1992 жылы 4 маусымда тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді. Бұл күн ел тарихында жаңа мемлекеттік рәміздердің туған күні ретінде мәңгі қалады.
«Кәсіби және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 4 маусымдағы №337 «Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы №382 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Жарлығына сәйкес Қазақстан Республикасында 4 маусымда еліміз Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтеді.
Мемлекеттік рәміздер - мемлекеттің мызғымас негіздерінің бірі. Биыл Қазақстанның мемлекеттік рәміздеріне 29 жыл. Олар Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Гимн.
Қазақстанның мемлекеттік туы - көк түсті тікбұрышты мата. Оның ортасында сәулесін шашқан күн, астында қалықтаған бүркіт бар. Жалаусапта тік жолаққа ұқсайтын ұлттық ою-өрнек орналастырылған. Бұл элементтердің барлығы алтын түсті. Тудың енінің оның ұзындығына қатынасы: 1: 2. Тудың авторы - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, қиын күресте авторлық құқықты жеңіп алған суретші Ниязбеков Шәкен Оңласынұлы.
Ту - киелі рәміз. Тіліміздегі «ту қылып ұстау», «ту қылып көтеру» сияқты сөз тіркестері бір нәрсені қасиеттеуді, қадірлеуді, қайрат беретін күш санауды білдіреді. Ту ел қорғайтын әскерге, жауынгерлерге күш беріп, рухын көтерген. Ту үлкен матадан түсті желек түрінде жасалып, найзаға, оның сабына тағылып көтерілетін. Ту әскер үстінде желбіреп тұрса, әскерді жеңіске жеткізеді деп түсінгендіктен, оны қорғап, сақтап, тудың құлауын жеңілумен бірдей көрген. Соғыс кезінде әскер өз туын сақтап, жау туын құлатуға тырысқан. Туды әскердің киесі санағандықтан көшпелілерде айқас кезінде туды ұстауға ең батыр адамдар сайланған.
Қазақ ауыз әдебиетінде өздері жараланса да туды құлатпай ұстап тұрған батырлар туралы аңыздар көп. Мысалы, жоңғарлармен бір айқаста Қазымбет батыр ту ұстаушы болып, айқастың аяғына дейін тапжылмай тұрады. Айқас біткеннен кейін де аттан түспеген соң, жанына келсе, жаудың тиген оқтарынан өліп кетсе де, туын түсірмей ұстаған күйде қатып қалған екен дейді.
Бейнелеу өнері ескерткіштері, көшпелілер петроглифтері, заттағы, балбал тастағы суреттерден ту ұстаған батырлар бейнелерін көруге болады. Тулардың желектерінде киелі символдар салынған. Қытай жазбаларында көне түркілердің туында қасқыр бейнесі болғаны айтылады. Өзін көк бөрінің ұрпағымыз деп санайтын түркі жұрты бөрінің басы бейнеленген көк байрақ ұстаған. Петроглифтерде күн бейнесі салынған туды ұстап тұрған жауынгерді көруге болады. Көне көшпелілердің қасқырды (бөріні) да, күнді де кие тұтқаны белгілі. Сонымен ту дегеніміз – мемлекеттің рәмізі, бүкіл әскердің жауынгерлік рәмізі.
Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек пішінді. Шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбезді бөлігі) көгілдір фонда бейнеленген. Шаңырақ бейнесінен уықтар (тіректер) күн сәулесі түрінде жан-жаққа сәуле шашады. Шаңырақтың сол жағында және оң жағында мифтік қанатты аттар бейнеленген. Елтаңбаның жоғарғы бөлігінде бес бұрышты жұлдыздың, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазуды көруге болады. Жоғарыда аталған заттардың барлығы алтын түстес. Егеменді Қазақстанның бүгінгі елтаңбасы - екі танымал сәулетшілердің: Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уалихановтың орасан зор еңбегінің, шығармашылық ізденістерінің нәтижесі.
Жалпы, мемлекеттік елтаңба – мемлекеттің ресми айрықша белгісі, мемлекеттік органдардың банкілерінде, мөрлерінде, ақшасында бейнеленетін белгі. Елтаңба – бүкіл әлем мойындаған мемлекеттіліктің ерекше маңызды нышаны. «Герб» (елтаңба) термині неміс сөзінен аударғанда «мұра» немесе «енші» мағынасын береді және мемлекетті айрықшалайтын белгі болып табылады. Қазіргі Қазақстан аумағында өмір сүрген ежелгі сақ тайпасының өздерін айрықшаландыратын «Тамға» атанған тотем белгісінің болғандығын тарих та дәлелдейді. Аталған термин Түрік қағанаты кезінде қолданыла бастаған. Махмұд Қашқаридың атақты «Түрік тілінің сөздігі» еңбегінде бұл термин әміршіні ерекшелендіретін белгі ретінде түсіндіріледі. Рулар мен тайпалар тамғаларын қазақтар да қолданған, сонымен қатар үлкен Еуразия құрылығында тұратын түркітілді этностарда қолданылады. Әртүрлі геометриялық пішіндерден тұратын тамғалар елтаңба, мөр, таңба ретінде қолданылған.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында еліміздің мемлекеттік әнұраны екі рет - 1992 жылы және 2006 жылы бекітілді. 1992 жылы республика мемлекеттік егемендік алғаннан кейін Қазақстан әнұранының музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау нәтижесінде Қазақ КСР әнұранының музыкалық нұсқасын сақтау туралы шешім қабылданды. Сонымен, Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди алғашқы қазақстандық әнұранның авторлары болды. Үздік мәтінге арналған байқауда белгілі ақындар - Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева ұсынған авторлар тобы жеңіске жетті. Танымал патриоттық ән «Менің Қазақстаным» Қазақстан Республикасының жаңа Гимнінің негізі болды. Оны 1956 жылы атақты сазгер Шәмші Қалдаяқов ақын Жұмекен Нәжімеденовтің өлеңіне жазған болатын. Әнге жоғары мемлекеттік әнұран мәртебесін және салтанатты дыбыс беру үшін Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастапқы мәтініне толықтырулар енгізді.
Әнұран немесе гимн, гректің «hunos» - салтанатты ән, ұран деген сөзінен шыққан. Мемлекеттік әнұран халық жүрегінің лүпілін танытып, адамдарды патриоттық сезімге бөлейтін музыкалық бойтұмар іспеттес. Оның әуенінен отанға деген сүйіспеншілік, атамекенге шексіз берілгендік аңғарылса, сөзінен рухани жан-дүниемізді танытар ұлттық қасиетіміз бен бейбіт пейіліміз, досқа ашық құшағымыз, еркіндікке құштар кең көңіліміз жақсы көрініс тапқан. Мемлекеттік әнұран – егеменді еліміздің Туы мен Елтаңбасының сазды баламасы.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә. Назарбаев еліміз тарихындағы бұл маңызды оқиғаны өзінің «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында былай деп көрсетеді: «Рәміздер – мемлекеттіліктің атрибутикасы. Жас республикаға өзінің ерекшелігін айшықты да қысқа, түсінікті бейнеде ұқтыратын символдар қажет болатын. Осынау жауапты міндеттің шешімі көп күш қуат талап етті. Ұзаққа созылған жұмыс менің белсенді қатысуыммен, 1992 жылдың жазында аяқталды. Сол жылдың 4 маусымында тәуелсіз Қазақстанның рәміздері бекітілді. Көк байрақта самғаған қыраны бар, күннің нұры мен шаңырақ, қанатты тұлпар кейпіндегі елтаңба бүкіл әлемге танылды. Қазақстанның және бұрынғы одақтас республикалардың ұзақ уақыт аңсаған тәуелсіздікті алу қуанышы біздің халықтарымыздың маңдайына жазған тарих дүбірінің күрделілігін ұғынуға жалғасты».
Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл. Әлемдік тарих тұрғысынан қарағанда онша көп те уақыт емес. Дегенмен, осы жылдарда біз әлемге тәуелсіз Қазақстан мемлекетін таныттық, мойындаттық және әлемдік қауымдастықтың ортасынан ойып тұрып орын алдық. Еліміз небәрі 30 жылдың ішінде қалыптасқан ұлттық мемлекеттілігі, тиімді нарықтық экономикасы, демократиялық қоғамдық құрылысы мен халықаралық жоғары беделі бар заманауи мемлекетке айналды. Сол себепті бұл кезең біз үшін жасампаздықтың озық үлгісін көрсеткен тарихи мазмұнды да маңызды дәуір болып табылады. Біз небір қиындықтарға қарамай болашаққа қарыштап келеміз. Күш-қуаты кемел жас мемлекетіміз даму мен өрлеу үстінде.
Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – бұл біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің берік негіздерінің бірі, олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын білдіреді», - деген болатын. Олай болса, ел рәміздеріне деген көзқарасымыз бен құрметіміз бәрінен биік болуға тиіс. Еліміз мәңгі жасап, көк туымыз әрқашан желбірей берсін!
Сабырхан Смағұлов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Ескен Елубаев
- Дмитрий Иванович Писарев
- Мишель де Монтень
- Платон
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі