(екінші кітап)
Иә, алдымызда сапар жолы... Алда қаншама ұйқысыз түн мен қиыншылығы мол күндер. Ұзақ жолдар, асқар асулар, ата бабамыз болып көрмеген қаншама елді мекендер күтіп тұрған еді мені.
Бірақ бұл сапар жолы менің КамАЗ-бенен жүрген соңғы сапарым екенін әзірге білген жоқ едім.
...Жамбылдан бір күн бұрын кеткен өзбектер мені келісім бойынша Черняевка елді мекенінде күтіп тұр екен. Сол елді мекенде біраз аялдағаннан кейін Ташкент қаласының оң жағында «Бетонка» деп аталатын айналма автодаңғылымен Қашқадария, Сурхандария облысы арқылы Тәжікстанмен шекаралас Денов (Деноов) қаласына бет түзедік. Ташкент қаласы мен Самарқанд қаласының ортасындағы Жамбай атты елді мекенге тоқтап тамақ ішіп отырғанда қасымыздағы серігім Ердос.
— І-і-іһ... Қызық екен. Көке! Мына Өзбекстанның қақ ортасында біздің руымыздың атын кездестіргеніме таң қалып отырмын! Көке! Сіз көп оқисыз, көп білесіз ғой. Бұл Жамбай деген атау біздің бабамыздың дүниеге келген жері ме, жоқ, әлде, жәй ұқсастық па?-деп сұрады.
— Ой, Ереке, қиын сұрақ қойдың-ғой?! Бірақ шамам келгенше үлкен кісілерден естіп, көңілге түйген, кейінгі кезде басылымдарға шамалы болса да жазылып жүрген мәліметтерге сүйенсек... бабамыз Жамбай негізгі қазіргі Өзбекстан топырағында дүниеге келген. Нақты қай жер екенін айта алмаймын. Өзі жас шағында өжет, еті тірі, есті бала болса керек. Бозбала кезінде-ақ қол жинап, жауға тойтарыс беріп көзге түссе, ер жете келе батыр аталған екен. Кейін еншісін алып, бөлек ел-жұрт болып кетіпті.
Міне, біз екеуміз сол Жамбай бабаның ұрпағымыз. Сен өзің байқап қарасаң Жамбыл облысында Бурыл, Қызылдихан, Тастөбе елді мекенінен басқа жерде Жамбай руын кездестірмейсің. Көбі осы Өзбекстан да, Қазақстанның бұрынғы Шымкент облысында тұрады.
Есіңде ме, осыдан үш-төрт жыл бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы «Жамбай бабаға жаңалап мазар тұрғызамыз» деп туысқандарың Қожамжаров Пернеш, Дәуітов Шолпан, Орынтаев Ескермес, Серкебаев Төлеген және т.б. елді ұйымдастырып жүргенін...
— Ия!.. Ия!.. Ол әңгімені білемін. Тек қана «мазар тұрғызамыз»деп емес, ауыл ақсақалдарын ұйымдастырып, бірнеше рет бабаның басына барып та қайтқан.
— Солай ма, Ердос? Мен ауылда көп болмағандықтан бүкіл жаңалықты біле бермеймін-ғой. Дәуітов, Орынтаев секілді туыстарымның бірге Уалихан туралы... Әкесінің аты Өксікбай емес пе?! Сыртта да жүріп көп естимін...
— Өксікбайдың баласы ауылдың қақ ортасынан өз қаражатына елде жоқ үлкен мешіт соқты.
— Иә, ашылу салтанатына облыс әкімі Амалбек Тшанов, аудан әкімі Досжан Тоқбергенов, әуелі Рәтбек қажының өзі келді деп естіген едім. Осы рас па, Ереке? Сен енді ауылдасың ғой.
— Рас, рас. Рәтбек қажы сол ашылу салтанатында мешітке имам сайлап та кетті. Бұл жағдайдың басы қасында өзім де болғанмын.
— Ереке сол мешітті өткенде ауылға барғанда көріп, «осынша қаражатты қайдан алды екен» деп аң-таң болдым. Тегі, керемет қой, үлкендігінде шек жоқ. Шындығында қаражатты қайдан алды екен?! Білсең — айтшы Ереке.
— Көке менің білетінім олар өздері он ағайынды. Ең үлкені Инаят менімен бірге оқыған. Одан кейін Шәкен, Уалихан, Мадияр, Қанат, Ілияс, Нұрғали, Ерғали, Нұрмахан, Қайрат. Шешелері Шәмқыз Қарашай қызы. Соған қарағанда пысықтықтары нағашы жұртына тартқан-ау!.. Бірақ Өксікбай көкеміз де оңай адам емес қой! Баяғы совхоз кезінің өзінде елден Өксікбайда елу құлынды бие бар деп еститінмін. Ол кісінің қолынан жылқы малы үзілген емес. Оның айғағы облысымыздың қазіргі ат-көкпар командасының сәйгүліктері сол Өксікбай көкеміздің жылқысының тұқымы. Өзі бас көз болып тұқымын асылдандырып күтіп-баптау тәсіліне де ақыл-кеңес беріп отырады. Тағы бір айта кететін нәрсе — Уалиханның ана Қанат деген інісінің өзі алпыс гектар жерге пияз егіп, бүкіл ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Бұл Қанат айналысатын егін шаруашылығының бір ғана түрі. Жүгері, бидай, арпасы тағы бар, жоңышқа басқа да ұсақ-түйек, жеміс-жидек, алма-бағын, көкөніс дақылын өсірумен де айналысады. Әйтеуір, не керек, бүкіл ауыл Қанаттың аузына қарайды.
Ал, Уалихан Инаят, Шәкірбай, Ілиястың, тірлігі өз алдына. Әрқайсысының жеке фирмасы бар. Бір сөзбен айтқанда мешіт салу оларға түк емес еді. Сондай-ақ олардың кемтар-кембағал, жетім-жесірлерге көрсетіп жатқан жәрдемі қаншама! Уалихан туралы сұрасаңыз мен білетін жағдай осы.
— Ой, онда ер екен, әкесіне тартқан екен. Ал Ереке Жамбай бабамыз туралы мен білетін дерек те жоғарыда айтып өткен мәселедей. Негізі бұл жақта Қоңырат, Қыпшақ руы көп кездеседі. Әнекей, анау ала шапан киген өзбектен «Ұлтың кім?» деп сұрашы... Өзбекше сөйлегенмен ұлтымыз «Өзбек» деп айтпайды, «Қыпшақ» немесе «Қоңырат» деп жауап береді. Олардың онысы да рас. Өйткені бұлар көптеген ғасыр бұрынғы аласапыран шапқыншалық заманында қазақтың қоңырат, қыпшақ руынан тараған халық. Осы ағайындардың Кеңес дәуіріндегі төл құжатын талай көргенмін. Онда «Ұлты» деген тұста өзбек емес, қоңырат, қыпшақ деп жазылған еді. Бұл тек қана қазір біз тоқтап тұрған Жамбай елді мекеніндегі ғана жағдай. Осыдан екі облыс өтіп, Сурхандария облысына кіре берістегі Құзар елді мекенінен кейінгі Байсын атты асудан бастап Қоңыраттардың Жиделі-Байсын жері басталады. Бабамыз Өтеген батырдың (Мүйізді Өтеген деп те атайды) болған жері.
— Неге «Мүйізді Өтеген» дейді? Әлде лақап аты ма?
— Жо-о-ға! Екеуі де өз аты. Саған түсінікті болу үшін Өтеген батыр туралы шамалы тоқтала кетейін. Өтеген батырдың руы — Жаныс Бәйдібектен тараған. Біз екеуміз де сол Бәйдібек бабаның ұрпағымыз.
Өтеген батыр сегіз жасында (нағашы жағынан) ағасы Қазыбек бекпен сегіз жыл жиһангерлікте жүреді. Осы біз келе жатқан жолмен Иран, Ирак, Араб елдерін басып өтіп, грек және түрік еліне дейін барады. Жол-жөнекей әр елде тоқтап, білімін жетілдіріп, толықтырумен болады. Түрік елінде де білімін жетілдіруге тоқталады.
Сол Түркияда Қазыбек бек ағасының жанында бірге оқып жүрген бала Өтеген басына жара шығып, қатты ауырады. Жатқан үйінің маңайынан өтіп бара жатқан дәруіш қатты қиналған науқастың барын біліп, үйге енеді. Сөйтіп бала Өтегенді емдеп, аяғынан тік тұрғызады. Сондай-ақ оның болашағын да айтып береді. Айтпақшы, Өтегенге шыққан жараның орнында маңдай тұсына таман қатқан мүйізше қалады. Содан ол Мүйізді Өтеген аталады. Міне, Ереке, бабамыз Өтеген батыр туралы ел аузында осындай әңгіме бар. Ал, Өтеген батырдың ұрпақтары Жамбыл облысының Қордай ауданында тұрады. Алпамыс батырдан соң Жиделі-Байсын жеріне жігіт болған шағында қоныс іздеп екінші рет жиһангершілік сапар жолымен келген тағы да Өтеген батыр.
Ел аузында мынандай сөз бар. Жиһангершілікте он жылдан аса болған Өтеген батыр елге келгенде жер жанатты Жиделі-Байсын туралы ағайын туыстарына «Жердің жанатты екен! Әттең, жылқы малына жері тастақ болған соң қолайсыздау ма, қалай...» деген екен. Сонда елдегі ағайындар «Жылқысыз қандай күнкөріс болмақ» дегенге сайып қоныс аударуға келіспепті. Сонда Өтеген батыр «Қап! Бір рет «Жылқыға да жайлы екен» деп неге айта салмадым!» деп өкінсе керек. Әне, көрдің бе, Ереке, — бабаларымыздың жалған сөзге жоқтығын. Сол кезде Өтеген батыр «Жылқыға да жайлы екен» дегенде бар ғой, төлқұжатымызға «Жаныс» деп жазып, ала шапан киіп, өзбекше сөйлеп жүрер ме еді, қайтер едік! — деп бір күліп алған Сабырға:
— Қоңырат, Қыпшақ бұл жаққа қалай келген?!
— Қалай келгенің не?
— Қайдан білейін қазақтың қоңырат, қыпшақ руы деп отырсыз ғой!
— О-ой, Ердос! Сен «Батырлар жырын» оқымапсың ғой! Алпамыс, Қобыландыны!
— Неге? Оқымасам да, ел аузынан естігенім бар ғой! Байшұбар мен Тайбурыл атты тұлпар мінген Алпамыс пен Қобыландыны білмей не көрініпті, олар қазақтар ғой! Қобыланды батыр Қазан қаласын шабуға бара жатқанда біздің Бесжылдықтағы тау басында жалпақ тас бар емес пе, сонда Тайбурыл тұяғының ізі әлі күнге дейін сақталған. Керек десеңіз, біздің тауды да ел Тайбурыл тауы немесе жай қысқартып айтып Бурыл тауы дейді. Сол «Бурыл» тауының басына бала кезімізде талай рет шыққанбыз да. Таудың орта тұсындағы үлкен жалпақ таста адамның шалқасынан жатқан мүсіні әлі күнге дейін сол қалпында. Ал, әлгі мүсін сақталған тасты Қобыланды батыр жатқан тас дейді.
— Бәсе, бәсе, біледі екенсің ғой!
— О-ой, Көке-ай! Екінің бірі аңыз етіп айтып жүр ғой, бекер болса айта ма?
— Аңыз бекер айтылмайды, қарағым.
Сонда мына ала шапанды ағайындар сол батырдың руынан болды ғой! Аңыз тұрмақ, құжаттарына жазылғанына қарағанда бұл әңгіме құлаққа кіретіндей-ақ екен.
— Ереке, сенің «Аңыз тұрмақ» деген сөзіңе байланысты жол қысқарту үшін тағы да бір аңыз айтып берейін. Мұны осыдан бірнеше жыл бұрын Мұхтар Әміркенов деген ағайыныңмен Атырау, Маңғыстау жерінде сапарда жүргенімізде Алматыда институтта бірге оқыған Індер ауданының тұрғыны, руы Шекті Сәулет деген жігіттің жасы тоқсанға келген атасынан естіген едім. Ақсақал шежіре кісі екен. Сол кісі: «Біз жан-жаққа шашырап кеткен шекті руына жақын ағайынды руданбыз — деген. — Қазақстанды айтпағанда жер шырының түпкір-түпкірінде бар десем қателеспейтін шығармын! Шекті ежелден Жайықты жағалай, Ресеймен шекаралас жерлерді мекен еткен. Жәңгір ханның тұсында да, тіптен одан бұрын да Ресей казактарымен ата жау болдық Ақыры қырық жыл қырқысып, жер жүзіне ыдырап тындық. Бұл жағдайды Карл Маркс өзінің еңбегінде: «Дүние жүзінде қырғынға ұшыраған екі тайпа бар. Олар Шекті және Индус тайпасы. Енді олар қырғын жойқынның салдарынан жер бетінен жоқ болудың сәл алдында тұр!» деп жазған. Қазақ еліндегі Жайық өзенінің бойын сағалаған Шекті руы мен Америкадағы Индус тайпасының агрессиялық басқыншылар жасаған қырғынынан бірнеше ғасыр бұрын біздің Шекті руымен қатар шығыс жағымызда Қара және Шай рулары өмір сүрген екен. Сол екі ру күндердің күнінде Қап тауын бетке алып көшіпті. Содан араға қаншама ғасырлар салып Қап тауын мекендеген көп ұлтты халықтың ішінен ұлты Қарашай деген тілі де, ділі де, салт-дәстүрі де бізге ұқсас халық шықты. Олар баяғы біздің елден үдере көшкен Қара, Шай деген екі ру. Екеуі бірлесіп, ұлт болып қалыптасқан. Тілдері де сәл-пәл өзгеріске ұшыраған» деді шежіреші ақсақалым.
— Міне, Ереке, саған «Аңыз» керек болса! Әлгі тоқсаннан асқан ақсақалдың аңызына сенер болсақ Өксікбай көкенің үйіндегі Шәмқыз апаның да түбі қазақ болып шықпай ма?!
Әңгімеміз тамамдала бергенде өзбек серіктестеріміз жолға шығуға хабар беріп, «ат басын» Самарқанға қарай түзедік.
Жол бастап келе жатқан өзбектер. Біз тіпті машинадан түспейміз. МАИ қызметкерлері біздегідей бүкіл құжатты түсінсе де түсінбесе де, сыныққа сылтау іздеп, молынан сұрап мазаламайды. Құжат сұрау деген тіптен қалды, бергеніңді алады да, риза болып қала береді. Алатынының мөлшері бар-жоғы өздерінің пұлымен «Жүз сум». Біздің ақшаға шаққанда — тиын. Сондай-ақ біздегідей жол торыған қарақшылар атымен жоқ.
Жолдың екі жағы егілген неше түрлі дақыл. Онда бір кісідей еңбек еткен халық. Самарқанға кіргенге дейін осылай.
Бүкіл әлемге белгілі тарихи қала — Самарқанға да жеттік. Самарқанның шығыс жағындағы айналма жолмен Қашқадария облысы негізінен мақта өсірумен қатар, бидай да егеді екен. Қаршы қаласына отыз шақырымдай қалғанда тоқтап дем алып, ас-су үстінде жанымдағы өзбек серіктеріме: сонау алыста қалған аласапыран жылдардан кейін, заман орныққан соң, өздері елге қайтып, бұл жақта атамның қарындасы Рахаттың Кітап деген жерге жақын «Тәләмши» деген қышлақта тұрмыста қалғанын, алпысыншы жылдары әпкеміз Рахат Мамаюсуф, Шаһмардан атты екі өзбек жиенімізді ертіп, ол кезде апам Озипаның көзі тірі кезі, елге келгенін айта отырып жолымыз болса бір ұшырасып кетейін-деп қолқа салдым. Олар қарсы болған жоқ. «Көп болса 70-80 шақырымдай бекәр еремиз, хоп мәили» деп келісе кетті. Мен де іштей қуанып, елге барғанда әкем «Ол жақтың жағдайы қандай екен?» десе, жиендеріммен кездескенімді айтатын болдым ғой! - деп қуанып қалдым.
Қарашы қаласына кірмей, жете бере оңға бұрылып Кітапқа келдік. Кітап аудан орталығы болып шықты. «Тәлімші» қышылағы бұрынғы «Октябрьдің 30 жылдығы» атындағы колхоздың орталығы екен.
Қышлаққа кіргеннен сұрастыра-сұрастыра іздеген үйімізді де таптық. Мен өзбекше түсінгенмен жақсы сөйлей алмайтынымды білетін серіктерім мән жайды үй иесіне өз тілінде айта бергені сол еді, ол мені бас салып құшақтап көрісті. Содан соң үйге бастады. Қарсы алған кісі Шахмардан жиеніміздің өзі болып шықты. Әкемнің айтуынша сыртқы бой бітімі бойының ұзіндығы денесінің қапсағайлығы, қақпақ жаурындылығы атамызға тартқан екен. Аман-есендікті сұрасып жатып, сонау алпысыншы жылдардағы анасымен барған кезді де қозғап, ауылдағы Орман, Тұрлыбай сияқты басқа да есінде қалған ағайындарды сұрады. Әпкеміздің қайтыс болғанын, оған менің әкемнің келгенін айта отырып, өзінің ұстаздықтан зейнетке шыққаны туралы, інісінің — кіші жиеніміз Мамаюсуфтың аудан орталығындағы мектепте дәріс беретінін хабардар етті. Осылай шай ішіп, әңгіме үстінде отырғанда бірінен-бірі естіген жұрт:
— Қозох акәның укәси келяпі!-деп сәлем беріп, көрісеміз деген елде есеп болмады. Бірі кіріп, бірі шығып жатқан жұрт. Сол келушілердің ішінде Тоймұрат деген кісі менің әкеммен жасты екен. Кезінде бірге жүріп, бір тұрыпты. Жеті-сегіз жас шамасында жекешенің сиырын бағып, заманның басқа түскен ауыртпалығын бірге бөлісіпті. Бала болып балалық шақты ойын-күлкімен өткізе алмай, аш-жалаңаш жүріпті. Ақсақал сонау бір шақты есіне түсіріп, әңгіме қозғады да, көзінің жасын сығып алды. Қызыл империяның солақай саясатының салдарынан талай ұлт өкілінің, менің әкем мен Тоймұрат сияқты талай баланың жапа шеккені бәрімізге мәлім.
Кешке қарай Тоймұратпен ілесіп барып сол кезде тоғыз жасқа енді шыққан әкемнің осыдан жетпіс жыл бұрынғы кірпіш құйған, сиыр баққан жерін көрдім. Атамның алғашқы кепе соғып, қоныс тепкен жерінде колхоздың бұрынғы кеңсесі тұр екен.
Кеңес дәуірінің тәркілеуіне ілініп, мал-мүліктен айырылып, халық жауы ретінде «Итжеккенге» айдалуға шақ қалған уақытта тамыр-таныстың септігімен бас сауғалап аман қалған жері осы «Тәлімші» қышылағы. Кепесінің орнында колхоздың екі қабат кеңсесінің тұрғанын іштей жақсылыққа жорыдым.
Атам сол уақытта небәрі отыз жаста туған қарындасы Рахат он алтыда екен. Содан төрт жыл тұрып, ел-жұрт тынышталғанда, жалғыз қарындасын жат жерде басқа ұлтқа ұзатып елге оралыпты. «Қыз жат жұрттық» деген осы да. Сол Рахат әпкемізден тараған жиендеріміздің үйінде болып, көрісіп, білісіп, қайтадан сапарға шықтық.
Бағытымыз — Құзар. Келген жолымызбен Қаршы қаласынан асып, Құзар елді мекеніне де жеттік. Бұл Құзарда бабамыз Қырғызбайдың ағасы Сыбанбайдан тараған ұрпақ — Әлібайдың балалары Ниязәлі, Қойшыбай және т.б. туысқандар сонау аласапыран жылдары бас сауғалаған. Құзар асуынан асып Байсын қақпасынан да өттік. Ақсақ Темір қақпасы арқылы Байсын шыңына жеткенде Ердос:
— Көке! «Байсун», «Амир-Темур» деп көрсеткішке жазғанына қарағанда осы жазуда бір гәп бар-ау деймін! — деді.
— Ереке, гәп болғанда үлкен гәп бар! Байсун дегеніңіз, кәдімгі Алпамыс батырдың Жиделі-Байсыны. Алпамыс қазақтың Қоңырат руынан шыққан батыр. Өзбек ішіндегі, өткенде айтқанындай, Қоңырат ұлтынанбыз деп жүргендер сол Алпамыс батырдың руынан. Мына алдымыздағы тұрған Байсун шыңына кіретін қақпаны өзбектер Амир-Темур қақпасы дейді. Тәжіктерге, Ауған, Иран, Иракқа Ақсақ-Темір жорыққа осы жолмен, осы қақпа арқылы өткен. Өзбектер Ақсақ-Темір демейді, Амир-Темур! — деп атайды. Көрсеткіште «Пик Амир-Темура» деп тұрғаны сол. Ақсақ-Темірдің біздегі Түркістан, Өзбекстандағы Самарқанд қаласын өркендетіп, көркейтуде көп еңбегі барын бүкіл әлем біледі.
Құзар асуының соңғы шыңынан да өтіп Сурхандария жазығы арқылы шекарадағы Денов қаласына да жеттік. Қасымдағы екі КамАЗ-дың біреуіндегі өзбектер Деновта тұрады да, екінші КамАЗ-дағы Закир деген өзбек жігіті Деновтан ары отыз шақырым жердегі Ригорд деген аудан орталығында тұрады екен. Әрі ақылдасып, бері ақылдасып ақырында біз Закирге ілесіп затымызды Ригордқа апаратын болдық. Закир затты өткізуге және қайтарға жүк басып беруге көмектесетін болды.
Деновта қалған серігіміз Тәжікстандағы жағдайды, оның үстіне Ригорд қышылағының дәл ортасынан шекара өтетінін айтқан. Көшенің арғы жағы Тәжікстанға, екінші жағы Өзбекстанға қарайды екен. Негізгі тұрғындар — тәжіктер. Өзбектер бірен-саран ғана болса керек. Закирдің «Заттарың осы жерден өтеді, қайтарға жүк басып беруге мен-ақ көмектесемін!» деген уәдесіне малданып, әрі ақшаға шаш етектен кенелеміз деген есек дәмемен оның «Құдай» деп айтқан сөзіне иландық та Деновта қалған жігіттермен қоштасып, Ригордқа жүріп кеттік. Ой-хой, дүние қоңыздық-ай десеңші!
Ұзыннан-ұзақ созылған шағын ғана қышылақ. Закир көшенің арғы жағы Тәжікстанға қарайтын жерінде тұрады екен.
Тағы да бес-алты шақырымнан соң тау беткейіндегі жиырма-отыздай үйі бар кішкене қышылаққа келіп тоқтадық. Бастаушымыз Закир «Бүгін дем алып ертең затты өткізу қамына кірісемін» деген соң әрі жол соқты боп шаршаған Ердос екеуміз де бірдей келістік.
Кешкі тамағымызды ауласына кіре беріс жердегі бөлек үйде берді. Шамасы бұл келімді-кетімді кісілерді түстендіретін жай болу керек. Төсекті де сол үйге салды. Өзіміз әбден шаршаппыз. Басымыз жастаққа тиісімен ұйқыға кеттік. Түннің бір уағында бірен-саран атылған мылтықпен басқа тілде сөйлеген адамдардың даусынан ұйқымыз шайдай ашылды.
Айқай-шу, аяқ дыбысы біз жатқан үйдің дәл қасына келгенде:
— Бұл Закир! — деген өзбектің үйі. Райсстың туысқаны. Бұны да бауыздау керек! — деген сөздерін анық естідік.
Бұдан кейін біздің де зәре-құтымыз қалмады. Не де болса «әліптің аяғын күт» демекші, орнымызда мелшиіп отыра бердік. Шулаған көп тобырдың біразы Закир жатқан үйге қарай жүгіріп өтіп жатыр. Жүгірген топтың ішіндегі біреуі мен қарап тұрған терезені бірақ ұрғаны. Сынған терезенің әйнегі бетімді шым-шым еткізді. Мен артқа қарай құлап бара жаттым. Есімді жисам бөтен жерде жатырмын. Жан-жағымнан ыңырсыған дауыстар естіледі. Орнымнан тұрып «Ердос қайдасың?!» дедім. Бірақ басым айналып, көзім қарауытты. Содан жүрегім айнып қайта құладым. Бұдан кейін қанша жатқаным белгісіз. Бір кезде есімді жидым, бірақ қайда жатқанымды есіме түсіре алмадым. Ондағылар алғаш тәжікше сөйледі ғой деймін. Түсінбегенімді біліп, шала-шарпы өзбекше сөйледі. Даусы еміс-еміс алыстан естілетін сияқты. Бар түсінгенім — «Кімсің?! Қайдан келдің?!» дегені. Менде сөйлеуге шама жоқ. Бар күшімді жинап алып «Қа-ааз-а-қ! Қазақ-стан!» дедім-ау әйтеуір. Оның не түсінгенін қайдам. Онда шаруам да болған жоқ. Діңкем құрып, жүрегім айныды да қайта құладым.
Сол жатқаннан көп жатқанмын ғой деймін. Астымнан өткен сыздан қайта ояндым. Астымды сыйпалап қарасам қамыс сияқты, бірақ мақтаның сабаны — хоза-поя екен ғой деп түйдім. Ақырын екінші қырыма аунап түстім.
Денем көтертпейді. Кәдімгі үстімнен он тонналық КамАЗ мыжып өткен сияқты. Тоңғаным соншалықты енді бер кезде бүкіл денем дірілдей бастады. Шамасы біраз уақыт өткен болу керек, біреу түрткілеп оятып, кішкентай ғана кесемен шай беріп жатыр. Шөлдеп жатқан мен суық екен деп молырақ ұрттап жіберіп едім, ыстықтығы соншалықты аузым күйіп қалды. Кесені әрең ұстап, суытып ішпекші болып, біраз тосылып едім:
— Ичиң! Ичиң! Бұ-ұ шүу! «Қооро доори!» Хоммосин ичиң! Яқши булосиң ку?» деп кесені аузыма қарай итермелеп жатыр әлгі. Не болып не қойғанын білмей дал болып жатқан мен:
— Ва акә? Қора дори емес, ит дори болса да ичемин! «Күйген ауыз үрлеп ішеді» демекші, қолыңды тарт, аузымды күйдіресің деп зорға айттым да сәл суыған шайды тартып жібердім. Құдай салмасын, әлден уақытта сыз жерде жатып-ақ бір терледім дейсің, терлеген сайын бойым жылып денем жеңілдене берді. Бірақ қатты шөлдеп, тамағым құрғады. Қайта-қайта «Су! Су! Суу... — Берші!» дей бердім. Бір-ақ олар тіп-титте кесемен қайта-қайта шай беруін қояр емес. Мен оны екі-ақ ұрттап жоқ қыламын.
«Бұл әкеңнің аузын ұрайындардың үлкен кесесі жоқ па?» - екен деп боқтап қоямын. Олардың шай беріп жатқанында, кімнің беріп жатқанында, неғып беріп жатқанында шаруам жоқ. Бір өзім екі шелектей шай ішкен шығармын.
Бетімді сипасам қатқан қан ғой деймін қабыршақ-қабыршақ. Тілім-тілім екені білініп тұр. Әйтеуір көзім аман сияқты. Бірақ көзімнің соққыдан іскені соншалықты жан-жағымды зорға көрем. Денем қорғасындай ауыр қозғалтпайды. Шамасы әбден тепкілеген болулары керек.
Өз денемді өзім түгендеп алған соң. «Ердос! Ердос! Ереке!» деп дауыс беріп жатырмын. Дауысымның жеткен-жетпегенін білмеймін. Бірақ айқайыма үн қатқан ешкім жоқ. Әбден шаршап тағы да сұлап түстім. Дегенмен алғашқыдай емес, дабырлаған дауыстарды анық естимін. Біресе өзбекше, біресе тәжікше айтқан сөздерінен ұққаным бұл қышлақ Тәжікстанға қарайтын көрінеді. Бірақ Райысы (бастығы) өзбек екен. Оппозициялық топқа жақпағандықтан отбасымен қоса оның жақын туысқандарын да тұтқынға алған көрінеді. Біз тоқтаған үйдің иесі Закир де сол бастықтың туысқаны. Біз де осы дүрмекпен тұтқындалған екенбіз деп түйдім.
Бірнеше күн итқорлықпен өткенде тәжік пе, өзбек пе, білмеймін, әйтеуір ала шапан киген екі кісі мені дедектеткеннен-детектетіп бір бастығының алдына алып барды. Бастығы тәжік-ау деймін, өзбекше сөйлемейді, орысша сөйлеген болады. Онысының өзін адам түсінбейді.
Алдында жатқан запастағы офицер деген билетімді көрсетіп:
— Сен офицер екенсің. Саған бір рота беремін. Соны сен соғыс тәсіліне үйретесің, басқарасың, соғысқа дайындайсың!, — дейді...
Мен аң-таң болдым. «Менің түрімнен түр жоқ. Бетім тілім-тілім, күп болып ісіп кеткен, сыз жерде жатып күрк-күрік жөтеліп тұрысым мынау. Аш иттей бұралып тұрғанымды көрмейсің бе?»дегендей өзіне қарадым.
Ол арғы жағындағы біреулерге тәжікше бұйрық беріп еді, менімен қатарласа тұрып бастығына тағзым етті. Ал, бастығы болса «Мына адаммен бірге бар! Осы адам саған барлық жағдайды жасайды!» деді маған.
Ол мені үн-түсіз қай-қайдағы қуыс-қуыс бұрылыс-бұрылыс көшемен кісі бойы биік соғылған дуалды жағалап барып бір жер кепеге кіргізді де өзі есікті сыртынан құлыптап кетіп қалды. Әлден уақытта сарт-сұрт етіп есік ашылды да жаңағы кісім екеу болып келді. Кепеге кірген бойда палаудың аңқыған исі танауды жарып, шұрқыраған қарынды одан сайын ашыра түсті. Екіншісінің қолында құмған.
Біріншісі кепенің жанындағы арыққа алып барды да «Жуын» деді. Өзі күзетіп тұрды. Таудан аққан мұздай суға құмарым қанғанша жуынып-шайындым. Бір жақсы жері қарауылым мені еш асықтырған жоқ. Біраз уақыттан кейін қайтадан кепеге алып барды.
Әкелген палауын да, шайын да ішіп-жеп болған кезде біріншісі келді де, ыдыс-аяқты жинап, бір өзімді жер кепеге тастап сыртымнан есікті жақсылап жауып кетті. Осы тәсіл тағы да екі күнге жалғасты. Аптаның қай күні, айдың қандай екенін ұмытқалы қашан. Ердостан хабар алайын деп сұрау салсам, кәдімгі мақау адамдай ешкім жауап қатпайды. Үшінші күні мені тағы да бастығына алып барды. Бастығы алғашқы күндегідей емес маған жайғасып отыруға мүмкіншілік берді де алғашқы күннің әуеніне тағы көшті. Мен түсінбегенімді білдіріп:
— Кіммен соғысамыз?-дедім.
— Автономиялық Ислам өкіметін құру үшін президент пен оның командасына қарсы соғысамыз!-деді ол көзі шақырайып.
Жүрегім зырқ ете түсті. Бірақ үндемедім. Ол маған ойлануға тағы да бір тәулік берді. Тағы да сол жол, сол бұрылыспен кепеге, бір тәуліктен соң бастығына қайта алып келді. Бастығы исламды уағыздаған кезде мен жауап қата алмай қалдым. Менің бар түсінгенім ислам өкіметін құру үшін ол жанын да құрбан етпекші. Сөз арасында реті келіп:
— Қаражатпен кім қамтамасыз етеді?! Қару-жарақты қайдан аласыз?! Кімдер соғысады?! — деп сұрап үлгердім.
— Одан еш қам жеме. Бүкіл әлемдегі мұсылман мемлекеттері бізді қоштап отыр, солар көмек көрсетуде. Біздің мақсат — сол көмек арқылы дербес ислам мемлекетін орнату.
Сен запастағы капитан, жаяу әскер взводының командирі екенсің! Біз саған взвод емес, рота береміз! Әскери дәрежеңді полковникке дейін көтерейік деп отырмыз. Сен өзге командирлер сияқты шабуылға шығып, соғысқа кірмейсің. Бар міндетің жаяу әскерге тиісті қару-жарақтың барлық түрін қалай пайдалану керек екенін біздің жауынгерлерге үйретесің. Ал, айтқан ұсынысымызға көнбесең... Онда іс бітті дей бер, біз көп сөйлеспейміз! Жалынып-жалбарынбаймыз! Біздің әскердің құрамындағы жалғыз қазақ сен емес. Өз еркімен келгендер де толып жатыр. Қазақстаннан ғана емес, барлық жерден бар. Барлық ұлт бар. Араб, орыс, өзбек, қырғыз, ауған, пұштун, азербайджан, шешен және тағы басқалар. Көнбейді екенсің, бізге бәрібір, бүкіл жауынгердің алдына шығарамыз да Отанын сатқан, елінде ауыр қылмыс жасаған деп басқаларға үлгі-сабақ ретінде «Пух!» - деп атып тастаймыз.
Есенгіреп тұрған мен одан сайын есімнен тануға айналдым. Бірақ тез өзіме өзім келдім де: -Жарайды! Мақұл! Соғысамыз! Әскер дайындаймыз! Қол жинаймыз! — деп бар даусыммен айқай салдым.
Ондағы ойым — аман қалу, Ердосты табу, ебін тауып елге қашу!
Сол-солақ екен, керекті қағаз толтырылып, құжатқа қол қойылды. Жуындырып, қырындырды. Киімнің де өзіме шап-шағын әкеліп, киіндіре бастады.
Шынымен-ақ үш жұлдызды погоны бар гимнастерка беріп жатыр. Сөйтіп полковник болып шыға келдім.
Бірақ ішімнен «мыналарың тап-таза жынды екен-ғой!» дедім де қойдым. Содан тамақтандырып, «жаңадан келгендерді қабылдайсың!» деп. Сап түзеп тұрған топқа алып барып таныстырды. Қарамағымдағыларға көбі қазақ пен өзбек секілді. Бір кезде Ердостың да аты аталды. «Аман екен ғой» деп қуанып кеттім. Барлық таныстыру рәсімі бітіп «Тараңдар!» деген бұйрықтан кейін жанымда жалғыз ғана тәжік қалды. Саптан жүгіре шыққан Ердос бас салып, құшақтап жылармандай болды.
Одан кейін «Біз Жамбылдықпыз! Шымкенттенбіз! Братан! Біз братводан! Амангелдинскийден! Кировский, Вольникбіз! Карл Маркс! Костядан! Северный Бахадан! Покойный Жориктың бригадасынан! Тагадан! Колядан! Және деген тағы басқа да дауыстар шығып жатты.
Ішімнен соғысатының мыналар, құратының Ислам үкіметі болса, әкеңнің аузын ұрайын, тәжік оппозициясы онда тым жетіскен екенсің!-дедім.
Сол кезде тағы біреуі «Бір бригададан» деп айта беріп еді, «Әй сен әскерде болдың ба?» дедім.
Ия, Қиыр Шығыста!
— Онда анау тәжікке бар Калашников автоматын берсін! Сен осыларды басқар, автомат бөлшектерімен жауынгерлерді таныстыр, автомат бөлшектерін шашып, жинау тәсілін үйрет, бірақ, уақытты белгіле — деп бұйрық бердім.
Ердостың бірдеңе айтайын деп қипақтап тұрғанын сездім де, ақырын жылжып дауыс естілмейтіндей жерге барып, темекі шеккенсіп отырдық.
— Көке, Сізді бүгін бәріміз көнсе екен деп тілегенбіз. Көнбегеніңізде өткендегі қырғызға ұқсатып бандаларының алдында басқаларын қорқыту үшін, атып тастайтын еді. Осылардың ішінде жүргеніме бүгін тоғыз күн болды ғой. Бұлардың бәрі әр елден қашқан қылмыскерлер мен есірткі құмарлар. Бәрінің де мойнында ауыр қылмыс бар. Қазір уақыр тар. Біздің арамызда Закирдің адамы бар. Сіздің көнгеніңізді күтіп отырған еді. Сол адам екеумізді түнгі сағат төртте есебін тауып анау көшенің арғы бетінде күтіп тұрған адамдарға табыстайды. Ол — Өзбекстан. Соған аман-есен жетсек болды, құтылдық.
— Иә, Ердос бұның үлкен жаңалық екен. Ал, мына пәлелерді мен кешке дейін не істеймін?!
— Ой, көке, оған басыңызды қатырмаңыз! Бұлардың бәрі есірткі құмарлар ғой. Ертең бәрін тау ішіне әкетеді. Мен бұл әңгімені Закирдің арамыздағы жансызынан естідім. Содан бұларды сорттайды.
— Қалай сорттайды?
— Иә сорттайды. Есірткі тасымалдауға, қолма-қол айқасқа, бүлік шығаруға, қарақшылыққа деп бөледі. Сіз соңғы үшеуін баулуға тиісті едіңіз.
— Құдай сақтасын! Тағы не пәлені айттың?!
— Көке, бұл жерде әңгіме дегеніңіз ілезде жетеді екен. Әуелі сіздің не айтып, не қойғаныңыздың бәрін естіп отырдық. Бүгін соңғы мүмкіндік! Абай болыңыз! Көп отырмайық. Әне, дін уағыздайтын имамы да келе жатыр. Қазір екі-үш сағат мына кеңкелестердің миын улайды!-деп шегіп тұрған темекісін өшіргенсіп тұруға ыңғай танытты.
Имамы арабша азан шақырудан бастап тәжік, өзбек, қазақ, орыс тілдерінде «Сендер ислам жолында күресесіңдер! Ислам өкіметін құру жолында құрбан болсаңдар жандарың жәннәтта болады! Тірі қалғандарыңның істеген күнәларың кешіріледі! — деген мағынада екі-үш сағат бойы зарлап, барлық қылмыскерлер мен есірткешілерді дәмелендірді есерсоқтардың одан сайын есін кетіріп, жан түршігерлік қылмыстан да қайтпайтыны жайлы уәдесін алды.
Мен соңғы қатарға, дауыс естілмейтіндей тұсқа келіп отырғанмын. Ердос маған қырынан жарты қадамдай жерге жайғасқан. Ол екі көзін тарс жұмып алып басын изеп, уағызға ұйығансып абайлап маған сөйлеп қояды:
— Көке, Сізді жеті жүз жиырма мыңға лақтырған Талғат Дүйсебеков деген ала-аяқ та осында. Анау Сіздің туысқаныңыз — дихан жігіт бар ғой, ол да осында. Біз сияқты жағдаймен түсіпті.
— Тағы не дейді? Қайсысы? Сема ма? Ыбыжанның баласы, Мұхтардың інісі ме? Біз оны Сема дейміз ғой!
— Жо-оқ, көке!
— Енді қайсысы? Иғанның баласы Сандыбайды айтасың ба? Асада зоотехник болған Сұлтанның ағасы?
Жоо-ға-а! Сандыбайды, оның Ташкентке өз ақшасын алуға барғанда Өзбектердің аяғынан шалғанын білемін ғой. Анау пұшық ше? Әкесінің атын ұмытып отырмын. Дайындаушы болып істеген. Өзі 81-автобазада ақ КамАЗ айдаған.
— Алик па? Шын аты Әуелхан, Әбутәліптің баласы. Біз оны Алик дейміз. Ердос-ау, оны қалай алып кетеміз?!
— Көке, ол мүмкін емес!
— Неге? Өзің тілдестің бе? Қашан кездестің? Не дейді?!
— Кездестім. Оның КамАЗ-ы үстіндегі жүгімен Ворухта қалыпты. Екінші КамАЗ-шы осы жақта көрінеді. Сол жүкті сатып біткенше, сатып алушымен бірге екінші КамАЗ-ды айдасып өздеріне жүк дайындап жүргенде тұтқынға түсіпті. Айтуына қарағанда Әуелханның КамАЗ-ына қолқа салып отырған көрінеді. Жанындағы сатып алушысы «оның КамАЗ-ы жаңа» десе керек. Сол КамАЗ-ды алып келуге жанына жан алғыштар қосып, Әуелханды Ворух қаласына алып кетті.
— Қандай жүк дайындауға келіпті? Қай жерде тұтқынға алыпты? Ворухқа қашан алып кетіпті? Оның Ворухқа кеткен-кетпегенін кімнен, қалай білеміз?! Қайткен күнде де оны табуымыз керек! Жолығуымыз керек! Бүгін өзімізбен қайтсек те алып кетуіміз керек! Далада жатқан туыс жоқ! Елге не бетімізбен барамыз! Есітіп, біліп тұрып жау қолына қалай тастап кетеміз? Қай адамнан естідің, тез сол адамның аты-жөнін айт! Мына полковник шенінің арқасында ол адамды іздестіріп тауып алайын да анық-қанығын білейін. Әйтпесе болмайды.
— О-о-ий, Көке-ай, туысқан, туысқан!-дейсіз. Екі туып бір қалғаныңыз ба еді. Өзіне жолыққан жоқпын! Ол туралы хабарды ана «поливальшик» Асқардың үйінде істеген ұста айтты!
— Қай Асқардың ұстасы?
— Сансызбаев Ергебектің Асқары!
— Ергебектің баласы? Иә, білемін ғой! Ол қайдан жүр екен?! Иә, дұрыс! Дұрыс айтасың! Асқардың Тараздағы жаңадан салып жатқан үйінің ағаш оюларын істеп жатқан ұсталар Тәжікстанның Ворух қаласынан еді.
— Сол ұстаның біреуі Әуелханды таниды екен. Асқар арқылы жақсы білетін көрінеді. Сол ұста да осылардың оппозициясында. Ол маған «Қорықпа, ылажы болса КамАЗ-ымен қоса Таразға жетуіне көмектесемін. Қолынан дәм таттым, Қапал көшесіндегі үйінде бірнеше рет болдым. Сондықтан да мыналардың қосқан адамдарымен бірге оған көмек беру үшін Ворухқа бара жатырмын!-деді.
— Жолға шығып кетіп пе?!
— Иә, кетіп бара жатқанда жолықты.
— Өзіне жолыға алмадың ба?! Әуелханға деймін?
— Ол УАЗ-иктің ішінде отыр екен. Екі жағынан тәжік-ау деймін, екі адам ортаға алып алған. Сонда да ашық тұрған УАЗ-иктің артқы есігінен сол жағындағы қарауылдың иығынан маған қарай басын асыра мойнын созып тұрып:
— Ердос, менен қам жеме. Мен бір амалын табамын! Бұл жерде қалуға болмайды! Көкені құтқар! Ворухқа жетсем болды, мені елде деп біл!-деді.
— Айтқаның келсін. Аузыңа май, астыңа тай. Елде кездесейік!- дедім.
— Көке келісіп пе?! Ебін тауып хабар берсеңші! Мыналардың айтқанына келіссін де! Босқа атып тастайды ғой! Айтқын!
— Бүгінгі соңғы сынақ сұрақта келісетін шығар! Бүгін белгілі болады!
— Адам салмадыңдар ма?!
— Өзі де құтылу үшін басқа амалдың жоқ екенін сезетін шығар. Қам жеме, «Офицер бол!» деп қинайтын көрінеді. Содан кейін де созылып жатқан болар! — деп айтып ауыз жиғанымша Әуелхан отырған УАЗикке Асқардың үйін салған ұста барып отырған бойда УАЗик жүріді де кетті. Мен қол бұлғап қала бердім.
— Қап! Қайран ерім-ай-а! Аңқылдаған ақкөңіл бауырым-ай-а! Өзінің тағдыры қыл үстінде тұрып көрдің бе, бізді ойлап жүруін. «Туысқаным, бауырым жау қолында қалды ғой!» деп жүрегі сыздауын. Көңілі егіліп, көкені құтқар! Деуін. Қайран бауыр! Міне туысқанның аты туысқан! — деген осы.
— Көке! Әуелхан сізге қандай туысқан?!
— Қандай туысқаның не?! Жоқ, әлде, тұтқында болғалы бері аналардың апиыны мен тартқан анашасына елтіп басың істемей қалғаны ма?!
— Жо-оға? Қай атадан қосылып, қай тармақтан тарайтынымыздың анық-қанығын біліп, пысықтап алайын дегенім-ғой! Апам-атамның сөздерінен бұларды Әжі ауылы дегенді естуші едім. Бірақ аса мән бермегендіктен нақты қай атадан келіп қосылатынымызды білмеймін. Әйтеуір Жамбай, одан Жантудың бабаларынан тарайтынымыз анық қой. Сонда да Сіз білсеңіз ойға түйіп алайын дегенім ғой! — деп ағынан жарылған Ердосқа мен де білгенімше түсіндіре бастадым.
— Жантудың балалары екеніміз рас. Бұл жерің дұрыс Жантудан Жамбай бабаға дейін бір шама үлкен қариялардан естіп, білген аталар мен бабалардың тармақ-тамырын атауға мен де, шынымды айтсам, жүрексінем. Мына қысылтаяң уақытта шатасып орын-орныменен айта алмай күнәһар болып қалам ба? — деймін. Амандық болса елге барғанда әкемнен жақсылап сұрап алып тұтқында емес, тозақтың отына барғанда да шатаспайтындай етіп еске сақтамасам ба? Өйткені бұл керек дүние екендігіне көзіміз енді жетіп отыр ғой. Бізге ғана емес, келешек ұрпаққа да қажет екендігін енді түсіне бастасақ керек. Оларға біз айтпасақ, кім айтып жеткізеді. Білмегеннің айыбы жоқ, Ереке! Сондықтан білгенімді айтып берейін! Жазатайым қателесіп кетсем, Жаратушы Алла, бабалар әруағы кешірер! Өздерінің әруағы желеп, жебеп ойыма салар.
Жантудың Баба, Ерке, Қосан, Мәт, Сәт атты бес баласы болған. Бабадан сенің есіңде қалу үшін менің ұстазым Бидайбекұлы Файзулла. Басқаларын атап отырып, уақытты босқа өткізбейік те өзіңе бірақ тоқталайық.
Еркеден сен танитындардан «Қапал» ауылында тұратын Манап, оның баласы Сәдібек, жақындары Қабылбек. Бесжылдық ауылындағылардың өзіңнен көшеңнің бас жағында тұратын Сыдық, Қалдыкөз қаладағылардын Олжабай, Шайжан, Ақмырза және т.б.
Қосаннан — Біз. Бізге дейін Қоңыратбай, Шуақ, Күзер тармақтары кетеді. Күзер біздің тармақ.
Күзерден Сыбанбай, Әзберген, Мұңалбай, Мәзбай, Қырғызбай. Біз Қырғызбай кіндігіненбіз, оның кімдер екенін де білесің.
Мәтке келсек, Әуелхан содан тарайды. Сонда ол бізге туысқан ба?! Жоқ, әлде, туысқан емес пе?!
— Әрине туысқан. Көке менің жақсы білетінім Әміркен атаның баласы Иған мен оның балалары Сандыбай, Сұлтан.
— Ал, Ыбыжанның баласы Мұхтар ше?!
— Мұхтар, көке-ау, туған ағамдай ғой!
Егер Ресейдің Қиыр Шығысына, Солтүстік аймақтағы Мирный, Воркута қалаларына КамАЗ-бен бармағаныңда Мұхтарды да білмес едің.
— Оныңыз рас! Ой, сұмдық бір тума батыр жігіт қой! Ондай сапарда Мұхтар сияқты жігіттер болмаса айдалада арам қатасың. Ер ғой! Менің ел аузынан естігенім, осы Әміркен атаның арғы атасы Мырзақұл деген кісі Кенесары ханның жасағында болып, қырғыздарда тұтқынында қалған екен. Сол Мырзақұл бабаның кіндігінен тараған Жамбай, Мәт ұрпақтарын Қырғызстандағы ағайындар Әміркен атаның көзі тірісінде өзінің әулетіне табыстырып әлі күнге дейін араласып тұрады екен ғой? Рас па?
— Әрине рас!
— Ол қандай атасы? Осы жағын жіктеп беріңізші!
— Саған түсінікті болу үшін, қайтадан басынан бастауға тура келеді. Сен де Сема сияқты болайын депсің ғой. Оған кешірімді. Өйткені ол орысша оқыды. Қалада тұрды. Араласып жүргендерінің бәрі өзге ұлттың балалары болды. Анау Моисей дегенің Вова, Боря деген ұлдарымен әлі күнге дейін бірге жүріп, бір тұрады. Дегенмен өз әулетінің төрағасы етіп сайланғаннан кейін әжептеуір қазақшалайтын болыпты. Ол бірақ сен сияқты шежірені жақсы білмесе де елдің бәрін туысым деп өліп-тіріліп тұрады. Қырғызстандағы ағайындарға барып, қарым-қатынас жасап жүрген осы Сема.
— Мырзақұл Әміркеннің әкесі ме?
— Сен, Ердос, әңгімені бөле бердің ғой. Әміркеннің әкесі Дәуітбай. Мырзақұл Дәуітбайдың әкесі. Әміркенге ата болып келеді. Бәрі Мәт балалары. Мәттің үлкен баласы Мырзақұл, кішісі Тойғұл. Мырзақұлдан Дәуітбай, Дәуітбайдан Бибол, Араб, Әбдібай, Амандос, Әміркен, Әмірхалық, Ұстабай.
Мырзақұлға Мұхтар, Мұхамедияр шөбере болып келеді. Бабалары Мырзақұлдың хан Кененің әскеріне қалай қосылғаны жайында бұрынғы «Сапар жолы» кітабымда баяндалған. Хан Кене Қырғызбайдың жаз жайылымы — Көлқайнар жеріндегі Ақбастау бұлағында он мың әскерімен келіп түнегенде оның Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы шығып, тәуелсіздік жолындағы ұлт азаттық күресіне он бес жыл болған. Хан Кененің қарулы көтерілісі бағдарламасының мәніне ден қойып, жетік түсінген 25-30 жасар шамасындағы сауатты да зерек Мырзақұл хан әскеріне қосылуға әрекет етеді. Немере ағасы Қырғызбайдың ақыл кеңесімен бес қаруы бойында, өңкей ығай мен сығай, әскер өнеріне әбден машықтанған Жамбай руының Әтей, Тіней әулетінен Мырзақұлдың қарамағына бес жүз сарбаз жиналады. Көршілес Шымырдың Керімбай болысынан бес жүзге жуық қол келеді де, Жамбай руының жігіттерінің саны басымдау болғандықтан. Мырзақұлды мыңбасы етіп сайлайды. Содан хан Кене қалың әскер құрап, Құлан, Мерке, Қордай елді мекендерінде Ресей патшасының отаршылдық саясатына қарсы халық көтерілісін ұйымдастыру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсаты кезінде Шу өзенінің Шөміш атты саласында Қырғыз манаптарының арандатушылық әрекетінен жеңіліс тапқан хан Кене қолы тарихта өшпес орын алады. Хан Кене қолының мыңбасы Мырзақұл тұтқында қалып, қырғыздардың таулы аймағында жазасын өтейді. Араға талай жылдар салып сенімге кіргеннен кейін Тоқтағұл елді мекенінде үйлі-жайлы болып, қырғыз еліне сіңіп кетеді.
1989 жылы Қырғыздың Талас облысы арқылы Түйе асуынан асып, Мұхтар, Сандыбай үшеуміз КамАЗ бен Наманганға барып жүргенімізде Тоқтағұл айылында Мырзақұлдың Сатылған деген шөбересінің үйінде көптеген әңгімелердің куәсі болдық. Ал, енді бұл әңгімеге кейін аман-есен елге оралғанда толық тоқтала жатармыз. Сенің әлгі сұрағың бойынша Әміркен жөнінде қысқаша мәлімет бере кетейін. Одан кейін Әуелханға да келеміз.
Мырзақұл хан Кене қолының мыңбасы болып кеткенде баласы Дәуітбай он үште екен. Әкесі оралмағаннан кейін Мырзақұлдың немере ағасы Қырғызбай Дәуітбайға жетімдік көрсетпей өз қамқорлығына алып, тәрбиелейді. Текке тартқан зерек те пысық, еті тірі бала өзінің алғырлығымен ауыл молдасынан сауат ашып, он төрт-он бес жасында-ақ Қырғызбайдың сеніміне кіреді. Содан оған үлкен сенім артып, Наманған, Қоқанға мал айдап баратын қосынның міндетін жүктейді. Сол Дәуітбай бабамыз он бес жасында ағасы Қырғызбайдың сауда-саттық саласын дөңгелетіп, Мұхит жағалауындағы Иран, Ирак, Араб елдеріне дейін өркендетеді. Міне, Дәуітбай кіндігінен тараған балалар жайлы атаң мен апаңның айтқаны шындыққа келеді. Содан бастап Әжі ауылы дейді. Негізі Дәуітбай қажылыққа бірнеше рет барған адам. Тобықтыдан шыққан Өскенбайдың Құнанбайы қажыға бір рет барса, сол заман қазағының ішінде қажыға бірнеше рет барған қазақ Дәуітбай Мырзақұлұлы еді деп өзіңнің атаң сияқты ескі көз қариялардан мен де талай естіген едім. Өйткені біздің елде Көделі — Көлқайнар жазығы арқылы қажылыққа Ташкент бағытын алып кетіп бара жатқан Құнанбайды қарсы алған Керімбай Қырғызбайлардан қалған сөз! — деп айтып отырушы еді. Ал, енді бұл батырлық, жүректілік, тіпті ақылдылық, парасаттылық, мәдениеттілік, емшілік те, сауда-саттық өнерімен қоса ақындық та ұрпақтан ұрпаққа тұқым қуалау қасиеті бойынша беріледі ғой! — деп ойлаймын. Неге десең тарихи тұлға, Социолистік Еңбек Ері Әзімбек Смайылов атамыздан естігенім көп.
Араб Әміркеннің ағасы, Байқадамдағы (Саудакент), Созақтағы Кеңес өкіметіне қарсы көтерілістің белгілі ұйымдастырушысы атасы Мырзақұл да хан Кененің қолымен бірге тәуелсіздік үшін көтеріліске шықты. Араб та ата жолын қуды, тәуелсіздік үшін жан қиды. Сол Арабты қолға түсіріп, үштіктің үкімімен ату жазасы қазіргі «Жансая» мен 5-ші мөлтек ауданының ортасындағы Қарасу аймағында орындалады. Ол кезде Әзімбек Смайылов Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде нұсқаушы екен.
«Араб нағыз батыр! Жүрегінің түгі бар екен! Атылатын бес адамның төртеуі бұйрық бойынша атардың алдында теріс қарады. Арабқа «Сен неге бұйрықты орындамайсың?!» деген ататын солдаттардың командиріне: «Ақыры атады екенсіңдер, мықты болсаңдар мені дәл осылай атыңдар! Мен елім, жерім үшін жанымды құрбан еткен адаммын! Өлімді теріс қарап қарсы алмаймын! — деді. Оның осы сөзінен кейін солдаттар командирі үшінші рет бұйрық бергенде әрең атты» деп 80-жылдардың орта тұсында маған Әзекеңнің өзі айтып еді. Бұл кезде әлгі оқиғаны өз көзімен көрген Әзімбек Смайылов зейнеткер болатын.
Сол қарсаңда Қырғыз елінде Мырзақұлдың қырғыз әйелінен туған Жолдасбек деген баласы коммунист, орталықтан келген революционер Петров Иван Иванович дегенді атады. Ол Петровтың мүсіні Тоқтағұл ауданының орталығындағы саябақта 1989 жылға дейін тұрды. Ондағы тақтайшада «Бандиттің қолынан қаза тапқан»-деп орыс мәтінінде жазылған еді. Ол, ол ма, Ереке! Манағы әңгімеміз бен сөзіміз бойынша. Мырзақұлдың шөбересі Мұхтардың әкесі Ыбыжан Әміркенұлы да екінші дүние жүзілік соғыста бабасы Мырзақұл мен ағасы Арабтың ерлігін қайталаған. Ол ерлікті 1985 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Панфиловцы» жинағының екінші бөлімінен оқуға болады.
Сапар жолда Мұхтармен өзің секілді талай бірге жүргендіктен әрі құжатын да талай рет көргендіктен жинақтағы жолдар көзіме оттай басылды. Сөйтіп Ыбыжан көкенің өзімен кездесіп, анық-қанығын білейін деп Мұхтарға еріп арнайы бардым.
Ыбыжан көкенің өз аузынан көп әңгіме естідім. Сөйтсем әлгіндегі жинақ қана емес, оның ерліктері жайлы талай кітапта тілге тиек болыпты. Ол кісі жөнінде Әди Шәріповтің де, өзге де жауынгер жазушылардың шығармаларында көп жазылыпты. Орден, медальдары да жетеді екен, ауылда айтылып жүрген Ыбыжан Әміркенов деген аты-жөніне үйреніп кеткенбіз ғой. Ал, құжатта Убажан Амеркенов деп жазылыпты. Қазіргі уақытта дін аман, 80-нің ортасына келіп, апамыз Мертай екеуі қанша баланы өсіріп, немерелі-шөберелі болып отыр.
Бұл біздің білетініміз ғана. Ал, кішкентай ғана «Бесжылдық аулының өзінде әлі қанша біз білмейтін батыр аталарымыз бар. Сол батырларды алыстан іздемей-ақ, жанымызда жүргендердің өзін бағалап, олардың ерен ерлігін дәріптеп, ұрпақтан ұрпаққа жеткізтіп отыру біздің тікелей міндетіміз емес пе?!
Ал, Амандостан Әбиталып, Сейдазым, Сайдыхан, Сайдуалы. Сайдуалыны білесің! Ағасы Әбиталып бағанадан бері сұрап отырған туысқаның Әуелханның әкесі, Қырғызбайдың баласы — Жанұзақ, Әпсамат, Әбдіраш Таласбаев және т.б. 10-20 жылдан репрессияға ұшырап, тәуелсіздік жолында көрмегенді көрген тарихи тұлғалар. Солардың ішінен елге оралғандар санаулы ғана. Біз екеуміз де сондай тұлғалардың ұрпақтарымыз.
Уағыз бәсеңсіп қалды. Менен бір елі қалмай жүрген тәжік тағы да дәл жаныма келіп отырды. Ақыры уағызы аяқталып, әркім өзімен өзі топ-топ болып бөлініп отыр.
Иә, Біз бөлініп-бөлініп бүлік шығарған, бейбіт өмірдің шырқан бұзып, дінді сайқал саясатқа кірістірген, билік пен үстемдік тұғырының баспалдағына шығу үшін өз ықпалын жүргізу мүддесіне пайдалану мақсатымен айла жасап, соғыс өртін тұтатқан елде отырмыз.
Мына бөлініп отырған апиыншы нашақор бас кесерлерден құралған құрамалар ненің үдесіне жетер екен, жазықсыз халықты қанап, қан төккеннен басқа не шаруа бітірер екен, нені көксеп не істеп отырғанына бұл иттердің санасы жетер ме екен?
Қайран Қазақстаным! Туған жерім! Сүттей ұйып, қаймағы бұзылмай, бейбіт өмір сүрген қалың қазағым деп Отаным, елім еске түсіп, сағыныштан жүрегім қарс айырылды. Содан:
Тағдыр мені әкетсе де қайда алып,
Туған жерге оралармын айналып! — дедім де уәделі сағатты сарыға күтумен болдым қасымдағы тәжік пе, кім болса ол болсын, мені аңдып жүрген итті, сезіп қалған жағдайда, бостандық үшін көзін құртуға қауқарымның жететініне көзім анық жетеді. Бұл менің соңғы шешімім.
Түннің бір уағында ақырын басқан екі-үш адамның аяқ дыбысын анық естідім. Қасымдағы бәле қалың ұйқы үстінде жатыр. Ары-бері сыйпақтап жүріп, есіктің ілгегін күні бұрын ағытып, даярлап қойғанмын.
Әлгі екі-үш адам кірген бойда шапшаң қимылдап, жатқан тәжіктің үнін шығаруға шамасын келтірмей басы көзіне қарамай сойылға жықты да, әп-сәтте байлап-матап, үсті-басын тексеріп қаруын тауып алды да, мені жетектей жөнелді.
Ай сүттей жарық. Күз айының аяққы кезі. Әр бұтаны, әр жартасты қалқа етіп бұқпантайлап, біресе жүгіріп, біресе жата қалып, жан-жаққа қарап тың тыңдап, жарты сағат бойы жүгіре басып жүріп, таудан өлдік-талдық дегенде су ағып жатқан бір сайға түстік.
Бастаушыларым мені қолтықтаған бойы өздерімен бірге сарқырап ағып жатқан мұздай тау суына қойды да кетті. Судың мұздайлығы соншалықты сүйегімнен өтіп, миыма бір-ақ жетті. Судың қатты ағысы мен жазыққа шықтық. Тағы да жарты сағаттан асқан уақытта бізді ағызған өзен қышылақтың тұсына әкелді. Қышылақтың өте берген тұста бастаушымыз жағаға қарай малти бастады. Алдымыздағы Ердосқа қатарласып алып, мен де жағаға қарай малтыдым. Өліп-талып жағаға шықтық. Жаурағанымыз соншалықты дірілдеп тісіміз-тісімізге тимейді. Бастаушымыз:
— Бұл — Өзбекстан енді қорықпаңдар! Құтылдыңдар! - деп ауыз жиғанша арғы жақтан бес-алты адам жүгіре басып қасымызға келді. Мен Закирді тани кеттім. Ол «Собыр акә!» деп көңілі босап құшақтай алды. Баскесерлердің Райс ағасын өлтіргенін, өзінің біз секілді зорға қашып құтылғанын, содан бізді құтқаруға кіріскенін айтып жатыр. Сөз арасында Ердос та:
— Е-е-ей! Закир, КамАЗ қайда? Зат қайда? — деп жатыр.
— КамАЗ, зат түгілі қара басымызды зорға алып шыққан жоқпыз ба?-деді ол мұңайып.
Малмандай су болған киімімізді сығып, «құтылдық па жоқ па?» деп тұрғанымызда қасымызға РАФИК жеңіл машинасы келіп тоқтай қалды.
— Ал, жігіттер машинаға отырыңдар! — деді біреу.
— Қайда? Қайда кеттік?!-дейді Ердос.
— Деновқа! Бахтиердікіне! Содан әрі елдеріңе жету де оңай! Бұл жерде қалуға мүмкіншілік жоқ! Тәжікстанда қалған адамдарды құтқаруға кесіріміз тиеді. Ригордтағы жүз адамның тоқсаны тәжік біздің операцияны хабарлап, артымыз ашылып қалады. Болыңдар, тез отырыңдар. Қалған киімді машинада киесіңдер! Собыр акә, сіз анау полковник киімін тастаңыз да мына өзбек киімін киіңіз!
Бір тәуліктей полковник болған формамды енді өзбектің ала шапанына ауыстыруға тура келді. Әрине бұның бәрі сақтық үшін. Сөйтіп Деновқа қарай жүріп кеттік. Біз Деновқа жеткенде таң да атты. Деновтың орталық көшесі арқылы Көк базардың жанымен күн шығысқа қарай жүріп, Кірпіш зауыты деген жердегі Бахтиердің үйіне бардық.
Бахтиер үйінде екен. Өзі шығып қарсы алды. Біздің мына суыт жүрісімізден секем алған ол:
— Тииш мо?! Тийшлық мо?-деп қайта-қайта сұрайды. Алғашында үйден шыға сала ұйқылы-ояу қалпында Закирді байқамаған болуы керек, қайта-қайта есінеп жүріп алдында тұрған Закирді көре сала.
— Е-е! Закир! Хишлоғиңно хондай тополляң буляпти?! Телевизор! Радио һәр соғоот буий гәпириф шу опозиц! Герлер Ригорд томомниң һоммосин оллияпти! Роисторин ултирип тиряорин төоу томомина. Воодиликтер рооссим акетяпти. Шу росмои?!
— Бәрі рас. Міне, сол тұтқыннан қашып келген бетіміз? — деп Закир барлық болған жағдайды баяндап беріп еді. Бақтиер басын шайқап...
— А-а-ий! Собыр акә! Бу жоида холиң! О томомда хол-яғдой қийын. Гәфти тиңломодиңиз, кәлләни гүрәң еттиңиз. Немохоо булди хооммоси улди КамАЗ ям иуқ. А-а-и! Собур акә! Нимо қыломиз? — деп басын қайта-қайта шайқап қатты қамықты.
КамАЗ-ы да заттары да құрсын! «Садақа». Құтылдым ба, жоқ па, өңім бе, түсім бе? Көрмегенімді көріп, көн тулағымды жамылып, рас па, өтірік пе? — деп есімді жыя алмай мен тұрмын.
— Собур акә! Со-о-бур акә! Жүріңдер үйге кірейік! — деген Бахтиердің сөзі ойымды бөліп, олардың соңын ала мен де үйге беттедім.
— Ертеңгі шай үстінде ары-ақылдасып, бері ақылдасып ақырында Бахтиер екі КамАЗ-ға жүк іздейтін болды. Сол бес-алты күннің ішінде жүкті тиеп, солардың КамАЗ-ымен Қазақстанға — Жамбылға жетейік деген мәмілеге келдік.
Күткенде уақыттың өтпей қоятыны бар ғой. Күні бойы уақытты өткізе алмай, тағатымыз таусылып, ақыры күн батып, кеш те болды-ау әйтеуір. Ердос аулаға бір кіріп, бір шығып жүріп көрген-білгенін айтып келеді. Неге үйтеді? Неге бүйтеді? — деп сұрап та қояды. Таң қалып, басын шайқап. «Бұл дәйістерің темекі дегенді білмейді екен ғой» деп қояды.
— Неге? Неғып білмейді? Темекіні білгенде қандай! десем:
— Темекім бітіп, мына үйге келген-кеткендерден темекі сұрасам:
— Темекі жоқ, нас атамыз! — дейді. Алғашында насы несі десем, кәдімгі насыбайды айтады екен. Біреуі де темекі шекпейтін көрінеді. Сұрап-сұрап ешқайсысынан темекі шықпағаннан соң, міне, насыбай атуға көштім.
— Бәсе! Манадан бері тіліңді төсеп ысылдап сөйлеп отырғаның сол екен ғой! Әйтпесе мен мыналардың біреңесін шегіп немесе ішіп алған ба?! — деп ойладым деген әзіл-шыны аралас сөзіме Ердос шамданып:
— Құдай сақтасын! Енді жетпегені сол еді! — деп шыж-быжы шығып, ақыры мен үндемей қойғаннан кейін барып сабасына түсті. Біраз үнсіздіктен кейін барып:
— Далада басқа не көрдің?! Не тіршілік болып жатыр?! — деген сұрағыма:
— Әлгінде темекіні кімнен сұрасам екен,-деп біраз тұрып қалдым. Қасақана ешкімде жоқ. Бақша жақта бір-екі әйел ме, қыз ба, біреулер жүрді. Бұлардың әйелі мен қызын ажыратып болмайды ғой! Бәрі бірдей алабажақ-алабажақ сөлеңдеген көйлек пе, халат па бірдеңені киіп алады. Онысы аздай, басын да орамал ма, жаулық па, бірдеңемен суытатын бәйге атындай етіп, тұмшалап тастайды екен.
— Әйел емес келіншек десейші! — деп сөзін бөліп жібергеніме жақтырмай қараған Ердос сөзін жалғастыра берді.
— Мейлі ғой, қайсысы болсада. Әйтеуір түрі де, түсі де бір болғаннан кейін айтып отырғаным-ғой.
— Ал, қарияларын (кемпірлерін) түрін түстеп өздерін ажырата аласың ба?
— О-ий, көке-ай! Оны да көрдім-ғой! Қап-қара, қалың помази қапты басына жамылып, беті мен көзінің алдына майда тор терезе тігіп алып, табан жолын көре алмай кібіртіктеп келе жатқанын өз көзіммен талай көрдім ғой.
— Байқа! Мына сөзіңді біреу-міреу естіп қоймасын!
— Өтірік пе? Естісе ести берсін! — деген Ердостың қап, бас қап деп отырғанының не деп аталатынын білмейтінін сездім де:
— Ердос, бұлардың ол ұлттық бас киімі. Оны паранжа деп атайды. Ал, әңгімеңді айта бер! — деген ыңғай таныттым.
— Не айтайын деп отырғанын іштей сеземін. Бірақ амал қанша? Бізге уақыт өлтіру керек. Көшеге шығайық десек құжат біткеннің бәрінен жұрдаймыз, тағы да бір бәлеге душар болып қаламыз ба» деп қорқамыз. Түр әлпетімізден кім екеніміз бірден білінеді. Біздің бұл жақта екенімізді елден ешкім білмейді. Ол жақта біздің ешкімге де керегіміз жоқ. Екеуміздің де тек соқа басымыз. Біздің барымыз бен жоғымызда ешкімге де қажет емес. Қайта біздің олардың көзіне көрінбегеніміз жақсы. Жазатайым бір жағдай болып о дүниелік болып кетсек біздің кім екенімізді де, керек десең, бір жан баласы білмейді. Бұларға көп сене берме. Сенгеніміздің сиқы мынау болды ғой» деген білгірлік, ділмарлық ақыл сөздің бәрін айтып тауысқалы қашан.Амалдың жоқтығынан мына өзбектің кепесінде күрік болған тауықтай, «Енді не болар екен?» деген ой шырмауымен арпалысудамын. Осылай өз ойыммен өзім болып отырғанда Ердос тағы да өз көзімен көрген өзбек әйелдерінің күнделікті күйбең тірлігі жайлы әңгімесін бастап кетті:
— Содан қалтиғаннан-қалтиып аулада тұра бергенге ыңғайсыздандым да бақшадағы екі әйел бағанадан бері бір түбіртікті жұла алмай жатқанын көріп тұрып, көмектесейін кетпенмен шауып-шауып тастайын деп тұсына келген мені байқап қалған олар бірінің соңынан бірі бетінен моншағы түсе ұялған сыңды танытып, беттерін көрпедей орамалмен қымтағаннан-қымтап, үйлеріне тез-тез басып кірді де кетті. Қалдырған кетпенмен шаба алмаған түбірлерін әп-сәтте шауып-шауып тастап келіп отырғаным! — деп әңгімесін бітірер-бітірмес ерніндегі насыбайын былш еткізіп түкіріп тастай салды да:
— Бұлар қызық халық екен. Әлде біздің көзіміз үйренбегеннен кейін солай ма? Әне бір кетіп бара жатқан әйел бағанадан бері құмғанындағы сумен аяғын он рет жуды. Одан аяғы ағарып жатса мейлі ғой, қайта мұздай су тиген аяқ одан сайын жарылып кетпей ме?! Өзі де күс-күс болып бітіпті!
— Намаз оқыр алдында дәрет алып жатқан шығар.
— Намазды күніне бес мезгіл оқымаушы ма еді?
— Қаза болған намазы бар да!
— Біздің жақта дәреті болса оқыған намаздан кейін қаза болған намазын жалғастырушы еді. Бұлардың трлігіне түсінсем, бұйырмасын. Құдай өзі кешірсін, діндарлықтарына да сенбей қалдым.
— Неге?
— Неге дейсіз? Анау кешегілердің уағызында Құдайдың атын атап пайғамбарымыз бізге Ислам өкіметін құр! — деп өсиет еткен деген өтірікті соқпады ма? Бұлар бүкіл адами қасиеттен жұрдай болған. Ол қарапайым КамАЗ-шы маған да белгілі боп тұр. Әрі Ислам дінін бетке ұстап, пайғамбарымыздың хадисінде жоқ сөзді, құдайдан қорықпай, Мұхамедтің атын жамылып, бірнеше сағат бойы жағы сенбей қақсаған жоқ па? Олардың айтқан жалған уағызын ана отырған мәңгүрттер ұйып тыңдауда. Мұны қалай түсінуге болады?!
— Түсінетін ештеңесі жоқ. Көп сұрағыңның бәріне болмаған мен бірен-саранына жауапты өзің де бердің. Ислам дінінде арандатушылық, адам баласына зорлық жасау, не күш көрсетіп, қиянат ету деген атымен жоқ. Шариатта алдап-арбау, ала-аяқтық күнә деген. Керек десең Ислам дінін күштеп уағыздамайды. Оны кім болса да өз еркімен қабылдаған.
Ал, мынау сен «Мәңгүрттер» деп отырған адам бейнесін дегілерің нағыз «Экстрамистер».
— Экстрамистер дейсіз бе? Қазақша түсіндіріңізші?!
— Террористер деген сөзді естіген боларсың. Естісең — міне экстремистер мен террористер әлгінде өзің айтқандар. Өздерінің қара басының қамын ойлап, өз мүддесін іс жүзіне асырып, билік тұғырына шығу үшін осындай іс әрекеттер мен қаныпезерлікке, Ұлы жаратушының атын сатқан, пайғамбардың сөзін алға тартып, қалың-қара бұқара халықты мәңгүрттер арқылы алдап-арбағандар. Осылардың салдарынан соғыс өрті тұтанып, арты жазықсыз адамдарды опат етеді.
Ал, мәңгүрт дегеніміз апиыншы-нашақорлығымен қоса қылмыскерде. Олардың адам кейпінен ада болғандар, келешегі де жоқ.Апиын үшін барлық қылмысқа да, зұлымдыққа да барады. Нағыз жанкештілер.
— Иә, бұлар дінді тату-тәтті бейбіт өмірдің пайдасына емес, саясатқа араластырып, ұрда-жақтың қол шоқпарына айналдырмақ екен ғой. Ой, дәйістердің тапқан амалын-ай-а! «Вахаббис» деген не? «Иегова башня» деген ше? Айтпақшы, Иегова башня»,-деп ауылда небір әдемі-әдемі қыз-келіншектер ішінде түрлі-түсті суреттері бар қалақтай-қалақтай жұқа кітапшаларды тегін таратып жүр ғой. Соның бірнешеуін Бесжылдықтағы біздің үйдің есігінің тұтқасына қыстырып кетіпті. Көршім Ташай көкенің баласы Мұса бар ғой, сол кітап таратып жүрген қыз-келіншектерге:
— Осыған керек. Жасы қырыққа келсе де сүрбойдақ! — деп қутың-қутың етеді.
— Саған альбом сияқты жоғары жақтан кітап түсті. Соны оқыса немесе қабылдаса үйленеді деген болу керек! — деп мені де әжуалаған.
Қойшы, әйтеуір, үйде жалғыз жатып ермегім сол кітапшалар болды. Әрі оқып, бері оқып, миыма ештеңе қонбағаннан кейін, қолымды бір сілтеп, лақтырып тастағам.
— Дұрыс айтасың. Бұл Ислам дінін адам баласына рухани қажеті мол, тәлім-тәрбиесі мен мәні бар дүние деп білемін. Бірақ жоғарыда өзің айтқандай небір жолдан қосылған ілеспелер өз мүддесіне бұрумен әлек. Әлгі айтып отырғаның сондай ілеспе дінгерсымақтардың іс-әрекеттері. Бұл мәселені осы саланың мамандары жік-жігіне дейін талдап берер. Ал, әлгі сен бақшадан көрген өзбек әйелдерінің тайқып кеткені өз ұлтының әдет-ғұрыпын ұстанғаны. Мысалы: — Бізде де ер адамның жолын кеспе, бос шелекпен жолаушының алдынан өтпе, Қамыр жайғанда орамал тарт! — деп ізеттілік пен салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа баулиды ғой. Олар да сені еркек кіндікті!-деп құрмет тұтқаны ғой. Бұлардың салтында өздерінің етене жақын еркек кіндіктілері болмаса, бөтен ер адамдармен бірге жүріп-тұрмақ түгілі өз ерлерімен де бірге отырмайды. Ерлер бір бөлек, әйелдер бір бөлек отырады. Салт-дәстүрі солай. Бұлар бөтен ер адамға жүзін мүлде көрсетпейді. Сондықтан да сені көре сала орамалмен бетін жауып, үйлеріне тұра қашқаны сол. Ендігі жерде оңаша жүрген қыз-келіншектеріне түбірді жұла алмақ түгілі сұлап жатса да жолама!
Менің әзіл-шыны аралас ескертуімді түсінген Ердос әңгімені басқа арнаға бұрды.
— Жаңа бақшаға барғанымда дуалдың арғы жағында шарбақтан тауға қарай шығатын есік бар сияқты. Кешке дейін кепеде қамалып отырғанша, күн батқанша мынау төбемізге төніп тұрған тауға шығып қайтайық. Ойға батып отыра бергенше біраз бой жазсаңызшы.
— Арғы жағында көше жоқ па екен? Тіке тауға шығып кете аламыз ба? Соны барып байқап қайт. Мен үй иелерінің біреуіне қайда кеткенімізді ескертейін. Бахтиерлар келіп қалса әбіржімесін. Сен де іләжі болса біреуінен ала шапан сұрап киіп ал. Сырт көзге түспейік.
Біраз уақыт өткеннен кейін шарбақ жақтан келген Ердос:
— Бәрі ойдағыдай, көке. Шарбақтан шыға берісте бұлақ ағып жатыр. Үйден шыққан жалғыз аяқ жол тақтайша көпірге алып барады. Содан өткен соң ит тұмсығы өтпейтін тоғай, иә, иә, етектен сонау шыңға дейін аршалы тоғай. Ол небір жеміс-жидекке тұнып тұр! — деді де «кеттік» дегендей ым жасады.
— Расында да сонау шыңына дейін арша, шыршалары өрмелей өскен тау бізді «мен мұндалап» шақырғандай, Ердос екеуміз лып етіп тақтайша көпірден бір-ақ шықтық.
Бұлақтан өткен заматта мұрнымызға тірелген тіп-тік құзға әр аршаның бұтағынан ұстап, жартастарына маңдайымыз тиер-тимес болып төрт тағандап өрмелеп келеміз. Жартастары теп-тегіс әрі көк түсті. Алдымда бір қадамдай жерде өрмелеп келе жатқан Ердос көк тасқа жапсырып қойғандай жасыл мүкке аяғы тайып, менің иығымнан тіреп екінші қолымен аршаның бұтағынан қарманып Басын маған бұрған кезде көзі төменге түсіп кетті-ау деймін. Зәре-құты қалмай:
О-й-ба-ий, кө-ө-ке-е! Біз құздың басында ілініп тұр екенбіз! Жазатайым Құрысын!... әрі қарай бармаймын! — деп айқай салды.
Төмен қарасам, біздің шыққан үйіміз табанымыздың дәл астында тұр. Аула алдында ала шапан киген үш-төрт өзбек тұр. Олар бізге тақиясын бұлғап, «түсіңдер» деп белгі береді.
Біз төмен қарай түсе бастадық. Төмен қарай түскеніміз құрысын, қияметтің көкесін көрдік. Жоғары шыққаннан гөрі, төмен түскен тіпті қиын екен. Сонда ғана неге арқан алып шықпадық! деп өкіндік. Қолдан қол қалмады. Аяқтан да әл кетіп тіреуге келмейді. Екі-үш рет аяғымыз тайып кетіп, әйтеуір әупірімдеп аман қалдық. Құзға тез-ақ өрмелеген сияқты едік, ал төмен түскенімізге біраз уақыт болды. Қолда сағат та жоқ. Сағатты Тәжікстандағы алғашқы түнде-ақ сыпырып алған. Оны іздеген де, сұраған да жоқпыз.
Әбден шаршағаннан соң, екеуміз де өсіп тұрған шыршаға тіреліп төрт тағандап жата кеттік. Тас суық екен, ішек-қарын, кеуедеден өтіп барады, тұла бойдан аққан тер бой-бой болып пұшпағыма жетті. Өйткені ауа жетпей, әбден қиналдым. Ердостың да жағдайы менен артық емес екен.
Сөйтсек біз тым биікке өрмелеп кетіппіз. Сондықтан да оттегі жетпей талықсып жатырмыз.
— Амалын тауып төменге сырғи беру керек, бұл жерде ұзақ қалуға болмайды. Сәлден соң сырғиық. Сөйтіп мына қауіпті аймақтан өтіп алайық. Миға оттегі бармай қалса біттік! — деп Ердосқа түсіндіріп болғанша әлім кетіп шаршап қалдым.
— Кө-ө-кке-е! Ұйық-қы-мм ке-лл-і-іпп жжа-ат-тырр!
— Ойбай, ұйқы деген бәлені атама, құрисың! Кел аяғыңды менің иығыма тіре! Қолыңды жібер! Сырғимыз! І-і-іі... Осылай тіреп маған ілесіп жылжи бер!
— Көке — анау төмендегі өзбектердің қарасы көбейіп кеткен бе?
Төменге Бахтиердың ауласына көз салсам, шынында да адамдардың қарасы көбейіп қалыпты. Бірақ Ердос айтқандай адамдар көп емес, екеу ғана. Біреуі бір кепеден бір кепеге асығыс кіріп шығуда... Ойыма жат ой сарт ете түсіп әрі Ердостың қал-ақуалын білейін деген оймен...
— Ердос, аула алдында қанша адам тұр? Араларында Бахтиер көріне ме?-деп сұрадым.
— Он шақты. Анау кіріп шығып жүргендерді қоссақ одан да көп сияқты — дегенде жаным түршікті. Япырмай, енді біраз осындай күй кешсек, құрыды, мұның көзіне қос көрініп жатыр. Енді сәл ғана оттегі жетпесе, Ердостан айырылып қалам ба» деген суық ой бойымды қарып өтті. «Мұндайда адам тірі қалмайды, қалса да сал болады» деп естуші едім.
Содан «Құдай өзің сақтай көр!» деп бар күшімді жинап, Ердостың былқ-сылқ еткен денесін әлім жеткенше төмен қарай тарта бердім. Оқта-текте «Ердос!» деп дауыстап қоям. Жауап жоқ. Біраз уақыт өткенде қол-аяқтан қуат кетіп, қозғалуға шамам келмей қойды. Сәл тыныстап алып, Ердосты төмен қарай сырғыттым. Бірақ қасымдағы шырша сол қалпында. Шыршаның түбіне аяғымды тіреп тұрып, Ердосты қапсыра құшақтап шірене тартам. Бәрбір бір орында тұрған сияқтымыз. «Е-е-ей... мүмкін емес. Бұл басқа шырша! Жылжымауымыз мүмкін емес! Басқа шырша болар. Міне, тағы жылжыдық! Келесі шыршаға жеттік! Ердос! Қолыңды жібер! Ештеңеден ұстамай-ақ қой! Өстіп-өстіп әлі-ақ жерге түсеміз, қорықпа!» деймін дауыстаған болып. Ештеңеден де ұстаған жоқпын! Ақырын сырғып келеміз ғой: — дейді Ердос қырылдап.
— Ердос, мана төмен, Бахтиердың ауласына қарағанда мұндай көп шырша жоқ еді ғой! деймін күдіктеніп. ...Биік құздан жерге қарай көз жіберген сияқтымын. Төменде біздің ауыл — Бесжылдық. Тегі ұзын-ұзын, өзім талай рет жүрген сымдай тартылған түп-түзу көшелері алақандағыдай анық көрініп тұр. Ауылға — Бесжылдыққа келіппін ғой! — деп қуанамын.
Қалай келдім?! Қашан келдім?! — деген көңілде күдік те бар. Біздің ауыл қандай тамаша, көңілге келген күдіктен айырылғым келеді. Ауылымды қатты сағыныппын. Биіктен көз алмай көз тігемін. Бір уақытта Сейдазым мен бірінші көшеге кіре берістегі мұғаліміміз Мәмешов Иманәлінің үйінің күн шығыс жағындағы қыста сырғанақ тебетін Бурыл тауының алғашқы қырқасында достарымның арасында тұрмын. Олар — көршіміз Хафиздің баласы Әбдірахман, Есдәулет атаның баласы Рысдәулет, Әбдіралі көкенің баласы Ермахан, Бақытжан, Шахан, Нұрахан, Жүніс, Аманкелді және т.б. Шамасы сырғанақ тебуге жиналған сияқтымыз. Бірақ жерде қар жоқ. Неге екенін қайдам, төңіректің бәрі мен бұрын-соңды көріп білмеген көкпенбек көк майса, ағаш біткен жасыл желек жамылып, тіпті гүл шашып тұр. Түрлі-түсті гүлдері көздің жауын алады. Бәріміз бір-бірімізге сөз бермей, өз ойымызды жарыса айтып жатқан сияқтымыз. Бір кезде маған да сөз кезегі тиіп:
— Ананы қараңдар! Иманәлі ағайдың есігінің алдындағы қаратал да гүлдепті!-дей бергенімде достарымның бірі:
— Сабыр! Сабыр! Әуес жеңешем келе жатыр!-дейді.
— Кәні?! — дегенімше анам Әуес мұңайған қалыппен «Жүр, кеттік!» деген ыңғай танытады. Мен де үн-түнсіз ере бердім. Анам Бурыл тауына қарай кетіп барады.
Қалың ойға шомған одан «қайда барамыз?» деп сұрауға да батпадым. Ол кенет тау басындағы «Тайбурылдың» ізі қалған дәу жалпақ тасты меңзеді. Маған бір түрлі ренішпен қарайды. Бірақ ләм-мим демеді. Сол үнсіз күйі жайпауыт жермен қорымды бетке алып кете берді. Мен анамның бұл ісіне таң қалсам да ештеңе дей алмаймын. Құдды, тілім байланып қалғандай. Әйтсе де анам сілтеген биікке өрмелей бердім.
Анам меңзеген «Тайбурылдың» ізі қалған тасқа шыға келсем онда Әліпбай көкем отыр. Сәлем берейін деп қолымды ұсынсам, алмайды. Сәлеміме де бұрынғыдай елпең қақпайды. «Бұл кісі өліп қалмап па еді?» Осы ой жүрегімді зырқ еткізді. Кенет анамның «Жақсы адамдар тіріледі» деген сөзі ойыма түсіп, қуанып кеттім.
Қуанып кеттім де арсалаңдап барып, қайтадан қол ұсындым. Әліпбай көкем жақтырмағандай теріс қарады. Бірақ... Аппақ қауға сақалды, қызыл шырайлы, басқа кісі болып шыға келді. Әйтсе де мұрыны, көзі, ерні анық көкемдікі екенін біліп тұрмын. Әйтеуір, Әліпбай көкеме қатты ұқсайды.
Бала кезімде Пернеш ағаның жасы тоқсанға таянған әкесі Садуақас ата:
— Осы сенің жасың нешеде? — деп сұраған.
— Жетідемін! — дегенмін.
— Е, бәсе! Мен де алты-жетіде болуым керек, қызыл шырайлы, ақ сақалды, сақалы кеудесіне түскен бабаң Қырғызбайды көргенмін. «Жасым жүзден асты» деген сонда. Бала кездегі есіткен сөз естен шықпайды екен ғой! Сендердің тұқымыңнан, байқаймын, бабаларыңа Әліпбайдан басқа ешкім ұқсамайды. Дене бітім жағынан Жанұзақтың Орманы ғана тартқан, басқаларыңды қойыңдар — дегені, есіме түсті. «Бұлардың бәрі өліп қалған жоқ па еді?» дей бергенім сол еді, жаңағы Әліпбай көкеме ұқсас кісі маған тура ұмтылды. Жалт бердім, бірақ аяғым бірдеңеге шалынып, құлап түстім. Басым қатты нәрсеге тисе керек, шүйдем алып кетіп барады. Осы кезде біреулердің дабырлаған дауыстары алыстан талып жеткендей болды. Сол дауыстар бірте-бірте жақындай берді. «Кім болды екен бұлар?» деп ойлаймын. Сөздеріне түсінбеймін. Ақыры «бұл түсім шығар» деп көзімді ашсам, жан-жағымның бәрі таныс. Бірақ қай жерде, қайда көргенімді есіме түсіре алмай-ақ қойдым. Қайтадан бас құрғыр әкетіп барады. «Ойлағаннан шығар!» деймін. «Ойланбай-ақ жатайыншы» деймін. Қайдан! Көк майса ауылымды сағындым. Көңілім құлазып, жаңа ғана шешем ертіп барып, шығарып кеткен тауымды іздедім «Тайбурылдың» ізі қалған таста отырған, Әліпбай көкемді іздедім. Шуласып, бір-біріне сөз бермей тұрған достарымды іздедім. Біреуі де жоқ. Достарымның бірінен соң бірінің атын атап, шақырып бақтым. Ешкім жауап бермейді. Ызаланып, одан сайын айқайладым. Біреуі де үн қатпайды. Бала кезімдегідей боздап қоя бердім. Бірақ жұп-жуан өз даусымнан өзім қорқып, шошып ояндым. Көзімді ашсам Бахтиер мен Закир тұр.
— Соб-быр акә! Яхши буласинг! Чочидиңиз мо? — дейді олар жамырасып.
— Илломоңиз! Хоммоси яехчи булоди-ку! Пәске тустиңиз! — дейді тағы бір өзбек.
— Е-е, құздан түсіріп алған екен-ғой! Манағының бәрі түсім бе, әлде? Қой, Ердос қайда? Бірге едік қой. Ауа жетпей ол да... Аман болса екен, өзі. Ол да түс көріп, сандырақтап жатыр ма? Мыналардан сұрайын» - деген оймен басымды көтерейін десем, денем ырыққа көнбейді. Тағы да бір-екі рет оқталып едім, түк шықпады. Мұнымызды өзбектер түсінді ғой деймін, кеудемді көтеріп, басымды биіктетіп қойды. Сонда барып, менен сәл төменірек те сұлқ жатқан Ердосты көрдім. Көрдім де:
— «Жедел жәрдем» шақырыңдар! Жастық, оттегі жастығын әкелсін! — деп айқай салдым. — Оттегі жетіспей жатыр, өледі ол, өледі! Тездетіңдер! — деп қазақ, өзбек, орыс тілін араластыра айқайладым. Бахтиер сөзге келген жоқ. «Хоп! Мәили! Хозир!» деп тұра жөнелді.
Әлден уақытта «Жедел жәрдем» де келді. Аналар болған жағдайды анда-санда қолдарын шошайтып, құзды көрсетіп, жарыса түсіндіруде!
Ердостың аузына оттегі жастығының түтікшесін қыстырып болып жүрек соғысын дыңдады, тамырын ұстап, қан қысымын тексерген біреуі екіншісіне: «Жүрекке массаж керек:» деді. Екіншісі Ердостың кеудесіне алақанын айқастыра қойып, соққылай бастады. Үшіншісі бірінші дәрігердің айтуымен жамбасына, қолының күре тамырына ине салды. Содан соң бірінші дәрігер:
— Хозир! Все нормально! — деді де, — мүсатір! — деді екіншісіне. Екінші дәрігер Ердостың мұрнына бір шымшым мақтаға малынған мүсәтір спиртін бір-екі рет искетіп еді, мұрнын тыжырайтып оянған Ердос көзін бақырайтып, «Ой дәйіс! Бұл қайыссың?! Ішіңе ит өлген бе? Бар әлемді сасытып! Тү-у... Ит екенсің-ғой! Ой-й дәйіс-ай! Басты да ауыртып қақ жарып барады ғой!» деп адам күлерліктей сөздер айтып жатыр. Кенет ол күре тамырындағы инені, оған тамшылап тұрған дәріні көре сала:
— Бұл не пәле?!.. Тамырға не салып жатырсыңдар?! Ой-бб-а-йй, көке! Мыналар кімдер? Маған не істеп жатыр?! Ойбай, өлдім! Тынысым тарылып барады! Мені тұншықтырып жатыр! Ауа жетпей жатыр!-деп айқайлағаннан кейін дәрігерлер оттегі баллонының түтікшесін қайтадан ауыз-мұрнына тыққаннан кейін жаны тыншыды.
«Ойпырма-й-а! Ойламаған жерден о дүниеге аттанып кете жаздадық-ау. Онша биікке шыққан жоқ сияқты едік қой. Көп болса 2000 метр болар. Осындай биіктікте де оттегі аз бола ма?!» деген оймен жүрегімді тыңдап, қан қысымымды өлшеп тұрған дәрігерден сұрасам:
— Бұл биіктіктің өз ерекшелігі бар. Ауасы да сондай, «Ауа шұңқыры» дегенді білесіз бе? Бұл құздың «Ян олгыш» деп аталатынын естімеп пе едіңіз! — деді.
— Шындығында да «Жан алғыш!» десе «Жан алғыш!» екен. Бір құдайымның өзі сақтаған екен.
Ем-домдарының бәрін істеп біткен дәрігерлер өз жөндеріне кетті. Бекер обалы не, Бахтиердің үй-іші барын аузымызға тосып, «Олың! Олың! Ичиң! Ичиң!» деп бәйек болып жатыр.
Ердос әлі өз-өзіне келе алмай, кейде түсініксіз бірдемені былдырап қояды. Шамасы мен сияқты түс көріп жатыр ғой деймін. Кейде тырп етпей ұзақ уақыт тынышталады да, шошып оянып, түсініксіз бірдемелерді айтып ұзақ сандырақтайды. Оны орнына сүйемелдеп жатқызуға менде де дәрмен жоқ. Екі самайым шаншып алып барады. Бүкіл денем қорғасын құйғандай. Ердосты сүйемелдіп жатқызып болған Бахтиер бізді құздан түсіреміз деп барлық қышылақтың адамдарын жинағанын, одан, үй-үйден арқан, киіз сұрастырып, құзға кезек-кезек шыққан отыз шақты жігіт бізді киізге орап, түннің бір уағына дейін саумалап түсіргенін жыр етіп айтқанда өзімнен өзім қысылып, елдің бәрін әбігерге салғаныма кешірім сұраумен болдым.
Екінші күні кешке қарай есін жиып, өзіне өзі келген Ердостың мен сияқты тамаққа тәбеті шаппай ма, деп едім, ол қайта тамаққа тоймай қойды. Әбден ашығып қалыпты. Тамақ жегені жақсы болды менен бұрын аяғына тұрды.
Аулаға кіріп келе жатқан молданы көре салған Ердос:
— Мынауы қайссысы?! Не бізді оқиын деп келе жатыр ма?! Енді осы қалып еді, бізге — деп шар ете қалды.
— Не болды Ереке?! Кеше, бүгін ертең ерте екеумізді қатар жатқызып қойып оқып еді ғой, білмейсің бе?!
— Құдай ақы, көке, білмеймін!
— Иә, оқыды! Бахтиер дәрігер әкеліп ине салдырды ғой! Оны да білмейтін шығарсың?! Ол кезде халің нашар еді! Ал, ендігі кезек молданыкі!-дегенім сол екен:
— Ой-бу-у! Бітіппіз-ғой! Не болды бізге?! Бір қырсықтан, бір қырсық! Енді жетпегені осы еді! Біржола иманымызды үйіретін болыпты ғой!-деп Ерекең қойып кеп қалды.
Бас изескен сәлемімізді қабыл алған молда асай мүсей ас¬папта-рын сәкінің үстіне қойып жатқанда ол есітіп қалмасын деген оймен «Бұл шыңда перілер мен жын-шайтан көп болады екен. Біз солардың арасында қалыппыз! Бізді солардан оқып тазалайды!» дедім. Сопының тұқымы емес пе, ондайға тез сенетін Ердос таңданып:
— Бәсе! Сондай бірдеме болған ғой! Әйтпесе тегіннен-тегін естен танамыз ба?! Сондай бір пәле шалған да?! Қой, онда барып дәрет алып, ниет қылайық. Ол дәйістері енді қайтып жоламайтындай етіп алайық. Көке, сіз дәрет алмайсыз ба?-деді көңілденіп. «Сүйемелдеп апарсаң жақсы болар еді!» деген соң Ердос мені сүйемелдеп үйден алып шықты. Молданың алдына жайғасып отырғанымыз сол еді, ол маған тесіле қарап:
— Яқчи! Яқчи! Сіз укә Шер (өлең) ёзар екәнсиз! Вах! Вах! Кәттә бабадан келяпти! — деді де Ердосқа:
— Сиздиң хоотын, боолаң ек ма! Наворуз айында кәттә той булади-ку! — деді. Содан соң:
— Хане, оумин!
Біз де қол жайып, «Аумин» дедік. Ол бүгін бізді кещегіден ұзақ оқыды. Молда кеткеннен кейін Ердос екеуміз бір-бірімізге қарап:
— Не дейді? Сенің екінші рет үйленбей, сұр бойдақ болып жүріп қалғаныңды, қайдан біліп қойды? Бұл көріпкелдігі бар адам ба? — деп аң-таң болдық. Түстен кейін тағы да оқуға, үшкіруге келгенде «Алдымызда не күтіп тұр?! Келешегіміз не болады?!» деп сұрайыншы деген ой келді де өзіммен өзім болып кеттім.
— Менің үйленбегенімді қайдан білді?! — деген Ердостың сөзі ойымды бөліп жіберді.
— Ердос! — дедім содан кейін. Толық жауап бересің, иә бермессің. Ерік өзіңде. Сені өзім деп әрі, жолда көптен бері серік болып, талай-талай қиыншылыққа төзіп, оның ыстық-суығын бастан кешіп, етене жақындасып кеттік. Сондықтан да қызығушылық білдіріп отырғанымды теріс көрме! — деп Ердостың тіктеп айтқан сөзге тыжырынып шорт ете қалатын мінезін білгендіктен, қояйын деген сұрағымды алыстан орағыттым. Сонымен Ердостың құлағын үйретіп алдым да:
— Шынында да неге үйленбей жүрсің? Молда дұрыс айтады! — дедім. Біраз үнсіздіктен кейін Ердос:
— Көке! Көңілімнен шығатын адамға бұйрық болып, дәм жазбай жүрген шығар! — деді.
— Неге олай дейсің?! Басы бос келіншектер мен отырып қалған қыздардың ішінен жібі түзу біреуі кездеспеуі мүмкін емес қой.
Кездесуін-кездесетін шығар! Бірақ көңіл қалауы деген бар ғой. Осы әңгімеге бола уақыт алып қайтеміз.
— Уақыт алмайық деген не сөз? Бір жаққа асығып бара жатқандай. Кешке молда келген уақытқа дейін не істейміз?! Әңгіме-дүкен, көрген, білген, естігенімізді айтып уақыт өткізбегенде не істейміз?! Сен кішкене болса да жүріп тұрасың. Менің жағдайым мынау — сал болып жатқан. Ал, жатқан адамның жағдайы белгілі ғой! Қара уайымға батқанша әңгіме құрайық, ой бөлейік дегенім де.
— Уақыт өткізсек, өткізейік. Бір сөзбен айтқанда, мен үшін бүкіл әйел заты бірдей секілді. Бәрі ауына тартады.
— Ауына тартады дейді?
— Иә, иә, солай. Шешесі қалай болса, қызы да солай. Анау бұрынғы біздің үйдегі «жауынгер» ең ақырғысы ұсақ-түйек нәрсе дейміз ғой, соның өзін білмейді.
— ?!
— Ас-үйде дастарқан жасап, ас-су дайындап жүргенде сол ұсақ-түйекке көңіл аудармайды. Гәптің бәрі осында. Ұрыс-керісте содан басталады.
— ?!
— «Басқасы басқа, ас дайындағанда басыңа орамал салсаңшы!» деймін. Сол-ақ екен бәленің бәрі басталады да кетеді. Содан құлағыңның тыныштығы арман болып, үйден безуге тура келеді. КамАЗ-ыңа отыра сап, шу деп жүріп кетесің. Келесі жолы сапардан келгенде үйіңнің есігінде қара құлып қарсы алады.
«Жауынгердің» шешесінен бастап, әпке-сіңілілеріне дейін неше түрлі кінә-айып тағып өзіңді күстаналайды.
Сан ойдың шырмауында басым кәңгіп, өз үйіме өзім кіре алмай құса болып, қайтадан КамАЗ-ыма отырып жолға шығып, жұбенышты даладан іздеймін.
Қайын-жұртың алыста ма еді? «Жауынгердің» төркіні қайда еді? Қай елдің қызы?! Ой, сол ауылда тұрады. Гараж жақтағы «Орыс» көшесінде, елі Тарақты.
Ауылда тұрса барып, мән-жайды түсіндіріп балаларыңды бір иіскеп қайтпайсың ба?
— Атама, көке! Барып-барып болғанмын. Әйелдер не айтса да мейлі. «Қатын мен қатын болам ба?» деп көңіл де бөлмеуге болар еді. Күйдіргенде әкесінің — еркек кіндіктінің айтқан сөзіне күйесің ғой.
— Әкесі бар ма еді? Жас па, қария кісі ме?
— Жетпістен асып кеткен!
Пайғамбар жасынан асқан кісі екен ғой!
— Құрысыншы, бас терісі де келіспеген, ішкіш адам. Стакансыз отыра алмайды. Оның үстіне арыз қой! Мұрны сәңкиіп, арыз жазған кезде шаң ілестірмейді. Арыз жаздыруға біздің ауыл тұрмақ көрші ауылдан бөтелкесін арқалап келетінін қайтерсің. Өзінің азан шақырып қойған атын ешкім де білмейді. Бәрі «Арызқойға», немесе «Пушыққа» бара жатырмыз дейді.
Япыр-ай, қызына тәрбие берудің орнына...
Қайдағы?! Менің қызым күйелеш-күйелеш болған саған қор болып жүр. Сен оның қадірін білмейсің! Әйтпесе институтты қызыл дипломмен бітірген, орыс тілінің білдей маманы!-деп күйдіреді.
— Иә, Ердос, қалай деуге болады? Сенің болмысыңда қазақи тәлім-тәрбие мен ұлттық салт-дәстүрдің исі бұрқырып, аңқып тұр. Бүкіл тәлім-тәрбиең ескі көз қарттардан жалғасын тапқан. Сенің атаңмен апаңды мен де көрдім. Мен де қария кісінің тәрбиесінде болдым. Сондықтан да салт-сана, дін мен діл, қазақи дәстүр мен ұлттық рухани болмыс біздің санамызға әбден ұялап қалғаны соншалықты, әлгіндей, қайын атаң мен қайын енеңді, әйеліңді айтам, кеңестік дәуір тәрбиесімен желіккен кісілердің ісі тұрмақ, сөйлеген сөзіне денеміз түршігіп, жанымыз азар да безер болады. Бәленің бәрі сол жетпіс жылдан асқан дәуірдің біздің ұлтымызға тигізген кері әсерінен жоғалтқаннан болған нәрсе. Ұлттық салт-дәстүрді қайтару үшін өзіміздің ұрпаққа тәрбие мен қазақи үгіт-насихат керек. Бізде ер азамат — үй иесі. Әйел — үйдің берекесі. Бұл беттен-алып, төске шабу деген сөз емес. Отбасына өзге ұлт өкілі араласқан соң, қайдағы береке болсын. Соған байланысты көптеген қазақ мәңгүрттеніп, ана тілін де жоғалтып алған жоқ па?!
— Міне, мұныңыз көңілге қонады! «Бәрін айтайын ба, жоқ әлде айтпайын ба?» деген ой мазалап отыр еді. Сіздің сөзіңіз қамшы болып... әрі айтпасаң сөздің атасы өледі ғой-деген оймен аты жөнін атамай-ақ, бір болған оқиғаны айтып берейін.
...Біздің жақын ағайынымыз соғыстан кейін орыс әйелге үйленіп одан Александр, Владимир деген екі қошқардай ұл туды. Өзі әскери кісі еді, жасы ұлғайып, жастықтың ыстық-суығы басыла бастаған соң, әрі сопының қаны бар кісі ақыры ажырасып, өзіміздің қазақ қызын алды. Үйлі-жайлы болып, үлкен қызмет атқарды. Елге еңбегі сіңген соғыс-еңбек ардагері атанды. Орден, медальдармен де марапатталған-ды. Бір сөзбен айтқанда аулымыздың сыйлы ақсақалына айналды. Кемпірі екеуі бала-шағасының, немерелерінің қызығын көріп, бейбіт өмір сүріп жатыр еді. Бір күні орыстан туған екі баласы сап ете қалды. Бойларында орыстың қаны бар емес пе?! Содан ардақты ақсақал кемпірі екеуі ағайындарына қонаққа кетсе керек, үйде ешкім жоғын пайдаланған екі баласы ес-түсін білмей мас болып, аяғы жанжалға ұласады. Екеуі төбелесті де қыздырады. Ұзын сөздің қысқасы біреуі жарақат алып, ақыры содан өледі, екіншісі заң алдында қатаң жазаланады. Сорлы әке шапқылып жүріп «өлер адам өліп қалды» осы аман қалсын! — деп ара түседі. Бірақ ол Ресейдің азаматы болғандықтан жағдай шиеленісіп кетеді.
Содан не керек сарсаңнан-сарсаңға түсіп жазасын жеңілдетіп біткенше ақсақал мен жеңгеміз де бітеді. Күйік оңай ма? Қатты шөгіп отырып қалды. Сіздің басқа орта, басқа ұлт деген сөзіңізден шығып отыр ғой? Кім біледі, пешенеге жазылған жазмыш солай ма? Әйтеуір Құдай адамның өзіне ақыл бермегеннен кейін өзгенің айтқанымен өмір сүрмейтін көрінеді ғой. Әйтпесе айтудай-ақ айтып жатырмыз ғой,—деп Ердос әңгіме қызығына түсіп, енді шешіле бергенде кешкі емін жасауға молда да келді. Ем аяқталғаннан кейін оның емшілігі жайлы сұрастырып едім:
Мен емші де, басқа да емеспін, мен дәнекершімін. Бір Алланың ғана бұйрығын орындаймын! — деп жауап берді. Содан соң:
— Ертең жолға шығасыңдар! — деді.
— Айтқаныңыз келсін! Ем бітті ме?
— Бітті, ниеттерің жақсы екен! Ем тез қонды! — деп қоштасып шығып кетті.
Осы төрт-бес күннің ішінде жүк те тиеліп, жолға шығуға соңғы дайындық жасалып та біткен екен. Ертеңіне бізді жол күтіп тұрды.
Бес-алты күннің ішінде біз де талай өзбек ағайынмен үйренісіп, танысып, дәмдес болған едік. Шығарып салуға бәрі келді. Мен оларға:
Қашқардан, Сурхандария, Құзар асып,
Деновқа мен де жеттім көңілім тасып.
Жолдағы көрген азап ұмыт болып,
Қызықтап табиғатын таңғажайып.
Табиғаты сұлу да көркем еді,
Қозы-лағы таңертең өрген еді.
Қалпында табиғатты сақтау үшін,
Өзбектер азабын да көрген еді.
Атадан еңбеккерлік тән болған соң,
Балаға мирас етіп береген еді.
— деп басталатын жыр шумақтарын сыйға тарттым.
Араларынан бір егде тартқан кісі:
— Араласып, танысып, дәмдес болғанымызға мен қуаныштымын! Мейман болдыңыз! Тағы да келіп тұрыңыз. Мынау біздің сізге деген сый-құрметіміз!-деп маған костюм-шалбар кигізді. Басқалары да әлдері келгенше сыйлықтар сыйлап жатыр.
Киімім біршама түгелденіп қалған сияқты. Бәріне ризашылығымды білдіріп, от алып тұрған КамАЗ-ға қарай жүрдім. Мен отырған бойда он тоннадан аса жүк тиелген КамАЗ орнынан ыңырана қозғалып, үлкен жолға бет бұрды.
Жасыл желекке малынған тау бөктеріндегі әсем қала — Денов пен қоштасып, көп ұзамай, аман-есен Қазақстанға да жеттік.
— Қазақ елім! Қайран жерім! Аманбысың?! Кіндігінің қаны тамып, топырағыңнан жаралған перзентің келді туған жеріне! — дедім шекараға жете бере. Мен мұны кәдімгідей айқайлап тұрып айттым. Содан соң «Тағдыр мені әкетсе де қайда алып, туған жерге оралдым мен айналып» деп күбірлей бердім. Дедім де өз ойым мен өзім болып...
Ойламаған жерден тұтқынға түсіп, сәл болғанда тіршілік үшін жалдамалы баскесер болып кете жаздағаныма, баскесерлерден көрген қорлығыма барлық жүктен әсіресе күн көріс көзі, — КамАЗ-дан айырылғаныма, ол аз дегендей бірде бір құжатым қалмағанына Бахтиердің айтқанын істеп, алғашқы күні Деновта қалмағаныма өкініп, жанымды қоярға жер таппай отырғанымда Жетісайдағы Қазақстанның бірінші «Блок бекетіне» де келіп жеттік.
Өзбекстан жерінде жүріп өткен әдет бойынша мен КамАЗ кабинасында отырғанмын. КамАЗ-шылардың кеткеніне де біраз уақыт болды. Әлден уақытта екінші шофермен кеден формасындағы сержант келіп, кабинадағы заттарды, киім-кешекті асты-үстіне шығарып тексере бастады. Әбден тексеріп болған соң, жерде тұрған маған қарап, «Құжат!» деп қолын созды. Мен иығымды қиқаң еткізіп тұра бердім. Ол маған қоқилана қарап біраз тұрды да «Әй, өзбек! Жүр!» деді. Ертіп апарған жеріндегі бастығына мені көрсетіп:
— Мына өзбектің де құжаты жоқ! — деп жанындағы бөлмесіне кіргізді. Кірсем, Ердосты да сол бөлмеге қамап қойыпты.
— Көке, өзіңіз сөйлесіп көрмесеңіз, мыналардың сөз тыңдайтын түрі жоқ. Екі ортада біздің Бахтиерлерді қинап, әкесінің құнын сұрап жатыр.
Сол екі ортада мені әкеп қамаған сержант тағы біреуді алып келді. Менің есіме КамАЗ кабинасындағы өзбектер сыйға тартқан киім-кешекке түсті де:
— Командир! А, командир! — дедім:
— Құжаттарым машинада! Кабинадағы жаңа киімімнің қалтасында!
Ол арғы жаққа өтіңкіреп барып бастығымен тілдесті де, тор есіктің құлпын ашып мені сыртқа ертіп шықты.
— Әй, өзбек, қазақша тап-таза сөйлейсің ғой өзі! — деді таңырқағанын жасырмай. Мен үн қатпағаннан соң одан әрі ешнәрсе деген жоқ.
Өзбектің шапаны мен тақиясына әжептәуір үйреніп қалған екенмін. Костюм-шалбар киіп, жалаң бастанғанымда өзімді бір түрлі сезіндім. Бастан аяқ мұздай киініп болып:
— Командир! Сен енді мені бастығыңа алып бар! — дедім.
— Сіз өзі өзбексіз бе, қазақсыз ба?! — деп ол сәл болса да жұмсаруға айналды.
— Өзің кім деп ойлайсың?
— Білмеймін. Таза қазақша сөйлейсіз. Түріңіз де қазаққа келеді. Соған қарағанда өзімше қазақ қой деп тұрмын.
«Қазақ қой деп тұрсаң» мен сол қазақтың нағыз өзімін. Қалған әңгімені бастығыңның алдында естисің. Жүр, бастығыңа алып бар.
— Құжат ше?! Төлқұжатыңызды бермейсіз бе?
— Құжаттарымды сол бастығыңа көрсетемін!.
— Онда жүріңіз! — деп жол бастап келе жатып, «Үлкен бастық сағат 9-10 шамасында келеді» деді жай ғана.
— Қазір қай бастығың бар?
— Ауысым бастығы бар. Бірақ ол ешнәрсені өз бетінше шеше алмайды! Шаруаңыз тығыз, әрі күрделі болса бәрібір үлкен бастыққа қарайлатады.
— Онда командир, сен мені үлкен бастығың келгенге дейін қайтадан апарып қама да, ол келгенде мені алып бар.
— Қазір біз жаңа ауысыммен ауысып жатырмыз. Солардың үлкеніне сізді де тапсырып кетейін. Сізді бастыққа сол жолықтырады!
— Солай ма? Онда өз тәртіптеріңді ұстаныңдар. Әйтеуір мені бастықтарыңмен жолықтырсаңдар болады.
Қайта қамағаннан кейін мұздай болып киініп алған мені көбі танымай, біразы тіпті секем алып қалған секілді. Өйткені дыбыр-дыбыр сөйлесіп отырған олар сап тиылды.
Біраз уақыт өткенде жаңа ауысым кеденшісі мені бастығына алып барды. Кеден бастығы көпті көрген, жөні түзу адам екен. Менің әңгімемді сөзді бөлмей үлкен ықыласпен тыңдап, жылы қабақ танытты.
— Қазір, Сәке. Мен сіз бен сіздің қасыңыздағы Ердостың деректеріне сұрау салып, факспен құжатыңыздың көшірмесін алдыртайын. Оған дейін серіктеріңізбен тамақтанып, әлденіп алыңыз-дар. Құжат келгенде хабарын айтамын!-деп телефонмен бізді күтіп алуға біреулерге тапсырма беріп жатты. Содан кейін қайтадан маған бұрылып:
— Ойпырмай-ай, құдай сақтаған екен! Сіз сияқты шаруамен барған талай адамдар бар ғой! Олардың жағдайы не болып жатыр десеңізші! — деп жанашырлық танытты — бұқаралық ақпарат құралдары Костяның бандасын ұстадық деп шулап еді, тіпті теледидардан да көрсеткенді. Сонда бұқаралық ақпарат құралының жалған ақпарат бергені ме? Әлде милиция қызметкерлерінің салғырттығы мен әлсіздігі ме? Әйтпесе бандалар тобы қалай тәжік оппозициясымен бірігіп кетеді?
— Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралында тұрған ештеңе жоқ, милиция қызметкерлерінің қолына банда мүшелерінің бірең-сараны ғана түскен. Милиция қызметкерлерінің ішінде де өз міндеттерін толық орындамайтындары бар. Мысалы ұсталып тұрған Талғат Дүйсебеков деген алааяқ бандаға прокурор санкция бермей, керек десеңіз. Оның қашуына жағдай жасаған. Міне, сол Талғат енді Тәжікстанда жүр. Мұндай мысалды көптеп айта беруге болар еді. Оған толық айғақтың жетіспеуіне және қолда биліктің жоқтығына байланысты аузыңды аша алмайсың. Дегенмен қаншама милиция, тергеу қызметкерлері мен прокурорлар ұсталып, жазасын алып жатса да бандалармен сыбайластығын тоқтататын емес. Әрине, «бармақ басты, көз қасты» көп-ақ. Соның салдарынан қаншама қылмыстың беті ашылмай, Талғат сияқты қарақшы-қанышерлер еркіндікте жүр.
— Осы сіздің айтып отырған Талғат Дүйсебеков деген есімді мен бұрын бір тергеушіден естіген едім.
Оны тоқсаныншы жылдардың орта тұсында Ақтөбе қаласындағы хром зауытының директорын қолға түсіріп, көп ақша талап еткен кезінде «Альфа» тобы Талғат пен қасындағы баскесерлерін қолға түсіреді. Бірақ бір үлкен лауазымды кісінің араласуымен сегіз айдан соң тергеуден босанып, Мәскеу жаққа қашып кетіпті деген қауесет тараған еді.
— Ойпырмай, енді Тәжікстандағы жалдамалылар құрамында жүр дейсіз бе? Ол бәлені сіз жақсы білесіз бе?!
— Білгенде қандай. Аманкелді колхозында тұрған Мұрат деген інісі талай рет сотталған. Ақыры Тараз қаласындағы оныншы мөлтек ауданда шешесінің қолында көкірек ауруынан өлді. Қуаныш деген інісі таэквондаға қатысады. Оның да оңып тұрған ештеңесі жоқ. Микрорайондағы есірткешілердің жетекшісі. Ал, Талғатты Мәскеуде жүр дегеніңіз рас, онда орысқа тұрмысқа шыққан қарындасы тұрады. Сондай-ақ оның Ақтолқын деген дүмше молда қарындасы бар, Киров көшесінің аяғында тұрады. Сол Киров көшесінің бандаларына бал ашып, сәуегейлік жасап, желеп-жебеп отырады.
— Сәке, бұл жайттарды қайдан білесіз?
Е-е, сіздің тергеуші досыңыз сияқты менің де Батырбек деген облыс аумағында істейтін тергеуші жақын інім бар. Сол Батырбек «Муса» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұса Құлсариевты тергеген. Мұса Құлсариевті мен жақсы білем. Ол бұрынғы алысқа қатынайтын жүргізуші. «Ағайынды Махмадовтар» деген фирманы естуіңіз бар ма?
— Иә естігем «БМ» деген арақ-шарап өнімдерін шығарады.
— Міне, сіз де хабардар екенсіз. Сол «БМ»-іңіздің бастығы Сұлтан Махмадов та бұрынғы сондай жүргізуші. Сұлтан да, Мұса да арақ шығарады. Сұлтанның ұлты — шешен. Мекемесі Тараз қаласының түбіндегі «Жалпақ төбе» деген жерде. Мұса Құлсариев татар жігіті. Оның мекемесі қаланың екінші жағында, элеватордың қасында. Сол Мұсаның бас бухгалтерін Талғат сияқты қылмыскерлер атып кетеді. Осы іс бойынша тергеу жүргізген Батырбек Талғаттың Мұсаның да бір КамАЗ арағын алдап алып қашып кеткені туралы айтқан. Мен де алысқа қатынайтын жүргізушімін. Бірақ олар секілді іскер емеспін. Іскерлікті енді бастағанымда Тәжікстанда тұтқынға түсіп, «КамАЗды» да, затты да бандаларға «беріп», өзім зорға қашып құтылып келе жатқан жоқпын ба?!
— Е, е. Олардың өмірі де қиын ғой. Күнде мына кеденнен өтіп жатады — деді содан соң. — Ылғи түзде, әр сәт ажалмен бетпе-бет келеді, еңбегі адал ғой олардың. Түрлерін көріп жаның ашиды! Дегенмен ел аралап, жер көріп, өмірдің ащы-тұщысын татқан жігіттер екен. Шешен болса да, татар болса да нағыз ер екен! Сіздің айтып отырған Құлсариев Мұсаңызды жақын білмесем де сырттай естуім бар. Тергеуші Батырбек ініңіздің де есімі таныс. Керек десеңіз теледидардан да көргенмін.
Солай ма? Қашан?
— Осы жақында ғана «Хабар» телеарнасынан Хасият Мансурованың бандасын қалай ұстағаны жөнінде жиырма минут бойы подполковник Батырбек Зияшев пен майор Ержан Қапашев екеуі жайлы хабар берілді. Хасият Мансурованы өзімізде ғана емес, өзге республикаларда да жасалған қылмыстың соның қолымен келгенін айнытпай танығанмен қолға түсіре алмай жүргеніне сегіз жылдай уақыт болған екен. Айтпақшы, ол әйел Өзбекстан мен Қырғызстанда бір-бір реттен милициялардың қолына түсіпті. Оны да, Қырғызстан мен Өзбекстаннан келген тергеушілерді де теледидардан көрсетті. Сөйлетті. Бірақ Қырғызстаннан келген тергеуші де «Біздің қолымызда көптеген айғақ болды. Бірақ Хасият Мансурова көзбояушылықпен айналысады ғой деймін. Өйткені қолымызда ілік болатын да, нақты дәлел болатын да сиқыршылық өнеріне арналған кітаптармен қоса басқа да соған қажетті құрал-сайман, дәрілік шөптері бола тұра, айламыз таусылып, қайта өзіміз есеңгіреп, әр тергеуден соң ауруханаға түсіп қалатынбыз. Біздің орнымызға тергеу жүргізген басқа тергеушілер де сондай күйде болды. Жарты жылдан асқан тергеу барысында ештеңені дәлелдей алмадық» деді.
Тікелей эфирде басқа Республикадан келген тергеушілер мен басқа да мамандар Батырбек Зияшевқа «Сіз Хасият Мансуровадан жауап алғаныңызда қандай күйде болдыңыз?!» деп сұрақ қойғанда ол қысқа ғана:
— Басым қысым ауырып, екі шекем шаншып кететін. Соған байланысты тергеу уақытын қысқартатынмын. Сәл тыныстап, қан қысымым қалпына келген соң қайта кірісетінмін. Сөйтіп тергеу аралығын күннен-күнге жиілеттім! — деді. Мұны естіген өзге республика тергеушілері кәдімгідей өкініп қалды. Бұл хабардан ұққаным Хасият Мансурованың сыбайластары ғана тұтылады екен де, өзі «Сүттен ақ, судан таза» болып құтылып кетеді. Мысалы үшін Хасият Мансурованың бір сыбайласын көрсетті. Ол Жамбыл облысының Талас ауданында шопан екен. Шопан Хасият Мансурованы нағыз сиқыршы екенін дәлелдеді. Шопан байғұс Хасияттың бір сөзі мен бір-екі қимылынан кейін-ақ барлық мал-жанын, отбасы, бала-шағасын тастап, бандит қатынның айтқанын істеп кете беріпті. Қырғызстан, Өзбекстанды шарлап, жазықсыз адамдарды қанға бояған Хасият Мансурова Қазақстанға таулы аймақ, шөл даламен бір өзі жаяулап келіп, ай далада мал бағып отырған жаңағы малшыға тап болады. Оның басын айналдырады да, талай жан түршігерлік сойқанды, жаңағы қойшының өзіне істетеді.
Хабар жүргізушісі:
— Мансурованың айтқанының бәрін қалай ғана бұлжытпай орындадыңыз десе, «Білмеймін... ол айтса болды сол тапсырманы орындауға бар ниетіммен кірісетінмін» деді.
Бірдеңе ішкізді ме?
— Жо-оқ!.. Үнемі ішкізбейтін. Анда-санда. Бірақ соңғы шабуылдан кейін менттерден қашып құмның ішінде жүрген кезде «Жақсы боласың! Шаршағаның мен қорққаның басылады!» - деп бірдеңе ішкізген. Сонда айдала да ұйықтап қалып қолға түстім.
— Оның қалай сиқырлайтынын есіңізге түсіре аласыз ба?
— Екі алақанын ашқан күйі бетіме жақындатып, саусағын жыбырлатады да, басымды екі-үш рет айналдыра сипап «Сүфф! Сүфф!» дейді де екі алақанын көз алдыма әкеліп, ерні жыбырлап бірдеңелерді айтады. Бар болғаны осы.
Қазақстан жағынан Жамбыл облысының сараптама маманы майор Гусейновтің қорытындысы мен көршілес екі республикадан келген сараптама қорытындысын салыстырғанда бірдей болып, соңғы Алматы —Ташкент авто жолындағы «Ақшолақ» елді мекені тұсында автобусқа жасалған қарулы шабуылдың ұқсастығын дәлелдеген мамандардың бұлтартпайтын айғағынан кейін, ғана бүкіл қылмысты өзі ұйымдастырғанын мойындаған Хасиятты қолға түсіру де оңай болмапты. Соңғы сәтке дейін қарсыласқан Хасиятты он күн бойы өкшелей қуған Батырбек Зияшев пен Ержан Қапашев құм ішінде зорға дегенде қолға түсіреді.
— Бұл сіз айтып отырған жағдай маған белгілі, шын мәнінде қиындықпен қолға түсіргені рас. Ол әңгімеңіздің аяғын мен сізге бүге-шігесіне дейін айтып бере аламын.
— Әлі аяғы бар ма? Жоқ, әлде, тағы да ұсталмаған бандиттер тобы бар ма? — деді ол таңданып.
— Әлгінде айттым ғой?!
— Не деп?
— Батырбек Зияшев інім деп...
— Иә, иә, енді есіме түсті.
— Есіңізге түссе, сіз мынаған жауап беріңізші. «Муса ЖШС» мекемесінің директоры Құлсариев Мұсаны мана бір сөзіңізде танимын деп қалдыңыз. Ол туралы шым-шытырық оқиғалы хикаяны да айтып берейін. Ол істі де Батырбек Зияшев жүргізген.
Одан кейін Батырбек Зияшевтің ісіне сенімсіздік туғызған халық қауіпсіздігі комитеті істі қайта қарап, жазықсыз Құлсариевтің әбден сілікпесін шығарып, боспалау әдісімен титықтатқанына дейін білемін. Хасият Мансурова жайын Батырбек Зияшевтан, ал Құлсариевтің комитет тергеушілеріне жем болғанын оның өз аузынан естідім. Осындай нақты айғақ болғаннан кейін ғана сізге ашықтан ашық айтып отырмын.
— Түсіндім, сөз сарыныңызды әбден түсіндім. Мына қара жолда талай адамдармен танысып, кейде тіпті жекжат-жұратта болып кетеді екенсің. Ойламаған жерден талай оқиғаның да куәсі болады екенсің. Міне сөзімді растап, мені өтірікші қылмайтын тағы бір жағдай бар. Мәселен сізбен кездесіп әңгіме барысында Республикаға, тіптен Орта Азияға белгілі, біздің жалпы тілмен айтқанда «чекистің», өзіміз кездеспесек те теледидардан көріп естіп білген Батырбек Зияшевтің туған ағасына кездесемін деп ойлаппын ба?! Міне, сол сияқты осы қара жолмен кімдер жүріп, кімдер өтпейді. Сол өткінші кісілермен әңгімеден Мұсаңызды да білемін. Әйтпесе:
— Ойпырмай, ініңіз де тегін емес екен. Анау бандит қатынға төтеп бергеніне қарағанда өзінің де ерекше бір қасиеті бар болғаны ғой. Негізі милиция қызметіне, әсіресе тергеу саласына сондай қасиеті бар адам керек-ау өзі! — деп менен жауап күткендей ыңғай танытты. Мен сөз кезегін алған бойда ол қайтадан:
— Бәрінен де бұрын анау банды қатынды қалай қолға түсіргенін айтып берсеңіз! — деп сөзімді бөлді.
— Ақыры факс күтіп отырмыз ғой, уақытың болса әңгімені басынан бастайын. Бұл баланың мамандығы да, мінез-құлқы да милиция қызметіне лайық емес. Оны милиция қызметіне кіргізіп, обалына қалған мен. Негізгі мамандығы телефон коммуникациясының инженері, жоғары білімді. Ташкент қаласындағы институтты бітірген. Ол кезде анам Әуес тірі, қалада тұратын. Мен кеңшарда зоотехникпін. Қаладағы ет комбинатына келген сайын анамның үйіне соғып тұратынмын. Келген сайын шешем:
— Батырбек Қордай-Отар аралығында телефон бағанасын тұрғыздырып, сымын тартып жүр. Көрсең жаның ашиды! — дейді де отырады.
Бір келгенімде Батырбек үйде екен. Қолына көзім түсіп кетіп еді, қызыл шақа болыпты. Шынында да адамның жаны ашиды екен.
Ет комбинатының мал сою цехының бастығы болып істейтін Қожамжаров Пернеш деген ағайынымыз бар еді. Соның:
— Біздің Берік деген күйеу баламыз облыстық ішкі істер бөлімінде кадр бөлімінің бастығы ғой. Соларға жоғары білімді байланысшы керек!-деген сөзін естігенмін. Соны Батырбекке айтсам, баяғы жайбарақат мінезіне салып, «Көрерміз» дейді. Өзінің аянышты қалінде шаруасы жоқ. «Қой мынау көрерміз» деп жүргенде ондай қызметке біреу-міреу пара берсе де тұрып алады. Таза жұмыс, жалақысы жақсы. Телефон рациясынан басқа милицияда не бар? Ешкімге бәле-жаласы жоқ, мамандығы бойынша қызметін атқарып уақтылы айлығын алып жүре берер» деген оймен машинама оны отырғызып алдым да, Облыстық ішкі істер бөлімінің кадр бөліміне келдім. Кадр бөлімінің бастығы Құтбаев Берік. Байланыс бөлімінің бастығы Садовскаямен ақылдасайын, ол орыс жігіті болса! — деп жүр еді деп қарап отыр. Мен шарт ете түстім. «Сонда қазақтан шыққан маман оның тақиясына тар келе ме?» деп турасынан тарттым. Сонда барып Құтбаев:
— Сіз кім боласыз? Қайда істейсіз? — деді. «Аса» кеңшарында бас зоотехникпін.
— Сіз сүт кешеніндегі Құтбаевтарды білесіз бе?
— Қарамағымдағы адамдарды неге білмеймін, білем! Баласының аты — Сейіт, өзінің аты — Медербек.
— Мен сол Медербектің баласымын. Сейіт інім ғой.
— Құтбаевтардың екеуінің де мойнына ірі қара мінген.
— Білем. Ретін тауып, соларға қол ұшын беріп, көмек етсеңіз.
— Сен де менің жұмысымды бітіріп бер. Қай күні Батырбекке бұйрық шығады, сол күні әкең мен ініңе көмектесемін! — дедім.
Міне, сол күннен бастап Батырбек милицияда.
Бірақ өсе алмай жүр. Өйткені таза жүреді. Ешкімнен ештеңе алмайды да, ешкімге ештеңе бермейді де. Біздің тұқым сондай. Әйтпесе бастық болса да өресі жетер еді.
Ал, «аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орны жиырмадан жиырмадан отыз мың көк қағазға жетті» деген сөз бар. Кім білсін. МАИ біткеннің бәрі «үлкен бастыққа жеті сайын атағанымызды беруіміз керек» деп жүргізушілерді зар илетіп жатады ғой.
— Қой! Шынымен бе?
— Қоятын түгі жоқ. Сіз «Хабар» арнасынан менің інім — Батырбектің ерлігін көрсең, мен де сол арнадан Жамбыл жерінде тоналып, жапа шеккен бес жүз іскердің митингісін көрдім.
— Ойбай-ау, облыс әкімі қайда қарап отыр?
— Әкім дегеніңіз, оның маңайындағы шенеунік біткен Құландағы зіл-залаға шапқылап жүрген жоқ па? Рас-өтірігін қайдам, әскерлер жер астындағы бомба қоймасы жарылып, зілзала содан болған! — деп жүр ғой халық.
— Солай деңіз. Бірақ «халық айтса қалт айтпайды» деген сөз бар ғой, кім білген. Шенеуніктер табаққа екі қолды бір-ақ салып асайды десеңізші.
— Кім біледі? «Есіткен құлақта жазық жоқ» демекші көзбен көріп, қолмен ұстамаған соң қызыл тіл не демейді. Ондай тілде сүйек жоқ емес пе? Бірақ біздің кезімізде пара бермек тұрмақ, атын есіткенде шошитынбыз. Жаңа ғана өзім айтпақшы қолдан келсе ебін тауып көмек етіп «сыйға-сый, сыраға-бал» жасаудан қашпайтынбыз. Ал, бүгінгідей түйені түгімен жұту дегенді білмейтінбіз.
Біз қарапайым, тік жүріп, тік тұрған, біреудің ісіне араласып, дүниесін сараптап не болмаса түгендеп, бөтен кісінің қалтасына қол салған ортадан емес, текті ортадан, қасиетті жерден аұ-сүйек тұқымынан өсіп-өнген жандармыз. Өз жұртым ел билігінде болып, халық деп өткен, біздің өңірге тегіс белгілі адамдар. Өткен кітабымда бұл жағдайды жазғанмын. Ал, нағашы жұртыма келсем, туған нағашым Аударбай да халық, ел-жұрт деп өткен кісі. Әрі халық емшісі, Мәдімәр болыстың жақын ағасы және кеңесшісі болған. Ол жайлы жазушы Яқия Шынәсілұлы мен Әл-Мақашұлының жазғандарынан оқуға болады.
Міне, осындай ортадан шыққан Батырбек те тегін емес. Оны ол ісімен де дәлелдеді. Отбасы тату-тәтті өмір сүріп, ел қатары жүріп жатыр. Үйелмелі-сүйелмелі Ғани, Мәди деген екі ұлы бар. Сүп-сүйкімді Мейрамкүл келін жоғары білімді дәрігер, отбасының көркі.
Ал, негізгі әңгімемізге көшсек Батырбек Зияшев пен Ержан Қапашевтің бандит қатынды қалай ұстағаны туралы Батырбектің өз аузынан естігенімді айтып берейін. Тура кинодағыдай. Олардың айтқан сарынымен кино түсірсе бар ғой, шет елдің кез-келген киносынан асып түседі. Содан...
Бандиттер «айдалада біздің ізімізге түскен дәл кәзір кім бар дейсің» деген оймен еркінсіп, дауырға әңгімелесіп барады. Бәрі де мидай даланы кесіп өтіп, басқа облысқа өту жоспарын мақұлдады. Ол үшін таң атқанға дейін құм жиегінде отырған малшы ауылға ілігіп, одан ары атпен кету керек! — деп шешеді.
— Қару жарақты дайын ұстаңдар. Үлкен жолды кесіп өткенде сақ болыңдар. Қауіп-қатер төнсе ғана қару жұсаңдар! — деген әйел даусын анық естіген Батырбек пен Ержан:
— Қап! Мыналар тағы да сойқан салып, ештеңеден аянайын! — деп тұрған жоқ қой — дейді де екеуара ақылдаса келіп «Бұл жерде тосқауылға жер ыңғайы қолайсыз. Оның үстіне біз атысқанда да пистолетпен ештеңе істей алмаймыз. Олар бесеу, әрі карабиндері болса бізді ашық далада жусатып салады. Оданда машинаның жарығын сөндірген қалпы соңынан ілесіп отырып үлкен жолға шыққанда бір амалын қарастырайық» деген тоқтамға келеді. Сөйтіп бандиттер жарығына ілесіп, ере береді.
Бағыттары шамамен Базарбай елді мекенінің күн шығыс жағы. Алдыңғы машина тура тартты. Оңға да солға да бұрылмай «Көкөзек» бағытын бетіне алды. Соған қарағанда ішінде бұл маңайдың жер ыңғайын жақсы білетін адам бар,- деп топшылады. Бұл оларды қолға түсіру жоспарына біраз өзгеріс жасататын болды. Батырбек ойлағандай-ақ жарты сағат шамасында олар жиектегі Үйсенбек жазығының басталар тұсындағы Суханбай ұжымшарында бойдақ мал бағып отырған бес-алты үйлік ірі қара фермасына бағыт ұстады.
Е-е, бұлар осы фермадан мініске ат алайын! — деді. Қандай амал жасап, жолын бөгеуге болар екен?» деген оймен қасындағы серігі Ержанды түртті. Сөйтіп өз ойын ортаға салды.
— Дұрыс айтасың! — деді Ержан. — Таң саз бергенше соңынан ілесейік. Содан соң, машинамызды жасырып, алыстан бақылап, бұлар фермаға бағыт алса, біз дереу басқа жолмен фермаға бұрынырақ жетуге тырысайық. Кезінде бір амалын қарастырармыз.
Екеуі осы тоқтамға келіп, бандиттер көлігінің жарығынан қалмай ілесе берді. Әркім өз ойымен өзі болып, үнсіз келеді.
Кенет үнсіздікті бұзған Ержан бандиттер көлігінің сол қанаты тұсынан көрінген екі жарықты нұсқап:
— Батырбек! Анау екі жарықты қара, сол маңда қара жол бар ғой деймін. Бұл қай жақтан шыққан көлік екен?! Көрдің бе? Мотоцикл секілді.
— Көріп келемін! Мотоцикл екені анық. Бірақ екеу емес, үшеу болу керек. Әне, соңынан тағы бір жарық көрінді. Шамасы, бұл арадан құм жиегі алыс болмағаны ғой. Мыналар анашаға барғандар. Мотоциклмен қап-қап етіп тасиды. Ана құмдағылар дайындап береді. Мыналар жеткізіп берушілер. Қазір есірткі шөбінің піскен кезі. Көзге түспес үшін мидай даламен жүреді. Қазір таң атар-атпастан жиектен шығып кетуі керек. Біз сондай сәтте тап болып отырмыз. Көрдің бе, бандиттер автокөлігінің жарығын көре салып, қашқақтап бара жатқанын!
— Оны қайдан білдіңіз?
— Алғашында олар дозорларын, яғни алдын-ала бақылаушыларын жіберіп, сақтық жасайды. Олардың хабар болмайынша тәуекелге бармайды. Орган қызметкерлері кездесе де осы бақылаушылармен кезігеді. Бірақ олардан ештеңе таба алмайды. Анау біз қуып келе жатқан жарықты көре салып жарықтарын бір жағып, бір өшіріп басқаларына белгі беріп жатыр. Өйткені бандиттердің көлігін есірткіге қарсы күресу бөлімінің қызметкерлері деп қабылдауда.
— Мүмкін бұлар жай, өз шаруаларымен жүргендер болар.
— Әй, қайдам, мынандай бейсауыт уақытта кім жүреді дейсің. Жоқ іздеушілер күндіз жүреді. Ұры-қарылар мотоцикл емес, атпен кезеді. Оның үстіне Ақмола деген Талас өзенінің көпірінде ағам кооператив ашып дүкен ұстап тұрғанда есірткі тасымалдаушылардың осындай мезгілсіз уақытта мотоциклмен тыным таппайтынын жақсы білемін.
Енді біз жоспарымызды өзгертеміз. Сәлден соң таң да атады. Бандиттер де асығыс. Ертерек құм жиегіне ілігіп, көлік ауыстыруға ынтығып келеді. Әйтпесе құмға қарай неге тартты? Біз де көлігімізді аналардың мотоцикліне ауыстырамыз!-деген Батырбек сол қанатқа машинасын бұрып, мотоциклшілердің өкпе тұсын тұспалдап, олардың алдынан тосу үшін жолдың кедір-бұдырына қарамай, машина жылдамдығын үдете түсті.
— Батырбек! — деп айқайлады Ержан. Мотоцикл бізге жеткізбейді ғой.
Апаттық жағдай жасаймыз! Машинаны соларға тастасақ та, мотоциклді иеленуіміз керек. Әйтпесе машинамен бандиттерді қуып жете алмаймыз.
Талай операцияны сөзбен емес ыммен түсінісіп сәтті аяқтаған сыралғы серігі Ержан пистолетін дайындап, пластмасса сойылын қолына алды. Беліндегі қолға салатын кісенінің де білезігін ашып, «Ә!» десе, «Мә» дейтіндей толық даярлыққа көшті.
Көлденең тартылған таспадай тас жолға жете бере, оған оп-оңай лып етіп шығатын жерді тұспалдап келе жатқан Батырбек сәл қиғаштау жүріп бір топ бұтаның тасасына келген соң көлік жүрісін баяулатып:
— Мен қазір жол жиегіне тоқтаған кезде сен тез машинадан түс те жолдың арғы жағына шығып ал! Шабуылды сол жақтан жасарсың. «Бұлардың машинаның оң жағынан кез болғаны мұндай жақсы болар ма?! — деп көлік тоқтаған бойда лып етіп шығып бара жатқан Ержанға Батырбек: «Іске сәт!» деді де өзі «Жигули» көлігінің ішінде қала берді.
Оң жақтан ұшып келе жатқан мотоциклдің алдына «Жигулиді» тас жолдың жайпауыттау жарқабағынан ырғытып шығарып, жолдың жартысын ала сондай шеберлікпен кілт тоқтата қойған Батырбектің есебі мүлт кеткен жоқ. Ойламаған жерден тас жолға атып шығып, тоқтап қалған «Жигулиді» бірінші келе жатқан мотоциклші мотоциклін жолдың ашық жеріне бұріп үлгермек тұрмақ, тежегішті де баса алмай «Жигулидің» оң жақ қанатына соғылды да, өзі ұшып түсті. Көзді ашып жұмғанша жетіп келген екінші мотоциклші тежегішін басып үлгеріп қалт-құлт еткен бойы «Жигулидің» артындағы ашықтау жерге бұрмақшы болды, оның бұл ойын түсінген Батырбек оталып тұрған «06»-ны бірден артқа шегіндіріп еді, мотоциклдің артқы жағына тиелген қаптарға тиген соққы оны жол жиегінен төменге қарай ұшырып жіберді. Қаракөлеңке болса да мына жағдайды көзі шалып қалған үшіншісі жылдамдығын барынша бәсеңдетіп, асықпай жолдан түсіп, пистолеттің оғы жетпейтін қашықтыққа барды да, асынған мылтығын серіктері құлаған жаққа кезеп тұрып әй-шәйға қарамай ата бастады. Бұл аралықта мотоциклден құлап есін жия алмай жатқан есірткі тасушыларды бір жерге жинаған Ержан, қолдарын кісендеп, қаруларын сыпырып алған еді. Ол бір мылтықты қалдырып, екіншісін өзі алды да, үшінші қылмыскер жаққа қарай бірнеше рет атып та жіберді. Кенет Батырбек:
— Ержан! Мотоцикліне жақындатпа! Бірінші мотоцикл жүруге келмейді екен! Жигулиге соққан да алдыңғы дөңгелегі қисайып қалыпты. Қайтсек те ананың мотоциклін қолға аман-сау түсіру керек! — деп айқайлады.
Екеуі қылмыскердің екі жағынан бұқпантайлап жақындай берді. Қызды-қыздымен қарсыластарына жиырма қадамдай қалғанын байқаған Батырбек пен Ержан мылтықтан басқа пистолеттің де барын білсін дегендей пистолеттен де бір-екі рет атып жіберіп, ілі-шала өз шарттарын қойды.
— Қарсыласқанмен пайда жоқ. Оғың да таусылуға жақын! Су құйған ыдысың көлігіңде! Одандағы беріл! Қаруыңды тастап, қолыңды көтер де бері жақында! Үшке дейін санаймын! Бір! — деп айқайлады Ержан.
Алакөлеңкеде ананың бұйрықты орындағанын көрген Ержан қайтадан «Түгел шешін!» деп айқайлады. Сөйтіп қылмыскер қолға түсті. Әп-сәтте оның қолын байлап, үшеуін де қосақтап жигулиге тығып тастады. «Бұларды не істейміз?» деген Ержанға Батырбек:
— Бұлардың жарасы жеңіл, өлмейді. Ең бастысы — аналарды ұстау! Мотоциклді оталдырып көрейік те бензин біткенді өзімізбен бірге ыдысқа құйып алып кетейік.
— Анау қаптарды не істейміз?!
— Қаптарға тиме! Онымен бандиттерге елеусіз боламыз. Бандиттердің ішінде осы маңайдың адамы бар көрінеді. Сол бас боп, бізді есірткі тасымалдаушылар! — деп ойлайды. Мыналардың қолын жіппен тас қып байла да кісенді алып ал, кісен соларға керек болады. Үшеуін «Жигулиді» айналдыра үш жерге байлап кетейік, сәті түсіп милиция бөлімшесіне хабарласқан бұларды кешке дейін тауып алып, әкететін жағына әкетпей ме?!
Сәлден соң екеуі бандалардың ізіне түсуге сақадай сай болды.
Екеуі екі мотоциклмен кері қарай, «Жигули» жүрген ізбен бандиттерден көз жазған жерге жетті. Жан-жақты байқап қараса Аманкелді ұжымшарының «Жаңатұрмыс» бөлімшесінің солтүстік батысында тұр екен. Жан-жақты жіті қараған екеуінің көзіне жапырылған шөп түсті. Сөйтсе жеңіл машинаның жаңа түскен ізі! Екеуі сол ізге түсті. Бірақ манағы көлденең тартылған тас жолдың төменгі жағынан тағы бір машина ізі қосылып, көп ұзамай екі із екі айырылды.
Екеуі біраз аңырып тұрып-тұрып, тас жолды бойлай із кесе бастады. Бұл — құмның жиегінде көктем мен күзде малшылар отыратын ескі сүрлеуге апаратын тас жол еді.
Тас жолдың құмға сұғынған тұсындағы Үйсінбай жазығы арқылы Қосшұратқа өтер белдің үстінен батысқа — Ақдала жазығына қарай жусан, мия, жайқалған жасыл жантақты жапырған жеңіл автомобиль көлігінің ізін көргенде екуінің қуанышында шек болмады. Тас жолдың жайпауыт жерінен тік түскен машина ізіне байыппен зер салып тұрған Батырбек сигареттің жаңадан тасталған тұқылын алып, қол тигізбей қағазға орап алып ілгері қарай жүре бергенде... Ержанның қуанышты даусы шықты. Жалт қарап еді оның әбден ұйқы қысып шаршаған кейпінің ізі де қалмапты. «Жерден жеті қоян тапқандай» мәз.
— Іштерінде бандит қатын бар екен! Міне айғақ! Дәрет сындырыпты атаңа нәлет. Теледидардан Құдайдың құтты күні жарнамалайтын әйелдердің әлгі бәлесі! Теледидерден күнде бәлен рет көрсетіп, жүйкеге тиіп еді, мұның да пайдасы тиді.
— Кеттік! Сипақтай бермей, бол!
— Мыны «қанатты» салатын нәрсе іздеп жүрмін! Айғақты материал ғой! Дәлелдегенге керек болады.
— Анау есірткі тасымалдаушылардың анаша салған бір пакетін іске жарат! Бірақ теріс айналдырып ал — деп Батырбек ілгері жүріп кетті.
«Осы ізбен бағыт алайық. Бұлардың ішінде осы жердің ыңғайын өте жақсы білетін адамның бары анық. Енді бұл оңбағандар машина жүретін жермен жиекті жағалап жүріп отырып, түнде өздері айтқандай, көлік ауыстыру жоспарын іске асыруға кіріспекші сияқты. Машинада қанша адам болды екен?» деген Батырбек бұларды қолға түсіру жоспарының шегіне жете алмай, екі күнгі ұйқысыз арпалыс титықтатып, басы зеңіп кетті.
Оны бұл күйден Ержанның оталдырған мотоциклінің даусы сейілтіп. Ол «Ойлағаннан түк шықпайды! Қауіпті-қатерлі жұмыстың үлкені әлі алда! Мойынға алған шаруаңды тындыр! Мотоцикліңді оталдыр! Ізге түс!» дегендей болды!
Селк етіп, есін жиған ол мотоциклін оталдырып, қайтадан ізге түсті.
Машина ізі Ақдала жазығының орта тұсына дейін тартып отырып, кілт құмға қарай бұрылыпты. Содан көлденең кескен сара жолмен Ақдала дүкеніне бағыт алыпты. Көлденең жолға түсердің алдында тағы да тоқтаған көрінеді. Жол жиегін көліктен түскен адамдар таптап тастапты. Ақ фильтрлі сигареттің бірнеше тұқылы жатыр.
— Бұлар Ақдаладағы Сейтханның дүкеніне бұрылған тәрізді — деді Батырбек.
— Оны қайдан білдіңіз? Дүкенге баратынын да, дүкеншінің аты-жөнін де білесіз бе?-деген Ержанға Батырбек қысқа ғана «Иә» дей салды. Батырбектің көп сөйлемейтінінен сыралғы Ержан әрі қарай үндеген жоқ.
— Сейтханның дүкені осы жерден көп боса бес-алты шақырым. Біз де тездетейік. Дәл үстінен түсіп қалармыз!-деді сәл үнсіздіктен соң Батырбек.
Екеуі дереу мотоциклдеріне отыра салып, асығыс жүріп кетті.
* * *
Бұлар есірткі таситын секілді мотоциклдерін құдыққа жеткізбей тоқтатып, біреуі тосқауылда қалып, екіншісі су құятын ыдыстарын алып құдық басына баратын болды.
Құдыққа бара жатқан Батырбекті «Сәске түс болды. Айнала жым-жырт. Адамдары қайда кеткен? Машина осы үйге бұрылып еді ғой. Ізі сайрап жатыр! — деген ой мазалаумен болды. Дегенмен біраз сырттай бақылап алайын.
Құдық басында өзі су ішіп алып, ыдыстарға су толтырғансып тұрып бес-он минуттай әбден бақылады. Бірақ жым-жырт тыныштық елегізтейін деді. Әуелі иттер де үрмейді. Жүрегі осы тыныштықтың жайшылық еместігін сезген ол мотоциклге қарай асығыс жүрді. Бұл әкелген ыдыстан су ішіп жатқан Ержанға:
— Не сездің? — деді сыбырлап.
— Құлаққа ұрған танадай ғой. Ең болмаса иттер неге үрмейді? Жақсылық емес, бұл.
— Онда кірісейік, от алдыр! Екеуі мотоциклдерін бір мезгілде оталдырып, алысырақтан бақылайық деген оймен екі айырылысты.
Мал қорасының батыс жағына шыққан Батырбек оған жартылай кіргізіп қойған жеңіл машинаны көрген бойда мотоциклін әдейі өзі өшіп қалғандай етіп тез өшіре салды. Сөйтіп оны қалқалап отырып, карбюраторын шұқылағансыды. Қорадағы машина да үй де жақсы көрінеді екен.
Аздан кейін келіп қатарласа берген Ержан да машинаны көріп, жылдамдығын азайтып, қораның ту сыртына қарай бағыт алды. Екеуі де іштей түсініп, үйге жақындай түсуге әрекет жасауға көшті. Әп-сәтте қора жақтың қауіпсіздігін білген Ержан машинаның қатарынан бұқпантайлап өтіп, үйге бет бұрды. Әзірге Батырбектің байқағаны — машинаның артқы нөмірі көрінбейді. Сірә, алып тастаған болуы керек. Бұл да үлкен қазан пеш пен бастырмаға қарай орын ауыстырып, Ержанды қорғау үшін көзден таса қылмай, үй жанындағы сәкіге жетіп алды. Сол сәтте Ержан үйге кіретін сыртқы есікке жетті. Бір қадам аттаса үйге кіретін сәт туды. Батырбек Ержаннан көз алмай, оның бар қимылын бақылауда. Бір кезде Ержан «Үйге атырылып кірейін бе?» дегендей белгі берді. Батырбек басын шайқады. Екеуі іштей түсінісіп, екеуіде бақылауын жалғастырып, тың тыңдады.
Сол кезде сәкінің астында көлеңкелеп жатқан сабалақ жүнді екі лақ маңырап келіп Батырбекті иіскелей берді. Батырбек әрі-бері қақпалап еді, оны елең етпей мұның қолтығына басын тыға бастады. Малдың жай жапсарынан хабардар Батырбек екі лақтың егіз екенін, жетім өсіп, қолға үйренгенін бірден білді. Екінші лақтың аяғына көзі түсіп кетіп еді, тұяғында, тұяқ шашағында болар-болмас қатқан қанды көрді. «Жарақат алған ба?» - деген оймен мұқият қарап, тұяғының да, аяғының да жарақаттан аман екендігіне көзі жетті. Бір кезде есіне әлдене түскен Батырбек тұмсығын қолтығына тығып тұрған лақты Ержанға қарай лақтырып жіберді. Жан-дауысы шыққан лақ ұрыс пен зекуден ренжіп, анасының бауырына тығылған жас сәбидей қамқоршы іздеп аласұрды да, үйдің ашық тұрған есігіне қойып кетті. Оның соңынан сыңары да кетті маңырап. Екеуінің үй ішінде де жақтары сембеді. Сол маңыраумен сәлден соң сыртқа шықты. Бірақ екінші лақ қайта үйге кірді де, сыңары маңырап Батырбекке келді. Оған да керегі осы еді, лақтың тұяғына зер сала қарап, тұяғының ұшы мен өкше жағына жаңадан қан жұққаннан байқады. Көзілдірігін сүртіп қайта қарамақшы болды. Осы кезде Батырбекке екінші сыңары келіп сүйкенді. Батырбектің тұла бойы дір ете қалды. Жалма-жан көзілдірігін кие сала қайтадан лақтың иегінің астына қарады. Оған да қан жұғыпты! Ол өзіне-өзі есеп бермей, ытып үйге кірді. Мұның қимылын жіті бақылап түрған Ержан да қабаттаса үйге енді. Бөлменің қақ ортасында шалқасынан түсіп біреу жатыр. Басы жоқ! Маңайы әбден қанға бөккен. Қанішерлер оның басын кесіп, андай жерге тастай салыпты. Сейітханның басы!
Япырмай бұлар хайуаннан да ары екен ғой» деп күбірлей берді. Батырбек, Ержанда үн жоқ.
Егер сыртта гүжілдеп келіп машина тоқтамағанда бұлар осылай сілейіп тұра берер ме еді, қайтер еді.
Екеуі де шұғыл қимылдап, қорғанып, қарсыласуға үй ішінен ыңғайлы орын тауып алды. Терезеге жақын орналасқан Батырбек сыртқа келіп тоқтаған ГАЗ-66 машинасынан бірінші болып түскен Жамбыл ауданына қарасты Қырғауылдыдағы дүкенші Аманмолланы танып «Оқиғадан хабардар болып келе жатыр ма? Жоқ, әлде, жолай соғып кетейін дегені ме»-деп ойлады. Жүріс-тұрысына қарағанда Аманмолла бұл «қанды оқиғадан» бейхабар секілді. Ол «Сейтхан!» деп айқайлап есікке жақындады. Оған ілесіп келе жатқан шофер:
— Әбеке, анау мотоциклдер неғып тұр? Секең бір жаққа кеткен бе? Иті де көрінбейді ғой! — деді.
— Шамасы жылқысын көріп қайтуға кеткен болар. Қой, жүрейін, Николай! — деп машинасына қарай қайтты.
Батырбек Ержанға қарап:
— Мыналардың кетіп қалатын түрі бар. Бұлар бейхабар екен!-деп сыртқа шыға жөнелді.
Машиналарыңа енді отырғалы жатқан Аманмолла мен Николай аяқ дыбысына жалт қарады. Батырбекті бірден таныған Аманмолла аман-саулықтан соң қасындағы шоферге:
— Николай! — деді қазақша. Иғанды білесің ғой? Әміркенов Иғанды айтам. Оның Сабыр деген інісі «Аса» кеншарында, сен тұратын Асада бас зоотехник. Сол осы Батырбектің ағасы, бәріміз Бесжылдық ауылында бір мектепте оқығанбыз. Бұлардың әпкесі Гүлжахан, «Көлқайнардан» келген Жанат Тілеужанов бәріміз бір сыныпта оқыған едік. Сол Иған Әміркенов ол кезде «Көлқайнар» бөлімшесінің меңгерушісі болатын. Ол кезде бұл балалар жас, Коля. Ал, бұлардың бабасы Қырғызбай мен Иған көкенің атасы Дәуітбай немере! — деп көсіле беріп еді, оның әңгімесіне әбден қанық Батырбек:
— Әбеке! Сөзіңізді бөлгенімді айып етпеңіз! — деп тоқтатып алды да қажет сұрақтарын қойды. Аманмолла мына хабардан бейхабар екен, бөтен аттылы адамдар да көрмепті.
Бәрі ақылдаса келіп, Колямен мәйітті, Ақдала дүкені Байзақ ауданына қарасты болғандықтан, аудан орталығы — Сарыкемерге жіберді. Қалған үшеуі қораға жартылай кіріп тұрған жеңіл машинаны қарап шықты. Онда өздеріне таныс біраз зат жатыр екен. Батырбек бандиттердің көлік ауыстыру жоспарының іс жүзіне асқанын түсінді. Түсінді де жағдайды басқа ойранға жеткізбей, тосқауыл құру жағдайын қарастырып, ақыл құрды.
Олардың ішінде жер жағдайын жақсы білетін адамның болғанына Аманмолланың да көзі анық жетті.
— Біріншіден, олар күндіз жүрмейді. Себебі анау іштеріндегі жер жағдайын білетін адам күндіз таныстар көзіне түсеміз деген оймен ескі мазарды, не құдығы, күркесі бар жерді паналап, кеш батқанын күтеді де, жолға түн қараңғысымен шығады. Екіншіден, жол бастаушысы қанша мықты дегенмен біздің Қаратай аңшы сияқты жол білмейтін шығар. Үшіншіден, қазір біздікіне барамыз. Қаратай да кеше келген еді, бүгін үйде. Оларды қумақ болсаңдар сендерге мініске белді ат керек. Аттарды өрістен алдырып, Қаратайға осы жерден із кестірейік. Оған дейін сендер де әжептәуір тынығып аласыңдар!-деді Аманмолла.
Оның айтқан ұсынысының дұрыстығына көзі жеткен Батырбек пен Ержан Аманмоллаға еріп Қырғауылдыға кетті.
Қырғауылдыға келген бойда бастырма астындағы сәкіге отыра кеткен екеуі, өздерінің қатты қажығанын білді. Сөйтіп жеңіл-желпі жуынған соң, бір-бір кесе қымыздан тартып жіберіп, мылтық, пистолеттерін, қалың төсектің астына көзден таса етіп жасырды да, жастыққа бастары тиісімен ұйықтап кетті.
Бұлар тұяқ дүбірінен оянды. Топ жылқыны алдына салып құдыққа айдап келе жатқан Аманмолланың баласы Айдос екен. Қолына жүген, шылбыр ұстап, жылқы ішінен ат ұстауға қамданған аңшы Қаратайды көрген Батырбек:
— Жүр, Ержан, барып Қарекеңе сәлем берейік. Із қайда шығыпты, соны сұрайық. Әрі ат ұстауға көмектесейік, талайдан бері атқа мінгеніміз жоқ, жүрісі жайсыз атқа кез болып қалмайық! — деп орнынан тұра берген Батырбекті Аманмолланың әйелі Жәмила:
— Бөлеке, аман-есен бе? Қалай дем алдыңдар? Қатты шаршаған екенсіңдер! Тырп етпей ұйықтадыңдар. Енді душқа жуынып алыңдар! Іздеген жоқтарың баяғы әкең малмен отырған «Байсал базында жатыр»-деп Қаратай ағай айтып келді! — деді.
— Ойбай, Жәмила бөле, «бізге жуынып ал» дегенше іздеген жоқтарың табылды демейсің бе? — деп Батырбек қуанып кетті.
Аманмолланың әйелі Жәмила мен Батырбектің шешелері Бестерек руынан еді. Сондықтан да бір-біріне бөле болып келеді. Ал Жәмиланың өзі Түркіменстаннан ертеректе көшіп келген. Руы — Арғынның Қаракесегі. Ашғабаттағы пединститутты түркімен тілінде бітірген. Соған орай әлі күнге түркімен сарынымен сөйлейді.
— Кеттік, Ержан! Атты ұстайық та тас болып ұйықтап жатқан жерінен бас салайық! — деп төсек астындағы қаруын алмақшы болған бөлесіне Жәмила бір жымиып:
— Қорықпа, Бөлеке! Олар енді қақпанда! Еш жаққа кете алмайды. Барлық жақта күзет тұр!
— Қандай күзет? — деп Батырбек аң-таң.
— Мана сіздер келген заматта Қаратай аға із кесуге Ақдалаға кеткен. Төрт ат пен бір иттің ізі жал-жал құм арасымен Байсалға барып тіреледі. Бірақ қайта шықпайтын көрінеді. Белгі салып жүрген Қаратайдың иті жоқ боп кетіп, әлден уақыттан кейін Сейтханның Қаратөбетін ертіп келеді. Содан Жандосты(Жандос Аманмолланың ортаншы баласы) өз орнына қалдырып, жан-жаққа хабар жеткізіпті. Өзі әлгінде келіп, әне жылқы ішінен мініске ат ұстайын деп жүр.
— Аманмолла қайда кеткен, Бөле! — деген Батырбектің сөзін естімеді ме, әйтеуір:
— Анау күн шығыс жақтағы «Қынуарбек жазығы» деп аталатын шабындықта шөп шауып жатқан кісілерге Алтынбектің «УАЗигі» кетті!-деп Жәмила әңгімесін жалғай берді.
— Алтынбек деген кім?!
— «Қызыл жұлдыз» ауылындағы мал бордақылау кеңшарының бас зоотехнигі.
— Е-е, білемін, Нұрбаев Тұрсынханның аулы.
— Сол Алтынбек Керімқұловқа жолығуға кетті.
— Қынуарбек көкеміз сол өзінің базында ма? Әлі шалғай мал жайылымы учаскесінің меңгерушісі ме?
— Ой, ол көкең бір сөзбен айтқанда осы құмның королі ғой. Ал, енді әбден ашыққан боларсыңдар! Қуырдақ та дайын. Іздегендеріңнен қам жемеңдер, алыстан Жандос жоқ іздегенге ұқсап, олардың қай бағытқа кеткенін білсе, кейін түнде болса да Байсалдан із шықса, қалғанын Қаратай ағаға жіберіңдер! — деген әңгімесінен барлық мән-жайды білген Батырбек пен Ержан біраз жеңілденіп қалды.
* * *
Тамақтанып, біраз ел шақырып алған соң бұлар тағы да сәкіге барып тынықты.
— Ержан! — деді бір кезде Батырбек. Біз енді мотоцикл мініп анашаға келген адам болып «Байсалдағы» бандиттерге қосыламыз. Оған «Түлей» жақтан келуіміз керек.
— Түсіндім.
— Ойлан, алып-қосарың болса, аздаған уақыт бар, айта жатарсың.
Осы кезде Қаратай келді. Амандық-саулықтан соң көрген-білгендерін айтып, басын шайқап біраз отырды да:
— Сейтханның қайғылы қазасын Жұмка әлі естімепті ғой. Қайдан ести қойсын. Бүгін Есқара жаққа қыбыр еткен жан болмады! — деді. Оны үнсіз тыңдап отырған Батырбек пен Ержанға алма-кезек қарап алып, сөзін әрі қарай жалғастырды. Марқұм Сейтхан мен Жұмка жастарының едеуір айырмашылықтарына қарамай, алыс-берісі бар жақсы достар еді. «Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын» демекші, қандай табылған аталы сөз. Атамыз қазақтан сөз қалған ба, сірә. Сондай-ақ осы уақытқа дейін Жұмка естісе... Ақ көңіл де аңқылдаған қайран ерім қарап жатпай, нар тәуекел жігіт қой, досын мынандай жағдайға ұшыратқан бандиттердің бір-ақ өзі ит терісін басына қаптар еді.
— Қареке, айып етпеңіз! — деді осы кезде Батырбек. — Бағанадан бері Жұмка, Жұмка! — дейсіз. Сөзіңізді бөлгеніме кешіріңіз. Ол кім өзі. Бұрын да естіген секілдімін. Бірақ шын аты-жөні есіме түспей отырғаны.
— Біз осы далада отырғандар бір-бірімізді жақсы білеміз. Ер мінезді, ақкөңіл, мінезіне тұлғасы сай осы жігітті өзімсініп, еркелете Жұмка дейміз. Әйтпесе азан шақырып қойған аты — Жұмабек, әкесінің аты — Әбілдабек, фамилиясы Нұржауов келіннің аты Нұргүл. Байтан деген менің араласып жүрген досымның қызы. Әрі қызым әрі келінім болып келеді. Өзі бір құдай бере салған алтын адам, атына заты сай. Нұргүл десе — Нұргүл. Үйелмелі-сүйелмелі Асыл, Әділет, Динара, Ақниет деген төрт перзенттің анасы. «Ер азаматтың бағы әйелден» демекші Жұмабекке бір бақ болып келген жан.
— Қареке, қай Жұмабек? Жұмка, Жұмка дегенізден-ақ елең ете қалып едім, енді Жұмабек деген соң тіптен таныс сияқты...
— Мына Мойынқұм алқабында бұрынғы Свердлов, қазіргі Байзақ ауданының малшы қауымының Есқара деген жерде штабы бар. Сонда дүкен ұстайды...
— Қареке-ау, манадан бері солай Есқарадағы Жұмабек демейсіз бе?
— Танушы ма едің?
— Танымағанда! Есқарада менің нағашым Кешубай деген кісі тұрады. Сол Кешубайдікіне барғанда Жұмабекті де талай көріп, тіпті дәмдес болғанбыз. Жігіттің бәрі Жұмабектей-ақ болсын! Сіз нартәуекел деп отырсыз ғой, мен жігіттің сұлтаны дер едім.
— Әлібайдың Кешубайы сенің туған нағашың ба?
— Иә, туған нағашым.
— Нағашың Бестерек болды ғой! Онда алыс емес екенсің! Өзіміз болдың. Сол Кешубай нағашыңмен талай рет қасқырға шыққанбыз. Әкесі Әлібай да құс ұстап, тазы жүгірткен керемет аңшы еді. Бұл өнер балаларының ішінде осы нағашының Кешубай мен інісі Күмісбайға дарыды.
— Өзің айтып отырған Жұмабекте де жақсы тазы тұқымы бар екен. Ана жылғы нағашым барғанда көріп едім. Бәйге аттарын да ұстай ма, қалай?
— Бәйге аттарың не?! Небір сәйгүліктер сол Жұмабекте. Қазір Кешубай нағашыңның орнында інісі Дүйсеннің отырғанын білетін шығарсың. Кешубай ауылға көшіп кеткен. Дүйсен Екібастұз қаласынан келіп әйелі екеуі Әлімбайдың қыстауына орналасты. Ағасы Күмісбай мен кіші інісі Кенже екеуі Кешубай ауылға көшкен соң әкесінің орнында мал үшін біраз отырды да, ақыры олар да ауылға көшті. Құмға да адамның адамы үйренеді. Әкесінен көп мал қалып еді. Сол малға ие болып отырған ортаншысы Дүйсен.
— Аязби де ауылда шығар?
— Аязбидің бар тірлігі — жер-суы, там-тасы ауылда ғой! Шешесі Науат сол Аязбидің қолында. Өзінің де тірлігі жаман емес. Білдей бір ұжымның бастығы. Оның үстіне қолынан келмейтіні жоқ. Ауылдағы кісілер сол тап-тұйнақтай тірлігіне сай атын Аязби, неміс Аязби дейтін көрінеді.
Бірін айтып біріне кеттім білем, Жұмабектің сәйгүліктерін баптап-күтіп бәйгеге шауып жүрген Абдан деген жиені. Бір айтары жоқ жігіт. Жұмабектің өзі жұмыс бойына қарай сыртта жүргенде ауылдағы іс сол Абданнан-ақ артылмайды.
— Есқарада дүкен әлі бар ма?
Әрине. Сол дүкенді дүкен етіп отырған да Жұмабек. Қала мен Есқараның арасын жол қылды ғой, сабазың.
Қазір облыстағы, қаладағы бастық біткеннің бәрі жер алып, төрт түлік малды қысы-жазы құмдағы қыстауларында ұстайтын болған. Солардың малшыларының бәрі сауданы сол Жұмабектің дүкенінен жасайды. Осы жұмыстарының бәріне бас-көз болып ұйымдастырып отырған жаңағы Абдан деген жігіт пен әйелі Нұрила, — деп Қарекең әңгімесін аяқтады. Сөйтті де Батырбекке бұрылып:
— Анау екі атты ерттеп қойдым. Мен жеткенше күн де төмен түседі. Жандосқа тамағын ала кетейін. Олар қараңғы түсуін күтіп отыр. Меніңше төтесінен құм мен жүріп Қамқалы арқылы Жезқазған, Қарағанды облысының аралығымен Ақмола облысының Қорғалжын, Теңіз аудандары арқылы Қостанай облысының шетімен Селебі (Челябинск) жаққа тартпақшы. Ас-суды жол жөнекей ойран салып тауып отырмақшы ғой. Бұлар елді-мекенге, сірә, соқпайды. Мақсаттары тез арада ізін жасырып, басқа елге өту. Тезірек қамданбаса болмас. Ал, балалар мен сол жақта күтемін! — деп орнынан тұрды да: «Сендер не істейсіңдер?» дегендей екеуіне алма-кезек қарады.
Батырбек өздерінің атпен емес, мтоциклмен барып базаға кіретін ойын Қарекеңе жайып сала отырып, «Байсалға» төменнен бару үшін қай жолмен жүру керектігін сұрады. Бәрін түсіндіріп берген Қаратай қоржынын атқа салып Жандос қалған жаққа жүріп кетті. Қаратай кете салысымен қасында Қынуарбек көкеден басқа аттылы үш кісі бар Аманмолла келді. Олар аттарын қазыққа байлап жатқанда қастарына Батырбектер де келіп, Қынуарбек көкеге, одан кейін қалғандарына сәлем бергенде жетпісті алқымдап қалса да палуан денелі Қынуарбек көкенің әлі ширақ екенін байқаған Батырбек:
— Көке денсаулығыңыз жақсы ма?! Апам қалай аман-есен бе?! Жаңабек, Арқабек, Асылбек және басқа інішектер аман-сау ма? — деп жатыр.
— Құдайға шүкір! Өздерің аман-есенсіңдер ме? Нұрекең, әкең қалай бақуат па? — деген сөзін естіген Аманмолла:
— Көке, таныдыңыз ба? — деп сұрады.
— Е-е, танымағанда! Бойы да бет әлпеті де ағамыз Нұртай болыпты да қалыпты! — деп алып Батырбекке қарады:
— Қорықпа, айналайын! Біз де елміз, жұрпыз. Ондай қаныпезерлерге қашуға жол жоқ! Жаңа Аманмолладан естідім. Ақдала дүкеншісінің жағдайын, обал болды. Бір Құдайға қараған бала еді. Қайтесің, енді. Бандиттердің ізіне түсіп, қуып келе жатқан өзіміздің бала деген соң қаруымызды сайлап, мына балаларды Арқабек үйді, мал қораны жөндеуге жіберген екен, жақсы ат тауып, өзім бастап келіп тұрмын. Қаратай ізін тапса, олар енді еш жаққа құтыла алмайды. Алтынбек те өзінің «УАЗигімен» және шаруаға пайдаланып жүрген қорапты машинасымен шөптегі адамдарды алып келіп олар тығылып отырған жерді қоршаймыз!-деп отыр. Қазір келіп те қалады. Бәрі де осы жердің ой-шұқыры, сай-саласын жатқа біледі ғой. Қаратайдан хабар бар ма? Із шығарып па? Қай жаққа бағыт алыпты?
Олар «Байсалға» барып паналапты! — деді Батырбек. Жандос қазір алыстан бақылау жасап жүр.
— Онда жарасы жеңіл екен. Алтынбектің отыздан аса адамы бар, біз бар, жабылып базды қоршап аламыз. Қанша күн болса да біз тұра береміз, ал, олар сусыз шыдап көрсін. Берілмей қайда барады! — деді Қынуарбек ақсақал. Ақсақалдың осы сөзінен кейін Батырбек пен Ержан екеуі ақылдаса келе алғашқы жоспарынан көрі Қынуарбек көкенің айтқан ұсынысын ұнатты. «Жігіттер келсе-келді, келмесе өзіміз де жетеміз» деп жиналған жеті сегіз адамға жоспардың екі түрін айтып біте бергенде шабындық жақтан алдында Алтынбектің «УАЗигі», одан соң ГАЗ-53 машинасының қорабы толы адамдар да келіп жетті. Соңында шөп шабатын түрлі техникаға мінгендері де бар. Бұны көрген Батырбек пен Ержанның өңіне қан жүгіріп қалды. Сөйтіп еңселері көтерілген бойда кеуделеріне жаңа қуаныш сезімінің лебі біқалыпты соққан жүрек соғысынан да біліне бастады.
Батырбек пен Ержан шөпшілердің бас-аяғы әбден жиналып болғанша күтіп, содан соң ойларын тағы да ортаға салды. Жиналғандар бұлардың жоспарын бірден мақұлдады.
Жоспар бойынша Қынуарбек ақсақал бастаған шөпшілердің алғашқы легі бүкіл техникасымен «Байсал баздың» күн батыс жағынан барады да баздың төменгі жағынан шөп шабуға келген бригаданың кейпімен, ұзындығы жиырма метр, құлайын деп тұрған ескі базға орналасады. Адам саны да жетерлік, ұзын саны отыздан асады. Осы адамдарға Батырбек, Ержан, Алтынбек және басқа іріктелген қарулы жігіттер тобы қосылды. Бәрі айыр, шалғымен қаруланғандар. Атқа мінген қарулы топ баздың екінші жағынан торуылдайды. Олар баздан атқа мініп сытылып шыққандарды қолға түсіреді. Екі мотоцикл де ойпаңдау, көзге көрінбейтін жерде жасырынып, бірдеңені сезіп қойып, атпен қашқан бандыларды қууға дайын тұрады.
Осындай жоспар бойынша тапсырма алған алғашқы лек «Байсал базына» жетіп жүктерін түсіріп, техникаларын реттеуге кірісе береді.
Алғашқы барғанда-ақ баздан шыққан дүкеншінің қаратөбеті олардың қай тұста екенін білдіріп қойғандықтан, сол ит шыққан тұсқа бәрі де қаумалай орналасып, бір жағына жантая құлаған баздың қамысын тазалап, тіреу ағашын іріктеп, басқа баз тұрғызуға Алтынбек бастықтың тапсырмасын алғандар жұмыстарын бастап та кеткен де тығылып жатқан бандиттер шын сенген болуы керек, әрі амалы таусылып қулық жасағысы келді ме, жоқ әлде басқа ойы болды ма, әйтеуір еңгезердей біреу ауру адам бола қалған қатын бастығын сүйемелдеп шығып келе жатты.
— Талас ауданының малшысы едік, — деді еңгезердейі. — Есқара жақтағы малшы ауылдың тойынан шығып, адасып кеттік әрі қатын ауырып қалды. Тағы екі серігіміз бар. Су болса аттарымызды суарып алсақ. Содан кейін «Көкой» штабына қарай жол көрсетіп жіберсеңіздер. Ішкілікті көбірек ұрттап қойғандыкі ме, мына қатынның мазасы кетіп... Оны мұқият тыңдап алған Алтынбек:
— Ержан, Қанат! Бір шелек су әкеліңдер, тіркемеден бір фляг суды түсіріңдер! Содан соң анау аттарды баз ішіндегі судан суарыңдар! Мына кісілер жолаушы екен, қиналып тұр. Сөйтіңдер! Аттарын ерттеп беріңдер! — деп айқайлады. Төрт жігіт түк білмегенсіп жол көрсетіп, аттандыру ыңғайын танытып қақ жарылған топтан өте бергенде бандиттер қатынымен бастығымен қоса жер қауып, қолдары байлаулы жатты. Заттары қоршаған халықтың көзінше қағазға түсірілді. Сөйтіп бір миллион үш жүз АҚШ доллары, бір дорба алтын мен өзге де бағалы заттар, үш пакет героин ұнтағы, бес қап киім-кешек тәркіленіп, куәлардың қолы қойылды. Жиналған топқа Батырбек пен Ержан алғысын айтып, Алтынбек Керімқұловтың «УАЗигіне» бандиттерді отырғызып, тура қалаға тартты.
Осылай әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда факспен құжатымыз да келіп жеткен екен. Соны алып тағы да жолға шықтық.
* * *
Бір күн жүріп, Жамбыл қаласына да жеттік. Қалаға кіре берістен телефон автоматтан Халимамен хабарластым. Телефон тұтқасын сіңілісі алды. Ол менің дауысымды танып, жылап жіберді.
— Сабыр-р! Сен естіген жоқ па едің? Қайда жүрсің?! Халимадан айырылып қалдық қой! — деді ол булығып.
Шошып кеттім. Сасқанымнан «Не-е! Не!» дей бердім.
— Операция үстінде... Қайтыс болды. Ертең жетісі. Сухамбаев көшесі 135-те! Қайдан келе жатырсың? Қайдан телефон соғып тұрсың?
— Рейстен. Осындамын!
— Кел, үйге-ее ке-ел...
Телефон тұтқасын ілуге шамам келмей, қалшиғаннан қалшиып тұрып қалдым. «Айырылдым-ау-уу! Бәріненде айырылдым! Енді Халимадан да айырылдым ба?! Не деген бақытсыз жан едім!» - деген ой мендеп, солқылдап жылап та жібердім. « — Жеңешеммен мен де сөйлесем» — деп тұрған Ердос мән-жайды бірден түсінді.
— Көке, Қайғыңызға ортақпыз! Өзіңіз жүйкеңіз тозып, зорға келе жатырсыз... Енді сабыр сақтаңыз. Сіз құласаңыз, біз не боламыз? Күтініңіз, ауырып қалыпсыз! Бүгін шыдаңыз, ертең жетісіне баруымыз керек! — деп басу айтып жатыр.
Мені сүйемелдеп КамАЗ-ға әрең мінгізді.
Қанша өзімді өзім ұстайын десем де Халиманың соңғы кездескендегі сөзі құлағымнан кетер емес.
— Сабыр, осы КамАЗ-ды қойшы! Ұзақ жол жүру оңай емес! Неше түрлі бәлені естіп жатамыз! Өз тіршілігіміз өзімізде, өліп бара жатқан жағдайымыз жоқ. Бір тамағымызды кешке дейін базарға шығып сауда жасасам да табамын. Қазір денсаулығым да бері қараған сияқты!-деген сөзі есіме түсіп, ағыл-тегіл жылаймын келіп.
— Қайран Халима! Бұл қалай болды?! Соңғы кездесу, «Соңғы сапар» екенін сезген екенсің ғой:
— КамАЗ-ды қой, саған қол емес, қолыңнан келетін тірлікпен айналыс дейсің. Мен КамАЗ-бен жүргелі қанша оқиғаның куәсі болдым. Қаншама жерді көрдім! Ондағы халықтың тұрмысын, өмірін, кәсібін білдім! Қысқасы «Көп жасағаннан сұрама, көп көргеннен сұра» деп ділмәрсіп, Халиманың айтқанына көнбей, тілін алмағаныма өкініп жылаймын...
— Сабыр-ау, Рабиғаны да, мені де, сені де мүсәпір етіп, біреумізді солтүстікке қаңғытып, екіншімізіді түрмеге, мені ауруханаға жатқызып, тоз-тоз еткен Мая сұмырайдың ісі емес пе?!-дегені есіме түсіп егілем...
Түрмеге түсіп, тағдырым қыл үстінде тұрғанда да дәл осылай күйзелген жоқ едім. Жақын адамды жоғалту үлкен қасірет екенін енді білдім.
Ердостікіне тоқтап, өзбектерімізді бір түнетіп, ертесіне таң азаннан сапарға шығарып салдық. Олардың да көңіл-күйі шамалы еді. Менің жағдайым оларды да күйзелтті.
...Халиманың жетісіне Ердос екеуміз барып, бір-екі күн бірге жүріп қолғабыс еттік. Бата жасап келген кісілерді қарсы алып қызмет жасап жүріп, мән-жайдың бәріне әбден қанықтым. Қысқасын айтқанда ол үйде артық екенімді; ешкімге де керек еместігімді білдім. Мұны сезген Ердос та:
— Көке, кетеміз бе? Көз қарастарын қарап отырсыз ғой. Кетейік те, - деп қоймады.
Әсіресе бұрынғы күйеуінің бой жеткен Анар атты қызы ашықтан-ашық бүкіл елдің алдында маған қарап:
— Мамамды жалмаған, мамамның түбіне жеткен осы! Енді қайсымыздың кезегіміз! Бұл өзі неғып жүр мұнда?! Кетпей ме енді?! Құрысын! Жоғалсын!-деп қақсаумен болды.
Әрине, «Әй дейтін, әже қой дейтін қожа» болмай шеше тілін алмай көше көріп көлденең өткен көк аттының жемтігі болып кім көрінгенмен төсектес болғанға амал бар ма? Оған не айтасыз?-деген Ердостың сөзі қамшы болған Сабыр үнсіз басын изеп қалың ой тұңғиығына шомып.
Қайран Халима аман болғанда... Біреуі де аузын аша алмас еді-ау! Ерекше жаратылған, жөнің бөлек жан екенсің-ау! Бақұл бол! — деп барлық қасірет-мұңды арқалап, Ердостың соңынан ілесе берді.
Екеуі үнсіз, жаяулап келеді. Соңдарынан жеткен жеңіл машина Ердосты танып тоқтап, ауылға жеткізіп тастады.
Барар жер, басар тау қалмады. Әкесінікіне баруға бет жоқ. Соңғы сапарға жүрерде оның да осы жұмысты қой» дегеніне көнбей кеткен.
Бауыр, ағайын, туғанның бәрімен араз. Олар бозбалаға ұқсап селкілдеп жүрген жүрісін жақтырмайды. Әсіресе КамАЗ-ға отырған кезден бастап оны бұзылған адам, шаруасы біткен адам! — деп санайды. Оның үстіне Рабиғаның кеткенін де одан көріп, ешнәрсеге түсінбегендіктен, оны одан сайын шеттетіп, маңайларына жолатпағалы қашан... Бұны ол мойындап өзінше топшылаған болады.
Менің де оңып тұрған ештеңем жоқ. Қасарысқан, қырсық мінездің арқасында бәрімен де сөзге келіп біткенмін. Әрі ойланып, бері ойланып, ағайынның да көзіне түспей, бір-екі күн Ердостың үйіне тоқтап, содан соң көз көріп, құлақ естімейтін жерге кетейін деген ойға келдім. Адамды қырсық шаларда «әуелі жақынымен жанжалдасады, одан кейін отбасынан айырылады», деген осы екен ғой.
«Міне, енді қаңғырып қара басым ғана қалды. Халима марқұмның қызы да түсінген адамға едәуір әңгіме айтты ғой. Басқасынан да сондай сөз естімей тұрғанда көзімді құртайын» деген ойымды Ердосқа айтып, «кеткенге дейін сенікінде аялдай тұрайын» - дедім. Ол:
— Ой, көке, о не дегеніңіз. Басқа-басқа, сізге қанша боламын десеңіз де, қанша жатамын десеңіз де орын табылады ғой. О не дегеніңіз? — деп бәйек болып, ағынан жарылуда.
* * *
Ертелетіп қалааралық автобекеттің қасындағы КамАЗ-шылар жүк күтетін жерге тарттым. Мені анадайдан таныған жігіттер «О-о, көкеміз келді! «Детектив көке» келді!» дереу қаумалап алды. Мені жақсы танымайтын, сырттан естіген жаңа КамАЗ-шылардың да:
«Одиночный волк» деген осы кісі ме?!
— Кәдімгі өзіміз сияқты-ақ адам екен ғой!
— Мен бір керемет үлкен алып адам ба десем!-дегендерін есітіп тұрмын.
Өз ортамызда мені «Одиночный волк» деп атаушы еді.
Ылғи да жалғыз өзім, жалғыз машина болып жүргеннен бе, әйтеуір маған осылай лақап ат қойылған.
Жаманат хабар жататын ба еді, жігіттердің бәрі ұзын құлақтан естіп, менің басымнан өткен хикаяға әбден қанық екен. Барлығы да жол жүріп, өмір көрген, жағдайды түсінетін түсінігі мол жігіттер ғой, іштерінде ел басқарып, тізгін ұстаған Сұлтан Махмадов, Мұса Құлсариев секілді азаматтар да жетерлік.
Жігіттер ортадан қаржышы шығарып, менің аман-есен елге келіп өзіміздің топқа қосылғаныма арнап дастарқан жайды. Халима жайлы да хабардар екен, қайғыма ортақтасып, көңіл де айтып жатыр.
Қоғамның өзіне тән қағидасы болса, мына отырған КамАЗ-шылар қауымының да жазылмаған заңы бар. Бұл да бір қауым ел. Мен де осы қауымның мүшесімін. Сондықтан да мені қаумалай қолпаштап, қолтығымнан демеп, тағдыр тәлкегінен алып шығу үшін жүрек жарды сөздерін айтып, ақыл-кеңестерін аямай тамыр-танысымның көптігін ескере отырып, жоспарланған көп ұсыныстардың ең тиімдісі мынау еді. Ұсыныс жасап отырған — ағайыным Қынуарбекұлы Жаңабек.
— Көке — деді ол. — Сіз менің інім Арқабекпен Асылбекті білесіз бе?
— Жақсы білемін.
— Сіз студент кезіңізде үйге талай рет келгенде көкпарға талай бірге барғанбыз. Ол кезде әкем «Көлқайнарда» «Қаратау» мал бордақылау кеңшарының малын бағып отырған.
— Еее!.. Иә-иә!... Есіме енді түсті, одан бері де талай жылдар өтіпті-ау, өзі.
— Иә, Жаңабек айта бер... Тыңдап отырмын.
— Арқабектің КамАЗ-ы үйде тұр. Мына жерде тұрғанымызға жиырма күндей болды, тапсырыс беруші жоқ. Бұл жерден жүк тиеу мүмкін емес. Тіпті тұра беретін түріміз бар. Сондықтан да сол Арқабектің және менің КамАЗ-ыма өзіміз тауар тауып тиеп, соны алып кетейік. Сіздің өткізетін таныстарыңыз бар ғой. Тіпті болмаса Арқабекке алып барайық.
— Арқабектің өзі қайда еді?
— Өзі Ресейде жүр. Тюменьде!
— Онда не істеп жүр.
— Ол Алматыда, 1 май атындағы ауданда жанар-жағар май базасын салып біткен. Енді сол базасына жанар-жағар майға және де басқа шаруалармен Тюменьге шарт жасауға кеткен.
— Арқабектің жұмысы басқа сала көрінеді. Ал, біздің жеміс-жидек, көк-өнісіміз оған сай келе ме?! Қысқасы, өткізуге жәрдемдесе ала ма?!
— Өткенде телефонмен сөйлескенде алма бұл жақта ұшып тұр деген.
— Солай, көке! Сөйтіп бір әрекет жасамасақ бұл жерде тұрып, босқа уақыт өткіземіз.
— Алманы қайдан аламыз?! Ақшаны қайдан табамыз?
— Көке, ол жақта пияз біздің ақшаға шаққанда көтерме бағамен 30-35-теңгені ұрып тұрып деген ол. «Ақшаны қалай табамыз» - дейсіз, биыл пияздың көптігі соншалықты бір теңгеден өткізе алмай, бәрі үйінде жинап отыр. Солардың ішінен тамыр-таныстарды қарастырып, бір теңгеге бағалап, «сатып болғанға дейін шыдайсың» деп келісеміз де.
— Қош!... Бір тауардың түрі бар. Қалған тауарды қалай аламыз? Реті келсе алма алуды қарастырсақ. Ол жаққа дәл жаңа жыл қарсаңына барамыз, ал алма кәдімгідей пұл болар еді...
— Көке, мына жігіттердің ішінде ақшалылар бар. Соларға мән-жайды түсіндіріп, бір-екі айға пайызбен ала тұрайық.
— Жаңабек, оны қоя тұр! Бір күнде бәрін айтып, жайып салмайық, ұят болар. Онсыз да әрекет жасап, қолдарынан келгенді аяп жатқан жоқ-қой. Ертең осы жерде кездесейік. Мен ауылға кеттім.
— О-ой, көке! Үйге жүріңіз, сый-сияпатымды көріңіз, дайын машинаға отырыңыз! — деп жатты да жабысты.
— Жаңабек, бірінші тірлікті бітірейік, сый-сияпат еш жаққа қашпас. Осы көңіліңе де рахмет.
Ердостікіне келсем, ол аулада жүр екен.
— Ой, көке-е, мен сізді тыпыршып күтіп... Неге кешікті екен! — деп өзімді қоярға жер таппай жүр едім.
— Тыныштық па?
— Екеуміздің тұтқыннан қашып шыққанымыздан бүкіл ауыл хабардар болыпты. Оны маған Қырықбаев Уәлихан айтты.
— Әй, қайдам, өзің айтқан шығарсың. Келгенімізге бір апта да болған жоқ, қайдан естіп, біліп қояды?
— Қайдан есіттіңіздер, қайдан білдіңіздер?! — деп мен де сұрадым.
— Не қыласың? Білдік те, — деп қысқа жауап береді.
— Ал, сен қалай жолығып жүрсің?! Менің сенікінде екенімді қайдан біліп қойды?!
— Біз рейске кеткен кезде облыс ішкі істер басқармасының жаңа келген бастығы арнайы топқа Уәлиханды қамауға тапсырма береді.
Содан Уәлиханды жүгері суартып жүрген жерінен әй-шәйға қаратпай ұстап әкетеді. Содан біз келерден бір-екі күн бұрын ғана ақталып шыққан. Бүгін құдайы тамағында болдық. Сол құдайы тамақ үстінде ауыл адамдары бізді әңгіме етті. Маған кетер кезде:
— Сәкеңді маған ертіп кел! — деп тапсырды.
— Саған тапсырма беретін немене Бәйтік пе?!
— Жоқ! Жоға-а! Сізге айт, маған жолығып кетсін! — деді. Сөзімді аяғына дейін айтуға мұрша бермей бөліп жарып жібердіңіз ғой!
— Ердос өзің ғой, аяғын — бас, басын — аяқ қылып жатқан! — шабына тиіп, әдейі бұралқы сөйлеп, «Тағы не айтады», деп қоям.
— Сізді жазып жүр ме? — деді. Екеуіңіздің әңгімелеріңізді есіне түсірді. «Екінші кітапты жазып бітірдім, енді бір-екі рейс жасасам шығаруға қаражат та жетіп қалар. Ал, екінші кітап жарыққа шыққанша, үшінші кітап та жазылып бітер!» деген еді деп отыр. Қаражат табатын КамАЗ-ы жауда қалса кітап шығару қайда?-дегенді де айтып қалды. Кетерінде «Ол өзі шыныменен КамАЗ-да жүріп жаза ма?» деп сұрады.
— Иә! — дедім мен. Сәл қолы қалт етсе, фанер тақтайшасын КамАЗ-дың рульіне қояды да жазуға отырады. Ал, жол үстіндегі елді мекен, жер атауларын қойын дәптеріне түртіп отырады. Ол кісінің бір қағазына тисең бәлеге қаласың. Бір рет 70-80 шақырымдай ұзап кетіп соңғы тоқтатқан бекетке қайтып келгенбіз. Сонда кабинаның ішін тексерген жүгермектер көп қағаздың бірін алып қалыпты. Сол қағаз үшін қанша уақыт жоғалттық!-деп өкініп жүрсем, көкем ол қағаздың анық соларда екенін білген болуы керек, әй-шәйға қарамай көп ақша беріп, аналардың жанын қоймай ақыры алды. Кейін «сол сонша қымбат тұратын қандай қағаз?» десем, міне мынау «Арнау» деген өлеңдер жинағымның бірінші бетінде тұр! — дейді. Мен кітап оқитын адаммын ба? Қарасам — өлең екен.
— Ту-уй, көке-ай! Осы өлеңге бола қайта барып, сонша сыйақыға төлегенше, қайта жаза салмадыңызба?! — десем, біраз үндемей қалған көкем:
— Бұл дүниені осы қалпында қайта жаза алмаймын ғой! — деді. «Ойпырмай, өз жазғанын өзі қайта жаза алмайтын қандай адам»-деген оймен.
— Неге жаза алмайсыз, өз жазғаныңды жаза алмайтындай несі бар? — деп едім:
— Мен емес, Құдірет жаздыруда! — деп жауап берді.
Мен Уәлиханға өтірік айтқаным жоқ, көргенімді айттым, көке.
— Қайдам, Уәлиханның менің бірінші кітабымды оқыған-оқымағаным білмедім. Бір рет жолым түсіп Игісінов Тұрсын, — деген бұрыннан араласып жүрген кісімен екі кештің арасында Таразға келгенімде Уәлиханның ағасы Иноятқа жол-жөнекей кездесіп қалдық. Сонда:
— Кітабыңызды оқыдық, бастан аяқ Ердосты жаза беріпсіз! — деді. Соған қарағанда ол менің не жазғанымды түсінбеген-ау, өзі! — деп ойладым. Бұл да сол сияқты саған кездесіп қалғаннан кейін жәй қызығушылық танытқансымақ болған ғой шамасы.
— Жо-оға! Бір кітабын шығарып беремін! — деп туысқандық ниет білдіріп едім, содан кейін сұрап жатқаным ғой, — деді.
— Мейлі, Ердос, айтқаның келсін! Уәлихан солай десе жазылған дүние жетерлік қой.
— Уәлихан айтса істейді! — деп өзеуреген Ердосқа:
— Ердос саған айтқан бұл сөзін Уәлихан осыдан төрт жыл бұрын өз дастарқанының басында маған да айтқан. Одан бері Уәлихансыз-ақ талай кітап жарық көрді. Бар болсын, аман болсын ағайын! Әйтеуір Жамбай еліне жаманаты болмаса болды! Ниет білдіргеніне рахмет. Ендігі жолыққаныңда солай!-деп менен сәлем айт!
— Не, көке, бармайсыз ба? Уәлиханға өзіңіз өкпелі сияқтысыз! — ғой.
— «Битке өкпелеп тоныңды отқа жақпаның» керін келтіретін адамың мен емес. Айтқан өзі, жарияға жар салып жүрген өзі. Оған мен жарнама жаса деппін бе? Ерік өзінікі, аузына қақпақ боламын ба?
— Сонда не, көке, оған жолықпайсыз ба?
— Жолыққысы келсе өзі жолығар. Ертең сөзге қалар жағдайым жоқ. Ал, аға! — деп келсе жөнімізді айтармыз.
— Ұят болды-ау. Кіріп шықсаңыз болар еді! Бүкіл ауыл болып кіріп шығып жатыр ғой! — деп Ердос ренжуге айналды.
— Ердос, Уәлихан қамалып келсе, мен бүлікшілердің тұтқыннан қашып келіп отырмын. Оның бәрін өз көзіңмен көрдің. Мана айттым ғой, мені шақыратындай Бәйтік пе!-деп. Соған да мән бермедің-ау, - деп мен де қызбаланып кеттім.
— Шындығында ауыл ақсақалдарының аузынан талай естігенмін. Бірақ мән бермеппін.
— Ол сөздің мәні мынандай. Осы өзіміз өскен Бесжылдықты ауыл еткен Бәйтік деген кісі. Әтей Тіней ұрпақтарының басын қосып «Бесжылдық» ауыл болып аталған. Еліне, жұртына, Отанына сіңірген еңбегі бар үлкен тұлға. Өмірінің соңғы уақтысына дейін шаруашылық басшысы болып өткен. Сол Бәйтік атамыздың ізін Қожамжаров Пернеш, Дәуітов Шолпан, Орынтаев Ескермес, Сыздықов Мұса және т.б. басқан.
Досымбеков Бәйтік туралы реті келгеннен кейін айта кететін бір нәрсе бар. Сенімен бір сыныпта оқыған Ақботаның ағасы, жиырма бес жыл ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызметте болған, көптеген мемлекеттік марапаттың иегері, қазіргі дербес зейнеткер, әлі де үлкен ұжымға — шаруа қожалығына басшылық жасап жүрген Шолпан Дәуітовтен естігенмін: Жамбай бабадан Бектас-Құлтас, Әтей-Тіней туады. Бектастан тарағандар Ташкенттің арғы жағындағы Бостандық ауданында тұрады. Арасында Құлтас балалары да бар. Ленгір қаласының үстіңгі жағында — тау бөктерінде де Құлтас-Бектас кездеседі екен. Ал, Жамбайден тараған Әтей-Тіней жағдайға, малдың ыңғайына байланысты бері — Ленгірдің төменгі жағындағы бұлақтардың сағасында (қазір Қарабұлақ деп аталады), Жібек жолын бойлай қоныстаныпты. Сол заманда Ұлы Жібек жолымен кіре тартқан адамдар жол бойында отырған Әтей-Тіней аулына қосын болып, ат шалдырып көліктерін тынықтырып, өздері де дем алып, қымыз ішіп қайта сапарға аттанады екен. Әтей-Тінейдің қонақ жайлылығына байланысты ел аузында «Әтей-Тіней жолда ма екен? Сырлы аяғы қолда ма екен?» деген сөз қалыпты. Содан мал-жан ыңғайына байланысты осы «Бурыл» төңірегіне дейін келіп, оны жаз-жайлауы, қыс-қыстауы етіп мекендейді. Сол заманда алғашқы боп Тінейден шыққан Серкебай деген кісі «Дөңгелек саз» деген жерді Жаныс ағайындарынан екі жүз дөнен қойға сатып алады. Қазіргі Жаңа саз, Машақайдың төңірегі. Серкебайдың сатып алған жері «Дөңгелек саз» құт мекен болады. Әбден баиды. Жекеменшігіне «Машақайды», «Жаңа сазды» қосып алады. Серкебайдың артында баласы Сәрсенбі қалады. Сәрсенбі деген атамыз көне көз қариялардың айтуына қарағанда сөзге шешен, әділ, өтірік пен қиянатқа жоқ, шындық пен ақиқаттың адамы болған екен. Заманында Әулиеата өңірінде ол кісінің қара қылды қақ жарған әділеттілігімен көптеген даулар шешілген дейді. Кеңес өкіметінің тұсында да Сәрсенбінің әділеттілігін, көрегенділігін бағалаған халық биліктен шеттетпей би ретінде құрметтеп, оған сенім артып старшын сайлайды. Сәрсенбі дүниеден өткеннен кейін Нұрман старшын болған. Әзімбек Смайыловтың туған ағасы Нұрман Смайылов 1937 жылы атылып кеткен. Бұл бөлек әңгіме.
Ал енді әңгіме етіп отырған Бәйтік Досымбеков 1932 жылдан 1954 жылға дейін, мана айттым ғой, осы Бесжылдық аулында еңбек еткен. Дұшпандердың домалақ арызының кесірінен Бәйтік он сегіз жылға, үзеңгілес қимас досы «Қызыл жұлдыз» колхозының бастығы, екі рет Социалистік Еңбек Ері Махамғали Нұрбаев болса жиырма бес жылға сотталады. Дегенмен «аққа құдай жақ» демекші халыққа орасан еңбегі сіңген тұлғалар ақталып, бес-алты жылдан соң бостандыққа шығады. Бәйтік ақталып, өзінің туған ауылы Бесжылдыққа келгенде ауылының тоз-тозы шығып, алғашқы өзі басын қосқан ел-жұрты талан-таражға түсіп төңірегіндегі құрылған әр кеңшардың құрамына өтіп бірнеше бөлімшеге ыдырапты.
— Неге?
— Халықты соңына ертетін ері жоқ ел сондай болады. Қазір де сондай жағдайда ғой. Сонау егемендігімізді иемденіп, тәуелсіз ел болған кездің алғашқы жылында Шолпан Дәуітов өзі он үш жыл басқарған кеңшарын ашық акционерлік қоғам етіп заман талабына ыңғайластырып қойғанды. Содан кейін туған ауылына келіп:
— Қоғам немесе ұжым-ұжым болыңдар! Өздеріңе тиісті дүние-мүлікті, техника мен жерді сонда ғана сақтай аласыңдар!-деп айтуын айтты. Бекер обалы не керек Шолпан Дәуітовтың айтқанына ауылдағы ағайындары көніп ұжым да болды. Амал қанша, Бәйтік, Шолпан сияқты білікті ұйымдастырушысы болмағандықтан әлгіндей күйге түсті.
— Бұл қалай? Бұрын атышулы кеңшар емес пе еді? Менің білетінім — Бесжылдық кеңшар болып тұрғанда Ешенқұлов Илияс деген кісі директор болатын. Оның алдында бір орыс жігіті директор еді, аты жөні есте қалмапты.
— О-ү-й! Ердос алдыға оза шаппасаңшы! Бесжылдықтың Бәйтіктен кейін қалай ел болып жұрт болғанын айтайын!-деп отырмын-ғой.
Ердос «Қойдым» дегендей қолын көтерді. Мен үзілген сөзімді жалғадым.
Бәйтіктен кейін шашырап кеткен ауылға кеңшар директоры болып Кленкин деген орыс жігіті келді.
— Япыр-ай ол кілең қазаққа қалай директор болып жүр? Бөлімше қалай кеңшарға айналды.
— Міне әңгіме осында. Жөңге енді келе жатырсың. Ал ең басты тарихи тұлға — Социалистік Еңбек Ері Әзімбек Смайыловтың жөні тіптен бөлек. Смайылов пен Бәйтік ақсақалды көрдім, інісі Әзімбек ақсақалмен дәмдес те болдым.
— Қандай інісі болып келеді?
— Досымбектен Бәйтік, Смайыл. Ал, Әзімбек Бәйтіктің інісі Смайылдың баласы. Енді түсіндің бе? Міне, сондай халыққа еңбегі сіңген адамдардың еңбегін бағалап, әруағын ардақтау керек.
Сол шашырап кеткен ауылыңды сыртта жүрсе де ел қатарына қосып, дербес кеңшар етуге атсалысқан Әзекең Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы Мәсімхан Бейсебаевтан бір-ақ шығады.
Әзімбек Смайылов ол кезде Мерке ауданының бірінші хатшысы. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. Сонымен ол Бейсебаевқа барып:
— Сенің туған ауылың «Қызыл Октябрь» еді. Ол да бөлімше болып қалды. Менің туған ауылым «Бесжылдық» та бөлімше. Сен мына орында отырсың, мен аудан да біріншімін. Екеуміз де Жоғарғы Кеңеске депутатпыз. Ал ауылымыз ауыр жағдай кешіп отыр. Не су жоқ, не жол жоқ. Телефон байланысы сөз етуге тұрмайды. Мына сенің қызмет бабыңды пайдаланып, «Қызыл Октябрьді» де, Бесжылдықты да жеміс-жидек кеңшары етіп, «Қызыл Октябрьге» Алматы облысындағы «Мичурин» совхозының бас агрономы Смолгинді, Бесжылдыққа Кленкинді директор етіп тағайындап жібереді.
— Неге олай еткен.
— Ол кезде саясат сондай, әрі олар жеміс-жидек дақылын өсіру мен баптаудың білікті мамандары болған.
Кленкин директор болып жұмысқа кіріскеннен бастап Әзекеңнің көрсеткен көмегінің арқасында Бесжылдық кеңшары өркендегеннің үстіне өркендей түсті. Көршілес кеңшарларға өтіп кеткен жердің бәрі болмаса да біршамасы қайтарылды. Қайтарылған жердің көбін жүзім алқабы мен алма бағына айналдырды. Көптеген күрделі құрылыстар, сүт өндіретін кешендер салынды. Сондай-ақ асыл тұқымды мал өсіріліп, ол өзге облыстарға сатыла бастады.
1960-1966 жылдар аралығында мал басы, «Көделі» алқабындағы жаз жайылымы, Мойынқұмдағы қыс қыстауы, шабындығы, малшысы, бәрі-бәрі «Пионер» кеңшарына өтіп кетіп еді. Оның да біразын қайтарып алып, қой өсіру саласы дамығанның үстіне дами бастады. Кленкин он жыл жұмыс істеді. Бәйтіктен кейін Бесжылдықтың жағдайын түзеген осы Кленкин болатын. Халықтың әл-ауқаты көтерілді. Ұзын сөздің қысқасы — туысқандарың тойынып, адам танымайтын жағдайға жетті. Көзіне май біткен адам не істейді? Әрине «Семіздікті қой ғана көтереді» дегендей ағайындар Бәйтікке жасаған ескі әдетіне басты. Кленкиннің үстінен жабылып домалақ арыз жазуға кірісті. Ақыр аяғында Кленкин зейнетке шығып кетті. Сол — сол-ақ екен Бесжылдықтың күйі тайды. Қанша директор келіп, қаншасы кетті. Ол кезде сөз жәрдем беретін Әзекең де зейнетте. Бертін — І. Ешенқұлов пен С. Садықовтың кезінде бір шама дұрысталған еді... Қазіргі жағдайды өзің білесің.
— Ал, қазір неге арыз жазбайды?
— Түһ, Ереке сенде қызық екенсің! Жазатын басшысы жоқ, ел басқаратын естісі қалмаса кімнің үстіне жазады?! Күнде бір шыны арақты бөліп ішіп жүрген достарының үстінен кім жазады? Жоқ, әлде, ағайындарының үлесі бар бұрынғылардың көзі болып қалған ғимараттарды бірге бұзып, саудаға салып, арын сатып, ағайындарын алдап жүрген арсыздардың үстіне кім жаза қояр дейсің.
— Ел болудан, жұрт болудан қалыппыз-ғой! Енді үстінен арыз жазатын адам да қалмады десеңізші. Сонда бұл жағдайды қалай тоқтатуға болады. Заң, қайда?
Заң бар ғой. Бірақ сана да керек. Содан кейін тәлім-тәрбие, қатаң тәртіп керек. Менің пайымым осылай.
— Жоқ, меніңше Бәйтік сияқты адам керек. Осы заманның Бәйтігі керек...
— Бұл ойың да дұрыс шығар. Менің бар білетінім Бәйтік жасаған еңбекті естен шығармай, оның тірлігін өнеге етіп, атын өшірмеу керек. Сонда ғана келешек ұрпақ бабаларының өнеге ісін сабақтастырып жалғасын табар. Ондай жұмыстарды артында қалған ұрпағы атқарып та жатыр. Ә. Смайылов атында мектеп, көше, Бәйтік Досымбековтің атында тек көше ғана бар. Осы ауылдың атын «Бәйтік» ауылы!-деп неге атамасқа? Бесжылдық деген атау Кеңес дәуіріндегі «ұраншылдық» сарынындағы атау емес пе? Мен саған Бәйтік ақсақалдың көрегендігін айтайын. Бұл жайында бірінші «Сапар жолы» атты кітабымда жазғанмын. Сол Қырғызбай бабамның қамбасын құрылысқа тас сияқты қажетті заттар жетпей жатқан ауыр жағдайдың өзінде бұздырмаған ғой. Кейбіреулер «жерден тас қазып әуре болғанша анау Қырғызбай қамбасының дайын тасын құрылысқа пайдаланайық» десе:
— Сендер де сол кісі сияқты тер төгіп ұрпағыңа ескерткіш қалдыр!-депті.
Бертін келе елдің әл-ауқаты жақсарып, өз қолдары өз аузына жеткенде сол қамбаны жөндеп, «Тауық баз» етті. Оны да көзіммен көрдім. Ауылдағы Әбдірахман Хафизұлы Таналиевтің туысқаны тауық фермасына меңгеруші болды. Балаларының бірі Тахир қазір Шайқорықта тұрады. Ол кісі туралы ел аузынан естіген нақты бір деректі әңгіме «Көлқайнар» алқабындағы Қырғызбай бөгеті туралы. Колхоздастыру кезінде сол «Көлқайнар» жазығын Қырғызбай бөгеті аталуының арқасында жер атауын айғақ қып көделі даласындағы Қырғызбай бөгеті арқылы суарылатын жердің бәрін геодезистер мен жер комиссиясы мүшелеріне дәлелдеп, Бесжылдыққа қаратып алыпты.
Сол сияқты, Уәлихан мешіт соқты. Қанат бүкіл ауылға жұмыс тауып беріп, ел құрметіне бөленіп отыр. «Бабаларына тартқан, солардың жолымен жүріп, ісін істеуде»-деп мақтан тұтады.
Мен кітап жазсам — «оқырмандар оқысын»-деп жазамын. Көңілінен шықса — маған сол қуаныш.
Ал, Уәлихан туысқан кітабымды шығаруға көмектесем десе өзі білер. Мен де рахметімді айтып, ризашылығымды білдіремін. Жағдайым жоқ десе өкпелемеймін. Бірақ мен бәрінен айырылдым!-деп мойымаймын да, езілмеймін де.
Менде дүние-байлықтың бәрі болғанын да білесің. Бірақ мен одан қанағат ала алмадым. Дүниенің де иесі болатынға ұқсайды. Өйткені бұл итің маған құтаймады. Қазір ұйқым тыныш. «Дүние қолдың кірі, жусаң кетеді де қалады», «Дүние боқ» деген осы екен! Тіпті милицияға да, рэкетке де керек болмай қалдым. Бәрінен де бұрын соған қуанамын.
Тұқым қулау қасиетінің бар екеніне сенің көзің жетеді ғой. Сенің атаң қырыққа келіп үйленді, ескі көз де, біз де білеміз. Сен де қырыққа келгенде үйлендің, келін ұл туып, атын Қырықбай қойып отырсың. Мен де сондаймын. Осындай жағдайдың менің басымда болатынын бір құдіретті күш өзіме сездірген сияқты. Маған кейбір оқиғалар бұрын болған, таныс секілді болады да тұрады. Ізінше сол жағдай дәл солай қайталанатынын қайтерсің. Жолда болған апатты көрсем бұрын болған еді ғой» деп қайран қалам. Сынықшылық қабілет те кейін пайда болды. Жарайды, ол шешемнен дарыған дейік. Бірақ шешем саудамен де айналысты ғой. Мен де айналыстым. Бірақ бұл кәсіп неге маған сырт айналды! — деп те ойлаймын. Шешем Әуестің халық емшісі болғанын білесің, әкесі көреген екен. Оны халық «көреген Аударбай» деп атаса керек. Аталас ағасы, атақты болыс Мәдімардың атағын шығарып, ақыл-кеңес беріп отыратын ағасы Аударбай! — деген де сөз бар. Шешем сол Аударбайдың жалғыз қызы. Бұны да бірінші кітабымда жазғанмын. Ал, осы жазылып отырған оқиғаны маған көзіме көрсетіп, отырған бір құдіретті де құпия жаратылыстың жазуға бой ұрып, бас исін деген ісі шығар. Өйткені, өзім байқаймын қолыма қалам алсам болды, санама небір ойлар құйылады да ақ қағаздың бетіне сөйлем болып өріледі. Осында бір құпия құбылыс барын сеземін. Кейде біреу қасымда тұрып, маған анық етіп айтып, жол сілтеп тұрғандай көрінеді. Айтқанын істеп, әміріне құлдық ұрып күн-түн жазам. Жазуым біткенде керемет бір ләззат аламын. Бірақ кейбір кісі аттарын, өз сөз қорымда жоқ сөздерді оқып таңқалатын кездерім де бар.
Бұрын кітап түгілі, конспект жазуға ерінетін студент едім. Бірге оқыған студент достардың бәрі мұнымды біледі.
Дегенмен бұл жазуды жұбаныш не болмаса ермек үшін емес оқырман қауымның ойынан шығатындай етіп, қоспасыз, қойыртпақсыз шынайы шындықты жазуға бел будым. Өз атымен аталған кейіпкерлерімді де қаз қалпында суреттеуді мақсат еттім. Осы маздаған үміт ұшқынын сезгендіктен мойымаймын!-деп білем.
Мұндай бағыт ұстатып, маған тапсырыс беріп, жол көрсетуші бабаларымның үні. Солардың аманаты. Бабалардың осы аманатын орындауым керек. Ақыры оны мойныма алған соң бор кемік болып босамауым керек, тектен-текке жасымауым керек. Қайта ел аралап, жер тануым керек, жер аралап ел тануым керек! Шым-шытырық оқиғаның куәсі болуым керек! Ізденуім, зерттеуім, табуым керек! Қайраттанып қатаюым керек! Ертеңнен бастап жаңағыдай шаруаға кірісем.
— І-імм! Ертең шаруаға кірісем дейсіз!... І-імм! Қап! — деді ол төмен қарап.
— Не болды, Ереке! Ім-ің көбейіп кетті ғой?
Ердос біраз үнсіз отырғаннан кейін:
— Әңгіме енді қызып келе жатқанда... Біз осы алақандай ауылды «Бесжылдық Жамбай» «Совтрактор Жамбай» деп бөлінеміз де жатамыз, мен соған түсінбеймін! — деді көңілсіздеу.
Ал ауылдан сыртқа шықсақ болды, жаңа өзіңіз айтқан үлкен кісілердің атын атасақ, «Е-е! Бәйтіктің аулынан екенсің ғой! Әзімбек Исмайыловтың, Қожамжаров Пернештің, Дәуітов пен Орынтаевтың туысқаны екенсің ғой! О-ой, жарайсың жігітім! Үлкен жерден екенсің! Өскен елден екенсің!» деп жатады. Осының мәні неде?
— Ия, дұрыс айтасың, Ердос. Бұндай жағдай бірінші рет, сонау 1976 жылы Қордай ауданындағы «Георгиевский» кеңшарына жолдамамен қызметке орналасуға барғанымда менің де басымнан өткен.
Совхоз директоры Рахымбай Әлімбаев жөн-жосық сұраған соң:
— О-ой, азамат өзіміз екенсің ғой! Әзекеңнің аулынанмын десеңші! Әзімбек Исмайылов! Батыр Исмайыловтың аулынан шыққан бала екенсің ғой! — деп өзің айтқандай қуанып қалды.
— Өзің Әзекеңді жақсы білесің бе? — деді бір кезде. Мен күмілжіп қалдым. Ол кезде оқуды жаңадан бітіріп, ел-жұрт, ағайын-туғанмен араласа қоймаған кезім. Кімнің кім екендігінен де хабарсызбын. Ол кезде Әзекеңді көзбе-көз көрген де емеспін. Менің осы жағдайымды түсінген директор:
— Оқасы жоқ. Әлі жассың ғой. Келешекте бәрін көресің, бәрін білесің! Бәрін естисің! — деп жұбатқандай болды. — Әзекеңнің халыққа сіңірген еңбегін, халық үшін жасаған қызметін, Социалистік Еңбек Ері екендігін бәрі білгенімен сонау алыстап кеткен аласапыран жылдардағы келешек ұрпақ үшін жасаған өшпес ерлігін ешкім де білмейді. Білсе де бірен-саран біз сияқты ескі көз, қасында бірге жүрген адамдар білер. Бірақ олардан да ешкім қалмады. Қалса да дәп қазір Әзекеңнің сол кездегі жасаған өшпес ерлігі жайлы ешкім де тіс жарып ештеңе дей қоймас. Оған заман көтермеді!-деп тұңғиық ойға сүңгіп, ұзақ уақыт үнсіз отырып қалды. Осы тыныштыққа шыдамаған мен:
— Неге, Рахымбай Алимбаевич?! Сондай құпия ма? — деп қойып кеп қалдым.
Әлі де әлгі ойынан сейіле алмаған директор:
— Ия... Құпия!... — деп қысқа ғана жауап қатты.
Сол Рахымбай Әлімбаевтің совхозында төрт жыл қызмет істедім. Бір жылдан соң Рахымбай Әлімбаев құрметті демалысқа шықты. Ол зейнеткерлікке шыққаннан кейін де араласып тұрдым. Әзімбек Исмайыловпен де араласа бастадым.
Әр кездескен сайын Рахымбек Әлімбаевтан да Әзекеңнен де баяғы «Өшпес ерлік» туралы сөз реті келгенде сұрап қоям. Бірақ екеуі де тіс жармайды.
Естімеген бола салады.
Араға оншақты жылдар салып Әзімбек Исмайыловты соңғы сапарға аттандырғаннан кейін Рахымбай Әлімбаевтан баяғы «Өшпес ерлік» туралы тағы да сұрадым. «Кетер адам кетті, өзі де жетпістен асты. Енді айтар. Осы жолы айтатын шығар! — деп ойлағанмын.
Мен ол кезде «Аса» кеңшарында қызметтемін. Әзекеңді соңғы сапарға шығарып салуға кеңшар директоры Мақұлбек Байгелдиевпен келгенмін. Рахымбай Әлімбаев екеуміздің қызу әңгіме үстінде тұрғанымызды көрген Мақұлбек Байкелдиев әңгімемізді бөлмейін деді ме, маған қарап «мен кете берейін, өзің келерсің!» - деген ыңғай танытып Рахымбай Әлімбаевпен қоштасты. Содан соң маған:
— Асықпай тірлігіңді бітіріп келерсің! — деді дауыстап.
Сонда Рахымбай Әлімбаев мені оңашалап, Әзімбек Исмайыловтың аласапыран жылдарда жасаған ешкім білмейтін «Өшпес ерлігін» баяндап берген еді.
...Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстағы басшысы орыс жігіт еді. Оның дандайсығаны соншалықты жазықсыз адамдарды, оның ішінде тек қазақ азаматтарын ақ, қарасына қарамай, тергеу, сараптама жұмысының қорытынды шешімін күтпей-ақ, тура өз жұмыс бөлмесінде итше атып тастай беруді әдет-дағдыға айналдырып алған.
Ол кезде жаның жәннәтта болғыр Әзекең сол комитеттің белді лауазымдағы қызметкері. Комитет төрағасы өз бөлмесінде тағы да үш адамды атып тастайды. Үшіншісі комитет қызметкері, Әзекеңнің жақын досы еді.
Бұл жағдай Әзекеңе қатты батады. Сөйтіп комитет төрағасының бөлмесіне кірмек болған Әзекеңе сақшылар «Жолдас Исмайылов» деп кіргізгісі келмейді. Олардың сөзін құлаққа да қыстармаған Әзекең есіктерінің бәрін қымтап жапқан бойы тапаншасын дайындап, комитет төрағасына кіріп келеді. Келеді де қаруын кезеп, оның тапаншасын алуға шамасын келтірмей, төрде отырған төрағаны атып-атып жібереді...
Комитет төрағасының мәйітін коммунистер мектеп алдына — көрнекті жерге «Герой» ретінде жерлейді. Бірақ Әзекеңнің «Бұл жерде бұған орын жоқ» деген сөзінен соң оның мүрдесі бір түнде жоқ болады. Міне басын қатерге тігіп, қанша адамның ажалына ара түскен Әзекеңді неге батыр демеске?! — деп. — Әзімбек Исмайыловтың замандас, әрі үзеңгілес жолдасы, жауапты қызметте жүріп ел-жұрты үшін бастарын қатерге сан мәрте тіккен және талай-талай оқиғаның куәсі болған Рахымбай Әлімбаев халықтың ардагер ұлын — Әзімбек Исмайыловты соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін оның ерлігі жайлы қысқа ғана қайырғанды.
«Жақсының аты өшпейді» деген сөз рас екен. Әзімбек Исмайылов өзі бақилық болып кеткеннен кейін де жиырма бес жыл ауыл шаруашылығы саласында қажымай-талмай еңбек еткен, басшылық қызметте жүріп те жұртының қамын ойлаған, құрметті демалысқа шыққаннан кейін де халқына сіңірген елеулі еңбегімен келешек ұрпаққа өнеге етіп насихаттап отырған Шолпан Дәуітов те Әзімбек Исмайылов туралы былай деген еді.
... Енді анау Облыстық қауіпсіздік Комитетінің (ол кезде ЧК деп аталады) төрағасының орнына Мәскеуден Капустин деген келді. Бұрынғы төрағаның кезінде Әзімбек Исмайлов облыстық ЧК-да жауапты хатшы қызметін атқарса, Капустиннің кезінде біраз уақыт ЧК-да, одан кейін НКВД-да қызмет істейді. Ол кезде ЧК, НКВД атауларын қазақшалауға қорыққан. Дәл солай, қысқартылған түрде ғана атаған.
Міне, сол облыстық ЧК-да жауапты хатшы болып жүрген Әзімбек Исмайылов өзінің туған ағасы старшын қызметінде жүрген Нұрманды жазықсыздан жазықсыз атып жіберген кезде де ара түсе алмай бармағын тістеген. Сол кезде ЧК-да жүріп талай қазақтың өрімдей жас боздақтарын, оның ішінде ең сауатты, білімді, іскер, жауапты қызмет атқарып жүрген азаматтарын іріктеп, Жамбыл қаласының батыс жағындағы көлдің жарқабығына (Комсомольское озеро, тәуелсіздіктен кейін «Зер бұлақ» атауына ие болған) тізіп қойып тұрып желкеден, тек қана қазақ ұлтының балаларына атқызғанын көзімен көріп, әрі ара түсуге айла таппай Әзімбек Исмайылов әбден құса болады.
Капустин облыстық ЧК-аның бастығы болып істеген алғашқы күннен бастап, Ә. Исмайловқа халық жауы деген ат жабысқан азаматтарды ату жазасының үкімін орындайтын топтың басы-қасында болу міндетін қосымша етіп жүктейді. Бұл міндетті адам тілімен айтып жеткізу сірә мүмкін емес.
Бертін келе Әзімбек Исмайыловтың өз аузынан естіген Ш. Дәуітов былай дейді:
...Сол көлдің жағалауындағы жарқабаққа атуға кесілген қазақ азаматтарын қатарға тізіп болған соң желке тұсында үкімді орындауға тиісті тек қана қазақ жігіттерінен құралған сап тұрады. Бұл қазақ жігіттерінің желке тұсынан басқа ұлт өкілдерінен құралған тағы бір сап тізіледі. Бірінші қатардағы жазықсыз бейбақтарды екінші қатардағы қазақ жігіттері бұйрық бойынша шүйдеден атуы тиіс. Атудан бас тартқан не болмаса мүлт кеткен жауынгерді желке тұсындағы өзге ұлт өкілі табанда атып тастайды. Үшінші қатардағы өзге ұлт өкілі мүлт кеткен жағдайда оны командирі атуы тиіс. Міне, осы жүйенің орындалу тәртібін Ә. Исмайылов бақылайды. Бұл жүйені ойлап тапқан — қанішер Капустин. Әрине, бұл бұйрықтың орындалу барысында бірінші қатардағы «Жазықтылар» мен екінші қатардағы жауынгерлер арасында да ажал құшқан кездейсоқ жағдайлар болып тұрған. Мысалы Нұрман Исмайыловты атқан Нұржан деген кісі бертін келе мойнымда кетпесін!-деп Танты аулында тұратын Нұрманның Рәтәй атты қызына келіп:
«— Әкеңді атқан мен едім! Заман сондай болды» деп кешірім сұраған.
Нұрман мен Нұржан сияқты біз білмейтін қызыл қырғын құрбаны қаншама десеңші!
Қиянаты мен зұлымдығы шектен шыққан Капустин қанішердің кабинетіне Ә. Исмайылов түнгі сағат 12 шамасында кіріп келеді. Ә. Исмайылов Свердлов ауданының (қазіргі Байзақ ауданы) атқару комитетінің төрағасы болса керек. Бірақ ол заманда партия басшыларының ролі жоқтың қасы. Облыстық ЧК-ның бастығы облыстың партия комитетінің басшысын қамауға, керек десең атып тастауға, атпаған жағдайда жер аударуға құқылы болған. Ал, аудандық атқару комитеті төрағасының ролі аудандық партия комитетінің басшыларынан да жоғары болған.
Әзімбек Исмайылов қанішер Капустиннің бөлмесінде түнгі сағат үшке дейін бар шындықты бетіне басып, қаншама жазықсыз адамдарды, іскер де білікті мамандар мен жауапты қызметте жүрген адал да білікті сауатты қазақтарды қырғанын, нақты айғақпен тізбектеп шыққан. Сөйтіп бұл кездесудің соңы жанжалға айналады. Содан Ә. Исмайылов жалма-жан орнынан атып тұрып Капустинге тапаншасын кезеген күйі:
— Иттей етіп атып тастаймын! — деп айқайлаған Ә. Исмайлов ақ шүберектей қуарып кеткен Капустин:
— Мұның не, Әзимбек Исмайлович? Есіңді жи! — дей беріпті.
Оның қатты сасқан сәтін оңтайлы пайдаланған Әзімбек Исмайлов тапаншасын кезенген бойы шегіншектеп Капустиннің бөлмесінен сыртқа шығады да байлаулы тұрған атына қарғып мініп «Михайловка (қазіргі Сарыкемер) қайдасың» - деп тартып отырады. Ол кезде Әзекең үйленбеген. Аудандық атқару комитетіндегі кабинетіне көрші бөлмеде тұрады екен. Сол бөлмесіне барып телефон даусынан оянып, сағатына қараса таңғы бес екен. Телефонның ар жағындағы кісі «Капустин өзі атылып өлді!» деп хабарлайды. Сөйтсе Әзекең Капустинге «Сенің үстіңнен Москваға үш том материал кетті! Егер әділеттілік болатын болса ендігі атылу кезегі сенікі» деген екен.
Осы әңгімені Ердосқа айтып бергенімде ол маған:
— Бұл жағдайдың бәрін... Ол батыр аталарымыздың ерлігі мен халыққа сіңірген еңбегін елі-жұрты біле ме екен? Мысалы менің өз басым бірінші рет естіп отырмын, — деді жасырмай.
— Иә, дұрыс айтасың, екінің бірі біле бермейді. Алдында айттым ғой, білсе де бірді-екілі кісілер білер. Ол білетін адамдардың да қатары сиреген,-деп Рахымбай Әлімбаевтың сөзін қайталадым да. — Ал, енді сен... Мынаны білесің бе? — дедім.
— Нені?
— Бесжылдығыңды сонау Машақай, Дөңгелек саздан екі таудың ортасындағы жазыққа судың басына көшіріп әкелгенде Бәйтікке көмекші болған кісілердің кім екенін бірінші батырдың кім болғанын бірінші орын басарды, бірінші ауылдық кеңес төрағасын, бірінші мұғалімді, тұңғыш дәрігерді.
— Жоқ, жо-оға білмеймін! — деді ол қолын ербеңдетіп.
— Ердос-ау, тым болмаса мына көршің — Мұсаның әкесі Ташай Жәйшібековтің халыққа сіңірген еңбегін білсең етті. Тым болмаса бірге оқып бір жүрген досың Ақботаның ағасы Шолпан Дәуітовтің еңбегін де білмеймісің?
— Ол кісі сыртта болды!-ғой, сонда да шамалы хабардармын талай рет теледидардан, газеттен атқарған еңбегін көріп, оқып білгенбіз.
— Ол атқарған сырттағы қызметі! Ауылға — Бесжылдыққа сіңірген еңбегін айтамын.
— Жоқ, оны жақсы білмеймін. Шындығын айтайын, «ауылына қол ұшын беріп, көмегін аямайды» деген әңгімелерді есіткенмін халықтан.
— Естісең «Халық қалпы айтпайды». Бір реті келгенде барлық аты аталған кісілердің ауылға, ел-жұртқа, халыққа сіңірген еңбегін жіліктеп тұрып айтып береді екенмін.
Бұл бірінші сұраққа жауап, екінші сұраққа жауап беру үшін әріден бастаған жөн болар. Біз Жеті ата жолымен өмір сүрген қазақпыз. Жаңа бір сұрағыңда «Совтрактор Жамбай» деген ілеспе сөзің мұнда, Кеңес дәуірінде шыққан. Сен екеуміз қазақи дәстүрдің бағытымен ежелгі аталарымыздың шежіре әңгімелерін теріп жүріп, танып білген жөн. Жеті атасын, руын, жүзін білу әрбір қазақтың міндетті парызы. Өйткені оларды білген қазақ өз тарихын біледі. Біздің ұлттың зердесінде жер ыңғайы мен жүздер, ру астарласып жатады. Жаңа өзің айтқандай «Қай жерденсің?» дегені. Міне, содан барып шыққан жеріңді, тегіңді біле береді.
Тегін білу бізге не үшін керек? Оған қандай тарихи деректер келтірілуі тиіс?
Мысалы біз екеуміз және жоғарыдағы басқа елде, басқа жерде қызмет еткен адамдардың бәрі Жамбай бабадан тарағанбыз. Жамбайдан-Құлтас, Бектас, Әтей, Тіней. Жамбайың әкесі — Жайылмыс. Жайылмыстың әкесі — Жанту. Жантудың әкесі — Жаныс. Жаныстың әкесі — Дулат. Дулаттың әкесі — Тлеуберді (Жарықшақ) Тілеубердінің анасы — Домалақ ана (Нұрила), ал әкесі Бәйдібек XIV ғасырдың бас кезінде дүние кешкен.
Мана айтқанымдай Жамбыл облысындағы Тастөбе, Бесжылдық елді мекеніндегі біз Әтей, Тіней ұрпағымыз. Әтей, Тіней ұрпағының өзі көптеген әулетке бөлінеді. Мысалы жоғарыда аталған Бәйтік, Әзімбек, Шолпан, Ескермес сияқты тарихи тұлғалар Серкебай, оның ішінде Досымбек әулетінен, Шолпан Дәуітов Сармырзадан тарайды. Ал Өксікбай, Кәріпбай Қарағұл әулетінен. Міне, осылай әр әулетке бөлініп кете береміз. Жоғарыда аталған халыққа еңбегі сіңген Мұса Сыздықов та осы әулеттен.
Әрбір ру мен әулет ата-бабаларының елге сіңірген еңбегін ашық айтып, өшуге айналған есімдерін жаңғырту әрекетіне көшті. Бұл қазаққа тән, әруаққа сыйынған халықтың ежелгі атадан балға мирас болып қалған көргенді ісі. Еліміз егемендігін алған алғашқы жылдары Кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан іріткі салу, руды ыдырату, ауыз біршілігін жойып, тату-тәтті қазақ ағайындарының тыныштығын бұзу секілді жайттар бәрібір кездеспей қалған жоқ. Бірақ бірте-бірте ана тілі, әдет-ғұрып, салт-дәстүріміз, дініміз бен діліміз, бабалардан қалған өсиет пен өнегелі істер айқындалып, қайта орала бастады. Рухани болмысымызға үңіліп қараған сайын «ру» мен «жүз» ағайындық пен қарға тамырлы қазақты біріктіруші күш екенін сездік.
Оның үстіне кеңестік дәуірде ру арасындағы жікшілдіктің тууына бірден-бір себеп болған ана тілінің кенжелуі де өзің айтқандай бір ауылды бөле жарған факторларды туғызды.
Кеңестік дәуірде ру, әулет тұрмақ қайран қазақ тектілікті де қатты шатастырды. Тіпті қазақ болып жаратылғаннан бастап қалыптасқан «Жеті ата» қағидасын ұмытты. Сөйтіп ана тілінің кенжелеуі кесірінен тегінен бас тартқан ұрпақ заманы басталды. Ұлттық болмысты жоғалту қаупі төнді соған орай ұлттық болмысты қалпына келтіру үшін ең алдымен ана тілін қолға алу керектігін тұңғыш президентіміз Н.Ә. Назарбаев қиын қыстау, өтпелі кезеңде жедел түрде шешім қабылдап, қазақ ұлтының ана тілі туралы Заңын өмірге келтірді. Бұл заңның бірен-саран ұлт өкілдерінің көңілінен шықпағаны барша қазаққа белгілі.
Осы тіл мәселесінде де асыра сілтеушілік орын алып, тілмен қоса тектілік орны да олқылана берді. Оған да себеп, өзің айтқандай, тағы да бөле жару. Оған ортаның әсері ықпал етті. Бірін-бірі танымай өсіп келе жатқан туыстас жас ұрпақ осылай біртіндеп тексіздікке қарай қадам басты. Ол тектер кәсібіне қарай тіпті жіктеле түсті. Қожайын, банкир, рэкет, салық полициясы деген терминдер пайда болды.
Осындай келеңсіз жағдайға жол бермеу үшін тіл мәселесіне де, тектілікке де, керек десеңіз әр әулеттің тарихына да көз жіберіп, бой бермей кетіп бара жатқан құбылысқа ден қою керек болды.
Мәселен әулеттің тегін танытып тұрған Бәйтік, Әзімбек, Пернеш Шолпан, ауылдағы өзім білетіндерден Ескермес, Мұса сияқты және т.б. тұлғалардың тегін жасөспірімдерге «Біз осындай әулеттенбіз. Жамбай елінен, Дулат руынан ұлы жүзденбіз» деп ұлағатты тәрбиелік мәні бар жұмыстар жүргізген дұрыс. Мұны кейбіреулердің қате деп, мені күстаналауы да мүмкін. Бірақ мен жікке бөл деп отырғаным жоқ, тегіңді біл деп отырғанмын.
Дегенмен әулет тегін іздеу оңай шаруа емес. Өйткені әулеттің тегін танытатын ел аузында қалған тарихи тұлға болуы міндетті. Олардың халыққа сіңірген еңбегі, жасаған ерліктері халқымыздың санасында жақсы жағынан көрініс тауып, елеулі деңгейде болуы шарт. Қорыта келгенде көзі ашық, көкірегі сара, жүрегі ақ тұлға болуы керек. Олардың қалайда таққа отырып, тізгін ұстауы, билік айтып, болыс болуы не болмаса ақын-жазушы, ғалым болуы шарт емес.
Емші, көріпкел, имам, молда, шебер, зергер, сазгер, батыр, шешен, палуан, спорт шеберлері, әнші-биші сияқты тұлғаларды текті деуге болады! — деп ойлаймын. Ескі көз қариялар қатары сиреп бара жатқан мына заманда осы айтқан түйінді мәселеге зейін қою керек.
Тектілік жалғыз біздің ауылға емес, жалпы қазақ ұлтына керек дүние. Оның тәрбиелік маңызы біз үшін аса қажет. Осы мәселе жөнінде менің «Тұран» газетінде жарық көрген «Тәрбиеге де талғам керек» деген мақаламда анық айшықталған.
Сен өзің де тегін емессің. Арғы жағыңнан бастасақ Бименбет, бергі жағы Жәнет, одан Айтмаханбет, Сопыбек (ел Сопбек сопы деп атап кеткен), кемпір Сайра апаның кәмпитіне талай таласып-тармасып едік қой! Ал, Айтмаханбетті көрмесем де Сопбек атаның кезін көрдім. Исламша білім алған, суффизмі жолындағы кісі еді. Ол тіпті зергер де болатын. Қобызды да керемет тартатыны есімде. Өзіңнің әкең Жолдасбай ақсақал да кісінің ала жібін аттап, өтірік сөзге жоқ текті кісі еді. Міне осы қасиеттің әкеңе тартқан да, шеберлігің бабаларыңа тартқан. Иә, Ереке, сен де тегін адам емессің. Бұған тағы бір мысал келтірейік.
Айтмаханбеттен Бидайбек. Бидайбектен бар өмірін шәкірт тәрбиелеуге арнаған менің ұстазым Файзулла туады.
Мені де шығармашылыққа баулыған сол ұстазым, текті жерден шыққан Файзулла Бидайбеков. Ол менің сонау бесінші сыныпта оқып жүргенде еркін тақырыпқа жазылған шығармамды өзі құрметті демалысқа шыққанға дейін оқушыларға көрсетіп, үлгі етіп жүріпті.
Сондай-ақ бүгінде текті іздеу жауапты нәрсе екеуміз бір ауылдан болғаннан кейін әрі сенің сөзің қамшы болып біраз сұрағыңа жауап іздеп көп әңгіменің басын шалдық. Сол сияқты сенің тегің. Туралы бабаларыңның ерлік ісін халыққа сіңірген еңбегін басқа біреу айтып тұрса әрине мәртебең көтеріледі. Оны өзіңде байқапсың. Бірақ сол айтқан адамныңда тегін сұрап білу бізге парыз әрі келешек ұрпаққа керек болатын бірден бір пайдасы мол дүние.
Тектілігіңе ісің де сай келіп отырмаса, ата-бабаларыңның атына кір келтіресің. Қазіргі заманда есебін тауып екі асап, неше түрлі қитұрқы жолмен алааяққа салынған, тер төгіп, жан қинамай-ақ байлықты басып қалғандардың қатарында тек қана тектілер бар!-деп айта алмаймын. Өйткені халыққа тиесілі үлесті өз меншігіне айналдыру жолында азды-көпті билік басындағылар әлімжеттіліктің небір «үлгілерін» көрсетті. Сөйтіп, шынжыр балақ, шұбар төс болғанымен тұрмай, көлгірсіп, халық қалаулысы болуға да тырысып бақты. Ел іші кем-кетіксіз бола ма? Бәріміз де пендеміз ғой. Сол пендешілікке салынып бас шұлғып, кейбіреулерін халық қалаулысы етіп сайлап та жібердік. Бұл пендешілігімізді Елбасы білмей отырған жоқ.
Қазір елдің бәрі айла, амал жасауға шеберленіп алды. Ол айла, амал тағы да ақыл, ой шабуылы. Ақыл-ой босқа шашылып жатқан дүниесі емес қой. Олар бабаларынан қалған бір құпия қасиеттің барлығын, мұның бәрі соның әсері екендігін дәлелдеп, арғы бабаларының жақсы бір қасиетін одан әрі іздеумен болады. Өзінің жасаған тірлігін ісін айтуға білетін ел-жұрттан қымсынады да, қазіргі жағдайын дәлелдей келе «Аруақ қолдап, жағдайым осындай болды!» деген астамшылық пен аруақты да, текті де байлыққа мипалау етіп адасады. Сөйтіп көптеген жасанды байсымақтар жұртқа күлкі болмас үшін бар текті табу, жоқ болса, жасап алу қамында. Бірақ тектілікпен текті қолдан жасап алу өте қымбат дүние екенін қайдан білсін.
Мысалы Әбдірашит Бәкірұлы да «Тек пен тектілік» туралы былай дейді...
«Тек пен тектілік» ұғымдарының да тәрбиелік мәні бар:
«Аяз би әліңді біл құмырысқа жолыңды біл» дейтіндей ұлттық мүддеге қызмет етерлік мағынада қолданылса, онда ол бірлік пен біліктіліктің, өнегелік пен өреліктің нағыз бастауы бола алады. Және әрбір адамның ұлтшылдық қасиетін ұлтшыл деңгейге дейін көтеретіндей қауқары бар күшке айналады екен. Ал егер оны «қарабақыр бастың алтыннан құйылғандығын» дәлелдеуге бағытталған тоғышарлық деңгейде қолданса, ол адамдар арасындағы бақталастық пен қызғаншақтықтың, өсек-аяң мен ылаңның, бос мақтан мен бекер мал шашпақтың бірден бір көзі болып шығады». Бірақ оған құлақ асып жатқан кім бар?!
Ереке, әңгімеміз тым созылып барады. «Әңгіме бұзау емізеді — бұзау таяқ жегізеді» демекші, қалғанын келесі кездесуге қалдырайық. Әрқайссымыз өз шаруамызды құнттап, бір жақты етейік. Әзірге өз болжамым бойынша барлық шаруа бір жүйеге түскен сияқты. Дегенмен ұзақ жолдың қыр-сырына жеттік, КамАЗ-ды жақсы игерген, жол сапарының қиын-қыстау азабына төзімді серік камазист іздеп табу керек.
Ердос екеуміз осы уәжден соң көз шырымын алуға келістік.
* * *
Біз жиналатын жерде жүк күтіп тұрған КамАЗ-дар санында шек жоқ екен. Жыл сайын қара күздің соңғы айында жұмыстың жоқтығынан КамАЗ біткен сапқа тұрып осылай қаңтарылып қалушы еді. Ылғи да дала кезіп түзде жүрген жігіттер үйге сыймай, әрі жақын маңға баратын, не болмаса қала іші, ауыл арасына сағатпен істейтін жұмыс табылып қала ма деген дәмемен осында келіп, жұмыс табылса табылады, табылмаса кешке дейін тұрып, үйіне қайтады. Алғашқы қызанақ шыққанға дейінгі уақытты осылай өткіземіз.
КамАЗ-шы жігіттердің бәрі таныс.
— Көке! Қайдан?!
— Ассалаумалейкум! Сәке! Жұмыс бар ма! Жұмыс тауып берсеңізші!
— Тұра-тұра ішіміз пысты! — деген бес-алты жігіттің басы құралып әңгімені енді бастай бергенде:
— Е-е, бәтшағар! КамАЗ-ың қайда?! Мен сені іздегелі қашан! —деген дауысқа бәріміз жалт қарадық.
Сол арада жігіттердің бірі:
— Осы кісі мана сізді сұраған. Содан сіздің бастан өткізген оқиғаңызды айтып бергенбіз! — деді ыңғайсызданып.
— Баяғыда Алматыда бірге оқыған Ержан деген досым! — деп жанымдағы жігіттерге ол қасымызға жақындағанша таныстырып та үлгердім. Ержан баяғы әдеті бойынша «Бәтшағарын қалдырмай сөйлеп келеді.
— О-о-ой, бәтшағар! Бұрын «Жалғыз арлан деуші едік, енді не дейік?! Мына жігіттердің «Детектив көке!» дейді екен! Біз сені «Детектив Сабыр!» дейтін болдық қой,-дейді мәз болып.
— Әмір екеуің нақақтан-нақақ Андроповтың «репрессиясына» түскенде, мен Тәжікстан оппозициясының құрамасында бір тәулік полковник болдым, — дедім мен де оның қолын алып жатып.
— Е, е, қызмет ете бермедің бе? Отставкаға ертерек полковник шенінде шығатын едің, мына заманда зейнетақы алып қарық болатын едің!-деп тағы да әзілге баса беріп, кенет күлкісін жия қойды.
— Сабыр-ау, құрысын бәрі! Бізге күлкі! Құдай сақтаған екен! Аман-есен құтылғаныңды айтсаңшы. Елге келуіңмен! Әр уақытта пәле-жала, қырсықтан бір Құдайым сақтасын! Аруақтар қолдап жебесін! Әзілім үшін айып етпе... Үйреніп қалған ауыз ғой. Мана мына жігіттерден мән-жайдың бәрінен хабардар болып, таңқалғанмын! — деп жуып-шайып бағуда.
— Ештеңе емес, Ержан! Қиыншылықтың бәрі артта қалды. Енді қайтадан жаңа өмір бастауға тура келіп тұр. Міне соның қамымен шапқылап жүрмін.
— Өзің қалай? Бала-шаға аман-есен бе? Зағипа қалай? Саған кездеспегелі де көп жыл болды ғой!
— Сабыр, сен естімеген екенсің ғой? Зағипа дүние салған!
— Не дейді?! Қашан?!
— Екі жыл болып қалды...
— Иманы саламат, жаны жанәтта болсын. Жақсы адам еді. Ой-й, қайран Зағипа, бақұл бол! Жалған дүние-ай!
— Міне мен де сондай тіршіліктің қамымен КамАЗ іздеп келіп едім. Зағипаның ата-анасы «Кеңесте» тұрушы еді ғой. Соларды мына қала маңына көшіріп әкелгенбіз. Сол «Кеңеске» тағы да барып, қалған жүкті алып келуге тура келіп тұр. Көрдің бе, ойламаған жерден саған кездескенімді. Өзің қалайсың? Рабиға ше? Аман-есен бе? Балалар жігіт болған шығар?
— Ержан, сенің де көп нәрседен хабарың жоқ екен. Мен де «репресияға» түскем. Әйтеуір, сотталмай, ақталып шықтым. Соның кесірінен Рабиға еліне кетіп қалған. Балалар оқуда.
— Тағы не дейді? Уақыт деген қандай, а?! Өмір деген жанталас, аласапыран екен ғой!
Әрине, Ереке! Бүкіл өмірің өзің ойлағандай болып, көңіліңнен шыға берсе, оның несі қызық?
— Дұрыс айтасың, Сабыр! «Көрешегіңді көріп барып, көрге кіресің» деген бар ғой. Сол көрешегімізді көріп келе жатырмыз да. Мен өмірімнің ең қызық кезеңі — Алматыдағы студенттік шағым екен. Кей-кезде сол күндерді жиі есіме аламын!
Оның бұл сөзі Ержанның ауылдасы, менің студенттік досым, бір пәтерде бірге тұрған Әмірді есіме түсірді. Содан соң:
— Менің Әмір досым қалай? Одан не хабар бар?-дедім жалма-жан.
— Әмір аман-есен! Үлкен ұлы Қанат үйленген, жақында тойы болды, бәріміз бардық, жақсылап өткіздік. Сабыр, ең қызығы «Әмірдің құдағиы кім демейсің бе?». Үш ұйықтасаң да түсіңе кірмес еді.
Ержан-ау, адамның тағатын тауыспай, білсең — айтпайсың ба?!
— Құдағиы Меңгүл! КазПИ де оқыған қыз ше? Иә, иә, сен ғашық болатын Меңгүл!
— Е, қойшы! Сенің тағы бір қылжағың да!
— Шын айтамын! Кәдімгі Меңгүл!
— Меңгүл қайда, біз қайды? Біз Тараздамыз, Меңгүл болса Алматы түбегіндегі Қарақастектен.
— Оу, сен білмейді екенсің ғой, Меңгүл осы Таразда. Пединститутта кафедра меңгерушісі. Күйеуі құрылыс институтында сабақ береді. Ғылым кандидаты. Докторлықты жазып жүр.
— Ал, мақұл. Әмір ше? Әмір қайда? Қайда істейді? Қалбүбі ше? Баласы ше? — деп таңғалғанымнан не сенерімді, не сенбесімді білмей, қайта-қайта Әмірді, әйелі Қалбүбіні, балаларын сұрай беріппін.
— Әмір де, Қалбүбі де, балалары да осында. «Керуен» деген мекеменің қасынан отын базасын ашқан, соған жан-жақтан вагон-вагон көмір әкеліп, сол көмірді елге сатады.
Ержанның әңгімесін құлағы шалған өзі түсіретін КАМАЗ айдайтын жігіт болуы керек, әңгімеге араласты.
— Айтып тұрғандарыңыз мына «Керуендегі» Әмір ме? Ия ол кісінің көмірін базаға, базадан ауылдарға, тіпті Қырғызстанға дейін талай рет тасыдық қой. Ол кісіні білеміз, керемет жігіт Сабыр көке! Ерекеңнің айтып тұрғаны рас.
— Жоқ оған сенемін ғой. Ол өте пысық жігіт. Студенттік кездің өзінде көзге түскен. Нағыз «сегіз қырлы бір сырлы» жігіт болатын өзі спортсмен, өзі әнші, өзі күйші еді. Қоғамдық жұмысқа да белсене араласқан жігіттердің бірі ғой.
— Менің таңқалып отырғаным — Меңгүлмен қалай құда болғаны. Япырмай, бұл тағдыр пәлен жылдан соң, қайта кездестіреді деп кім ойлаған. «Тау мен тау кездеспейді, адам мен адам кездеседі» - деген осы да.
— Сабыр, қызық екенсің. Сен Меңгүл емес, әлі Әмірмен де кездескен жоқсың, сонша толқығаның не? — деп Ержан жымия түсті.
— Оу, кездеспегенде енді неміз қалды?! Мен енді еш жаққа сандалмаймын. Туған жеріме келдім. Осы Таразда тұрамын, осы жерде қалған ғұмырымды өткіземін. Сонда дәл бүгінгідей достармен кездесіп араласамын. Әмір досымды тауып аламын. Сонда құдағиы Меңгүлмен кездеспегенде кіммен кездесемін. Ал, оның арғы жағын да Әмірдің құдасы — Меңгүлдің күйеуі ше? Ол қандай кісі екен? Әрине, түсінсе жақсы. Әмір мен Қалбүбі ше?! Міне, мені қинап отырған осы.
— Қой, Сабыр, ақырзаманды орнатпай! Меңгүлдің өзі де, күйеуі де түсінігі мол, жандар. «Қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз айтпайды» демекші, жастық шақта не болмайды дейсің. Сенің бұл жерде қандай кінәң бар? Алладан бұйрық болмаған соң сол да, — деді Ержан.
— Мейлі, Ереке, бәрін өткен шаққа жатқызып жатырмыз ғой. Енді Әмір досымның студенттік кездегі есте қалған бір оқиғасын айтып бер. Мына жігіттер естісін. Бұл жігіттер шым-шытырық оқиғаны жақсы көріп тыңдайды. Сондайын таңдап айтқын.
Ержан қапелімде «Қайсысын айтсам екен» дегендей ойналып қалды. Сол екі арада мана сөзге кіріскен жігіт:
— Сіздердің достарыңызды мен жақсы танимын. Бір көргеннен-ақ мына кісі кезінде мықты спортшы болған-ау, дене бітімі әлі де сол қалпында, бір қырым артық еті жоқ. Шамасы әлі де спортпен айналысатын шығар! — деп ойлағанбыз. Темекі де тартпайды.
— Иә, дұрыс айтасың, темекіні аузына алған емес.
— Сабыр, Шымкенттік Әмірді білесің ғой?! — деді манадан бері ойланып тұрған Ержан жерден жеті қоян тапқандай.
— Е, білмегенде. Сейітбеков Дәулеттің тобында оқыған. Еркін күрестен спорт шебері еді ғой. Бойы Аралбеков Әмірден сәл аласа болған соң оны «Кішкентай Әмір» дейтінбіз немесе фамилиясымен атайтынбыз.
— Сол «Кішкентай Әмір» бар, мен, Әмір Аралбеков досың, Балтбай Оқшантаев бар: — Cен ол кезде Грузияға жарысқа кеткенсің, бәріміз, айтпақшы Балтабайды білесің ғой?
— Әрине, білемін. Ақтөбе облысының Шалқар ауданынан болатын. Өзі самбодан спорт шебері еді.
Ия, біледі екенсің ғой, сол бәріміз жарысқа бара жатқан Дәулет Сейітбековті,дәл қазір қай қалаға екенін есімде жоқ, әйтеуір Қазақстанның бір қаласына бірінші Алматыдан шығарып салып, троллейбус күтіп аялдамада тұрғанбыз. Аялдамада бізден ересектеу жігіттердің маңындағы қыздарға қырғидай тиіп тұрғанын байқағанбыз. Сол арада әлгі қыздардың арасынан біреуі Аралбеков Әмірмен шүйіркелесе кеткені. Аялдамаға 30-шы автобус келіп тоқтап, қыздар ішке енейін деп еді, әлгі жігіттер қолдарынан шап беріп, жіберетін емес. Бір-екі қыз ғана автобусқа мініп үлгерді.
Олар жүргізушіге өтініш айтып, автобусты тоқтатып қойды. Ал, құрбылары жігіттерден босана алмай әлек. Әмірдің таныс қызының да қолынан бір жігіт тас қып ұстап алған. Осыған шыдамаған Әмір:
— Жігіттер ұят болады, жіберіңдер! Автобустан қалып қояды, жіберсеңдерші, — деді дауыстап. Соған намыстанды ма біреуі Әмірге қатты сөз айтты. Сол-ақ екен, қатты сөз айтқан жігіттің аяғы аспаннан келіп, серең ете қалды.
Әмірдің қалай ұрғанын, қалай серең еткізгенін байқамай да қалдым. Балтабай да, «Кішкентай Әмір де», бұрыннан нысанаға алып қойған болулары керек, жаңағы мықтысынып тұрған төрт-бес жігіттерің көзді ашып жұмғанша жерде сұлап жатты.
Біздің жігіттер қыздарды автобусқа мінгізіп жатқанда аялдамада тұрған орысы бар, қазағы бар бүкіл жұрт:
— Жарайсыңдар, жігіттер. Мұндай бұзақыларға сол керек! — деп ризашылығын білдіріп шулап қоя берді. Жерде жатқандарға ешкім жақындаған да, жолаған да жоқ. Осы кезде «Балалар, милиция! Қашыңдар!» деген дауысқа жалт қарасам, екі-үш милиция, жаңағы жерде жатқанның біреуі есін жиып, қайтадан Әмірлерге тұра ұмтылмасы бар ма? Милицияның біреуі келген бойы, кішірек болған соң «кішкентай Әмірге» бас салып еді, ол сәл отырыңқырап, тізені бүгер-бүкпес қалыпқа келді де, милицияңды белінен қапсыра құшақтаған бойы жарты айналып, өзінің кеудесінен асыра көтерген милиционердің аяғы аспаннан келген кезде, қасындағы қоқыс салатын бетон қорапшаға басын тыға салды.
Аялдамадағы ел қыран-топан күлкіге батты. Арасында біреулері «Сол керек! Сауап болды» деп жатыр.
Балтабай мен екі Әмір бір-біріне арқасын беріп үш бұрыш жасай отырып, үлкен жолға қарай ығыса ұрыс салып барады. Төбелес тәртібі қорғаныс тәсіліне көшкен сияқты. Өйткені аналар көп. Милиционері бар, басқасы бар, қоқыс қорабындағысынан басқасының өзі жеті-сегіз. Бір қызығы Әмірлер қолмен ұрып төбелесіп жатқан жоқ, тек аяқтары ғана қимылдайды. Әмір мен Балтабайдың екеуінің де аяқтары ұзын. Қарсыластарын аяқ жетеді-ау деген жерге жақындатып алады да, кеуде, бас, құлақ-шеке, жақ-тұсынан аяқтарын сарт еткізеді. Анау жерге жалп ете қалады. Япыр-ай, аяқтарын көтергенде өздерінің басынан асып кетеді екен. Кәдімгі жанынан шоқпар не болмаса сойыл суырып алып, періп қалған сияқты.
Арасында қарсыластары қаптап келіп қалған кезде «Кішкентай Әмір» Балтабай мен Әмірдің иығына сүйеніп көтерілгеннен-көтеріліп барып қатар келген екеуін екі аяқпен теуіп құлатқанын көрсең:
Әп-сәтте қарсыластарының бес-алтауын сұлатып салғанан кейін-ақ өңмендегендердің қарқыны бәсеңдеп қалды. Бұл кезде біздің жігіттер үлкен жолға да шыққан еді. Содан үшеуі келе жатқан таксидің алдына қол ұстасқан күйі тұра қалып, еріксіз тоқтауға мәжбүр етті. Ол тоқтар-тоқтамаста әй-шәйға қарамай, есіктерін апыл-ғұпыл ашық таксиге отырып кете барды.
Жүріп бара жатқан такси сәл іркілді де, ашылған терезеден Әмір:
— Ерема! Сен ештеңе көрген жоқсың! Біз құтылдық! Тез кет! — деп айқайлады. Ары-берісі бес-алты минуттың ішінде айналдырған үшеуі ойламаған жерден бәрін соққыға жығып, өздері түк болмағандай таксимен кеткеніне аң-таң болып мен қалдым.
Аялдамадағы адамдардың бәрі гу-гу әңгіме етіп жатыр. Әмірлермен тұрғанымды көрген бір-екі кісі:
— Сенің танысың ба? Сенің жігіттерің бе? Спортшылар ғой деймін!-деді мені әңгімеге тартып. — Бұлар енді қыздарға тиіспейтіндей болған шығар!
Осылай әңгімелесіп тұрғанымызда милицияның УАЗ машинасы келіп, оншақты адамды салып Октябрь аудандық ішкі істер бөліміне алып келді. Ішінде мен де бармын.
Келсек манағы таяқ жегендердің бәрі отыр Әсіресе «Кішкентай Әмір» қоқыс қорабына лақтырған милиционерге жаным ашып кетті. Беттен бет жоқ, қабағы жарылған, түрін адам ажыратып болмайды, қан-жоса. Оның ештеңе айтуға шамасы келмеген соң ауруханаға жөнелтті.
Қалғандарын тергеуші тергеп жатқанда біздің түсінгеніміз әлгі қыздарға тиіскен бес-алты жігіт КазГУ-дың соңғы курсында, заң факультетінде оқиды екен. Тәжірибеден өтіп жүрсе керек. Милиционерлердің жанұшыра көмектескені содан екен.
Ақыры кезек бізге келді:
— Олар кімдер? Қайда оқиды? Қандай жақының?
— Білесің бе? Танисың ба? Қайдан келдіңдер? — деп аты-жөнімізді жазып, сұрақтың астына алып мені де тергей бастады.
Мен де алдымдағы жауап берген кісілер сияқты «Білмеймін, танымаймын, автобус аялдамасына келген бойым еді, төбелесті тіпті көрген де жоқпын» деп тандым олардың түрлерін жыға танымайтындарына көзім жетіп.
Ақыры әрі-сұрап, бері сұрап 2-3 сағатта кейін бәріміздің мекен-жайымызды алып, қоя берді. Мен тағы да қулық жасадым, Мекен-жайымды сұраған кезде «Талдықорған облысынанмы. Үштөбеден келдім. Жамбылға қарай әпкемдікіне кетіп барамын. Құжаттарымды алмаппын, — деп аты-жөнімді де басқаша айтқан едім. Бір жағынан «Талдықорғанға сұрау салмаса болар еді» деп зәре-құтым да қалмады. «Өздерің тәжірибеден өтіп жүрсіңдер, енді өздерің айналысыңдар! Сендер... қылмысқа, бұзақылыққа жол бермеудің орнына төбелес шығардыңдар!-деп өздеріне түйіліп, кінә тақты.
— Міне, бір кезде осылай да болған! — деп Ержан әңгімесін аяқтады. Тыңдаушылардың ішінен мана Әмірді танимын деген жігіт:
— Бәсе, тегін кісі емес екенін білгенмін! — деді.
— Сабыр, барасың ба? — деді осы кезде Ержан. Мен қапелімде түсінбей:
— Қайда, қайда барамыз? — дедім қарсы сұрақ қойдым.
— Досыңа — Әмірге! Мен сол Әмірлерге барамын! Жүр ала кетейін. Мына жерде шаруаның реті келмейін! — деп тұр. Оларда да КамАЗ бар. Ыңғайы келсе сол Әмірге қолқа салайын.
Зағипаның қонағасын, жетісін өткізгенде отын-су таситын көлікпен қамтамассыз етіп, басы-қасында болған да, соңғы сапарға шығарып салған да өзі еді. Сабыр, сен сыртта жүрген соң көп нәрседен хабарың жоқ қой. Әмір еш өзгермеген. Қанша қиындық көріп, қызыл империяның солақай саясатымен жала жабылып қиянға айдалса да мойымаған. Қайта шыңдала түскен.
Олай дейтінім:
— Әмір екеуміз тоғыз ай бойы тергеу оқшаулауышында бірге отырдық. Бұл сонау 1983 жылы еді. Андропов билік құрған жылы ғой. Біздің қасымызда небір жауапты қызметте істеген адамдар да болды. Барлығы да күдік туғызғандар. Бәріміз де жалған жала, өтірік арыз бойынша тексеріліп, тергелудеміз.
Әмірдің ақынжанды екенін жақсы білесің. Сол Әмірдің түрмеде жазған мынандай өлеңі бар. Осы өлең шумақтарынан-ақ оның қандай жаламен қапасқа түскенін білесің...
Қырандайын шарықтаған көктегі,
Сезген жүрек жыр шумағын төк деді.
Жыр жолдары шумақ болып төгілді,
Қара — нөсер жауындай боп көктемгі.
Сау адамнан жүзі қара жасады,
Жала жапса кім болса да сасады.
Шалыс баспай, сап-сау жүрген адамды,
Алып келіп абақтыға қамады.
Жала деген ауыр сөз ғой қашаннан,
Жалақордың қанжарынан қашалған.
Әумесердің қолына ол түскесін,
Қаймықпастан «шаш ал» десе «бас алған».
Қылмыскер боп туа ма екен адамдар?
Ондай ойдан аулақпын мен жарандар!
Түсіндіре алам ба мен шындықты,
Кездестермеп едім мұндай сұмдықты.
Шамам келсе түсіндіріп көрейін,
Ең болмаса жан-жолдасым сен ұқшы!
Дей алмаймын мен өзімді «сұңқармын»,
Не болмаса «тұяғымын тұлпардың».
Келгеннен соң із қалдыру өмірге,
Борышы ғой әр саналы ұрпақтың!
Тауып өткің дұрыс өмір өткелін,
Білмей қалма өміріңнің өткенін.
Тайыз болып көрінгенмен кей жері,
Кешіп көрсең мәңгілікке кеткенің.
Қолдан келер әрекет жоқ жатырмыз,
Түрме деген аты қандай қадірсіз.
Халық сөз ғып дұшпан күлер — амал не?!
Намыс өртеп өлуге әзір отырмыз!
КПЗ-да жатырмыз біз сан адам,
Жан түршігер қорлыққа да шыдаған.
Ауа жетпей дем тарылып, қапа боп,
Адамдарды көзім көрді жылаған.
Бала шаға еске түсер үйдегі,
Еске түсер тірліктері күндегі.
Ішің жылап, ет бауырың елжіреп,
Қиын екен бір айналған жақсылықтың келмегі.
Көз алдымда еркелеген кездері,
«Әке!» - деген жанға жайлы сөздері.
Балаларды сағындым ғой қайтейін,
Шынымды айттым, маған ешкім сенбеді,
— деп Ержан Әмірдің абақтыда жазған өлеңін жатқа оқып берді.
Әне-міне дегенше «Керуен» ашық акционерлік қоғамына да жетіп келдік.
Кіре берісте отырған күзетшіден Әмірді сұрап едік:
— Ол кісі жаңа ғана шығып кетті!-деді ол. — Жарты сағат шамасында келемін! Маған келген кісілер күте тұрсын!-деген. Күте тұрыңыздар! Қазір келіп қалар.
— Ақыры келдік, жолығып кетейік, аман-саулығын біліп, сәлемдесейік. Сен де ыңғайы келсе шаруаңды біржолата тындырып кет, — дедім Ержанға. Ол да ақыры кегеннен кейін жолығып кететін ыңғай танытты.
Әр әңгіменің басын шалып, өткен-кеткенді еске түсіріп тұрғанымызда осыдан 14-15 жыл бұрын КамАЗ-бен қазіргі Атырау облысына, Құлсары, Жаңаөзен арқылы Ақтауға барған сапарым еске оралды. Осы «Керуен» ол кезде АТЭП болып аталатын. Сол Құлсарыда КамАЗ-ымның моторы кетіп, қиянда жалғыз қалған кезімде осы АТЭП-та бастық болып істейтін Шахзада Төлентаев деген кісі «Сарбарақтың» тұрғыны Мухин Анатолий деген мотор жөндеушіге тікелей тапсырма беріп, жинатып берген еді.
— Айналайын, інішек, елден жырақта сапарда жүр екенсің әрі жерлес болдың, бұл жақтың жолын көрдің ғой, машинаны жеп қояды. Басқасын қойғанда бір «Жалғыз сенімің — астыңдағы көлігің».
Бізде Аман деген агрегатшы бар, мен тапсырма беріп қойдым. Моторыңды біткен соң, соған барып көлігіңнің жүріс бөлігін көрсетіп, керек болса ауыстырып ал. Мен өзім де сыртта сапарда көп болып жолаушылық өмірді бастан кешкен адаммын. Бүгін Жаңаөзенге қарай салынып жатқан жол құрылысын көріп, ертең осы уақытта келіп қалармын. Балалық жасап, мен келмей кетіп қалма! Қысылмай керек жарақты айт! Қолдан келген көмекті аямаймыз! — деді Шахзада ағай.
— Япырмай, осындай да адам болады екен үш қайнаса сорпам қосылмайды. Бір көргеннен ағынан жарылып, адамгершілік танытқанын қарашы! — деп аң-таңмын.
Тегі, Ереке, қол ұшын бермесе де бір ауыз айтқан жылы сөзін көңілім марқайып, төбем көкке жеткендей әсер алып қанаттанғанымды айтсаң. Ол жақтың қазағы шарт та шұрт келеді ғой. Сондай ортада көңілім жабырқап жүргенде Шаһзада ағаның бауырмашылдық танытқаны мәңгі есте қалып, кейін де талай жерді аралап жүріп, Шахзада ағаның жылы сөзін сағынған кездерім болды.
Мына «Керуенге» де бір құдай айдап келді-ау деймін. Ол кісі осында істей ме екен? Бірақ одан бері талай уақыт өтіпті ғой. Күнде өзгеріп жатқан заман. Дегенмен Әмір келсе сұрастырып Шахзада ағайды тапсам, жолығып, көрісем, деп аңсарым ауып тұрғаны. Мына Әмірдің де кешікені-ай, ә?
Сөзімді бөлмей тыңдап тұрған Ержан баяғы әдеті бойынша бір жымиып алды да:
— Сабыр, көктен тілегенің жерден табылады! Әмір досыңның бұл жерде қажеті шамалы. Әмір емес ол кісінің хабарын менен-ақ сұрай бер.
Қуанып кеткен мен бас салып Ержанды қапсыра құшақтай алып:
— Ой, Ереке, рас па?! Айтшы, қайда? Шахзада ағайды шынында да жақсы білесің бе?! — деп жатырмын.
Ержан тағы да бір жымиып алып:
— Білгенде қалай? Ол кісі бізге туысқан болып келеді. Сен айтқандай-ақ біздің Шәкең (Ержан Шахзада ағайды солай атаса керек) 1960 жылы Ерназарда мектеп — интернатты бітірген соң, сонау Украинаның астанасы Киевтің Халық шаруашылығы институтының инженер-экономист факультетіне түседі. Сол институт қабырғасында оқып жүріп-ақ бүкіл Украинаға өзінің әнімен, тембр дауысымен танымал болды.
— Ол кісінің ән салатын да өнер бар ма еді? — деймін таңданып.
— Әрине! Тек қана әнші емес, Шәкеңнің мықты спортшы екенін айтсаңшы.
— Ондайын да білмейді екем. Бірақ Құлсарыда жүргенде есімде қалған «әкем Төлентай Ахметұлы сексеннің үшеуіне келіп қайтыс болды» деп еді. Сол кісінің ыңқыл-сыңқылы көбейген соң Ақкөлдегі батпақпен емдейтін санаторияға апарып емдетіп жүргенмін. Күнде таңертең жұмысқа барар алдында бір, жұмыстан кейін, бір барып тұрамын. Қайран әкем мен барған сайын риза болып жатады. Сондай күннің бірінде әкем жатқан санаторийдың ауласында, әкемді біраз адамның қаумалап қоршап тұрғанын көрдім.
Әуелі сескеніп қалдым. Тез-тез басып жақындай бергенде әкемнің қоңыр даусын естіп көңілім орнына түсті. Содан жақындап келіп, әкемнің әңгімесіне мен де құлақ түрдім.
«Содан «қош!» деп Магнитогорскіге бардым. Онда да бір топ ошақты жүр екен. Көздеріне түсіп қалмайын деп, қашқаннан қашып елге келдім. Елде де жан-жағымның бәрі ошақты. Бұлардан енді қалай құтылам! — дедім де Ленинградқа тарттым. Барсам қоршауда қалған қаланың сырты да, іші де қарақұрым болып қаптап жүрген ошақты. Сол жерде 1945 жылға дейін біраз шыдайын, — деген ойға келдім. Бірақ шыдамай 1945-1946 жылдары Жапонияның атақты Квантун армиясына қарай ығыстым. Барсам онда да толы ошақты. Одан бері біраз жыл өтті ғой. Енді деп мына сасыған батпаққа келсем мұнда да жүр».
Әкем ошақтыға күйеу болатын. Қайындарына айтқан әзілі ғой.
— Сөйтіп, Ереке, елден жырақ — Маңқыстауда жүріп Шахзада ағайдың осындай бір әңгімесін есіткенмін.
— О-О! Біздің Шәкеңді бір әңгіме емес, мың әңгіме жатыр ғой. Өйткені ол елде көп аралаған, көпті көрген кісі. Қызмет бабы да соған сай болды. Киевтегі оқуын бітіріп келе сала Алматыда Автокөлік министрлігінде бас маман болып ұзақ жылдар бойы қызмет етті. Бертін келе елге жақындап, облыстық автокөлік басқармасында қызметте болды. Қазақстан автомобиль жолдары құрылысының тең жартысы біздің Шәкеңнің қолынан өтті десе де болады. Оның осынау қыруар істерге қатысқанын айғақтайтын талай-талай марапаттары бар.
Сондай-ақ Торғай облысының Қима, Жақсы, Есіл, Державин аудандарында бірнеше жыл қатарынан астық тасымалдау жұмысын үлгілі ұйымдастырғаны үшін алған марапаттары да жеткілікті.
Осы кезде әуелі қылаулап жауған қар жапалақтай бастады. Үсті-басын қаққылаған Ержан:
— Жүр, Сабыр! Мына қар үдетті ғой. Әмір келгенге дейін күзетшінің бөлмесіне кіріп отыра тұрайық! — деді де әңгімесін жүре жалғастырды. — Сен Әмірдың студент кезіндегі ғашығын — Әлпеш деген қызды білесің бе?
— Бір қызды бұзықтардан арашалап, кейін ойламаған жерден кездесіп қалғанын, сұрастыра келе жерлес болып шыққанын кейін екеуі бірін-бірі сүйіп, жуық арада үйленетін шығар дегенді естігенмін.
— Естісең сол өзі араша түскен қыз «Динамо» стадионындағы мұзайдынын да коньки теуіп жүрген Әмірді танып қалады да, вокзал аялдамасындағы оқиғаны айтып, Әмірдің есіне салады. Сұрастыра келгенде Әмір екеуі бір ауданнан болып шығады. Аты Әлпеш екен. Әлпеш десе Әлпеш еді!
— Е-е! Білем! Есіме енді түсті. Әмір бесінші курста Луговой ауданындағы жылқы зауытында тәжірибеден өтіп жүргенде, ауылдас жігіт Әлпешті алдап алып қашып кеткен. Әлпештің дос қызы Әмірге барып естіртеді. Содан Әмір сол жердегі менімен бірге оқыған, қысқы каникулда жүрген күрестің майын ішкен Жәнібек Әлібековті және менімен бір топта оқыған Жұмахан Абдуллаевты кездестіріп, артынан қуып барып алып келмекші болған әңгімесін де естігенмін.
— Сол хабар айтып барған Әлпештің дос қызының аты — Рысты. «Кеткеніне он-онбес күн болды. Біз де кеш есіттік. Ертең Алматыға келгенде «Неге айтпадыңдар?» деп ренжімесін әрі үйге қысқы каникулға кетіп бара жатып, жолай болған соң айта кетейін дегенім еді, мұндай шатағыңды білгенде келмес те едім, айтпас та едім. Қой елде жоқ нәрсені шығарма, ұят болады, бұйрық болмаған соң амалың жоқ!» деп Рысты басу айтып зорға тоқтатыпты.
— Бұл әңгімені де білем, Жұмаханнан естігем.
— Әмірдің бағына қарай Қалбүбінің кездескенін қарашы. Қалбүбі кездескенге дейін Әмір Әлпешін ұмыта алмай делқұлы күй кешкен еді ғой.
— Иә, Ержан, Әмірдің ешкімге қосылмай өзімен-өзі бөлектеніп, әуелі жаттығуға да қатыспай, тіпті спортты да біржола тастағанын, керек десең лекцияға да бармай, жатып алғанын да көзім көрген. Тәжірибеден келгенде «Әлпешпен жиі араласып, хабарын білмедіңдер, бас-көз болмадыңдыр!» деп бізге сойқан салғаны да есімде. «Ғашықтың бір сәттік сезім ғана... Сезімге ерік беруге болмайды» деп басу айтсақ, бәлеге қалатынбыз.
Әмірдің Әлпешке деген сезімі шын махаббатқа ұласқанын, көңілі таза, ниеті ақ, жаны пәк, кез-келгеннің уысына түспейтін, тек аққуға ғана тән махаббаттың Әмірдің бойына дарығанын біз ол кезде қайдан білейік.
Бір күні Сейітбеков деген жерлесіміз Әмірдің бөлмесіне келсе жападан жалғыз жатқанын көріп «Кешкі киноға барайық!» деп қолқа салса, Әмір үндемейтін көрінеді. «Биге барайық» десе де үндемейді.
Сейітбековке серік керек. Киноға бару немесе көшеге шығу керек. Әмірге әрі айтып, бері айтып көндіре алмаған соң:
— Е-ей, Әмір! Сен тізеңді құшақтап, жападан жалғыз құса болып, күйіп жатырсың! Бұл жағдайыңды біліп жатқан Әлпеш бар ма? Ол рахаттанып байының құшағында жатыр! Мен сенің орныңда болсам Әлпештің де байының да басын кесіп алып, өзім асыла салар едім. Немесе Әлпешке деген шын махаббатымды дәлелдеу үшін мына терезеден секіріп өлер едім! — деп жігіттің намысына тиетін сөздермен Әмірді титықтатса керек. Шыдай алмаған Әмір төсектен атып тұрып, Сейітбековті тепкінің астына алып, ашу мен ыза кернеген қалпында екінші қабаттың терезесінен секіріп кетеді. Абырой болғанда аяғы сынып, қолы ғана шығып бір өлімнен аман қалады.
— Айдаров Әмір екеуміз бір-екі күннен кейін Әмір жатқан жатақанаға келгенде жігіттерден есітіп, әрі «Достарыңды өздеріңнің пәтерлеріңе алып кетіңдер! Тағы да Сейітбеков сияқты қылжақбастарың жүйкесін тоздырса, жазымға ұрындырар! — деген сөзден соң Әмірді үйге алып кеттік. Әмір бізден бір курс жоғары оқитын. Содан оқуын бітіргенге дейін Айдаров үшеуміз бір пәтерде тұрдық. Әмірдің ғашықтық дертіне ұрынғаны соншалықты қыздармен танысу тұрмақ, бізге де қосылмай жападан жалғыз үйде қала беретін. Сөйтіп рухани дипрессияға ұшырады.
Институтты бітіргеннен кейін Әмір Жамбыл облысының Қордай ауданындағы кеңшардың біріне зоотехник болып барды. Мен бір жылдан кейін сол Әмір істеп жүрген кеңшарға жақын «Славное» деген жерде бас зоотехник болдым.
Біздің «Славное» мал шаруашылығының бас мал дәрігері Заноха Александр деген жігітпен Әмір жақсы таныс екен. Сол арқылы менің келгенімді есітіп, Заноха Александрмен бірге біздікіне келгенде әйелі Қалбүбімен, танысқан едім. Сөйтіп студенттік шақтан кейін тағы да араласа бастадық.
Бірақ қарым-қатынасымыз ұзаққа бармады. Әмір бір жылдан соң Жамбылға, мен Торғай облысына кеттім. Содан қаншама жыл байланысымыз үзіліп, міне, тағы да кездесейік деп тұрмыз. Бір сөзіңде Әмірді немерелі болды» дедің. Өзінің қанша бала-шағасы бар?
— Сенің Әмірмен кездеспегеніңе жиырма жылдай болған шығар. Бала-шағасын білмеуің де мүмкін. Ең үлкені қыз бала. Есімі — Қарлығаш. Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінде аспирант. Одан кейінгісі де қыз бала, аты — Айсәуле. Тараз мемлекеттік университетінің заң факультетінде оқиды. Кенжесі Мөлдір бірінші сыныпта — дей бергенде қоңыр қызыл 099 маркалы жеңіл машинадан келіп түскен жігіт біз отырған бөлмеге кіріп сәлемдесіп болған соң Ержан оны таныстыра бастады.
— Міне, Шәкеңнің ізбасары Еркін Төлентаев деген жігіт осы. Осы біз келіп отырған «Дәурен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің президенті. Бұл жігіт әлі үйленбеген. Үйлі-жайлы болуға жұмыс басты болып, мұршасы келмей жүрген шығар! — деп ойлаймыз. Өйткені фирмасындағы автожөндеу цехы, қосалқы шаруашылығы, ТМД елдерінің әрбір қаласына қатынап, жүк жеткізетін автомашиналары бар. Бұрынғы Кеңестік республикаларды айтпағанда Қытай, Түркия, Иран, Ирак, Араб мемлекеттерімен де шарт бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл жігіт көбіне сыртта болады. Бірақ бүгін ойламаған жерден кездесіп қалдық қой.
Еркінмен жақынырақ танысып, сөйлескенде жас та болса, көпті көргенін, өз ісіне ысылғандығын аңғардым. Жоғарғы білімді, мамандығы инженер-механик екен. Былтыр президентіміздің жарлығына байланысты, өз тарапынан белсенділік танытып Алматы-Астана автомобиль жолын жөндеп, қалпына келтіру науқанына қатысып та үлгеріпті.
— Иә, Ержанның сөзінің де жаны бар. Осынша жұмысты ақсатпай, алып жүруге де уақыт керек. Шынында да қызбен журуге уақыт қайдан болсын!-дедім мен де қалжыңға сайып.
Жапалақтап жауған қар бұрынғыдан да үдей түсті.
— Мына қар осы қарқынмен таң атқанша жауа берсе жақсы болар еді!-деп терезеден жауған қарды қызықтап тұрған Ержанға:
— Несі жақсы болады? Қыс әлі бастала қойған жоқ қой, Ереке. Қыстың басталуына әлі жарты айдың жүзі бар емес пе?-деген Еркіннің сөзіне Ержан:
— Жоқ! Жо-оқ, Еркін! Қазір дәл уақыты. Дер кезінде жауып тұр. Әйтпесе әнекүнгідей қара суық жақсылыққа апармайтын. Енді бір, бір жарым апта тұрғанда күздік біткеннің бәрінен айырылатын едік. Енді қорқыныш жоқ. Күздік бидайды мына қар жақсы жапты, күздікті енді үсік ала алмайды.
Осылай әңгімеміз енді қызып, жауған қарды терезеден қызықтап тұрғанымызда есік ашылып, үсті-басы аппақ болып көптен күткен Әміріміз де келді. Бөлмеге кіріп, үсті басын қағып тұрып көзі маған түсіп кетті.
—Уа! Мына Сабыр ғой! Қайдан жүр бұл? Қайдан жүрсің деймін! Қай құдай, қайдан айдап келді!? Мәссаған! Қанша жыл көріспедік? Қаншама уақыт өтті!
Екеуміз бір-бірімізді қапсыра құшақтап, жарыса аман-саулығымызды білдіріп жатырмыз, «Қайдан! Қайдан жүрсің?! Қайдан таптың?! Үй іші қалай?! Бала-шаға аман ба?! Кіммен жүрсің?!» деп ол сұрай берді. Менің күтпеген жерден келгеніме ме, жоқ, әлде, көптен кездесіп, көріспегеннің әсері ме қайта-қайта сұрауын қоюмен болды. Мән-жайды айтып жатқан Ержанның Сөзіне не сенерін де, не сенбесін де білмей, дал болған Әмір «иә Ержанның айтып отырғанының бәрі рас» дедім.
— Ойпырмай! Біз есіткен жоқпыз! Өзіңді көріп тұрғаным осы ғой. Әйтеуір әркімнен «Аман-есен, Солтүстік Қазақстанда жүр немесе Ресейден бірге келдік, Өзбекстанда кездестік дегенді естиміз. Ақыры Өзбекстан түбіңе жетіпті. Оқасы жоқ, бір амалын табармыз. Қардың жауып тұрғаны мынау. Мынандай ауа-райында жолға шығудың өзі екі талай ғой. Оның үстіне Ержанның айтуына қарағанда көлігің шешілгенмен, жүгің дайын емес көрінеді. Төрт-бес күн осында болатынға ұқсайсың. Мен енді жарты сағат шамасында босаймын. Әрі Ержанның шаруасын бітірейін. Содан соң екеуміз біздің ауылға — Аманкелдіге тартамыз.
— Ей, Әмір! Қай Аманкелдіге? Онда не істейміз? Қардың борап тұрғаны мынау, сенің нені меңзеп тұрғаныңды аса түсіне алмадым.
— Әсте саспа! Мен қазір келемін бәрін түсінесің! Мен жарты сағаттан көп кешікпеймін, ешжаққа кетіп қалма! — деді де, жігіттерге қарап әзіл-шыны аралас: «Мына достан айырылып қалмаңдар! Бастарыңмен жауап бересіңдер!» деп кетті.
Мен аң-таң болып отырған жігіттерге қарадым. Шынында менің ештеңені түсінбегенімді сезген жігіттердің біреуі:
— Досыңыздың әдетін білмеуші ме едіңіз? Бүгін алғашқы қар жауып тұр. Жылда бірінші қар жауғанда ол аңға шығады.
Мен одан сайын түсінбей дал болдым.
— Мына Әмірің қып-қызылдың өзі екен ғой! Осындай боранда қайдағы аң? Аңға күн ашықта, жер қарада шығушы еді. Түкке түсінсем бұйырмасын!-деп жігіттерге қарап едім, олардың біреуі:
— Аға, бұлар қолға мылтық алып, «Вездеход» машина мінбейді. Қолына бүркіт алып не болмаса қаршыға алып, астына жарамды ат мінеді, соңына құмай тазы ертіп, қансонарға шығады.
Мен «Қансонар» деген сөзді есіктен соң есіме Әмірдің сонау студенттік шақтағы әңгімелері түсті.
Сол кездің өзінде Әмір «жылқы күтімі үлкен ғылым. Мәселен әр түрлі ұлттық ойындарға сай аттың баптауы да аспан мен жердей! — деп отырушы еді. Сондай-ақ, құсбегілік немесе салбаурын туралы да көп айтатын. Бірақ ол кезде көңіл аудармағандықтан ба, Құсбегі, салбаурын туралы көп әңгімелері есте қалмапты.
Осылай өткен кездері еске түсіріп, ой елегінен өткізіп отырған кезде кіріп келген Әмір:
— Әсте саспа! Мен шаруаларымды бірыңғай еттім. Енді алаңсыз ауылға — ертеңгі қансонарға аттанамыз! — деді.
Әмірдің аузынан бірінші рет «Қансонар» деген сөзді ести сала:
— Манадан бері аңға шығамыз, аңға шығамыз!» дегенше қансонарға шығамыз деп бір-ақ айтпайсың ба? Қысқа да нұсқа да болатын, — дедім әдейі.
— Сабыр, мына төгіліп жауған қар тоқтағаннан кейін нағыз қансонар болатынын біледі ғой деп ойлап едім, — деп ол ақтала кетті.
— Ал, Әмір кеттік онда, баста алға! Қансонар деген сөзді есіткенім болмаса бұрын-соңды қатысып көрген жоқ едім. Бәрібір төрт-бес күнсіз жолға шықпаймыз. Барсам — барайын.
Оталып тұрған «Ауди-100» автомашинасына мені отырғыздыда қаланың сыртындағы «Мал базары» бағытына қарай тартты. Одан арғы бағытымыз Әмірдің аулы Аманкелді. Аманкелдіге дейін 120-130 шақырым. Тобыққа дейін жауған қарды әзірге машина сезіп келе жатқан жоқ. «Осы қарқынмен жүріп отырсақ бір-бір жарым сағатта ауылға да жетіп барамыз» деп қояды Әмір. Бір кезде ол маған бір қарап алды да ыңғайланып отырды. Әңгіме бастардағы әдеті еді бұл.
— Әкем Аралбек бүркіт, қаршыға ұстаған кісі еді! — деп бастады ол әңгімесін. — Екеуміз талай рет осындай қансонарға шығып, аңға бүркіт салып, талай рет тамашалаған едік. Шіркін, бүркіт деген құс құстың қасиеттісі — ғой. Біздің ауыл құмның жиегінде. Ол кезде сондай 50-60 жылдық ең биік сексеуілге ұя салады да екі бүркіттің балапанын бір түлек, екі жастағысын екінші түлек деп атайды. Бір түлекке қарағанда, екінші түлекті қолға үйрету қиын болады. Сондықтан да көбіне бірінші түлекті іздеп соны алуға тырысатынбыз.
Әкеммен балапан алуға да талай рет бірге барған едім. Маусымның басынан бастап, балапан алуға кірісетінбіз. Бүркіттің балапанын алуға міндетті түрде екі адам керек. Балапанның ұясына шыққан адамға түспес үшін екінші адам ана бүркітті ұзын құрықтың ұшына желбіреуік байлап үркітіп тұрады.
Ылғи да балапан алар кезде әкем ана бүркітті әлгі айтылған тәсілмен үркітіп тұратын да мен сексеуілдің басына шығып ұядан балапан алушы едім. Үйге алып келген балапанды тұғырға отырғызады. Түздегі жағдай мен үй жағдайының айырмашылығына байланысты, бірнеше кезекте жарты күн, бір күнге дейін ашықтырады. Бұл тәсілді «Тазаландыру» не болмаса «ішін тазарту» деп атайды. Жарты күн, бір күнге жуық ашыққан құсқа таза жүнді сулап көмекейіне тығып жібереді. Жүн ішкі құрылысын тазалап шыққанан кейін құсты «Ақ жемге» отырғызады. «Ақ жем» дегеніміз суға салынған жас ет. Құстың тамағында тұздалған ет мүлде болмайды. Еттен басқа тамақ берілмейді. Еттің өзін де ылғи жас күйінде береді. Әр тамақтандырған сайын құсқа, «Попа!» «Попа!» деп отырады. Тамақтануға тәулігіне үш рет бір мезгілге дағдыландырады. Жиырма күн уақыт шамасында тұғырға дағдыланып, «Попа!» дегенге үйренгеннен кейін томаға кигізеді.
Жаз, күз бойы құсты баптап күздің соңғы айында шырға тартады. Бүркітті қолдан істеген аңға түсіріп үйретеді. Шырғаны ұзын жіп байлап бір адамға тартқызады да бүркіттің томағасын шешіп жібереді. Шырғаға түскен бүркітке «Айт! Айт!» деп, етті шырғаның астынан беріп дағдыландырады. Қыс бойы ат үстінен ұшырып, өзіне шақырып, қайта қондырып үйретеді. Қыстай бабында болған құс семіріп кетеді. Арықтату үшін құсты қайтадан «Ақ жемге» отырғызады. Содан бабына келген құс үй жағдайына, иесіне үйреніп шақылдап тұрады.
Үйрету кезеңінен өткен құсты қансонарға дайындайды. Қансонарға шығатын күні құстың ұйықысын алады. Керілген арқанға қондырып ұйықтатпай шығады.
Ал, қаршығаны бүркіт сияқты балапан кезінде ұстамайды. Ұшып жүрген сақа қаршығаны-ақ күн ілгері қонақтаған жерін аңдып жүресің де түн мезгілінді шырақ жағып, барып, ұшып кетпес үшін оны көз алдына тақап ұстайды. Сол кезде екінші адам артқы жағынан барып ұстап алады.
Қыркүйек айында қаршыға келетін мезгілде төрт бұрышты тор құрады. Тордың ішіне тауық байлап қояды. Қаршыға бүркіт сияқты төбесінен түспейді. Жанынан топшымен ұрады. Торағаштарын ілекерлеп бос қойғандықтан олар тез құлайды да, қаршығаны тор жауып қалады. Тамақтандыру тәсілі де бүркіттікіндей болады. Қаршығаның да бірінші түлегі — қызыл қаршыға қолға тез үйренеді. Екінші түлек — Көк қаршығаны баулу қиынға соғады. Сондықтан көбіне қызыл қаршығаны ұстауға тырысады. Он бес, жиырма метр аяқ бау байлап. «Попам!» деп қойып, 10-15 метр аяқ баумен жіберіп, кері тартып қысқартып отырады. Түн ортасында тұрып сылап-сипап қояды. Аңға саларда бүркіт секілді арқан керіп, ұйқысын алады.
Қызды қызды әңгімемен Әмірдің ауылы — Аманкелдіге де келіп қалыппыз. Ауылға кіре берістегі «Аманкелді ауылы» деген тақтайшаға көзім түсті де, осыдан жиырма алты жыл бұрын оқу бітіріп, Қордай ауданындағы «Славное» аулына жас маман болып барғаным есіме түсті. Ол кезде Қордай ауданының бірінші хатшысы Байқошқаров Берден Бақошқарұлы еді. Оның осы ауылдың түлегі екенін екінің бірі біле бермейтін шығар. Білсе де Қордай ауданын көтерген іскер азамат, ірі ұйымдастырушы ретінде және «Сегодня Кордая и завтра Кордая» атты екі тілдегі кітабынан білген шығар.
Міне, сол кісінің келіп, кіндік қаны тамған жерін өз көзіммен көргеніме іштей қатты қуандым.
Берден Байқошқаровты, басқа да ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетті жердің әлі де халқының көптеген ұл-қыздарының есімін егемен Қазақстан тарихына қалдыратынына ешкімнің де дауы жоқ шығар.
Ауылдың арғы басындағы үлкен үйдің алдына келіп тоқтадық. Күні бойы жауған қар біраз саябырсыған сияқты. Машинаның даусына төбеті бар, тазысы, дүбарасы бар бірнеше ит жарыса үріп, жетіп келгенімен Әмірді көріп:
— «Ие, өзіміз екен ғой»-дегендей басылып қалды.
Үйден шығып бізге қарай қарсы жүрген кісіні Әмір амандық, саулықтан кейін:
— Менің үлкен ағам. Әке орнына — әке, аға орнына — аға болған Ілен деген кісі осы болады! — деп таныстырды да тағы бір әңгіменің шетін шығарды. — Мені құсбегі өнеріне әкемнен кейін баулыған осы кісі. Мен әкемнен ерте қалдым да, осы Ілен ағаның тәрбиесінде болдым.
Елдің айтуына қарағанда әкем Аралбектің әкесі Қыстаубай бұл Құсбегілік өнерін досың Ержанның үлкен атасы Молдабектен үйренсе керек. Міне, қазаққа тән ұлттық кәсіпті ұрпақтан-ұрпаққа жалғастарған аздаған қазақ азаматтарының біріміз деп мақтан тұтамыз. Сәті түссе ертең таңсәріде қансонарға шығып, өз көзіңмен тамашалайсың — деп аулаға беттеді. Аулаға енген соң сол жақтағы қаңтарылып тұрған үш аттың ортасындағы күрең қасқаға жақындап «Моһ!» «Моһ!» деп дауыстап еді күрең қасқа да оқыранып, жауап берді. Әмір тағы да жақындай түсіп күрең қасқаның мойнынан сипап, құлағының түбін қасылап, сауырын шапақтады.
— Бұл күрең қасқа да, — деді Әмір. Енесін еміп жүріп жетім қалды да қолда өсті. Ауылда қалған қозы-лақпен бірге жайылды, шелектен сүт ішіп үйренгендіктен, ермегі ауылдағы бос ыдысты аңдитын. Бұның ең жақын досы мына алдында жатқан төбет екеуі бір ыдыстағы жуындыны таласып-тармасып ішетін. Бұл қанша рет Қайтпасты қатты тұяғымен басып кетіп ойбайлатса да, бәрібір Қайтпас досы күрең қасқадан бір елі қалмайтын. Міне содан бері бес жыл өтті. Достығының беріктігі соншалықты күрең-қасқа қайда болса Қайтпас та сонда.
Алғаш көрген адамға тайыншадай төбеттің тілі салақтап ат соңынан жүгіріп жүргені тіптен ерсі көрінетін. Ал, бертін келе жұрттың көзі үйренді ме, тегі елең де қылмайды.
Бұл күрең қасқаны тай кезінде «Қол бала күрең» дейтінбіз. Төрт жасында бәйгеден келіп, Күрең қасқа деген атқа ие болды. Тай, құнан кезінде көшеде жүрген көрінген баланың: «Қол бала Күрең!» деп шақырғанына шауып барып не берсе соны қолынан жеп, әсіресе қант, кәмпит берген баланың соңынан қалмайтын, футбол ойнап, доп тепкен балалардың арасында ойқастай шауып, ұрысқан балаға құлағын жымитып, өзінше айбат көрсететін. Ақырында балалардан жалығып, досы Қайтпасқа еріп өз жөндеріне кететін.
Кейін үйірге салғанда да жоғарғы жақтағы «Көлқайнар», «Көк самалдағы» бірнеше рет түрмеге отырып шыққан Аюбай, Қасқырбай деген кәнігі ұрылар ауылдың көп жылқысын айдап кеткенде де, өз үйірін досы Қайтпас екеуі оларға бермей алып та қалған. Ұзын сөздің қысқасы бұл күрең қасқа мен досы Қайтпастың «өмірбаяны» осындай.
Құдай қаласа ертең күрең қасқа мен досы Қайтпастың да өнерін тамашалайсың!
Үйге кіре бергенімізде алдыңғы жақтан «Шаңқ» еткен құстың дауысына елең ете қалғанымды сезген Әмір:
— Әмір, бұл бір аяғымен аңға қалай түседі? — деймін таңырқап.
— Қаршыға аяқпен ұстамайды, топшымен ұрады деген жоқпын ба, мана. Соққының күштілігі сонша қоянның аяғы морт сынып кетеді. Ал, шілдердің кейбіреуін екпінмен қағып құлатса, кейбіреуінің қорыққаннан жүрегі жарылып кетеді.
«Балдық қаршығаның» үйге қалай келгенін айтып берейін. Өйткені байқаймын сен «Бір аяғы неге жоқ? Неден шолақ болған?» деп ойлап тұрсың.
Бізде бір кәрі қаршыға болған. Қаратайға соң Ілен ағай оны бостандыққа қоя берген. Сол қаршыға бір жылдай үйге келіп-кетіп жүрді. Бір күні қасында осы «Балдақ қаршыға» бар, екеуі кәрі қаршығаның тұғырына келіп қонақтады. Жақын жерден «Балдық қаршығаның» аяғының салбырап тұрғанын көрген ағай ұстап алады. Ол тіпті қашпаған да. Сөйтсе «Балдақ қаршығаның» аяғына қатты зат тиіп, сүйегін морт сындарыпты. Жансыз сүйекті тері ғана ұстап тұрса керек. Терісін қайшымен қиып тастап, емдеп, қолға үйретіп алады. Міне, содан бері бірталай жыл өтті. Енді бұл қаршыға да қартайған сыңайлы.
— Мұны ертіп келген кәрі қаршыға не болды?
— Ие, ол мына «туысын» Ілен ағайға табыстауға келген ғой, сол кеткеннен мол кетті. Жүр ары өтейік, енді бүркітті көр — деп келесі бөлмеге бастады.
Мен «Балдақ қаршығаның» қасында біраз тұрып қалдым. Ол тағы да бір «Шаңқ» етті де маған кірпік қақпай тесілді де қалды. Көзінің өткірі-ай десеңші.
— Сабыр бері өт,-деді осы кезде Әмір. — Ол сені бөтенсініп тұр. Содан соң қайта-қайта шаңқылдап, «Бөтен адам келді» деп иесіне хабар баріп жатыр.
Ойпырмай, құс екеш құс та ақылды. «Кәрі қаршығаның» ақыры кететін болған соң өзін мәпелеп баққан иесіне мүгедек болып қалған өзге қаршығаны табыстап кетуін қарашы. Қандай сенім десеңші!
Тұғырда отырған балақ жүні қалың, тұяғы аяюдың тырнағындай, сирағы 4-5 жасар баланың білегіндей, қанатын қомдап бір жазып, бір жиғанда жалғыз қанатының өзі бір метрден асатын, салмағы шамамен 10-15 килограмм қоңырлау түсті дала бүркітін көргенде орнымда сілейіп тұрдым да қалдым.
Әмір «Попа!» «Попа!» деп жақындап барып томағасын шешкенде, көзіне көзім түсіп кетіп еді, оның суық жанарына тіке қарай алмадым. Мынау суық жанар, өткір көз оған ерекше айбат беріп тұр. Қыранның саңқылдаған даусы, керілген арқанды тербетіле қайта-қайта қомданғаны ертеңгі қансонарға сақадай сай дайындығы мен бабында екендігінің белгісі.
— Бұл бүркіттің «өнерін» ертең қансонарда көресің, — деді Әмір.
Біз ас-су ішуге отырғанымызда ымырт жыбылып қараңғы да түскен еді.
* * *
Ертесіне таң қылаң бере бір-бір жарамды ат мініп бес-алты кісі аңға шықтық. Алып шыққан бір қаршыға, бір бүркітіміз, ерткен төрт-бес ит, тазымыз бар.
Маған Күрең қасқаны ерттеп берген. Соңында арыстандай ит Қайтпас еріп келеді. Ілен мен Әмір, екі басты қоржын салған атқа мінген тағы бір бала алда. Бүркіт ұстап келе жатқан. Ілен мені күтіп, қатарласа бергенімде бес-алты шақырымдай жердегі жалды мезгеп:
— Анау көрініп тұрған жал құм жиегі, соған жеткенде бүркіттің томағасын шешемі! — деді.
Мен әлденені сұрайын деп ыңғайлана бергенімше, ол сөзін әрі қарай жалғады.
— Бүркітті ұшырғанда самғау биікке атыла көтерілсе, онда аңның алыста болғаны. Бүркіттің көзінің өткірлігі сондай, жеті-сегіз шақырымдағы аңды көріп қояды.
— Ілеке, мынау қоржыныңыз не? Әмір де, ана бала да қоржын бөктеріп алыпты! — деп сұрадым мен.
— Е-е, інім, «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген атамыз қазақ. Бұл аң аулауға шыққанда алатын керек-жарақ заттар, енді сәл шыдасаң бәрін де өз көзіңмен көресің! — деп, құм жиегіндегі ең биік төбеге шықты да айналаға қарап біраз тұрды.
Бұл кезде күн де арайланып ұясынан енді шығып келе жатқан еді. Сылап-сипап тұрған бүркіттің соңғы дайындығын жасаған Ілен томағасын шешіп жіберді. Бірден көкке атылған бүркіт біраз қалықтап барып, оңға қарай бағыт алды да, бірден жерге қарай құлдилады.
Ілен де, Әмір де:
— Аң жақында екен! — деп қуанды да, бүркіт құйылған жаққа қарай шаба жөнелді. Мен мінген күрең қасқаның қасында тұрған Қайтпас та бағанадан бері көкке көтерілген бүркітке қарап тұрған еді. Енді ол да қыңсылап, бізді бір-екі айнала үрді. «Кеттік!» дегендей аналар кеткен жаққа қарай жүгіре жөнеліп, бізге қайтып оралады. Мен де оны түсіне қойып күреңнің басын жіберіп, тебініп қалып едім, Күрең қасқа ыта жөнелді. Жануардың ұшқыры-ай, әне-міне дегенше Ілендерге жетіп алды. Алдымыздағы төбеге шыға келгенімде бізді күтіп тұрған Қайтпас алақ-жұлақ еткен қасқырға қарап үріп тұр екен, көктегі бүркіт көзді ашып-жұмғанша құйылғаннан-құйылып келіп, көкжалға қона кетті. Соңымыздан іле-шала жеткен жігіттер аттың басын іркіп, қатарласа тұра қалды. Ал, Ілен тоқтамастан бүркітке қарай зулай берді. Мынау менің үш ұйықтасам түсіме кірмейтін көрініс еді. Шындығында да түз тағысы мен дала қыранының арасындағы өлім мен өмір арпалысын екінің бірі көре алмайтын шығар. Дала қыраны түз тағасына көктен шүйілгенге дейін қасқыр біздің көзімізге кішігірім тайыншадай болып көрініп еді. Енді Бүркіт қанатының астында әлгі қасқырың бір уыс болып қалыпты
Бүркітке жеткен Ілен аты тоқтар-тоқтамастан ырғып түсіп, бүгежектеп біршама жүрді де бізге қол бұлғады. Бұл оның «келе беріңдер» дегені еді.
Кереметтің көкесін Іленге жеткенде көрдік. Бүркіттің оң аяғы қасқырдың бас терісін бір уыс етіп жиып алыпты, бір тырнағы қасқырдың көз алмасына кіріп, ағызып кетіпті. Ілен бүркіттің аяғын уқалап, қасқырдың көзіне кірген тырнақты шығара алмай отыр екен. Ал, бүркіттің сол аяғын қасқырдың кеуде омыртқасы жота омыртқасының арасынан шығарып алған екен. Ілен бүркіттің аяғын уқалағаннан іштеңе шығара алмады. «Мынау қасқырдың нағыз арланы екен. Қой, бүркітіме «Жылы тоят» берейін, ашуын бассын»-деді ол. Сөйтті де қасқырдың артқы тілерсегін тіліп жіберіп бір-екі рет шоқытты. Бүркіт шынында да ашулы көрінеді. Екі көзі қып-қызыл, шоқтай жанады. Бір екі рет шоқыған соң бүркіт сілкініп-сілкініп «шаңқ-шаңқ» етті де қасқырдың көзіне кірген тырнағын өзі-ақ босатып алды. «Құс тамағы үшін, ит иесі үшін алады»-деген осы екен-ау деп бәріміз де таң қалдық.
Ақсиып жатқан қасқырдың өлі денесінен Қайтпастан басқа иттер сескеніп, анадайдан ғана сес көрсетіп жүр.
Жарты сағат шамасында қасқырдың терісін қоржынға сыпырып атқа қондық. Сонда Ілен:
— Інішек жолымыз болады екен! Көрмейсің бе?! Нағыз арланның өзі кездескенін!-деп қансонардың алғашқы олжасын салтымыз бойынша «Қанжығаң майлы болсын» айтып, құрметті қонағының, менің қанжығама байлаған.
Алға қарай озып кеткен аттылар, қиқулап қоянға түскен тазылардың қызығымен жан-жаққа бытырай шауып жүр. Біздің бет алысымыз — биік жал. Сол биікке аналардан бұрын жетіп бүркітті тағы жіберетініне кәміл сеніп келемін. Желе жортып биік жалға да жеттік. Ең биігіне шыққан соң бүркіттің томағасын тағы да сыпырды.
Бүркіт алғашқыдай емес, тым биік көтеріліп, қалықтай ұшты.
Оны бақылап тұрған Ілен:
— Аң алыста болды!-деп бүркіт ұшқан бағытқа қарай шаба жөнелді. Екі көзі бүркітте. Бүркіт бір нүктені айнала ұшып жүр. Ілен бар дауысымен «Қайтпас! Қайтпас! Кә! Кә! — деп Қайтпасты шақыра бастады. Қайтпас елең етіп жүзгін, жас сексеуілдің қалың өскен жерін тіміскілей жүгірді де, бір қалың жүзгіннің арасынан шыға қашқан қызыл түлкіні жазыққа қарай қақпайлай жөнелді.Ілен сол заматта орамалды ұзын таяққа байлап, бүркітке қарай бұлғап, «Попа! Попа!» деп айқай салды да, Қайтпас! Қайтпас! Бас! — деп Қайтпасқа бұйрық берді. Мен әлгі түлкіні әп-сәтте көзден жазып қалдым. Осы кезде Әмірдің «Бүркітті қондыр! Бүркітті шақыр! Айлалы түлкі екен! Бүркітті тақырға салады! Жазым қылады! — деген жан дауысы шықты. Мен «Түлкі қайда? Түлкі қайда кетті?!» деймін Әмірге. «Әне, әне» дейді ол шауып келе жатып. Сөйтсем түлкіміз дәл қарсы алдымызда төрт аяғын аспанға көтеріп жатыр. Құдды бір еркелеп жатқан баладай. Қайтпас та алданып қалғанға ұқсайды. Дегенмен иісін сезді-ау, әйтеуір. Бұл кезде қоян қуып жүрген басқа иттер де келіп, қаумалап түлкіге бас салды. Қу түлкі жүзгіннің астындағы ініне лып етіп кірді де кетті. «Қап! Бәрімізді ақымақ қып кетті ау мына қу түлкі!» деп өкіндім мен.
Бүркітін аман-есен қондырып алғанына қуанған Ілен ағайымыздың өз қуанышы өзінде. Енді қорқыныш жоқ, өте айлалы кексе түлкі екен! Бүркітті тақырға отырғыза салады ғой! Балалар байқадыңдар ма?» деп бізге қарады да, менің онша түсінбегенімді сезіп:
— Бүркітті тақырға тек осындай айлалы кексе түлкі ғана қондыра — алады. Ол төрт аяғын аспанға көтеріп шалқасынан жатып, бүркітті еркін көре алады, бүркіт шүйіліп түлкіге түскен кезде лып етіп, екі-үш метр жерге жылдам аунап кетеді. Сөйтіп құлдилап келген бүркітті жаңылыстырып, тақырға соқтырып майып етеді, тіпті қыран өліп те қалады. Міне, осы жағдайды «Тақырға отырғызу» дейді.
Мен «Қап! Тақырға отырғызып кетті-ау!» деген өкінішті сөздің түп-төркініне енді түсінгендеймін.
Қоян аулап жүрген жігіттердің біреулері Ілекелеп, біреулері көкелеп келіп, аман-есен қыранды қондырып алғанына қуанып жатты.
Қайтпас әлгі түлкі кіріп кеткен інді жанталаса қазумен әлек. Осыны көрген Ілен іннің аузын іздеп жүрген иттерге қарап, «Таймас! Таймас!»-деп шақырып еді бір бойы аласа, тұрқы ұзындау, салпаң құлақ шағын ит Іленнің қасына жүгіріп келді де, иесі көрсеткен інге кірді де кетті. Аздан соң екінші жақтан шу шығып, ит біткеннің бәрі солай қарай шауып ала жөнелді. Сөйтсе жаңағы қызыл түлкіні Таймас іннің екінші аузынан қуып шығарыпты. Ит біткеннің бәрі, сол түлкіні қуа жөнелген екен. Түлкі соңынан тазылар түсті. «Енді құтылып көр» деген Ілен асықпай-саспай атынан қоржынын түсіріп, ішінен керек-жарағын ала бастады. Содан соң атын тұсап қоя берді де маған бұрылып:
— Бұл көп қалталы ін екен. Басқа қалталарында да түлкі болуы керек!-деді қоржынынан ат жабу, ескі күпәйке алып жатып. «Желдің өтіндегі іннің аузына от жағып, ыстау керек!» деп екінші қоржындағы сотаны іннің аузына қойып жаға бастады бір кезде.
— Ал, інішек, ана қалың жерінен селеу, жүзгінді мол етіп алып кел! Жүзгеннің дымқылы жақсы түтейді. Алғашында жақсылап жағып алайық содан кейін үстіне дымқыл жүзген тастасақ түтін іннің қалталарына тарайды да тұншыққан түлкіні айдап шығады. Іннен шыққан түлкіге иттер қадам бастырмайды, — деді.
Сөйтіп біз от жақтық. Сәлден кейін-ақ бықсыған түтінге тұншыққан түлкілер әр жерден біртіндеп қашып шыға бастады. Қасымызда қалған Қайтпас пен Таймас екі түлкіні қуып берді. Үшінші түлкіні қуатын ит жоқ.
— Үшіншіні не істейміз! — деп жалтақтап Іленге қарадым.
— Оны мен қуамын! — деп мен мінген күрең қасқаға секіріп мінді де, қолына шаншулы тұрған құрықты іле кетті. Іленнің атының тұсауын шешіп, мен де ілесе шаптым. Қыраттың арғы жағы жазық екен, бұлтаңдаған түлкіні қарай сол жазыққа қақпайлап жүрген Іленді көрдім де, «екеулеп қусақ дұрыс болар» деген оймен атыма қамшы бастым. Аттың басын түлкіге қарай бұрып, турасынан тарттым. Ойым — атпен қағып құлату. Бір кезде түлкіге атымның алдыңғы аяғы тигендей болды. Құлады-ау десем, қайдағы?! Оң қапталыма лып етіп шығып, аман қалды. Осы кезде Іленнің «Қайтпас!» деген даусына жалт қарасам ол аттың жалына басы тигенше еңкейіп, ішін басып тұрып менің әлгі тірлігіме ішек-сілесі қатып күліп жатыр. Әбестік жасағанымды біліп, қатты ыңғайсыздандым да, амалдың жоқтығынан түлкінің соңынан шаба бердім. Бірақ түлкіден көз жазып қалдым. «Қайда кетті екен?» деп жан-жағыма қарап тұрғанымда, қайдан шыққанын қайдам қоян қуып кеткен ала тазы оң қанатқа қарай кесіп өтіп барады екен. «Осы бірдеңені сезген шығар» деп оның бағытына байыппен қарап тұр едім, тазының сол жағында оншақты қадам жердегі жалғыз жүзгіннің түбінде шоңқиып отырған түлкіге көзім түсті. Тазы жүзгінге жасырынып отырған түлкіге қатарласа берді. «Қап! Қатарласып қалды ғой! Әттеген-ай а! Көрмей қалатын болды-ау»-деп өкінгенім сол еді, аяғы әр жерден бір тиіп бара жатқан тазы түлкіге қарай жалт бұрылды! Содан соң көз ілеспейтін жылдамдықпен екі-ақ рет секіріп, түлкіні бас салды.
Мен аң-таң болдым. Бұлардың иті де, бүркіті де не деген ақылды, айла-амалға қандай жетік. Құс пен итті қандай шеберлікпен үйреткен. Менің атпен түлкі аламын дегенім далбаса екен ғой. Іленнің ішек-сілесі қатып күлетініндей де бар екен-ау! — дедім өзіме өзім.
Осы кезде Қайтпас алған түлкіні қанжығасына салбырата байлаған Ілен де жетті. Аттан түсіп, тазы түлкіні көтеріп, ары-бері қарады да:
— Бәсе! Әккілігіне қараған да бұл да ұрғашы ғой, — деп ойлап едім, дәл солай болды, — деген Ілен түлкінің терісін сыпыра бастады.
Сол аралықта дабырласа сөйлесіп, қояншылар да келіп жетті. Бәрінің де көңлі көтеріңкі, «қансонар сәтті болды» десді.
Біреуі бүркітті айтса, екнішісі итін, үшіншісі атын мақтап, әңгіме дүкен құрып, мәз-мейрам болуда.
Шынында да біле-білген адамға бұдан артық мейрам бар ма? Көңіліңнің көтерілгені өз алдына, алған қанағат қандай?
Жігіттердің ішінде таң сәріден бері аттан түспегені де бар. Аттан түспегені өз алдына қансонардың қызығымен кешке дейін нәр де татпаған. Барлығы да бір ауыздан «Енді жүрек жалғап алайық. Біз ауылға жеткенше түн ортасы болады дегенде Ауыл осы жерден қанша шақырым?»-деп сұрадым.
— Дәл осы жерден 30-35 шақырымдай болатын шығар, — деді біреу.
— Сонша ұзап кеткеніміз бе? Көп жүрген жоқ сияқтымыз ғой? — деген мен...
— Қызды-қыздымен солай болып көрінеді. Кейде ауа-райы бұзылып, боран тұратын не болмаса адасып, басқа жақтан шығатын да жағдайлар болады. Бірақ аңшылар көп адаса қоймайды. Негізі аңшылар кешіксе оны жаманға жорымайды. Оны ел аузында «Аңшының кешіккеніне сүйін!» деп қояды.
Дегенмен аңшылардың өмірінде көп жағдайлар болып тұрады. Міне бүгін бәріміз бірге шықтықтағы қызды-қыздымен бірнеше топқа бөлініп те кеттік.
Қансонарда жүріп жалғыз жарым аты болдырып, не болмаса топтан жырақ кеткен аңшының қасқырдың қалған серіктері аңдып оңтайлы тұста шабуыл жасап, аңшының өзін жазым етеді.
Қасқыр айбатты да ақылды хайуан. өйткені бұл аймақта арыстан, жолбарыс, барыс және т.б. жоқ болғандықтан қасқыр ең мықтысы болып есептеледі. Иә, қасқыр демекші, былтыр бір аңға шыққандағы оқиғаны айтып берейін.
Бүгінгідей қызды-қыздымен бөлініп бөлініп кетіп, кешке қарай әрең жиналып, ас қамына кіріскенбіз. Неше түрлі әңгіменің қызығымен арамыздағы өзіңіз сияқты бірінші рет аңға шыққан жас баланың жоқ екенін де байқамаппыз. Әлден уақытта «Бала қайда?! Бала қайда?!» деп іздестіре бастадық.
Біреулер «пәлен жерде бар еді. Одан кейін көрген жоқпын» десе, тағы біреулері аты шабандап «қалған сияқты көрініп еді, бір пәлеге ұрынған жоқ па екен?» десті. «Құрқол баланы ашынған ит-құс ізіне түсіп майып қылар!» деп бәріміз жабыла атқа қондық. Әрі шауып, бері шауып із кестік. Соңғы рет пәлен жерде көрдік деген тұсқа қарай бет алдық. Діттеген жерімізге 3-4 шақырымдай қалғанда екі-үш қасқырдың кесіп өткен ізін кездестірдік те дереу үш топқа бөліндік. Біздің топ қасқырдың ізіне түсті. Екінші топ діттеген жерге қарай, үшінші топ орағытып оң қапталды сүзіп, бәріміз темірқазық төбеге шыққанда орнымызда кездесетін болдық. Манағы орында қалған жігіттер төбенің басына үзбей от жағып отыратынын білеміз. Жазатайым тұман не боран бола қалса деген сақтықпен солай келіскенбіз. Дегенмен арамызда жер жағдайын жақсы білетін кісілер де баршылық еді.
Содан біз қасқырдың ізіне түсіп бердік. Бір-екі шақырымнан кейін сол қапталдан жалғыз аттың ізі шықты. Бәрі де түсінікті еді. Дереу біреулеріміз аттың ізіне, қалғандарымыз аңдыған қасқыр ізіне түстік.
Күн ұясына енді батқанды. Ізді жоғалтып аламыз ба деп қауіптенеміз. Бар сеніміміз ізге түскен иттерде. Бірнеше ит қасқыр ізімен алға озып кеткен. Қасымызда жалғыз Қайтпас ғана. Сіздің астыңыздағы күрең қасқаны ол күні мен мінгенмін. Ол күрең қасқадан алыс кетпейді. Оның үстіне мен Іленмен біргемін.
Анда-санда ізден адасып іркіліп қалғанда Ілен Қайтпасқа «Қайтпас! Қайтпас! Түс алға! Кес! Кес! Кел! Кел! Тап! Тап! Бас! Баасс!» деп дауыстап қояды. Қайтпас әрі-бері жүгіріп тапқан ізбен алға ұмтылады. Біз де Қайтпастың соңына ілесіп кеп береміз. Қараңғы түскені қашан! Басқа топтан да хабарсызбыз. Бір сағаттай уақыт өткенде із кесіп келе жатқан Қайтпас кілт тоқтай қалды да, екі құлағын тікірейтіп, арқасы күржиіп, бізге бір, Іленге бір қарап, бұрын-соңды мен естімеген дауыспен әуелі үріп, соңынан қыңсылағандай болды. Содан артқы аяғымен жерді тартып-тартып жіберіп алға ұмтылды да елу қадамдай жерге келіп жата кетті.
Біз де жеттік. Қайтпас ақ қарды қып-қызыл қып бояған қанның қасында жатыр екен. Шошып кеттік. Сол сәтте Қайтпас бар пәрменімен алға ұмтылды. Аттарымыз әбден титықтаған. Қайтпас кеткен жаққа желе жортып келеміз. Осы арада Қайтпастан да көз жазып қалдық. Адасып кетпесек екен деп қауіптенеміз.
Бұл қауіп жалғыз бізде емес екен. Ілен де қауіптенген болу керек, атының басын тартып:
— Жігіттер, сабыр сақтаңдар! Тың тыңдайық, осы төбешіктен тапжылмайық. Биіктеу екен, түнде дыбыс жақсы естіледі деді де тынышталыңдар!» - дегендей белгі берді.
Үнсіз біраз тұрдық. Бір кезде Ілен бізге қарап:
— Сен екеуің екі жаққа қарай 300-400 қадамдай шығып із кесіңдер! — дей бергенде алдыңғы жақтан Қайтпастың шолақ үрген даусы естілді. Бәріміз алға ұмтылдық. Біраз жерге барғанда қасқырмен ұмар-жұмар болып жатқан Қайтпасты танып, жетіп келгеніміз сол еді, бізді арқа тұтқан Қайтпас әп-сәтте көкжалды астына алып ұрып, тамақтан алған күйі қатты да қалды. Қасқырдан жан шыққан соң қарысып қалған Қайтпастың жағын Ілен уқалап отырып зорға ашты.
Қасқыр тартып кеткен ат пен баланы да Қайтпастың арқасында тауып алдық, әйтеуір бала аман екен, — деп әлгі жігіт әңгімесін аяқтағанда аңшы мен құсбегіліктің де оңай кәсіп еместігіне көзім жетті.
* * *
Өткендегідей емес, қалаға жылдам жеттік. Жол да ашылып, жауған қар тапталып қалған екен. Автобекеттің қасына келгенде Әмір «қайда бұрайын?» дегендей маған қарады.
— Әбеке, КамАЗ-дар тұратын тұраққа қарай бұр! — дедім. Әне-міне дегенше тұраққа да келіп жеттік. Тұрақта сыңсып тұрған КамАЗ-дан көз сүрінеді.
Машинадан түсіп жатқанда жақын тұрған КамАЗ-дың жүргізушісі:
— Көке, Сізді кешеден бері Жаңабек іздеп жүр Арқабектің ұзын КамАЗ-ы шоферларымен жолға дайын. Тез Сарыкемерге Асылбектің үйіне жетсін. Мен де өз КамАЗ-ыммен сол Асылбектікінде күтемін! —деді.
Біз бұл хабарды ести сала рахметімізді айтып, Әмірдің Аудиімен Сарыкемерге тарттық. Сарыкемерге барсақ Асылбектің үйінде Жаңабек және екі жігіт күтіп отыр екен. Жаңабек бір ұзын КамАЗ-бен өзінің сегіз тонналық КамАЗ-ы жолға дайын екенін айтты. «Енді жүк мәселесін не істейміз?» деді ол.
— Одан қам жеме! Жүк табылады. Біздің ауылда — Туысқаным Базаров Рашидте онбес тонна пияз, әкемнің көршісі Қойтай деген кісіде бес тонна сәбіз бар және бес-алта тонна алманы Қырықбаев Қанат тауып беретін болды. Дайын болсаңдар кеттік біздің ауылға, сол жүкті тиеп, жолға шығу қамын жасайық! — дедім.
Сонымен әр үйдегі жүкті жабылып тиеп болғанша түннің бір уағы болды.
Бізді жолға шығарып салған Әмір досым:
—Сабыр! «Орамал тон болмайды, жол болады» деген. Мынау отыз мың теңге бір кәдеңе жарар, — деп маған алты бес мыңдықты ұсынды.
Менде бір тиын жоғын білді ме, әлде барлық затты несиеге алып жатқанымды сезді ме, әйтеуір, отыз мың теңге берді.
Мен де рахметімді айтып, бәрінен де соңғы сәтке дейін қасымды болып, жолға шығарып салғанына ризашылығымды білдіріп, қайыр қош айтысып, құшақтасып айырылыстық.
Сөйтіп қарашаның ортасында тағы да жолға шықтық. Бағытымыз — Астана.
* * *
Астанада пияз, сәбіз, алманың бағасы жақсы, — деп автотұрақтағы жүргізушілерден есітігенбіз. Қайтарға да жүк табылады, көбіне ұн тиейді! — деген олар.
Жолдың ауырлығы сондай үш күннен аса жол жүріп, ит қорлықпен Астанаға жеттік.
Біздің бақытымызға қарай жолда боранға ұрынған жоқпыз. Қараша — желтоқсан айы солтүстік аймақта боранды ай болып есептеледі. Әйтеуір Құдай жарылқап, таң ата аман есен Астананың жабық базарына кірдік.
Бұлар ауыл шаруашылығы техникасын дайындайтын бұрынғы зауытты көк базар еткен екен, машина қоятын орын жоқ.
Сататын орынға жеткенге дейін әлі елу шақты КамАЗ бар екен. Ылаждың жоқтығынан кіре берісте қалдық. Бір күн өтті, бізге ешкім келмейді, екі күн өтті, алушылардан ешкім жоқ. Күніне орын пұл деп екі КамАЗ-ға үш мың теңге алады. «Айналайын көкетайлар! Біз бір килограм да зат сатқан жоқпыз ақшамыз жоқ!» дегенімізді тыңлап жатқан олар жоқ.
Сөз саптауларынан бәрінің де шымкенттік жігіттер екенін біліп тұрмыз. Соны сезіп қалған Жаңабек:
— Көке, осылардың тамырын басып көру керек. Бұлар да өзінше мафия ғой! Ақырындап сөйлесіп көріңізші! Өйткені кеше бізден кейін келген КамАЗ-ды біреудің мекен-жайын беріп жіберіп жатқанын мана байқап қалдым. Бұлай тұра берсек ішкен-жегенімізбен орын пұлдан да артылмайды ғой! — деді.
Жаңабектің сөзінің жаны бар. Бұлай тұра берсек екі КамАЗ-дағы бес адамның ішкен-жегенін және орын пұлды қосқанда күніне төрт-бес мың кетіп жатыр. Әйтеуір Әмірдің отыз мыңы жанды сақтап тұр. Өзіміздің заттан әлі ештеңе өткен жоқ.
Содан жаңағы салық пен орын пұл жинайтын жігітті аңдып, бір сәті келгенде тілдесіп, мән-жайды айтып та үлгердім. Ол мұқият тыңдап өзіне тиісті ақы мөлшерін атады. «Бізде ондай ақша жоқ реті келсе затпен есеп жасасақ, онда да бәрін көтерме бағаға келетіндей етіп бір жұмада өткізіп берсең» деген ұсыныс айттым. Осылай «әрі жық та, бері жық» болып тұрғанда «Сабыр!» деген дауыс шықты. Жалт қарасам, жанында бір дәу орысы бар, «Қаракемер» кеңшарында досым Алтынбек Керімқұлов директор болып тұрғанда сол кеңшарда бас бухгалтер болып істеген Бақыт, кәдімгі өзіміздің күнде араласып, бірге жүріп, бірге тұрған Көпбосынов Бақыт! Оның үй-ішінің бәрін, әйелі Гүлжаһанды да, қайнысы Құрманғазыны да білемін. Ағасы Бақытжан Көпбосынов атақты «Пионер де» ұзақ жыл бас мал дәрігері болған. Ауданда өтетін жиналыстарда кездесіп тұратынбыз. Өзі мал дәрігерлігі ғылымының кандидаты. Екеуміз мәз-мейрам болып сәлемдесіп жатырмыз.
Сөйтсем Бақытым Степногорск қаласында тұратын көрінеді. Бізде Жамбыл ауданында прокурор болып істеген, кейін Байзақ ауданында заң саласында тергеу комитетінің төрағасы қызметін атқарған Рысбаев Пернебай Елемесұлының қарамағында екен. Ал, Рысбаев Пернебай сол қаланың прокуроры болса керек.
Қасындағы орысына менің өмірбаянымды түгел айтып, таныстырып болған соң ол да өзін «Борис Епифановпын» деп таныстырды. Сол арада Бақыт:
— Бұл кісінің бірнеше дүкені, асханасы бар. Өзі картоп алуға келген. Егер Степногорскіге затты өз көлігімен жеткізіп берсе, бағасына келіссе мен алар едім,-дейді. Оған не айтасың?-деді.
Нақты алатынына көзім жетіп ішім сезіп тұрған мен: «Қаншадан алады екен?» деп жай сұрай салып едім, біздің ойымыздан шығатын бағаны айтты. Қол алысып келістік те Степногорск қайдасың деп тартып кеттік.
Степногорск біз шыққан жерден екі жүз шақырым екен. Қала кіші болғанымен өте әсем, сәулетті екен.
Біздің жүкті Епифанов Борис өзінің бес-алты дүкеніне түсірді де қолма-қол менімен есеп айырысты. Мен де жігіттер мен есептесіп болып, Бақыт берген мекен-жайға бардым. Барсам — Бақытта жаңа келген екен. Екеуміз ауылдың жаңалығын айтып біраз отырдық. Әңгіме арасында менің жағдайымды есіткен ол:
— Кешке Пернебайға барайық. Ақылдасайық. Осы жерде мемлекеттік тілде жарытып сөйлейтін бірлі-жарым адам болмаса, мекеменің бәрінде жұмыс орыс тілінде жүргізіледі. Жақында «Қазақ тілі» қоғамы ашылады. Бірақ жұмысы ойдағыдай емес. Өйткені маман жоқ.
Қоғамның төрағасы бұрынғы орган қызметкері, қазіргі зейнеткер Тоқтасын Сағиев деген азамат. «Қазақ тілі» қоғамын ашқаны ашқан-ау, бір өкініштісі тіл туралы Мемлекеттік заң шыққанымен қалада мемлекеттік тілде басылым тұрмақ, қазақ тілінде телеарна жоқ. Міне, Сәке, біздің қаладағы жаңалықтар әзірге осындай. Қалған әңгімені Пернебайға барып айтайық, — деп ұсыныс жасады.
Бақыттың жалға алған үйінен қалалық прокуратура мекемесі онша қашық емес екен. Бір-екі қабатты үйден соң, он қабатты үйден өттік те прокуратураға келдік. Бақыттан:
— Бәке, жұмыс уақыты бітіп қалды. Қызмет орнынан таба аламыз ба?-деп сұрадым.
— Табамыз. Пернекең жұмыстан соң да ұзақ отырады. Мен білетін Пернекең болса жұмыста әлі отырған шығар! — деп Бәкең екінші қабатқа көтерілді.
Бақыт айтқандай-ақ, Пернекең өзінде отыр екен. Бақыттың соңынан кабинетке ілесе кірген мені Пернекең бірден танып, орнынан тұра берді. Қауқылдасып біраз отырып, содан соң іске көштік.
Қалада мерзімдік басылым тұрмақ, жергілікті теледидардан қазақ тілінде жаңалықта берілмейді екен. Көптеген жоспарлар құрдық. Бірақ ең қажеттісі жергілікті теледидардан аптасына үш рет мемлекеттік тілде жаңалық беріп тұрайық, — деген шешім қабылдап, ертесіне студияға баратан болып тарастық.
Бәріміз сыртқа шыққанда аппақ қар жамылған қала түнгі электр шамының жарығымен одан сайын нұрланып кетіпті. Табиғаты мен қаланың ерекше көрінісін тамашалап тұрғанымызда Пернебай шақырған ГАЗ-31 автомашинасы келіп тоқтады.
Достарымның сөз жәрдемінің әсері жанға шипа, бойыма күш-қуат беріп, ойыма ой қосып, керемет бір шабыт бітірді, тұңғиыққа батуға айналған маған жөн сілтеп, керемет бір құпия күш асқар тау шыңына қарай жетелей жөнелгендей болды.
...Ертесіне келісілген уақыт бойынша Степногорск қаласының «Стелла» атты телерадиокомпаниясына бардым. Директорына Пернекең телефон соғып, мән-жайдың бәрін айтып қойған секілді. Өйткені жақсы қарсы алды да, бірден жұмыс жоспарына кірісіп кеттік.
Мемлекеттік тілде таралатын ақпарат пен жаңалықты «Шолу» деп атайтын болдық. Әр күнгі таралу кестесін уақыт мөлшерін т.б. ұйымдастыру мәселелерін бүге-шүгесіне дейін қарастырып, эфирге шығуға материалдар дайындау жұмысына да кірісіп кеттім.
Қала жаңалығын эфирге шығару маған аса қиыншылық келтірген жоқ. Дегенмен белгіленген уақытқа ықшамдап, қысқа да нұсқа бағытын ұстау міндеті күн тәртібінен түскен жоқ. Осындай тәртіппен алғашында қазақ тілінді тек қана қала жаңалығын береміз деген едік. Бірақ төрт-бес хабардан кейін көрермендердің сұраулары бойынша «Стелла» телекомпаниясының жанынан «Қазақ тілінде редакция ашуға тура келді. «Көш жүре түзеледі» демекші, әкімшілік тарапынан да қаражат, кадр мәселесі қарастырылып, тұңғыш рет Степногорск қаласында тележурналист және оператор, редактор, директор штаты бекітілді. Белгілі уақыт кестесімен жұмыс жүргізететін болып, қазақ тіліндегі телеарна дүниеге келді.
Тележурналистер жұмысқа қызу кіріскеннен кейін, әрі білікті редактор Қайрат Отыншиевтің іскерлігінің арқасында әр хабар көрермендердің ойынан шығып, студияға хаттар толассыз келе бастады.
Расында да таратылған хабар көрерменді сөзсіз қызықтыратыны, толғандыратыны айдан анық еді. Өйткені Степногорск отыз бес жыл бойы құпия болып, бұл қаланың стратегиялық мәнінен жұрт хабарсыз еді. Әрі жергілікті ұлт өкілі бұл қалада саусақпен санарлықтайды. Ал, қазіргі тұрып жатқан қазақтың көбі сырттан келгендер.
Толассыз келген хатқа жауап іздеп шарқ ұрып, тақырыпты эфирге сыйғыза алмай, уақыттың қалай өтіп кеткенін де байқамайтын болдық. «Қазақ тілі» қоғамының, Орталық мешіттен, «Мирас» мәдениет сарайынан хабар жүргізгенде жұмысымыздың қорытындысына дән риза болып қуандық. Бірақ жергілікті ұлт өкілі басқарған мекемеге барып, сұхбат алғанда, әсіресе тікелей эфир кезінде, қазақ тіліндегі телеарнада мемлекеттік тілде қойған сұраққа басқа тілде жауап қатқанына қатты қынжылатынбыз.
Амал қанша, ана тілінде сөйлей алмағанына ол кісілерді кінәлауға болмайды, оған уақытты, ортаны, заманды кінәлап қанша қынжылсақ та өзімізді өзіміз сабырға шақырып, амалдың жоқтығынан тағат табатынбыз.
Әрине, осы қазақ тіліндегі телеарна арқылы талай әлеуметтік жағдайды, талай отбасының, көптеген кәсіпкерлердің күрделіленген мәселесін шешіп, септігімізді де тигізгеніміз бар.
Сондай-ақ бір-екі айдан кейін студияға қазақ тіліндегі коммерциялық хабарландыру бөлімін ашуға тура келді. Өйткені сұраныс көбейе бастады. Қорыта келгенде сұранысқа байланысты «Концерттік бағдарлама», «Тойхана», «Туған» күн кеші — сияқты коммерциялық бағдарлама қолма-қол есеп айырысу тәсілімен жүзеге асты. Түскен қаражаттың барлығы қазақ тілі студиясының игілікті ісіне жұмсалды.
Орталық кітапхана, Орталық мұражай, Орталық базар, басқа да халық жинайтын жердегі хабарлар жоспар бойынша көрермендерге үзбей таратылып тұрды.
Біз Степногорск қаласында тұңғыш рет ашқан қазақ тіліндегі телеарнамызға жарты жыл толғанда, өзіме тағы бір ой келіп, енді жалғыз телеарна ғана емес мемлкеттік тілде Басылым ашуды қолға алдым. Қаражатымызды есептей келе, лицензияға, компьютер және тағы басқа жабдықтарға жетер-жетпесін білген соң тамыр-таныс кәсіпкерлерге, мекеме және әкімшілікке ойымды білдірдім. Олардың бәрі де бір ауыздан қостап, демеушілік жасайтындай сыңай танытқанын кейін бұл істі де қолға алып кірісіп кеттім.
Басылымға «Жаңалық» деген ат берілді. «Жаңалықтың» тұңғыш санын 1999 жылдың 8-шілдесінде, яғни Степногорск қаласының 35 жылдық мерей тойы қарсаңына 1000 данамен шығардық.
Бұл басылымның бірнеше санына кәсіпкер Камелдиновтер демеушілік жасады. Сондай-ақ орталық мұражадйың директоры Марат Рүстембеков басылымды көптеген материалдармен қамтасмасыз еткені былай тұрсын, өзі штаттың тыс тілші ретінде қомақты-қомақты мақал жазып тұрды оларының кейбіреуін бөліп беріп отырдық.
Біздің «Жаңалық» атты басылымымызға хаттар легі толастаған жоқ. Небір жақсы-жақсы мақалалар газетіміздің мазмұнына әр берді. Газетіміз тек қалада ғана емес, қалаға жақын орналасқан кенттерге де тарала бастады. Жыл аяғына дейін таралымы бес мыңнан асты.
Бұл басылымның жедел қарқынмен таралуының бірден-бір себебі сол кәсіпорынның жасап жатқан игі істерін оқырман қауымға ашып көрсетуіміздің арқасы еді.
Сондай-ақ «Тамаша» ЖШС-не арналған беттер де оқырманды бей-жай қалдырмады.
...Кешке астан кейін көгілдір экраннан жаңалық тыңдаған Нұржігіт жұбайы Гүлмираға:
— Мен Боранбайлар келгенше аздап дем алып алайын,-деп өз бөлмесіне кетті.
Ертең бейсенбі — құрбан айт. Соған дайындық әрі біраздан кейін келетін Нұржігіттің інілерінің ас-суын әзірлеуге кіріскен Гүлмира:
— Кешке дейін бір тыным тапқан жоқсың. Біраз қисайсаң қисайып алсаңшы. Ештеңеге алаңдама, бәрі дұрыс болды. Боранбайлар келгенде өзім оятамын! Соятын малдан басқаның бәрі дайын ғой оны да бәрібір ертең — құрбан айт күнгі таң намазынан кейін соясың,-деді ақырын.
«Иә, қайтсін жаны темір емес қой. Жұмысының жауапкершілігі мол. Әйтеуір жұмысының нәтижесі жаман емес. «Тамаша» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестікті ашқанына, міне, бүгін бес жыл болды. Осы бес жылдың ішінде не көрмеді?! Нұржігіттен басқа адам болса бұл қиыншылыққа шыдар ма еді, әлде басқа мекемелерге ұқсап алған несиені өтей алмай, талан-таражға түсер ме еді. Ондай сұмдықтың беті аулақ, — деп Гүлмира өз ойынан өзі шошып кетті.
Іле «Ботакөз! А Ботакөз!» деп көмекке үлкен қызын шақырды.
Қызы екеуі екі жақтап бауырсақтың да, шелпектің де қамырын илеп тастады. Содан соң ұсақ-түйек істерін істеп жүріп, өткен күндерге ой жіберді.
Алты ағайындының ең үлкені болған соң інілері де келіндері мен қарындастары да, барлығы Нұржігіттің аузын бағып, айтқанын екі етпейді. Бекер обалы не керек, бауырларының бәрі де сыйлайды.
Нұржігіт атақты Бөгенбай батыр ауылында дүниеге келді. Сол Бөгенбайда орта мектепті бітірді. Мектепті бітіре сала басқа елдің баласы құсап «Мені оқуға жібер!» деп ата-анасына міндет артқан жоқ. Ол кезде құпия болып саналған Степногорск қаласына барып, еңбек жолын қара жұмыстан бастады. Содан кейін жүргізушілер мектебін бітіріп, құрылыс басқармасы мекемесінде жүргізуші болып бір жарым жыл жұмыс істеді. Жол жүріп, ел таныды.
Содан кейін Ақмоладағы инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, мамандық алды.
Институтқа дейінгі халықпен қоян-қолтық жұмыс істегенін, ел жағдайын білетіндігін елеп, жолдамамен сол кездегі ең ірі шаруашылық болып саналған Ивановск кеңшарына комсомол комитетінің хатшысы етіп жіберді. Комсомолдық қызметте жүргенде де өзін жақсы жағынан көрсетіп, іскерлігін танытқаннан кейін, құрылыс мекемесіндегі ең ірі оқу комбинатында директордың орынбасары болып қызмет атқарды.
Міне, меніңде алғаш рет Нұржігітпен танысқаным осы кез еді. Көкшетаудағы режиссер дайынайтын жоғарғы мектепті бітіріп, Степногорск қаласындағы «Кенші» атты мәдениет сарайында өз мамандығым бойынша режиссер-қоюшы болып қызмет істеп жүрген едім.
Алғашқы кездесуде-ақ Нұржігіт өзінің парасаттылығымен, мәдениеттілігімен, көпті көргендігімен мені өзіне баурап алған еді. Біз өнер саласының қызметкері болғандықтан адамдар психологиясын жақсы білеміз ғой!
Сол кездің өзінде болашақ күйеуім Нұржігіттің іскер азамат екенін байқаған едім. Құдайға шүкір, сол іскерлігінен күні бүгінге дейін танбай келе жатыр.
Гүлмира осылай өз ойымен өзі болып отырғанда есіктің қоңырауы соғылып, ой шырмауынан сейіліп, орнынан тұрғанша кіші қызы Согдиана барып есік ашты. Гүлмира сыртқы есіктен кіріп келе жатқан Нұржігіттің інілері: Боранбай, Бөгенбай және Айтбайды, қарындасы Маржанды, Бөгенбайдың әйелі Сәуле, Боранбайдың келіншегі Мафрузаны, Айтбайдың үйіндегі келін Ләззатты қуана қарсы алды.
— Бөлмеге кіріңдер! Нұржігіт те сендер келгенше біраз дем ала тұрайын деген еді. Согдиана көкеңді ұят! Мүмкін, көзі ілініп кеткен шығар! — деп мәре-сәре болып жүр. Бұл кезде дабырлаған дауыстан оянған Нұржігіт те жатын бөлмеден шығып келе жатқан еді. Іле Гүлмира бәрін дастарқанға шақырды.
Шай ішіліп, үлкен тамақ келгенге дейінгі аралықта ертеңгісін Гүлмираға айтқан ойын бауырларына да айтып, ақылға салды.
— Ертең жұмыс уақтында қолдарың босай ма, жоқ па!-деп бүгін үйге шақырып отырмын. Ақылдасайық дегенім ғой,-деді Нұржігіт. Өздерің білесіңдер, біріншіден, ертең мұсылман халқының үлкен мейрамы — Құрбан айт. Екіншіден біздің «Тамаша» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бес жылдығы. Осыған орай сендерге айтайын! —деп отырған мәселе мынандай. Айтпақшы, бұл әңгіме «Дәу атамен» келісілген. Ол кісінің күшінің барында мұсылмандардың үлкен мерекесі Құрбан айтта құрбан шалып, құдайы тарататын үнемі әруаққа арнап құран оқытатынын өздерің білесіңдер.
...Нұржігіттің Гүлмираға да, өзге іні-келіндеріне де «Дәу ата» деп отырғаны — нағашы атасы еді.
Нұржігітті қызы Жұматайдың тұңғышы болған соң қазақтың ескі салты бойынша нағашы атасы Байзулла жастайынан өз бауырына алып, өсірген болатын. Нұржігіттің фамилиясы да нағашы атасы Байзулланың атында. Барлық құжаттарда Бөгенбай, Боранбай, Айтбайдың фамилиясы Болатбеков болса, Нұржігіттің Нұржігіт Байзуллаұлы Ахметов болып жазылатыны сондықтан.
— Кеше осы ойымды ол кісіге айтқанымда,-деді Нұржігіт әңгімесін жалғап. Керемет қуанып қалды. «Дұрыс балам! «Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді»-деген. Сыбырлағанды Құдай естімей ме, сенің фамилияң Ахметов болып тұрғаны болмаса әкең — Неғымет Жағыппарұлы, шешең — Жұматай Байзулла қызы.
Мен сендерді бөле жармаймын. Қызым Жұматайдың тұңғышы болған соң өзімнің бауырыма салып тәрбиелейін деген салтты ұстанғаным. Міне, мынау айтып отырған әңгімең дұрыс. Менің үмітім мен сенімімді ақтадың! Сөйт! Әкең, бауырларың барлығың жеті саннан асып тұрасыңдар. Құрбан айтқа бір мал сойып, құран оқытқаның жөн»-деді.
Сонымен «Дәу ата» айтқандай ертең таңғы намаздан кейін бәріміз жиналайық. Бүгін Ивановскіден барып бір ірі қара алып келгенмін. Соны ертең шалып, үшке бөліп, «Дәу ата» айтқандай бір бөлігін көршілеріңе, екінші бөлігін кедей-кембалға, үшінші бөлігін өзімізге қалдырамыз. Міне, осы мәселеге қалай қарайсыңдар?
Бөгенбай, Боранбай боп, барлық бауырлары:
— «Дәу ата» айтса болды ғой! Біз көп нәрсені бүге-шігесіне дейін біле бермейміз-ғой! Қайта «Дәу атаның» тәлім-тәрбиесін алған өзің бізге қарағанда көп нәрсені білесің. Сен не айтсаң, солай болады Нұрек! — деп шуласты.
— Ендігі мәселе біздің серіктестігіміздің құрылғанына бес жыл толу мерекесін қалай атап өтеміз? — деді Нұржігіт інілеріне барлай қарап.
Бәрінен бұрын Боранбай қозғалақтады:
— Бесжылдық тойды атап өткенге не жетсін. Бірақ...
— Айта бер Боранбай, не бірағы бар?
— Бірақ дейтінім өзіме артылған міндеттің неше түрлі себеппен толық орындалмауы, жұмсаған қаражаттың орны толмай, маған бекітілген жанар май құю станциясы, жанар-жағар майдың тапшылығынан баға көтеріліп, жиырма пайызға жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ автотұрққа төбесі жабылмағандықтан қыс бойы машина кірмегенін білесіңдер. Барлығы төбесі жабық тұраққа кетіп жатыр. Ағаш кесу өңдеу шеберханасы да қыс бойы еш жұмыс істеген жоқ. Оған енді ағашта өзіміз дайындаймыз ба, әлде басқадай бір амалын қарастырамыз ба? Осы мәселелерді айтайын! — деп ертеңгі бас қосуға дайындалып қойған едім. Сөз реті келген соң айтып жатқаным ғой, —деп ойын ортаға салу сыңайын танытты.
Гүлмираның: «Тамақ дайын болып қалды. Әңгімелеріңді ертең жұмыс барысында жалғастырарсыңдар» дегенін ешкім де елеген жоқ.
Әрине кеңседегі болсын, үйдегі болсын әр басқосу күрделі жұмыстың шешімін тауып, бір жүйеге келетіні Гүлмираға таныс та қанық жай еді. Бүгін де сондай күрделі мәселе көтеріліп, шешімін табатын сыңайы бар.
Осы екі ортада «Импульс» және «Тамаша» атты дүкенді басқаратын қарындасы Маржан да әңгімеге араласты.
— Несиеге тауар түрінде берілген заттың құны ұлттық валютаның құлдырауына байланысты екі есе өсіп кетті. Халықта ақша жоқ. Өндірістің бәрі тоқтап тұр. Кейбір зейнеткерлер ғана алады. Басқасы құр қарап қана кетеді. Мен не істеймін? Бұл қыспақтан қалай шығамын?! Қандай ақыл айтасыңдар? — деп бауырларына қарады.
Біраз үнсіздіктен соң әңгіме желісін Нұржігіттің өзі жалғастырды.
— Мен бүгін Ивановск кеңшарына мал әкелуге барғанымда, сондағы кәсіпкер шешен жігіті Насуриддинге жолығып, Боранбай, сенің ағаш өңдеу шеберханаңа ағашпен қамтамасыз ету жөнінде сөйлестім. Бізге ағаш дайындаған тиымсыз болады. Өзіміз қалт-құлт етіп отырғанда қосымша шығын шығарғаннан не пайда?
Сол Насуридин «Ичкериядан» келген ағайындарының басын қосып, өз бригадасынан басқа тағы бір бригада құрыпты. Солар ағаш дайындап жатыр екен. Өзінің ағаш өңдеу шеберханасын үш ауысымға көшірсе де үлгере алмай жатыр екен. Соған орай Насуридиннің сол бригадасы ағашын сенің шеберханаңа тілдіретін болды.
Кім тасып жеткізеді? Бізге қалай төлейді! — деп Боранбай да қызығушылық танытты.
Өздері тасып береді. Төлем ақысы тіліп, жонып болған ағаштан отыз пайыз алып отырасың. Қалған отындық ағаш тағы бар. Мысалы, 100 м3 ағаш тілсең 30 м3 сенікі.
— Ойбай-ау кесілген ағашты қайда апарам?! Кімге сатам?! Олар неге ақшалай төлемейді? Солай неге келіспедің?!
— Сен Боранбай-ау, қызық екенсің ғой? Өздері соғыс болып жатқандықтан бас сауғалап үй-жайын тастап, туған жерінен босып келіп отырса, оларда қайдан ақша болсын?
— Ал, мен ағашты не істеймін? Оны қайда апарып сатамын?
— Сен еш жаққа апарып сатпайсың. Шеберханаңның ауласына жинап қоясың. Алушылардың өздері-ақ келеді. Олар да табылып отыр. Астанада құрылыс қарқынының бой алғанын білесіңдер.
Бұрынғы құрылыс басқармасынан Сарсенбай Муқашов кәзір Астанада үлкен құрылысты басқарып отыр. Сол кісімен кездесіп, алты ай жазда 1000 м3 ағаш дайындап беруге келісім-шарт жасағанмын.
Өткен аптада Астанаға барғанда тағы да кіріп, келісім-шартты бекіттік. Әрбір текше метр ағаштың бағасына дейін шешіп келдім! Оның үстіне Жамбыл, Шымкент облысының кәсіпкерлерімен келісім-шарт бар. Олармен жартылай ақшадай, жартылай жеміс-жидек, көк өніспен есеп айырысуға келіскенбіз. Ал енді ағаш дайындайтын тағы да бірнеше бригаданың бар екенін білесің. Былтырғы бізге әкеліп ағаш тілдірген өзіміздің Рысбаев Марат, Шымкенттік Жандар, Нұржан, өзбек Шариф биыл да сендерге тілдіртеміз! — деп отыр. Олар да 30% ағашпен есеп айырысу бізге тиімді дейді.
Марат, Жандар, Нұржан, Шарифте бар-жоғы он бес адам болса, Насуридиннің бір бригадасында осынша адам бар. Сонда саған сегіз бригада жұмыс істейді. Құдай қаласа 1000 м3 ағашты бір айда дайындап, Муқашовпен жасаған келісім-шарт үдесінен шығуға болады.
Автотұрақ мәселесіне келетін болсақ «Тамаша» ЖШС-нің жанынан «Жәрдем» атты жеңілдік клубын ашамыз. Бұл клубқа мүше болған адамдардың автокөлігін тәулігіне елу теңге емес қырық теңгеге түсіреміз. Біздің мақсат — сол автотұраққа жақын тұратын кісілердің ойынан шығу және бұқаралық ақпарат құралы арқылы мүше болу шартын жария ету. Осы «Жәрдем» клубының мүшесі жанар-жағар майды да қырық теңгенің орнына отыз сегіз теңгеге құя алады!-деп жарнама беруіміз керек.
— Сонда қалай?Шықпа жаным, шықпа деп отырғанда жанар мен автотұрақ бағасын кемітіп, өзіміз тақырға отырмаймыз ба? Нұржігіт мынау ойың мен жоспарыңнан мен ештеңе түсіне алмадым.
— Түсіне алмайтын ештеңесі жоқ! Боранбай сен жақсылап тыңда! Біз әр литрден екі-үш теңге ұтылғанмен, жанар май сатып алушылар саны арқылы ұтамыз. Автотұрақ та солай. Бір тоқсан мүшелікке тегін қабылдаймыз да, екінші тоқсанда, яғни «Жәрдем» клубының мүшесі болам деушілерден бір тоқсанға бес жүз теңге мүшелік жарна аламыз.
— Е-е-і, енді құлаққа кірейін, — деді, сөйтіп тығырықтап шығамыз десейші.
— Тоқта, әлі тығырықтан шыққан жоқпыз. Май құю станциясы төңірегіндегі әңгіме әлі біткен жоқ.
Манадан бері ұйып тыңдап отырған Маржанның шыдамы таусылып:
— Маған қандай ақыл айтасың? — деп әңгімеге араласты.
— Жарнама арқылы лотерея ойнатамыз. Есеп-қисабыңның бәрін бас есепші дайындайды. Бұл ойымды әзірге толық айтпаймын, тек шет-жағасын ғана айтайын. Осы аптаның басында кәсіпкерлерді әкімшілікке жинаған кезде әкіміміз Николай Яковлевич Денингке рұқсат алу үшін шет пұшпақтатып жиналыс соңында қалып айтқанмын. «Жобасын дайында, бюджетке ақша түссе мен қолдаймын» деген ол.
— Лотереяны қалай ойнатамыз? Одан қандай пайда бар? — деп Бөгенбай да? Боранбай да жарыса сұрақ қойып жатыр.
— Мысалы бірінші онкүндікте 500 литр, не болмаса 1000 литр қойдық дейік. Маржанның өтпей тұрған затының бағасын комиссия арқылы шығарып? әлгі 1000 литр не 500 литр құйған адамға ұтыс ретінде береміз. Сол сияқты екінші ұтыс үшінші, төртінші, бесінші ұтыс,-деп кете береді. Сонда жанар-жағар май алушылар «бағалы сыйлыға бар»-деп біздің станциядан май құюға тырысады. Оның үстіне жәрдем клубының мүшелері екі-үш теңге болса да арзан деп, «Жәрдем» клубына мүшелікке өтуге қызығады. Осының арқасында Маржанның тауарлары айналымға түседі.
Бірте-бірте басқа кәсіпорындар мен мекемелерді де «Жәрдем» клубының мүшелігіне тартамыз. Мысалы шаштараз, дәріхана, оптика, дәмхана, мәдениет сарайын, моншаларды да тартуға болады ғой.
— Олар бізге мүшелікке өтуге келісе ме? Ол жағы қалай шешіледі?
— Олар да өздерінің тауарларының бағасын 2-5%, тіпті 10 пайызға дейін түсіріп, «Жәрдем» клубының мүшелік құжатын көрсеткен адамға сондай түсірме бағамен сатады да, Боранбай айтқандай сатып алушылар саны арқылы ұтады. Бар қулық пен құпия осы.
Мысалы, Айтбай мен Ләззат «Жәрдем» клубының мүшесі екенін растайтын құжат көрсеткен адамды 10% арзан бағамен тамақтандыра алады.
Енді жанар-жағар май жөнінде. Үкімет басшысының шешімі бойынша Атыраудағы мұнай компаниялары бірінші кезекте Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарын қамтамасыз ететін болып отыр. Экспортқа шығару сату мәселесі екінші кезекте. Қазірдің өзінде Павлодар мұнай өңдеу зауытына жүз мың тонна мұнай өнімі жеткізілді. Павлодар зауыты толықтай жұмыс істеуге көшті. Біздің де іркіліссіз жұмыс істеуімізге болады. Сондықтан да сендер тура түсініңдер. Жанар-жағар майдың бағасы осылай шарықтаған күйде тұра бермейді! Мұндай жағдайда барлық май құю станциясы жанар-жағар маймен қамтамасыз етіліп, оның сатылу бағасы, бәсекелестердің көбеюі әсерінен түседі деген сөз.
Сол үшін бізге лотерея ойнатумен қатар шұғыл түрде «Жәрдем» клубын ашуымыз керек. Сонда ұтатынымыз анық! Солардың арқасында тығырықтан да шығамыз. Қазіргі уақытта ұлттық валютамыз тұрақтады. Біздің де валюта айырбастау пунктімізге біраз өзгеріс енгізуге болады. Ол жайлы анығырақ кейін айтамын.
Бірақ осы құрған жоспарды іс жүзіне асыра алсақ мамыр айында жағдайымыз түзеледі.
Ал біздің «Тамаша» ЖШС-нің құрылғанына бес жыл толған тойы жөнінде мынандай ойым бар.
Кәсіпорынды жыл бойы орта есеппен жүз жиырма адам жұмыс істеп жүр. Барлығының да кәсіпорынға қосқан үлесі бар. Есеп-қисап бөлімінен бастап, әрбір жұмысшы әрқайсысының еңбегімен қатар тәртібін ескере отырып, естелік сыйлық, ақшалай, заттай сыйлық және аты-жөні жазылған «Мақтау граммотасын» қоса берсек, дастарқан жайып, құрмет көрсетсек деймін. Бұл оларды ынталандырып, күш-жігер берер еді. Мына нарықтық қыспаққа қысылып жүрген уақытта көңілдерін көтеріп, демеп жіберейік.
Қаламыздың әкімі Н.Я. Денингке , «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Т. Сағдиевке, қалалық мешітіміздің Имамы Қуанышқа естелік шақыру қағазын жібереміз.
Және бір айта кететін мәселе үш күндік Құрбан айт мерекесі өткен соң төртінші күн — 19 — наурыз жексенбіге келіп тұр. Осы жексенбіге тойымызды жасаймыз да 19-наурыздың «Тамаша» ЖШС-нің құрылған күні деп белгілейміз.
Айтпақшы, 35 жыл болып, еш жерде, тіпті картада көрсетілмеген қаламыздың тарихы туралы деректі ешкім білмеуші еді. Осы қаламыздың тарихы туралы деректі кітап жазып жүрген жазушыны білетініме бір жылдан асты. Әнекүні өзімен сөйлескенімде біздің қаламыз туралы бірінші кітабын жазып бітіргеніне бірталай уақыт болыпты. Қазір біздің қаламыз туралы екінші кітабын жазу үстінде екен. Қаражаттың жоқтығынан қаламыз туралы жазған кітабын шығара алмай әуре сарсаңға түсіп жүрген көрінеді. Жағдай түзелсе сол кісіге бір 360-370 мың теңгедей демеушілік танытсам ба деген ойдамын,-деп Нұржігіт тыңдап отырған бауырларына қарады.
Ешкім қоштай қоймаған соң тыныштықты өзі бұзды.
— Бөгенбай! Боранбай! Айтбай! Неге үндемей қалдыңдар? Бұл ұсынысыма не дейсіңдер?
Бөгенбай жас жағынан үлкені болған соң орнынан қозғалақтап, тамағын кенеді.
— Әрине жоспарыңның, есеп-қисабыңның бәріне мақұл. Нәтиже шығатын сияқты. Ал «жазушымын, сендердің қалаларың туралы кітап жазып жүрмін», — деген айдаладағы адамға көмектесемін дегеніңнің қисыны келмейтін секілді. Біздің одан басқа да мекемелерге көмектесіп жүргеніміз аз ба? Жазушың кітап жазса, өзі үшін жазады да. Біз үшін дейсің бе? Өткенде «Қазақ тілі» қоғамына 50 мың теңге дедің. Бірінші ашылған ұйым ғой, мейлі, мақұл дедік. Одан кейін мешіт үйінің керек-жарағына дедің. Үнемдедік. Ал мына бір қайдағы бір жазушыға көмектесем дегеніңе мен келісе алмаймын, — деп «Сендер не дейсіңдер» дегендей бауырларына қарады. Өзгелері үндей қоймаған соң әңгімеге Маржан араласты.
— Ағамыздың ұсынысына қалай қарасаңдар да өздерің біліңдер. Мен өз басым сенің сөзіңе келіспеймін. Ол жазушы өзінің қарақан басының қамын ойлап жүрген адам емес көрінеді. Шыныменен бір жылдан аса біздің қаламыз туралы материал жинап, кітап жазып жүр екен. Осы уақытқа дейін біздің қаламызға жазушы емес, бір журналист келді ме? Кеңес дәуірінде, жарайды қала құпия болды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тұрмақ, көрші елді мекендердің қарапайым адамдарының өзі кіре алмайтын. Жергілікті ұлт өкілінен лауазымды кісі тұрмақ қара жұмысқа да ешкімді алған жоқ. Барлығы орталықтан келіп жатты. Жергілікті ұлт өкілдері шахтада, тағы басқа жерлерде ең ауыр қара жұмыста істеді. Олардың денсаулығын кім ойлады. Ал қаланы кім тұрғызды? Біздің бауырларымыз, ағаларымыз, әкелеріміз! «Халық жауы» деген жала жабылғандар, сөйтіп сотталып, жер аударылғандар. Әлгі жазушы өткен тарихтың бәрін зерттеп, кітап жазса, біз үшін емей, кім үшін? Оның үстіне біз өз елімізде өз жерімізде тұрып, ана тілінде хат танып, сауат ашқан жоқпыз. Кеңес дәуірінің солақай саясатының салдарынан бірде-бір қазақ мектебі болмай, болғанын жауып, мектеп біткеннің бәрін орыс келімсектердің тіліне аударып жіберді. Сондықтан да біз ана тіліне шорқақ болып қалдық.
Енді, міне, егемендігімізді алып, қазақ тілі мемлекеттік тіл деп танылғанның өзінде біздің қаламызда қазақ тілінде бірде-бір бұқаралық ақпарат құралы жоқ тұғын.
— Қаламызда былтыр сол кісінің бастамасымен «Жаңалық» деген атаумен тұңғыш рет қазақ тілінде газет шықты! — деп Нұржігіт Маржанның сөзін қоштады.
Әңгімеге манадан бері үнсіз отырған Айтбай араласты.
— Мені әкем Неғымет кенжесі болған соң ба, есейіп, жігіт болғанымша қасынан тастамаушы еді. Нұрекең, сен нағашы атамның қолында өстің ғой. Көп нәрседен бейхабарсың. Менің есімде қалғаны әкем көп тыңдап, аз сөйлейтін. Ешуақытта ешкімге алдын-ала уәде бермеуші еді. «Уақтысында көрерміз» деп қоя салатын. Өзің де жазушыңа алдын-ала уәде бермесең, уақытысында көрерміз! — деген ол.
Нұржігіт басын бір шайқап, өзінің бостан-босқа беріле салмайтынын білдірді.
— Жаңағы Маржан айтып отырған газеттің бас редакторы сол кісі деді ол. — Оқырманы болмағандықтан таралымы жоқтың қасы болды! Сол қазақ тіліндегі тұңғыш газетке құрылтайшы болған Камелдинов Жанболат, біз Жорик дейміз ғой, мына бірінші кітабына да демеуші боламын! — деп отыр. Газеті де, осы Степногорск баспаханасы басып шығарған тұңғыш өлеңдер жинағы да біздің қаламыздағы мұражайда тұр. Бұл тарих емей немене? Келешекте Жанболаттың алғашқылардың бірі болып қазақ тілінде қаламызда тұңғыш шыққан газет пен кітапқа демеуші болғанын барлық ұрпақ тарихтан білетін болады.
«Экспресс» ЖШС-нің бастығы Епифанов Борис Александрович те «Гарант» ЖШС-нің бастығы Герауф Александр Рафайлович те көмектесіп отыр. Салық бөлімінің бастығы Айғожин Есбол Қайыркешұлының Герауфқа жазған хатын өз көзіммен оқыдым. 50 мың теңгені қолма-қол берген екен, тағы да 50 мың теңге жетпей қалыпты, соны республикалық баспаханаға аударуыңызды сұраймын депті.
Кітаптың таралымы он мың екен, соған 300 мың теңге керек болыпты. Бәрі табылған, енді бір 60-70 мың теңгесі ғана қалыпты. «3-4 айдың ішінде кітапта шығады. Сол шыққаннан соң 1000 дана кітап беремін, сатылу бағасы 150-200 теңгеден болғанның өзінде 150-200 мың теңге құралады. Маған кітабым оқырман қауымға тараса болды!»-деп отыр жазушы. Оныкі де жөн. Сондықтан да Бөгенбай батыр, біз жазушы айтқандай уақыттан ғана бір 3-4 айға ұтыламыз, ал кітап келіп Маржанның дүкеніне түскен соң ол да айналымға түседі.
Нұржігіттің мына сөзінен кейін бәрі де бас шұлғып келісімін берді.
Қала әкімінің жұмыс бөлмесіне жиналғандарды мәдени ағарту бөлімінің бастықтары мен қоса, басқада кәсіпкерлерді елең еткізген жағдай қала әкімі Н.Я. Денингтің әдеттегі апталық үлкен мәжілістің баяндама есебін қалалық салық бөлімінің бастығы Айғожин Есбол Қайыркешұлынан бастамай, қалалық мәдени-ағарту бөлімінің бастығы Ковцур Иван Павловичтан бастады:
* * *
Бір күні редакцияға келген хаттармен танысып отырғанмын. Соның ішінде бір хатқа ерекше көңіл аударуға тура келді.
Хат Бөгенбай аулынан жазылыпты. Оны жазған кісі мылқау екен. Ағаш өңдеу шеберханасында жұмыс істепті. Қазір уақытша жұмыссызбын дейді.
«Сіздердің «Жаңалық» атты газетіңізді үзбей оқып тұрамын. Маған қатты ұнайды. Степногорск қаласында мемлекеттік тілде шығатын тұңғыш газетті ашқаныңызға мен қуаныштымын. Талай жылдар бойы ешкім қолға алмаған еді. Сондықтан да сізге үлкен табыс тілеймін»-деп келеді де хат соңында тағы бір өтініш айтады.
«Біздің Қазақ Саңыраулар Қоғамының құрылғанына 63 жыл болды дейді. Бірақ осы уақыт ішінде өзіміздің қоғамда бірде-бір басылым болған емес. Осы уақыт ішінде қоғам қаншама жетістіктерге, қаншама табысқа жеткенімен ортамызда сүйсініп оқитын бір басылым болса деп мен сияқты қаншама қоғам мүшесі армандайды. Біздің қоғам тек Шортанды қаласы емес, республиканың барлық қалалары мен аудан орталықтарында да бар. Әлгінде айтылған жетістіктермен қоса табысымызды, немен шұғылданатынымызды екінің бірі біле бермейді. Біздің қоғамда небір дарынды (суретшілер, акробаттар артистер, режиссерлер, спорттың неше түрлі меңгерген шеберлер, жазушылар) адамдар көп. Бірақ өкінішке орай оларды ешкім біле бермейді.
Бір келсе Сіздің қолыңыздан келер. Оған мен әбден сенімдімін.
Сізден барлық Қазақ Саңыраулар Қоғамының мүшелерінің атынан сұрайтыным біздің қоғамға да «Жаңалық» сияқты тартымды басылым ашып берсеңіз екен! — деп аты-жөнін жазыпты.
Аң-таңмын. Шынымды айтсам мылқау оқиды, жазады деген ойыма да келмепті. Әрі мен журналистика факультетін бітірген маман болсам бір сәрі.
— Бұлардың қоғамында мені кім қолдап, қаражатпен кім көмектеседі? Бұл жазғаның газет шығару оңай дүние деп отыр ғой деймін!-деп өз ойыммен өзім болып отырдым да қалдым.
Әрі ойланып, бері ойланып «Қой көрсетілген адрес бойынша өзімен көзбе-көз жолығып көрейін,-деп Бөгенбайға жүрдім де кеттім.
Сұрастырып жүріп іздеген адамымды да таптым. Келуін келдімау бірақ үйінде бір өзі екен, ештеңе түсіндіріп айта алмадым. Әбден сағым сынып, оның ымына мен түсінбей, менің айтқаныма ол түсінбей, есім шығып сарсаңға түстім. Не істерімді білмей тұрғанымда қызмет бабындағы куәлігім есіме түсіп, соны көрсеттім. Ол «Жаңалық» газетінің бас редакторы» деген сөзді оқыды да, үйіне қарай жетектей жөнелді. Үйге кірген соң стол үстінде жатқан «Жаңалық» газетінің соңғы санын алып, маған көрсетіп бірдеңі деп былдырлап қояды. Мен түкке түсінбесем де басымды изудемін. Ол өзін түсінбегенімді біліп, қалтасынан қаламсабын алды да, газеттің шетіне «Қазір әйелім келеді сол бәрін түсіндіреді» деп жазды. Менің де көңілім орнына түсті. Ол төргі бөлмеден маған бір кітап әкеп ұстатты. Қарасам сыртында «Говорим руками» деп жазылыпты. Ашсам — өңкей сурет. Суреттегі кісінің әр қимылы тегіс бір сөзді білдіреді екен. Ақтарып отырып маған керек сөздің суреттегідей қимылмен оған көрсетіп едім, ол «Түсіндім» дегендей мәз болады. Оның жасаған ымын менің түсіне алмай қалғанымды біле сала қағазға жазып маған оқытады. Мен енді түсіндім деген белгі берсем, жас балаша алақанын шапалақтап кеп қуанады. Біршама уақыт ыммен сөйлесіп отырып, мен де біраз нәрседен хабардар болғандаймын. Қолмен сөйлесу қызығына әбден берілген кезімізде оның әйел де келді. Ол болса әйеліне қолы-қолына жұқпай бірдеңелерді «айтып» ара-арасында көмекейінен дыбыс шығарып, күліп қояды.
Әйел сәл кекештеніп сөйлейді екен.
— Күйеуімнің қуанышында шек жоқ, оны өзіңіз де байқап отырған шығарсыз. Бес жасында үлкен арық суына ағып кетіп, арғы беттегі кісілер құтқарып алған. Содан тілі байланып қалған. Біреулер қорыққаннан болған, енді дәл солай бір қорықса тілі шығар еді»-дейді. Кейбіреулер «басына, құлағына зиян келген, содан кейін сөйлей алмайды»-дегенді айтады.
Дәрігерге қаратып па едіңіздер? — деген сұрағыма;
— Қаратқанбыз. Ештеңе де шықпады, — деді әйелі мұңайып. — Бірақ саңыраулар мектебін бітіргеннен кейін өзі талаптанып, бірнеше мамандық алды. Бұлардың мектебінде барлық сабақ орысша жүреді. Қазақша оқып, жазуды да өзі үйренді. Орысша-қазақша бірдей жаза береді. Хатын оқып көрген шығарсыз. Жазуы қандай тамаша. Тағы бір айта кететін нәсре — бұлардың ымы барлық жерде бір маған береді. Ұлтына қарамайды. Сондықтан да бір-бірін түсіне береді. Енді бұл мына алдыңызда жатқан «Говорим руками» деген кітапты қазақшаға аудару үстінде. Өзі де шығармашылықпен айналысады. Тақырыбының бәрі өздерінің қоғамы, өздерінің ортасы туралы. Олар өз арасында бұны жазушы деп атайды.
— Өзіңіз қолмен ымдап сөйлесуді қалай үйренгенсіз?
— Менің де тілім өте кеш шыққан. Ата-анам мен сөйлей алмаған соң арнайы мектепке берген. Сол мектепте оқып, үйрендім. Арнайы сабақ, ем әсер етті ме, әлде өзімнің талап-талпынысымның нәтижесі ме, әйтеуір сөйлейтін болдым.
— Күйеуіңіздің аты кім? Өзіңіздің ше?
— Күйеуімнің аты — Қапен! Өзімнің атым — Алма! Сол екі ортада Қапен Алмаға қарап, бірдеңе айтқандай болды. Бірақ Алма «Айтамын!» деп әңгімесін жалғастыра берді.
— Газет туралы айт, «Жаңалық» сияқты біздің қоғамда да өзіміздің газет болса жетістіктерімізді, жаңалықтарды өзіміз жазамыз. Қоғам мүшелері де қуанып қалар еді дейді. Бізде жазатын адамдар көп. Тақырып та жетерлік. Газет шығаруға көмегімізді аямаймыз. Өзіміздің Қоғамның төрағасына хат жазамыз. Керек болса Алматыдағы Қазақ Саңыраулар қоғамының президенті Тезекбай Ділдабекұлынан көмек сұраймыз! — деп өліп отыр! — деп Алма бір жымиып қойды. Алманың да ақсары келген сұлу өңіне қуаныш сезімінен қан жүгіргендей болды. Қапеннің сөйлей алмағаны, Алманың кекештенгені болмаса екеуі де өте реңді, бір-біріне сай екені көрініп тұр.
— Балалар бар ма? Олар сөйлей ала ма? — дедім мен.
— Бір ұл, бір қызымыз бар. Қазір мектепте, төменгі сыныпта оқиды. Екеуі де сөйлейді. Сабақ үлгерімі өте жақсы. Қазір жарты сағаттан соң келіп те қалар. Түскі тамақтарын әзірлейін... Сіз айып етпеңіз,-деп дастарқан жасай жүріп, ара-арасында Қапенмен сөйлесіп, Қапеннің айтқанын маған аударып үлгеріп жатыр.
Үй іші мұнтаздай тап-таза. Өзі де орта бойлы, сұлу мүсінді, ақсарының келбетті реңдісі екен. Екінің бірі менің әйелім осындай болса екен,-деп армандайтын келіншек.
Кешке дейін отырсақ та әңгімеміз таусылмай, ақырында Қоғамға газет ашу ойластырмақ болып, хабарын өзім айтуға келісіп, машинамды от алдыра бастадым. Қас қылғандай от алуы қиындап әлекке салды. Бір ток жеткізгіш істемей тұр. Осы кезде Қапен «Өшір!»-деген белгі берді де сарайына барып бір қобди алып келді. Қобдиды ашып еді, небір қолға түспейтін кілттерді көрдім. Ток жеткізгіштерді алып, өзі қобдиынан басқасын алып салды. Тағы басқа электрикке тән жұмыстарды да қолы қолына жұқпай жасап шықты. Содан соң «От алдыр!»-деген белгі берді.
Машинам бірден от алды. Қолымен ымдап бірдеңелерді айтады. Мен түсінбеген соң онысын өтіп бара жатқан Алма табанда аударды.
— Аға, машинаңыз бұзылса, ешкімді іздемей-ақ тура өзіме кел! Мен үшін оны жасау түкке де тұрмайды. Жөндеп беремін,-деп жатыр.
— Көріскенше! Сау боп тұрыңыздар! — деп Степногорск қаласына бет алдым.
«Не деген жігер! Не деген талант! Не деген дарын! Құдіретіңнен айналайын, Тәңірім-ай! — Бір жағын берсең, бір жағын кем қылып қоятын!
Қой мен ертең Таразға, Мұратқа хабарласайын. Бұл мүгедек жандарға басылым ашу мәселесін қолға алайын. Байғұстар бір қуансыншы. Бізді де ойлайтын жандар бар екен!» деп ойладым былай шыға.
Ең басты мәселе Тараз қаласындағы Қазақ саңыраулар қоғамына қарасты Тараз оқу — өндірістік кәсіпорынның директоры Өтебаев Мұратқа хабарласып, олардың жарғысында «шығармашылықпен ақпаратпен айналысуға болады» деген тармағы болса, көктен іздегенім жерден табылғаны. Егер ол тармақ жоқ болса, қоғамның басқа қаладағы басқармаларымен хабарласу керек болады. Осы оймен келе жатып, Степногорск қаласына да жеттім.
Машинаны тұраққа қойып, үйге келсем Бақыт мені күтіп отыр екен.
— Қайда жүрсің? Бол, тез, кеттік! — дейді.
— Қайда? Қайда кеттік? — дедім аң-таң болып.
— Мейрамханаға! Пернебайды шығарып салуға!-деді ол жүре киініп.
Мен Степногорск қаласына келгелі бері Бақытпен бірге ол жалдаған пәтерде тұратынмын. Оған да екі жыл болып қалды.
Қызмет бабымен Пернебайдың оңтүстіктің бір қаласына ауысатынын өткен аптада бір бас қосқанымызда есіткен едім. Міне, сол анықталып, жолға шыққалы отырса керек. Бізді мейрамханаға жинап, айырылысу көжесін бермекші.
Бізден басқа мұнда тараздық Әнуар мен Пернебайдың отбасы осында. Ал Бақыттың отбасы Таразда. Өзі салт жүріп қызмет етуде. Менің жағдайым босада мәлім.
Ұзын сөздің қысқасы — Пернебайдың жайған дастарқанында бүкіл қаланың атқа мінерлері — басы қала әкімі Қойшыбаевтан бастап бас қосып, дәм татты. Бәрі де жақсы ниеттерін білдіріп, қимай қоштасып жатты.
Пернебайды шығарып салу кезінде бір реті келіп Саңыраулар қоғамы туралы, басылым жайлы ойымды білдіріп едім, түсінігі мол, парасатта жігіт емес пе, түсіне кетті.
— Сәке! Мынау бастамаң — ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жаңалық қой!-деді ол қолымды алып. — Дереу білек сыбанып кірісіп кет! Жария ете берме. Қазіргі қалталылар ақшасын қайда жұмсарын білмей жүрген уақытта идеяңды қағып түседі. Сондықтан да аузыңды қу шөппен сүртіп қалма! Қаймықпа, сенің қолыңнан келетініне мен кәміл сенемін. Қаншама қиыншылық өтті. Бұл өмірді көрдің деген сөз. Екі жылға жетер-жетпес уақытта бұрын құпия болған қалада қазақша газет шығарып, тәжірибе жинақтап үлгердің. Бұл аз еңбек емес. Сәке, дереу жолға жинал, мына бастаманы тез қолға ал. Әрі өз қалаң, бәрі таныс. Оның үстіне Оңтүстік Қазақстанда да, Жамбыл облысында да осы уақытқа дейін республикаға таралатын бірде-бір газет жоқ. Туған қалаңда республикалық газет шықса жаман ба? Өзің мұрындық болып, газет ашып берсең саңыраулар рақметін жаудырары анық.
Аңқылдақ азамат осылай ағынан жарылды, осылай қуанды. Оған Бақыт та қосыла кетті.
Қайран ақжүрек, ақниет достарым-ай! Бұлардың мені сүйемелдеген сөз жәрдемінің өзі неге тұрады? Не үй жоқ, не күй жоқ елден жырақта жападан жалғыз қалмасын! — деп екеуміз де кетеміз, сен де елге қарай жылжы» дегенді ашық айтпаса да жеткізгенін айтсаңшы. Олардың достық ақыл айтқанына мен де риза болып, қанаттанғаным сонша, бірден Таразға, Мұратқа хабарласып, барлық жағдайды біліп алдым. Жарғысында маған керекті, мен іздеген тармақтың бәрі бар екен. Ол да мені қолдап, қуана қарсы алатынын айтты.
Тіпті «Жақын арада Қазақ саңыраулар қоғамының ХІІІ сьезі болады. Соған газет шығарып үлгерейік» тез жет! — деді.
Енді маған кідіретін ештеңе жоқ еді. Жұмысты уақытша табыстап, қысқа мерзімді демалыс алдым да, Қапенге жолығып, мән-жайды Алма арқылы жеткіздім. Сөйтіп қайыр-қош айтып, жолға дайындалдым. Бұл жаңалыққа Қапен мен Алма да қуанып, жол дорбамды азыққа толтырып, қалаға дейін шығарып салды.
Екі күннен кейін Тараздағы Мұраттың мекемесіне келіп алдағы жұмыстың бүге-шігесіне дейін талдадық.
Ең басты мәселе — Қазақ саңыраулар қоғамының ХІІІ сьезі қарсаңына газет шығарып үлгеру болды. Осы қарқынмен сол күні Қоғамның жарғысы мен Әділет басқармасына керекті басқа да құжаттарды алып, Астанаға аттандым. Өзім бармай, поштамен жіберсек сьезге дейін газетті шығарып үлгермейтін болдық. Сондықтан да баруыма тура келді.
Астанада екі күннің ішінде жұмысым бітті. Қазақ Саңыраулар қоғамының Тараз оқу-өндірістік кәсіпорны құрылтайшылық еткен «Жанашыр - Милосердие» газеті дүниеге осылай келді.
Басылымның алғашқы саны 16 желтоқсанда шығып, тәуелсіздік күніне сәйкес келді. Алғашқы санына тараздық кәсіпкерлер Мұрат Қоқанұлы Әзімқұлов, Мұбар Әділханқызы Сабденалиевалар демеушілік етті.
— Басылымның бірінші бетіне Қазақ саңыраулар қоғамының президенті Т.Д. Исайдың Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтауы, газет екі тілде (8 бет болып шығатындықтан қазақ және орыс тілдерінде) берілді.
Екінші бетке орыс тілінде кіріспе сөз, одан кейін Тараз қаласы саңыраулар қоғамының төрайымы Н.П. Скаляпованың мақаласы жарияланды да, «Жанашыр - Милосердие» газетінің меншікті тілшісі Қазақстан журналистер Одағының мүшесі Сайлаубек Дәрменқұловтың Бауыржан Момышұлының туғанына 90 жыл толуына байланысты «Батыр есімі мәңгі есте»-деген үлкен мақаласы қазақ тілінде берілді. Сондай-ақ тілшінің Тәуелсіздік күніне байланысты «Тәуелсіздік үшін күрескенбіз»-деген қазақ тіліндегі тағы бір көлемді мақаласы басылды. 4-5-бетке орыс тілінде «Законодательство о социальной защите инвалидов» деген заң актілері жарияланды. 6-бетте орыс тілінде «С заботой о людях» деген атпен Тараз қаласындағы атақты ортоларинголог Ю.А. Кученевтың клиникасы, оның емдеу тәсілі жазылды. Бұл «Жанашыр-Милосердие» газетінің меншікті тілшісі М. Өмірбаевтың қаламынан туындаған еді.
«Жанашыр-Милосердие» газеті желтоқсан айында жарық көргеннен кейін Қайрат Рысқұлбеков және оның жақындары туралы осы газеттің редакторы да қалам тартты. Бұл мақала «Қуғынға түскен Қайраттың жақындары»-деп аталады.
— Әр халықта да киелі ұғым бар. 1986 жылдың желтоқсаны біз үшін сондай қастер тұтар сөз. Мұз құрсанған желтоқсан ызғарын еріткен, жастық жалын иелерін ессіз еді,ю — деп кім айтар? Көпшілік бұзылмаған сеңнің іргесін сөгіп, тоталитарлық жүйенің күні санаулы дегізген, сәл кейін оның да сел-селін шығарған құдіретті күш желтоқсан оқиғасынан бастау алмап па еді? Менменсінген талайға Қазақ деген халыққа бас киімін алдырып, сәлем бергізген де желтоқсан емес пе еді.
Міне, сол Желтоқсан ызғары құрсауының ашылғанына да 14 жыл болды. Бірақ бәріне уақыт емші. Қандай қайғыдан қарыс ұрып тұрсаңыз да, оның серпілетін кезі туады! — деп айтқанмен, сол Желтоқсан ызғарынан қалған дақтың біздің санамыздан кетпегенін басқа жұрт біле ме екен. Біздің ғана емес, әкем Ноғайбай, шешем Дәметкен, әжем Написа Жанұзаққызын, бізге жақын туысқандармен қоса Желтоқсан ызғары әжем Написа Жанұзаққызының інілерін де шарпыған жоқ па? — деп Қайрат Рысқұлбековты туған ағасы Есентай бұрын соңды біз естімеген әңгіменің сырын ашты. — Қайратты Мойынқұмнан ұстап әкеткен соң тергеу ұзаққа созылды. Қайрат пен Талғат екеуі тете, арасы бір жас еді. Алматыдағы сәулет институтына барарда совхоздан 60-70 тайынша алып, бордақылау ісін мердігерлік әдіспен бастаған едік.
Қайратты қамауға алғаннан кейін-ақ Талғатты институттан шығарып жіберген. Алғашында үйде жүріп, бордақылап отырған малды әкем екеуі қараған еді. Мен ол кезде ауылда инженер-электрик болып жұмыс істейтінмін.
Қайрат ұсталып, тергеуде жүргеніне бір-бір жарым апта өткен кезде, Алматыдан, облыс орталығы, ауданнан келген тергеу жүйесінің мамандары Талғатты қайта-қайта сұраққа алумен болды, мені де сыныққа сылтау тауып істеп жүрген қызметімнен босатты. Алматыда қамауда жатқан Қайратқа жолығып хабар алмақ түгіл орган қызметкерлері мен партия ұйымының хатшысына дейін арнайы тапсырмамен біздің отбасымыздың аяқ басқан ізін аңдумен болды.
Бір-екі аптаның ішінде бәрімізді жұмыстан босатып та үлгерді. Әкем Ноғайбайдың алдындағы малды алуға ауылда қабылдайтын адамдардың реті келмеді. Өйткені бір тоға жұмсақ мінезді әкемді ел сыйлаушы еді. Әрі қыстың көзі қырауда қатынап істегенге шет жақтан да ешкім келе қоймады.
Осыдан 14 жыл бұрынғы ызғарлы Желтоқсан оқиғасының тікелей Колбин, Мирошник, Князевтың қолымен істелінгеніне, оның соңы жаппай қудалауға ұласқанына ел қазір мүмкін сенбес те.
Қудалау жағдайын біздің жақын ағайынымыз, туған нағашыммен қоса түп нағашым әжемнің інілері Орман Жанұзақұлы, Тұрлыбай Әпсеметұлы да бастан кешірді. Написа әжемнің туған сіңілісінің баласы әкем Ноғайбайдың туған бөлесі Сайлаубек Наурызбаев та аудан көлеміндегі басшы қызметтен шеттетіліп, ауылда қатардағы жұмысшы болып кетті. Әсіресе, Орман Жанұзақұлы Жамбылдағы ең ірі қант зауытында 1958 жылдан қатардағы жұмысшы боп кіріп, партия мектебін бітіргеннен кейін 15 жылдан аса сол зауыттың партия ұйымының хатшысы болып қызмет істеп жүргенде Колбин мен оның қолшоқпарларының солақай саясатының әсерінен қызметінен босатылды.
Барлығының өмірбаянын тиісті органдар тексеріп келгенде Қайрат Рысқұлбековтің жақын туыстары Желтоқсан оқиғасына қатысты деген ат пен айдардан бөлек, ұлтшыл, халық жауының ұрпағы деген күйе жағып, сенімсіздік білдірген еді. Оған мұрағатта сақталған құпия құжаттағы деректер себеп болды. Сонау 1937 жылғы Орманның әкесі Жанұзақ Қырғызбаев 70 жасында халық жауы деген жаламен Томск қаласына айдалып, хабар-ошарсыз кеткен еді. Ал, Өмірзақ сүзек ауруына шалдыққан соң айдаудан аман қалды да, туған жердің топырағы бұйырып, сол 1937 жылдары дүние салды «Бесжылдық» аулына жерленген. Өмірзақтан Шайкүл атты қыз Жасөркенде тұрады. Орман Жанұзақұлының жиені Нұрман Әлімқұлов (Шайкүл әпкенің жалғыз баласы) ұзақ жыл органда істеген, қазір құрметті демалыста.
Әрине әлгінде аталған кісілер 1957 жылы ақталғанды. Қайрат Рысқұлбековті өтірік жала мен айғақтың атын атап жамылып тұқым қуалаған ұлтшыл, қоғамға өте қауіпті жан, Савицкийді өлтірген деген ұр да жық шешіммен қатаң да ауыр ату жазасына кескенімен тұрмай бауырларын, жақындарын да қуғындаған тұғын. Оның үстіне жарты жылдан соң әкесі Ноғайбайды да «малдың салмағы кеміген, дұрыс қарамағансың» деген сылтаумен соттап Жаңатас қаласынан бірақ шығарады. Біз үшін жариялылықтың есігі тарс жабылды. Алайда бізден гөрі әділетке бір табан жақын Батыс Қайрат Рысқұлбековтің өлім жазасына кесілгенін естіген заматта дүр ете түскен. Қайраттай жас боздақты құтқаруға жұмылып, аянып қалмапты.
Адам айтқысыз қатал жазаға қарсы наразылықтар тасырайған Кремлге үсті-үстіне жолданып, иліктірмек ниет білдіріпті. Ол туралы естімеппіз де, білмеппіз де. Дегенмен Батыстың қоғамдық өткір пікірі ізсіз қалмаған сияқты. Өлім жазасы 20 жыл абақтымен ауыстырылды.
Осындай жанашырлық көрсетіп, араша түскен қауымнан сескенген Жаңатас қаласындағы түрмеге жедел түрде құпия нұсқау беріліп, Қайраттың әкесі Ноғайбай Рысқұлбековті басқа қаланың абақтысына ауыстырмақ болды. Бұл жағдайды арадағы сәлем жеткізуші кісілер Ноғайбайдың тағы бір нағашысына хабарлайды. Ол кезде Нұрман Әлімқұлов органның беделді қызметкері. Туысқанның аты туысқан емес пе, осы Нұрман Әлімқұлов бөлесі Ноғайбай Рысқұлбековті басқа абақтыға жібермеу жолын қарастырып, тиісті жерлердің бәріне хат жолдап көмек еткен екен.
Сол Жаңатастағы абақтыда денсаулықтан айырылған әрі баласы Қайраттың қасіреті жеңген Ноғайбай 1993 жылы көктемде дүние салды. Ноғайбайдың анасы Орманның туған әпкесі Написа қазір 80 жаста, Айдарлыда тұрады. Анасы Дәметкен Желтоқсанның 14 жылдығына арнайы шақырумен Алматы қаласына жүрмекші. Бірақ қуғынға түскен алтын асықтай ұлы — Қайраттың орнын толтыра ала ма? Амал қанша? Жазымыш солай да. Қайрат жалғыз Ноғайбай мен Дәметкеннің ұлы емес, халықтың ұлы. Оның сүйегі Семейде, ұлы Абай атасының жерінде жатыр.
«Жанашыр — Милосердие» зазетіне тек патриоттық тұрғыдағы дүниелер ғана емес, өнер қайраткерлері, ғалым, суретшілер жайында да жариялап тұрдық. Сондай-ақ осы Қазақ саңыраулар қоғамында еңбек етіп жүрген кісілермен қатар, қоғамға еңбегі сіңген қарапайым еңбеккерлерден бастап, басшы қызметте жүрген жандарға дейін жазылып та, басылып та жатты.
Әсіресе Қазақ саңыраулар қоғамы мен зағиптар қоғамына еңбегі сіңген тума талант, белгілі ғалым, математика саласында көптеген тың тақырыпқа жол ашып, бүкіл әлемге танымал болған, Қырғызбай Қаңтарбаев туралы мақала оқырманды елең еткізді.
Мылқаулардың «сөйлеу» әдістерін жетілдірген, зағиптарға арналған жазу машинасын ойлап тапқан қазақ стенографиясының атасы, 1963 жылдан КСРО суретшілер одағының мүшесі, математик, 77 жасар майдангер, қарт ұстаз Қырғызбай Қаңтарбаев туралы «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Мақұлбек Рысдаулеттің «Қызық кісі» атты тақырыппен жарияланған мақаласын оқып, танысқан соң, бұрын да Қырғызбай Қаңтарбаев туралы естігендіктен әрі туған қызы Ақдана Қаңтарбаевамен Байзақ ауданында бұдан он бір жыл бұрын қызмет бабымен таныстығымыз болғандықтан оны іздеп шықтым. Ақдана Қырғызбайқызының іс-қағазға, тарихи құжаттарға ұқыптылығы мен ықтияттылығын, өнегелі өнерге деген ықыласын жақсы білетінмін. Өзі суретті де тамаша салатын еді.
«Шу деген атқа демеу»-дегендей қазақ халқының дарынды ұлының бірі, Ақдананың туған әкесі Қырғызбай Қаңтарбаев туралы жаңа деректер тауып, халыққа, оқырманға жеткізуге асықтым. Әрі зағиптар мен саңыраулар қоғамы пайдаланып отырған жазу машинасы мен саңыраулар қоғамы пайдаланып отырған жазу машинасы мен сурдо аппаратының авторы Қырғызбай Қантарбаев екенін Қазақ саңыраулар қоғамы мен қазақ зағиптар қоғамына таныту да ойда болды.
Ақдана Қырғызбайқызы оп-оңай табыла кетті. Ол Жамбыл қаласындағы Тараз ашық акционерлік қоғамында жауапты қызмет атқарады екен. Арада он бір жыл өтсе де ол мені бірден таныды.
Көп ұзамай Ақдананың үйінде отырдық. Ол жеке мұрағатында сақталған, қырық бір жыл бұрын басылымға жарияланған өз әкесі Қырғызбай Қаңтарбаев туралы өте құнды деректерді көрсете отырып, бір үлкен әңгіменің сырын ашты.
Қырғызбай Қаңтарбаев араб тілін үйрену ережелерін, зағиптарға арналған жазу машинкасын ойлап тауып, мылқаулардың «сөйлеу» әдістерін жетілдірген. Кезінде зағиптарға жазу машинкасы өндіріске қабылданып, 1000 сом сыйақы әрі өнер тапқыштық патентін алған. Әрине, мылқау сөйлейді дегенге ешкім сене қоймас. Бірақ Қырғызбай ақсақал зағиптың жазуын нотаға, одан үн таспаға түсірген. Одан құрал-сайман апаратымен мылқау кісілерге суреттің ымы арқылы жүзеге асыруға болатынын дәлелдеген.
Тараз қаласындағы Саңыраулар қоғамының оқу-өндірістік мекемесінің директоры Мұрат Өтебаев компьютер жетістігін пайдаланып, осы Қырғызбай Қаңтарбаев айтқан тәсілмен зағиптар мен мылқау кісілердің өзара «сөйлеу» тәсілдерін одан әрі жетілдіру үшін өз мекемесінде тәжірибе жүргізу үстінде.
Қырғызбай Ырысұлы Қаңтарбаев бір емес, төрт оқу орнын бітірген. Шымкент мұғалімдер училищесін, Алматыда Абай атындағы педагогикалық институтты, Қазанда суретшілер училищесін, Мәскеуде жоғары стенографистер курсын бітірді. Ол 7 және 13 сандарының бөлгіштігін табу үшін отыз жыл басын қатырған. Сондай-ақ Қырғызбай ақсақал санның түбірін табудың да жаңа жолын ашқан.
Қырғызбай Ырысұлы туралы 2000 жылы «Ақ жол» газетінде Б. Ахмет «Жанартау жанымызда жүр байқалмай...» атты мақала жазған еді.
Қосуға қарсы-алу, көбейтуге қарсы-бөлу амалдары бар. Ал дәрежелеуге қарсы түбірлеуді тауып, алғаш формуласын қорытқан да Қырғызбай Ырысұлы еді,-дейді автор. — Осы жаңалығын аттай қалап, сұрастырып «Нобель сыйлығына» ұсынуға да уәде еткен пысықайлар болды-ау. Ол кісі «7» «13» «40» сандарының құпиясын, бөлінгіштігін де тапты. Қырғызбай ақсақал ойлап тапқан «Қырық есеп» әлдебір пысықайдың жиендік жасаумен ілгеріде кітап болып та басылды. Қырекеңнің соңғы жылдары жеке атау сөздер төркінін зерттеді. Бұл салада ол бір кісідей еңбектенген. Онысы бір құнды зерттеуге бара-бар десе де болады.
Ол кісі қазақтың қолданбалы өнерінің барлық саласында (суретшілік, мүсіншілік, қол өнері, гобелен, тағы басқалары) да өзіндік қолтаңба қалдырды. Ол былай тұрсын стенография, лингвистика, математика филология ғылымдарына да енгізген жаңалықтары бар. Жаңалық ашу екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Апырмай, сонда бұл кісіні кім дейміз? Елде жоқ эрудит, полиглот па? Ол кісіге бәрі де сыйымды. Тағдыры ғажапқа толы екендігі анық.
Қырғызбай Ырысұлының кішкентайынан не нәрсеге де қызығушылығы білмекке құштарлығы сар алтындай талантының біртіндеп ашылуына да ықпал етті. Ол Жамбыл ауданындағы Молотов атындағы ұжымшарда сегіз сынып бітірді. Мектепте оқып жүргенінде-ақ сурет салумен шұғылданды. Туған елімізде ауыл мен мектеп өміріндегі айырықша оқиғалар кенеп бетінен көрініс тапты.
...Ақдана Қырғызбай қызы Қаңтарбаеваның жеке мұрағатында сақталған сонау 1960 жылы «Коммунист» газетінде (№51) «Народный умелец» деген тақырыппен жарияланған мақаласында А. Попов қысқаша былай деп жазған; «Киргизбай Кантарбаев давно увлекается изучением казахского прикладного искусства. А его альбомах собраны многочисленные зарисовки национальных узоров орнамента.
Все свое свободное время Кантарбаев отдает любимому делу. На областную выставку прикладного искуства он представил мастерски выполненую в национальном стиле резную деревянную раму к трюмо, гардины и подставку для сундука. Резной стул и орнаментированный сундук работы Кантарбаева экспортируются в Ленинградском центральном музее этнографии народов СССР и в Қазахской республиканской художественной галерее имени Шевченко. Москвичи видели изготовленные им и резные двери для юрты.
Недавно Киргизбай Кантарбаев принят в Союз художников Казахстана. В этом году предстоит Всесоюзная выставка работ самодеятельных художников. Усиленно готовится к ней и К. Кантарбаев. Из цельного куска яблоневого дерева он вырезал народный музыкальный инструмент кобыз богато орнаментированный резьбой по кости. Специалисты-музыканты дают высокую оценку этому инструменту. Он же заканчивает деревянную скульптуру девушки — казашки. Богаты творческие замыслы самодеятельного художника. В ближайшее время он думает вырезать футляр для часов, декоративную раму для картин и т.д.».
Ақдананың жеке мұрағатын ақтарып отырып, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1960 жылдың 11-маусымындағы №137-санынан «Ағаштан түйін түйді» атты Анарбек Айтбаетың мақаласына көзім түсті.
«Ағаш ұсталығы өнеріне қаладағы Жамбыл орта мектебінің оқытушысы Қырғызбай Қаңтарбаев жастайынан құмар еді. Ол бертін келе бұл өнермен шындап шұғылданды.
Түрлі стол, орындықтар, киім ілгіштер жасады. Қазақ әдебиеті мен өнерінің Москвада өтетін онкүндігіне әзірлік кезінде қазақ үйінің шаңырағын жасады, әсем түр салып киіздерін бастырды. Ұлттық нақыштармен өрнектелген алты қанат ақ боз үй онкүндік кезінде Москвада жоғары бағаланды.
Қаңтарбаев бұдан кейін де өнер шеберлігін жетілдіре түсуде. Енді ол сүйектен түрлі заттар жасауға кірісті. Бұған керекті құрал жабдықты да өзі қолдан жасады. Сөйтіп, сүйектен де ою-өрнек жасап, ағашқа ойып қондырды.
Бүгінде Қырғызбай Қаңтарбаев жасаған бірқатар заттар Ленинградтағы СССР халықтарының музейіне қойылған.
Қырғызбай Ырысұлының біз айтқан бұл заттарынан басқа ұлттық ою-өрнекті пайдалана отырып жасаған заттары көп. Олардың қай-қайсысы болса да көрушілерді сүйсіндіріп, өзінің шебер жасағандығымен жұрттың назарын аударады», дейді автор.
Ақдананың көптеген құнды құжаттарының ішінен «Социалистік Қазақстан» газетінің 1968 жылдың 10 қазанындағы № 238 санынан А. Махамбетовтың «Қырғызбай осындай адам» атты мақаласына да көз жүгірттім.
«Өзіңмен талай жүздесіп, күнде сөйлесіп жүрген адамды да жете білмейсің» деген жолдасымның сөзіне талай дауласқаным бар. Жолдасымның пікірі орынды екенін соңғы бір оқиғадан кейін ғана мойындадым. Ол былай басталған еді.
Оқу үйінің алдында бір топ оқушылар мұғалім Қырғызбай Қаңтарбаевты қоршап әңгіме тыңдап тұрды. Жолдасым екеуміз де сол топқа қосылдық. «Менделеевтің ұлы химик екенін бәрімізде білеміз. Ал чемодан жасаушы шебер екенін әркім біле білмесе керек»-деп ол бізбен сәлемдесіп болған соң әңгімесін одан әрі жалғастырды. Менделеевтің жасаған чемондандарын тек сол маңайдағылар біліп қоймаған, тіпті шет елдерден іздеп келіп алатындар да көп болған. Ал чемодан алушылар Менделеевтің ұлы химик екенін білмеген. Сондай-ақ Менделеевтің чемодан жасаушы шебер екенін, сол кездегі ғалымдардың да көпшілігі біле бермепті. Чемоданның жеңіл әрі берік болуына ұлы химиктің өзі жасаған желімді пайдалануы себеп болса керек...»
Қоңырау соғылып балалар қимастықпен кластарына тартты. Бұл әңгімені жолдасым екеуміз де бірінші рет естіген едік.
— Сен Қырғызбайды жақсы білесі бе?-деді жолдасым.
Әрине жақсы білемін. Мұғалім керек десең үйінде, бала-шағасына дейін білемін, — дедім.
— Бәрібір сен ол кісіні білмейді екенсің...
Сабырлы да салмақты үнмен Қырғызбай өзі туралы сараңдау сөйледі: «Дүние де оңайлықпен келетін еш нәрсе жоқ. Бір істі қолға алған соң, соның нәтижесіне жету керек. Бір нәрсені ойласақ оның соңынан тағы бір ойлар туады екен. Мысалы, сіздерге қызық болып отырған соқырлар жазатын машинаны ойлап табудан бұрын, олардың жазуын үйрендім. Соқырлар пайдаланатын әріпті көзі барлардың көпшілігі білмейді. Соқырлар көзі барларға хат жазуды қатты арман етеді-ау деген ой келді. Бірақ оны іске асыруды, яғни соқырларға арналған жазу машинасын құрастыру көп еңбектенуді қажет етті. Ал қазір зағиптардан алғыс алдым».
Төргі бөлме. Онда өте сирек кездесетін мұқабасы сарғайған ескі кітаптардан бастап, осы заманғы әдебиет пен өнер жөніндегі жаңа кітаптар сықалып тұр. Бір папканың сыртында «Әндер» деген жазу бар. Бұл қалың қағаздағы біраз әндерді халық аузынан жинап, нотаға түсірген екен. Ішінде соңғы кезде шыққан ән жинақтарына енбегендері де бар екен.
«Ал мына әндерді мен өзім ешбір жинақтан көре алмадым,-деді» де ол ойыншық пианинодан бірнеше әнді ойнады. Ойыншық пианиноның өзінде бұл індер өте сүйкімді естілді. Біздің құлағымызға тимеген әндер екен. Үлкен — үлкен шкафтардың бірінің ішінен сүйектен жасалған мүсіндер көрінеді.
Алып көрдік, сүйектен жасалған мүсіннің астында никельденген темір пластинка жалтылдайды. Онда;
«Мен де адаммын жаралған
сүйек, еттен,
Менде ой бар, пікір бар,
жан тербеткен»
Халқымның қарапайым бір
ұлымын,
Жанымды арым үшін
құрбан еткен» —
деп жазылған екен.
Бұл Бауыржан Момышұлының өлеңі екенін біле кеттік. Мүсінге қарасақ, желбегей жамылған шинелі, басында папахасы бар, ойлы, өткір көзді полковник Бауыржан Момышұлының өзі. Сөренің қақ ортасында ақ мрамордан жасалған ұлы көсеміміз В.И. Лениннің екі жағында ұлы ақындарымыз Абай мен Жамбыл және қара күшімен дүниені басқан алып — Қажымұқан палуанның мүсіндері тұр. Саусақтары қобызда, қолаң шашының бір өрімі алдында, екіншісі артына бос жіберілген үкілі тақиясы бар қорғасыннан жасалған қазақ қызының мүсіні ерекше көз тартады.
Соңғы кездерде Қырғызбай Қаңтарбаев математика саласында біраз еңбектенген. Ол да нәтиже берген. Сандардың куб түбірін табудың, сандардың «7» ге бөлінгіштігі жөнінде 3 және 10, одан да көп таңбалы сандар мен мысалдар алып көрсетті. Біз Выгодскийдің анықтамасындағы тәртіппен Қырекеңнің шығарған есебін тексеріп көргенімізде Қырекең: «Ол тәртіппен бөлгенше, көп таңбалы сандарды бір таңбалы санға бөлу ережесімен бөлсеңдер тез шығармайсыздар ма — деп жымиды. Бұл күлкі оны шынайы да сыпайы көрсетті. Сандардың 7-ге бөлінгіштік қасиеті жөнінде математика тарихында бірде-бір математика тарихында бірде-бір математика осы уақытқа дейін дәйекті тұжырым жасамағанын айтсақ, Қырекеңнің бұл жаңалығы ерекше еккенін көрсетеді.
Әңгіме үстінде біз Қырғызбай Ырысұлының орта мектеп оқушылары үшін «Физика есептерін оңай шығару әдістері» деген кітап жазбақ ойын байқадық.
— Сурет өнерінде де жұмыстарыңыз бер екен ғой — дегенімде.
— Сурет салу — ол қолдан келеді. Оны жаңағы дипломдарын көрген боларсыздар — деді.
Біз мұғалім үйінен сыртқа шықтық «Жамыбыл зоотехникалық — мал дәрігерлігі техникумның мұғалімі Қырғызбай Қаңтарбаев осындай адам» деп мен әрбір адамға айтқым келеді. Ерекшелігі жоқ, осындай қарапайым адамның осыншама өнер иесі екенін қасында жүріп білмеуді жөн көрмедім. Өзімді өзім кінәладым. «Жақсы адам жаныңда жүр» деген осы екен» деп жазады автор.
«Ваша Защита» газеті де 2001 жылы Қырғызбай Ырысұлы Қаңтарбаевтың осыншама өнер иесі екенін барша қауымға паш еткен. Ақдана сарғайып кеткен келесі құжаттарды көрсетуге дайындап жатқан кезде «өнерлі де білімді адамдар жаныңда жүрсе де, оларды басқа жақтан іздейтініміз бар-ау» дедім ішімнен.
Ақдана көрікті жүзін маған бұрып, «Мынаны да көріңіз дегендей» жымиған бойы тағы бір құжатты ұсына берді.
Мен құжатты қарап отырғанымда Ақдана әкесі Қырғызбай Ырысұлы туралы өмірдеректің тағы бір сырын ашты.
«Әкем туған үйі әлі Тараз қаласының ортасында тұр. Атамды — әкемні әкесі Ырыс Қаңтарбаевты «Халық жауы» деп алып кеткеннен кейін бізді де қудалаған дейді әкем Қырғызбай» деді ол.
Ақдананың көрсеткен құжаттарын көрсем шынында да қазіргі Абай даңғылы бұрынғы темірші (құжаттағы аты) көшесіндегі Тараз қаласының орталық алаңына жақын тұрған еңселі ғимарат Қырғызбайдың әкесі, адвокат Ырыс Қаңтарбаевтың үйі екен. Көзі ашық азамат кезінде үйінің құжаттарын дұрыстап жасатып бекіттірсе керек. Әкесін «Тұрар Рыққұловпен, Ораз Жандосовпен байланыста болдың» деп айыптап, халық жауы ретінде атып жіберіпті. Бірақ көп кітаптардың арасында үйдің құжаты сақталып қалыпты. Ақдананың айтуынша Қырғызбай ақсақал осы маған көрсеткен құжаттарды көтеріп, өзі дүниеге келген, туған әкесі Ырыстың үйін қайтарып алып, ерекше мұражайға айналдарсам деп талай жерге барыпты. Бірақ біреуі де сөзіне құлақ аспаған. Сөйтіп бостан босқа ала шапқын болып, 240 мың теңге қаражат жұмсапты.
Шынында да әкесі салған, өзінің дүниеге келген үйін қайтарып алса несі айып? Бәлен жыл бойы сақталған үй құжаты меншік иесін айғақтап тұрған жоқ па? Ең болмағанда Қырғызбай Қаңтарбаевтың еліне сіңірген еңбегін ескеріп, келешек ұрпақтың, халықтың игілігі үшін керекті құжаттарды ыңғайластырып, мұражай етуге болмас па екен?
Қырғызбай Қаңтарбаев сияқты он саусағынан өнері тамған адамның қолынан шыққан бағасы жоқ туындыларға сонау алыстағы Италия, Венгрия, Жапония және Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы ел-жұрт аузын ашып, көзін жұмғанда, егемен ел болған Қазақстан оның еңбегін бағалап, неге өзі үшін көзінің тірісінде мұражай етіп бермейді?
Қырғызбай ақсақалдың шыр етіп дүниеге келген үй кезінде қазақты бүкіл әлемге танытқан балуан Қажымұқан, қоғам қайраткерлері Т. Рысқұлов, С. Сейфуллин, О. Жандосов, Ғ. Мұратбаев, Д. Фурманов және де көптеген біртуар азаматтар талай рет ат басын тіреп, дәм татқан қасиетті шаңырақ.
Міне сол ұлы адамдардың ниет-тілегі, шын жүректен берген батасы Қырғызбай Қаңтарбаевқа жұғысты болып, тума талант иесіне айналды.
Соңғы кезде Қырекеңмен мен де бірнеше рет жүздесіп, сұхбаттастым.
Жасы сексеннің үстіндегі ақсақалмен соңғы кездесуімде:
— Қыреке, мен сізбен қоштаспаймын, тағы да келемін. Өзіңізбен әлі талай жүздесемін,-деп уәде бергенмін.
Сондай-ақ Қазақ саңыраулар қоғамының ресми түрде ат қойып айдар таққан қазақша, орысша мылқаулардың сөйлеу тәсілімен, яғни үш тілде сөйлейтін «Жанашыр-Милосердие» газетіне де, жарыққа шыққан бір-екі санынан кейін-ақ, Степногорск қаласында мемлекеттік тілде жарық көрген «Жаңалық» газетіне келіп түскен хаттар секілді «Жанашыр-Милосердие» газетінің редакциясына да хат қарша борады. Саңыраулар қоғамының мүшелері мен мүгедектерден бөлек, он екі мүшесі түгелдері де баршылық еді. Барлығының да жолдаған хаттарының мазмұны бір. «Кассаға (жинақ кассасына) салған ақшамыз қайда? Кімнен талап етеміз? — деп сұрайды бәрі. Бұл маған таныс жағдай. Бұрын өз басымнан кешке жайт және хат иелеріне жауапты жедел түрде беруге асығып, хат-сұрақтардың түйінді-түйінділерін ғана алдым. Мазмұны ортақ тағы бір көп хаттар келді.
«Біз несиені алғашында төменгі пайызбен алып, өнім өндірдік, несиені де уақытысында өтеп, әжептәуір табысқа кенелуші едік. Қазіргі уақытта табыс таппақ тұрмақ, өндірген өнімімізді өткізе алмаймыз. Шыққан шығынымызды өтемейді» дейді хат иелері.
Бұл да маған таныс сұрақ. Осыдан он жыл бұрын менің «Көлқайнар» атты кооперативім осындай жағдайға душар болып, осы хат иелері секілді жауап іздеп, шарқ ұрғанмын! Ашпаған есігім, баспаған табалдырығым қалмады. Бірақ ешкімнен мардымды жауап ала алмадым. Сөйтіп күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғанмын. Банктан алған несиенің өсімі шарықтау шегіне жетіп, алған несиеңді өтей алмай жатсаң қайдағы күлкі, қайдағы ұйқы! Ал өндірген өнімім ешкімге керек болмай қалды. Ал, кооператив мүшелері еңбек ақыларын талап етеді.
«Енді не істеймін?» Ақыл айран болды. Ақылдасатын да пенде жоқ!-деп құсалықпен өтіп жатқан күндердің бірінді Жуалы ауданының бұрынғы «Билікөл» совхозындағы автодүкен меңгерушісі, ескі таныс Әуесхан Анарбеков ойламаған жерден «Ақмоладағы» менің дүкеніме келе қалды. Өткен-кеткен әңгіме арасында оған бар жағдайымды жайып салып едім, әңгімемді бөлмей, тыңдап отырған Әукең қолымнан шап беріп ұстай алды да:
— Қорықпа! Қорықпа, бала! Шаруаң шешіледі! Жұмысшыларыңның бәрінің еңбек ақысын бересің! Қарыздарыңнан да құтылатын жол бар!-деді. Әуесхан табанда бір қап ақша алып келіп қолма-қол жұмысшыларыммен есеп айырысатындай — қатты қуандым. Содан қуанғанымнан:
— Аузыңа май, жал-жая, Әуке! Қандай жол?! Айналайын, Әуке, бай болғар айтшы ақылыңды! Қандай жол?! — деп мәре-сәре болдым да қалдым.
— Сабыр, сабыр сақта! Жағдайыңды түсінемін! Енді мені тыңда! Кепілдікке қоятын дүние-мүліктерің жетерлік екен. Бұдан он жылдан астам бұрын мен малшы едім ғой! Болат Кемелбеков екеуіңнің облыстық халықтық бақылау тобымен біздің «Билікөл» совхозының мал фермасына қозы санаққа келгендерің есіңде ме?
— Иә! Иә, келгенбіз!
— Есіңде болса, жаз жайлауымыз, қыс қыстауымыз бір Мұстахи деген көршім есіңде ме?
— Ойбай-ау, Әуке, неге есімде болмасын, әрине есімде.
— Қош! Сол екеуің таныса салысымен, әңгімелерің жарасып, кете-кеткенше талай әңгіменің басын қайырдыңдар ғой!
Иә! Иә, солай! Солай болды! Өзі де бір алтын адам ғой, Әуке! —деп қоям ағымнан жарылып.
— Сол әңгімең жарасқан Мұстахидың Әділхан деген баласы осы біздегі халық банкінің директоры. Мән-жайды соған айт! Бір көмектессе сол көмектеседі! Менің білетінім осы. Басқаша амал көріп тұрғаным жоқ — деген Әукеңнің сөзі маған үлкен дем беріп, «Япыр-ай, «Өлменгенге өлі балық жолығады»-деген осы екен ғой! Өлмейтін болдық қыспақтан шығатын уақыт та жетті» деп айқайлап жіберіппін.
«Несие алатын болыпты» дегенді есіткенде жігіттерім де риза болатын болды. Несиені алған заматта мектепке баратын балаларына арнап бірінші кезекте қаражат бөлдірмесем бе?! Қалған қаражатты жанар-жағар май алып дайын жерге күздік бидай сеуіп тастайын. Шөп жетерлік. Қысқа түсетін мал да көп емес қой! Сауын сиыр және бірер тұяқ қой-ешкіден жұмысшыларыма еңбек ақы орнына берсем. Одан кейін бидай орақ та келіп қалады. Көктем шығып, күн жылынса жаңа туған төл аяқтанып кетеді. «Ақ түйенің қарны жарылды» деген осы. Құдайым берем! десе оп-оңай екен ғой. О, тоба! Жасаған ием, өзің жарылқай көр! деп қиялға беріліп, Әуесханды Мойынқұмдағы малшы қауымына шығарып салған бойда мен де қалаға халық банкіне аттандым. Несие алуға кепілдікке қоятын заттарымның құжаттарын әу бастан дайындап қойғанмын. Несие алатыным анық, оған толық сенімдемін.
Әне-міне дегенше Парковая көшесіндегі Халық банкінің бұрынғы ғимаратына да келіп жеттім. Күзетшілерден жөн-жосықты сұрап алып, директордың кабинетіне бет алдым. Қабылдау бөлмесіндегі Айзада атты хатшы қызбен сөйлесіп тұрып, директор есігінің үстіңгі жағындағы қара жалтырақ әйнек астындағы жазуға көзім түсті. Онда «Директор Оңғарбаев Әділхан Мұстахиұлы» деп жазылыпты. «Сол! Дәл өзі! Әуесханның айтқан адамы! Болды, іс бітті! Жұмысым шешіледі!» деп қуанып кеттім.
Өзімізді таныстырып алып, Айзада қарындастан директорға кіруге рұқсат сұрадым. Ол телефонмен директорға хабарласты ғой деймін, бір уақытта маған қарап:
— Кіріңіз! — деді.
Директорға кірген бойда әңгімемді жүз жылдан бері танып білетін адамдай бастап-ақ едім, содан кейін бір сөзімді бірнеше рет қайталап, ақыр соңында не айтып, не қойғанымды білмей қалдым. Әйтеуір несие туралы қанша рет қайталағанымды бір Құдайым білсін. Директор ләм-мим деп жауап қатпағаннан кейін мүлде састым.
Менің мына күйімді түсінді ғой деймін, бір кезде ол:
— Сәке! Бағанадан бері айтып жатқаныңыздың бәрі дұрыс. Бәрі шындық. Елде, соның ішінде ауылшаруашылығы саласында болып жатқан жағдай бәрімізге мәлім! — деп сөз саптауын әріден бастады да елдегі ахуалды, рубльдің құнсыздануын, ауыл шаруашылығы ғана емес, өндіріс орындарының да дағдарысқа ұшырағанын президентіміз бас болып, осы дағдарыстан шығу жолын қарастырып жатқанын ұзақ түсіндірді. Оның айтқандарында өзім білетін де, білмейтін де жайттар бар еді.
— Өткен 1992 жылы Қазақстаннан жиырма шақты банкир Англияға барып оқып қайттық. Курста оқу барысында оларды несие беру 8-9% аспайтынын біліп, аң-таң болдық. Бұларда инфляция деген ұғымның жоқ екенін біліп тағы да бас шайқадық,-деді ол әңгіме арасында.
— Неге? — деп сұрадым мен.
— Соны айтайын! — деп отырмын ғой. Олар да біздегі жағдайды, әсіресе «несиені қанша пайызбен бересіздер?»-деп сұрағанда «Төрт жүз проценттен асты, — дегеніміз сол-ақ екен, дәріс беріп тұрған профессорымыздың көзі аларып, «Мүмкін емес! Мүмкін емес!» Қалай жұмыс істеп жатырсыңдар?! Бұл дегенің инфляция емес, тіпті гиперинфляция! — дей берді байғұс. Өз жұмысына шексіз берілген жан екен бізге, біздің елімізге тіпті жаны ашып кетті.
Шындығында да 1992 жылы несие пайызы 20% бастап, 400 пайызға дейін барды ғой. Міне, Сабыр, алған несиенің пайызы шарықтап өскеннен кейін қандай өнім өндіруге болады? Ол өнімің қалайша арзан болады? Міне, сен де осы 1992-ің несиесін алып, гиперинфляцияға ұрындың. Енді «тағы да несие аламын» дейсің. Кепілдікке қойған дүние-мүлкің банкке тағы да өтіп кетпесін десең шамалы қоя тұр. Өзіміздің ұлттық валютамыз шықсын. Ол қазір қолға алынуда. Сөйтіп тапшылықтың орны толсын. Әр Республика өз жолымен бір қалыпты экономикалық жүйеге түссін.
Содан кейін несие ала бер. Саған менің айтып отырған достығым әрі шаруашылығыңның шырқы бұзылып іргесі сөгілмесін, еңбек еткен адамдардың еңбек ақысын беріп, есеп-қисап жасасып, жаңа тіршілік көзін бастайын деген ойыңды білгеннен кейін айтып отырғаным. Әйтпесе көптеген ауылдағы ағайындар бағыт бағдарсыз жұмыс істеп, тақырға отырды ғой? Қайта сен өлшеп-пішіп әрекет жасағаныңның арқасында шаруашылығыңды құлдыратпай, бір жақты етіп отырсың ғой. Енді шамалы уақыт шыдап шаруаңмен айналыса бер.
— Әділхан Мұстахиұлы, шамалы уақыт болғанда қанша? Жарты жыл ма, жоқ бір жарым жыл айналысып барып келейін бе?
— Нақты мына уақыт деп саған қалай уәде берейін. Әйтсе де көп ұзамай-ақ келесің. Оған сенімім бар.
Өйткені нақты іскерлікті талап ететін шаруалар күтіп тұр. Әрине жағдайымыз дұрыс болып, инфляция шырмауында қалмағанда сен сияқты тиянақты тұлғалардың санын көбейтпесек кеудесінен итермейміз ғой. Заңды түрде кепілдікке қоятын мүліктеріңмен тұрақты қалыппен жұмыс істегенге не жетсін. Оқасы жоқ, Сабыр, «Ештен кеш жақсы»-деген ғой атамыз қазақ. Әкел қолды! Уәде бойынша тура осы бөлмеде барлық қиындықты жеңіп, жылы жүзбен бір жылдан соң кездесейік.
Айтқан сөздерін ұйып тыңдап мәміле жай-жайбарақат отырған мен еріксіз ұсынған қолымды беріп тұрып. Алғашқы рет директордың бөлмесіне кіргендегі «ұрдажықтың» кейпіндегі бейнеме, кешірім өтіндім. Менің риясыз жымиған түр келбетімнен ыңғайсыз жағдайдағы күйімді байқап қалды ма? Жоқ әлде ер-азамат емес пе? Дала заты деген ой болдыма қайдам:
Оқасы жоқ! Шаруа адамның сондай тасұр-тұсыр жүріс тұрысы. Дала дүниесіне сай мінез айбат болмаса ол шаруашылықты қалай игереді? Кең даланы қалай меңгереді? Ал жақсы қажымай-талмай еңбек ет.
Директордың кабинетінен шықсам Айзада отырған қабылдау бөлмесінде кезек күткен адамдар толып отыр екен.
«Масқара! Қанша уақытын алғанмын! Ұят болған екен-ау!» дедім де жылдам басып, сыртқа шыға беріп, 1987 жылдары танысқан Маржан Қожамұратоваға кездесе кеттім. Ол осы банкте юрист-консульт болып қызмет істейді екен. «Казгалантерейторгта» товаровед болып жүріп, Қарағанды университетінің заң факультетінде сырттай оқушы еді.
— Қайдан келе жатырсыз? — деді ол бұрынғы әдетінше жымиып.
— Гиперинфляцияны қалай жою керектігі жөніндегі сабақтан келемін.
— Кім өткізіп жатыр?
— Оңғарбаевтың өзі. Сен неге қатыспадың?
— Білмей қалдым. Маған ешкім айтқан жоқ! Жұмысқа енді ғана орналасып едім.
Қайран алтын қызым-ай! Баяғы аңқаулығы қалмапты. Менің қылжағыма құдайдай сеніп тұр. Бұл мінезі менің қызыма ұқсас болғаннан кейін бе, қатты еркелеткім келіп кетті.
Ол кісі кез-келген маманды конкурспен қабылдайды. Иә, иә, бас мамандарды ғана емес, тіпті бақылаушы кассирға дейін. Бұл кісінің осындай ерекше әдістемесі бар. Сондай-ақ тағы бір ерекше әдістемесі бар. Сондай-ақ тағы бір ерекше қасиеті — тұрақты түрде, жаңағы өзіңіз айтқандай, сабақ өткізіп тұрады. Одан кейін білгір мамандарды әр-әр жердегі филиалдарға сабақ өткізуге жібереді. Сонымен бірге өзіңіз секілді іскер азаматтармен «Кездесу сағатын» өткіздіреді, нәтижесін өзі жеке қадағалап отырады.
Мен Маржаннан мына жаңалықты естігенімде «Ойпырмай, жаңа ғана Маржанға айтқан қылжағымның шындыққа айналғанына қуандым.
— Атаңнан айналайын Әдеке! Мұндай бастаманы әдетке айналдырғаныңды кім білген? Міне бұл өнегелі бастамаң айдаладағы мені де қуантты, бірінші Құдай, екінші өзіңе сендім» дедім іштей. Сол екі ортада Маржан да өз шаруасына кетуге ыңғай танытты да:
— Енді қашан келесіз? — деді. Бұл жолы ешқандай да әзіл-қалжыңсыз:
— Бір жылдан соң! — деп едім, менің шынымен айтқан сөзіме сенді ме сенбеді ме, әйтеуір:
Жарайды, келіңіз, көріскенше, — деп жақын есіктің біріне кіріп кетті.
Мен сыртқа шығып, машнамның қасына келген соң мана болған әңгімені ой елегінен өткізе бастадым. «Бір жылдан соң кел»-дейді иә мына Оңғарбаев. Неге бір айдан соң емес? Неге екі жылдан соң емес? Түкке түсінсем, бұйырмасын! Бір жылға дейін кім, бар кім жоқ? Әлде алдаусыратып жібергені ме? Одан оған не пайда? Жоқ, әлде шынымен жанашырлық танытқаны ма? Бір көрген адамға да сөйте ме? Қисыны келетін тірлік емес! Жай алып қаштысы болар. Әйтпесе сау басына сақина тілеп несі бар? Тоқта, бәлем, қулығыңды асырғаныңды көрейін. Тура әкеңе барамын! Әкесі жақсы адам! Мұның алып қаштығы салғанын сонда көрейін. Бірдеңе дәметіп отыр-ау, ә?! Бәленің бәрі өзімнен болды. Әңгімені тура әкесін танитындығымнан бастауым керек еді. Қап әттегенай-а! Мейлі тұра тұр енді, бәлем!-деп машинаға отырдым да «Ақмола» қайдасың! — деп тартып кеттім. Ойым құмдағы малшы ауылдан қайтқан Әуесханды жолықтыру. Сөйтіп бүкіл жағдайды алдына жайып салу. Құдай біледі, мына Оңғарбаев бірдеңе дәметті. Қолма-қол ұстата салатын ештеңемнің жоғын біліп, алдап-сулап шығарып салды. «Мені әкесіне ертіп апар. Қолыма ақша тигенде қалағанын беремін!» деп ашық әңгіме жүргізем деген небір ойларымен «Ақмолаға» да келдім.
Құрған жоспарым, әрине өзімше керемет. Онда айтылар әрбір сөзіне дейін жаттап алғам. Бірақ мен күткен Әуесханым әлі жоқ. Енді Әуесханның тілеуін тілеуге кірістім. «Аман-есен оралса» екен деймін. Япыр-ай, «Ойық» не болмаса «Бостандық» не «Ақкөл», «Байсал», «Он алты бел», Михайловка кетті ме екен? Бірақ ол жол оралма ғой! Ең жақын да жақсы жол осы «Ақмола» арқылы өтеді. Басқа жолмен жүрмейді. Оның жөні жоқ. Мүмкін, әлі сауда жасап жатқан шығар. Әлде машинасына бірдеңе болып қалды ма? Техниканың аты-техника ғой!
Осылай Әуесханның тілеуін тілеумен үш күн де өте шықты. Сол күні «Билікөл» совхозының маңдай алды шопаны Билібай өзінің «УАЗик» машинасымен дүкенге сап ете қалды. Билібай совхоздан құмға кетіп бара жатыр екен. Түр әлпетіне қарасам бұрынғы мен білетін Билібай емес. Қабағы қатулы.
— О-! Биліеке, мазаң жоқ қой? Жайшылық па?
— Ә-әй, жайшылық!
— Өткендегі келініңіз қалай, аман-есен аяқ-қолын бауырына алды ма? Немереңіз ендігі қырқынан шыққан шығар? Кіндік әкеге жоралғыңызды жасамайсыз ба? «Ер азамат кіндік әке болған бала жаман жігіт болмайды» дейді ғой үлкен кісілер. Мен осымен үшінші балаға кіндік әкемін. Бірінші кіндік балам мынау дүкеннің артындағы «Лесхоз» дейміз ғой, соның күзетшісі Құдайбергеннің немересі. Сіздің келіннен бір айдай бұрын осы «Ақмола» босанды. Атын Сәрсенбі күні туғаннан кейін, Сәрсенби деп өзім қойдым.
Ал сіздің келінді құмнан осы жерге жеткізгізгенге дейін қатты қиналып қалыпты — дей беріп едім, Билібайым аппақ сақалымен Құдай атып кеткен талай сөзді тоғытпаса бар ма? «Қой сөзімді қор қылмайын» дедім де Ептеп-септеп тезірек саудасын жасатып аттандыруға асықтым. Оған кетер кезде:
— Әуесханға «Ақмолада» күтіп отыр деңізші жолай маған міндетті түрде соқсын, — дедім де дүкеннің қосалқы бөлмесіне үн-түнсіз кіріп кеттім.
Билібайдан соң араға бір күн салып, көптен күткен Әуесханым да келді. Келген бетте автолавкасынан түсер-түспестен:
— Ау-у, інім-ау! Анау біздің «Байды» ренжітіп алыпсың ғой. Өкпесі қара қазандай, — деп жатыр.
— І-І, байларыңыз қатты ренжулі болса, құмнан қайтар жолында ренішін жазып алармыз, — деген сөзімді бірден түсінген Әукең:
— Белгілі бай ғой, — деп қысқа қайырды.
— Әукеңе ат-көлік аман ба?, — деп сұрап үлгергенімше, әңгімені бірден машинасының қорапшасы бұзылып, көп қиыншылық көргенін айтты да:
— Бардың ба Оңғарбаевқа? — деді.
Осы сұрақты күтіп отырған мен сарнап қоя бердім.
— Інім айтып отырғанының бәрі рас. Мен сенемін... Бұл жоспарларыңды жетіскеннен жасап отырған жоқсың. Оны да түсінемін! «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» деген ғой. Сен шаршама! Әділханға пара беріп, ақшамен ұрып ала алмайсың. Өйткені «шыр» етіп дүниеге келгеннен күні бүгінге дейін көз алдымызда өскен бала ғой. Ол баламыздың сыры өзіме мәлім. Әкесі Мұстахиды өзің білесің. Мұстекеңнің тәрбиесін алған бала ондайға бармайды, — деді.
— Әкесі Мұстахи талай ауыртпалықты басынан өткерді сонда да ауыр еңбекке, жетіспеушілікке, жоқшылыққа мойымай, бәрін төтеп беріп, сол еңбегінің жемісін көрген жан. Әйтпесе сол уақыттағы жеті жылдық мектепті «Өте жақсы» деген бағамен бітірген еді. Міне сол әке ақылын тыңдап, құлағына құйып өскен бала осы Әділхан. Оған да бірден Халық банкінің директоры болу оңайға түскен жоқ. Қаншама еңбек, қаншама тер төгілді. Ақырында мұның да қолы жетті. Жоғары білім алу да Әділханға үлкен еңбекпен келді. Он жылдықты бітіргеннен соң ол да әкесі Мұстахи сияқты өмірге деген жолдаманы еңбекпен бастады. Құрылысшы болды. Сөйтіп жүріп оқыды. Еңбек пен білімді қатар алып жүрген Әділхан ақыры жоғары білімді бухгалтер мамандығын алып шықты. Сол уақыт ішінде әкесі құсап жаманды да, жақсыны да көрді. Сондай жөн сен айтты екен, -деп, мен айтты екен,- деп қылмысқа бара ма? Пара алу, жемқорлыққа, дүние қоңыздыққа бару деген мен білетін Оңғарбаевтар әулетінде атымен жоқ. Олар өздерінің адал ісі мен біліміне ғана сенеді. Кісінің ала жібін аттамайды. Сондықтан да пендешілік жасама! Өзіңді жаман қарсы алмапты, бүге-шігесіне дейін айтып сенің пайдаңа шығатын жағын ойлапты. Менің ақылым соның өзі айтқан уақытында бар, — деп әңгімесін бітірді Әуесхан.
— Біз әбден бұрынғы сарынға бой беріп, шындығында да жаман дағдыға үйреніп кетіппіз. Ресейден бұйрық күтіп, жоспаршылдыққа, ұраншылдыққа ұрыныппыз. Соның салдарынан, осындай кезеңге тап келген сияқтымыз. Жаңа ғана сіз айтқан сөздің жаны бар. Аңғалдыққа салынып, Әділханның айтқанына да ден қоймаппын. Расында біріңіз банкирдің, екіншіңіз шаруаның тілімен түсіндіріп, мені ой түбіне үңілуге мәжбүр еттіңіздер. Сондықтан да ертеңгі күн емес, болашаққа болжам жасап, өтпелі кезең ауыртпалығымен, Әділханның сөзімен айтқанда, Қазақстанның қарапайым азаматынан бастап, президентіне дейін халыққа тиімді жағының амалын қарастырып күресу керек. Бізді Ресей лақтырып кетсе, енді өзіміздің Елбасының жаңа заңы, жаңа талабына сай халық игілігін өзіміз жасау үшін жаңа жол, жаңа тәсіл қарастыру қажет.
— Ол қандай жаңа тәсіл?
— Оныңыз барлық байлық, түрінің көзін аршып, соны аршыған адамға тиесілісін, сол байлықтың иесіне де өз үлесін бере келе, кезең қыспағынан біртіндеп шығуға, құнсыздықты да жоюға, әлеуметтік жағдайды да көтеруге болатын жол екен. Мұны маған Әділхан әбден түсіндірді, — дедім мен.
— Осындай жағдаймен бір амалын таппаса, мына қалыппен ұзаққа бара алмаймыз. Не деген сұмдық? Міне мен малшы қауымға азық-түлік жеткізуге құйған жанар-жағар майымның құны апарған азық-түлік құнынан алты есе асып кетті. Қайда бара жатырмыз өзі?
— Бұл мәселені өткенде Әділханға барғанымда «бір қап ұн бұрын 17 сом (рубль) еді. Ал қазір ше? Бес-алты есе өсіп кетті» дегенмін. Сөйтсем көп нәрсенің проблемасына кеп тіреледі екен. Біз оның пайымына бармай құриды екенбіз. Соны Әділхан маған соқырға таяқ ұстатқандай көзімді жеткізді. Әділханның нақты айғағынан кейін бұл қаражат жағындағы аласапыран құнсыздықты түсіндім. Сөйтіп өзімнің шолақ есебім бойынша алған несиеме тана-торпақ алып қойсам күнін жейді емес пе, бір-бір жарым жылдан соң ішкен-жегенін ақтамай ма?- деп едім, енді ол ойымнан, әсіресе сіздің сөзіңізден соң, айныдым. Құрысын, күн санап емес, мына баға сағат санап өсіп жатқанда пайда таппақ тұрмақ, өз басын жеп қоятын түрі бар көрінеді. Оданша «мына құнсыздық бір жақты болғанға дейін қоя тұру керек екен» деп бір тоқтамға келдім, — дедім Әуесханға.
Сол тоқтам бір жыл емес, сегіз жылға созылды. Халық қатты күйзеліске душар болды. Біздің елде бір жақсысы бейбітшілік болды. Көршілес алыс-жақын елдерден күн көріс үшін жұмыс іздегендер күннен-күнге ағылып жатты. Кейбір елдердегі өтпелі кезең дағдарысы ашаршылыққа, соғыс отын тұтандыруға әкеліп соқты. Елбасының көрегенділік саясатының нәтижесінде ондай сұмдықтан біздің ел аман қалды.
Елбасының кемеңгерлігінің арқасында барлық қиыншылықты біртіндеп жеңген күйде ұлттық валюта өз айналымына түсті. Ал өзім де өтпелі кезең дағдарысынан таяқ жеп, қолымда қалған жалғыз КамАЗ-бен сапарға аттандым. Ол да күн көрістің амалы болатын. Содан араға Әділхан айтқан бір жыл емес, бірнеше жылдар салып Халық банкінің директоры Әділхан Оңғарбаевқа келдім.
— Биыл біздің банкке салымшылар саны алпыс пайызға өсіп, үш миллиардтан аса теңгені сақтап отырмыз. Сақтағаннан бөлек, сол халыққа біз несие беру жағының бірнеше түрін жетілдіріп, дамыту жағын да қарастырудамыз. Ұлттық валюта айналымға түскен уақытта көптеген келеңсіз жағдайларды да бастан кештік, — деп бастады әңгімесін Әділхан. — Сол келеңсіз жағдай біраз уақыт бойы біздің банкке халықтың сенімсіздік көз қарасын да туғызды. Банктің негізі салымшылардан тұратындықтан, теңге айналымға түскенде Халық банкінің Республикалық басқару жүйесіндегі басшылары салымшылар жағын қолдап, көптеген жылдар бойы, жинақ кассасына салған ақшасының күймейтін жағын үкімет басшысына (ол кезде Терещенко) түсіндіре алмады. Менің және Целиноград облысындағы Халық банкінің директоры екеуміздің салымшылар жағының ақшасы күймейтін жағдайды қарастырған ұсынысымызды қауқарсыз, жарамсыз деп қабылдамады. Тіпті оны сынға алды. Осындай жіберілген қателіктің нәтижесінен ақшасы күйген салымшылар жағы Халық банкісіне біраз уақыт сенімсіздік танытты. Бұл жағдай банк жұмысына кері әсерін тигізді. Әрі салымшылар «салған ақшамызды тағы да жоғалтып аламыз ба?» деген қауіп те басым болды. Дегенмен уақыт өте келе біздің банктің халықпен жұмыс жүргізу нәтижесінде қалалық, аудандық, керек десеңіз ауылдық жерлердегі бөлімдеріне дейін жүйелі жұмысын зерделей білген салымшылар сенімі қайтадан жандана түсті. Әлгінде облыс көлеміндегі салымшылар санын айтсам. Ал республика бойынша салымшылар саны 25% жетті. Бұл тек қана Халық банкі бойынша. Қалған пайыз мөлшері республикадағы басқа банктердің үлесіне тиді. Біз бір жылда халыққа облыс бойынша 1 млрд 95 млн. теңге несие бердік.
Бұл тек келісімді жалақы алатын кісілерге бергеніміз ғана. Сондай-ақ ауылдық жердегі ағайындарды да қамтыдық. Бұл берілген тұтынушылар қажеттілігін өтейтін несиені өте зәру мұқтажынан басқа да игілікті істеріне жұмсайтындай жағдай туғызу үшін, біздің банк «Қайда жұмсайсың? Не үшін керек?» деп сұрамайды да.
Бұл тұтыну несиесін қай ауданнан да аламын деушілердің қолын қақпай берудеміз. Мысала Сарысу 81 млн., Жуалы 61 млн. Қордай 71 млн., Талас 82 млн., Тұрар Рысқұлов ауданы 21 млн., Шу ауданы бойынша 114 млн., Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандары 529 млн. теңге алды. Соңғы үш елді мекен қаланың құрылымына кіргендіктен қосылып, бірге есептеледі. Барлығы бір жылдың ішінде 100 мрд. несие беріп отырмыз.
Сондай-ақ бұл тұтыну несиесін бөлек шағын және орта кәсіппен айналысатын кәсіпкерлерге берген несиеміз өз алдына. Мақсатымыз халықтың ақшасын сақтап қана қоймай, оған қызмет етіп, тіпті етене араласып, жағдай туғызғанымыздың арқасында халықтың сеніміне кіре бастадық. Енді келешекте екі саланы несиемен қамтамасыз етуге 3 мрд. Теңге беруді жоспарлап отырмыз.
Дәл қазіргі уақытта доллардың құны түсіп жатыр. Бірақ салымшылар тарапынан бұған да алаңдаушылық көрінбейді. Себебі салымшылар да өздері басынан кешкен құнсызданудың іс жүзінде дәмін татқандықтан, ендігі жиған-тергенін күйдірмес үшін сақтық шараларын жасап, неше түрлі валюталық салымға бөліп салып сақтауды әдетке айналдырған. Осы жүйемен теңге, доллар, евро салымын қатар пайдаланған салымшылар әсте ұтылмайды. Ұтылмайтындығына өздерінің де көзі жеткелі қашан.
2002 жылдары доллар салған салымшылар 60% құраса, үстіміздегі жылы ол көрсеткіш 40 пайызды ғана құрап отыр. Керісінше өзіміздің ұлттық валютаның салымшылары 60 пайыздан асып, күннен күнге өсу үстінде. Теңгенің жылына төленетін пайыз мөлшері артық болғандықтан көптеген салымшылар өзіміздің ұлттық валютаны салуға ынталы. Келешекте де ұлттық валютаның құны тұрақты болады ғой деп ойлаймын.
1992 жылғы әңгімемнің барысын да айта кетейін. Сол сен келіп сұрағанда менің Англияға барып келген кезім еді ғой. Содан бері де қаншама жылдар өтті, қаншама көзге көрінетін ауқымды жұмыстар атқарылды. Сол атқарылған жұмыстардың бәрі жедел прогрессивтік қарқын мен техниканың маңдай алды жетістіктері енгізілген өркениетті елдерден үйренгеніміздің, оны өзіміздің жүйеге келтіріп, кәдеге асырғанымыздың жемісі ғой деймін. Қазақта «Көре-көре көсем боласың» деген бар ғой. Бұл да осындай іс-әреткеттен кейін дүниеге келген сөз болса керек.
Англияда алғаш рет компьютерлік жүйені көргенімізде бізде әлі күнге қарапайым есеп машинкалары еді. Бүгінгі таңда сол компьютерлік жүйеге де жеттік. Осы жетістіктің бәрі жалғыз менің еңбегім емес, барлық ұжым қызметкерлерінің, мамандардың да еңбегі.
Алғашқы валютамыз енген күннен бастап, инфляция жылма-жыл төмендеп, бүгінгі күнде, құдайға шүкір, дүние жүзілік деңгейге жуықтады деп толық айтуға болады. Он жылдың ішінде осындай жетістікке жету де оңайға түскен жоқ. Дегенмен әлі де жоғары. Сондықтан да шет елдің несиесін алып, оған өзіміздің пайыздық мөлшердегі сомнан қосып жұмыс жасауға тура келіп тұр. Келешекте осы қарқынмен жұмыс істей берсек әрі дегенде үш-төрт жылдың ішінде шет елдік деңгейдегі тепе-теңдікке қол жеткізуге болады.
Ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерден бөлек біздің Халық банкі ірі-ірі өндіріс орындарын зауыттарды да қамтамасыз етеді. Химия өндірісімен қатар қант зауыты, темір жол мекемелері қызметкерлерінің барлығы да еңбек ақыларын біздің пластикалық карточкамызбен алады. Сондай-ақ бюджеттен қаржыландырылатын мекемелер де сөйтеді. Ондай мекемелер кезінде екі ойлы болған еді. Сөйтіп Банктің қызметіне өтпекші болған сыңай танытқан. Сол кезде тікелей облыс әкімі С.Ә. Үмбетов араласты:
Халық банк сексен жылдық тарихы бар. Жуық арада тойлайық деп отырмыз, қызмет көрсететін аймағы да кең. Ауыл шаруашылығы саласынан бөлек ірі-ірі өндіріс орындарына да айлық беру қызметін пластикалық карточкаға көшірген. Сондықтан да бюджеттен айлық алатын барлық мекеменің қызметкерлері батыл түрде Халық банкінің қызметін қабылдауына болады!-деді ол. Әкімнің ұсынысынан соң қазіргі уақытта бюджедтік мекеменің 90 пайызы біздің банкіден айлық алатын болды. Одан жаман болған жоқ, олар несиені ешқандай кедергісіз қалаған уақытында алып, өз қажеттілігіне жұмсай алады. Осы жағынан келгенде облыста да, республика бойынша да өзінің халыққа қызмет көрсетуі бойынша бірінші орында.
Халық банкінің даму жағын, әсіресе прогрессивтік жолдағы бағытын айтар болсақ, ол тіптен бөлек әңгіме. Иә, иә, ол карточкаға келіп тіркеледі.
Карточка туралы түсінігің бар шығар? Бұл өте керемет дүние. Сондықтан да бұл карточкалық жүйе барлық өркениетті елдердің қолданыс жүйесінен орын тапқан.
Шет мемлекетке шығып жүргендегі көңіліме түйгенім осы карточкалық жүйе еді. Міне біздің Халық банкісіне бірінші болып осы жүйе енгізілді. Банкоматты Қазақстандағы банктер ішінен тұңғыш рет біздің банк қойды. Облыс бойынша 76% карточка шығарып, қызмет көрсету біздің халық банкісінің үлесінде. Осыдан кейін ұйым мамандарының қандай жұмыс жасап отырғанын аңғара беріңіз. Өйткені карточка жайлы халыққа түсіндіріп, онымен қалай жұмыс істеу керектігін жеткізе білу оңай шаруа емес.
Елдің «Карточка деген не сұмдық! Оның қай тетігін шұқылап жатамын!» деп ат-тонын ала қашатыны баршамызға аян. Сол уақыт кезеңінде біздің мамандардың мекемелерге барып, халықты жинап, әр адамға карточкамен есеп айырысу тәсілін түсіндіру дегеніңіз, қиынның қиыны. Мамандардың қажымай-талмай жүргізген еңбегінің арқасында осындай дәрежеге жеттік. Қазір осы қаланың өзінде он тоғыз банкомат тұр. Бұл дегеніңіздің біреуінің өзі бүкіл компьютерлік жүйеден құрылған қымбат дүние. Дегенмен банкомат әлі аздық ететіндіктен осы жылы тағы да қосымша банкоматтар қоймақшымыз. Шуға екеуін қойдық, тағы екеуін қоятын ойымыз бар. Мұндай банкоматтар көрші Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде әлі жоқтың қасы. Қазір біздің әріптестер Қырғызстан қалаларына банкомат қондырғысын қоюға қол ұшын беріп жатыр, — деп есіттім.
Осы көптеген нәтижелі жетістіктер мен жақсы көрсеткіштерге жетуіміздің бірден-бір себебі кадрлардың еңбегі, — деп білемін. Әйтпесе жалғыз директор қай жағына жетеді.
Осыдан бес-алты жыл бұрын жас мамандарды қызметке конкурстық жүйемен қабылдай бастадық. Кім конкурстан жеңіп шығады, сол қызметке қабылданады. Осы әдісімізді басқа облыстағы банктер, тіпті республика бойынша қабыл алды. Бірақ біз бұл конкурстан өткен маманды бірден қызметке орналастырмаймыз. Тиянақты қызметіне кірісердің алдында үш ай сайын барлық саладан алған білімін практикалық тәжірибемен қалай ұштастырып жатқанын білу үшін сынақ жүргіземіз. Үшінші ай біткеннен кейін соңғы сынақ, міне осыдан өткен талапкер ғана қызметіне кіріседі.
Осы тәсілдің басынан аяғына дейін сүрінбей өткен, міне қарама-қарсы бөлмеде менің орынбасарым болып отырған Қуаныш Сәлімов деген маман. Талай сынақтан өтіп, кезінде зейнеткерлер қоры жаңадан ашылғанда соны тұңғыш рет ұйымдастырып, ірге тасын қалаған маман. Нәтижесінде республика бойынша Жамыбыл облысының Халық банкінің зейнеткерлер қоры екінші орынға шықта. Осы жігіттің өз жұмысын білгендігі мен ұйымдастыру қабілеттілігінің арқасында сонадай көрсеткішке жеттік. Еңбегін бағалап, әуелі бөлім бастығына жоғарылаттық. Ол қызметте де өзін іскер маман ретінде көрсеткеннен кейін өзіме орынбасар етіп тағайындадым. Ал жақыныңды, туысақаныңды басқа да таныстарыңды қойсаң олар «директор туысқаным» деп арқа тұтады да, жұмыстың көзін таппай, тапса да сыңар езулік, тоң мойындыққа салады. Ондайлар да кездесті.
Мақтанғаным емес қазірдің өзінде Алматыда менің жиырмадан аса шәкіртім әр түрлі банктерде қызмет істеп жүр.
Алды Талғат Колбачаев Алматы қаласындағы Халық банкінде директордың орынбасары және біреуі Республикалық Казкомерцбанкте. Сондай-ақ Алматыда «Нұр» банкте бөлім бастығы Сәкен Әбдікерімов бар. Бір жігітіміз Павлодар қаласының Казкомерцбанкінің директоры. Келешек жастардыкі. Жақсы ұсыныс жасап, іскерлік танытқан маманның қолын қақпаймын.
Айтпақшы бізде пластикалық карточка бөлімі жаңадан ашылған кезде істеген Әбілқайыр деген жігіт Астанадан, ұмытапасам Темір банктен телефон соғып:
«Әділхан Мұстахиұлы, көп рахмет. Сіздің мектебіңізден өткен маған өте жеңіл болып жатыр! Алғысымды айтайын! — деп телефон соғып тұрмын» деген.. Мұндай мысалдарды айта берсек көп, оған уақыт қайда?
Кезінде университеттен психологиядан сабақ өткізу үрдісін бастап едік, ол әлге дейін жалғасын табуда.
1996 жылы Германияда болдым. Сонда Шпаккоасса деген банкте оқыдық. Ол банктің жұмыс жүйесі біздің Халық банкінің жүйесіне сәл де болса сәйкес келеді. Сол банктің кадр дайындайтын академиясында болдық. Олардың кадр дайындау тәсілі мынандай. Бір маманды дайындау үшін олар белгілі бір мерзім оқытады да, сол дайындаған мамандығы бойынша қызмет істетеді. Ең төменгі қызметтен бастап, барлық саладан үйрете отырып, жоғарылата береді. Мен де сондай төменнен жоғарылаған маманды қатты сыйлаймын. Ондай кісі басшы болғанда да барлық саладан өткендіктен бәрін өзі біліп отырады. Кассаның да, есепшінің де, оператордың да жұмысын, керек десең балансты қалай жасау керек екеніне дейін біледі.
Халық банкінің даму дәуірі 1994 жылы Зейнолла Кәкімжановтың келуінен басталды. Қызметке келген бетте ол бәрімізді жинап алды.
Сол жиналыста өзінің бағыт-бағдарламасын алдымызға жайып салды. Өз сөзінде менің осыдан екі жыл бұрын Англияға барғанда көріп келген жайттарымды ол да айтты. Әрине менің көріп келгенім біздің сол кездегі жағдайымызға мүлде келмейтін еді. Өйткені компьютер қондырғыларын былай қойғанды 1994 жылы біз Халық банкі ғимаратына сыймағандықтан, үш-төрт жерде бөлініп отырып жұмыс істедік.
«Қап бұл кісі тым артық кетті-ау»-деп ойлағаным сол еді, ол сөзінің аяғында:
— Сендер қызметтеріңе барғаннан кейін бір айдың ішінде облыс орталығынан бастап, аудан, ауылда орналасқан бөлімшелеріңе дейін компьютерлік жабдық жүйесімен толық қамтамасыз етеміз! — деп салды.
Бәрі аң-таң. Әрине таңданатындай-ақ бар еді. Өйткені кейбіреулер компьютерді көрмеген де. Көрмегені былай тұрсын, атын да естімеген. Әйтсе де З. Кәкімжанов «бір айдың ішінде компьютер қойып бітіресіңдер. Содан соң маған күнделікті баланс беріп тұрасыңдар, — деп сөзін бітірді.
Ол кезде балансты ай-сайын жасап тоқсан сайын тапсыратынбыз. Жарайды, балансты бірдеңе етерміз, — деп мақұлдастық. Бірақ ондай қаражат бүкіл Қазақстанның Халық банкінде жоқ. Ал компьютер дегеніңіз дүниенің ақшасы. Содан арамыздағы бір облыстық банктің директоры:
— Сонша қаражатты қайдан аламыз? — деп қалды. «Шындығында қайдан табады?» деген ой бәрімізді де толғандырып отырғанды. З. Кәкімжанов:
— Сендерге тапсырма берілді ме, орындаңдар! Қаражатқа бастарың ауырмай-ақ қойсын, ол менің шаруам! — деді.
Аумақты жиналысымыз бітіп үйді-үйімізге тарастық. Бірақ көбісі З. Кәкімжанов айтқан әңгімеге сенбей кетті!
Бірақ компьютермен жабдықтаса біздің өркениетті елдердің қатарына қосылғанымыз, инфляцияны да жеңгеніміз. Мен бұл кісінің айтқанының бәрін Англияда өз көзіммен көрдім. Шындыққа жанасады. Байқаймын, бұл кісі қаражат та табады. Компьютерді де қояды деген оймен Таразға жеттім. Айтқанымдай-ақ екі-үш апта өтті ме, өтпеді ме компьютердің алғашқы партиясы келді!
З. Кәкімжанов «барлық жағдайды жасаймын!» деп еді, жасады. «Қаражатты табамын!»-деп еді, тапты! «Компьютер болады!» деп еді, болды! Не деген іскерлік! Айналдырған екі үш аптаның ар жақ, бер жағында баяғы Англияда көзіммен көрген дүниеге кенелдік та қалдық. Жалғыз біздің Жамбыл облысына қарасты Халық банкі емес, Қазақстанның бүкіл облысына, ауданына, тіпті ауылдағы бөлімшелеріне дейін компьютер қойылды.
Қазақстан Республикасының Халық банкі қызметкерлері таң қалуда. Бұрынғы Халық банкінің бастығы неге қауқарсыздық танытқан? Неге осылай жұмыс істемеген? Бұл қарқынмен Зейнолла Кәкімжановтың екі-үш жылда бізді алға алып шығатынына өз көзім жетті де, күн-түн демей компьютерді үйренуге кірістік.
Сырттан қайран жоқ. Ол кезде қазіргідей компьютердің оқуын бітірген, болмаса компьютерді жақсы меңгерген маман табу деген мүмкін емес. Содан жұмыстан соң өз бетімізбен компьютер үйренуді күн тәртібінен шығармадық. 1994 жылдың желтоқсанында барлық жұмысты қалпына келтіріп, 1995 жылдың қаңтарынан бастап, Ұлттық банкке күнбе-күн баланс бере бастадық. «Ақшаны қайдан табады?» деп жүрсек, сол кезде Ұлттық банктің резервінде пәленбай миллион ақша жатқан екен ғой. Күнделікті баланс бере алмағандықтан нормативке байланысты жұмсалған қаражат жоқ. Соның салдарынан айналымға түсе алмаған сол ақша қозғалыссыз жатып қалған екен. Ол кезде Ұлттық банкіні Д. Сембаев басқарғанды.
— Ой, мың болғыр Кәкімжанов біздің баршамыздың көзімізді ашқаны бір бөлек, өз басын қатерге тігіп, біз үшін («біз» деп отырғаным Халық банкі) көзсіз батырлыққа да барғанын білдік.
Ол Ұлттық банктегі ақшаны Халық банкінің игілігіне жарату үшін Сембаевқа кіреді:
— Мына ақшаны маған бер, мен жаратамын,-дейді. Банкте жұмыс істейтін құрал-сайман жоқ, соған жұмсаймын! — дейді.
— Сен баланс бере алмайсың! Ай-сайын тоқсан сайын есеп-қисап жасап бере алмайсың. Бұл нормативтегі дүние, резервте болады, есеп болмағаннан соң солай ұстап тұруымыз керек.
— Маған қазір бер! Ал есеп-қисап балансын, екі ай шыда, содан соң беремін!-дейді.
Бұған Сембаев көнбейді. Өйткені сенбейді.
Содан Кәкімжанов қарыз сұрап Мәскеуде бірге оқыған достарына барады. Олар — Б. Әбілев, С. Мыңбаев тағы басқа іскерлер еді. «Сендер тауарлық несие беріңдер мен сендермен екі айдың ішінде есептесемін!» дейді әңгімені төтесінен бастап.
Достарына Кәкімжановтың сыры белгілі. Оны олар сонау Мәскеуден, студенттік кезден біледі. З. Кәкімжанов айтпайды, айтса — орындайды. Халық үшін осындай шешім қабылдап басын қарызға тігіп отырғанын да көреген достары түсінеді. Түсінеді де сұрағанының бәрін береді. Жалғыз компьютер емес Халық банктің игілігіне ғимараттар, арнайы ақша таситын автокөліктер де бөледі. Біз сияқты үшке, төртке, бөлініп отырған облыстық банкілер бүгінгі талапқа сай, жаңа ғимараттар сала бастайды. Қазіргі біздің банктің жаңа ғимаратты сол кезде Кәкімжанов достарының қаражатына салынған десе де болады.
Ұзын сөздің қысқасы, Ұлттық банкінің төрағасы Сембаевқа күнбе-күн жасалған екі айдың балансын апарған З. Кәкімжановқа сенімсіздік туғызған Сембаевтың көзі қаншама тексерулер мен қаншама жүйке тоздырған күндерден соң жеткен.
З. Кәкімжанов болса сонымен бірге достарына берген уәдесінде де тұрып, әрі Ұлттық банкке қалай жұмыс істеу керектігін дәлелдеп береді.
Тағы бір білгірлігі сол қарсаңда біздің акциямызды (акционер болған кезіміз) Россияның жинақ банкісі, ТұранӘлем және т.б. банктер бөліп алып, біздің әлсіреп қалған кезіміз еді. Содан З. Кәкімжанов өзінің іскерлігінің арқасында барлық құжаттарды дайындап, сол кездегі үкімет басшысы Ә. Қажыгелдиннің табалдырығын тоздырып жүріп «Заты да, аты да айтып тұрғандай. Халық банкі мемлекет қарамағында болуы керек. Басқалардағы акцияны қайтару қажет» деп дәлелдейді ақыры. Сөйтіп акционерлер жиналысын ашуға мүмкіндік алады. Оған Қажыгелдиннің өзі қатысады. Өзі сөйлемей, Қажыгелдинге сөз береді. «Халық банкі мемлекет қарамағында болуы керек!» дейді ол. Бұрын қарсылық білдіріп жүрген акционерлер ашық қарсы шыға алмайды.
Қажыгелдин болса жиналғандардан пікір күтеді. Ешкім де мінберге көтерілмейді. Осы кезде Болат Әбілов сөз сұрайды.
— Халық банкі халықтыкі, халыққа қызмет етуі керек! Біз жағдайды түсінеміз. Жұмысын түзеп алғаннан кейін дивидентімізді өтейді. Әзірше акциямыз осында бола тұрғанына, үкімет басшысы айтқанындай, қарсы емеспіз, — деп досына қолдау көрсеткеннен кейін, жиындағылардың біразы Болатқа қолдау көрсетеді.
Міне, халықтың қамын ойлаған азамат, — деп З. Кәкімжановты айтуға болады. Өйткені содан кейін-ақ Халық банкі дамығанның үстіне дамып, өркендей берді. Халық банкі З. Кәкімжановтың кезінде дамыды деп айтатынымыз осыдан.
Олай дейтінім 1995-96 жылдары теледидардан «Пост республики» дейтін хабар жүргізілетін. Сол хабарда республика қаржы саласының басшылары мен сұхбат жасалатын. Мен З. Кәкімжановпен болған сұхбатты екі рет көрдім. Сонда З. Кәкімжанов тек біздің Банк емес, бүкіл Республика бойынша жауап беріп отырды. Сонда ол «Үш жылдан соң инфляция мынандай деңгейге дейін тоқтайды. Тағы үш жыл өткенде шағын бизнес осыншама деңгейге көтеріледі. Теңгенің (ұлттық валюта) құны көтеріледі. Тұрақтайды. Экономика (қазір нақты цифрлар есімде жоқ) осынша пайызға көтеріледі!» деген. Сұхбат жүргізіп отырған журналист «Сіз бәріне, барлық салаға қалай қорықпай жауап беріп отырсыз? Егер үш жылдан кейін кездесіп, айтқаныңыз келмеді ғой десек қысылмайсыз ба?»-деп қалды.
«Жоқ, қысылмаймын. Үш жылдан соң әлгі мен айтқандай көрсеткішке жететінімізге кәміл сенемін!» деді ол. Ақыры сол журналист тура үш жыл өткеннен кейінгі кездесуде З. Кәкімжановтың айтқан болжамдарының тұп-тура келгенінене таңданып, тікелей эфирден ризашылығын білдірді. Сонда жылғыз мен емес, сол сұхбатты көрген халық З. Кәкімжановтың тек қаржы саласында ғана толғанбай, бүкіл республиканың қаржылық және экономикалық жағдайына мазасызданатын білді. Сол кездің өзінде бүкіл макро-экономика жағдайының тетігін еркін де терең сараптап, елімізді өркендету мақсатындағы бағыт-бағдарламасын, өз идеясын жариялылықпен терең түсіндіріп, халық игілігіне пайдалануға үкіметке ұсынып та қойған еді.
Сол алғашқы идеясының бірін Қажыгелдиннің қасында болған жылдары іске асырды. Ол — шет ел қаржысын (инвестерларды тарту) республикаға әкелу, республика игере алмай жатқан байлық көзін ашып, халыққа пайдасын тигізу болатын. Әлеуметтік жағдай мен басты мәселе — экономиканы тура жолға қойып, оны жетілдіру оңай шаруа болған жоқ.
Мен 1992 жылы Англияда болғанымда бір Лонданның өзінде алты жүзден аса банк болды. Солардың үш жүздейі шет елдердікі екен. Сонда мен «Бұл қалай? Шет елдік банкісі несі?» деп ойлағанмын. Сөйтсем ештеңесі де жоқ екен. Шет ел қаржыгерлерінің құқын қорғайтын егеменді елдің заңы мықты болса, қаржысы бар шетелдік бизнесмендер «өз қаржымызға өндіріс орнын, зауыт саламыз, жер өңдейміз» десе, несі бар? Бұл арада қандай келеңсіз ой тумақ? Қандай артық пиғыл болуы мүмкін? Ондай келеңсіз ой-пиғылдарға еліміздің қарсы тұрар заңы бар емес пе? Осы заң аясында шетелдіктерден, біріншіден салық түседі, екіншіден, жұмыс орындары ашылады, үшіншіден, халық табыс табады. Бұл пайда емей, немене? Жасалған келісім-шарт уақыты біткен соң салынған зауыттар, кәсіпорындар елімізде қалмай ма? Өздерімен бірге көшіріп алып кетпейді ғой!
Бірақ, жасыратыны жоқ, алғашқы кезде бұқара халықтан бастап кейбір саналы азаматтарға дейін бізді шет елдіктер жаулап алуға, тонауға келе жатыр»-деген даңғаза жасады. Соның салдарынан инвесторлардың келуіне бірталай бөгет жасады.
Сол сәтте З. Кәкімжанов мұндай азаматтарға да өзінің нақты бағыт-бағдарламасын терең түсіндіріп жеткізе білді.
Елбасына бұл істің мән-жайын әбден дәлелдеді. Осындай үлкен іс-әрекеттің арқасында шетелдің қаржылы өкілдері егеменді елімізге қарай бет бұра бастады. Әйтпесе олар ақшаларын беталды шашпайды. Оларда бәрі де есептеулі. «Далаға шашар ақша жоқ, пайдасы оның болмаса деген қағиданы ұстанған шетелдіктер емес пе? Қызығуын қызыққанмен, пайда көзінің барын білгенмен шетелдіктер қорқыныш пен үрей басым еді. Міне, осы үреймен қорқынышқа тосқауыл қойып, жол ашқан З. Кәкімжановтың идеясы. Бұл — З. Кәкімжановтың еңбегі! Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Бұл тарихта қалған өшпес із.
Табиғатынан талант пен дарын иесі, әсіресе қаржы саласы мен экономикаға жетік З. Кәкімжановты таныған. Елбасы оған сенім артты. Сөйтіп оны өзіне кеңесші етіп тағайындады. Кеңесші болып барардың алдында Елбасы оған ойлануға үш күн берген аралықтағы З. Кәкімжановтың күйзелісін Ә. Оңғарбаев әңгіме арасында былай деп баяндады:
— З. Кәкімжанов президенттің кеңесшісі болып жүргенде З.Кәкімжанов әкімшілікке де, басқаға да телефон соқпай, Ә. Оңғарбаевқа хабарласады.
— Әдеке, келініңіз елге кетіп бара жатыр еді. Аулына — Асаға жеткізіп саларсыз! — дейді. Оңғарбаев күтіп алып, үйіне апарып түстендіреді. Сонда әңгіме арасында З. Кәкімжановтың әйелі:
— Елбасының ойлануға үш күн уақыт бергенде Зейнолла нәр тартпады. Өз қызметін қимады, — дейді. «Қап, — енді бір-екі жыл банкті басқара тұрғанда маңдайымыз жарқырап, алда болар едік!» деп Ә. Оңғарбаев та өкінеді.
Кейін Оңғарбаев Кәкімжановпен кездескенде, әңгіме арасында «Рас, қатты қобалжыдым. Банкті енді ғана аяғынан тұрғызғанда... Келешегі қалай болар екен? Кім басқарады? Қандай жағдайда болады? — деп уайымдадым.
Қайтейін, қаншама еңбек кетті, қаншама ұйқысыз түндер өтті. «Еңбегім еш бола ма?» деген ойлар ғой мазамды алған» дейді Зейнолла. Бірақ Елбасы банк тағдырын менен де көп ойлапты. Соған орай өзім ұсынған адамды тағайындады.
* * *
Осыдан сегіз жыл бұрынғы болған оқиғаны Жамбыл облыстық Халық банкінің директоры Ә. Оңғарбаевтың өзі басынан кешкендерін еш қалтарыссыз, қаз-қалпында Қазақ саңыраулар қоғамының «Жанашыр — Милосердие» газетінің бетінде қоғам мүшелеріне сабақ әрі хаттарына жауап орнына жариялауды өтінді.
Ә Оңғарбаевтың жұмыс ыңғайының өзі ақшамен тығыз байланысты болғаннан кейін бе, әлде заман ағымы солай ма, әйтеуір осыған байланысты небір шытырман оқиғаларға тап болғанын да, алаяқтар мен қылмыскерлердің іс-әркеттерінің де куәсі болғанын, өзі бас болып, қарамағындағы қызметкерлерімен бірге талай қылмысқа қарсы тұрғанын, тіпті бірнеше өз өмірлерін қатерге тігіп, халық қазынасына араша түскенін де республикалық басылымға үзбей жариялатып тұрды.
Осындай бір оқиғаның куәсі болған Халық банкі директорының орынбасары Аманжол Отыншиев кәнігі қылмыскерлердің бес-алты жыл бұрынғы іс-әрекетін былай деп баяндаған еді.
Кәнігі қылмыскерлер бұл іс-әрекетке әбден әзірленіп, мүлт кетпейтіндей жоспар құрған көрінеді. Алдын ала құрылған жоспар бойынша, темір жол маңындағы Күлайша Ниязбекова басқаратын жинақ кассасына жұмыс соңында білдірмей кіріп, есікті іштен іліп алады. Содан соң Күлайша Ниязбековаға шолақ мылтықты кезеп тұрып, сейфтегі бар ақшаны беруді талап етеді. Көп жылдан бері жинақ кассасының меңгерушісі қызметінде адал еңбек етіп, салымшылардың құрметіне бөленген, өз ұжымындағы беделді маман Күлайша олардың өктем сөздері мен қимылдарынан қылмыскерлер екенін сезеді де, қайткен күнде ақшаны қолды етпеудің амалын қарастырады. Еш саспастан білдірмей сейфті жауып, кілтін қойнына салады да, дабыл түймесін басып үлгереді. Одан мұндай қайсарлықты күтпеген қылмыскерлер кассаны бөліп тұрған кедергіден секіріп түсе бере қарсылық көрсетіп баққан Күлайшаның басынан көздеп тұрып, атып жібереді. Дер кезінде қорғанып үлгерген Күлайшаға атылған оқ дарымай, мүлт кетеді. Қылмыскер шолақ мылтықтың шүріппесін қайта-қайта басқанмен мылтық атылмай қалады. Арпалыс үстінде Күлайша «сыртқы қоңырау» түймесін басып үлгереді. Күлайшаның қойнындағы сейфтің кілтіне жармасқан қылмыскер арпалысып жүріп шолақ мылтықтың ұңғысымен бас-көзге қарамай тоқпақтай берген соң Күлайша әлсірей бастайды. Бірақ «дабыл қоңырауының» үнін есіткен арнайы көмек тобы кіріп келіп, жинақ кассасына қарулы шабуыл жасағандарды қылмыс үстінде қолға түсіреді. Кейіннен олардың тек касса тонаумен ғана айналысатын кәнігі қылмыскерлер тобы екені белгілі болады. Тергеу барысында қылмыскерлер Күлайша Ниязбекованы кепілдікке алып, құтылмақта болғаны анықталды.Бірақ соққының салдарынан ес-түссіз талып жатқан Ниязбекованы өлдіге санаған қылмыскерлердің бұл ойы іс жүзіне аспай қалыпты. Қылмыскердің соққысынан ауыр жарақат алған Ниязбекова бірнеше ай ауруханада жатып шығады. Мемлекет қаражатын қарақшылардың қолына түсірмей, өз өмірін қатерге тіккен Күлайша Ниязбекованың ерлігі Халық банкі басшыларының тарапынан ескерусіз қалмай, сый-құрмет көрсетілді.
— Осы Халық банкінде директордың орынбасары қызметін атқарғаныма он бес жылдай болды. Әсіресе соңғы жылдары осыған ұқсас бірнеше оқиғалар болды. Ақша жүрген жерде осындай неше түрлі оқыс жағдайлардың кездесіп тұратыны баршаға белгілі болғанымен мына бір болған жағдай адамның үш ұйықтаса түсіне кірмес еді. Қызметкерлер сөзге иланып, сенім білдіргендіктің салдарынан өздері сан соғып, қапы қалды.
Бұл қаламыздың ортасындағы үлкен мектептің қасындағы кассамыздың қызметкерлерін алаяқтар тал түсте адам ойлап таппайтын айламен амалын асырып, бір-екі кассирден басқасын жер қаптырып кеткен жағдай еді.
...Түс мезгіліне таянғанда бірнеше жігіт касса бөлмесінің кіре берісіне теледидар қорабын көтеріп кіргізеді де, «Біз мына мектептің соңғы қоңырауына әкелген сыйлығымыз — теледидарды түс мезгілі болып қалғандықтан шамалы қоя тұрсақ бола ма?» деп рұқсат сұрады. Бөтен ой келмеген қызметкерлер, көршілес мектептегі соңғы қоңыраудан хабардар болғандықтан, келісім береді. Әне-міне дегенще түскі үзіліске шығатын уақыт та болады. Барлық қызметкерлер кассаларын жапқаны жауып, жаппағаны ақшасын да, кілттерін де жұмыс столына қоя салып түскі үзілске кетеді. Олар кете салысымен теледидар қорабының ішінде тығылып жатқан алаяқ, қораптан шығып, өзінің кәнігі кәсібіне еркін кіріседі. Ашық қалған кассаны жайпап, шығар есікті де амалын тауып ашып, қоңырау сылдырлатпастан құтылып кетеді. Қолды болған миллионнан асатын қаржы салғырттыққа бой ұрған қызметкерлердің есебінен өндіріліп, кассаға құйылады. Өкінішке орай бұл қызметкелдердің аты-жөнін А. Отыншиев айтқысы келмеді.
«Тергеу ісі аяқталған жоқ» дегенді алға тартты ол. Араға бес-алты жыл өтсе тергеу ісінің аяқталмағаны ма? Мамандар, тәжірибелі тергеушілер қайда жүр. Мені осы ой мазалады. Қазіргі замандағы техника жетістіктері, Құдайға шүкір, баршылық. Әсіресе сонша қызметкер тұрып, теледидар фоторобот жасаса, олар әрине тани кетеді. Бұл жерде менің ашықтан-ашық айтайын деп отырғаным, мәселе касса қызметкерлерінің салғырттығында да, құнтсыздығында да емес, алдын-ала, екі топ — қызметкерлер мен қылмыскерлер келісіп алмады ма екен? Бұған тіпті үшінші топ — полиция қызметкерлері де араласуы ықтимал. Мұндай күдік жасауымның себебі осы Халық банкін жазардың алдында көптеген кейіпкерлермен кездесіп, әңгімелестім. Осы кездесулерден талай жайттарды аңғарып, көңілге түйдім. Мәселен жүрегі таза, ниеті ақ, өз жұмысына әбден берілген, табан тіреп бір жерде күректей жиырма бес жыл қызмет еткен Қымбат Таспауованың кассадан қомақты ақша із-түссіз жоғалған да сан-қилы тапқырлық танытып, кінәлі қызметкерге бұлтартпайтын нақты айғақпен дәлелдегенде банк директорыда, сараптама жүргізуші өзге тұлғалар да Қымбат Қырғызбайқызына таң қалып, Халық банкінің директоры Ә. Оңғарбаев мырза оған үлкен сенім артып, қызметін жоғарылатқан.
Әрине банк саласында қызмет атқару оңай шару емес оған банк қызметкерлерімен қоян-қолтық жүрген бір жылға жуық уақытта көзім әбден жетті. Әр қызметкердің өз жұмысына деген жауапкершілігінің де әр деңгейде екендігін аңғардым. Солардың ішінде Қымбат Таспауованың жауапкершілігі ерекше. Ол бір жағынан, сенім артқан халқына, басшысына, ұжымына деген тазалығын дәлелдесе, екінші жағынан, халық қазынасын суық қолдылардан арашалап қалып, өзін тағы да жаңа қырынан танытты.
«Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, ақшаға байланысты жерде жауапты қызмет атқарудың өзі қияметтің қияметі. Қымбат сол қияметтен аман-есен өтіп келеді.
— Қасындағы бірге істейтін әріптестерінің пиғыл-ойын, зерттеп, оларға сену, сондай-ақ әріптестердің көңілін табу, ішкі дүиесіне үңілу, оның ойынан шығу, солардың күні бойға атқарған жұмысының қортындысын бір жүйеге келтіру оңай емес. Амал жоқ, осы емтиханнан өтуің керек. Мен соған тырысамын.
Ал енді ақшаның есеп-қисабына келсек ол ең басты мәселе. Ойламаған жерден есептен жаңылыстың болды, ақша кем шығады. Кімнен көресің? Сондықтан да сақ та мұқият болуың қажет, — Қымбат Таспауова.
Шындығында да жоқ дүниенің орнын толтыру үшін кінәліні іздеу керек. Оның қатесін табу керек. Кінәсін дәлелдеу керек. Кінәсін дәлелдей алмасаң ше? Сол бөлімнің басшысы ретінде барлық жауапкершілікті өз мойнына алғаннан кейін өзі күймей ме?
Ай, қу пендешілік-ай десеңші. Нақты айғаққа тап келіп, тығырыққа тіреліп бар кінәсін мойындау да ауырдың ауыры. Оны мойындатқан да осы Қымбат Таспауованың тапқырлығы.
Өткенде, онда да келеңсіз жайды еске алу қиын. Дегенмен ол мен сұрап қоймаған соң келісім берді.
...Қымбат Таспауоваға қарасты кассадан сондай қомақты ақшаның із-түссіз күнде-күнде жоғала беруі оның жанына қатты батты. Мұндай жағдай бұрын-соңды өзі осы салада жиырма бес жылдан аса қызмет атқарған уақытта кездеспеген еді. Ақша жоғалу, жетпей қалу тәсілі де бұрынғы «сарынға»ұқсамайды. Барлық тексеру мен сараптама есеп-қисабы жасалынды. Қорыта келе күдік бар, нәтиже жоқ. Директордың «Ақшаны түгенде!» деген мерзім уақыты да таяп қалды. «Күндіз — күлкі, түнде ұйқыдан айырылған Қ. Таспауова енді әр қызметкердің есеп-қисап, кіріс-шығыс құжаттарын зерттеумен бірге, әрқайсысының іс-әрекетін, жүріс-тұрысы мен киім киісіне дейін жіті бақылауға кірісті. Алғашында барлығы да бәз-баяғы қалпында болғанымен қызметке орналасқанына екі-үш айдың жүзі болған Артем деген қызметкердің киім киісі бір түрлілеу көрінді. Үш күн бақылағанда Қымбаттың байқағаны жаңа қызметткер — Артем осы үш күнде екі аяқкиім киіп келді. Аяқкиім болғанда қандай! Ал алатын жалақысы белгілі. Әр — қайсысы жарты айлық жалақысын құрайды. Сондай-ақ үш жейде, екі шалбар ауыстырып киді. Күнде бағасы қымбат галстук тағады. Бәрі де қымбат, кез-келгеннің киетін киімдері емес. Артемнің алғаш келгендегі киім киісі, жүріс-тұрысы, тіптен тұрмысы да белгілі. Жалғыз шешесі бар. Ол да зейнеткер. Үш күнгі жетпеген ақшаның сомасы Артемнің үстіндегі киінген киімнің бағасына жақындайды. Қымбат үшін үміт оты жылт еткендей болды. Ол Артемның күні бойғы іс-әрекетін көзден таса етпей, одан бақылай берді. Сездіріп алмас үшін сөз арасында Артемның сымбаттылығын, киімді таңдай алатындығын өзіне арнайы тапсырыспен тікккендей шап-шақ екендігін, тіптен тамаша жарасатындығын айтып, мақтап қояды. Тіпті қызыққансып, қай жерден алғандығын, бағаларына дейін сұрап, көзін әбден жеткізген Қымбат іске кіріседі.
Кейбіреуге елексіз болып көрінетін түймедей нәрсенің септігі тиіп, түйедей істің бетін ашып, Артемнің ақшаны қалай жымқырғанына дейін дәлелдеген Қымбат Қырғызбайқызы ақша жымқыру амал-айласының жолына тағы бір қақпан қойды.
Бұл тәжірибе Қымбат Қырғызбайқызына оңайшылықпен келген жоқ. Ол ұзақ жылдар бойы қажымай-талмай еткен еңбегінің жемісі. Сонау 1978 жылы Жамбыл технологиялық институтының студенті кезінен-ақ еңбек жолын қатардағы жинақ кассасының бақылаушысынан бастаған зерек студент араға жиырма бес жылдан астам уақыт салып, тәжірибелі бөлім бастығына дейін көтерілді. Егеменді еліміздің ұлттық валютасы тұңғыш рет айналымға түскен сәттерді еске алған Қымбат Қырғызбайқызы бірінші валютаны көріп, ұстаған адамдардың қатарындағы кісілердің бірі болғанын қуана әңгіме етеді.
— 1993 жылы 15-қараша күні жұмыстан соң барлық кассаны жауып, құжаттардың барлығын жинастырдық. Әр кассаға белгі ұрып, ұлттық валюта — теңгемізді қабылдауға әзір отырмыз. Барлық қызметкерлер көңілді. Өзімізді мереке күнгідей сезінеміз. Ол кезде мен Қарабаева Оразкүл Есіркепқызының қарамағында қызмет ететінмін. Оразкүл Есіркепқызының бастауымен дастарқан жайылып, керемет көңілменен түнгі 12-ге дейін ұлттық валютамызды тағатсыздана күттік. Әлден уақытта Алматыдан «Түнгі сағат төртте келеді» деген хабар алдық. Бәріміз амалсыздан үйді-үйімізге тарастық. Сол кезде қыздардың бірі: «Кім ұлттық валютамызды бірінші көріп, ұстаса сол бақытты!» деп қалды. Үйге келсем, бәрі қалың ұйқыда. Қоштасардағы қыздардың бірінің «Ұлттық валютаны бірінші көріп, ұстаған адам бақытты!» деген сөзі құлағымнан кетпей ұйқым келсейші. Бір кезде кіші қызым — Жанарымның осыдан бір екі күн бұрын айтқан сөзі есіме түсті. Мұғалімдері қызыма:
— Ата-анаңа күнделігіңді неге көрсетпегенсің? Қол қойылмапты ғой! — депті.
— Қалай көрсетем? Әкем іс-сапарда жүреді, шешем мен ұйықтап жатқанда жұмысқа кетеді, мен ұйықтап жатқанда келеді! — депті.
Осы балапандарымды аяғынан тік тұрғызып, қатарынан кем етпей ел қатарына қоссам, мүмкін валютаны бірінші көріп ұстасам, бақытты болатын шығармын-деген қиялға беріліп жатып көзім ілініп кетіпті.
Жолдасым Алмабек екі қызыма қарап:
— Мә! Етектеріңді тосыңдар! Қымбат сен де етегіңді тос!-дейді. Алмабектің айтқанын екі етпей, көйлегімнің етегін тоса бердім. Ол шашқан бұрын-соңды мен көрмеген қызыл сарғыш түсті сыңғырлаған көп тиынға етегім толды да қалды.
— Алмабек, бұл не? — деймін.
— Бұл ұлттық валюта! Құтты болсын! Бақытты болыңдар! — дейді Алмабек. Ұлттық валюта деген осындай болады екен-ай — деймін күбірлеп. Сыңғырлаған даусы да керемет. Ақыры сол сыңғырлаған дауыс мені қалың ұйқыдан оятып жіберді. Жалма-жан сағатқа қарасам түнгі үш жарым екен. Е-е... жақсы түс көріппін ғой! Сағат төртке дейін жұмысқа үлгереді екенмін!-деп тез жиналып таксимен жұмысқа келдім. «Жұмысқа мен төрт болмай келдім»-деп қуанып жүрсем, менен де бұрын келген қыздар бар екен. Бәріміз де мәре-сәре, қуаныштамыз.
Бірақ таңғы төртте келмеді. Бәрібір қуанышымыз басылып, көңіл-күйіміз бұзылған жоқ. Уақыттың қалай өткенін де байқаған жоқпыз. Бір уақытта сағат ертеңгі сегіз болды. Тура сегізден бес минут өткенде көптен күткен ұлттық валютамыз — теңгені арнайы жабдықталған машина да құрметті күзетпен алып келді. Барлық рәсімдер жасалды. Рет-ретімен тәртіп бойынша бір теңгеліктен бастап жүз теңгелікке дейін ұстап көріп, сүйіп «Бақыттымыз!»деп бір-бірімізді тұңғыш шыққан ұлттық валютамен құттықтап жатырмыз! Сол уақытта, сол күннің егеменді ел болған тәуелсіз мемлекетіміз Қазақстан тарихына мәңгілікке енетінін біз ол сәтте сезген де жоқ едік. Сол сәтті басқаларды білмеймін, өз басым тілмен айтып жеткізе алмаймын,-деп ағынан жарылады Қымбат Таспауова.
Қымбат Қырғызбайқызына түсінбеген жайттарын түсіну үшін әр түрлі ұлт өкілдері жиі келеді екен. Олардың ішінде бозбала да, қыз-келіншектер қарттар да бар. Олар өздеріне тиісті жайттарға қанағаттанарлық жауап алып, Қымбат Қырғызбайқызына алғыстарын жаудырып жатады. Бірде құлағы ауыр есітетін қария Қымбат «Қырғызбайқызының қолына қалам, қағаз ала салып, жазып түсіндіргенін көрдім. Сол сияқты оның халыққа қызмет көрсетудегі өзге де ілтипатты істері қаншама десеңізші. Ал күніне қаншама кісі келіп, кетіп жатады. Қанша сұрақ қойылады, қанша жауап береді, оның бәрін айтып жеткізу қиын. Осы қиындықтың бәріне шыдаған Қымбат Қырғызбайқызы алғысқа бөленіп, содан ләззат алады. Өзі айтпақшы, бұл да бір бақыт!
Көпшілікпен тіл табысудың өзі меніңше өскен орта, алған тәрбиеге байланысты ғой,- деп ойлаймын.
Өйткені Қымбат Қырғызбайқызы Жамбыл облысындағы Қордай елді мекенінде көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Қырғызбай мен ардақты анасы Батила ауыл шаруашылығында жемісті еңбек етіп, ел құрметіне бөленген жандар. Жолдасы Алмабек Тасбауов та Оңтүстік Қазақстан облысының түлегі. Сол жолдасы Алмабектің де отбасына жайлы болуы Қымбаттың өз міндетін алаңсыз атқаруына септігін тигізген болар.
Алмабек жастайынан жауапты қызметтерге араласып, күні бүгінге дейін басшылық қызмет атқаруда.
Иә, Қымбат күні бойы келушілерден, салымшылардан бір сәт босамайды. Олар кейбір себептермен кешігіп жатса, олар бәрібір соны күтеді.
— Қымбат өзінің жүгіре бергенше қарамағыңыздағы басқа да қызметкерлерге неге жібермейсіз? — дедім бір күні.
— Солай етуге де болар еді. Бірақ ол кісілер мен деп, маған арнайы келіп тұрғанда қалай шыдаймын, — дейді ол күліп.
Мен Қымбаттың кішіпейілділігіне, қолынан келгенше көпшілік қөңілінен шығуға тырысатынына, оларға деген жанашырлығына қайран қалдым. Осы қасиеттеріне орай салымшылар Қымбатқа қатты сенім артатын болса керек. Иә, халық Қымбатқа сенім артады. «Сенім» деген сөзге ие болу әркімнің қолынан келе бермейтін мәселе. Ал сену бар да сенімді ақтау бар. Қымбат болса сол сенімді ақтап жүрген жан.
Қымбат Қырғызбайқызы «Ұлттық валютамыздың бір жылдық мүшел тойын салтанатты түрде қарсы алғанда Халық банкі ұжымының өнерпаздары сахнаға шығып ән айтты, би билеп, күй тартты. Сонымен қатар театрланған қойылымда Қымбат Әйгерім образын сомдады. Көрермен қауым қойылымнан соң жеке-жеке келіп құттықтап жатты.
Өйткені ол Әйгерім ролін нағыз кәнігі актрисадан кем ойнаған жоқ. Себебі ол Жамбыл технологиялық институтына дейін Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы консерваторияның актерлік факультетіне емтиханды үздік тапсырып, студент болған. Бірақ бір жылға жуық театр өнеріне қаныққан еді. Бірақ бұл мамандығы ата-анасының көңілінен шықпағанын сезген зерек те зерделі қыз оқу орнын ауыстыруға мәжбүр болды. Содан соң Жамбыл қаласындағы технологиялық институтының кешкі бөліміне оқуға түседі. Бірақ өнерді де жанындай жақсы көрген Қымбат институтта көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, талай байқаулардың жеңімпазы болады.
Қызметіне орналасқаннан кейін де осы деңгейден түскен жоқ. Мұнда да жеңімпаз атанып, халқына аянбай қызмет етуде. Қымбат десе Қымбат-ақ!
Екінші кітаптың соңы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі