Өлең, жыр, ақындар

“BISCOTTE.BISCUIT. БИСКВИТ”: роман сұлбасы

Білемін, адам өмірі сағыныштан тұрады. Dinar үйдің рет санына қарады. Жолайырықтан әдемі “Lamborghini” автомобилі өтіп барады. Мұңды сағыныш — ғұмырдың айнымас серігі. Әуелі, көңілді сағыныш билейді, сосын, аңсап-зарығудың азапты күйін, мехнатын, бейнетін кешесің, кейін, үкілеген үміт, сәулелі ойдан күдер үзген торығудың ақыры шерлі қамырыққа ұласады.

Әлде құмартқан сезім үнемі еске салып отыра ма екен. Бейнесі көмескі тартып, жадына ұялаған аяулы жүзі ұмытылып бара жатады да, қапылыста бұлыңғыр сұлбасы айқындалып көз алдына келе қалады. Ұмыта алмай-ақ қойдым, деді ол, ұзақ қапа созылмалы дертке айналды, жүректен сүйіп ұнатудың соңы, шынымен, уайым-қайғы, мұң-зарға апарып соқты.

Shamsi-Hamar Шевченко жақтан көрінді. Даңғылды құлдай, жайлап басқан ол “Бисквит” жазғы алаңыңа қарай беттеген ақ құба аруға қарсы жүрді, көшедегі аласапыран толқынды жаяу кешті. Ары-бері толқыған нөпір сеңдей соғылысты, жолдың шетіне ілігіп, тарыдай шашылды, сан тарапқа некен-саяқ бет түзеп, бульварларға, даңғылдарға құйылып, ағылып кетіп жатыр. Қападар жұрт көкірегінде баянсыз мұрат, екіұдай сәт, жасырын тілек, алайда, біреудің үкілеген үміті, бейтаныс арманы басқаға қызықты бола бермесе керек. Dinar аңсарының өзіне қарай келе жатқанын түсінді. Жақындаған сайын көңілдегі махаббаты түрленіп сала берді. Әуелі жазғытұрым иіс аңқыды, төңіректі жасыл рең басты, сосын дүние шымқай қызыл түске боялды, ендігі кезек әлем сарғайып кетті, Shamsi-Hamar тақағанда, сағынышы қара жамылды.

— Армысыз, Dinar, — деді ол.

— Қайырлы күн, жан қалқа Шәмшіқамар — деп жүзінен өпті Dinar.

— Өзгеріпсің, дауысын да өзгеріп кетіпті, — деді Shamsi-Hamar.

— Сағыныштан дауыс өзгереді екен.

— Не істейін, жылап жіберейін бе, айыпқа бұйырмашы.

— Ұзақ күттім сені.

— Ыстанбұлда қатты жалғызсырадым.

— Іздедің бе?

— Иә, қатты көргім келді, бірақ қайда екеніңді білмедім. Әсіресе, кей уақ, еңселі ақ үйдің дағарадай кең, жатын бөлмесінде, түн ортасында, тәтті ұйқымнан кенет шошынғандай, оянып кеткенімде, өзегімді қып-қызыл шоқ қарығандай болушы еді, орнымнан сүлесоқ көтеріліп, төсектің шетіне отырып алып, шамның түбінде екі қолыммен бетімді басқан күйі, ағыл-тегіл жылайтынмын, неге мені сүйгенімнен айырдың деп, сыртқа шығып, қара түнек аспанға тесіліп ұзақ қарайтын едім.

— Күнім, менің қалай қамыққанымды білсең ғой.

— Қайран, Dinar.

— Таң атқанша Алматы бар-кафелерін кезіп жүретінмін, бірінен шыға салып, екіншісіне бас сұғатынмын, бірақ, сол кезде сен үшінші ресторанда билеп жүргендей көрінетінсің.

— Мүмкін, төртінші, әлде бесіншісінен табылатын ба едім.

— Иә, алтыншысына да бардым, бір күні сенің Алматыда жоқ екеніңді түйсіндім, сосын, пәтерімнен аттап басып шықпай қойдым, есікті іштен бекітіп алып, күні-түні шарап ішетін болдым.

— Сен жалғыздық тақсыретін тартып жүргенде, Ыстамбұлдың бір түкпірінде сені ойлап еңірегеннен етегім жасқа толып отыратын.

— Бізді кім айырды? — деп сұрады Dinar.

— Білмеймін, — деді Shamsi-Hamar.

Екеуі тастан өрілген алаңқайды жүріп өтіп, “Бисквит” кафесіне келді. Жазғы үстелдер есік алдында қатар-қатар тізіліп тұр, әр тұстан қадау-қадау келушілер көрінеді, жөпелдемеде Dinarды бір мұң биледі.

— Үмітімізді айтайық, — деді Dinar.

— Сосын, шуақты күндерімізді еске аламыз.

— Иә.

— Естелік сағынышты оятады, бірақ, сағыныштан қамырық туады, — деді Shamsi-Hamar, — ештеңе айтпайық.

Олар ең шеткі дастарқанға барып отырды.

— “Кофемания”, — деді ол.

— Үміт бисквиті, — деп күлді Shamsi-Hamar, — сосын, естелік бисквиті, сағыныш бисквиті, мұң бисквиті.

— Көктем кітабы —“Кофемания”,

— “Французский поцелуй”— Жаз кітабы.

— “Империя фруктов” — Күз кітабы.

— “Тирамиссу” — Қыс кітабы.

— Я, наверное, утопая на дно ваших огромных глаз, буду чувствовать себя счастливым...

Естелік бисквиті “Кофемания” түсіндей үмітті, сәуір сағынышын

оятады, сағынышты қараша күшейтеді, жаздың асы — жасында қапысыз таныған “Французскмй поцелуй” бисквиті, “Империя фруктов” — жеміс-жидектің береке айы, молшылық апталары, ырыс маусымы, бірақ, желтоқсанда “Тирамиссуды” аңсап, қайғы ойлап, мұңға батамыз, бетіне ұсақтап турап шабдалы, жүзім, алмұрт салған, дәмі көркінен асқан, тіл үйірген бисквит атаулы бау-бақшадан алдымызға сырғып жаңа түскендей, жан-жағына жұпар шашады.

Білемін, адам өмірі сағыныштан тұрады. Мұңды сағыныш — ғұмырдың айнымас серігі. Қапыда сүйген жардан жазатайым көз жазып қалған жолаушы, әдетте, жер мойны қашық, жылдарға созылған ұзақ сапардан еліне қайтқанда, еңселі үйдің босағасында, төрінде жайғасқан, толған кісіні көргенде, тау етегін жайлаған жабайы жеміс ағаштарындай, үстінен алма иісі аңқып, кіреберісте аңырып, сезімінен адасып тұрады.

Алматы, 2007 — 2017 жылдар


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз