Екі бөлімді комедия
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Балжан
Байсал — оның күйеуі.
Есіл — Балжанның інісі.
Келбет — Есілдің сүйген қызы.
Әуес — Келбеттің жесір жеңгесі.
Суан — Әуестің інісі.
Оқиға осы күндердің бірінде жеті-сегіз сағаттың ішінде өтеді.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
Бірінші сурет
Перде ашылған кезде Әуес келе жатыр. Ол сахна шетіне жеткенде қарсы алдынан Байсал келеді.
Байсал. Армысың, Әуесім! Жаным... Кү... кү... (Сырттан біреуді көріп, кенет өзгереді Жақындай бере күбірлеп.) Менің кемпірім секілді біреу келе жатыр, сағатыңа қараған болып тұра қал. (Әуес сағатына қарап тұра қалады. Байсал оның қолына қағаз қыстырады.) Кешкі жетіден қалмай жетермін. (Әуес жүріп кетеді. Байсал орта жолға жеткен кезде қарсы алдынан Балжан келеді.)
Балжан. Шалым - ау, өмірінде есігін ашып көрмеген театрда сенің нең бар?
Байсал (не дерін білмей қалып). А... хым, хым. Тьфу! Тамағымның жұтындырмай қалғанын қарашы.
Балжан. Сен кәрілікке жастай шалдыққан жансың ғой, әлі талай қақаларсың да шашаларсың.
Байсал. Сенің іздеген кілеміңді табамын деп табанымнан таусылдым, сұрай-сұрай беттің арын да түгестім.
Балжан. Немене, бұл театр кілем сататын болған ба?
Байсал. Өзі сатпағанымен анау томардай директордың торайдай тоқалы басқаратын складта бар екен. Тоқалыңа айтып соның екеуін алып бер дегелі барып едім, ол екі ырғалып, бес ыңыранды да түк айтпастан кете барды.
Балжан. Кілем үшін қиналма, тек бүгінгі алатын сыйлық ақшаны шып - шырғасын шығармай әкел де қолыма тигіз, кілемді өзім табамын. (Жүріп кетеді.)
Байсал. Мақұл, Балым, мақұл. (Екеуі екі жаққа кетеді. Байсал кете бере.) Махаббаттың тәңірісі қатынның тергеуінен бір қақты әманда осылай қаға бергей. (Кетеді.)
(Шымылдық ашылғанда көреріміз Байсалдың дүние - жиһазына бай салтанатты үйі. Терезесінен мол түскен күн сәулесі жиһаздарын жайнатып тұр. Сол жиһаздарды жарқырата түскісі келгендей жағалай сүртіп, әрқайсысына бір сүйсіне қарап Балжан жүр. Ол үйдің шаңын сүрте жүріп әндетеді.)
Әуелі қияметке оны айдаса,
Артынан оған тақау мені айдаса.
Мұратым сонда хасыл болар еді,
Қырық шайтан ту көтеріп айқайласа.
Осындай шатпақ соңғы кезде Байсалымның аузынан түсуді қойды. Ол неліктен? (Кенет осындай ойға түсіп жүрген кезде телефон сылдырайды, Балжан тыңдап.) Есілжан - ау... менімен төбелесуге келетін кім дейсің? Келбет болса төбелессе де келсін. Ал басқа қыздар басыма алтын үйсе де, аулақ жүрсін, ұқтың ба? Ұқсаң сол. (Трубканы орнына қояды, есік қоңырауы естіледі, Балкан есік жаққа кетеді де аздан соң бір буда газет алып қайта келеді. Газеттердің арасынан шыққан бір конвертке таңдана қарап тур.) Маған! Міне ғажап! Мен Байсалды бай еткелі отыз жыл. Сол отыз жылдың ішінде менің атыма келген бірінші хат осы болар. Өзі алыстан емес, үй арасы, осы қаладан... Ақылы аз, ақшасы көп біреу маған да ғашық болғай. (Аузын басып.) Ұят - ай, мына бір сұм сөз аузыма қайдан түсе кетті. (Хатты ішінен оқи бастайды да, салғаннан өңі бұзылады. Шарасынан шыға жарқыраған көзі хатта, оюын сондай аласұрып үйдің ішін кезе жүгіре оқиды. Жағы қарысып қалғандай сөйлей алмай оң қолын ербеңдете береді. Бір кезде барып үн шығады.) Байсал! Байсал! Қайдасың ойбай?! Жет тезінен, жет ойбай! (Телефонды алар - алмастан соны айтады да, телефонда керекті номерін айналдырып ала сала әлдекіммен сөйлесе бастайды.) Қарағым, ана бастығыңды маған бере тұршы. Ол не сөз? Мен сенің бастығың өзімнің байым Байсалды сұрап тұрмын. Онда кешіріңіз. (Трубканы қоя салады) Бұл қаланың телефоны да кейбір еркектері секілді қаңғыбас. (Керекті номерін айналдырып алып сөйлесе бастайды.) Бұл қайдан?.. Қалқашым, Байсал бар ма?.. Жалғап жіберші... Әй, тезінен үйге келіп кетші.. Жұмысың құрсын, таста да тез жет... Не болғанын сұрама, сорладың.. Телефонда айтуға болмайды, тезірек жет, сор маңдай... Жоқ, қазір кел!.. О, жабысып қал ендеше! (Трубканы тастай салады.) Жарты сағат дейді ғой. Жарты сағатқа дейін мен жарылып кетпеймін бе? (Ойланып). Кімге бардым? Кіммен сырластым? (Үйдің ішін ойлана кезіп жүр.) Екі көршімнің бірі: күле кіріп, күнірене шығатын сұрқия. Енді бірі ақшаны болмаса адамды қадірлемейтін бір жексұрын. Кімге сеніп, кімге айтарсың мұндай қасіретіңді (Ойланып.) Таптым... таптым. (Жүгіре басып кетеді, аздан соң Есіл мен Келбет келеді. Есіл Келбеттің шашын алақанына салып аймалай сөйлеп келеді.)
Есіл. Көлде жүздім, күнді сүйдім, естігенім толқындар әні. Бақшаға бардым, гүлге орандым, естігенім бұл - бұлдар әні. Ұяма келдім, жарымды құшып, жанымды сүйдім. (Келбеттің шашынан сүйеді.) Соның бәрі - сенсің, жаным. (Тағы да сүйеді(
Келбет. «Әйелдердің көз жасынан буаз болса қара жер, әр тамшысынан бір айдаһар туар еді...»
Есіл (қағып әкетіп). Деп Отелло айтқандай... Сонан соң...
Келбет. Еркектердің бәрі адал сүйсе әйелдердің бірде-бірі бақытсыз болмас еді. (Радионы сөйлетіп жібереді. Радиодан «Қайықта» әні естіледі.)
Ашылғандай айдын көлде
Үлкен өмір есігі,
Су бетінде қайық бейне
Махаббаттың бесігі,
Көбі, қайық, осы көлде
Жыр толтыршы жаныма,
Махаббаттың бесігінде
Тербелейік тағы да.
(Екеуі әнмен бірге тербетіліп билейді. Келбет ауыр ойда, Есіл оны би үстінде сезсе де үндемейді. Әнмен бірге би де тоқтайды. Есіл радионы тоқтатып Келбеттің бетіне үңіледі.)
Есіл. Мен сенің махаббатыңа тербелсем, сен менің қасіретіммен теңселудемісің қалай өзі?
Келбет. Иә, теңселудемін, мен сені көрген сайын Әуесті ойлап теңселетін болып барамын. Сен лапылдай бермей, соны да бір ойласаң...
Есіл. Сен алдымен өзіңді ойла, өзіңнің ол үйден тезірек кетуіңді ойла. Ойлап қана қойма, қашан қай күні кететініңді, бұл үйге қашан келетініңді байла. Менің сенен бүгінгі естімегім сол ғана.
Келбет. Нені дейсің?
Есіл. Тойымыздың күнін деймін.
Келбет. Жоқ, жаным, ол күнді менен әзір күтпе.
Есіл. Әзір күтпе? Неге?
Келбет. Мен әке-шешемді Әуестің қолына тастап кете алмаймын.
Есіл. Тастап кет деген кім бар?
Келбет. Тұрмысқа Әуестен бұрын шықсам, әке-шешемді тастағаным емес пе?
Есіл. Сонда қалай? Қашан ол тұрмысқа шыққанша сен үйіңде отыра бермексің бе?
Келбет. Басқа амал жоқ.
Есіл. Менен басқа сүйерің жоқ болса амалың неге жоқ?
Келбет. Адам жастайынан асыраған күшікті де жұртқа тастап кетпейді ғой.
Есіл. Е, сенің қимай жүргенің әке-шешең емес, сол бұзық жеңгең бе еді?
Келбет. Мен оның сол бұзық қылығына да адамша қарағым келеді.
Есіл. Құшағың тым кең - ау.
Келбет. Ол бұрын мұндай емес-ті. Ағатайымның адал жары, өзімнің сүйікті жеңгем болатын. Сол қасиеттерін көріп қалғандықтан ба, мен оның келешегінен үміт етемін де құшағымды әлі де аша беремін.
Есіл. Ол бір кезде ағайыңның адал жары болғанмен қазір аруағын қорлаушы. Ол бір кезде сенің сүйікті жеңгең болғанымен қазір оның сүйіктілігі кез келген жерде сүйретілген өлексе секілді бірдеңе ғой. Ондайларды аяу, өзіңе түсетін қаяу емес пе?
Келбет. Оған кінәлі тағдыр, тағдыр үшін адамды айыптағым келмейді. (Есік қоңырауы естіледі. Есіл есік кетеді, сырттан Суанның дауысы естіледі.)
Суан. Қорықпа, мен адаммын.
Есіл. Ау, адамзат, сізге кім керек еді?
Суан (сылти басып, сөйлей кіреді). Маған керегі сендерсің - ау деймін.
Келбет (тани кетіп, таңдана тура қалады). Суан!
Суан. Суаның кім, бикеш?
Келбет (аңырып). Есің дұрыс па?
Суан. Бейтаныс үйге баса-көктеп келуім қисық болса да есім түзу.
Келбет. Есің түзу болса, мені неге танымайсың? Мықтап қарашы, мен кіммін?
Суан. Қазір кім екеніңді білмесем де, өзімнің бір құдашам Келбет екеніңді білемін.
Келбет. Мені танысаң, өзіңді неге танымайсың, танитын болсаң, менің Суан дегеніме неге таңданасың?
Суан (шоқынып.) Тәубә, тәубә! Мені де танитын жан бар екен-ау. Енді өлмеспін.
Келбет. Есіл, танысыңдар. Бұл жігіт Әуестің жалғыз бауыры, Суан дейтін құрдасың.
Есіл. О, Суан дейтін батыр сен бе едің? Онда қолыңды әкел. (Қол ұсынып.) Менің атым Есіл.
Суан (қолды көңілсіздеу алысып). Өзіңе кесел болып жабысар досым, кекетпей сөйле.
Есіл. Кешір, бауырым, мен кекесінді білмеймін.
Суан. Кекесінді білмесең менің қамал бұзған батыр екенімді қайдан біле қалдың?
Есіл. Мен өз замандастарымның барлығын батыр көретін жан едім, ағат көрсең кешіре сал.
Келбет. Иә, оның әдеті сондай, мырза. Өзің сымбатты сұлу едің, қиқайып, сиқайып, немене болып кеткенсің?
Суан. Басқасына кінәлі өзім, аяғымды ақсатқан сендер.
Келбет. Біз не жаздық?
Суан. Мен бұл аяқты жаңа ғана, сендерді көре сала трамвайдан секіріп түсемін деп ақсаттым.
Келбет. Сонша асығып бізді қайтетін едің? Әлде үйдің адресін ұмытып қалдың ба?
Суан. Мына бір бақытты жігіттің жүзін көруге асықтым. (Есілге.) Келбеттей қызға кез болған сен бақытты екенсің, жігітім.
Есіл. Рақмет.
Суан. Тілектеспін, бақытты бола беріңдер. Мен үшін де бақытты болыңдар.
Есіл. Жетім қозыдай зарлай бермей, жөніңді жөндеп айтшы, қайдан не іздеп келген құрдассың?
Суан. Өзім емес, шегім болар зарлаушы. (Келбет Есілге қарайды.)
Есіл. Не барын қазір білейін (Кухня жаққа беттейді).
Суан. Бауырым, бар болса денсаулықты сұратқышты да ескергейсің.
Есіл. Бары түгел ескерілер. (Кетеді.)
Келбет. Сен арақ ішпеуші едің ғой.
Суан. Соңғы кезде удан басқанын барлығын ішетін болып кеткенмін.
Келбет. Оның не, сен ақылды емес пе едің?
Суан. Оқуым апатқа ұшырағаннан бері ақылым қаусаған-ды.
Келбет. Оқудың апатқа ұшырағаны қалай?
Суан. Екі жылғы жаза он жолғы оқудың қақ жартысын жалмаса, ол апатқа ұшырау емес пе?
Келбет. Екі жылғы жазаң не, түрмеге түстің бе?
Суан. Мен түрменің не екенін де білмеймін.
Келбет. Енді не жаза деп отырғанын?
Суан. Мен сияқтылар үшін оқудан қалып жастай жұмыс істеу жаза екен.
Келбет. Жаза көрсең де жұмыс істегенің жақсы болған.
Суан. Сол жақсылық менің аз ғана оқуымның қақ жартысын жалмаған.
Келбет. Түсінбедім.
Суан. Институтқа түсу үшін екі жыл бойы талпынып едім, бәрі де зая кетті.
Келбет. Неге?
Суан. Сол он жыл оқыған оқу да, екі жыл істеген жұмыс тәжірибесі де бірде-бір емтиханнан өткізе алмады. Қабатынан екі жыл құлаған соң Қарағандыны тастап мұнда келіп едім, әзірге көргенім Әуестің көз жасы ғана.
Келбет. Енді не істемексің?
Суан (күрсіне сөйлеп). Білмеймін, білмеймін. Барар жер, басар тауым қалмаған секілді.
Келбет. Нағашың қайда?
Суан. Ол қартайғанда әйелін жаңартып бір жастау қатын алып еді. Сол сайқал мені араққа баулып, сайтандардың жолына салып жіберген. Нағашым ол екеуміздің сайтандас екенімізді сезіп қойды да мені қуып жіберді.
Келбет. Сайтандас деген не?
Суан. Оны сен білмей-ақ қой, тек мен не істеймін, соны айтшы.
Келбет. Не істейтініңді мен қайдан білейін. Он жылдықты өзіңмен бірге бітірген мен міне КазГУ - ды биыл бітіремін. Жанағы Есіл сен секілді жетім еді, ол да биыл бітіреді. Сен мынау, күн жаумай су болып, өмір жұртында қалып қойған. Сомы ойла да арлан, намыстан. Басқа не айтайын.
Суан. Соны айтқан аузыңнан бір сүюге руқсат ет те, жүрегімді суырып алшы.
Келбет. Арақ сасыған жүректі қыздар қабылдамайды ғой. (Есіл келеді.)
Есіл. Құрметті құда, әнші шегіңіз болар-болмас толатын бірдеңелер табылды, барына разы болсаңыз, жүре қалыңыз.
Суан. Сол құрметіңді қуырдақ етіп қуыр да кекесініңе қосып өзің же! (Ашулы кетеді.)
Келбет. Суан, тоқташы! Суан! (Суан тоқтамастан кетеді, Келбет ұмтыла бере тоқтап, Есілге суық түспен қарайды.)
Есіл. Көзіңмен атқыламай-ақ қой, ожарлық еткенімді сезіп, өзім де өкініп тұрмын.
Келбет. Өкінуден сен - ақ шаршамайды екенсің.
Есіл. Сенің басына жаңбыр бір жауса, терек екі жауғалы келеді. Мен соны көріп әлден шаршаудамын.
Келбет. Теректің жауар, жаумасын білмеймін, алдымда екі кеселдің тұрғаны анық.
Есіл. Екі кесел! Ол не?
Келбет. Не екенін сен білмей-ақ қой.
Есіл. Неге?
Келбет. Ол екеуімен өзім жалғыз сайысамын, оның себебін сен сұрама.
Есіл. Неге сұрамаймын?
Келбет. Бәрібір мен айта алмаймын.
Есіл. Неге айта алмайсың?
Келбет. Неге айта алмайтынымды да айта алмаймын. (Екеуі күліседі).
Есіл. Екеуміз де әлі баламыз - ау осы.
Келбет. Бала емес, шаламыз.
Есіл. Шала болса, болармын, тіпті бала болуым да ғажап емес. Ал, сен нағыз бәлесің.
Келбет. Оны қайдан біле қалдың?
Есіл. Екі бірдей сайтанмен сайысу баланың қолынан келмейді.
Келбет (шашынан сипап). Бөпешім менің.
Есіл. Менің ерлігім Әуестің сондай сұлу бола тұра байсыз жүргені секілді.
Келбет. Сол сұлулық қой оның миын улап, бағын байлап жүрген.
Есіл. Оны жұмысқа орналастырсақ қайтеді?
Келбет. Кеңсе жұмысы қолынан келмейді, қара жұмысты менсінбейді. Сонда қандай жұмыс?..
Есіл. Бұрын не істеген еді?
Келбет. Аз уақыт машинистка болған екен, қазір қарайып қалыпты.
Есіл. Машинка тауып берсек, қарайғаны ештеңе емес, өзінің ешкімі жоқ па?
Келбет. Шайтан секілді көзге түспейтін біреуі бар сияқты.
Есіл. Көзге түспесе, әйелі бар қу болды ғой. Дегенмен соның кім екенін қалай білеміз?
Келбет. Оны қайтесің?
Есіл. Мен соның өзімен сөйлесемін де оған Әуесті алар болсаң, бағын байламай, келешегін лайламай, тезірек ал деймін.
Келбет. Мысалы ол көрінбейтін сайтан өзіңнің жездең Байсал ағай болса қайтер едің, осы сөзді оған да айтар ма едің?
Есіл. Көзіме қарашы!
Келбет. Сен оны шын көріп қалма, мен мысал үшін ғана айтып отырмын.
Есіл. Өзім сезіп жүрмін, сен жалтарма, жасырма.
Келбет. Нені?
Есіл. Жаңағы Суанның сөзімен айтқанда сенің жеңгең мен менің жездем сайтандас секілді.
Келбет (күлімсіреп). Сен не айтып кеттің?
Есіл. Әуре болма, сен артист бола алмайсың.
Келбет. Егер де, олардың сайтандас екенін сезсең, достарымыз ғана жиналатын тойға қалай шақырамыз?
Есіл. Шақырамыз да екеуін қатар отырғызамыз.
Келбет. Сонда олардың беті қалай шыдайды?
Есіл. Олардың беті шыдар - ау, екеуінің біріне-бірі ұры итше, ұрлана қарасқанын көргенде біздің бетіміз шыдар ма екен?
Келбет. Сол азапты көрмеу үшін не істеу керек?
Есіл. Алдымен ол екеуінің сондай екеніне менің көзімді жеткіз.
Келбет. Жеткізер едім, ақылыңды ашуына жеңгізіп алсаң, өзіміз масқара боламыз ғой.
Есіл. Мен ашуымды сенің билігіңе берейін.
Келбет. Онда, қолыңды әкел (Қол алысады.) Ол екеуінің нендей қылығын көрсең де бірін жезде, екіншісін қайын жеңге көретін жолыңнан жазбайсың.
Есіл. Мен жолымнан жазбаспын - ау, сен қайтер екенсің? Сенің білетініңді олар біле ме?
Келбет. Жоқ, білмейді, тіпті білгісі де келетін емес, басқа біреудің атынан беттерін шиелейтін бір жасырын хатты екеуіне де жазған едім, сірә атқан оғым дарымаған секілді, жеңгеміздің беті бүлк етпейді.
Есіл. Онда сол көзге түспейтін сайтанды тезінен қолға түсірейік.
Келбет. Қалай?
Есіл. Қалай екенін сен айт.
Келбет (сәл ойланып). Ертең Әуестің туған күні, бірдеңе сыйлықтар алып жетіп барсақ ұяттау болар ма екен?
Есіл. Нағыз ақылдылық сол. Бірақ алар сыйлығымыз машинкадан басқа болмасын.
Келбет. Машинка?..
Есіл. Иә, ол жеңгейдің жігіттерден кейінгі қызығары өзінің сол тұңғыш енері секілді. Соның бірін алып беріп, үш ай үйретсек жұмыс табылады, жұмыс табылса, түзелудің жолы да табылады.
Келбет. Машинка табылса, оған жұмыс табылар - ау, оны біз қайдан табамыз?
Есіл. Мен оны табудың жолын іздейін, сен жеңгеміздің жайын біл.
Келбет. Ол шақырар кезде бір жеті бұрын жар салушы еді, биыл үн жоқ. Соған қарағанда ол туған күнін бұл сапар сол ұрысымен өткізгелі отыр.
Есіл. Онда бүгін де, ертең де барайық...
Келбет. Ол хабар менен болсын, мен қазір үйге соғып біле алсам сол ұры мырзаның бүгін келер-келмесін білейін.
Есіл. Оны қалай білесің?
Келбет. Үйге ішімдіктер келе қалса, біреудің келетін болғаны (Кетуге беттейді).
Есіл. Сен соны біл, мен магазиндерді аралап машинканың бағасын білейін.
Келбет. Алдымен қалтаңның халін біліп ал.
Есіл. Қалтамның халі жездем келмей білінбейді. Ол бүгін сыйлыққа тиер ақшасын әкелмекші.
Келбет. Егер де жездең қарыз бермесе, не істейміз?
Есіл. Онда комиссионкаға барамын да Сағатымды сатамын.
Келбет. Ол жетпесе?
Есіл. Жетеді, жеткіземін. Кредитпен алсақ молынан жетеді.
Келбет. Ақшасыз магазин аралау ақылсыздық болар, онан да мені аялдамаға дейін шығарып сал.
Есіл. Үйіне дейін, онан жатақханаңа дейін шығарайын. (Олар кетеді, сахна аз уақыт бос. Сыртқа келіп тоқтаған машинаның дыбысы, Байсалдың күлкісі естіледі. Аздан соң Байсал мен Балжан келеді).
Байсал. Ха-ха-ха! Онда ұйқың әлі қанбапты, кемпірім. Байсалды сорлататын адам өткен жылы он төртінші октябрь күні сол дүниеге кеткен-ді.
Балжан. Сен емес, менмін сорлаған, мен!
Байсал. Жан дегендегі жалғыз шалың мен міне, тірімін. Жаныңа тең жалғыз інің анау, қаламыздағы ең сұлу қыздың құшағында кетіп бара жатқан. Енді неге сорлайсың?
Балжан. Сол жалғызым, жанымның самалындай көрінетін Келбеттің емес, әркімнің бір әуесі болып кеткен қолына түсіпті?
Байсал. Әуес! Ол кім?
Балжан. Келбеттің жесір жеңгесі ше?
Байсал. Е, е, е, ана бір қызыл бет келіншек еді-ау?
Балжан. Қызыл бет емес, қара бет.
Байсал. Иә! Иә!.. Ол не істепті?
Балжан. Ол, атасы мен енесін еліне, қайын сіңлісі Келбетті жатақханаға қуып жіберіп, Есілжанды өзі иемденіп алыпты.
Байсал (шаншу қадалғандай жүрегін басып). Сен түс көріп отырған жоқсың ба, жарқыным? Мына айтып отырғанын есі саудың сөзі емес қой!
Балжан. Саған не болды.
Байсал. Әй, осы жүрек пе, осы жүрек алмай қоймас - ау, мені. Айта бер, айта бер!
Балжан. Өңің бұзылып барады, дәрігер шақырсам қайтеді?
Байсал. Үһ! Иә, мұндай өсектерді кімнен естідің?
Балжан. Көршісі болу керек, мына бір адам бәрін де мөлдіретіпті .(Манағы хатты береді. Байсал хатты ішінен оқып отыр.)
Балжан (хаттың бір жерін қолымен нұсқап). Мынаны көрдің бе, (Оқиды.) «Есілдің Әуеспен әулекіленіп Байсал аға да біледі».
Бaйсал. Астағыпыралла...
Балжан (оқи береді). «Тіпті ол осы айдың жетісі түнгі сағат он бірдің кезінде, терезеден шыққан Есілді 77-82 номерлі таксиге мінгізіп әкеткенін мен өз көзіммен көрдім. Егер маған сенбесеңіз. Байсал ағаның өзінен қаттырақ сұраңыз. Не болмаса, сол таксидың шоферын милицияға шақыртыңыз да Байсал ағамен беттестіріңіз...»
Байсал. Мынау неткен бетсіз - ей?
Балжан. Сен ол күні қайда барған едің?
Байсал. Ешқайда?
Балжан. Ойланшы!
Бaйсал. Жетісі... жетісі дейді, ә? Ол күні мен мораль туралы лекциядан басқа қайда бардым?
Балжан. Онда мынау не сандырақ?
Байсал. Мүмкін бұл өсекшінің көргені біздің Есіл емес, басқа болар.
Балжан. Өсекші деуіңе қандай дәлелің бар?
Байсал. Есілді талғамы жоқ, сондай жарымес көруге сенің қандай дәлелің бар? (Біреудің есік ашқан дыбысын естіп.) Міне, өзі де келе жатыр, түк сезбеген қыла қалайық, сен күлкің келмесе де ыржия бер.
Балжан. Ол менің қолымнан келмейді, керек болса оны ыржи. (Есіл келеді).
Есiл. О, жезде, түскі асқа мезгілінен бұрын келінсіз, сыйлыққа алған ақшаңыз болғай ертерек қуып келген.
Байсал. Келер - келместен ақша деп сұңқылдай қалмай, кештік бірдеңе керек пе еді, балдызым?
Есіл. Көп емес, қарызға жүз елу сом бере тұрсаңыз Қорықпаңыз,төрт айда төлеп бітіремін.
Байсал. Жүз елу сом, кәдімгі жаңа ақшамен жүз сом ба?
Есіл. Әрине, ескі ақшаға қолымды былғап қайтемін?
Байсал. Алдымен мына апайыңа бір кілем алып берейін, сен стипендияңды маған бере тұр.
Балжан. Ақшаны сен қайтесің?
Есiл. Керек.
Балжан. Керек екенін білемін, не үшін екенін сұрап отырмын.
Есіл. Ертеңгі күні бір жақынымыздың туған күні болған апаратын сыйлық керек.
Байсал. Не-ме-не? Біреудің туған күні үшін жүз елу сом жұмсайсың ба? Жүз елу сом?
Есіл. Иә, жүз елу сом?
Байсал (Балжанға). Мынаның есі дұрыс па?
Балжан. Туған күнін мен білмейтін ол қандай жақынымыз?
Есіл. Кім екенін кейін білерсіз?
Балжан. Неге кейін? Неге қазір білмеймін?
Есіл. Келбет екен деп, ынтықпай-ақ қойыңыз, менің бұл сыйлықты апаратын адамым басқа.
Байсал. Ол кім сонда?
Есіл. Ол Әуес дейтін жеңгей.
Балжан. Әуес!?
Байсал (жарыса). Әуес! Ол сенің қандай жеңгең еді?
Есіл. Қандай деп ойласаңыз, сондай.
Байсал (абыройың қалады). Мен сенің әке орнына. әке, аға орнына аға болған жездеңмін. Сенің досың кім, қасың кім екенін білуім керек, жөндеп айт. Ол сайқал қандай жақының?
Есіл. Алдымен «сайқал» деген сөзіңізді тезінен қайтып алыңыз.
Балжан. Неге?
Есіл. Олай деуге правосы жоқ.
Балжан. Правосы неге жоқ?
Есіл. Ол сайқал емес енді түсінікті ме?
Байсал. Онда жаңағы сөзімді қайтып алсам, алайын, бірақ сен менен ақша да сұрама, ол әйелге сыйлық апарушы да болма.
Есіл. Неге? Менің жақыным, сіздің де жақыныңыз емес пе?
Байсал (сасқалақтап). Әрине... Әрине... Саған қайын жеңге болса маған құдаша ма, құдағи ма бірдеңе... Бірақ... (өзіне) қалай жалтарсам екен? Балжан, сен өз бөлмеңе бара тұршы.
Балжан. О, сорлы басым, тағы қандай қырсыққа душар болдым. (Көрші бөлмеге кетеді).
Байсал. Есілжан. Сен маған ұл орнына - ұл, іні орнына - іні...
Есіл. Тоқтаңызшы, тәтемнің «қырсығы» не?
Байсал. Өзі, ақшасы көп үйге бала болғысы келіп жүрген бізден ақша сұрайсың, қырсық емей немене?
Есіл. Мен оның көзінен жас көрдім, сол бір тамшы жас тұла бойымды улап барады, тезірек айтыңызшы, оған не болды? (Балжан киініп қайта келеді).
Балжан. Мені жылатқан сенсің, бауырым, сен! (Есікке беттейді.)
Есіл (ұшып барып оның алдына тұра қалады). Мұндай сөзді айтатын сен, еститін мен бе едім? Айтшы, не жаздым?
Балжан. Жазығың сол, Әуес сияқты әулекінің алдауына түстін. (Жыламсыраған күйі кетеді.)
Есіл (Балжан кеткен жанға қарап). Жүрегін ақшаға табына бастапты сол ғой көзіңнен аққан жас, енді азасың - ау, тәтежан.
Байсал. Мына бір хатты оқығаннан бері менің де жүрегім қобалжып, менің де көзіме жас орала береді. (Манағы хатты ұсынады).
Есіл (хатты ішінен оқып шығып). Бұл не масқара! Кім бұл өртті салушы?
Байсал. Кім болса да сенің ең қас-жауың. Есіл. Ендеше мен сол қас-жауымның ізіне түстім. (Жүгіріп кетеді.)
Шымылдық.
Екінші сурет
Әуестің үйі.
Перде ашылғанда сахнада жан жоқ. Аздан соң қолында торлауыш толы ішімдіктері мен жемістері бар Әуес келеді. Ол келе көрші бөлмеге кетіп, қайта келеді де, әндете жүріп стол үстін әзірлейді.
Әуес (ауық-ауық сағатына қарап қойып, айна алдында әндетіп тұр, бірақ не айтып жүргенін өзі де білмейді, әндетіп).
Шалдары бұл заманның тек жатпаған, тек жатпаған, тек жатпаған... Жалғасы қалай еді? (Кенет ойланып қарап.) Ей, мен осы не айтып тұрмын - ей? Бұл мен сияқтыларды мазақтаған өлең емес пе? Ірік ауыздан шыққан ондай шірік бірдеңені айтқанда Абай атамыздың асыл сөздерін неге айтпаймын? Неге мен оның «жігітті жұрт мақтаған қыз жақтағанын сұңқылдатпаймын? Сол Абай атамыздың жырына ілінген жақсы жігіттің өзі біздің Байсалдан артық болып па? Өзі бай, өзі сал. Иә, солай! «Шын ғашық сұлулықты талғамайды» дейтін заман өткен. Біздің заманның ғашықтары жас талғамайды, тек біреудің байына ортақ бола көрме, онда сорладың. Ортақ жігіттерден оңаша шал жақсы. Бірақ, сараң құдай маған оны да түгел қимапты - ау? Иә, қимай жүр, қиятын да емес. (Былқ-сылқ етіп көрші бөлмеге кетеді. Аздан соң есікті өз кілтімен ашып Келбет келеді. Әуестің дауысы естіледі.) Суан! Сен бе келген?
Келбет (дауыстаңқырап). Жеңгемізге бір сәлем!
Әуес (даусы естіледі). Қазір, жаным, қазір. (Телефон сылдырлайды).
Келбет (тыңдап). Иә! (Бір шеттен түсіп Байсалдың беті көрінеді, ол телефонда).
Байсал. Әуесжан! Туған күніңнің өтіп бара жатқан минуттерін сүюден жалығар емеспін. Кеш бару сезік шақыратын болғандықтан бұл сүюдің жалғасын сағат бестен қалмай бастамақпын, мақұл ма?
Келбет (өзіне). Мені Әуес деп үздіккен сол Байсалдың өзі. Не десем екен?.. Сөйлеместен Әуес бола қалайын (Трубканы шөп еткізеді).
Байсал. О, айналдым, шөп-шөп еткен аузыңнан сенің. Міне, мен де сүйдім сені. Айтпақшы, Әуесжан, сақтан! Сенің өсекші көршілеріңнің біреуі біздің үйге хат жазып, сенің жайыңды жеткізген секілді. Тіпті менің бір рет терезеден түскеніме дейін көріпті. Сол себепті елеусіз болу үшін мен бүгін жасанды мұртыма қоса жасанды сақал жапсырып ертерек бармақпын, танымай қалып бақырып жүрме?
Келбет (сыбырлай сөйлеп). Қорықсаңыз келмей-ақ қойыңыз. Жоқ, келіңіз, келіңіз!
Байсал. О, айналайын, өзің де мені сағынуда екенсің ғой. Келем, жаным, келем... Тоқташы, жұпар тамағыңнан бір рахаттанайыншы (Мұрнын трубкаға тіреп тұрып шүйіреді, бетіне түсіп тұрған сәуле оның сол қылығынан ұялғандай кенет сөнеді де Келбетке түседі).
Келбет (трубканы тастай салады). О, көне дүниенің көлеңкелері! (Ойланып.) Осы мен бүгін не істегелі жүрмін. (Әуес тәуір киімдерін киіп қайта келеді).
Әуес. Көкебайым - ау, сені мұнда айдап келген қандай құйын, амансың ба? (Келбеттің бетінен сүйеді).
Келбет. Есіл екеуміз сенін туған күніңді думандату үшін кешке келмекпіз, соны айта кеткелі соқтым.
Әуес. Қашан келсеңдер де құшағым ашық, тек менің туған күнім ертең екенін ескеріңдер.
Келбет. Ертеңіміз көңілді ету үшін, біз бүгін, сені соңғы рет жылатқалы келеміз.
Әуес. Менің тағдырдың жылатқаны аз ба еді?
Келбет. Соңғы рет деген сөзге түсін. Егер, қалған өмірің жылаусыз өту үшін көз жасыңды бүгін түгел төккізе алсақ, қуана бер.
Әуес. Қалай, қалай?
Келбет. Осы сен мезгілсіз батып бара жатқаныңды қалай сезбейсің?
Әуес. Сеніңше мен әлі батып болған жоқпын ба?
Келбет. Сенен әлі де үміт бар. Тек, билігіңді Есіл екеумізге бере тұр.
Әуес. Ал, бердім, сонда сендер не істейсіңдер?
Келбет. Біз өз алдына үй боламыз да сені өз қолымызға аламыз. Жұмысқа да біз орналастырып, күйеуге де біз ұзатамыз.
Әуес. Жұмыс табылса табылар, дәл маған оңған күйеу табыла қоймас.
Келбет. Сен таппасаң біз табамыз, тек сен мына жат қылықтарыңды бүгіннен бастап тоқтат!
Әуес (сұрланып). Жат қылық деген немене?
Келбет. Терезесіне дейін есікке айналдырып, үйіңді жын ойнағы етсең, оны жат қылық демей не демексің?
Әуес. Терезені есікке айналдырғаны қалай?
Келбет. Терезеңнен ешкім шыққан жоқ па еді?
Әуес. Бұл не оспақ?
Келбет. Оспақ емес, шындық!
Әуес. Шындық емес, өсек, жала!
Келбет. Айғайлама! Жала болса, оны айтқан өзіңнің ана жасанды мұрты бар, көңілдесін, соған айғайла!
Әуес (сылқ етіп отыра кетеді). Жасанды мұрты бар? Ол кім?
Келбет. Ол бүгін сақал байланып, сағат бестен қалмай келеді, үңіле қарасаң кім екенін білерсің..
Әуес. Сақал байланып?
Келбет. Ол талай әйелді ақшасымен алдап, сақалымен байлапты. Сол алданғанның бірі сенсің. (Қол сумкасынан манағы Есіл әкеткен хатты алып Әуеске ұсынады.) Ол сұмырайың сені қызғанып Есілге мынандай жала да жауыпты.
Әуес. Бұл не?
Келбет. Бұл сол сұмырайдың Есілді сенімен қаралап Балжанға жазған жасырын хаты.
Әуес (хатты алып қарай сала). Иә, иә, мынау соның жазуы. Мұндай құпия хатты баспа әрпімен жазатын соның әдеті. (Хатты ішінен оқып шығады да жынданғандай аласұрып біресе есікке, біресе телефонға жүгіреді.)
Келбет. Саған не болды? (Әуес түк айтпастан шыға жөнеледі.) Отқа қақталса жыланның да аяғы көрінер, қанша бүркенсең де шындықтың отына шыдамадың! (Кухня жаққа барып келеді де телефонды айналдырады, іздеген адамдары жауап қатпайды. Есік қоңырауы естіледі Келбет кетеді, даусы естіледі.) Бал апа? Хош келдіңіз? (Алдында келе жатқан Балжанға таңдана қарап қайта келеді.) Төрлетіңіз! (Лыпылдап.) Біз осындай кедей тұрамыз. Дүниеміз көзіңізді ұялта қалса, кешіре көріңіз. (Орындық ұсынып.) Өтінемін, отырыңыз!
Балжан. Қысылма, қалқам. Мен мұнан да кедей үйде өскенмін. (Айнала көз тастай.) Сенің бөлмең қайсы?
Келбет. Мына бір әйнекті есік, ішіндегі бар жасауы ескі диван мен этажерка ғана.
Балжан. Мен жасауыңды көргелі келгенім жоқ, орынсыз қысыла берме деймін саған. (Әйнекті есікке жақындайды.)
Келбет. Кешіріңіз, мен ашып жіберейін. (Қалтасынан кілт алып есікті ашады.)
Балжан (есіктен қарап). Терезенің ашық тұрғаны жақсы емес пе?
Келбет. Мен бір ай болды, бұл үйде тұрмаушы едім, Әуес жеңгей ұрылардан қорқа ма қалай терезелерді бекітіп тастайды.
Балжан (сескене қарап). Қалқам-ай, мына бір сөзің үмітімді үзіп жіберді - ау. Бір айдан бері сен қайда едің?
Келбет. Жатақханадамын.
Балжан. Мынадай үйің бола тұра жатақханада нең бар?
Келбет. Бір ай болды, папам мен мамам елге кеткен-ді, олар жоқ кезде мен жатақхананы жақсы көремін.
Балжан. Онда тағдырдың мені аямастан жазалағаны рас екен. (Орындыққа отыра кетеді).
Келбет. Кешіріңіз, түсінбедім.
Балжан. Әуес анық сенін. туған жеңгең, ә?
Келбет. Иә, анық туған жеңгем. Мүмкін болса менен ол байғұс жайында ештеңе сұрамаңыз.
Балжан. Бар сұрай келгенім соның жайы болса неге сұрамаймын? Келші, қасыма келіп отыр да, жасырмай айтшы.
Келбет. Не айт дейсіз?
Балжан. Ең алдымен өзіңді үйден бездірген Әуестің нендей қылығы екенін айт.
Келбет. Сіз мені Есілден кем көрмеймін деуші едім ғой. Егер сол айтқаныңыз рас болса, мені өсек айтудан аулақ ұстағайсыз.
Балжан. Ақылдым менің. Сенің осы ақылдылығың ғой мені бұлай отқа салып жүрген.
Келбет. Ақылды екенім рас болса, сізді отқа қалай қаламын? Кешіріңіз, түсінбеген соң сұрап отырмын.
Балжан. Бәрін де түсіндірейін, тек қатты сөзіме жасыма да, тәтті сөзіме тасыма.
Келбет. Жарайды, жасысам да тасымаймын.
Балжан. Айтсам сені өзімсініп, өзімнің болашақ келінім деп айтамын.
Келбет. Бәрін де ұғып отырмын, тек сіздің папам мен мамам жоқ, кезде не үшін келгеніңізді біле алмай далмын.
Балжан. Менің Есілімді сенен тартып алғысы келіп жүргендер бар, мен соның ініне су құйғалы келдім, енді түсінікті ме?
Келбет (күлімсіреп). Ол қандай екен?
Балжан. Ағат болса кешіргейсің. Елдің сыбыры мен күбіріне қарағанда сені торып жүрген Әуес көрінеді.
Келбет (қуланып). Әуес! Кәдімгі менің жеңгем Әуес пе?
Балжан. Елдің сыбыр-күбірі солай дейді. Соңғы бір айдың ішінде менің Есілім осы үйге төрт рет келді деседі. Енді біліп отырмын, сенің бұл үйден кеткеніңе де бір ай болыпты. Егер Есілдің бұл үйге сен жоқта келгені рас болса кім үшін?
Келбет. Маған өз ініңізді танымай келуіңіз сұмдық көрініп тұр.
Балжан. Шыныңды айтшы, өзің Есілге сенімдімісің? Мені оның жақыны екен деп жалтарма.
Келбет. Бұл да мен күтпеген сұрау. Өзіңіз ойлаңызшы, егер сенбесем сүйер ме едім?
Балжан. Онда жаңағы сақал байланып бестен қалмай келетін кім?
Келбет. Керемет - ау, оны сіз қайдан білесіз?
Балжан. Білгенім бекер болмаса қайдан білгенімді сұрап қайтесің?
Келбет. Деген мен де білгім келеді.
Балжан. Терезе түбінен өтіп бара жатып естідім.
Келбет. Ұят - ай, менің дауысым көшеге де естілді ме?
Балжан. Естілмесе мен естімес едім ғой, оны қой да мынаны айтшы. Сеніңше, ол Есіл болмағанда кім?
Келбет. Кім екенін мен қайдан білейін?
Балжан. Кім екенін білмесең сақал байланып келетінін қайдан білесің?
Келбет. Телефонда мені Әуес деп үздігіп айтқан өзі ғой.
Балжан. Оған сен не дедің?
Келбет. Мен айтар сөзден жаңылдым да, не дерімді білмей телефонды шөпілдете бердім.
Балжан. Оның не?
Келбет. Дауысымды жасыру үшін Әуестің ролін ойнадым. Оның телефонды сүйгенін талай көрген едім.
Балжан. Ондай рольді бекер ойнайсың, күнім. Жаманшылық күйе секілді, жанаса кетсең сағалданып шыға келесін, аулақ бол.
Келбет. Ондайлардан өзім де аулақпын.
Балжан. Қанша аулақ екеніңді білейін, тым болмаса сол адамның Есіл емес екенін керім көңілім дауаласын, бөлмеңнің кілтін маған бер де, өзің жатақханаңа кете берші.
Келбет. Кілтті қайтесіз ?(Есікті кілттей бастайды).
Балжан. Сенің бөлмеңе жасырынайын да, Әуеспен әуейленіп жүргеннің кім екенін білейін. Егер Есілім болса аямаймын, екеуінің де төбесіне жай болып түсемін.
Келбет. Масқара, сіз шын айтасыз ба?
Балжан. Әзілдесетіндей сен менің құрдасым емес едің ғой.
Келбет. Мұны естігенде жұрт не дейді, сізді сықақтап күлмей ме?
Балжан. Күле берсін, мен Есілім үшін неден болса да тайынбаймын.
Келбет. Соңда сіз, ұялмастан менің бөлмеме жасырынып, Есілді аңдымақсыз ба? Кешіріңіз, кейбір сөзім артықтау айтылып кетті.
Балжан. Ұят. Ұят та болса амал жоқ. (Сағатына қарап.) Уақыт болып қалды, есігіңді аш.
Келбет. Жалынамын, Бал апа, ол Есіл емес, Есіл емес, сеніңіз маған.
Балжан. Тоқта... Тоқта... сенде бір үрей бар, ол не? Әлде менің Есіл деп жүргенім өзімнің Байсалым ба?. Неге үндемейсің?
Келбет. Не дерімді білмей бүлдірдім - ау.
Балжан. Жоқ, сен түкті де бүлдірген жоқсың, қайта бүлінгенді бүтіндегелі тұрсың.
Келбет. Қалай?
Балжан. Егер ол бүгін осы үйде қолыма түссе, қалған өмірі менің құлдығымда өтеді.
Келбет. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі құлдануы да қызықты ма? Кешіріңіз, білмеген соң сұрап отырмын.
Балжан. Ерлі-зайыптылар не бірін-бірі сыйлау керек, не бірінен бірі қорқу керек.
Келбет. Бұл философияңыз қыңырлау екен.
Балжан. Біреу келе ме? (Алысқа құлақ тігеді.)
Келбет (өзіне). Өзім құрған тұзаққа өзім түстім - ау, енді қайттым?
Балжан. Әуес келіп қалар, кілтіңді әкел.
Келбет. Тоқтаңызшы, кішкене ойласайықшы. Егерде, қазіргі келетін адам Есіл де, Байсал ағай да емес, басқа біреу болса, ол сізді сезіп қойып ұстап алса, сонда сіздің күйіңіз не болмақ?
Балжан. Мен сенін күйінді ойласам ойлайын, сен менің күйімді ойламай-ақ қой.
Келбет. Сіз - ақ мені қорлай бердіңіз - ау? Неге, неге мен сіздің күйіңізді ойламаймын? Әлде мені бала көресіз бе? Жоқ, әлде мен сіздің бөтеніңізбін бе?
Балжан. Бөтенім көрмегендіктен де мұндай күйімді саған ойлатпаймын.
Келбет. Онда маған неге сенбейсіз? Бүгін осы үйден не көрсем соның бәрін жасырмастан айтып беруге ант етейін, алансыз неге кете бермейсіз?
Балжан. Мен сенің көзіңді ондай жамандықты көруге де қимайтынымды айттым - ау деймін.
Келбет. Есілдің қолында бір хат жүр, сіз өз атыңызға жазылған сол хатты оқыдыңыз ба?
Балжан. Оқыдым, мені мұнда қуып келген сол хат.
Келбет. Оқысаңыз сол хаттың ізіне неге түспедіңіз?
Балжан. Ізге түскені қалай?
Келбет. Егер де сіз, сол хатта айтылған 77-82 номерлі таксидің шоферін тауып алсаңыз іздегеніңізді де, бәрін де табатын едіңіз ғой.
Балжан. Ол ертеңгі күннің жұмысы.
Келбет. Онда бәрін де ертеңге қалдырыңыз. Сіздің орныңызға мен жасырынып, сіздің көреріңізді мен көріп, жасырмастан бәрін де айтып беруге ант етейін.
Балжан. Сенің неден қорқатыныңды білемін. Бұл үйден бүгін не көрсем де көрмегендей, білсем де білмегендей болып сыр берместен кетуге мен де ант етейін, сөзді қой да есікті аш!
Келбет. Егер антты бұзар болсаңыз тағы да ант етейін өмір бойы жесір өтсем де мен сізге келін емеспін.
Балжан. Ондай сұмдық сөзді айтпа, мен жарылып кетсем де сен үшін шыдадым.
Келбет. Онда қасыңызда қалайын.
Балжан. Қорықпай-ақ қой, жай болып түсу менің қолымнан келмейді.
Келбет. Қорықпаймын, тек сіз ренжісеңіз бірге ренжіп, қуансаңыз бірге қуанғым келеді.
Балжан. Қарғашым - ай, қалсаң қалшы, жалғыз-ақ шартым бар. Ақылыңды ашуға жеңгізбейсің, көңіл қалар қылықтар көрсең де өзіңді өзің тұншықтырып үн қатпайсың.
Келбет. Сол шартыңыз екеумізге бірдей болсын.
Балжан. Мақұл.
Келбет. Онда былай (сағатқа қарап). Сіз менің бөлмеме кіріңіз де терезенің тиегін ағытып қойыңыз. Мен сіздің сыртыңыздан бекітейін де кетейін.
Балжан. Қайда?
Келбет. Әуестің көзіне бір көрініп жатақханаға кеткен болып кетемін де, қайта оралып келіп терезеден түсемін. Уақыт жақындап қалды, жүріңіз.
Балжан (кіре бере тоқтап). Тіл алшы, күнім! Не сұмдық, болса да мен - ақ көрейін, сен аман қалшы, келмей-ақ қойшы. (Көрінбей кетеді, Келбет есікті кілттейді де, сыртқы есікке беттейді, сыртта келе жатқан Әуесті көріп тоқтайды, Әуес келеді).
Келбет. Ау, сен қайда барып келдің?
Әуес. Сақалына қоса шашын да жұлайын деп едім, қолыма түспеді, кеңсесінде де жоқ екен.
Келбет. Ол кім еді?
Әуес. Кім екенін кейін көзіне көрсетемін, әзірше жөнел!
Келбет. Ондай сұмырайларды көруден өзім де жеркенем. (Кетеді).
Әуес (тістене сөйлеп). Тұра тұр, қу сасай, баландай Есілді нахақтан нахақ сонша қаралап, өзіңді сүйген мені сонша балағаттағанын үшін сазайынды тартқызармын. (Тістене түсіп.) Асықпа, асықпа! Баспа әрпімен жазған хаты менің қолыма келіп түсерін білмеген сендей кәрі ақымақтың қызғанышын қызыл итке тастармын. Алдыма түсіріп, сілеңді бір қатырайын (Терезеден шығып біреуді көргендей болып.) Келе жатыр, есікті ашып тастайын. (Жүгіріп кетіп қайта келеді де дастарқан жайын дәм әзірлейді. Есіктен бас бағып Байсал көрінеді. Ол сақал, жұрт жапсырып алыпты, есіктің ішінен қарап тұр).
Байсал. Армысың, алыстағы арманым.
Әуес. А, өзі бай, өзі сал, менің ғашығым келіңіз... (Тістеніп.) келіңіз (Байсалдың қолына қарап.) Ә, сол шыбықты мен көре алмай тұрмын - ау? Армысың, деген сөзін алыстан, сонау бір өткен ғасырдан келгеніңізді көрсетті. Жабық есікті тесіп кірген сіз кім едіңіз? (күлкімен сықылықтай сөйлеп Байсалдың сақал-мұртын сыпырып алады).
Байсал. (Әуестің денесіне сұқтана қарап). Шалқасынан жатқан соң маған арнап ашылған есік болар деп кірдім де келдім. Ол үшін кінәлі болсам үкімімді айта отыр мен әзір. Жолыңа шашылған байлығым.
Әуес. Сіз келетін күні есім шығып есікті ашық тастайтын әдетім. Есіміз барда танысып қалайық. (Қолын қысады). Сіз сияқты қасқанын шын ғашығы Әуес дейтінді алдыңызда тұрған.
Бaйсал (оның қолын бір сүйеді де, кеудесіне қысады) Махаббаттың тәңірісі сенің жасырын жарың етіп жаратқан, Лаухул махфуз журналына некесін сенімен бірге Байсал дейтін бейбақ мына біз боламыз деп сүймек болып еңкеңдейді.
Әуес. Қырандар жоқ жерде қарғалардың да өзін шақырған дейтінін білемін.
Байсал. Ғашығым кезде осылай дейсің, қатыным бола қалсаң не дер едің?
Әуес. Тілімен бәрін сүйетін махаббаттың мүгедегі дер едім.
Байсал. Бір өзіңнен басқаларды тілдің ұшымен ғана сүйетінім рас.
Әуес. Онда бір бокал шарапты мені сүйгендей тілдің ұшымен сүйіп тауысасыз. (Бір бокал шарапты құяды да, Байсалдың аузына тосады.) Қуа сүйіп отырасыз, қашан сүйіп тауысқанша тізеңізді бүкпейсіз. (Бір ұрттатады да тартып әкетеді. Әрбір адым аттанған сайын Байсал шарапты ұрттап қалады.) Бір тамшысын тамызсаңыз жаза тартасыз.
Байсал. Жазаның талай түрін тартып едім, дәл мұндай қысасты көрген емеспін.
Әуес. Жаза емес, жүрегіңізді басқалардан тазартқалы жуып тұрмын. (Жетелей береді, Байсал бокалға ерні байланғандай жетеленіп кете береді. Екеуі сол күйі столды бірнеше айналады. Әуестің уақыт ұтқысы келетін ойы бар секілді, Байсалды әлі жетелеп жүр. Байсал қалтасынан бір алтын жүзік алып Әуестің қолына салады).
Байсал. Өзімдей болмаса да көзімдей болып көзіңнің алдында жүрсін, өзіңді сүйген жүректің мына бір өзі алтын, көзі гауһар сыйлығын қабыл ал.
Әуес. Аһ, менің есім әлден кете бастады, әзірше осы да қанағат, енді көп жақындамаңыз.
Байсал. Жоқ, бұл қанағаттың хабаршысы ғана. Мен несиені сүймейтін қазақпын. (Жүгіре басып барып ауызғы үйден екі қорап әкеледі, оның бірінен ақ торғын көйлек, екіншсінен ақ туфли шығады.) Біз секілді ғашықтардың өмірі мұз тауы секілді ғой. Сол мұз тауынан табаның таймасын деген тілекпен әдейі қазық өкшелісін, көңілімізге ешқандай көлеңке түспесін деген тілекпен көйлектің әдейі көлеңкесізін алдым. Қане, аппақ аяғыңды салшы менің ешкімге бүгіліп көрмеген мынау тіземнің үстіне (Ол туфлиді Әуестің аяғына өз қолымен кигізе бастайды).
Әуес (тітіркеніп тұр, бірақ күле сөйлейді). Жалыныңыз неткен күшті еді, жанып кетермін, қолыңызды денеме тигізбеңізші.
Байсал. Әттең отыз жыл ерте туып шал болып қалдым ғой, әйтпесе...
Әуес. Қандай ғана лағынет сізді шал деп жүрген?
Байсал. Өзім?
Әуес. Онда өзіңіз де лағынет екенсіз.
Балжан. Шыққыр көзім - ау нені көрдің? Ағып түсіп жерге батпай неге тұрсың? Қанға батпай неге тұрмын? (Мұнан әрі көрінбейді).
Байсал (Әуестің көйлегіне сұқтана қарап) өзі жібергендей желбіреуін - ай мына сайтанның. Қанаты ма немене өзі?
Әуес. Сол жебірейіл дегендеріңіз сізден артық емес.
Байсал. Ол арасын білмеймін, періштелердің сенен артық емес екені анық. (Есіне әлде не түскендей.) Айтпақшы, мен із тастауды ұмытып кетіппін - ау. (Телефонда екі номерін айналдыра бастайды).
Әуес. Бүкіл елден тапқаным кемпіріне табынған бір мин. менің көрген күнім де күн емес-ау!
Байсал (қалтасынан әлденені іздей бастайды). Керек, сүйіктім, тактика.
Әуес. Өзіңізді қолға түскен ұрыдай қалтыратқаны құрысын. (Жаңағы жүзік салған саусағын қарайды.) Сіздің тәттілігіңіз күзді күнгі қара шыбынның қауқарындай қалдық бірдеңе болып барады. Кең мүшемді тарылтып, жанымды қысып бара жатыр, мына оір сый - сымағыңызды қайтып алыңызшы. (Жүзікті суырып алмаған болып саусағын созғылай береді).
Байсал. Қанағат керек, сүйіктім, қанағат. Қанағатшылдық бәрінен де айырады. (Қалталарын сипалап.) Қайда кетті бұл?
Әуес. Сіз немене, жастық шағыңызды қалтаңыздан алып отырсыз ба?
Байсал. Бәрін де іздеп отырмын. Міне, таптым. (Қалтасынан екі елу сомдықты суырып алып, ұсынады), Мынау жүз сом туған күніңнің шығыны, мынау өзіңе сақтап қой да туған күніңді осымен өткіз.
Әуес. Емін-еркін сүйгіңіз келсе, мені өзіңізбен қарай алып жоғалмайсыз ба?
Байсал. Сен жүрген жердің бәрі маған Мәскеу.
Әуес. Ал, мен үшін бұл қала қазір Бетпақтың шөліндей.
Байсал (манадан қайта-қайта ұмтылып отырған телефонмен енді ғана сөйлесе бастайды.) Бұл кім? Естілді ме? Ой, айналайын, амансыңдар ма? Балжан қайда? Бал тәтеңе сәлем айт... Өзі жаздай көктен тілеп жүріп кілемін Талғардан тауып мен соған кеттім, көп кешікпеспін, кешкі оннан қалмай келермін.
Әуес. Жарты минутта деңіз. (Байсал оны естіместен трубканы орнына қояды).
Байсал. Уһ! Өстіп жүріп біз де өлеміз - ау бір күні.
Әуес (өзіне). Қазір-ақ өлерсің. (Байсалға) Өтіріктен өлген адам өтірік тірілетін де шығар -ау.
Байсал. Ол арасын біле алмадым. Бірақ өтіріксіз өмір жоғын білемін. Солай, Әуесжан, дүние екі айналып келмейді, мұндай кездесуді бізге ешкім бермейді, кел екі кісілік тойымызды бастайық та махаббаттың уына мас болып өзімізді өзіміз ұмытайық. (Әуесті көтеріп алмақ болады. Әуес ыршып түседі).
Әуес. Мен сізге жарты минуттың ішінде кетіңіз деп тұрмын ғой.
Байсал (шошынып). Кетіңіз!
Әуес. Мен сізден сүйерімді сүйіп болдым, енді жоғалыңыз!
Байсал. Күнім - ау...
Әуес. Жалған айтпаңыз, мен сіздің күніңіз болған емеспін, болмаймын да.
Байсал. Бұл қалай?
Әуес. Бәсе бұл қалай? Қалтаңыз қалыңдаған сайын ұжданыңыз жұқара бастапты, неге олай? Бір ғана сіз емес, сіз сияқты тонаушылардың бәрі солай, бұл неліктен?
Байсал. Тонаушылар?!
Әуес. Иә, сіздер тонаушысыздар. Сіздер ең алдымен мемлекетті тонап, қалталарыңызды арам ақшамен қалыңдатып аласыздар да, біреудің бақытын енді біреудің жастық шағын, тағы біреудің махаббатын тонайсыздар. Сол тонаушының бірі - сіз, тоналушының - бірі менмін. Мен енді мұнан әрі тоналғым келмейді, барыңыз!
Байсал. Әуес! Сенің есін сау ма, не деп тұрсың?
Әуес. Сау емеспін! Сіздер менің есімді де тонадыңыздар, жоғалыңыз!
Байсал. Жоқ, сүйіктім! Мен сен үшін басымды түрменің босағасына да байлаған жанмын. Жоғалсам сенімен бірге жоғалып, өлсем сенімен бірге өлемін. (Ұмтыла берген кезде есік қоңырауы естіледі).
Әуес. Өлсеңіз әне, ажалыңыз келді.
Байсал. Ол кім?
Әуес. О, есігіміз ашық, кім болсаң да, таптайтын қасірет, жалмайтын ажал болсаң да келе бер. (Есіктің ашылып, Суанның ызалана қарқылдап келе жатқаны естіледі).
Суан. Қасірет! Ажал! Түкірдім бәріңе де... Ха-ха-ха! (Байсал не істерін білмей үрейленіп әр есікке бір жүгіреді, ақыры жүгіріп барып терезеден бір-ақ секіреді).
Шымылдық.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Үшінші сурет
Байсалдың бірінші суреттегі үйі. Балжан мен Келбет сырттан келе жатыр. Балжан қинала сөйлеп келеді.
Балжан. Кешірімді мына менен сен сұрап едің, енді сенен мен сұрайтын болдым - ау?
Келбет. Неге?
Балжан. Менің аңқаулығымнан, сен аяғыңды баспайтын жерге бетіңді басып алдың ғой.
Келбет. Немен тынарын сезбеген менің аңқаулығым ғой бұл.
Балжан. Сезгенде де сенің істер ылажың не? Бірі атанның орнына ата болатын адам, енді бірі жеңгең. Оларға сен не істей аласың?
Келбет. Қолымнан басқа келмесе де сізге ол хатты жазбау келетін еді ғой.
Балжан Не дейсің? Ол хатты жазған сенбісің?
Келбет. Кешіріңіз, оны жазғандағы үмітім басқа еді.
Балжан. Нендей үміт?
Келбет. Мен сізді Есілден күдіктенбес, таксидың шоферін қару етер де Байсал ағаны қысар, ол қысылса шынын айтар деп едім. Олай болмады, сіз басқа жолмен кеттіңіз.
Балжан. Солай ма? Әй, аңқау басым - ай, тым аңқаусың - ау. Жарайды, болары болды, бояуы сіңді. Енді сен бір тілегімді қабыл ал.
Келбет. Айтыңыз.
Балжан. Осы әңгімені тісіңнен шығарушы болма, мен мұны сенен өте тілеймін.
Келбет. Соны, сізден мен тілегелі отыр едім. Тағы бір тілегім ешқандай ұрыс-керіс шығара көрмеңіз, өз ұлтыңызды сақтаңыз.
Балжан. Мен өз ұятымды сақтай білуші едім, осы санар өзіме - өзім сене алмай отырмын. Егер Байсалдың бұл қылығы бітеу жара болып жүрегіме байланса оны көтеретін күш менде жоқ.
Келбет. Есіл екеуміздің келешегімізді ойласаңыз, қайраттансаңыз бәрін де жеңесіз.
Балжан. Өзім жаққан отты өзім сөндірейін, сөндіре алмасам өзім өртенейін, сол отқа сен жақындамашы, күнім. Бар да экзаменыңа дайындалшы.
Келбет. Есіл екеуміз қазір біздің үйге барып Әуестің туған күнін тойламақпыз.
Балжан. Бүгін бе?
Келбет. Бүгін болғанда қазір.
Балжан. Онда сендер тезірек барыңдар да дуылдата беріңдер. Байсал келісімен оны қолтығыма қысып алып мен де барайын.
Келбет. Сіз бе? Не үшін?
Балжан. Қорықпа, Байсал мен Әуестің бетіне түк айтпастан, түк сездірместен бір қарағым келеді.
Келбет. Тіптен түк айтпастан ба?
Балжан. Түк сезбеген болсам, нені айтайын.
Келбет. Онда келсеңіз келіңіз. (Балжанды бір сүйеді де кетеді.)
(Балжан шығарып салып қайта келеді. Ерсілі-қарсылы сенделіп жүр.) Не істесем екен?... Не істеуді сұрап алатын мұндайды көрген кім бар? (Ойланып.) Бұлардың өздерінен басқаға сездірмей шыбын жанын сонау жүзіктің көзінен қалай өткізсем екен? Байсалдың осы батпағына алғаш батқанда мен қыршын едім, кешіре - кешіре кемпір болдым. Енді қартайғанда оның шыжығы бола алмаспын. (Телефон сылдырлайды.) Иә! Есілжан - ау, қайда жүрсің? Байсал ма телефон соққан? Не деп? Қашан! Жібек кілем әкелетін Байсал жездең бе? Оның не әкелгенін ертең көрерміз, Келбет жаңа ғана осы үйден шықты. Осы жаңа ғана... Әуестің туған күнін тойлауға кетті. (Телефонды орнына қояды, есік қоңырауы естіледі. Балжан есік ашуға кетеді де аздан соң қайта келеді. Үһілеп, аһлап Байсал келе жатыр).
Байсал (деміге сөйлеп). Балым - ай, асылым - ай, шыбын жаным жетті ме саған, жетпеді ме? Көрдім бе сені, көрмедім бе? (Киімдерін лақтырып тастап.) Өзімнің алтын ұяма, өзімнің жаныма аман-есен жеттім бе, жетпедім бе? Енді қазір өліп кетсем де арманым жоқ. Үһ, әкел жасыл жастықтардың біреуін. (Диванға құлай кетеді)
Балжан (жастық әкеліп Байсалдың басына салады). Менің түсіме қарағанда сен олжалы келетін секілді едің, өзің тоналып келгеннен саусың ба?
Байсал. Иә, тоналдым. Олжалы емес, өзім біреулердің олжасы болып таланып, тоналып келдім.
Балжан. Апыр-ай, ә? Қандай ғана қарақшы еді, тал - түсте сені тонаған? Бетің қызыл ала, қандай ғана қаншық еді сені мұнша тонаған. (Үңіле қарап ) Денең бүтін, киімің түгел секілді. Неменең еді, талауға түсіп, тонауда кеткен?
Байсал. Сыйлыққа алған үш жүз сом түгел кетті. Ақшаның өзі кетсе ештеңе емес-ау, сол ақшаға алынған сенің екі жібек кілемің бірдей кетті. (Қалтасын қағып.) Міне, партбилетімнен басқа түк қалдырған жоқ.
Балжан. Ұры болса да партияны сыйлайтын ұры екен.
Байсал. Тағы да білгішси бастадың ба? Оны қайдан біле қалдың?
Балжан. Ол партияны сыйламаса билетті тартып алып, дал-дал етер еді ғой. Қарсыласар қайраттың сенде жоғын білемін.
Байсал. Сен менің қабырғаларымның не үшін қақсап жатқанын білсең мұндай сөзді айтпас едің-ау?
Балжан. Өліп жүрген сұғанақ қаттырақ қысып жіберген ғой.
Байсал. Қысқан жоқ, теуіп жіберді.
Балжан. Алда салдақы - ай!
Байсал. Салдақың не айтып отырған. Мені тепкілеген, ұрының еркегі.
Балжан. Салдақының бәрі ұры да, ұрының бәрі салдақы емес пе?
Байсал. Үһ! жаным-ай, жүрегім аузыма тығылып барады, кеудеме зақым болды ма екен?
Балжан. Жүрегіңнің әдеті еді ғой, кеудеңді сайтан кеулеген кезде қаша жөнелгісі келетін. Сол ауруың болар тағы да ұстаған?
Байсал. Қасқырдың аузы жесе де қан, жемесе де қанның кері, сенің айтып отырғаның.
Балжан. Қасқыр қанша асырасақ та қасқыр күйінде қалады екен, менің көзім бүгін соған жетті.
Байсал. Бүгін не көрген едің?
