Махмұтты еске түсіру
Сұлтанмахмұт еш уақытта да өз айтқанынан басқаға көнгісі келмейтін. Мен бала кезімде Сұлтанмахмұтты екі рет жолықтырдым. Ұзын бойлы, құбаша жігіт еді. Ауылға келгенде, өзін басқадан жекелеп, ылғи ойға батумен, бір мәселелерді іздеумен уақытын алатын. Сұлтанмахмұтта ешбір жеңілтектік, бос сөзге үйір болу деген жоқ еді. Ол оқымаған жай халықтың өз арасында отырса да, ылғи мәдениет мәселесі туралы әңгіме айтып отыратын.
Екінші жағынан, Сұлтанмахмұт ауылда жүргенде дәйім адамның мінезін, психологиясын сынап, көңіліне жақпаған адамдар туралы отырған жерінде бір-екі ауыз өлең жазып, қалдырып отыратын. Сұлтанмахмұттың бұл тәрізді жазған өлеңдерінің көбі оның шығармаларына кірмеген сияқты.
Сұлтанмахмұттың дүниеде жек көргені арамза бай мен залым болыстар еді. Бір жылы жаз күні, мен әлі күні ұмытқаным жоқ, менің ауыл мектебінде оқып жүрген бала күнім еді, Махмұтты көруге бір көршілес ауылға бардым. Онда Махмұттың менімен ісі жоқ, тек жиналған халықтың алдында империалист соғыс жайында оларға әңгіме айтып отырғанын көрдім. Бір уақытта Махмұт пен біз қарайтын елдің болысы өзінің шабарманынан хат жіберіп, «біздің үйге келіп, қала жайынан әңгіме айтсын» деп Махмұтты шақыртыпты. Махмұт хатты оқып болған соң, болыстың шабарманына ашуланып қарады да:
— Мен Поштай ауылына барып сауын айтатын шапқыншы емеспін, әңгіме іздеген кісі өзі келер! - деді.
Махмұттың бұл сияқты еркін сөзі ол кезде жат болатын. Махмұтты тыңдап отырған жұрт қуанарын да, қорқарын да білмеді. Бірақ есіктен шығып бара жатқан болыстың шабарманы өзінің әдетінше:
— Шоқпыттың баласы, бұл да кісі болған екен! - деді.
Махмұт осы сияқты бірегей айтатын сөзін бөгеп қалмайтын турашыл болғандықтан, оны қалың бұқара өте жақсы көруші еді.
Махмұт жүрген жер әрқашан жиын, базар болып, оқуға талпынған жас жігіттердің көбі оның төңірегінде жүретін.
Махмұтты ең соңғы рет 1919 жылы көрдім. Онда Махмұт аурудан әбден арықтап жүдеген. Мен ол кезде ашық еш нәрсені айырмайтынмын. Оқуға түсе алмай, Керекуде Мәшһүр -Жүсіптің Әмен деген баласының үйінде жатыр едім. Бір күні Сұлтанмахмұт келді. Әменмен сөйлесіп отыр:
— Үміт деген нәрсе қашан да болса адамның серігі ғой, мен ауруымды жазып, сендермен бірге қызмет істегім келеді, - деді.
Әмен ол кезде қазақтан шыққан большевиктердің бірі болатын.
Сұлтанмахмұт менің жайымды сұрап, біліп, орысша оқып жүргеніме қатты шат болып, біздің ауылға бір бара алмай кеткеніне өкінді. Бұдан кейін Махмұтты көруге болмады.
М. Әлкей 1940, 22 май.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі