Бұл әңгіме — әңгіменің героинасы Совет Одағының батыры Мәншүк Мәметованың өзіне арналады.
жазушы.
Қалың қарағайлы орманның арасында шытырлап жанған бұтақтарды айнала отырған жауынгерлер, айсыз түнде Мәншүктің бетінде ойнаған жалынның сәулесіне қарағаны болмаса, оның кішкене денесін айнала бұрып, жіңішке, жұмсақ даусымен айқын айтқан сөзін тыңдаған жоқ. Несін тыңдасын, дағдылы үгіт; «өзің өлме, жауды өлтір! Егер қапыда өлсең, сенің атыңды халқың өз тарихына алтынмен жазады!..»
— Айтайын дегенім осы, жолдастар, — деді Мәншүк сөзін аяқтап.
— Кімде сұрау бар?
Ешкім үндемеді.
— Міндетті түсінікті деп санаймыз да онда?
— Түсінікті! — десті жауынгерлер бір ауыздан.
Расында түсінікті еді: бұдан он бір күн бұрын, 1943 жылдың 6 октябрінде генерал-лейтенант Галицкий басқаратын үшінші ұрғыш армия шабуылымен немістердің қорғанын қиратып, 30 шақырымдағы Невель қаласын алып тоқтаған. Қапыда қырылған немістер есін тез жинап, ұрғыш армияны қоршау қамына кіріскен. Кезеңін тапса, немістің қоршауына мүмкіншілік жоқ еместе: ұрғыш армияның алды ілгері кеткенмен, көршілес армиялар кезінде жәрдем бере алмағандықтан, екі бүйірі қысыңқы қап, немістер сыртын ораңқырап кеткен.
Ұрғыш армияны қоршау үшін неміске кеңдігі 5 — 6 километрдей жерді ғана қаусыру керек, ол үшін ең қолайлы орын Қаратай және Үлкен - Иваново дейтін екі шалқар көлдің, арасындағы — қылы. Отан соғысының алғашқы кезінде шегінген біздің, армия жауды бөгеу үшін, Заиванье дейтін поселкенің тұсында қылыны жырып, екі көлді каналмен қосып жіберген, сол канал әлі сақтаулы. Енінің ең кең тұсы жүз метр, ұзын тұрқы шақырымдай, түйенің мойнындай иреңдеген бұл сопақ қылының теріскей жақ бұйратты белесінде бекінген немістер, күнгей жақ бетіндегі орманда біздің армияның қазақстандық жүзінші бригадасы жатыр. Қылының өзі немістердің қолында. Жері қайқаң, жазық келген мойнақтың өн бойында төселген минадан ат тұяғы сияр жер жоқ. Миналардың арасында аралары алшақ құрылған үш қабат сым тор.
Ажалдың осы араны жол бермейтінін көрген біздің төрт разведчик: Раисов, Мырзабаев, Әлімбаев, Нұрлыбаев — Қаратай көлінен салымен жүзіп өтіп, октябрьдің он екісі күні немістің Битке дейтін обер - лейтенантын ұрлап әкелді. Биткенің баяндауынша немістер октябрьдің он бесі күні каналдан жиналмалы көпір арқылы өтіп, шабуылға кіріспек те, біздің армияның қысыңқы бүйірін сыртынан құшақтай қаусырып, қамауда қалған үш дивизия мен екі бригаданы қырмақ.
Разведка тағы да алып келген «тілдердің» сөзіне және қолға түскен неміс документтерінің ыңғайына қарағанда, Биткенің мәліметі дұрыс.
15 октябрь күні немістердің осылай шабуыл жасауы анықталғаннан кейін, үшінші ұрғыш армияның соғыс советі кеңесті де, қимылға немістерден бұрын кіруді ұйғарды, бұл ұйғару бойынша шабуылды қылының аузында тұрған жүзінші бригада, оның ең алдындағы 2-батальон бастамақ. Мәншүк осы батальонда. Бұл мақсатты орындау үшін Исин Мәуленнің құрылысшы батальоны 15-октябрьге қараған түні, түн бойы жолдағы миналарды тазалап, сым торларды қияды. Ажал араны тазаланып біткенін Мәулен қызыл ракета атып білдіреді, сол кезде артиллерия «ойнап» жаяу әскерге жол ашады. Шабуылдың мақсаты: немістерді Изочка станциясына шейін сырып тастау.
Командованияның осы планын октябрьдің он үшінен бастап жүзінші бригаданың әрбір бөлімшесіндегі үгітшілер жауынгерлерге ұғындыруға кірісті, солардың бірі — бірінші ротаның партия ұйымдастырушысы — Мәншүк Мәметова.
«Осылай да, осылай» деп бұл мәселені Мәншүктің өз ротасындағы жауынгерлерге айтуы бір емес, бірнеше рет. Әр айтқан кеңестің сөзі басқа болғанмен, мағынасы бір. Сондықтан, бастап бейілдене тыңдаған оның сөзін, кейінгі кеңестерінде жауынгерлер соғыс тәртібі қатаңдықтан ғана отырды, егер босаң тәртіпті жиналыс болса, олар алдақашан «несін қайталай бересің соның» — деп тарқасып кетер еді: Кеңесін аяқтаған Мәншүктің «түсінікті ме?» деген сұрауына, жауынгерлердің бір ауыздан «түсінікті» деп шу ете түскен себебі де осы.
Соғысты басынан кешкен кісі, — шабуыл болардың алдында сол шабуылға қатынасатындардың жан-жүйесін жақсы біледі. Бұл кезеңде, бұрын соғысқа қатынасқан адамға да, қатынаспаған адамға да өмірден керегі бір ғана зат, ол — қай ретпен болса да езу тарту, күлу, реті келсе қатты күлу, шегі қатқанша күлу. Адамның өмірінде шабуыл алдындағы күлкіден тәтті, рахат күлкі жоқ. Шабуыл алдында осы тәтті күлкімен рахаттанғысы келмейтін не жауынгер, не командир болмайды.
Бірақ, күлдіретін кім? Ертеңгі шабуылда өлем бе, жараланам ба, әлде тірі қалам ба деген сезімнің толқынына бір батып, бір қалқып жүрген адамды күлдіру оңай ма? Егер, осы отырған топта шабуылға қатынаспайтын адам жоқ болса, қайсысы ерігіп, қайсысының күлкісі кеп отыр дейсің?
«Көре-көре көсем болады» деген қазақ мақалы соғыс майданында да шындықтың айнасы. Онда да соғысты басынан көп кешкендер өлім қаупінің тұйығына кеп иірілген көпшіліктің күлкі толқынына жол ашып жібереді. Жүзінші бригада мұндай «көпті көріп көсем болғанның» бірі Сүлейменов Ыбырайым, 43 жылдың 14 октябрі күні оның есебінде өзі дәлдеп атып жыққан 370 неміс бар.
Мәншүк сөзін аяқтағаннан кейін жауынгерлер «түсінікті» деген жалғыз ауыз сөзден басқа ешнәрсе айтпағанын бақылап отырған Ыбырайым, көпті көңілдендіру, күлдіру ниетімен әзіл бастады.
— Сізге бір сұрау беруге бола ма, жолдас үгітші қыз, — деді Мәншүкке.
— Айтыңыз!
— Міндет түсінікті және оны орындаймыз да. Сізден сұрайын дегенім: үгіттеуге жақсысыз, сонда сіз, осы майданға келгелі неше неміс өлтірдіңіз?
Мәншүк үндемей қалды, несіне үндесін, дауласар дәлелі аз армияға өзі тіленіп кірген Мәншүктің көп уақыт қызмет атқарған орны — штаб. Сол штаб қызметінде жүріп ол пулеметті меңгеру кружогіне қатынасты да «озат атқыш» деген баға алды. Бірақ, өткінші сияқты жеңіл - желпі бірдемелерге қатынасқаны болмаса, атқыштық өнерін сұрапыл қырғында қолдану сәті әлі түскен жоқ. Сондықтан, онымен әзілдескісі келген жігіттер «біздің Мәншүктің атқыштығы сондай: һауаның қай жерін көздесе де оғы мүлт кетпейді» десетін, Мәншүкпен осылай қалжыңдасатын бір жауынгер, Ыбырайымның сөзін қостай кетті:
— Бәсе, десейші, — деді ол — осы әйелдер сөзді ерлермен бірдей сөйлегенде, жауды неге бірдей өлтірмейді екен?
— Әйелден ерлік шыққанын қашан көріп ең? — деп даурықты біреуі.
— Неге ер жоқ? — деді Мәншүк, — Зоя Космодемьянскаяны қайтесің?
Әйелден ерлік шықпайды» дегенді аңдаусыз айтып қалған жауынгер, сөзді бұрмалағысы келіп:
— Ол рас, — деді Мәншүкке, — Зоя батыр қыз. Сен сондай қазақ қызын тауып берші бізге!
Мәншүк тағы да кідіріп қалды. Оның қасында отырған, батальондық партия ұйымдастырушысы Диқанбай Қосанов Мәншүкке қарап ақырын жымиды да:
— Қазақтың бүгінгі қызын сұраймысың, бұрынғы қызын сұраймысың? — деді жауынгерге.
— Қайсысы болса да?
— Бұрын талай ер қыздары болған қазақтың, — деді Диқанбай.
— Мәселен?
— Батырлар туралы айтылатын жырларды естідіңіз бе? — деді Мәншүк дәлел таптым дегендей қосарлана кетіп.
— Естімек түгіл оқыдым да...
— Қобландының серігі Құртқаны, Тарғынның серігі Ақжүністі қайтесің?
— Қайтем оларды? (Жауынгерлер ду күлісті). Білем, батырдың сенімді жарлары. Еріне жан-тәнмен берілген әйелдер осы күні де аз емес. Менің сұрап отырғаным: найза алып жауға шапқан, ту көтеріп қол бастаған қазақ қызы. Сен сондайды тауып берші!
Сөзден тосылғандай болған Мәншүк кідіргенде, бригаданың соғыс қимылын басқарушы полковник Баймолдин Әбілхайыр мен батальон командирі капитан Ушаков келіп қалды.
Баймолдиннің бұйрығы бойынша басталғалы тұрған шабуылдың тәртібі былай болуға тиісті: қылының бергі бетіндегі даланы минадан тазалауға капитан Исин Мәуленің құрылысшы батальоны түнгі сағат «нуль, нуль» ден кіріседі. Тазаланған даланы Ушаковтың атқыш батальоны жылжи еріп бекітіп отырады. Құрылысшы батальонның алды «төрт, нуль - нуль» - де каналға жетеді де, қызыл ракета атады, сол кезде артиллерия ойнап, жаяу әскерге неміс қамалын басып алуға мүмкіндік береді.
Осы бұйрықпен іске кіріскен батальонның Мәншүк оң жақ қанатында еді, қасында автоматчиктер ротасы және станкалық пулеметтің кезегіндегі екі жігіт.
Түн. Аспанды қоршаған қою бұлттан шиыршық қар ұшқындайды. Қызыл армияның қимылын жау естімесін дегендей немістер жақтан ескен ызғырық салқын жел әрбір жауынгердің құлағына «еппен қимылда, — жауың сезімпаз; тез қимылда, — уақыт аз! Сақ бол, айналаң ажалдың араны! Қырағы бол, — қапыда өлме!» деп сыбырлағандай болады.
Бұл сыбыр желдің ғана бұйрығы емес, жердің де, елдің де бұйрығы екенін ұққан әрбір жауынгердің денесі дағдылы қалпынан жүз есе епті сияқты. Дәл осы минуттерде сақ құлаққа желдің жылжуын естуге болады, олардың қимылын естуге болмайды. Олардың төңірекке төне қараған көздерінен ұшқан ұшқын бронды бауырдай тілетін термиттік оқтан да өткір: термиттік оқ бір қарыс бронды ғана тіліп өтсе, бұлардың көз ұшығына түннің қалыңдығы бір емес, жүз емес, мың да, миллион да емес, нелер миллиард қарыс бронын тіліп өтіп, аспан мен жердің қабысқан жиегіне шейінгі жер бетіндегі барлық затты көріп тұр. Тіпті жер шарының жартысын бүркеген бүгінгі түннің өзі түн емес, түнді тесе қараған жүзінші бригада жауынгерлерінің қара көзі сияқты.
Құрылысшы батальонның жауынгерлері қолдарына ұстап жер бетін сипай жылжытқан мина тапқыш құралдың тұмсығы жаудың жерге жасырған миналарын тінте бастады. Із тапқанда жер тырналап қыңсылаған тазыдай мина тапқыштар да жерде жасырынған минаның исін сезсе, жауынгердің құлағына сыңғыр ете қалады. Ажалды құшағын жайған минаның жауынгерлер қол-аяғын қырқады да, дәрменсіз денесін домалатып тастай береді.
Осы қарқынмен қимылдаған Мәуленнің батальоны сағат «төрт, нуль-нуль»де жететін мерзімге сағат «екі, он жеті» де барып қалды. Ушаковтың батальоны да өкшелеп қалмай келеді. Немістер жағынан әзірге сезінген белгі жоқ.
Ракетаны қазір атайын десе, уақыт әлі ерте, артиллерияның даяр болмауы мүмкін; өздері ілгері жылжиын десе — жаудың алдыңғы бекініс ұялары тым жақын және естілген дыбысқа қарағанда ояу сияқты, аспанның батыс жақ жиегіндегі көмескі ақтаңдақтан блиндаж бен блиндаждың арасында ор арқылы еңкеңдеп жүгіргендердің бастары да қараңдап көрініп қалады. Не істеу керек?
Екі батальонның командирлері ақылға отырғанда, тәуекелшіл, өжет Ушаковтың сөзі өзгеден қонымды көрінді.
— Бұл араға біздің жеткенімізді жау сезсе, — деді ол, — шабуылға даяр тұрған күшін төгіп жібереді де, артымыздан келетін күшті кесіп тастап, бізді жеке мелжемдейді. Мұндай қауіпке кернеу көзді жұмбай-ақ, басқа айла қолданайық: ең сенімді жігіттерден құрылған екі отряд сал байлап суға түссін де, қылының орта тұсындағы биікке салынған Заиванье поселкесін алсын. Каналдан жүзіп өтіп бер жағынан біз жетейік. Егер сәті түсіп осы тілекке жете алсақ, екі батальонмен жаудың екі дивизиясын ұзақ уақыт бөгеуге мүмкіншілік бар.
Осы ұсыныс қабылданып, суға жүзетін отряд адамдары іріктеле бастағанда:
— Менің де қосылғым келеді, жолдас капитан! — деп рапорт берді Мәншүк Ушаковқа.
— Жоқ, сіз мұнда керексіз — деп кесіп айтқан Ушаковтың бұйрығына таласу тәртібінде жоқ Мәншүк, мұңайған кескінмен, пысық қимылды денесін баяу ғана қозғап өзінің пулеметі тұрған жерге кеп жамбастай отыра кетті.
Малтуға кеткендерді жөнелтіп сап, кейінге хабаршы жіберіп, құрғақта қалғандардың дайындығын аралап жүріп тексерген Ушаков келгенде, Мәншүк жамбастаған қалпында әлі отыр еді. Оның мана жәбірленіп кеткенін сезген Ушаков, сол сезімі әлі жадырамағанын абайлады да, сөзін жұбатудан бастады:
— Өкпелеп отырсың-ау, жолдас Мәметова, маған? — деді ол қасына отыра кетіп,- — білем. Бұл жорыққа аттанарда жігіттермен қалжыңдасқаның да есімде. Осы арпалыста ең батыр деген жігітпен жігер-қайратыңды таластыруға іштей берген сертіңді кескініңнен ұққам. Сен жауға бұрын жеткенді батыр деп ойлама, екіталай күн туғанда бекінісін бермегенді батыр деп ойла. Менің шамалауымша, қылының өн бойын біз аламыз. Бірақ соны ұстап тура аламыз ба, жоқ па — ең зор мәселе осында. Біздің мылтықтың даусынан түршіккен жау барлық қаруынан оқты борандатып жіберіп, артымыздан жететін күшті жылжытпай қойса, осы қойнаудағы жаудың шабуылға даяр тұрған екі дивизиясымен біздің бір ғана батальон арпалысуға тура келеді. Кімнің ерлігі қанша екені сонда көрінеді, қарындасым. Рас па?
— Рас! — деген жауапты ашық, ақжарқын дауыспен қалай айтып жібергенін Мәншүктің өзі де аңғармай қалды.
— Серттесейік, осыған! — деді Ушаков қолын ұсынып.
— Серттесейік! — деп, орнынан атып тұрып, жіңішке, нәзіктеу саусақты алақанын Ушаковқа ұсынған Мәншүктің бойында, мана қалыңдығы қара бұлттай оралған жәбірлену сезімінің ізі түгіл, көлеңкесі де қалған жоқ еді.
Осы кезде, Заиванье жақтан атылған қызыл ракета, жұлындай шаншылып аспанға зымырай жөнелді. Мылтықтан атылған оқтардың нысанаға ұзап ұшпай-ақ тиюі қып-қысқа, тық-тық еткен даусынан білініп тұрды. Біздің кісілер жау қамалына жеткенін білгендей, кейінгі артиллерия да ойнап қоя берді.
— Шабуылға! — деген Ушаковтың өткір үнмен айтқан бір ауыз сөзі, кемеріне толған өзен суын жарып жіберген болат кетпен сияқтанып, команда күткен көпшілік лық етіп, ілгері ақтарыла жөнелді.
Командаға делебесі қозған жауынгерлер жүгіре басып каналға жетті де іркіліп қалды. Канал жап-жалпақ, ені елу метрдей бар.
Разведканың хабары бойынша бұл каналдың тереңдігі орта бойлы кісінің кеудесінен келуге тиісті. Қараңғы түнде қара майдай құлпыра толқып жатқан кішігірім өзенге жақын суға Ушаков «түсе қалыңдар!» деп бұйыра алмады. Командованияның бұйрығы бойынша бұл каналға жауынгерлер артиллерия ойнағаннан кейін жетіп, арттарынан грузовикпен әкелген көпірді салып етпек те. Оны күтуге уақыт жоқ, не істеу керек?
«Кім біледі деп ойлады Ушаков, судың тереңдігі разведканың айтқанындай болса жақсы, егер болмай, терең суға бөлімшемді қарқ қып алсам, мойныма мәңгі түспестік күнә жүктермін».
Осы күдік ойын толқытқан Ушаков:
— Малти білетіндер тез суға түссін, — деп команда берді бөлімшесіне, — ауыр құралды солар арқаласын. Малти білмейтіндерден суға әуелі ұзын бойлылары түсіп көрсін, қалғандары соларға қарап өтсін. Егер, су терең болса, малтитындар малтымайтындарды алып шықсын.
Команда берілгеннен кейін, малтымпаздар шеті қабыршақтанып қатуға айналған мұздай суды шопылдата күп бергенде, олардың артынан бойы ұзындар түсе қалғанда:
— Тереша! — деді елеңдеген Мәншүк, пулеметтегі кезектесі, ұзын Терентийге, — түс сен де!
Терентий басын шайқады. Оның бұл қылығына кейіген Мәншүк, қаналдың кемерінен жылжып сұға қарай түсе берді.
— Маша! — деді Терентий, — сен де малтымақпысың?
— Әрине!
— Малти білмейсің ғой, сен?
Мәншүк үндеместен суға таяна түсті. Несіне үндесін бұрын малтып көрмегені рас та.
Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішеді, ер басына күн туса, етігімен су кешеді» дейтін атасы қазақтың мақалын жақсы білетін Мәншүк, мынадай тайталас кезеңде малти білмеймін деп тұрып қалса, өзгелер ете бастаса, — тал бойына мін, таудай талабына төмендік, жаһоттай жанына кір емес пе? «Өлімнен — ұят күшті». Малтуға жүрексінсе, малтып өткендер ертең «батырсынған қыз бұның қалай?» деп мазақтамай ма? Мазақтаса ұялмай ма? Ұялса — өлгені емес пе?
Осы намыспен малтуға берік бекінген Мәншүк, Терентийге:
— Білген - білмегенімде ненің бар сұрап, — деді де, созған қолын қағып жіберіп, суға күп бере түсе жөнелді.
Киіміне сіңе қалған мұздай судан денесі түршікті ме, тұншығады екем деп үрейленді ме, өзгеге ере алмаймын деп намыстанды ма — осының қайсысы болса да, әуелі аяғын судың түбіне баса түскен Мәншүк бірер адымдағаннан кейін, қолын қанаттай желпіп жоғары ырғып қап еді, мұзды суға денесі жаңқадай қалқып бетіне шыға келді. Су бетіне көтеріле, кәнігі малтымпаздардай ілгері жүзе жөнелгеніне оның өзі де қайран қалды.
Малтығандармен жарыса аз уақыт жүзген Мәншүктің есіне кейін қалған пулеметі мен кезектестері түсіп, жалт бұрылып қайтып келсе, Терентий де, басқа кезектестер де манағы қалпында әлі тұр екен.
— Әкел пулеметті! — деді Мәншүк, судан кемерге шыға беріп Терентийге.
— Қайтесің оны?
— Арқалап апарам арғы жағаға.
— Көтере алмайсың, — деді Терентий, кемерден шығып пулеметті ұстай берген Мәншүкке, бергісі келмей тартпақтап.
— Тарт қолыңды, Терешка! — деді Мәншүк жекіп, қорықсаң тұра бер өзің осы жағада.
— М-м-ма-ша!..
— Біз .. — деп келе жатыр еді кезектестің тағы біреуі.
— Тыңдағым келмейді, арқалатыңдар! — деді Мәншүк бұйырған үнмен.
Пулеметті сүйрей жағадан сырғи берген Мәншүкке қосарлана Терентий де түсе қап еді:
— Арқалат, маған! — деді Мәншүк Терентийге.
— Мен арқалайын, Маша!..
— Біз! — десті басқа кезектестер.
— Сендер малти білмейсіңдер, — деді Мәншүк, — өздерің амалдап шығыңдар. Терентий оқтаулы ленталар салған жәшікті көтерсін, пулеметті мен арқалайын.
Өзге кезектестер қақала-шашала, суға бір батып, бір шығып ілгері жөнелгенде:
— Сүңгісе де арғы жағаға жетер, — деді Мәншүк Терентийге, — кәне, арқалат пулеметті маған!..
— Расың ба, Маша?
— Екеуміз қызойнақта отырған жоқпыз, әзілдесетін. Уақыт аз, әкел!
Арқалатқан пулеметпен жүзе жөнелген Мәншүк, ойда жоқта, суды балықтай билеп алды. Ауырлығы 56 килограмм пулеметті ол шопақ құрлы көрген жоқ. Терентий пулеметті демесейін деп еді:
— Жәшігіңе ие бол! — деді Мәншүк оған. — Оқтарға су тимесін.
Терентий тым ұзын бойлы жігіт еді, мінезі жуас оны сыртынан сықақтаушылар «түйе» дейтін де, көзінше әзілдегендер ертегіде төбесімен көк тірейтін құжға теңейтін. Қатар тұрса Мәншүк оның кіндігінен ғана келетін.
Пулеметті арқалап малтығанына сүйсінген Мәншүк, судың тереңдігін Терентийдің бойынан байқады: оның сорайған денесін түгел жапқан судан қылқиып басы ғана көрінеді. Кейде Қаратайдан Ивановаға қарай жел айдаған толқындар басын да бүркеп кете жаздайды.
— Қалай, Терешка? — деп қояды Мәншүк.
— Бірдеме ғып өтерміз, — деп сыр бермеген болғансыған Терентий, толқындар лықылдап басына шапшығанда «қайтеді мынау!» деп қауіптенеді.
— Малтып көрсейші — дейді Мәншүк.
Терентий, Мәншүк және басқа кезектестер арғы жағаға шыққанда, жау да артиллерияға артиллериямен жауап беріп, қызу дуэль басталып қалған еді. Шабуылға даяр тұрған немістер, зеңбіректің де, пулеметтің де барлық калибрін қимылға кірістіргенде, снаряд пен миналар қардай борап кетті.
Не істеу керек? Айнала анталаған ажалдан қашқанмен құтыла ма?
Ажалмен арпалысуға кіріскен жауынгерлер киімдерін шылқыта малшындырған күздің мұздай суық суын сығуға да мұрша таппады, суда тоңазыған олардың денелері, судан шыға, жан - жағынан ажалдың улы тілі жалақтай бастағанда, түршігіп, тоңазуын ұмытып кетті. Осы кезде командирдің «Алға!» деген бұйрығы да, бытыраңқы батальонның өн бойына, сым торлы бекіністі бойлай жүгірген электр тоғындай тарады.
— Кеттік! — деді Мәншүк кезектестеріне ілгері ұмтыла беріп.
— Кеттік!
...Бораған оқтың арасында еңкеңдей ілгері ұмтылған көпке, пулеметтерін сүйрей жүгіріскен бұлардың кезектестерінен Мәншүк пен Терентий ғана жетіп, өзгелері жолда қалды. Олар жан - дәрменде Заиваньенің оң жағындағы биікке шықса, біздің әскерлер биікті меңгеріп ап, арғы бұйраттағы жаумен атысып жатыр екен. Жаудың да оқ жаудыруы сұрапыл. Саялар бірдеме таппаса, жан сақтауға мүмкін емес. Жауған оқтан жырмаланбаған ине шаншар жер жоқ.
Ажал нөсері осылай төгілген биікте, паналауға қолайлы бекініс бар еді, ол — биіктегі молаларға қойылған ескерткіш тастар. Ескерткіштерді бетке ұстай құрылған станкелі екі пулеметтің арасына әкеп Мәншүк пулеметін құрды. Оның пулеметінің алдына кездескен тастың ұзын тұрқы қырынан жатқызған шкафтай, биіктігі де, қалыңдығы да метрдей. Тегі, ол осы араның табиғи тасы болу керек әйтпесе, көлікпен көтеріп әкелерлік салмақ емес.
Тасты паналай, пулеметінен от бүріккен Мәншүктің ұшқынды дөңгелек қара көзі, қарауылдан қия бұрылмай, алдыңғы жаққа қадалып қатты да қалды. Сұрапыл атыс басталған соң-ақ, мезгілдің түн, я күн екенін ол ұмытты. Атып келе жатқан таңның сәулесі ме, шығып келе жатқан күннің шұғыласы ма, немесе нақ сол минуттерде прожектордан артық жарқыраған көз жанары ма — пулеметтің замогіне бармағын алғаш басқан минуттен-ақ, Мәншүктің нысанаға алған жағы түп-түгел көріне қалды. Өзгелерін кім білсін, дәл Мәншүкке жау жақтағы қайқаңдау сайдың бетінде адам түгіл, көденің әрбір түбі, шөптің әрбір қылтаны селтиіп көрініп тұрды. Осы минуттерде ол дүниеге өз көзімен емес, күннің көзімен қараған сияқтанды.
Мәншүк үшін уақыттың минуттары пулеметтің тізбектеле атылған оқтарынан жиі да, жылдам да зымырады. Бірақ, Мәншүк, пулеметтен неше оқ атылғанын абайламағандай, уақыттың да неше минуті өтіп жатқанын білген жоқ. Оның білгені — пулеметтің замогіне бармағын батыра басып, үздіксіз ұшырған оқпен, жау жақтан жан адамды қимылдатпау.
Кейінгі жақтан «ойнаған» артиллерияның екпінінен бе, өз батальонының жауынгерлері жаудырған оқтан ба, Мәншүктің өз пулеметінен бүріккен оттан ба — бекінген бұйратынан жау бері жылжи алмады.
— Маша, — деді, бір кезде, Мәншүктің қасында жамбастап жүріп қызмет атқарған Терентий, — екі ленталық-ақ оғымыз қалды.
— Көршілерден сұра, — деді Мәншүк бетін бұрмастан.
— Олар жоқ.
— Қайда?! — деді Мәншүк жалт қарап.
Таң атқанын сонда ғана білген Мәншүк, Терентийдің көңілсіз кескінмен, жауап қатпастан, алақанын жаза айнала шолған қолының ізін қуа жүгірген Мәншүктің көзінің қарашығына шағылысқан сурет — жусап жатқан өліктер мен жаралылар.
Қалай қараса да қадала алмай тайғалақтаған оның қарашығына, маңайында тіршілік әрекеті бар ешкім кездеспеді. Кімге қараса да оның көргені, не біржола қимылдан қалғандар, не қимылының бойында қалған ақтық сарқынын жауды өлтіруге, я жолдасын жақтауға емес, өз жарасының сыздауын қайтсем жеңем деп жанталасқандар. Көршілес пулеметтердің маңайында да осы көрініс: екі пулемет те тырсылдарын доғарып, үндері өшкен.
Ойына «шынымен Терентий екеумізден басқа ешкім қалмағаны ма?!» деген Мәншүк төңірегіне еңсесін көтере, тұрқын соза қарап еді, сай-салаларда, бекіністер маңында жауға оқ жаудыру әрекетінде жүрген біраз адамды ұшыратты. Олардың аз — көбіне қарауға мұршасы жоқ.
Мәншүк, қанша болса да, өз адамдарынан тірілері барын көңіліне тоқ санап:
— Әкел, қалған ленталарды, — деді Терентийге. Ол екі лентаны берді. — Көрші пулеметтердің атылмаған оқтарын мұнда әкел!
Терентий жөнеле берді. Сол секундте жау жағының оқ бораны үдей түтеп кетті.
Көрші пулемет паналаған тас, Мәншүктен он шақты адымдай жер еді. Екі арасы панасыз жазық. Терентийді жұмсауы жұмсағанмен, жауған оқтың біреуі қағып кете ме деп толқыған сезіммен, пулеметін ұстай бере, жалт қараса, «жасқанғанмен жан сауғалар жер жоқ» дегендей, Терентий тік тұрып кетіп барады екен.
— Жат! — деп айқайлап қалды Мәншүк, Терентий сабырмен мойын бұра қарады да, «қайда жатам» дегендей, қолын бір сілтеп, кетіп бара жатқан тұрпатын өзгертпеді.
Тағы да «жат!» деген сөзді айта берген Мәншүктің аузы «жаны» айтып, «тың» айта алмай, «аға» ашқан қалпы аңырайды да қалды. Сол секундте, Терентийдің дәл аяғының астынан кеп түскен мина, киіз үйдің орнындай аумақтың топырағын аспанға бұрқ еткізе түсірді, бұрқыраған қою шаңның биіктігі оң он бес метр биікке көтерілді. Терентий қою шаңмен бірге аспанға ұшты ма, тірі ме, әлі ме, я жаралы ма, — оншасын Мәншүк білмеді.
Мәншүк бәсеңдетуін күтейін деп жау жаққа көз қырын салса, біздің жақтың атуы әлсіреді ме, әлде жаралы жау жолбарыстай әдейі шапты да — бұйраттан бері беттеп бір зор танк, оған ере бірнеше кішірек танктар, оларды паналай қаптаған жаяулар келе жатыр.
Мәншүктің манадан бері босаған тамырлары тағы да тырсылдай қалды, манадан құрғауға айналған тері тағы да шұбыра жөнелді, манадан дағдылы соққан жүрегі тағы да аттай тулады. Енді ол Терентий жаққа қарағысы келмесе де қарады. Қарамасқа амалы қанша, — жау қаптап келеді, оқ жоқ, құрғақ қолмен кімге әлі келеді.
Мәншүк жалт қараса шаң бәсеңдепті, бірақ, Терентий жоқ. Қайда ол?!..
Өлді деп жорыған Терентийді барып көруге, егер өлсе аржағындағы пулеметтен оқ алып қайтуға Мәншүк еңбектей жөнелді. Ол әлі саябырланып бітпеген шаңның түбіне сүңги бергенде, қармалаған қолына жып-жылы бірдеме былқ ете түсті. Шошып кеткен Мәншүк, былқылдағанға тиген оң қолын тартып aп, шаңнан жасқанған көзін басқан сол қолын төмен түсіріп алдына қараса, белуарынан бөлінген адам кеудесінен шұбала шығып жатқан ішек - қарын!.. Бөксе жақ жоқ!.. Басына қараса... Терентий...
Өз денесі екіге бөлінгендей, өз ішек - қарны ақтарылып, жерге түскендей халге келген Мәншүк, «Терешка!» деп басын құшақтай aп еді, әлі жылуы кетпегенмен жаны жоқ бас тілге келе ме?!..
Терентийдің... жылдан аса бірге болған жандай жолдас Терентийдің... отан соғысында екі рет награда алған, төрт рет жараланған Терентийдің мынадай қазаға ұшырауы жас жүрегін жидіте елжіреткен Мәншүк, оның бетіне бетін тақап, дірілдеген дауыспен «Те-рр-р-реш-к-ка-а-а!» деп еңіреп қоя берді.
Осы қалпында ол ұзақ жататын еді, егер сол жақ иығы ара шаққандай ду ете түспесе. «Не болды» деген оймен Мәншүк оң қолын омырауына тығып суырып алса, саусақтары қып-қызыл қан. «Бұл не?» деп ойлағанша болмай, арқасынан да, жауырынының астынан жып-жылы бірдеме жорғалағанын сезген Мәншүк, омырауын ашып жіберіп қараса, оқ бұғана мен топшысының аралығынан тиген; арқасына қолын тықса, жауырын астының еті жалбырап тұр; жаралы иығын қозғап көрсе, сүйегі аман сияқты; жау жаққа қараса, жақындап қапты; манағы зор танк жақындағанда тіпті зорайып кетті. Ұсақтары да үлкейіп кеткен сияқтанды. Танктардың да, жаяулардың да оқ шашуы орасан.
Орнынан атып тұрған Мәншүк, көршілес пулеметтің қасынан бір жәшік оқты арқалай жүгіріп, өз пулеметіне қалай кеп жеткенін білмей қалды.
Пулеметін ұстай алған Мәншүк нысанаға ең зор танкты меңзей, оқты жаудырып кеп жіберді. Зор танктің шімірікпей шүйгіп келе жатуына қайран қалған ол «тие ме, тимей ме» деп күдіктенді. Тимейді дейін десе, осы пулеметтен көздеп, бұтақта отырған көкекті атып түсіргені бар; тиеді дейін десе, оқ дарымайтыны қалай?!
Сасқан белгісін дене әрекеттерінен сездірген Мәншүктің оң жақ құлағына:
— Саспа, қарындас! — деген қазақша сөз сап ете қалды. Ол жалт қараса — кәдімгі Сүлейменов Ыбырайым. Қолында ПТР11.
— «Ойһ, аға!» деген Мәншүктің көзінен жас ыршып кетті.
— «Жолбарыстан» жүрегің шайлықты ма, қарындас? — деді Ыбырайым.
— «Жолбарыс?..» Қайдағы?..
— Анау ше? Немістердің «тигр» деген танкін білмеймісің?
— Осы ма?!
— Дәл өзі.
«Жолбарысты» Мәншүктің естігені болмаса, көргені жоқ еді. Естуінше оның мөлшері біздің «КВ» тәрізді. Мына келе жатқан «дәудің» түрі де «КВ» ға ұқсайды, айырмасы, — бұл «КВ дан сопақтау және тікшілдеу сияқты.
Міне, енді сол «жолбарысты» Мәншүктің өзі көруге тура келді.
«Жолбарыс» жақындап қалды. Мұның пулеметтен ағытқан оғын «жолбарыстың» шыбын шаққандай елер түрі жоқ.
Не істерге білмей сасқан Мәншүктің жан-жағына алақтаған көзіне оң қанатындағы тасты бетке ұстай, қолындағы ПТР сын «жолбарысқа» безеп тұрған Ыбырайым ұшырай кетті.
— Аға! — деп қалды Мәншүк ышқынған дауыспен, — ат!
— Нені? — деді Ыбырайым жымия қарап.
— «Неніңіз» қалай? — деді Мәншүк, бұл жөнсіз жымиюды жек көрген пішінмен — «жолбарысты!»
— Өз аңдарыңды сонарла. Менде жұмысың болмасын.
Танк тіпті таянып қалды. Оның пулеметтерінен бүріккен оқтары, Мәншүкті тастың ығына еріксіз бұқтырды. Ол бұға беріп Ыбырайымға қараса, манағы қалпында әлі тұр! Шыдамы шыңдалып біткен Мәншүк тағы да «аға!» дейін деп еді, кескініне көзі түскенде аузын алақанымен баса қойды: жобасы ұқсағаны болмаса, бұл ЬІбырайым бұрынғы көріп жүрген Ыбырайымы емес, бұның бұрынғы күлкішіл жұмсақ, майда кескінінің еті кәзір түйір -түйір боп бұлшықтанып, толқынды судың бетіндей қимылдап кеткен; бұрынғы қара сұр келбеті күреңденіп лаулап жанған жалынның түсіне көшкен; бұрынғы шүңіректеу көзі қазір сыртына теуіп, жауға атылатын минадай сүйрие қалған, қырыстана тыжырынған бет етімен бірге кейін қарай керілген еріндерінің арасында пулемет лентасындағы оқтай тізілген жалпақ, ұзын, сиректеу ақ тістерінен тасты тасқа үйкегендей шықыр естіледі; түбі батыңқылау, тұмсығы көтеріңкілеу шолақ мұрнының кең танауы, дауылға ұшқан қаршығаның қанатындай желпілдейді; бұрынғыдан әлденеше рет зор сияқтанған денесі қабанға ұмтылғалы жатқан жолбарыстай бүлкің-бүлкің етеді.
Ыбырайымның бұл бейнесіне сүйсініп кеткен Мәншүктің, бойын бұрын бүре басып тұрған қауіп, енді сергіп кетті.
«Шым болаттан құйылған мылқау «жолбарыс» пен адамның жолбарысы жекпе-жек кездесті, — деп ойлады Мәншүк, — екеуінің қайсысы алар екен!»
Әжесі айтатын бір ертегіде «жолбарыс пен айдаһар арбасып тұр екен, сол жағдайда кез болған бір батыр, арты не болуын күтіп тұрып қапыда жөтеліп қапты, сол дыбыстан сескеніп жолбарыс жалт қарағанда, айдаһар оны орап алып сығып тастапты», дейтін кеңес есінде жүретін Мәншүк, «қапыда кетірермін» деген оймен, Ыбырайымға көз қиығымен ғана қарап, демін де еппен ақырын алды.
«Ерден ердің қаупі бар» дегендей, алдында ажал күткенін сезді ме әлде, дөңкиген тасты кедергі көрді ме, — Мәншүк ықтаған тасқа төрт-бес қана адымдай жер қалғанда, мылқау «жолбарыс» сол жаққа қарай жалт бере бұрылды. Сол секундте Ыбырайымның мылтығынан гүрс ете түскен дауыс естілгенде, «жолбарыстың» арт жағынан жалын аралас қарақошқыл түтін будақтала бұрқ ете қалды. Бұл оның күюі ме, әлде солай түтіндене қалатын бірдемесі бар ма — оншасын Мәншүк аңдамады.
«Жолбарыстан» будақтала бұрқыраған жалын мен түтіннің арасынан киімдері лаулап жанған фрицтер11 жанталаса шығып қашқанда:
— Ат! — деген дауыс сап ете қалды Мәншүктің құлағына. Әлгі дауыстың екпінімен, қолы пулеметті ұстай алған Мәншүк, кім екен деп қараса, — Ыбырайым!.. Бұл әлгінде көрген Ыбырайым емес, бұрынғы өзі білетін жайдары кескінді Ыбырайым.
— Ат! — деді тағы да Ыбырайым, дағдылы сыпайы даусымен.
Жалын жамыла «жолбарыстан» қашқан фрицтерді кездей Мәншүк пулеметтің замогын басып қап еді, денесі дірілдеген пулемет сапылдап сөйлей жөнелді. Оның сөзі «неміс оккупанттарына өлім!». Осы сөзді Мәншүкке Ыбырайым да айтты. Бірақ Мәншүк бұл сөздің пулеметтікі, я Ыбырайымдікі екенін ажырата алмады.
Ыбырайымның оғынан ба, басқанікінен бе, «жолбарыстың» үйіріндегі өзге танктер де бұрқырап өртене бастады. Өртенбегендері өрт келе жатқанда ысылдай бытырай қашқан ордалы жыландай жапа-тармағай жалт беріп, қақ жарыла екі бүйірге қарай беттеді. Осы кезде Мәншүктің пулеметінен бүркілген оқтан ба, басқа серіктерінің оғынан ба, жаудың шұбырған жаяулары танктерден бөлініп қалды.
КП11 дан қарағанда да, шабуыл я шегіну кездерінде де Мәншүк жаудың талай жусап қырылғанын көрген еді, бірақ, нақ осы жолғыдай оталғанын ол көрген емес, сол сияқты, жаудың талай шабуылын көре жүре, нақ осы жолғыдай жосықсыз жапырлап ұмтылғанын да көрген емес. Бұл жолы алдыңғы ұмтылушылары жусап жығылып жатса, артқы жақтан жапа-тармағай жүгірушілер үдеді де отырды.
Жауды қырудың қызығына түсіп оқталған ленталарды шетінен суырып ала берген Мәншүк, қасына қатар қойған жәшікке қолын сұғып еді, бұдырмақ оқтардың орнынан теп-тегіс тақтай білінді. «Мұнысы қалай!» деген қауіппен, әлі де бетін бұрмай, қолымен жәшіктің ішін шарлай сипап еді, майда тақтайдан басқа түк сезілмеді: жер бауырлап жыбырлай жүгірісіп келе жатқан жаудан көзін бұра алмаған Мәншүк, жәшікті ернеуінен ұстай алдына көтеріп ап қараса, ішінде дәнеңе жоқ, артына қараса, өрімнің таспаларындай шұбатыла жатқан бос ленталар. Айналасына құлақ түрсе, алыстан естілген тарсылдар болмаса, нақ осы тар қылыда біздің жақтан атылған мылтық даусы естілмейді. Шамасы бұл жарты аралда ол жалғыз қалған сияқты... Жаудың ентелеуі басым, және жау жақ бұйраттан осы биікке төккен ұлылы - кішілі құралдардан жауған жуанды - жіңішкелі оқтардың нөсері әлі толастар емес.
Жұлқына ұмтылып келе жатқан жау мың ба, миллион ба, кім білсін — әйтеуір құжынаған құмырысқадай сансыз бірдеме. Соның бәріне осы маңда төтеп болар жалғыз өзі екенін көрген Мәншүк, оқ таусылғанда қобалжыған жүрегін тез қалпына түсіріп, дірілдеген денесін тез жинай қойды. «Бұл арада бүкіл кеңес армиясы өзіммін, — дегем тәкаппарлық ой кеп кетті оған, — егер мен осалдық көрсетіп жеңілсем, армияға сенген ел маған не айтады, мен оларға не айтам?» Бұл сұрау тірі өзімді түгіл, өлі аруағымды да қара жүзді қылмай ма? Қара жүзбен бүгінгі замандастарым түгіл, ертеңгі ұрпаққа, тарихқа не бетіммен қараймын?..»
Мана жер бауырлап жылжыған жау, алдыңғы биіктен бүріккен оқ басылған соң шуласып тұра жүгірісті. Өлмей беріспеуге бекінген, бірақ жаумен жұлқысуға өз маңында оқ жоғын білген Мәншүк, «ендігі оқ қалса оң жақ қатардағы пулеметтің қасында болар» деген оймен еңбектей жүгірді.
Ол пулемет те Мәншүктің пулеметінен оң он бес метрдей жерде еді, екі ара панасыз жазық. Жауған оқтан қорғанған Мәншүк жан-дәрмен дегенде ұмтылған тасына жете беріп еді, көздеп атты ма, я қаңғырып кеп түсті ме, бір мина аяқ жағынан жарқ етіп кеп түсіп, шатырлай кеп жарылғанда денесі аударылып түсті. Бұрқыраған шаңның, арасында ұйпа -тұйпа бола қалған Мәншүк, мина денесінің қай жерін жараласа да ауыр жаралағанын сезді, өйткені, қай тамыры қырқылса да, жүрегін тартып әкетіп барады...
Сонда да есін танбаған Мәншүк, жалма-жан тұра берді де, қираң ете құлады. Тағы ұмтылып еді, тағы құлады.
«Апырау, не болған маған!» деген оймен ауырған аяғын ашып көрсе, тізеден төменгі жағы былқылдап бос жатыр... Жиырылған еттен қан сорғалап ағып тұр...
Жүрегі дір ете қалған ол, жау жаққа қараса, жапырлай ұмтылған жау жақындап қапты.
Сасқан Мәншүк, жарасын байларлықтай ешнәрсе табылмаған соң, белдемшесінің оң жақ етегін дыр еткізіп қақ айырды да, жаралы аяғын шымқай орап, ағытқан қайыс белбеумен тас қып байлады. Содан кейін бір тізе, екі шынтағымен жылжып пулеметке жетсе, айналасында сөреге жайған құрттай қаз-қатар тізбектеле жатқан оқтаулы ленталар.
Мәншүктің есінен жаралануы шығып кетіп, жапа-тармағай жақындап қалған жауға пулеметтен оқ шашып қоя берді. Жау шапқан шептей оталып кеп түсті...
Оқиғаның ендігі егжей-тегжейін кейінгі күндердің сыбағасына сақтап, қайғылы күйдің қайырмасын ғана ойнайық.
Мәншүктің өңінде жауды қыруы, біраздан кейін түсі сияқтанды. Қызу қимылмен қансырағанын абайламаған ол, талықсып кетті де, атуын доғарды. Бірақ оның шалажансар денесінің кеудесі пулеметке асыла сүйеніп қалғанмен, замокке жабысқан қолының саусақтары жазылудың, орнына, жігерленіп сығымдала түсті. Оның басында қалған батыр ойдың болмашы сарқыны, денесіне «атуды доғардым» деген хабар емес, «үдеттім» деген хабар жеткізді. Шалағайлау түс сияқты ғана ойлауға шамасы келетін оның, миында «немісті қыруым үдеді» деген мақтаныш, сау кезінен анағұрлым есіп кетті.
...Немістің қырылуы Мәншүктің есі бар кезінен үдеуі рас еді; оның талықсыған қарсаңына, жүзінші бригаданың кейінгілері де, оларға таяна ұмтылған біздің басқа әскери қосындар да жетіп, жауды жосылта отап, Изочка станциясына қарай тықсырып алып кеткен.
Шабуылмен ілгерілеген үшінші ұрғыш армияның бөлімдерін өкшелей армия қолбасшысы генерал-лейтенант Галицкий де келе жатты, қасында полковник Әбілхайыр Баймулдин.
Жиналмалы көпір арқылы машинамен өткен Галицкий, Заиванье қаласының бүйіріндегі молалы биікке шыға бергенде:
— Кузьма Никитович! — деді Әбілхайыр Галицкийге, — Немістің шабуылға әзірленген барлық күшін біздің екінші батальонның бес сағат бөгеген биігі осы.
— Шығып көрейік! — деді генерал.
Олар биікті деңгейлеп кеп тоқтады. Одан жоғары көтерілуге, жусап жатқан өліктер жол бермеді.
— Былайғы жағына жаяу шығайық, жолдас генерал, — деді Әбілхайыр.
— Өйтуге де болады.
Олар машинадан түсіп, өлік-өліктің арасымен қабақ шыта жүріп келе жатқанда, аржақтан автобустарын шұбатып, санитарлық батальон адамдары да жетті. Олар жаны бар жаралыларды жинай бастады.
— Жолдас генерал! — деді Галицкийге, оның артын ала келе жатқан адъютанты Качергин, кенет дауыстап қап.
— Не айтасыз? — деді генерал бұрылып.
— Ананы қараңыз!
Качергиннің қолымен нұсқаған жағына генерал қаршыға көзін қадай қараса, құндағы тасқа сүйенген пулеметте асылып біреу жатыр.
— Барайық! — деді генерал.
Олар аяқтарын жылдамдау басып, пулеметке асылғанға жетіп келді.
— Қараңыз, тірі ме, өлі ме? — деді генерал.
— Мен қарайын, — деп Әбілхайыр асылған адамды басын көтере берді де, шошығандай қолын тартып ала беріп, тез қайта ұстай алды.
— Кузьма Никитич! — деді ол, асылған адамды тағы көтере беріп, — бұл біздің қыз!..
— Біздің?!..
— Иә біздің!..
Әбілхайыр қыздың денесін жеңіл көтергенмен, пулемет замогіне жабысқан саусағын тез жаза алмады, — қарысып қатып қапты. Мәншүктің қарысқан қолын пулемет замогінен әрең босатып алған Әбілхайыр, денесін көтеріп құшағына алғанда, генерал да тани кетіп, — «Маншук Маметова!» деп қалды.
Мәншүк ышқынды да көзін ашты.
— Тірі! — деді Әбілхайыр қуанып кетіп, — жолдас Качергин жүгір врачқа!..
Качергин жүгіріп кетті.
Әбілхайыр құшағына алып отыра кеткен Мәншүк, тек, ара - тұра кірпігін ғана қақпаса, Галицкийдің ешбір сұрауына жауап бере алған жоқ. Сөйтіп отырып, олар батыр қыздың жантәсілім қылғанын сезбей де қалды...
Мәншүктің бүгін қандай ерлік көрсеткенін, генерал Галицкийге, сол араға келе қалған капитан Ушаков баяндап берді. Батыр қыздың, ерлік істеріне сүйсінген генерал, жерге жатқызған оның жансыз денесінің қасында қайғылы кескінмен бөркін алып аз тұрды да, Баймулдин мен Ушаковқа:
— Аянышты қаза! — деді бір кезде, — сонымен қатар қуанышты, — отанымыздың тарихына тағы да бір батыр қызының аты алтынмен жазылатын болды. Бұл қызды біз «Совет Одағының батыры» атағына ұсынамыз.
— Олай ұсынарлық еңбегі бар! — десті Баймулдин мен Ушаков.
— Бұл біздің батыр қыз! — деді Галицкий!..
Апрель, 1944 ж.
Іңкәр
Өте ұщақ бірақ қызықты