Балжан. Мен бүгін түс көрдім, түсімде сенің біресе ала қарғаға, біресе көк бас қара шыбынға айналғаныңды көрдім.
Байсал. Отыз жыл бойы тежеусіз кеткен тілді енді байлай алмаспын, онан да дем алайын. (Теріс аунап түседі).
Балжан (өзіне қарай аударып). Мына сөзің тоналған емес, қолдан беріп келген кісінің сөзі ғой, бері қарашы!
Байсал. Балжан! Сен жындана бастапсың, дәрігер шақыртсам қайтеді?
Балжан. Мүмкін жындыханаға кеткенімді тілерсің?
Байсал. Міне, осы сөзіңнің өзі сау кісінің сөзі емес.
Балжан. Саудың сөзін сен айта қойшы, тоналғаныңды қай милицияға білдірдің?
Байсал. Ешқандай.
Балжан. Неге?
Байсал. Қаланың ішінде емес, сыртында, осыдан жеті километрдей жерде, ай далада қалған ұрыны милиция қайдан табады?
Балжан. Мен тапқызамын. Тек қалай тоналғаныңды айтып бер.
Байсал. Ертең айтармын, қазір тыныштық берші.
Балжан. Жоқ ұрының ізі суымай басамыз, қазір айт!
Байсал. Басым әлі зеңіп жатыр. Қай жерінен бастасам екен?
Балжан. Қалай барып, қалай тоналғаныңды ғана айт.
Байсал. Қызметтің аяқ шенінде қалтама үш жүз жеті сом жетпіс тиынды салып алып, Талғарға баратын автобусқа тап болып, тартып отырдым.
Балжан. Өзіңнің машинаң қайда?
Байсал. Шоферға сенбедім.
Балжан. Онда таксимен неге бармадың?
Байсал. Сондай көп ақшамен таксиге мінетін ақымақ емеспін. Оның бәрі күні бұрын есептелген, сөзімді бөлмей тыңдай бер.
Балжан. Тыңдап отырмын, айта бер.
Байсал. Ұмытып қалсам, нені айтамын?
Балжан. Шын сөз ұмытылмайды.
Байсал. Қай жерге келгенімді айтып жіберші.
Балжан. Ақ таңдақ қызыл түлкіге мініп алып, Талғарға қарай кетіп барасың.
Байсал. Ақтаңдақ қызыл түлкі деген не?
Балжан. Әркімдер бір мінетін машинаны жұрт солай атайды, айта бер. Сонымен Талғарға барып түстің де, ондағы достарың арқылы екі жібек кілемді сатып алып қайта қайттың. Солай ма?
Байсал. Керемет - ау, сенің көріпкелің бар ма, оның бәрін қайдан біліп отырсың?
Балжан. Өтірігі жоқ қой?
Байсал. Барып келген өзімнен де дәл айтып отырсың.
Балжан. Иә, сонымен.
Байсал. Сонымен кілемдерді шабаданға сықап алып, аялдамаға қарай ұшып келе жатыр едім, қасыма келіп бір таксидің тұра қалғаны. Ойымда ештеңе жоқ, отырдым да кете бардым. Мен шофердың қасындамын, қақ желкемнен қадалып шәлі оранған бір әйел отыр.
Балжан. Шілдеде де кездескенің шәлі жамылған әйел болса кездеспейтінің жоқ шығар.
Байсал. Ол қатын емес, нағыз қасқыр екен. Дәл Калинин колхозына жете бергенде шофер жалт бұрылып тауға қарай жөнеліп еді, әлгі әйелдің шәлісін басыма жауып жіберіп мені бас салғаны. Не болғанымды білгенім жоқ, ес кетті, тек шықпаған жан бар. Екеуі екі жақтан жұмарлап, қалтамды қақты да өзімді лақтырып тастап кете барды: Сонан жаяулатып жеткенім осы.
Балжан. Өзің аман келсең дүние түгел, ақша үшін бірінен бірдей жұрдай болмай көтер басыңды.
Байсал (Балжанды құшақтап алып). Ақылдым менің, Балжаным менің.
Балжан. Сөзді қой да сүйіншімді әкел.
Байсал. Мен сенің жүрегіңді тыңдап жатырмын. Айта бер де, ала бер.
Балжан. Манағы хаттың анығына жеттім.
Байсал (үрейлі). Не!
Балжан. Ол Есіл мен Әуеске жабылған жала екен.
Байсал (қуанып басын көтеріп алады). Міне, айтқаным келді ме, келмеді ме, тілге ергіш сен ғой сондай өсекке сене кететін.
Балжан. Оның рас, мен сенгішпін де сөнгішпін.
Байсал. Сен мұның анығына қалай жеттің?
Балжан. Келбет жеткізді. Ол Есілдің Әуестен аман екеніне көзімді әбден жеткізді де, сен екеумізді жеңгесінің туған күніне шақырып кетті. Есіл бәрі қазір сол үйде. Бізді күтіп отыр тез жуын да киін.
Байсал. Көрмегенім оның жеңгесі болсын. (Сылқ етіп қайтадан жастыққа құлай кетеді.)
Балжан. Неге?
Байсал. Неге екенін білмеймін, бойдақ әйелдерді көрсем жүрегім ауыратын болып тұр.
Балжан. Ештеңе етпес, Келбеттің көңілі үшін соңғы рет ауыра сал.
Байсал. Ауырмаймын да, бармаймын, Келбетке мені әлі келген жоқ дей сал.
Балжан. Сонда мен жапа-жалғыз қалай бармақпын?
Байсал. Қасқыр жемес, жұрттың әйелі түн ортасында да жорта береді ғой.
Балжан. Ондай әйелдерді сен қайдан білесің? Жүр, көрсетші маған сол әйелдерді. (Қолынан тартады.)
Байсал. Сенде жүрек бар ма, жоқ па, осындай халде жатқан байыңды неге аямайсың?
Балжан. Аяғандықтан сені сол үйге алып бармақшы едім, енді өз обалың өзіңе. Мен барамын да сайран саламын. Ол үшін өзім де ішемін, Әуеске де ішкіземін. Мас болып масайрап сырласам да оның бар көңілдестерін шығартамын. Қош бол!
Байсал. Ей, мына бір масайрап деген сөзің жаныма жағып барады, барсам барайын, тоқташы.
Балжан. Тез киін, алдымен жақсылап жуын. (Байсал ішкі бөлмеге кетеді. Балжан көрші бөлмеден ескі сыпырғыштың тұқылын әкеліп, шыныда тұрған гүлмен екеуін екі газетке орайды. Көк шашын көкке тарап Байсал келе жатыр. Балжан сыпырғышты оған ұстатып, гүлді өзі алады да, қолтығын төсеп.) Ұста қолтығымнан! (Байсал мең-зең. Ол қолындағы сыпырғышқа қарамастан, Балжанды қолтықтап кете береді.)
Шымылдық.
Төртінші сурет
Әуестің үйі.
Әуес пен Суан ортадағы столдың екі жағында отыр. Екеуі де келешектері кесілгенін енді ғана сезгендей, өмір тұйығына тірелгендей күйде үнсіз телміруде. Әсіресе, Суанның сұрқы жоқ. Ол бір жартылықты құшақтап бір нысанадан көз алмай, мұңлы отыр. Әуес арақты оның қолынан алғысы келеді, Суан оны сезбей де сыр бермей, сөздің әуенімен отырса да, арақты оның қолына түсірмейді.
Әуес. Байғұс әке-шеше, сен екеуміздің мұндай боларымызды білмеді - ау, ә?
Суан. Білгенде қайтер еді?
Әуес. Жалғандығымызға қарамас еді.
Суан. Онда не істер еді?
Әуес. Еркелетпес еді, ұрып - ұрып оқытар еді, оқып алсақ мұндай қор болмас едік.
Суан. Лағынеттер - ай десеңші! (Бір рюмка арақты қағып салады.)
Әуес. Лағынетің кім?
Суан. Сол әкеміз бен шешеміз.
Әуес. Жүгірмек - ау, не деп отырсың? Өзіңе айтылар лағынетті оларға не үшін айтпақсың?
Суан. Сені еркелеткені үшін. Еркеліктің ақыры емделмейтін кесел екенін білмегендері үшін. Енді түсінікті ме?
Әуес (есікті нұсқап). Жаның барыңда шық үйден.
Суан. Бұл үйге иелік ететін сен кім едің?
Әуес. Немене, сен менің осы үйдің келіні екенімді ұмыттың ба, есуас?
Суан. Бір кезде келіні едің, енді неменесің?
Әуес. Сеніңше, енді неменемін?
Суан. Сен қазір бұлардың қасіреті, кетпейтін кеселі, емделмейтін дертісің.
Әуес. Тоқтат! Құдай үшін тоқтат. Ақысына тағы жартылық тауып берейін, тезірек жоғал.
Суан. Е, онан да солай жөніңе көш, «құдай үшін» дегенше «арақ үшін» де.
Әуес (жартылықты қолына ұстатып). Мә, баршы. Мына жастан да, ағайдың төсегіне жатып дем алшы.
Суан. Мен әлі тірімін.
Әуес. Өлісің деген кім бар - ей саған?
Суан. Ақшасыз, тек өліктер ғана дем алады, егер мені біреудің қалтасына түсіп қолында өлсін демесең (Бөтелкесін көрсетіп) мынаның іші екі есе толғандай ақша бер.
Әуес. Ұятсыз - ау, атасының пенсиясына масыл блып отырған менен ақша сұрауға ұялсаңшы.
Суан. Мен қасқаның пенсия алатын да ешкімі жоқ. Жанымнан кейінгі бар жақыным сенен сұрамағанда кімнен сұраймын. (Тағы бірді қағып салады.) Ех, ақша, ақша! Сен бір жапырақ қағазсың! Бірақ, адамның алтын насын табаныңа салатын жауызсың - ау, жауызсың!
Әуес. Апыр – ай! Суан - ай! Біз қайда кетіп барамыз осы?
Суан. Кеш қалдың, бауырым. Біздер барлық жолдан адасып, өмірдің батпағына батқандармыз. (Есік қоңырауы естіледі).
Әуес. Мезгілсіз бұл кім? Сен анда бара тұршы.
Суан. Ойы бұзық біреу болса маған дыбыс бер. (Ішкі бөлмеге кетеді).
Әуес (қуанып). Мүмкін солар. (Жүгіре басып кетеді. Аздан соң көңілді дауысы естіледі. Келбет пен Есілді ертіп қайта келе жатыр. Есілдің қолында құндақтаулы машина бар. Әуес сөйлей келеді). Көкебайларым - ау, жайшылық па?
Есіл. Ертеңгі күн емтихан беретін күніміз еді, сол себепті сіздің туған күніңізді бүгін тойлағалы келдік.
Әуес. Мен көрмеген мазақ аз еді, енді сендер мазақтай түсіңдер.
Есіл. Біздер мазақтың өзін мазақ еткелі келдік. Алдымен мына бір сый - сымағымызды қабыл алыңыз.
Әуес. Бұл не?
Есіл (аша бастайды). Бұл өзіңіздің ең тұңғыш сүйген өнеріңіз. Келбет екеуміздің сізге тартқан сыйымыз.
Келбет. Шофер іздемейтін.
Есіл. Бензин тілемейтін.
Келбет. Өзі ен алысқа кететін машина болғандықтан осыны алдық.
Есіл. Өмірлік өнеріңіз болсын деген тілекпен әкелдік.
Келбет. Ендігі ғашығың еңбек болсын деген тілек тағы бар.
Әуес (көзін машинкадан алмай, біресе Келбетке, біресе Есілге ұмтылып не дерін білмей жасқа булығып, машинканы құшақтай алады да, қайтадан ыршып түседі). Тоқтаңдар!.. Бұл кімнің ақшасымен келген дүние?
Есіл. Қорықпаңыз, біздің ақшамыз адал.
Келбет. Есіл сағатын сатты, мен стипендиямды қостым, соны кредитке салдық та осыны алдық.
Әуес (бар даусымен). Не-ме-не? Менің тоналғаным аз ба еді? Енді сендер тоналмақсыңдар ма? Адыра қалсын бәрі де, жоғалт! Жоғалт! (Машинканы лақтыра берген кезде, Есіл ұстай алады).
Есіл. Сабыр етіңіз! Сіз өзіңіздің ең соңғы үмітіңізді лақтырғалы тұрсыз.
Әуес (қиқарланып). Үміт деген немене?
Есіл. Үміт - адамның ең соңғы бақыты. Біздер сізге жүз елу сомның дүниесін емес, жүрегіміздің достығына орап, өзіңіздің сол соңғы үмітіңізді ғана әкелдік.
Әуес. Бауырым-ай, сен не дедің? (Отыра кетеді).
Есіл. Мен сізге өз ұжданыңыздың айтарын ғана айтып тұрмын.
Әуес (қайта ұшып түрегеледі). Онда сол ұжданның айғақ үкімі де айтылсын, жоғалтыңдар мына адыраны жоғалтыңдар. Қазір жоғалт! Жоғалт! (Манағы Байсал) келген заттарды лақтыра бастайды. Милицияның қалпағын киген Суанға келеді).
Суан (бутылканы кезеп). Қолдарыңды көтеріңдер! Келбет пен Есіл күлімсіреп қолдарын көтереді. Суан лақтырылған заттарды жинап, қораптың біріне сала бастайды) Әуес ханым, жұмысшылардың еңбегімен жасалған дүниені шашқаныңыз үшін сізге бір жартылық айып.
Есіл. Милиционер бола тұра араққа сатылғаның үшін сол айыпты өзіңе де салғайсың.
Суан. Қайын атаңның қалпағын танымағаның үшін (Бутылканы төсеп). Мынаның ішін ақшаға толтырасың. (Есік қоңырауы естіледі).
Әуес. Тағы қандай қасірет келе жатқан! (Жүгіре басып кетеді де, үрейлене шегініп қайта келеді. Қолын серпи). Анда, анда бара тұрыңдаршы!
Келбет. Бері жүріңдер! (Суанның құлағына сыбырлайды, құданың китілін ала жүр. Есіл мен Суанды қолтықтап өз бөлмесіне кете береді. Әуес сыртқа кетеді. Аздан соң Байсал мен Балжанды ертіп қайта келеді).
Балжан. Туған күніңіз құтты болсын, құдаша. Кешірек естіп сый ала алмай өзімізді ғана әкелдік. (Гүлді ұсынады).
Әуес. Рақмет, Бал тәте!
Байсал. Иә, құтты болсын, құдаша (ол сыпырғышты ұсынады).
Әуес. Бұл нендей мазағың тағы да?
Байсал (сыпырғышты енді ғана аңғарып). Ей, мынау қайдан жүр - ей?
Балжан. Тағы да дейсің, құдаша, немене ол сені бұрын да мазақ еткен бе еді? (Есік қоңырауы естіледі).
Әуес (есікке беттеді). Бұл құрметті ағалар қалталарының арқасында кімдерді мазақ етпей жүр дейсіз. (Кетеді.)
Байсал. Балым - ау, әлгі біздің жастар қайда?
Балжан. Осы келе жатқан солар болар. (Әдемі қара мұрты бар милиция кіріп келеді, бұл -Суан. Ілесе кірген Әуес те үрейлі).
Суан. Кеш жарық, құрметті ағалар мен жеңгейлер! (Байсалда үрей жоқ).
Балжан. Хош келдіңіз.
Әуес (Суанға). Төрлетіңіз, отырыңыз.
Байсал. Иә, төрлетіңіз, мұнда отырыңыз.
Суан (отыра бастайды). Қадірменді жеңгей, өтірік айтсаңыз қылмыс заңының тиісті тармағына ілінесіз. (Жазуға әзірленеді.) Ұрлатқан заттарыңыздың не екенін, түсі - түгі қандай екенін, қай кезде қалай ұрланғанын, һәм кімдердің қалай ұрлағанын айтыңыз.
Балжан. Мен... мен ештеңе ұрлатқаным жоқ.
Суан. Сіз өзіңізді түрмеге қарай жетелейтін ондай ымырашылдықты, һәм ондай өтірікті тоқтатыңыз да, менің әділ сұрағыма адал жауап беріңіз. Егер де, мұндай қылмысты бүркер болсаңыз қылмыс заңының жеті жүз жетпіс, тоғыз жүз тоқсаныншы статьяларының тоғызыншы, он бірінші тармақтары бойынша қолма-қол тұтқындаласыз.
Балжан. Жарайды, мен айта берейін. Сіз жаза беріңіз.
Суан. Маған әмір етпей өз сөзіңізді айтуды ғана білгейсіз.
Балжан. Кешіріңіз.
Суан. Кәні, біріншісі не?
Балжан. Біріншісі өзі алтын, көзі гауһар жүзікті (Байсал мен Әуес екі шетте отыр. Екеуі біріне-бірі кектене қадалысады).
Суан (жаза отырып сөйлейді). Өзі алтын, көзі гayhap жүзік.
Балжан. Сыртында төрт бұрышты кішкентай қорабы бар.
Байсал (тістене күбірлейді). О, қу сайқал! Телефон арқылы бәрін де жеткізген екен ғой. Құрыдым - ау, құрыдым - ау?
Суан (жазып). Сыртында төрт бұрышты қорабы бар.
Балжан. Екіншісі ақ торғын көйлек.
Суан. Торғын деген сөзге түсінбедім.
Балжан. Капрон деп жазсаңыз да болар. Оның да қорабы бар.
Суан. Екіншісі капрон көйлек, оның да қорабы...
Байсал (тізесін ұрғылап), Ішпей-жемей өлдім - ау, өлдім - ау?
Балжан. Үшіншісі мұз тауынан да таймайтын қазық өкшелі ақ туфли.
Суан (жаза отырып сөйлейді). Үшіншісі мұз тауынан да таймайтын қазық өкшелі ақ туфли.
Балжан. Ол да қорабқа салынған.
Суан (жазады). Ол да қорапқа салынған.
Әуес (тістене өзіне күбірлеп). Ым... м... азбаным. Сен осындай азғын ба едің? Сен өз дүниеңді өзін ұрлап әкеліп, жаласына мені қалдырмақ па едің? Тұра тұр, бетіңнің терісін сыпырып алып отқа жағармын. (Қораптағы туфлиді аяғына қайта киіп, жүзікті қолына қайта салып, көйлекті иығына салып көлеңдетеді).
Суан (жаза отырып сөйлейді). Азаматша Әуес Тойшыбекова. Сіз қайда оқисыз?
Әуес. Ешқайда.
Суан. Қайда істейсіз?
Әуес. Ешқайда.
Суан. Енді қалай күн көресіз?
Әуес. Қызметке түскелі жүрмін.
Суан. Қайда?
Әуес. Мына Байсал ағайдың қарауында.
Суан. Мен сіздің тарихыңызды жақсы білем. Қайын атаңыз пенсионер, өзіңіз қызмет істемейсіз, ол аз болғандай маскүнем ініңіз Қарағандыдан қаңғырып осында келіпті. Сонда мынау алтын жүзікті, үстіңіздегі ақ торғын көйлекті, аяғыңыздағы қазық өкшелі туфлиді қайдан, қалай, қандай еңбегіңізбен киіп жүрсіз?
Әуес. Немене, елдің киген киімін тексеруге шыққан ба едіңіз?
Суан. Жоқ, сіз сияқты саудагерлерді іздеп шыққан едім.
Әуес. Сізше мен саудагермін бе?
Суан. Сонда да күдігім бар. Әзірше сіз ұры есебінде жауап бересіз. Не жаңағы айтылған үш затты қашан, қай магазиннен, қандай ақшаға алғаныңызды дәлелдеңіз. Дәлелдей алмасаңыз, иесіне қайтарыңыз.
Әуес (бетін шымшып). Міне бұларды алған ақшам, міне. Мұны ұрлап әкеп сатқан (Байсалды нұсқап) міне, алдыңда отыр.
Суан (Байсалға). Иә, сіз не дейсіз?
Байсал. Жалақорлар үшін де жазылған жаза барын ескергейсіз.
Әуес. Сіз тым бетсіз екенсіз.
Балжан. Ондай бет өзіңізде бар ма екен, сіз соны білдіңіз бе?
Әуес. А, сіз қай бетіңізбен, не үшін келіп отырсыз? Қартаймастан, мүгедек болмастан байыңызға ие бола алмаған өзіңізге лағынет айту үшін бе? Иә, айтыңыз, өзіңізге қоса байыңызға да, оған қоса маған да айтыңыз. Ең соңынан мына милиционер жолдасқа да айтыңыз.
Суан (жаза отырып сөйлейді). Oho, бізге не үшін?
Әуес (қолындағы жүзікті, алдыңдағы туфлиді шешіп көйлекпен бірге милиционердің алдына қояды). Сіздің іздегеніңіз осы қоқсықтар ғой. Жеңгейдің ұрлатқаны шалы ғой, оны неге іздемейсіз?
Суан. Нені дейсіз?
Әуес. Тоналған намыс, ұрланған махаббат қайда? Оларды ұрлаушыны жазалайтын заң қайда? Немене, адамның ар-намысы аяқ киімнен арзан болып па?
Суан (Байсалға). Сіз не дейсіз?
Байсал. Не дейін? Сайқалдың жаласы екенін өзіңіз де сезіп тұрсыз ғой.
Әуес. Сайқал! Мынау болар сіздің адамшылығыңыз. (Туфлиінің бірін ала сала Байсалға жібереді, кенет жарық өшеді.)
Балжан (қараңғыда тістене күбірлеген дауысы ғана естіледі). Қолға түстіңдер ме, шайтандар. (Күлкі естіледі. Жарық бұлардан аулақта тұрған Есіл мен Келбеттің бетіне түседі. Екеуінің де көзі күлкі шыққан жақта).
Есіл. Күліңіздер, күліңіздер! Сіздермен бірге біз де күлеміз. Бірақ...
Келбет. Кімге күлеміз?
Есіл. Ол үшін айналаға үңіле қараңыздар!
Келбет. Ойлана қараңыздар!
Есіл. Сонда қаттырақ күлесіздер!
Шымылдық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі