатқызбайды. Ел аралаған шайқы бұрғы диуаналар күн құрғатпай қатынап тұр.

Рахманберді сол күні кешке қолбасыларды кеңеске шақырды. Ізбан қайда барса да, ат қосшы жігіті Палуанниязды қасынан қалдырмайды. Жас қарақалпақтың екі көзі шатырдың төріндегі төрелерде, есікті жамылып отыр.

— Қол дариядан үшке бөлініп өтуі керек. — Рахманберді бек сампылдап сөйлейді. — Ізбан мен Алданазар бастаған қарақалпақтар мен бір топ қазақ жігіттері Қамысты көліне қарай бет алып, Ақиректің үстін баса жүретін болып отыр. Одан әрі қарай Қарақұмға қарай тартады. Жақсықылышта отырған Жанқожа батырдың аулын тік көтере шауып алуы керек, — деді даусын көтере түсіп. — Жолда кездескен ауылдар аяусыз ойрандалып отырылсын! Қызылқұмға қарай бөріктіре қуыңдар бәлемді!

Екінші топты Елкей сұлтан мен Бура төре бастап шығатын болды. Бұлар екі мыңдай адам, Райым бекінісін Көкшекөл жағынан оралып өтіп, орыстардың ту сыртынан тиеді.

— Қалған қол менің қасымда болады. Дариядан Талбөгеттің қасынан өтіп, түнделетіп орыс бекінісіне басып кіремін!

Кеңестен шыққан бойы Ізбан сыпайларын аралады. Алдарында ауыр жорық, азық-түлік бөлістіру керек еді...

— Саған жорық жорытып, жұрттың алдына түсудің қажеті бола қоймас, — деді Палуанниязға. — Қасыңа екі жігіт беремін. Арғымақтардың қасында бол!

Ізбан бір басына он арғымақ бақтырып отыр. Қашқанда да, қуғанда да басы артық көліктің зияны жоқ. Хиуа биі солай ойлайтын еді.

Бұл күндері қолдың алды Қуаңдария бойына шыққан. Кешке қарай Жәнкент қамалына жетіп қонды.

Сол күні үшке бөлінген қол үш бағытта алға қарай жылжып бара жатты.

Хиуалықтар таңертең қозғалып еді. Ізбан атқа түске жақын қонды. Алдағы қосынның артында шұбатылған шаң барады. Одан кейін азық-түлік артылған түйелер шұбырды. Палуаннияз солардың арасында келеді. Қасында екі жігіт, жетектегі аттар саны көбейген соң, жүрістері өнбей қойды.

Бұл түні далада түнеп шықты. Сыр бойындағы қазақ қыстауларында бір жан жоқ, жау хабарын есітіп, алды-алдына бас қайыптап кеткендері көрініп тұр.

Жігіттер содан соң-ақ өз қолбасыларынан айрылып қалған. Алдарында үлкен қолдың шұбырынды ізі, әйтеуір адасқан жоқ.

Сәске түсте Сырдариядан өтті. Мұздың беті айнадай жарқырайды. Суға сеніп болмайды, алғашқы мұздың ақсақ ойылып жататын әдеті... біраз дария жағалады...

Алдарында үлкен сүрдек жатыр. Соның жобасымен қорқа-қорқа мұзға түсті. Әйтеуір берік көрінді.

Өткен жерлері Үшірге аталады екен. Шамалы жүрген соң, алдарында жарқыраған көл көрінді. Оның атын біліп жатқан бір жан жоқ, қарақалпақ жігіттері Ізбанды іздеді.

Ығы-жығы қол... Бір-жар топқа кездесіп еді, қазақ жігіттері болып шықты. Ізбанды сұраған қарақалпақтардың сөзін қалжыңға айналдырып, әурелеп жібермейді.

Солай шырматылып жүргенде күн батты.

Аяз қақап тұр. Жел ызғарына бір қырындап, жігіттер дірдек қағады. Бірде-бірінің қалтасында шақпақ табылмады.

Анадай жерде лапылдаған от жарығы көрінді.

Лаулатып жатқан жыңғылдың отына абынып қарақалпақ жігіттері отыр екен. Көбісінің киімі желең, сырмақ күпі еді. Солтүстіктен соққан жел еттен өтіп, сүйегіңе жеткендей. Жұрт отқа кіріп барады.

— Жақсы келдің, Палуаннияз. Би әлгінде ғана сені іздетіп, адам жіберіп еді. — Ауылдасы Сейітмұрат ерші Палуанниязды бидің шатырына ерітіп алып барды.

Ізбанның қасында он шақты қолбасы батырлар, қой етін туратқан палауды алдарына алып жатыр екен.

— Неге кейіндеп қалдыңдар?

Палуаннияз таң атқалы адаса-адаса өз жігіттерін әзер тапқандарын айтты.

— Ac ішіп, әлденіп алыңдар. — Біз қазір атқа қонамыз. Күндегідей қолдан он шақты шақырым кейіндеу жүріп отырасыңдар ғой. Күн шыққан соң қозғалыңдар...

Жаңа сойылған қойдың жас еті таңдайды жұлады. Осы көлдің сыртында қазақ қыстауына кездесіп, тігерге тұяқ коймай шауып алыпты... Онша бай ауыл көрінбейді. Бес жүздей қой олжа түседі екен. Хиуалықтардың сыбағасына үш жүз қой тиеді... Әр қосқа бір қойдан азыққа беріліп, артылған бір жүз бас қой бидің шатырында қалыпты. Олжадан құр қалғандар оңаша күңкілдеседі...

Әуелі мыңға жақын жігіт қазақтар қозғалды. Одан кейін қарақалпақтар атқа қонды.

Ат бақташы жігіттер қалың қолдың соңында ақырын аяңдап күнді ұзатты.

Түске жақын қар қыламықтап, аяғы ақ бұрқақ борасынға айналды. Бірте-бірте алдындағы қалың қолдың сүрдегі ғайып болып, айнала қар көрпесіне оранып алған. Жігіттер қалай қарай жүрерін білмей, дағдарып тоқтаған кезде, көз ұшында қарайған қыстаудың төбесі көрінді.

— Біз көрген ауылды олар да көрді ғой. Сонда бұрылайық. Ізбан ағаның қалай қарай бет алғанын сол қыстаудан сұрап алармыз, — деді Палуаннияз.

Он шақты үйлі қазақ қыстауы екен. Көбісі бастырма. Ортасында жалғыз қақыра қаңқиып тұр. Жігіттер ат тұмсығын қақыраға тіреді.

— Ау, хабарлас-ау!

Қазақ салтын естуі бар, Палуаннияз қи қораның сыртында шіреніп айқайлайды. Жан жоқ.

Қораға кірді. Алдарында аласа там үй. Есігін тартып қалып еді, оп-оңай ашылып кетті. Кенет кішкентай балалардың шу еткен дауысы шығып, бір қатын ойбай салды.

Жігіттердің иманы қасым болғандай, есіктің алдында селтиіп-селтиіп қалыпты.

Палуанның үй иесі қара қатынды жұбатты. Бұлар қарақалпақ жігіттері... ешкімге зияны жоқ... Тек бір түн бой жылытса болғаны... жөндеріне кетеді...

Қи қораға арғымақтарды қамап, қақыра тамда бой жылытып отыр. Қасындағы серігі қоржынын алып келіп, аузын шешті. Әлгіде азыққа берілген қойдың жілігін, жүгерінің жармасын шығарды. Үй иесі әйел қазан көтеріп жатқанда, бұлар қаннен-қаперсіз ұйқыға кіріскен.

Жаурап жеткен Палуаннияз жылы пештің алдында әбден балбырады. Бір қалғып кеткенде, ошақтың аузында балалардың қыңқылдаған дыбысынан оянды. Піскен ботқаның тәтті иісі мұрынын қытықтайды. Кенет іші иттей ұлып, Палуаннияздың аузынан сілекейі шұбырды.

Қарыны ашқан балалар не тыңдайды, мұрындарына піскен астың иісі барған соң, шешесін пісіріп жегелі жатқанын Палуаннияз түсіне қойды. Оның есіне тете өсіп келе жатқан екі ұлы Ернияз бен Қыдырнияз түскен. Қазанның басына өзі барып, балалардың тостағандарына толтыра жүгері ботқа салып берді. Содан кейін ұйықтап жатқан жолдасын оятты.

Аш жігіттер қарындарына ас барған соң тіпті қалжырады. Бұл ауыл өздерін түрікпен шапты деп отыр. Қара қатын Ізбанды да білген жоқ... Бақташы жігіттер қолбасшысынан тағы адасып қалған. Түн ішінде қайда қаңғырады?... Осы ауылға қонып, таңертең ілгері қозғалып кету керек... Ал арғымақтарды үш жігіт кезекпен күзетіп шығады.

Бұл ауылды шауып кеткен Ізбанның сыпайлары... Елең-алаңда қамсыз отырған қыстауға қапы соғып, қарсыласуға келтірген жоқ-ты.

Бұл Қатпаның үйі. Бекетай бұдан үш күн бұрын Жанқожаға кететін еді. Хиуаның әскері Жаңадариядан бері қарай өтіп, жылжып келе жатқан хабарын есітіп, батырға жеткізгенше асықты...

Алдыңғы күні Жанқожаның Қамыстының аржағында жатқам хабары шыққан. Қыстауды шапқан жаудың бет алысы солай қарай, бұл жерде кідірген жоқ. Іле-шала Қатпа да атқа қонды. Жаудың шауып кеткенін Райым бекінісіндегі орыс төресіне хабарлау керек еді.

Палуаннияз оның бірін де білмейді. Оның кешегі есіткені хиуалықтар Қамысты көлінің тұмсығын айналып, Жанқожаның аулына қарай беттейді. Бұрын қазақ сахарасына шығып көрмеген жігіттер қазір кезсіз көбелектей, қалай жүрерін білмей, қаңтарылып отыр.

Палуаннияз күзетте тұратын жігітті ерітіп далаға шықты. Түн тастай қараңғы. Жел ызғары бетті қариды. Қи қораның іші омбы қар еді.

— Ұйықтап қалып, масқара қылма! Қазақтарға сенім жоқ, аттардан айрылсақ, Ізбан маңдайыңнан сипамайды...

Үйге келіп қорылға басты.

Содан таң алдында оянды. Үйдің іші ала көлеңке. Ал далада у-шу еді.

Орыстар келіп қалыпты.

Палуаннияздың жігіттері тұтқынға түсті.

Орыстардың қасында қырық-елу қазақтар жүр. Солардың сөзінен түсінгені Ізбан бастаған қол кеше кіші бесін әлетінде Қамысты көліне жетеді. Жағадағы қалың қамыстың арасында Жанқожаның жасақтары жол тосып жатқанынан хабарсыз... құрулы аранға өзі барып түсіпті.

Райым бекінісінін коменданты Ерофеев хиуалықтардың бар қимылын қас қақпай бақылап отыр. Бір жүздей салт атты қазақтарды Қамысты көлінің бергі сыртындағы Мақпалкөлге қарай аттандырады. Ізбан бастаған қол Жанқожаның жігіттерімен айқасып қалған жерде, ту сыртынан тап беріп, оқтың астына алуға бұйрық берді.

Ізбан мен Алданазардың санындағы сыпайлар мен қазақ жігіттерінің ұзын саны үш мыңға тақап қалған. Жанқожаның жасағынан екі есе көп еді. Бірақ ұрыс тағдырын көбіне батыл қимыл шешеді.

Жанқожа қолды екіге бөліп, өзі мың жігітпен Нарынбай тұзының сыртындағы қалың быжырға бекінді. Жағадағы қалың қамыстың арасында бой тасалап жатқан бес жүз жігіттің ішінде Естекбай, Құлбарақ, Арыстанбай сияқты жаужүрек батырлары бар, жау қимылын көзден қалт еткізбейді. Ұрысты да солар бастады. Бақтыбайлаған ұранды есіткенде, быжырда тасаланған жігіттерді Жанқожа да атқа қондыруы керек еді...

Сыпайлар шұбатылып-шұбатылып Темірші тауынан бері қарай асты...

Сол кезде қар бұрқақтады.

Хиуалықтар Қамыстының басына жеткенде, үсті-бастары аппақ, жаурап келе жатыр еді.

Өкпе тұстан келе жатыр еді.

Өкпе тұстан қазақтар ақ мылтықтай сап етті.

— Бақтыбай, Бақтыбай!

— Ұр,ұр!

— Қыр, жой!

Жан-жақтан қақ сойыл жауып кетті.

Бұл сұмдықты күтпеген әрі бұйдасынан жетектегендей болып әзер келе жатқан Хиуа сыпайлары құлшынып шыға қойған жоқ. Бастарын қорғап, қаруын жасқана сілтейді. Кейбіреулер кейін қарай жалт берді.

Соны күтіп тұрғандай, бір бүйір қалып бара жатқан қалың быжырдың ішінен самсаған сары қол лап қойды.

— Бақтыбай, Бақтыбай!

— Жанқожа, Жанқожа!

Жанқожаның атын есіткендей, ілгері шығып кеткен хиуалықтардың қосыны кейін қарай жапырылды.

Алдарында Алданазар бастаған қазақ жігіттері аттарының басын тартып иіріліп қалған екен. Темірші тауының бөктерінде келе жатыр еді.

— Аттан, аттан!

Қашқан жұрттың алдында Ізбан жетті.

— Сұлтан, не қарап тұрсың, шырағым-ау. Біздің жігіттер анау, қырылысып жатыр...

— Қолыңды тастай қашқан саған жол болсын! — Алданазар оған дүрсе қоя берді.

Қазақтардың қимылынан сескеніп тұрған төреге сыныққа сылтау керегіп тұр.

— Ау, мен саған шапқаным жоқ па?

— Онда атыңның басын кейін бұр! Аналарың қашқан бетінде менің жігіттерімді таптап кететін ғой. Тоқтат!

Алданазар ат үстінде оңғарылып отырды.

— Архар, архар!

Бұл төрелердің ұраны. Қазақ жігіттерінің арасында қырық-елу төлеңгіт бар еді. Алдымен солар елеңдесіп, тізгіндерін қымқыра ұстап, алға шықты.

— Тоқта, тоқта!

Ізбан қашқан сыпайларының алдын кес-кестеп бажалақтап жатыр.

Сол кезде олардың ту сыртынан қазақтар сап етті.

Теміршінің құйрығында самсаған орыс солдаттары көрініп тасыр-тұсыр мылтық атылды.

Алданазар тобынан бір-екі жігіт оққа ұшты.

Шыңғырған даусы құлақты жарып барады.

Артына жалт қараған Ізбан орыстарды көргенде, зәресі зәр түбіне кетті. Көмекейіне бір түйір тас тығылғандай, дыбысы шықпайды. Қашып бара жатқан өз жігіттеріне қосылғанша асығады. Не де болса, көптің арасында жүру қауіпсіз еді. Қара арғымақты басқа-көзге төпеп барады.

Алданазар тобы да быт-шыт болды.

Күн намаздыгер еді.

Қашқан жау Ақирек жотасының құйрық жағын ала, далаға қарай жосыды.

Сырдария жақта Райым... Содан неғұрлым аулақ жүрсе, бәле-жәледен де қашық болатындай, орыстың мылтығынан қорқып барады...

Егер келген ізімен кейін қайтқанда, Ізбан бидің арғымақтары аман қалуы мүмкін еді...

Палуаннияз бұл кезде, мұрынында ботқаның иісі, пештің түбінде қалғып-мүлгіп отыр... Қолбасының бәлеге ұшырағанын білмейді. Тамағы тойған соң қамсыз ұйықтап қалды.

Хиуалық серіктерінің масқара болып қашып кеткенін өзі Райым бекінісінде тұтқында отырып естіді.

Бір аптадан кейін тұтқындағы хиуалықтар, сауда керуендерінің соңында, Орынборға жөнелтілді. Палуаннияз ішінде кетіп барады. Күн қақаған аяз... киімдері жұқа тұтқындардың бет-ауыздары қап-қара, үсік ізінен көрінбейді. Бәрі де жолда өлді. Он бес жігіттен тірі қалған жалғыз Палуаннияз еді.

* * *

Жанқожаның Қамысты түбіндегі жеңісі қазақ даласына жайдың оғындай тез тарап кетті.

Бұл күндері Жаманқұл төсек тартқан сырқат еді.

Осыдан төрт жыл бұрын үш күн қатарынан боран соғып, бай аулының бар жылқысы ығып кетті. Баяғы ауыр дәулет жоқ, қырық-елу бас еді. Жылқы соңында өзі де жүр, бай екі түн далада түнеді. Үйге келгенде суық тиген ауру... қыстай күркілдеп жүріп, көктем туған соң жатып қалған. Бақсыға да қаратты, қойдың терісімен қақтырды, молдадан ішірткі жаздырып та алды. Бірақ сырқатынан түзеле қоймады.

Жаз айында ептеп тәуірленеді. Жайлауға қоршаулы түйе үстінде әзер жететін бай, қыс қыстауға оралатын кезде атқа отыруға жарап қалатын еді.

Бірақ қашан қазан соғады, бір күркілдеген жөтел басталады. Қыстай төсектен бас көтеруі сирек... әлгі жөтел бір айықпай-ақ қойды.

Биыл сүмбіле туған соң-ақ жайлаудағы ауыл сүргінге түсті. Хиуалықтардың шапқыншылығынан қорыққан ел, Жіңішке құмға қарай босып кетті. Сол сүргін Жаманқұлдың да титығына жетіпті. Қосаралдағы қыстауға аттың үстінде әзер отырып келді.

Осыдан бір апта бұрын Бекжарасты Жанқожаға жұмсап еді.

— Жәкемде аюдың ақ дәрісі бар дейтін. Мынау дерт меңдетіп барады. Сонысынан бір шымшым берсін...

Әлгіде Бекжарас келіп кетті.

Батыр әуелі Жаманқұлдың қандай сырқаты бар екенін сұрастырыпты. Содан соң күлген көрінеді.

— Жаманқұлда түйе көп қой. Сиыры да бар шығар... Ендеше бір тостаған түйенің сүтіне бір кесе сарымай салып, былғап-былғап жіберіп, басына көтеріп салсын. Осы емді жаз шыққанша күніне үш мезгіл жасайды. Аюдың ақ дәрісі деген сол.

Қолында сырлы тостаған толы түйенің сүті, Жаманқұл қасықпен сапырып отыр...

Нешe бөліп ішіп, бір тостаған сүтті әзер тауысты.

Шамалы тынысы кеңіп қалғандай, екі-үш рет жөтеліп қақырық тастады.

Бірақ сол жақ бүйірінде шаншу сірестіріп қозғалтпайды. Жылдағы әдеті: күз түскен соң сол жақ бүйірінен шаншу ұстайтын еді. Биыл тіпті босатпай қойды.

Жәкем білмесе неге айтсын... Бір тостаған сүт... бір кесе сарымай... Үйден табылатын дәріні төрт жылдан бері жұрттан сұрап жүргендері... Әй, қазақшылық-ай!

Жәкеме құдай қуат беріп қойған ғой... Әйтпесе, жасы сексенге шықты. Қыстың көзі қырауда жауға аттанып жүргені анау... басқа шалдар болса, тезегімен қатып қалар еді.

Бұл жолы хиуалықтардың ойсырай жеңілгенін Бекжарас айтып отыр. Қасында Әліқұл әулетінің он бес жігіті, сегіз күн і.үріп қайтқан. Қамыстының басындағы шайқасты айтып тауыса алмайды...

Бекжарас орыстың мылтығын айтса, аузын ашып, көзін жумады. Орыстар... Осылар келгелі шапқыншылық да көбейді... Әйтеуір Жәкем... Ол кісінің халыққа жамандық ойламайтынына Жаманқұл да сенеді. Әйтпесе, орыстың аты қорқынышты еді.

Осындай әбісірең заманда өзінің ауырып қалғаны... Таңсыққожадан үш бала... бас көтерері өзі... Олай-былай болып кетсе, бұл ауыл тозып кететін шығар...

Жаманқұлдың бар арманы Кенжеғұлды аяқтандыру еді. Бапасы биыл жиырма бір жасқа шыққан екен. Бірақ Қондыбайдың қызы жас болып, діңкені құртып тұр. Сегіз жастағы шіп-шикі сәби... Құдасын қинауға Жаманқұл ұялды.

Байдың ерке баласы Кенжеғұл сайқымазақтау болып өсті. Үлкен ұлы Нәдір туғалы жарымжан, Кенесары ауа кешетін жылы дүние салған. Жаманқұлдың бір дәмесі, келінінің басына неке салдырып, қайнысы Кенжеғұлға қоспақ еді. Жесір келіншек бір қызымен қалып отыр...

Он бес жасар Кенжеғұл шошып кетті. Содан бір жаз ауылдан безіп, күздің күні әзер оралды...

Балалығы шығар... есі кірер... бәрі де орнына келер... Солай дәмеленіп жүргенде, келіні қайтыс болды.

Кенжеғұл байдың жалғызы, бір жан маңдайынан шертпейді... Содан соң сайқымазақ болмағанда қайтеді. Ол да ештеңе емес... Әке көзі сыншы, жалғыз ұлдың шаруаға қыры жоқ, іске олақ болып өскенін іші сезеді... Олай-былай болып, өзінің көзі жұмылса, бұл үйдің күн көруі қиын еді.

Мал түлігінен қырық-елу жылқы, бес жүздей қой бар. Көштік қана түйе ұстайды...

Кенжеғұл таң атса, көк жорғаға мінеді. Содан үш-төрт күнге шейін жоқ. Қайда бойжетіп отырған қыз бар, баласының сол ауылды қырындап жүретінін бай да біледі...

Қондыбайдың қызы өсе жатар. Қолда дәулет бар, басқа бір жерден қыз айттыруға да болар еді. Оған Айтуардың әруағын сыйлайды. Қазір қырық үй Дәулет Айтуар аулы аталатын еді.

Жаманқұл бұл әмірінде жылқыдан басқа түлікке бақташы жалдап көрген жоқ. Қойына сан жетпей жүрген кезде, оны бағатын Бекқұлының балалары еді...

Қазір де бұл ауылдың түйесі мен қойына тоқал шешесінен туған інілері Төлебай мен Томан қарайды.

Екі інісі осыдан тоғыз жыл бұрын енші алысты.

Дүниеқор Томан дүрілдеп байып кеткенше асыққандай, малының үстіне шық қондырмайтын. Екі жыл қатарынан қарауыл үйшігіне жалданды. Сондағысы қорасына бір-жар мал болса да қосыла бергенін тәуір көреді.

Сол кезде ғой Жаманқұлдың жылқы соңында суық тигізіп алып жүргені...

Бірақ Томанның да пайдасы зиянына жеткен жоқ...

Бір жылы қасқыр малға жаудай тиді. Далада бағусыз жүрген қойды тамақтап кетіпті. Қасқыр да жыртқыш... Жегені төрт-ақ қой, ал жаралап кеткені жүзден асады екен... Соның ішінде мал болып, сүрдекке қосылған бірі жоқ... Томан солай қалған қырық-елу қойынан қол жуды.

Ана жылы жылқы ығатын жолы, көп шығын болған. Көктемде Таңсыққожаның балалары алпыс-жетпіс жылқының өлігін тауып алды. Томан содан соң жалғыз бие ұстап қалды.

Төлебайдың халі соған жақын...

Тоқалдан туған екі інісі баяғы қалпы қасында отыр. Көш көлігі де, сауын сиыры да байдың мойнында... Баяғыша байдың малын бағады...

Ол кезде өздерін йен дәулетке ортақ білетін. Шаруа қамын Жаманқұлдың аржағында ойлап, құлшынып жұмыс істейді.

Қазір байдың малы — жаудың малы, құлықсыз қимылдайды.

Бас тоқсанның іші... Далада ақ бұрқақ борасын. Дәретке шығып қайтқан Жаманқұл пеш түбіне жеткенше екі рет сүрініп тұрды.

Сырқаттанған соң, қарақалпақтарша там үй салдырды. Қарын терезені жел сабалайды. Үйдің іші күңгірт... Бай көңілінде бұл үйдің ертеңгі тағдыры да солай күңгірт елестейді.

Ел іші күнде шапқыншылық... Бір күзде хиуалықтар екі рет келген екен. Бұл ауылдың жайлауы Сыр бойынан сырт, әйтеуір аман қалды. Ал Алтынбай мен Жақайым, Құрманай-Құттық ішінде көп ауыл шабылып қалыпты...

Ақиректің астында бес жүз бастырма отыр...

Бәрі де малын қол жуған, енді жер емшегін сауады. Жер тырналап, тары себеді...

Қазақтан берекет кетті.

Жанқожа да қартайды, қашанғы болсын денсаулық, бір күні көзін жұмады... Орысты өзі шақырып әкелді десіп жүр... Әлде өзінен күш кеткенін байқағаны ма?

Орыс ауызы түкті кәпір... Оның ел үстіне келгені жақсылықтың нышаны емес... Жаманқұл күрсінеді.

Баяғыда есіткен бір өлеңі тілінің ұшында... Бай күңгірт кеште ақырын ыңылдайды.

Орыс қылды орамды,

Құдай берді боранды.

Қалай қиып кетермін,

Қос белдеу салған қорамды...

— Құдайдың қайдағы жамандығын шақырмашы! Әншейінде құлағы мүкіс қара кемпір бұл өлеңді анық естиді. Кейіп қалды. Райымға орыс келіп орнағалы қашан... Құлағы мүкіс кемпір, оған қанша айтсаң да сенбейді. Орысты шақырып отырған Жаманқұлдай-ақ, тілін кәлимаға келтірді.

— Күн қақап тұр.

Жаман тоны қаудырлап Томан кірді.

— Қойды қамыс ішіне иірдіңдер ме?

Қосаралдың терістік жақ бетінде ескілікті көл орны жатыр. Дария қатты тасқан жылдары, Қосаралдың түбінен жырып кетіп, көлді су алады. Содан бес-алты жылға шейін тамшы су қосылмайды. Көлдің ұлтаны құрғап, орнында қалың құрақ өсетін еді. Жаманқұл ауылы қойын қыс қамыстың ішінде сақтайды.

— Қой иірілді. Түйелерді қораның ішіне кіргіздім. — Томан тері қолғабын шешіп алып қағынды. Аяғының астында қар еріп жатыр. — Күн қақап тұр...

Жаманқұл бірдеңе айтатындай ауызын аша беріп, жөтел булықтырып тоқтады. Қиқылдап жатыр. Маңдайынан шып-шып тер шықты. Бұл жөтелге қара кемпірдің бойы үйренген, ошақтың аузында күйбеңдеп жүр.

Томан жүресінен отыра қалып, ағасының қолынан ұстады. Ып-ыстық күйіп тұр еді...

— Қатты қиналдың ғой...

— Осы бір жөтел... — Жаманқұлдың үні үзіліп-үзіліп шығады. — Қолын босатып алды.

— Кенжеғұлжан қайда? — Томанның көзі үйдің ішін қыдырып келіп, ағасының жүзіне қайта тоқырады.

Жаманқұл маңдайының терін жайнамазына сүртініп жатып, кемпіріне тіл қатты.

— Сүтіңді пісірші!

— Бұл енді адамды пісіріп жейді... — Кемпір күңкілдеді. Сарымай салған түйенің сүтін ішкен соң, сырқас сәл тыншиын деді.

Кемпір ошаққа құшақ-құшақ қамысты сүңгітіп жатыр. Әрі-беріден соң үйдің іші күйіп кетті. Қазанда сүр еттің иісі аңқиды. Ac піскен шамада Төлебай да келді.

Дастархан жайылды. Ет алдарына келді. Жаманқұл ғана ауыз тиген жоқ. Асқа тәбеті шаппай отыр.

Астан кейін інілері үйді-үйіне кетті.

Нәдірден қалатын кішкентай немересі Шонық атасының аяқ жағында ұйықтап қалған.

Орыс қылды орамды,

Құдай берді боранды...

Жаманқұл ыңырсыды.

Кемпір бұл жолы үндеген жоқ, Күн шықса күйбең-күйбең әрі науқас күткен адам, күндегі әдеті түнде сүрнігіп құлайтын еді. Шонықтың қасына келіп, ол да қисайды.

— Кемпір. — Жаманқұлдың басы жастықта, қолымен ымдап қасына шақырды. — Бері кел. — Өзі ентігіп жатыр, оны иығынан тартып, құлағына аузын тақады. — Сен байқап жүрсің бе, мені науқас меңдетіп барады ғой...

— Тұш үш ауырмақ...

— Тушыңның неше ауыратынын өзі білсін. Мен ауырып болдым, ұзамай бұл дүниемен қоштасамын. Сендердің күндерің не болар. — Оның маңдайында қатпар-қатпар әжім, дауысында діріл білінеді. — Кенжеғұл жалғыз бала, жас болғанмен кем пайда... мен өлген соң, бар дәулеттен қол жуатын шығар...

— Дүниесі құрысын! — Бір жамандықты енді сезген қара кемпір үрейлене қарайды.

— Ана жылы ауыр дәулет ортайғанда қолда алтын-күміс бұйым қалған. Әлгі екеуіне енші берген соң, сол бұйымдарды Жаманқалаға алып барып сатып келдім. Жаманқұлдың ортайған дәулеті солай қор жинап еді. Енді жұқарса, қайта шарасы толуы қиын болар...

— Дүниесі құрысын!

— Өлген маған дүниенің қажеті қанша. Тек сендер қор бола ма деп қорқамын ғой. — Жаманқұл ентіге түсті. — Мынау жаман қайныларыңды қасыңнан шығарма. Енші алатын жылы қиянат қылып едім. Ертең екеуіне бір-бір ат мінгізгелі отырмын. Сонда сен шыжалақтап жүрме!

Қара кемпір күйеуінің демі ауырлағанын жаңа байқады. Ауызын ашса, жылап жіберетіндей, дыбыс жоқ, оған басын ғана изейді. Кірпігі жыпылық қаққанда бір тамшы жас шалының төсіне домалап түсті.

— Кенжеғұлжан кідірді-ау...

Жаманқұл енді үндеген жоқ, көкірегі сырылдайды.

Түн ортасы ауа кемпірін қайта оятты. Оның ымынан түсінгені Төлебай мен Томанды шақыртып жатыр еді.

Буындырған жөтел артық тілге келтірмеді. Екі інісі кіргенде, шал үзіліп бара жатыр еді.

Қара кемпір бетін алды да салды.

Кенжеғұл он адамның ішінде отыратын ағайын Ақпандардың арасында қыдырып жүр еді. Таңертең шапқыншы келді.

Жас жігіт жол үстінде еңкілдеп жылап келе жатыр.

— Ең болмаса арыздаса да алмай қалдым-ау...

Алай-түлей боран ауызынан шыққан сөзді қағып әкетіп өзіне де есіттірмейді.

ҚАРАДАН ТУҒАН ХАН

Қоңыр күз. Кешеден бері күннің қабағы ашылмай, анда-санда сіркіреп қойып тұр. Ақиректің астында қоңырқай киізді кедей үйлерден көз сүрінетіндей. Мәстет төбесінің жан-жағына он, он бес үйден алқа қотан қона беріпті. Ана ауыл мен мына ауылдың арасы қол созымдай-ақ жер, ешкі-лақтары араласа жайылады. Бұл көшпелі елдің тіршілігінде сирек ұшырасатын құбылыс еді.

Жазда жап-жасыл болып жататын Көкшекөлдің ұлтаны қазір сұры қашып, сарғыш тартқан. Тары орағы аяқталған соң, аңызы ғана қалған атыздар құлази түсіпті. Арық-арықтың жағасында жаздыкүні жалбырап тұратын жалау құраққа шейін шалғы орағының жүзінде жапырыла құлап бітті. Әр жерде қызылдаған қырман, тары бастырып жүрген дихандар көрінеді.

Бекетайдың астында торы байтал, қырман айдап жүр. Бұлардың қырманы қомақтылау да көрінген. Ертеректе бір Ақирек үшін екі арыс ел Әйдербек пен Кішкене ауылдары таласқанда, Жәніке батырға аталып жер тиеді екен. Ол заманда Әйдербек баласы егіннің мәнісін білмейді. Кейінірек жұтқа ұшыраған Алтынбайлар Көкшекөлдің ұлтанына тары салды. Ал батырдың ұрпақтары батыр атасына тиген жер шұрайыңның рахатын кейін көріп жүр...

Бұрнағы жылы штабс-капитан Шульцтің қасында бір жарым ай жүрген Бекетай бүкіл өміріне жететіндей тағылым алып қайтқан. Сол жолы тоқалға қараған Жәніке Ақиректің астында қыстап қалды. Былтыр Қатпа мен Қарамерген отыз қап тары алыпты. Хиуаның былтырғы шапқыншылығында қудай сақтады...

Бұл ауыл бұт артар көліксіз жаяу отыр еді. Былтыр күз он екі қап тарыға мынау торы байталды алды. Қырдағы Төртқаралар осылай қарай ағылып жатыр... Өздері егін салуды білмейтін ағайынға астық керек. Қыр жайлайтын Төртқараларды Ақиректің астына Жанқожаның өзі бастап келді. Сарыарқада жыл қуаңшылық. Күні жаңбырға қарап отырған Жаманқаланың бер жағындағы елде бір түйір дән жоқ... Былтыр Торғай бекінісіндегі орыстарға шейін қолын мұрнына тығып қалған.

Хиуаның ойранынан кейін аяқты малдан қол жуған Ақиректің астындағы ел қайтадан қара-құра жинап келеді...

Биыл мизам туған соң-ақ Төртқаралардың түйелі керуені осылай қарай шұбатылды. Қатпа бір бөлек тарысын жаңа бастырып болып отыр еді. Төртқараларға көтере сатып, бір түйе, бес қой алып қалды. Қой басына жеті пұт, бір түйеге он төрт қап — барлығы сексен пұтқа жақын астық сатылды. Арзан кеткенін біліп, бүгін өкініп отыр. Көрші көңсадақ Алтынбайларға астық іздеген Төртқаралар қырық-елу жылқы айдап келеді екен.

— Тәубе де шырағым. Ата-бабаң астық сатпай да мал жиып, бала өсірген...

Айбас беліне таяғын ұстап, қырманның басына келді. Жасы сексенді алқындырған шал, бала-шаға көтеріле кеткен соң, жалғыз отырып үйге сыймайды. Ақыл-есі түзу, бірақ еңкейіп қалған шал екі жылдан бері осы бір көненің көзі аса таяқты айрылмас серік етті.

— Үйге қонақ келді-ау деймін. — Қарамерген маңдайына күн сала қарайды. — Осы қырманда саған не бар? Адам қартайған соң үйде отырар болар еді. Әне, қонақ келді!

Айбас жасы жеткен шал. Білмеген жұрт не айтпайды. Қартайғанда шал ағаның қырман басында жүргеніне Қарамерген арланатын еді.

— Мен ағамды үйге ерітіп апара берейін, — деді Қатпа, күрегін тастай салып, үстін қағынды. — Қарамерген, қатындарды қайтар. Ендігісін Бекетайжан екеуің бір ыңғайлайсыңдар ғой. Суырын ертеңге қалдыра тұрайық...

Екі ат жерқазықта байлаулы, екі жігіт есіктің алдында қолдарын артына ұстап тұр. Қатпа бері қарай беттегенде, кекселу қонақ ақырын үн қатты.

— Ана кісінің есімі Қатпа болуы керек. Бұлар Жәніке батырдың балалары...

— Оны есітуім бар, Ғали мырза, — деді орыс реңдес серігі басын изеп. Бұл Сұханқұлов тілмаш, Шульцке жолбасшылыққа жалданатын тазша бала Бекетайды жақсы танитын еді.

Тұнғанша сұлтанның баласы Ғали былтырдан бері Райым бекінісін жағалап жүр...

Бұл өңірдегі Әлім орыс үстемдігін мойындады. Ғалиға өкімдік керек. Әбілқайырдың алты баласынан тараған ұрпақтың саны бұл күнде сексен-тоқсанға жетіп, Кіші жүздің іші тарлық ете бастағандай жайы бар. Қолы жеткендері бір-бір руды еншісіне алып, өкім жүргізіп жатыр. Одан құр қалғандары Жанғазы мен оның баласы Алданазар сияқты, жүрген жерінде бүлік ұйымдастырып, бір-бірімен билікке таласады. Орыстан қуғын көріп шықса, көрші мұсылман патшалықтарынан пана іздейді. Бейбіт қазақ даласына сырттан жау шақыратындар да осылар еді.

Ғали сұлтан да сондай жайсаңдардың бірі. Соңғы бес-алты жылда Шөмекей ішінде болып, жаман атаққа ілінді. Орынбордағы орыс әкімшілігі сол даудың аяғын сыйырқұйымшаққа айналдырып, Ғали сұлтанды Райым бекінісіне жіберіп еді. Қарсы алдынан Хиуа шапқыншылығы кездесті. Өзіне салсаң, подполковник Ерофеевтің қасында болып, хиуалықтармен күресте қайрат көрсеткен іспетті. Бірақ ол енбегін Орынбор әкімшілігі ескерусіз қалдырып отыр. Жанқожаға хорунжи шенін ұсынып, беліне күміс сапты қылыш тағып жатқанда, Ғали төренің есімі ұзын тізімге де енген жоқ...

Тұнғаншаның баласы ол жолы сыр бермей бақты. Оның бұл өңірді көбірек жағалауында үлкен мән бар. Жантөренің балалары сияқты сұлтан правительдіктен дәметеді...

Бірақ қай заманда Әбілқайыр тұқымын жаратпайтын Жанқожа батыр, бұл жерде де алдынан шықты. Хиуалықтардың шапқыншылығы кезіндегі бар абыройды шектінің жаман шалы қағып кеткені өкінішті еді. Жанқожа орыс әкімшілігі тарапынан ұсынылған офицерлік шеннен де бас тартты. Батырдың сондай бір жосын мінезін подполковник Ерофеев те ұнатады. Райымның орыс төресі Тұнғанша сұлтанның баласын қадірлемейді.

Орынбор әкімшілігі биыл көктемге салым Ерофеевті басқа қызметке ауыстырды да, Райым бекінісіне комендант болып жаңа кісіні подполковник Матвеевті жіберді. Жас комендант Сыр өңіріндегі қазақ ауылдарымен жөндеп танысып үлгіре алмай жатыр. Жалғыз кеңесшісі биыл келген татар тілмаш Сұханқұлов еді. Соны байқаған Ғали сұлтан қайда барса да, тілмаштың қасынан бір елі қалмайды. Сөз арасында Жанқожа батырдың әр түрлі әрекеттерін айтып, даттап қоюды да ұмытқан жоқ... Соның көзі құрымай, өзіне правительдік жоқ екенін ұғады...

Суханқұловты тани кеткен Қатпа қалбалақтап қалды. Бір баланы Қарамергеннің қасындағы Бекетайға жүгіртіп, өзі мал сою қамына кіріскен. Тарыға сатып алынған бес қойдың бірі пышаққа жығылды.

Қонақтардың қасында Бекетай, ауыл арасының жаңалықтарын баяндап отыр. Анда-санда Суханқұлов сұрақ беріп қояды. Бәрі де биылғы егіннің шығымы жайлы еді. Ақиректің астында қай аталықтан қанша үй отырғаны да ауызға алынды. Бекетай сөзге мүдірмейді. Ақпайдың басынан бастап, сонау Ақбөгет, Ескіұраға шейінгі кең өлкеде диханшылықпен айналысып отырған үйлердің саны бір мыңға жақындап жығылады екен.

— Әлім баласы, жұтап бітіпсіңдер ғой! — Ғали сұлтан осы жерде бір ауыз сөз қыстырып қалды.

— Әбілқайыр тұқымы бір шапқанда, Абылайдың ұрпағы екі шабады. Әлімнің байлығы қайсысына жетеді...

Бекетайдың сөзіне Суханқұлов ырза болып қалды.

Бұл баланың түрі тегін тазға ұқсамайды. Тілмаш жігіт Ақиректің астындағы елді бекер аралап жүрген жоқ. Орынбор әкімшілігі ұшыр жайында мәлімет сұрап отыр. Ақиректің астындағы егіншілерден сондай бір салық жиналады екен. Ол кімнің пайдасына түседі? Жанқожа батыр пайдаланып жатыр деген сыбыс бар... Әкімшілік әсіресе сол жерін тәптіштеңкіреп сұрайтын еді. Хатты оқып отырғанда Суханқұловтың есіне Ғали төре түсті. Жоғары әкімдердің құлағына бекініс маңындағы қазақтардың тіршілігі жайлы өсек-аяң жеткізетін одан басқа адамның реті жоқ. Ұшыр жөнінде өзі ештеңе түсініп жарытпайтын тілмаш сұлтанды әдейі ертіп шығып отыр.

Бекетайдың айтуынша, ұшыр шариғаттың кесімі. Дихан өнген астығының оннан бірі мөлшерінде ұшыр шығаруы керек. Суды қолдан беріп, ауыр бейнетпен алынған астықтан ұшыр да аз беріледі. Жиырма қаптан бір қап...

— Сонда ұшыр кімнің пайдасына өндіріледі?

— Қазақта ұшырды кедей-кепшік ағайынға, кемтар адамдарға береді. — Оған Қатпа жауап берді. — Кейде молдалардың алатыны да бар. Бабажанның кезінде ұшыр сарт әкімдерінің пайдасына жиналғаны бар. Сол ұшырды елеп-ескеретін қазақ аз-ау. Молданың саны да саусақпен санарлық. Аса кемтар біреу болмаса, кедей қазақтар ұшыр сұрап жүруді намыс көреді. Бір қап, жарым қап астықты пісік кезде кеусен сұрап та алады ғой.

Суханқұлов жазуын тоқтатып, енді кеусен жайын сұрастырды. Бірақ ол жайын қазбалап тексерген жоқ.

— Былтыр Жайқожа батыр Ақиректің астындағы елге үй басы салық салып, көп астық жинап алыпты ғой...

Ғали сұлтан ақыры шыдай алмады.

Бекетай оны бекерге шығарды. Кенесары ауа көшкеннен кейін, Сырдың арғы бетінде, баспашылардың жолында қарауыл үйшігін ұстау жайлы Әлімнің жақсылары ұйғарым жасайды. Оларға азық керек... Ұшыр жинау сол кезде еске алыныпты. Бұл жағдай Райым бекінісі түскен соң да сөз болып, оны подполковник Ерофеевтің өзі мақұлдағанын Суханқұлов та есітіп еді.

— Қарауыл үйшігінде кейінгі жылдары жүзге жақын жігіт шығарылып жүрді. Көбіне кедей-кепшіктер жалданып барады. Өзіне де, артында қалған қатын-баласына да ішетін азық керек... Жәкемнің бұл жұмыстың басында болғаны рас. Қазақ Хиуаның әкімі үшін де үсір жинады ғой. Көп болса, соның есесіне жатар. Ақиректің астында ұшыр дәмететін жалғыз Сумұрын молда еді, қорасы қойға толды. Күнін үсірсіз де көреді. Ойластық осыған сайды.

Қатпа ұшырдың мән-жайын бес саусақтай білетінін көрсетті. Бірақ ешкімнің ұрасын аштырып, астығының есебін алған жан жоқ. Әркім әлінің келгенінше берді. Қарауыл үйшігіндегі жігіттерге қанша керек болса, сонша астық жиналды. Мұны ұшырдан гөрі, ағайынның жылу жинағаны десек те болар...

— Төртқараларға да жылу жинап жатырсыңдар ма? — Ғали енді төтесінен кетті. Қатпаның әңгімесінің кезінде екі беті түтеп отыр еді.

— Төртқараның жөні өзіне басқа, — деді Қатпа оның сөзін іліп әкетіп. — Былтырдан бері қырда астық шықпай, ашаршылық болып тұр ғой. Керей-уақ пен арғын-қыпшақтың Қызыл тарысы өздеріне де жетпей жатқан көрінеді. Төртқаралар малын айдап бізге келеді. Былтыр он екі қап тарыға торы байталды алдық. Биыл он төрт қап тарыға інген алып отырмыз. — Қатпа күлді. — Әлгіде өзің басын мүжіген қой да солардікі...

Қашан төсекке бас қойғанша Суханқұловтың қолы жазудан босаған жоқ. Ұшыр жайын көңірсітіп жүрген адамның кім екенін де топшылап отыр. Осы төрені бұрын да іші жаратпайтын еді. Енді тіпті тіксініп қалды.

Ертеңгісін атқа қонатын жерде Қатпадан Бекетайды сұрап алды. Қай ру қай жерде отыр, бұл өңірді біліңкіремейді. Жолбасшылыққа зеректеу адам керек еді.

* * *

Бір аптадан кейін үш салт атты жолаушы Жақсықылыштың жолында бара жатты.

Даланы сүрең аттағандай, айнала сұп-сұр еді. Шашағынан айрылған жусандар тырбиып-тырбиып жатыр. Күзгі суық жел онсыз да қурап біткен еркекшөпті тамырымен суырып әкетіпті. Дала реңкі Тасқұдыққа жеткенше сол қалпынан өзгерген жоқ.

Жолаушыларды шөл қысты.

— Алтықұдықтан шөл қандырамыз. Аржағында батырдың ауылы да тиіп тұр...

Шульц қаздырған құдықтар қазір солай аталатын еді.

Суханқұлов Ақиректің астындағы елді бір аптадай аралады. Бекетай мен Қатпаның сөзі расталды. Бұл өңірде ұшыр үшін шағым айтқан ешкімді кездестірген жоқ. Енді Жанқожаның аулына келе жатыр.

Жолаушылар Жақсықылышқа күн орнына отыра жетті.

Ұшыр жайында Ғали сұлтаннан шала-шарпы түсінік алған подполковник Матвеев бір пікір айтқан. Жоғарғы әкімшілік орындары ендігі жерде зекетті түтін салықтың есебіне жатқызып, мемлекет пайдасына жинататындай қалпын байқатады. Ұшыр жайын қадағалап сұрап отырғаны да сондықтан... Бұдан былай әлгідей алым-салықты жинайтын жерде оған бас-көз болатын сенімді адам керек... Оны қазақ арасынан таңдап алып, жалақысын ұшырдың есебінен төлетуге болмас па екен? Осы мәселені Жанқожамен ақылдасып, егер батыр мақұлдағандай болса, бар міндетті соның мойнына аудара салу оңай еді. Райым бекінісі дау-шардан да аман болады.

Басқа қазақ табылмаған жағдайда Ғали сұлтан дайын отыр... Соны әдейілеп ескертті.

Жанқожа зекет жайында да, ұшыр жайында да дау айтқан жоқ. Бірақ ұшырды молда да емес, ғаріп-қасер де емес, кез келген бір алым-салық жинаушы қаймана қазақ пайдаланып кететінін білген кезде, түсі бұзылды.

— Бұл өзі қазақ арасында ежелден нашардың несібесі еді. Одан қалса молда алатын. Оның себебі молда жазы-қысы бала оқытады, өліктің жаназасында жүреді. Өз шаруашылығымен айналысуға уақыты жоқ. Көбіне молдаға бала беретіндер де сол отырықшы дихандар екен. Біздің Нұрымбет тұқымында хат танитын бір адам болған емес. Қысы-жазы көшіп жүріп, баланы қайдан оқытамыз? Мына Жәніке атамның немересі, әкесі жұтқа ұшырап, Ақиректің астында жылжи алмай қалған соң, Сумұрын молданың қолына түсіп жүр ғой. — Жанқожа соны айтқанда Бекетайға қарап күліп алды. — Егер ұшырдан да қағылса, Сумұрын бұдан былай қалай бала оқытады?

— Оған бір үлесі бөлінер...

— Сонда қара борбай диханның табан ет, маңдай терін өзіне дұрыс ішкізбейін дегендерің ғой. Осы ұшырынды елеп-ескеріп жатқан қазақ жоқ еді. Адам қайбір жетіскендіктен жер кетпендейді дейсің. Он шақты жылдан бері Сырдың арғы бетінде қарауыл үйшігін ұстайтын болған соң, соның азығына деп амалсыз астық жинатқанымыз рас. Қара азығы егіншіден, соғымы біздерден — қыр жайлайтын бай ауылдардан болды...

— Орыс әкімшілігі ол жағдайдың бәрін ескеріп отыр. Сондықтан бұл сияқты жауапты жұмысты сіздің — сенімді адамның мойнына жүктегісі келеді. Алым-салықтың басы-қасында болып, сіз аралассаңыз, халықта жәбір көрмес еді. — Суханқұлов одан сыр тартып отыр. — Еңбегіңізді ұшырдың есебінен өтетіп алатын боласыз...

— Жанқожаның жасы төрт жылы кем сексенге келіп отыр. Ақы алып қызмет қылып көрген жері жоқ. Ондай әдетті ендігі жерде үйренбей-ақ қояды. — Батыр тілмаштың сөзіне шамданып қалғаны анық еді. — Ал ұшырдың Жанқожаға қажеті жоқ. Әлгіде айттым ғой, ол нашардың несібесі. Оның үстіне біреудің табан ет, маңдай тері менің тамағымнан етпейді.

Суханқұлов ыңғайсызданып қалды. Шайды итке құйдыратын батырдың оғаш мінезі есіне түскен. Күлімсіреді.

— Итжемес, әй! — деді батыр баласын шақырып. — Маған шанашымды алып беріп жіберші!

Аузын мақпалмен көмкерген бұзау терісі ақ шанашты ашты. Саусағымен бір шымшып алған құмаршақтың ұнын алақанына салып отыр.

— Мынадай талқанды жеп көргенің бар ма?

Суханқұлов талқанның қандай болатынын білмейді. Қиқар шал тағы да әжуалағысы келіп отырған сияқты көрінді.

Кенет есіне алдыңғы күні бір дихан қазақтың үйінде бір табақ жармаға ұқсас бірдеңе көргені есіне түсті. Қап-қара кебек сияқты... мынау оған ұқсамайды. Түсіне қарағанда, арпаның ұнына келіңкіремейді, әнтек қоңырқайлау, сұрғылттау қауызы бар еді...

— Қауызы таздың басындағы қайызғаққа ұқсайды екен...

Өзі басы таз адамнан жиренетін Ғали сұлтан Бекетайды мұқатып отырғанын басқалар түсінген жоқ.

— Бұл құмаршақтың талқаны.

Суханқұлов құмаршақ туралы бірінші рет естіп тұр еді, сұрастыра бастады.

— Қуаңшылық жылдары басқа шөп шықпай қалуы мүмкін. Ал қай жерде құм болса, сол жерден құмаршақ та табылады. Бұл өзі тамырын тереңге жіберетін қасиетті шөп. — Жанқожа алақанындағы талқанды қайтадан шанашқа салды.

Жанқожа өмірі құмаршақтан басқа дән баласын татып керген жоқ. Жасы сексенге келгенде біреудің табан ет, маңдай терін іше алмас. Әрі жас келді. Ұшыр жинап жүру баланың жұмысы ғой...

— Ғали төрені қалай кересіз?

Аттанар алдында батырды оңаша алып шыққан Суханқұлов Матвеевтің сәлемін айтты.

— Мені жұрт төре тұқымына жаны қас деп ойлайды. Халық қамын ойлайтын азаматты кім жек көреді? Бүгінгі төре тұқымы қанды қасап қарақшыға айналды. Өз басым Әбілғазы хан мен Есім сұлтанды, Кенесары мен Жанғазыны, Бура төре мен Елкей сұлтанды көрдім. Арынғазының кезінде жылысып, Боқан тауына кетіп, ханның дидары бұйырмады. Осылардың қай-қайсысы да халық басына қайғы-қасірет әкелді, маңдайына біткен сор болды. Бәрі де сол мінезінен елден шықты. — Жанқожаның қабағында кірбің білінеді. — Ал Ғали сұлтан болса, мен көрген төрелердің ішіндегі ең ақылы кемі. Ісін өздерің де көріп жүрсіңдер, үш-төрт жыл шөмекей ішінде болды. Артынан айтыс-тартыс басталды. Ел басқарып қайдан оңдырады?

Одан әрі Суханқұлов та қазбалаған жоқ. Әкім сайлауға оның өкілеттілігі де жоқ. Өзіне тапсырылған жұмыс орындалды. Ұшырдың не нәрсе екенін анықтады. Жанқожаның ондай оңай олжадан бойын аулақ ұстайтынына көз жеткізді. Ақыр аяғында батырдың Ғали сұлтанға деген көзқарасын да білді. Ол пікірге өзі де қосылатын еді.

Суханқұлов бекініске қайтып келе жатыр.

Одан әрі Орынборға жүреді. Ол қазір қарапайым тілмаш емес, губерниялық секретарь қызметін атқаратын еді. Орынбор әкімшілігі батырдың үстінен түскен арыз-шағымды анықтап қайтуға әдейі жұмсап отыр. Бар факт папкада. Шағым шылғи өтірік екенін білді. Бұл өсек-аяңның түп төркіні кімнен шыққаны да белгілі... Ел тыныш болуын ойласа, орыс әкімшілігі Ғали сұлтанды Әлім ішінен тайдыруы керек...

Қасындағы серіктері ештеңеден хабарсыз. Бекетай жары жолды қоштасып, аулына қарай бұрылды.

* * *

Суханқұлов келіп кеткеннен кейін, бір ай да өткен жоқ, қазақ ішінде алуан түрлі лақап тарады. Біреулер орыс патшасы қазақ диқандарынан ұшыр жинатқалы жатқанын айтып жүрді. Екінші біреулер қарадан хан сайланады екен, оны Жанқожа батырдың өзі айтыпты деп соқты. Қазақ әсіресе соңғы сөзге елеңдейді. Қарашаның ішінде-ақ ауыздан-ауызға тарап кетті.

Өтеген-Нұрымбеттің төрт көзі түгел отырғанда Жанқожа Суханқұловтың сөзін еске алғаны рас. Хандықты ауызға алған ол жоқ, әңгіме алым-салық жинауға бас-көз болатын адам туралы еді. Орыс ойға алған екен, түбі онысын орындамай қоймайды. Бар бәлені ойлап тауып, орыстың ауызына салып жүрген сол Ғали сұлтан... Кеше Шөмекейге сыймай келіп, енді алты Әлімнің тізгінін ұстаудан дәме қылып жүр... Батыр соған күйінді.

Оған Жақай өз жанынан хандықты қосты.

Бұл дақпыртқа құлағы елеңдемейтін қазақ жоқ. Хан қарадан сайланатыны рас болса... одан дәметушілер жеткілікті еді. Қыстың көзі қырауда батырға Жылқайдардың Байшоқысы келіп кетіпті. Жасы жетпістің үстіндегі шал... Әрі Жақайым аға баласы... Жанқожаның өзі хан тағына отыратын болса, оған ешкім де таласпайды.

Оның алдында ғана Әйімбет келіп отыр еді. Биыл күз Бекарыстан дүниеден қайтты. Асанның ендігі біліктісі Әйімбет болып қалған. Сыр Шектісінің үштен бірі осы Асан аталығы екен. Оның үстіне иісі Кішкененің қалған бес баласы да оған жат емес. Түбі хандық үй саны көп кішкененің сыбағасына тигелі отыр. Есенәлі Орыстың кенжесі еді. Қара шаңырақтың иесі. Кішкенеге келсе, Әйімбеттен тәуірің кім? Жанқожа қартайды... Жақайдың кескіні анау... Ел басқарып не келістіреді?..

Хандық келетін болса, бір Шекті емес, түгел Әлімге ортақ болуы ләзім... Бұл сөз Қарасақал Дабыл батырдан шықты. Әлімнің кенже баласы Айнық. Иісі қарасақал Айнықтан тарайтын еді. Қазақша, кенже бала қара орын саналады. Хандықтан Дабылдың да дәмесі бар.

Осы арада Төлеген дау айтты. Әлімнің ұлы атасы Қаракесек. Жақсы көрген немересі Ұланақты бауырына басып, қара шаңырағын да соған қалдырады. Қазір қаракесек атанып отырған бір тайпа ел сол Ұланақтан тарап отыр...

Төлеген мұсылманша сауатты. Былтырғы Хиуа шапқыншылығы кезінде орыс бекінісіне жазылған хаттың бәрі соның қолынан өткен... Ендігі қазақтың тіршілігі орыспен байланысты болғалы тұрғаны анық. Төлегеннің түсінігінде кез келген қарапайым қазақтың кез келген қара шалы хан бола алмайды. Хан тағына көзді қарақты адам отырғаны жөн... Ондай адам өзі еді.

Жасы сексенге шықса да, хандық ауызға алынғалы Бекбауыл да ұйқыдан қалды. Ал Жақай өзін-өзі хан сайлап қойғалы қашан. Шектінің үштен бірі Кішкене... Хандық оған келсе, қара шаңырағы Құттықта қалғанын бәрі біліп отыр. Ақыры айналып Өтеген-Нұрымбетке келеді екен... Бекбауыл мен Жанқожаның төрінен көрі жақын... Жақай өзінен басқа адамның ретін таппайды.

Жанқожаға бұл ниетін ашып айтқан Жақай жоқ. Бірақ әлгі бір қауесет... Әңгіме осы қауесеттің айналасында өрбіп бара жатыр. Жанқожа Байшоқыдан естіді.

— Төре тұқымы хан болып оңдырды да, енді, қара қазақ, сеңдер қалдыңдар ма? — Содан кейін күрсінді. — Мынау елге алым-салық реттеп отыратын адам керек көрінеді. Орыс әкімі маған соның жайын айтқан...

Әкімі қайсы, ханы қайсы, — атағында тұрған дәнеңе жоқ. Алты Әлімнің үстінен қараса, әрі алым-салық жинататын болса, оның хан болмағанда, кім болады? Хиуаның бажбанын "Бабажан" атандырып, хан тұтқан қазақ емес пе? Құттық ағайын әлі күнге Раманқұлды хан деп дабырайтатын еді. Жанғазы да хан... Бір мезгілде бір тайпа елді үш хан қатар билеуі мүмкін емес қой... Қазақ оның қайсыбірін айырып жатыр? Ана жылы жаман Итіғұлды да уәзір деп жүрді...

— Орыс айтса, оның қасында бір тізелеп Тұнғаншаның қарақшы баласы отырса, түбі сол хан болады, — деді Бекбауыл өңешін созып. — Қазақты төре билеп оңдырған жері жоқ. Ханды өзіміз сайлап аламыз. — Соңғы сөзді айтқанда, қасындағы Жақайға көзінің қиығымен қарап қойды.

Бекбауылдың сөзін Байшоқы, Әйімбеттен бастап, Төлеген мен Дабылға шейін мақұлдап отыр.

— Хан сайлаудың билігін бізге беретін болса, алты Әлімнің төрт көзі түгел, бір есебі табылар. — Билердің сөзіне Жанқожа да еліккендей, ойланып отыр. Бір кезде басын көтеріп алды. — Әуелі осы әңгіменің басын ашып алайық. Әйімбет пен Төлеген Райымға барып қайтсын...

Байшоқы да бірге баратын ниет білдірді. Қыстауы орыс бекінісінің желкесінде, Ескіұраға жақын жерде еді. Әрі қарай ауылына қайтады... Шындығы себеппен орыс қамалының жаңа әкіміне жүздесіп қалғысы келіп отыр.

Қонақтар тарады. Алты қанат үйде батыр жалғыз қалған. Оның түсінігінде хан төре тұқымынан сайланатын еді. Әзір қарадан туып хан болған ешкімді көрген жоқ. Сонда әлгі билерге жол болсын...

Бұл халық кеше Раманқұлды да хан тұтынған ғой. Қара қазақтан хан сайланғаны құлаққа жат есітілмейтін болғаны ғой... Жанқожа оның несіне қынжылады. Бекбауыл айтпақшы, "хан тұқымы ел басқарып оңдырған жері шамалы"... Қазақ ортасынан бір есті азаматты неге хан көтермейміз...

Әлгі отырғандардың бірінен соң бірі көз алдынан өтіп жатыр. Ойы қайсысына тоңыраса, қайдағы бір жағымсыз мінезі есіне қосыла түседі. Байшоқы өзімшілдеу... Дабыл жеңілтек, хан болған соң, ол кемел ақылдың иесі болу керек. Оған келмейді. Атқа жеңіл құбаша Төлеген де ел тізгінін ұстай алмайтын сияқты. Ал ашкөз Әйімбет пен дүниеқоңыз Бекбауылды айтып та қажеті жоқ... Бұл ұзын тізімнің ішінде батырдың есіне Жақай түспейді. Оның хандықтан дәметіп жүргенін білмейтін еді.

Өз жүрегіне тереңірек үңілген кезде, батырдың көңілі ортайып қалған. Ұмытқан әлдебіреуі бар сияқты, әлдекімді есіне і үсіре алмай қиналғандай болады. Көз жанары үйдің ішін ақырын қыдырады.

Сыртта жел уілі естіледі. Қалың қымтаулы алты қанат үйдің іші ұядай. Мол қылып қалаған қара қи қаулай жанып тұр.

Бір қабат ораулы шидің сыртына ұсталған туырлықтардың жиегі уықтардың инеуіне шейін жауып кеткен. Айбарша пысық-ау... Туырлықтарда түгел ою бастырыпты. Жағалай ұсталған кілемнен керегенің бір көзі көрінбейді. Апыр-ау, осынша кілемді өздері қай кезде жинап жүр? Батыр есіне түсіре алмай дағдарғанда, көмекке Айбаршаны шақырды.

— Мынау үлкен кілем мырза бала аяқтанатын жолы... Ана көк кілем Дауылды қайным баласына келін түсіргенде... Қызыл кілем шешейдің жасауымен келген... — Айбарша бәрін орналастырып берді.

"Мырза баласы" — Ақмырзаның Жанмырзасы. "Дауылдысы" — Боранбай. Шешейі — Балым... Үйдегі жеті кілем де жақын туыстары келін түсіргенде батырға берілген ілуден келеді екен. Бәрінің де басы-қасында жүріп, үйіне кіріп жатқан кілемдерді қалай байқамағанына Жанқожа таңырқап отыр.

Қазақ жақын туысы келін түсіргенде, мықтаса бір жылқы немеуірін береді... Сонда жас келіннің жасауынан ұялмай-қызармай кілем алатындары қалай? Шындығына баққанда, бір кілем үш-төрт жылқының құнына түседі ғой...

Ойы әлдеқайда лағып бара жатқанын енді білді. Тағы да көз алдында әлгі кеткен қонақтары, үзілген ойды әрі қарай жалғастырды. Апыр-ау, кімді ұмытты?

Ә, Бекмырза екен ғой... Ат төбеліндей Әйдербектен шыққан жас жігіт... Балымның інілері... інісі ме әлде ағасы ма? Әй, Бекмырзаның жасы Балымнан үлкен бола қоймас... Ана жылғы Орынбор сапарынан кейін осы жігітті өзі қатты ұнатып қалып еді.

Қарадан хан сайланатын болса, ол таққа Бекмырза отыруы керек!

* * *

Биыл көктем туғалы елдің іші шапқын еді. Хиуаның шапқыншылығы кезінде де мұндай болмаған шығар. Әр рудың білгілікті билері, бір-біріне кісі салып, бірін-бірі бауырына тартып... Әр аталық өз ортасынан ханға лайық адамын атап, ант алысып, ант берісіп жатыр...

Райым бекінісіндегі орыс төресі "Жанқожа хандыққа кімді белгілейтін болса, сол адамды қоятынын" айтып отыр.

Хан сайлауы Ақиректің астында, Арыстанбап әулиенің зиратына жақын жерде өтетін болып ұйғарылды. Оны айтатын Жанқожа... Жанқожа айтса, қарсы шығатын қазақ жоқ, билер басын шұлғысады. Өйткені бәрінің де хандықтан дәмесі бар...

Батырдың айтуынша, хан сайланған адам Ақиректің астында отырғаны жон... Орыс бекінісіне бір табан жақын, шапқыншылық заман тап болса, жігіт іздеп жан-жаққа қол жайып отырмайды. Мың үйлі дихандар ауылынан бір күнде мың жігітті атқа қондыратын еді...

Билер оған да дау айтқан жоқ.

Дау ханға лайық адам іздеген жерде қызды...

Қазақтың жеті жасар баласы жеті атасына шейін жатқа біледі. Тіпті әр атасының дүниеге қай күні, қалай келгеніне шейін айтып отыр. Бұлардың ішінде хандықтан дәметпейтін адам сирек еді.

— Әлімнің қара шаңырағы немересі Қаракесекте қалған... — дейді Төлеген.

— Кенже баласы Қарасақал... — Дабыл дау айтты.

— Шекті тұрғанда, сендерге не жоқ? — деді Байшоқы омыраулап. — Оған келсе, Жақайым аға баласы...

— Әуелі сен Шектіге келіп алсайшы, — деп біреу оны қайырып тастады.

— Әйтеке Үш жүзге билік айтты...

Бәймен соны айтқанда, Жанқожа күліп жіберді.

— Оның рас, Бәймен. Жалаңтөс Бұқарды билеп, Әйтеке Кіші жүздің сөзін ұстағаны рас. Бірақ сен бір Әлімнің сөзін ұстап, Орынборға бара алмадың-ау...

Орынборға елші салатын жолы Бәймен келмей қалып, Сапақ барып еді. Батыр соны еске алды.

Бәймен қызарақтап төмен қарады.

— Біреуің — ортаға қара шаңырақты тартып, біреуің — атаңның ағалығын еске салдың. Әріде өткен Сейітқұл мен кешегі Әйтеке атамның әруағы да бір аунап түскен шығар. Билікті қолға тигізбей, Әбілқайырдың әулеті қор қылып жүр екен ғой. Тақ табылса, отыратын қазақ табылғандай-ау, сірә... — Жанқожа "хан" деген сөзге әдейі жоламай отыр. Орыс әкімшілігінің ондай-ондайды кешірмейтінін біледі, сақтық керек еді. — Ал атасына қарай сайлап, атадан балаға мұра болып қалатын хандықты Әбілқайыр мен Абылайдың тұқымы бізге бәрібір ауыстырмайды. Біз қазақша келейікші, — деді енді дауысын қатайта түсіп. — Қазақ не деуші еді? Қой асығы демеңіз, — қолыңа жақса сақа ғой, жасы кіші демеңіз — ақылы асса аға ғой. Жасы сексенге келген Жанқожадан қазір не ақыл сұрап отырсыңдар? Тоқтының жасындай жасы қалды. Байшоқы, Дабыл, сендер де қойыңдар. Бекбауыл, сен де қой. Әйімбет әлден екі мың үй Асаным бар деп ісініп-кебінеді. Қолына билік тиген күні қырып жіберетін шығар. — Жанқожа жан-жағына мойынын соза қарап, сәл кідіріп қалды. — Билігін маған салдыңдар ғой. Мен мынау Бекмырзаны хан сайлаймын!

— Бекмырза бес жүз үй Әйдербектен шығып, қай Әлімге айтқанын тыңдатады?

— Жәке, мен хан бола алмаймын!

Жігіттің басы шарға түскенде, аталасының аздығы да қасірет. Бекмырзаның сөзі соны аңғартты.

— Олай кішірейме, Бекмырза, басқа қонған бақтың айбаты болады. Жанқожаға Құттық пен Кұрманай көп болған соң, билік алып берген жоқ. Басқа қазақтан қайратым асқан жері де шамалы. Нұртай мен Тықының қолын, бәлкім, әруақтар қаққан шығар. Абыройы маған тиді. Қожанияздың қамалын бұзса, Созақты алса, ол қара халықтың еңбегі еді. Әділ болған жігіттің алмайтын жауы, шешпейтін дауы жоқ!

— Әй, бәрекелде!

— Жәкем дұрыс айтады!

Дауыстар әр жерден шашыраңқы есітіледі. Қуанып жатқандар — азғантай аталықтан шыққан, хандықтан өздері дәме қылмайтын билер еді. Ал шынжыр балақ, шұбар төстердің басы салбырап кетіпті.

Биліктің тізгінін Бекмырзаға ұстатқанда, Жанқожа да ішкі есебін ойлап отыр. Бес жүз үй Әйдербек басқаға тізе көрсетуге тәуекел ете алмақ емес. Бұғалық алып қашатын Әйімбет сияқтылар, өз заманының Толыбайлары әлі алдынан тосады. Сондай қиналған кезінде, Бекмырзаның ақыл сұрап келетін адамы Жанқожа болатын еді.

Әрі осы жігіттің алғырлығын да ескерді. Кеше Орынборға барған он екі бидің ішінде Бекмырзадан басқасы ауыз тұшытарлық сөз айтып келе алған жоқ-ты. Іргесінде орыс отырғанда, халықтың сөзін ұстау үшін аржағында түйіні бар адам керек. Батыр мынау көпшіліктің ішінде одан басқа көзі қарақты ешкімді көре алмай отыр.

— Ал, қауым, мен айтарымды айттым. Қате айтқан болсам, өздерің сөйлеңдер...

— Болсын!

— Ілгері тілекті жасты қаруы қайтқан қарт тоқтатпайды.

— Дұрыс!..

Бұл жолы да дауыс әр жерден шашырай шықты. Жанқожаның шешіміне ашық қарсы болып, бой көрсете қоятын адам бұлардың ішінде жоқ еді.

* * *

Жақай Бекмырзаның қара шаңырағында алты Әлімнің билеріне беріліп жатқан қонақасыға қарамай атқа қонған.

Айдалада бір өзі, ауызынан түкірігі шашырап кейіп келе жатыр. Шал алжыған екен. Алдына келген бақты басқа теуіп... Өзі қартайған екен, жас інілері жететін еді ғой. Әйімбетке айтқан сөзі анау... Байшоқыны жерге қаратты. Бәймен мен Төлегенді келеке қылды. Бетім-ай! Сондағы тандап тапқаны Бекмырза болыпты. Айтпақшы, ол Балымның жақын інілері екен-ау... балдыз... Сонда бір дамбалдан шыққан туысыңнан бір жақтағы Әйдербек жақын болғаны ғой...

Жақай бір ауылға қонады, бір ауылға түстенеді. Бәрі де Құрманай-Құттыққа қараған жақын туыстары... Соларға Жанқожаны жамандап, жеткізе алмай келе жатыр еді.

— Баяғыда Құрманай-Құттықтан Төртқараға үш ердің құнын алып бергенін білесің бе?

Бүгін Айдарқұлдың үйінде қонақ еді. Жанқожаның өткен—кеткен "теріс" істерін жіпке тізіп шықты.

— Бұл шалды қой. Қашан да жақынын жаулайтын әдеті ғой... Тірі өлтіріп-ақ болды!

— Апыр-ай десейші...

Біреу намысыңды жыртып, сөз айтып жатқанда, үнсіз отыруың қандай қиын. Айдарқұлдың есіне Төртқараға маңырай-маңырай кеткен ауылының екі жүз қойы түсті. Іші уылжығандай екен.... Өйткені екі жүз қойдың ішінде өз үйінің он төрт тұсағы бірге кеткен... Он төрт бас қой... Бұл күнге шейін пәлен бас болып өсіп жатар еді. Айдарқұл қайдан байысын... қазір үйі тел ешкі саумайды. Жұрт қатарлы кетпен шауып, бел тебуге қыры жоқ... Хиуаның жолындағы қарауыл үйшігіне жалданып, бала-шағаның азығын Ақиректің диқандарынан, соғымын осы Жақайдан айырып отыр. Бәрі сол Жанқожаның кесірі екен... барымтаға шықсаң, ертең екі есе қылып қайтартады. Құн төлейсің...

— Жанқожа өлмей, Құрманай-Құттықта жарық жоқ!

Тоқта, тоқта, мына Жақай не деп кетті?

Құрманай-Кұттықтың жігіттерімен кездескенде, басқа ағайынның тайсалып кететіні рас. Қолын байлап жүрген Жанқожа екенінде де дау жоқ! Бірақ Жәкенді өлтіру... Бұл Айдарқұлдың ойында жоқ нәрсе еді. Жақайдың бетіне бажырая қарады.

Айдарқұлдың үйінде Жақай айтқан осы сөз біреуден-біреуге тарап бара жатты. Әуелі Сыр бойындағы Кұрманай-Құттық ауылынан шығып, бірте-бірте Қарақұмдағы ағайынға жетті. Бекбауылдың үйінде Өтегеннің балалары бір жасырын әрекеттің дайындығына кіріскендей... Бәрі де Жанқожаның алжығанына шәк келтірмейді. Оған жасалатын қастықтың алуан түрі талқыға түсті. Жанқожаға алдымен Бекбауыл өкпелі. Жақайдың сөзіне шынымен елігіп отыр.

Баяғы бала Құлбарақ бұл күнде отыздың үстіне шыққан. Үй көруі сирек еді. Былтыр хиуалықтармен шайқасқанда, Құлбарақ жорықшылардың алдында жүрді... Одан кейін қайтадан қарауыл үйшігіне кеткен. Бұл кезде Арыстанбай қосы екіге бөлінді. Құлбарақ Айдарқұл ағасының қасында, алты жаз өмірі Қуаңдария бойындағы қарауыл үйшігінде өтеді.

Жолым үйдің ортасында қазан қайнап жатыр. Айдарқұл отыз жігіттің алдында бұлбұлдай сайрайды. Баяғы Жақайдың әңгімесін көңірсітіп отыр еді. Құлбарақ шошып кетті.

— Ортаңдағы жалғыз дарақ екен. Түбін қазып жатқандарына он бес жыл. Түбі қара ниет иттер, құлатпай тынбайтын шығарсыңдар! — Құлбарақтың жүзі өрт сөндіргендей, орнынан тұрды. — Шық былай, Жәкемді өлтіретін, батыр неме!

— Өмәй, өзіңді жын қаққан ба? Айтып жүрген анау Жақай ағаң, бар, қырып ала ғой!

Құлбарақ Жақайға баратын еді. Бірақ жары жолдан асқанда ақылға келді. Қу жақ Жақай ағасының аяғына отырғызбайтынын, ақыр соңында өзі ақымақ болып қалатынын біліп келе жатыр. Оны тілге келтіруге болмайды. Ал жасы үлкен кісіге бас жоқ, көз жоқ, тап берудің ыңғайы тағы жоқ...

Одан да Жәкеңе бару керек. Ана қара ниет інісі сыртынан қастық ұйымдастырып жүр.

Жанқожаны тура келген ажалдан бұл жолы да Құлбарақ құтқарып қалды.

Батыр өз құлағына өзі сене алмай отыр. Жақайдың "хандықтан" дәметіп жүргенін білді. "Таңдау Шектіге қалса, болатын Киікбай баласы ғой..." Жақай соны айтып келе жатқанда, Жанқожа езу тартып отыратын еді. Бірақ бәйбіше болатын қатын бақырып бола ма екен? Жақайдың Жанқожаны сыртынан өлімге бұйыратыны қалай?...

Баяғыда Барақ сұлтан Әбілқайырды өлтіргенде, бүкіл қазақ тіксініпті. Бәрі бір Шыңғыстан тарайды, түбі бірге туыс деп біледі ғой... Жақын туысқа қастандық жасау қазақ салтында сұмдық болып есептеледі. Оның бетін аулақ қылсын!

Ана жылы Бекбауылдың үйінде Раманқұл бар, Бәйділда бар — Кішкененің билері Қожанияздың хатын оқып, өзін өлімге бұйырғанын есіткенде, Жанқожаның жүрегі селт еткен жоқ. Сонда туған бауыры Бекбауылдың өлімге қия алмайтынына сеніп еді. Раманқұл Хиуаның әскерін алып келе жатқанын естіп отырып, Жақсықылыштан табан аудармаған Жанқожа ғой. Ағайынның өкпеге қиса да, өлімге қимайтынына күмәні жоқ...

Бірақ сол Раманқұлдар Ақмырзаны өлтіретін жерде қызығына қарап тұрды ғой... Бүгін өзіне ауыз салып отыр.

Жанқожаны жын буды. Ашу үстінде Итжемеске көк ешкі атты алдырып, ер салдыртып еді. Қасына бір Құлбарақтан басқа жан еріткен жоқ. Бірақ бір төбеден асқан кезде ой түсті. Осы ашумен барып Жақайды өлтіреді екен... Сонда өзінің Жақайдан артық жері қайсы? Олай болмайды. Басқа амалын қарастыру керек...

Жары жолдан кері қайтты.

Бір қырдың астында Сапақ бидің ауылы отыр. Итжеместі жіберіп шақыртып алды.

— Анау Жақай інім мені өлтіргелі жүрген көрінеді. Есіткен құлаққа ұят. Өзім бара алмай отырмын. Осы сөзімді Бекмырзаға жеткізші!

Жұрт біліп айтыпты. Бекмырзаны басқа қазақ түгіл, Жанқожа да хан тұтады екен. Алым-салық жинататын қарапайым әкімнің қазақ арасындағы қылмысты тексеретін жөні жоқ-ты. Кісі өліміне араласатын болғаны, Бекмырзаның хан болғаны ғой...

Жанқожа өз ойына өзі таңырқап отыр.

* * *

Мәстәт төбесінің баурайында ақ шаңқан үзікті сегіз қанат үй қоңырқай киізді диқан ауылында оқшау көзге ұрады. Бұл Бекмырзаның үйі.

Жанқожаның айтқаны шындыққа шықты, басқа қонған бақ жігіттің абыройын да көтереді екен. Бір жылқы, бір түйе жетектеп келмеген ағайын жоқ. Әуелі Алтынбайдың байлары бастады. Одан кейін күлік... Ардана мен Татыран... Төрт Әйдербекте қалыс қалған ешкім жоқ. Бір жазда Бекмырза үйірлі жылқы жинап отыр. Мынау сегіз қанат үйді де сол ағайын бастыртып берді.

Бекмырза кеше ғана Жанқожаның қасында атқосшы болып жүруге риза еді. Қазір ел ағасы. Ал дәулеті батырды екі орап алуға жарап қалған. Біреуі малын, біреуі жесірін даулап, алдынан адам кетпейді.

Бір жаздың ішінде ханның көзі көп шындықты байқады. Қисық сөйлесең — әруаққа шет боласың. Түзу айтсаң — ісік көкірек жуандар жақтырмайды. Көптің көңілінен шығу қиын екен...

Оның үстіне, көк желкеңде орыс отыр. Қызып кетсе, құдайды қарғайтын қазақ емес пе? Орысқа да бойы үйренді. Байшоқы баяғы жер дауын қайта қозғады. Бір жағы Жалаңаш көлі, бір жағы Талбөгет өткелі — Жақайымның қыс қыстауын әскер жылқысы жайылымға айналдырды. Орысқа баруға қорыққан Байшоқы арызын ханға айтады.

— Аузы түкті кәпірге әрі жүр дейтін әл жоқ. Оған сенің де тәуекелің тұра қоймас. — Байшоқы әуелі солай тоба қызығына тақап алған. — Мынау Ардана туысың бір Шәмішкөлді бауырына басып жатыр. Біздің ауылдың төлі қыстауының шетін басса, таяғын көтере түрегеледі!

Байшоқы солай Шөмішкөл маңынан өpic дәмететінін байқағанда, Бекмырза тіксінді.

Ардана — туысы. Кеше өзі хан көтеріліп жатқанда, ол ауыл да қуанып, ерулік-тартуын алып, келіп кеткен. Бүгін оның қонысын Жақайымға алып берсе, жұрттың бетіне қалай қарайды?

"Орыс төресіне тәуекелің жетпес" деген Байшоқының сөзі Бекмырзаның намысына тиді. Сол күні атқа қонған. Қасында Байшоқы Райымға қарай беттеді.

Ерофеевпен көз таныс еді. Жаңа коменданттың түсі салқын, қазақтар келгенде құрақ ұша қойған жоқ.

— Бізге губернатор мырзаның берген нұсқауы бойынша, Райым бекінісіне бір жағы Сырдария, Жалаңаш көлі, бір жағы Қамыстыбас — айнала жеті шақырымға шейінгі өңір, әскерлердің мал жайылымы, егістік жері болып есептеледі...

— Бұл кісі екеуміз жанаралдың алдында болып қайтқанбыз. Ол жолы мал өрісі, егістік жер жайлы сөз болған жоқ. Жанарал мырза Райым бекінісі бұл жерде уақытша тұрады, кейін қоныс аударамыз деген...

— Біз қоныс аударсақ, сендерді кім қорғайды?

— Бізді қорғау үшін келген болсаңдар, Райымда қарауыл қарап отырсыңдар ма? Төрт жүз шақырым жерде Ақмешіт қамалы, Жаңадария бойында Хиуа бекінісі тұр. Жау жақ бетке неге жақындап қоныстанбайсыңдар?! — Бекмырза өзін хан тұтып, қаттырақ кетіп тұр.

Оны Матвеев те түсінді. Орыс подполковнигі үшін Бекмырза атқа жеңіл құбаша, ұшыр жинатуды білуі керек. Екеуі шәлкем-шалыс келіп қалды.

Орыс бекінісіне барған бұйымы бітпей қайтты. Бекмырза Байшоқының алдында жерге кіргендей, қайтар жолында бетіне қарай алмады.

— Тілегіңізді губернатор мырзаға жеткізермін...

Матвеев соны айтып қалған...

Бүгін екі ай өткенде, жауабын алып отыр. Орынбор әкімшілігі қазақтардың талабын қанағаттандыра алмайтынын айтыпты.

Сапақ келгенде, ханның қабағы түнеріңкі еді.

— Жақайды ұстап әкеліңдер!

Ұлыбектің қасына екі жігіт қосып, атқа қондырды.

Бір кісі таққа мінсе, қырық кісі атқа мінеді. Ендігі алтын— байдың пысығы осы Ұлыбек. Бекмырза оған уәзір атағын беріп, қасына ертіп жүр...

...Жақайдың екі қолын артын қайырып байлап, жігіттер дедектетіп айдап келеді.

— Ат төбеліндей Әйдербек, көзіңнің еті өскен екен. Кеше хан сайлаған Жәкем еді. Бүгін менің қолымды байлаттың. Оңбассың, Бекмырза! — дейді.

— Жәкем мені сен сияқты бұзықтардың қолын байлату үшін сайлаған болатын. Өтекем баласы, олай шалқақтама! Жамандыққа бағып, басыңды алдырсам, қайтер едің?!

Бекмырзаның түсі суық еді. Мұртының екі жебесі тікірейіп кеткен екен. Әлгі сөзі шыны сияқты. Көз алдында құрулы дар елестеп, Жақайдың жаны шығып кетті.

Бекмырзаның сұрқынан қорыққан Жақай, баяғы Жанғазының алдында тұрғандағысы сияқты, еңкілдеп жылап жіберді.

— Бекенжан, бір қасық қанымды кеше көр...

— Жәкемді өлтіргелі жүрген мәнісіңді айтшы?

Жақай жалтарып кетуге әзір еді. Кенет көзі есіктің алдында отырған Айдарқұлға түсті. Өтірік айтып құтылудың сәті болмайтынын байқады.

— Жасы сексенге келді. Батырдың өнімін алып болдық қой. Біресе орысын әкеледі, біресе Хиуамен жауласады. Шал алжыған шығар дегенім... рас еді... — деді.

— Жасына жетпей алжып жүрген сен! — Бекмырза ақырды. — Қайда Жақай жүрген жерде өсек-аяң өрбиді. Басыңды қағып тастағанда обалың жоқ адамсың.

Бекмырза қасындағы Ұлыбекке әмір етті.

— Мынаның үстіндегі шапанын, астындағы атын алып қалыңдар. Ауылына жаяу қайтсын!

Айдарқұл қарқ-қарқ күлді.

— Әй, жаман неме! Жәкемді өлтіргің келді-ау. Атынан садаға кеткір! Жылап отырған кескініне қарасайшы!

Жақай үстіндегі шапанды шешінді. Бекмырзаға жалтақ-жалтақ қарайды. Бәлкім, қалжың айтып отырған шығар. Жанғазы дар ағашын құрғызып қойып, ертеңіне ауылына қайтарған жоқ па?

* * *

Бұл кезде Жақайым ішінде қобалжу болып жатқан.

Райым бекінісінің маңында Жақайым қыстауының саны жиырмаға тақап қалады. Бәрі де жаратып жатыр. Бекініс сыртында жиі-жиі төбе көрсетеді.

— Бекмырза алты Әлімнің тұтқасын ұстап отырған жоқ па? Қонысымызды алып берсін!

Елеуреген жұрттың балағаты араласа жүреді. Бекмырза бәрін естіп отыр еді. Байшоқыны шақыртты.

Орыстың қолында зеңбірек бар, мылтық бар... Кеше сегіз мың қол болып аттанған Хиуа бегі масқара болып, Дәуқара тауына шейін қашқанын көріп отыр. Жақайым ағайынның бұлай зіл тастайтыны қалай?

— Сен орысты араға салма. Тауып беретін болсаң, басқа жақтан да қоныс табылады...

Байшоқы баяғы Ардананың қыстауын айтып отыр.

— Алпыс үйлі Ардананы қайда тоздырамыз?

— Ардана алпыс үйге толған жоқ. Оның да жармысы теңіз бойын қыстап жүр. Шөмішкөлде жиырма шаңырақ отыр. — Байшоқы жауабын әзірлеп келіп еді.

— Үй санасып, күш айтысып, қайтеміз, Бәке!— Бекмырза біраз арындап алып, байлауын айтты. — Шөмішкөлден дәметпеңдер!

— Осы сөзің сөз ғой, бала?!

— Хан екі айтпайды!

— Ендеше Сартай атамның әруағына тапсырдым!

Байшоқы ашуланып атқа мінді.

Жақайым ауылдарының жігіттері түгел ат үстінде, Байшоқының қыстауына қарай шұбап жатыр. Теңіздің арғы бетіндегі Байқара-Текелер де келіпті. Ұзын саны бір мыңға жақын қалың қол екі күннен кейін Сартайдың басында шоғырланды.

Қазақ іші қобалжып жатқанын Райым бекінісінің коменданты да біліп отыр. Сол күні бір салт атты қазақты Бекмырзаға жұмсады. Түсінік беруін өтініп отыр.

Бекмырза Бекетайды шақырып алып, қолына қалам ұстатты. Өзі айтып, жас жігітке жаздыртады. Бар жанжал қазақтың қыс қыстауы тарылғанынан шығып отырғанын айтып, бәле басы Байшоқы би екенін ескертті.

— Жанқожа батырға адам кетті. Ертең Сартайдың басында жиын болады. Біздің орыс бекінісіне тиетін ойымыз жоқ. Солай деп жаз!

Бұл шын сөзі еді.

Қазақтармен екі арада дау туып жатса, Матвеевке де жақсы атақ емес. Генерал-губернатор Обручевтің атына рапорт жазды. Қазақтар Бекмырза деген тексіз біреуді хан көтеріпті... Жанқожа батырдың қолдауына сүйенген қазақ "ханы" тыныш елдің қолтығына су бүркіп, орысқа қарсы ай— дап салып отыр...

"Осының бәрі түбі Жанқожа батырдың әрекеті болуы да кәдік... Сыр бойындағы ел оның айтқанын екі етпейді. Бізді Райым бекінісінен тайдыруға тырысады..."

Подполковниктің хаты осылай аяқталатын еді.

Байшоқы Сартайдың басында топ құрап жатқанын есіткен— де, қырдағы Жақайым түгел қозғалды.

Шектінің басқа ауылдарынан да келіп жатыр.

Қаракесек, Қарасақалдар да атқа қоныпты.

Жанқожа бұл хабарды жол үстінде есітті.

Жолда "Ақиректе" отырған Бекмырзаға соқты.

Байшоқының қоштасатын жерде Сартайдың әруағын ауызға алғанын есіткенде, Жанқожа сұрланды. Ардананың қонысына дау айтып отырған мінезі де ұнап отырған жоқ. Кеше хандықтан дәметкен бидің бірлігі Байшоқы еді-ау... Әлде Бекмырзаның беделін түсіру үшін әдейі бүлік шығарып жатқан шығар...

Бекмырза ат төбеліндей Әйдербектен шығып, хан сайланды. Бұл жұмысты қалың кішкене де кешірмейді. Мың жарым үй жақайым да кешірмейді...

Батыр ой үстіне үнсіз қалған. Алдына дастарқан жайылып, қымыз келді.

— Маған шұбат әкелдірші...

— Жәке, шұбатқа ұяттымыз. — Соны айтқанда Бекмырзаның аққұба жүзіне қан тепті. — Екі жылдан бері Ақиректің астынан ірге аударғанымыз жоқ қой.

Бекмырзаның Ақиректің астынан екі жыл бойы іргесі қозғалмағаны рас. Қорасында екі сиыр еді. Мініске жалғыз көксандықты ұстайды. Үйір-үйір жылқы біткені биыл ғана... Ол да байғазыдан жиналды... Әншиінде айранға таласатын балалар қымызға тойып, беттеріне қан жүгірді.

— Түйені шөптен табатын болған соң ұстамай отырған жоқ шығарсың. Жомарт жоқтығын білдірмейдінің кері ғой...

— Биыл есіктің алдына түйе де бітті. Бірақ әзір саулы інген жоқ...

— Сен үшін сол түйенің барынан жоғы жақсы. Көшетін көлік табылса, қазақ бір жерге ірге теуіп отырмайды. Ақирек әулие орнаған жер еді. Хан ордасының бір жерден ірге қозғамағаны оңды болар...

Содан соң Бекетайдың жағдайын сұрады.

Жәніке әулетінің тарысы биыл да бітік. Айбас пен Қарамергенді жаз жайлауға көшіріп, Қатпа өзі қалады екен. Бір жүз қап тары алғанын айтып отыр.

— Сендердің қыстауларың дарияның аяғында, Қосарал, Қосуақ емес пе еді?

— Малдан жұтағалы Ақиректің астында қыстап қалып жүрміз. Көш көлік те кеміс... Жаз егін саламыз...

Бекетай аржағын айтпай мүдірді.

— Бұлар биыл Қосаралға көшетін шығар, — деп Бекмырза іліп әкетті. — Өйткені біздің алтынбайлардың қыстайтын жері тарылып барады. Биыл бізден жүз үй егін салған екен. Күз басында Мергенсай мен Шижағадан тағы жиырма шақты үй көшіп келді...

— Балықшы жақайымдар "жайынның жансасын жеген жатпайды" деп мақал шығарыпты, — деді Жанқожа күліп.

Бекмырза сөз арасында Бекетайды хатшылыққа алғалы отырғанын айтты. Орыс бекінісімен екі арада әлден дау шықты. Хан басымен Райымдағы орыс төресінің алдында кішірейіп, өзі жүгіріп жүргені ұят екен. Ендігі жерде шапқыншы жұмсап, орыспен хат арқылы сөйлесетін ниеті бар екенін айтты.

Жанқожа Бекетайға ақыл айтты.

Бұлардың тобында он шақты адам, Сартайдың басына жеткенде, күн екінді болған еді.

Қазан соққалы бір апта. Күн суық. Жолаушылар ат үстінде жаураңқырап қалған.

Сартайдың моласы тұрған көлдің басында он шақты үйлі қыстау бар. Билер тамға әзер сыйып отыр.

Қоралардың аузы-мұрнынан шығыпты. Тамақ істеуге қазан жетпейді. Жігіттер кез келген жерден жерошақ қазып, кесек-кесек жылқы етін отқа тоғытып жатыр.

Соғысы болатын болса, тезірек болса екен. Бүйтіп жүріп әлі аштан қататын шығармыз, — деді бір қабасақал.

Жанқожа қораның алдына аттан түсіп жатыр еді. Әлгі сөзді есіткенде, жүрегі мұздады.

Сонда Байшоқы орыстармен соғыспақшы ғой. Құрулы мылтық, құрсанған жауға қарсы шапқалы отырғаны ма?

Төрде Дабыл мен Төлегеннің төбесі көрінді. Төртқарадан басқа Әлім аталықтарының игі жақсылары түгел. Жанқожа кіргенде, орындарынан жапырласа тұрды.

— Жәке-ау, бізден бұрын кетті деп естіп едік. — Аузы жеңіл Дабыл бір сөйлеп қалды. — Бұл түнделетіп жүргенің қалай? Бір жерде бөгелдің бе?

— Жолда Ақиректе тоқтап, ат шалдырдым...

— Әулие аттаған оңбайды. — Байшоқының дауысында ап-анық кекесін білінеді.

Жанқожадан әнтек кейін кіріп келе жатқан Бекмырза Байшоқының соңғы сөзін естіп қалған. Бірақ түсін бұзып сыр берген жоқ.

Амандық-саулық сұрастырылып болғаны сол, қонақтардың қолына су құйылды.

Ac үсті артық ауыз сөз жоқ, тыныш өтті.

Содан соң қымыз келтірілді.

Сөзді Дабыл батыр бастады. Байшоқы билікті ара ағайынға салған адамның кескінін байқатады. Өзі басын төмен салып, үнсіз отыр.

Жақайымның қыс қыстаудан тарығып отырған жағдайы бар... Мына шеті Қамысты көліндегі Тасарық, мына шеті Ескіұра, одан әрі Кәрібөгет, Лайкөлі бар — он шақты қыстаудың аты ауызға алынды. Ел қысқы қонысына көшіп келгелі толық бір айдың жүзі болған жоқ... Орыстар екі-үш ауылдың жылқысын ұстайды екен. Малда ес бар ма, аяғы бос, үйренген жайылымына тартады да тұрады. Аяғына қашанғы шідер салып қоясың?.. Дабыл батырдың сөзін Байшоқы одан әрі тірілтті.

— Қолды болған қанша жылқы? — деп Жанқожа сұрақ қойды.

— Екі-үш үйір бар...

Шындығы он бес жылқы еді. Қазақ дау қуғанда, өсіріңкіреп айтуға тырысып бағады. Ол әдіске Жанқожа да қанық. Содан соң қазбалаған жоқ.

— Сендер баяғы Жанқожа деп, менің аузыма қарап отырсыңдар. Ақсақалдының қара сақалды ағасы бар. Менің ағам көпшілік. Өздерің не тұжырымға келіп отырсыңдар?

Батыр "қара сақалды ағаны" ауызға алғанда, бәрінің де есінде Жақай тұрды. Қазақ арасында өсек жатпайды. Құрманай-Құттықтың Жанқожаны сыртынан өлімге бұйырғаны жайлы алып қашты хабар неше алуан болып тарап жатыр. Жақай кеше хиуалықтардың тұтқынына түскенде, жанын отқа салып айырып алып қалған осы Жанқожа еді.

Қалыс ағайын осылай сөйлейді. Қазір де батырдың сынық тартқан жүзіне қарап, әркім аяныш білдірді.

— Бізге қара сақалды ағаның керегі жоқ. Сенің бір ауыз сөзің керек, — деді Төлеген елпілдеп. — Мынау Жақайым туысың қалың қол жинап жатыр. Басқа Әлім де келді. Орысқа шапсақ деп отырмыз...

— Қалың қолыңның санын айтшы?

— Мың жігіт! — Байшоқының үнінде мақтаныш сезілді.

Бабажанның қамалын қамайтын жолы қырық мың Әлімнен үш мыңдай қол жиналып еді. Басына бәле тақалмаса, қазақ шау қозғалады. Жақайымның он шақты қыстауы бір үйір жылқы алдырған екен, мың жарым үй жігітті атқа қондырыпты. Болар, Болар!

— Басқа Әлім, сендердің қолдарың қайда?

— Ау, саған қарап отырғанымыз жоқ па?

— Мен атқа қондық дегенде, көтеріле аттанатын қайсыларың бар? — Жанқожа бәрінің бетіне бір-бір қарап шықты. Дабылдан басқаларының назары төмен, көздерімен жер шұқып қалыпты. — Шығарсыңдар-ау, онда да ұялғаннан шығарсыңдар. Мықтаса, қалған Әлім мың жігіт жинар. Одан артық қол жинау үшін тағы бір ай күту керек қой. Ал екі мың қолымен Райымдағы орыстарды шауып алатындарыңа сенесіңдер ме?

Онда зеңбірек бар. Бес жүз солдат, без жүз мылтық... Хиуа ханы аттандырған сегіз мың қолды Жанқожа қашырған жоқ. Орыстың мылтығы мен зеңбірегі... Сонда төрт қайықта екі-ақ жүз солдат отыр еді. Қазір алдарынан бес жүз мылтық күтіп алғалы тұр екен... Ол жан шыдата ма?

Байшоқы кібіртіктеді. Тағы да Шөмішкөлді айтып келе жатыр еді, Жанқожа тоқтатты.

— Желкенде — орыс отыр. Сен ағайыннан жер даулап, тағы қырыласың... Ол болмайды, Байшоқыжан.

— Сонда болар жері қайсы?

— Мен соны айтқалы отырмын. — Жанқожа орнынан ауыр қозғалды. — Қазір жан-жаққа шапқыншы аттандыр. Жанқожа Райымға аттанғалы жатыр деген хабар таратсын. Кішкене мен Әйдербектің жігіттері Жалаңаш пен Тасарық маңына топталып, қара көрсетеді. Батыр жігіттер табылса, бекініске жақындаңқырап барғанның да зияны жоқ...

— Содан соң?

— Жау елеуресіп, тасыр-тұсыр мылтық даусы есітілген кезде ақ ту ұстап алға Бекмырза шығады. Орыс келісімге шақырарда, ақ ту ұстап шығатын салты бар екен. Көңіліміз ақ дегені шығар. — Жанқожа сәл кідірді. — Байшоқы, сенің жылқыларыңды қайтаруға сол да жетер....

— Ау, ертең тағы ұстайды ғой!

— Ол рас. — Жанқожа бұл жолы да іркілген жоқ. — Жылқы қайтарылған соң, Бекмырза атқа қонады. Орынборға барып қайтсын. Қасына Төлеген мен Сапақ биді ерітейік. Әлімнің төрт көзі түгел емес деп, қалғанын жанарал да іздемес. Ал мұндағы орыс төресі қарап жатқан жоқ. Шапқын— шының алды жолда барады, Әлім түгел қобалжығанын естісе, жанарал да ойланады. Содан кейін Райымнан қалай іргесін аудармайды?...

— Әй, бәрекелде!

— Ақылыңнан айналайын, ақ Жәкем!

Қысылып отырған билер араның ұясындай гуілдеді.

* * *

Сол күні түсте Айтуар ұстаның қыстауында Құрманай-Құттықтың бір жүздей жігіті ошарылды.

— Атам аян берді. Жәкемнің астында Көкешкі ат, сарттарды жапырып қырып барады екен. Іншәлла, кәпірлер іргесін аударатын шығар...

Қондыбай қораның ішінде қызыл құнажынның бұтын-бұт, санын-сан қылып сойып жатыр.

Жақсы сөз — жарым ырыс. Жігіттерді бастап келген Айдарқұл еді, еңсесі көтеріліп қалды.

— Әулие аға, құнажынды қазанға сала беріңдер. Қазір жауды жапырып тастаған соң, қайтып келеміз. Қызыл құнажын құдай жолы, етін соның тойына жейік!

Айтуар ес білгелі Сыр Шектісі талай шапқыншылықты бастан кешірді. Басы қамауда, малы талауда, — көрген қорлығының есебі жоқ. Соның бәрін де басқа түскен қасіреттің шын айыпкерін Хиуа хандығы деп біледі. Қазақтың Ортаазиялық шапқыншыларға қойып алған ортақ атағы сарт еді.

Орысқа аттанып шыққан Жанқожаның Айтуардың түсінде сарттарды қуып жүретіні сондықтан.

— Ата-бабаның әруағы шынымен-ақ сарт болып кеткенің бе? — Бұл қазақтың шын налығанда айтатын сөзі.

Қанша жыл қазақ даласында қорқыныш-қатер төндіріп, қосүрей қылып біткен басқыншының бетін орыс қаруы қайтарды.

— Түсіңде орыс көрсең, қорықпаңдар. Біздің ата-бабамыздың әруағы орыс болып аян береді. — Бұл да Айтуар ұстаның сөзі. Әлгідей шындыққа көзі жеткен соң айтып жүр.

Осыдан екі жыл бұрын еді. Хиуалықтар қосыны талай ауылда ойрандап, талай азаматтың басы шабылып жатты. Ауылға отыз баланы бесігімен суға ағызған хабары жетті.

Сондай ел іші бүліншілік болып жатқан күндері, Айтуар түсінде орыс қосынын көрді. Ат арбаның үстінде сүйреткен зеңбіректері бар... дарияны өрлеп барады екен... Екі күннен кейін сарттардың қашқан хабары естілді.

Өздері орысқа аттанып бара жатыр, әулие түсінде сарттарды қуып бара жатқан батырды көреді... Бұл жерін айырып сұрау Айдарқұлдың да есіне келген жоқ.

Жанқожаның тапсырмасы бойынша, Құрманай-Құттықтың жігіттері атқа қонады. Райым тауына екі шақырымдай жерде кесе түсіп құба дөң жатыр. Айдарқұл сонда жетіп бой тасалауы керек еді...

Жау қимылын бақылап жатып, зауал ауған кезде, бекініске тап беретін болады...

Бұл хабарды жеткізген Шегебайдың айтуынша, Жалаңаш көлінің жағасында Жақайымдар топталады. Қалған қол Үштағанда жақта бас құрап жатыр. Айдарқұл жау назары соларға ауған кезін байқап тұрып, ту сыртынан бас салуы керек...

Даланың қазағы ондай соғыс тәсілінен не түсініп жатыр. Жанқожа бастап шыққан екен, орысты қашырмай қайтпайды. Батырдың белдескен жерде сүрінгенін көрген қазақ жоқ. Бұл жолы да солай болатынына шәк келтірмейтін еді. Жігіттер алақандарына түкіріп, әлекедей жалақтайды.

Асығып жүріп, ұстадан бата сұрауды да ұмытып кетті.

— Жорытқанда жолдарың болсын, Қыдыр ата жолдасың болсын! — Айтуар арттарынан қарап қала берді.

Айдарқұл тобы құба дөңге жетпей-ақ зауал ауды.

Белгілі межелі уақыт жетті... Шегебайды "жау назары басқа қаққа ауған кезін байқап тұру" жайлы тапсырмасы алдақашан естен шыққан. Айдарқұл күрең атты шаптан бір тартып қалып, қойып кетті.

— Бақтыбай, Бақтыбай!

Қапысын тауып соғудың орнына, айқай-сүренді күшейтіп, ұран салып барады.

Жанқожа мен Бекмырза Үштағанда, соңдарында бір мыңдай жігіт, жау бекінсіне тақап қалған. Айқай салып, ат қойған Айдарқұл әрекетін көріп тұр. Батыр өкінді.

— Қап, мына деліқұлы бәрін бүлдірді-ау. Ана жігіттер құрулы мылтыққа қарсы шауып, арандап қалмаса болар еді. Шегебай қайда?!

— Жәке, мындамын! — Сары жалақ жігіт Шегебай, торы дөненді қос өкпеге тепкілеп, қасына келді.

— Шап аналарға! Қайтсын!

Егер ұшқыр ат болғанда, Шегебай Райымның етегін Айдарқұлмен қатар іліккендей екен. Күнұзын шабыс, торы құнан болдырып қалған. Кешігіп жетті.

— Қайт, қайт!

Шегебай айқайды салып келеді.

Осы кезде бекініс жақтан тасыр-тұсыр мылтық даусы естілді.

Батырдың бір тапсырмасын айтуды ұмытып кетіпті. Шегебайдың есіне жаңа түсті. Айдарқұл тобы, бекініске кимелемей, тау бөктеріне жете беріп, бой көрсеткен соң қайта қайтуы керек еді. Қара басып, ол жайында жігіттерге түк айтқан жоқ... біреу жазым болса, ұятына бұл қалады.

— Қайт, қайт! Жәкем қайтсын деп жатыр!...

Жігіттер әлі алға ентелеп бара жатыр еді. Құлбарақ ет қызуымен кіріңкіреп кетіпті. Қарсы алдында екі жүздей атты қазақ, сатыр-сұтыр мылтық атылғанда, артына жалт қарады.

Жігіттер жайылып арта қалыпты. Өкше ізі Үштаған жақтан шыққан бір қара, бері қарай төпеп келеді. "Қайт, қайт" деген сөз, құлағына ап-анық жетті.

Әй, мынау Шегебай ғой... Жәкем жұмсаған екен... Қайт деп келе жатыр.

Құлбарақ жалт берді. Жауды көріп тұрып, айқаса алмағанына өкініп келе жатыр. Әлгі Айдарқұл...Қоян жүрек қорқақтар... Бір жерде бұғып қалғаны ғой...

Бір сайдың ішінде біреу бүкең-бүкең етеді. Қолы атының тізгінінде, сонда айрылмайды.

— Құлбарақжан, тірімісің? Апырай, жазым бола ма деп қорқып тұр едім. — Бұл Естекбай, батыр ағасының бет-аузы қисайып кеткен, орнынан тұрды. — Айдарқұл оққа ұшты...

— Батыр да сасар болар ма, етегін басар болар ма... — Құлбарақтың үнінде кекесін, атының басын тежеді.

— Айдарқұл оққа ұшты... — Естекбайдың ерні кемсендеп, сөйлей алмайды.

— Қайда?!

Анадай жерде құлаған ат, астында біреу басы шаң-шаң болып тұрып жатыр.

Оқ атына тиді, Айдарқұл тірі еді.

Естекбай екеуі бір атқа мінгесті.

Құлбарақтың қаупі орыстар көп, артынан қуғын түсетін шығар деп еді. Онда Ұштағанға қарай салады. Ол жақтағы қалың нөпір көп қолды көріп келе жатыр.

— Жәкем қайтсын деп жатыр...

Алқынып Шегебай жетті.

— Өзіміз де қайтып келеміз... — Құлбарақ кейістік білдіргендей еді.

— Көпір мылтығының даусы қандай жаман еді. Құлағымды жарып кетті ғой. — Естекбай арт жағындағы орыс бекінісіне жалтақ-жалтақ қарайды.

Үштағандағы топтан қолына ақ жалау ұстаған бір кісі шығып, бекініске қарай беттеді.

— Әй, мынау Бекмырза емес пе?

Құлбарақ таңырқады.

Бұл кезде қазақтардың қарасы көбейгенін байқап, подполковник Матвеевтің халі мүшкіл, жаны мұрнының ұшында тұр еді.

Ерофеевтің кезінде тып-тыныш қазақ аяқ астында бүлініп жатыp. Бұл үшін ұлы мәртебелі граф Обручев оны маңдайын сыйпай қоймас...

Осыдан бір айдай бұрын, жайылымда жатқан аттарды көздеп қайтқан жолы, қазақтар бір үйір жылқы қуып әкелді...

— Біздің аттармен араласып жайылып жатыр...

— Жылқышысы қайда?

— Тақсыр, киргиздардан ешкімді көре алмадық, — деді бақтшылардан бастап кеткен шегір көзді капрал.

— Жылқыларды қораға қамаңдар!

Оның алдында бір ай бұрын Бекмырза мен Байшоқы келіп, жайылым жер үшін дау шығарғаны есінде... Қазақ ханы қатты-қатты сөге келді. Қолында жоғарыдағы әкімшілік орындарынан нұсқау жоқ, подполковник сыпайылықтан аса алмады.

Қазір нұсқау қолда. Райым бекінісі орнынан қозғалмайды. оның айналасындағы шабындық жер, мал жайылымы бекіністің меншігі... қазақтарға солай түсіндіру керек. Генерал Обручев жауапты қысқа қайтарыпты...

Артынан бір апта да өткен жоқ, қазақтар бүлік шығарып жатыр. Жылқыларды қораға қаматып қоятын жолы подполковниктің қаперінде ештеңе жоқ еді.

Ертеңіне екі-үш қазақ келіп тұр. Үстерінде жабағы күпі, шидем шекпен, тұрған бойы қи сасиды. Өздерінде өң-түс жоқ, мұрындарының астынан бірдеңені міңгірлейді. Матвеев тілмашты да шақыртқан жоқ, қазақтарды қуып жіберді.

Ұшқыннан өрт шығады. Осы бір сөздің ойына қайдан сап еткенін білмейді. Подполковниктің ет жүрегі дірілдеді. Декабристердің аузынан шыққан ұран бұл күнде қанатты сөзге айналыпты. Подполковник ұшқыннан өрттің қалай шығатынын бұгінн түсініп тұр.

О жақ, бұ жағы бір апта ғана өткен екен. Қазақтардың қимылы дауыл күні лап еткен қызыл жалынға ұқсайтын еді. Сахара аяғынан тік көтерілді. Райымның іргесінде үш мыңдай қол... Бастап келген Жанқожаның өзі көрінеді. Кеше бір қазақ қолға түскен, бар білгенін сайрап берді.

Жанқожа қозғалса, өртке айналатыны рас...

Оны Райым бекінісіне комендант етіп бекітердің алдында, губернатор канцеляриясы біраз документ беріп, танысып шығуды тапсырды. Бекіністің орыны, әскер күші, қару-жарағы... Арасында осыдан екі жыл бұрын болып өткен Хиуа шапқыншылығы кезінде жазылған рапорттар да бар еді. Сол жорықта көзге ерекше түскен батырлардың да есімі аталыпты. Бірінші қатарда Жанқожаның аты... оған хорунжий атағы беріліп, күміс сапты қылыш сыйланғаны айтылады.

— Жанқожа батыр ғана емес, үлкен ақыл иесі адам. Қазақта би көп, бірақ қай-қайсысы да өз ауылының намысын жыртудан әріге бармайды. Руы бөлек сырт ағайынға тізе көрсетуден тайынбайды. Жанқожа осынша беделіне қарамай, басқа руластары алдында өзін кішіпейіл ұстайды. Сірә, өңге билерден зәбір көрген қазақтар соған жүгініп, тендік алып қайтатын болуы керек... Өйткені Әлім-Шөмен қырық мың үйден асады, Жанқожаны сыйламайтын бір ауыл жоқ. Қарадан туып, ондай беделге ие болмақ қиын жұмыс. Оны да батырдың адамгершілік қасиетінің биіктігі болар деп түсінемін...

Суханқұлов былтыр келіп кеткен жолы осыны айтып еді.

Жанқожаны даттап жазған өз хатындағы пікірмен канцелярияда отырғандар келіспеді. Тексеріп қайтқан Суханқұлов... Сол шала татарға подполковник күдікпен қарайды.

Жанқожаның атын есіткенде елеңдегені сондықтан...

Енді қандай әрекет жасауы тиіс екенін ойластырғанда, подполковник дағдарды. Жоғарыдан нұсқау жоқ... Матвеев орыс офицерлері арасында нұсқаусыз аттап баспайтын тәртіп бар. Бұл да сол дарынсыздардың сортынан еді.

Райым — мұхит ортасындағы аралшық іспетті. Сыр бойына ең жақын бекіністі орыс қаласы Орал екі мың шақырым жерде екен. Өлдім дегенде, дауысыңды еститін ешкім жоқ.

Қазақтардың қол жинап жатқанын есіткен күні-ақ шапқыншы аттандырды. Ол ең жақын орыс бекінісіне жеткенше, тағы үш апта күту керек... Көмек одан да көбірек кешігеді...

Бекіністе бес жүз солдат... Қазақтар үш мың... Бүгін бетін қайтарғанмен, ертең есесі толып отырады... Ел де солардікі, жер де солардікі...

Бекіністің халі нашар. Бүгіннен бастап аттарға жайылым жоқ. Бір айға жететін жем қалған. Күн өткен сайын оқ-дәрі .азайып, адамдардың рухы түседі...

Ерофеевтің сегіз мың адамдық Хиуа тобырын талқандағаны рас. Бірақ оның мықты одақтасы — Жанқожаның қазақтары бар еді. Әскери базасынан қашықтап, Сыр бойына талығып кеткен хиуалықтардың ақ боранда басы одан әрі ыдырайды.

Қазақ жігіттері бір бүйірден тап беріпті...

Қазақтардың әскери базасы Райымның іргесіндегі қыстаулар... Қыстаулардан шыққан салт аттылар қаптап барады.

Оның көзі екі бүйірден қысып келе жатқан қалың нөпірде еді. Бекініске екі шақырымдай жақындап, тоқтады.

Қазір тап береді...

Сол кезде басқа бір жақтан "бақтыбайлаған" ұран естіліп, қазақтар ту сыртынан лап берді.

Бұлардың қимылы шалт. Подполковник ес жиып үлгіргенше, бекініске тақап қалды.

Қазақ жігіттері Райымның бөктеріне іліккенде, Матвеев қобалжыды. Жүз қазаққа қарсы екі жүз қазақ... Әрі солдаттардың қолында қарабин... Подполковник күштің басым екенін көріп тұр...

Мынау қазақтарды ату керек пе әлде жоқ па — подполковникті сол мәселе ойландырды.

Казактар мылтықтарын көтеріп-көтеріп алысты.

— Капрал, шап! Мылтықты аспанға атсын! Кісі өлімі болмағаны дұрыс...

— Есть, аспанға атуға!

Қапрал казактарға қарай төпей жөнелді. Шырылдаған дауысы жерді жарып, айқайлап барады.

Мылтықтар сатыр-сұтыр атылды.

Аспанға атқан сияқты. Сонша қолдан бір-ақ адам құлады. Подполковник асығыс шоқынды.

Қазақтар жалт беріп, аттарының басын кейін бұрды.

Тап подполковниктің шоқынғанын күтіп тұрғандай, Үштаған жақта топталып тұрған қалың қолдың ішінен бір адам бөлініп шығып, бері қарай беттеді.

Көк атты қазақтың қолында ақ ту көрінеді.

Бұлар да ақ ту көтеріп шығады екен ғой... Подполковник таңырқады.

Көк атты қазақ бүлкілдеп келіп қалған. Бекмырзаны тани кеткен подполковник күліп қоя берді.

— Атпаңдар! Елшіні бері жіберіңдер!

Қазақтардың өз аяғынан тиіп, келісімге шақырып келуі жақсылықтың нышаны еді. Қарадан шыққан ханға бұл жолы кісімшілік көрсетіп сірескен жоқ.

— Тамыр, аман?.. — дейді, бір жарым жылда өзі үйренген қазақ сөздігі осымен сарқылды.

Тілмашты шақыртты.

Жылқылар жайлы сөз де болған жоқ. Подполковник оларды иесіне қайтартты.

Райым бекінісі көрші қазақ ауылдарына көп жайсыздық әкелгенін орыс төресі өзі де мойындап отыр. Жақында Сыр бойымен өрлей жүзіп, біраз жерге барып қайтқан. Бекініске қолайлы жер қарастырды. Осыдан елу шақырымдай жерде, дарияның иініндегі тоғайлықты ұнатып келіп отыр еді.

Сыр бойына жаппай қыстау түскенде, сол жер аман қалыпты. Хиуаның жолы... аржағы Қызылқұм, баспашының төбесі көрініп тұр... Ондай жерден қыстау басуға қазақтың батылы бармайтынын подполковник білген жоқ.

Бекмырзаның Орынборға жүргелі жатқанын есіткенде, Матвеев одан әрі көңілденді.

"Бекмырза қатерлі адам емес. Қайта оның қазақ арасында отыруы біздер үшін пайда келтіреді. Мұнда ең беделді кісі Жанқожа... Райым бекінісін қан төгістен сақтап қалған да сол кісі көрінеді..."

Матвеев Орынбор әкімшілігіне жазған хатында осы жағдайды баса ескертіп еді. Бір ауыз сөзімен, Бекмырзаны басына төніп тұрған қатерден, тұтқындалу қатерінен құтқарын қалғанын өзі де білген жоқ.

Қазақтар қосыны күн батқанша қарасын батырды.

* * *

Бекмырза Орынбор сапарынан бас тоқсанның ішінде оралды. Сонда жолда қырық күн жүреді екен...

Екі жылдан кейін өзінін осы сапары жайында, бала жырау Доспамбет шығарған толғауды тыңдап отырып, хан таң қалды.

Астында тұлпар Көксандық,

Артық туған Бекмырза,

Алты айшылық сапардан,

Алты күнде оралды...

Доспамбет Қожамбеттің баласы... Жаманқұл байдың немере туысы. Бекмырза ханның сегіз қанат үйінде жырлап отыр еді.

Қазақ қиялы жүйрік. Ол алты айшылық жолды алты аттайтын талай тұлпарды туғызады. Қазақтың қарабайыр жүйрігі қанатты тұлпар болып шыға келіпті...

Бекмырзаның шыққан аталығы Жаманша алтынбайдың ішінде отыз-ақ үй. Ұлыбек уәзір қарадан тарайтын еді. Өзімен жасы құрбы туысы таққа отырған күні, үйірінде жүрген көксандық атты ұстап әкеліп, Бекмырзаның астына мінгізді.

Көксандықты қинап көрсе, алты күнде қайтып оралмағанмен, Орынборға бір аптада жетіп қалар еді. Бірақ Бекмырзаның қасында, жасы қартаң тартқан Сапақ би сияқты серігі бар. Қанша жеделдеткенмен, Орынборға араға он екі күн салып әзер жетті.

Орыс қаласына барған соң жол қиындайды.

Губернатордың кеңсесі Бекмырзаның сегіз қанат ақ боз үйі емес. Биіктігі көкке таласқан, әлденеше қабат үй. Кірген бетінде оңында да, солында да қаптаған есік... екі көзің алақтай бастайтын еді.

Бірінші қабатындағы әкімдерді адақтап болып, одан екінші қабатқа көтеріліп, жанаралдың алдына жеткенше, қара қазақтан шыққан хан үшін таяқтай алты күн керек болды...

Өзінің хан екенін айта бастаса, орыс әкімдері бетіне бажырая қарайды.

Губернатордың адъютанты сымбатты жас офицер екен.

Бекмырзадан қай ханның әулеті екенін сұрастырды.

— Хан әулеті емес, қара қазақтан шыққанмын!

Жас офицер бірдеңеден кәдік алғандай, Бекмырзаның бетіне таңырқай қарады.

— Бізде хандар көбіне Әбілқайыр әулетінен сайланады. Жәдік сұлтан бар...

Бекмырза өзі қара қазақ екенін, халықтың қалауымен сайланғанын әзер түсіндірді.

Адъютанттың есіне Европа материгін дүр сілкіндірген буржуазиялық революциялар түсті. Әуелі Англия... Одан кейін Голландия тағы шайқалды. Былтыр ғана француздар ішінде үлкен бүлік болып өтіп, орыс патшалығы тағы бір елеңдеп еді. Ертеректегі Робеспьер, Дантон, Марат дәуірі қайта оралатындай... Россия бонапартизмнен де сескенеді.

Оқымысты қауым өкілдерінің пікірінше, ондай қозғалыстың бәрі тек алдыңғы қатарлы дамыған елдерде болып жатыр. Декабристер әрекетінің сәтсіздікке ұшырау себебі де сонда, Россияда ұлттық буржуазия тым әлсіз, өндіріс кәсібі жоққа тән еді. Бір топ ақ пейіл офицерлерді қара бұқара арасынан қолдап ешкім шыққан жоқ...

Қазақтың сахарасы... тағы халық... Өз ортасынан ата тегі қара бұқарадан шыққан біреуді хан сайлап алып отыр. Дантон сияқты оқымысты революционердің қолынан келмеген жұмысты қарапайым қазақ жүзеге асыратыны қызық еді...

Адъютант Бекмырзаны көп айналдырды. Қазақ ханы молданың алдын да көрмеген сауатсыз жігіт екенін білгенде, одан әрі таңырқайды.

Бұл — Россияның көзі ашық мәдениетті қауымының алдыңғы қатарлы өкілдері арасында бостандық сүйгіш пиғылдар кеңінен тарап жатқан кез. Жас адъютант Герценді де, Чадаевты да біледі, мақалаларын, хаттарын іздеп жүріп оқиды. Орыс мәдениетінің тағы бір ұлы екілі Белинскийді, оны көзімен көріп, ұлағатты сөзін құлағымен есіткен жері бар... Бостандық деген сөзге адъютанттың өзі де елігеді.

Бекмырзаның жолы одан әрі жеңілдеді.

Инфалтерия генералы Обручев монархияның мәңгілік екеніне шәк келтірмейтін, сойылшы Николай дәстүрінде тәрбиеленіп, қалыптасып біткен кісі. Егер Бекмырзаның мынау қарадан шығып, хан болған жағдайын есітсе, генералдың қабағы бірден бұзылуы мүмкін еді.

Осының алдында ғана Матвеевтің хаты қолға тиді. Сыр бойы қазақтары арасындағы бүлікке байланысты Бекмырзаның да есімі аталыпты. Оның хан екені жайында ештеңе айтылмағанын адъютант өз көзімен көрді.

Суханқұлов қазір губерниялық секретарь қызметін атқарады. Өткен жылы Сыр бойын аралап қайтқан сапарында осы адъютантпен кездескен. Диқан қазақтар бар, көшпелі ауылдар бар — солардан түтін басы алым-салық жинауға жәрдемдесетін өкілетті адам сайланғаны туралы бірдеңе айтқан сияқты еді...

Соған ұқсас бір әңгімені Матвеевтің бір хатында да кездестірген екен...

Сол айтқан қазақ Бекмырза екенін біліп отыр.

Ендеше генералға мәлімденетін жерде оны хан деп дабырайтудың қажеті жоқ. Бекмырзаны Суханқұловтың түсінігіндегі, салық жинаушы лауазымымен атауы керек...

Бірақ генералдың алдында өткен әңгімеде Бекмырзаның өзі бүлдірді. Халық сайлаған екен, сол халықтың атынан өкілдік алып келіп тұрғанын айтты.

"Хан" деген сөз құлағына жақпай, бір мезет генерал аңтарылып қалғандай еді.

Қазақ сахарасында хандық өкіметтің күшін жою туралы патша указы шыққалы, жиырма жылдан артық уақыт өтті. Кіші жүз ауылдары бірнеше округтерге бөлініп, олардың басына хан әулетінен шыққан бір-бір сұлтан правитель қойылды. Ең соңғы хан лауазымы бір-ақ жағдайда — Бөкей ордасының әміршісі Жәңгір есіміне байланысты айтылатын еді. Ол көз жұмғалы да төрт жыл... Қазір "хан" "хандық" туралы сөз болуы мүмкін емес.

— Мына қазақ не былшылдап тұр? Ол жақтағы ел өз алдына хандық болып шыққысы келе ме?

Генерал енді тіксіне сөйлейді.

— Ұлы мәртебелім, бұл кісі Сыр өңіріндегі қазақтар ішінен алым-салық жинауға өкілет алған. Тағы қазақтардың түсінігінде, лауазымы бар адамның бәрі хан болып есептеледі. Қараңғы елдің сөздік қоры да қайбір жетісіп жатыр. Біздерше, "председатель", "управляющий" деп сөйлеуді олар білмейтін болуы керек...

Онысы рас. Сыр өңіріндегі қазақтарда әлі күнге сұлтан правитель де жоқ. Обручев Ғали Тунганшин сұлтанды бейімдеп жүретін еді. Оны қазақтар жақтырмайтын болып шықты. Қайда жүрсе де үстінен арыз түсіп, дау-шара көбейіп кеткен соң, қолын бір-ақ сілтеді.

Тағы қазақтың сөздік қоры соншалықты аз екендігіне генерал таңырқаған жоқ.

Бекмырзамен барынша сыпайы сөйлесуге тырысты.

Матвеевтің айтқан сөзін бұл қазақ та растап отыр. Райым бекінісінің түбінде шайқас болуға аз-ақ қалған. Бүлікшілер қатарында бес мыңдай адам болғанын есіткенде, генералдың қабағы тыржиды. "Қарадан шыққан ханның" екі есе өсіріп айтып тұрғанын бұлар түсінген жоқ.

Генералдың көз алдында соғыс картинасы айқын елестейді. Қазақтар үш топқа бөлініп, Райым тауын үш жақтан қамап келе жатыр... Ең үлкен шоғырдың басында Бекмырзаның өзі, қол қимылына жібермейді... Сол кезде көлдің арғы бетінен шыққан бір мыңдай атты жасақ бекініске тап беріпті...

— Арттарынан Жанқожа батыр жетіп абырой болды. Қамалға шапқан жігіттерді сол кейін қайтарды...

Жанқожа... бұл есім жанаралға көптен таныс еді. Оған хиуалықтармен шайқаста көрсеткен ерлігі үшін хорунжи шені берілгенін, өз қолымен жіберген сыйлықтарын да еске түсірді. Бірақ батыр офицер шенін қабылдаудан бас тартыпты. Генерал соны есіткенде тіксініп қалған. Бүгін ырза болды. Батыр антынан тайған жоқ екен...

Бекмырзаның айтуынша, Райым бекінісінің айналасында қазақ қыстаулары тығыз орналасқан. Өріске шыққан таналар орыстардың қолына түседі...

Бұл шындықты хатында Матвеев те мойындап отыр.

Генерал Суханқуловты шақырып алып сөйлесті.

Сыр бойы көшпелі қазақтар үшін жалғыз баспана. Жайық, Ор, Елек өзендерінің маңайындағы елдермен бұлардың жағдайын салыстырып болмайды. Сарыарқада, Жайықтың маңайында ауа райы ылғалды, қыстауға қолайлы шабындық тоғайлық жерлер мол ұшырасады. Мұғалжар тауының сай-жырасы тағы бар, ық пана жеткілікті. Сыр бойындағы қазақтар алты ай жаз Қарақұмда қамалып отырады. Бұрын Қызылқұмды жайлап келген ауылдарды аржағындағы Хиуа мен Қоқан хандықтарының шапқыншылығы күйзелткен, бергі бетке көптеп өтіп жатыр... Жаз құдық жетпей бір қырылысады. Ал алты ай жаз мал тұяғында таптауырын болып, ақ шандағы шығып жатқан жер, өзі құнарсыз өлке, қыс қоныс болып жарытпайды. Сырдың құйылысында арасы бес шақырым, алты шақырымнан бір қыстау... Қазақтың малын қалың қопаның ық-панасы сақтап отыр...

Бұл Суханқұловтың, қазақ арасында екі-үш жылдай төбе көрсете жүргенде, көзімен көрген, кәрі құлақ қариялардан есіткен шындығы еді.

— Райым бекінісіне жақын отырған қыстаулар Жақайымдардікі. Көтерілісті бастаған да солар. Қонысы тарылғанын бізден көреді. — Бекмырза шағынды. — Менін жағамнан алғаны былай тұрсын, Жанқожа батырды жазғырады...

Бекмырза "біз" сөзін айтқанда, өзін орыстар жағына ыңғайлы сөйлейтін сияқты. Суханкұловтың құлағына солайша естілді. Аударған да өзі еді, жатық шықты.

Матвеев хатында әскери қонысқа лайық жаңа бір жерді айтып отыр. Картасын да сызып жіберіпті.

Генерал мамандармен ойласты.

Жаңа қоныс Қазалы аталады. Райымнан бір артықшылығы: қазақы қыстауларынан шеткері, Хиуаға қарай асатын жолдың үстінде, Қоқан қамалы — Ақмешіттен 300 шақырым жерде еді.

Империяның түпкі мақсаты айқын, сыр оған пладстарм үшін керек. Әрі қарай Орта Азия хандықтары — Қоқан мен Хиуаға жорық басталады...

Орыс армиясы Персияға қарай беттеген сапарында Кавказ халықтары сенімді одақтас болды. Парсы мен түрік шапқыншылығынан зәрезап болған армяндар мен грузиндер талай жерде орыс полктеріне шылбыр ұшын беріп көмектесті...

Алақандай Дағыстан Шәмілдің шашпауын көтеріп, қарсылық көрсеткенде, аяққа қанша оралғы болды. Отыз жыл... Терек өзенінің аржағында Шәміл, бергі жағасында орыс солдаттары, отыз жыл шайқасқан екен... Демек, қазақ ауылдарымен кетісуге болмайды, Райымнан қоныс аудару керек...

Перовскийдің 1839 жылғы әйгілі Хиуа жорығының сәтсіздікке қалай ұшырағанын Орынбор әкімшілігі ұмытқан жоқ. Бір оқ атпастан, жары жолдан кері қайтты... Қырық күншілік шөл... Қатал ауа райы... Ол да себеп болған шығар. Бәрінен бұрын аяқтан шалып жүргізбеген Адайлардың әрекеті қол байлады.

Сыр бойы қазақтары бүгінге шейін орыс бекінісімен тату болып келді. Сол қатынасты сақтау керек...

Генерал бір шешімге келгендей еді.

Бекмырзаның бұйымын бітірді.

Райым бекінісіне әскери старшина Карамышевті аттандырып, Қазалы бекінісін тездетіп бітіру үшін, Матвеевке көмектесу міндетін жүктеп отыр.

Құдіретті орыс армиясының алдыңғы шебі Хиуа, Қоқан хандықтарының шекарасына тағы бір қадам жақындады...

* * *

Биылғы көктем қазақ ауылдарына қуаныш әкелді.

Орыстар Райымдағы қонысынан көтерілді.

Бұл Бекмырза ханның жеңісі еді. Ақиректің астындағы Алтынбайлар, Қосаралдағы күлік ауылдары Ардана мен Татыран бір-бір дуылдасып басылды.

Жақайымдар Айтуардың әруағына сыйынады.

Алты Әлім айналып келгенде Жанқожаға тоқтады. Жанқожаның атын естісе, хиуалықтардың да құты қашады... Орысты да қонысынан Жанқожа аударып отыр...

Осылай орыстың қоныс аударуы әр түрлі аңыз-әнгімелердің тарауына мұрындық болды... Бұл күндері кез келген Жақайымның ауылындағы той ат, шаптырып мәре-сәре болып жатыр еді.

Төрт жылдан бері іргесінде орыс бекінісі, көк желкесінде кәпір мылтығын тақап отырғандай, бала-шаға үркіп біткен. Бір құқайдан құтылған ел тыраңдасып қалды.

Қазақта қаза — ортақ, қуаныш — ортақ. Бұрын қырғи қабақ отырған ауылдар атасына ас берілетін жолы, бала туған шілдехана үстінде — бәрін ұмытып, араласып кетеді.

Жаз жайлауға беттеген Дәулет ауылы Тасқұдықтың басына басқа жұрттан кейіндеу жеткен. Қондыбайдың қатыны көшжөнекей босанып қалып кідіреді екен. Дәмелінің ер балалары тұрмай жүретін еді. Жас нәрестенің есімін ырым қылып Өтеш қойып отыр.

Былтыр Тишімбикеден кейін туған ұлы Құдайберген өлген соң, Қондыбайдың еңсесі түсіп кетіп еді. Бүгін қабағы жадырады. Тасқұдықтың басында бір апта еру болып, жас нәрестеге той жасайтын ойын айтты.

Бұл жайшылықтағы шілдехана емес, кішігірім тойға бергісіз екені рас еді. Мына шеті Жақсықылыш, Көкшоқат, мына шеті Шықыман мен Терістүбек, — Қондыбай жиырма шақты ауылды шақырып отыр. Соның ішінде қозы көш жерде отырған Әліқұл ауылының азаматтарына алдымен хабар тиеді.

Ат шаптыру үшін қазақ кемі бір ай бұрын береді. Бәйгінің жолы қиын... Ат жарату керек... Дәмелі сырғалары мен жүзіктерін түгендеп жатыр. Желіккен жас жігіттерге мүше берілетін болды.

Қызыл құнажын пышаққа жығылып, қазақ етке тойды.

Қатындар ақ жаулықтары дедегейленіп, төбенің басына шығып, мүше алып қашқан балаларын қызықтады.

— Тасқұдықтың айналасы құм, бұталы быжыр. Аттар бауырын жазып шаба алмайды.

— Қап, біздің ауылдың қоңырлық болып... Кенжеғұлдың ақ бақайымен көсілткенде ғой!

Томанның астында топырыш торы, өкініп тұр.

— Төке, мынау қалың быжырды жануар торы ат бауырын жазып шаба алмайтын болды-ау. — Доспамбет мырс-мырс күлді.

Қожамбеттің жырау баласы мысқылшыл. Доспамбет бұл ауылға түнде келіп еді. Содан таң аппақ атқанша қолынан домбырасы түскен жоқ. "Ер Тарғынды" сойып берді.

— Торы атты айтасың ба? — аңқау Томан сәл аңырап тұрды.

Атынын сыры иесіне мәлім, Доспамбеттің кекетіп тұрғанын енді аңғарды.

Марқұм ағасы Жаманқұл, топырағы торқа болсын, торы атты Томанға сол мінгізіп еді...

Торы ат сөз болса, Томанның көз алдына жан тәсілім үстіндегі бай ағасының бейнесі елестейді. Осы Доспамбетке неше айтып берген шығар. Жарықтық баяғының адамдары әулие ғой. Туған бауыр қандай қиын... Өзі жан кешкелі жатыр... Томан айналайын жаяу жүр ғой деп... Одан әрі момын шал еңкілдеп жылайды.

Томанға ағасы бір атты енші қылғанын қара кемпір айтқан. Жан тәсілім халінде жатқан Жаманқұлда сөйлейтін әл жоқ еді. Томан ол жерін ұмытқалы қашан. Әрі-беріден соң ағасының дауысы құлағында ызыңдайды...

Жақсының қадірі өлген соң білінеді екен. Жаманқұл тіріде Төлебай мен Томанның сауыны мол, бір-бір інген беріп қоятын еді. Қара кемпір оны қайтып алды. Қазір сиыр сауып отыр.

Биыл көктемде Жаманқұл үйінің келесінде бес інген боталады. Содан екі-ақ бота тірі қалған екен. Үшеуінің түбіне бір ішек жетті. Кез келген інген тұлыпқа иімейді. Сусыны азайған соң, қара кемпірдің де пейілі тарылды.

Інгенді Жаманқұл тірі болса да қайтып алар еді.

Ондайға Томанның ақылы жете бермейді. Сараң кемпірді, саңырау жеңгесін сырттан қажырта жүреді.

Қайтар жолда салт атты еркектер озып кетті. Түйе мінген әйелдер бір бөлек келе жатыр.

Етке тойып желігіп алған жас жігіттер, шыға бере атқа қамшыны басады. Томан мінген шабан торы, ең артында сөлектеп жалғыз қалған.

Қараша інгеннің үстінде қара кемпір, масатымен тыстатқан күзен ішіктің екі омырауын ашып тастапты. Ақ кимешегінің сырртынан дедегейлендіре тартқан ақ жаулығы оқшырайып, жұрттан ала бөлек көзге түседі.

Томан қара кемпірдің тобына қосылды.

Момын Қондыбайды Әліқұл тұқымы жақсы көретін еді. Қарақалпақ қызы деген аты, Дәмелі құдағай қандай биязы... жаңа түскен келіншектей үзіліп тұр.

— Келінімізді көрдіңдер ме? — деді Бекжарастың қатыны Ақық. — Өзі бойжетіп қалыпты ғой...

— Қойшы, жап-жас баланы...

— Қайдағы бала? — Ақық дау айтты. — Сол қызға қайнаға сарттар қашатын жылы құда түскен жоқ па еді? Одан бері он үш жыл. Он үште отау иесі. Өзінің бойы сырықтай, өсіп қалыпты. Осыдан барғасын ба?

"Барған соң" Ақық Кенжеғұл қайнысын жағадан алғалы тұр. Ерке мінезді әйел, алыса кетсе, бір жігітті алып ұратын қайратты еді.

Ақық — Жанқожаның ағасы Ақмырзаның қызы. Әңгіме жыл есебіне ойысса, сарттарды еске алады. Әкесі де сол жылы қаза болды...

Ақ Жәкем қолдан санап қырық сарт қырған... хан жырауы Доғалақпен айтысқан Төремұрат айтатын осы сөзді Әліқұл ауылында балаға шейін жатқа айтады.

Сол жолы туған Төлебайдың Жылкелдісі биыл он төртке шығады екен. Астында тарғыл бұқа, күнде кешкісін зар қақсап жүретін еді.

Ақ Жәкем қолдан санап қырық сарт қырған... Қондыбайдың тойына Жылкелді де келді. Саңырау кемпірден мінетін тай сұрап, ала алмай қойған. Астында тарғыл бұқа, екі өкпеге тепкілеп, қатындардың қапталында келе жатыр. Ақық сарттарды ауызға алған кезде, барылдаған даусымен өлеңдетіп қоя берді.

Ақ Жәкем қолдан санап қырық сарт қырған...

— Әй, Жақсы бала! — Қайынағасы Төлебайдан туған Жылкелдінің атын атай алмай, Ақықтың діңкесі құрып келеді. — Әлгі өлеңді қайта айтшы!

Ақық Жанқожа ағасының аты аталатын жерде тыңдаудан жалыққан емес. Ақыры Жылкелді жалықты.

Көш алдына мінгенім тарғыл бұқа,

Бүйрек майың қалпақтай шырбың жұқа, —

Ойдың-ойдың-ойдың-ай,

Дейдің-дейдің-дейдің-ай!

Бұл Доспамбет ағасының үйреткен өлеңі, Доспамбеттің әуені. Жылкелді тарғыл бұқаны екі өкпеге тепкілей түсіп, өршелене айқайлап айтады.

Қатындар ішек-сілесі қатып күліп жатыр.

— Осы бала Доспамбет ағасы сияқты жырау болатын шығар...

Туысқан адам деген қызық, әншиінде Жылкелдіні боқтап отыратын Томан қазір еміреніп айтады. Жылкелдінің өлеңіне шынымен сүйсініп келеді.

Жылкелді Шықымандағы ауылдың төбесі көрінгенше ауызын жапқан жоқ. Баяғы қоңыр әуен...

Көш алдына мінгенім тарғыл бұқа...

* * *

Қондыбайдың ауылындағы шілдеханаға Әліқұл ауылындағы бүкіл еркек кіндік, ең аяғы Жылкелдіге шейін, тарғыл өгізін тепеңдетіп кетіп бара жатқанда, жалғыз Кенжеғұл арттарынан қарап қалған.

Мінезі жеңіл сайқымазақ жігіт үйге бір кіреді, бір шығады. Жерқазықта байлаулы тұрған Ақбақайдың қасына неше барды. Тойлы ауылға қарай жостыртып тартып кетер еді. Әттең... Күйеу деген атағы бар. Қазақ салты ондай еркелікті көтермейді.

Қазір ғой Бөгенбай ауылы, Бұршай ауылы, Ботаттар мен Сарылардан бір жан қалған жоқ. Атқа мінгенде қайда барарсың. Үлкен-кіші көтеріле тойға кеткенде, ауылда үйіліп-төгіліп бала-шаға, кемпір-шалдар ғана қалады... Сайқымазақ Кенжеғұлдың олармен әңгімесі жараспайтын еді.

Жас жігіттің іші пысқанда, өндірдей аппақ жүзі қуқыл тартып, қара қастарының екі ұшы түйісе қалған. Маңдай сүйегі әнтек шығыңқы, қабағы биіктеу біткен. Тіп-тік қыр мұрнының ұшында шып-шып тер білінеді. Әлі ұстара кермеген мұрты ептеп қара қылшықтана бастапты. Бір-екі жылдан кейін аузына түсетіні анық еді. Әрі кенже болса, әрі жалғыз ұл, ағайын алдынан шықпайды. Жасы жиырма үшке келгенше тәлпіштігі қалған жоқ-ты. Ал Әліқұл тұқымының көзіне, жіңішке сүйекті әлжуаз Кенжеғұл, әлі күнге жас өспірім бозбала сияқты көрінетін еді.

Тойдан қайтқандардың алды болып Төлебай оралды. Мойны былқ-сылқ етіп, аттан түсіп жатыр.

— Кенжеғұл, әй! Үйде қымыз бар ма?

Бірақ Кенжеғұлдың ұлықсатын күтіп тұрған жоқ, кірген бойы қара сабаның пұшпағын шешті. Бір тостаған қымызды сіміріп салған соң көңілденді.

— Қондыбайдың ауылында тойғаным-ай! Іші мен сыртым бірдей болды.

Төлебай жымың-жымың күледі, мойны бос, сөйлей бастаса, былқ-сылқ етеді. Местің пұшпағы шешіліп, тағы бір тостаған қымыз құйылады.

Қандай мүшені кім алып кетті, кімнің табағына қандай жілік тартылды... сол тәрізді құсшының құр әңгімесі... Кенжеғұл жалықты.

— Ақбақайды бере ғой деп едім. Өй, өкіртетін едік.

Екінші тостағанның артынан үшіншісі, төртіншісі кетті.

Төлебай мешкей. Енді бесінші тостаған қымызды кұйып алып жатыр еді.

Есіктің алдында қараша інген бақ етті.

— Ойбай, жеңешем келіп қалды ғой!...

Бесінші тостағанды төгіп-шашып басына бір-ақ көтеріп, Төлебай үйден атып шықты.

— Ақ көрмегір! Шашпаған жері жоқ! Иендеп тұрған сабаны бір өзі сарқып ішіп барады, әне!

Саңырау кемпір мешкей қайнысын қарғап-сіледі.

Бес биенің қымызы үш үйге жетіп артылады. Қара сабаның құр тұратын күні жоқ. Содан келе саңырау кемпір Төлебайға бір қарғыс айтпай қымыз берген емес.

Кенжеғұл қамшысын беліне қыстырып үйден шықты.

Ойдың-ойдың-ойдың-ай...

Тарғыл өгізді тепеңдетіп Жылкелді келіп қалған екен. Қамшысын бұлғап қасына шақырды.

— Жеңешеңді көрдің бе?

Кетерде Жылкелдіге жеңеше жайын көп айтып, көріп қайтуды тапсырған. Есерсоқ інісі тарс ұмытып кетіпті. Өтірік айту салтында жоқ, көзі құр жыпылықтайды.

— Сен адам болсаң, көргенім өтірік!

Кенжеғұл Ақбақайдың үстінде шіреніп тұрып соны айтты.

Бөгенбай ауылына қарай сатырлата жөнелді.

Онда Ақық пен Ақша бар. Ол екеуінің көзінен ештеңе қағас қалмайды. Жылкелді қапы жіберген екен, қалыңдығының жайына Ақықтан қанығады.

Тостаған толы қойдың қатығы алдында, Кенжеғұл Бекжарастың үйінде отыр.

— Пай-пай, жеңешемнің ұйытқан қатығы-ай! — Кенжеғұл қатықты таңдайына татымаса да ішеді.

— Әй, сайқымазақ! Үйінде ит басына іркіт төгіледі, өйтіп мазақ қылма!

— Мазақтасам, өгіз болып кетейін!

— Өзің де піштіріп тастаған өгізсің! Өлі-тірісін берген соң өлі күйеу жатпайды. Қу тізеңді құшақтап отырғаның мынау! — Ақық бастырмалатып әкеткенде, Кенжеғұлдың маңдайынан тер шықты.

— Оның маған несін айтып отырсың. Мүшелі жас кіші қызды айтгырып жүрген қайнағаңа өкпеле...

Қайнысы қайысқанда, Ақық қысылайын деді.

— Қой, төре бала, мүшелі жас деп жүрген кім? Қондыбайдың қызына сарттар қашатын жылы құда түскен жоқ па едік? Тіпті пісіп тұр!

— Өйдәйт! Жалаңбұт жалпылдап жүрген шығар!

— Ойбай, қыз салтанатын құрып қалыпты. Біз отырғанда, шошаң етіп далаға шыққан жоқ. Әлгі Қондыбайдың немере інісі бар ғой. Құрып қалғырдың аты кім еді? Соның отауына шөлдеген соң, кіре қойып едім. — Ақық елпілдете түсті. — Келінім жалғыз, сағағынан үзіліп отыр. Кімнің қызы екенін қайдан білейін. Жүзі жылы ұшырап кеткен соң, атын сұрасам, Тыныштықбике екен...

— Тишімбике, — деп түзетті Кенжеғұл.

— Ана қарашы, ұялмай атын атайды!

— Қайнағам емес қой! — Кенжеғұл үйден шықты.

Күн бата ауылға келген.

Бүгін ұйықтап та жарытқан жоқ. Өлі-тірісін берген соң, өлі күйеу жатпайды... Ақықтың сол сөзі ойынан кетпейді.

Елең-алаңда Жылкелдіні төсегінен тұрғызды.

— Тұр, Бұршай ауылына қыдырамыз!

Бұрын Кенжеғұлдың ондай мінезі жоқ, Жылкелдіні қасына ертіп керген емес. Жас бала қуанып кетті. Астында терлік, Ақбақайдың артына мінгесіп жатыр.

Кенжеғұл ауылдан ұзаңқырап шыққан соң, аттың басын Тасқұдыққа қарай бұрды.

— Аға, аға, Бұршай ағамның ауылы...

— Үндеме... — Кенжеғұл алабұртып келе жатқан інісін түртіп қойды. — Біз Тасқұдыққа, жеңешеңді көріп қайтуға барамыз...

— Алақай!

Қамшының сабынан оңдырмай бір түрткі жеп, Жылкелді жым болды.

Сыдырта аяңдатқан Ақбақай ат, сәске түс болмай-ақ Тасқұдықтан құлатқан. Бергі жағы қалың быжыр. Кенжеғұл бір төбешіктің тасасында Ақбақайды шідерледі. Өзі жан бауырда етбеттеп жатыр. Жылкелдіні қасына шақырды.

— Қазір заулап отырып Қондыбайдың үйіне бар. Бірақ жымың білінбесін. Үйдің жабығынан ғана сығалап қайт. Жеңешең қандай екен көріп кел...

Ауыл бес-ақ үй, әудем жерде көрініп тұр. Қоңырқай киіздері дөңгелек шаруалы екенін көрсеткендей. Кенжеғұл Қондыбай үйі қайсысы екенін де білмейді, Жылкелдіден сұрады.

— Қыздың үйі қайсысы?

— Той істеген үй ме? Анау!

— Зыт ендеше!

Зыта жөнелген Жылкелді, шеттеу тұрған алты қанат үйге жақындағанда, жүгірісін баяулатты. Бойы тәпелтек. Түндік бауға тырмысып, жабықтың деңгейіне әзер көтерілді. Сол қалпы тапжылатын емес. Тұр... тұр... Кенжеғұлдан тағат кетіп, тықырши бастады.

— Бұл әумесер әлі бүлдіреді...

Бірақ Жылкелді бүлдірген жоқ. Аман-есен қайтты. Екі езуі құлағында, анадайдан ыржияды.

— Өтірік айтсам, оңбайын. Қондыбайдың қатыны, алдында бір қамыр, бырш-бырш илеп отыр. — Аптыға сөйлейді. — Қазанжаппай жабатын шығар, ә?

— Қыз қайда? Қыз қайда отыр екен?!

Ағасының қызға жұмсағаны енді есіне түсіп, Жылкелдінің көзі жыпылықтады.

— Қызды көріп кел десем, қамырың не? Әй, сені асыраса да адам болмассың!

Жылкелді қайта кетті. Дамбалының жырым-жырым балағы, жалауланып желп-желп етеді.

Жабыққа бойы жетпейді. Белдеуден башпаймен тіреп, үзік бауға жармасып, керегенің басына ақыры қолы тиді. Жабыққа көтерілуден қорқады. Кенжеғұл ағасы жасырынып отырғанда, оған не жоқ. Бірақ тамақсау Жылкелдіге бар дүниені ұмыттыратын бір құдірет бар. Оның аты — тамақ. Піскен нанның иісі мұрнына келсе, ақыл-естен айырылады.

Бұл жолы солай болды. Үйдің қақ ортасында, ошақтың астындағы отты көрді. Жанып біткен жапа, қып-қызыл шоққа айналған кезі. Үстінде төңкерулі қазан. Жылкелдінің мұрнына піскен нанның әдемі иісі келеді.

Оның тісіне нан тимегелі қашан. Өз үйінде нан жоқ, күнде кешкілік бір қазан быламық пісіретін. Кейде тары көже асады. Көжеге де, быламыққа да айран қатылады. Бұл Жылкелдінің ең тәуір көретін тамағы...

Бұл ауылда нан пісіретін жалғыз қара кемпір еді.

Қазанжаппайға қарап тұрып, қыз есінен шыққан. Қыстырулы айна алдындағы біреуге көзі түскені рас. Онда да тарқатылған қолаң шашты ғана көрді. Оның аржағында кім тұр, ажары қандай, — байқайыншы-ау деген ой жоқ, есіл-дерті төңкерулі қазанда еді.

Қазан аударылғанда қып-қызыл болып піскен қазанжаппайдың жүзі жарқ етті. Сылқылдаған мырзаның алдынан хордың қызы шыға келгенде, ондай болмас! Жылкелді ауызының сілекейін жинай алсайшы... Жұтып жатыр, жұтып жатыр... Жұтып жатқаны нан емес, ауызының сілекейі екенін де түсініп жартқан жоқ...

Пай-пай, әжемнің қазанжаппайы...

Қазанжаппайдың бетіне қаймақ жағылды. Содан кейін үстінде қазан пышақ ойнақ салып, осқылап-осқылап өтті дейсің. Сол қызықтан құр қалатындай, Жылкелді ілгері емін түскенде, қолы керегенің басынан шығып кетіп... башпайына ши кіріп, діз ете түсті.

— Ің-ің-ің...

Одан артық дыбыс шығаратын әл жоқ, домаланып жерге түсті. Үйде күбірлейді.

— Біреу дыбыстады ма?

Үйге сүйкенгендей боды ғой...

— Тишімбике, қарап келші!

Сарттан қашқан нәмарт, Жылкелді екі етегін түрініп, Кенжеғұл ағасына қарай салды.

Үйдің сыртына сұңғақ бойлы балапан қыз шықты. Мойнын соза қарайды. Жасы он екіде болғанмен, Тишімбике қыз салтанатын құрып қалған. Баланың түсі бейтаныс көрініп, қыз жүрегі кәдік алып тұр еді. Пошымы ұры-қарыға да келмейді... Қызды ауылды қырындайтын бозбалаларға да ұқсамайтын сияқты... Киім түрі алау-далау... бірақ қыз көңілі кәдікшіл, баланың зытып бара жатқан сыйқына қарап, оның ұрланып бұлай жүруінің өзіне қатысты екенін топшылады. Сондықтан шешесіне шынын айтуға да ұялып тұр.

— Қоңыр тайынша...

— Арам қатқыр, соған-ақ тыным жоқ!

Дәмелі қарғады.

Үйдің сыртында қыз көрініп, Жылкелдінің сыртынан қарап тұрғанын Кенжеғұл да көрді. Далпылдаған түрін қарасайшы. Жабыққа жабысып, биенің бір сауымы болғанша тұрды. Әне, үйдегілер де сезіп қалыпты. Әлі, өстіп жүріп, артымыздан қуғын түседі... Кенжеғұл бұғып жатыр.

Танаурап келе жатқан Жылкелдіні білегінен ұстап, темен қарай дырылдата жөнелді.

— Өшір үніңді. Керіп қалды!

Жылкелді етбеттеп жата кетті.

Кенжеғұл бұта-бұтаның ара-арасымен баспалап қарап тұр. Қыз ішке кіріп кеткелі әлдеқашан. Бірақ ол жақта дүрлігіскен ешкім көрінбейді. Кенжеғұл тыншыды.

— Ал, сөйлеші!

Үрейі ұшқан, тым-тырыс жатқан Жылкелді, басы құм-құм болып тұрып жатыр.

— Өтірік айтсам оңбайын, ағажан! Бір-бір қазан қазанжаппай. Беті қып-қызыл-ау, қып-қызыл. Анау қатын қаймақты жақты дейсің келіп... Содан кейін...

— Әй, тамақта басы қалғыр есуас! Мен сені қызды көріп қайт деп жұмсағаным жоқ па? Есіл-дертің қазанжаппай, содан басқа ойлайтының бар ма?!

— Қызы... — Кенет Жылкелдінін көз алдына әлгіде ғана өзі керген қолаң шаш елестеп кетіп, бетіне қарай алмағаны есіне түскенде өкінді. — Қыз деген... Қыз деген... Ұзын көйлек киген... Айнаға қарап тұр.

— Бетін көрдің бе өзің?

— Бетін шашы көрсетпейді...

Жылкелді өтірік айта білмейді. Көрдім деуге батылы барған жоқ.

— Әй, әумесер! — Кенжеғұлдың үні енді зілсіз естіледі.

Қалыңдығын алыстан болса да көрді. Бой түзеп қалыпты.

Қолаң шаштың тасасында беті көрінбейтін болса, қыз салтанатын құрғаны. Кенжеғұл қалған жағын қиялымен-ақ жетістіреді.

Ақбақай аттың тұсауын алды.

Артында Жылкелді інісі, Ақбақайды сипай қамшылап, быжырдан шықты.

Қалыңдығы биыл он екіге шықты. Қазақ он үште отау иесі деп жүр. Оған бір жылы бар... бір жыл.. Бір жыл деген немене, көзді ашып-жұмғанша өте шығады.

Жас жігіттің кеудесі күмбірлейді, кеудесін ән кернейді. Былай шыққан соң ақырын ыңылдады.

Ақ Жәкем қолмен тандап қырық сарт қырған...

Өмірі дауысын көтеріп ән салмайтын ағасының, өлең айтқаны балаға қызық көрінеді. Әрі қате айтқанын да сезіп тұр. Жылкелді түзету енгізді.

— Аға, "қолмен таңдап" емес, "қолдан санап" өлтірген ғой, — дейді ентіге түсіп. — Құдай ақы, Доспамбет ағам да сөйдеп айтады.

Кенжеғұл өз ойымен әлек, Жылкелдінің не айтып келе жатқаны құлағына кірген жоқ.

АРАЗДЫҚ ӨРШІГЕНДЕ

Қазақта "сатып алмай құл болмас" деген мақал бар.

Соған қарағанда, құл сатып та, сатып алып та көрген сияқты. Бірақ қазақты қазақ құлданған жері жоқ. Әдетте, жаугершілік заманда қолға түскен ұлты басқа адамдар құл болып есептеледі. Рахметәлінің қан жосын болып жатқан қарақалпақ жұртынан тауып алған баласының тегін жасырып қыпшақ атандырып жүргені сондықтан. Қазір ол жігіт үй болып, өз алдына түтін түтетіп отыр...

Көшпелі елдің күнкөрісі мал. Құлға бақтыратыны да мал. Қой бағу кез келген таз баланың қолынан келіп жатыр... Ол үшін құл сатып алып, әуреге түсудің қажеті жоқ. Ал құлға түйе мен жылқы сияқты аяқты малды бақтырып қою қауіпті. Жан қатты қиналған күні қарасын батырып жоғалуы мүмкін... Жоңғар шапқыншылығы заманында қолға түскен қалмақ құлдардың бәрі де кейін бастарына бостандық алып, үйлі-баранды болыпты. Қазақ сенімсіз құл еңбегінен гөрі, қарашының көмегін сол кездің өзінде-ақ тиімді көрсе керек...

Жасы елуге келгенше бала сүймеген Байтілеудің маңдайына ғайыптан перзент бітеді. Асырап алған...

Қайда жұт болса, алдымен қырдағы ағайын — Төртқара мен Шөмекейден басталатын әдеті ғой...

Сол жылы үлкен жұт болып, Шөмекей ауылдары Сыр бойына қарай босқан. Байтілеу әлгі баланы — Байқараны сол Шөмекейлерден асырап алатын еді...

Қазақта бала асырап алу екінің бірінде кездеседі. Перзент көрмей жүрген адам бір туысының баласын бауырына басса, оның ешқандай айыбы жоқ. Ал тұлдырсыз қалған жетімді асырап, оны адам қатарына қосса — қазақ салтында сауап...

Әңгіме сонда, Байтілеудің бауырына басып отырғаны туысының баласы емес, ата-анасыз жетім де емес. Айта берсең, жаяу жалпы босып келе жатқан Шөмекей жігіттің астына саулы інгенін мінгізіп жібереді...

Бәле сол інгеннен шығып отыр.

Қазалыда орыс қамалы бар. Орыс қамалында, әрине, орыс төресі бар. Ал орыс төресінің қасында Ахмеров атты тілмаш бар... Ахмеровтің түсі орысқа келеді, тілі қазаққа келеді. Біреулер ұлтын ноғай десіп жүр.

Сол Ахмеров Бәйтілеуге қасын тіккен.

Байқара — қазір жиырма жетідегі жігіт, қатын-баласы бар... Ахмеров әуелі алдына Байқараны шақыртты. Байтілеу оны қашан сатып алып жүр? Әке-шешесі кім? Байқара олардың өлі-тірісін біле ме? Байтілеу жігітті қандай жұмысқа пайдаланды? Сұрақтарының түрі осы тәрізді, Байқараның жанын қысады.

"Сатып алды" деген сөзді есіткен жігіт шамданады. Ол кезде үш жасар бала әкесінің кім екенін қайдан білсін. Өлі-тірісінен де хабары жоқ. Байқараның жауабы осылай дамиды. Ол есіктегі құл емес. Қыс жылқы тебінінде жүретіні рас. Байтілес ауылы жеті-сегіз үй... қырық-елу жылқы үшін адам ұстамайтын еді. Жігіттер кезектесіп бағады...

Байтілеу Бекмырзаға жамағайын. Сонда ат шаптырды. Ахмеров Байтілеуді Қазалыға жауапқа шақырып кеткен.

— Құл ұстап отырсың. Сібір айдатамын дейді...

Жасы жетпістегі шал сақалын жуып жылады.

Бекмырза ағасының қасына еріп, Қазалыға аттанды.

Ахмеровтің елді дүрліктіріп жүргені орыстың заңында құл ұстауға тыйым салынады екен.

— Қазақта құл болмайды. Баяғы Жылқайдар батырды Нүртай өлтіріп кететін жолы, қуып кеткен Жылқаман екі-үш қарақалпақты құл қылып әкелетінін есіткем. Біреуін Жылқайдардың баласы Байшоқының есігіне салып, одан Нұрыбай бидің әулетіне ауысқанын білемін... — деді Бекмырза уәж айтып. — Байтілеудің Шөмекейден бала асырап алатыны рас. Үйлі-баранды азаматты құл дегенің, не сұмдығың?

— Шөмекейден бір түйеге сатып алған. Оны Байтілеудің өзі де мойындап отыр.

— Аш-арық босқынға түйе мінгізіп жіберсе, онысы — азаматтық. Жас баламен жаяу-жалпылап қайда ұзайды? Онда бәрі қырылар еді. Ел айтады, өзім көргенім жоқ. — Бекмырза ыңыранды. — Баяғы қарақалпақ босатында, біреуі екі қыз баласын Жақайым Жылқы батырдың қолында аманат қалдырады екен. Алып жүрсе, жолда өледі. Тірі болсам, бір оралармын деген шығар. Қазір соның бірі — Дәмелі жеңгеміз, Жақайым Қондыбайда, ұл-қыздың анасы болып отыр. Екіншісі Жетіруда деп естимін. Орысыңның заңы бұл жерде қандай уәж айтар еді?

— Заң сенімен айтысып отырмайды. Бізге берілген бұйрық бар. Құлдың басына ерік берілуі тиіс. Оны сатып алған адам жүз елу теңге күміс ақша айып тартады. Егер қарсылық жасаса, Сібірге жер аударылады...

— Орыстың заңы ауыр екен. Перзенттен тарыққан қазақ баланы туысынан да асырап алып жүр. Байтілеудің айыбы аштан өлейін деп жатқан адамның ауызына су тамызғаны ғой... Енді азаматтықты да қоямыз ба?

Орыс тілмашы мен қазақ ханы ауыр-ауыр сөзге келіп қалған. Бекмырзаның хан басымен шала қазақ Ахмеровтен сөз есітіп отырғаны қорлық еді. Орыс төресінің өзімен сөйлесуге бел байлады.

Бірақ оның алдында да Ахмеровпен кездеседі. Орыс мылқау тілмашсыз бір ауыз сөйлеуге жоқ еді. Ахмеровтің қалай түсіндіріп жатқанын өзі білсін... Содан кейін кәдіктенген Бекмырза Бекетайды алып шықпағанына өкінді.

Орыс төресінің алдына етектей қағаз... Былшитып мөр басылыпты. Ахмеров қағаздағы сөзді түсіндіріп отыр.

— Мынау — Орынбордың шекаралық комиссиясы өткен жылы шығарған жарлық. Бала сатып алып, оны құл орнына пайдаланып отырған қазақ байлары әр жерде кездеседі. Мысалы, Байтілеу...

— Байтілеу сатып алған жоқ! Байқара құл емес!

Бекмырза күндей күркірейді. Оны орыс төресі қалай түсініп жатқанын кім біліпті, әйтеуір Ахмеров сөйлей бастағанда, қабағы түксиіп кетті.

— Төре Байтілеуді айыпты деп отыр. Айыбын төлейді. Болмаса, құлып астына алдыртады...

— Орыс әкімінің онысы қалай? Тексеріс деген болмай ма? Қазақтың ханы бар, салты бар, шариғат жолы бар... Соған салып ақ-қарасын анықтамаймыз ба?

— Төре хандық жойылғалы жиырма бес жыл деп отыр. Ал орыс заңы мен шариғат жолы сыйыспайды.

— Ендеше, орысыңның заңы қазақ салтымен де сыйыспайды. Байтілеу айып төлемейді! Мен тірі тұрсам, төлеттірмеймін!

Бекмырза төренің алдынан тұлан тұтып шықты.

Масқарасы артынан болды. Жолаушылар атқа қонғалы жатқанда, соңында екі солдаты бар Ахмеров келді.

Байтілеу абақтыға қамалды.

Айыбын төлей қоятын, қазақтың қалтасында қапелімде акшадатабылмайды. Бекмырза жылу жинап жатыр...

Байтілеуді бір аптадан кейін босатып алып қайтты. Ахмеров ақыры дегенін істетіп тынды. Жүз елу теңге күміс ақша айып төленді...

Бекмырза жұрттың бетіне қарай алмай отыр.

Орынбордың шекаралық комиссиясы тарпынан әлгідей жарлық болатыны рас. Бұл жақтағы қазақ ауылына ол жаңалық жаңа жетіп жатыр.

Ахмеров Байшоқының Байсалбайымен дос-жаран болып жүр. Қазақ ішіне келсе, сол үйде жатады...

Баяғы қарақалпақ құл туралы әлдеқалай есіткені бар. Бәлкім, Байсалбайдың өзі айтқан шығар. Бір келгенінде Ахмеров содан шығарып, әлгі жарлықты еске түсіреді...

Бұл кезде Байшоқы би дүние салып, қара шаңырақтың иесі отыз бес жастағы жігіт Байсалбай болып қалған. Ата көрген оқ жонады. Қонақасылы бидің орыс төрелерімен қарым-қатынасы мықты. Ал билік құмарлығы одан әрі еді.

Ат төбеліндей Әйдербектің Бекмырзасы хан сайланып, иісі Жақайымның есесі кеткендей болып жүретін. Райым жанжалы тұсында Байшоқы би Бекмырза ханға барып, беті қатқандай болып, түңіліп келетін жері бар. Күйінгенде атасы Сартайдың әруағын ауызға алғанын Байсалбай да біледі...

Содан бері Байсалбай Бекмырзаның басқан қадамын аңдиды. Ханды аяқтан шалудың иіні бір келмей-ақ қойған. Ахмеров жаңа жарлық жайын айтып отырғанда, Байсалбайдың есіне Байтілеу әлдеқалай түсті...

Байтілеу — Бекмырзаның туысы... Оны қартайғанша перзент көрмей, Байқараны асырап алғанын исі Шекті біледі... Орыс заңы күшті. Қазақ даласында хандықтың мансұқ етілгенін Ахмеровтың өзі айтып жүр... Мықты болса туысына ара түсіп көрсін!

Құл ұстап отырған төрт-бес адамның аты аталғанда, Байсалбайдың ауызына ең алдымен Байтілеудің есімі түсетіні сондықтан... Тістеніп отырып айтты.

Бекмырзаның айып төлеп, масқара болып қайтқан хабарын есіткенде, Байсалбай табалады.

— Сартай атамның әруағы ақыры тапқан екен! Жаман Әйдербек, саған бұл аз!

* * *

Осы оқиғадан кейін, тағы бір жыл өткенде, қазақ арасында үлкен өзгеріс болды.

Бұрын зекет жинатқанда басында Бекмырза жүреді... Соның есебінен орыстың тиісті алым-салығын өтейтін еді.

Биыл орыс әкімшілігі зекет жинатуды тоқтатуға жарлық берді. Алым-салық болса, оны жинауды әр рудың ақсақалдарына, білікті билеріне жүктеп отыр.

Бұрын ұшыр қарауыл үйшігіндегі жігіттердің азығы үшін жиналатын еді. Қазір Қазалы бекінісінің іргесі бекіп, ол үйшіктер таратылды. Ұшырдан түскен астық Қазалыға орыс солдаттарына тасылып жатыр... Тары піскен кезде ұшырдың есебінен үлес алатын қожа-молдалар, қарып-қасерлер тегін несібесінен қағылды.

Бірте-бірте қолынан билік кете бастағанын сезген жерде Бекмырза ширатылды. Оның қысылғанда сыйынатын пірі — Жанқожа. Соған келіп отыр.

— Орыс тек жерінде орын теуіп алғанша екен. Әуелі Еділді алды, артынан елді алды, енді алмаған нең қалды?..

Бұл күндері Матвеев те жоқ, орыс әкімшілігі күнде ауысатын еді. Ауыспайтын жалғыз адам — Ахмеров.

Бұрын кім келсе де, әуелі батырға келіп, сәлем беріп кететін еді. Соңғы екі жылда есігін ашқан бір орыс әкімі жоқ.

Соңғы екі жылда Қазалы бекінісі де ұлғайып, форт атағын алып отыр.

Биыл Қазалыға қарай шұбатылып орыстың қалың қолы өтті... Ат-арбасының өзі әлденеше жүз бар шығар... Әр жерде зеңбіректің оқтығы шошаяды. Аттылы-жаяу солдаттардың санында есеп жоқ. Жолдың бойындағы қазақ ауылдары алды-артына қаша көшті. Ел орысқа үрке қарайды.

Орыс қолының қолбасшысы генерал Перовский Жақсықылышта отырған Жанқожаның ауылына ат басын бұруды қажет деп білген жоқ...

Қоқан қамалы — Ақмешітті орыс алыпты...

— Сол сарттарыңды қойшы! Зеңбірек дауысын есіткенде, быт-шыт болды...

Оны Құлбарақ айтып отыр. Орыс зеңбірегі ауылының үстінен өткенде, Бекбауылдың баласы ілесіп жүре береді екен. Сол бойы Ақмешіттен оралыпты...

— Қамалдың Ақмешіт аты жойылды. Ендігі жерде Перобіскі аталады...

— Ол неменесі?!

— Перобіскі осы қамалды алған жанаралдың аты болса керек.

Үдентамы, Тайман сияқты жер аты, құдық аты қазақта да бар, оны ешкім сөкет көрген жоқ.

Қазақ жеріне орыс жанаралының аты таңылғанын есіткенде, Жанқожа қатты налыды.

Орыстардың билікті Бекмырзаның қолынан алуында да ішкі есеп бар. Хан басқарса, қазақ арасының ауызбіршілігі сақталады. Әр рудың биі, билік қолдарына тиген соң, басқаның ақсақалдығын не қылсын... Елдің арасына іріткі салып, солай басын ыдыратып ұстау — орыстарға керек болып отыр.

Райымның кезінде орыс әскері азғантай еді. Хиуаның қыруар қолы аттанып шыққанда, оның бетін қайтару үшін қазақтың көмегі керек болды. Жанқожаны іздегені сондықтан...

Қазір Хиуа ханы құйрығын қысты. Қоқанның дүркіреп қашып бара жатқаны анау... Сексендегі селкілдеген шал Жанқожа орыстың қай шиқанына керек?..

— Ана жылы Райымның түбінде жанжал болып, алты Әлім дүрліккенде, Орынборға бардым ғой. Жанаралының өзі сөйлесті. Түсі жылы, үні жұмсақ кісі еді. Орыстар ұзамай Райымнан қоныс аударды. — Бекмырзаның толқып отырғаны байқалады. — Былтыр Байтілеуді жетектеп, Қазалыдағы орыс төресіне бардым. Сөзімді тыңдамады. Әлде Орынборға тартып тұрсам ба екен?

— Ол кезде алты Әлім алақанында, екі иығында екі шырақ жанып тұр еді. Қазір тізгіндері қолдарына тиген қарау билер сенен іргесін аулақ салуға тырысатынын білесің бе? Көпшілік қолдамайтынын аңдысқан жау біліп отыр.

Бекмырза Байсалбайдың мінезіне шағынды. Жақайымның жас биіне не жазғанын білмейді. Ылғи сыртынан қыжыртып жүретін көрінеді...

— Әкесі Байшоқы ауызбіршіліктің адамы еді. Ол кезде адам болам деген жігіт елдің қабағын бағады ғой. Алты Әлімнің талқысына түскен жерде шідер үзіп кеткен ешкімді көргенім жоқ. — Жанқожа күрсінді. — Мөңке би: "Қу моладан үйің болар, қу баладан биің болар" деген екен. Қу моласы — там үй ғой — оны көрдік. Қу баласы осы Байсалбайлар шығар. Елге қарап бір түрлі сөйлесе, орысқа қарап екінші түрлі сөйлеп, әлі берекеміз осылардан кетер...

— Әлгі шалақазақ тілмаш елге шықса, Байсалбайдің үйінде жатады екен. — Бекмырза көңіліндегі кәдігін айтты. — Былтыр Байтілеудің басына бәле тастап жүрген де осы Байсалбай. Күпір болсам, қайтып алдым... Бірақ Байтілеуге келетін жолы тілмаштың өкше ізі Жаршағылдан шыққаны анық...

Байтілеу дауын Жанқожа да есітіп еді. Баланы тартып алған жоқ, аш адам есігіне келіп, өзі беріп тұрған соң, асыраған шығар. Астына түйесін мінгізсе, Сыр бойында егін салып отырған елге жетсін дейді... Алдында ажал күтіп тұрған адам баласын аман алып қалу, асырап азамат қатарына қосу — сауап. Байқараны құл деп жүрген қазақ жоқ.

Батыр солай ұғады.

Бірақ Бекмырзаны жұбатып отыр.

— "Күмән иманнан айырады". Жылқайдардың қара шаңырағы жаман атақтан аман еді. Ата көрген оқ жонады. Сатан ор қазып, Байсалбайға не көрініпті?..

Жанқожаның сөзінен шыға алмаған Бекмырза Орынбор сапарын қойды. Бірақ мынау өзгерістің мәні-жайына қанығу үшін Қазалыға барып қайтуы керек еді.

Бекмырзаның баруына қарсы қазір I санды форт аталатын Қазалы бекінісіне, Сырдария линиясының командашысы генерал-майор Фитингоф келіп жатыр еді. Тағдыр қазақ ханын неміс баронының әулетімен кездестірді.

Декабристер ереуілі болып, Романовтар тағы шайқалатын сонау бір жылдары елеңдемеген адам жоқ. Бес бірдей асыл азамат өлім жазасына кесілді. Дворяндар қауымынан шығатын жас офицерлер арасында тебіренбеген адам сирек еді. Сонда юнкер Фитингоф Рылеевтің басына ажал қапшығы кигізілетін жерде, екі-ақ адым жерде тұрды. Басқалар түнеріседі, оның екі езуі екі құлағында, мәз болып тұрды.

Ата тегі неміс бароны, басқа бұратана халықтар былай тұрсын, оның ойына орыс қауымының тағдыры да кіріп-шыққан емес. Монархияның мәңгілік өмір сүретініне Фитингоф шәк келтірмейді. Өзін қызмет адамымын деп түсінетін генерал-майор үшін аяушылық сезімі жат.

Сырдария бойындағы қазақтардың хан сайлап алғаны жайлы хабарды осында келген соң есітіп жүр. Хандық салтанатын мансұқ ететін император указы шыққалы қашан. Өзі басқаратын болып отырған өңірде алдынан хан шыққаны оның шамына тиді.

Әрі Әбілқайыр сияқты хан әулетінен болса, бір сәрі ғой, қара қазақтан туып хан сайланатыны қалай? Әлде бұл да қазақ тәрізді тағы халықтардың тіршілігінде кездесе беретін оғаш көріністердің бірі шығар?

Оның есіне Европада әр жерде жиі бұрқ ете қалып, монархияның тынышын алып тұрған революциялар түсті. Қазақ даласынан тағылықтың неше түрін кездестіруі мүмкін, генерал ондайға таңырқамайды, бірақ революцияға ұқсас бірдеңені ұшырату қиялында жоқ... Якобиншілерді — бүлікші, Робеспьерді бас кесер деп түсінетін адамға не жорық? Бекмырзаны шақырып алып, тәубесіне келтіріп қоюды өзі де ойластырып жүр еді. Қазір бекіністе коменданттың міндетін атқарып жүрген Булатов қазақ ханы келіп отырғанын айтқанда, дереу өзіне әкелуге бұйрық берді.

Бекмырзаға құлақ сұрай келіп, мүйізінен айырылатын ешкінің кері келді.

Жанарал қазақ арасында хан сайлауға рұқсат жоқ екенін айтып отыр. Алты Әлім қазір қырық-елу мың шаңырақ екен. Оларға бас-көз болып ауызбіршілігін ойлайтын біреу керек емес пе?

— Қазақ-орыс империясының құрамдас бір бөлігі. Оның тағдырын да император, ұлы дәрежелі Николай ойлайды.

Бекмырзаға бәрі де түсінікті еді.

Орыс патшалығы үшін қазақ арасындағы ауызбіршіліктің қажеті жоқ екен. Ру-руға бөлініп алып, бірімен бірі қырқысып жата берсін дегені ғой. Қазалыдағы кішкентай төренің айтуға аузы бармай жүрген осы шындықты жанаралдың өзінен есіткенде, Бекмырза таңданған жоқ...

— Орыс патшасы қол жетпейтін алыста отыр. Оған арыз айтуға қай қазақтың ауызы жетеді? Халықтан жинайтын алым-салығың тағы бар, оған да бас-көз болатын адам керек шығар?.. — Бекмырза жанаралға айтар уәжін біртін-біртін есіне түсіріп келе жатыр еді.

— Алым-салықты әр рудың ақсақал-биі міндетіне алады. — Бұл жолы генерал үшін Ахмеров жауап берді.

— Қазақ арасы алауыз. Кеше ғана Бердіңқұл жақайымның жігіттері жанқылыштардан жылқы алған хабары шықты. Білсең — барымтам, білмесең — қарымтам дейтін әдеттері. Ондай оқиға әр жылы, әр жерде болып жатады. — Бекмырза енді омыраулай сөйлейді. — Мынау жанаралыңа осы сөзімді дұрыстап жеткізші. Аяғы үлкен дауға кететін, кісі өліміне апарып соғатын бұл сияқты жұмыстарды кімнің мойнына жүктейді екен?

Бекмырзаның қасында Бекетай бар еді. Хан былтырғы мықтап жеген таяғын ұмытқан жоқ, Қатпаның таз баласын қасына ертіп келді. Бекетай орыс қаласына көбірек келе жүріп, тіліне біраз төселіп қалған. Қайырып айтуға шорқақ болғанмен, қатесіз түсінетін еді.

Ахмеров Бекмырзаның сөзін дұрыс аударды. Ара-тұра мүдіріп қалса да, бұрмаламай жеткізді.

Барымта жайын Фитингоф та көп естиді. Бағусыз кеткен тағы халықтың сорақы қылықтарының біріне жорып, жаны тіксінетін еді.

Генералдың түсінігінде қазақтар бір-бірінен барымта алғанда, солай көңілдерін көтеру үшін істейді...

Орынбордың губерниялық канцеляриясында қазақ жайлы сөз болғанда, орыс әкімдерінің мазасын алатын мәселелердің үлкені де осы барымта... Оған тыйым салуды бұйыратын арнайы жарлықтар да шығарып жатыр. Бірақ одан тиылып жатқан барымта көрінбейді...

Фитингоф осы жерде мүдірді. Сөзден тосылған ол лайықты жауап таппай отыр. Бетін тыржитып, Ахмеровке қолын сілтеді. Сонысымен қазақ қырылып қалғанда, жаны ауырмайтынын аңғартқандай еді.

Бекмырза жанаралдың алдынан түңіліп шықты.

Қазақ билерінің басы қосылған жерде ауыздыға сөз бермейтін шешен адам, орыс жанаралымен емін-еркін салғыласа алмағанына өкініп келе жатыр. Сиыр мүйізінен, адам тілінен байланады. Тіл білмеген соң қор болды.

— Бекетай шырағым, ағаңның жағдайын көрдің ғой. Қазаққа тіл-құлақсыз мылқаудың кері келді. Ендігі жерде елдің күні әлгі Ахмеров сияқты алаяқ тілмаштарға қарайтын болса, қайда барып оңады? — Былай шыққан соң күйзеле отырып, ақыл айтты. — Көзің ашық, мұсылманша қара танисың. Енді орыс тілін үйрен...

— Қайдам, — Бекетай да қапаланып келеді, қобалжи сөйлейді. — Орыстар сөйлеп жатқанда, бар айтқанын ұғып-ақ тұратын сияқтымын. Бірақ кәпірдің тілі қоянның жымы сияқты, өзім сөйлей бастасам, адасып қала берем. Әлі күнге екі сөзінің басын құрай алмай-ақ қойдым...

— Айтуға жеңіл болса, онда ол орысша бола ма? Әлде басқа жұрттың тілі келмесін деп, сөздерін әдейі қиындататын шығар. — Бекмырза содан соң күрсінді. — Орыстың ойлап шығармайтын бәлесі жоқ. Ең аяғы тіліне шейін бұрып қойғаны ғой...

Жолаушылар одан әрі үнсіз қалды. Әрқайсысы өз ойының жетегінде тұнжырап келеді.

Бекетай жас та болса, орыс арасын көрді, хандық дәуірі өткенін түсінеді. Ендігі қазақ тіршілігі орыс қаласымен, орыс заңымен байланысты болып қалды. Бекмырза ағасы оған дұрыс ескертті — орыс тілін үйрену керек. Ханға хатшылық қылғанда, одан жалақы дәметіп жүрген Бекетай жоқ. Одан жұқарған дәулеттің толып, бала-шағаның бүйірі шығатын түрі байқалмайды. Бекетайдың бір ойы — Қазалыға кеткісі келетін еді. Су тасып жүрген ат-арбалы қазақтарды көрді. Күректеп ақша табады екен... Өзінің орыс тілінен хабары бар, тез сіңісіп кететініне сенеді.

Хандық дәурені біржола өткенін Бекмырза да түсініп келеді. Үш-төрт жылдан бері қазақтың дауы алдынан тарқап, билікке бойы үйреніп қалған. Қолынан қызық кетіп бара жатқанын түсінген сайын, шиыршық атқан бір сезім тыныштықтан айыратындай. Енді қайтып орыс төресінің алдын көрмеске ішінен ант етті. Ат үстінде қозғалақтап, жиі-жиі күрсініп келе жатыр.

Ақирек жотасының үстінде бір шоқ бұлт — қанатын от шарпыған қара құсқа ұқсап кетті. Кеудесін қорғасындай ауыр ой басып, хан шаршап келеді.

* * *

Қырымда соғыс басталыпты. Бір жағында орыс патшалығы, бір жағында түрік сұлтаны, қырылысып жатыр дейді... Бұл хабарды елдің алдымен Байсалбай естиді.

Қазақ арасы онша елендей қойған жоқ.

Қазақ "Қырымның қырық батыры" жайлы аңызды біледі. Содан соң "Ер Тарғын" жырында Қырым хандығы ауызға алынатын еді.

Жанқожаның үйінде есіткен сөзі Қожамбердінің биін қатты қобалжытса керек. Мұсылман түрік патшалығы орыстардан жеңіліс тапса, астындағы аты зорығып өлетіндей, Қырым соғысы соған батты. Бір күні салып ұрып Сәмекенің ауылына келіпті. Батырдың үйіндегі әңгіменің шып-шырғасын шығармай Қожекеңнің алдына жайып салған. Осының мәнісі қалай?

Оның мәнісіне Қожекең де ой жүгірте қойған жоқ-ты. Алғаш тосылып қалып, жан-жағын сыйпалақтады. Қолына әуелі жайнамазы түскен. Жайнамазын жазып жатқанда, арасынан тәсфиғы шықты.

Екі құлаш тәсфиғы мойнында мүлгіп отыр.

— Заман азды. Қазақтан мейір кетті, байдан бейіл кетті. Бейіл кеткені емес пе, осы күні жұрт бастан пітір беруді қойды... Ұшыр... — Қожа өз пайдасын да ұмытпайды.

— Ау, сол ұшырынды орыс жинап алып жатыр ғой! Зекетті де солар алады. Баста құдай шариғатын шығарғанда, орыстардың қамын ойластырса керек! — Тентек Бәйділда Қожекеңнің әлсіз жеріне шап етті. — Әйтпесе, мұсылманның тізгінін кәпірге беріп қоймас еді.

— Биеке, биеке, сабыр ет, күпір боласың...

Күпірліктің арты қиын екенін Бәйділда да біледі, сасып қалып, тілін кәлимаға келтірді.

Бұл екі арада Қожекең де бір түйінге келгендей екен. Сөзі әлгіндегідей жалпылама емес, жатық шықты.

— Орыстарды қазаққа құдай жіберіп отыр. Қазақ құдайын ұмытты, сол жаман бейілі үшін жіберіп отыр. Нұһ пайғамбардың тұсында да солай ел азған. Құдай сонда топан суын қаптатып, зәресін алған жоқ па?

Қожаның соңғы сөзі дәлелді сияқты көрінеді. Хиуа ханы қамал салып, қазақтан зекет жинатқанда, осы жұрт оны да ауырсынды. Көтібар бастаған қыр Шектісі, Дабыл бастаған бір бөлек Қарасақал, Қарабұтақтың төртқаралары.... Бабажанға зекет беруден бас тартқан ауылдар Бәйділданың көз алдында самсап тұра қалған. Жағасын ұстады.

Енді орысқа бірдеңе айтып көрсін!

Биыл ұшыр екі еселеніп отыр. Ендігі қолдан суаратын Сыр өңірі сияқты өңірлерде диқандар жиырма қаптан бір қап ұшырға шығарады екен. Орыстар он қап тарыдан бір қап тары алып жатыр...

— Қырым соғысына көмекке керек!

Биыл алым-салық та өсті. Бұрын жиырма бес қойдан бір қой берілетін еді. Қазір Ахмеров жиырма қойдан біреуін алып отыр...

— Қырым соғысына көмекке керек!

Соғысқа көмектесу жайлы әзір жарлық жоқ. Бәрін шығарып жүрген Ахмеров. Әрі-беріден соң ойдан шығарады.

Орыс әкімшілігі тарапынан әлдеқандай жарлық болса, пысық тілмаш жаттап алады. Құлдық туралы да солай болды. Сыр бойындағы қалың елді тіміскілеп жүріп, "құл ұстап отырған" жиырма бес адам тапқан. Бәрі де жетім қалған баланы паналатқандар, алыс-жақын туысынан бала алып бауырына басқандар... Бір заманда біреуге жасаған жақсылығы алдынан шығып, енді жылан болып шағып отыр.

Бірақ орысқа қарсы "қыңқ" етуге әл жоқ. Байтілеудің қасына Бекмырза еріп барғандағысы анау ғой... Орыс төресі сол сияқты ханыңа да пысқырмай, Байтілеу байғұсты қамап тастапты. Жүз елу теңге күмісін алып беріп, азар шығарып алып қайтты.

Бәледен машайық қашыпты. Талай үйлі-баранды жігіттер құл аталып, Ахмеровке айып тартты.

Оның бәрі Ахмеровтің қалтасында қалып жатқанын, қазынаға ештеңе түспейтінін біліп жатқан қазақ жоқ.

Қырым соғысы Ахмеровке жақсы ермек болды. Байсалбай сияқты ру басы билердің көбісімен жемтіктес. Алым-салыққа жиналған малдың бір бөлегі бұрынғыдай Қазалы қаласына қарай айдалмай, Жаманқалаға бет алатын болып жүр. Жаманқала да орыс қаласы... Базарға салса несі бар? Базар да орыстың базары... Қара қазақ солай топшылайды.

Осының түбі шикі екені алғаш сезген Бекмырза еді. Әр жерде сөз көтерілді. Бір Әйдербек емес, Қаракесек, Қарасақал, Кішкененің ішіндегі Жиеней, Жолшора сияқты аталықтардың ақсақалдары да наразы екен. Орыс төресіне шағым айтатын болып күздей күмпілдесті.

Әкімнің беті қатты ғой. Оған шағым айтып бару киын екен. Бекмырза хан басымен арыз қууға арланады.

Бәйділда Сәмекеге барып қайтқаннан кейін де бір қыс өтті. Тағы да жарқырап жаз шықты. Сүмбіле туған соң алым-салық науқаны басталады.

Бұл алым-салықтың қазақша аты — зекет, орыс заңымен "кибиточный сбор" аталатын еді.

Биыл да зекет жинаудың басы-қасында Ахмеров жүр. Әуелі зекеттің малын бөлек шығартып, содан кейін "Қырым соғысына көмек беру" басталады.

Ахмеровтің қолтығында — түптеуінде қайыс өткізген қалың кітап, алдына жайып салып отыр. "Көмек" берген адамдардың әуелі аты-жөнін, артынан малының түр-түсін жазады...

Арада бір ай өткізіп, Ахмеров ауыл-ауылды тағы аралап шықты. Патша көмек сұрап жатыр дейді.

— Бұл нағылған таусылмайтын көмек?

— Қазақ болмаса, осы соғыста аштан қырыла ма?

Ел ішінде қобалжыған дауыстар шыға бастады.

— Мұсылмандармен соғысып жатқан кәпір патшаға жылу жинап беретініміз қалай? — Бұл Құлбарақтың Бәйділдадан есіткен сөзі. Айтамын деп басы бәлеге қалды.

— Қайдағы мұсылман!? Патша англичанин, француз деген кәпірлердің елімен соғысып жатыр! — Ахмеров ашуланғанда селкілдеп кетеді екен, аузынан түкірігі шашырайды.

— Ойбай, көке, қойдық! Айтып жүрген жұрт қой!

Ахмеров тек кіжініп қана қойды. Бекбауылдыц тентек ұлын бұл өңірде білмейтін жан жоқ. Ахмеров оның Ақмешіт жорығына қатысқанын есітіп еді. Содан кейін сескенді.

Қатты тасқын жылдары Сырдария арнасынан аса төгіледі. Халық та сол мінездес, қара шығын көбейген соң тынышы кетті.

* * *

Жанқожаға Дабыл келіп қайтты.

Сапақтың ауылы бір қырдың астында отыр. Құдайдың құтты күні бір келіп-кетеді.

Бүгін батырдың үйінде Итіғұл би отыр.

— Мынау орысыңның сұрқы жаман. Құдды Бабажан... Қазақтан тек қыз сұрамағаны қалды...

Бәрі де күннен-күнге еселеп өсіп бара жатқан алым-салықты ауырлайды, батырға шағынады.

Жалғыз Жақайым тыныш еді. Наразы жұрт онда да бар екен. Итіғұлдың үстіне Қондыбай келді.

— Ау, ағайын Жанқожаның жасы сексеннің үстіне шықты. Сөзден біз қалғалы қашан... — Мезгіл Сүмбіленің іші еді. Сол күні қара нөсер жаңбыр құйып, денесі тоңазыған батыр сондықтан күзен ішігін алдырған, шалғайын тізесінің астына басып, қымтана түседі. — Жанқожа өзі сөзден қалған соң, сендерге хан сайлап берген. Бекмырзаға неге бармайсыңдар?

Кімді айтсаң, сол келеді, есіктен Бекмырза кіріп келе жатыр еді.

Сәлем берді. Амандық сұрастырылды. Әңгіме бірте-бірте ел тыныштығына қарай ойысты.

— Бекмырза, мынау Итіғұл не айтып отыр?

Жанқожа Бекмырзаға қарады. Анау көзімен жер шұқиды. Жанқожаға келген ағайындар оның да есігін тоздырыпты. Орыстан ханның беті қайтып қалған, беттемейді.

— Шарасын таппай, өзіңе келіп отырмын...

— Ау, хан емессің бе? Халық басына күн туды. Ханның міндеті жел жағына пана болу... — Жанқожа қатуланды. — Орыстарыңа барып, халықтың мұңын айт!

— Былтыр бір барып көріп, бетім қайтқан. — Бекмырза да шамырқанды. — Пенде болып баратын жайым жоқ.

— Тең отырып неге сөйлеспейсің?

— Орыстың қамалында қаптаған солдат. Ауызы үңірейген зеңбірек. Менің қолымда не бар?

— Сенің қолында алты Әлім бар...

— Сол алты Әлімің түгел болмай тұр ғой. — Бекмырза қайысты. — Анау Көтібардың Есеті қай батырдан кем еді? Орысқа қарсы келіп еді, анау болды ғой!

Есеттің орыспен ашық күреске кеткеніне бір жылдан асқан. Елек, Ойыл, Қобда өзендерінің бойындағы орыс бекіністеріне тиіпті деген ұзынқұлақ хабар шықты. Оған аржағында Байұлы, Жетірудың жақсылары да тілектес көрінеді.

Былтыр Жанқожаның ауылына Әзберген келіп кетті. Есет бастаған қыр Шектісі түгел қозғалып, атқа қонып жатқанын айтады. Жанқожа Әлімнің кәрі әруағындай ескінің қалған көзі еді. Көтібардың баласы қалың ел тік көтеріліп, орысқа қарсы аттанғанда қолды Жанқожаның бастағанын қалайды екен...

Ол кезде Ақмешітке қарай аттанған орыс солдаттарының керуені ауылдың үстінен шұбатылып күнде өтеді. Сыр Шектісінің қол қимылға барар дәрмені жоқ... Әзберген адамның қабырғасын қайыстырар сөздер айтып, қиылып отырса да, Жанқожа қозғалмады. Жалғыз сылтауы — жасының кәрілігі, соны айтты. Қанша батыр болса да, жасы сексенді орталағанда, қол бастап, жауға шапқан ешкім қазақ тарихында жоқ еді.

Бұл жақтағы Әлімнің баласынан Әзбергеннің тіліне еріп, атқа қона қоятын ешкім табылмады. Әзберген де солай, Жанқожаға өкпелеп кетті.

Байұлы мен Жетіру тұрып, Есетті қыр Шектісі де түгел қолдап жарытпаған сияқты. Әр түрлі алып-қашты хабардан кейін, бәрі де баяғы жайбарақат қалпына түсті.

Бекмырза соны айтып отыр.

Итіғұл қашан да жаңалықты жұрттан бұрын естиді. Бірақ шалағайлау ұғады. Бұл жолы да сол мінезіне бақты.

— Ау, былтыр Есетке көмекке Хиуаның қырық мың әскері келіпті ғой! Ойылды алып, ойран салып, Орынбордың өзіне аттанып барады деген жоқ па?

Алдыңғы хабардың шыққаны рас... Ал соңғы "ойран салған" туралы сөзді Итіғұл өз жанынан шығарып айтып отыр. Кейде оның қызып кеткенде айта салған өз сөзіне құдайдай бітіп қалатыны бар... Одан соң шындықты мойындау қиын еді.

— Қайдағы жоқты ойдан шығарып айтып жүретінің қалай осы, Итеке?! — Бекмырза сөзге киліге берген шалды жақтырмай отыр. — Есет қазір Хиуада, Қоңыраттың маңайында көшіп жүр деп отырғаным жоқ па?

Бекмыразадан басқа адам болса, Итіғұл көткеншектеп жатып алар еді. Жасы кіші болғанмен, хан атағы бар. Ал ханның атын есіткен жерде, Итіғұлды қара басады. Қазір де қайырып сөз айтуға жарамай, жасып қалды.

Жанқожа өз басы орысқа алым-салық төлеп көрген жоқ. Жанаралдың мөр басқам қағазы сандықта жатыр. Онда батырдың еңбегін ескере отырып, әр түрлі алым-салықтан босатылғаны айтылатын еді.

Қалың елдің қабырғасы қайысып жатқанда, қара басының амандығынан қанша пайда?

Бүгін Әлімұлы түгел қобалжығаны байқалады. Соңғы төрт-бес күннің бедерінде алдына талай адам келді. Жанқожа тек төбе көрсетпей жатқандарды есептеп отыр. Кішкененің ішінде Әйімбет... Жақайымда Байсалбай... Е, Байсалбай... Ойлап тұрса Байшоқының баласы екі жылдан бері бұл үйдің босағасын аттамаған екен... Іші кіпі алды.

— Бекмырза, сен қарап отырма. Мына шеті Дабыл мен Төлеген, Қырдағы Бәйменге хабар бер. Байсалбай мен Әйімбет қалмасын. Бәйділданы шақыр. Бұл өзі — көптің келісімін керек ететін жұмыс қой. — Жанқожа түпке сақтаған ойын айтты. — Орыстан бетім қайтып қалды деп отырсың ғой. Қасыңа алты Әлімнің жақсыларын түгел ерітейін. Сонда жанаралың қалай тыңдамас екен. Ел оған да керек шығар...

Қысылған жерде алты Әлімді алға сала сөйлейтін билердің саясаты. Жанқожа осы жасына шейін, халықтың құрмауынан шығып кеткен тентекті көрген жоқ. Орысты да сол өз безбенімен өлшейді. Алты Әлімнің әруағын шақырып, қыруар би Қазалыда ошарылып жатса, әкім қалай қайыспайды?

Бірақ бұл кеңеске Әйімбет, Байсалбай сияқты біраз бидің келмей қалатынын білген жоқ. Қалған көпшіліктің бәрі шал-шауқан, орыстың алдына барып белсеніп сөйлей қоятын ешкім табылмайтын еді.

— Осы орысқа жалынғанша, Хиуаның ханымен неге сөйлеспейміз? — деді Бекбауыл тықыршып.

— Сонда орыспен соғысасыңдар ма? — Жанқожа ағасына түксие қарайды.

— Егер Хиуа әскер жіберетін болса, орысты қуып шығу жұмыс емес! — Дабыл сартасынан жүгініп алған, дауысы шаңқ етті.

— Хиуа сол жолы орыстың мылтығынан қашты деп отырсыңдар ма? — Мына жақта Бәйділда өңештейді. — Оны қашырған — Жанқожаның әруағы. Орысты Жанқожа қолдады. Сол Жанқожа бұл жолы Хиуаның әскерін бастайтын болады!

Отырған жұрт шу етті.

Қазақ елшілері Хиуаға аттанғалы жатыр.

* * *

Астанасының атымен аталғаны болмаса, Хиуа хандығының етек-жеңі кең жатыр. Бір жағы түрінен Қарақұмы, бір жағы Үстірт шөлі... Бері қарай Қызылқұмға шейін созылатын кең өлкеде Мұхаммед Әмин әмірін жүргізеді.

Жанғазы сұлтан былтыр дүние салды. Ана жылғы Сыр бойындағы ойраннан кейін қара ниет сұлтан қайтып тұяқ серпе алған жоқ. Содан соң-ақ сырқат айналдырып, ақыры көрге кіріп тынды.

Жолаушылар Қазақдарияның бер жағында отырған Алданазар ордасына соғып, ханның артынан қол жайды.

Бәйділданың қызы Айсұлу бұл кезде сары торы әйел... Жанғазының төрт қатыны түгел. Бәйділданы көргенде Айсұлу ғана дауыс қылды. Жас әйелдің қайғысы көп. Жанғазыға келген соң, бала көтерген жоқ. Жесір қалған соң, басына неке де салынбайды. Бәйділда серіктеріне сол жағдайды айтып, күйзеліп отырды.

Қазақ жақсыларының Хиуаға келе жатқан мәнісін есіткенде, Алданазардың көзі шырадай жанды. Әкесіне бұйырмаған Әлімнің тізгінін дәметкендей екен. Сол тізгін үшін Жанғазы сұлтан отыз бес жыл алысып, ақыры елден шығып еді. Бекмырзаның ойы әлем-жәлем, сұңғыла сұлтанға ағынан жарыла қоймай, сақтанып отыр.

Хиуаға қазақ елшісін ерітіп баратындай ыңғай танытқан Алданазарға сыпайылай ескертті.

— Ханға сенім жоқ. Қазақтарды дүрліктіріп жүрген тағы да Әбілқайыр әулеті екен деп жүрер. Әуелі сөз әлпетін көрейік. Сен өзіміздің адамсың ғой...

Қонақтар Есет батырды сұрастырды. Ұзынқұлақ хабарға қарағанда, Көтібардың ұлы Қоңыратта еді.

— Көткеншек аталған Көтібардан қайбір жөні түзу ұл тусын! Қоңыратта бір жыл да аялдаған жоқ. Көктемде Сарықамыс қопасына қарай кешіпті ғой. Ол да бір қаңбақ, ұшарын жел біледі... — Жанғазы сұлтанның баласы Шектінің батырын жақтырмайтын әлпетін танытты.

Қонақтар өкінді.

Есетті айтып, көбірек іздейтін Бекбауыл. Бекмырза онымен жолығып, бірдеңе бітіретініне сеніп отырған жоқ.

Алдыңғы жылы Әзберген оған да соқты. Қыр Шектісі көтерілгелі жатқанын айтып, қарадан туып хан болған азаматтан шылбыр ұшын сұрады. Жанқожаның қандай жауап беріп қайтарғанын, Бекмырза біліп отыр. Хан да қарт батырдың қабағын бағады. Орысқа атар оғы жоқ, тісін қайрап отырса да, Әзбергенге дұрыс жауап айта алмай, бос қайтарды.

Сол Әзберген қазір батыр Есеттін оң қолы. Бекмырза оның алдына еңкейіп барады екен. Көтібардың өркөкірек ұлы Сыр Шектісінің алдыңғы жылғы жұмысын бетіне басатыны анық еді.

Хан деген атағы бар, жасы өзі құрбылас адамның алдына бұл да кішірейіп бара алмайды.

— Алданазар күні бүгін аттанып шығуға дайын!

— Қанша айтқанмен орын ғой!

— Қабырғасы қайысып отыр...

Үлкен жолдың үсті. Қасындағы серіктері, бірінің ауызындағы сөзді бірі қағып алып, Бекмырзаға кезек бермейді.

Хан бірінші күні үндеген жоқ.

Екінші күні де сол қалпы, өзі ой үстінде, Көксандық атты сыйпай қамшылап қояды.

— Бекенжан, кешеден бері үндемей қойдың ғой, — деді Бәйділда ақыры шыдамай. — Жанғазы ханның баласы...

— Жанғазы хан болып, Сыр Шектісін қайбір жетістіріп еді. Елді қанға тоғытып, қызыл қарын жас баланы бесігімен суға ағызғаны ма? — Бекмырзаның дауысы қатайды. — "Алданазар", "Алданазар" дейсіндер. Алданазардың ауылын көрдіңдер, бес төлеңгітінен басқа ешкім қалмапты ғой. Қазақ олардан түңілген соң, қараны хан көтеріп жүр. Арқар ұранын салып, Алданазар атқа қонғанда, бір Кішкене соңынан ермейді. Маған тілемсек төре емес, қолында күші бар, арқасында елі бар адам керек!

Билердің ауызына құм құйылды.

Жүрістері суыт еді. Алданазардың ауылынан шыққан соң, арада екі қонып, Хиуа шаһарына жетті.

Қазақ елшілері келе жатқанын Хиуа ханы Мухаммед Әмин білмейді...

Осыдан сегіз жыл бұрын, Жанғазы сұлтанның жетегіне еріп, Сыр бойына жасаған жорығы әлі есінен кеткен жоқ...

Жаңадария бойында Хиуа сарбаздарының төбе көрсетуі бүкіл қазақ атқа қонатынына шәк келтірмейді. Жанғазы сұлтан да, Елкей де солай сендіріп еді.

Қазақ ауылдары тік көтеріліп, атқа қонғаны рас. Бірақ пайғамбардың ақ туы астына жиналып, орысқа қарсы аттанған жоқ. Керісінше, Хиуаны орыспен бірге жауласты.

Сол хабарды есіткенде, Мұхаммед Әмин хан жарылып кете жаздап еді.

Қазір қазақтың мұсылмандығына шәк келтіреді.

— Қазақтар да мұсылман дінін ұстана ма?

Осы сұрақ алдынан шыққанда, діндар Бекбауыл шошып кетті.

— Тақсыр, бісімілда де! Дінім — мұсылман, пайғамбарым — Мұстафа.

Осы жауапты Есет те айтып еді-ау. Қазақ батырының қабағында сыз, қатуланып тұрған кескіні Мухаммед Әминнің көз алдында елестейді. Онда тосылып қалған. Бұл жолы жауаптан іркілген жоқ.

— Мұсылман екенің рас болса, Рахманберді бастаған менің әскерім үстіңе барғанда, орыстарға қосылып, оқ атқанының мәнісін түсіндірші!

— Оны мен түсіндірейін! — Бекмырза хан алдында сартасынан жүгініп отыр, іле жауап қатты. — Хиуаның әскері бізге мұсылман болып барған жоқ. Қаңғып жүрген сұлтандар Жанғазы мен Елкейдің айтағына еріп, елге зәбір көрсетті, тақсыр. Бейбіт ауылдарға ойран салып, жас нәрестелерді бесігімен суға ағызды. Соны көргенде, Хиуа ханы жіберген сыпайлардың мұсылмандығына біз де шәк келтірдік...

Алдына кішірейіп келіп отырған қазақ елшілерінен хан мұндай қатыгездікті күткен жоқ-ты. Қашан да сарай маңын жағымпаз тобыр жағалайды. Мұхаммед Әмин он жылдың бедерінде бетіне тура қараған адамды бірінші рет көріп отыр.

Үш адамның басын шапқызу ол үшін қиын шаруа емес. Бірақ бұлардың артында алты арыс ел Әлім отыр. Үмітсіз шайтан, хан Сыр бойына үстемдік етуден әлі дәмеленеді. Сондықтан амалсыз райынан қайтты.

Алдағы қыс Хиуа ханы үлкен жорықтың дайындығына кіріседі. Қырық мың қол әскер жиналуы керек. Қазалыға аттанатын Хиуа қосының алдында ханның өзі жүреді...

Қонақасы үстінде уәдені үйіп-төкті.

Осы қонақасының үстінде тағы бір күтпеген оқиға кездесті. Қожанияздың баласы Майқара қазақ елшілерімен табақтас болып отыр. Қамал құлап, әкесі қолға түсетін жолы отыз жасар жігіт Майқара — астында қанатты қара тұлпар — қашып құтылып еді.

Ол жағдайды екі жағы да тіл ұшына салған жоқ. Ханның алдында сыпайылық сақтады.

Майқара елшілер қайтатын күні іздеп келді.

— Мен сіздерді шығарып салатын болдым. Ауыл Әмударияның арғы бетінде, осы арадан бір күншілік жол. Сыбағалы қонақасыларыңды жейсіңдер...

— Оған рахмет. Бізді жолдан қалдырып қайтесің?

— Ауыл жолдарында. Бұрылып жүреміз деп қорықпаңдар...

Майқара күштегендей болып, аулына алып жүрді.

Бекмырза қазақ ауылдарына тізесі батып, ақыры сол қазақтың қолынан қаза тапқан Бабажанның баласынан жақсылық күтпейді. Жылпылдаған мінезінен секем алды.

Жол үстінде Бәйділда мен Бекбауыл кезек сөйлейді. Екеуі де Бабажанды мақтап, жеткізе алмай келе жатыр. Қазақ басына қаралы күн туғызған сол бір заман қазір ұжымаққа ұқсайтындай еді.

— Сол жолы ғой мен қашып құтылып кеттім. Егер қолға түсе қалсам, қазақтар не істер еді?

Майқара әлдеқалай сұрап қалды. Бәйділда мен Бекбауыл кібіртіктейді. Бекмырза іле жауап қатты.

— Бір ай басыңа сірі бүріп, қой соңына салар еді. Содан соң босатады. Інің Қайдауылды Жәкем босатып қоя берді ғой.

— Бәлкім, жас бала болған соң аяған шығар...

Бекмырза салқын сөйлейді. Майқара кәдіктеніп қалғандай, сөзінің аяғын жуып-шайды.

— Қалжыңға айтам. Әкем қазақтарға көп қиянат көрсетті. Бала емеспін, білемін ғой. Жазасын тартты.

— Біз жазықсыз жанға тигеніміз жоқ, — деді Бекмырза.

Майқара қазақша киіз үй тіктіріпті.

Хиуадан шыққан соң жолда қонып еді. Майқараның ауылына сәске түсте жетті. Бекмырзаның қонақасыға қарайтын ниеті жоқ, арқан салып сүйреткендей, әзер келді.

— Ең болмаса, қауын жеп шығыңыздар, — деді Майқара жалынып. — Біздің халық жылқы ұстамайды. Қымызға ұяттымыз.

Бақшадан қауын әкеліп жарды. Шырын дәмі тілді үйіретін қара ала күләбі. Қауынды жақсы көретін Бекбауыл ауызының суы құрып мақтап отыр.

— Алыңыз, алыңыз!

Бәйділда да үлкен бір түздемесін тауысты.

Бекмырза түздемеден үш-төрт түйір алып ауызына салған. Содан соң қол жуды.

— Біз жүрейік!

Майқара жік-жапар болып жағдай айтып жатыр. Қонақтарды өзі аттандырып салды.

Жолаушылар күн бата Қызылқұмның бергі шетіндегі қазақ ауылдарына жетіп қонған. Бекбауыл аттан жиі түседі. Ауылға жеткенде ауру екенін біледі.

Бәйділданың да мазасы жоқ.

Тәңертең Бекбауылдың екі көзі үңірейіп, төсектен әзер тұрды. Буын жоқ.

— Науқасың бар ғой түрі. Қайтеміз, осы ауылға тоқтаймыз ба? — Бекмырза дағдарып тұр.

— Ауылға жетейін! — Бекбауыл әзер айтты.

Сол күні түсте жол үстінде үзілді.

Бәйділда иманын үйірді. Бекбауылды атқа кесесінен таңып алып келе жатыр. Келесі ауылға жеткен соң, жолаушылар тоқтады. Бір күн кідіріп, Бекбауылды ақ жуып, арулап көмді.

— Кешегі сарттың баласы қауынға у қосып бермесе игі еді. Менің де асқазаныма бір пәле болды. — Бәйділда жол бойы үрейленіп келеді.

Өз бойында белгісіз бір сырқат табын Бекмырза да байқағандай, бірақ сыр берген жоқ.

Жолаушылар жүрісті жеделдетті.

Тағы да үш күн жүріп, Қызылда отырған Бәйділданың ауылына құлады.

Қожамбердінің биі соған шейін ғана шыдады. Үйіне кірген соң тілге келген жоқ. Таң ата жан тапсырды.

Бекмырза екі ай жатты. Басында бір тал шаш жоқ, сақал-мұртына шейін түсіп қалған. Екі ұрты ішіне кіріп жүдеді.

— Бір пәле Бабажанның баласы жарып берген қауыннан болды. Секем алып келіп едім. Шөлдеп отырсам да шыдадым. Ауызыма салғаным үш-ақ түйір...

Көңілін сұрай келген Жанқожаға соны айтты.

— Әттеген-ай, бұрылмай кете берулерің керек еді!

Бекмырзаның хан көтерілген атағы бар, арқасына сүйеу еді. Оның жағдайы мынау... Кеудесінде қорғасындай ауыр ой, Жанқожа ауылға қайтты.

Ертеңіне артынан шапқыншы келді. Хан мәңгілік сапарға аттаныпты...

Қарадан шыққан хан сөйтіп алты-ақ жыл дәурен сүрді.

* * *

Сыр бойы қазақтарының көтерілісі бір жылдан кейін басталды.

Қырым соғысы оның алдында аяқталды. Бірақ одан қазақ шаруаларының тіршілігі жеңілдеген жоқ. Үш жылға созылған соғыстың ауыр зардабы әлі де сезіледі.

Биылғы жиналатын алым-салықтың мөлшерін белгілеген Орынбор әкімшілігінің жарлығы қолдарына тигенде, ру басы ақсақалдар тіксінді.

Ұшырдан түскен былтырғы астықты тартқан түйелі керуендер қыс ортасы ауғанша бір толастамай, Орынбор, Жаманқалаға қарай шұбырып жатқан...

Қазақтың түйесі. Қазалыдан шыққан жасауылдар бір ауылдан он, бір ауылдан он бес түйе жинап әкетеді. Ұшырдан түскен мол астықты орыс қалаларына жеткізу керек болып жатыр.

Оның аяғы көктем келді. Жаз шықты. Қазақ ауылдарынан жинап алынған бес жүз түйеден бір атан жоқ...

Қазақ арасынан түйекештер де алған. Көктемге салым босатты. Түйесі жоқ, өзі келіп отыр.

— Түйенің бәрі орыс қаласында қалды. Алып кеткіміз келіп еді, бастығы ноғай екен, бізді қуып шықты. Түйе даулаймыз деп жүріп, астымыздағы атымыздан айрылатын түріміз бар, бастан құлақ садаға, қайттық...

Түйекеш жігіттер көрген-білгенін айтып келді.

— Баста қайтып береміз дегені алдағаны екен ғой...

Қазақтар өкінді.

Онда көктемнің іші, Сыр бойындағы ел біраз дүрлігіп басылып еді. Бұйырмаса ауыздағы кетеді десті. Бұйырмаған мал шығар десіп қойды...

— Осы Хиуадан қырық мың қол келеді дегені қайда?

Былтыр Бекмырза айтып келген сөз, қазақтар қысылған соң еске алып отыр.

Жанқожаның есебі бойынша, Хиуаның әскері жаз ортасында Жаңадария бойында төбе көрсетуі керек еді...

Бекмырза Хиуаға барған кезде, Қырым соғысы қызып жатыр. Хиуа ханы аржағында түріктермен хабар алысып тұрады. Орыстардың жеңіліске ұшырап жатқанын білетін. Патшалықтың барлық назары солай қарай ауған сәтін аңдиды... Сол екі арада күшін жинақтап, Сыр бойына қарай жорыққа аттанады...

Қырым соғысы одан бұрын аяқталып қалды.

Қырым жанжалының үстінде бір Россияға қарсы жеті мемлекет соғысқан екен. Мұхаммед Әмин ұзынқұлақ хабардан естиді, сол жетеуінің ең әлсізі түрік патшалығы... Ал түрік сұлтанның әскері екі жүз мыңнан асып жығылатынын біліп отыр. Соғыс кемелері, ауыр артиллериясы бар... Соның өзінде орыс армиясын азар жеңді.

Мұхаммед Әмин ханда ондай күш те, күшті одақтас та жоқ. Екі көршісі — Бұхар әмірі мен Қоқан хандығы — өзі қарайлас қана мемлекет. Тату болса да бір сәрі, Хорезм өлкесіндегі үш мемлекеттің арасында бақай есеп, атадан балаға қалып келе жатқан кәрі сырқат. Егер Хиуа хандығы жамандығына бағып, орыс патшалығымен жанжалдасып қалғандай болса, көршілері шылбыр ұшын беруге жарамайтын еді.

Ендеше оған бас баққаннан тынышы жоқ.

Ал Сыр бойындағы ел қырық мың әскерді күтіп отыр. Алты ай жазды Қызылдың құмына алақтаумен өткізді.

Биыл да алым-салықтың басында Ахмеров жүр. Биыл да зекет артығымен жиналды.

Бүкіл Әлім көтерілді. Көрген қысым бастан асты. Кей ауылдарда жасауылдар шаңыраққа ат ойнатып, шал-шауқанды сабап кеткенін көпшілік айтып отыр.

Жанқожаға шыдап жату қиын еді.

Сол күні жан-жаққа шапқыншы кетті.

Көтібардың Есеті Хиуадан кешіп келеді екен. Ескі ата қонысы Борсық құмына оралыпты. Оған Айдарқұлды жұмсады.

Қызылдағы Табын арасына Құлбарақ кетті. Баяғы Бұқарбай батыр Кенесарыға еріп кеткен сапарынан оралғалы алты-жеті жыл...

Жақын жердегі Әлімнің жақсылары жиналып болды. Байсалбай ғана жоқ. Ауырып жатқанын айтып, Қондыбайды жіберіпті. Дәулеттің жас биі Жетес еріп келіп отыр.

— Ау, ағайын, жасым сексен беске қарайды екен. Пайғамбар жасынан асып кеткен кезде, айқай салып атқа қону — қиын жұмыс. Бірақ екі жыл болды, жұрт құлақтың құрыш етін жеп бітті,— Жанқожа алты қанат үйдің қақ төрінде, қамшысын таянып отыр.

— Сенен басқа кімге келеміз, Жәке?

— Қысылғанда пана көреміз!

— Кәрі әруақты бір қозғап көрсейші!

Әр жерден қозыдай маңыраған дауыс есітілді.

— Орыс менен салық алмайды. Түйе сұраған да ешкім жоқ. Атқа қонсам, сендер үшін қонам!

— Оның айтары бар ма?!

— Жәке, баста!

— Орыстың осы қорлығы жетер!

— Өлсек шәйітпіз!

Отырған жұрт шу етті.

Әйімбет қана көзімен жер шұқып отыр. Басқалар жаппай шу еткенде, ол үн қатқан жоқ.

* * *

Қазалыда орыс бекініс орнағалы да сегіз жылға қарап барады екен. Оны қамалға айналдырудың әрекетіне кіріскелі қашан. Ауыл-ауылдан жігіт жинатты. Бірақ біте қоймай жатқан.

Биыл күз құрылыс жұмысы шұғыл басталды.

Басқа жұрт тік көтеріліп атқа қонған. Акиректің астында төрт-бес жүз қозғала қойған жоқ еді.

Қараша соғатыннан үш күн бұрын, қасында бес солдаты бар Ұлыбек келді. Орыстар қара жұмысқа адам алып жатыр... Ауылдар бүйі тигендей дүрлікті.

Солдаттар мұрынынан тізіп қырық адам алды. Ішінде Қатпаның Бекетайы бара жатыр.

Қазір әр жерден жиналған қазақ жігіттерінің саны жүзге тақайды.

— Осы Жәкем аттанып шықты деп еді. — Оны Шегебай айтты. Одан не хабар білдің?

Жанқожаның қол жинап жатқан хабарын Бекетай Акиректе есітті. Диқан халық тәуір атқа зәру, дағдарысып тұрғанда, Ұлыбек солдат ертіп әкеліп, Қазалыға айдады. Қазір қамалдың дуалын биіктетіп жатыр. Таң атқаннан күн батқанша, жігіттер көк саз аударады. Күн жауын. Жалаңаяқ балшық кешіп жүрген қазақтар, кешкі асын ішуге әзер әлі келіп, қисая кететін еді.

— Осы бүгін орыстар дүрлігіп кетті. Анау қара қасқа атты әпесерді көрдің бе? Біздің десятникті бидайықтай қуырып жатыр. Қарашы! — Шегебайдың жүзінде қуаныш елп етті. — Осы тегін емес. Жәкем келіп қалған шығар!

Қара қасқа арғымақ мінген майор Булатов Қазалы фортының коменданты еді.

Қазақ арасында бүлік қаупі былтыр-ақ байқалды. Онда комендант қарауында әскер күші де мардымсыз. Қырым соғысы қызып жатқан кез. Қобалжыған Булатов қазақ арасында бүлік басталуына түрткі болатын себептерді іздестірді.

Өз тарапынан жүргізілген тексерудің нәтижесінде: биыл күз бірдеңеге көзі жеткендей еді. Бірінші, алым-салық шамадан тыс артық жиналады екен. Ақиректің астындағы дихандар ауылы он қаптан бір қап ұшыр беретінін Ұлыбек айтып отыр. "Соғысқа көмек" дегенді сылтауратып, Ахмеров зекетті де еселеп өндіреді. Орынбордың шекаралық комиссиясы жариялаған жарлықта күштеу болмауы тиіс екені арнайы ескертілетінін Булатов та біледі. Бұрмалау Ахмеров тарапынан болып жатыр... Бұл кәдігін өзі сөйлескен қазақ биі Әйімбет те растайды. Былтыр күз астық тасуға алынған бес жүз түйенің бірде-бірі иесіне қайтарылмағаны да мәлім болды...

Тексеру негізінен аяқталып, енді Ахмеровпен сөйлесуі ғана қалған. Тілмаш бір түнде жоғалып шықты...

Қазақтар көтеріліп жатқанын біледі. Орынборға сызып тұрғаны анық еді. Булатов тас-талқан болып ашуланды.

Комендант жігіт тым тәкаппар болғанмен, әділдікті сүйетін. Қамал қорғанысын күшейту туралы сол күні жазған жарлығында көтерілістің пісіп-жеткен жайы баса айтылып, оның шыққан себебі де көрсетіле кетті. Ахмеровтің есімін әдейі атап, екі беттік бұйрықтың бір данасын генерал-губернатордың өз атына жолдады.

Осыдан он жыл бұрын Жанқожаның үйінде қонақ болғанын майор әлі ұмытқан жоқ. Сонда жетпістің үстіндегі шал еді. Жас Булатов қазақ батырының ширақ қимылына сүйсінді. Орыстың жетпістегі шалдары ат үстінде жорық жорыту түгіл, далаға шығып келуге әзер жарайды. Жанқожа сексен бес жасында қол бастап, қамалға шапқалы жатыр...

Қамалдағы орыс солдаттарының саны төрт жүзге жақын. Атты қазақтардың екі жүздігі. Екі взвод жаяу солдат. Қалғаны зеңбірекшілер еді.

Көтерілісшілер екі топқа бөлінетінін біліп отыр.

Қазақ билерінің арасында Булатовпен жең ұшынан жалға— сып, хабар жеткізіп тұратындар да бар. Соның бірі — Әйімбет. Соның бірі — бір кездегі Бекмырза ханның уәзірі Ұлыбек би. Қырым соғысына көмектесуге ат салысқаны үшін, оған өткен жылы хорунжий атағы берілді. Қызылды жайлайтын Жаппастың биі Исаның Өткелбайы қамалға азық тартуды сылтауратып жүріп, бүлікшілердің бар қимыл-қозғалысын хабарлап тұрады. Он таңбалы Арғын ішінде Қараман аталығынан шыққан би Мырзабектің Шодыры Жанқожаның ордасына екі рет барып қайтты. Әйімбет кеше бір жігітін жіберіпті. Бүлікшілер екі топқа бөлініп тиетінін сол хабарлап отыр. Асан жігіттерінен жасақталған бір мың жігітті Әйімбет бастап, Бекбауылдың қыстауынан бері қарай шығады. Қазалыдан он шақты шақырым жерде биік шоқы бар. Бүгін Әйімбет тобы соның түбінде шоғырланып жатыр...

Негізгі күш Жанқожаның қасында, ұзын саны екі мыңдай жігіт Үшөткелден бері қарай шығуы тиіс...

Булатов Жанқожа тобына қарсы екі зеңбірек қойды. Бір жүздік ат үстінде дайын тұруы керек. Қазақтар қамалға шоғырын жазбай тап береді. Әйімбет тұрған жақта — екі зеңбірек, бір взвод жаяу әскер... Жанқожа әуелі соларға бастатып, біздің назарымызды аударудың әрекетін жасауы мүмкін. Әрбір ақылды колбасы солай істер еді. Булатов Әйімбет тобын картечпен қарсы алады. Алды құлай бастаса, қол қашады. Би сөзінде тұрса, солай болатыны анық...

Жанқожа, әрине, олардың қашып болуын күтіп отырмайды. Зеңбірек дауысы шыққаннан кейін-ақ қамалға ат қояды.

Булатов батырдың алдынан бірінші жүздікті шығарып, әуелі қарабинмен ұшықтап алғысы келіп отыр. Солай оқпен шошытып, сөзді қылышқа беруі керек. Қара сойылмен қаруланған қазақ орыс қылышымен кездесіп көрсін!..

Жау жапырыла қашқандай болса, көмекке екінші жүздікті жібереді. Мүмкін, оны өзі бастап шығуы... Қазақтарды Үшөткелге жеткенше қуады, қылыштайды...

Бұл кезде капитан Бутаковтың қарауындағы кемелер Үшөткелде күтіп тұрады. Төрт кеме, алты зеңбірек... Оның қасына бір взвод жаяу солдат орналастырылды.

Қазақтардың маңдай алдынан кеме зеңбіректері соғады. Берденканың оғы жаңбырдай жауып тұр... Сонда қазақтардың тығылар жері қалмайды...

Булатовтың көз алдында тұтқынға түскен қазақтар лек— легімен өтіп жатыр. Ортасында — Жанқожа... Оны баяғыдан кейін көрген жоқ-ты. Сексен бестегі шал қол бастайды деп кім ойлайды? Булатов қапы қалды.

Оның білетіні — Бекмырза... Қазақтың қара халықтан сайлап алған ханы... Былтыр Ахмеровтің жұмысын тексеретін жолы, Булатов Бекмырзаны іздестірді. Алдында ғана дүние салыпты... Ұлыбек айтып келді. Бірақ қандай аурудан өлді — Булатов ол жағын қазбалаған жоқ...

Сол жолы Жанқожаға өзі баруы керек еді.

Қиянат көргендердің бәрі батырға баратынын Ұлыбек айтып отыр. Мүмкін, Ахмеровтің қылмысын ашу бұлай қиындыққа түспес еді. Жанқожаны алдаусыратып отырып, сыйлық тартып... Өзінің қате жасағанын Булатов қазір ұқты.

— Жау, жау!

Капрал атын төпеп келе жатыр екен.

Булатов десятникті тастай беріп, штабқа шапты.

— Қай жақтан көрінді?

Қасында шоқырақтап келе жатқан капралға жекіріп тастады.

Капрал Үшірге жақты көрсетті. Кекештеніп, дыбысы шықпайды.

— Тақсыр, мына жақта да қаптаған қазақтар...

Соңғы Әйімбет тобы екені майор біліп тұр.

— Сен, бірінші жүздіктің командирі есауыл Курбатовқа тарт! Зеңбіректен екі атқан соң, қазақтар тап берсін! Мына сөзімді ұмытпа. Қазақтар қолын бастайтын сексендегі шал Жанқожа. Оны қолға тірі түсіруі керек. Қазақтарына соны ескертіп қойсын!

— Құп болады, тақсыр!

— Марш!

Капрал тасырлатып шаба жөнелді.

Булатов қамалдың солтүстік жағындағы бастионға қарай кетті. Әйімбет тобын күтіп алатын екі зеңбірек пен бір взвод солдат сонда орналасқан еді.

* * *

Жанқожа қолды Софы Әзінің басына түнетті.

Жеті ту бие құрбандыққа шалынды. Аты — Софы Әзінікі, екі мың қолдың кешкі азығы сол еді.

Сәмеке қожа құран аударды.

Әлім ішіне Софы Әзі сонау әз Тәуке заманында келетін еді. Иісі Шекті оның атын құрметпен атап, пір тұтады.

Сәмеке Софы Әзінің әулетінен тарайды.

— Я, әруақ! Жебей көр, қолдан келсе, демей көр! Орыстың күнін батырып, мұсылманның отын жақ!

Жатар кезде Сәмеке зарланды.

Қолды таң қараңғысында Үшіргеден жүздіріп өтті.

Бұл кезде Жанқожаның қасында Сәмеке жоқ. Түнде семіз биенің қазы-қартасын опырыңқырап жіберген қожекеңнің іші бұзылады. Бір төбенің түбінде мықшиып отыр, батыр аяп кетті.

— Қала бер. Софы Әзі атаңның әруағына сыйынып, біздің тілегімізде боларсың. Онда барғанда, мына түріңмен кімді қырасың? — деп әзілдеді.

Булатовтың жоспарынан Жанқожаның хабары жоқ. Қамалға ең әуелі өзі шапқалы келеді.

Әйімбетте не қауқар бар? Тарс-тұрс атылған мылтық дауысын есіткен соң-ақ, зәресі ұшады. Одан кейін тырым-тырақай қаша жөнелер...

Жау да негізгі соққыны Жанқожа келе жатқан жақтан, қалың қолдан күтіп отыр. Барлық назары осы жақта, ұрыс қызған кезде, Әйімбеттің соңында мың жігіт, қамалға тап беруі керек!

Итжемеске мықтап тапсырды.

— Тасыр-тұсыр мылтық дауысы шыққан кезде, ол да ұмтылсын! Кешеуілдесе, уақыт ұттырады. Бізбен болып, есін жинай алмаған жаудың ту сыртынан тиюі керек. Ұқтың ғой?

— Оның ұқпайтын несі бар?

— Ендеше, жөнел!

Итжемес артына қарай-қарай барады. Ауылдан шыққалы Құлбарақтың қасында еді. Қазіргі қазақта Итжемес одан артық батырды білмейді. Немере ағасымен майданда ат тізгінін қоса алмайтын болғанына өкініп барады...

Әкесінің соңында қалың қол, қамалға қарай лекіте тартқанын көрген соң, Итжемес те тақымын қысып қалды. Бәйгі күрең қамшы салдырмайды. Ыта жөнелді.

Есіне ана жылғы Райым ұрысы тусті. Онда он сегіз жасар осы жігіт Құлбарақтың қасында еді. Қамалға лап қойған жерде жүрегі тітіреді. Кейіндеп қалып қойған. Тарс-тұрс мылтық атылғанда, екі көзін жұмып алғаны есіне түсіп, жүзінде күлкі үйірілді. Мылтықтың атын есітсе, жұрттың есі шығады. Райымда бір адам да жараланған жоқ. Жалғыз Айдарқұлдың атына оқ тиді. Өзі аман... Құдай кәпірдің қолын қағып тұр ғой...

Алыстан көріп келе жатыр. Әйімбет тобы атқа мінбепті. Қап, кешігіп қалатын болды-ау...

— Аттан, аттан!

Итжемес айқайды салды.

Әйімбет тобы енді ғана елеуресіп, кейбіреулері үзеңгіге аяғын салып жатыр.

— Жанқожаның деліқұл баласы ғой мынау...

Әйімбет Итжеместі қомсынғандай екен. Атының жүгенінен ұстап, мұрынын шүйіре қарап тұр.

— Әй, нағып тұрсыңдар? — Итжемес аптыға келді. — Әкем атқа қонсын деп жатыр!

Батырдың бар тапсырмасын қолмен қойғандай қайталап айтып шықты.

— Е, әлі мылтық дауысы шыққан жоқ қой... — Әйімбет атқа мініп жатып күңк етті. Оның ойынша, Жанқожа әуелі бұларды оққа байлауы керек. Итжеместің сөзіне шүбә келтірді.

— Қамал алты шақырым жерде. Мылтық дауысы шыққан кезде, кешігіп қалармыз... •

Кейбіреулер тықыршыды.

— Отқа түспей қоя тұр. Оққа ұшу қиын болмас!

Тағы бірдеңе айтқан Итжеместі Әйімбет қайырып тастады.

Қамал жақта гүрс етіп зеңбірек дауысы естілді.

— Астапыралда!

Әйімбеттің жүзі құп-қу болып кетті. Егер қасында Итжемес тұрмағанда, ат басын кейін қарай бұрудан тайынбас еді.

— Жәкем жеткен екен!

— Жігіттер, жеделдетіңдер!

Бірақ қолдың қазіргі сыйқы қасқырдан үріккен қойға ұқсайтындай, бәрі шоғырымен ұйлығыса қозғалады. Әзір аяң шоқырақ қана еді.

— Қап, кешігіп қалатын болдық-ау... — Итжеместің дегбірі кетті. Тұяғы қызған бәйгі күрең басын ала-ала қашады.

Енді зеңбірек гүрсілі тынып, сатыр-сұтыр мылтық дауысы шығып жатыр.

— Апыр-ай, қырылып қалмаса игі еді. Кәпірлердің оқ атысы жаман екен...

— Әй, жағың қарыссын!

Біреу қауіп айтса, екіншісі оған жекіреді.

Қамалға бір шақырымдай қалғанда, жүріс сәл жеделдей түсті. Оны бекіністегі жау да байқап тұр.

Кенет гүрс етіп зеңбірек атылды.

— Астапыралда!

— Я, әруақ!

— Бақтыбай, Бақтыбай!

Айқай-сүрең күшейді.

Әзір зеңбірек оғы жетпей түсіп жатыр.

Ана жақта Жанқожаның соңындағы жігіттердің жаумен қоян-қолтық айқасып жатқаны байқалды.

Зеңбірек гүрс етіп тағы атылды.

Алдыңғы жолы ара қашықтықты дәл межелеп алған зеңбірекші бұл жолы қапы жіберген жоқ. Картечпен оқтау— лы еді. Қалың шоғырдың ортасына шойын оқ жаңбырдай жауды.

— Алла!

— Ойбай, өлдім!

Бір адам оққа ұшып, екі жігіт аттың жалын құшып жатыр. Ана екеуінің ойбайынан аза бойың қаза тұрғандай, көпшіліктің есі шықты.

Қамалмен екі аралық төрт-бес жүз қадамнан артық емес. Тәжірибелі қолбасшы болса, тап берер еді. Әйімбет аттың басын тартып тұра қалды.

— Әйеке!

Әйімбетте өң-түс жоқ, жан-жағына алақтайды.

— Ту қайда, ту!?

— Ту жоқ!

— Ту жығылды!

Ту ұстаған жігіт Әйімбеттің інісі Бәйімбет еді. Өзі де жоқ, туы да жоқ, ғайып болыпты.

— Ойбай, бауырым! — Әйімбет атының басын кейін қарай бұрып тасырлатып шаба жөнелді, айқайлап барады.

Өзі кісі елімін көріп қобалжып тұрған халық, ту жығылып, қолбасшысы қашып бара жатқанда, қалай шыдайды. Әйімбеттің артынан салды.

Бәйімбеттің арт жақта келе жатып ненің оғынан өлетінін білетін жан жоқ. Майдан алаңында алты-жеті-ақ жігіт. Оның да біреуі Итжемес еді. Жылап жіберді.

— Бұл Әйімбет оңбайды! — деді қалың қабақты қара жігіт түтігіп. — Осыған қол бастатқан соң, біз қайдан көгерейік. Жігіттер, Жәкем ана жақта орыстарды жағадан алып жатыр ғой. Тезірек жетейік!

Итжемес әлгі жігіттің артында бәйгі күреңді төпеп келеді. Әрі-беріден соң бәрінің алдына түсті.

Анадайда сары ала ту желбіреп көрінді.

— Мынау Қарамерген ағам ғой. Жәніке атамның туы жығылмаған екен...

Итжемес көңілденді.

Оның екі көзі ұрыс майданында, әкесін іздейді.

Қамалға ат қоярдың алдында батыр ат басын тежеп тұрып, жігіттерге тапсырма берді.

— Бір-біріңді баса көктеп ұмтылмай, шашырай шабындар. Сонда доп та ажалдыға тиеді. Шығын аз болады. Ал жаудың күші асып, қаша ұрыс салғандай болсақ, жаман айтпай жақсы жоқ, жаралы жолдасыңды қолда қалдырып кетіп жүрмеңдер. Тағы бір айтарым, мен жазым болсам, үрей шақырмаңдар.Онда қол бастайтын Төлеген болады. — Содан соң, таралғыны кере шіреніп тұрып, айқай салды. — Ал, кеттік!

Қолдың шашырай шапқаны абырой болды. Қамалдағы төрт зеңбірек бес қайтара атқанда, он шақты адам оққа ұшқан. Кейбіреулерінің адамдары аман, оқ аттарына тиеді. Соғыс көрмеген жұрт соның өзіне абыржып қалды.

— Бақтыбай, Бақтыбай!

Жанқожа қолдың алдында, анда-санда ұран тастап, жұртты жігерлендіріп қояды.

Қамалға жарты шақырымдай қалғанда, алдарынан салт атты қазақтар шыға келді. Жүрістері текірек. Екі жүз қадамдай қалғанда, тасыр-тұсыр мылтық атылды. Бұл жолы Жанқожаның қасындағы топтан төрт-бес жігіт оққа ұшты.

Қазақ қайбір құрулы мылтыққа кездесіп көрген халық: ет жүрегі шошып, кейін жалт бергендер бұл жақтан да табылды.

Бірақ қолдың нобайы түзу, жауға араласты.

— Ұр, ұр!

— Қыр, жой!

— Жанқожа, Жанқожа!

Батырдың атын айтып ұмтылғандар негізі Құрманай-Құттық жігіттері еді. Құлбарақ пен Айдарқұл батырдың екі жағында, тізгін қосып келеді.

Ат үстіндегі жекпе-жек емес, сатыр-сұтыр шайқаста найза қару болмай қалды. Оны оңтайына келтіремін деп жүріп, талайлар қылышқа ұрынды. Әскери тәртіпке жаттыққан қазақтардың қимылы шалт, бетпе-бет келгенде үстем шығып жатыр. Қылышқа қарсы мойымайтын қару сойыл екен. Айдарқұл алыстан ұрып, талайының сілесін қатырды.

Қазақтардың нешеуі тобықтан қағылып, аттан ұшты. Жаяу жүр. Ат үстіндегі жаудан осылар қауіпті сияқты. Тағы да әр жерден сатырлаған мылтық дауысы естілді.

Қазақтың саны мол, қатары қалың, дендеп барады.

Жанқожа қуанды. Қазір орыстар қашады. Қамалда оқпен күтіп алудың орнына, атты әскерін алға шығарып, орыс төресі қате жасап отыр. Қашқан жауды өкшелеген қалпында қамалға кіретініне батыр шәк келтірген жоқ.

— Ана қара, Асандар қашып барады!

Сол сөзді кім айтқанын Құлбарақ кейін де есіне түсіре алған жоқ.

Үрей үстіне үрей қосқысы келгендей, қамалдан екінші жүздік шығып, бері қарай беттеп еді.

Бұл — Булатовтың соңғы үміті. Батырдың алдынан атты жүздікті шығарып, өзінің қате еткенін қазір ұқты. Кешеуілдеп ұққан. Ол жетемін дегенше, зеңбірек үсті-үстіне гүрсілдеп, атты жүздік қамалдан шығып үлгірген екен. Үсті-үстіне картеч те, қарабиндердің оғы да қазақ қосынына ойсырата соққы бере алған жоқ. Шашырай шапқаны — Жанқожаның ақылы ғой... Шалдың пәлесін қарай ғой, тіпті соғыс тактикасынан хабары бар.

Әйімбет тобы алғашқы зеңбірек даусынан кейін быт-шыт болып безе жөнелгені — Булатовтың абыройын жапты. Әйтпесе, қамалға басып кіретін екен!

Майор резервтегі жүздікті алға шығарды.

Жайпап бара жатқан қазақ қосыны тағы да қарабиндердің оғына кездесті.

Әлгіде Асандар қашқанын естіп, қобалжып тұрған жұрт сатырлаған мылтық даусынан құты біржола ұшқандай, атты әскермен бетпе-бет кездескен жерде, сол қанаттағы жігіттер кейін қарай жапырылды.

— Ұр, ұр!

Айдарқұл солай ұмтылды. Соңында бір жүзге жақын жігіт, майданға қойып кетті.

Тың күш әрі соғыс тәсіліне жетік қазақтар шыдатар емес. Анда-санда тарс етіп мылтық атылады.

— Жәкем қайда?

Қасындағы топтың селдіреп қалғанын байқаған Айдарқұл қаша ұрыс салып, әлгіде Жанқожа жүрген жаққа қарай жылыстап келе жатыр.

Ол сол жақ қанатқа қарай ұмтылған кезде, бұл жерде орыстардың қатары селдіреп қалған.

Қазір байқады — ол жақта он шақты орыс солдаттары, бірақ қазақ баласы көрінбейді.

— Жәкем қайда? Орыстардың қолынан жазым болғаны ма?

— Құлбарақ, Жәкем жоқ!

Әлгі орыс солдаттары бірдеңеге үймелесіп жатыр еді.

Жанқожа ағасы жаяу... Қолында жалғыз қаруы айбалта, оңды-солды сілтеп жүр. Он орыс бір Жанқожаға жақындай алмай, қамап тұр екен.

"Жанқожаны қолға тірі түсіру" жайлы орыс комендантының жарлығы болғанын қазақтар біліп жатқан жоқ. Бұларда он шақты жігіт еді, лап қойды. Құлбарақ пен Айдарқұл ат үсті ұрыста мойымайтындардың өзі... Кездесіп қалған орысты қағып тастап, Жанқожаға жақындап келе жатыр.

— Жәке, атқа мін! — Құлбарақ сандалкерден қарғып түсті.

Жанқожаның екі езуі аппақ, көзі қанталап кетіпті. Сандалкөкке қарғып мінді.

— Бақтыбай, Бақтыбай!

Оның есіл-дерті айқас еді.

Бастан, естен айрылған екен. Соны ойлағанда, Айдарқұлдың көзінен жас ыршыды.

— Құлбарақ, Жәкемнің шылбырынан ал!

Айдарқұл тақымын қысып қалды. Торы айғыр ытырына жөнелді. Айдарқұлдың артындағы Құлбарақ сандалкөктің тізгінінен әзер алып үлгірді.

Қашпақ болсаң — зымыра, жұрттың көбісі ауылдарынан бір-ақ шықты. Артына қарайлағандар Құрманай-Құттықтың жігіттері еді. Итжемеске еріп келген Асан ауылының төрт-бес жігіті бар. Бес жүз үй Әйдербектен Бекжарас бастаған он-ақ адам қалыпты. Қазір Жанқожаның қасында екі жүздей жігіт жүр...

Софы Әзінің басына жетіп, ат басын тартты.

Төрт құлақты там. Жанқожа сүр бейіттің қарсы алдында сартасынан жүгініп отыр. Бір ұзақ аяттың қызығына түсіп кеткен сияқты, бірақ еріні жыбыр етпейді. Тарс жұмулы көзін ашпайды. Әлден уақытта басын көтерді.

— Оған бергенің — анау. Маған көрсеткенің — мынау. Енді үш-төрт жылдан кейін, үстінде көк арба сықырлап, басыңа көк өгіз тышқақтайтын шығар...

Жанқожа өзімен-өзі сөйлесіп кеткендей еді. Естіп отырған жұрттың төбе құйқасы шымырлады.

Былтыр Хиуа ханына аттанып бара жатқан сапарында Бек-мырза Софы Әзінің басына түнеп кетеді екен. Жанқожа артынан есітті. Кеше Қазалыға бет қойып бара жатып, әулиенің басына өзі де ат маңдайын тіреді. Қартайған адам көңілшек, батыр да жылдан-жылға діндар тартқан. Бес Шектінің пір тұтқан әулиесі... Құлағына жабағы тығып алғандай, тебіреніп аян бермейтіні қалай? Ызасы келіп отыр.

Күйзелген бойы бар дүниені естен шығарғандай екен. Өзіне әзер келді. Басын көтерген соң, айналасында қамап тұрған жігіттерге көзі түсті. Бұлардың да тобы селдіреп қалыпты-ау... Қанша бейкүнә қан төгілді. Бекер, бәрі бекер...

— Ау, жігіттер, Жанқожаның соңына несіне еріп келе жатырсыңдар? — Сәл аңырып отырды. — Бол, болыңдар! Тездетіп ауылдарыңа тараңдар!

Батырдың ауызынан рұқсат сөз ести алмай, өзі жіпсіз байланып тұрған жігіттер аттарының шап айылын қайта түзеп тартып, қобырласып жатыр.

Қолдың қалдығы сол жерде тарады.

Айдарқұл қалды. Кұлбарақ қалды. Баласы Итжемес пен күйеу баласы Бекжарас бар — алты-жеті жігіт қозғалған жоқ.

— Әйімбетке не болғаны?

Жанқожа ақырын күбірлейді.

— Ту сыртынан тап беретін жері еді...

Жанқожа қай жерден қапы жібергенін ойлап отыр.

— Бәрін Әйімбет бүлдірді ғой... Итжемес айтып отыр, туды тастап қашып кетіпті. — Айдарқұл енді ғана шешілді. — Артынан бүкіл Асан кеткен...

Жанқожа содан соң үндеген жоқ.

Орнынан тұрды. Атқа мінді. Жігіттердің алдына түсті.

Сол күні далада қонды. Күн суық. Шаршаған жігіттер қатты жаурап, жиі-жиі шошып оянады. Шал көз ілген жоқ. Қараңғы түнде жалғыз өзі, от жағып жылынып отыр. Жаураған жігіттер тұра салып отқа қарай жүгіреді. Бойы жылыған соң балбырап, сол жерде қисая кетеді.

Елең-алаңнан атқа қонды.

— Осы Жақай қайда?

— Ол алғашқы мылтық дауысы шыққан кезде кейін қарай жалт берген. — Құлбарақтың үнінде кейістік, бұрқ етіп ашуланды. — Ендігі ауылда шығар...

— Естекбай... Жауғашар ше?

— Сол екеуі біз орыстардың екінші тобына қарай ұмтылғанда жүр еді. — Оны Айдарқұл айтты. — Арт жағынан көз жазып қалғаным.

— Тірі болса, табылар...

Батыр содан соң тілден қалды.

Жақайды қойшы, қу жақ, қоңылтақ етік, қашандағы әдеті ғой. Әйімбетті не қара басқаны? Ұрыс басталмай жатып, туды жығып қашқаны қалай? Есіне Бекарыстан түсті. Саспайтын ер, садақшы Бекарыстан... Киіктің текесін екі жүз қадам жерден домалата беруші еді-ау... Тіршілікте кімнің қадірін кім білгендей. Есіл Бекарыстанның орны үңірейіп тұр екен ғой. Бүгін ол бастап шықса, Асанның жігіттері майданды тастап қашып кетер ме еді... Асанның туы жығылар ма еді?.. Ендігі тәуірі Әйімбет болса, қайда барып оңады?

Бұрынғының ерлерінен Рахметәлі мен Мелдібекті көзі көрді. Теке жәуміт түрікпеннен жылқы алатын Жәніке-Сарының ер ұлдары... Сахардың әр саусағы тоқпақтай еді-ау... Жанқожа оларды жортуылға көп шығатыны үшін жақтырмайтын. Сонда қайраты бойына сыймай барады екен ғой. Нағашысы Ақтан батыр, Шөмекейде Тілеулі мен Елемес... "Өзекті жанға бір өлім" деп, қаптаған жауға жалғыз шабатын қас батырлар... Жылқаман ше?.. Қабақ Көтібар... Ал Көтібардың Есеті, Қарағұл мен Әзберген естіп тұрып келмей қалды. Көшке шауып, керуен тонайтын жерде бәрі батыр... Қарусыз жолаушыға кездессе, өлтіріп кетуден де тайынбайды.

Табын Бұқарбай батыр... Кенесарының соңында Алатауға шейін барып қайтты. Қас батырдың бірі... апыр-ай, екі талай жер кездескенде, ол да бұғып қалды-ау. Әлде бәрі де тым биік тұрған орыстың жұлдызынан қорықты ма? Сейілдің Байқадамы барамын деп хабар айтқан... Келген жоқ.

Осы жолы Дабыл батырдан да көңілі қалды. Алдарынан орыстың салт атты әскерлері шығып, тарс-тұрс мылтық атылып жатқан кезі еді. Батырдың көзі Дабылға әлдеқалай түсіп кетті. Түсі әлем тапырақ, атының басымен алысып жүр екен. Алға ұмтылудың орнына, бір орында шыр айналады. Оқ тигеннен аман... аты да аман, өзі де аман... Дабыл кейін де көрінбей қойды.

Адамдар азды ғой. Бүгінгінің жігітінде намыс жоқ.

Апыр-ау, мына жігіттер неге қобырласып кетті?

— Аттар болдырды...

— Қарын ашты...

— Бір ауылға жетіп, ат шалдыру керек еді...

Жанқожа атының басын тартты. Өздерінің тым суыт келе жатқаны рас. Қуғыншыдан қауіп күткен батыр кеше қаттырақ жүрді. Оның алдында күнұзын шабыс... Түнде жөндеп оттай алмаған аттар болдырады.

Жанқожа қалтасынан құрт шығарып, жігіттерге бір-біреуден үлестірді.

Аттардың ауыздығын алып, тұсап жіберді.

Күн талтүс. Қарашаның іші қоңыр күзге бергісіз, күншуақ еді. Қара бұтаның ығында арқасы қызған соң, Айдарқұл қор ете түсті.

Түс қайта жігіттер тағы тықыршыды.

Айдарқұл былшықтанған көзін уқалайды. Күрк-күрк жөтеледі.

Жанқожа қалтасынан құрт алып, жігіттерге бір-біреуден үлестірді. Бары осы, ол да таусылыпты. Өзіне құрт ауысқан жоқ.

Оның да қарыны ашып келе жатыр. Егер осы қалпында жорытып отырса, ауылға ертең түске шейін жетіп қалады...

Қазалыға аттанардың алдында ауылды Жаңадария бойына қарай көшіріп салып еді. Бәле бар жерде, қаза бар... Сонда осы қауіпті ойлады.

Адам баласы аштыққа үш-төрт күнге шыдай береді. Жанқожа одан қорықпайды.

Айдарқұлдың басы салбырап, қабағы ашылмайды.

Мұндайда хайуан артық... Аздап бел суытып, шөп жұлып алған аттар едәуір тыңайып қалыпты. Жүрістері ширады.

Аузындағы құрты таусылған соң, жігіттерде үн жоқ, томсара түсті.

Жолдан бір қырындау ауыл қалып барады.

— Жәке, ауыл!

Айдарқұлдың даусында қуаныш білінеді.

— Қарынымыз ашты, шөлдедік...

Бұл жолы Құлбарақ та шағым айтты. Кешеден бері үнсіз келе жатқан. Оның да сыр бергені ғой... Жанқожада үн жоқ, атының басын ауылға қарай бұрды.

Ауыл түрі Қарасақалдарға ұқсайды, он шақты үй. Шеттеу тігілген ақ боз үйдің сыртына келіп, жолаушылар аттан түсті.

Құдықтың иісін сезген жылқы байғұс тізгіндерін жұлқа-жұлқа ұмтылады. Жанқожа Итжемес пен Құлбараққа аттарды суарып қайтуды тапсырды.

Қалған бесеуі үйге кірді.

Бай үйдің түрі. Төрдегі түрікпен кілемнің түгі қызыл шоқтай жайнайды. Жасы қырыққа тақап қалған аққұба әйел жүгіріп, төрге көрпе жайды.

Үйде еркек кіндік жоқ, бір жаққа "жолаушылап" кетіпті. Оны бұлар да қазбалаған жоқ.

Бір жігіт есіктің алдында қара тоқтыны жәукемдеп жатыр.

Құлбарақ пен Итжемес келді. Атты суарыпты.

Жанқожаның ойы бұл ауылда көп кідірмейді. Аттарды суартқаны да сондықтан. Жолда шалдырып алады.

Бірақ қой сойылып қалды.

— Отырыңдар. Қымыз ішіңдер.

Сартұра әйелдің үні жұмсақ, құлаққа таныс естіледі.

Есіктің алдында екі бала жағаласып жатыр.

— Сен — орыссың, мен Жанқожамын.

— Жоқ, сен — орыссың!

— Онда мылтықпен атам! Пуп!

— Мен сені найзамен...

Үй иесі әйел балаларды әрі қуып салды.

— Өй, көктүйнек! Осы көктүйнектің есіл-дерті соғыс...

Әйел оны да зілсіз айтады. Шыптаға кірді. Алдында бір табақ қамыр, илеп жатыр.

— Айтпақшы, сұрармын деп есімнен шығып кетіпті-ау. Жәкем орысқа аттанды деп еді, нағылды екен?

Бұл әйелдің аты Күнімай еді.

Бір заманда Жанқожа батыр осы Күнімайды сарттардың тұтқынынан босатыпты... Екі жылдан кейін шешесі өлді. Одан Жалбыр ағасы дүние салды...

Күнімай Қарасақалдың бір бай шалына, қатын үстіне келді. Күйеуі момын. Осыдан үш жыл бұрын адуын бәйбіше бақи жайға сапар шеккен соң, бай үйге жас тоқал Күнімай ие болып қалған.

Қатын қырық шырақты. Бұл үйде оның алдынан шығатын ешкім жоқ еді. Әрі бәйбішесі жасы қырықтан асқанша бала көтермей, еріні кезеріп жүрген шал, Күнімай бірінен соң бірін — әрі ұл балаларды шұбыртқан соң, есі шықты.

Күнімай төрде отырған қонағының кім екенін білген жоқ. Одан бері де жиырма жыл өтті. Қазір Жанқожаның сақал-мұрты аппақ қудай.

Күнімайдың сөзінен кейін шалдың түсі бұзылды.

Қазақ салтында әйел бастап жол мәнісін сұрамайды. Еркегі жоқ үйде қонақтардың аты-жөні де сұралған жоқ.

Жанқожаның қолы қамшының сабында, қатып ұстап қалған. Тізесіне сүйене орнынан тұрды.

Бір-бір тостаған қымыз ішіп, жаңа жан шақырған жігіттер аңтарылып қалыпты. Әуелі Бекжарас тұрды. Одан кейін басқалар да қозғалды.

Әуелі үйден Жанқожа шықты. Басқалар да шығып барады.

Қамырдан қолы босанбай жатқан әйел қонақтардың қалай шығып кеткенін байқаған жоқ. Артына бұрылған күйі Күнімай сасып қалды. Төрде жан жоқ, бос тұр еді.

Әлгі көргені түсі сияқты. Әлде пері болғаны ма? Апыр-ау, анау шал... Жанқожаға ұқсайды екен-ау...

Күнімай үйден жүгіріп шықты.

— Жәке!

Қонақтар бұл кезде ауылдан шығып кетіп еді.

Жәкем екен... Неге кідірмеді?.. Әлде орыстардан жеңіліп қайтты ма?.. Өзінің күйеуі Қазанқап да сонда жүр еді.

Қазақ салтында еркек адамның соңынан әйел жүгіргені ұят. Күнімай отыра кетті. Егіл-тегіл жылап отыр.

— Қарыным ашты дейсіндер. Менің қарыным ашпай келе ме екен? — Жанқожа былай шыққан соң күңіренді. — Әлгі әйелге не жауап айтам? "Мен Жанқожамын, орысты жеңіп қайттым" деймін бе? Онда өтірік айтамын. Ал бетім шыдап, қашып келе жатқанымды қалай айтамын?..

Жанқожа күйзелгенде, әркімнің-ақ қабырғасы қайысты.

— Кеше қанды қырғыннан бекер алып шықтыңдар ғой. Жанқожа не жеңуі керек еді, не өлуі керек еді! Қор тірліктің керегі қанша?!. — деді.

Құлбарақ еңкілдеп жылап келеді.

ЖАМАННЫҢ ЖАҚҚАН ОТЫ

Биыл қыс мал баққан қазаққа ауыр тиді.

Ел іші былтыр күзден әбігер. Одан Жанқожа орысқа қарсы аттанды. Қазалы түбіндегі жеңілістен кейін қазақтан ес кетті. Елге солдат шығады екен, батырға ерген адамдарды тұтқындап Итжеккенге айдатқалы жатыр... Әр түрлі қауесет көбейді.

Біраз ауыл бас тоқсанның ішінде Қызылға шығып кетті. Қалғаны Қарақұмға қарай ығысты. Әйтеуір Қазалыдан іргесін аулақ салуға тырысады.

Солай әбісірең болып жатқанда, жаманат хабар расқа шығып, ауыл-ауылда солдаттар төбе көрсетті. Әзір Итжеккенге айдалған ешкім жоқ. Бірақ қарулы отрядтар аяқты малды әкетіп жатыр... Қайда ел басына күн туса, өлікке үймелеген қарға-құзғындай мысық тілеулілердің құдайы береді. Солдаттардың алдында тымағы шошайып Шорабай жүр. "Жанқожаға кім ерді, оның ауылы қайда отыр?" Шорабай сияқтылардың білмейтіні жердің астында, көзінен тізіп көрсетіп жүр.

Сырдың құйылысындағы Күліктер қатты күйзелді. Теке Төлеш батыр, Қарамерген, Есенбай бастап, қырық-елу жігіт Жанқожаға барып қосылатын еді. Бекжарас күздей батырдың қасында болды. Күлік жігіттері Қазалыдағы шайқаста қатты қайрат көрсетіп, төрт кісісін жаралы алып қайтқан. Шорабай соның бәрін көзімен көргендей, айтып отыр.

Қыстың көзі қырауда ірге аударып жату қиын, Әліқұлға қарағандар Қосаралдан қозғалған жоқ-ты. Солдаттар шыққан кезде, ер-азаматтары қашып-пысып жүрді... Шорабай бастап алып келген отряд Күліктердің малын көтере айдап кетті.

Жаманқұл өлгелі де он алты жыл.. Саңырау кемпір келін түсірді. Қарақалпақтың жиені Тишімбикенің басына ақ жаулық салынғалы да төрт жылға қарап барады...

Кенжеғұлдың бойдақ кезіндегі салты — астына ат түссе жоғалып кетеді. Ат демекші, Таңсыққожа әулетінде жылқы тұқымы қалып жарытқан жоқ-ты. Екі-үш бие, екі-үш ат. Жылқыны жылқыдай адам бағады. Төлебай мен Томанның кескіні анау... Кенжеғүлдың жүрісі әлгі... Пысық кемпір соны байқаған соң, сиырдың санын көбейтті. Бұзауын байлап, қой да күтіп отыр, қораға өзі келеді. Қосаралда қыстаған жұрт, шөптен қысылған жері жоқ. Сиыр қалың қопада аяғынан жайылып шығады...

Биыл бұл үйде сиыр саны қырықтан асып жығылып еді. Солдаттар тігерге тұяқ қалдырмай айдап әкетті.

Теңіздің жағасында, жыңғылды тоғайдың ішінде жатқан азғантай жылқы мен түйе түлігі аман қалыпты.

Қыстың күні қойды айдап жүруі киын. Солдаттар бұл ауылдың қой тұяғына тиген жоқ.

Бас көтерер еркек кіндік үшеу — Төлебай, Томан, Кенжеғұл. Жанқожаға іш тартқанмен, үшеуі де қолына қару ұстап шыға қоятын еркектердің сортынан емес. Тек жақынның жаласына, әлгі Төлеш батыр мен Бекжарас сияқты туыстарының жаласына күйіп жүр.

Биылғы қыстан Әліқұл ауылы күйзеліп шықты.

Қыс Қарақұмға қарай қаша көшкен Бекжарас пен Төлеш көктемге салым ауыл-ауылды аралады. Сондағысы туыстарына Қызылға кешіп шығуға кеңес береді.

— Ау, Шықымандағы жаз жайлауымызды қайтеміз?

— Шықыман — орыс солдаттарының жолы. Жақын жерден күнде кіжіңдеп, тынышымызды алып жүрер...

Бұлардың түпкі ойы Қызылға шыққан соң, әрі қарай Хиуа қол астына жылжып кету еді. Жанқожа Бохан тауына қарай ығысыпты деген қауесет бар... Бірақ Төлеш пен Бекжарас ішкі есебін ашуға жүрексініп отыр.

Әліқұл тұқымы қозыны қыстауда отырып алды. Сіңіртектіде қой қырқылды.

Сол құдықтың басына Бекжарас пен Қожамбет келді.

— Қой — жолы ауыр түлік. Ауыл-ауыл бірігіп, қойын айдатып жатыр. Сіздің ауылдан Төлебай барсын. Қойдың басында Қожамбет бастаған бес кісі болады...

— Қашан ірге көтереміз?

— Төрт күннен кейін, — деді Бекжарас. — Көштің алдына өзім түсемін. Балтаның сабындай, мойыны қысқа жер, Хан өткелінен өтетін боламыз...

Бекжарастың айтқанындай болды, Әліқұл ауылының көші төрт күннен кейін Ханнан өтті.

Одан бір күн бұрын Бершеге қараған ауылдардан сексен үй көшіп шығыпты...

Әуелі Қызылға... одан әрі Хиуа қол астына көшеді... Қатындар білмейтін құпия жоқ, кешеден бері сыпсың-сыпсың көбейді.

Қазақ арасында Хиуа хандығы жайлы аңыз-әңгіме көп. Ауыл қобалжыды. Бекжарас түбі бірге мұсылман деп отыр. Оған қарай көшкенін есітсе, орыстар қалай көреді... Жолдарында Қазалы, тосып тұрып тап бермес пе екен?

Түнде Қотанкөлдің сыртында түнеп шыққан көш, елең-алаңда қайта қозғалды.

— Бүгін үдере тартамыз. Жолымызда Қазалы, орыстың әскері жатыр... — Бекжарас ат үстінде шіреніп тұрып, соны ескертті. — Құдай қаласа, түнделетіп Бозкөлге жетіп құлайтын шығармыз...

Біреулер Төлешті сұрады. Көппен көрген ұлы той... Басқа қиыншылық түскен кезде, ағайынды іздейді.

— Ол ендігі Бозкөлден өтіп кетті...

Көш жүрісі суыт. Бекжарас бір үйді көзден қағас қалдырмайды. Қай жерде түйе ауып жатса, сол жерде сап ете түсетін еді. Ауған жүкті басатын да, бұрауын бұрап беретін де Бекжарас. Көш үдере тартты.

* * *

Сол күні кешкілік Жаршағылдағы Байсалбайдың үйінде Ахмеров тілмаш қонақ еді.

Былтыр күз Орынборға қарай ығысып кеткен сапарынан әккі тілмаш қыс ортасы ауған соң оралды. Ол жақта Булатовтың рапорты алдынан шыққан. Шекаралық комиссияда отырғандардың қабағы бұзылып қалғанын байқады. Бірақ, берген перне бұзады. Ахмеров сүттен ақ, судан таза болып шыға келді.

Қазақ ауылын аралап шыққаны осы... онда да көптенгі досы Байсалбайдың үйіне келіп отыр.

Қонақасы оңаша өтті. Байсалбайдың үйінде бөгде кісіден Боздақ пен Жетес еді. Боздақ шабарманы, Жетес атқосшысы... Байсалбайдың ол екеуінен жасыратын сыры жоқ.

Жетестің шыққан руы Дәулет Жақайым, қадалған жерінен қан алатын, қазақша төрелікке жүйрік осы жігіт қазір женіл-желпі дауға араласып, сөз ұстап жүр. Байсалбай оны тонның ішкі бауындай жақын көретін еді.

Қонақасы үстінде ауызы жеңіл Боздақ бір әңгімені көңірсітті. Биыл елдің бәрі Қызылға қарай көшіп шығып жатыр... Дарияның құйылысындағы Әйдербектерді, біраз Кішкененің ауылдарын атады.

— Олар Жанқожаға қосылуға барады!

Көктем туғалы алып-қашты хабар көп. Жанқожанын ауылында Бура сұлтан қонақ болып кетіпті... Хиуадан елші келіп жатқан көрінеді... Жанқожадан жаны қалмай қорқатын Ахмеров, Боздақтың сөзінен кейін үрпиді.

— Төлеш батыр Хиуаға көшеді екен деп жүр еді. — Боздақтың сөзін Жетес одан әрі тірілтті. — Рас болғаны ғой. Бірақ Жәкем Қазалыға енді беттей қоймас. Боқан тауына қарай беттеп көшіпті ғой...

— Бәрі бір мыналарды қайтару керек!

Енді бір айдан кейін алым-салық жинау науқаны басталады. Ахмеровтің пышағы құйрық үстінде жүзгелі тұр... Салық беретін ел. Ел кеткен соң, құдықты қазасың ба? Көшкен елдің алдында қыбырлап бара жатқан малды ойлағанда, Ахмеровтен тағат кетті.

— Би, орыс әкімшілігі Шекті ішінде сізді ғана біледі. Сыр бойындағы елге басыңмен жауап бересің! Анау қаша көшкен ағайыныңды қайтар!

Боздақ пен Жетес бастаған он жігіт түн ішінде атқа қондырылды. Жаршағылдан бастап, Көкшоқат, Шықыманға шейінгі ауылдарды арылтып шығады.

— Жігіт жинаңдар! Орыстардан жарлық болды дерсіңдер. Көшкен елдің ізіне түсіп, кейін қайтарыңдар! — Байсалбай бұйрығын қысқа қайырды.

— Кетіп жатқан көп ел ғой...

— Сендер де жігітті көптеп жинаңдар. Бөлек-бөлек көш, өзі үдере тартып барады. Бір-бірімен хабарласуға әлдері жоқ... Ең үлкен тобында, мықтаса жиырма-отыз жігіт шығар. Жолдарыңда ауыл көп. Жүз жігітті жайымен жинап алмайсыңдар ма?

Байсалбай асықтырды.

— Жолда Әйімбетке соғып, менің бұйрығымды айтыңдар. Анау кешіп жатқан ағайындарын қайтаратын болсын!

Ахмеров, аттанып жатқанда, Жетестің қолына мылтық ұстатты. Үш атылатын бердянка. Қалай атылатынын, оқ таусылған кезде қалай оқталатынын көрсетіп тұр.

— Мынау запасы... — Бір дорбаны қолына ұстатты.

Қазақтың қарақұлағы — мылтық. Үркектеп тұрған жігіттердің жүрегі орнына түсті.

Арада бір қонып, Шықыманға жетті.

Қазір соңында қырық жігіт еді. Боздақ Әліқұл ауылын іздеп келеді. Бәрі көшіп кеткен жоқ шығар. Бес-алты жігіт осы ауылдан да қосылатынына сеніп келе жатыр.

Тоқалға қараған Әліқұлдан бес үй Ботат отыр. Сырлыбайдан жалғыз Бейсембі қалыпты... Бәрі де көш-көлігі кеміс, жарлы-жақыбай үйлер еді.

— Жігіттердің түрін көріп тұрсыңдар ғой. — Бейсембі жағдай айтты. — Бұл жақта қалған бес-алты үйде менен басқа найза ұстайтын ешкім жоқ.

Бейсембі барымтаға аттаныпты деп ешкім айтпайды. Бірақ іргесі алыс елдерге шығып, мал ұрлап қайтатын өнері бар. Төрт-бес жылдан бері аты көбірек шығатын еді.

Бұл ауылдан жалғыз Бейсембі ерді.

Шықыманнан әрі шыққан соң, ел сирек ұшырасады. Ақиректе бес-алты жүз үй егін салып отыратын. Бірақ оларда көлік жоқ. Соны есепке алған Боздақ уақыт ұттырмай, көшкен елдің ізіне түскенді мақұл көрді.

Былай шыққан соң Жетес ауырды. Ер үстінде, ішін басып мықшиып жатыр. Аһ ұрған дауысы тіпті әлем-тапырақ еді. Аңқау Боздақ шошыды.

— Ей, саған не болды?!

— Боздақ аға, ау-ыр-дым...

— Онда қайтесің, кейін қайтасың ба?

Боздақтың екі көзі мылтықта, үңірейген ұңғасын жеп барады. Арманы бір мылтық еді. Ахмеров мылтықты Жетеске ұстатқанда, іші удай ашыды...

— Сендер жедел жүресіңдер ғой... аяқтарыңа... оралғы... болармын... — Жетес үзіп-үзіп сөйлейді. — Мына... мыл-тық-ты саған... — Содан соң үнсіз қалды.

Жетестің ішкі есебі: өсетін басы бар, қашқан елді қуып барып, абырой тауып қайтуы қиын еді. Ол жақта қатты қарсылық кездесіп, арты кісі өліміне соғады деп қорқып отырған жоқ. Елді қайтарса, орыстан мақтау еститіні де рас. Бірақ ертең артында жаман атағы қалады. Орыс өз жөніне — ол кетеді... Жетестің орны бес Шектінін ортасында... Осы сапарда құдай ісі болып, бір адамның шекесі қанаса, оның жаманаты ең алдымен Жақайымды тапқалы тұр. Жетестің өсер тілегі бар, ондай қатерлі іске ұрынып болмайды!

— Жолдарың болсын!

Иығындағы мылтықты алып беріп жатып, Жетес мұрынының астынан күңк етті.

— Ал кеттік!

Ақбоз атты сауырынан бір сипап, Боздақ қырық жігіт нөкерінің алдына түсті. Осы сапарынан қайтып оралмайтынын ол біліп бара жатқан жоқ.

* * *

Қаша көшкен Күліктердің саны жүз отыз үйдей еді. Қанаттаса қозғалуға, бір құдықтың басына сыйысулары қиынға түсті. Қызылға кірген соң, Әліқұлға қараған қырық-елу үйдің өзі екі бөлініп кеткен. Тоқалға қарағандардың көшбасшысы — Іздік, он төрт үй Сырлыбайдың алдында Бекжарас барады..

Сексен үй Берше ғана жұбын жазған жоқ. Төлеш батыр мен Есенбай қуғыннан қатты қауіптенеді. Кешегі бүлгін күні Жанқожаға қосылып Қазалыға шапқан қылмыстары бар... Қыстай күнде үрей, қашып-пысып күн көрді. Орыстардың қолына түссе, аямасына күдігі жоқ, сексен үйді қанаттастыра ұстап келе жатқаны да сондықтан. Қуғын болса, тобыңның тұтас келе жатқаны да жақсы... Есенбай соны айтты.

Бекжарас жершіл. Қызылдағы атамзаманда көміліп қалған құдықты сол іздеп табады... Көш ылғи түнделетіп үдере тартатын да, алдағы құдыққа таң сәріге шейін жетіп жығылатын. Күн шықса, күйіп кетеді. Құдық дайын тұрса — жақсы, әлдеқалай көміліп қалғаны кездессе, бала-шаға шөлден қырылады. Ерте жетсе, сәскеге шейін аршып алу керек... Ақпамбет, Доспамбет сияқты қарулы жігіттер мұрынынан шаншылып келе жатыр.

Бүгін Іздік келді.

Екі күннен бері Есенбай-Төлештің көшінен хабар жоқ. Кежектің көк төбесіне бұрнағы күні қонып кетіпті...

— Келе жатқан шығар...

— Мен Есенәліні бір көш жерге шейін жіберіп алдым. Көш сүрдегін көре алмай келіп отыр.

— Онысы несі? — Бекжарас енді елегізді. — Олар бізден бір күн бұрын қозғалды. Кейіндеп қалуы мүмкін емес!

— Мен де соны ойлап қорқып отырмын ғой.

Кеше жол үстінде Іздік бір Құрманай жігітке кездеседі екен. Көш соңында қуғыншы бар екенін айтыпты...

— Әйімбет би көшкен елді кейін қайтаруға қырық жігіт аттандырыпты. Шорабай бастап келеді дейді...

— Осы Сойырқас-ақ өлмейді екен! Төбемізді ойып-ақ болды ғой!..

Қысты күні Әліқұл ауылының сиырларын орыс солдаттары айдап кететін жолы, басы-қасында осы Шорабай жүріп еді. Томан соны еске алып отыр.

— Жәкем қайда екен? — Бекжарас Жанқожаның Боқан тауына қарай жылжып кеткенін естиді. Анығын білсе, солай қарай бұрылуды да ойлап отыр. — Әлгі Құрманай жігіт батырдың қайда екенін айтқан жоқ па?

— Айтпайды. Біліп тұрса да, айтқысы келмеді-ау деймін. Іздік кәдік алып қалған. — Жәкемнің соңында да қуғын ғой... Орыс қарап жатыр деймісің. Сондықтан Жәкем қонысын білдіргісі келмейтін шығар...

Жұрттың қабағы салбырайды. Әлімнің кәрі әруағындай болған айбынды ер, орыстан ол да ығысты... Басқа қара қазақтың тірі жер басып жүргені шүкір еді...

Астау толы қойдың еті алдарына келгенде, итарқаның іші күйіп кетті. Алақандай жерде сегіз еркек әзер сыйысып отыр. Доспамбет, Кенжеғұл сияқты жас жігіттер тамақты итарқаның көлеңкесінде ішті.

— Бүгін сендер қозғаласыңдар ма? — Іздік сұрады.

— Еру болғым келіп тұр, — деді Бекжарас, қолында қойдың басы, мүжіп отыр еді. — Енді алдымызда жақын жерден құдық кездеспейді. Бұру да болса, сендер отырған Басқұдықтың үстін басып көшеміз...

— Қозы көш жер ғой...

— Әуелі сендер қозғалсаңдаршы...

— Бір аптадан бері көшу. Адам да, көлік те салықты. Бүгін түн ауылды демалдырып, ертең кешке қарай ірге көтергім келіп отыр...

— Онда біз ертең түс қайта жылжимыз...

Астан кейін Берше көші тағы сөз болды.

— Менің саған келгенде айтайын дегенім сол еді, он шақты жігіт алып, көзеп қайтсақ қайтеді? Бәле бар жерде — қаза бар. — Іздік кәдіктеніп отыр.

— Рас-ау...

Бекжарас қасына Доспамбет бастаған бес жігіт ерітті. Іздіктің қасында төрт адам бар. Тал түсте Әліқұл болып атқа қонды.

Бұл ауылдың үлкені Шалқардың Бейісі еді. Жасы алпысты алқындырып қалған шал. Қағілез нұсқасына қарамай, қара жұмысқа мойымайды. Бейіс бүгін түске шейін тереңдігі жеті құлаш құдықтың түбіндегі қара балшықты жалғыз өзі тазартты. Жігіттер кезектесіп шелек жіберіп тұруға әзер-әзер үлгіреді. Бейістің титығына жеткен екен. Бекжарастарды аттандырып салған соң, көлеңкеде қисайды.

Зауал ауған. Қызылқұмның төсінде от соғып тұр.

Еркек біткен құлаған-құлаған жерінде ұйқыға кетті. Құдық аршу — қиямет, бір аптаның ішінде жұрт сүрнігіп жығылды.

Құдықтың басында қойлар кимелеп жатыр.

— Қатындар, енді сендер барыңдар!

Қой айдап келген Төлебай, бір тостаған қойыртпақ ішін алған соң, қисайды.

Ауылдағы қатындардың қайраттысы Ақық, еркек пішінді қара жон еді. Жасы қырықтың үстіне шықса да, өңін бермейді. Оған сіңлісі Ақша мен Тишімбике бастаған жас келіншектер қосылды. Ақ жаулықтары желбіреп, қатындар құдыққа қарай шұбатылып барады...

Он төрт үйдің уақ жандығы бір жерге басы қосылған соң, едәуір тұяққа айналады. Ұзын саны екі мыңнан асатын қойды бір құдықтан суарып шығару оңай шаруа емес. Қатындар қауға кезегіне тұрды.

Анадай жердегі төбенің басында он шақты салт аттының төбесі қылт етті.

Әуелі көрген Тишімбике, шар ете қалды.

— Ойбай, қуғыншы!

Қатындар ұйқы-тұйқы, қауғаны тастай-тастай қашты.

— Тәйт әрі шуылдамай! — Ақық ақырды. — Тишімбике, сен еркектерге жүгір! Адалбақанға ұмтылыңдар!

Ауылда қару ұстайтын еркек қалып жарыған жоқ. Ақық қатындарға қайрат беріп жүр.

Бейіс тастай қатып ұйықтап қалған, әзер тұрды.

— Ақпамбет! Томан! Төлебай!

Сасқан Бейіс ауылдағы еркек кіндікті түгендеп шықты.

Әншиінде аяғыңа оралып жүргізбейтін сойылдан біреуі жоқ. Қатындар итарқа тұрғызатын жерде екі босағаның орнына дайын тұрған сойылдарды қадай беріпті. Бейіс оны көрмейді, ойбайды күшейтті.

Алты-жеті еркек, олар қолға ұстайтын қару таппай жүргенде, жау сау кетті.

Ақықтың қолында адалбақан, ұрысқа еркектерден бұрын сол кірді. Бір жігіт қамшысын шошаңдатып келе беріп еді, тізеден қақты.

— Ойбай, өлтірді!

Қаупек неме екен, аттан аунап түсті.

Итарқалардың арасында атты адам еркін қимылдай алмайды. Қалай бұрылса да, қатындардың бақанына ұрынатын еді. Екінші біреуді Ақша ұрып түсірді.

Қатындардың үрдіс қимылы еркектердің де намысын жанығандай, қолдарында бір-бір сойыл, емпеңдесіп келе жатыр.

Салт аттылардың саны — он шақты адам. Азғантай ауылды, құдық басында жүрген өңкей ақ жаулықты қатындарды көрген соң, қорқытып-үркіткелі тұра ұмтылып еді. Екі жігіті аттан ұшқанда, кейін серпілді.

— Жаяу қалған мына екеуін ұстау керек. — Жас жігіт Қоспамбет, тізесін құшақтап отырған қаба сақалдының екі қолын артына қайырып байлап жатып, айқай салды. — Аналар енді тиісіп көрсін! Мынауысын теріс қаратып бауыздайын!

Қолында екі қарыс қазан пышақ, қаба сақалдының тамағына тақап-тақап қояды.

— Бір қасық қанымды...

Ана жақта торы атты біреу айқайлап тұр.

— Ау, тілге келейік!

— Тілге келетін болсаң, аттан түс!

Бейістің қолында қақ сойыл, қоқилана түсті. Екі жүз қадамдай жердегі торы аттыға тап-тап береді.

Жау жағы жаяулап ауылға кірді.

Әйімбет аттандырған Асан Кішкене ауылының жігіттері еді. Бүгін түсте Қожамберді ауылын қуып жетеді. Ат үсті ұрыста жиырма жігіттен он шақтысы сойылға жығылады. Құлағандардың ішінде Шорабай бар. Қожамберділер қанына қарайып алған, аяйтын түрі жоқ, басшысынан айрылған бұлар қашып құтылады...

Қамсыз отырған азғантай ауылды көрген соң, Едігенің ескі кегін еске алады. Бір ауыл да болса, кейін алып қайтса — абырой. Оған қоса аяқты малын олжалайды.

Ақыры қатындардан таяқ жеп отырғандары мынау...

Ақықтың Нұрымбет ауылының қызы екенін есіткен соң, дабырласып қалды.

— Біз Сырлыбай Асан...

— Апамыз екен..

— Ендеше анау отырған Ақша жеңешем де апаң. — Қоспамбет қаба сақалдыны әжуалады. — Апаларыңа қамшы ала жүгіріп, сендерді қайдан құдай атып жүр!

— Обалымыз жоқ...

— Өзімізге осы керек...

— Қашқан елдің артында неміз бар?..

— Жанымыз — өзімізге олжа, біз қайтайық, — деді Қабасақал. — Ат-шапан айыбымыз дайын...

— Қайта айналып қосқа шауып жүрмейсіңдер ме?

— Құдай сақтасын! — Қабасақал соны айтқанда тізесін бір сыйпап қойды. — Онда бізді Жанқожаның жалғыз оғына тапсыр!

Қуғыншы Асандар шұбат ішті, сусындарын қандырды. Кешке қарай атқа қонды.

— Бұл оқиға осы жерде қалсын. Қатыннан таяқ жеді деген аты жаман. Айта көрмеңдер...

Жау кетті. Ауылдағы жігіттердің әжуасы Төлебай. Әлгіде жаудың хабарын әуелі еститін де сол екен. Жаманқұл үйінің үюлі керегесінің астына кіріп кетіпті... Жұрт бет-ауызы топырақ-топырақ болып тұрып жатқанда көреді.

Төлебайдың қолында тостаған, көлеңкеде отыр еді.

Қоспамбет бақырып қалды.

— Ойбау, жау!

Төлебай керегенің астына зып берді.

— Бүйтіп сақтаған жаныңның... — Боқтампаз Бейіс жаман інісін енеден басты.

— Ойпырмай, Ақық жеңешемнің қайратын-ай! Бекжарас ағам қалай тәуекел етіп үстіне шығып жүр екен, — деді сайқымазақ Кенжеғұл мырс-мырс күліп.

— Сен барып көрсейші... — Қоспамбет мырс етті.

— Адалбақанмен маңдайдан қондырсын дейсің ғой!

Кенжеғұл Ақық жаққа қорқақсоқтай қарайды.

* * *

Іздік дұрыс топшылаған, Бершенің көші кейіндеп қалғаны рас еді.

Кежектің көк төбесінен шыққалы екінші күн. Көш таң алдында бір құдықтың басында ошарылды.

Жігіті мол ауыл, құдық аршитын жерде көп қысылмайды. Төлеш бастаған жиырма адам көш алдында он шақырымдай озып отыратын. Арттағы ел жетемін дегенше, құдық, аршылып бітіп, алдарында дайын тұрады.

Көш жаңа тоқтап, ауыл абыр-сабыр болып жатқан.

Арттарынан Бейсембі жетті.

Боздақ бастаған қырық жігіт бұлар қонып шыққан құдықтың басына түнделетіп жетеді екен... Зирек Бейсембі түйенің жас құмалығына қарап тұрып, ауылдың жаңа ғана ірге көтергенін сезе қойды. Бірақ айтпайды...

Түн ортасы болып қалған. Қуғыншы ізге түсіп берсе, сәске түсте көшке араласатынын көріп тұр...

Боздақ бейқам. Көш жақын екені белгілі, ертең соңынан қосылады. Ат қинауға асықпайды.

Түнде ат күзетудің кезегі Бейсембіге келеді.

Бұл көштің сүрдегімен сызып отырады.

— Боздақ жетті. Қырық жігіт жолдасы бар, қолында мылтығы бар. — Есенбай ойланады. — Қаша көшкенмен ұзатпайды. Көлік те шыдамайды. Әрі салт атты жау көш-жөнекей тиіссе, бала-шаға жазым болар...

— Жылқылар мен түйелерді ілгері қарай айдау керек. Бала-шағаны да соларға қосып жіберейік. Қатындар қайда барады? Тәуекел, Боздақты күтіп алдық!

Төлеш өз байлауын айтты.

Бір көштік қана жылжу түйе іріктеліп алынды. Жау кейін қайтса, ілгері қарай жылжу үшін керек...

Он шақты қой пышаққа жығылды.

— Екі бастан жау алатын мал. Өзіміз тойып қалайық!

Жаңбай жігіт Қозыке бір қойды бұтарлап жатып күледі.

Бейсембі өз туыстарын, Әліқұлға қараған ауылдарды жоқтап отыр.

— Олардың көші бір бүйір келе жатқан, — деді Есенбай. — Кешелі-бері хабарласқанымыз жоқ.

— Боздақ итке кездесіп қалмаса...

— Құдай сақтар. — Төлеш басу айтты. — Қазір Боздақ жолда келе жатыр. Сенің қашып кеткеніңді білді. Енді өкше ізіңнен айрылмайды. Біздің ауылдың үстінен түсетіні анық...

— Сол иттің аттарын алдыма сала кетпегеніме енді өкініп отырмын. — Бейсембінің шыны еді.

Төлеш қорғаныс қамын ойластырды.

Сексен үйде төрт жүзден астам кереге бар. Біріне-бірін тіркеп, айналдыра жая бастағанда, үлкен ауылдың қотанындай жерді қоршап әкетті. Көшпелі жұрттың дайын бекінісі — сол. Салт атты жау баса-көктеп кіре алмайды. Ал жаяу қоян-қолтыққа келсе, тәуекел!

Оған шейін қазанда ас пісті.

Жігіттердің қаперіне түк кіріп-шықпайды. Бір-бір жілік қолдарында, мәре-сәре болып жатыр.

Өздері жетпіс-сексендей адам, қырық жігіт онша көп жау емес еді. Тек әлгі мылтығы құрғыры...

Боздақтобын да ең әуелі Бейсемді көрді.

— Келді!

Дастархан жайылған-жайылған жерінде қалды. Қатындар у-шу, еркектер өре тұрды.

Лепіріп келе жатқан Боздақ, алдында жаюлы керегелерге кездескенде, ат басын тартты.

Қолында қара мылтық, аспанға қарай көтеріп тарс еткізді. Астындағы ақ боз ат бір жамандықты сезгендей, Боздақтың тақымында тұрмай, шыр айналады.

— Әй, Есенбай! Әй, Төлеш! Мен жанаралдың бұйрығымен келіп тұрмын! Көштің бетін кейін бұр!

— Әй, Боздақ! Орысты алдыңа салып қайтесің. Қан төкпейік. Таппай барсаң, сенде жанаралдың ақысы бар ма? Кейін қайт, жарқыным!

Есенбай күндей күркіреді.

— Боқты қайтарарсың! — Боздақ ашу шақырды.

— Ендеше, біз де қайтпаймыз!

— Қайтпасаң, күшпен қайтарам!

— Сонша күш саған қайдан бітті, жаман Жақайым! — Төлеш те қатайды.

— Жаман Жақайым сенің қызынды қатын қылады, керегеңді отын қылады. Күшімді сонда көресің! — Боздақ мылтықты тарс еткізіп тағы бір атты.

— Біз сендерден бір-бір қыз алып көргенбіз. — Төлештің бәйбішесі Бәйімбет Жақайымның қызы, соны айтып тұр.

— Бірақ қарызға алған жоқ едік. Артық кеттің, Боздақ, ажалды қарғаның кері келіп жүрмесін!

Сөз екі жағынан да ұшынды. Есенбай бейбіт келісімнен кеткенін түсінді.

Боздақтың қасында бет-ауызы безеу-безеу, бір божқара жекпе-жекке шақырып, тап-тап береді.

— Есенбай аға, анаған мені жіберші! Ана жылы Емекеш балалы болып, той жасағанда, осы божқарамен белдесіп көргенім бар еді, — деді Қозыке ызасы қайнап. — Өзін екі рет жықтым. Жынын қағып алам!

Есенбай Қозыкеге батасын берді.

Бейсембі бір керегені алып, Қозыкеге жол ашты.

Екі жігіттің де найзадан басқа қаруы жоқ, шапыр-шұпыр айқаса кетті. Қозыке найзагер, шалт қимылдайды. Оған найзаның тәсілін Төлеш үйретіп еді. Бір кәдеге жарады. Божқара найзасын үйіріп келе жатқанда, бұл қара санынан сарт еткізді.

— Шанышты!

— Түсті, түсті!

— Жарайсың, Қозыке!

Бекіністегі жігіттер шу етті.

Божқара боз айғырдың сауырына сыпырылып түсті.

Қозыке бекініске қайтты.

— Жекпе-жек! Жекпе-жек!

Боздақтың қасында тағы бір жігіт, найзасын шошаңдатып, айқайды салып тұр.

Қозыкенің арқасы қызып алған. Тағы кетті.

— Осы Боздақ бір жамандық ойлап тұр, көріңдер де тұрыңдар! — Бейсембі елеурей қарайды.

Ол айтып ауыз жиғанша болған жоқ, ана жақта тарс етіп мылтық атылды.

Қозыкенің қолынан найзасы түсіп кетіп, оң қолымен көкірегін басқаны көрініп тұр. Ол аттың жалын құшқанда, астындағы тарлан боз бері қарай жалт берді.

Қозыке ердің басын құшақтап жатыр еді.

— Айналайын-ай!

— Қапы... кет-тім... — Соны айтқанда, аузынан қанды көбік ере шықты.

— Түсіріңдер!

Бейсембі бастаған төрт-бес жігіт Қозыкені көтеріп алып келе жатыр.

Қатындар дауыс қылды.

Боздақ осы абыр-сабырды пайдаланып қалуға асыққандай, қолында мылтық, барқырап айқайлады.

— Керегелерді қарғытып өтеміз! Жүріңдер, жігіттер!

Мылтығының шүріппесін басып қалды. Үн жоқ. Үш патрон атылып біткен. Қалай оқтайтынын Боздақ білмейді. Енді одан әрі долданып, айқай, сүренді молайтты.

Алдында жаюлы керегеге кездескенде, көтеншектеп шыр айналды. Оның Байсалбай қойған аты "көткеншек көк ат" еді. Бұл жасы он беске шығып, түгі тарлан тартқан кезі. Ат көткеншек мінезіне басқанда, Боздақ қамшының астына алды.

Жаны қысылған ат аспанға шапшығанда, бір аяғын керегеге тығып алып, омақаса құлады.

Артындағы жігіттер кейін қарай жалт берді.

— Ұрыңдар аналарды!

Бекіністегі жігіттер Боздақпен болып жатқанда, бір бүйірден он шақтысы шыға келіп, жауға тап берді.

Бұл Іздік пен Бекжарас бастаған жігіттер еді.

Бекініс керегелер жинап алынып, Бейсембі бастаған бүкіл жігіт жау соңында кетті.

Боздақ тұтқында, екі қолы байлаулы жатыр.

Ақсақалдар ақылдасты.

— Жазасы — өлім! — Есенбай тұнжырай сөйлейді.

Боздақты шешіндіріп жатқанда, Төлеш бұрылып кетті. Жас жігіттің денесі аппақ еді.

— Есеке, мұсылманның баласы ғой, обалына қалмайық...

Жұрт уілдесіп басылды. Жақайым — батырдың қайын жұрты... Қабырғасы қайысып тұр-ау... Есенбай да солай ойлап қалған. Ашу шақырды.

— Бұл ит Қозыкені өлтірді ғой!

— Апыр-ай... — Төлеш қынжылды.

— Әй, Төлеш! Ненің "апырайын" айтып тұрсың! Қозыкеге мылтық атқан мүртетті!

— Солай екен-ау!

Жаңбай ішінде Тілепі аталығынан шыққан батыр жігіт Отыншының қолында жалақтаған сүр кездік, Боздақты шалып жіберді.

Бұл қазаның дауы әлі де қырық жылға шейін созылатынын бір жан білмейді.

Боздақтың құнын Байсалбай даулайды.

Әйдербек оның алдына Қозыкені тартты...

Байсалбай орысқа арқа сүйеп, бел күшке салатын жерде Қазалыда әкімшілік тәртібі өзгерді. Уездік мекеме құрылып, ондағы ояз орыстың орынбасарлығына Қатпаның Бекетайы белгіленеді.

Дау одан кейін де отыз жылға созылып, Бекетай Жақайымдарға тендік бермеген күйі дүниеден көшті.

Бірақ Байсалбай ала алмаған құнды Жетес алды. Бекетай өлген соң, Әйдербек Боздаққа құн тартты. Билер екі ердің құны — екі мың қойға кесік қылды.

* * *

Түс қайтқалы Бекетайдың қолынан күрегі түскен жоқ, екі сиырдың астын тазалады. Қазір есіктің алдындағы қарды күреп жатыр еді.

— Орыстар...

Қораның талдан тоқыған есігін аша беріп, шешесі етбетінен құлады. Оның әдеті орысты айтсаң зәресі ұшады.

Орыстар төрт кісі еді. Бесіншісі де бар екен. Ол ат-арбаның үстінде, плащ-палаткада жатыр.

— Менің фамилиям — Северцев. Орынбордан келеміз. Бір арбамыз сынып, жолда қалды. Мынау жігіт серігім — Мирошкин... Сырқастанып келе жатыр...

Северцевтін ұзыншұбақ сөзінен Бекетайдын ұғып қалғаны осы шамалас... Қазақ ауылында орыс тілінде жауаптаса алатын адам кездескеніне қонақтар қуанып қалған сияқты. Бастарын шұлғысып жатыр.

Қатпаның бір қойы сойылды.

Ахмеров анда-санда қазақ ауылына шыққанда аяқ-табаққа мін тағып, қонған үйінің зықысын шығарады деп еститін. Қатындар сасқалақтады.

Қонақтар сыпайы, қазақтың жұпыны дастарханынан жиіркенетін сыңайы байқалмайды. Северцев май салған қазанжаппайды жеп отырып, таңдайын қақты.

Бекетай ырза болды.

Северцев етті де мейлінше сүйсініп жеді. Ас үстінде қазақ дәстүрі жайлы серіктеріне әр түрлі әңгімелер айта отырады. Ел тіршілігін дұрыс топшылайды екен. Бекетай азғантай орысшасының пайдасын бүгін көрді.

Северцев — белгілі географ-ғалым. Сыр өңірінен бастап, сонау Алатауға шейінгі кең өлкені зерттей шыққан беті еді.

— Мақпалкөлдің сыртында бір арба сынды. Ат екеу, арбасы біреу, жаяулап жетіп отыр...

— Қазақ даласына шана керек екен. Сыр өңірінде қар бұлай қалың түседі деген ойда жоқ. Әскери арбамен шыға қалып едік. — Жатар кезде жағдай айтты.

Бекетай қалада арба айдайды. Әскерлердің жүгін тасиды.

Қазақ ауылдарынан астық әкеліседі. Ана жылғы сушы болғысы келген арманы ақыры қалаға апарды.

Биыл жаз Шегебай үйін көшіріп алды. Қалада екі бөлмелі бастырмасы бар. Бекетайдың орыс арасында танысы көп, Шегебайға ағаш-тастан көмектесті. Қазір де сол үйде жататын еді.

Қонағына оның бәрін түсіндіріп жатуға тіл қысқа. Бірақ ертең Қазалыға жүретінін айтты. Көрші үйде шана бар. Сырқас жігітке шана жайлы болады. Әкесін ерте кетсе, ат-шананы алып қайтады...

Северцев оның қалада тұратынын түсіне қоймайды. Әкесін неге алып жүретінін де біліңкіремей отыр...

Ертеңіне бір ат-арба, бір ат-шана жолға түсті...

Ат шананың делбесінде арық қара шал Қатпа отыр. Алға сол түсті. Бекетай жаяу ерді.

Орыстар да жалғыз ат арбаға кезектесіп мініп, аяқ суытады. Ғылыми экспедицияның жүгі ауыр. Шана мен арбаға бөлістіріп салынды.

Қалаға түнделетіп жетті.

Қараңғыда қай орыстың үйін шулатып жүреді. Мекемелер болса да жабық. Ал Қазалыда Северцев ешкімді білмейтін. Бекетай орыс қонақтарын Шегебайдың үйіне түсірді.

Қазалыда көрнекті үй саусақпен санарлықтай ғана, бәрі де қаланың орталығында еді. Соның бірі — Жанарал үйі. Фитингоф есімі Бекетайға да таныс. Ертеңіне қонақтарын қызыл қыш үйге өзі бастап апарды.

Тегін кісілер емес сияқты. Жанаралдың тәкаппар адъютанты қонақтардың алдында құрақ ұшып, есік ашты.

— Давай, Бекетай, вместе зайдем!

Северцев қазақ жолбасшысын генералға ерте кірді. Өзі Жанаралмен терезесі тең адамша сөйлеседі.

Бекетайдың түсінгені қонақтар Қазалыдан шыққан соң, Ақмешітке тартып, әрі қарай Шу өзеніне қарай жылжиды екен. Одан әрі Алатауға шейін барады...

Генерал Шу өзені өңірі Қоқан хандығына қарайтынын, әр түрлі қарақшы қазақтардың көп екенін айтып, қауіп-қатерді көбейтті. Қазақтарды даланың жабайы тонаушылары деген жері Бекетайдың шымбайына батып отыр. Северцев ерке баланы ақылға келтіруді ойлайтындай, кезінің құйрығында қулық күлкі, ақырын дау айтады. Ақыры дегеніне көндіріп тынды.

Әңгіме жайбарақат арнаға түскен. Северцев сөз арасында генералға Бекетайды таныстырды. Мақтады. Ақмешітке шейін жолбасшы керек... Қасына Бекетайды ертуді өтінді.

Осы кезде бұлардың үстіне бекініс коменданты кірді. Генерал өз жанына Булатовқа Северцевті таныстырды. Анау қайта-қайта бас шұлғып жатыр. Қонақтарының мықты төрелерден екеніне Бекетай енді шәк келтірген жоқ.

Үзілген әңгіме қайта жалғасып, Бекетайдың есімі аталғанда Булатов елеңдеді. Баяғыны ұмытпағаны байқалады. Шульцтің аты аталды. Генералдың қазақ жігітіне қараған көз жанарында әуестік бар, зорлағандай жылы шырайланды. Северцев екеуі келісті.

Бекетай қасында жүрген орыстың белгілі ғұлама кісі екенін біліңкіремейді. Бірақ ықыласты еді.

Сыр бойында күн бір түнде жылынып шықты. Қар дел-сал еріп жатыр. Қонақтар тағы да екі-үш күн бөгелді.

Ақмешітке шейін ат-арбамен жүретін еді.

Күншуақ көктем. Жер бетінде жаппай көк қылтанақтап жатыр. Далада саумал иісі аңқиды.

Жолаушылар арада төрт қонып, бесінші күні түске жақын Ақмешітке жетті.

Онда да орыс әкімдер Северцевті құшағын жайып қарсы алып, жалбырақтап қалған. Түрі ұлыққа келмейтін кішік мінезді адамның бойында, басқа жұрттан ерекше бір қасиет бар екенін Бекетай да топшылайды.

Қоштасатын жерде Северцов тазша баланың аты-жөнін тағы бір пісенттеп сұрап алып, қойын дәптеріне түртіп қойды. "Қазалы бекінісінен қырық шақырым жерде, Ақирек алқабында тұрады. Орысша түсінеді. Шекті руының Күлік атты азғантай аталығынан екен. Осыдан он екі жыл бұрын, штабс-капитан Шульцке де жолбасшы болып, қызмет көрсетіпті. Мен берген жиырма бес сом ақшаны алудан бас тартты. Бекетай Қатпаевтан түбі орыс әкімшілігі үшін пайдалы азамат шығатынына мен кәміл сенемін. Тағы халықты басқарудың алда талай қиыншылығы кездесуі кәдік. Қабілетті адамдарды сонда өз ортасынан іздестірген мақұл болатын шығар. Бұл жағдайды Сізге, осы жігіт назарыңызда болсын деп жазып отырмын..."

Бұл Северцевтің Орынбор шекаралық комиссиясының атына, Сыр өңіріндегі қазақтарды басқаратын уәкілі коллежеский ассесор Осмоловскийге жазған хатынан үзінді еді.

Орыс ғалымының өз тағдырына бұлай бел шешіп араласып жүргенін Бекетай білген жоқ.

Екі жылдан кейін Осмоловский Қатпаев Бекетайды іздетті. Жанқожа бастаған көтерілістен кейін, Сырдария бойындағы дихан қазақтар жерден қуылып, әлек-шәлек болған жағдайы бар... Сол жер өздеріне қайтарылғалы жатыр. Ақирек алқабындағы егістік аймақтың дау-шары көп еді. Қазақтарды өз жеріне орналастыруда білгілікті біреу керек болды.

Қатпаның тазша баласы осылай күтпеген жерде үлкен қызметтің тұтқасын ұстайды.

— Бұл күнде бақ соқырдың көзіне, таздың басына қонған заман ғой... — депті Байсалбай соны есіткенде.

Енді бір жылдан кейін Қазалы уездік қалаға айналатынын, тазша бала орыс оязының орынбасарлығына сайланатынын ол кезде ешкім білген жоқ.

* * *

Биыл екінші жаз, Жанқожа Боқан тауы маңын жайлап отыр. Қыс қыстауы да Боқан тауын паналайтын еді.

Екі көштік жерде ежелгі пікірлесі Қарасақал Дабыл батыр отырады. Қызылдың ішінде бір бөлек Шөмекейлер, Әбілқайыр әулеті Пірәлі сұлтан солардың арасына көшіп келіпті.

Бәрі де құрығы ұзын орыс әкімшілігінен қашып-пысып жүрген ел. Қазақ қырық ру, бөлек-бөлек көшіп жүреді. Қызылкұм өңірі мазасыз еді. Екі күннің бірінде мал ұрланады. Сонда барымтаға аттанып, жылқы алып, дүрліктіріп жатқан ешкім жоқ. Өрістегі түйеден екеу-үшеуін қағып кетеді. Бұл кезде қол қимылы да ұсақтады...

Жанқожа ауылы — он бес үй. Бәрі де Өтеген-Нұрымбеттің кіндігінен тараған балалар. Бір үй қырғызды есептемегенде, немере-шөбере туыстар еді.

Бұл ауылды ұры-қары төңіректемейді. Қанша айтқанмен Жанқожаның атағы бар. Суық қолды содырлар да содан қорқып, бұл ауылды алыстан орағытып өтуге тырысады.

Бірақ құдай да сақтағанды сақтайды. Жылқы мен түйенің күзеті мықты. Бала-шағаға да сенбей, түнгі күзетке Естекбай мен Жауқашар екеуін шығарып, одан қалса Жанқожаның өзі баратын еді...

Егер қателеспесе, биыл жасы сексен алтыда болуы керек. Батырдың Қазалы түбінде жеген соққысы мықтап мұқатып кетті. Бір қыстың ішінде еңкейіп қалған. "Бөрі арығын білгізбейді, итке сыртын қомпайтар", соның кері оған да келді. Күндіз түйелерді көздеп қайтуға шыққанда, қайратын қайда сыйғызарын білмей жүрген жоқ. Мұсадан туған көп жаманға Жанқожаның әлді екенін, қайраты қайтпағанын білдіріп қойғысы келеді...

Мизам айында пейіштің жүзін көргендей, Қызылқұмда тірі жан бір жасап қалады. Қоңыр салқын кеш түскен кезде қандай. Түстік беттен әдемі самал лебі мақтадай жұмсақ демімен сақалыңды сыйпап өтіп, қойын-қонышыңа кіреді. Алдында пейіш салқыны сеуіп өткендей, соған қарсы жорыта бергің келеді.

Жанқожа түйелердің бетін ауылға қарай қайтарды. Түйе баласы — төре баласы... Осы мақалдың әсері ме, батырдың есіне әлдеқалай Бура төре түсті. Бұл да Әбілқайырдың әулетінен... Биыл ерте көктемде Жанқожаға соғып, сәлем беріп кеткен. Ол да Қызылға көшіп шығады екен.

Жанқожа Бура төренің есімін баяғыдан біледі. Алдында Жанғазы сұлтан мен Елкей, Хиуа сыпайлары Сыр өңіріндегі елге ойран салатын жылы қасында Бура төре де жүретін еді. Одан бері де он бір жыл... Қайда Бураның жаман атағы есітіледі. Қоқан қоластындағы Қоңырат... Қызылдағы Әлім-Шөмен, Табын... Оның араламаған жері жоқ. Бір жерде бейбіт ауылдарды ойрандап, малын қуып, бір жерде керуен тонайды... Соңғы жылдары барымтаға шығып, жылқы алып жүр...

Табиғатында ұры-қарыға жаны қас Жанқожа Бура төрені де жақтырмайды. Бірақ үйге келген қонаққа үйдей өкпеңді айтуға болмайды. Сыр бермей баққан.

Бура төре арқар ұранын шақырып, орысқа қарсы атқа қонғысы келеді екен. Хиуа ханы қасына әскер қосатын болып құлшынып отырғанын да айтты. Жанқожаның көз алдында он бір жыл бұрын болып өткен қанды қырғын... Іші мұздады.

Былтыр қыс Сыр бойындағы ел әбігер, орыс солдаттары аяқты малды сыпырып алып, қан қақсатып жатты. Жанқожаның қырсығы жазықсыз Әлімге тиді. Батыр солай ойлайды. Ішін ит жыртқандай, көпке шейін күйзеліп жүрді.

Биыл елі іші тынышталған хабарын естіп отыр. Орыс әкімшілігі алым-салықты да азайтқан көрінеді. Күйзелген елдің тіршілігі оңалсын дегені ғой. Қанша жамандағанмен, осы орыстарда мейірім-шапағат мол...

Бура төреге соны айтты. Әлім-Шөмен орысқа енді қару көтермейді. Қартайған Жанқожаның аттан салған дауысын кім есіткендей. Орыстармен бір ұстасып көрген. Қалған өміріне мол жететін сабақ алды...

Төре ауылдан кейіп аттанды.

Хиуаның әскері... Ол әскердің жағдайын Жанқожа білмейтіндей. Хиуадан шыққан сегіз мың қолды Жанқожаның бір өзі жайғарып еді. Соңында мың жарым жігіт... Рас, орыстар дер кезінде жетіп, көмекке келді. Кейін есітті ғой, Ерофеевтің аттандырғаны екі жүз солдат екен. Мылтық дауысын есіткенде, Хиуаның үш мың қолы быт-шыт болып, Ақиректен әрі асқан...

Қазалыда зеңбірек бар... Орыс зеңбірегін қайық үстіне де орнатады. Оның дауысын есіткенде, Хиуа ханы кіретін тесік таппас!

Хиуа қазақты қайбір жетістіріп еді...

Әмудария бойындағы қалың қарақалпақтың көрген күнін Жанқожа да естіп отыр...

Бұл орыстармен ұстасып жатқанда, ол жақта да қырғын екен.

Былтыр хан елшісі келіп кетті. Батыр Қазалыға аттанатын болса, бір мың әскер қосып, қолдайтынын айтып отыр.

Алдыңғы жылы қарақалпақтар бүлініп, Хиуа ханының қолын сол байлаған көрінеді...

Ол бүліктің неден шығып, оны кім бастағанын Жанқожа да есіткен. Елшілердің "еһеһе"-сіне еліккен жоқ.

Қайдағы жаңалықты Жақай біледі ғой. Көтерілген қарақалпақтарды алакөз Ерназар батыр бастайды екен.

Жанназар Жаңадария бойында отырғанда қолында Мыржықтың баласы Ерназар болғанын Жанқожа да естиді. Кейін балуан атағы шықты. Бір-екі рет қазақ ауылдарында тойға келіп, күреске түскен. Жауырыны жерге тиген жері жоқ.

Сонда алакөз Ерназар Айдос бидің тұқымы болды ғой. Бәрі де іздеп шығады. Жанқожа арпаның тұқымынан бидай өнгенін көрмепті-ау...

Былтырдан бері бұл ауыл малын Үргеніштің базарына айда— тады... Қарақалпақ көтерілісінің бүге-шігесін батыр кейінірек есітті.

Алакөз Ерназардың Хиуа ханына алдырмайтын сыңайы бар екен. Қазақдария бойындағы бір түбекке мықтап бекініп, төрт-бес мыңдай қол жинайды. Сол кезде Хиуа ханы қарақалпақтарға қарақалпақты салып, алдап қолға түсіріпті...

Алакөз Ерназар Қолдаулы Қоңырат. Оған қарсы он төрт ру Кенегестің жас жігіті бала Ерназарды салған көрінеді.

Әуелі іш тартқансып, алакөз Ерназардың қолтығына кіреді. Хиуа ханы бекініп жатқан қарақалпақтардың бар құпиясын бала Ерназар арқылы біліп отырады...

Кейін қолбасының сеніміне кіріп алған соң, бала Ерназар қалың қолды Қоңыратқа аттануға үгіттейді. Онда төрт-бес жүздей ғана сыпай бар, бір сокқыдан қалмайды. Ал Қоңырат қолға түссе, екі арыс қарақалпақ түгел атқа қонады...

Алакөз Ерназар Шерғазыдан туған көп жаманның бірі — Зарлықты хан көтереді екен. Қайтсін, қарақалпақтар да қазақ сияқты қырық ру... Қай жерде ру-ру болып бөлінсе, ел де алтыбақан алауыз... Хан көтеру арқылы алауыз елді бір тудың астына жинағысы келген шығар...

Кенесарыны Әлім ішіне шақырғанда, Жанқожаның өзі де солай ойлады.

Хан әулеті — қазақ үшін айбат. Қаһарынан сескенеді...

Бекмырзаның ақылы қай сұлтаннан кем еді? Егізінің сыңары Жақайымға сөзін тыңдата алмай қор болды...

Қарақалпақтар Зарлықты хан көтереді.

Қоңырат қаласы алынса, Зарлық ханның абыройы асқалы тұр. Ерназар үшін бірдің абыройы - мыңның абыройы...

Ал Кенегестің қу баласы қарақалпақ қосынының қай жолмен жүретінін, кімнің қарауында қанша қол бара жатқанын Хиуа ханына алдын ала хабарлап қойған....

Қалың қолдың бір бөлігін батыр бекіністе қалдырыпты.

Екі мың қолмен Қоңыратқа аттанған Ерназар алакөз он бес шақырымдай шыққан жерде тосқауылға ұрынады.

Қайда жұртты сатқын билер құртады...

Қазалыға аттанатын жолы... Байсалбайдың ауызына қараған қалың Жақайым бұғып қалды. Орыстың тізесі батқан он шақты ауылдан бір жүз-ақ жігіт келіп еді..

Сол жолы Әйімбет те ұялғаннан төбе көрсетті. Әлі алты Кішкене енші алысқан жоқ. Асан бәрібір Жанқожаның туы астына жиналады... Әйімбет ертеңгі абыройын ойлап келді. Бірақ зеңбірек дауысын есіткен бойы туды жығып, алды-алдына қашқан... Итжемес айтып отыр. Басқа кісіден естісе, сенбес еді. Әйімбет туды әдейі жықты. Солай қалың қолға үрей шақырып, іріткі салғысы келген екен...

Кейде ашу қысқанда, Әйімбет ауылын шауып алатындай, Жанқожа жарылып кете жаздайды.

Бәрі әлгі Бура төреден шықты-ау. Хиуа ханын мақтап, ауызына келгенін оттайды...

Төре тұқымы азды ғой.

Былтыр Жанқожаның ауылына Серғазы сұлтан келді. Ол да Шерғазы тұқымы. Зарлықтың туған інісі еді.

Ағасының ынжықтығы түбіне жеткенін айтып отырды.

Сірә, оның да хандықтан дәмесі болса керек...

Қазір басынан бақыт құсы ұшқан. Күнкөрісі нашар екенін айтып шағынды. Кейін түсінді, Зарлықтың әруағын сатып, ауыл-ауылдан жылу жинап жүр екен...

Жанқожаның төбе құйқасы шымырлады. Серғазының қосарына ат жетектетті...

Бір аптадан кейін Серғазының Қазалыда жүрген хабары естілді. Орыс әкіміне барыпты...

Қалтасында орыс төресі берген жиырма бес сом күміс теңгесі бар, екі түйе тары алып, ауылына қайтқан көрінеді...

Әбілқайыр тұқымы ұрлық қылып күнелтеді, одан қалса, ел ақтап жылу жинауға шығады...

Заман азды... Сәмеке оны солай қорқытады. Ел орысқа бағынды. Малың мен жаның есепте... Оның бәрі бекер. Мал бұрын да есепте емес пе еді. Қазақ зекетті малының санына қарап, пітірді жанының санына қарай төлейтін еді. Есеппен қорқытатын ештеңесі жоқ. Баланы солдатқа алады екен десіп жүр. Естек пен Ноғай да солай болыпты. Одан толысы шайқалып, ел басына орнап жатқан ақырзаман көрінбейді. Қазақтың одан артық жері қайсы, тіпті сол ноғайдың бір бөлегі шоқынып кеткенін де есітті. Жанқожа құдайдың бірлігіне, құранның шындығына шәк келтірген жан емес. Шоқыну жайы еске түссе, жаны түршігеді. Бірақ оның да үрке қоятын ештеңесі жоқ екен. Құдай бар, ол шын пендесін өзі сақтайды. Ендеше, оған да тәуекел!

Елді тоздырып жүрген заман емес, азғындаған адам. Жанқожаның жас кезінде, масаты мен мауыты киетін қазақ шың тоғайда біреу еді. Ал қазір мауыты шапан, мақпал бешпентті екінің бірі киіп жүр. Тұрмыс, тіршілік, тұтыну бұйымдары да өзгерген, әлі де неше өзгереді. Жамандық онда емес, адамның пейілінде... қазіргінің биі қомағай тартты. Байшоқы мен Бекарыстан біреудің ақысын жеді деп ешкім айтпайтын еді. Бәле Раманқұлдан басталды. Байсалбай мен Әйімбет... Орыс салған салықтан былтыр талай малды басып қалғанын жұрт айтып жүр... Енді азбаған неміз қалды?

Жанқожаның ойы бір қазықтың айналасында шыр айналады.

Түйелер қаптай түсіп, ауылға қарай беттеп барады.

Ауылдың төбесі көрінді.

Есіктің алдында желіге төрт-бес ат байланып қалыпты.

Аттардың түсі бейтаныс... қонақтар ғой...

Батыр қонақ келсе қуанып қалады. Ішімен ақтарылып, шер тарқатысатын адам керек. Көк ешкіге қамшы салды...

* * *

— Әке, Бұқарбай батыр... — Итжемес әкесін аттан түсіріп алып жатып, қонақтың кім екенін айтып та үлгірді.

Табындардың жаз жайлауы бес-алты көштік жерде отыр еді. Жанқожа Бұқарбайдың бұл келісіне кәдіктеніп қалды.

Кенесары Бәтима қарындасының бұрымын кестіріп, қорлық беретін жолы шырылдап ара түскен Бұқарбай ғой... Оның жүзін сол сапарында алғашқы рет көрді.

Екінші рет кездескені осыдан он жыл бұрын...

Бір бөлек Тартуыл Табыннан Айдарқұл жылқы алып... ат үсті ұрыста Құрманайдан кісі елетін еді.

Кенесарының көшкен кезі. Хиуаның баспашылары күн құрғатпайды. Онсыз да Айдарқұлға ашулы жүрген Жанқожа құн сұрап баруға асыққан жоқ.

Әрі Табын ауылдары Қоқан хандығына қарайды. Жер аяғы қиян. Бір жағынан Сыр бойына орыс келіп орнады...

Әр жерде Табынның жақсылары кездесіп қалғанда, Жанқожа Құрманайдың өлімін еске алады. Құн төлеуге олар да құл. Бітім берік болу үшін Әлім мен Табынның төрт көзі түгел отыруы керек... Солай сиырқұйымшактанып кетті.

Тартулы — Бұқарбайдың туысы, оған Жанқожаның бүйрегі бұрады. Кенесарының ізіне еріп кеткен батыр оралғанда, Сыр бойына орыс келіп жатыр... Қасым әулетін орыс әкімшілігі жау көретінін біледі. Оның соңына ерген адамды да жақтыра қоймас. Жанқожа жығылғанға жұдырық салған кісідей болғысы келмеді..

Атақты Хиуа шапқыншылығынан бір жыл кейін кісі құны бітті. Қасында Сейілдің Байқадамы бар, Естекбайдың Бұқарбайы бар. Әлім жағынан Жанқожаның қасына Бекарыстан мен Бекмырза, Байшоқы ерді. Бір ердің құнымен бітісті.

Кісісі өлген Құрманай туысы ырза емес. Күні кешеге шейін Жанқожаны сырттай қажыртып жүрді.

— Батыр қартайды. Бұқарбайдан ығысып қалды...

Ағайынның бұл насағын Жанқожа да естиді. Сыр берген жоқ. Ел іші бүлгін, қазақтың жауы көбейіп кеткен заман.... Табындармен қырқысқысы келмеді. Әрі Бәтимаға ара түскен Бұқарбайды да сыйлайды.

Алатаудың мен қайттым аржағынан,

Қамалады жау дұшпан жан-жағымнан.

Тар жерде алып шыққан тура ажалдан,

Ақ Жәке, айналайын әруағыңнан...

Бұқарбайдың серілігі қалмайды. Құн дауы біткен соң, үйінен қонақасы берді. Сонда осы еленді айтып, Жанқожаның көзінен жас шығып еді.

Сөйткен Бұқарбайға бұрнағы жылы, Қазалыға аттанатын жолы, қатты көңілі қалды.

Сыр бойында Әлім қобалжып жатыр. Жанқожа Бұқарбай мен Байқадамға шапқыншы аттандырды. Ат шылбырын сұрайды.

Екеуі де қол жинап, қосылатынын айтыпты.

Бірақ, сөздерінде тұрмады. Байқадаммен сырлас емес, Бұқарбайға жан теңгермейтін еді. Қыр Шектісінен Есетті, Табыннан Бұқарбайды күтті. Екі інісі де төбе көрсеткен жоқ. Жанқожаны жерге қаратты.

Сол Бұқарбай өзі іздеп келіп отыр.

— Жәкемнің екі жылдан бері сырттап жүргенін есіттім, — дейді. — "Арымасын" айтқалы келдім...

Ауылда жан қалған жоқ, сегіз қанат үйдің аузы-мұрнынан шыққан. Жұрттың бәрі Бұқарбайдың ауызына қарайды.

Кенесары шапқыншылығы сөз болды. Марал ишанның ауылындағы ойран... Ханның сары Үйсінмен кетісетін себебі. Қырғыз Алатауындағы жорық... Бесігімен суға ағызылған балалар...

— Сойқан болды ғой. Хан ниеті қарайды. Наурызбайдың жүрген жерінен шу шығады. Ақыры антқа ұшырады...

— Адам бір бәлеге жолығарында солай болады...

Жанқожа терең ойлы, ақырын сөйлейді.

— Мені сыртымнан өлім жазасына кесіпті. — Бұқарбай әңгімесін әрі қарай жалғастырды. — Бопай деген қарындасы бар. Сөз содан ұшынды. Наурызбайды шақырып алып, өлтіруге бұйырады. Мені саятқа алып шығып, қамсыз отырған кезімді андып, шауып тастайды екен. Төрегелдінің Тақжаны айтты.

— Қай Төрегелді?

— Өзіміздің Қарасақал Төрегелдінің баласы. — Бұқарбайдың алдында домбыра, бетін қолымен басып отыр. — Бұрын жорыққа шыққанда Наурызбаймен бірге жүріп, бір төсекте құшақтасып жататын едік. Бәрі қалды. Жорытуылдан тиылдым. Жолға шықсам, қасымнан қырық жігітімді қалдырмаймын...

— Әрине, сақтық керек!

— Алатаудың бөктерінде Кене ханның қосыны алты мың адамға жетті. Қолдың ана шетінде — Наурызбай, мына шетінде — мен, — аңдысып жүремін. — Бұқарбай дауысын көтере түсті. — Бірақ қашанғы аңдысарсың. Бір күні қапы ұрғызатыны анық. Қаныма қарайдым. Қасымда қырық жігіт, Кенесары тіккен ақ ордаға ат маңдайын тіредім. Хан шарт кетті. Байқап тұрмын, аяйтын түрі жоқ. Айқайды салдым!

Аһ, ей!

Әй, Хан Кене, қыздырма менің тілімді,

Қаздырма маған түбіңді!

Сыртыңа салып түгіңді!

Бастама жаман ырымды,

Қара қазақ қозғалса,

Ауыздан жиып күлкіңді,

Айтқызбай тияр жырынды!

Сыртымнан өлім бұйырып,

Осынша неге бүліндің?

Қыз дегенді жау алар,

Өлтірмек түгел, сен менің,

Қисайта алмайсың қылымды!

Қолыңнан келсе істеп көр,

Жанқожа мен Сейілдің

Өзі-ақ алар құнымды!

— Пәу!

— Өзі де өлген шығар!

— Сөйтпесе Бұқарбай бола ма?!

Жұрт бір-бір дуылдасып басылды.

— Кенесары сылқ түсті. Өзі қырғыздың жерінде, қанды қырғын басталғалы тұр. Маған қол жұмсаса, қол бөлінеді. Содан қорықты-ау деймін. — Бұқарбай маңдайының терін сүртті. — Екі күн өткен. Наурызбайға тоңторыс күйім, маңына жоламаймын...

— Апыр-ай! — деді Жақай шыбыжықтап.

— Түн іші еді. Қол шетінде жатқам. Біреу дүсірлеп келе жатыр екен. Торы төбелдің тұяқ дүбірі, таныдым. Қолым найзада, қимыл жоқ. Наурызбай екен. "Ей, Бұқарбай! Саған Кенекем өлім жазасын кескелі қашан. Бәтиманы төркініне апарып салатын сен едің. Қызды жау да алады. Бопайдың қылмысына намыстансам, саған қол жұмсайтын болсам, жігіттігім қайсы?!" — деді.

— Ер екен-ау!

Итжемес пора-пора жылап отыр.

"... Ақ Жәке, айналайын әруағыңнан..."

Бұқарбай арасында өлеңдетіп кетеді.

Бұл түні бірі — қарт, бірі — жігіт ағасы екі батыр көз ілген жоқ. Жасы үлкені жасы кішіге мұңын шағады. Орысқа қарсы атқа қонғаны, елдің көңілін қимап еді. Бірақ жамандар екі талай жер кездескенде жауға тастап кетті...

Қазақ — күні құрыған халық қой. Хиуа келді, бұл оңдырмады. Қоқан алды, ол оңдырмады. Кәпір де болса олардан орыс мейірімді екен. Былтыр қазақтың аяқты малын сыпырып алғанын естіп, орыстан түңіліп еді. Биыл алым-салықты біржола тоқтатыпты... Батыр қуанып отыр.

— Әлім алауыз. Белсеніп шығып, елдің мұңын орысқа барып айтатын адам табылмады ғой. — Жанқожа күрсінді. — Асаннан жиналған малдың бір бөлегін Әйімбет басады. Жақайымда Байсалбай... Жақсыдан туған жаманды қартайғанда көрдік. Ана бір шоқынды тілмашқа қосылып алып, ел басына күн бір жауса, терек екі жауадының керін келтіріп жүрген де солар...

Оны Бұқарбай да растайды.

Ақмешіт қамалын орыс алғалы бес-ақ жыл. Сейілдің бұрынғы дәулеті де ортайған жоқ. Қазір Байқадам әкесінен оздырыпты. Әлгі ел әбісірең болып жатқан екі жылдың ішінде қара бұқараның қанын теспей сорғанын айтып отыр...

— Қандысор біздің ауылдың жаз жайлауы еді. — Бұқарбай да мұңын шақты. — Кенесарының соңында мен кеттім. Естекбайдың басқа туысында бас көтерер ешкім жоқ. Байқадам соны пайдаланып, Қандысорды жаз жайлауына айналдырады...

— Келдің ғой, енді сұрамайсың ба? — Қиянатқа шыдамай— тын Жанқожа басын жастықтан жұлып алды.

— Келген бетте Қоқанның жасауылдарынан бой тасалап жүрдім. Одан орыс тап болды. Саған келе алмағанда да, сол Байқадамның қабағын бақтым ғой. Кеше Кенесарының батыры болған Бұқарбай енді бүлікті бастады деп жүрер деп қорықтым... Онда орыс қыр ізіме түседі! — Бұқарбайдың шын сыры еді. — Қазір орыстың алдынан өттім. Шекпен жауып, шен тақты. Ол да Жәкемнің арқасы. Орыс Жанқожаға қосылмаған қазақтың бәрін жарылқап жатыр...

— Оған да тәубе... — Жанқожа күрсінді.

— Былтырдан бері екі-үш жерде тосып, Байқадамнан жаз жайлауым Қандысорды сұрадым. Сырғытып жүр. — Бұқарбай қатуланды. — Қашанғы сырғытар дейсің, көрерміз...

Бұл кезде таң білініп қалған. Жанқожа дәрет алудың қамына кірісті.

* * *

Жанқожа тірі. Тіпті ел ішінің дау-шарына араласатын көрінеді... Биыл Қызылда екі-үш жерде барымтаның хабары шығып, ел дүрлігіп еді. Жанқожа араласып, дауласқан екі жақты бітімге келтіріпті...

Жанқожа тоқсандағы шал. Төрінен көрі жуық... Оны бәрі де біліп отыр. Тіпті оны сол көрге тезірек кіргізгенше асығып жүргендер де бар...

Күндейді дейтін, — тоқсандағы шал, абырой алғанда қанша жерге ұзайды... Кейбіреулер одан құтыла алмай жүрсе, оның мәні тереңде жатыр...

Бұл күндері қазақ арасында батырлықтың жаңа бір түрі шыққан. Бұрынғы батырлар жауды алыстан іздейді екен. Немесе ел намысын қорғайды... Ел үстіне жау келсе, ең алдымен атқа қонатын да батырлар еді...

Одан кейін батырлықтың жаңа бір түрі — барымташылар қаптады. Көрші ауылдан жылқы алады... Ол әлі де кездеседі.

Біздің сөз қылғалы отырған батырларымыз — оның ең жаңа түрі. Бұлар — ұрылар. Бейқам отырған ауыл көрсе, ұрының құдайы береді. Мал алғанда ымы-жымын білдірмейді...

Жанқожаны көре алмайтындар да осылардың ішінен шығады. Өйткені дүниеде ашылмай кететін қылмыс жоқ... Ұсталмай кеткен ұры да сирек... Ұрысын таңбалап тапқан жұрт есесін іздегенде Жанқожаға барады...

Ал Жанқожа қылмыстыны тыпыр еткізбейді.

Дабыл батыр, қартайғанда құдай атып, түрікпеннен жылқы алады екен. Жанқожаның атын ол жақта да білетін болса керек. Түрікпен Қарақұмын жайлайтын Шәудірлер Жанқожаға келіп шағыныпты. Батыр Дабылға дәлел айтқызған жоқ, түрікпеннің жылқысын қайтартады...

Енді қиқар шалдың тіршілігін тілеп кер!

Бура төре соңғы жылдары барымтаның ізіне түскен. Хандық дәуірі қайта оралмасына көзі жетті. Қоқанға барды — бүлдірді. Өзін қолға түсіре алмаған Ташкент құшбегісі қатын— баласын тұтқындап қалған. Араға Әбілқайырдың әруағын салып, азар алдамен құтқарып алды...

Одан орыстың сауда керуендерінің жолын тосатынды шығарды. Әбілқайыр тұқымының кез келгенін сұрасаң, сұлтан правитель бір-бір елді билеп отыр. Бураға тастаған толарсақ бұйырмай қойды. Тапқан екен мондыбасты! Бура орыстан кек қайтаруды ойлағанда, керуен тонайды...

Қазір Сыр бойында қаптаған орыс бекінісі, кез келген төбенің астында орыс мылтығы қылтияды.

Бура төре ығыса-ығыса Қызылдан шықты.

Бұл Кіші жүзде Әбілқайыр әулетінің кеткен кегі бар ма? Нұралыны қаңғыртып, Есім ханды бауыздап өлтірген де солар... Қызылда Кіші жүз ауылдары... Шауып алсаң мал көп...

Бірақ Жанқожа...

Былтыр көктемде сәлем бере барғанда, батырдың назарын байқағысы келген. Хиуа ханы... Көмекке келетін қалың қол... оның бәрі Елкей сұлтаннан есіткен ұзынқұлағы еді. Жаңадария бойында екі жүз елу сыпай төбе көрсеткені рас. Бірақ орыс қамалымен жұмысы жоқ. Жақын маңайдағы қазақ ауылдарын қорқытып-үркітіп, зекет жинайды. Бәрі де алдынғы жылы Жанқожаға еріп, Қазалыға шауып қылмысты болған ауылдар...

Орысқа барып паналайтын бет жоқ. Енді Хиуа ханы Сейіт Мұхаммедке зекет төлемей көрсін!

Ол шындықты ақылға салып ойлағандай, Бура төре терең ақылдың иесі емес.

Жанқожа аттан салса, алты Әлімді тік көтеретінін біледі. Сол кезде күріш арасындағы күрмек болып, Бура төре де қосылады...

Батырдан беті қайтты.

Жанқожа жауға шаппақ түгіл, өзін жақтырмай қарсы алды. Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды, Бура бала емес, басқаны танымаса да, қабақты жақсы бағады.

Алжыған шалдың неге жактырмайтынын да сезіп отыр. Қызылға келген соң да қарап отырмай, біреулермен талтақтасып қалғаны бар... Біреулерден мал ұрлатты...

Соны есіткен Жанқожа, әрине, жақтырмайды.

— Құдай өзін алмайды екен!

Биыл күз Елкей сұлтанның үйінде отырып, Бура осы сөзді айтады екен.

Елкей сұлтан қазақ салтына алғыр. Ана жылы Сыр бойына орыс келіп жатқанда, Жанғазының қасынан табылды. Екеулеп жүріп, Хиуа ханының қолтығына су бүркеді... Қалың қолмен шығып-ақ еді. Талай ауылды ойрандады...

Ақыры не керек, абройсыз іс болды...

Елкейдің Қарақұмға қарай жылжып қонғанына алты-жеті жыл. Қазалы бекінісі міз бағатын түрі жоқ. Орыс жанаралы Ақмешітке қарай аттанғалы жатқанын есіткен. Алдынан шықты.

Орыстармен қазір де жақсы. Әлім-Шөмен мен Табын арасындағы дау-жанжалға араласа жүреді.

Қазақ ортасында Жанқожа әр жерде алдынан тосып жүр.

Бураның сөзі қамшы болды.

Осы Жанқожаны орыстар неге іздемей жатыр? Боқан тауы Қазалыдан салт атты жолаушыға төрт-ақ күндік жол. Елу-алпыс солдатты атқа қондырса, алады да келеді...

Елкей атқа қонды...

Қазалыда оның танитыны Булатов. Жолы түссе, оның кеңсесіне бас сұға кетеді...

Бұл жолы да тікесінен Булатовқа кірді.

Орыс төресінің алды бос емес, біреу кіреді, біреу шығады. Елкей сұлтан ықты-жарды тыңдап жатқан жоқ, есіктен омыраулап кірді.

Төренің салқын сәлемдескенін де елеген жоқ.

Орыстар бірі кіріп, бірі шығып, алдын босатпады.

Ақыры, жұрт тарқады-ау. Жер жұтқандай жым-жылас, жалғыз тілмаш ноғай қалған. Елкейдің қызмет адамы түскі тамаққа асығатынымен шаруасы жоқ. Булатов қабақ шытады. Ауыл амандығын әзер сұрады...

— Тақсыр, Жанқожа...

— Жанқожаға не болыпты? — Төре елең етті.

— Әлі тірі жүр! Боқан тауы бір төбенің астында, тиіп тұр. Қырық-елу солдат жіберсең, күні ертең қол-аяғын байлап алып келер еді. Мен өзім бастап барам!

Булатов оның жүзіне тесіле қарап, сәл отырды. Қазақ қандай қатал... Қастандық жасарда қандай қылмыстан да тартынбайды. Құдай біледі, Жанқожа осы Елкей сұлтанның жылқысын қуған жоқ, ауылын да шапқан жоқ... Онда орыстардан көмек сұрап жатпай-ақ, саудасын бітірер еді...

Отырып-отырып тіл қатты.

— Жанқожа неше жасқа шықты?

— Тоқсанға келген шығар... — Орыс төресінің оны неге сұрағанын білмейді, Елкей дағдарып қалды. — Әлде сексен бесте ме екен?..

— Орыс солдаттарының сексен бестегі алжыған шалмен әуреленіп жүруге уақыты жоқ! Тоқсанға келсе, қартайыпты ғой, Жанқожаның өзі-ақ өледі...

— Ау, ау!..

Булатов есіктен шығып бара жатыр еді. Елкейдің дауысын естіп тұрып қайырылған жоқ. Ноғай тілмаш төренің айтқан сөзін қазақшаға аударып тұр. Көзі ежірейген Елкейге қарап, күліп жіберді.

"Жанқожаның қартайып өзі-ақ өлер..."

Булатовтың Елкейге айтқан осы сөзі сол күні-ақ ауыл-ауылға тарап кетті.

* * *

Тағы да бір қыс өтті.

Мамыр айы туып, күншуақ көктем басталды.

Батыр бұл күндері үйден сирек шығатын. Сексен жеті жас, адам баласы үшін аз ғұмыр емес, қарттық еңсеге мінген-ақ сияқты. Оны шал үзеңгіге аяқ салған кезде білді. Екі ұмтылып, ер үстіне әзер шығып еді.

Атқа мінген соң ақ сұңқар түлеп шыға келгендей. Бірақ бір бауыр жер жорытқан жоқ, белі ауырып, қара саны сыздай бастады. Бір-екі рет ішегі түйіліп қалғандай белгі беріп, әзер босатты. Бетіндегі әжімдері жиілеп, қабағына кірбің түскен. Тарамыс қолдың сыртындағы қан тамырлары адырайып көрініп тұр. Өзі қу сүйегі мен күр терісі ғана қалған екен-ау... Айхай, жастық... AT үстінде екі күн, екі түн жорытқанда басы ауырып, балтыры сыздауды білмейтін жігіт кезі... Бір бауыр жерге шыдамай, сыр беріп келе жатқаны мынау...

Бүркіт қартайса тышқаншы... Қазір оны Созақты бұзып алған Жанқожа десе кім нанғандай. Алты Әлімге төрелік айтқан батыр бұл күнде тентек шал атанды. Шынымен-ақ адам қартайған соң қазымыр тартып кететін болғаны ма? Жоқ, жоқ, жоқ! Бұрын ауылдағы балалар Жанқожаның айтқанын екі етпейтін еді, қазір жүре тыңдайтын болды. Бірдеңені жасырып пыш-пыш сөйлесіп жүргендері.. Жанқожаның соған жыны келеді ғой. Жақай інісі сияқты қу жақтар алдынан шығып, сөзден қақпақшы. Оған Жанқожа тірі жүріп көне қоймас!

Тоқсан... Тоқсан деген тор екен... Бұқар жырау... жарықтық ол да тоқсанға келген-ау. Ал Жанқожаның тоқсанға үш жылы қалды. Әзір өзін торға түскен торғайдай сезінбейді. Бірақ... қарап тұрса, қатарында бастас азаматтан ешкім қалып жарымапты-ау. Жылқаман батыр, Ақтан нағашысы... Тоқсанды көрмей өлген, мынау аумалы-төкпелі заманнан ертерек кеткен, ол екеуі бақытты екен. Бір кездегі сыйлас адамдары көз алдынан өтіп жатыр, етіп жатыр. Сегіз сері, Бекарыстан би... Соларды еске алғанда кәрі көкірегі сыздай түседі.

Көз алдында кіреуке, бұлдыратқан көз жасы екен. Өзі жапандағы жалғыз бейітке ұқсайтындай. Жақаймен кіжіңдесіп, Жауқашарға жекіріп, Айдарқұлмен алысып... Бұл дозақты көрсеткенше, тәңір аманат жанын алып, бақи сапарына аттанғаны көп артық еді. Бір кезде Бәйділдамен көз алартысып, Бекбауылға кейіп жүрді-ау. Мына жамандар ол екеуінің садағасы кетсе болмай ма?

Жанқожаның іші қан жылайды.

Әлде баладан да, жанындағы ініден де, жанашыр жақыннан да безіп, жалғыз үй қаңғып кетсе ме екен... Ең болмаса, әлгідей қорлықты көрмес еді. Қартайған кезде, қажыған кезде адамға жан тыныштығы қымбат. Баяғы жалғыз ауыл, қалың Төртқараның шетінде отырған кезі... Хиуаның қуғынын көріп, Мұғалжар асты. Сонда Жанқожаның түгі қураған жоқ. Әлі де көштен қалып, аштан өлмейді. Итжемесі де құрысын! Баста Салақ та ит те жемейтін жаман болатынын тауып қойған екен. Салақ... Қазір сол Сапақ қайнағасы да жоқ...

Әлі де ойлап келе жатыр еді. Е, әлгі жалғыз үй безіп кетсем бе екен дегеннен шығады-ау. Жұмабай он үшке шықты. Балым қырық бірінде бала көтеріп, ақ сазандай ұл туып берді. Кенжесіне батыр жан теңгермейді. Жұмабай бала болса да, әр нәрсені байымдай жүреді. Түбі жаман болмас... Жұмабайы бар... Қасына жиені Шағырайды алады. Жеті жасында әкесінен де, шешесінен де айрылып, Жанқожаның қолына келіп еді... Одан бері де он жыл өтіпті. Шағырай туған баласындай болып кеткен... Екі қатынын ерітеді. Соны ойлағанда, көңілі бұзылды. Жанқожа Итжеместі қажырта бастаса, Айбарша кейіп қалатын. Қазір ол да кемпір... Алпыс жастан аспай жатып қартайып бітті. Қайтсін байғұс... Қанша қуғын-сүргін... Соның бәрін Жанқожамен бірге көріп келе жатыр. Ешкі қырыққан сайын бір өледі... Қайғы мен бейнетке әйел байғұс шепік қой...

Шал ой тереңіне сүңгіп бара жатыр еді.

Алдыңғы жақта ауылының түйелері көрінді. Құба дөңнің баурайында шашырай жайылып жүр.

Бүгін күндіз Естекбайдың кезегі еді. Баяғы жалқаулығы қалмайды. Бір қиянға айдап тастап, кетіп қалғаны ғой...

Естекбай анадай жерде бір шоқаттың бауырында шуақтап жатыр екен. Ағасын көріп, ербиіп тұрды.

— Жәке, қайда шықтың?

— Қарасақалдарға барамын. Әлгі Пірәлі сұлтан хабар айтыпты ғой. Дабыл тағы да түрікпендерден жылқы алған ба? — Жанқожа қабағын шытты.

— Осы Дабылдың жасы да жетпістің үстінде. Елді былтыр да шулатып еді. Онда да түрікпендер... — Естекбай кейістік біл— дірді. — Түрікпенде әкесінің кұны бардай, онысы несі? Түбі осы басын жұтады...

Төртқарадан жылқы қуып, кісі өлтіретін Естекбай... енді ақыл айтып тұрған түрін қарасайшы. Жанқожа Естекбайдың бетіне қарап тұрып күрсінді. Осы неме менен мүшелі жас кіші. Содан келе, бет-ауызы әжімнен көрінбейді. Имиген қара шал болыпты да қалыпты...

Сол ойын енді есіттіріп айтып тұр.

— Ойбай, Жәке-ау, сіздің сүйегіңіз болат қой. Жауқашар екеуімізден не күтесің.

— Жауқашар сендей емес, әлі лыпып тұр. Мінсе, ат көтере алмайды...

— Ау, қанша айтқанмен екі жас кіші емес пе?

— Екі жасты да сөз қылып тұрғаның...

— Онда уайым жоқ қой. Жылқы күзетіне шыққан балалар айтып жүр, Жауқашар бір төбенің баурайында ұйықтап қалады екен. Содан жылқы ауылға құлайтын кез жеткенде, әзер оятып алатын көрінеді.

— Ұйқыдан жетісер болса, жаңа сен де ұйықтап жатыр едің ғой. — Жанқожа мырс-мырс күлді.

— Жалғыз адам жалығады. Қисайсам, күншуақта қалғып кетіппен. Көкешкінің дүсірі ұйқымды шайдай ашты.

— Осы күні ұры-қары көп. Жалғыз жүрсің, жазым қылып кетер. — Жанқожа ақыл айтты. — Адам қартайғанда, алдымен ұйқысы қашатын сияқты еді. Жауқашар екеуің қабақтарыңды аша алмай-ақ қойдыңдар ғой, — деді әзілдеп. — Қой, мылжыңдасып тұрып қалдым. Қарасақалдардың ауылы біраз жер, мен кетейін!

— Жалғыз шыққаның не? Жақайды ерітпедің бе?

— Жақайың құрысын. Байқадамның ауылына кетіпті...

— Байқадам бері қарай көшіп шыққан ба?

— Мында келіп не бітіреді? Жылдағы жайлауы шығар...

— Салт атқа екі күндік жол...

— Жақай бір ауылға қонады, бір ауылға түстенеді. Оған ермек керек. Бір айда оралады ғой...

Жанқожа көк ешкіні сыйпай қамшылап кете берді.

— Жолың болсын, Жәке!

— Рахмет...

Шоқыта тартқан ағасына қарап тұрып, Естекбай күрсінді. Жәкем де қартайды... тоқсан жас... оңай ма?..

Естекбаймен мылжыңдасқаны жақсы болды. Шал ойдан серпіліп қалған. Көкешкінің де жүрісі ширады.

Дабылдың ауылына жеткенде, күн екінді еді.

Жанқожа осы сапарында бес күн іркілді.

Дабылды ертіп Пірәлінің ауылына барды.

Қарасақалдың батыры түрікпеннен жылқы алғаны бекер болып шықты. Дабыл биыл үйден аттап шықпағанына ант-су ішіп отыр.

— Түрікпеннен жылқы алынса, Дабылды табасыңдар. Менің де жасым жетпістің үстінде, ізіңді қуып келе жатырмын. Енді барымтаға шықсам, төбемнің шұқырын көрейін. — Дабыл ашу шақырды. — Осы жылқыны алдырып отырған Елкей сұлтан. Барымташы жігіттер ұстайды. Түрікпеннен жылқы алып, Бура төреге асырып жатыр...

— Ол Сарысуда отыр. — Пірәлі сұлтан бурыл сақалын бір сипап қойды. — Болар, болар. Елкейдің Бура төремен сыбайлас екеніне мен де сенемін. Былтыр Сарысудың сыртындағы Қыпшақтардың жылқы алдырғанын есіткенмін. Сол тұста Елкей сұлтан Үргеніштің базарына жылқыны толтырып жіберіпті. Ылғи торы қасқалар дейді. Біреулер Қыпшақ таңба— сын байқайды екен...

— Төре тұқымы енді ұрлыққа шықтыңдар ғой...

— Мынау бұзылған заман адамдарды да аздырды емес пе, Жәке. — Пірәлі шынымен күйзеліп айтты. — Ендігі қазақтан Жанқожа тумайды. Сондай-ақ сұлтан тұқымынан да Әбілқайыр мен Арынғазы шыға қоймас...

Жанқожа түрікпендерге Пірәлі сұлтан бастаған төрт кісі жіберді.

— Дабылдың аман екенін айт. Бірақ көзіміз көрмеген жұмысқа Елкейді күйдіргеніміз де ұят болар. Егер оның Бура төремен сыбайлас екені рас болса, Шәудірдің жылқысы Сарысу бойында. Сонда сілте. Қазақтың ұзын құлағы бар емес пе? Сондай бір сыбыс есіткеніңді айтарсың...

Бес күнге созылған осы сапардан кейін, көңілі тетік, қайтар жолында ат үстінде жеңіл отырды.

Жанқожаны әлі де халық сыйлайды екен. Қарасақал ауылы да, Шөмекейлер де төбесінен тік тұрып күтті.

Талайдан бері көрмеген үзеңгілестерімен жүздесті. Сол жақта Төремұрат інісі жүр екен. Жыр тыңдап, бір жасап қалған.

Төремұрат туар айдың басында Жанқожаның ауылына келетін болып уәдесін берді. Бұл ауылға жырау келіп, бала-шаға жыр тыңдамағалы не заман. Бір бүйірінде сол тілегі бар, Төремұратты өзі шақырды.

Қатын-бала бір қуанатын болды...

Кәпір, еркек алыс сапардан оралғанда, бала-шаға үркіп, кірпідей жиырылып отырмасын да... Жол жүріп келген бетінде, ауылды бидайықтай қуыратын Бекбауылдың жаман мінезін көрген сайын, Жанқожа үйде отырып күйіп-пісетін. Қазір ауылға жеткенше асығып келе жатыр.

* * *

Сол күні Табын ішіне жолаушылап кеткен сапарынан Жақай да оралып отыр еді.

Бірақ оз үйіне түскен жоқ. Бір қырдың астында отырған Айдарқұл ауылына барған.

Содан соң-ақ сүргін басталды.

Ең алдымен Жауқашар "жолаушылап" кетті. Жақын жерде Қарасақал ауылы, онда Жауқашардың тамыр-сүгірей адамы бар... Бой жазып қайтады.

Кешке жақын Итжемес атқа қонды.

— Қайда барасың, ей?

Он торт жасар Жұмабай ағасының шаужайынан алып жүр.

— Үйде қамалып қашанғы отырамыз. Айдарқұл ағамның ауылына барамын...

— Мен де барам!

— Кешкісін түйе қайтарарсың! Аулақ!

Итжемес шоқытып ала жөнелді.

Жұмабай қасарған жерінен қан алады. Бұл ауылда өзімен жасы құрбы бала да жоқ. Іші пысып жүр еді. Үйездеп тұрған жылқылардың ішінен көк бестіні тандап ұстап, Айдарқұл ауылына қарай тартып отырды.

Құрманайлар қозы көш жерде отыр. Ымырт үйірілген кезде жетіп барды.

Айдарқұлдың үйінде жиырма шақты жігіт жиналыпты. Бәрі де Кұрманай-Құттыққа қарайтын ауылдың адамдары. Ортасын— да Жақай, есіп сөйлеп отыр.

Жұмабайды көргенде, бәрінің де ажары өзгерді. Әлде не жайлы астарлап сөйлеседі.

Жігіттердің алдына астау толы ет келді. Жақайдың қолында қойдың басы, ауызы еттен босамайды.

— Түн ортасы болды. Енді атқа қонайық.

Айдарқұл көтерілгенде, жұрт ере түрегелді.

Үйден Жұмабай да шықты. Бала көңіл, әр нәрсеге әуес, жігіттер қайда барса да, оның қалатын түрі жоқ.

— Әй, сен қайда барасың?

Оны алғаш аңғарған Итжемес еді.

— Барам...

Итжемес ашуланып келе жатыр еді, Айдарқұл басу айтты.

— Қайтесің сол шу шығарып... Бұл қарап жүре ме, бала неме көрген-білгенін ауылға айтып барады. Одан да қасымызда жүргені артық...

— Жүр онда! Осыдан ұйықтап қалсаң... — Итжемес оны қадап алды. — Далада тастап кетем!

Айдарқұл бастаған жігіттер түнімен жорытты.

Таң атып, күн шықты. Түс қайта бір құдыққа жеткен. Айдарқұл сол жерде ат басын ірікті.

— Осы арада ат шалдырып, демалайық. Қандысор алдымызда жиырма-отыз шақырымнан артық емес. Намаздыгерде атқа қонсақ, ай туа сап етеміз!

...Жақай Табын ауылына тегін кеткен жоқ-ты. Байқадам құпия шақыртатын еді.

Тартулы Табын Шектінің кісісін өлтірді. Бұқарбай бір ердің құнын төлеп, оп-оңай құтылып отыр... Байқадам соған өкінетінін айтып отыр.

Кенесарының соңына еріп, бейбіт елді бөріктірген аш бөрі құлағын тағы тікірейтті. Байқадамнан Қандысорды даулап жүр. Сейілдің баласы туысы Бұқарбайға неге тісін басып отырғанын жасырған жоқ.

— Жайлауға қарай беттеп келе жатырмыз. Үш күн болды, Бұқарбайдың көші қыр ізімде, бір көш жер кейін жүреді де отырады. — Байқадам қатуланды. — Қандысорға бұрын жеткеніммен, биыл онда шаңырақ көтергім келмей отыр. Әрі қарай өтіп кетіп, Қорғантүзге қонам!

— Итпен ит болып неге керек... — дегенсіді Жақай.

— Өзім де соны ойлап отырмын. — Байқадам енді төтесінен тартты. — Үш күннен кейін Қандысорда Бұқарбай ауылы отырады. Жігіттеріңді жина. Естекбайдың баласы байыды. Кенесарының табағаның түбін жалаған неме ғой. Көп жылқыны, Шекті сендерге қидым! Қуып алыңдар. Білмесе — Хиуаға сырғытасыңдар. Біліп қалса — барымта. Ертең дау көтерілгенде, Сейілдің Байқадамы, Шекті, сенің қасыңнан табылады!

Бұқарбайдың аты қаһарлы. Бірақ, оны өз туысы, Сейілдің Байқадамы тастап кететін болса, азғантай Тартулы, бұлқынғанда қайда барады. Әрі жылқы барымталап отырған кез келген қаймана қазақтың бірі емес, Жанқожа ауылының жігіттері екен. "Айналайын, ақ Жәке, әруағыңнан" деп жүрген Бұқарбай емес пе?.. Жанқожа ауылына аяғын аңдып-аңдып басатын шығар...

Жақай-бақай есептің адамы. Ақылға салып өлшестіруге шорқақ. Байқадамның сөзі еліктірді.

Төрт көштік жердегі Табын ауылынан бір күн, бір түн жүріп жетіп отыр. Ақ танау аттың бауыры ақ көбік еді.

Кісісі өлетін де, оған бір құн алып көңілі бітпей жүрген де Құраманай туысы. Бұл қылмыс Айдарқұлдың қолымен жасалуы керек. Ат басын да сонда бұрды.

Бұрын Құрманай қысылғанда, Ақиректің астына тары себетін еді. Үш жылдан бері одан да айрылды. Қара қасқа кедей Айдарқұл Қызылда көшіп жүр.

Басқа қазақ қайратын бойына сыйғыза алмас, барымтаға аттанады. Одан қалса, жалғыз жорытып мал ұрлайды. Құрманай-Құттық жігітсіз отырған жоқ. Жасы алпысқа шыққанмен, Айдарқұл жортуылға жарайды. Бірақ, ауылының желкесінде құбыжық... оның аты — Жанқожа... Бір нәрсеңді сезсе, басыңа бәле салады. Жауласқан жақтың бір малын екеу қылып өндіртіп береді...

Ал Құрманай өлсе, оның кұны бір мың қой...

Даладағы Байқадам өкініп жүр. Жанқожа ылғи жақын қарақтайды. Осы шалдың кесірінен әр жерде еселері кетіп жүр...

Айдарқұл сол кеткен есені қайтарғалы барады...

Жұмабай әлі ештеңені түсініп жарытқан жоқ-ты.

— Әй, боқмұрын! — деді Айдарқұл, өзі отқа жылқының сүр етін көміп жатыр. — Біз Бұқарбайдың жылқысын қуғалы барамыз!

— Бұқарбай! — Жұмабайдың жаны ышқынды. Көз алдында Бұқарбай, домбыраны алдына кесе салып отырған бір кезі елестеп кетті. Шоқалақтай ірі, әр саусағы жас баланың білегіндей еді. — Бұқарбай саған қудырады жылқысын!

— Өй, жаман неме! Балымнан туып, қайдан оңайын деп едің!? Жәкеме ұқсасаң, жау қайдасың деп тұрар едің? — Айдарқұл біраз қыжыртып алды. — Ертең қалың жылқыны қуып, ауылдан құлаймыз. Бірақ, Жәкем білсе, бәлеге шатылдым дей бер. Саған айтайын дегенім "ауызыңа берік бол". Қайдан келгеніңді сұраса, Дәуітбай ауылындағы шілдехананы айт. Дымың ішінде болсын!

Жұмабайдың жүрегі алабұртады. Бұлар әкесінен жасырып жүр екен-ау... Енді өтірік айтып барады... "айналайын, ақ Жәке, әруағыңнан..." Әкесі — Бұқарбайдың досы... Сонда мыналардың әке досын жайлайтыны қалай? Бұқарбайдан жылқы алады...

Бала ақылы түкпірлер ойластыруға шорқақ. Ақыры көңіліндегі түйткілді шеше алмай қойды.

Намаздыгердің шамасында атқа қонған жігіттер, ымырт үйірілгенше жорытты.

Ай туды.

— Әне, жылқы!

Итжеместің көзі қараңғыда қателеспейді. Тепсеңде жатқан көп жылқыны қиядан шалды.

Ал, жігіттер, қапы соқты деген — осы! — Айдарқұл алға шыға берді. — Бірақ, жылқыға тиетін жерде дыбыс шығарушы болмаңдар. Қандысор алты-жеті шақырымдай ғана жер. Қолдан келсе, ауылға тіл жібермейік. Біз Итжемеске екеуіміз жиырма жігітпен жылқышыларды айналдырамыз. Жауқашар, сен жылқыларды қу!

Қалың жау өкпе тұсынан сап еткенде, түн ортасы жақындап, қалғып-мүлгіп жүрген жылқышылар сасып қалған. Сойыл сарт-сүрт қақтығысып өткенде, бес-алты аттың арқасы босап шыға келді.

— Аттан, аттан!

Әлде де бес-алты жерден аттандаған дауыс шығады. Жылқы күзетінде он-он бес адам, күтініп отырған ауылдың түрі. Жортуылшылар енді дыбысты қуалады.

Бір жылқышы ауылға қарай безіп барады екен.

Айдарқұлдың астында шабдар айғыр, аяқты жылқы еді. Ал ананың мінгені қас тұлпардың өзі... Әрі-беріден соң қарасын көрсетпей кетті.

Айдарқұл ат басын кейін бұрды.

Жылқы жоқ, жігіттер де қара үздіріп жоғалыпты. Арт жағынан "аттандаған" дауыс жарқын-жарқын естіледі. Жүрегі дір етті. Жалғыз жүріп, Бұқарбаймен кездесіп қалса, аман бол! Айдарқұл шабдар айғырға қамшы басты.

Жігіттерге қосылғанда, таң ағарып қалған.

— Менің атым болдырды. Ауыстырып мінейін. Итжемес бес жігіт алып, жылқыны қуаласын. Жауқашар, қасымда қал. Қалғанымыз қуғыншыларды тосып, қаша ұрыс саламыз.

Жұмабай Жауқашардан айрылмайды. Ат үсті көріп тұрғаны — осы. Ондай қызықтан құр қалу қиын еді.

Бұлар қуып келе жатқандары Байқадам ауылының жылқысы екенін білген жоқ. Әлі Бұқарбайдан қорқып жүр.

Қуғыншылар үздік-создық жетті. Жекпе-жек кездесіп қалып, сатыр-сұтыр сойыл салысады. Құрманай-Құттық әзір аман келе жатыр.

Бірте-бірте қуғыншылардың тобы қалыңдады. Қырық-елудей жігіт еді. Бір сойылға екеу-үшеуден келіп, Құрманай-Құттықтың қимылы жасқаншақ тартты.

Сойылға мойымайтын Жауқашар мен Айдарқұл ғана. Алып денелі Жауқашарды ат алып жүруі қиын. Қосарында сал торы еді. Бір сатыр-сұтырдан кейін, ат ауыстырып мінді.

Сол екі арада қуғыншылар да қамап қалған екен. Жігіттер басы шашырап кеткен. Қасында Жұмабай, айналақтап шыға алмай жүргенін көрді. Бір сойыл қате тисе, қаңбақтай ұшырады ғой... Жұмабайдан айрылып барып, Жәкемнің жүзін көру қиын болар. Жауқашар ақырды.

— Тез жоғал! Жылқыны қуып жет!

Жұмабай ықылассыздау қимылдайды. Артында қалып бара жатқан ат үсті шайқасқа қарай-қарай бара жатыр. Бір Табын Жауқашардың сойылынан ұшып түсті. Жәкең жарайды. Ол қуанышын басқанша болған жоқ, Жауқашардың айналасында бес-алты топырласып қалған. Сойыл жауып кетті.

Сал торының арқасы бос, ойнақтап шыға келді.

— Жәкемді өлтірді! — Жұмабай шыр етті.

Бірақ оның дауысын есіткен жан жоқ— Айдарқұл қашып бара жатыр еді. Артына бұрыла алмады.

Жұмабайдың көзінен жас ыршыды.

Атының басын тежей түсіп, қуғыншылармен қапталдаса шауып келеді. Жіңішке қасының екі ұшы түйісіп қалып, тәмпақ мұрнының үсті жіпсіді. Бірақ көз жасы тиылған, жанарында үрей байқалмайды. Ал жас баланы Табындар ескерген жоқ.

Кек... Жәкемнің кегін алуым керек!..

Соны ойлағанда тас құлақ мылтық есіне түсті.

Тас құлақты ылғи биязы шекпеннің ішінде, қойнында сақтайтын еді. Қолына алды.

Екі көзі қуғыншыларда. Жауқашардың кегіне татитындай адам іздестірді. Мына біреу... тоқпақ жалды торы айғырдың үстінде үйдей болып отыр. Дөңгелек сақалды, қызыл шырайлы кісі. Жасы да Жауқашар құрбылас сияқты. Мауыты шекпеннің екі етегі жайылып кеткен, шоқырақтай шабады.

Бұқарбай емес... бірақ, одан кем де емес...

Жұмабай көк бестінің жалы астында тас құлақ мылтықты тасалап ұстап келе жатқан. Көтеріп алып көздей берді. Оң қолында мылтық, сол білегінің үстіне салып, көзін қысты.

Тарс еткен мылтық дауыс, cap даланы селк еткізгендей. Байқадам кеудесін басып құлай берді.

— Ойбай, Байқадам!

— Атып кетті!

— Қуыңдар ана баланы!

Қуарсыңдар! Жұмабай тақымын қысып қалды. Еті қызып алған көк бесті киіктей орғып тарта берді.

Табындар Байқадамның қасында ошарылып қалған. Қуа түскен бес-алты жігіт жолдан қайтты. Баланың қолында мылтық бар... Тағы біреуін тарс еткізіп жүрсе...

Байқадамның торы алалары топ-тобымен қалып барады. Үрейі ұшқан Құрманай-Құттықтың артына қайырылар дәрмені жоқ. Қашып бара жатыр..

Арттарынан Жұмабай да жетті.

* * *

Айдаркүл ауылында тал түсте шу шықты. Табындардың қолынан екі Құрманай жігіт шейіт болған. Қатындары бетін алды да салды.

Талтүсте Жанқожа ауылында шу шықты. Жұмабай Жауқашардың қалай өлгенін айтып отыр...

Басқа Өтеген-Нұрымбет Жанқожадан қорқады. Еркек кіндіктен бір жан жоқ, ауылдан безіп кетіпті.

Жанқожа шырт ұйқыда жатыр еді. Ауылдағы еркек кіндік "Дәуітбайдың үйіндегі шілдеханаға кеткелі" екі күн өтті... Түнде жылқы күзетінен қайтқан...

Таң алдында қалжырап келді.

Қатындардың ой бауырын кескен дауысынан шошып оянды. Ошақтың басында Жұмабай жылап отыр.

Есіктен кіріп келе жатқан Жақайды көрді.

— Мынау не, Жақай?!

— Ойбай, Жәке, түсінсем бұйырмасын! Бастап жүрген әлгі деліқұл Айдарқұл дейді. Көздеріне қара ұрынып, Шөмішті Табын Сейілдің Байқадамынан жылқы алыпты ғой. Әлгі Итжемес айтып отыр...

Жанқожа жарылып кете жаздады.

— Әй, сен ол Байқадамның ауылында қыдырып жүрген жоқ па едің? Сонда бір сұмдықты ойлап жүр екенсің ғой. Жігіттерді сен жіберіп отырсың!

— Әне, бірдеңе болса, бұлар Жақайдан көреді. Міне, иманым, міне, жаным, білсем бұйырмасын!

Жақайдың сақалды басымен өтірік айтып тұрғанын көрген кезде бала Жұмабайдың есі шықты. Бірақ үлкен кісіні ұялтуға болмайды. Ұят — иманның қабы... Ес кіргелі әдепке үйретілген бала Жақайдың жүзін жыртып сөз айтуға батпай отыр.

— Өшіріңдер үндеріңді!

Жанқожаның әлі қатындарына келеді. Айбарша мен Балымға ақыра орнынан тұрды. Қолында — жалаңаш қылыш, екі көзі қанталап кетіпті. Жауқашардың үйіне кірді.

— Өшір үндеріңді, атаңа нәлеттер! Үйде отырса, мал тауып кел деп құлағының құрт етін жейсіңдер! Мал қуа барып өлсе, тағы жылайсыңдар! Қырайын ба шеттеріңнен!

Қатындар жым болды.

Барымтаға аттанып, тірі қайтқан жігіттердің біреуі жоқ, Жанқожа ұрынуға қара таппай жүр.

Ертеңіне таңертең Жауқашардың өлігі әкелінді.

Жанқожа далаға шықпайды. Жақай кіріп, жаназаның жағдайын айтып келе жатыр еді. Ақырды.

— Бұлар — кәпір. Бейбіт ауылдан жылқы алып және адам қанын жүктейді. Ондай қаныпезер құдай жүзін көруі тиіс емес. Жаназа шығарылмайды!

Жақай састы. Жан-жактағы ауылдарға алдақашан шапқыншы кеткен. Ақсақалдардың алды келіп жатыр. Бәрі де Кішкенеге қараған ауылдың адамдары... Бәрі де Жанқожаға көңіл айтты... Ағайын өліктерді жайғастырудың қамын ойластырды.

— Жаназа шығарылмайды.

Кешке қарай Дабыл келді. Пірәлі сұлтан келді. Ақсақалдар басы кұралды. Бәрі де жаназаның жағдайын сөз қылады. Жалғыз Жанқожа қасарысып отыр. "Кәпір" деген бір сөзінен танған жоқ. Жаназа шығартпады.

Ертеңіне Сәмеке қожа келді.

Шариғат жолы қиын. Қожекең неше саққа жүгіртіп айта бастағанда, жұрт ауызын ашып қалған. Жанқожа да қайысты. Егер мың үш пақырдың жаназасы шығарылмаса, кәпірдің үлкені өзі болғандай екен...

Жаназа шығарылды.

Бауырдың жөні басқа. Жауқашарды алып бара жатқанда, Жанқожаның көзінен жас шықты.

— Ал, енді жылаңдар...

Отырған жұрт жылап жатыр.

Жаназадан кейін Жанқожа ақсақалдарды бір күн ұстады. Жағдай айтып отырған іспетті, ұзақ сөйледі.

— ...Біз де жас болып көрдік. Төрімізде — әке, алдымызда — аға, алдын кесіп өтпейтін едік...

— Оған сөз бар ма?!

— Онда үлкенді сыйлайды ғой!

— Не, мен жас болып отырмын ба?! — Жанқожа ширатылды. — Жылқаманның соңында, Жылқайдардың кегін қуып бара жатқанда он жеті жаста едім. Одан кейін бір адамның маңдайынан шерткен жерім жоқ. Бабажаннан да қорқып қашқан жоқпын. Онда Жанқожаның жасы елудің үстінде, жазықсыз қан төгіп, кесірімді жұртқа тигізгім келмеді емес пе? Ал Айдарқұл алпыс жаста барымтаға аттанатыны қалай?

Жұртта үн жоқ.

— Жанқожаның жасы тоқсанға келіп қалды. Алдынан ел кетті, ауыздан сөз кетті. Қызылдағы Құрманай-Құттық жетпіс үй. Жанқожаның сөзін олар тыңдамайды. Ауыздан сөз кеткені емей, немене? Бірақ ертең бәлесі айналып келіп мені табады. Сыр ағайын қайдан білсін, Жанқожа бар дәулеттен айрылған соң, барымтаға шығып отыр дейді.

— Құдай сақтасын!

— Жәке, айта көрме!

— Көзімше айтарсыңдар-ау. Сырт ағайын не дейтіндерін өздерің біліңдер. — Жанқожа қатуланды. — Мен мына баламнан енші алысқалы бекіндім. Үстінде үйі бар, бауырында баласы бар. Жұмабайды да осыған қалдырамын. Қаршадай болып қанды оқиғаға қатысты. Бала болып оңдырмас. Некелі қатындарыма ешкімнің ортағы жоқ шығар. Мына бір жетім жеті жаста қолыма келіп еді. Адал сүт емген жиенім, қасыма осы Шағырайды еріткім келіп отыр...

Ақсақалдар басу айтты.

Жанқожаға сөз өтпейді. Ақыры дегенін істеп тынды. Еншіні де өзі бөлістірді. Төрт саулы інген, екі атанша... Жылқыдан кәкешкі мен көкбестіні алды. Біреуін — өзі, біреуін Шағырайға мінгізеді.

Ертеңіне су Алтайға қарай көшті.

Бұл күндері Табындар да бүлініп жатыр.

Байқадамның жаназасы шығарылды.

Артында күркілдеген кеңес. Табынның төрт көзі түгел. Бұқарбай да отыр еді.

Бір ақсақал сұрақ қойды. Байқадам қолдан өлді. Артын не істейміз?

— Табыннан бір Байқадам өлсе, Шектіден үш кісі — бірлігі Жанқожаның інісі Жауқашар өліп отыр... Құн сұрап жеңе алмаймыз. Жанқожа аяғына отырғызбайды...

— Жанқожаны өлтіру керек!

Байқадамның немере туысы Дәуқара сартасынан жүгініп отыр. Омыраулай сөйледі.

Бұқарбай селк етті.

Байқадаммен бір апта аңдысып келіп еді. Таласқаны Қандысор, ылғи бір көш кейін жүріп отырды. Үдере тартса, ауыр қозғалатын Байқадамның көшінен Естекбай ауылы озып кететіні анық. Бұқарбай оны да ойластырды.

— Ожаулы атамның кәрі әруағындай қара шаңырақ еді. Аңысын андасайшы.. — Шынар ақыл айтты.

Бұқарбайдың көші Байқадамның жұртына қонады. Солай аңдысып, бір апта өтті...

Сол күні Байқадам Қандысордың басында еру болыпты. Жан-жақтағы Шөмішті ауылдарына шапқыншы кетіп жатқаны естілді. Байқадамның ауылында қырық-елу жігіт... оның ұрысқа дайындалып жатқанына Бұқарбай шәк келтірген жоқ.

Бұл да Тартулы туыстарына ат шаптырды.

Сол күні қырық шақты жігіт Бұқарбай ауылына да жиналып қалған. Түн ортасында Байқадамнан шапқыншы келді. Шекті жылқысын әкетіп отыр. Байқадам Тартулының жаққан отына күйіп отырғанын айтады. Осыдан он бір жыл бұрын өлген Құрманайды Бұқарбайдың алдына тартты.

Құрманайдың құнын Жанқожа өзі бастап келіп алды. Бұқарбай одан соң да кездесіп жүр. Былтыр Жанқожаның үйінде қонып кетті. Өкпелі адамның кескінін байқаған жоқ...

Шекті он бір жыл өтіп кеткен кегін қуып, Байқадамнан жылқы алмайды...

Жанқожа барымтаға адам аттандырыпты деген Бұқарбайдың құлағына тиген жері жоқ еді...

Байқадам өтірік айтып отыр...

Бір аптадан бері соңында аңдысып келе жатқан Бұқарбайды енді Шектіге айдап салғысы келеді... Жоқ жерден әбігер туғызып, Тартулының назарын Қандысордан аудармақ қой... Ол қулыққа Бұқарбай көне қоймас!

— Жылқысын Байқадам өзі қайтарып алар!

Бұқарбай қозғалған жоқ.

Кешкісін Байқадамның өлген хабарын есітті.

Дәуқара Жанқожаны өлтіру керек деп отырғаны — мынау...

Жұрт Бұқарбайдың ауызына қарайды.

— Ашу үстінде арандамайық...

Басу айтып келе жатқан Бұқарбайды Дәуқара сөйлетпеді.

— Ендеше шынымды айтайын. — Ашуланған Бұқарбай шарт кетті. — Жанқожаға қастық жасалатын жерде, мен қастарыңнан табылмаймын. Жанқожа жылқы қуыпты дегенді қазақ баласы есіткен жері жоқ! Бұл жерде жаңсақтық бар...

Тартулы туысы мен Шөмішті Табынның жігі осы жерде айырылды...

Байқадамның Сейілден туатыны рас. Сейілдің қара шаңырағын сыйламай кеткен Табын жоқ. Бірақ соңғы жиырма жылда Бұқарбайдың даңқы қаттырақ шығып, соның көлеңкесінде атағы да көмескі тартқандай жайы бар. Оның сөзінен кейін отырғандар ойланып қалды.

— Жер үстінде тірі жүрсем, Жанқожаны өлтірмей қойман! — деп Дәуқара ентігіп отыр.

Тап бұл жолы Табын қозғалатын ыңғай танытқан жоқ. Жұрт тарады.

* * *

Айдалада жалғыз ақ боз үй, көз ұшынан көрінеді. Жан-жағында қалқиған қара жоқ еді.

Ақ боз үй боз төбенің баурайында отыр. Айнала — боз жусанды жазық. Әудем жерде төрт құлақты там қалқиып көрінеді. Оныңда бір қабырғасы құлап жатыр.

Сүр бейіттің арғы жағы — қияқты ақ шағыл құм. Көк еркегі аттың тізесін қағады. Сол жерде түгі тарлан тартқан көкешкі ат, күнде арқандаулы тұратын еді.

Мынау бейіттің кімдікі екенін білген қазақ жоқ. Жанқожа да есітпеген екен. Бұл далаға кімдер келіп, кімдер кетпеді... Жеті жұрт көшіп өткен жер ғой... біреуінен қалған белгі шығар...

Бұрын жұрт бейіттің балшығына жылқының құйрық қылын қостырып, боз биенің сүтімен илейді десетін. Сонда ұрпақтан-ұрпаққа кететін болса керек. Мына бейіттің түрі соған ұқсайды. Жанқожа оны алпыс бес жылдан бері білетін еді. Онда төрт қабырғасы түгел... Кеше құлап жатқан қабырғаны көп жоқтады. Бейіт емес, бас панасы құлағандай, қарттың қабырғасы қатты қайысқан. Уақыт құдіретін жаңа сезіп отыр. Жылдар сынына сұр бейіттің де төтеп бере алмағаны... Ей, адамзат, ғұмырыңның шолақ екенін түсінсең ет-ті...

Жалғыз үйде алты түйе, оның да төртеуі боталы. Шағырайдың астында көк бесті, бір қырдың астында жайылып жататын түйелерді күнде екі мезгіл көріп қайтады. Құдыққа құлатады, суғарады...

Ерден ердің қаупі бар. Байқадамның арты жоқтаусыз кетпейтінін Жанқожа да түсінеді. Жауқашар жүз елу үй Құттықтың азаматы болса, Байқадамды жеті мың үй Табын жоқтайды... Сейілдің баласы. Әрі Байқадам Жанқожаның жылқысын қуған жоқ, жылқы алдырып, қуып шыққан бетінде жазым болып отыр. Өлтірген — Жанқожаның баласы. Жолға жыққанда Құрманай-Құттық ақтала алмайды. Жанқожа қартайғанда қанды мойын қылмыскер атанды...

Оның ойынша, ерте ме, кеш пе, Табындар атқа қонады. Топ құрап аттана ма, құн сұрайтын кісі болып келе ме? Жанқожаның көзі тек соған жетпей отыр. Қатуланып атқа қонса, алдына Бұқарбайды салады-ау... Бұқарбай... Байқадамға өкпелі еді. Бірақ, ағайын... өкпеге қиғанмен, өлімге қия қоймас. Табынның алдында Бұқарбай жүретіні анық. "Айналайын, ақ Жәке, әруағыңнан..." Ол Алатаудан қайтқанда, солай ән шығаратын Бұқарбай ғой. Ендеше Жанқожаға қарсы қалай қол көтереді? Бұл қаза түбі бейбіт тыным табатын шығар... Жанқожа әлі де күдер үзе қойған жоқ.

Бүгін түйе көздей шыққан Шағырай қуанып келді.

— Құр Алтайдың бөктерінде қарасақалдар қонып жатыр. Жаңа жылқышы жігітімен кездестім...

— Дабыл қалай бері қарай жылжиды?

— Дабыл емес, Қазанқап ауылы. Қарасақалдың сондай бір байы бар. Былтыр жылқы іздей шыққанда, Жауқашар ағам екеуміз Қазанқаптың үйінен қой жегенбіз. Күнімай деген бәйбішесі бар екен. Өзі — шал кісі. Әйелі сізді айтқанда жылап отырды.

— Онысы несі? Жылағаны несі?

— Қыз кезінде сарттардың қолына түскен бе-ay... сондай бірдеңесі бар әйтеуір...

Жанқожа тәңірге тәубе қылды. Адам содан құриды, — жақсылық жасау қолынан келмейді... Жақсылыққа жамандық детей — оттаған сөзі. Адам маңдайынан сыйпаған пендені қайдан ұмытсын-ау! Сарттың кезінде қанша қыз жылаған жоқ. Бұл да соның біреуі ғой... Бабажанның қамалын алған алты Әлім еді. Жақсы атағы Жанқожаға қалды. Қазақ алалық ойламайтын азаматын ешқашан елеусіз тастаған емес...

— Қалай ойлайсың, Шағырайжан, Қарасақалдарға ерулік береміз бе?

Жақын маңайда ел қарасы көбейгені Жанқожа үшін қуаныш әкелгендей. Ертең таң атуын күтті. Шағырайды ертіп Қарасақал ауылына барып қайтуы керек...

— Қатын, қара тайлақты сояйық...

Қонақасы жайын айтқанда, Айбаршаға ойласады.

Түнде шым-шытырық түс көріп, қайта-қайта бастығырылып, мазасыз ұйықтап шықты. Ұлы сүргін шабыс... бір сары садақ әзіне қарай кезеліп тұр екен дейді... Бірақ адамы көрінбейді. Қару қылғысы келсе, қолы көтертпейді.

— Саған не болды? — Айбарша екі рет оятты.

Жанқожа түс жайында тіс жарып айтқан жоқ.

Таң қараңғысында тұрып, дәрет су жылыттырды.

Жайнамазы жаюлы, таң намазына кірісті.

Балым сыртта түйе сауып жүр. Көнегі салдырап, үйге бір кіреді, бір шығады.

Намаз үстінде Жанқожаның көкейінде — Қарасақал ауылы, ерулік жайын ойластырды.

— Бір дауыс...

Балымның үнінде қобалжу нышаны, бірақ батырдың намазын бұзуға қаймыққандай, Айбаршаға қарап айтты.

— Қарасақалдар шығар...

— Жоқ, ұрандап шабатын сияқты...

— Қай жақтан естіледі? — Жанқожа бетін асығыс сипап, жайнамазын жинай берді.

— Мола жақ беттен... құмның ішінен шығады...

— Бар тыңдашы. — Жанқожаның жүзі бұзылып тұр. — Не деп келе жатыр екен!

Батырдың екі көзі есікте, асығыс киінді. Балым келгенше тағаты жетпеді, орнынан тұрды.

— "Дөйт" дейтін сияқты...

— "Дейт" — Шөмекейдің ұраны. Сен жаңылыс есіткен болдың. Айбарша сауытымды алшы! — Жанқожа Балымды қайта жұмсады. — Көкешкіге жүгір!

Сауыт сандықтың түбінде еді. Айбаршада өң-түс жоқ, сауытты алып жатқанда қолы қалтырады.

Сол екі арада Балым қайтып келді. Екі иығынан дем алып тұр. Алқына сөйлейді.

— Жау көкешкінің үстінде, менен бұрын жетті. Табындар— ау деймін. "Тостағандап" келеді.

— Қап! Ақыры көп жаманның отына күйген екем ғой!

Айбаршаның қолы қалтырап, ақ сауыттың ілгегін сала алмай жатыр.

Балымның қолында адалбақан, үйден атып шықты.

Сатырлаған ат тұяғы төбеңді оятындай, Жанқожа сауыттың ілгегі салынып біткенше асықты.

— Жанқожа қайда, Жанқожа?!

Сойыл үйге сатырлай жауып, бір уық сынып түсті.

Әлдебір еркектің баж еткен дауысы шықты.

Жанқожаның қолында жалаң қылыш, есікті серпе ашып, далаға ұмтылды.

— Жанқожа керек болса, шықты міне!

Балымның қолында адалбақан, ерсілі-қарсылы сілтеп жүр екен. Әлгіде баж ете қалған еркектің Балымнан таяқ жегені анық еді. Кемпірдің өзі де жаралы. Ақ жаулықтың ұшындағы қып-қызыл қанды көргенде Жанқожаның жаны ышқынды. Қайқы қылыш жарқ етіп, жақын тұрған торы айғырлыққа тап берді.

Осы кезде еді... Сала құлаш сарыжа кеудесінен сақ етті. Асыққанда ақ сауыттың екі-үш ілгегі салусыз қалған. Кім де болса көздеп атты. Көкірек сүйегі қарс айрылғандай, қатты аурудан жаны ышқынғанда, сарыжаға қалай шап бергенін өзі білген жоқ. Екі қолдың бұл қимылы ақылдан тысқары, өлер алдындағы жанталас сияқты бірдеңе еді. Оқ тигенде, аққу қанатын серіппей кетеді. Шалда дыбыс жоқ, тынысын бітірген жан тәсілім шақта түнде көрген түсі көз алдында жарқ етті. Сары садақ кезенулі еді-ау... Тізесінен әл кеткенде, Жанқожа сартасынан жүгінуге әзер күші жетті. Есі түзу... Құлап түскенді намыс көрді...

Табындар қорқынышты бірдеңе күткендей, тым-тырыс. Шалға жақындап баруға сескенеді. Иіріліп тұр.

Садақпен атқан Дәуқара еді. Елден бұрын ес жиған да сол, торы айғырды тебініп алға шықты.

— Кеудесінде екі жаны болса, білмеймін. Пенде екені рас болса, ендігі өлген шығар!

Дәуқара иығынан алып, тартып қалғанда, өлі мүрде шалқасынан құлап түсті.

Соны күтіп тұрған жұрт үйге тап берді. Бірі үзігін сыпырып, бірі уығын суырып, үйді жығып жатыр. Сырлы сандық, тең-тең шабадандар... бәрі далаға шығарылды. Қалы кілем, қамқа тон... Батырдың үйінде өлі бұйым көп еді.

Түйелер шөгеріліп, үйдің жүгі артылды.

Балым Айбаршаны түрткілейді. Ел мойны қашық... Қара жаяу қырылады ғой. Мына жаудан көлік сұрау керек еді.

— Әлгі... әлгі... — үрейі ұшқан Айбарша, кекештеніп сөйлей алмай қалды.

— Әй, батырлар! — Балым Дәуқараға барды. — Тоқсандағы шалды өлтіріп, мұратқа жеттіңдер! Енді оның сүйегін далада қалдырып барасыңдар. Бір інгенді тастап кетіңдер. Сүйегін орайтын кілем керек. Үстіне көлеңке жасайтын екі-үш кереге қалдырыңдар...

Табындар уәж айта алған жоқ.

Жұртта екі кемпір, бір бала шошайып қалды. Үшеуара бір түйе. Өлігі тағы бар...

— Қарап отырып өлеміз бе? — деді Балым. — Екі кемпір түйеге мінгесіп, Қарасақалдарға жетейік. Өліктің үстіне көлеңке жасайық. Батырдың басында жиен бала қалып, күзетсін.

Итарқа жасалды. Өлікті кіргізіп жатқызды.

Күн күйіп тұр. Екі кемпірдің астында бір інген, жолға түсті.

Қорқыныштан есі шыққан Шағырай шөлдегенін енді сезді. Не көнек жоқ, не қауға жоқ... құдықтың басына үш барып, үш қайтты. Жау түк қалдырмапты.

Тілі ауызына сыймайды. Итарқаға кіріп қисайды.

Ұйықтап кетті. Түс көрді. Жанқожа атасы... Үстінде түйе шекпен, оны қамшының сабымен түртеді.

— Ей, жаман неме! Менің бас жағымдағы бір торсық шұбатты көрмейсің, — дейді, — алып іш!

— Жәкетай-ай! Тірі екенсің ғой!

Шағырай орнынан өкіре жылап тұрды.

Өлік тырп етпейді. Үстінде түйе жүні шекпен, манағы күйі жатыр. Шағырай жан торсықты іздеді. Жанқожа торсыққа шұбат құйдырып, іргеге көміп қоятын. Үстіне су септіреді.

Итарқа тап жан торсық көмілетін жерге тұрғызылған екен. Шағырай әр жерді қамшы сабымен түрткілейді. Ақыры жан торсықты тапты.

Үсті көлеңке, торсықтың жатқан жері дымқыл, шұбат мұздай күйі тұр. Шағырай борша-борша болып терледі.

— Жәкем тарыққанда аян берді...

Қарасақал ауылынан келген адамдарға көрген түсін жырдай қылып айтып отыр...

ТҮЙІН

Қазалы бір жылдан бір жылға қалаға ұқсап келе жатыр. Әр жерде сауда дүкендерінің төбесі көрінді. Дүкен ұстайтындар — көбіне татар саудагерлері. Көше түсті. Қаз-қатар тізілген там үйлерде татарлар тұрады. Бұлардан бір бүйір, дарияның жағасына таяу қазақтардың жер кепелері еді. Қақыра там қазақта сирек ұшырасады.

Шегебайдың баяғы кәсібі, су тасиды. Табыс болғанмен, байып кете қойған жоқ. Баланың саны алтауға жетті. Тапқаны тамағынан ауыспай жатыр.

Бекетай әкім болып кетті. Ауылы Ақиректің астында. Ат-арбаны қойғалы, қалада сирек көрінеді. Анда-санда соқса, қазақ арасының дау-шары қолын босатпайтынын айтып, шағынатыны бар. Алым-салық жиналатында да басында Бекетай жүреді. Ал жұмысы қаладағы орыс әкімшілігіне тікелей байланысты екен. Өзі де қала тіршілігіне қызығады. Дүкені басында, азық-түлік, қант пен шайы да арзан... Көшіп келсем дейді. Бес бөлмелі қылып үй салдырсам дейді. Бекетайдың оған дәулеті жетеді. Бірақ қартайған әкесі Қатпа, қыңырайып көнбей отырғанын айтады. Бұл кезде Айбас та, Қарамерген де дүние салған. Жәнікенің бәйбішесінен қалған балалардан да ешкім жоқ. Бір шалдан тараған он шақты үйдің қазіргі үлкені — Қатпа. Бекетай түгіл, оның алдынан басқа туыстары да шыға алмайды.

Қоңыр күздің іші еді. Ақиректен түсте шыққан Бекетай Қазалыға түн ішінде кірді. Қашанғы әдеті, Шегебайдың үйіне түседі.

Үйден өлік шыққандай. Жамаулы көрпе, жыртық алашалар шашылған-шашылған жерінде жатыр.

— Ей, саған не болды?

Басы салбырап отырған Шегебайға қарап, Бекетайдың жүрегі мұздады. Бұл үйде баланың басы баршылық... біреу шетінеген болды ғой...

— Бекетай-ай, сорладық қой... — Шегебайдың иегі дір-дір етеді. — Жәкемді өлтіріп кетіпті!

— Қойшы!

— Бүгін ноғай дүкеніне барып едім. Жұрт у-шу, соны сөз қылып тұр екен...

— Қайда?... қалай өліп жүр?... Кім өлтірді?

— Ноғай дүкенші түрікпендер өлтіріп кетіпті дейді. Қарасақал Дабыл батыр қыста Шәудір түрікпеннен жылқы алады екен. Ол жақтан қырық жігіт болып, аттанып келіп, біздің Жәкемді өлтіріп кетеді...

Бекетайдың құлағы шыңылдайды. Көрпенің шетіне сылқ кетті. Еріні қыбырлайды. Аят оқып отыр. Әлден уақытта бетін сипады.

— Тие берсін...

— Әлгіде Төремұрат келіп кетті. Бұл Елкей сұлтаннан келген қастық деп отыр. — Шегебай аяттың тұсында үзіліп қалған әңгімесін қайта тірілтті. — Бір жерде сол сұмырай сұлтанның Жәкеме тісін қайрап отырғанын жырау көзімен көреді екен... Әйтеуір шым-шытырық...

"Жанқожаның қартайып өзі-ақ өлер..." Осы сөзді майор Булатовтың Елкей сұлтанға айтатынын Бекетай естіп еді... Хан тұқымы қай заманда Жанқожаны қыжырта жүретіні рас. Әлімнің ішінде ылғи алдарынан Жанқожа шыққан екен. Ең аяғы Кенесарыны Сыр бойынан аударған да — осы Жанқожа...

— Жанқожаны өлтіріп, хан тұқымы ақсүйек қазақ арасында отыра алмайтын шығар! — Бекетай қатуланған, бет сүйегі шодырайып шыға келді.

— Ат арқасына міндің. Әкім болып, Әлімге сөзіңді тыңдатып жүрсің. — Шегебай шай үстінде әңгімесін әрі қарай жалғастырды. — Біздің тұқымда батырдың кегін қуатын ешкім қалған жоқ. Жалғыз Құлбарақ ағам, ол да орыстан қашып, Қызылдың құмында жүр. Сен де Жәкемнің сарқытын іштің. Мынау қазаны жоқтаусыз қалай жібереміз?

Келесі күні, комендант кеңсесіне басын сұққан жолы, Бекетайдың алдынан Жанқожаның өлімі туралы әңгіме тағы шықты. Батырдың қалай өлгенін ешкім білмейді. Әйтеуір топшылап айтатын еді. Кешегі Шегебайдың сарыны... Біреулер жаласын Шәудір түрікпенге жабады. Арасында Елкей сұлтанды ауызға алушылар да табылды.

Анық хабары бір айдан кейін естілді. Жанқожаны Табын өлтіріпті.

Оның себебі де анықталды. Табыннан Айдарқұл жылқы қуады. Соңына қуғын түсіп, Байқадам Жауқашарды өлтіреді...

— Қолында тас құлақ мылтық... Он төрт жасар Жұмабай Байқадамды атып өлтіріпті...

Қайнағасына бата оқи барған Бекжарас, көрген-білгенін айтып отыр.

Бұл хабарды есіткенде таңданбаған қазақ жоқ. Майор Булатов таңдайын қағады.

— Он будет молодцом! С ним надо повидаться... Бекетай, не забудь, пожалуйста!

Жанқожаны өлтіретін Табынның ішінде Бұқарбайдың аты аталмайды. Батырдың ағайынға өкпелеп, жалғыз үй көшіп кеткенін есіткен соң, отыз жігіт атқа қонған... Жанқожаның ауылын таба алмай, Қызылқұмда сандалып жүрген Табындарға бір Шөмекей кездесіпті. Сол бастап барған көрінеді...

— Әлім-Шөмен бір енеден туады. Егіздің сыңары, ағайын... Олардың бұл не қастығы?! — Әйімбет сияқтылар өрекпіді. — Шөмекейден құн сұрау керек...

Қыр Шектісі Табынға тісін басады. Көтібарды да Табын өлтіріп еді. Жанқожаның түбіне тағы жетіп отыр...

Әлім атқа қонуға дайын... Бірақ орыстың мылтығынан қорқып, үнсіз отыр.

Бекетай Шөмекейді ақтайды. Отыз жігіт... алқымына пышағын таяп тұрса, бастап бармағанда не істейді? Әйімбетгің бетін қайтарып тастады.

Бірақ Жанқожаның құнын сұрап Табынға баруға бір жан бата алған жоқ.

Қазалының сыртындағы қамал бастионына күнде орыс солдаттары жиналады. Алдарында тақтайдан жасатқан нысана. Оның бетінде сурет бар. Сауыт киген ертегідегі қазақ батырының батысқан суреті. Солдаттар оны "Жанқожа" деп атайды екен...

Бірде соның үстінен шығып қалып, Бекетайдың төбе шашы тік тұрды.

Батырдың жаназасына жиналған жұрт орыстан қауіп етіпті. Өлі мүрдені елеусіздеу бір шұқырға жерлейді. Ал белгісін сұр бейіттің қасына қояды...

Орыстар Кенесары өлген соң, екі жылдан кейін, көмген жерін таптырып алып, сүйегін қаздырыпты деген аңыз бар. Бас сүйегін алып кетіпті...

Кім біледі, ертең Жанқожаның сүйегін де іздеп жүрер...

Бірақ тыныштық еді. Жанқожаның сүйегін іздестіріп жатқан орыс көрінбейді...

Бір жылдан кейін майор Булатов Әйімбет биді шақырып алып, Қызылдағы Жанқожаның ауылына жұмсады. Жанқожа батырдың баласы Жұмабаймен кездескісі келеді екен...

Булатов Жанқожа тұқымына орыстың қастығы жоқ екенін, Жұмабайға сыйлық беретінін айтып отыр.

— Патша ағзам Жанқожаны кешіреді. Баласына соны хабарлау керек...

Он бес жасар Жұмабайды майор жылы қабылдайды.

Ақыл айтты. Қызылдың құмында тентіреуді қойсын. Орыс әкімшілігі Жанқожа ауылына тимейді. Қыс қыстауларына көшіп келулері керек...

Бұл кезде Нұрымбет қыстауын Әйімбет басқан. Булатовтың сөзін есіткенде, түсі бұзылыпты...

Орыс төресінен сыйлық алып қайтқан Жұмабай көңілді еді. Бірақ жол үстінде адасады.

Бір айдан кейін өлігі табылады.

Он бес жасар баланың жалғыз қайтуы кәдікті еді.

Біреулер Әйімбеттен кәдіктенді...

— Нұрымбет тұқымы тағы да дәуірлей бастайтынын сезді. Бір кезде Жанқожаны жауға тастап, қашып кеткен Әйімбет емес пе? Жұмабай өскен соң төбемнен қырғыш сүйек алады деп қорқып жүр ғой...

Шегебай кәдік айтты.

Нұрымбет әулеті бұл қазаны орыстан көріп отыр. Одан соң да Қызылдан қозғалған жоқ.

Жанқожадан кейін Жақсықылышты Құттық ауылы жайлағаны жайлы мәлімет еш жерде кездеспейді.

Қара қазақ Жанқожаны әулие тұтатын. Басына түнегісі келгендер моласын таппай жүрді.

Батырдың сүйегі қайда қалғаны туралы сөз болса, бір қазақ тіс жармайды...

Ендігі білетін адам да қалмаған шығар...

Құрастырушыдан

Жұрт солай топшылайтын еді.

Жанқожанын моласы кейін табылды.

Қазір өз билігі өзіне тиіп, егемендікке қолы жеткен елде оның сүйегін қазып әкетеді деп ешкім де қорықпайды. Атадан балаға құпия сақталып келе жатқан шындық жария болды.

Батырдың басына белгі қойылды, Қазалыда кесене салынды, Қазақстан үкіметінің арнайы қаулысы шығарылып, батырдың мерейтойы өтті, алты алаштың баласы жиналып, ардақтап ас берді. Алматы, Қызылорда, Қазалы, Арал қалаларында Жанқожа атында көшелер бар.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз