Өлең, жыр, ақындар

Қоғам және тұлға

     Адам мен қоғам — тығыз байланысты, ажырамас ұғымдар. Бұл екеуінің бір-біріне тигізер ықпалы зор. Әр адамның дүниетанымы, мінез-құлқы, өмір сүру салты мен ойлау қабілеті — оның өскен ортасына, яғни қоғамына тікелей байланысты. Сол сияқты қоғамның да дамуы мен қалыптасуы адамға байланысты. Сондықтан адам мен қоғам — біртұтас жүйе. Қоғам адамның қалыптасуына барлық жағдай жасайды: білім мен тәрбие береді, жұмыс ұсынады, құқықтарын қорғайды. Ал адам осы мүмкіндіктерді дұрыс әрі жауапкершілікпен пайдалана білсе, қоғамда тұрақтылық пен саналы жүйе қалыптасады.

    Алайда қазіргі уақытта қоғам мен тұлға арасындағы үйлесімділік біртіндеп бұзылып келеді. Кей адамдар өз пайдасын ғана ойлап, қоғам ережелерін сақтамай жатады. Мысалы, жастар арасындағы құқық бұзушылықтың артуы — соның айғағы. ҚР ІІМ дерегіне сүйенсек, 2022 жылы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс 8%-ға артқан, ал ең жиі кездесетін түрлері — ұрлық, бұзақылық және интернеттегі алаяқтық.

Сондай-ақ экологиялық мәселелер де қоғам мен тұлға арасындағы жауапкершілік тепе-теңдігінің бұзылуын көрсетеді. Экология министрлігінің 2023 жылғы мәліметіне сәйкес, елімізде жыл сайын 4,3 миллион тонна тұрмыстық қалдық шығарылады, оның тек 24%-ы ғана қайта өңделеді. Қалған бөлігі полигондарға немесе бейберекет жерлерге төгіледі. Бұл қалдықтардың басым бөлігі тұрғындардың өздері тарапынан тасталған.

     Бұл — мәселенің тек бір бөлігі ғана. Осы мысалдардан қоғам мен адамның байланысы бір-біріне тәуелді екенін көруге болады. Адам қоғамға зиян келтірген сайын, олардың арасындағы үйлесім де бұзылады. Қоғам адамға барлық мүмкіндік пен қолдауды береді, ал адам өз кезегінде қоғамның дамуына үлес қосуы керек. Сонда ғана қоғам мен тұлға арасындағы байланыс үйлесімді, тұрақты және өркениетті болмақ.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Каражанова Фатима 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз