Тайқазан атауының тарихи сахнаға көтерілу нұсқасы рухани астанамыз – Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесімен тікелей байланысты. Есігінен енген жанның көзіне оттай басылар қасиетті Тайқазанның бабалардың көзі болған жәдігерге айналуы аңызға бергісіз тарихи оқиға. Кесенені салдырған Көреген Әмір Темір тапсырысымен бұл қазан 1399 жылы 25-маусымда, Түркістан қаласының батысында, 27 шақырым жерде орналасқан Қарнақ елді мекенінде, сирек кездесетін асыл металдардың қоспасынан құйылған. Салмағы екі тонна, сыйымдылығы үш мың литр. Қазан сыртындағы араптың гүлденген сульс және куфи қолтаңбаларымен жазылған үш қатар жазудың біріншісінде оны шайхылардың сұлтаны Ахмет Ясауи кесенесіне арналып жасалғаны туралы айтылады.
Алып қазан жасау көне сақ, ғұн, дәуірлерінен бері жалғасып келген дәстүр екенін деректер мен айғақтар растайды. Елдік санасы биік, отбасылық құндылықтарды жоғары қойған социумдар үшін қазан береке мен бірліктің, молшылықтың, елдіктің нышаны болған. Мұндай түсінікті ауыз әдебиеті нұсқаларымыздың беттерінен көп кездестіруге болады. Мысалы, ұлттық несібемізді жырлаған ақын Махамбеттің шығармаларында «Қара қазан, сары бала қамы үшін қылыш сермедік» деп келетін жерлері бар. Ал, төңкерілген қазан болса керісінше, нәубеттің, қасіреттің образы болып есептелген. Қазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз де құтты болсын, берекелі болсын, береке дарыған орын деген мағынаны береді. Бір шаңырақтың қазаны күнде кешке қайнап жатса, бұл сол елде соғыстың жоқтығы, тыныштықтың белгісі саналса, онда буы бұрқырап жілік-жілік еттің пісіп жатқаны сол елдегі тоқшылықтың, молшылықтың белгісі саналған. Халық арасында бұл түсінік әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.
Мұндай алып қазандар, заманында билеушілердің, лауазымды әскер басылардың қабіріне қойылатын болған. – «Бұл қәбір иесінің ауқатты, жоғарғы топтпан болғанынан хабар береді», – дейді ғалымдар. Ал, Геродоттың келтірген мына бір қызық мәліметіне қарағанда мұның мәні тіпті тереңде екенін аңғаруға болады, – «Бір күні сақтардың Ариант есімді патшасы жауынгерлерінің әр қайсына садақтарының бір-бір ұшынан алып келуді бұйырады. Сосын оларды балқытып, алып қазан құйдырды». Көшпенділердің жорық кезінде алып жүретін үлкен қазандары болғаны белгілі. Бірақ, мына қазанның жасалуы да, қызметі де ерекше, мұны жасауға сансыз жауынгер қатысып, әрқайсысы өз үлесін қосқан. Алып келген садағының ұшы қазанның бөлінбес бөлшегіне айналғандай, өзі де осы тайпаның сондай бөлшегіне айналып, тайпаның бірлігінің, беріктігінің кепіліне айналып отыр.
Атақты шығыстанушы М.Массонның еңбектерінде жұма күндері Түркістандағы қазан суға толтырылып, жұма намазынан кейін айналасына адамдар алқа құрып отырып зікір салатыны айтылады. Рухани кеңістікте жай тұрған судың өзі, микроэлементтері ерекше тәртіппен түзіліп, басқа суларға қарағанда бөлек табиғат табады. Судың осындай жағдайларда сапасының артатыны ғылым үшін бүгінде жаңалық емес.
Құдайдың қара суының кристалдары айналасында туындап жатқан түрлі жағдайлар, айтылған сөздер әсерінен өзгеріп отырады екен. Соңғы үлгідегі құрылғылар судың жадысындағы әр бір ұяшықта әр қайсысы өзін қоршаған ортамен әсерлесу түріне жауап беретін 440 мыңдай информациялық панель барын анықтап отыр. Осы панельдер адам бойындағы ашу, ыза, кек секілді кері эмоциялардың энергетикасын сіңіргенде судың кристалдары ретсіз тәртіппен орналасып, оны пайдаланған адамның психологиясын күйрететін «ауыр» су пайда болады екен. Осыдан келіп зерттеушілер, қылмыс атаулының деңгейі былапыт сөз, арсыз әңгіме көп айтылатын жерде жоғары болатынын айтады. Қарап отырсақ, судың химиялық құрамында тұрған ештеңе жоқ, әңгіме оның кристалдарының түзілуінде болып отыр. Анттасатын кезде бабаларымыздың ант су ішетін рәсімінің арғы жағында осындай сырлардың жатуы да мүмкін.
Елбасы Н.Назарбаевтың “ Ұлы даланың жеті қыры” бағдарламалық мақаласында айтып кеткен көне жәдігерлер атауының тың сипатта айғақталып, қоғамдық орындарда бедерлену мәселесі жоғарыда келтірілген су толтырылған қазанның мәнін одан әрі аша түседі . Осыған сәйкес, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің негізгі композициялық блоктарының бірі “Тайқазан” су бұрқағын атап өтсек болады. Қара шаңырақтың көрігін ашар сәулет туындылары: “Мәңгілік ел” триумфальды қақпасы мен монуметалдық композиция “Темірқазық” сынды архитектуралық жәдігерлер қатарынан ерекше орын алған осынау су бұрқағының “Тайқазан” аталуы қара шаңырақтың берекесі мен тыныштығының тұғыры, білім ордасының бірлігінің нышаны іспетті. Осындай ортағасырлық құнды мұраларды дәріптеу, оның мәнін ұғындыру жас ұрпаққа тарихымызды таныту, олардың пайым-парасатын арттыру, елдік санаға баулу, өткен тарихымызға деген қызығушылықты арттыру бағытында ой саларлық бастама екені айқын.
Жанболатова Әсила
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі