Қанат қалыңдығының қатерлі ісікке шалдыққанын естігенде қатты қобалжып, көңілі құлазыды. Танысқанына жарты жылдай болған, мінезі, қылығы ұнап, енді өмірлік жар етсем бе деген ойда болатын. Аздаған серілігімен әркімге бір көз салып, салдық құратыны бар еді, сондықтан болар, үйлену туралы бір шешімге келе алмай жүрген. Енді мына жағдайды естігенде Ұлпанға шын жаны ашыды. Мұңайып, уайымға беріліп, көп күрсіне берді, тіпті оңашада көзінің жасын да төгіп-төгіп алды. Ұлпанды бұрынғысынан арман жақсы көрді. Құлазып жалғыз қалатынын, сағынатынын, өкінішпен іші удай ашитынын ойлады. Қолынан келер қайран болмай қайғырып ұзақ түнді көз ілмей өткізді де, ақыры бір шешімге келді. Таңертең ата-анасына: «Мен Ұлпанға үйленем», — деді. Үлкендер бастапта ет қызуымен айтылған сөз ғой деп ұқты да, ештеңе демеген. Бірақ көп ұзамай-ақ Қанаттың алған бетінен қайтпауға бекігенін білді. «Ауыру әйелді қалай асырайсың? Ол кеткен соң өмірің не болмақ?» деп жер-көктегі сылтауды үйіп-төгіп тоқтатпаққа барын салғанымен, кәрі әке-шешесі амалсыз келісті.
Ұлпанға ауыруы туралы бастапқыда айтылмады. Бірақ туыс-туған, дос-жардың, әсіресе ата-анасының жылап-сықтауынан бәрін сезді. Ал халі белгілі болған кезде, іштей сезсе де, шын жағдайды өз құлағымен есту ауыр тиді. Үш күн, үш түн нәр татпай бүк түсіп жатып қалды. Тек жылаумен болды. Бірақ жақындары ауыруын айтқанмен, доктордың бір-ақ жыл өмірі бар дегенін жасырып қалды. Операция болатынын, әр түрлі дәрілермен, күтінумен жазылатынын, ауырудан құлан-таза айығасың деп өтірік айтты. Жас адамның жанын ауыртып, үмітін үзгілері келмеген. Сол саңылаудай ғана үміт Ұлпанның басын көтерді, тағдырының не жазғанын көруге бекіді. Қанат алдымен үйленуіміз керек деп қасарысты да, оған қыздың ата-анасы да тез келісімін беріп, сәтін салып отау тікті.
Қанат осылайша үйленді. Құдалығын да, ұзатуын да, тойын да бір-ақ аптаның ішінде жасап үлгерді. Тойдан кейін көп кідірмей Ұлпанға ота жасалды. Астананың ең білгірлері, Жапония, Кореяда оқыған, мол тәжірибесі бар, жоғары өрелі мамандар деп таныстырылған бір кәріс, бір қазақ доктор барын салғандарын айтып, ендігісі Аллаға аманат деді. Және де әр түрлі дәрілерді ұсынып, ең бастысы көңіл-күйін жақсы сақтасын деді.
Отадан кейін бір айға жуық ауыруханада күтініп, Ұлпан үйге келді. Қанат осы бір жыл ішінде оны ешбір ренжітпеуге, асты-үстіне түсіп күтуге, өмірінің соңғы жылын бақытты, көңілді күйде, жанға батқан ауыруын сезбей, қиналмай кетуіне себепші болуға іштей ант берді. Осылай істесе өзінің жаны да тыныш болатынын білді. Ұлпанға күнде күлімдей қарап, көңілді сөздер айтып, бар махаббатына бөлеп жүрді.
Қанат мүлде өзгеріп кетті. Бұрынғы қылтың-сылтың, ойын-күлкісін тастады. Қаланың ең жақсы жерінен оңаша пәтер жалдап, сонда барып тұрды. Қарымай, талмай жұмыс істеп, бар тапқанын Ұлпанға жұмсады. Отадан кейін үш айдай төсекке таңылғанымен, Ұлпанның халі біртіндеп оңалып келе жатты. Ата-анасы, өзге де туыс-туғаны жиі-жиі келіп, оның көңілін көтеріп, көр-жерді әңгіме қылып, күлдіріп, бірде сыртқа алып шығып қыдыртып, әйтеу жалықтырған жоқ. Ауыруы туралы айтатындары: «жақсы болып қапсың, аз уақытта-ақ аттай боласың» деген үмітшіл сөздер болды. Қанат секілді басқалары да оның көңіліне қылаудай болсын көлеңке түсірмеуге тырысты. Үйдің іші кең, жылы, ашық реңмен әрленген, жанға жайлы болатын. Терезесі баққа қарайтын, таң атса торғайлардың шырылы естіліп, жаңа көтерілген күннің жалқын сәулесі көлденеңдей түсіп, көзді арбайтын. Сол сұлу сәуле мен сазды шырылдан Ұлпан ауыруын ұмытып, сергіп оянатын болды. Күллі әлем бұны сүйетін, барша өмір қызық, мәнді секілді, барлық адам аяулы болып көрінді. Өйткен сайын үміті де арта түсті. Өзін күтіп, ертелі-кеш көңілді болды.
Қанат құдай қосқан қосағына барған сайын бауыр басып, онан арман сүйіп кеткенін байқады. Бірақ осы сезімінің бір бөлігі ертең ол өмірден қайтып кетеді-ау деген аяушылықтан туып жатқанын да білетін. Оны ойлаған сайын Ұлпанды аялай түсті. Аялай жүріп ойлады: «ертең Ұлпан өмірден кетсе, мен мына құрша сүйіспеншілігіммен қалай еңсемді тік ұстап қалар екенмін? Ауыр болады-ау, қалай төзер екенмін?» деп уайымға берілді. Бірақ оның бір ұштығын да Ұлпанға сездірмеді. Сездіріп қоярмын деп, оны ойламауға тырысты. Оған бола бұл уайым жоғалып кеткен жоқ, қайта аяқ астынан сап ете қалып, жиі мазалай бастады.
Енді Қанат Ұлпанның өліміне қазірден бастап дайын болу керек деп шешті. «Ұлпанның өлетіні анық. Тірі адам тіршілігін көреді, мен өз өмірімді жалғап, күйзеліске түспей, еңсемді биік ұстап қалуым керек!» деп өзіне ескертіп отыруды әдет қылды. Осыдан кейін ол шындығында да барлығын шартты түрде істеуді үйрене бастады. Ұлпанның көңілін көтеру, оны аялап, махаббатқа бөлеу, күтіміне көңіл бөліп, ештеңеден тарықтырмау — бұның бәрі бір күні ақырласатын міндеттер, дәл сол күнге дейін бұлжытпай орындап, шіп-шырғасын шығармаса болғаны. Осындай ойға мүлдем бекіп алды десек өтірік болар, оның да ары бар еді, осы ойы үшін кей түндері ұйқысыз дөңбекшіп шығатын. Әсіресе Ұлпанның бұған бар ынтасымен сеніп, құлай сүйіп, мейірлене қараған сәттерінде іші удай ашып, өзін-өзі жеп жіберетін. Қалай дегенмен бұның жалған қамқорлығына Ұлпанның шын махаббатпен қарауы — қатты ауыр тиді.
Осындай ауыр арпалыс үстінде он айға жуық уақыт болғанда Ұлпанның денсаулығын тағы бір рет тексерту үшін, ауыруханаға алып барды. Анализ жасап, қан алып, біраз сенделткен соң, ертең келіп нәтижесін аласыңдар деді. Ертесі Қанат өзі ғана келді, оқыс жағдайды Ұлпанға білдіргісі келмеді. Бірақ нәтиже ол ойлағандай болмай шықты. Ұлпанның ауыруы 70 пайызға оңалған, адам таңғалатын жағдай, енді организм тек күшейе береді. «Ұлпан өлмейтін болды!» Қанат қатты қуанды. Есі шығып мәз болды. Жарына жеткізбей жай таппай, асығыс үйге тартты. Он ай бойы айтқан өтіріктері шынға айналды. Бірақ бұған Ұлпанның таңқалмасы анық, ол жазылатынына сенді ғой, сондықтан оған айтқанда сонша алақайламаған оң шығар деп бір түйіп қойды. Үйге жеткенше де біраз ойлар мазасын алып үлгерді. «Әй, ақымақ басым-ай, қандай нашар адам едім, осыған дейін оны өлімге қиып келдім ғой...», «Енді Ұлпанның бетіне ұялмай қалай қараймын?», «Не ойлағанымды білсе ғой, күнім...», «Адамшылық жоқ екен-ау менде...», «Бәрін айтсам ба екен? Жайып салсам ба екен не ойлағанымды?.. Ақтарылып, ағарсам ба екен алдында...», «Қой, құрысын, көңіліне көлеңке түсіріп алармын... Енді шын аяйыншы сорлыны...» деп өзін әрең сабырға келтірді.
Үйге келген соң да қарадай қысылып, әйтеу Ұлпанның қуанышын, жеңісін көріп жайланғандай болды. Бұл кезде Ұлпан өзінше үй жұмыстарын ыңғайлай беретін болған. Көңілді жүріп шай жасады. «Енді ауыру сені жеңе алмайды, жаным, құтылдың» деді Қанат Ұлпанның шашынан иіскеп.
Шайдан кейін көп отырмай, жұмысын сылтау қылып Қанат шығып кетті.
Күндер жылжып өтіп жатыр. Ұлпан күн өткен сайын бойы сергіп, өзін жақсы сезіне бастады. Қу сүйек боп арыған болатын, ептеп еті толып, өңі кірді. Қанат та іштей шүкір деп жүрді, бірақ бұрынғыдай еңбекқорлығы қалып, жұмысқа ынтасы азая бастаған сыңайлы. Таңертең зорға тұрып, кешке үйге шаршап жетеді. Әзіл-қалжыңы мен тәтті сөздері де күннен күнге сирей берді. Жағдайымыз көтермейді деп бұрынғы пәтерден шығып, бір бөлмелі шағын ескі пәтерге көшті. Ұлпан оның ешқайсысын елеген жоқ, өзін өлімнен алып қалған жақындары мен Қанаттың махаббаты екенін сезеді, сезгендіктен күйеуін қатты сыйлайды, құлай сүйеді. Енді ол не десе де көнбекші, қайда жетелесе де ермекші. Жарының қабағын бағып, қалт еткен көңіл-күйін дәп басып табуға тырысады.
Аттай шауып тағы да 8-9 ай уақыт өтті. Бұл кезде Ұлпанның денсаулығы негізінен оңалған, енді мен де жұмысқа шығармын деп, болмаса бала көтерсем дегенді ойлай бастаған. Ал Қанат көк жалқауға айналды, бір жұмыстан босап қалып, екіншісін іздейді, онда да көп тұрақтай алмай тағы сандалады. Ұлпан кейде ақыл айта бастаса, күйеуі бар бәлені қоғамнан, таныс-тамырдың жоғынан көріп, күйреуік сөздер айтып, есе бермейді. Кейде тіпті себепсіз кеш келетінді шығарды. Бұған да Ұлпан көнген.
Бір күні Қанат мүлдем үйге қайтпады. Ертесі күні түн ортасына жуықтағанда есік қақты. Ұлпан әлі ұйықтамаған, көңілі аласапыран болып, уайым үстінде жатқан. Есікті әдейі ашпай, қасарысып біраз жатты. Бұған Қанат тоқтаған жоқ, одан арман қаттырақ ұрғылап: «Әй, қатын, аш есікті!» — деп өктем дауыспен, естірте айғай салды. Көршілер оянып кетіп ұят болмасын деп, Ұлпан атып тұрып есік ашты. Қанат қызу екен — бұл көргелі күйеуінің бірінші рет ішуі. Ашулы бейнесіне қарап, ұрып жібере ме деп қорқып, еркіне бақты. Үйге кірген соң Қанат артықша даурыққан жоқ, салынып тұрған төсекке барып, мүлгіп отырып асықпай шешініп жатты. Ұлпан үркектей кеп жанына қисайды. Қанат та бірден ұйықтамапты.
— Сен өзгеріп кеттің, — деді Ұлпан жасқанған үнмен.
— Жоқ, мен өзгерген жоқпын, — деп зілдене үн қатқан Ұлпанның күйеуі ары қарай аунап, бетін теріс бұрды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі