(А. Т. Твардовский елу жаста)
Адам баласы көз тоймастық көркем, өз жүрегін тербетер өмір құбылыстарының кебін поэзияға теңеп сөйлейді. Поэзия анығында сұлулықтың, тереңдіктің, сезім күйінің ең биік мұнарасы емес пе? Міне, Совет Одағының ең көрнекті, ең талантты ақыны Александр Твардовский шығармаларын оқып шыққанда осы бір ғажап көрініс көз алдыңа келе қалады. Я, қазақ бол, не болмаса басқа ұлттың перзенті бол, — оның үстіне ақынмен тікелей таныс болмай-ақ қой, соларға қарамастан, сенін. жүрегіңнің түкпірінде ақынға деген сүйіспендік оты, махаббат оты жарқ етіп тұтанады да сөнбейді. Поэзиялық сұлулық — айқындықта, тіл өнерінің зергердей шеберлігінде, қорғасындай салмақты, оттай жылылығында десек осы қасиеттің бәрін Александр Твардовский жырларынан табамыз, оның шығармалары шындықтай айқын, өмірдей жылы, терең.
Қазақ даласында тау мен құздар, әдемі таза бұлақтар қандай көп. Мен бала кезімде биік құздан сарқырай құлаған тас бұлақтық жағасында талай-талай отырып, ұзақты күн көзімді алмай сұқтана қараушы едім, әрі сұлу, әрі күшті, әрі таза көпіре атқылаған бұлақ суы маған тым сүйікті еді, солай отырып ас ішуді ұнатар едім, бірақ қарным ашпас еді. Твардовскийдің «Жер ұйық», «Василий Теркин» поэмаларын оқып шыққан кездерімде де мен дәл бала күнімдей, тас бұлақтың, биік құздың жанында отырғандай, құлағыма сылдыраған әдемі күй келіп, көз алдыма тамаша бір сұлулық бейнесі елестегендей болады. Кейбір құнарсыз бұлақ суындай ағып тұрып сарқыла қалар, болмаса гүрілдей құлаған екпінінен айырылып, тамшылай жылап ағар мінез Твардовский поэзиясында жоқ. Твардовский поэзиясы әрі еркін, әрі тынымсыз аққан таза бұлаққа ұқсас.
Меніңше ақын жүрегі өмірдің, барометріндей болмай, өз Отанымен, өз халқымен тағдырын біріктірмей әдемі, күшті жырлар (поэзия мағынасына айтылып отыр. Ж. С.) бере алмайды, ал Твардовский поэзиясының күші — оның партияға, Отанына шексіз берілгендігінде, ақындық жүрегі толы махаббатында ғой деймін.
Твардовскийдің ақындық күші сондай өлшеусіз — онда сөз таба алмай, ойына келгенін қыстыра салу, жаңалық іздегенсін оқушының көңіліне қонбайтын теңеулер жасау деген мүлде жоқ, оның әрбір сөзі кристалдай таза, айқын, ақын жүрегінің ыстық жалынына бөленген жылы. Ақындардың әртүрлі болуы, поэзия нақыстарының көп түстермен, көп мәнерлермен баюы керек дейтін қағиданың дұрыс екендігі талассыз. Оған қарамастан оқып отырып өз жазғанына өзі түсінбейтін бұлдыр, мағынасыз, айғаймен жүретін кейбір бос кеуде ақындардың поэзиямызда болуы аса зиянды. Меніңше көп ұлтты совет поэзиясының әлі де қарыштап өсуіне, өмір шындығын жырлауына Твардовский шығармалары көптеген үлгілер беретіні, ілгері бастайтыны даусыз. Әсіресе, қазақ ақындары Твардовский поэзиясын байыбына жете, өте байсалдылықпен, көрегендікпен оқып, зерттеп, үлгі алуы керек. Көркемдік шеберлікті, теманы меңгеру әдістерін Твардовскийден үйренулері керек.
Үнемі өмірдің алдыңғы шебінде жүретін жауынгер, лениндік заманның аса көрнекті ақыны Александр Твардовский қазақ оқушыларына көптеп мәлім; оның «Жерұйық», «Василий Теркин», «Шығаннан шығанға» поэмаларын жақсы ақындарымыз Қасым Аманжолов, Қасым Тоғызақов, Ғафу Қайырбеков қазақ тіліне аударған, осы аудармалар арқылы Твардовский шығармалары қазақ поэзиясының алтын қорына қосылды десек біз өтірікші болмаймыз.
Елу жас — ер жасы, жақсы, поэзия үшін, совет поэзиясының дүние жүзіндегі ең озық, ең күшті, ең көркем поэзия болуы жолындағы күрестердің үнемі алдыңғы сапында келе жатқан жауынгер ақынның бұдан былай да совет поэзиясына қосар үлесі ұшан-теңіз, оған жуықта ғана бітірген «Бір қиырдан бір қиырға!» поэмасы айғақ. Мен біздің сүйікті Александр Твардовскийге елу жасқа толған мерекесі үстінде барлық қазақ ақындары атынан жақсы шығармалары үшін рахмет айтамын, деніне саулық, ұзақ өмір, еңбегіне жеміс тілеймін.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі