Екі бөлімді драма
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Бағлан Балқашов — «Шұғыла» колхозының председателі, қос жұлдызды батыр.
Заузат — оның жесір келіні, агроном.
Арман Мұратбаев — обкомның бірінші секретары.
Бурахан Науатбаевич — республиканың сол кездегі басшыларының бірі.
Сағила — оның әйелі.
Дәркен Жанбозова — обком секретары.
Байсал — «Дарбаза» колхозының председателі.
Шапағат — оның баласы, журналист.
Малтабай — бастапқы кезде облыстық ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы, кейін Байсалдың орынбасары.
Келдек — «Шұғыла» колхозының шофері.
Сапар — ол да.
Тілектес — Арманның көмекшісі.
Оқиға алпысыншы жылдардың бас кезінде Қазақстанның оңтүстік облыстарының бірінде болады.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Бураханның осы заманғы жиһазына бай бір шағындау бөлмесі.
Бурахан мен Арман. Бурахан айналмалы креслода шыр айналып отыр. Қалай айналса да көзін Арманнан алғысы келмейді. Арманның қолында бұрышы қыстырмаланған бірнеше парақ хат бар.
Ол сол хаттың аяғына қойылған қолға үңіле, ойлана қарауда.
Бурахан. Қалай, әлі де дауың бар ма?
Арман. Ғажап.
Бурахан. Ғажап болғанда қандай - ашық аспаннан түскен найзағайдай.
Арман. Найзағайдың ашық аспаннан түскеніне сенсем де Бағланның мұндай қылмысқа барғанына сенер емеспін.
Бурахан. Өзімді ажалдан алып қалған ең қымбат досым болсаң да айтайын, мына сөзің мені қорқыта бастады.
Арман. Онда бұл найзағай төбемізге түссе де қорқынышты емес екен.
Бурахан. Ол не сөз?
Арман. Өзіңіз ойлап қараңызшы, өмірден аларын алып болған Бағлан сияқты саналы адамның мұндай қылмысқа баруы мүмкін бе?
Бурахан. Дандайсудың дертіне ұшыраса неге мүмкін емес?
Арман. Дандайситындар ар-ұяты тоналған жалаңаштар ғой, Бағланды олай деуге ауызымыз бармас.
Бурахан. Есіңде болсын, ол баяғы Бағлан емес. Қазіргі Бағланның дандайсып кеткендігі сондай, біздің әрбір жаңа ісімізге бөтеннің көзімен қарайды. Әсіресе жайылымдарды егін-жайға айналдыруымызға жаны қас. Сондықтан да ол халқымыздың тың көтерген он жылдан бергі дүбіріне бірде бір үн қоспай, Сағым даласы сияқты кең жазираға бірде бір дән екпей қасарысып келеді. Бұл пиғылы жақсының қылығы емес.
Арман. Ол соңғы он жылдың ішінде екі рет наградталыпты ғой, ол қалай?
Бурахан. Оның колхоз іргесіндегі бес мың гектар суармалы жерден мол енім алып, астық жоспарын жыл сайын екі есе артық орындағанына мәз болып келіппіз.
Арман. Сонда қалай, жердің елімін, елдің рызығын молайтуды да қастық дейміз бе?
Бурахан (шіміркеніп). Сен немене, мені келемеждегің келе ме?
Арман. Кешіріңіз, жаңағы сөзіңізде сондай сарын бар.
Бурахан. Мен айтсам оның Сағым даласына он жылдың ішінде он түйір дән екпей қасарысып келгенін айттым. Сен немене...
Арман. Шалшықты жалдау теңізде жүзу емес қой. Сағым даласы тың жатқанымен сусыз егін егіле қалса жарты жылға жетпестен шаңға айналатын дала. Бағланның қасарысуы соны ойлаудан туған келешектің қамы болса қайтеміз?
Бурахан. Мүмкін сен оның мына қылмысын да келешектің қамы дерсің?
Арман (көзі қолындағы хатта). Тілімді мықтап байладың, достым, бұл қалай? Совет өкіметінің қамқор қанатына ең алғаш ілінген жетімдердің де, байлардан ең алғаш теңдік алған малайлардың да бірі сен едің. Түркісиб темір жолының шпалын ең алғаш төсегендердің де, колхозға ең алғаш жазылғандардың да, колхозды ең алғаш басқарғандардың да бірі сен едің. Майданға бардың, өшпес даңққа не болып омырауыңа Алтын Жұлдыз тақтың. Қайтып келіп басқарған колхозыңның даңқын әлем аспанына көтердің. Ол үшін Еңбек Ері атанып Алтын Жұлдыздың екінші түрін тақтық. Осының бәрін не үшін құрбан еттің?.. Не үшін?.. Қара құрт та өзінен өзі себепсіз шақпайды ғой, сені мұнша ашындырған себеп не?
Бурахан. Бар тарихын білгенде, оның колхозшылардың жеке меншігінен алынған жеті мың қойды бес жыл бойы жасырып келгенін қалай білмейсің?
Арман. Ол сұраудың жауабын менен гөрі өзіңіз жақсы бере аласыз, өйткені мен мұнда жаңа адаммын ғой.
Бурахан (сәл кідіріп). Жаңа адам болсаң жаңаша ойла. Адам баласы құдайды да қорыққаннан сыйлап келгенді, әсіресе соны ойла. Бағлан сияқты атақтыны құлату, өз атағыңды аспандату екенін ойла. Сондай батыл болмасаң баянды басшы бола алмайсың.
Арман. Қорқамын.
Бурахан. Неден?
Арман. Біздің мұндай батылдығымыз әлі арыстанға батырсынған тірі тышқанның батылдығына ұқсайды. Мен сондайдан қатты қорқамын.
Бурахан. Мен бұл орында отырғанда сен тірі арыстаннан да қорықпа.
Арман. «Шұғыла» колхозына барып, анығына көзімді тезірек жеткізбесем қояннан да қорқатын түрім бар.
Бурахан. Сен облыстың әлі жасаңдау секретарысың. Егер әр хаттың соңынан өзің жүгіре берсең жарты жылға жетпестен шалдығасың. Онан да бұл жұмыстың басты міндеткері ауыл шаруашылық бөлімінің бастығы Маубасов Малтабайды жібер. Егер қос жұлдызды батырға айырықша құрмет көрсеткің келсе обком секретарьларының бірін жібер. Мысалы Жанбозова Дәркенді. Менің байқауымша ол әйел болса да өзіңнен кейінгі секретарьлардың ішіндегі әйелі. Қасына әр саладан бірнеше коммунист қосып берсең ол қандай батыр болса да Бағланды баудай түсіреді.
Арман (ренішті мысқылмен). Табытын көтеретін торт капитанды қайдан табар екенбіз.
Бурахан. Табытың не, төрт капитаның не?
Арман. Кешіріңіз, Данияның бекзадасы Гамлетке елінің сондай азалы құрмет көрсеткені есіме түсіп кетті.
Бурахан. Түсінбедім.
Арман. Бірақ ондай азалы құрметі әлі Гамлет көре алмағанмен тірі Бағлан көретін болар.
Бурахан. Міні, бұл сөзің түсінікті. (Арман сағатына қарап, сөйлей түрегелді. Біздің қоштасар мезгіліміз жақындапты.
Бурахан. Жолың болсын. (Қол алысады). Байқа, соңыңнан домалақ арыздар қоңыраулатып жүрмесін. Қолым бір қалт еткенде облыстарына өзім де барып қалармын.
Арман. Құшақ жая қарсы алуға әзірміз. Сағила жеңгейге сәлем.
Бурахан. Фарзия келінге сансыз сәлем. (Арман кетеді. Бурахан жалғыз). Солай, Бурахан жолдас. Қырық күн атаң болғанша, бір күн осылай бура бол... Өзіңді «қуыршақ құдай» деп келемеждейтін Бағлан сияқты кеселді осылай тұра... Бура... тұра... мына үйлесті қара... Бура... тұра... ха... ха... (Орындықпен шыр айналады).
Шымылдық.
Екінші сурет
Өзен жағасы. Жағада жалғыз шатыр тұр. Сахна сырты ию-қию. Экскаватордың алып дүрілі, бірінен соң бірі кетіп жатқан машиналардың гүрілі, адамдардың алуан түрлі айқайлары естіледі. Шатырдың ар жағында Келдек пен Сапар алысып, жұлысып ырылдасып жатыр.
Сапар. Кереңді ішкір - ау, әкеңді өлтірген коньяк емес фашистер еді ғой, таң атпастан не көрінді. (Келдектің қолындағы шыныны тартып алмақ болады).
Келдек. Тепкі көргін келмесе жібер... жібер деймін мен саған.. жібер!
Заузат. Сапар аға! (Жүгіріп келіп екеуін екі жаққа серпіп жібереді). Бұл не жанжал?
Сапар. Жұмыстың басталып кеткені анау, түнімен ішкені аз болғандай таң атпастан кересін ішіп мынаның жатқаны мынау. Не істейміз, осы масылдан қашан құтыламыз?
Заузат. Келдек бауырым - ау, сенің папама берген уәдең қайда? Енді не болдың?
Келдек. Білемін, маған енді ешқандай кешірім болмай колхоздан қуылатынымды да білемін, обалым саған.
Заузат. Мен саған не жаздым?
Келдек. Мені осындай күйге ұшыратқан сенсің.
Заузат. Есің дұрыс па? Мен саған қашан арақ ішкіздім?
Келдек. Өзің емес, күйігің.
Заузат. Сен күйінгендей мен не істедім?
Келдек (саусақтарын көзінің алдына тосып). Miнe, өзімнің саусақтарым да сен болып елестейді. Сағым даласының сағымы да сен болып бұлаңдайды, Марғаудың бұйра құмы да сенің көрпең болып құлпырады, машинамның зуылы да сенің лебің болып сезіледі. Мынау Көбіктінің сылдыры да сенің күлкің болып сыңқылдайды. Сүңги қалсам сол өзеннің толқыны да сенің құшағың болып аймалайды. Сол елестердің кесірінен түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айрылсам қалай ішпеймін? Қалай? Заузат пен Сапар қосыла күледі).
Заузат. Мен жатқан машинаның есігін тырмалап, түнімен бір мысық ұйқы берген жоқ еді, сол сен екенсің ғой.
Келдек. Несіне жасырайын, тышқан аңдыған мысықша басып талай бардым, жақындаған сайын қалтырап талай қайттым. Айсыз үнді жарып аққан жұлдыздай жүрегімді ақ жарып сен жаттың - ау, шіркін-ай...
Заузат (Сапардың қолынан шыныны жұлып алып Келдектің кеудесіне ұрады), Онда мынаны тезірек іше ғой.
Сапар. Ойбай, Заузатжан - ау, енді іше қалса машинасы қарап қалады ғой.
Заузат. Қапа болмаңыз. Бұл жүргізетін машинаны мен жүргіземін, бұл төгетін топырақты мен төгемін. (Келдекке). Іш жаның барыңда.
Сапар (тамсанып). Мұндай жазадан мен де қашпас едім-ау.
Келдек. Көп жаса, Заузатжан. (Арақты бір қылқ еткізе). Сен менің жанымның гүлісің. (Ішеді.) Жоқ, жанымның өзісің ғой, жаным. (Заузат жақтан тартып жібереді, Келдек жағын сипалап.) Жоқ, ол бекер, жаным емес жауымсың. (Кете бере.) Сен сүймесең сүйме, бәрібір мен сені сүйемін... сүйемін.. көбелек болып отыңа күйемін. Сен сүймесең сүйме, бәрі бір мен сені сүйемін. (Әндеткен қалпында тәлтіректеп кетеді.)
Заузат. Мұның машинасы қайсы?
Сапар. Оған әуре болмай-ақ қой, өзім бір есебін табамын.
Заузат. Сіз кетсеңіз экскаватор тоқтап қалмай ма?
Сапар. Тоқтамайды, Желдібай аман болса екеуіне де жетеді.
Заузат (әлденені асығыс жаза бастайды). Түнеген жерінен таппасам папамды бүгін де ұстай алмаймын. Мен оны Сағым даласындағы елден іздеп қайтайын, мұнда келе қалса айтыңыз, мені осы жерден күтсін.
Сапар. Сонша сабылғандай не болды?
Заузат. Сабылу аз, жанымызды салмасақ «Сағым» даласынан айрылатын түріміз бар. (Жазған қағазын бере сала кете береді.)
Сапар. Қалайша?
Заузат. Оны кейін білерсіз. (Асығыс кетеді).
Сапар. Жаным - ау, мынау не деп кетті? «Сағым» даласынан айрылатын түріміз бар, дейді. Сонда қалай, аспанда құдайдың бары рас болғаны ма? Егер ол бекер болса біздің көкеміз басқарып отырған колхозды жерінен айыра алатын қайдағы құдай? Мүмкін емес. Бірақ Заузаттың мына безілдеуі тегін емес-ау. (Екінші жақтан кете бере). Ей, Желдібай, Келдектің машинасын сен тіркей кет. (Кетеді. Аздан соң қарсы жаңа келіп тоқтаған машинаның дыбысы білінеді. Сапарды ерте Бағлан келе жатыр.)
Бағлан (күрсіне сөйлеп). Жарайсыңдар, бауырларым, соңғы арманымның алғашқы қадамын жақсы бастапсыңдар, ризамын.
Сапар (таңдана қарап). Көке, сөзіңізде шаттық, үніңізде ауыр мұң бар, бұл қалай?
Бағлан. Жағдай солай...
Сапар. Жалғанды жалпағынан басып тұрған сізге де жағдай керек пе?
Бағлан. Е, бауырым, сендер әлі білмейсіңдер. Мен бір кезде жалғанды жалпағынан бассам, бұл күнде бір аяғы қыл - көпірдің үстінде тұрған бишара пендемін.
Сапар. Құдайым - ау, қайдағы қыл - көпір айтып тұрғаныңыз?
Бағлан (алыстан біреуді көргендей болып). Шоқырақтатып келе жатқан мынау кім болды екен?
Сапар. Машина айдасына қарағанда «Дарбазаның» сал бастығы Байсал ағамыз секілді.
Бағлан. Осындай оңашада мен одан малдың жүні малшылардан неше сом қымбат екенін біліп аламын, сен жұмысыңа бара бер.
Сапар. Байқаңыз, аталасы обкомның бірінші секретары болғаннан бері оның мысығы да жолбарыс болып кеткен секілді.
Бағлан. Аталасы кім еді?
Сапар. Арман Мұратбаевич осылардың аталасы екен ғой.
Бағлан (оны бір қолымен құшақтап). Әрқашанда есіңде болсын, мен Арманды жақсы білемін. Ол жақсы адамдардың бәрімен аталас, жаман адамдардың бәрімен қас: Екіншіден, жасанды жолбарыстың тышқан болып кетуі оп-оңай.
Сапар. Дегенмен сақтаныңыз, ол Бураханмен жекжат болғалы жүрген көрінеді.
Бағлан. Мен саған бірдеңе айттым - ау деймін. (Сипап кетеді. Сыртқа келіп тоқтаған машинаның дыбысы естіледі. Аздан соң аяңдай басып Байсал келе жатады.)
Байсал (анадайдан). Аты Бағлан, өзі қос жұлдызды батыр құрдасыма сансыз сәлем.
Бағлан. Өзі кедей, сөзі бай әріптесіме өзіңдей сері сәлем.
Байсал. «Сері» деген сөзің үшін тағы бір сәлем. (Қолын құлаштап ұрады).
Бағлан. Жол болсын, елсізді бет алып, қайда безіп барасың?
Байсал. Құмның ішінде бір малшымыз бар еді, соның көшетін мерзімін білгелі барамын, өз жолың болсын!
Бағлан. Жұртта қалған ол нендей бейбақ?
Байсал. Ол қыстыгүні бір отар қойды түгел қырып алған бейбақ болса да, қазір үлкен ерлік жасап жатқан батыр.
Бағлан. Батыр бола тұра жұртта қалғаны қалай?
Байсал. Ол қазір сол қырылған қойлардың жүнін қырқып жатыр. Иә, өз жолың болсын.
Бағлан. Солай де, жүн жоспарын өлекселердің жұрқасымен толтырамын де.
Байсал. Мен сенен жөн сұрап тұрмын ғой?
Бағлан. Құмтауының ішіндегі қобылардың есебін алып келемін.
Байсал. Қобы дегенің аяқ басқан сайын кездесетін алақандай алаң, оның есебін қайтесің?
Бағлан. «Дарбазаның» керін кимеу үшін сол алақандай алаңдарды мына жердің топырағымен тегістеймін де жасанды шабындыққа айналдырамын.
Байсал. Әй, батырым - ай, жұмыс көбейсе сөгістің де көбейетінін бір сезбей-ақ кеттің - ау.
Бағлан. Түсінбедім.
Байсал. Түсінесің, тек өзіңнің аларың алғыс болған соң өзгелер алатын сөгісті түсінгің келмейді.
Бағлан. Мен коммунист бола тұра сөгіс алғандардың ешқайсысына түсінген емеспін.
Байсал. Сеніңше мен кіммін осы?
Бағлан. Сен бе? Сен сарынға қарай ұша беретін соқыр қарғасың.
Байсал. Ей, өзіңнің іздегенің жанжал ғой?
Бағлан. Бұл сапар қателескен жоқсың. Іздегенім жанжал екені рас. Өзгеден де, өзімнен де күткенім жанжал. Сол жанжалды сенен бастағалы тұрмын.
Байсал (шошына қарап). Есің cay ма - ей?
Бағлан. Бір кезде даңқы жер жарған «Дарбазыны» бұл күнде жау шаппастан тоналған күйге ұшыратсаң есім қалай сау болмақ? Қалай? (Жағасынан ала түседі). Жан керек болса шыныңды айт: сонау өртеліп жатқан өлекселердің шын саны қанша, қағаз жүзіндегі өтірік саны қанша?
Байсал. Онда сенің жұмысың қанша?
Бағлан. Жұмысым сол, екеуміз де көз бояушылармыз. Сол үшін екеуміз де кешікпей сотталамыз.
Байсал. Астағыпыралла.
Бағлан. Айырмамыз: сен колхоздың малын көп өлтіргенің үшін сотталасың, мен көп есіргенім үшін сотталамын. Тағы бір айырмамыз: сен бүгінгі барлық қылықтарың үшін ертең ұрпақтар алдында тағы сотталасың. Мен сені сол ертеңгі соттан құтқарғым келеді. Тілімді ал да шыныңды айт.
Байсал (ашуға булығып). Құрдасым түгілі құдайым болсаң да мұндай қылжағыңды көтермеймін, ол бір. Екіншіден, маған арнап қазған орынды тереңірек қаз, сол орға құлайтын өзің. Оған дейін сау бол, әріптесім. (Кете береді).
Бағлан (күле дауыстап). Сен де сау бола тұр, кешікпей құлайтын құрдасым. (Манағы кеткен жағынан тәлтіректеп Келдек әндетіп келе жатыр. Бағланды көріп қаша жөнеледі).
Бағлан. Тоқта... Кел бері! Машинаң қайда?
Келдек. Машинам ба? Машинам... А, Сапар ағай менің топырағымды әкеткен болар.
Бағлан. Сен неге қалдың?
Келдек. Неге қалғанымды көріп тұрсыз ғой.
Бағлан. Өзің көріп тұрмысың?
Келдек. Кеке! (Еңіреп.) Тыңдаңыз! Әке орнына әке, аға орнына аға болдыңыз, жетер енді. Мен сіздің үмітіңізді ақтай алмадым, бере - бере уәдеден де ұят болды. Енді рұқсат етіңіз, қарамды өшірейін.
Бағлан. Қараңды қалай өшірмексің?
Келдек. Көзіңіздің алдынан жоғалудан басқа жол маған қалмапты.
Бағлан. Бұл жерге арақ әкелген кім?
Келдек (еңірей түсіп). Машинамен өзі келді.
Бағлан. Сенің машинаңмен бе?
Келдек. Иә.
Бағлан. Оларың қайда?
Келдек. Не бары үш-ақ шөлмек еді, оның біреуін кеше осында келісімен құлар қоныс майлар деп бөліп ішті. Біреуі түнде өзегімді өртеген өртті өшіруге кетті. Қалған біреуі қазаға осылай ұшырады.
Бағлан. Өзін-өзі аямаған азғын. (Оның басындағы кепкесін жұлып алып бетіне лақтырады.) Есіркеудің де шегі барын ұғып ал да жоғал көзімнен.
Келдек. Маған лайық жолды жада таптыңыз - ау, көкетай. Мені адам етемін деп әуре болмай ертерек осылай соқсаңыз ғой, мен ендігі бір жайлы болатын едім. Оқасы жоқ, әлі де кеш емес. Сау болыңыз, мен үшін де сау болыңыз, көкежан. (Жалт бұрылып жөнеледі. Бағланның өзі де ауыр оймен мылтығын жүре оқтап кетеді. Аздан соң екінші жақтан бір машина келіп тоқтайды. Қасында Малтабай бар Арман келе жатыр.)
Малтабай. О батырдың өзі де осы жерде екен? Мынау соның машинасы.
Арман (алысқа көз жіберіп). Солай де. Оның болашаққа жасап жатқан шабуылы осы де.
Малтабай. Шабуыл деп марқайтқанымыз болмаса мардымсыз бірдеңе.
Арман. «Мардымсыз бірдеңе» болса неге тыйым салмайсыңдар?
Малтабай. Менің қолымнан дәл осы сұраудың жауабын беру де келе қоймас.
Арман. Неге?
Малтабай. Неге дейсің бе? Неге? Ол былай ғой... ол енді еліміздің еркесі ғой.
Арман. Ал мына даланын еркелігі қандай? Оның келешегінен не хабарың бар?
Малтабай. Келешегі дейсіз бе? Келешек дегеніңіз кесектеу - ау, дегенмен айтып көрейін. Сонау күмбезді моладан былай қарай түгелінен өзіміздің Байсал ағамыз басқаратын «Дарбаза» колхозының жері. Байсал ағамыздың соқасы тимеген алақандай жерді ол даладан таба алмаймыз. Менің Байсал ағатайым сусыз жерге егін егуден қорқатын Бағлан сияқты қорқақ емес.
Арман. Шаңның өзін нанға айналдырып жатса Байсал ағамыз шынында батыр екен. Ал егер келешектің нанын бүгінгінің шаңына айналдырушы болса кім дейміз?
Малтабай. Шүбәңіз болса барып көрейік.
Арман. Рақмет, көп жайға көзімді алыстан-ақ жеткіздің. Тек мына бір төбелердің арасынан көрінген түтінге көзім еркін жетпей тұр.
Малтабай. Түтін дейсіз бе? Мүмкін емес.
Арман. Менің өтірік айтуым мүмкін бе?
Малтабай (сасқалақтап). Жо-жоқ, олай дейтін ессіз емеспін. Мен тек ешқандай түтін көре алмай тұрмын.
Арман. Мұндай мүгедек көзбен келешекті қалай көрмексің? Келешекті көрер көзің жоқ болса бүгінгіге қалай керексің?
Малтабай (өзіне). Ауырмастан өлдім - ау (Арманға жалынышты үнмен.) Рұқсат етсеңіз, мен барып білсем...
Арман. Ол қыстыгүні қырылған қойларының өлексесін өртеп жатқан Байсал «батырдың» түтіні, бара қалсаң сол түтіннің де есебін ала кел.
Малтабай. Әкелем... әкелем... (Кете бере кенет ойланып тоқтайды.) Кешіріңіз, ненің есебін дедіңіз? (Арман суық түспен қарайды. Малтабай абыржып.) Иә, иә, енді түсіндім, түтіннің дедіңіз. (Кете бере басын шайқап өзіне күбірлейді. Әй, қатерсің - ау, қатерсің... қатер. (Кетеді).
Арман. Ех, Бағлан... Бағлан... Мен сені көрген сайын заманымыздың алып тұлғасын бір өзіңнен көргендей мақтанушы едім де, ең дәулетке кенеліп шалқып жатқан еліңді көрген сайын келешекке жеткендей шаттанушы едім. Мына қылығың соның бәрін зая жіберетін болды-ау... (Жақын жерден мылтық даусы екі рет гүрсілдейді. Мылтығын аспандағы құсқа кезей ұстаған күйі Бағлан өтіп барады. Арман дауысын көтереді.) Қайырлы таң!
Бағлан. Менің таңым сен тілемесең де қайырлы, сөзді қой да бұқ жылдам, бұқ тезінен!.. Қап, қайқайын кетті-ау!
Арман. Байқаңыз, аспансыз қалып жүрмейік!
Бағлан (көзі аспанда). Ей, жолдас, мына өзеннің құсы екеумізге де жетеді, тезінен жөніңді тапсаң қайтеді?
Арман. Колхозшылардың жеті мың қойы болмаса өзеннің құсы екеумізге жете қоймас.
Бағлан. Жеті мың қой? (Жалт қарап, қуанышты үнмен.) Ғажап - ау, мен кімді көріп тұрмын! Арманым - ау, осы тұрған анық өзіңсің бе? Амансың ба? Сені мұнда айдап келген қандай тағдыр? (Қолын ұсына ұмтылып келіп кенет тоқтай қалды.) Кешіріңіз. Мен сәл тая басыппын.
Арман. Менен кешірім сұрайтындай кінәңіз жоқ шығар, қолыңызды әкеліңіз.
Бағлан. Мен «сіз» деп сызылуды ұмытып кетіппін.
Арман. Не үшін «сіз» деп сызыласыз?
Бағлан. Жасыңыз кіші болса да дәрежеңіз үлкен ғой, дәрежесі үлкендердің алдында маймаңдайтын салтымыз бар ғой.
Арман. Кімнің еңбегі үлкен болса, соның дәрежесі үлкен емес пе? Әлде еңбегіңіздің де қоспасы бар ма еді?
Бағлан. «Қоспасы?» Бұл сіздің өз сөзіңіз емес қой.
Арман. Психолог екенсіз.
Бағлан. Мың адамның сөзінен гөрі жүрегін көбірек тыңдаймын.
Арман. Мына бір топ үйрек осылай беттеп келеді, әзірлеңіз.
Бағлан. Көзіңіз үйректе болғанмен нысанаға мені алып тұрсыз ғой. Егер әлдекімдердің қағаздардан жасап берген оғы болса атқылай беріңіз, менің қамалым берік, қандай оқты болса да қарсы алуға әзірмін.
Арман. Мынау өзен таси - таси қалып кеткен бе қалай?
Бағлан. Бұл да өз сөзіңіз емес.
Арман. Оны қайдан білдіңіз.
Бағлан. Қанша даңқты болсам да менің даңдайсып далимайтынымды сіз жақсы білесіз. Онан да сіз маған өз жөніңізді айтып, «қоспа» деген сөзіңіздің мәнісін түсіндіріңіз.
Арман. Сезіктеріңіз бар ма еді, мұнша неге секірдіңіз?
Бағлан. Бұл сөзіңіз - өзіңіз бір кезде ажалдан алып қалған досыңыз Бураханның сөзіне ұқсайды. Өтінемін, өзін құдай көрсеңіз де сөзін өнеге ете көрмеңіз.
Арман. Сіз, оны не үшін сүймейсіз осы?
Бағлан. Мен жасарымды жасап, аларымды алып болған адаммын, сондықтан бұл сұрауыңыздың жауабы ащырақ айтылып кетсе ғапу етіңіз.
Арман. Шындық ашық айтылған сайын ар ажарлана түседі, айта беріңіз.
Бағлан. Қарауыңдағы халқыңның махаббатына ие бола алмаған басшы - бүгін қандай құдай болса да ертең тағдырдың мазағы. Сіздің Бурахан досыңыз өмірдің сол бір қатал заңын білмейді. Мен оны сол үшін сүймеймін. Тағы қандай сұрауыңыз бар?
Арман. Облысымыздың мал шаруашылығын қатты шайқалтып кеткен биылғы қыс сіздің колхозды міз бақтыра алған жоқ, мен алдымен соның сырын білгім келеді.
Бағлан. «Малшы жұтамай мал жұтамайды» деген халық қағидасын қатты тұтынамын. Өйткені, өзі аш малшының малы да аш болатынын жақсы білемін.
Арман. Басқалар сізден неге үлгі алмайды?
Бағлан. Үлгі алу үшін де күш керек қой.
Арман. Сіздегі ерекше күштің не екенін білуге бола ма?
Бағлан. Ол күштің аты бедел. Менде мынау Алтын Жұлдыздар әперген бедел бар. Сол беделдің арқасында өзгелер жойып жіберген ауыспалы егіс системасын сақтап қалдым да, тереңде жатқан теңізден су тартып мал азығын өсіретін аймақ жасадым. Егер мен мұны істемей көп дақпырттың ішінде кете берсем, колхозым «Дарбазаның» керін киетін еді.
Арман. Оныңыз рас, бірақ мына бір сұраудың жауабы оған қайшы келмес пе екен? Сіз мұнан бес жыл бұрын колхозшылардың жеке меншігінен алынған малдан жеті мың қойды колхоздың есебіне қосқан жоқсыз. Жыл сайын сол жеті мың қойдың өсімін малшылардың қажетіне жасырын жұмсап келдіңіз. Егер де мұның бәрін бекер дейтін болсаңыз мына сұрауларға жауап беріңізші. Сіздерде жетпіс жеті отар қой бар, сол жетпіс жеті отардың қойшылары, әсіресе, қыс айларында етсіз болмайды. Орталықтағы асхананың қазандары еттен бір орталанған емес. Басқа колхоздарда болатын малдың өлім-жітімі сіздерде де болып тұрады, сіздің қойларыңыз сонда да бір кеміместен өсе береді, бұл неліктен?
Бағлан. Бұл сөзіңізге қарағанда менің бес жылдан бергі ізіме түсіп келген секілдісің. Егер, ол ізге салушы өзімнің келінім Заузат болса, онда маған берер сұрауларыңыз мұнан да көбірек болсын. Мен газ жағып, шай қойып жіберейін. (Машинасына қарай кетеді.)
Арман (жалғыз). Бұл қалай? Ол хатты білетін Бурахан Науатбаевич екеуміз ғана. Оны кімнің жазғанын бұл қайдан білді? Екіншіден, ол хатта тағылған айыптарды мынаның тайсалмастан мойындайтын түрі бар. Өзінің есі сырқат емес пе екен?
Бағлан (плиткасын әкеліп жаға бастайды). Қане, тағы қандай сұрауың бар?
Арман. Менің сізден білмесім осы айтылғандардың шындығы. Егер де бұл шындық болса мұндай қылмысқа не үшін бардыңыз?
Бағлан. Біріншіден, қарауымдағы колхозшылардың ар-ұжданын таза сақтағым келеді.
Арман (таңдана қарап). Қалай?
Бағлан. Техникасы.айдан да асқан біздің заманда еңбектің ең ауыр бейнетін тартатын малшылар ғана. Ауыр бейнеттегі адамның жаны да, тәні де азықты мол тілейді. Меншігіндегі аз дәулет олардың тілегіне жұғым да болмайды. Сол мұқтаждық оларды жасырын мал ұстауға мәжбүр етті де ұжданына кір жақты. Мен оларды ұждансыздыққа апаратын осы мұқтаждықтан құтқарғым келді. Екіншіден, қарауымдағы колхозшыларды мемлекеттің масылы еткім келмеді.
Арман (таңдана түседі). Мемлекеттің масылы?
Бағлан. Иә, бұрын өзінен артылған еті мен майын қалаға сатып, мемлекеттің жүгін көтерісіп келген колхозшылар бес жылдан бері өзіне керекті ет пен майды қаладан тасып, мемлекеттің масылы болған жоқ па?
Арман (зілмен). Сіз не айтып отырсыз?
Бағлан. Мен өмірдің ең ащы шындығын айтып отырмын. Малшылардың малын сыпырып алып, оларды мемлекеттің масылы ету қате еді. Мен сол қатенің мұншама ұзаққа созыларын білмей, колхозшылардың малын өздеріне қайтарамыз деген үмітте болдым. Ол үмітім ақталмай осындай қылмысқа айналды. Бірақ, есіңізде болсын, дәл осы қылмысымды мынау Алтын Жұлдыздарды әперген ерліктерімнен бір де бір кем көрмеймін! Өйткені өз арымды құрбан еттім де қарауымдағы колхозшылардың арын таза сақтап қалдым. Екіншіден колхозшылардың ауқатын көтеру мемлекетіміздің жүгін көтерісу екенін дәлелдедім.
Арман. Кешіріңіз, мен сізге түсіне алатын емеспін.
Бағлан. Бүгін түсінбесеңіз, ертең түсінесіз. Сіздер түсінбесеңіздер ұрпақтар түсінер.
Арман. Ұрпақтардан бұрын бүгінгілерге жауап беріңізші. Сол жеті мың қойдың қазір қаншасы қалды?
Бағлан. Он алты мың.
Арман. Әзілді қойыңыз, мен шын сұрап тұрмын.
Бағлан. Мен сіз сұраған шындықты айтып отырмын. Жылдағы әдетіміз бойынша қоздату үшін былтыр да жеті мың саулықты іріктеп алып қалған едік, қыстың қатты болғанына қарамастан сол жеті мың саулықтан биыл тоғыз мыңдай қозы алдық. Мына бір машина осылай беттеп келеді, мені шақыра келген біреу болса кетемін. Маған айтарыңыз болса, тезірек айтып қалыңыз.
Арман. Жақын күндердің бірінде осы облысқа Бурахан Науатбаевнч келеді. Сізге айтарымды соның алдында айтамын. Әзірше айтарым - бұл қылығыңыз үшін ешкімнен аяушылық күтпеңіз.
Бағлан. Аяушылық күтер болсам мұндай қылмысқа бармас едім ғой. Онан да Бураханның не үшін келетінін айтыңыз.
Арман. Сағым даласына егін салдыру үшін... тағысын тағылар. (Жүріп кетіп қайта оралады.) Ол кісінің есебі бойынша Сағым даласының егіске жарайтын елу мың гектардай жері бар, соны өзі көзімен көрмекші.
Бағлан. Қайран Сағым даласы - ай, келешекте әр түгің маңырап жатқан мал еді, енді шанға айналатын болдың-ау!
Арман. Ғалымдар да солай дейді, сондықтан ол даланы Бураханнан бұрын менің көргім келеді.
Бағлан. Ол ниетіңіз қашан?
Арман. Бүгін. (Жүгіре басып Заузат келеді.)
Заузат. Папа! Мен сізді іздеп келемін.
Бағлан (үрейлене жалт қарайды). Заузат! Балам - ау, жайшылық па?
Заузат. Жайшылық емес, біздер егіс көлемін биыл екі есе көбейтетін болыппыз. Ол үшін мал азығы егілген жерді қайта жыртып Сағым даласына да егін егетін болыппыз.
Бағлан. Малды қалай құртудың нұсқауы жоқ па әйтеуір. (Арманға беттей бере тоқтап.) Бұл не?
Заузат (күбірлеп). Папа, бұл кім?
Бағлан. Біздерге Сағым даласының шағын жұтқызғалы жүрген Арман Мұратбаевич жолдас осы! Танысыңыздар. Колхозымның агрономы.
Арман. Жай агроном емес, бас агроном. Тимирязев атындағы академияны бітіріп келген өте сауатты агроном.
Заузат. Кешіріңіз, мен сізді көп аңшының бірі екен деп қалдым. (Қолын ұсынып.) Балқашова.
Арман. Атыңыздың Заузат екенін де білемін.
Заузат. Менің атымды сіз қайдан білесіз?
Арман. Мен сыртыңыздан жақсы қанықпын.
Бағлан. Қанық адам Бәрін де біледі, балам. (Бір қолымен. Заузатты құшақтай тұрып Арманға сөйлейді.) Мені «папа» дейтін дүние жүзінде бір ғана адам бар. Ол алдыңызда тұр. Менің ұлым да, қызым да, келінім де осы. Дүние жүзінде мені «ата» дейтін бір ғана адам бар. Ол - осыдан туған Мұхит дейтін бес жасар немерем. Менің осы колхозда бұлардан басқа отыз ұл, қырық шақты қызым бар. Оның бәрі: әр кезде әр түрлі жолдармен келіп мені сағалаған жетімдер еді, қазір соның бәрі үйлі-баранды болып кетті. Солардың бәрі мені әке тұтып көке дейді, мен солардың бәрін осы күнге дейін бөпе деймін. Бірақ мен мынау отқа бұлардың ешқайсысы үшін түскенім жоқ, сіз осыны да біліп алғайсыз.
Заузат. Папа, оныңыз не айтып тұрған?
Бағлан. Жаныммен тең жалғыз ұлым бар еді. Ол осыдан екі жыл бұрын Сағым даласының астындағы теңізді зерттеп жүріп мұнарадан құлап өлді. Сонау төбе басында жарқырап тұрған соның ескерткіші, сондай ұлымнан айырған ол далада менің кегім бар, оны да біліп алыңыз. (Жасқа булығып теріс айналып өкіріп кетеді, Заузат аң-таң.)
Арман. Ғылыми болжауларға қарағанда алдағы жаздың жауын-шашыны мол болатын секілді, оны сіздер де біліп алғайсыздар.
Заузат. Оны білгендегі істеріміз Сағым даласын бүлдіру ме?
Арман. Бүлдірмейсіздер, егін егесіздер.
Заузат. Мал азығы үшін бір тал шөп екпейміз, солай ғой.
Арман. Мұнан бес жыл бұрын берілген нұсқауды орындамай, өзінің беделін пайдаланып, егістік жерінің қақ жартысына мал азығын егіп келген сіздің атаңыз сияқтыларға енді тыйым салынатыны рас.
Заузат. Жақсылыққа тыйым салсаңыздар жаманшылыққа жол ашқандарыңыз емес пе? (Арман жауап бермей жүріп кетеді, Заузат жақындай түседі.) Арман Мұратбаевич, жаралғалы малшылардан басқа жан баспаған ол даланың сізге айтар арызы, қояр тілегі болып тұр.
Арман. Айтыңыз.
Заузат. Мен өмірдің он бес жыл бойы оқытып берген білімін жеті жылдан бері сол далаға жұмсап келе жатқан адаммын. Академияның неше жылдар бойы жүргізген ғылыми жұмыстарымен де таныспын. Ол даланын өзімен де талай сырласып, желімен талай сыбырластым. Топырағына да талай үңіліп, тереңінде жатқан теңізімен де талай тілдестім. Соның бәрінің айтары: егінді сусыз салатын болсаңдар бұл даладан айрыласыңдар дейді.
Арман. Сонда қалай, жоспарды орындамаңдар дей ме?
Заузат. Жоспарды жердің топырағына ғылымның көзімен қарай отырып жасаңдар дейді.
Арман. Әр жылдың әкелетін өз жаңалығы барын ұмытпағайсыздар.
Заузат. Жақсылығы жоқ жаңалықтармен өзімізді өзіміз жыл сайын алдаймыз да, өмірі жоқ өзгерістермен өзімізді өзіміз жыл сайын қинаймыз, бұл қалай? (Арман жауап бермей жүріп кетеді.) Папа, бұл қалай?
Бағлан. Ол үшін қапаланба, балам. Мен ондай нұсқауды Бураханның өз аузынан екі ай бұрын естігенмін де егескенмін. Енді кім айтса да шөп егілген жерді қайта жыртып бүлдіре алмаймыз, бүлдір деп Арман Мұратбаевичтің өзі де айта алмайды.
Арман. Берілген нұсқауды теріс орындасаңыздар неге айта алмаймын?
Бағлан. Ондай нұсқауды орындау өзіңіз басқарып отырған облыстың келешегіне үлкен нұсқап келтіретінін білерсіз.
Арман. Сіз бұл егеспен мені де, өзіңізді де қинағалы тұрсыз, өтінемін, ойланыңыз.
Бағлан. Ең қиналар шағымыз ертең, бауырлар, ертең. Өйткені жер - ертеңгілерге молырақ керек. Сондықтан бүгінгіге ертеңгілердің көзімен қарамасаңыздар ауыр өкінішке қаласыздар.
Арман. Өкінбеу үшін не істеуіміз керек? Облысымыздағы барлық колхозды «Шұғыланың» жолына салуымыз керек пе?
Бағлан. Кекетсеңіз де дұрыс айтып тұрсыз. Солай етсеңіз облысыңыздың қазіргі үш миллион қойын он жылға жеткізбестен бес миллионға жеткізе аласыз... Арман Мұратбаевич, мына бір сұрауға жауап беріңізші, Колхозшылардың әсіресе малшылардың малын сыпырып алу ауыл шаруашылығына нұқсан келтірді ме, жоқ па? (Арман үнсіз қадалады) Немене, мен теріс бірдеңе айтып тұрмын ба?
Арман. Сіз мейлінше ашынған екенсіз, сондықтан айтарым: жаныңыз қанша жараланса да арыңызды қараламаңыз.
Бағлан. Мен ары үшін жанын талай қиған адаммын, әлі де талай қиярмын. (Тез бұрылып жүріп кетеді.)
Заузат (аң-таң). Бұл не жұмбақ?
Арман. Ең үлкен жұмбақ та, атаңызды қинайтын ең ауыр азан та сіздің Москваға жазған хатыңыз.
Заузат. Хатыңыз не айтып тұрған?
Арман. Мен сіздің барлық колхозшылардың өз колхозшыларыңыздай ауқатты болуын көксеп, Орталық Комитетке жазған хатыңызды айтып тұрмын.
Заузат. Бұл не оспақ?
Арман. Колхозыңыздың өр отарында есепте жоқ жүздеген қой барын біле тұра «бұл не оспақ» дейсіз бе?
Заузат. Бұл не жала?
Арман. Ойланыңыз.
Заузат. Мен ешқайда хат жазған емеспін.
Арман. Егер, оңы жазған сіз болмасаңыз, атаңыз қалай мойындады?
Заузат. Мүмкін емес.
Арман. Немене мүмкін емес.
Заузат. Папамның мұндай жаланы мойындауы мүмкін емес.
Арман. Ол тіпті ол хатты жазған сіз екеніңізді де жасырған жоқ.
Заузат. Meн кімнің алдында тұрмын?
Арман. Кімнің алдында тұрғаныңызды жақсы білемін. Шындықты қалай айтуды білмей тұрсыз.
Үшінші сурет
Төрт түлік мал көкжиегіне дейін сыңсып жатқан кең дала. Перде ашылғанда көретініміз Келдек. Ол сахна сыртындағы біреулерге айқайлап тұр.
Келдек. Ей, мен машинаны болмаса малды қалай қайыруды білмейтін қазақпын. Егер жарты сағат кешіксеңдер қойларыңды ит-құстың қанталауына тастаймын беремін. (Өзіне.) Бір сағатқа шыдайтын шығармын, ә?.. «Әй, желмен жарысып, құйынмен ойнап жүрген мен сияқтыларға қой шетінде сілейіп тұру шыдайтын шаруа емес-ау. (Өлеңдетеді.) Осындайда Заузат келе қалмайды - ау, ә? Келе қалса қайтер едім? (Қатуланып). Шашына асылып өлер едім. Қалай?.. (Қиялға беріліп.) Ол осы арада ән салып тұрса. (Заузаттың дауысына салып әндетеді). Мен ту сыртынан білдірмей ғана шыға келсем... тс-с, мысықша аңди басып барып бұрымынан ақырын ұстай алсам, ол көрмей қалса, бұрымын бұғалықтап мойныма былай орасам, ол соны да білмей қалса. (Бәрінде де қимылмен көрсетіп тұрады.) «Заузат мен сені сүйемін» деп айқай сала былай құлап түссем. (Құлайды да қайта ұшып тұрады, үстін қағады.) Қызық, сонда ол қайтер еді? Қаша жөнеле ме, әлде мойныма асыла кете ме? М-м-м. Бұрымы менің мойнымда тұр ғой, мені арқанмен сүйреткендей қалай қашады? Ал егер басын менің кеудеме қойып бұлаңдаса ше? (Күрсініп.) Ол бола қоймас... Дұрыстап елу де қолымнан келмейді, өзім де бір сорлымын -ау, сорлымын... Ех, Заузат - ай! Сен Заузатым болмай жау жатым болдың-ау. (Алысқа көз тігеді.) Өй, бүкіл даланы шаң басып кетті ғой... Ұзын құлақтың хабарына қарағанда Бурахан Науатбаевич келеді деген еді, шаңымызды аспанға шығарып келе жатқан сол болар. Мына біреуі бері бұрылды. (Ұзыннан-ұзақ машиналар легінің өтіп жатқаны естіледі. Солардың бірі тоқтайды. Малтабай келе жатады.) Ассалаумағалейкүм, алдияр!
Малтабай. Алдиярың не - ей, сайтан?
Келдек. Кешіріңіз, аңдаусызда аузымнан шығып кетті.
Малтабай. Егер менің берген сұрауларыма жөн жауап берсең ол кінәңді кешіруге болады.
Келдек. Сіздерге жөн жауап бермейтін басым екеу емес шығар.
Малтабай. Мына сөзіне қарағанда біздерді танитын секілдісің ғой!
Келдек. Танымаймын, бірақ нөкердің соны болсаңыз да екпініңізден осал емес екеніңізді сезіп тұрмын.
Малтабай. Сөзіңнің бәрі ескі екен. Өзің қай колхоздың мырзасы едің?
Келдек. «Шұғыланың» қой бағатын мырзасымын.
Малтабай. Әзілге әзіл жауап бергеніңе рақмет. (Алысқа көз жіберіп.) Бір отардың қойы мың жарымнан асады екен, ә? Орталықтан бері бізге кездескен отардың санын айта аласың ба?
Келдек. Мөлшері жүзге жақын.
Малтабай. Соның бәрі бір «Шұғыланың» отары ма?
Келдек. Әрине біздің отар, әлі де талай отарға кездесесіздер.
Малтабай. Тым бай екенсіздер, ә?
Келдек. Әрине, біздің байлығымыз әлемге аян!
Малтабай. Сол әлемге аян байлықтың ішінде аян болмай жасырынып жүргені қанша? Мен сенен отарындағы есепте жоқ қойдың санын сұрап тұрмын?
Келдек. Ағатай-ау, мынауыңыз сұрау емес, сорақы ғой.
Малтабай. Сенің айтып тұрғаның ұрының сөзі.
Келдек. Егер мені ұры көрсеңіз ұрыдан шындық сұрап тұрған өзіңіз кімсіз?
Малтабай. Мына жұртты жауып жіберіп отарыңнан Бағланның жүз қойын тауып алсам қайтесің?
Келдек. Ондай арам малдың жалғыз тал қылшығын таба алмасаңыз өзіңіз қайтесіз?
Малтабай. Мен таппасам, сен табасын. Мен тапқызамын. Мен Бағланның қылмысын тексеретін комиссияның внештатный мүшесімін. Егер...
Келдек. Бағланның қылмысы. (Қарқылдап күледі.) Ағатай-ау, мынауыңыз жындының сөзі ғой.
Малтабай. Жап аузыңды. Егер комиссияның мұндай жасырып сұрауларын жария етіп, тісіңнен шығарар болсаң жазаңды өзім тартқызамын. Мен кешке қайтып оралғанша сен өзіңді колхоздан қуған Бағланнан кегіңді қалай алуды ойлана бер. (Кетуге беттейді.)
Келдек. Тоқтаңызшы. Сіз шетелден келген шпион емессіз бе осы?
Малтабай. Ол не сөз?
Келдек. Егер, шпион болмасаңыз, Бағландай адамға мұнша неге өшіктіңіз? Өшікпесеңіз мұндай жаланы неге жаптыңыз? Өмірінде бір көрмеген мені қалай білдіңіз? Бағланның мені колхоздан қуғанын сіз қайдан біле қалдыңыз? Осының бәрі сіздің шпион екеніңізді көрсетіп тұр. Астыртын хабар беретін радиоңыздың морзесін басыңыз да, менің осы сұрауларымды эфирге жіберіңізші. (Морзе басқан болып.) Тни-ти-ти-тииии...
Малтабай. Бүркітпен ойнаған ажалды қарғаның керін кигің келмесе өшір үніңді. У-у-у-ух. (Тез кетеді.)
Келдек. О, ғажап, қарны тойса қарғалар бүркітпін деп ойлайды! Қолына бір дес тисе біздің кейбір қазақтар тап сол қарғаға ұқсайды. Осы неліктен екен? (Екінші жақтан Заузат шыға келеді, көзі Малтабай кеткен жақта.)
Заузат. Есей, ана кеткен Бурекеңдер ме?
Келдек. Сенің іздегенің Бурекең, менің көргенім Малтекең. Амансың ба?
Заузат. Келдек! Сен мұнда қалай жүрсің?
Келдек. Менің атым Келдек емес Көбелек. Мен сенің көбелегіңмін, Заузат. Алдымен сен соны біліп алғайсың.
Заузат. Айттың болды, білдім де алдым. Енді жөніңді айт, қой шетінен не іздеп жүрсің?
Келдек. Машинамды осы отардың несі Есей мырза мініп кетті, өзім сенің жолыңды тосып шаңға аунап жатырмын.
Заузат. Не үшін?
Келдек. Ақтық жауабыңды есту үшін.
Заузат. Әттең, сәл кешірек туыпсың!
Келдек. Кешірек туғанның не кеселдігі бар?
Заузат. Келеке болудан үлкен кесел жоқ.
Келдек. Біз неге келеке боламыз?
Заузат. Табиғаттың заңы солай.
Келдек. Түсінбедім.
Заузат. Мен ертеңгі күнімізді осыдан жиырма жылдан кейінгі күйімізді айтып тұрмын.
Келдек. Немене, жиырма жылдан кейін маған ақыр заман келе ме?
Заузат. Ақыр заманнан да жаман, өйткені ол кезде сен менің тоқалым атанып мазақ боласың.
Келдек. Астапыралла.
Заузат. Солай, бауырым, табиғаттың заңымен ойнауға болмайды.
Келдек. Сонда қалай, менің сені сүйген жүрегімнің мазақ пен азапты жеңе алмағаны ма? Жоқ әлде сенің маған сенбегенің бе?
Заузат. Сенемін. Мен тіпті сенің ертеңгі күні тамаша адам болатынына да сенемін. Сондықтан да мен сені туған бауырымдай көріп кеудеме былай қысамын да бетіңнен былай сүйемін. Сендей жігітке жақсы жар қаладан да, даладан да табылады, ал мендей апа ешқайдан табылмайды.
Келдек. Тағы бір сүйші. (Заузат тағы сүйеді. Келдек тез өзгере қалып.) Тоқта... апа... егер маған ешқандай апаның қажеті болмаса...
Заузат. Осы ғана менің саған берер ақтық жауабым. (Кетеді.)
Келдек. Енді қайттым? Жұртым-ау, Айтсаңдаршы, енді қайттым? Жаны сұлу осындай асыл адамды қайдағы біреу қағып кетсе бір мен емес бүкіл «Шұғыланың» елі жау шапқандай шулап қалады ғой, қайран дүние-ай! Сонда менің жүрегім не болар екен? (Бір мұңлы сазды шертіп кете береді.)
Жан-жағында фонары самсаған, ортасында фонтаны атқылаған гүл алаңы. Шеткі скамейкада Келдек отыр. Қалтасында бір жартылы, қолында біреуі. Анда-санда аузынан бір жұтып қойып сөйлеп отыр.
Келдек. Солай, көкешім! Бұл тегін арақ емес, сенің үстіңнен жазылған арызға менің қолымды қойғызатын арақ. Ондай арызға менің қолым қойыла ма, жоқ па, ол әлі шешілмеген мәселе. Өйткені мен сенің саяңда өскен кешегі жетімегің бүгінгі кеселің Келдекпін. Кесел көріп колхозыңнан қудың, қуа бер, бәрі бір мен сені өмір бойы сыйлап өтемін! Тек сен менің мына бір тілегімді тыңда! Сен: адамдықтың, адалдықтың, батырлықтың, батылдықтың, дарындылықтың үлгісі едің. Соның бәрін зая жібермес үшін өзіңді өзің құрбан етіпсің. Өзің құрбан болмасаң да барлық атақ, даңқыңнан жұрдай болғалы тұрсың. Мына біреулердің тергеу тексерісінен мен сездім. Олардың сені аяйтын түрі жоқ. Сақтан, кекежан, сақтан. Өткен күніде сеніп қапы қалма. Мыналардың түрі жаман... жаман... (Кете бере Байсал мен Малтабайға кездеседі). Е, Малтекелер, Байтекелер, бәрің болып бір сұрауға жауап бере кетіңіздер. Сіздер жаңа маған не дедіңіздер? Нендей қағазға қол қой дедіңіздер? (Малтабай оның құлағына сыбырлайды. Келдек басын изеп.) Түсіндім, енді бәріне де түсіндім. Оны Бурекең Байтекеңе, Байтекең Малтекеде, Малтекең Келтекеңе айтып тұр. Сатысы көп болса да сәті жоқ сұмдық екен. Ондай сұрқия мақсатқа жету үшін алдымен мынау, мені жалдап алған арақтарыңызбен беттеріңіздегі арды шайып тастағандарыңыз жөн болар. (Қалтасындағы арақтың жеуін де суырып қалады.) Қане, көмейлеріңізді кеңірек ашыңыздар! (Ана екеуі сескеніп шегіне береді, Келдек арақтардың аузын тісімен ашып тастап оларға жақындай түседі.) Қашпаңыздар, сіздерге ардың қажеті болмаса да жанның керегі бар, жан керек болса қашпаңыздар. Мен қанша кедей болсам да сіздерден бақыттымын. Бақытты адамнан қашудың өзі бақытсыздық... А, сіздердің мені тыңдағыларыңыз келмей ме? Онда ғафу етіңіздер, ардан жұрдай сіздейлерді көргенде менің қаным қайнап кетеді. (Қолындағы арағын Малтабай мен Байсалдың бетіне кезек шашып ызалана айқай салады.) Осылай, осылай. (Малтабайлар беттерін қалқалап шегіне қашып кетеді, оларды қуа, қолындағы арағын шаша Келдек кетеді. Екінші жақтан Бурахан, Малтабай, Байсал, Шапағат тағы біреулер, олардан оқшауырақ өзара күбірлесіп Арман мен Дәркен келе жатыр.)
Байсал (Шапағатқа жабыса сыбырлайды). Балам, балам болсаң да әкемдей көріп жалынамын, мені Бурекеңмен бір түсірші, біреу ғана.
Бурахан. Қандай тамаша. Мынаны колхоздың қаласы деп кім айтар. Түні неткен әдемі еді.
Байсал. Иә, қаласы онша жаман емес.
Малтабай. Даласы да жаман емес, тек феодализмді қайта орнатқысы келетін қожасының санасы шамалы.
Бурахан (келе жатқан Бағланды аңғарып). Мынау кім?
Малтабай. Сол қас батырдың өзі.
Бурахан (зілденіп). Менің ол батырмен оңаша сөзім бар. Сендер жинала беріңдер. (Басқалар кетеді. Бурахан Бағланға анадайдан.) Сәлем, феодализмді қайта орнатқысы келетін «батыр».
Бағлан. Жаманшылықты орнату мен жақсылықты құлатудың айырмасы аз - ау, Буреке.
Бурахан. Тым ызалысыз ә?
Бағлан. Иә, ызалымын. Қорқуды қойғаннан бері ұялуды азайтып, ар дейтін батырымызды мансап дейтін сайқалдың малайы етіп жібердік. Мен соған ызалымын. Ол ғана емес, ескі жолды менсінбей, жада жолды сала алмай басымызды әр қиялдың тасына бір соқтық. Мен соған ызалымын. Ол да іште де емес-ау, өтірік жымия - жымия бетіміз сіріге айналып, өтірік шұлғи-шұлғи басымыз суға толып барады, мен әсіресе соған ызалымын Буреке... Бурекелер.
Бурахан. Мына бір сөздердің астары неткен жаман еді.
Бағлан. Мен өткен күннің мына бір хикаясын айтайын, байқағыш болсаңыз оның да астарын байқаңыз.
Бурхан. Қысқарақ айтыңыз.
Бағлан. Сонау бір өткен сұрапыл соғыстың бір қызу шағында, майдан алаңында қалып қойған бір өлік үшін мен немістермен төрт сағат бойы сайыстым. Сол өлікті алмай қоймасқа мен де бекіндім, бермеске немістер де бекінді. Ол үшін мен ажалдың жаңбырындай жауған оғына да, оң жақ қолымның саулап аққан қанына да қарағаным жоқ. Өйткені, ол жатқан өзімнің комиссарымның елігі еді. Мен партия адамдарын жанымдай сүюші едім. Соларға деген махаббатым еді мені өлік үшін өлімге қарсы ұмтылдырған өлімді жеңіп өлікке жеттім. Сау қолыммен жерді шеңгелдеп, өлікті тісіммен сүйрете -сүйрете өз шебіне жеткіздім.
Бурахан. Мұны не үшін айтып тұрсыз? Ол үшін тағы да Алтын Жұлдыз дәметіп тұрсыз ба?
Бағлан. Менің дәме етерім - өзімнің сол бір ұлы махаббатым. Сіздерден тілегім: сол ұлы махаббатыма қаяу салмаңыздар.
Бурахан. Ол үшін не істеуіміз керек, қылмысыңызды бүркеуіміз керек пе?
Бағлан. Менің қылмысымды бүркемей халықтың алдына ашып салыңыздар.
Бурахан. Сіздің барлық қылмысыңызды мойындап Орталық Комитетке хат жазғаныңыз рас па?
Бағлан. Өзімнің қылмысымды емес, ертеңгілерге қылмыс болып көрінетін бүгінгінің шындығын жазғаным рас. Ол мынау... Комиссияларыңыз мені екі рет тексеріп әуре болмасын, сол хаттың бір данасын ала кетіңіз... (Қалтасынан конверт алып ұсынады. Бурахан алмайды.)
Бурахан. Ақтық демі бітер жан несінің бәрі де, ең ақыры күздің қара шыбыны да осылай ышқынатын. Бірақ қанша ышқынсаң да енді құтылмайсың. Манағы айтқаным айтқан...
Бағлан. Буреке, мен бір бейне дариямын, сіз қандай құдай болсаңыз да дарияның бетіне таңба сала алмайсыз. Соны да ескергейсіз. (Бурахан тез жүріп кетеді. Бағлан ауыр оймен барып шеткі бір орынға отыра кетеді. Келдек қайта келе жатыр, ол Бағланды байқамастан домбыраны екі рет дық еткізеді. Бағлан құшағын ашып.) Келдегім - ай, кеудеме бір қысайын, келші.
Келдек (таңдана қарап кейін шегінеді.) Келдегім... Келдегім... (Соны қайта-қайта күбірлеп Бағланды алыстан шыр айналады.)
Бағлан. Өзіңді қимасаң екеумізді араздастырған арағыңды сыйла.
Келдек. Анық па?
Бағлан. Бекер десең беріп байқа.
Келдек. Байқаймын.
Бағлан (егесе.) Байқасаң байқа.
Келдек. Байқаймын. О, ғажап, сенейін бе, сенбейін бе? (Жүгіріп кетеді.)
Бағлан (жалғыз). Байқа, мен біріңді емес бәріңді де байқадым, жұртым. Бәріңе де ризамын. (Қолында жартылық арағы, қырлы стаканы бар Келдек қайта жүгіріп келеді.)
Келдек. Мынау Байсал мен Малтабайдың мені жалдап алмақ болып берген екі жартылығынан қалғаны еді, аз болса да көптей көріп ішіңіз.
Бағлан. Олар жалдап алып сені қайтеді?
Келдек. Сіздің үстіңізден арыз жаздыру үшін.
Бағлан. Жаздың ба?
Келдек. Жаздым. Бірақ сиямен қағазға емес, осы арақпен өздерінің бетіне жаздым.
Бағлан. Толтыра құй. (Келдек стаканды шүпілдете құяды, Бағлан ішіп салады.)
Келдек (таңдана түсіп). Ғажап - ау, сіз ішпеуші едіңіз ғой, бұл қалай?
Бағлан. Бұл солай. Сен ішетін арақты бүгіннен бастап мен ішемін де, мен айдайтын машинаны бүгіннен бастап сен айдайсың. Қалған өмірімді екеуміз солай, бір дөңгелектің үстінде өткіземіз. (Келдек әлде не айтқысы келеді, жасқа булығып айта алмай домбырасын мұңлы сазға салады. Бағлан оның көзінен жас көргендей болып.) Ау, мен сені жеткіншегім деп жүрсем әлі жетімегім бе едің. (Зекіп.) Жә, болды.
Келдек (жасқа булыға сөйлей отырып стаканды төңкереді). Мен ішетін арақтың ыдыстары осы сәттен бастап мәңгі төңкеріледі. (Ол соны айтады да теңселе басып жүріп кетеді. Аяғын имене басып Заузат келеді.)
Заузат (ақырын). Па - па. (Бағлан жасқа булығып үндемейді. Заузат жақындай түсіп.) Па -па!
Бағлан. Келмеске кеткен Келдегім келіп жүрегімді қозғап кетті.
Заузат. Сіз оны әлі де аяйды екенсіз ғой.
Бағлан. Ондай жаны таза адамды аямауға бола ма?
Заузат. Онда өзіңізді неге аямай жүрсіз?
Бағлан. Ол екеуміз қалған өмірді бір дөңгелектің үстінде өткізетін болдық.
Заузат (оны жадыратпақ болып). Папа, сізге шет елдерден мынандай хат келді. (Қалтасынан үш пакет алады.) Мынау Индиядан. Делиге барған сапарыңыздан Джавахарлал Неру мырза сізді бір шаруалармен әңгімелестірген еді ғой, сол шаруаның бірі биыл бізде қыстың қатты болғанын газеттерден оқыған екен. Сондай қатты қыста соншама көп малды қалай аман алып шыққанымызға таңданып бірнеше сұраулар беріпті.
Бағлан. Оған жауап жаздың ба?
Заузат. Жоқ.
Бағлан. Неге?
Заузат. Нендей жауап қайтаратыныңызды білместен не жазамын?
Бағлан. Менің нендей жауап қайтарарымды сен неге білмейсің. Әлде ағылшын тілін ұмытып қалдың ба?
Заузат. Папа, мен сізге түсіне алмай тұрмын.
Бағлан. Онда түсініп ал? Мұнан былай өмірге дәмең болып жауап беретін бол. Ұқтың ба?
Заузат. Жоқ.
Бағлан. Кейін бәрін де ұғасың, басқасын айта бер.
Заузат. Мынау өзіңізден қызылша өсірудің өнімді жолын үйренген Канаданың фермері Иоргенсоннан. Ол сіздің жер астындағы теңіздің суып тартып егіске пайдаланып жатқаныңызды естіген екен. Енді соны үйренгісі келетінін жазыпты. Мынау Батыс Германиядан келген былтырғы журналист келіншектен. Ол өзінің сізге ғашық екенін жазыпты.
Бағлан. Иә, бұрын маған ғашықтар көп еді, енді бәрі де қашықтайтын болар.
Заузат. Папа, өзіңізді де бір аясаңызшы. Жасыңыздың ұлғайғанын, жүрегіңіздің қаяуланғанын неге ұмытып кеттіңіз? Үйге де көп жуымайтын болып барасыз...
Бағлан. Сен отырған ол үйден мүлдем безіп кетпегеніме тәубе де.
Заузат. Сұмдық - ай, не дейсіз? Папатай - ау, жазықсыз жазаламаңызшы. Ант етейін, ол хатты жазған мен емеспін, жалынамын сеніңіз маған. (Құшақтап жылап жібереді.)
Бағлан (оның басын сипап). Мен мезгілдің тамырын дәл баса алмай адасқан бейбақпын. Өзі бейбақ адамға жалынбас болар.
Заузат. Адасқан бейбақ?
Бағлан. Сол үшін мен сенен кешірім сұрамақшы едім, қалай сұрарымды білмей сенделудемін.
Заузат. Сіз бе менен кешірім сұрайтын?
Бағлан. Менмін... мен... мен!..
Заузат. Осы сіз сырқат емессіз бе?
Бағлан. Бес жылдан бері сырқат едім, бүгін жазылдым.
Заузат. «Жазылдым» деген сөзіңіздің өзінде бір зіл бар ғой.
Бағлан. Ондай зілден қорықпа, балам. Ол үшін бүгін қанша қиналсақ та ертең сөз жоқ қуанамыз. Өйткені біздер колхозшылардың ауқатын көтеру - мемлекетіміздің жүгін көтерісу екенін жақсы дәлелдедік. Мен мұны Мұратбаев жолдастың өзіне де айтқанмын.
Заузат. Папа, мен түк түсінер емеспін. Менен кешірімді не үшін сұрайтыныңызды ашығырақ айтыңызшы.
Бағлан. Сенен кешірім сұрайтын себебім: ол хатты сенің атыңнан жазған өзім.
Заузат (ыршып). Не дейсіз?
Бағлан. Солай, балам, мен сенің алдыңда ғана кінәлімін.
Заузат. Папа! Сіз не сұмдықты айтып тұрсыз?
Бағлан. Шындықты айту сұмдық емес, балам.
Заузат. Сұмдық болмаса ол хатты өз атыңыздан неге жазбадыңыз?
Бағлан. Мен де пендемін. Сол пенделіктен менің де шатасқан шағым болған-ды. Егер ол хатты өз атымнан жазсам өз қатемді өзім тапқан, өз қылмысымды өзім ашқан болып табыламын да, жеңіл жазамен құтылып, орта жолда қалып қоямын деген қиялда болдым. Маған керегі жазаның ауыры. Кейін соны айтып, мені өздерінің талқылауын сұрап, Орталық Комитетке мынандай хат жаздым.
Заузат. Құдайым - ау, мұнша ашынғандай сізге не болды?
Бағлан. Қолдан жасалған кедейлік пен қолдан көбейтілген масылдықты көргім келмейді.
Заузат. Бұл сырыңызды менен неге жасырып келдіңіз?
Бағлан. Сені мезгілінен ерте қинағым келмеді.
Заузат (ойланады, өз ойынан өзі шошиды). Папатай - ау, мен жаңа ғана сездім ғой, сіз мені ел бетіне қарағысыз етіпсіз ғой.
Бағлан. Қалай?
Заузат. Мен енді біреулерге сіздің қылмысыңызды жасырып келген жалған коммунист болып көрінсем, енді біреулерге атасын қаралаған азғын келін көріндім ғой. (Отыра кетеді.)
Бағлан. Сабыр, балам. Сен мені кінәлаудан кеш қалдың.
Заузат. Түсінбедім.
Бағлан (конверт ұсынады). Мынаның ішіндегіні оқысаң бәріне де түсінесің.
(Заузат ол хатты аулақтағы бір сәуленің астына апарып ішінен оқи бастайды. Бағлан өз ойында отыр).
Бағлан. Ол хаттың бар сырына сен түсінерсің де қуанарсың - ау, балам. Бірақ, дүлейленіп алған мыналардың түкке түсінетін түрі жоқ. Сонда бұл шайқас кімдерді жайпар екен? Оған көзім жетпейді. Көзімнің анық жететіні сол: ақиқат жеңбей қоймайды. (Аспанға қарап). Оған сен де куәсің айсыз түннің аспаны. Аспан... аспан... (Заузаттың арғы тұсынан домбыраның үні естіледі.)
Заузат. Келдек! Сенбісің!
Келдек. Келдек емес, кеселдімін.
Заузат. Папамның қапалы көңіліне самал болып соғыпсың, кеселім болсаң да сол үшін бетіңнен бір сүйейін келші.
Келдек. Ініңмін деп тосам бетімді.
Заузат. Тілегенім сол. (Сүйеді.)
Келдек (екінші бетін төсеп). Өмір бойы өзіңді тәте деп өтейін, мына бетімнен тағы бір сүйші.
Заузат. Өзіңді ұмытсаң да сөзімді ұмытпа. (Сүйе сала тез жөнеледі, оның соңынан домбырасын безілдете шертіп Келдек кетіп бара жатады. Қарсы жақтан Малтабай келе жатыр. Ол масаңдау.)
Малтабай (кеудесін сипалап). Өзегім... өзегім өртеніп барады. Енді қайттым? Қысы-жазы жегенім - қазы мен қарта, ішкенім - коньяк пен қымыз еді, ендігі жейтінім - қияр, ішетінім - квас болды-ау. (Тістене күбірлеп). Тұра тұр, жолдас Мұратбаев, бұл қылығың үшін сенің жолыңа қанды қазықтың талайын мен де қағармын. (Бағланды енді ғана аңғарып алыстан иіледі.) Бағлан аға, сәлемімді қабыл алыңыз да сүйіншімді әкеле беріңіз.
Бағлан. Ол ненің сүйіншісі?
Малтабай. Мен жаңа ғана орнымнан алынып таудан құлаған тастай домалап барамын, қайда барып батарым белгісіз.
Бағлан. Сүйіншіні сол үшін сұрайсың ба?
Малтабай. Сол үшін.
Бағлан. Есің дұрыс па?
Малтабай. Есім орнында, тек өзім орнымда емеспін.
Бағлан. Орның қайда?
Малтабай. Мен қазір облыстың ауыл шаруашылығын басқаратын басқарманың бастығы емес, көршіңіз «Дарбаза» колхозының бастығы Байсал досыңыздың орынбасарымын. Бурекеңнің көзінше Арман солай деді, оның айтқаны - қаулының алынғаны.
Бағлан. Орныңнан не үшін алындың?
Малтабай. Өткен қыстың аты қоян ба еді?
Бағлан. Солай секілді.
Малтабай. Мен сол қоянның аяз дейтін қызыл шұнақ қызына ғашық болып, соның қалың малына облыстың қырық жеті мың қойын беріппін, сол үшін алындым.
Бағлан. Облыстың ауыл шаруашылығына ең жауапты адамның бірі - Ботажан ғой, оның халі нешік?
Малтабай. Е, Бағлан аға, балдағың мықты болса аяқтың керегі жоқ екен ғой. Егер сүйер жерлесім болса менің де жел жағымнан жан жүрмес еді-ау.
Бағлан. Жерлестік. (Малтабайдың желкесінен ала түседі.) Елдің елдігін, ердің ерлігін аздыратын осы жерлестік дейтін кеселден қашан құтыламыз, қашан?
Малтабай. Сіздің «кесел» деп отырғаныңыз кім екені белгілі. Оныңыз нағыз шындық. Бірақ қазіргі кезде ондай шындықты айту қылмыс. Сондықтан бұл әңгіме осы жерде жабулы қазан жабулы күйінде қалсын, аллауәкпар. Мен сізді көрген жоқпын, сіз мені көрген жоқсыз, қош болыңыз.
Бағлан. Дәрежең бір елі төмендеп еді, өзің жерге тірілей кіре бастаған екенсің, ә.
Малтабай. Сіз де көп кешіге қоймассыз. (Аулақта Байсалға кездеседі.)
Бағлан. Жерлестік деген жегі құрт талайлардың бағын байлап, талайлардың келешегін жалмап жатыр-ау. Ой, сұмдық - ай, бұлар үшін шындықты айту қылмыс болыпты. Нағыз қылмыс, ертеңгі ұрпақтар айыптайтын қылмыстың өзі осы шындықты айтпау емес пе?
Малтабай. (Байсалдың құлағына.) Жарасын тырнап жаназасын оқып қайтыңыз. (Кетеді.)
Байсал. Бағлан бауырым - ау, беймезгіл неғып отырсың?
Бағлан. Түнделетіп оқығалы жүргенің кімнің жаназасы?
Байсал. Өз жаназам, егер сен осы түннен қалдырмай бір амалын тауып құтқармасаң мен су түбіне кеттім.
Бағлан. Heгe?
Байсал. Бурекеңнің ұйғаруы бойынша мен сенің орныңа келетін болдым.
Бағлан. О, онда су түбіне шын кеткен екенсің, құтты болсын.
Байсал (шіміркеніп). Сен немене, менің су түбіне кеткеніме қуанамысың, құтты болсының не?
Бағлан. Мен сенің қуанышыңды құттықтап отырмын ғой.
Байсал. «Шұғыла» колхозы бейне шалқар теңіз, ондай теңізге мен қалай ие болмақпын?
Бағлан. Бурекеңнің айтқанын бұлжытпай орындай берсең «Шұғыланың» шалқар көлі де шалшыққа айналады. Шалшықты жалдау саған қиын емес.
Байсал. Мен құрдас көріп әзілдеп едім, сен батырлығыңа басып кеттің ғой. Мүмкін осы айтқандарыңды ертең Бурекеңнің алдында да айтарсың.
Бағлан. Құдайыңның алдында да айтуға әзірмін. (Бар зілмен.) Жоғал, мансаптың қайыршысы.
Байсал (тістене сөйлеп). Осы сөзіңді ұмытпағайсың.
Бағлан. Жаудың салған жарасын ұмытсам да сендер салған жараның бір де бірін ешқашан да ұмытпаспын. (Байсал кетеді, Бағлан ауыр ойда.) Солай, Бағлан жолдас. «Құлан құдыққа құласа - құрбақа құлағында ойнар» деген осы. (Кенет қатуланып). Жоқ, мен құламаспын, көп кешікпей мұндайлардың талайы тағынан тайып, талайлары талқан болар. (Қатты екпінмен кетеді).
Шымылдық.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Төртінші сурет
Жалғыз сәуле шымылдықтың бір шетіне қалжырап келіп отыра кеткен Байсалға түседі.
Байсал. Малтеке... мен мұнда, мен мұнда!.. О, Малтеке, қайдасың? (Дауыстап.) Малтеке... Әй, іші толы азап пен мазақ басым - ай! Өлсең сол қираған машинаның ішінде өлмей Малтабайға неге ердің екен? Оның төте жол дегені кеселді жол екенін тағы білмедің - ау, сен сорлы. (Желке жағынан Малтабай келеді.)
Малтaбай. Кемпіріңіз қысыр қалса, оны да менен көргейсіз.
Байсал. Кемпірдің қысыр қалғаны ештеңе емес-ау, екеуміздің үмітіміз қысырап қала ма деп қорқамын.
Малтабай. Үміттің қысыр қалғаны қалай?
Байсал. Ұзын құлақтың хабарына қарағанда ертеңгі активтен кейін Бағланның мәселесі обком бюросында қаралатын көрінеді.
Малтабай. Бюродан бұрын активте де сөз болады, ол үшін үмітіміз неге қысыр қалады?
Байсал. Егер Бурекең бюро мүшелерін алдын ала бүріп жібермесе менің інімнің Бағланды құтқарып жіберуі мүмкін. Соны Бурекеңнің құлағына жеткізуді Ботажанның есіне салғайсың...
Малтабай. Ол баяғыда салынған, өзіңіз активте сөйлейсіз ғой.
Байсал. Арманым Бурекеңнің алдында бір сөйлеу..
Малтабай. Онда сол арманыңыз алақаныңызда. Егер ініңіз Арманның дода - додасын бір шығарсаңыз, Бағланың тағы астыңызда.
Байсал. Оны өзім де білемін. Сен Арманның Заузатпен қандай жақын екенін Бурекеңнің құлағына жеткізудің жолын тапқан ба едің?
Малтабай. Ботажанға сездіргенмін. Ботажанның сезгені - Бурекеңнің құлағына жеткені. Сөзім сенімді болу үшін оны сізден естігенімді де сездірдім.
Байсал. Өтірігіміз шығып қалмасын, қалай сездірдің?
Малтабай. Ағасы Байсалдың емеурініне қарағанда, ол екеуінің жасырың некесі соның үйінде қиылған көрінеді. Арманды Бағланның қызғышы етіп қойған сол бикештің құшағы дедім.
Байсал. Заузат біздің үйдің есігін ашқан пенде емес, сонда бұл өтірік өсегіміз ертең өзімізді өртемес пе екен?
Малтабай. Қорықпаңыз, Бурекең сияқты басшылар ондай өсекті сыртына шығармай ішке жинайды. Ішке жиналған өсек кекке айналады. Кекке айналған өсек оқ болып атылмай қалмайды. Жүріңіз, өлсек те сол активке жетіп өлейік. (Екеуі кете береді. Жарық кенет сөніп, қайта жанған кезде сахнаның екі жағынан солар келе жатады. Екеуі шыншылдық алдында, құлақтарын алысқа тіге, аяқтарын имене басып біріне-бірі қарсы келеді.)
Малтабай (сыбырлай сөйлеп). Ал, не естідіңіз?
Байсал. Бурекең әлі сөйлеп жатыр.
Малтабай. Оны мына жақтағы терезеден мен де естідім. Ол сіздің ініңізді соққылап жатыр. Сіз мендей орынбасар емес, дардай бастықсыз ғой, ана милицияға қаттырақ айтсаңызшы, бізді залға жіберсін. Тіпті болмаса Арманның жай ағасы емес, туған ағасымын деңіз.
Байсал. Бәрін де сездірдім, тінті сені Бурекеңнің жерлесі деп те жібердім. Тастан жаралғандай сірескен неме екен, білмеді.
Малтабай. Әттең өзіміздің Армандай аталасымыз жоқ, егер ондайымыз болса қара тастың өзінен де май ағызып, милициялардың өздері былай тұрсын министрін де қақтырар едік.
Байсал. Оңашада жұрттың бәрі батыр, күмпілдеуге бәрі де шебер, кеттік.
Малтабай. Қайда?
Байсал. Қайда тесік болса сонда.
Шымылдық.
Арманның кабинеті.
Арман мен Дәркен жаңа кіріп келе жатыр. Арман сөйлей кіреді.
Арман. Ризамын, достар, ризамын. Сендер бүгін коммунистік ардың туын жақсы көтердіңдер. Сол үшін бәріде, әсіресе саған ризамын.
Дәркен. Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба солай жүреді ғой.
Арман. Бурахан менен де үлкен арба еді, сендердің оның үлкендігіне қарағандарың шамалы болды-ау деймін.
Дәркен. Солайлау болды. Бірақ, кешегі қан майданда жан қиысқан достардың бүгінгі қылықтары мені қатты қинады. Бұл қалай? Кешіріңіз, мен Бурахан Науатбаевичқа берілетін сұрауды сізге әдейі беріп отырмын.
Арман. Мен мансапшыл адамның достығынан қастығын жақсы көремін. (Ауыр ызбармен Бурахан кіріп келеді. Арман мен Дәркен оған ізет көрсетеді.)
Бурахан. Бикеш, сіз қашаннан бері партиядасыз?
Дәркен. Көп болған жоқ, небәрі он бір жыл.
Бурахан. Қашаннан бері секретарсыз?
Дәрмен. Менің бар тарихым өзіңізге белгілі еді ғой, мұның бәрін не үшін сұрай қалдыңыз?
Бурахан. Мен бүгін сізді танымай қалдым, сол үшін сұрап отырмын.
Дәркен. А, онда сұрай беріңіз.
Бурахан. Мен активте не дедім? Мұратбаев жолдастың орталықтан берілген нұсқауды аяқасты етіп, көз бояушыны жан сала қорғап келгенін, обкомның өзіңізді бастығы етіп отыз кісіден құрған комиссиясының үш ай бойы еңбектеніп жасаған тоқсан төрт бет қорытындысын обком бюросына салмастан, біздерге айтпастан басымыздан аттап, бірден Москваға жіберуі сияқты партия басшыларына жат қылықтарын тізіп еттім. Соған қарамастан сіз бүгінгі активте не шатып кеттіңіз?
Дәркен. Меніңше бұл ешқандай жат қылық емес, адам тағдырына ақылмен қараудан туған парасаттық. Орталық Комитетпен ақылдасу ешкімнің басынан аттау, ешкімнің намысын таптау емес. Солай екенін айту - кешіріңіз, сіз айтқандай шату емес. Ол бір. Екіншіден, мен басқарған комиссияның алдына қойған мақсаты ешкімнің бет ажарына, ешкімнің нұсқауына қарамастан өз ұжданымен әділ шешу болды. Сол әділдікке жету үшін біздер үш айдың ішінде төрт жүз елу адаммен әңгімелестік. Ешкімнен именбей шындықты айтуына мүмкіндік беру үшін олардың бәрімен де жеке-жеке әңгімелеседі. Солай етудің арқасында Бағланның сол жеті мың қойдың бірде-бірін өзі пайдаланбағаны анықталды. Бір ғана соны анықтап шығудың өзі көзімізді бар шындыққа жеткізді.
Бурахан. Ол қандай шындық?
Дәркен. Ненің шындығы екені активте айтылды. Қашан да қай жерде болса да айтарым сол.
Бурахан. Мұндай ерлік сізге қайдан келді? Мұратбаевтан жұққан ба?
Дәркен. Мен коммунисты ғой.
Бурахан. Қандай коммунист екеніңізді кейін көрерміз. Партияның сенімін ақтай алмадыңыз, ол да ойласуды керек ететін күрделі мәселе. Әзірше бара тұрыңыз.
Дәркен. Рас, мен сіздің сеніміңізді ақтай алмадым. Бірақ оның есесіне партияның сенімін ақтадым. Маған сол дәреже жетеді. Басқа айтарыңыз жоқ болса кетуге рұқсат етіңіз.
Бурахан. Мүлдем рұқсат.
Дәркен. Қош болыңыз. (Тездете жүріп кетеді).
Бурахан. Ал, қымбатты досым... активте көрсеткен қылықтарың аямасқа бекіндірсе де, кешегі қан майданда еткен ерліктерің, әсіресе өзім үшін төгілген қаның үшін бір кеңес айта кетуді жөн көрдік.
Арман. Төгілген қанымның құнын немістер төлеген-ді, ерліктерім үшін отаным талай сыйлаған-ды. Ол үшін сіз борышты болмай-ақ қойыңыз, да кінәлі болсам аямаңыз.
Бурахан. Жоқ, аяймын, мен сендей қатыгез емеспін, сондықтан мен сенің алдыңда тұрған қатерді айтып сақтандырғалы келдім.
Арман. Алдын ала рақмет!
Бурахан. Менің байқауымша сенде бір қиналу бар секілді, мен алдымен осыны білгім келеді.
Арман. Иә, қиналудамын, Бурахан Науатбаевич. Сізден несін жасырайын, тіпті азап шегудемін.
Бурахан. Неден?
Арман. Неден екенін өзім де жөнді білмеймін. Мақсатым айқын, аспаным ашық, жолым даңғыл, бірақ түсінігім даңғыл емес. Соңдықтан көп ойланамын, ойланған сайын қиналамын.
Бурахан. Ол ойларың не дейді? Бураханды тыңдасаң, жолың даңғыл болса да мас шофер айдаған машинада келе жатқандай күйдесің, күйрейсің дей ме?
Арман. Сіз де пендесіз, сіздің де қателесуіңіз мүмкін ғой.
Бурахан. Мен өз қатем үшін жауап бере алатын адаммын.
Арман. Бірдің қатесі, мыңның қасіреті болғанын да көрген едік қой.
Бурахан. Бірдің қатесі мыңның қасіреті болғанын көрсең мұндай сөз сен айтатын сөз емес екенін де білгейсің. Егер, бұл бетіңнен қайтпайтын болсаң айтқаным айтқан, менен аяушылық көрмейсің. Мен мұны саған достық жүрекпен ақтық рет қатты ескертемін.
Арман. Өтінемін, Буреке, мен үшін қапа болмаңыз да Бағланның тағдырын тереңірек ойлаңызшы. Ол үшін емес, езіміз үшін, бүкіл халқымыз үшін ойлаңызшы. Бүгінгі халқымыз, ертеңгі ұрпақтарымыз не дейді, солардың, әсіресе ұрпақтардың үніне құлақ салыңызшы.
Бурахан. Адам баласы құдайды да қорыққанынан ғана сыйлап келгенін ұмытпағайсың дегенім есіңде ме?
Арман. Есімде. Бағлан сияқты атақты адамды құлату: өз атағыңды аспандату дегеніңіз де есімде. Бірақ, өз басыммен ойламайтын, өз тіліммен сөйлемейтін болсам, ондай мүгедек тірліктің маған керегі не?
Бурахан. Ойлан, досым. Әділдік достыққа қарамайды. Айтқаным айтқан, маған сеніп қапы қалма. Мен жада Алматымен сөйлестім. Олар Бағланнан бұрын сені қарайтын болды. Достық ниетпен өтінемін, тілімді ал да күнәңді мойындайтын болып бар.
Арман. Менің Алматыға арқалап баратыным, өзіме белгісіз қандай кінәм?
Бурахан. Қиястықты қой. Егер осы бетіңнен қайтпайтын болсаң, қалаған совхозыңды ата. Менің саған соңғы істей алатын достығым қалаған совхозына директор болып баруына көмектесу ғана.
Арман. Бұл қамқорлығыңыз үшін де алдын ала рақмет.
Бурахан. Есіңде болсын, бұл бір ғана менің сөзім емес...
Арман. Менің өмірімде жасаған бір ғана қатем бар. Оны өзім де кешпеймін, ол ешкімнен кешірім де сұрамаймын.
Бурахан (дәмеленіп отыра қалады). Мойындар болсаң партияның кешетініне мен кепіл, айта бер.
Арман. Менің өмірде жасаған бар қатем - сіздің мұндай озбыр екеніңізді кеш білгенім.
Бурахан (бар кегімен атып тұрады). Мен бе озбыр? Мына мен? (Арман үндемейді.) Мүмкін мені жаудың ығынан қорғап, ажалдан алып қалғаныңа да өкінерсің? (Столды сарт еткізе ұрып.) Солай ма? Шын коммунист болсаң жалтармай ашық айт, солай ма?
Арман. Мен өзімнің табынар тәңірім арымның алдында тұрмын. Басымды соған ғана иемін, тіземді соған ғана бүгемін. Осы ғана менің қашан да, қайда, кімнің алдында болса да ендігі айтарым. Басқаны менен бүгін де, ертең де күтпеңіз.
Бурахан (бар ашуымен тесіле қадалып). Солай ма? Онда өз обалың өзіңе. (Ашулы екпінімен кетеді. Арман ауыр ойда отырып қалады, телефон ұзақ сылдырлайды. Арман оны тыңдауды ойламайды. Көмекші жүгіріп келіп телефонды тыңдайды.)
Көмекші. Москва. (Трубканы Арманға береді де, кетеді.)
Арман (телефонды тыңдайды). Мұратбаев тыңдап тұр. (Таңдана түрегеледі. Сөзі үздік-үздік естіледі.) Сәлем... хал әзір жаман емес... Сол батырымыздың халі менің халімді де әлсіретіп... тұр... Солай ма? Түгел таныстыңыз ба? (Мұнан кейінгі сөзі естілмейді. Біресе таңданып, біресе шаттанып әні жүз құбылады. Ұзақ тыңдап қысқа сөйлейді, бірақ дауысы естілмейді.) Тек... Қашан!.. Онда бүгінгі рейстен қалмай ұшайын... Көріскенше сау болыңыз. (Трубканы орнына қойып ойланып қалады). Мезгілсіз шақырылған бұл не пленум?
Байсал (есіктен). Арманжан, көмекшіңізді жұмсамай есігіңізді өзім ашып тұрмын. Мына Малтабай екеуімізге екі минут уақытыңызды қисаңыз қайтеді.
Малтабай. Тіпті бір минутыңызға да ризамын.
Арман. Сіздерді өзім іздеткелі отыр едім, жақсы келдіңіздер, отырыңыздар.
Байсал. Бізді іздегенде айтарыңызды кейін айтарсыз, алдымен бүгінгі сөздеріңіз үшін біздің айтар алғысымызды қабыл алыңыз.
Малтабай. Шынында Дәркен екеулеріңіз бірдей шешен екенсіздер. Бір ғана біз емес, активте қатысқандардың бәрі солай деп шулап шықты.
Арман. Екі минуттарыңыз өтті, енді мені тыңдаңыздар. Мен даурығудың апатына ұшыраған «Дарбазаны» тезінен қалпына келтіріп қатарға қосу біздің ең үлкен борышымыз деп білемін. Егер басшыларын түгелдей күшейтпесек ол борышымыз өтелмейді. Сондықтан ол колхозға бастық етіп Бағланды жіберу керек деген ойдамын, бұған не дейсіздер?
Малтабай. Онда біздің бұрынғы бастығымыз, яғни біздің Байсал ағамыз қайда барады? Бағланның «Шұғыладағы» орнына ма?
Байсал. Қисыны солай.
Арман. Біздің бұл ағамыз сірә сіздің орныңызға баратын болар.
Байсал (тіксіне қалып). Не-ме-не? Сонда мен Бағланның орынбасары болмақпын ба?
Арман. Орынбасары болғыңыз келмесе фермасының біріне барып бастық болыңыз.
Байсал (сүйретіле түрегеледі). Малташым - ау, бауырым - ау, мен не естіп тұрмын?
Малтабай. Өзім де есеңгіреп қалдым. (Арманға) Сонда мен қайдамын?
Арман. Сенің де сол колхоздың фермасына барғаның жөн. (Әлде не айтпақ болған Малтабайды тежеу үшін, алақанымен столды салып қалады.) Менің жолға әзірленуім керек еді, қош болыңыздар. (Қоңырау басады, көмекші келеді.) Мен Москваға келесі рейстен қалмай ұшатын болатын. (Әлде нені асығыс жаза бастайды).
Байсал (кетіп бара жатып Малтабайға тістене күбірлейді). Жаназа, жаназа дей беруші едің, оқы енді жаназаңды.
Малтабай. Менен бұрын сіздің жаназаңыз оқылғалы тұр-ау.
Байсал. Ойбай-ай десеңші, ойбай - ай.
Малтабай. Екеуіміздің ендігі өміріміз ойбай салып, байбайлаумен өтетін болар. (Олар кетеді.)
Арман (жазған қағазын көмекшісіне ұсынады). Мыналарды тез әзірле.
Көмекші. Бағлан аға мен Заузатты шақырған екенсіз, олар қайта берсін бе?
Арман. Келсін, тез жібер. Дәркен де келсін. (Көмекші кетеді. Бағлан мен Заузат келеді.) О, менің мұңдас достарым, төрлетіңіздер.
Бағлан. Достарым деген сөзіңізді Бурахан ести көрмесін.
Арман. Ол естігісі келсе айтылмаған сөзді де ести береді. (Орын ұсынып.) Өтінемін.
Заузат. Екеумізді қабат шақыруыңызға қарағанда айтарыңыз аз болмас. Онан бұрын бізге мынаны айтыңызшы. Папамды қорғаймын деп сіз өзіңізге өмірлік обал жасаған жоқсыз ба?
Арман. Өмірлік обал деген не? (Дәркен кіреді.)
Бағлан. Бураханның бүгінгі екпініне қарағанда сізді қалай да құлататын түрі бар ғой. Мұндай биіктен құлаған қазақтың қатарға қайтып қосылғанын көрген жоқ едім.
Арман. Бұрын көрмесеңіз сиді көресіз.
Бағлан. Дегенмен сіз өзіңізді өзіңіз аса ауыр жағдайға тастадыңыз. Мұның жазасы да жеңіл болмас.
Арман. Жазадан қорқып, шындықты жасыру - ұжданды жаралау. Ұжданды жаралау барлық жазадан ауыр.
Бағлан. Дегенмен сіз ешкім айта алмай жүрген шындықты тым ащырақ айтып жібердіңіз.
Арман. Мен не айтсам да өз жүрегімнің бұйрығын айттым.
Бағлан. Айтқандарыңыздың барлығы нағыз коммунистің сөзі. Тек сізге біраз шыдай тұру керек пе еді, қалай еді.
Арман. Шыдамдылықтың да шегі барын сіз жақсы білетін едіңіз ғой.
Бағлан. Соны білгендіктен сізге өте ризамын. Ендігі айтарым, қандай биіктен құласақ та ұжданымыз міз бақпасын.
Арман. Өте дұрыс айтасыз. Сондықтан ендігі мақсат өткенде кеткен есені қайтару. Соны «Дарбаза» сияқты артта қалған колхоздарды алға бастырудан бастағым келеді. Бірақ Байсал сияқтылармен алға басу мүмкін емес.
Бағлан (ойлана қалып). Сонда оның орнына кімді жібергіңіз келеді?
Арман. Соны сіз айтсаңыз...
Бағлан. Бізді сол үшін шақырған ба едіңіз?
Арман. Иә.
Бағлан (ойланып біресе Арманға, біресе Дәркен мен Заузатқа қарайды, ойға бекінеді.) Қашан соғуы тоқтағанша жүрегім партияның солдаты, қайда жұмсасаңыз да әзірмін.
Арман (қолын алып). Рақмет, көп рақмет. Осы еді сізден күткенім. Ендігі әңгіме сізде, Заузат Балқашова. Қалай, атаңыздың мұрагері болуға әзірсіз бе?
Заузат. Кешіріңіз «мұрагер» деген сөзіңізге түсінбедім.
Арман. «Шұғыла» колхозының келешек тізгінін сіздің қолыңызға бермекпіз, енді түсінікті ме?
Заузат. Жоқ.
Арман. Неге?
Заузат. «Шұғыла» сияқты алыпты басқару менің қолымнан келмейтінін жақсы біле тұра бұлай деуіңіз түсініксіз.
Арман. Ғылыми атағы бар, халқына қадірі бар, атасынан алған өнегесі бар сіздің қолыңыздан келмегенде кімнің қолынан келеді? Ойланыңызшы?
Заузат. Ел ғой, біреу табылар.
Бағлан. Ел ғой, бастық табылар - ау, бірақ Заузат табылмайды. Сондықтан ойланудың да, толғанудың да қажеті жоқ, анкетасын толтыртыңыз да қаулыңызды шығара беріңіз.
Заузат. Папа, менің Арман Мұратбаевичтан алған бір өнегем өз басыммен ойлап, өз тіліммен сөйлеу еді, сол өнегемнен айырмай ойлануға мұрсат беріңіздер.
Арман (көмекшісі әкелген қағаздарға қарай отырып әңгімелеседі). Біздің заманда әкелердің ізін баса алмау дүниеге келмегенмен бірдей.
Заузат. Әкелердің іздері де өздері секілді әр қилы ғой.
Арман. Жаман әкелерден із қалмайды, оны да ойлағайсыз.
Заузат. Мен қазір өзімнің қабілетсіздігімнен басқаны ойлай алатын емеспін.
Арман. Қабілетіңіздің қандай екенін өзіңізден гөрі біздер жақсы білеміз. Нанбасаңыз Дәркеннен сұраңыз.
Дәркен. Бұл келіншектің қабілетін қайрауды маған беріңіз.
Арман. Келіншекті ғана емес, осы келелі істі түгелдей саған тапсырғалы отырмын. Мен Москвадан келгенше манағы айтылған адамдардың бәрінің де материалы әзір болсын.
Дәркен. Москваңыз не?
Арман. Мен қазір сонда ұшамын.
Бағлан (сол үрейлі үнмен). Не үшін?
Дәркен. Жайшылық па?
Бағлан. Қайдан жай болсын, менің қырсығым шығар қиырдан тиіп жатқан.
Арман. Қырсығыңыз жоқ болса неңіз кетеді? (Қағаздарын жиыстыра бастайды.) Ертең Орталық Комитеттің төтенше пленумы, мен сол пленумға шақырылдым. (Бәрі де жадырап сала береді.)
Дәркен. Қуанғанымнан не дерімді де білмей қалдым-ау. Сапарыңыз сәтті болсын дейінші.
Заузат. Сол тілекті мен де тілейінші.
Бағлан (мүлдем шалқып). О, ғажап жаңа ғана жоқтай жаздаған жүрегім енді кеудеме сыймай барады, бұл үлкен жақсылықтың нышаны.
Арман. Мүмкін бүкіл еліміз жаңа бір шаттыққа кенелетін шақ жеткен болар. Бәріңіз де шаттаныңыздар! (Кете береді).
Шымылдық.
Бесінші сурет
Шымылдық алдында Шапағат пен Байсал келе жатыр. Шапағаттың қолындағы фотоаппарат.
Байсал (сөйлей шығады). Жоқ, балақай, менің құлағым жеті қат жердің астында жатқан жыланның күйсегенін де естиді. Ұзын құлақтың жеткізген хабарына қарағанда сен Бағланның жесір келіні Заузатқа ғашық көрінесің. Мен ондай әумесерлігіне жол бере алмаймын.
Шапағат. Менің ұзын құлақтарымның хабарына қарағанда сіз басқа бір келінді армандайтын көрінесіз ғой.
Байсал. Иә, армандаймын. Мен атағымды аспанға шығаратын сондай келінім болған күнді көруге зармын. Бір мен ғана емес, тіпті, бүкіл Сапалақтың әулеті зар.
Шапағат. Атасының жер бауырлап жатқан атағын аспанға шығаратын ол қайдағы келін?
Байсал. Ол, Бурахан Науатбаевичтің балдызы Бағила. Бурахандай басшының бажасы болсаң балдызы бауырындағы қатынын ғана емес, басыңдағы бағың. Сенің бағың - менің бағым, менің бағым - бүкіл Сапалақтың бағы.
Шапағат. Шынында бұл ойланатын үлкен мәселе екен.
Байсал. Қуланбай-ақ қой, мен саңырау емеспін. Сен ойланып болғансың, ол қызбен ойнағың да басталған. Мен оны да естігемін. Қалай өзі, апасы Сағиладай сұлу ма?
Шапағат. О, сұлу болғанда қандай, семіздердің ішіндегі сұлуы, сұлулардың ішіндегі семізі. (Ол алыстағы әлденелерді түсіре жүріп сөйлейді).
Байсал. Көрінген қызға шұлғи-шұлғи миың су болып кеткен екен ә? Семіз қыз сұлу бола ма екен?
Шапағат. Майы қалың, соған қарағанда сізге ұнайтын секілді. Өйткені сіз майды жақсы көресіз ғой.
Байсал. Оқасы жоқ, семізді арықтату оңай, басқа мінін айт.
Шапағат. Ол қызды шешесі үш айдан бері бордақылап отыр, бордақыдағы қыз арықтаса беті қатпарланып кемпірге ұқсап кетпей ме?
Байсал. Бордақылағаны қалай?
Шапағат. Қызының салмағы қанша болса алатын қалың малы да сонша ақша.
Байсал. Сонша ақша! Қызының салмағы қанша екенін білуші ме едің?
Шапағат. Білемін, бұрын тоқсан екі кило еді, шешесі бордақылағаннан бері тоқсан жеті килоға жетіпті.
Байсал. Ой, сұмдық - ай, сонда ол мыстан, алатын қалың малың қызының салмағымен қалай өлшемек? Тоқсан жеті кило қызы үшін тоқсан жеті кило ақша алмақ па?
Шапағат. Жоқ, қызының әр килосы жүз - ақ сом.
Байсал. Әр килосы жүз сом? Сонда тоқсан жеті кило салмағы бар қызы үшін тоғыз мың жеті жүз сом ала ма?
Шапағат. Нақ солай.
Байсал. Шығар, шығар. Ондай кемпірден байға тиіп бала табу да шығар әлі.
Шапағат. Ол арасын мен білмедім. (Жүріп кетеді).
Байсал. Әй, кішкене тоқташы. Ол қыз өзіде ұнай ма, маған соны ғана айтшы.
Шапағат. Ұнағанда қандай.
Байсал. Қыздың өзі ше, сені ұната ма?
Шапағат. Ұнатқанда қандай.
Байсал. Жолың болсын, бара бер.
Шапағат. Байқаңыз, бармағыңызды шайнап қалмаңыз. (Кетеді).
Байсал (жалғыз). Қашан ол ақша бойларына сіңгенше өзімнен басқа жан баласына сездірмеймін, сонда мен бармағымды неге шайнаймын? Ол қызды сен алмасаң алма, Әжетіме әперемін. (Өзінен өзі жымыңдап.) Бағиланы басқыш етіп Сағилаға қолым бір жетсе, қолым емес-ау қалтам жетсе Бураханның ботақаным болып кетуі оп-оңай. Сонда ғана өзімді аямаған Арманның аяғын аспаннан келтіремін. (Ойланып.) Тоғыз мың жеті жүз...
(Кете бере тоқтап.) Тоғыз мың жеті жүз дейді, ә. Ондай ақша табылар - ау, берудің жолы қалай табылар екен? Ойлан, Байсал, ойлан... ойлан... (Кетеді).
Сахна бірінші суреттегі бөлме.
Сағила. (Стол үстіне әр түрлі тағамдар қойып әндетіп жүр.)
Дегенде біз қартайдық, біз қартайдық
Белгісі қартайғанның серттен тайдық.
Кәнеки соныменен шыққан мүйіз,
Қасында жігіттердің көп жантайдық, -
деген екен бір тұтатып Біржандай бабасын білмей, өзіне бай болғандарды ғана білетін бір бейбақ. Сол айтқандай байдың арқасында екі жылдан бері елдің алақанында айдай қалқып, күндей шалқып келемін, сонда да жаным бір шаттанған емес, бұл неліктен?.. Ішкенім де, кигенім де, тіпті ең ақыры сүйгенім де өзімдікі емес, өзгенікіндей сезіледі, бұл қалай!.. Фу, мен қайда лағып кеттім? Әзірлігім өзіне сай болу үшін келетін қонағымның кім екенін білейін де... (Телефонға барады да ойланып тоқтап қалады.) Буряшым - баратын қонағың біреу болса да бірегей, қаладағы тағамдардың ең дәмдісі, шараптардың ең мәндісі бүгін сенің дастарқаныңның үстінде болсын дейді. Коньяктардың алты түсті алуан түрлісін жинадым. Сонша шашалып шабылғандай ол кім болды екен? Әлде Москвадан келген біреу ме? Ондай дәудің бірі болса аруағына сыйынғысы келгендей оның ата бабасынан түгел шұбыртар еді ғой. Олай етпей шолақ қайыруына қарағанда өзіміздің жолақ тұмсық, қара көздердің бірі секілді. Сонда ол кім? Менің Бурашым «білегей» дерліктей қай қазақ бар?
Бурахан (ақырын әндете келеді.) «Жалған дүние жылмаң қағып өттің бе, ақырында шаңға аунатып кеттің бе».
Сағилa. Ay, Бурашым - ау, мұндай өнерді қайдан таптың? Әлде жаныңды жасартқан бір жақсылық бар ма?
Бурахан. Жақсылықтың үлкені - жаманшылықтың жоқтығы.
Сағила. Онда мынауың қай шілдехананың әні?
Бурахан. Көшедегі мастардың әні. Сол әннің жалған дүние жылмаң қағып өттің бе, ақырында шаңға аунатып кеттің бе» деген сөзі жүрегімді қозғап жіберді. (Стол үстіне көз жүгіртеді.) Қане, әзірлігің қалай?
Сағила. Қонағымның кім екенін білместен әзірлігімнің қандай екенін қалай білейін. Қашан келуші еді?
Бурахан. Қазір келеді.
Сағила. Өзіңмен бірге келмей сонша шаниған ол кім өзі?
Бурахан. Ол өзіміздің Арман.
Сағила. Арман? Кәдімгі Мұратбаев Арман ба?
Бурахан. Иә, соның өзі.
Сағила (алақанын Бураханның маңдайына салып). Сен сырқат емессің бе?
Бурахан. Әзір аманмын.
Сағила. Сендер достықтың шекарасынан өтіп кеткен едіңдер ғой. Енді неғып... Әлде, ол кешірім сұрады ма?
Бурахан. Оның кешірім сұрайтын заманы өтіп кетіпті.
Сағила (ойлана сөйлеп). Солай ма? Оның кешірім сұрайтын заманы өтіп кетсе, сенің құлшылық ететін заманың келе жатыр екен ғой, солай ма?
Бурахан. Осы сен бақаймен бал ашқанды қойсаң қайтеді.
Сағила. Бал ашпай-ақ айтайын, саған бір тықыр таянған секілді.
Бурахан. Ой, данышпаным - ай, оны қайдан біле қалдың?
Сағила. Көшедегі мастарға қосылып салған әніңнен де көзіңдегі көлгір күлкіңнен де білдім. Бекер десең Арманмен қалай татуласқаныңды айтшы.
Бурахан. Бұрынғылардың «дос жылата айтады» дегені рас екен. Ол мені сиқырлап алды да, достыққа толы жүрегімен жүрегімді ұрғылап көзімнің ж.асын шығарды.
Сағила. Қашанға жеткізетініңді қайдам, әйтеуір бүгін олжалы қайтыпсың. Олжаңның ең үлкені сол - өзімнің бір кездегі шама шарқын білетін Бурашыма ұқсап келесің. Айта бер. Ол соншама не деді?
Бурахан. Оның айтысына қарағанда мен жан - жағымдағы жақсыларды жайпап тастап, жағымпаздардың қоршауында қалыппын. Соның салдарынан талай дарындылар залымдардың табанына салыныпты. Олардың әр қайсысының жерлесі жемтіктес топқа айналыпты.
Сағила. Қысқасы халықтың қасіретіне айналыппын десеңші.
Бурахан. Арман ондайларға жол берудің қандай апат екенін айтқанда мен ішімнен өзіме өзім лағынет айттым?
Сағила. Неге олай? Неге сен өзіңе өзің лағынет айтатын халге жеттің?
Бурахан. Ондай сауалға жауап бере алатын наука менде жоқ.
Сағила. Өзіңнен басқаның бәрін қанбақтай ұшыртқысы келетін қауқарың қайда?
Бурахан. Ол кешегі октябрьде соққан дауылдың астында қалыпты. Енді өзім қаңбақ болып Сағым даласына қарай ұшпасам мәнім келер емес.
Сағила. Сағым даласына да керегі қаңбақ емес, қауқар болар.
Бурахан. Қарлығаштың қанатынан себілген тамшы судай септігім тисе де ризамын.
Сағила. Міне, шындықты жаңа ғана айта бастадың. Әттең, түстен кейін маңыраған ақсақ қойдың керін киіп отырса, соның ғана өкініш.
Бурахан. Сен менің жанымның өртіне май құймасаң қайтеді.
Сағила. Өрт бар жерге су қажет, сенің май деп отырғаның сол өртіңді сөндіретін су болар.
Бурахан. Немене, табалағың келе ме?
Сағила. Табаланғың келмесе адамдарды тани біл. Жақсыларын бағалап, жамандарын жазалай біл. Жалған достықтың қандай қастық екенін біл. Сонда сені дұшпандарың да табалай алмайды. Мен мұны саған талай айтқанмын.
Бурахан. Сеніңше ,менің жалған достарым кім?
Сағила. Достарыңның ішінде жалған емесі кім? (Есік қоңырауы естіледі).
Бурахан. Міне, зарықтырған қонағымыз да келіп жетті. Сен ол екеуміздің арамыздағы жанжалды естімеген бол. (Есік жаққа кетеді).
Сағила. Әй, байғұс еркектер - ай, мансапсыз мағынасыз жансыңдар - ау. Қарашы, таң бір менің есікке жүгіртіп қойған малайымдай зыр қағуын. (Қолында бір телеграмма бар Бурахан қайта келеді.) Кім ол?
Бурахан. Ұлымыздан. «Мақта теру дегенің белді екен, құтқара гөр, әкетай» деп жалыныпты.
Сағила. Осы телеграмма жазылған қағаздың беті қалай қызармады екен, соны сұрап телеграмма берші.
Бурахан. Иә, солай деп өзің бер. (Телеграмманы Сағиланың алдына тастайды да, өзі ауыр оймен жүре кетеді. Сағатына қарайды.) Арман ендігі келсе келер еді, Енді бізден шалқаяйын дегені болар.
Сағила. Келемін деген сөз аузынан шыққан ба еді?
Бурахан. Шыққан-ды.
Сағила. Онда келмей кетпейді.
Бурахан. Менің байқауымша оның жұлдызы бүкіл Қазақстан аспанында жарқырағалы тұр, соған қарағанда келмеуі де мүмкін. (Телефон сылдырлайды.)
Сағила (тыңдайды). Мен тыңдап тұрмын.
Байсалдың дауысы. Сәлеметсіз бе? Маған Сағила қарындас керек еді.
Сағила. Сол іздеген қарындасыңыз тыңдап тұр.
Байсалдың дауысы. Амансыз ба, асыл қарындасым.
Сағила. Амансыз ба. Сіз кімсіз?
Байсалдың дауысы. Мен көлеңкеңізге де тілеу тілеп жүрген бір бейбақпын. «Бейбақпын» дегеніме шошымаңыз, бақ дәулетім бір басыма жетіп жатыр.
Сағила. Атыңыз кім?
Байсалдың дауысы. Атымтай дейтін жомартты естуіңіз бар ма еді. Мен сол жомарттың баласы Жомарт.
Сағила. Ал, Жомарт мырза, құлағым сізде, не айтасыз?
Байсалдың дауысы. Қателеспесем ертең сіздің туған күніңіз ғой.
Сағила. Қателескен жоқсыз.
Байсалдың дауысы. Онда туған күніңіздің құты мол, жұты жоқ болсын.
Сағила. Алдымен, жұтайтын малымыз болсын, жұтамауды сонсоң тілерміз.
Байсалдың дауысы. Көңілдің жұтауы малдың жұтауынан ауыр болар.
Сағила. Оныңыз рас. (Есік қоңырауы естіледі, Бурахан кетеді).
Байсалдың дауысы. Мен айтқан сөздің бәрін рас деп біліңіз де, мұқият тыңдап алыңыз. Мен сіздің марқұм әкеңізге үлкен қарыздар едім. Сол қарызымды өтеу үшін туған күніңіздің құрметіне бір «Волганы» телеграммамен шешеңіздің атына жіберген едім, өткелектердің бәрінен де заңды түрде өткізіп, аман-есен қолына да жеткіздім. Жан баласына сездірместен, шып - шырғасын шығармастан қолыңызға табыс етсін, соны шешеңізге қазір естіртіп қойыңыз, телефонмен өзім де ескерттім. Сізге сыйлығымды өз атыңызға жіберуге батылым жетпейді, ол үшін ғапу өтінемін.
Сағила. Есіңіз сау ма? Не айтып тұрсыз?
Байсалдың дауысы. Мен айтарымды айтып болдым. Сау болыңыз.
Сағила (трубканы орнына қояды). Бұл не? Жын ба? Сайтан ба? (Телефонды айналдырып алып сөйлесе бастайды.) Бағила, мамам қайда. Почтада несі бар? Келісімен маған телефон соқсыншы.
Бурахан (қолында бір түйіншегі бар Бурахан қайта келеді. Шатынаған көзі Сағилада).
Сағила (оған сескене қарап). Бұл не?
Бурахан. Бәсе, бұл не? Сенің шешең әкеп берді де үйге кірместен зыта жөнелді. Өзі тым ашулы.
Сағила. Сонда бұл анық ақша ма?
Бурахан (қолындағы түйіншекті Сағилаға лақтырады). Мә, санап ал. Мына хабарламасына қарағанда тоғыз мың жеті жүз сом көрінеді. (Бір жапырақ қағазды да лақтырады.)
Сағила. О, ғажап, шынымен ақша!
Бурахан. Мұны не деп түсінеміз?
Сағила. Соны өзім де білмеймін. Жаңағы адам «мен сіздің марқұм әкеңізге қарыздар едім, сол үшін туған күніңіздің құрметіне бір «Волганы» шешеңіздің атына жібердім» деген еді, онысы рас болып шықты. Сонда бұл нe?
Бурахан. Мүмкін әкеде шын қарыздар біреу шығар.
Сағила. Жоқ, әкемнің бір әдеті қарыз алуды да жүруді де білмейтін. Аруақ алдындағы борышын екі жыл бойы арқалап жүрген мұндай жексұрын досы болуы да мүмкін емес. Әрі ол маған жіберілген сыйлық дегендей етті. Сонда бұл қалай?
Бурахан. Мүмкін сенің ақша құмар екеніңді біліп мені шырмағалы жүрген біреу шығар.
Сағила. Бай құмар болмасам да ақша құмар екенім рас. Бірақ, мынау ақша мені бар құмарлықтан, тіпті, өзінің өзіңнен де бездіргелі тұр.
Бурахан. Менің жазығым не?
Сағила. Егер сенің әйелің болмасам мұндай ақша маған жіберілмес еді ғой. Қысқасы бұл күндіз ауруларды емдеп, кешке байы мен балаларын жемдеп отырған маған жіберілген ақша емес. Қайдан тапсаң онан тап, иесін тап.
Бурахан. Өзім де таптырмай қоймаймын. Журналист көршінің аты кім еді?
Сағила. Шапағат.
Бурахан (телефонға жақындай бере тоқтап). Сен туған күніңді айтып біреулерге емеурін білдірген жоқ па едің?
Сағила. Сол сұрауды мен саған бергелі отырмын. Атақты Зәргенің әкесі айтқан қағида қалай еді.
Бурахан. Қайдағы қағида?
Сағила. Әлгі өзің айта беретін кәрілік жайындағы қағидасы. «Қартайған шағында көрген мұқтаждықтан ауыр қасірет жоқ, оны ертерек ойламаудан етер ақылсыздық жоқ» деген бе еді, қалай еді?
Бурахан. Иә, солай. Мұнымен не айтпақсың?
Сағила. Сенің сол сөзді иманыңдай жаттауың тегін емес. Шыныңды айтшы: ертеңгі күніңді ойлап, осындай дәуреннің жүріп тұрған шағында дәулет жинап алғың келген жоқ па?
Бурахан (шамданып). Сен өзің мені кім деп отырсың?
Сағила. Шынымды айтайын, соңғы кезде мен сені танымайтын болып барамын.
Бурахан (телефонға барып керекті санын айналдырып алады). А, көрші, қайырлы кеш. Мен Бурахан ғой. Сөз жұмбағын сендер ғана шеше алатын бір шешуін таба алмай отырғаным, келіп көмектесіп жіберерсің? Көп рақмет. (Трубканы орнына қояды.)
Сағила. Мыналар тұра берсін бе?
Бурахан. Арман келмейтін болды, енді ит ішсе де мейлі. (Қоңырауын естіп есік ашуға кетеді. Шапағатты ерте қайта келеді.)
Шапағат. Сәлеметсіз бе?
Сағила. А, көрінбейтін көрші, кел, кел... төрге шық.
Шапағат. Кешіріңіз, мен көрінуге зар көршіңізбін.
Сағила. Онда жасқаншақ екенсің.
Бурахан. Бұлардың қаламы ғана батыр. Отыр. Сені мезгілсіз шақыртқан жұмбақтың түйіні мынандай. Бүгін біздің мына Сәкемізге белгісіз біреу телефон соғып, туған күнінің құрметіне бір «Волга» машинасын телеграммамен жібергенін хабарлапты.
Шапағат. Кешіріңіз, кішкене түсінбей қалдым. Машинаны телеграммамен жібергені қалай?
Бурахан. Машинаның құнын жіберіпті. Сәкесі, кеші. (Сағила жаңағы түйіншекті Бураханның алдына қояды.) Мынау сол ақша, тоғыз мың жеті жүз сом. Осыны анықтап санап ал да: біріншіден, тергеу орындарымен бірлесе отырып осының иесін тап. Оларға өзім де айтамын. Екіншіден, осынша мол ақшаны оның қайдан алғанын тап. Үшіншіден, оның мұнша мол ақшаны бізге жіберудегі мақсатын тап. Сонан кейін өкіртіп тұрып газетке жаз. Осы айтқандарымның бәрі келе берсін, сол үшін алып жіберейік. (Үшеуі де ішеді.)
Шапағат. Бәрін де табамын да жазамын, тек ақшаны өз қолыма алмаймын. Қашан керегі болғанша өз қолдарыңызда тұрсын. Тек мына бір жапырақ қағазын алсам болды. (Хабарлама қағазды қалтасына салады. Кеткісі келеді.)
Бурахан (құя отырып сөйлейді). Ой жіберіп қарады, мұндай мол ақшаны кімдердің жіберуі мүмкін?
Шапағат. Қол таңбасы табылғаннан кейін болмаса кім екенін айту әзір қиын ғой. Әйтеуір ақшасы көп, ақылы жоқ біреу екені анық. (Екеуі ішіп салады.)
Сағила. Ақылы жоқ, адамның ақшасы көп болмайды ғой.
Шапағат. Ары жоқтардың ішінде де ақшасы көптері бар.
Сағила. Бар ғана емес, көп.
Шапағат. Өз ойларыңыз кімді мегзейді?
Бурахан. Менің ойымша бұл бізді арандатқысы келген дұшпандардың әрекеті.
Шапағат. Дұшпандарыңыз мұндай үлкен шығынға батпайды, достарыңыздан іздеңіз...
Бурахан. Достарымның ішінде мұндай мырзасы жоқ.
Шапағат. Тоғыз мың жеті жүз... (Мырс етіп.) Тоқсан жеті.
Бурахан. Сен немене, менің жаңағы сөзіме күліп отырмысың?
Шапағат. Жоға, ойбай. Өзімнің бір жаңсақ ойыма күліп отырмын. Менімше бұл құда болғысы келген біреу.
Бурахан. Құда? Сен қайда лағып кеттің? Біздің қызымыз жоқ қой.
Шапағат. Балдызыңыз бар емес пе?
Бурахан. Иә... бұл жорамалың жөнге келеді.
Бағила. Құда болғысы келген адам өзін өзі неге жасырады?
Шапағат. Батылы жетпей, бетінің пердесін ақшамен ашқысы келген болуы мүмкін ғой. Не болмаса бірнеше адамның серне болып тартқан сыйы.
Бурахан. Сернені ұйымдасып ет жеу үшін жасайтын. Сый тартатын ұйымшылдық біздің қазаққа әлі келген жоқ.
Шапағат. Келгенде қандай. Мұндайға келгенде сіздің жерлестеріңізден күшті ұйым жоқ.
Бурахан (шошына қарап). Жерлес?
Шапағат. Менің айтып отырғаным; сіздің ғана емес, қолдарынан келсе құдайдың да жерлесі болғысы келетіндер.
Бурахан. Олар кімдер?
Шапағат. Толып жатыр, бірақ бірде-біреуінің атын атай алмаймын.
Бурахан. Неге?
Шапағат. Кімдер екенін айта қалсам олар мені жасыма жетпестен қартайтып, жараламастан мүгедек етеді.
Бурахан. Сен не айтып кеттің?
Шапағат. Мен сізге бар сырымды айтып отырмын.
Бурахан. Сенің бұл сөздеріңде үлкен шындық бар секілді. Сол шындықтың бір шеті өзімді шарпып жатыр. Оның анығына жетпей дүмбілез болып қала алмайтынымды ескергейсің. (Рюмкасын соғыстырып.) Сол үшін.
Шапағат. Сіздің бұл жайдан бихабар екеніңізді ел де біледі, мен де білемін. Бірақ олардың қылмысын дәлелдей алмайтын болғандықтан ешқайсымыз ештеңе дей алмаймыз.
Бурахан. Неге дәлелдей алмайсыңдар?
Шапағат. Ол дәлелденбейтін қылмыс. Рұқсат етсеңіз, мен мынау дәлелденетін қылмыстың ізіне тезірек түсейін, кетуге рұқсат етіңіз. (Тұра бастайды.)
Бурахан (зілденіп). Немене, сен мені бітеу жара күйде тастап кетпексің бе?
Шапағат. Жалынамын, Буреке, бұл үшін мені қинамаңыз.
Бурахан. Амал жоқ, қиналасың. Мен сені амал жоқ қинаймын. Жаңағы сөздеріңе қарағанда өздерінің арына қосақтап мені де сатып жүргендер бар секілді. Олардың кімдер екенін естімей мен сені жібере алмаймын.
Шапағат. Тіліме не бола алмай су түбіне кеттім - ау.
Сағила. Жоқ, бауырым, сен су түбіне кеткендерді құтқардың, біздің сенен естігенімізді жан баласына айтпайтынымызға сенетін бол да, олардың кім екенін жасырмастан айтып бер.
Бурахан. Оны айтпай өзі де енді кете алмас.
Шапағат (қысылған күйге түседі.) Бір жұтым су беріңізші.
Бурахан. Коньяк құйсам қайтеді?
Шапағат. Енді бәрі бір. (Бурахан коньяк құйып береді, Шапағат оны ішеді де күрсіне дем алады.) Менімше бұл сыйлықтың негізгі иесі... Мүрдекең мен Дүрмекең.
Бурахан. Мүрдекең кім? Кәдімгі өзіміздің Мүрдем Жамантаевич па?
Шапағат (қызу). Иә, сол өзіңіздің әрі жездеңіз жерлесіңіз Мүрдем Жамантаевич.
Бурахан. Дүрмегің кім?
Шапағат. Ол менің жездем. Ол сіздің де бөтеніңіз емес, сіздің мүлдем берілген өте белсенді жерлесіңіз. Атыңа енді сауда салуға келгенде оларға ілесе алатын саудагерді дүние жүзінен таба алмайсыз.
Бурахан. Саудаға салғаны қалай?
Шапағат. Олар сіздің өздеріне көрсеткен құрметіңді жамсататын құрал етіп алғаны сондай: сырт килге сіздің тізгініңіз солардың қолында тұрғандай көрінеді.
Бурахан. Мүрдем мен Дүрмек сияқты ғалымдар осыны айтады, ғалымдар істемейді?
Шапағат. Өздері ғана болса ештеңе емес-ау. Олардың өздеріндей залымдардан құрап алған армиясына пар. Жұрттың оларға қойған аты «сұмырайлар». Сұмырай келсе су құриды» деген мәтел рас екен. Қалар дүниеге келгелі талайлардың шалқар кеші суалып, талайлардың бау-бақшасы көктеместен қурап кетті.
Бурахан. Ашығырақ айтпасаң түсіне алмадым.
Шапағат. Ашығырақ айтсам: сіздің атыңызбен амалы, жеңбеген жауы, жетпеген мансабы жоқ. Күлімсіреп егескендердің басындағы бағын тонауға баяғының керуен тонайтын қарақшыларынан бірде кем емес.
Бурахан. Ондай сұрқияларды сендер неге газетке тани жамсатпайсыңдар?
Шапағат. Ол мүмкін емес.
Бурахан. Неге мүмкін емес?
Шапағат. Олар дүние жүзіндегі сұрқиялықтың бәрін оқып, біліп алған өте сауатты саудагерлер. Ондай саудагерлердің саудасы мал саудасы болмағандықтан ізі қалмайды. Ізі жоқ қылмыстың іні де табылмайды.
Бурахан. Солай де.
Шапағат. Солай, Буреке. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ» деген осы. Көшенің бұзықтары жылына қанша адамды тонаса да бірде-біреуі құтылмайды. Ал жылына қанша адамның бағын тонап, қанша адамның жанын жараласа да мыналардың бірде-біреуі құтылмайды.
Бурахан. Неге олай?
Шапағат. Себебі олардың ақшаға сатып алған жалған атағы бар. Сол жалған атақтың буынан жасап алған жалған даңқы бар. Сол жалған даңқтың сиқырымен арбап алған арқа сүйерлері бар. Сондықтан олардың жорыққа аттанарда жамылатын түні де басқа. Тіпті олардың коммунизмге деген ниеті де басқа.
Бурахан. Ғажап - ай, ә.
Шапағат. Енді маған рұқсат етіңіздер.
Бурахан. Жолың болсын!
Сағила. Шапағат, сен бір сұраудың жауабын бере кетші.
Шапағат. Әзірмін.
Сағила. Сен өзіңнің жақының, елдің екі бірдей құрметті азаматына мұнша неге өшіктің?
Шапағат. Бұл өшігу емес, ашыну. Мен оларды сыртынан ғайбаттап тұрғаным жоқ. Мұндағы күні өзінің үйінде Мүрдекесіне қосақтап тұрып, жездеме не дегенімді өзіңіздің сіңліңіз Бағиладан сұраңыз.
Сағила. Мүрдекеңе «шашыңыз ағарған сайын ниетіңіз неге қарая береді?» дегеніңді естігенмін. Басқаларға таққан айыбың онан да ауыр, мен соны сұрап отырмын.
Шапағат. Оны да Бағиладан естігеніңіз жөн болар.
Сағила. Сен мәртебелі біреуді жасанды құдай дейсің. Мен сол сөзді аузыңнан естігім келеді.
Шапағат. О, онда мен өсектің құрбаны болғалы тұр екенмін! Сондықтан айтылған сөзді ауыздан шыққан қалпында айтып берейін, төрелігін өзіңіз айтарсыз.
Сағила. Тек, ағыңнан жарыл.
Шапағат. Өздерімен табақтас болғаным сол еді, төрт рюмкадан кейін дастарқан жайына қалады екен де, бүкіл Қазақстанның тағдыры май дастарқан болып алдарына жайылады екен. Бар билік өз қолдарында тұрғандай - ақ біреулерді қызметінен домалатып, енді біреулерді жоғарылата бастады. Олардың демеуімен мен де екі саты көтерілетін болдым. Оны Бурекеңнің құлағына салу Мүрдекеңе жүктелді.
Бурахан. Менің құлағыма ма?
Шапағат. Иә, сіздің құлағыңызға, осылай басталып, осылай қызған базарға Бурекеңнің аты бір түсті - үндемедім» екі түсті - үндемедім. Үшінші түскенде шыдамадым.
Бурахан. Қалай, қалай?
Шапағат. Менің жездекем аздап қызыңқырап алған еді, бір кезде ол маңғазданып «біздер өлігі де ең жайлы, топырағы торқалы жерде жатуға тиісті жандармыз. Сондықтан Бурекеңнің құлағына салып жерлеу бюросының басына өз адамдарымыздың бірін отырғызуымыз керек, қане, кімде қандай ұсыныс бар?» дегені. Оның осы сөзі қытығыма тиіп кетті ме «жоқ, біреу аз жездеке», деп түрегелдім - тірілерге ор қазғаннан өлілерге көр қазған жақсы. Сондықтан ол бюроның басына ең алдымен сізді, онан кейін сізді, онан кейін сізді... сізді... сізді... деп отырғандардың Мүрдекеңнен бастап түгел тізіп шығып едім, мұны күтпеген болу керек, бәрі де сілейіп қалды. Олар есін жинап, байланған тілі шешілгенше мен айтарымды айтып үлгердім. «Жасанды құдай» деген сөз осы қызудың үстінде айтылып кетті.
Сағила. Мен ол сөздің айтылған кезін сұрап отырғаным жоқ.
Шапағат. Мен бүгін осы дастарқан басында ғана білдім. Бурекең сіздердің жасап алған құдайларыңыз екен. Егер құдайларыңызды сатсаңыздар сатпайтындарыңыз немене, деп бар дауысыммен айқай салғаным рас. Сізше бұл өшігу ме, ашыну ма?
Сағила. Ашыну.
Шапағат. Ендеше оның қандай оғаштығы бар?
Сағила. Ешқандай.
Шапағат. Онда мұндай қылыққа бәріміз неге бірдей ашынбаймыз? Ашынар болса сырттан күңкілдемей ашық майданға бәріміз бірдей неге шықпаймыз? Неге біздер жақсылықтың бәріне жауыздықтың жолымен жетіп жүрген, өзінің есегін өзгенің арғымағына айғыр етіп салғысы келетін сондай сұрқиялардың жолын кеспейміз? Неге біздер жарамызды жасырып, жауырды жаба тоқи береміз? Айтыңыздаршы, неге? Мен мұны сізден сұрап тұрмын, Буреке, неге олай? (Бурахан ашулы көзімен қарайды, Шапағат кенет сескене ойланып, есікке қарай шегіне береді). Кешіріңіздер, мен кішкене қызыңқырап кеткен секілдімін. Басқа сұрауыңыз жоқ болса рұқсат етіңіз.
Сағила. Рақметтен басқа айтарым жоқ.
Шапағат. Көп жасаңыз. (Шыға жөнеледі.)
Сағила. Неге олай? (Ойға батып жүріп кетеді.) Шынында неге олай?
Бурахан. Ол сұрауды берушілердің маңын тапсаң да, жауабын беретіндердің біреуін де таба алмассың. Онан да сен мына ақшаның иесін ойла.
Сағила. Сол жауапты беретіндердің бірі алдымда отырса неге таба алмаймын?
Бурахан. Менің берер жауабым жоқ.
Сағила. Оның сөзіне ой жіберсең жауабың неге жоқ?
Бурахан. Мас кезінде адам не оттамайды?
Сағила. Мен арақтың емес, ашынған ардың дауысын естідім ғой.
Бурахан. Ура!.. Ура!., менің Сағилашым, техниканың арқасында данышпан бола бастады. (Есік қоңырауы естіледі). Miнe келді. (Кетеді. Есік жақтан әйел дауысы естіледі.)
Әйел дауысы. Сәлеметсіз бе? Күйеуім халсыз жатыр еді, Сағила апай үйде ме екен?
Бурахан. Сәке!
Сағила. Қазір. (Көрші бөлмеге жүгіріп кетеді.)
Бурахан. Халсыз жатса жедел жәрдем неге шақырмайсыңдар?
Әйел. Шақырдық, олар келіп жеткенше жанымыз шығып барады. Әрі Сәкеннің бір қарағанын тілеп аласұрып жатыр.
Бурахан. Күйеуің не сырқат еді?
Әйел. Жүрегі. Қызметі төмендегеннен бері денсаулығы да төмендеп кеткен еді, ақыры міне. (Үстіне ақ халатын киген қолында дәрігерлік аспаптары бар Сағила көрші бөлмеден шығып есікке барады.)
Сағила. Кейін амандасармыз, баста. (Кетеді).
Бурахан. «Қызметі төмендегеннен бері денсаулығы да төмендеп кетті» дейді, ә? (Кеудесін сипалап). Ертең менің жүрегім қайтер екен? (Есік қоңырауы естіледі. Бурахан кейісті дауыспен.) Есік ашық, кім болсаң да келе бер! (Сырт киімін шешпестен Арман келеді.)
Арман. Кеш жарық.
Бурахан (қуанышты), Арман! Бауырым - ау зарықтырдың ғой, жайшылық па? Шешіп. (Киіміне жармасады.)
Арман. Көптен-көп ғапу өтінемін, шешінуге де, тізе бүгуге де мұрша жоқ.
Бурахан. Неге?
Арман. Қазір Москваға ұшатын болдым. Міне билетім. «Бүгін үйіме келмесең ертең жаназама да келме» деген соң, амалсыз келдім. Асығыс екенімді көрдіңіз ғой. Айтарыңыз болса тезірек айтқайсыз.
Бурахан. Мынандай аттың жалы, түйенің қомында не айтармын?
Арман. Онда кейін айтарсыз.
Бурахан. Алдымен Сағиланың өзіне арнап әзірлеген дәмінен татып жіберейік. (Құя бастайды.) Менің өмірден тілер жалғыз ғана тілегім бар. Сол ақтық тілегім ғана саған айтарым.
Арман. Ақтық тілекті айтар шағыңыз әлі алыс емес пе?
Бурахан. Жоқ алыс емес. Сенің бүгінгі сөзіңнен кейін мен өзімнің қандай шаққа жеткенімді жақсы сезіндім. Сондықтан өмірімнің ендігі тізгінін сенің қолыңа беруге бекіндім.
Арман (мырс етіп). Бұл сөзіңіз «қасқырдан қайрат кетсе ешкіні апа дердің» керіне ұқсайды екен. Кімді келемеждеп тұрсыз? Мені ме, өзіңізді ме?
Бурахан. Бұл ешқандай келемеж де, қасқыр мен ешкі де емес. Өз жүрегімнің өмірі. Осыдан бір ай бұрын мен «қалаған совхозына директор болып баруына көмектесейін» деп көкіген сөзімді өзіме үкім етсең де ризамын. Қане, сенің сапарың әрқашан да сәтті болсын, сол үшін алып жіберейік.(Түрегеліп тұрған қалпында соғыстырып ішеді).
Арман. Абай ақынның әкесі Құнанбай Қарқаралының аға сұлтаны болып сайланғанда бүкіл елінен тек өзінің әкесі Өскенбай ғана қуанбапты.
Бурахан. Онысы несі?
Арман. Бұл сұрауды ол кездегілер де беріпті. Сонда Өскенбай түнере түсіп «Менің Құнанбайым бақ құмар еді, бағы жанып бүгін бақ тауының басына шықты, бақ құмар адамның көзі тез шелденеді, миы тез желденеді. Миы желденген адам құламай, құласа қаусамай қалмайды. Құнанбайым ертең аға сұлтандықтан түскен күні сонау Шыңғыс тауының басынан құлағандай құлатқан болып қаусайды. Баламның қаусап жатқанын көріп отырып мен қалай қуанбайын» депті.
Бурахан. Мұны не үшін айтып тұрсың?
Арман. Өзіме де, сізге де берер кеңесім сол: қандай дәрежеге жетсек те көзіміз шелденбесін, миымыз желденбесін. Сонда ғана ертеңімізді дәл көреміз де, қандай биіктен құласақ та қаусамайтын боламыз. Сол үшін, сіздің мұнан былай қаусамауыңыз үшін.
Бурахан. Көп жаса! (Екеуі соғыстырмастан ішеді.)
Арман (сағатына қарай салып). Енді маған рұқсат етесіз.
Бурахан. Жолың болсын! (Қол алысып.) Жолың болсын!
Арман. Сау болыңыз. (Кетеді.)
Бурахан (рюмкелерге жағалай құя тұрып долдана сөйлейді). «Сіздің мұнан бұлай қаусамауыңыз үшін» деді - ау әлгі... Қаусау... қаусау... қаусау... Жоқ, досым, мен қаусағалы тұрмын, сен самғағалы барасың. Менің көзім оған бүгін әбден жеткен-ді. (Рюмкелерді бірінен соң бірін қаға бастайды.) Қалғаным болса сен қаусат... қаусат... қаусат... (Долданғаны басылып қалжыраған күйге түседі. Манағы әнін ақырын ыңылдатып ішкі бөлмеге қарай кетіп бара жатады.) «Жалған дүние жылмың қағып өттің бе, ақырында шаңға аунатып кеттің бе...»
Сүмірейіп бара жатады.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі