Өлең, жыр, ақындар

Кім менің әкем?

Төрт перделі драма

ҚАТЫНАСУШЬІЛАР:

Дулатова Ольга Владимировна — тың жердей совхоздың директоры.
Дулатов Думан — Ольганың бұрынғы күйеуі, агроном, колхоз председателінің орынбасары.
Лағыл — Думанның қазіргі әйелі, МТС - тің агрономы.
Виноградов Василий Антонович — Ольганың қазіргі күйеуі.
Арман — Ольганың Думаннан қалған баласы.
Сабыр Мұқатов — колхоз партия ұйымының секретары.
Көсеубаев Ошаған — колхоз председателі.
Жарқын — Думанның шешесі.
Демаков Аркадий Аркадьевич — ауатком председателінің орынбасары.

Оқиға 1954 жылы болады.

БІРІНШІ ПЕРДЕ

Бірінші сурет

Алмасы мен шиесі мәуелеп тұрған кең аула. Ауланың екі жағында - екі үй. Бірі -Думандікі, екіншісі - Ошағандікі. Перде ашылғанда сахнада ешкім жоқ. Сәлден кейін қолында жеміс толы корзинкасы бар Жарқын келеді. Ол верандаға шыға бере алма ағаштарының арасында жүрген Думанның дыбысын естіп тоқтай қалады.

Музыкада «Жас қазақ» әні.

Жарқын. Лағылжан! Ау, Лағылжан! Саған арнап өрік пен мейізді үйіп келдім, аптаритетің соға ма, күнім? Келші бері!

Думан (ағаш арасынан көріне бере, әзілмен). Апа! Оған жағымпазданбай-ақ қойыңыз, өрік пен мейізге менің де аптаритетім жаман емес.

Жарқын. Құлыным - ау! Жағымпаз дерліктей, не жазып ем саған? (Отыра кетеді.)

Думан. Жағымпаздық - алысқа ұшар қанат, биікке шығар басқыш дейтініңіз қайда? Енді оған несіне шошына қалдыңыз?

Жарқын. Мен олай десем, сен: жағымпаздық - құлатпай қоймайтын апат дейтінің қайда? Енді оны маған несіне айтып тұрсың, апат болсын дейсің бе мені?

Думан (шешесін бір қолымен құшақтай отырып). Жоқ, апалон! Жаңағы бір жан самалы үніңізден әр кезде есетін болсын, «кет!», «жоғал!» деген сияқты аяздай аулақ болыңыз дегенім ғой жәй.

Жарқын. Менің сол ащы сөзімнің өзі басқаның барлық сөзінен тәтті екенін Лағыл екеуің бір сезбей-ақ қойдыңдар - ау. (Кетуге ыңғайланып.) Сені Ошағанның орнына бастық болады деп жүргендердің бәрі де бар ғой, құдай біледі, маскүнем.

Думан. Маскүнемдер мен өсекшілер айтатын ондай лақапқа сенуді де тастаңыз.

Жарқын. Әй білмеймін - ау, Ошағанның кепкесіне қарағанда, лақап емес секілді.

Думан (күлімсіреп). Оның кепкесінде не керемет бар еді?

Жарқын. Мен оның кейпін кепкесінен танимын. Шалқасынан кисе - көңілді, көзіне кисе -күйінішті. Неге екені белгісіз, сен Москваға кеткелі оның кепкесі мүлдем итиіп кетті. Жұрт соған қарап айта ма, қалай, әйтеуір сені Ошағанның орнына бастық болады деп, дүңкілдесін жүр. Бірақ олар дүңкілдей берсін, сен барлық дерттен сақтанбасаң да, Ошағаннан сақтан, балам.

Думан (күлімсіреп). Көршіңізді тәуір - ақ құрметтедіңіз - ау.

Жарқын. Ол кеткелі мыстан ауданға барып: Дулатовтың тың көтереміз деп жүрген Жалаңаштың жайлауы егіннің емес малдың ғана жері. Ол өзінің мансабы үшін колхоздың келешегін ойламай бар малды бірақ жылда құртқалы отыр депті.

Думан (шешесінің арқасынан қағып). Көп күркіреген күннің жауыны, апа, қорықпаңыз.

Жарқын. Дегенмен сақтан. Ол тың көтеруге жарамайды деп колхоздың жерін өтірік жамандағаны үшін апартон аталып райкомнен сөгіс алыпты. Сонсоң ғой жұрттың ендігі бастық сен деп гуілдесіп жүргені.

Думан. Е, сіз Лағылға сол үшін жағымпазданып жүр ме едіңіз?

Жарқын. Бастықтардың әйеліне де жағынатын емеспін мен, білдің бе? Сенің бастықтығың мен үшін екі-ақ тиын, ал Лағылымнан аяйтыным жоқ.

Думан. Ол кім еді сонша?

Жарқын (сыбырлаңқырап). Айтпаса да, сезіп жүрмін, ол мына жемістерге жерік. (Думанның басынан сипап.) Енді бір жеті-сегіз айдан кейін менің де немерем болады, «әлди-әлди ақ бөпем» ә-ә-ә деп отырғанымды көресің әлі, тойға әзірлене бер. (Корзинкасын көтеріп үйге кетеді. Думан жалғыз, ауыр ойда отырып қалады.)

Думан. Жоқ, апажан! Сенің ешуақытта немерең болмайды. Сен екеуміз әр нәрестеге бір телміре қарап, ауыр күрсінумен өтеміз өмірден. (Бір қоңыр әнді ақырын айта бастайды. Аздан соң Жарқын қайта шығады).

Жарқын. Лағыл қайда кеткен?

Думан (өзіне). От басының ойраны әлден басталды.

Жарқын (ашумен). Ей , неге үндемейсің? Лағыл қайда деймін?

Думан. А, ол дәрігерге бармақшы еді, сонда кеткен болар. Апа, маған шай беріңізші, кеңсе жаққа барайын.

Жарқын. Дәрігерде оның несі бар?

Думан. Жәй әшейін, екі-үш күндік сырқаты бар секілді.

Жарқын. Білем екі-үш күндік сырқатының не екенін. Бала көтергісі келмейтін әйелдердің қолдан жасап алатын ауруы болар, солай ма?

Думан. Түк те олай емес.

Жарқын. Түк те олай болмаса, неше күндік сырқат екенін сен қайдан білесің? Жоспармен істелетін колхоздың жұмысы ғой дейсің бе?

Думан. Өтірік айтсам, үш күннен кейін көрерсіз.

Жарқын. Жасырма, бала жайы сөз бола қалса, жүрегінің анда-санда бүлк еткенін сылтау етіп: «Маған бала көтеруге болмайды, жүрегім нашар» - деп балтайтын. Егер осыдан сондай бір сұмдықты істеді бар ғой, қашан айттың деме, мен оны үйден қуамын.

Думан. Егер бала көтеру өміріне қауіпті болса қайтесіз? Сонда да қуасыз ба?

Жарқын. Түк те етпейді, менің де жүрегім жақсы емес, сонда да сені өлмей-ақ тапқанмын. Сөзді қой да бар, менен безіп кеткің келмесе, Лағылды тез алып кел!

Думан. Жоқ, апа! Сізден де безбеймін, оны да келтірмеймін.

Жарқын (өршеленіп). Келтіресің, келтіртемін мен.

Думан (құшақтап). Отырыңызшы, ақылдасайық.

Жарқын. Бар, бар! Ақылыңды ана өз баласын өзі өлтіргелі жатқан әйеліне барып айт, менің өз ақылым қалған өміріме жетеді.

Думан. Апа! Басқаны ұмытсаңыз да, сонау бір қасіреті мол қолдарды қалай ұмыттыңыз? Мен төрт жыл бойы өлім құшағында жатсам, сіз хабар ала алмай мені өлді деп, төрт жыл бойы қан жұтқан жоқ па едіңіз? Соны қалай ұмыттыңыз? Егер оны ұмытпасаңыз, неге өзіңіздің Думаныңыздай адамды өлімге қиясыз.

Жарқын. Ондай құбыжық сөздермен мені қорқытпай-ақ қой, білдің бе? Қара қағазбен бірге, командиріңнің көңіл айтқан хаты келгенде де, мен сенің тірі екеніңді сезгенмін, сездірген жүрегім. (Қатуланып.) Сөзді қойып, барамысың, жоқ әлде, өзім барып, дәрігерлермен жанжалдасайын ба?

Думан. Бұл сізге лайық емес, апа! Ол бүгін үйге қайтып келсе, енді бірнеше айдан кейін көрге кетеді. Сол көрге екеумізді бірдей көмгіңіз келмесе, жанжалды қойыңыз.

Жарқын. Ойлан, балам! Ойлан! «Балалы үй - базар, баласыз үй - қу мазар». Жасың болса келіп қалды. Ертеңгі күні үйің мазардай азынап, өзің аруақтай зарларсың, ойлан әлі де.

Думан. Апа! Мен үшін Лағылмен өткізген өмірдің бәрі де базар, соны ескеріңіз де, қапа болмаңыз. (Үйге беттейді.)

Жарқын. Ей, сонда сен ұрпақсыз өтпексің бе ей? Сен өтсең де мен ұрпақсыз өте алмаймын, өзі өлсе де, баласын өлтірмесін, сөзді қой да бар жылдам.

Думан. Апа! Мұндай сөзді қайтып маған естіртпеңіз. (Үйге кіріп кетеді. Жаны қатты түршіккен Жарқын жағасын ұстап, басқыштан сөйлей түседі.)

Жарқын. О, алжасқан басым! Алжасқан басым! Мен не істегенмін? Жұртым-ау, мен өз кеудеме өзім у құйып, өз ұрпағымды өзім құртыппын ғой, енді қайттым? Айтсаңызшы, енді қайттым? (Ойланып.) Әлде сол орыс әйелінен туған баласы барын, өзі хабарсыз кезінде ол әйелінен хат келгенін, Ошағанның менің атымнан қарғыс айтып, оған хат жазғанын айтсам ба екен? (Шошынып.) Астапралла! Мен не деп тұрмын? Басыңа пәле тілемей, жап аузыңды, Жарқын, жап! (Аузын алақанымен қайта-қайта қағып, үйіне кете береді.) Жап! Жап! (Кетеді.)

Аздан соң Лағыл келе жатады. Ой толқынына тербеліп, аяғын зорға басып келеді.

Лағыл. Арман! Арман! Жастайынан арман етіп, атын Арман қойған сондай баласын адастырып кетсе, Думанның кім болғаны? (Өз үйінен Ошаған шығады. Лағыл оны байқамайды.) Жоқ, бұл өсек, мені ауруханаға жатқызбай, өмірден өлімге сүйреген де осы өсектер. Егер Думан сондай алдамшы болса, әйелін алдамайтын еркек бұл әлемде бар ма, жоқ па? Мүмкін бе мені осыншама алдауы? Жоқ, мүмкін емес, әзәзіл ой аулақ менен, аулақ!

Ошаған (өзіне). Жарайсың, балдызым, жарайсың. Нысанама дәл тиіпсің. (Лағылға жақындап.) Лағылжан!

Лағыл (сескене жалт қарап). А, Ошеке, мен сізді байқамаппын, кешіріңіз.

Ошаған. Мен ежелден кешірімдімін ғой. Лағылжан, бірақ жаңағы бір сөзіңнен қатты сескеніп қалдым.

Лағыл. Сіз сескенерліктей не айтып едім?

Ошаған. Сөзіңе түсінбесем де, жаныңның күйзелуде екенін көріп тұрмын.

Лағыл. Жанымның күйзелуде екені рас. Тән жарасып емдеткелі ауруханаға барып ем, жанды қоса жаралап, дертке дерт қостым да, емделместен қайта қайттым.

Ошаған. Ауруханадан дерт қалай қосылады?

Лағыл. Кәне дүниенің сөнген отын көсеушілер жүрген жердің бәрі дерттің ұясы емес пе, солар мені емдетпей ауруханадан қуып шыққан.

Ошаған. Көне дүниенің отын көсеушілер дегенің кім?

Лағыл. Осындағы кепкелі мыстандар.

Ошаған. Мыстандар! (Ойланып.) Біздің колхозда кепке киетін бір әйел жоқ, мыстан деп тұрғаның кім сенің?

Лағыл. Жәдігөй мінезді еркектер де менің көзіме мыстан болып елестейді.

Ошаған. Лағылжан, не десең о де, мен сенің бұл жұмбағыңа да түсіне алмадым.

Лағыл. Осынша ежіктеуіңізге қарағанда, менің барлық сырқатым сіздің үйдегі пан балына да түскен секілді.

Ошаған. Жоқ, Лағылжан, мен бұдан үш күн бұрын бір сұмдықты естідім. Ол, пан жеңген түгіл, бақсының да балына түсе қоймас.

Лағыл. Ол не сонша?

Ошаған. Жұрт мені мейрімсіз, қатал дейді. Пейілі жамандарға қанымның қас екені рас. Ал сен сияқты пәк жандардың жағасы қисайса да, жаным ауыратын адаммын. Сондықтан сенен бір үлкен тілек тілегелі тұрмын.

Лағыл. Тілеңіз.

Ошаған. Сенің кешікпей Думан жайында бір аса жайсыз хабар естуің мүмкін, соны елемеуіңді өтінемін.

Лағыл. Оны тілемесеңіз де болады.

Ошаған. Неге?

Лағыл. Мен Думан жайында естірімді естіп болғанмын.

Ошаған. А, солай ма? Сен оның басқа жақта әйелі мен баласы барын бұрыннан білуші ме едің?

Лағыл (өзін-өзі күшпен тежеп). Ошеке! Екеуіңіз жауласып кетерсіздер, бұл сөзіңізді Думанға естірте көрмеңіз.

Ошаған. Оның несіне жауласады?

Лағыл. Думанның сізге: мұндай өсекті айтар болсаңыз, басыңызға баяғының мыстандары салатын жаулықты сал! - деуі сөзсіз. Ондай сөз жеңіл тимес те, өзіңіз - ақ жауласарсыз.

Ошаған (бұл жолы ашуланса да, кепкасын желкесіне қарай сырғыта түсіп). Думан олай дей қоймас, егер олай дей қалса, мен өзімнің көлгірлікті білмей, бетке айтатын әдетіммен: Москва түбіндегі бір деревняда Ольга дейтін әйелін мен Арман дейтін балаң барын партиядан да, халықтан да, ең ақыры сүйген жарың Лағылдан да жасырған өзің - мыстан! -деймін де, жүре беремін. Тек сол кезде жүрегіңе өзің сақ бол! (Кете береді.)

Лағыл. Тоқтаңызшы! Егер мұның бәрі бекер болып шықса қайтесіз?

Ошаған. Қайтушы едім, бекер болса қуанамын. Оллаһи, қуанамын. Бірақ олай болмай ма деп қорқамын.

Лағыл. Дәлеліңіз!

Ошаған. Барлық дәлел менің қалтамда. Думан келсін, сонан соң бәрі ашылады. Жүрегің сырқат болған соң алдын ала сақтандырайын деген адал ниетімді аяққа бастың, енді саған да айтарым жоқ. Үйде қонағым бар, cay бол! (Кетеді. Лағыл дел-сал күйде тұрып қалады.)

Лағыл. Бар дәлелім қалтамда дейді! Жоқ, мұның бәрі де жалған, жалған! Менің Думаным ондай зымиян емес, адам, ол - нағыз адам! (Кете бере қайта тоқтайды.) Бірақ, шөптің басы жел болса ғана қозғалмай ма? (Үйден Думан шыға келеді.)

Думан (басқыштан жүгіре түседі). Ләйлім! Сен неғып келдің?

Лағыл. Мен саған бір бала тауып әкелдім.

Думан. Қайдағы бала?

Лағыл. Өз балаң.

Думан (қуанып). Немене, дәрігерлер қауіпсіз дей ме?

Лағыл (сәл бөгеліп). Жоқ, олар босана алмай, қаза болған бір әйелдің баласын тірі алып қалды, мен соны көрдім де, саған бір бала тауып беріп өлуге бекіндім.

Думан (тез суып). Мен кімнен, нені естіп тұрмын? Өмірі осынша арзан сен бе едің, не деп тұрсың, Лағыл?

Лағыл (қадала қарап). О, ғажап! Сенің жүрегін маған шын елжіреп тұр ғой, бұл қалай?

Думан. Жоқ, мен қазір аяз құшағындағы шыңның жартасы секілдімін. Өзің елжіреттің де, өзің қайтадан сол жар тастай мұздаттың жүректі. Не болды, айт жылдам?

Лағыл. Сен бөбектерге қараған сайын, көз жанарыңнан жүрегіңді езген ауыр аңсауды керетінмін. Балаға деген ондай зор махаббатты көму қолымнан келер емес.

Думан. Мүмкін, ата-бабаларымыздың маған арнап қалдырған мұрасы сол болар, балажанды екенім рас. Ендігі арманымның ең үлкені бір бала екені де рас. Бірақ біздер ерлі-зайыпты болудың дәнекері перзент қана деп түсінетін бұрынғы қазақтар емеспіз ғой. Оны неге ойламадың? Оны ойласаң, мені аямастан мұндай сөзді қалай айттың?

Лағыл (тағы да қадала қарайды). Бұл не ғажап! Әлде мен соншалықты соқырмын ба? (Жүріп кетеді.)

Думан. Лағыл! Мен сені тани алмай тұрмын. Өзің біресе нұрланып, біресе сұрлана қалады, бұл не?

Лағыл (оймен алыса жүріп сөйлейді). Ой құйындай ұйтқыса, жүздің ала бұлттанатын әдеті емес пе?

Думан. Сол құйыныңның тозаңы болып ұшайын, айтшы не болса да.

Лағыл (ойға бекінгендей, жалт етіп барып, екі қолын Думанның екі иығына салады). Думан, көзіме тура қарашы! Сен өзімді қандай сүйсең, мен де сені сондай сүюші едім ғой. Тіпті мен сен үшін өз бақытымды құрбан етуге де әзірмін. Сол адал махаббат үшін жалынамын, алдамашы, жаным, жасырмашы! Қайда сенің Ольга дейтін әйелің?

Думан. Өмірімде өзіңнен басқа сүйгенім бір ғана адам екенін, оның ол дүниеде екенін ертеде бір айтқан жоқ па едім?

Лағыл. Мүмкін, ол әйелін, осы дүниеде шығар, ойлан...

Думан. Жоқ, мен оны талай жыл бойы ойлағанмын. Есімді жимастан, төрт жылға созылған ауыр жарадан айықпастан, хат арқылы әлденеше рет сұрау салғанмын. Ең ақырында ауатком председателі Демаков деген біреуден ресми жауап та алғанмын. Оның: «Ғапу етіңіз, сіздің ол сұлуыңыз соғыс кезінде жауға жасырын қызмет істегені үшін о дүниеге жіберілген» - деп, сүйегіме дейін сырқыратқан сөзі мұз болып, іште әлі жатыр. Кейін екі рет іздеп барып, сол қайғылы хабардан басқа ешбір дерек таба алмадым.

Лағыл. 0, ғажап! Әлде шын, әлде арбау. (Жарқын келеді.)

Жарқын (Лағылды көре сала қуанып). О, айналайын, ақылдым менің. (Келіп Лағылдың маңдайынан сүйеді.) Бәсе, менің алтыным ондай ақымақтыққа бармас деп едім-ау өзім де.

Думан. Сізден қорыққаннан өзін-өзі өлімге қиып келіпті. Онысы да ақылдылық па?

Жарқын. Әй, бюрократ, сен сөзді қойшы осы. «Өлім, өлім!» Содан басқа сөз аузына түспей ме тегі!

Лағыл (әзілдеп). Онысы рас. Сіз бұл үйден түбі бір қуатын болған соң құдайдың үйіне осы бастан кете берейін дедім.

Жарқын (қолын бір сілтеп тастап). Ондай сөзге менің құлағым саңырау. Сөзді қой да, жүр, мен саған өрік пен мейізді үйіп келдім. Жүре ғой, күнім. (Лағылды қолынан тартып әкете береді.)

Лағыл (Думанға). Жүр, жалғыз мейізді бөліп жейтін тәтті салтымызды әзірше бұзбайық.

Думан (тіксініп). Әзірше...

Лағыл Думанды қолтықтап әкетеді. Аздан соң Ошағанның үйінен Демаков пен Ошаған келеді. Екеуі аздап қызу.

Ошaған. Сақтан, достым, сақтан! Біздегі ең күшті құдай - қулық! Ол қарғаны да бүркіт қып көрсете алады.

Демаков. Дулатов сондайлық қу адам ба?

Ошаған. О, ол сіз сияқты жаңа келген басшылар түгіл, сайтанды да алдай алады. Тіпті өзін-өзі өлді деп жариялап, әйелі мен баласынан он үш жыл бойы жасырынып жүрген адам.

Демаков. Мынауыңыз рас болса, жауыздықтың жаңа бір қызық түрі екен.

Ошаған. Иә, қызығы да, шыжығы да зор. Сондықтан сізге достық ниетпен бір сұрақ бергім келіп тұр.

Демаков. Сұраңыз.

Ошаған. Маған сөгіс берілген бюрода ғой, сіз де болдыңыз?

Демаков. Иә, болдым.

Ошаған. Сіздің ұжданыңыз не дейді, сол қаулыны да әділ дей ме?

Демаков (таңдана жалт қарап). Өз ұжданыңыз не дейді? Тың көтеру жөніндегі ойыңыздың қате екенін қай ұжданыңызбен мойындаған едіңіз.

Ошаған. Ойым қате емес-ау, бір Саумалбаевтан басқа қолдаушыларым болмаған соң амалсыз мойындадым ғой. Мұндайда жазадан құтылудың бір ғана жолы бар. Ол «Қателестім, мойындадым» деп мөлтеңдеу ғана. (Тізесін ұрғылап.) Әттең, әттең, есіл асыл ойларым Москваға бір жетсе көрер едім, кімді кімнің жеңгенін.

Демаков. Түсінбедім.

Ошаған. Кейін бәріне де түсінерсіз. Сіз Москваға анық ертең жүресіз бе?

Демаков. Иә, анық ертең.

Ошаған. Онда халқымыздың мына бір тілегін ала кетіңіз. (Қалтасынан бір пакет алып ұсынады.)

Демаков. Бұл не?

Ошаған. Тын көтеру жөнінде біздің ауданда перегиб бар. Жер жағдайын жақсы білмейтін ауданның жаңа басшылары елдің келешегін ойламайтын Дулатов сияқты мансапқорлардың тіліне алданып ақ селеу мен бетегеден басқа түк шықпайтын жерге де совхоз орнатқалы жатыр. Бұл мал ғана өсіретін біздің аудан үшін үлкен апат. Мынау соны айтып Орталық Комитетке жазылған хат. Мүмкін болса тура секретарьлардың біріне табыс ете көріңіз.

Демаков. Қолымды жеткенінше созып көрермін.

Ошаған. Сіз мұны домалақ хат деп ойламаңыз. Бір топ колхозшылармен бірге өз қолым қойылған нағыз партийный хат. Тіпті өз қолыңызды қойсаңыз да қателеспейсіз.

Демаков. Оқып танысуға рұқсат қой?

Ошаған. Рұқсат, рұқсат! Тіпті қатесі болса ептеп жөндеп жіберуіңізге де рұқсат. (Демаков пакетті қалтасына салады. Ошаған тамағын бір кенеп алып.) Тағы бір сұрау. Аудан басшыларының Дулатовты менің орныма бастық ететін ойы бар секілді. Мұнан сіз не білесіз?

Демаков. Сіз мені не үшін шақырған едіңіз? Қонаққа ма, жоқ әлде өсек айтқызу үшін бе?

Ошаған (сасқалақтап). Жо-жоқ, аллам сақтасын, ол не дегеніңіз! Ағат болса - кешіріңіз. Менікі жай достық сырласу ғана.

Демаков. Ошаған Көсеубаевич! Мұндай қулықтың мектебін мен де бітірген едім. Жас емеспіз, түсімізді қанша бояғанымызбен, енді өзгерте алмаспыз, доспыз деп тұрып, жауша арбасып қайтеміз.

Ошаған (күмілжи күлімсіреп). Кешіріңіз. Мен, тіпті, қулық дегеннің не екенін білмейтін аңқау, бишара адаммын.

Демаков. Иә, аңқаулығыңыз түлкідей, бишаралығыңыз қасқырдай. Әттең мәнеріңіз ескі, сондықтан ғана сіз көзге одан түсіп қаласыз.

Ошаған. Сіз түсінбей қалдыңыз.

Демаков. Мен өте жақсы түсініп тұрмын. Мен тіпті сіздің болашақтан қатты шошынатыныңызды да түсіне бастадым.

Ошаған. Маған сіз солай көрінесіз - ау.

Демаков. Жоқ, мен болашаққа қызыққандықтан өткен өміріме өкінемін. Өткен өміріме ой жіберіп қарасам, талайларға удай тиіп, талайларды аңдай жаралаппын. Сол жаралағандарымның бірі осы Дулатов секілді.

Ошаған. Қалай? Сіз оны бұрыннан білуші ме едіңіз?

Демаков. Отанымызға опасыздық еткені үшін айыпталып атылған бір әйелдің күйеуі Дулатов дегенді білуші едім. Сіздердің. Дулатовтарыңыз сол ма деймін.

Сабыр келе жатады.

Ошаған (қуанып). Мүмкін, өте мүмкін. (Тістене күбірлеп.) Мына қу қайдан сап ете қалды! (Өтірік жайдарыланып.) А, Сабыржан, жақсы келдің, достым. Танысыңдар. Менің бір кездегі командирім, қазіргі өзіміздің ауаткомның жаңа орынбасары, облисполком председателі жолдас Ефимовтық үйіндегі Вера жеңгейдің інісі Аркадий Аркадьевич Демаков. (Демаковқа.) Бұ жігіт, жас та болса, бас жігіт, біздің саяси басшымыз.

Сабыр (қол алысып). Мұқатов.

Демаков. Демаков.

Ошаған. Сабыржан! Сенімен құпия ақылдасатын өте үлкен бір мәселе бар, мына кісіні жөнелте саламын да, барамын. Сен үйге кір де, пан жеңгейіңнің бал қосқан шәйін іше бер.

Сабыp. Рақмет, мен сізге өте бір тығыз жұмыспен келдім... бір минутке.

Демаков үйге кіреді.

Ошаған (шошынып). Тағы не болып қалды?

Сабыр. Қорықпаңыз. Қуана беріңіз. Райком Дулатовқа тезінен мінездеме беріңдер деп жатыр.

Ошаған. Оны қайтеді екен?

Сабыр. Емеуріндеріне қарағанда, Думанды Алматыға қайтадан әкететін секілді.

Ошаған (оның иығынан ұстап). Лепірме де көпірме, досым. Алматыға әкетеді деп, өтірікті де соқпа. Ешкім қабылдамайтын ондай мінездемені жазып та әуре болма.

Сабыр. Неге қабылдамайды?

Ошаған (төс қалтасынан бір қағазды алып ұсынады). Мына бір әйелдің хатын оқысаң, неге екенін өзің де байқарсың. (Сабыр қағазды алып ішінен оқи бастайды. Ошаған оның өңі суи бастағанын көріп, лепіре сөйлейді.) Осындай сұрқияны да ардақтап, аспанға көтереміз! Неткен соқыр, неткен дарақы ашық ауыз едік!

Сабыр (сәл ойланып, хатты қайырып береді). Сізде осындай бір хат барын көшедегілерден де естігенмін. Естігенмін де түңілгенмін...

Ошаған. Түңілсең менің ойыма тезінен қосыл, екеуміз бірігіп орталыққа хат жазайық.

Сабыр. Не деп?

Ошaған. Не дейтініміз белгілі емес пе? Жалаңаштың даласына совхоз орнату барып тұрған зиянкестік. Оның сырын жақсы білетін біздердің сөгістен қорғалап үндемеуіміз қылмыс болар деймін.

Сабыp. Сіздің орталыққа жазбағыңыз осы «зиянкестік пе» еді?

Ошаған. Иә, осы.

Сабыр. Өте қауіпті екен.

Ошаған. Біз ойласақ колхозымыздың келешегін ойлаймыз. Жазсақ өзіміздің партияға жазамыз, оның несі қауіпті?

Сабыр. Маған сіздің кешегі бюрода мөлтеңдеп, бүгін бұлай өжеттенуіңіз қауіпті көрініп тұр. Жарты сағаттан соң бюро, кешікпеңіз. (Кете береді. Кетуге бет алған Демаков қайта келеді.)

Ошаған (Сабырға). Мен мына Ольга Владимировна дейтін құпия келініміз қатысатын бюроға бір-ақ барамын, онан бері де мені тосып әуре болмаңдар. Бюро мүшелеріне солай деп айта бар. (Сабыр кетеді.)

Демаков (қатты тіксіне, Ошағанның иығынан ұстай алады). Сіз не дедіңіз? Кім сіздің Ольга Владимировна деп тұрғаныңыз?

Ошаған. Дулатовтың адастырып кеткен әйелі, мына хаттың иесі.

Демаков (хатты алып ішінен оқып шығады да жын соққандай аласұрып). О, лағынеттер, лағынеттер! Бұл әйелді атылды дегендері қайда? Енді қайттым? (Аласұрып.) Енді қайттым?

Ошаған (жақындап). Аркадий Аркадьевич, сізге не болды? Апыр-ау, өніңіз мүлде бұзылып кетті ғой! Су ішесіз бе?

Демаков (қинала, күйіне сөйлейді). Мен ол әйел жүрген дүниеде жүре алмаймын. Сондықтан су емес, бар болса, у беріңіз маған. У! У!

Ошаған (үрейленіп). Жазған басым - ай, енді қайттым?

Демаков. Жоқ, маған ол әйелдің мейірімінен басқа ешқандай ем жоқ. Мен семьямды көшіріп әкелу үшін ертең ертемен Москваға ұшпақпын. Осы сапар не ол әйелден кешірім аламын, не өзімді өзім жоқ етемін. Қош болыңыз! (Асығыс кетеді.)

Ошаған (жалғыз). Не айтып, не қойғанын өзі де білмейді, жынданбаса не қылсын байғұс. (Қолын сермеп.) Әй, мейлі, сайлау өткенше жынданбай, осы орнында тұра тұрса болды. (Ойға түсіп.) Не бәрі ішкен - жегені жүз тоқсан алты-ақ сом. Ақша! Шіркін ақша! Сенен күшті, сенен беделді, сенен сиқырлы не бар екен дүниеде! Караты, сенің алып берген абыройыңның арқасында мен Думанға қарсы тұра алатын тағы да бір дос тауып алдым. (Думанның үйіне тістене қарап.) Менің орнымды тартып алғысы келетін достым, соқтығып көр енді. Бір қолыма Ольгаңды, екінші қолыма баланды шоқпар етіп, өзіңді бір соғайын.

Үйден Думан шыға келеді.

Думан. Сәлем, Ошеке!

Ошаған (аңырып). Ау, сен қашан келіп қалып едің (Қол алысады.)

Думан. Мана таңертең...

Ошаған. Бұрын мұндай емес, келе амандықты білуші едің, аз күнде көп өзгергенсің, ә?

Думан. Шаршап қалыппын. Оның үстіне сіз бір топ дуадақты атқылап жүр екенсіз, бөгет болмайын дедім.

Ошаған. Антұрған, өңкей бір қу дуадақтар екен, нысанама бірде-біреуі ілінбей кетті.

Думан. Нысанаңызға ілінгенімен, бытыраңыз үш жүз метр жерге жетпейді ғой.

Ошаған. Ажалдысына кездессе, неге жетпесін. Қазір мына жерге отыра қал да, кебіңді шерте бер. (Скамейкаға отырады.) Сен мәжілісте жақсы сөйлегенің сонша, республиканың жаңа басшыларына ұнап, мені жеңіпсің колхозымыздың қақ іргесінен совхоз орнайтын етіпсің. Бәрі де құтты болсын.

Думан. Шынымды айтайын, мен сіздің сөзіңізді екінші біреуге айтуды ұят көремін. Жаңа басшыларға ұнағаны - бір тілегім ғана.

Ошаған. Сен не тілеп едің?

Думан. Даламызға бөлінген көңілдің санамызға да бөлінуін тіледім.

Ошаған «Санамызға?» (Басын шайқап.) Түсінбедім.

Думан. Қазақстанның көтерілмей келген тың жері қандай мол болса, ескіліктің шырмауынан шыға алмай келген ойлары да сондай мол емес пе?

Ошаған. Қайдағы ескілік? Қайдағы қалдық, шатып отырғаның?

Думан. Ондайлар толып жатыр-ау, Ошеке! Мысалы, халықты баспен емес, бұрынғы надан болыстардай жұдырықпен басқару да, күле кіріп, күңірене шығатын жалған достық та, көзінше мақтап, сыртынан өзін ит дейтін айуандық та, өзінен басқанын етегінен тартатын малғұн күншілдік те ескілік қой.

Ошаған. Ымм... Солай де. (Мырс етіп.) Сеніңше қалай, Орталық Комитет: сол айтқандарыңның бәрі жойылып, Қазақстанның тың ойлары көтерілсін, - деген қаулы алу керек пе?

Думан. Қай түрде екенін айта алмаймын, әйтеуір бізге сондай бір операцияның керек екені анық.

Ошаған. Жарайды, солай-ақ болсын, бәрі де болары болып, толары толсын. Жеңдім деп сен тасысаң да, жеңілдім деп мен жасымаспын. Көзім ашылып, кеудем кеңи түссін, бір сұрауға жауап берші.

Думан. Әзірмін.

Ошаған. Жалаңаштың даласы ғой ең құнарлы отарымыз. Егер де Орталық Комитет ол даланы совхозға беруімізді: колхоздың келешегін кескендік, малын құртқандық деп тапса кім болдық?

Думан. Колхоздың отары екі есе азайса да есесін бір жүгерінің өзі-ақ төрт есе етіп толтыра алады. Мұны колхоздың келешегін кескендік деп ешкім де айта алмайды.

Ошаған. Сен өзің сол даланың неліктен «Жалаңаш» аталғанын білесің бе?

Думан. Жоқ.

Ошаған. Міне, сенің қатерлі қатең. Ол даланың шілде соғатын жалаңаш дейтін оттай лапылдаған желі бар. Ол кей жылдары бетегесіне дейін жалмап бүкіл даланы жалаңаштап кетеді. Бір кезде менің тәжірибе үшін еккен егіндерімді де жалмап кеткен-ді.

Думан. Е, Ошеке, Ошеке! Тың көтеру сияқты зор майданның солдаты болу үшін бұрынғыдан гөрі басқарақ, жаңарақ, тереңірек ойлау керек екенін бір ойламай-ақ қойдыңыз - ау. Соңғы рет өтінемін, тоныңызды көлеңкеңізге өлшеуді тастаңыз.

Ошаған (қолын сермеп). Бәрі де сөз емес, онан да мынаны айт, біз мұнда сені мынау жаңа совхоздың директоры болады деп жүрсек, Алматыдағылар сені министр болады дейтін көрінеді, бұл да рас па?

Думан. Жоқ, ол бекер. Бұл совхоздың директоры Москвадан келетін көрінеді. Ал мен директор да, министр да болмаймын. Мен осында келгенде, егін мен малдан тұрақты өнім алудың жолын тапқанша, колхоздан кетпеске бекініп келгенмін.

Ошаған (кепкесін көзіне таман киіп). Е, солай де! Басқа қонған бақытты аяқпен тептім де, інішегім... Талай ақылдыны көрген едім, дәл астананы колхозға айырбастаған сендей ақылдыны көрген емеспін. Оллаһи, көрген емен. (Кете бере тоқтап.) Бауырым - ау, сенен білімі төмендердің де талайы апат болмай-ақ астанада асқақтап отырған жоқ па?

Думан. Төмендегілерге асқақтап, жоғарыдағыларға жалтақтап, өзі басшылардың табанын жалап жүріп, өзінен төмендегілерге шоқпар болын тиетін қайсы біреулердің бары рас, бірақ олардың өмірі енді ұзақ емес.

Ошаған. Түсінікті, өте түсінікті.

Думан. Өзіңізде бір қиналу бар секілді, жұмыс жайы қалай еді?

Ошаған (көтеріле түсіп). Қиналатындай ештеңе жоқ, жұмысымыз жаман емес. Егіннің жүгеріден басқасын сенсіз де орып болдық, астық тапсыру жоспарын сенсіз де орындадық. Шөп сүрлейтін мұнара да салынып, траншеялар да қазылып бітті. Сонда да райкомнан тағы бір сөгіс алдым.

Думан. Не үшін?

Ошаған. Не үшін дерің бар ма? Бергісі келді - береді, алмаймын деуге шама жоқ, алдым. Ол емес мені қинайтын: кейбір адамның алдамшы, опасыздығы.

Думан. Ол кім?

Ошаған. Үш күннен бері.ойлап қарасам, адам баласы өмірдің мазағы екен. Өмір кейде жердегі қоңызды да аспандағы жұлдыздай көрсетіп, адам баласын алданды екен.

Думан (күлімсіреп). Қайдағы жұлдыз, қайдағы қоңыздың философиясы - айтып отырғаныңыз?

Ошаған. Өзің білесің, мен жауласса, сырттай күңкілдемей, ашық жауласатын, дос болса, жылтыраған бетімен емес, елжіреген адал жүрегімен дос болатын, ойындағысын, сен секілді, «кейбіреулер» деп көлеңкелемей, ашық айтатын адаммын.

Думан. Оныңыз өте жақсы қасиет.

Ошаған. Жақсы қасиет болса, - сол менің алдамшы опасыз деп отырғаным - тап сенсің.

Думан. (тіксініп). Не дейсіз?

Ошаған. Сен бұрын менің көзіме, мен ғана емес-ау өзіңді білетін жұрттың бәріне де аспандағы жұлдыздай көрінуші едің, бәріміз де соқыр екенбіз.

Думан. Жолдас Көсеубаев! Бар болса, дәлеліңізді айтыңыз, жоқ болса, қытығыма тиюді тезінен тоқтатыңыз.

Ошаған. Қытыққа тию аз, мен сенің бір ауыр қылмысыңды ашқалы отырмын. (Қалтасынан бір хатты суырып алады.) Тыңдай бер!

Думан. Бұл не?

Лағыл келе жатады.

Ошаған. Лағылжан, сен кішкене бара тұр.

Думан. Менің бұдан жасырар сырым жоқ, оқи бер.

Ошаған (оқи бастайды). «Құрметті председатель! Мен бейтаныс болсам да, осы хат арқылы сізбен ашық сырласқым келеді. Мен партиямызға ең үлкен борышты адамның бірімін, қайталап айтам, мен партиямызға ең үлкен борышты адамның бірімін. Сол борышымды өтеу үшін бүкіл өмірімді жұмсауға бекінген едім. Осы мақсатпен, партиямыздың шақыруы бойынша тың жерді көтерісу үшін Қазақстанға бармақшымын. Егер Қазақстанға бара қалсам, сіздің колхоз тұрған жерге баруды көксеймін. Өйткені менің жанымдай көретін жалғыз балам бар. Оның әкесі - Думан Дулатов...

Думан (ұшып түрегеледі). «Оның әкесі?»

Ошаған (Сәл алыстап, хатты оқи береді). «...Сіз басқарып отырған колхозда туып-өсіп, 41-жылы декабрьдің төрті күні Москва түбіндегі соғыста ерлік өліммен қаза болған-ды. Сол марқұм майданға аттанарда өзінің көре алмай бара жатқан баласын арман етіп, ұл туса да, қыз туса да, атын Арман қой деген еді».

Думан. Арман! (Ұмтыла береді )

Ошаған (алыстап оқи береді). «...Оның екінші тілегі - өле кетсем Арманыма туған жерімді бір көрсет деген еді. Сол бір асыл адамның аманатын орындау үшін баламды ала барып, әкесінің балалық шағы өткен жерде өсіргім келеді. Бірақ оқуынан қалып қоя ма деп қорқамын. Сізден тілегім: ол жерде орыс мектебі бар-жоғын айтып, тез жауап қайтарсаңыз!

Зор құрметтеп Ольга Дулатова».

Думан. «Дулатова!» (Хатты Ошағанның қолынан жұлып ала сала, қарап жіберіп, барлық шаттық үнімен). Ольга! Анық сол! Соның жазуы! (Ойлана қалып.) Бірақ мұның Дулатовасы қалай, ол өз фамилиясында еді ғой.

Лағыл (өзін-өзі күшпен тежеп). Ошеке! Сіз өртіңізді салып болсаңыз, енді үйіңізге барып, рахаттансаңыз қайтеді?

Ошаған. Лағылжан - ау!

Лағыл (сөйлетпей). Өтінемін, сіз маған енді үн қатпаңыз.

Ошаған. Сабыр, шырағым, сабыр! Сен жүрегі сырқат адамсың, сабырлы бол.

Лағыл. Сол сырқат жүрек үшін өтінемін, тезірек кетіңізші.

Ошаған (үйіне кетіп бара жатып). Ех, байғұс бала, байғұс бала! (Кетеді.)

Думан. Ләйлім!

Лағыл (осы сөйлетпей). Тоқтат! Тезінен аэродромға бар да, маған билет әкеліп бер.

Думан. Оны қайтесің?

Лағыл. Бар дертімді емдеу үшін Москваға ұшамын. Егер саған алданғаным рас болса, сені де, өзімді де аямаспын. (Кете бере тоқтап.) Хат жаз әйеліңе. Адал болсаң менен жасқанбай, жүрегіңде барды жасырмай жаз. (Кетеді.)

Думан (жалғыз). Ал, шындық, мықты екенсің, ақтап ал мені.

Шымылдық.

ЕКІНШІ ПЕРДЕ

Екінші сурет

«Москва - Волга» каналының жағасындағы бір деревняда тұратын Ольганың үйі. Үйді іргелей созылып барып, алыстағы Москваға ұштасып жатқан канал алтынмен көмкерілгендей, өте әдемі көрінеді. Сахнаның он, жақ шетін ала тұрған үйдің алды кең аула, сол ауланы орта тұсына орындықтар қойылып, олардың үстіне үйдің көрпе-жастық, кілем сияқты жиһаздары қойылған. Бір орындықтың үстінде Думанның үлкен суреті тұр. Музыкада «Жас қазақ» әні. Перде ашылғанда, соны айтып, Думанның суретіне ойлана қарап, соны көшіріп тұрған Арман көрінеді. Аздан соң қолында бір буда заты бар Ольга келе жатады. Ол баласына алыстан сүйсіне қарап, аз тұрды да, әннің соңғы жағына өзі де ақырын қосылып кетеді.

Ольга. Қазағым - ау, сенің осы бір мұңлы әннен басқа білерің бар ма, сірә?

Арман (бара құшақтай алып, шешесінің бетінен сүйеді). Білемін, мама. Талай ән білемін.

Ольга. Менің сұрап тұрғаным қазақ әндері.

Арман (күмілжіп). Басқасын әлі жаттағаным жоқ.

Ольга. Неге? Әлде сүймейсің бе? (Арман төмен қарап, үндемейді.) О, онда мен өз ұлтын сүймейтін сендей жаман қазақпен сөйлеспеймін.

Арман. Сүйемін, мама, бірақ...

Ольга. Сүйсең мынаны ки де, маған Абайдың кешегі пластинкадағы әнін айтып бер.

Арман. Бұл не? (Қарай сала қуанып.) Жаңа форма! (үйге ала жөнеледі.)

Ольга (үйдегілерге дауыстайды). Мама, Қазақстаннан хат әлі жоқ па?

Арман (даусы естіледі). Мектептен келе, мен де сұрадым, келмепті.

Ольга. Енді қайттым? Жұмыстың ең қызу кезі, тың көтеру, үйлер салу... Мен әлі мұнда жүрмін. Мұнан кешігуге болмайды, сонда Арманымды қайттым?.. (Ауыр ойға түсіп, ақырын жетеді.)

Арман қайта келеді.

Ән:

Айттым сәлем, қаламқас,

Саған құрбан мал мен бас.

Сағынғаннан сені ойлап,

Келер көзге ыстық жас...

...Ах, Арманым... Сән.) Арман, біз Қазақстанға ертеңнен қалмай Жүреміз. Сені қайттым? Шынымен-ақ тастап кеткенім бе сеңі?

Арман. Мама! Ондай сөзді айтпашы.

Ольга (баласын аймалап). Ренжіме, күнім. Сен шешеңнен бөлек тұруға жасыңнан үйренгенсің. Амал жоқ, биылша әжеңнің қолында қала тұрасың.

Арман (қатуланып). Жоқ, мама! Мен қайтсем де қалмаймын.

Ольга. Ақымақ болма.

Арман. Ақымақ болсам да, сенің қасыңда жүріп боламын, қалмаймын.

Ольга. Сабап - сабап тастап кетсем, қалай қалмайсың?

Арман. Сабай бер, тастап кете бер, бәрібір мен қалмаймын. Ең соңғы вагонға жармасамын да кетемін.

Ольга (шошынып қарайды). Тоқта, тоқта! Сен оны қайдан үйрендің? Әлде мен жоқ жылдары сондай бұзық жолға түскен бе едің?

Арман. Бұзық жол деген не?

Ольга. Айтып тұрғаның бұзық балалар айтатын сөз. (Ақырып.) Айт шыныңды!

Арман (жасқана күлімсіреп). Мама, маменька! Мен бұзық болсам, оқуды жақсы оқыр ма едім. Нанбасаң, әжемнен, дядя Васядан сұра. Олардан бір күн бөлек тұрғаным жоқ, мен ылғи дядя Васямен бірге ұйықтадым.

Ольга. Онда жаңағыдай сөзді естіртпе маған. Оқудан қалмаудың ретін тапсам, сені өзім де қалдырмаймын. Мұнан былай шешеңе қарсы келуші болма, ұқтың ба?

Арман. Ал жарайды, бұйрығыңды беріп болсаң, енді маған қарашы, папама ұқсаған жоқпын ба?

Ольга (баласына шаттана қарап). Арманым! Сен шынында әкеңді елестетіп жібердің.

Арман (алысқа қарап). Мама! Папамның бойы биік пе еді?

Ольга. Жоқ, оның бойы шағын еді, бірақ жүрегі алып еді. Москваға жақындаған жау танкісін дәл осы жерде талқандағандардың бірі сол алып жүрек еді.

Арман. Жау танкісін сен де қиратыпсың ғой, сенің де жүрегің сондайлық үлкен бе?

Ольга. Менің жүрегім кішкентай, бірақ екеу еді.

Арман. Екеу? Қалай? (Үйден әйел даусы естіледі.)

Дауыс. Оля! Телефонға!

Ольга үйге кетеді. Арман шешесі кеткен жаққа, одан кейін әкесінің суретіне ойлана қарап, бірте-бірте мұңая жақындайды. Василий келе жатады. Арман оны байқамайды.

Арман. Папа! (Жыламсырап.) Папа! Мамам біздің елге кетеді, мен тағы да сенің қасыңда қалатын болдым, папа!

Василий. Арман! Сен не деп тұрсың?

Арман. Дядя! Мамам, мені осында қалдырып кетемін дейді.

Василий (оны бір қолымен құшақтаған күйі ойлана скамейкаға келіп отырады). Жоқ, ол бола қоймас. Сен енді, қайда жүрсек те, өзімізбен біргесің, ренжіме. (Фотоаппарат береді.)

Арман. Бұл не?

Василий. Бұл - жақсы оқығаның үшін әкелген сыйлығым. Жолшыбай поезд үстінде қазақтың кең даласын түсірсін деп әдейі осыны алдым.

Арман. Рақмет, дядя! (Бетінен сүйеді.) Рақмет!

Василий. Бірақ бұл сыйлығым үшін сен маған бір есеп шығарып бересің.

Арман. Айтыңыз.

Василий. Мысалы, Қазақстанның көтеретін тың жері отыз миллион гектар. Сол отыз миллион гектар жерге Бельгия сияқты мемлекеттің нешеуі сияр еді?

Арман (ойлана күбірлеп). Отыз... Үш жүз. Сонда болады он... (Василийге.) Он мемлекет. Қалай, дұрыс па?

Василий. Мұның дұрыс. Ал сен есепті мектепте неге осындай дұрыс шығармайсың?

Арман. Мектепте де осылай!

Василий (зілмен). Бекер. Мен бүгін мектебіңе барып, оқытушылармен ұзақ әңгімелестім. Олар сені бұрын барлық сабақтан үздік еді, кеше ауыз есептен төрт алып қалды дейді. Бұл қалай?

Арман (күмілжіп төмен қарайды). Әлгі бір Миша деген...

Василий. Ол саған не жазды? (Арман үндемейді.) Көршіңмен араздасуың ұят, жолдас Дулатов. Бар, екеуің мынамен біріңді бірің суретке түсіріп, татуласыңдар.

Арман (қипақтап). Дядя! Заңсыз деген не осы?

Василий. Заңсыз деген бе? Заңсыз деген... Мысалы, оқуды нашар оқу да, тентек болу да, мамасы мен әжесінің, дядясының тілін алмау да, өтірік айту, ұрлық істеу, арақ ішіп, папирос тарту - қысқасы, жаманшылықтың бәрі бірдей заңсыз.

Арман. Мен сол айтқандарыңыздың бірін де істемеймін, неге мені заңсыз дейді?

Василий (ойлана тіксініп). Кім? Кім сені олай деуші?

Арман. Сол Миша. Мені есептен жаңылдырған да соның осы сөзі.

Василий (өзіне). Маскүнемнің баласына үйретер өнегесі де лас. Жарайды, ондай жаман баламен дос болмай-ақ қой.

Арман. А, заңсыз деп сондайларды айта ма?

Василий. Иә, сондайларды айтады. (Ойланып жүріп кетеді де, қайта оралады). Арман! Ертең поезға отырған сәттен бастап, сен мені папа дейтін болсаң қайтеді?

Арман. Заңсыз болмаса, қазірден бастап-ақ айтайын.

Василий (қайта лоблып). Жоқ, олай деуге болмайды екен.

Арман. Неге? Дядя деуден гөрі папа деген әдемі.

Василий. Әрі өзі көрмесе де, артымда папа дейтін балам қалды деп кеткен әке бар, әрі бұл сөз мамаңа жәйлі тимес.

Арман (сыбырлаңқырап). Онда мамам жоқ жерде айтатын болайын, бірақ бұл заңсыз болмас па екен?

Василий. Әрине, шешесін алдау өте заңсыз.

Ольга шыға келеді.

Арман. Мама! Папам маған мынадай сыйлық әкелді.

Ольга. Не дейсің? Кім сенін папа деп тұрғаның?

Арман (сасқалақтап). Жоқ папа емес, дядя!

Ольга. Сен енді өтірік айтайын дедің бе?

Арман. Жоқ, маменька, мен өтірік айтатын заң...

Ольга. Сен үйге баршы. (Арман үйге ата жөнелді.) (Ольга жайдары жүзбен). Вася! Арманның сені папа деуі қалай?

Василий. Сірә, аңсайтын болу керек, өткен түні ұйқысырап, түнімен папалап шықты.

Ольга. Солай ма? (Василийдің қасына отыра кетеді.)

Василий. Содан бері маған бір ой келіп жүр.

Ольга. Нендей?

Василий (оны бір қолымен құшақтап). Ойлашы, Оля! Ертең біз Думанның еліне барамыз. Сенің кім екеніңді білетін олардың ешқайсысы жоқ. Өзіңді білмейтін сол жұрт Арманды Думанның баласы дегенімізге сене ме? Сенбеген күнде не дейтіндерін сезесің бе?

Ольга. Жұрт не десе - о десін, Арман Дулатов болып туған, Дулатов болып өледі. Екіншіден, ол әзірше осында қалады.

Василий. Жетімдікті көрмесе де, жетім аталғаны аз еді, мұның үлкен аналық екен, ә?

Ольга. Кекетсең де дұрыс айтып отырсың, мұным шынында үлкен аналық.

Василий. Тумай жатып әкесінен айрылса, жеті жылдай сенен айрылды. Жас жанын жетімдіктің отына енді өзің салсаң, кім болғаның? Осы ма сенің аналығың?

Ольга. Вася! Мен жоқ жылдары Арманның әкесі де, шешесі де сен болдың. Өзіме деген адал махаббатың үшін ғана емес, сол адамгершілігің үшін де мен сені өмір бойы құрметтегім келеді. Өтінемін, жаным, осындай шұғыласы мол көңілге енді ешбір көлеңке түсірмейікші.

Василий. Ол үшін не істеуіміз керек?

Ольга. Ол үшін сен Арманның Дулатов емес, Виноградов аталуын тілеме. Күндер өтіп жас ұлғайған сайын Арманның сені папа деуін мен де аңсаймын, бірақ өз әкесінен басқаны папа дегізбеске берген антым бар екенін өзіңе о баста, қосылар кезде айтқан едім ғой. Ойланшы, сен сонда не деп едің? Мұның адамшылықтың ең қымбат түрі; егер мені шын сүйсең осы асыл қасиетіңді мәңгі сақта, бұзба антыңды дегенің қайда?

Василий. Бәрі де рас, бірақ сен мынаны ойлашы, Оля! Кешегі бір кезде сен алысқа кеттің, махаббаты сеніп, жар сүюден де түңілген тірі аруақ болып мен қалдым. Сен қайтып келдің, мен де өмірге қайта оралдым. Сол шала-жансар кезімде менің жалғыз ғана үмітім, жалғыз ғана алданышым осы Арман болғанды. Онан айрылу маған қандай ауыр екенін енді өзің байқай бер.

Арман (терезеден). Мама! Телефонға!

Ольга (Василийдің бетінен бір сүйіп). Айрылмайсың. Айырмаймын ешуақытта. (Кетеді.)

Василий. Дегенмен де сен қаталсың - ау, сүйіктім... Хат келмесе, Арманды қалдырып кетуіңде мүмкін. Қайтсем екен? Әлде оның айтқанына көніп, Арманды қалдыра тұрсам ба екен?.. Жоқ, оның мөлдір көзінен төгілген улы жасты енді көре алмаспын. Бірақ, ең дұрысы, шешесіне бағындырып өсіргенім жөн болар.

Үйден Арман жүгіріп келеді.

Арман (абыржып). Папа! Мен...

Василий. Жап аузыңды.

Арман. Неге?

Василий. Енді естісе, шешең екеумізді де көрмей кететін. (Басқа бір ойға түсіп.) Сондықтан оны алдау керек боп тұр.

Арман. Алдауды да заңсыз дегеніңіз қайда?

Василий. Заңсыз болса да амал жоқ. (Құпиялап.) Біз ертең кешкі сегізде Қазан вокзалынан жүреміз. Сен жасырынып, ертерек кет те, халықаралық вагонға бізден бұрын кіріп ал. Сонан кейін көре жатармыз. Мә, билетің. (Қалтасынан билет алып береді.)

Арман. Рақмет, дядя, үлкен рақмет.

Василий. Егер мамаң не сөйлестіңдер десе, дядям кейін самолетпен алдырамыз деді, мен соған келістім де.

Арман (шошынғандай, кейін шегінеді). Жоқ, дядя! Мен олай дей алмаймын.

Василий. Енді не демексің? Әлде қалуға ризамысың?

Арман. Жоқ, риза емеспін. Мамам, не сөйлестіңдер десе, дядямнан сұра, деймін. Өтірік айтсаңыз, өзіңіз айтып, заңсыз болсаңыз, өзіңіз болыңыз.

Василий (күлімсіреп). Жарайды, сен үшін мен - ақ заңсыз болайын. Бірақ сенің маған өтірік айт деуің қалай болар екен, ә?

Арман (ойланып барып, ұяла күлімсірейді). Кешіріңіз, менің сізге олай деуім ұят екен, кешіріңіз, дядя.

Василий. Ал менің саған маманнан жасырынып кет деуім қалай? Соны да бір ойлашы?

Арман (ойлана сөйлеп). Иә, иә... Олай деуіңіз де онша жақсы емес секілді. Өзіңізше қалай, жақсы ма, а?

Василий. Өзімше, өте жаман.

Арман. А, онда... онда... билетті маған не үшін бердіңіз?

Василий. Жақсы адамдардың ешқайсысы шешесін алдаған емес. Мен сені солардай ақылды көріп, мамасын алдамас, билетті алмас деп едім.

Арман (мұңайып). Солай ма еді?

Василий (оны бір қолымен құшақтап). Солай, Армушка! Мамаңның сөзі сен екеуміз үшін бұлжымайтын заң. Сен оны әрқашан есіңде сақта.

Aрман. Онда мынаны өзіңіз алыңыз. (Билетті қайтып береді.)

Василий. Міне, мұныңа 5 қоюға болады. (Бетінен сүйеді. Сырттан біреуді көргендей болып). Мына бір кісінің менде оңаша жұмысы бар еді, сен үйге баршы.

Арман (үрейлене күбірлеп). Дядя Осы адам ұры, рас айтамын, ұры.

Василий. Сен оны қайдан білесің?

Арман. Мана таңертең қақпадан бас бағып қарады да, мамам екеумізді көре сала, қаша жөнелді. Ұры болмаса, неге қашады?

Василий. Ол ұры емес, ұрыдан да сорлы біреу.

Арман. Сонда кім?

Василий. Сен оның кім екенін білме де, ешуақытта ешкімнен сұраушы да болма.

Арман. Неге? Әлде ол заңсыз адам ба?

Демаков келе жатады.

Василий. Иә, заңсыз адам, бар енді. (Арман үйге кетеді.)

Демаков (күрсіне сөйлейді). Қаш, балақай! Қаш! Ольганың баласы болсаң, сенің менен өмір бойы қашатын жөнің бар. Қаша түс.

Василий. Жалған жаламен шешесін айдатып жіберіп, жеті жыл жетім қалдырсаң, өз балаңның да безіне қашатынын білгейсің. (Орын ұсынып.) Отыр!

Демаков. Қорқақтықтан айтылған сол бір жалған куәлікті несіне таңба етіп, бетіме баса бересің. Мана бір айттың, сол жетпей ме?

Василий (ызалы күлкімен жымиып). Қорқақтығың өз бетіңе таңба болса, менің жүрегіме қанжар болып қадалған жоқ па еді?

Демаков. О, алдамшы дүние, алдамшы дүние! Кешегі баланың бүгін у боларын ертерек неге білмедің?

Василий. Басыңа ақыл, шашыңа ақ кірген соң, келіпті. Бірақ ондай кеш келген ақылдың өкініштен басқа берері жоқ, ал өкініштің берері - күйініш қана.

Демаков. Мені осында айдап келген де сол күйік. Сен өзің менің манағы тілегімді Ольгаға айттың ба?

Василий. Жоқ, айта алатын емеспін.

Демаков. Неге?

Ольга шыға келеді.

Василий. Міне, өзі де келді.

Ольга. Бұл кім? (Тани кетіп.) Вася! Мен кімді көріп тұрмын?

Демаков. Сенің көріп тұрғаның - өмірдің тепкісіне түскен бір сорлы.

Ольга. Адамшылық пен адал махаббат қана жүретін бұл жерде сен қалай жүрсің?

Демаков. Саған жабылған жала арыма күйе болып жұқты. Енді сол күйені жүрегімнің, қанымен жусам да, кетірмекпін.

Ольга. Қаныңның өзі майлы күйе емес пе, күйені күйемен қалай кетірмексің?

Демаков. Жоқ, Ольга Владимировна! Менің қаным бір кезде былғанғанмен, қазір қайта тазарған. Сондықтан да мен ұяла біліп, өмірі сені соныма салып қойғандай, сен жүрген кең дүниеге сыя алмай, сен жүрген жердің, күніне де қарай алмай, кешірім сұрап, алдыңа келіп тұрмын. Кешір, Оля! (Бір тізерлеп отыра кетеді.)

Ольга. Неше жылдар бойы жарынан айрылып, жаны күйген жардың, әкесінен айрылып, зарыққан нәрестенің талықсыған жас жүрегі үшін, неше жылдар бойы жазықсыз төгілген көздердің жасы үшін, неше жылдар бойы ауыр күрсінуде өткен күндер мен түндер үшін, мен сені табанға салып таптар едім, әттең, сен сол өтірік куәлік айтудың өзін жаумен күрес, Отанға көмек деп түсіндің. Өйткені сен өзіңнен дәрежесі үлкендердің бәріне құлша табынатын сорлысың. Сендейлермен сөйлескім де келмейді. Жоғал көзімнен, жоғал тезінен!

Демаков. Рас, мен кімде әкімдік мол болса, соны құдай көрдім. Сондықтан да, Захаровтың құлы болып, соның айтқызған өтірік куәліктерінің бәрі өзі ойлап шығарған жала екенін кеш білдім, Оля!

Ольга. Осыдан басқа айтарым ешуақытта болмайды, жоғал! (Үйге қайта кіреді.)

Василий (оңаша). Кім?.. Не?.. Әлде тағдыр ма мұны осынша адастырған? (Ойланған күйі кетеді.)

Демаков (жалғыз). Менің ендігі жалынарым өзімнің, ар-ұжданым болар. (Кете бере ойланып, тоқтай қалады.) Әлде Дулатовтың тірі екенін айтсам ба екен? Бірақ менің жақсылық дегенім кейде жаманшылық болып шығушы еді, тағы да бүлдірер ме екенмін? Жоқ, жолдас Демаков! Енді тая бассаң, кеттің мүрдемге. Сондықтан алдап бас аяғыңды, ойлап бас!

Ол маған сөйлеп шығып кетеді. Аздан соң үйден «Қаламқас» әнін айтып Арман шығады. Ол әндеткен күйі әр нәрсені суретке түсіріп жүрген кезде, оған таңдана қарап Лағыл келе жатады.

Лағыл. О, ғажап! Мені Абайдың әнімен қарсы алған бұл кім еді?.. Балақай? Мойныңды бұра кетші!

Арман (жалт бұрылып). Сәлем, тетя!

Лағыл (оның жүзінен әлдене көргендей, қадала жақындайды.) Сәлем, бауырым! (Қол алысады.)

Арман (қол алысып). Дулатов!

Лағыл. Дулатов?!

Арман. Да, Дулатов.

Лағыл. Сенің атың Арман, ә?

Арман. Да, Арман (Кейін шегіне береді.)

Лағыл. Қорықпа, жаным. Мен сенің бөтенің емеспін.

Арман. Сіз кім едіңіз?

Лағыл. Кейін бәрін білерсің, мамаң қайда?

Арман. Үйде.

Лағыл. Папаң?

Арман. Папам мен тумастан бұрын өліпті.

Лағыл (шұғыл өзгеріп). Солай ма? А, сенің егей әкең бар емес пе?

Арман. Бар. Жоқ, ол қазір үйде жоқ.

Лағыл (өзіне). Не сұрарымды да білмей қалдым-ау. (Арманға.) Қалай, өгей әкең сені сүйе ме?

Арман. О, сүйгенде қандай! Мамам айдаудан келгеннен бері ғана аз сүйетін болып жүр. Ол жоқ жылдары өте көп сүйетін еді.

Лағыл (таңдана қарап). Сен не дедің? Айдаудан келген сенің мамаң ба?

Арман. Да, менің мамам. Жиырма жылға жіберген екен. Нақақ болған соң, жеті жылға жетпей-ақ босатып жіберді.

Лағыл (өзіне). Солай ма? Онда Думан жазықсыз екен ғой. (Өз ойымен алысып жүріп кетеді. Арман жылысып үйге кетеді. Лағыл жалғыз.) О, ғажап! Кеудемді кернеп келген бар күдікті мына бала талқан етті. Ол әкесін де ақтап алды. Тіпті күндесімдей көрінген шешесіне де жүрегімді елжіретіп жіберді, бұл не? (Арман үйден Ольганы ертіп шығады.)

Ольга (басқыштан түспестен, Лағылға таңдана қарап тұр). Кешіріңіз, сіз кім боласыз?

Лағыл (жалт бұрылып, ілгері бір-екі аттайды да, тұрып қалады). Сәлеметсіз бе? Маған Ольга Дулатова керек еді.

Ольга. Сол іздеген адамыңыз менмін.

Лағыл. Амансыз ба, аяулымыз. (Екеуі біріне бірі жақындайды.)

Ольга. Таныспастан аяулым дейтін сіз кім едіңіз?

Лағыл. Мен өзін-өзі өмірдің еркесіндей сезініп, бейтаныс адамдармен де ескі қадірлес достарындай еркін сөйлесе кететін адам едім. Сол әдетім бойынша, салғаннан ашық айтайын, мен дәл қазіргі сәтте сіздің ғашығыңызбын. Бір кезде елімнің ұлы ғашық болса, енді қызы - мен ғашықпын сізге. Мен мұнда адасып келген едім, енді ойласам, олай емес, сізге өзімнің достық жүрегімді әкеліппін. Мен сізге ажал сұрапылында адасып қалғандардың ауыр сағынышын әкеліппін. Мен сізге Арманын сағынғандардың асыл тілегін әкеліппін. (Қолын ұсынып.) Менің де фамилиям Дулатова.

Ольга (қуанып). Дулатова. Сіз Думанның қарындасысыз ба?

Лағыл (сәл кідіріп). Иә! Мен енді сіздің де сіңліңізбін.

Ольга (көз жасына булығып). Анық Думанның қарындасы болсаңыз, менің де бауырым екеніңіз рас. (Лағылды құшақтай алып сүйеді.) Бүгінгі күн неткен бақытты күн еді? Арман!

Лағыл. Арман! Мені мұнда алып келген сенсің. Келші, күнім! (Оны көкірегіне қысады.) Аһ, балапаным, балапаным! Жүректен жалын атып шыққан бұл сөзді менің аузымнан естіген бірінші адам да, өр кеудемді бірінші иген де сенсің, балапан. Әттең, әттең!.. (Кенет ауыр ойға түседі.)

Ольга (күлімсіреп). Жап-жас бола тұра, неткен балажанды едіңіз!

Лағыл. Өмірім қысқа болу керек... Оны да жасырмай айтайын: жүректің сырқаты мені мұндай бақыттан айырған-ды. (Кенет тіксіне қалып, Арманды қоя беріп, оқшау шығады да, өзіне-өзі күбірлейді.) Мен есімнен адасқан болармын, не деп кеттім осы?.Қайда мендегі намыс? Әлде мынау жазықсыз жазалаған ана мен зарыққан жетім баланың жеті жыл бойы төгілген көз жасы ма мендегі қызғаныш отын сөндірген? Әлде балаға деген махаббатым ба?

Ольга. Қымбаттым, жүрегіңіз жайсызданып тұрған секілді, дәрігер шақырсам қайтеді?

Лағыл. Жоқ. Мен өз жүрегіме өзім дәрігермін, ол үшін қапа болмаңыз. (Арманға.) Қазақстанда орыс мектебі жоқ деп қой мамаң сені тастап кетпек болды, ә?

Арман. Иә! Сіздерде де орыс мектебі бар ма?

Лағыл. Біз оған ең бай республикамыз, орыс мектебі жоқ колхозымыз аз.

Арман. Аһа, енді тастап кете алмайсыңдар. Мен дядямды шақырып келейін. (Жүгіріп кетеді.)

Ольга (дауыстайды). Мама, ең құрметті қонағың келді, үйіңді тезірек әзірле! (Лағылға.) Оған дейін мен сізді өзіме ең ыстық көрінетін жермен таныстыра тұрайын. Жаңа қарап.) Міне, ағаңыздың алып жүрегі соғуын тоқтатқан жер. Соғыс біткеннен кейін осында келіп мекендеген едім, енді еліне кеткелі тұрмын.

Лағыл. Сіз деревняда өскен бе едіңіз?

Ольга. Жоқ, соғыстың алдындағы төрт жылы ағаңызбен бірге Тимирязев атындағы академияда, соғыстан кейінгі екі жыл осы ауданда, одан кейінгі жеті жыл айдауда өтті.

Лағыл. Онан қашан қайттыңыз?

Ольга. Биыл ғана.

Лағыл. Мен сіздің хатыңыздағы «партиямызға ең үлкен борышты адаммын» деген сөзіңізге енді түсіндім.

Ольга. Егер Думанның туған қарындасы болсаңыз, мен үшін сіз де борыштысыз.

Лағыл. Борышыңызды өтесуге әзірмін. Бірақ мен өзімнің кім екенімді дәл айтпай, сіздің алдыңызда кінәлы болып тұрған жайым бар. Сол үшін басымды иіп, кешірім өтінемін, мен оның қарындасы емеспін.

Ольга (аңыра қарап). Енді кімісіз?

Лағыл (лоблып). Жай бір жақынымын. Сіздің Думаннан ешқандай хабарыңыз жоқ па?

Ольга (ұзақ қадалып, мысқыл түрде). Шығыс халықтарының о дүниедегі адамдармен де сөйлесе алатынын естігенім бар еді. Мүмкін, сіздің хабарыңыз бар шығар?

Лағыл. Мен білетін хабарға қарағанда, ол кісі сіздің тың жерге тезірек келуіңізді асыға күтіп отырған секілді.

Ольга (ызамен). Қалай, қалай? Жұмбақтамай, жөніңізді айтыңызшы, сіз кімсіз осы?

Лағыл. Әлі де асығыстық етсем, айып етпеңіз, мен сол кісінің қазіргі зайыбымын.

Ольга (таңдана қадалып, кейін шегіне береді, алғашқыда даусы да әлсіз шығады). Жалған! Айтқаныңыздың бәрі жалған! (Сөйлеуге оңтайланған Лағылды сөйлетпейді.) Жоқ, сіз мені арбамаңыз, алдамаңыз, барыңыз!

Лағыл. Сіз мені жазықсыз жазалап тұрсыз.

Ольга. Егер сіз Думанның зайыбы болсаңыз, маған қалай келдіңіз? Бар сөзіңіздің жалған екені осыдан да көрініп тұрған жоқ па?

Лағыл. Оны да жасырмаймын. Мен өзімді алданушы, Думан мен сізді алдаушы көрдім. Сол алжасқан ызалы ой мені мұнда алып келген. Арманы үлкен ауру жүрек кімнің кінәлі екенін дәл сезе алмай, тая басыпты. Енді адамшылық пен күндестік бір кеудеме симай тұр. Егер маған әлі де сенбесеңіз, Думанның өзін тыңдаңыз. (Қалтасынан хат алып береді.)

Ольга (Сағатты алып, ойлана, қарап, сәл кідіреді де, оқи бастайды). «Менің жоғалған бақытым! Менің мезгілсіз батқан күнім!» (Алысқа қарап.) Бұл менің сөзім! Бұл менің он үш жыл бойы аспанның күні батқан сайын қақсаған зарым ғой, ол мұны қайдан білді? (Хатты толқи тұрып ішінен оқып шығады да, елжірей сөйлейді.) «Есіңде ме, Оля! Аспаннан көрер күніміз жалғыз, өмірден сүйер жарымыз сол күндей жалғыз деуші едік қой!» Иә бәрі де есімде. Тірлігіне көзімді жеткізген де осы сөз! Рас, ол кезде солай деуші едік, енді не дер екенбіз?! (Басын ұстап отыра кетеді.) Неткен ауыр өкініш еді бұл?

Василий мен Арман келеді.

Ольга. Менің нақ сүйеріммен танысыңыз.

Василий (Лағылмен қол алысып). Виноградов.

Лағыл. Дулатова.

Ольга (іле). Яғни Думан Дулатовичтің қазіргі зайыбы.

Василий (күлімсіреп). Оля! Сен сәл жаңылып отырсың. Думанның қарындасы де.

Ольга. Қайталап айтайын, Думан Дулатовичтің зайыбы.

Василий (оның өңінен әлденені көргендей, қадала жақындайды). Оля! Саған не болды?

Ольга. Мен кінәсіз болсам да, сенен кешірім өтінемін.

Василий. Не үшін?

Ольга (әр сөзін үзіп - үзіп). Мен сені алдаппын, Вася!

Василий. Қалай?

Ольга. Арманның әкесі тірі екен. (Арман шешесіне жетіп келеді де, сұрауға бата алмай, тұрып қалады.)

Василий. Ольга, сен не айтып отырғаныңды сеземісің?

Ольга. Жақсы сеземін.

Арман. Сонда қалай, менің папам рас тірі ме?

Ольга. Ах! Арманым! Не дермін саған, күнім?!. Әлде... Әлде... Жоқ!. Жоқ! (Василийді нұсқап, булыға сөйлейді.) Міне, міне сенің әкең!

Василий. Тоқташы, Оля! Айтпашы ондай арзан үкімді. Не боп кетті мына дүние? Жарқыраған күн де күнгірт, күннен де нұрлы көрінетін сен де күңгірт, бұл қалай? Әлде менің күн дегенім - түн, нұр дегенім жалтыраған бояу ма еді?

Ольга. Сөзіңе де, ойыңа да түсіндім, Вася! Мен жазықсыз жазаланудың мұнан да зорын көрген жанмын, өтінемін, тоқтат мына күдігіңді, тоқтат тезінен!

Арман (шешесін құшақтай алып). Бұл не, мама?

Ольга (тұңғыш рет жасқа булығып). Ах, Арманым! (Баласын құшақтайды.)

Шымылдық.

ҮШІНШІ ПЕРДЕ

Үшінші сурет

Сабырдың кабинеті.

Перде ашылғанда Сабыр телефонда біреумен сөйлесіп отыр.

Сабыр. Жолдас Саумалбаев! Мен әлдекім емес, аудан басшыларының бірі есебінде сізбен сөйлесіп отырмын ғой, сондықтан... (Телефон үзіледі, Сабыр телефонға күле қарап.) Сіз телефонның трубкасын емес, өзіңізді лақтырып отырсыз, жолдас Саумалбаев. (Телефон шылдырайды. Сабыр тыңдап.) Мен тыңдап тұрмын. Иә... иә... Ғапу етіңіз, Мен өзімді тойға шақырушы бикештің кім екенін біле алмай сорлап отырмын.Сіз Думанның мен білмейтін қайдағы қарындасы едіңіз? Атыңыз кім?.. Ым... Сонымен Думан осы сапар Ошағанның орнына бастық болып келеді, сіз сол үшін жасайтын тойыңызға мені де шақырып тұрсыз, ә?.. Ал егер сіз Думанның қарындасы болмай, Ошағанның балдызы болсаңыз, қай үйге барайын? Қанша құбылтқаныңызбен, даусыңызды өзгерте алмадыңыз, көмейіңізге зақым келер, қош болыңыз. (Телефонды тастай салады.) Ex, Ошаған! Ошаған! Мансабыңа қорған етерін осындай ұсақ қулық. Оның өзі де алысқа бармайтын шоп-шолақ. (Ойланып.) Санасы саяз мансапқор адамның жаманшылықты талғамайтыны неліктен екен осы? Әлде мансап деген ар-ұжданды буып тастайтын сондайлық бір сиқыр ма? (Кіріп келе жатқан Думанды көреді де, қолын ұсына түрегеледі.) Қалай құттықтауымызға бола ма?

Думан (ызалы күлкімен мырс етіп). Болады, әбден болады, тек басқаны емес, билетімді ғана құттықта. (Әлденені асыға жаза бастайды.)

Сабыр (аңырып). Билетің не?

Думан. Мен бүгін партбилетімнен айрылып қала жаздадым.

Сабыр, Себеп?

Думан. Не себеп екенін білмеймін, мені кеше ғана партияның осы аудандағы ең адал ұлы деп мақтаған Саумалбаев бүгін жаудай көріп қытығыма қатты тиді.

Сабыр. Не үшін?

Думан. Әнеугі хат үшін. Мен бұл хатты жазған ол дүниедегі Ольга Галкина емес, осы дүниедегі тірі өліктердің бірі болуы да мүмкін деп едім, әйеліңнің тірі екені жұрттың бәріне мәлім болса да, сен партиядан әлі де жасырасың, ә? - деп, зіркілдей жөнелді. Оның сол бір дөрекі сөздеріне шыдай алмай, тілдің тиегін мен де ағыттым. Құртамын да жоямын деп ол қалды. Ол заман өткен, аққа зауал енді жоқ деп, мен кеттім.

Сабыр. Бұл не, келе жосылтып отырғанын?

Думан (әлі жаза отырып сөйлейді). Осындағы тәуір үйлердің тізімі.

Сабыр. Оны қайтесің?

Думан. Жаңа совхоздың адамдары келе жатыр. Саумалбаев солардың екі жүзін осы колхозға орналастыруды маған жүктеді. Көрдің бе? Ошағанның жүгін маған артып отырған қысасын.

Сабыр. Қысас?!

Думан. Иә! Оның ойынша екі жүз адамды бір колхозға орналастыру мүмкін емес.

Сабыр. Сонда қалай? Егер солардың қайсыбірі орналаса алмай реніш туғыза қалса, сол үшін сені соқпақ па?

Думан. Нақ солай. Ал мен достарымыз келгенде үйлеріміздің төрт есе кеңейіп кеткендігін көрсетіп өзін соқпақпын. Мә, қарап жібер! (Жазып отырған қағазын Сабырға береді де, екінші бір қағазды жаза бастайды).

Сабыр (қолындағы қағазға қарай отырып сөйлейді). Еленіп ескерілмеген аурудың өлімге апармайтыны жоқ. Жаманшылық та сол секілді екен. Сондықтан Көсеубаевты тезінен емдемесек болмас.

Думан (жаза отырып сөйлейді). Сақтан! Бірінші секретарь бүгін демалысқа кетті. Ауданды басқаратындардың ендігі беделдісі Саумалбаев. Саумалбаевты басқаратын - әйелі Танаш, Танашты басқаратын - Ошағанның әйелі мен саудагер балдызы.

Сабыр. Айтпақшы, сенің бір қарындасың Ошағанның орнына бастық болғаның үшін жасайтын тойына шақырды. Ол қайдағы қарындасың?

Думан. Менде қарындастың ондай ақымағы түгіл, ақылдысы да болған емес.

Сабыр. Сонда мені тойға шақырушы кім?

Думан. Біздің колхозда мұндай ұсақ қулыққа баратын Ошағаннан басқа кім бар? Балдызын барлаушы етіп отырған сол болар.

Сабыр. Сен бұл тізіммен не істемексің?

Думан. Өзім жағалай жүріп көзбе-көз әзірлетемін.

Сабыр. Жоқ, олай етпе! Үй әзірлеумен бірге оларды қалай қарсы алуды да кеңесейік, ол үшін сен қазір радио торабына бар да жұртты мәдениет сарайына шақыр.

Думан. Ол да жөн екен. (Жазып отырған қағазын ұсынып.) Мынаған қол қойып жібер, мен кетейін.

Сабыр. Бұл не?

Думан. Лағыл менің телеграммаларыма жауап қатпай қойды, енді сенің атыңнан бермесем болар емес.

Сабыр ол берген қағазды ішінен оқып шығады да, қол қояды, Думан сомы алып кетеді. Аздан соң, Ошаған келеді.

Ошаған. Рұқсат па екен?

Сабыр. Сіз өз әйеліңізден басқадан рұқсат сұрамаушы едіңіз, қашаннан бері мұндай тәртіпті бола қалғансыз?

Ошаған. Мен кімді жақсы көрсем, рұқсатты сонан ғана сұраймын. Айтпақшы, менің сол әміршім саған телефон соқты ма?

Сабыр. Жоқ, ол кісінің менде не жұмысы бар екен?

Ошаған. Балдызым да соққан жоқ па?

Сабыр. Жоқ.

Ошаған. Онда кешкі сағат жетіде біздің үйге келе қал!

Сабыр. Не үшін?

Ошаған. Бүгінгі күн - балдызымның туған күні, соның құрметіне арнаған екі-үш кісілік қана тойымыз бар.

Сабыр (барлай қарап, мысқылмен). Балдызыңыз мені басқа бір тойға шақырған еді, сіз оның туған күніне шақырасыз, алдымен қайсысына барсам екен?

Ошаған (өтірік аңқауланып). Басқа той?!

Сабыр. Иә, ол Думанның сізді құлатып, орныңызды тартып алатынына сенетін секілді, сол үшін той жасамақ.

Ошаған (күле сөйлеп). Менің орнымды тартып алатын Дулатов па, ол үшін той жасайтын менің балдызым ба? Онда алжасқан екенсіз, достым.

Сабыр. Ошаған Көсеубаевич! Мен балдызыңызды не үшін Думанның қарындасы етіп сөйлеткеніңізді жақсы білемін. Сондықтан мені арбап қайтесіз?

Ошаған (сасқалақтап). Аллам сақтасын, ол не дегенің? Біз сияқты адал достар бірін-бірі арбаса дүние не болмақ!

Сабыр. Өзге дүниені қоя тұрып, өз кеудеміздің тозбауын ойлайық та.

Ошаған. Соны ойлағандықтан ғой, сені тойға шақырып отырғаным. Келмей қалып, сөгіс алып жүрме. Сұлу қыздан сөгіс алу ескертуі тіркелген қатаң сөгістен кем болмайды.

Сабыр. Құрметтеріңізге рақмет. Ауданнан келіп үлгере алмасам, айып етпессіздер.

Ошаған. Үлгір, үлгіресің. Айтпақшы, ауданға бара қалсаң, есіңде болсын: Саумалбаев жолдас: «Дулатовтың қылмысын Сабыр біле ме?» - деп еді, мен: «Білмейді» - дедім. Егер сұрай қалса, өзің де солай де.

Сабыр (мырс етіп). Немене, өтірік айтыңдар деген нусқау алып па едіңіз?

 

Өнер қайраткерлерімен бірге. Отырғандар: А Жұбанов, С. Майқанова, Ә. Әбішев. Тұрғандар: Б. Досымжанов, Ә. Мәмбетов, X Бөкеева, Р. Жаманова, Ш. Жандарбекова, Б. Кошманбетов, Д. Төлебаева, С. Мұхаметжанов, К. Кенжетаев.

 

Сұхбат. А. Сафроков, М. Базарбаев, Ә. Әбішев, Ә. Мәмбетов.

 

«Намыс гвардиясы», генерал Панфилов ролінде – К. Қуанышбаев.

 

«Намыс гвардиясы» спектаклінен көрініс. Жамбозов - С. Оразбаев, Намысұлы - Ә. Молдабеков, Мейрам - Р. Сейтіметов, Нина - Т. Тасыбекова.

 

«Достық пен махаббат» спектаклінен көрініс. Сәуле - X. Бөкеева, Сайран - С. Телғараев, Тайман - С. Қожамқұлов, Шекер - Ш. Жандарбекова.

 

«Достық пен махаббат». Сәуле - X. Бөкеева, Темір - Ш, Айманов.

 

«Достық пен махаббат» С. Қожамқұлов – Тайман ролінде.

 

«Достық пен махаббат». Бөлекбас - Қ. Қәримов, Мирон - Әділшінов, Темір - Ш. Айманов, Мырқал - Е. Өмірзақов, Сәуле, - X. Бөкеева, Абзал - Қ. Бадыров.

 

«Белгісіз батыр». М. Сүртібаев - Тағдыр ролінде.

 

«Белгісіз батыр». Зура - Р. Машурова, Иман - P. Сейтіметов, Дүрмек - А. Жолымбетов, Мардан - Ш. Мусин, Жанжар - Б. Римова, Жандос - С. Оразбаев, Самал - Г. Әспетова, Гүлзар - З. Досанова.

 

«Мансап пен Ұждан». Бағлан ролінде – Ы. Ноғайбаев, Арман ролінде – А. Әшімов.

 

К. Қармысов – «Күншілдік» спектакліндегі Кериман ролінде.

 

«Күншілдік» спектаклінен көрініс. Назгүл – З. Досанова, Мерей – Н. Жантөрин.

 

«Нұрлы жаңбыр» спектаклінен. Мұхит ролінде – Д. Жолжақсынов. Мәдина ролінде – Д. Кәденова.

 

«Нұрлы жаңбыр» спектаклінен көрініс. Гакку - Ғ. Әбдіналиева, Арман - Н. Жақыпбаев, Бағлан - М. Бақтыгереев, Ғалым - Т. Айтқожинов, Заузат - Р. Хаджиева.

 

«Нұрлы жаңбыр». Бағлан - М. Бақтыгереев, Мұхит - Д. Жолжақсынов.

Ошаған. Қылжақты қой да, ойлан, достым. Сен Дулатов үшін тектен текке мерт болғалы жүрсің. Өзіңе Саумалбаев жолдас телефон соқты ма?

Сабыр. Иә, соқты. Оның бізге таққан айыбы не, сұраған материалы не?

Ошаған. Бізді Дулатовтың қылмысын бүркеп, мінездемені өтірік мақтап бергеніміз үшін айыптайды. Сұрайтыны сол мінездеменің орнына мынау... (Бір қағаз береді.) Қолыңды тезірек қойып жібер.

Сабыр (ішінен оқып шығады да, Ошағанға кектене қадалады). Осыдан бір жеті бұрын партбюроның Дулатовты мақтап берген мінездемесіне қол көтергеннің бірі сіз емес пе едіңіз?

Ошаған. Иә, менмін. Оны жасырған кім бар?

Сабыр. Енді өшіге, өршелене жазған мынауыңыз немене?

Ошаған. Сұрауыңа сұрау. Неге біздер Дулатовтың өзін өзі өлді деп жариялап, әйелі мен баласын адастырып кеткен қылмысын жасырамыз? Неге біздер сау басымызға сақина тілейміз?

Сабыр. Дулатовты мақтап қолыңызды көтерген кезде, сол әйелдің хаты қалтаңызда емес пе еді?

Ошаған. Иә, қалтамда болатын, оны да жасырман.

Сабыр. Енді не үшін лай судан балық аулап жүрсіз?

Ошаған (ызаланып). Сендер - мені адастырған, сендер! Сендерге қарсы келе алмай көтерілген қолым енді өзіме шоқпардай сөгіс әпергелі тұр.

Сабыр. Дулатовты ұрланып барып ұрып, енді сол ұрлығыңызды (қағазды көтеріп.) мынамен бүркемексіз, ә?

Ошаған (ашумен атып тұрып). Не дейсің? Сен өзің кіммен сөйлесіп тұрғаныңды сеземісің?

Сабыр. Мен ең ақыры қулығы мен сұмдығы да жаңармай баяғы қалпында қалған, бар жақсылықты жаманшылықтан іздейтін, достықты да, жолдастықты да, адамшылықты да ақшамен сатып алғысы келетін, мансабы үшін саудаға ұжданынан бастап балдызының туған күніне дейін салатын Ошаған Көсеубаевичпен сөйлесіп отырмын. Ең соңғы айтарым мынау! (Жаңағы қағазды жыртып-жыртып лақтырады.)

Ошаған (қағазды тере жүріп сөйлейді). Құрыдың, достым, құрттың өзіңді. Мен сені ертең райкомның алдында дәл осы қағаздай талқандап, колхоздан қуамын, азық-түлігіңді сайлай бер. (Ол есікке жеткен кезде қарсы алдынан Демаков келіп кіреді. Ошаған тез өзгере қалып, оның қолынан ұстай алады.) Сәлем, Аркадий Аркадьевич! С приездом! Қашан келдіңіз?

Демаков (көңілсіз). Кеше кешке.

Ошаған. Үй ішіңіз тегіс аман ба, бәрін де есен-сау әкелдіңіз бе?

Демаков. Бәрі де аман. (Сабырмен қол алыса бере.) Мен сіздерге бөгет жасаған жоқпын ба?

Сабыр. Дәл осы сәттегі жұмысымыз өсек тыңдау ғана. Оны бөгегеніңізге рақмет.

Демаков. Онда жұмыстарыңыз ауыр екен.

Сабыр. Ойлап қарасаңыз, шынында ауыр.

Демаков. Өсектің кімге ауыр, кімге жеңіл екенін Ошаған Көсеубаевич екеуміз ойланбай-ақ білеміз. Өйткені біздер оның мектебінен көбірек өткендерміз, солай емес пе, Ошаған Көсеубаевич, ә?

Ошаған (түсіне алмай қалып). Әрине, әрине.

Демаков. Көрдің бе, жолдас секретарь! Ошаған Көсеубаевичпен біздер өте ұсақ адамдармыз, бірақ естеріңізде болсын, біреуге жаманшылық істеу үшін алып батыр болудың қажеті жоқ. Соның бір айғағы мынау. (Төс қалтасынан. 1-суреттегі пакетті алып Сабырға берді. Ол пакетті алып ішінен оқи бастайды.)

Ошаған (Демаковты оңашалап). Бұл - өмірден түңілгендердің сөзі ғой. Сіз мұны неліктен айттыңыз екен?

Демаков. Демім бітуге тақалған болу керек, соңғы кезде осылай сөйлесем ғана рахаттанамын.

Ошаған. Қаным мұздап кетті, ондай сөзді айтпаңызшы, Аркадий Аркадьевич!

Демаков. Қорықпай - ақ қойыңыз, ақтық деміңіз бітуге тақалғанмен, сіз әлі көп жасайсыз.

Ошаған. Айтқаныңыз келсін. А, айтпақшы қағыс естімесем, сіз маған ақтық демің тақалды дедіңіз - ау осы. Сол сөзіңіздің астары қалай?

Демаков. Деміңіздің қанша қалғанын байқайын, шыныңызды айтыңызшы, колхозыңыздың іргесінен жаңа совхоз орнайтын болғанын естігенде қайттіңіз?

Ошаған. Не қайтетіні бар? Біріміз емес, бәріміз де қуандық.

Демаков. Колхоздың жері кетеді деп, Дулатовтың бұл идеясына сіз қарсы едіңіз ғой, енді өзіңіздің жеңілгеніңізге қуануыңыз қалай?

Ошаған. Ол жеңілу емес, түсіну. Түсінбеген кезімде қарсы едім, енді түсіндім.

Демаков. Түсінсеңіз, бүгін сол совхоздың директоры ертең екі жүздей жұмысшылары келеді, осы алғашқы келген топты орналастыру сіздің колхозға тапсырылып отыр. Бос сөзді қойып, енді соны кеңесейік.

Сабыр. Иә, сіздер соны кеңесе беріңіздер, мен ауданмен сөйлесе сала қазір келемін. (Кетеді. Сол кезде радиодан Думан мен. бір қыздың даусы естіледі.)

Қыз. Қош келдіңіз, Думан аға!

Думан (ентіге сөйлеп). Рақмет, қалқам. Қане, қасыма отыра қал, екеуміз колхозшылардың қуанышын еселейік.

Қыз. Өзіңіз өте қуаныштысыз ғой. Әлде Арман келді ме?

Думан. Арманның өзі келмесе де, екі жүздей ағалары мен апалары келе жатыр.

Ошаған (тістене сөйлеп). Сандалыпсың. (Радионы тоқтатып тастай сала Демаковқа жылмия қарай қалып.) Қалай, Аркадий Аркадьевич! Менің әнеугі хатымды жеріне жеткіздіңіз бе?

Демаков (күрсіне сөйлеп). Өз ойымша тиісті жеріне дәл жетті.

Ошаған. Аркадий Аркадьевич! Шынымды айтайын, мен бүгін сізді танымай қалдым. Үніңіз де, өңіңіз де көрден шыққандай, бұл не? Әлде Дулатовтың мен жасырды, сіз атылды деп жүрген әйелі бір-ақ адам болып шықты ма?

Демаков. Иә, бір-ақ адам, бір-ақ адам! (Столды ұрып.) Сәуле молайған сайын көлеңке азая түседі, сондықтан сіз екеуміз сияқтыларға, кімнен болса да, қорғанатын кез жетті.

Ошаған. Сіз не үшін мұнша күйінесіз осы? Әлде ол әйелдің айыпталуына кінәлі сіз бе едіңіз?

Демаков (столды тағы ұрғылап). Менмін, Мені Мен?

Ошаған (ойлана сөйлеп). Аркадий Аркадьевич! Мені өзіңіздің сенімді досыңыз көріп, осындай құпия сырыңызды жасырмай айтқаныңызға рақмет. Соның орайына мен де сізге бір құпия сырымды, жан баласына айтылмаған, айтылмайтын сырымды ашайын. Сіздің басыңыздағы дәл осы лаң менің басымда да бар. (Қол алысып). Келіңіз, бірігіп қарсы әрекет жасайық.

Демаков. Сіз не істеп едіңіз?

Ошаған. Кешеден бері ойлап қарасам, ол әйелдің Думаннан адасып қалуына себепкердің бірі мен екенмін.

Демаков. Қалай?

Ошаған. Мен бір кезде Думанның шешесінің атынан ол әйелге хат жазған едім.

Демаков. Не үшін?

Ошаған. Дулатовты менің балдызым да сүюші еді, әрі соның, әрі шешесінің тілегін тастай алмағаным.

Демаков. Егер сіз Думанның тірі келгенін хабарласаңыз ғой, ол әйелдің мұндай бақытсыздыққа ұшырамауы да мүмкін, ә?

Ошаған. Оған сөз бар ма!

Демаков. Неткен жауыз едіңіз!

Ошаған. Құрметтім, бізде дос адамдар бірін-бірі жауыз демейді. Ондай сөзді маған айтпауыңызды өтінемін.

Демаков. Бар адамның достығы сіз екеуміздің достығымыздай болса, дүние не болар еді? Тағылар дүниесі болар еді!

Ошаған. Солай ма? Онда мен алжасқан екенмін.

Демаков. Алжасу аз. Ертең ол әйел келіп, хатыңызды алдыңызға жайып салады, сол кезде сіз тірідей жерге кіресіз.

Ошаған. Сізге де женіл тимес, бірімізді - біріміз қажап қайтеміз. Онан да алдын ала қам жасайық та.

Демаков. Бақытты басқанын қайғысынан табатындарға барлық жол жабылған.

Ошаған. Егер ол әйел келе қалса, сіз бен біз бүкіл жұрт алдында масқара боламыз. Тіпті сотталуымыз да ғажап емес. Сондықтан қалай да оны келтірмеудің жолын тапқанымыз жөн емес пе?

Демаков. Келтірмеудің жолы?! Қандай?

Ошаған. Менде бір ой бар, бірақ айтудың өзі қорқынышты.

Демаков. Сіз тайынатын енді ештеңе жоқ, айта беріңіз.

Ошаған. Поезд бұл жерге тан ата келеді ғой.

Демаков. Иә, поезд таң ата келеді, сонан соң?

Ошаған. Шіркін дүние!.. Станциядан бергі елсіз далада сіз екеумізге жолды кеңірек ашатын екі-үш кісілік қана бар авария жасала қалса!.. Жазасын Дулатовтың тартатынына мен кепіл болар едім.

Демаков (оның алқымынан ала түсіп). Ах, оңбаған! Сен мені кісі өлтіруге де итермек пе едің?

Думан кіріп келеді.

Думан. Бұл не? Ойын ба, жанжал ма?

Ошаған (саспастан). Жәй әншейін... Мына жолдас ертеде өзінің бір ақымақ досын қалай сығымдағанын көрсетіп тұр. Танысыңыздар. Ауданымыздың Думан Дулатович дейтін мақтаны осы. (Кетеді. Думан Демаковқа жақындайды.)

Демаков (сәл езу тарта қол ұсынып). Сіз мені танымай тұрсыз ба? Ертеде бір-екі рет көріскен едік қой.

Думан. Иә, көріскенбіз. «Мен ондай опасыз әйелдің байымен сөйлесетін ақымақ емеспін!» - деп, кабинетіңізден айдап та шыққансыз.

Демаков. Олай деген мен емес, арақ болар...

Думан. Шынында да, ол күні сіз мас едіңіз. Екінші рет барғанымда, адамша қабылдап, барлық жайды жақсы баяндап бердіңіз. Бірақ сол айтқандарыңыздың тағы да бекер болып шыққаны түсініксіз.

Демаков. Маған бәрі де түсінікті. Сондықтан да мен қазір ар азабын тартудамын. Сондықтан да мен сізден кешірім сұрай келдім.

Думан. Менен бе?

Демаков. Иә, сізден. Айтып арымды тазаламасқа лажым жоқ. Зұлымдықтан емес, қорқақтықтан сіздің Арман дейтін балаңыздың шешесінен айрылып, жеті жыл жетімдік көруіне себепкер болғанның бірі менмін.

Думан. Не дейсіз?.. А, ол бала қазір қайда?

Демаков. Шешесі мен өгей әкесінің қолында.

Думан. Сіз оны қайдан білесіз?

Демаков. Осы сапар өз көзіммен көріп келдім. Шешесі айдаудан биыл келіпті.

Думан. Айдаудан?! (Барлық ашу - кегімен қадалады.) Сіз бе едіңіз оған жала жабушы?

Демаков. Оған жабылған жаланы ойлап табушы - Захаров дейтін біреу де, соның қорқытуымен айтушы - мен сияқты қорқақтар.

Думан. Өзіңізді өзіңіз аяп, лағынеттер деудің орнына қорқақтар деуіңіз де, енді келіп, кешірім сұрауыңыз да зұлымдық емес пе?

Демаков. Мен зұлым аталмай өлуді көксеп жүрген адаммын, сондықтан, өтінемін, сол сөзді айтпасаңыз екен.

Думан. Мұны сізге айтпайтын жер бетінде ешкім болмас, оны естігіңіз келмесе, жердің астына кетіңіз.

Демаков. Жердің үсті болмаса, астына баратын жолды өзім де табамын, қош болыңыз. (Кете бара топтан.) Тек, қапы қалмаңыз. Ольганы станция басынан қарсы алмасаңыз, мәңгі көре алмауыңыз да мүмкін.

Думан (қасына жетіп келеді). Сіз тағы да не сұмдықты айтып тұрсыз?

Демаков. Барлық сырымды сізге айтуға міндетті емеспін. Кешікпей кездесеміз. Әзірше қош болыңыз. (Шығып кетеді.)

Думан (Арманның өзін көріп тұрғандай болып сөйлейді). Арманым! Күнім! Мен өмірден із-түзсіз өттім деп жүрсем, болашағым сен бар екенсің ғой. Мен неткен бақыттымын! Тек сен бір шындықты айтшы, ботам! Сен өзіңді арман етіп, өмір бойы аңсаған мендей әкең барын білесін бе? Әлде сонау егей әкеңді «Папа - папа» деп жүрмісің? Жоқ, әлемдегі барлық жала топан болып басса да, Ольганың сені басқаның баласы етіп өсіруі мүмкін емес! (Ойланып.) Бірақ, ол енді қайтер екен? Сені маған берер ме екен. Егер де ол сені өзіме бермеу үшін қайта қосылуымызды шарт етсе, мен қайттым? Жоқ, ол мұндай іске бармайды, өйткені ол адал махаббаттан жаралған-ды.

Ошаған (кіре беріп). Аркадий кете қалған ба? (Қайта жөнеледі.)

Думан (іле дауыстап). Сіз бір сұрауға жауап бере кетіңізші.

Ошаған. Тез айт, асығыспын.

Думан. Дәрмені азайып, беделі кете бастаған басшысымақтардың қайсыбірі, жас тоқалы бар шал секілді, жұрттың бәрін өзіне жау көреді. Соның себебі не?

Ошаған. Оны мен қайдан білейін?

Думан. Жасырмаңыз, сіз мұны жақсы білесіз.

Ошаған. А, сенің жас тоқалы бар шалдай көріп отырғаның мен бе едім?

Думан. Иә, сіз. Сіз колхозды басқару қолыңыздан енді келмейтінін дұрыс түсінсеңіз де, мені өзіңізге төнген қатер көріп, адасып жүрсіз. Сіз мансабыңызды қорғау үшін, неден болса да тайынатын емессіз. Жоқ, Ошеке, кеудеңізге ұялаған пасық ойлардың барлығын лақтырыңыз. Осы еді сізге айтпағым.

Ошаған (кекесін түрде). Ол әміріңізді орындайық. Ал, өзің коммунистерді пасық деуді қашан тоқтатасың?

Думан. Есіңізде болсын, шын коммунистін социалистік саясы болады. Ал сіздің киімдеріңіз жыл сайын жаңарғанымен, санаңыз баяғы қалпында.

Ошаған (ызамен қарқылдап күліп). Күлемін - ау, күлемін! Бұрынғы байлардың салтын қуып, әйелдерді үйір - үйірімен аласың. Өзіңді-өзің өлді деп жариялап, бір әйеліңді баласымен адастырып, Москваға тастап кетесің, оны партиядан да, халықтан да жасырасың. Онан кейіп біреудің жап-жас, әп-әдемі бүлдіршіндей қызын аласың да, бала көтеруге денсаулығы нашар деген сылтаумен оны тағы да тастамақсың. Сеніңше, соның бәрі социалистік сана, ә? Күлемін - ау!..

Думан (өзін-өзі күшпен тежеп). Сізше, мен бала таппағаны үшін Лағылды тастаймын, ә?

Ошаған. Білемін, анау әйеліңді не оймен іздетіп жатқаныңды. Білеміз...

Думан (сөйлей түрегелді). Жоқ, Ошаған Көсеубаевич! Сіз бұрынғы білетіндеріңіздің өзінен де айрылып, шашыңыз ағарған сайын ниетіңіз қарая түскен адамсыз. Мен адамның сыртынан гөрі ішіне көбірек үңілемін. Коммуниспін деп, тіліңізді қанша безесеңіз де, жүрегіңіздің бұзықтықты тілеп соққанын көріп тұрмын. Ондай жүрек ұзаққа бармайды, сақтаныңыз.

Ошаған. Өзің сақтан, өзің! Сен жар басында тұрсың. (Кете бергенде, қарсы алдынан Жарқын кіріп келеді. Ошаған шашына қалбалақтап.) А, шеше, төрлетіңіз, мұнда отырыңыз.

Жарқын (ол ұсынған орынға отыра беріп). Кепкең тым шалқайып кеткен екен, құрметіңнің қайыры бола қоймас.

Ошаған. Кепкем - кебінім болса да мейлі. Мен мына балаңыздың кінәсін айтып, сізге жүгінгелі отырмын.

Жарқын. Жүгін, жүгін! Жүгінер кезің жетті. (Думанға.) Облыстан бір әйел телефон соғып, саған сәлем айтты. Сенің майдандас бір досың директор болып осында көшіп келе жатқан көрінеді. Кешке қарай барады, мүмкін болса, оларды өз үйіне түсірсін, жеке бөлме әзірлесін деді.

Думан (ойланып). Ол кім болды екен? Фамилиясын айтқан жоқ па?

Жарқын. Кузатов деді ме, Гулатов деді ме, әйтеуір сол екеуінің бірі.

Ошаған. Ал, шеше, сіз әрі тәтті көршісіз, әрі екі үйге бірдей анасыз. Сіз маған...

Жарқын. Аулақ... Өсекті қатыны мен балдызы үйден өрбітсе, өзі кезіп жүріп түзден теретін сендерге мен ана емеспін, аулақ әрі!

Ошаған (тілі салақтап). Сіз, сіз... Мені, менің үлгілі семьямды так не оскорбляй, пожалуйста!

Жарқын. Сен жүзіқара, сөйлеме маған!

Ошаған. Жүзіқара деген сөз сұрқия әйелдерге ғана айтылады, сіз мені олай қорламаңыз, жолдас...

Жарқын. Сен өзіңнің сол сұрқиялардан да сорақы екеніңді сезбейсің - ау.

Ошаған (сииумен). Ай, Думан! Шешеңді осындай тәртіпсіз етіп өсіргенің үшін сен ертең райкомның алдында жауап бересің, ұмытпа осыны! (Кете береді.)

Жарқын. Сен екеуміз әлі соттың алдына да барамыз, оны сен де ұмытпа.

Ошаған (үрейленгенін сездірмеуге тырысып). Сіз немене, қартайған шағыңызда жалақор атанайын деп пе едіңіз? Жоқ әлде ақылыңыздан алжастыңыз ба? Сол не?

Жарқын. Алжасуым мүмкін. Өйткені сенің бұдан тоғыз жыл бұрынғы бір қара қаламын қанжар болып елестейді.

Ошаған. Ше - ше!

Думан. Апа! Қаламыңыз не?

Жарқын. Әлгі секретарь бала қайда? Шақыршы соны.

Демаков пен Сабыр келеді.

Ошаған. Е, бұл кісілердің құпия кеңестері бар екен, менің кабинетіме барайық.

Жарқын. Жоқ. Бұрын құпия болғанымен енді жария. Секретарь балам! Саған айта келген арызым, ашқалы келген сырым бар. Баршаңыз да тыңдаңыздар! Баласынан кешірім сұраған ананы көрген де, естіген де емес едім, енді өзім сұрағалы отырмын, соны да тыңдаңыздар!

Думан (таңдана қарап). Сіз менен кешірім сұрамақсыз ба?

Жарқын. Иә, сенен, сенен! Кеш мейлің, кешпе мейлің, сенің Арманыңнан адасып қалуыңа кінәлінің бірі менмін.

Думан (таңдана түсіп). Қалайша?

Жарқын. Адасқан адамға қалай адастың дерің бар ма? Ол кезде менің надандығым сондай; орыс келіні бар абысындарымның бетіне қарауды да күнә көретінмін.

Думан. Әлі түк түсінгенім жоқ.

Жарқын. Бұдан тоғыз жыл бұрын сол орыс келін хат жазған болатын. Ол кезде сенің дүниеде бар-жоғын өзіме де аян емес еді.

Думан. Тоғыз жыл бұрын! Иә, ол сізге не жазыпты?

Жарқын. Бала қыздың майданға аттанарда айтқан бір үлкен тілегі бар еді, сол борышымды өтейін, немереңізді апарып көрсетуге рұқсат етіңіз депті.

Думан. Ал сіз оған не дедіңіз.

Жарқын. Мен алғыс айтып шақырудың орнына, осындағы бір жәдігөйлердің тілімен: «Баламды дінінен бездіріп, аздырғандарыңмен қоймай, ажалына себеп болған сенсің!» -деп, бар қарғысты басына үйіп-төгіп хат жаздым. Сонан қайтып ол хабарласқан жоқ.

Сабыр. Шеше, бір шындықты жасырмай айтыңызшы, сізге сол хатты жазып берген Ошаған екені рас па?

Жарқын. Айтпасқа берген антым бар еді, амал жоқ... мені азғырып адастырған да, сол хатты жазған да осы. (Ошағанды нұсқап.) Осы жүзіқара. (Ошаған сылқ етіп отыра кетеді.)

Демаков. Ал, Ошаған Көсеубаевич! Поездың келер мезгілі өтіп кетті, сондықтан ендігі авария сіздің үйде болғалы тұр.

Думан. О, сұмдық! Мен не естідім, кімнен, нені естідім! Осыны айтып отырған анық менің өз шешем бе? Егер сол қарғысты айтқан өз тілім болса, кесер едім, сол хатты жазған өз қолым болса, шабар едім. Енді амалым қайсы? Айтыңдаршы, амалым қайсы?

Сабыр. Ошаған Көсеубаевич, сіз екеуміз райкомға баратын болдық, жүруге әзірленіңіз.

Ошаған (үрейлене сүмірейіп түрегелді). Райкомге?! He үшін?

Сабыр. Сіз немене, қолға түскен ұрыдай қалтырап кеткеніңіз! Әлде зұлымдықтың түбі апат екенін жаңа ғана білдіңіз бе?

Ошаған (соңғы рет айбат шегіп). Не дейсің? Кім сенің ұры көріп тұрғаның? Сен бұл сөзіңнің ертең өзіңе шоқпар болып тиетінін сеземісің?

Сабыр (Демаков берген пакетті суырып алып). Мына хатыңыздан кейін мен сізді дұшпан деуге де әзірмін.

Өйткені, сіз бұл хатыңызда Дулатовты қаралау үшін жерімізді өтірік жамандаймын деп партияның тың көтеру жөніндегі саясатына жала жапқансыз. Есіңізде болсын: кім де кім партиямыздың саясатына кір келтірсе, біздер оны керуен талап, мал ұрлайтын ұрыдан да бетер таптаймыз.

Шымылдық.

ТӨРТІНШІ ПЕРДЕ

Төртінші сурет

Думанның үйі. Жан-жағында көрші бөлмелерге кететін, сырттан кіретін, бақшаға шығатын бірнеше есігі бар орталық бөлме. Перде ашылғанда Жарқын орындықтардың шаңын сүртіп, өзімен өзі сөйлеп жүр.

Жарқын. Е, жалғыздық, жалғыздық! Кәрілік бейне кісен болса, сен бір самалы жоқ қапассың - ау! Қалай, қалай құтылармын сенен! Жұмыс істеуге күшім жетпейді. Үйде отыра берейін десем, күн батпайды. Өмірдің маған артқан ендігі бар сыйы осы ғана болғаны ма? Жоқ, әлде, Арманым табылып, менің үйімнің де базары басталар ма екен? (Сырттан машинаның келіп тоқтаған дыбысы естіледі.) Ойбой, алжасқан басым - ай Немерені ойлаймын деп, ұлыма тамақ әзірлеуді ұмытып кетіппін ғой!

Жүгіре басып ас үйге кетеді.

Аздан соң Лағыл келеді.

Лағыл. Апа, сүйінші! (Өз даусынан өзі шошынғандай, селт етіп, кенет суи қалады да, жан-жағына қарайды.) О, ғажап! Енді өз үйім өзіме жат, тіпті апа деген сөзім де жат бола қалды. Бұл қалай? (Пианиноның үстінде тұрған Думанның суретіне көзі түсіп, Думанның өзін сағынып көргендей, тұра ұмтылады.) Думан! (Суретті қолына алып). Думаным! Мен сенің жоғалған бақытыңды, Ольгаң мен Арманыңды тауып әкелдім, сен оларды қазір көресің де шаттанасың. Ал мен ше? (Ашына қайталап.) Мен ше? Құн болып, сенімен бірге күлемін бе? Жоқ, әлде, күл болып, мүлдем сөнемін бе? Өз жүрегімді өлшеу етсем, сенің ең сүйерің - мен емес, Ольга! Өйткені тұңғыш махаббаттың жалыны кіршіксіз болса, ол сөнуді білмей, мәңгі маздайды екен. Мен оны өзімнен, өзімнің сені сүйген жүрегімнен көрдім. Енді қайттым?

Өмірімдегі жалғыз күнім сені қалай қиярмын? Ал өз өміріңмен бірге сөніп, өз жүрегіңмен бірге көмілетін мені сен қалай қаярсың?

Жарқын (жүгіре шығып). Ботам - ау, аман-есен келдің бе? (Бетінен сүйеді.) Өзің Москваға барамын деп, тіпті ажарланып кетіпсің ғой?

Лaғыл. Өңім ғана емес, кешікпей жаным да ажарланып кетуі мүмкін. (Сүйеді.)

Жарқын (қуана түсіп). Қалай, сырқатыңнан айықтың ба?

Лағыл. Бәрінен де айығып, өмірімді екі есе ұзартып қайттым! Қане, қонақтарды қабылдайық, оларға қай бөлмені әзірледіңіздер?

Жарқын. Қонағың кім?

Лағыл. Совхоздың жаңа директоры келетінін естіген жоқсыздар ма?

Жарқын. Е, мана облыстан бір әйел телефон соққан еді, олар тіпті сенімен бірге келіп те қалды ма?

Лағыл (еркелей құшақтап). Кешіріңіз, апа, сол телефон соққан мен едім.

Жарқын. Аһ, шайтан, сен - ақ жүресің - ау!

Лағыл. Кешір, апа!..

Жарқын (сөйлетпей). Жә, болды. Өзімше әзірленгенім - мына Думанның кабинеті. Тарлық етпес пе екен қарашы.

Лағыл. Көңіл тарылмаса, үйдің тарлығы білінбейді. Алжапқышыңызды тастай тұрыңыз, мен қонақтарды келтірейін.

Жарқын. Тоқташы. Алжасқан басым - ай, іздеп барған адамдарыңды сұрамаппын ғой... Оларды қайттың, таптың ба?

Лағыл (кенет суып). Таптым.

Жарқын. Немене, өзің Арманды көрдің бе?4

Лағыл. Көрдім. (Ойланып қалып жалтарады.) А... Ольга дейтін келініңіз сізге сәлем айтты. Егер немере керек болса, алдымен өзімді балам деп білсін де, хат жазсын, сонсоң барамын деді. (Шыға жөнеледі.)

Жарқын (ойланып). Балам деп білсін дейді. Сонда қалай? Мен оны екінші келін етпекпін бе? Жоқ, ол заңға томпақ келер. Әй, бірақ баласы бары рас болса, заң - маңына қарамай-ақ қояр едім, әттең, әттең!.. (Кетеді.)

Ольга, Васийлий, Лағыл кіреді.

Ольга (ақырын сөйлей кіріп). Үйрете бер, мен білмеген бұл елдің бірде-бір салты болмасын, үйрете бер!

Жарқын. Хош келдіңіздер.

Лағыл. Танысыңыз, біздің шешеміз осы кісі.

Василий. Сәлеметсіз ба, шеше?

Ольга. Мен қазақ халқының салтын білмеуші едім. (Тізесін бүгіп.) Қате болса, жауапты -Лағыл. Осылай амандасуды үйреткен сол.

Жарқын (қалбалақтап кеп, оны тұрғызбақ болады). Көп жаса, қарағым! Көп жаса! Бұл -келіндердің ғана салты. Ол ескі дәстүрді білмей айтқан ғой. Тұр, қарағым, тұра ғой. Кәне, қарағым, құтты болсын, бісмілла деп, мұнда кіріңдер. (Арналған бөлменің есігін ашып, Василий мен Ольганы кіргізеді. Лағыл өз бөлмесіне кетеді. Жарқын кеудесін басып.) Байғұс, жүрегім - ау, саған мұнша не болды? Дәрімді ішейінші. (Дәрі ішеді де, ойлана сөйлейді.) Бұлар да өзім секілді, баласы жоқ біреу болды-ау. Өзі жақсы адам секілді, тек сол бір жері ұнамай тұр. (Ольга кіреді.) Қалай, шырағым, үйіміз көңілсіздеу болып тұр ма?

Ольга. Жоқ, шешей мені бұл үйдей көңілдендіретін үй аз (қадала қарап.) Өзіңіз жап-жас, шашыңыз қалай ерте ағарған?

Жарқын. Ой, шырағым - ай, әлгі бір соғыс дейтін ажал, шаштың қарасы түгіл, талай жастықты да жалмап кеткен жоқ па?

Ольга. Иә, ол соғыс талай шашты ағартып, талай жүректі сарғайтты.

Жарқын. Балам, үнің де, өңін де өзгере қалды ғой, әлде сол сарғайғанның бірі өз жүрегің бе еді?

Ольга (қайта жадырап). Сарғаймағанмен, аздап сыздайтыны рас.

Жарқын. Әлі де, әлі де жадырай түсші, қарағым. Жаңа сенің қабағын кірбең тартып еді, маған күннің көзін бұлт басқандай сезілді, жадырай түсші әлі де.

Ольга (таңдана). Ол неліктен?

Жарқын. Неліктен екенін өзім де білмеймін, әйтеуір, алдыма келіп, тәжім еткен сәттен бастап, сен маған өте ыстық көріне бастадың.

Ольга. Мүмкін, бір қимас келініңізден айрылып, соның тәтті қылығы есіңізге түскен болар.

Жарқын. Ольга дейтін бір келінім болған екен, оны өмірімде көрген емеспін, басқа айрылған келінім жоқ.

Ольга. Ол келініңізді білмеймін, қазіргі келініңіз жақсы адам.

Жарқын. Оның рас, қарағым, баламның нағыз теңі.

Ольга. Міне, балаңыз алдамшы! Ондай алдамшының Лағылдай адамның теңі болуы мүмкін емес.

Жарқын (шошынғандай). Қарағым - ау, алдамшы деп отырғаның менің Думаным ба?

Ольга. Иә, сіздің Думаныңыз. Ол өзінің тірі екенін жасырып, тұңғыш сүйген әйелі мен баласын адастырып кетіпті ғой.

Жарқын. Қарағым - ау, ол әйелі мен баласын шын адастырып кетсе, мұндай күйге түспес еді ғой.

Ольга. Қандай күйге?

Жарқын. Сол әйелінен хат келгелі ұйқы жоқ. Көзі іліне қалса-ақ болды, «Ольга, Оля!» -деп, айғайлай түрегеледі. Дәрігерлердің көмегі болар деп, ауруханаға салып едім, бір күн жатпастан, болмай шығып кетті.

Ольга. Қазақтар орыс қызын алуға тозақтан қорқады деп естіген едім, балаңыздың елінің ондай салтын, дінін бұзуы қалай?

Жарқын. Басқа қазақтарды білмеймін, менің балам басқамен ұжмаққа кіргеннен гөрі, сол Олашкасымен бірге тозаққа түскенді артық көреді.

Ольга (жадырай түсіп). Балаңызды сондай дінсіз қып өсіргеніңіз үшін құдайыңыз сізді де жазаламай ма?

Жарқын. Астапыралла!.. Жоқ, шырағым, мен ондай надан кемпір емеспін, сен мені босқа қорқытпа. Тіпті жазаласа, - жазалай берсін, тек Арманымды көзіме бір көрсетсе, болды.

Ольга. Сіз ол немереңізді шын сүйесіз бе?

Жарқын. Неге сүймеймін?!

Ольга. Ол орыс қызынан туған ғой.

Жарқын. Туа берсін.

Ольга. Бекер айтасыз, сіз оны сүймейсіз.

Жарқын. Кім? Мен бе? Жоқ, шырағым, сүйгенде қандай. Мен оның құлы, шешесінің күңі болуға да әзірмін.

Ольга. Онда неге сондай келініңіз бен немереңіз барын Думаннан жасырып келдіңіз?

Жарқын. А! (Шошынғандай, атып тұрады.) Сен оны қайдан білесің?

Ольга (күлімсіреп). Шошымаңыз, мен сіздің ол келініңізді де, немереңізді де жақсы білемін. Олар менің жерлесім. Сіздің 45-жылы сол келініңізге жазған хатыңызды да оқығанмын. (Қарай қап.) Әлде ол хатты жазған сіз емес. Думан ба еді?

Жарқын (ақырын сөйлейді). Жоқ, шырағым, Думан емес. Ескіліктің жетегіне еріп, адасып жаздырған өзім. Өзім!.. (Отыра бастайды.) Немене, сол хаты құрғыр үшін ол мені қайтып көретін емес пе?

Ольга. Ол келініңіз қазір бәрін де ұмыта бастаған секілді.

Жарқын. Әй, білмеймін - ау. Ол хатты жазған адам сыпайы сөзді білмеуші еді, ұмыта қойды ма екен?

Ольга. Ондай хат жазылғанын балаңыздың білмейтіні рас па?

Жарқын. Бұрын білмеуші еді, бүгін өзімнен естіді.

Ольга. Бүгін?! Ерте естіген екен. Иә, ол естіген кезде не деді?

Жарқын. Не десін. «Сол қарғысты айтқан өз тілім болса, кесер едім, сол хатты жазған өз қолым болса, шабар едім, амал жоқ, амал жоқ!» - деп, іштен тынды да қалды.

Ольга. Солай ма? (Ойлана түрегеледі.) Шеше! Мен бір шындыққа көзімді әбден жеткізу үшін сізді біраз әуреледім. Сол кінәмды кешіріңіз де, сүюге рұқсат етіңізші!

Жарқын. Қарағым - ай, лебіңнен бойым балқыды - ау... Сен кім едің, бұл?

Ольга. Сол Арман дейтін немереңіздің шешесі де, бір кезде қарғыс айтып, хат жазған келініңіз де менмін.

Жарқын. Лағыл! О, Лағыл! (Лағыл келеді. Жарқын көзін Ольгадан алмай, Лағылға сөйлейді.) Лағылым - ау, алтыным - ау, бұл кім еді, анық сол Ольга ма? Айтсаңшы тезірек!

Лағыл. Иә, анық сол. Аңсаған Арманыңызды да кешікпей көресіз.

Жарқын (Ольгаға құшағын жайып, бірте-бірте жақындайды). Ай жүзді екенсің, балам. Айым деп атадым сені! Өткендегіні кеш мейлің, кешпе мейлің, мен сені ақ сүтімді емген баламдай көруге ант еттім, балам! (Құшақтап сүйеді.)

Лағыл. Апа! Енді маған риза боларсыз?

Жарқын. Ризамын, күнім, ризамын! (Лағылды сүйеді.) Енді Арманымды бір көрсем, бар өмірімде ризамын. Ризамын! (Сыртқа кетеді.)

Ольга (ол кеткен жанға қарап). Тұнық айна секілді екен, көзіне қарап, жүрегін көріп едім, бір өзінің адалдығы бар күдікті бір-ақ серіпті.

Лағыл. Менің жалған сөйлемейтініме көзіңіз енді жеткен болар?

Ольга. Сенің қандай адам екеніңе көзім алғашқы күні-ақ жеткен-ді. Мені бұл үйге алып келген де сенің кіршіксіз таза жаның. Думан қайда бұл?

Лағыл. Өзінен басқаны өсірмеу үшін ақшасын шоқпар, ұжданын қанжар етіп жұмсайтындардың қайсыбірі сіз үшін оны айыптамақ. Солар бөгеп қалмаса, кешікпей келер.

Ольга. Мен үшін айыпталатындар айыпталып, жазасын тартқан-ды. Енді ешкім де әуре болмасын.

Лағыл. Думанды олай қорғар болсаңыз, онда мынаны айтыңызшы. Он үш жыл бойы аңсаса да, қаяуланбаған махаббатты өшіру қолыңыздан келе ме?

Ольга. Жоқ, ондай махаббатты өлім де жеңе алмайды.

Лағыл. Егер Арманын өзіне бермесеңіз, сол мәңгі маздайтын махаббатты өшіргеніңіз емес пе?

Ольга. Лағыл, сен не айтақалы келесің?

Лағыл. Ендігі бір айтарым - біреу-ақ. Сізсіз Арманның, Арманбыз Думанның қаншама қайраттансам да, менің Думансыз күнім жоқ екен. Сондықтан не Арманды беріп бізді аңсай күткен бақытымызға жеткізесіз. Не Думаннан айырып мені өмірлік қайғыға тастайсыз, екінің бірі! (Шыға жөнеледі.)

Ольга. Осы ма еді? Осылай қиналу ма еді күткенім? Кеше ғана адамшылығы аса биік көрінген, сүйікті Лағыл, не боп кеттің бүгін?! Не деп кеттің сен маған? Сеніңше, мен Арманды тірі жетім етпеу үшін Думанға қайта қосылуым керек пе? (Ызамен.) Онда біздің кім болғанымыз! Сен бұл сөзіңмен мені ғана емес, өзіңді де, өзіңнің сүйгенің Думанды да қорлау екенін қалай сезбедің? Рас, баланы тірі жетім етіп көрген бақыттың өзі де қасірет. Бірақ ана үшін баладан тірі айрылудан ауыр қандай қасірет бар? Енді қайттым! «Тағдырдың мені жазалағаны аз емес еді ғой, тумастан аңсап едім, әлі аңсап келемін, бүкіл өмірімді осылай зарлаумен өтсін демесең, бер өзімнің Арманымды» - десе, Думанға не дермін? «Мен үшін Арманнан айрылу қандай ауыр екені өзіңе белгілі. Айырмасқа берген антың да бар» - десе Василийге не дермін? Енді қайттым? Бір баланы екіге қалай бөлдім? Қалай таптым мұның жолын? Қалай?

Ойланған күйі ерсілі-қарсылы жүрген кезде Думан келеді.

Думан (Ольганы көре сала, таңдана қадалған күйі ақырын үн қатады). Бұл кім! Мен кімді көріп тұрмын? Мен есімнен адасқан жоқпын ба? Жоқ, мен бұл адамды есімнен адассам да танимын. (Шаттық даусымен..) Ольга!.. (Не істерін білмей Ольгаға ұмтыла түсіп барып тұрып қалады.)

Ольга. Думан! Сен анық Думанбысың?

Думан. Өңім бе, жоқ әлде түсім бе? Оля?

Ольга. Бәрібір, мен енді сен үшін түстегі адаммын. Тек өткендегінің бәрі де түстей болып қалмас үшін суретіңді көзімнің жанарына түсіріп алайын. Соңғы рет!.. Соңғы рет Думаным болып бір қарашы.

Думан. Оля! (Оляның қолын көкірегіне басады.) Сол бір ләззаты мол күндерімізді еске түсіріп, сол күндердегідей, нұрлы көзіңмен тағы да бір қара да, айтшы: қайда менің Арманым?

Ольга. Менің Арманым деуге хақың бар ма, жоқ па, алдымен соны бір ойлашы.

Думан. Оля! Сен менің ашық аспанымнан жай тастап тұрсың. Басыма түйілген таудай қасірет те сенің күле бір қарағаныңнан қалмаушы еді ғой, сол қасірет түнін енді өзің орнатпай, күнім болып жадырасаншы, Оля!

Ольга. Олай деуге де енді хақың жоқ.

Думан. Солай ма? (Ауыр ойда.) Ал Арман ше? Оның да маған деген махаббаты өлді ме? Мендей сорлы әкесі барын біле ме ол?

Ольга. Оның ең сүйері сенсің. Ол әкесі сен ғана емес, сенің халқыңды да сүйеді. Өйткені мен оған қазақ тілін үйрете алмасам да, өзінің әкесін, өзінің ұлтын сүюді үйреттім. Сол үшін де мен ол туған күннен бастап Дулатова атандым. Енді ол Дулатов атанған күйі мәңгі қалады. Бірақ өзі саған берілмейді. Сол үшін мен өмірлік жарымды сенің досың еткелі келдім.

Думан. Досымды көбейткеніңе рақмет, бірақ сен мені аямастан, тым қатал үкім айтып тұрсың, Оля! Арман менің жүрегім ғой, жүрегімнен айырғандай, жазығым не?

Ольга. Оны өсірген әкенің жазығы не? (Василий келе жатады). Міне, Арманыңды адам еткен әке.

Думан (Василийге үнсіз жақындап қол ұсынады).

Арманы үшін сізге өмір бойы борышты Дулатов дейтін тірі аруақ мен боламын.

Василий (қол алысып). Мүмкін, тірі аруақ емес, өшкені жанып, өлгені тірілген ең бақыттының бірі боларсыз.

Думан. Он күннен бері өзімді өзім сондай зор бақытты сезініп, сол сөнген отымның қайта жанғанын бүгін көрмекші едім, жұбайыңыз Арманды бермеймін деп ол үмітімді алыстатып тұр. Сонда да бар жан-тәніммен айтар алғысымды қабыл алыңыздар.

Василий. Арманды алыстатар болсақ мұнда келмес те едік қой. Ольга екеуміздің ендігі ойымыз басқарақ. Ол - Арманды сізге беруден де, өзімізге қалдырудан да қымбат.

Думан (қуанышты кескінмен). Қалай: сонда біз бір семья боламыз ба?

Демаков келіп есік көзінде тұрып қалады, оны бұлар байқамайды.

Василий. Күні бірге батып, таңы бірге ататын келешегіміз тәтті болу үшін ащы болса да көңілдегі күдікті ашық айтысайық. Арманнан адасып қалуыңызға кінәлі кім?

Демаков. Мен! Кінәлі менмін.

Ольга (таңдана жалт қарап). Сен тағы қайдан сап ете қалдың?

Василий. Аркадий! Сен жерден шықтың ба?

Демаков. Мен осы аудандамын. (Думан қалтасынан әлденені іздей бастайды.)

Василий. Сенің өз кінәң бар өміріңе жетерлік емес ие еді, көтергелі тұрған жүгің тым ауыр, мерт боларсың, ойлан!

Демаков. Өліп кетсем де көтердім сол жүкті. Себебі Ольганы Отанымызға опасыздық еткені үшін атылды деп Думан Дулатовичті адастырған да менмін - ді. Жоғалған бақыты табылған қуаныштың үстінде сол кінәмді кешірер деп әдейі аңдып келдім. Бәріңнен де сұрайтыным - бір ғана кешірім.

Думан. Міне, оның бір айғағы. Бұл кісінің сондағы жазған хаты. (Василийге бір қағаз ұсынады да, Демаковқа сөйлейді.) Әлі де танбассыз.

Демаков. Жоқ, «Менмін» деген сөзді қайда, кімнің алдында болса да енді айта аламын.

Думан. Шындыққа тізе бүккеніңізге рақмет. (Василий ішінен оқиды да, Ольгаға береді. Ольга оқып шығады да, Демаковқа қарайды.)

Демаков. Бұл менің ақтық сөзім, Оля!

Ольга. Өлме, тірі бол! Қош!

Демаков. Бұған да рақмет. (Кетеді.)

Арман, Жарқын, Лағыл келеді.

Жарқын (бір қолымен Арманды құшақтай сөйлей кіреді). Арманым, құлыным!

Думан. Арман! Арманым!

Арман (абыржып қалып). Мама! Бұл кім, мама?

Думан. Мен сенің әкеңмін, күнім.

Василий. Арман, ол сенің туған әкең, сәлем бер.

Арман (қуанғаннан не істерін білмей біресе Василийге, біресе Думанға, қарайды). Мама!

Шымылдық.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз