(новелла)
Әйелдер колледжінде оқып жүрген сонау кезінен бастап жұрт Нобуконы талантты санайтын. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір, түбі әдебиетке араласатынына ешкімнің күмәні жоқ-ты. Кейбіреулер тіпті ол университетте жүріп-ақ көлемі үш жүз беттен асатын өмірбаяндық роман жазыпты деген сөз таратты. Алайда колледжді бітірген соң дегенін істей қою анау айтқан оңай болған жоқ, екі қызбен — Нобуко және әлі мектеп те бітірмеген сіңлісі Тэрукомен жесір қалған анасы қайтіп жағдай жасай қойсын, бұдан басқа да толып жатқан кедергілер жеткілікті еді. Сондықтан да жазу ісін бастамас бұрын ол әуелі тұрмысқа шығу жағдайын ойластыруға мәжбүр болды.
Оның Сюнкити есімді немере ағасы бар еді. Ол кездері филология факультетінің студенті болғанымен түбі жазушылықпен айналысуды көздейтін. Нобуко өзінің студент ағасымен достық қарым – қатынаста-тұғын. Ал енді әдебиетке деген ортақ ықыластары олардың достығын бұрынғыдан бетер нығайта түскен-ді. Тек Сюнкити Нобуко құсап сол кездері сәнге айналған толстойшылыққа табынбайтын еді. Ол Франсқа еліктеп әжуалай, нақылдай сөйлегенді тәуір көретін. Сюнкитидің әзіл-әжуаға әуестігі кейде не іске де байыпты қарайтын Нобуконың ашуын келтіретін. Бірақ қанша ашуланғанмен ол Сюнкитидің әжуа, афоризмінде бір жағымды нәрсе барын сезінетін.
Сондықтан да колледжде оқыған кезінде немере ағасымен түрлі көрмелер мен концерттерге жиі баратын-ды. Көбіне-көп өздерімен бірге Нобуконың сіңлісі Тэруконы да ілестіріп алатын. Содан үнемі үйден шыққанда да үйге жеткенше де ауыз жаппай сөйлеп, ашық-жарқын күлісумен болатын-ды. Тек кей кездері сіңлісі Тэруко әңгімеден сырт қалып қалатын. Бірақ ол өзімен санаспағанына бәлендей қынжыла қоймайтын, дүкен терезелеріндегі көрмеге қойылған қолшатырлар мен жібек шәлілерді балалық әуестікпен қызықтап, өзімен-өзі мәз болып жүретін. Оның сырттап қалғанын байқасымен Нобуко дереу әңгіме тақырыбын өзгертіп, сіңлісін сөзге тартуға тырысатын. Сөйтетін де артынша-ақ әңгіме қызығына түсіп кетіп, өзі бірінші болып Тэруконы естен шығаратын. Ал Сюнкити болса ештеңені елең қылмай, әдеттегісінше әжуалай, әзілдей сөйлеп, ерсілі-қарсылы қайшыласқан адамдардың ара-арасымен асықпай, адымдай басып келе жатады.
Нобуко мен Сюнкитиді білетіндердің бәрі түбінде екеуінің үйленетіндеріне сенімді еді. Курстас қыздары Нобукоға қызығып, қызғанып қарайтын. Бір қызығы, әсіресе Сюнкитиді білмейтіндердің қызғанышы күштірек болатын. Нобуконың өзі бірде құрбыларының болжамын жоққа шығарып, бірде мойындаған сияқтанып, ұдайы екіұшты жауап беретін-ді. Сондықтан да колледждегі курстас құрбылары Сюнкити екеуін ойша қосып, суреттегі күйеу мен қалыңдыққа қарағандай қарайтын.
Алайда колледжді бітірген соң Нобуко жұрттың бәрін айран-асыр қылып, Жоғары сауда училищесін бітірген, жуық арада бір сауда фирмасына қызметке тұруға тиісті жас жігітке тұрмысқа шықты. Тойдан кейін екі-үш күн ғана кідіріп, күйеуімен бірге оның жаңа қызмет орны орналасқан Осакаға жүріп кетті. Оны орталық вокзалдан шығарып салушылардың айтысына қарағанда, Нобуко әдеттегідей жайдары жымиып, жылап жіберуге шақ тұрған сіңлісі Тэруконы жұбатумен болыпты.
Нобуконың құрбылары түкке түсінбей таң-тамаша қалысты. Бұл таңданысқа қуанышқа ұқсаған бір тосындау сезім келіп қосылды, тіпті қызғаныш та жоқ емес-ті, бірақ бұл қызғаныштың мәні әуелгіден өзгеше еді. Біреулер бүл Нобуконың еркінен тыс, анасының қалауымен болған нәрсе десті... Енді біреулер Нобуконың өзін кінәлап, тұрақсыз деп сөкті. Бірақ барлығы да бұларының құр әншейін болжал екенін білетін. Оның Сюнкитиге тұрмысқа шықпауының себебі неде? Нобуко кеткеннен кейін де олар біршама уақыт әр кездескен сайын осы сұрақты талқыға салуларын қоймады. Ал шамамен екі айдан соң Нобуко жайы мүлдем ұмытылды. Нобуко жазуға тиісті романдар жайындағы алып-қашпа сөздер де ұмыт болды.
Нобуко бұл кезде Осаканың бір шетінде отбасының бақытын тілеп, ың-шыңсыз тұрмыс қарекетін қылып жүрген-ді. Үйлері шудан шалғай оңаша жерде, қарағай ішінде тұрған еді. Шайыр иісі, күннің тамылжыған шуағы күйеуі жоқ кезде де төбесінде үйшігі бар жаңа үйді көңілді күйге бөлеп тұратын. Осындай мамыражай кешқұрымғы бір сәттері Нобуко кейде мұңдана ойланып қалатын, ондайда жұмыс үстелінің суырмасын ашып, ішінен күлгін түсті бүктеулі пошта қағазын алатын. Қағаз бетіне қаламмен төмендегідей сөздер мап-майда етіп тізілген еді.
"... апатайыммен соңғы күн бірге отырғанымды ойласам-ақ көзім жасқа толады, міне қазір де, осыны жазып отырып та, жасымды тыя алар емеспін. Апатай! Өтінемін, өтінемін, мені кешіре көріңіз!" Апасының жақсылығына қалай алғыс айтуды, қайтіп жауап беруді білмей Тэруко дал.
"Апатайым мен үшін осы некеге келісім берді. Бұны ол мойындамаса да мен жақсы түсінемін. Бәріміз бірге Тэйкокудза театрына барған кеште апатайым менен Сюн-санды сүйесің бе деп сұрады. Ол менің Сюн — санға жазған хатымды оқыған болуы керек. Сол хат жоғалып кеткенде апатайыма ашуланғаным рас-ты. (Кешіріңіз, кешіре көріңіз мені! Сол бір білместігім үшін өзімді іштей к,атты жазалаймын). Өзім ашуланып жүргендіктен сол күні апатайымның қалтқысыз көңілімен айтқан сөзі маған мазақ тәрізденіп көрінді. Мен одан сайын ашуланып, жөндеп жауап бермей қойдым, бүл апатайымның есінде болар. Бірақ бірер күннен соң кенеттен апатайымның тұрмысқа шығатыны шешілгенде маңдайым тасқа тигендей есеңгіреп қалдым, дәл сол кезде оның кешірімін алу үшін өмірімді қиюға әзір едім. Апатайым да Сюн-санды сүйеді. (Жасырмай-ақ қойыңыз, мен жақсы білемін). Егер менің қамымды ойламаса сөзсіз оған тұрмысқа шығар еді. Сюн-сан жайлы мүлде ойламаймын деп апатайым қанша рет ант-су ішсе де, ойлайтынын білетінмін. Ақыры өзі қаламаған адамға тұрмысқа шықпаққа шешім қабылдады. Аяулы апатайым! Тауық көтеріп сізге келгенім, оған: "Апатайыммен қоштас! Ол Осакаға кетеді" дегенім есіңізде ме? Мен тіпті тауығым да сізден кешірім сұрасын деп ойлаған едім! Әуелі бәрінен бейхабар анамыз да жылап жіберді ғой.
Апатай! Ертең сіз Осакаға аттанасыз. Бірақ Тэрукоңызды еш уақытта ұмыта көрмеңізші! Тэруко күнде таңертең тауығына жем бергенде апасын есіне түсіріп, жылап-жылап алады..."
Осы бір бейкүнә, бала хатын оқыған сайын Нобуконың жанарына жас үйіріледі. Әсіресе вокзал басында, бұлар вагонға көтеріле берген мезетте Тэруконың қолына ақырын ғана осы хатты қыстыра қойғаны есіне түскенде жүрегі сыздап ауырады. Бұның күйеуге шығуы шынымен-ақ сіңлісі ойлағандай құрбандық па еді? Осындай күмәнді ойлар әлгінде ғана төгілген көз жасынан кейін тіпті жанын ауыртатын. Көңілін сәл де болса сергіту үшін Нобуко басқа бір жайларды ойлап, тәтті мұңға батушы еді. Қарағай басын шалған күн сәулесінің бірте-бірте сарғыштанып, кешкі шапаққа айналғанына ұзақ-ұзақ қарайтын...
2
Тойдан кейінгі үш айды олар барлық жас жұбайлар құсап қуанышты, уайымсыз өткізді.
Нобуконың жұбайы көп сөйлемейтін, нәзік жанды адам еді. Өзі жұмыстан келгесін, кешкі астан кейін Нобукомен бірер сағатты бірге өткізгенді күнделікті әдетке айналдырып алған-ды. Тоқымасын тоқып отырып Нобуко кейінгі кездері дүрілдеп тұрған романдар мен драмалар жайында сөз қылатын. Кейде оның әңгімелерінен христиандық ағымды дәріптейтін әйелдер колледжі студентінің дүниетанымы сезіліп қалатын. Кешкі ас үстінде ішкен арақтың әсерінен өңі қызартқан күйеуі оқылып бітпеген кешкі газетті тізесіне қойып, оның айтқанына ықыластана құлақ түретін. Бірақ ешқашан өз пікірін айтып, сөз қосқан емес.
Әр жексенбі сайын екеуі Осака ішіне немесе қала төңірегіне күні бойы демалуға шығатын. Егер пойызға иә трамвайға мінгендей болса кез келген жерде тамақ жеп-ішуден қысылмайтын Кансай жұртының дөрекілігі Нобуконың көзіне бірден түсетін де, жуас күйеуінің өзін-өзі ұстай білуіне, мәдениеттілігіне сүйсінетін. Шындығында да, осы тобыр арасынан басына қалпақ, үстіне бешпент, аяғына сары бәтеңке киген күйеуінің жып-жинақы денесі айрықшаланып, бейне әтір сабынның жұпар иісіне ұқсаған бір жағымды әсер тудыратын еді. Ал енді бірде жазғы демалыс кезінде биші қыздардың өнерін тамашалауға барғанда, бұлар кірген шайханаға әлдеқалай келе қалған қызметтестері мен күйеуін іштей салыстырған мезетте кеудесінде мақтанышқа ұқсаған бір сезім оянғаны бар. Бірақ күйеуі езінің дөрекі қызметтестеріне достық қалыпта қарайтын сияқты.
Сол екі аралықта Нобуко ұмыт болуға айналған жазу ісін еске түсірді. Сөйтіп, күйеуі жоқта бір сағат, екі сағат жазу үстеліне отыратын әдет тапты. Күйеуі бүл ісі жайлы білгенде: "Несі бар, күндердің бір күні жазушы болып кетерсің", — деп күлімсіреген де қойған. Алайда үстел басына отыруын отырғанмен Нобуко ойлағандай қаламы жүріп кетпеді. Ол өзінің қолын жағына тіреп, бейжай күйде шыжызған күннің астында қалғыған қалың қарағай ішінен естілген шегірткелердің шырылын тыңдап, құрдан-құр отырып қалатынын жиі байқайтын болды.
Бұл жағдай осылай жалғаса берер ме еді, қайтер еді, егер ойда-жоқта бір күні күйеуі жұмысқа жиналып жатып терден дымқылданған жағасын ауыстырмақ болмағанда. Қырсық шалғанда, үйден таза жаға табылмағаны, бәрі жууға өткізілген екен. Әрдайым жарқын жүретін күйеуі қитығып қалды. Иық бауын салып жатып, бұрын-соңды болмаған мінез танытып: "Тек роман жазудан басқа ештеңе білмесең, бәлендей жақсылық емес", — деп шаға сөйледі. Нобуко тырс етіп үндемей, жүзін төмен салып, қолындағы бешпентті шаңнан тазалай берді.
Және бір екі-үш күн өткеннен соң кешкі газеттегі азық-түлік мәселесіне қатысты мақалаларды оқып отырып, күйеуі айлық тұрмыс шығынын азайту жөнінде әңгіме қозғады. "Ғұмыр бойы студент болып қалмақсың ба?" — деді ол кәдімгідей кейіп. Нобуко оның сөзіне бәлендей мән бермей, галстукке өрнек тігумен отырған. Күйеуі бірақ қазбалауын қояр болмады. "Тіпті мына галстукті-ақ айтайықшы, дайын күйде сатып алған әлдеқайда арзан емес пе?" — деді ол шытынап. Нобуко тағы да үндемей құтылды. Ақыры еш жауап ала алмаған күйеуі тарс ашуланып, әлдебір сауда журналынан бас көтермей қойды. Бірақ жатын бөлменің шамы сөнген кезде күйеуіне қырын қарап жатқан Нобуко ақырын ғана: "Мен енді роман жазбаймын", — деп сыбырлады. Күйеуі үндемеді. Сәлден соң ол әлгі сөзін және бір қайталап, іле жылап жіберді. Күйеуі оны енді зілсіз сөккен болды. Осыдан кейін де Нобуко біразға дейін өксіп жатты. Сосын кенет күйеуінің кеудесіне кеп тығылды...
Ертесіне екеуі бұрынғыдай жарасымды шүйіркелесіп отырды.
Бірақ бір күні күйеуі түн ортасына дейін қызметтен қайтпай кешікті. Ал келген кезінде аузынан арақ иісі мүңкіп, тіпті сырт киімін шешуге жарамай тәлтіректеп тұрды.
Нобуко қабағын түйіп жүріп тездетіп күйеуін шешіндіріп, киімін ауыстырды. Өзінің тілі икемге әрең келіп тұрса да, ол: "Бүгін кешкісін, мен жоқта, романыңды өндіртіп-ақ жазып тастаған шығарсың?" — деп бір түйреді. Қаймыжықтай ернін қисайтып осы тәрізденген сөздерді әлденеше рет айтты. Сол түні төсекке жатқасын Нобуко көпке дейін үнсіз жас төкті. Егер осы күйін Тэруко көрсе ғой, бірге қосылып жылар еді-ау! "Тэруко! Тэруко! Жалғыз ғана жанашырым өзіңсің...", — деп ойлады Нобуко күйеуінің арақ иісі мүңкіген демінен тітіркеніп жатып, осылайша түнімен төсекте дөңбекшіп, ұйқы көрмей шықты.
Бірақ ертесінде екеуі әлдеқалай, байқаусыз татуласып кетті.
Бұндай жағдай бір емес, екі емес, әлденеше рет қайталанды, сөйтіп жүргенде күз де бітуге таяды. Нобуко үстел басына отырып, қалам ұстауды мүлде сиретті. Күйеуі де бұның әдебиет хақындағы әңгімелеріне бұрынғыдай ынталана құлақ аспайтын болды. Енді екеуі кешқұрым хибатидің екі жағында бір-біріне қарсы қарап отырып, үй тірлігі, ұсақ-түйек шаруа қамын сөз етіп уақыт қысқартатын болған. Кешкілік аздап арақтан тастап алған күйеуіне бүл әңгіме аса жағатын. Нобуко кейде оған өкінгендей шыраймен, құлази қарап қалатын. Бірақ күйеуі ештеңені аңғармай, жуырда ғана жіберген сақалының ұшын тістегіштеп, ойланған кейіппен: "Ең құрығанда баламыз болсашы", — дейтін.
Сол тұста ай сайын шығатын журнал беттерінен немере ағасының есімі кездесіп қалатын болды. Күйеуге шыққасын-ақ Нобуко Сюнкити турасында таза ұмытқандай болып, тіпті хат жазуды да тоқтатқан. Тек сіңлісінің хаттарынан оның университетті бітіргенін, жолдастарымен бірлесіп журнал құрғанын білетін. Ол жайлы осыдан артық білуге бәлендей құштарлығы да болмаған. Ал енді журнал бетінен оның әңгімесін оқуы мұң екен, сол баяғы бір кездердегідей жүрегі жібіп сала бергені.
Оның жазғандарын парақтағанда Нобуко үнемі күлімсіреумен отыратын болды. Сюнкити өзінің әңгімелерінде Миямото Мусаси құсап екі семсерді — әжуа мен әзіл-оспақты қатар сілтейді екен. Бірақ бұған әлденеге мына көңілді әжуаның ар жағында бұрын байқалмаған торығу тұрған тәрізденді. Және сол үшін өзін кінәлі сезінді.
Енді Нобуко күйеуіне бұрынғыдан бетер бейілдене түсті. Түнге қарай суып қалатын хибати басында үнемі күлімсіреп, жайдары отыратын болды. Опаланған жүзі тіпті жасаңғырап кеткендей. Тоқымасымен болып отырып, Токиодағы той күнін тәптіштей еске түсіретінді шығарды. Оның тіпті ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай, түгел есте ұстауы күйеуі үшін тосын әрі жағымды жайт еді.
"Сен тіпті соны да ұмытпағанбысың?!" — деп көңілдене әзілдеп қоятын ол ара-арасында, ондайда
Нобуко оған үнсіз еркелей, мейірлене қарап жауап беретін. Бірақ бәрін осынша ап-айқын есінде ұстауы кейде Нобуконың өзін де таңдандыратын.
Ұзамай Нобуко кіші қызының тойына дайындық жасап жатқанын хабарлаған анасының хатын алды. Сондай-ақ хатта Сюнкитидің Тэрукоға үйленуі қарсаңында Токионың зәулім үйлі ауданындағы бір жаңа үйге кіргені хабарланыпты. Нобуко дереу анасы мен сіңлісіне ұзақ құттықтау хат жазды. "Біз мында екеуден-екеуміз, қызметшіміз жоқ, сондықтан қанша қаласам да тойға келе алмаспын..." Ол осылай деп жазып отырғанда қаламы қағаз бетінде әлденеше рет кідірді. Ондай кезде ол қағаздан басын көтеріп, терезе сыртындағы қарағайлы тоғайға телміреді. Әрсіз қысқы аспан астында қарағайлар жап-жасыл болып айрықшаланып көрінеді.
Кешкісін Нобуко күйеуіне Тэруконың тұрмысқа шығатынын айтып, екеуі бүл жайлы біраз әңгімелесті. Күйеуі әдетінше сәл жымиыңқырап, Нобуконың сіңлісінің сөйлегенін айнытпай салғанына қызықтай қарап отырды. Ал Нобуко әлденеге Тэруко жайлы өзіне-өзі әңгімелеп отырғандай сезінді. "Жарайды, ұйықтайтын уақыт болды!" — деді бірер сағаттан кейін күйеуі жұмсақ сақалын сипап, хибати басынан созалаңдай тұра беріп. Нобуко сіңлісіне не сыйларын ойластырып, шымшуырмен күлді сызғылап отырған, кенет басын көтеріп: "Қызық, енді менің де бауырым бар сияқты сезінем", — деді. "Әрине, сіңлің болғандықтан бауырың да бар болады да", — деді күйеуі, бірақ әлдеқайда ойлана қарап қалған. Нобуко оның сөзіне жауап қатпады.
Тэруко мен Сюнкитидің тойы желтоқсанның ортасында өтті. Сол күні түсте аспаннан жапалақтап ақ ұлпа қар жауды. Таңғы асын жалғыз ішкен Нобуко көпке дейін таңертеңгілік жеген балықтың иісінен арыла алмай қойды. "Мүмкін, Токиода да қар жауып тұрған болар", — деп ойлады ол ала көлеңке ас үй ортасындағы хибатиға төне түсіп. Ал балық дәмі аузынан кетер болмады.
3
Келесі жылдың күзінде, қызмет бабымен іссапарға алған күйеуіне ілесіп, Нобуко екі жыл көрмеген Токионың көшесіне аяқ басты. Бірақ күйеуінің ісі қауырт еді, бірер күнде бітіріп үлгеруге тиісті-тін, белшесінен шаруаға батқан ол бұнымен бірге жүре алмайтын болды, тіпті енесімен амандасып шығуға әрең деп уақыт тапты. Сондықтан да сіңлісі мен күйеу баласының жағдайын біліп, қала сыртындағы жаңа үйлерін көруге аттанған Нобуко трамвайдың ең соңғы аялдамасынан түскен соң, рикшаның күймесінде жалғыздан-жалғыз теңселіп келе жатты.
Олардың үйлері қаланың ең шетінде, көшелер жазық далаға тірелген тұста екен. Бірақ төңірек толы осы сияқтанған жаңа үйлер, тәрізі, бәрі жалға берілсе керек. Қалқасы бар қақпа, бұтадан жасалған қоршау, көлденең сырықтарға жыпырлата ілінген кірлер — барлық жерде бірдей көрініс еді. Тұрғын үйлердің бір-бірінен айнымауы Нобуконың көңілін пәсейтіп тастады.
Бірақ қақпа аузына тақап, үй иелерін дауыстап шақырғанында алдынан немере ағасы Сюнкитидің өзі шыға келгені. Ілуде бір келетін қадірменді қонақты көріп ол баяғы күндердегідей: "Ә!" — деп көңілдене дауыстады. Нобуко оның шашының бұрынғыдай тікірейіп-тікірейіп тұрмағандығын бірден байқады.
— Көріспегенімізге көп болды-ау.
— Кәне, үйге кір! Өкінішке орай, мен жалғызбын!
— Тэруко қайда? Үйде жоқ па?
— Бір шаруамен кетіп еді. Қызметші де үйде жоқ. Нобуко сол қысылыңқырап, кіре берісте тұрып әдемі астарлы пальтосын шешті.
Сюнкити оны бір шағын бөлмеге кіргізді. Бұл әрі қонақжай әрі кабинет еді. Барлық жерде үйіліп кітап жатты. Сәл-пәл ашылыңқыраған седзидің саңылауынан түскен кешкі шапақ бетін шалған күрең қызыл сандал ағашынан жасалған шағын үстелдің айналасы шашылған газет, журнал, қолжазбаларға толы еді, тіпті қасына бару мүмкін еместей. Астан-кестең үй ішінде жас әйелдің тұратынын айғақтаған бір ғана дүние — гоконома ішіне қойылған жаңа кото ғана еді. Нобуко біразға дейін жан-жағына таңырқап қараумен болды.
"Жалпы келетініңді хатыңнан біліп едім, бірақ бүгін келеді деген ойымда жоқ. — Темекісін тұтатып тұрып, Сюнкити қонағына аялай қарады. — Ал енді Осакадағы тіршілік қалай?"
"Сюн-санның жағдайы қалай? Бақытты ма?". Нобука да алғаш тіл қатысқан сәттен бастап-ақ көңілінде баяғы жылы сезімнің оянғанын сезінді. Мүлдем хабарласпай кетіскен арадағы екі жыл бұлар күткендей ыңғайсыздық тудырған жоқ.
Хибатиға қолдарын жылытып отырып олар ор нәрсені әңгімеледі. Сюнкитидің шығармалары, ортақ таныстар жайы, Токио мен Осаканы салыстыру. тағысын тағылар. Айтатын әңгіме көп еді, бәрін бірдей қамту мүмкін емес-ті. Бірақ нені сөз етсе де алдын ала келісіп алғандай күнделікті күйкі тіршілік жайына жоламады. Бұл жағдай Нобукоға немере ағасымен сөйлесіп отырғанын бұрынғыдан да айқынырақ сездіргендей.
Рас, ара — тұра үнсіздік те орнап қалып отырды. Бұндай сәттерде Нобуко сол күлімсіреген күйі жанарым төмен салып, хибатидағы күлге қарайтын. Қанша мойындамайын десе де, оның іштей әлденені күтетін күмәнсіз еді. Ондайда Сюнкити кездейсоқ екенін, әлде әдейі сөйтетіні белгісіз, дереу жаңа бір әңгіме бастам, оның үмітін күл-талқан ететін. Нобуко еріксіз Сюнки тидің бетіне қарайтын. Бірақ ол алаңсыз темекісін тартып, емін-еркін кейіпте отыратын.
Бұл аралықта Тэруко да қайтып оралды. Әпкесін көріп қуанғаны сонша, тіпті қолын созуға шамасы келмей апалақтап қалды. Нобуконың ернінде күлкі болғанымен көзінде жас еді. Екеуі Сюнкитидің бар жоғын ұмытып, жарыса хал сұрасып, жағдай айтысып мәре-сәре болды. Қуаныштан бетінің ұшы албыраған Тэруко өзінің тауық өсіріп жүргенін де айтып үлгерді. Сюнкити темекісін тістеген күйі екеуіне көңілі тола қарап, күлімсіреумен отырды.
Осы кезде қызметші әйел де келді. Сюнкити ол әкелген ашық хат бумасын ала салып, үстелге отырды да әлдене жаза бастады. Тэруко үшін қызметші әйелдің де үйде болмағаны тосын жағдай еді. "Демек, апатайым үйде ешкім болмаған ғой, ә?"
«Иә, жалғыз Сюн-сан бар екен". Нобуко осылай жауап берсе, көңілінде еш алаң қалмайтындай көрінді. Сюикити де сол бұрылмаған күйі: «Күйеуіңе рақмет айт әдемілеп шай жасап берген де мен», — деді. Тэруко әпкесіне ым жасап, шалдуарлана күліп жіберді. Бірақ күйеуіне әдейі жауап қатпады.
Сосын Нобуко сіңлісімен, оның күйеуімен бірге кешкі асқа отырды. Тэруконың түсіндіруіне қарағанда, үстелге тартылған жұмыртқа өз тауықтарынікі екен. Сюнкити Нобуконы шараппен сыйлап отырып, социалистік рухтағы пайымдаулар айтумен болды. Соның бірі мынандай мағынада еді: "Адамзаттың тірлігі тек талан-тараж, тонаудан тұрады. Оның бір мысалы — мына жұмыртқа!" Солай деуін дегенмен үстел басындағы үшеудің ішінде жұмыртқа жегенді ең тәуір көретіні Сюнкитидің өзі-тұғын. Тэруко соны айтып, балаша сақылдап күліп ала жөнелді. Кешкі ас кезіндегі арқын-жарқын әңгіме үстінде Нобуко еріксіз сонау алыс қарағай тоғайының ішіндегі шағын мекен-жайдың ас үйіндегі көңілсіз кештерді еске түсірді.
Әңгіме тіпті, жеміс жегеннен кейін де тыйылмады. Сәл қызыңқыраған Сюнкити электр шамының астында аяғын айқастырып тұрып жайғасып алып, түннің біраз уағына дейін тосын ой, тосын әңгімелерін төпелетумен болды. Оның сөзшеңдігі Нобуконы да қыздырғандай.
Жанары жалтылдап: "Сірә, мен де жазуды бастармын!" — деді. Немере ағасы оның сөзіне жауап ретінде Реми де Гурмонның нақыл сөзін дауыстап айтты: "Музалардың бәрі әйел, демек, оларды тұтқындайтын еркектер ғана". Нобуко мен Тэруко Гурмонның сөзіне үдере қарсы шықты. "Демек, әйелден басқа ешкім музыкант бола алмайды деген сөз! Аполлон еркек қой!" — деді Тэруко шын көңілімен.
Осындай әңгімелермен уақыт біршамаға барып, Нобуко қонаға қалды.
Жатар алдында түнгі желбегей киген Сюнкити ішкі галереяның ысырма қабырғасын сырғытып ашып, аядай баққа шықты. Сосын кімге айтқаны белгісіз: "Бері шықшы! Айдың көркемін қарашы!" — деді. Оның сөзіне Нобуко ғана құлақ асты, шұлығы шешілген жалаң аяғын гэтасына сұқты. Жалаңаш балтыры шықтың суығын сезініп тітіреп сала берді.
Ай бақтың бұрышында, сидиған хиноки ағашының басында ілініп қалыпты. Немере ағасы ағаш түбінде, ақшылтым түнгі аспанға қызықтай қарап түр екен.
"Шөптің қалыңы-ай!" — Күтімсіз бақты үрейлене көзімен шолған Нобуко оның қасына келді. Бірақ ол аспаннан көзін алмаған күйі: "Міне, он үшінші түн!" — деп күбірледі.
Үнсіздік бір шамаға созылды, сосын ол бұған қарап: "Жүр, тауық қораны көрейік!" — деді. Нобуко үнсіз бас изеді. Тауық қора бақтың екінші шетінде екен. Олар иық түйістіріп, жайлап басып солай беттеді. Бірақ жөкемен жабылған күркенің ішінен ебелеңдеген көлеңкелерден басқа ештеңе көрінбеді. Мұрынға тауық саңғырығының иісі келеді. Күрке ішіне үңілген Сюнкити естілер-естілмес: "Ұйықтап жатыр!" — деп сыбырлады. "Адамдар жұмыртқасын тартып алатын тауықтар...", — деп ойлады еріксізден-еріксіз Нобуко шөпті басып тұрып.
Олар бақтан оралғанда Тэруко күйеуінің үстелі басында шамға ойлана қарап отыр екен. Қалпағында қыбырлап жасыл шыбын жүрген шамға...
4
Ертеңіне таңертең Сюнкити өзінің ең жақсы бешпентін киіп, тамақтана салысымен шығар есікке ұмтылды. Қайтыс болған бір жолдасын еске түсіру рәсіміне қатысуы керек екен. "Мені күт, жарай ма? Түске дейін қайтсем де келем", — деп тәптіштеді Нобукоға пальтосын киіп жатып. Бірақ сүйріктей қолымен оның қалпағын ұстап тұрған Нобуко тек үнсіз ғана күлімсіреді.
Күйеуін шығарып салған соң Тэруко әпкесін хибати басына отырғызып, шай ішкізіп әбігер болды. Көршілер жайы, тілшілердің келуі, Сюнкити екеуі барған шетелдік театр — екеуінде әңгіме әлі жетерлік еді. Тіпті ауыз жаппай сөйлесуге болғандай. Бірақ Нобуко әлсін-әлсін өз ойымен болып кете берді. Қысқа-қысқа жауап қайырып, әңгімеге құлықсызданып отырғанын кейде өзі де байқап сергуге тырысып-ақ бақты. Ақыры оның бейжай күйін Тэруко да аңғарды. Ол әпкесінің жүзіне алаңдай қарап: "Сізге не болған?" — деп сұрады. Өзіне не болғанын Нобуко да анық білмейтін еді.
Жар сағат онды соққанда Нобуко мұңды жанарын көтеріп: "Ал Сюн-сан болса әлі жоқ", — деді. Әпкесінің сөзінен кейін Тэруко да сағатқа қараған, бірақ бір түрлі салқын дауыспен: "Әлі жоқ", — деп қысқа қайырды. Нобуко оның жауабынан күйеуінің ыстық сезіміне тойынған жас әйелдің тоқмейіл көңіл күйін сезінгендей болды. Сол-ақ екен, жаны бұрынғыдан бетер құлази түсті.
"Тэру — сан бақытты ғой..." — деп әзілдеді Нобуко кимоносының жағасына иегін жасырып. Бірақ қанша әзілдедім дегенмен даусындағы қызғаныш сарыны сезілмей қалмады. Алайда Тэруко алаңсыз кейіппен көңілдене күліп: "Көрсетермін сізге!" — деп сес көрсеткен еді. Іле еркелеген шыраймен: "Апатайым да бақытты ғой", — деді. Бұл сөздер Нобуконың жүрегін тіліп түскендей болды.
Ол қасын сәл көтеріңкіреп: "Солай ойлайсың ба?" — деп қарсылық білдірді де, артынша онысына өзі өкінді. Аңырып қалған Тэруконың жанары бір сәтке әпкесінің жанарымен ұшырасты. Оның да өз сөзіне өкініп отырғаны өңінен білініп тұрды. Нобуко зорлана күлімсіреп: "Сенің солай ойлағаныңнан — ақ мен бақыттымын", — деді.
Бір ауық үнсіздік орнады. Секунд санап сыртылдаған жар сағаттың астында отырып, олар еріксіз хибати үстіндегі шөңкенің бүлк-бүлк қайнағанына құлақ тосты. "Ағамыз сізге жаман қарай ма?" — деп сұрады сәлден кейін Тэруко қорқақтай сыбырлап. Даусынан аяныш аңғарылады. Дәл осы сәтте Нобуко үшін аяушылықтан асқан жек көрінішті нәрсе жоқ еді. Әдейі еш жауап қатпай, қолына ілінген газетті тізесіне қойып, соған үңілді. Бұл газетте де Осакадағы газеттер сияқты күріштің нарқы жайында жазылған екен.
Осы кезде тым-тырыс ас үй ішінде ақырын ғана жылаған дауыс естілді. Нобуко басын көтеріп, хибатидың ар жағында жеңімен бетін бүркеп жылаған сіңлісін көрді. "Жылағаны несі? Қой, жылама". Бірақ Тэруко әпкесінің жұбатқанына қарамастан жылай берді. Кеудесінде бір қатыгез қуаныш оянғанын сезініп, Нобуко сіңлісінің дір-дір еткен иығына қарап үн-түнсіз отырды. Біраздан кейін қызметші естіп қалмасын дегендей Тэрукоға қарай еңкейіңкіреп: "Егер мен кінәлі болсам, кешір. Маған Тэрусанның бақытынан қымбат ештеңе жоқ. Рас айтам!
Тек Сюн — сан Тэруконы сүйсе болғаны..." Осылай деп сөйлеп отырғанда өз сөзі өзіне әсер етіп, даусы да жұмсара түсті. Кенет Тэруко жеңін түсіріп, жас жуған жүзін көтерді. Көзінде бұл күткендей қайғы да, ашу-ыза да жоқ еді. Оның жанары қызғаныштан құрғап, жарқ-жұрқ от шашып тұрған болатын. "Апатайым, неге... неге кеше кешкісін..." Тэруко сөзін аяқтай алмай тағы да жүзін жеңімен жауып, еңіреп қоя берді...
Екі-үш сағаттай өткен кезде трамвайдың ақырғы аялдамасына жетуге асыққан Нобуко рикшаның күймесінде қайта теңселіп келе жатты. Оның көзіне көрінген бар тіршілік көрінісі күйменің жылтыр қағазбен әйнектелген торт бұрышты терезесымағына сыйып кеткен еді. Терезеден жол бойындағы үйлер, ағаштардың сарғайған бұтақтары қылт-қылт көрініп, кейіндеп қалып жатты. Қозғалмаған тек шарбы бұлт торлаған, шытынаған күзгі аспан ғана.
Нобуконың жаны жай еді. Бірақ бұл тағдыр алдындағы дәрменсіздігін мойындаған, бәріне көнген көңілдің жайлануы еді. Тэруконың ашуы қайтқан кезде екеуі қосыла жыласып-сықтасып татуласып, бұрынғыдай тату-тәтті апалы-сіңліге айналған-ды. Бірақ болған жағдайды ұмыта алмай Нобуконың жүрегі ауырлай түсті. Ақыры немере ағасының келуін күте алмай күймеге мінген кезінде де кеудесін енді сіңлім екеуміз бір-бірімізге мәңгілік жатпыз деген ой мұздатып тұрған еді.
Кенет Нобуко жалт қарады. Жылтыр қағаз терезеден қолына таяқ ұстап, лас көшемен адымдап бара жатқан немере ағасы көрінді. Оны көріп жүрегі дүрсілдей жөнелді. Күймені тоқтатса ма екен? Әлде кете бергені жөн бе? Жүрегін қолымен басып, төбесі жабық күйме ішінде екі ойлы болып біразға дейін текке дағдарып отырды. Бірақ Сюнкити екеуінің арасы жақындай түсті. Күннің күңгірт жарығы астында, әр-әр жеріне шалшық су тұрған көшемен жай басып келе жатыр.
"Сюн — сан!" — деп дауыстап жіберуге шақ қалды. Дәл осы кезде Сюнкитидің етене таныс тұлғасы күймемен қатарласты. Нобуко әлі де батылдық ете алмай отырған еді. Ештеңеден хабарсыз Сюнкити өте шықты.
Бұлыңғыр аспан, үй төбелері, ағаштардың сарғыш бұтақтары қайтадан қылт-қылт көріне бастады.
Төбесі көтерілген күйме ішінде бүрісе түсіп, бүкіл болмысымен шарасыз мұңды түйсінген Нобуко: "Күз..." — деп күйзеле күрсінді.
Аударған Б.Қожабекова
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі