Екі бөлімді драма
ҚАТЫНАСУШЫЛАР:
Бағлан Балқашев — «Шұғыла» колхозының председателі қос жұлдызды батыр.
Заузат Сайдалина — оның жесір келіні, агроном.
Мұхит — немересі, студент.
Арман Мұратбаев — обкомның бірінші секретары!
Бекзат Марданов — обкомның ауыл шаруашылық бөлімінін бастығы.
Гәкку Тіленшина — агроном.
Мәдени — оның қызы, студентка.
Мәулен Жайбасаров — дәрігер.
Ғалым — оның баласы, студент.
Байсал — Бағланның құрдасы, пенсионер.
Жанна — студенттер отрядының мүшесі.
Бір топ студенттер.
Оқиғасы осы күндердікі.
БІРІНШІ БӨЛІМ
Бірінші сурет
Музыкада - «Көкейкесті» күйі. Аспанда - жұлдыздары самсаған айсыз түн. Жасыл жапырақтары бүкіл ауланы жауып тұрғандай көрінетін алуан түрлі жеміс ағаштарының саясындағы кең беседка. Ол өзінің әдемі жасалған көркемдігімен де, жамылған жасыл шырмауығымен де, төселген кілемдерімен де көз тартады. Оның екі жақ шетінде сәнді жасалған екі тақта тұр. Сол екеуінің аралық тұсына қақ төрге қарай қасқая тартылған тас жол сәулесі қанша мол төгілсе де, ағаш арасынан зорға көрінетін еңселі үйдің сырлы есігіне барып тіреледі.
Осының бәрі бұл үйдің қандай салтанатты екенін сездіргендей. Шымылдық ашылғанда көретініміз - сол жақтағы тақтаның үстінде «Көкейкесті» күйін тартып жатқан Бағлан. Сол күйге табынғандай маужырап Мұхит келе жатыр.
Мұхит. «Жалғандық - жанның жарасы». Осы сөзді айтушы менің атам данышпан болмаса да, соған жақын. Әне, «Көкейкестіні» тағы сұңқылдатты. Сол сұңқылдауда бір терең сыр бар, соны қалай білсем екен. Бақ-дәулеті басынан тасып, атақ, даңқы айдан да асып жатыр. Сонда не оның көксегені? Менімше, оның ендігі көксейтіні - шүйіркелесіп отыратын бір кемпірлеу келіншек. Сол кемпірлеу келіншекті қайдан тапсам екен? Жаннаның мамасына мақтап көрсем бе екен? Әлде өзінің тапқаны (иығын соған жете алмай арманда жүр ме екен? (Күй аяқталады. Мұхит Бағланның қасына барады.) Ата, бейуақта бебеу қаққандай не болды?
Бағлан. «Бебеу» деген осындай бола ма? Ойланбай сөйлеуші болма дегенім қайда?
Мұхит. Мен өзіңізге тартқанмын.
Бағлан. Менің ойламай сөйлегенімді қашан көріп едің?
Мұхит. Ойланбай сөйлегеніңізді, сайланбай сайысқа шыққаныңызды көрген емеспін.
Бағлан. Онда менімен сайысқалы келген болдың ғой.
Мұхит. Солай деуге де болар.
Бағлан. Ойың жетпеске қолыңды созып тұрған жоқсың ба?
Мұхит. Мүмкін жеткен болармын, өйткені үшінші курстың студенті, он тоғыздағы жігітпін ғой.
Бағлан. Тағы кімсің?
Мұхит. Сіздің келешегіңізбін.
Бағлан. Оны жақсы білемін.
Мұхит. Оны жақсы білсеңіз келешегіңізбен кездесудің керек екенін де білерсіз?
Бағлан. Білемін.
Мұхит. Білсеңіз мен сіздің келешегіңізден қатты қорқудамын. Қане, сол жайында кездесейікші.
Бағлан. Менің келешегімнен сен неге қорқасың?
Мұхит. Қанша батыр болсаңыз да, қартайған шақта көрген жалғыздықтың қасіретінен қорқарсыз, мені мұнда алып келген сол қорқыныш.
Бағлан. Жалғыздықтың қасірет екенін сен қайдан білесің?
Мұхит. Байсекеңнен білемін. Ол сізбен құрдас, ол сіздей ұл мен қызға зәру емес, ұлы да, қызы да, немерелері де бар, бірақ кемпірі ол дүниеге кеткелі оның жетеуі кетіп қалды.
Бағлан. Бәрінен де соны айт, соны. Қарттарды аясаң, сондай қарттарды ая.
Мұхит. Алдымен өзіңізді аяңыз. Сіздің ұлыңыз да, қызыңыз да, немереңіз де жалғыз мен ғана. Егер де сіздің ертеңгі келер келініңіз атасы барғанда ыңқылдап, гүрсілдеп жатып алатын сол Байсекеңнің келініндей бетпақ біреу болса, күндіз түнге айналар.
Бағлан. Ондай әйелді сен неге аласың?
Мұхит. Кімнің жаман әйел алғысы келеді дейсіз, мен де пендемін, менің де қателесуім мүмкін ғой. Осыны тереңірек, көзді ертеңге жіберіңкіреп ойлаңызшы.
Бағлан. Нені, саған жақсы әйел әперуді ме?
Мұхит. Жоқ, өзіңіздің жалғыздық көрмеуіңізді.
Бағлан. Ойлаудамын, күнім. «Бір қайғыны ойласам мың қайғыны қозғайды» деп Абай атаң айтқандай, өз жалғыздығымды ойласам бірімен бірі ұласады, Мені қинайтын, әсіресе, сенін жалғыздығың.
Мұхит. Мен үшін қапа болмаңыз. Мен бір іні, бір қарындас тауып аламын да жалғыздықты көрмеймін.
Бағлан. «Бір іні, бір қарындас?»
Мұхит. Иә, аз да емес, көп те емес.
Бағлан. Сен не айтып отырсың?
Мұхит. Қорықпай-ақ қойыңыз, менің ол інім мен қарындасым сіздің пенсияңызға жармасатын жарымес бола қоймас.
Бағлан. Ол бауырларыңның кім екенін білуге бола ма?
Мұхит. Кім екенін әзір өзім де білмеймін, тек ұйқы - күлкі көрместен сол екеуін күні-түні іздеудемін.
Бағлан. Қарындас дегенің қалыңдық болар?
Мұхит. Жоқ, ататай, осы күні қалыңдықтан қарындас табу қиын.
Бағлан. Иә, қолда жоқтың бәрі қиын. Сөзді қой да бір күй тартшы. (Мұхит күй тартады.)
Мұхит (күйді тарта отырып сөйлейді). Ата, сақинаң әдемі екен, маған сыйлаңызшы.
Бағлан. Бұл жан баласына сайланбайтын дүние.
Мұхит. Соншама мұның не кереметі бар?
Бағлан. Кереметі сол, бұл қимас досымның неке сақинасы.
Мұхит. Неке сақинасы? (Күй кенет тоқтады.)
Бағлан. Но, неке сақинасын өзгеге сыйлау салтта жоғын білесің, онан арғысын сұрама.
Мұхит. Ол досыңыз қазір қайда?
Бағлан. Ол дүниеде.
Мұхит. Зайыбы ше?
Бағлан. Обкомда істейді.
Мұхит. Қарым-қатынастарыңыз бар ма?
Бағлан. Жоқ.
Мұхит. Неге?
Бағлан. Неге екені белгісіз, түнеу күні әжеңнің малына шақырылмастан келген еді, менің жетпіс жасқа толғанымда шақырылса да келмей, телеграмма жіберумен тынды.
Мұхит. Кім болса да ол әйел әжемнің аруағын қатты сыйлайтын жақсы адам екен.
Бағлан. Немене, сонда тірі жүрген менің әжеңнің аруағы ғұрлы болмағаным ба?
Мұхит. Ол әйел үшін солай секілді.
Бағлан. Әжең де оны жанындай көретін еді. (Кете беттейді.)
Мұхит. Ата, ол әйелдің аты кім?
Бағлан. Оның саған қажеті жоқ.
Мұхит. Иә, маған болашақ әжемнен басқа әйелдің аты қажет емес. (Әндете жөнеледі, Бағлан немересінің әнін тыңдап тоқтай қалады.)
Ән.
Өзге бір менде жоқ тілек,
Өздерің көзбен баққаным.
Жайлы жер іздеп кетті деп
Жазғыра көрме қарттарым.
Ердім бір сиқыр қалаға
Шығардым белге жыр көшін.
Болғам жоқ алаң, даламда
Әулие қарттар жүргесін
Жанды ғой бағы даланың,
Сендерге қуат, дем берсін.
Киесі де оның сендерсің,
Иесі де оның сендерсің.
(Сағидан)
Байсал (Байсал сөйлей кіреді). Көп жаса, өзің үшін де жаса, мем үшін де жаса, тек Бағлан үшін жасама. А, оның өзі де тұр екен ғой серейіп. Саумысың менің жан дегенде жалғыз құрдасым, бастық мұңдасым.
Бағлан. Сәлем, жетпістегі жетімегім. Жел аударған қаңбақтай қаңғалақтап қайдан келесің?
Байсал. Қаладан келемін, қаладан.
Бағлан. Астыңнан су шықты ма, түнделетіп жүргенің қалай?
Байсал. Астымнан су шыққан жоқ, құлағымнан шу шықты. Келінімнің «қалит.... қалит» деп салған айқайынан өзімнің ойбайымды тиыш көріп тайып тұрдым.
Бағлан. Қалиты несі?
Байсал. E, соны ит біле ме? Осы күнгілердің үйіндегі итінен ішіндегі иті көбейіп кеткен жоқ па? «Ауруыңның аты не, шырағым», десем «қалит ойбай, қалит» деп бақырады. Коньякті сыңғытқанда қалит емес, папиросты бұрқылдатқанда қалит емес, өсекті сықпыртқанда қалит емес, ала қағазбен алысып абысындарымен арсылдасқанда қалит емес, ал үйіне біреу бара қалса қалит бола қалады. Е, мұндайлар қатын емес қасірет қой... Қасірет... Саған бір ақыл айтқалы келіп едім, қалиты құрғырдың ойымды қаңғыртып жібергенін қарашы. (Ойланып.) Не айтпақшы едім, құдай-ау? Өзі арзам болса да өте керек бірдеңе еді.
Бағлан. Өзі ақылсыздар өзгеге ақыл айтқыш келеді, оны да ұмытпағайсың.
Байсал. Балтай шіркін, өзі ақылсыз болса ақылды қалай айтпақ. Ол ақылымды кейін есіме түскенде, ертеңгі шайдың кезінде келіп айтармын, әзірше менің әкелген жаңалығымды тыңда. Сен менің інімнің осы ауданның жеріне коммунизмді бес жылда орнатқалы жатқанын естідің бе?
Бағлан. Інің кім?
Байсал. Обкомның бірінші секретары Арман Мұратбаев менің інім емес пе?
Бағлан. Қашаннан бері?
Мұхит. Секретарь болғаннан бері.
Байсал. Әкесімен әкем аттас болса, өзімен өзім аталас болсам бәрі бір менің інім. Ішің күйсе тұз жала.
Бағлан. Сен үшін өлі мен тірінің де айырмасы бар. Иә, айта бер. Ол не істейтін болыпты?
Байсал. Бұланды даласының астында, мың километр тереңдікте жатқан теңізден көл жасап, сол көлдің жағасына коммунизмнің бес совхозын бірдей орнататын болыпты.
Мұхит. Мың метр деңіз.
Байсал. Немене, сеніңше мен өтірік айтып тұрмын ба?
Мұхит. Өтірік емес, тек мың есе өсіріп тұрсыз.
Бағлан. Өтірік болса да сен мені шын қуантып, коммунизмнің тұңғыш тойын маған жасататын болдың. Сол үшін рақмет. Бәйгіден дәмең болса көк шолағыңды осы бастан жарата бер, мен сол тойда «қайран жетпіс бес» дейтін мынандай бір жаңа күй тартамын. (Домбыраны қатты, безілдетеді.)
Байсал. Мен бүгін кәрі-құртаңдардың үйіне арыз беріп келдім. Сол құтты құжырама қойын күні өмірімнің ең соңғы тойын жасаймын. Сен менің сол тойыма арнап жаназа маршына ұқсастау бір күй шығарғайсың.
Бағлан. Сен не сұмдық айтып тұрсың - ей?
Байсал. Солай, бауырым. Кәрілік жаныңды жесе, жалғыздық сүйегіңді кеміреді екен. Мен соған шыдай алмадым. Сен басқаның бәрін қой да, менің керімді кимеуді ойла. Мен... мен... (Кетеді.)
Бағлан. Апыр-ай, мынау не деп кетті? Өмір бойы мені күндеу мен күндеген сайын күйреумен келген еді, өлер шағына жеткенде тәубаға келген бе? (Байсал қайта келеді.)
Байсал. Ей, саған айтар ақылым есіме түсті. Сенің пенсияға шығатын болғаның рас па?
Бағлан. Рас.
Байсал. Онда менің ақылымды тыңда... Сен де келдің жетпіске, мен де келдім жетпіске. Сен де жалғыз, мен де жалғыз. Осы екі жалғыз бірігіп ортамыздан бір тоқал алайық.
Бағлан. Сен бүгін біресе естінің, біресе ессіздің сөзін айтасың, бұл қалай?
Байсал. Бұл солай, бауырым. Мен жетпіс жылдық өмірімнің соңғы есебін бүгін шығардым. «Тоқал алайық» дегенім саған сыйлаған соңғы мазағым. (Бағлан әлде не айтпақ болады. Байсал таяғын тapс еткізіп.) Тоқта, кимелей бермей сөз тыңда. Қанша қыран болса да қартайған шағында бүркіттің аулайтыны тышқан ғана. Сен қанша батыр болсаң да сол кәрі қыран секілді тағдырдың тәлкегіне бір кездеспей кетпейсің. Мен оны өзімнен білемін, өйткені кәріліктің уын ертерек ішкен адаммын. Сол өзім ішкен уды саған татқызғым келмейді. Оған мынау айсыз түннің аспаны куә.
Мұхит. Мен де куәмін.
Байсал. Рақмет, балақай. (Бағланға) Қайратың осындай шалқып тұрған шағында шалып қал заманыңды, алып қал сыбағаңды. Қу тізені құшақтау маған жарасса да саған жараспайды. Егер бұл тілімді алмасаң «жетпістегі жас пері» деген айдар тағамын да, өсекшілердің барлық қыбыр-сыбырын қара борандай қаптатамын. Оны да ойла. (Кетеді.)
Бағлан. Ғажап - ау, мұндай ізгі тілек мұның басына қайдан келді?
Мұхит. Оның қаптатпақ болған қара бораны да ізгілік пе?
Бағлан. Солай, балам, сол қара боранның ар жағында жарқыраған бір ізгілік жатыр. Өзге қазақтар күндестігін көріне ала кетуші еді, мынау олай етпей жада бір жол салыпты. Сондықтан сен бүгіннен бастап оны да ата дейтін бол.
Мұхит. Неге?
Бағлан. Жақсы адамның аспандағы күн секілді көпке ортақ екенін ойлайсың ол сұраудың жауабын өзің де табасың.
Мұхит. Өйтіп күн болмай-ақ қойдым.
Бағлан. Ойланбай сөйлеуші болма дегенім қайда.
Мұхит. Жоқ, аташка, мен жалған айта білмеймін. Оған кінәлі солай үйреткен өзіңіз.
Бағлан. Түсінбедің... ұйықтайтын мезгіл болды. (Кетеді.)
Мұхит (жалғыз). О, жасаған, қанша қартайса да атамды алшақта көрме. Ол үшін тезірек үйлендіре гөр. Егep үйлендірер болсаң сонау алтын сақинаның иесіне үйлендір. (Домбыраны ала сала күй тартады. Халатын жүре киіп, Заузат келе жатыр.
Заузат. Күнім - ау, беймезгіл бейбақтарша сарнатқаның бұл кімнің күйі?
Мұхит. Сенің күйің атамның күйі, өзімнің күйім.
Заузат. Сеніңше біздер бейбақтармыз ба?
Мұхит. Енді қалай?
Заузат. Тоқтат тезінен.
Mұхит. Неге?
Заузат. Ондай ақылсыз сөзді айтатын сен емессің.
Мұхит. Бір үйде үш жанбыз, үшеуміз де жалғызбыз. Осы да өмір ме?
Заузат. Неге өмір емес, неге біздер жалғызбыз? Әлемге әйгілі атасы, аймағына қадірлі шешесі бар сен қалай жалғызсың? Сондай даңқты атасы бар, сендей ақылды баласы бар мен қалай жалғызбын? Өзінің ай мен күндей көретін немересі сен, туған қызыңдай көретін келіні мен бармын, атаң қалай жалғыз?
Мұхит. Мама, маған еміздік берсең қайтеді?
Заузат. Оны қайтесің?
Мұхит. Мені емізетін уақытың болды ғой.
Заузат. А, сен өзіңше бала емес, дана екенсің ғой. Жоқ, балақай, сен әлі шаласың. Шала болмасаң біздер үшеу емес, тоғызбыз, тоғызымыз тоғыз тайпа елдей екенімізді білер едің.
Мұхит. Жұмбақтамай ашығын айтайын ба, мама, маған әлгі тайпа қазағыңнан бір ғана іні қымбат, егер мені бақытты болсын десең қалай да маған бір iні тауып бер.
Заузат. Есің дұрыс па, ей? Өзің шындап барасың ғой.
Мұхит. Шыным сол, атам екеуің бұл кезге дейін маған қандай қамқоршы болсаңдар, енді менен сондай қамқорлық күтіңдер.
Заузат. Ол үшін сенен не күтейік?
Мұхит. Ол үшін ең алдымен менің тілімді алыңдар. Бүгінгі бақ-дәулетке, абырой-атаққа алданбай ертеңгі күндеріңді ойлаңдар. Мысалы, сен әлгі бір «Отыз ұлың болғанша ұрысқақ шалың болсын» деген данышпан кемпірдің өсиетін ойла. Отыз ұлы бар кемпір солай дегенде, жалғыз ғана ұлы бар келіншек сенің жайың белгілі.
Заузат. Менің келешегім бір ғана байға байланған ба екен - ей, не сандалып жатырсың?
Мұхит. Е, келешек дегенің мен, ертеңгі келер келінің, онан сүйер немерелерің ғой. Оның бәрі алдамшы үміт қана.
Заузат. Саған бүгін не болған?
Мұхит. Жаңа атама айтқанымды саған да айтайын: мүмкін келінің мен аңдамай ұрынған шайпау, немерелерің шешесіне тартқан шала жынды бірдеңе болса ше? Мүмкін мен де сол шала жындылардың ортасында жынданып, келініңіздің жетегіндегі тайлағы болып кетермін. Сонда қайтесің?
Заузат. Тоқтат ондай сандырағыңды!
Мұхит. Саған айтарым әлі басталған жоқ, мама. Ертең мен сондай күйге түссем сенің барар жер, басар тауың қалмайды, сонда обалың маған. Мен ондай ауыр обалды жалғыз арқалап жүре алмаймын. Сондықтан өзіме серік, саған тірек болатын бір іні тауып аламын. Сен бұл кезге дейін маған төгіп келген аналық мейірімді енді соған төгетін бол.
Заузат. Саған мұндай сұмдықты үйреткен кім, маған соны ғана айтшы?.. Өзің біздерді ұнатпайтын біреудің тайлағы болғаннан саусың ба?
Мұхит. Ондай дерттен әзір аманмын, дәл қазіргі мақсатым - атам екеуіңді жалғыздықтан құтқару.
Заузат. Сонда сен тағдырдан күшті болмақсың ба?
Мұхит. Ойбай, ішім... ішім...
Заузат. Күнім - ай не болды?
Mұхит. Ойбай; ішім... соқыр ішегім... дәрігер... дәрігер...
Заузат. Құлыным - ай, ондайыңды мен неғып білмедім... телефоны бар болғыр қайда?
Мұхит. Менің бөлмемді қара. (Заузат кетеді.) Білем, мама, сенің жүрегіңде де сөнбейтін бір жұлдыз бар. Сен оны жаныңның қаяуымен бүркейсің. Егер осы айтқаным келмесе қазір Мәулен ағайдың да келмегені...
Заузат (сөйлей кіреді). Қазір келеді.
Mұхит. Қайсысы?
Заузат. Мәуленнің өзі.
Мұхит. О, онда мен қазір-ақ жазылып кететін болдым?
Заузат. Емделместен бе?
Мұхит. О, мама, сен білмейсің ғой, ондай жақсы адамның алақаны жан жарасының да емі. (Мәулен келеді.)
Мәулен. Батыр-ау, бұл қай жатыс?
Мұхит. Жай жатыс қой.
Мәулен. Жай жатыс болса мені неге шақырттың?
Мұхит. Жада ғана соқыр ішек сияқты бірдеде бар еді, енді жазылып кеткен секілдімін.
Мәулен. Дегенмен байқап көрейік. (Өз міндетіне кіріседі.) Ауыра ма?
Мұхит. Жоқ.
Мәулен. Ауыра ма?
Мұхит. Жоқ.
Мәулен. Енді ше?
Мұхит. Жоқ.
Мәулен. Қашаннан бері ауырған жоқсың?
Мұхит. Туғалы.
Мәулен (Заузатқа). Рас па?
Заузат. Басқа сұрауыңызды бере беріңіз?
Мәулен. Ырымшыл екенсіз.
Mұхит. Мама, маған ыстық шай берші, (Заузат кетеді.) Осы менің шешем қызық адам.
Мәулен. Сен мамада тартсаң тамаша адам болар едің.
Мұхит. Бұрын өзім де солай ойлаушы едім, қазір олай емеспін.
Мәулен. Неге?
Mұхит. Ол қазір күннен-күнге жұмбақ болып барады.
Мәулен. Жақсы адамның бәрі де жұмбақ.
Мұхит. Біріңіз дәрігер, енді біріңіз агрономсыздар, Екеуіңіз екі майданда жүргендіктен біріңізді - біріңіз жақсы білместен біріңізді - біріңіз қалай мақтайсыздар?
Мәулен. Анық па?
Мұхит. Мамаңның мені мақтайтын.
Мұхит. Мақтамайды, тек сіз жайында бір жайсыз сөз айтыла қалса оны тыңдағысы келмей не әндетеді, не үйден шыға жөнеледі.
Мәулен. Мен жайында жайсыз сөз айтатын кім?
Мұхит. Мен.
Мәулен. Мен саған не жазып едім?
Мұхит. Түк жазығыңыз жоқ, тек мамамды сынау үшін кей кездерде сізге әр түрлі жала жабамын.
Мәулен (Мұхитты жатқан жерінен құшақтай алады.) Не дерімді де білмей қалдым-ау.
Мұхит. Мүмкін мен өтірік айтқан болармын, сіз несіне қуана қалдыңыз?
Мәулен. Өтірік айтатын жаман бала сен емессің.
Заузат (сөйлей кіреді). Бұл ненің қуанышы?
Мәулен. Өшкенім жанатын секілді, бұл соның қуанышы.
Мұхит. Мама, менімен қоштасуға асыққан болуың керек, шәйің салқын екен.
Заузат. Сылтаудың ыстық - суығы болмайды, іше бер. (Мәуленге.) Қорқынышты ештеңе жоқ па?
Мәулен. Сырқат ол емес, мен едім, жазылдым.
Заузат. Онда сау болыңыз (қол ұсынады).
Мәулен. Батыр, сен де сау бол, мұнан былай мұндай аурумен жиірек ауырғайсың. (Заузаттың бетінен сүйе салып.) Кешіріңіз, мен бар сырқатымнан жазылдым, сау болыңыз (айқай сала жүгіріп барады). Баршаңызда сау болыңыздар... сау болыңыздар. (Кетеді.)
Заузат. Сен екеуің неменеге мәз болдыңдар?
Мұхит. Мама, менің Бұланды даласына баратын армиямды әзірлейтін күн жақындап қалды, сол үшін ертемен кетуім керек, енді ұйықтайықшы.
Заузат. Бұландыда сенің нең бар?
Мұхит. Арман Мұратбаевич ол далаға студенттердің ең саңылақтары жіберілсін депті. (Қол ұсынып.) Танысын қойыңыз. Мен сол саңылақтардан құрылған сарбаздардың командирімін.
Заузат. Ол қу далада сендер не істейсіңдер?
Мұхит. Байсал қарттың сөзімен айтқанда коммунизм орнатамыз. Алдымен Волжанкасын монтаждаймыз, сонан кейін қаласын саламыз.
Заузат. Волжанка дегенің немене?
Мұхит. Ол бір өзінде биіктігі кісі бойымдай қырық екі дөңгелегі, жер астынан тартылған суды салют етіп аспанға атып, меруерт етіп жерге шашатын үлкендігі шынашақтай, саны қырық шақты зеңбірегі бар, сол шынашақтай зеңбіректерден атылған судың әр тамшысында жердің ризығы, елдің ырысы бар, бір керемет. Біздер сондай кереметтің екі жүздейін орнатамыз.
Заузат. Сылтауыңды айтып болсаң менің жаңағы сұрауыма жауап бер.
Мұхит (шешесінің алдына жата кетіп.) Оның жауабы сол: саған бала, маған іні болатын жаңағы Мәулен ағайдың Ғалымы.
Заузат. Ғалым? Ол не үшін?
Мұхит. Сен үшін, атам үшін, өзім үшін. Осы үшеуіміздің тағдырымызды бірдей ойласаң ол сұраудың жауабын өзің де табасың.
Заузат. Құдайым - ау, сен не айтып кеттің. Өзің тіпті қуаныштысың ғой.
Мұхит. Иә, қуаныштымын, мама. Өйткені атамның тапқан кемпірі, сенің тапқан шалың барын білдім.
Заузат. Шалың не - ей айтып жатқан?
Мұхит (тік тұрып қайтадан қос тізерлеп отыра кетеді). Оны өзіңнің жүрегіңнен сұра.
Заузат. Менің жүрегімде бір ғана адам бар. Баласының басын щұқшита алып.) Ол сенің әкең... Арыстан... Арыстан... (Жасқа булығып тұра жөнеледі.)
Мұхит (соңынан дауыстап). Мама, әкемді жүрегіңе сақтағаның үшін мен де риза, оның аруағы да риза. Бірақ қанша жыласаң да тағдыр өз айтқанына көндірмей қоймайды, оны да ойла... Иә, әркімнің жүрегінде сөнбейтін бір жұлдыз бар. Атамның жүрегіндегі жұлдызы сонау алтың сақинаның иесі екенін білдім. Менің жүрегімдегі жұлдызым Мәдина. (Кенет ойлана қалып.) Мәдина?.. Тоқта, мына бір шатақты қара. Егер де ол алтын сақинаның иесі Мәдинаның шешесі Гәкку апай болып шықса... Сонда... сонда... (Сахнаны кезеді.) Сонда мен не істеймін? Атам оны обкомда істейді деді ә? Мәдинаның мамасы да сонда істейді. Бірақ екеуінің жасы алшақ қой. Мүмкін бе? Қазіргі тәжірибелерге қарағанда ол да мүмкін-ау. Егер екеуі үйлесіп үйлене қалса, мен не істеймiн? Мәдинадан безуім керек пе? Жоқ, дүниеге жүз жылда бірақ келетін ондай қыздан безу мен үшін өмірден безу болар. Иә, солай... солай... (Кезуілдеп жүріп кенет ойланып тоқтап қалады.) Мүмкін басқа әйел шығар, аңырып білместен мен неге бұлай шала бүлінемін? Ал оның анығына қалай жеттім? Қалай... Қалай?.. Әй, өзіме де обал жоқ-ау. Мана атам «ол бауырларыңның кім екенін білуге болама?» дегенде мен - өзіммен бірге оқитын Жанна дейтін бір жақсы қыз барын, ол қыздың өзінен де жақсы әрі жақсы дәрігер шешесі барын, қыздың өзін қарындас, шешесін әже еткім келетінін айтсам ғой, талай сырдың беті ашылады. Соны кезінде ойлай білмеген мен бар ғой нағыз маубаспын. Иә... иә... нағыз... Жоқ, олай емес (Есіне әлде не түскендей кенет өзгеріп, жүгіріп кетеді. Қатты қуанғаннан есі шығып қалдырып кеткен дәрігерлік аспаптарын алғалы Мәулен келеді. Ол аспаптарын алып Заузаттың үйі жағына қарап аз тұрады да кетеді. Іле, кеткен жағынан Мұхит келеді. Қолында атасының сақинасы.)
Мұхит (сақинаның ішкі жағындағы жазуды оқып). Гәккуі (шошығандай ыршып түседі.) Үмітімнен күдігім күшті болып шықты, енді қайттым... Енді қайттым? (Жыламсыраған дауыспен.) Ма-ма... ма-ма...
Заузат (халатын жүре киіп үрейлене шығады). Күнім - ау, сен жыламсырауды білмеуші едің ғой, не болды?
Мұхит. Мама, атамды үйлендіруші болма.
Заузат. Ой, сайтан, сол ма зәремді алғандағың! (Кенет ойлана қалып.) А, сен неге олай дедің?
Мұхит. Неге екенін сұрама.
Заузат. Ендігі қалған жалғыз тілегіне қарсы болғандай атаң саған не жазды?
Мұхит. Егер ол менің қайын енеме үйлене қалса...
Заузат. Немене?.. Қайын ене?
Мұхит. «Немене, немене». Сонда немене, өзің ене болғың келмей ме?
Заузат. Кім сенің қайын ене деп тұрғаның.
Мұхит. Ол әзір айтылмайды.
Заузат. Жоқ, айтасың, мен айтқызамын.
Мұхит. Әуре болма, мама, етімнен ет кесіп алсаң да оны әзір айтқыза алмайсың.
Заузат. Сонда сен диплом алмастан үйленбексің бе?
Мұхит. Әзір өзім де үйленбеймін, атамды да үйлендірмеймін (тұра жөнеледі).
Заузат. Тоқта. Атаңның ақыры арманы анық сенің енең болса, сен мені анам дейтін болсаң...
Мұхит. Жалынамын, маматай, ар жағын айтпашы... (жүгіріп кетеді.)
Заузат (сыңқ етіп отыра кетеді). Құдайым - ау, мынау не деп кетті? Күлейін бе, жылайын ба?
Зәулім үйдің алдындағы гүл алаңы. Сол алаңдағы көп орындардың бірінде ауыр ойлы Гәкку отыр. Ол біресе мұңаяды, біресе жадырайды. Өз ойымен іштей алысуда.
Әлдекімді іздегендей жан-жағына ойлана көз тастап Бағлан келе жатыр. Омырауы толған ордендер, депутаттық белгісі мен Алтын Жұлдыз.
Гәкку. Сәлем, Бағлан аға!
Бағлан («Гәкку» әнін ақырын әндетеді).
Аралап талай жердің дәмін таттым,
Құс салып айдын көлде дабыл қақтым.
Көзім ұйқыда жатса да көкірегімде осылай сайрайтын әнім - ау, амансың ба?
Алдымнан ай туды ғой, жолым болғай.
Гәкку. Жолыңыз болмаған кез жоқ шығар, сәлеметсіз бе? (қол алысады.)
Бағлан (тағы әндетеді). Түскенде сен есіме қайран Гәкку...
Гәкку. Әніңізді кейін саларсыз, халыңызды сұрауға рұқсат етіңіз.
Бағлан. Өз халың қандай болса, менің де халім сондай ғой.
Гәкку. Ойламаған жерден сіздей мұңдас тауып алдым, оған да тәуба. Бүгін мыналардың бәрін жарқыратыпсыз, бұл қай мерекенің құрметі?
Бағлан. Мен бүгіннен бастап пенсияға шығамын, бұл сол мерекенің құрметі.
Гәкку. Пенсияға!? Әлден бе? (Бағлан мырс етіп күледі.) Оның несіне күлдіңіз?
Бағлан. Менің бабам Жайлықожа жүз он алты жас жасаған екен. Сол бабам тоқсан сегіздегі тұңғыш баласы, яғни, менің атам Майлыбайды әжемнен бөлек жатқаны үшін «Әлден бөлек жатып, жаман ырым бастадың» деп сабаған екен, сол есіме түсіп кетті.
Гәкку. Онда бабаңыз батырлардың батыры екен.
Бағлан. Өзі батыр болмаса да осы сөзі аңыз болып кетті.
Гәкку (Бағланның сақина салған саусағын ұстап). Мынау ненің аңызы? Сәнқойлық сізде жоқ секілді еді ғой.
Бағлан. Іштің алтыны азайса сыртыңды жылтырата бергің келеді екен, бұл соның айғағы ғана.
Гәкку. Айғағыңызға сену қиын. Сол себепті аңыздың сырын айтпасаңыз да тарихын, екіншіден, теріс салуыңыздың мәнісін айтарсыз.
Бағлан. Мұның несі теріс?
Гәкку. Сіздей жалғыз басты адамдар сақинаны сол жақ қолына салатын жаңа салт шықты ғой.
Бағлан. Мен жалғыз басты емеспін.
Гәкку. Солай ма? Сонда сіз Наз жеңгейдің жылын бере сала үйлендіңіз бе?
Бағлан. Бұл менің өзім өлмей өлмейтін ғашығымның сақинасы.
Гәкку. Бұл сөзіңізге мүлдем түсінбедім.
Бағлан. Бәріне де кейін түсінерсің, әзірше менің өзіңді іздеп келгендегі тілегімді тыңда.
Гәкку. Айтыңыз.
Бағлан. Мен өмірге берерімді беріп, аларымды алып болған жанмын. Ендігі қалған аз ғана өмірімді әлекей-шүлекейге жібермей артыма бір өшпейтін із қалдырғым келеді.
Гәкку. Ол не?
Бағлан. Ол өзім жарты ғасыр бойы басқарған «Шұғыла» колхозының тарихын жазу.
Гәкку. Мұныңыз өте игілікті іс екен, тілектеспін.
Бағлан. Мені ол тілекке жеткізетін сен ғана. Оны алаңсыз жазу үшін колхозымның тізгінін сенің қолына бергім келеді... Егер келісіміңді берсең мен қазір барамын да, Арман Мұратбаевичтен сұрап аламын.
Гәкку. Ол үшін келсеңіз мені босқа іздегенсіз.
Бағлан. Нeгe? «Қалаға келсем ауырамын, далаға барсам жазыламын, дәрігерлердің айтқанына көніп дала жұмысына кетпесем мезгілсіз өлетін түрім бар» дейтінің қайда? Егер ауыл жұмысына барар болсаң «Шұғылаға» жетер жерді ұжмақтан да таба алмайсың ғой.
Гәкку. Қайда барарым шешілген-ді, осымен бұл әңгімені бітті деңіз де тура жауап беруден жалтара бермей мына сақинаның тарихын айтыңыз.
Бағлан. Сен қазір тым ажарланып кеттің, бұл неліктен?
Гәкку. Тағы да жалтарып барасыз.
Бағлан. Жалтарғаным жоқ, сеп баяғы мен алғаш көрген қыз кезіңдегідей келбеттеніп кеттің.
Гәкку. Апыр-ау, сіз жауап беруден қаша беретін неткен қорқақсыз?
Бағлан. Бұл қорқу емес, қуану. Адамның кейде өткен күннің елесіне де қуанатын кездері болады екен. Мен соны енді ғана сезіп отырмын.
Гәкку. Елесі, қуаныш күннің өзі қандай?
Бағлан. Екеуміздің ең алғаш танысқан күніміз есіңде ме?
Гәкку. Бәрі де есімде.
Бағлан. Нағашың сені бір қолыңнан жетектеп алдыма алып келді де, «мынау менің жан дегенде жалғыз жиенім. Үшінші курстың студенткасы, болашақ агроном, өзі аққу, аты Гәкку» дегенде мен орнымнан «Гәкку» әнін әндете түрегелдім. Сол қылығым есіме түскен сайын осы уақытқа дейін рахаттана күлемін.
Гәкку. Ол кезде сіз сондай уытты едіңіз.
Бағлан. Қырық жетідегі қыршын кезімде уытты болмасам әлдеқашан сонетін едім ғой.
Гәкку. Мен сіздің жасыңыздың қаншада екенін білмесем де жаныңыздың жас, жұлдызыңыздың биік екенін сезген едім.
Бағлан. Сол күні менің өзіде не дегенім есіңде ме?
Гәкку. Не дегеніңіз есімде жоқ, бірақ Наз жеңгей екеумізді екі жағыңызға отырғызып алып, әр нәрсені бір сылтауратып кеудеңізге қайта-қайта қысқаныңыз есімде.
Бағлан. Бұл мені шаттандыратын хабар.
Гәкку. Есімде тағы бір қалғаны...
Бағлан. Бетіңнен екі рет сүйгенім болар.
Гәкку. Жоқ, Наз жеңгейдің мені таң қалдырғаны.
Бағлан. Қалай?
Гәкку. Бұрын бейтаныс болсам да ол жарты сағаттың ішінде баурап алды да, мені өзінің туған сіңлісіндей, сіздің туған балдызыңыздай етіп жіберді. Мен оның сонысына күні бүгінге дейін қайранмын. Тек бір ұнамағаны - сізді тым еркелетіп жіберіпті.
Бағлан. Иә, мен өмір бойы оның еркесі болдым, ертелі-кеш еркелеуден ерінбеуші едім. Мен де оны қадірлеуші едім, қадірлеуден қажымаушы едім.
Гәкку. Со л кісінің ықласына мас болғаным сондай, өмірімде бірінші рет сол күні өзіме -өзім лағынет айттым.
Бағлан. Неге?
Гәкку. Есіңізде ме, жұрттың бәрі кеу-кеулеп маған сөз берді ғой, сонда мен сізге не дедім?
Бағлан. Ғашықпын дегеніңнен басқасы есімде жоқ.
Гәкку. Мен сізге ғашықтардың бірімін дедім. Сол сөзім үшін Наз жеңгей бетімнен сүйді, өзіме - өзім лағынетті сол сөзім үшін айттым.
Бағлан. «Ғашықпын» деген сөзді менің жүрегіме қуаныш да өзің басқаның құшағында кеттің ғой.
Гәкку. Дәуренді басқа демессіз?
Бағлан. Оны саған өзім деп қосқанмын.
Гәкку. Сырыңызды да шыныңызды да айтып қойдыңыз, енді сақинаңыз өзінен-өзі суырылар.
Бағлан. Мұның бұзылмайтын өз анты бар, сондықтан ол суырылмайды.
Гәкку. Жарайды, ол антыңызды маған бұздырғыңыз келеді екен, бұзайын, жүрегіңізді ауыртпай-ақ сақинаңызды алайын, алдымен бір сұрауға жауап беріңіз. Ол досыңыз өзінің неке сақинасын сізге не үшін сыйлады?
Бағлан. Білмедім. Мүмкін өзіне лайық көрмеген болар.
Гәкку. Егер өзімді өзіне тең көрсе сақинамды неге лайық көрмейді?
Бағлан. Ол арасын білмедім.
Гәкку. Ол мүмкін өзінің мені сіздей сүйе алмайтынын сезген болар.
Бағлан. Мынау соның куәсі ғой.
Бағлан. Солай ма?
Гәкку. Аңқаусу сізге жараспайды, Бағлан аға.
Бағлан. Дәурен мұны кімге сайлағанын айтқан ба еді?
Гәкку. Айтқан жоқ, сұрама деп өтінген соң кімге бергенін де сұрағанын жоқ, бірақ сізге сыйлағанын сездім.
Бағлан. Оны қалай сездің?
Гәкку. Сізден жақын досын таба алмадым.
Бағлан (сырттан біреуді көргендей). Менің шаңырағымның сөнбейтін шырағы келе жатыр, жайшылық болғай.
Заузат (сөйлей кіреді). О, еліміздің әні, асыл тәте, амансыз ба? (Гәкку екеуі сүйіседі.)
Гәкку. «Гәкку» әнін қарттарың ғана салады деп естуші едім, сен де қартая бастағансың ба?
Заузат. Біздің ауыл кәріліктен өтіп кеткен кілең жастардың ауылы. Егер қартайғыңыз келмесе қалған өміріңізді бізбен бірге өткізіңіз.
Гәкку. Сіздің ауылдың адамдары қандай екенін сенің сиқыршы балаңнан жақсы сезгенмін.
Заузат. Сиқыршы?
Гәкку. Мен мұны жақсы мағынада айтып отырмын. Оның мені сиқырлап алғаны сондай, кейде өзімнің айтылмайтын арманымды да айтып қоя жаздаймын.
Заузат. Міне, көрдіңіз бе, біздің ауылдың баласы да сондай.
Гәкку. Мен сіздің ауылыңның жасына жетпей алжыған шалдарын да, өзінен бұрын паспортын қартайтқан жігіттерін де білемін.
Заузат. Папа, естіп отырсыз ба? Мына бір сөздің ұшқыны сізге тиіп жатқан секілді.
Бағлан. Дәл қазір мен сенің не жұмыспен келгеніңді естуге асықпын.
Заузат. Арман Мұратбаевич сіз екеуімізге тезінен келсін депті. Обкомға барып едім, қазір түскі демалыс екен, хатшы қыздың айтысына қарағанда, сағат екі отызға шақырылған осы үшеуміз көрінеміз.
Бағлан. Осы үшеуміз! Мұнда қандай гәп бар?
Заузат. Оны мен де ойладым, таба алмадым.
Бағлан. Сірә «Шұғыланың» тізгінін екеуіңнің қолдары да беретін болар.
Гәкку. Мен тағдырымды басқарақ шешкенімді жаңа айттым.
Бағлан. Өзін шешкеніңмен партия шешкен жоқ қой.
Гәкку. Мен Арман Мұратбаевичтің шешкенін партияның шешкені деп білемін.
Заузат. Сонда сіз қайда баратын болдыңыз?
Гәкку. Малы басқаша жайылатын, егіні басқаша салынатын, қаласы басқаша қаланатын жаңа дүниеге баратын болдым.
Заузат. Мұныңыз ертегіге ұқсайды екен.
Гәкку. Шынында да бұл ертеңгінің ертегісі. (Сағатына қарап.) Уақыт жақындапты, енді біздің де жақындағанымыз жөн болар.
Заузат. Папа, ар жағыңызға қараңыз.
Сахнаның төр жағынан жағалай келіп тоқтаған Арман, Бекзат, біреулер көрінеді. Бір жерлерді қолымен нұсқайды. Ол нұсқаған жерді қасындағылардың бір-екеуі өлшей бастайды.
Бекзат. Арман Мұратбаевич, біздің даладан іздегенді батырымыз қаладан табылды. (Екеуі бері беттейді.)
Aрман. Қай кезде іздейтінімізді сезген ғой.
Бағлан (қол алыса бер). Іздеушіңнің бары қандай жақсы, сәлеметсіздер ме?
Арман. Ізделушінің бары онан да жақсы.
Бағлан. Жасымыз үлкен болғандықтан жөн сұрамақ. Бізден болсын, бұл алаңнан не іздеп жүрсіздер?
Арман. Облысымыздың сіз бастаған Алтын Жұлдызды батырларының аллеясын жасамақшы едік, соны белгілеп жүрміз.
Бағлан. Қайырлы болсын.
Арман. Біздің сұрайтын жөніміз өзіңіздің хал жайыңыз.
Бағлан. Халімнің жақсы екені өзіңіздің осы жүрісіңізден де көрініп тұрған жоқ па?
Гәкку. Сізден мені сұрай келіпті, соған қарағанда халі онша болмау керек.
Арман. Сіз үшін төлейтін қалың малына колхозының дәулеті жетер ме екен?
Гәкку. Жетпейді, сондықтан колхозының дәулетімен сәулетін менің еншіме беріп өзі пенсияға шықпақшы.
Арман. Пенсияға?
Бағлан. Сондай тілекпен келгенім рас, міне арызым. (Қалтасынан қағаз алып береді.)
Арман (Қағазды ішінен оқып шығады да Бекзатқа ұсынады). Бұдан ауылшаруашылық бөлімінің бастығы не дер екен?
Бекзат (ішінен оқып шығып). Менің айтарым: жап-жас бола тұра өзін-өзі қарттардың қатарына қосқаны үшін тағы да ағарысы да ұжмағына тағынан түспестен баратын болсын.
Бағлан. Мына жігіттің айтып тұрғаны қарғыс па, алғыс па?
Арман. Алғыстың ең үлкені. Сіздер, қазіргі мәжіліске ойласып келулеріңіз үшін бұл әңгіме жақсы басталды, отыра қалыңыздар. (Бәрі де отырады.) Сіздер, не дейсіздер? Әсіресе, Заузат Сайдалина, сіз не дейсіз?
Заузат. Мен папамның бірінші тілегіне қарсымын, оны өзіне де талай айтқанмын. Егер сіздер ол тілегін қабылдап пенсияға шығаратын болсаңыздар, екінші тілегін де берулеріңізді өтінемін.
Арман. Пенсияға шығуына не себептен қарсысыз?
Заузат. Себебін өзінен де көріп отырсыз ғой.
Арман. Иә, көріп отырмыз. Адамды қабілетіне қарамай қағаздағы жасына ғана қарап, пенсияға шығару жанын жаралау деп білемін, сондықтан ғафу етіңіз, Бағлан аға, мен ондай қылмысқа бара алмаймын.
Бағлан. Сіздер менің жетпістен асып кеткенімді ұмытпаңыздар.
Арман. Сонда сіз өзіңізді шалмын демексіз бе?
Бағлан. Жаназамнан кейін болмаса онан бері де «шалмын» деген сөз менің аузымнан шыға қоймас.
Арман. Дұрыс айтасыз, сондықтан мына арызыңызды сексен жасқа толған тойыңызды тойлағаннан кешін беріңіз.
Гәкку. Бағлан аға, онда екеуіміз пенсияға бірге шығатын болдық.
Арман. Басыңызды неге шайқадыңыз?
Бағлан. Гәккуде есем кетіп қалды.
Арман. Гәккудегі есеңіз қайда кетер дейсіз, өмір сізден есе қайтарғалы тұр, соны ойланыңыз.
Бағлан. Қалай?
Арман. Бүкіл өмірін дауылдатып өткізген сіздей адам қайраты қайтпастан саптан шығып, қатардан қалса өзінен өзі қапаланып, мезгілсіз қартаяды. Мезгілсіз қартаю есені қолдан беру емес пе?
Бағлан. Мен колхозымның тарихын жазып, музейің жасамақпын. Мұны да саптан шығу, қатардан қалу дейсіз бе?
Арман. Ондай жұмыс сіздің қолыңыздан мұнан он жылдан соң да келетінін білсем неге олай демеймін.
Бағлан. Дәл «Шұғыланың» тарихын академиктер де мендей жаза алмайды.
Арман. Оныңыз рас, бірақ, менің сізге онан да қызық тарихты жаздырғым келеді. Алдымен бір сұрау: сіз соңғы кезде өмірден аларымды алып болдым, деген сөзді айта бастадыңыз, сол шын сырыңыз ба?
Бағлан. Шын сырым. Оны не үшін сұрадыңыз?
Арман. Сыйыңызды алып болсаңыз да алар қамалыңызды алып болмапсыз, сол үшін сұрадым.
Бағлан. Қайдағы, ненің қамалы?
Арман. Табиғаттың қамалы. Бір кезде астық үшін тың жерлерге қамдай шабуыл жасасақ, енді ет пен май үшін жер астындағы теңіздерге сондай шабуыл жасайтын шақ жетті. Сол шабуылды бастамастан кетсеңіз есіңіздің кеткені емес пе?
Бағлан. Нақтылап айтқанда ол шабуылдың берері не?
Арман. Біздер мына Гәкку Тіленшина жолдас екеуіңіздің қолдарыңызға бес мың гектар жер, сол бес мың гектар жерді суаратын әрқайсысының құны жиырма тоғыз мың сом тұратын, әрқайсысының күші сексен гектар жер суаруға жететін елу бес волжанка жиырма мың ірі қара бордақылайтын алты миллион сомның комплексін алып береміз. Оның есесіне сіздер ол даланың ризығымызға айналмаған бір уыс топырағын, бір тамшы суын қалдырмайсыздар да жыл сайын сол бес мың гектар жердің әрқайсысынан тоғыз центнерден ет бересіздер.
Бағлан. Тоғыз центнер ет?
Арман. Әрине сіздер ет екпейсіздер. Сол бес мың гектар жерге түгелдей егетіндеріңіз соя мен жоңышқа мен жүгері. Сондай құнарлы азықпен жемдесеңіздер жылына қырық бес мың центнер ет бере аласыздар.
Заузат. Бір сұрау беруге рұқсат етіңізші.
Арман. Сұраңыз.
Заузат. Бұланды даласын игеру бес жылдық жоспарда жоқ қой. Мұндай мол көлемді жұмыстың жоспарсыз жүзеге асуы мүмкін бе?
Арман. Естеріңізде болсын: Қазақстан кей кездерде ешбір жоспардың шеңберіне сыймай мүмкін еместі де мүмкін ете алады. Ол ертең сонау жеті мың метр биіктегі мұз тауларды да, сонау қиыр шетте жатқан мұз теңіздерді де ағызып әкеп бүкіл даламызды жаннатқа айналдырады. Бұл соның алғашқы айғағы ғана.
Бағлан. Сонда бұл неше бес жылдықтың жұмысы?
Арман. Екі жылдың.
Бағлан. Мен шын сұрап отырмын.
Арман. Мен сізбен әзілдесіп отырғаным жоқ.
Бағлан. Қиын екен.
Арман. Бір ғана сіздер беретін ет кіші-гірім бес ауданның бір жылғы азығы екенін ойласаңыз мұндай қиындықтың өзін қызық көресіз.
Бағлан. Оныңыз рас та шығар - ау, бірақ мың метр тереңдіктен су тартып, бес мың гектар жерді екі жылда игеру, оның үстіне жиырма мың ірі қараның комплекстісін салу миға сыймайды.
Арман. Қазір скважиналар қазылуда, жолдар салынуда, жоғарғы қуатты электр желісі тартылды. Құрылысшылар да кешікпей ағылады. Сол тасқынды көргенде өзіңіз де тасисыз.
Бағлан. Маған мұнша неге ғашық болдыңыздар?
Арман. Ол далаға керектіні кімнен болса да ала алатын беделіңіз үшін, ол далаға кімдерді болса да тарта алатын даңқыңыз үшін, ең негізгісі ертеңге жол болатын із салу үшін ғашықпыз.
Бағлан. Жетпістен асқанша жастарға жол бермеуіңіз заңсыздау емес пе?
Арман. Қартаюды білмейтін сіз сияқтылар үшін осы минуттан бастап заңды.
Бағлан. Алты миллион сомның сарайын салып беpiп, жер жүзіндегі ең құнарлы азықтармен семіртіп сиырларды коммунизмге бірақ жеткізетін болыппыз. Ал ол даланың халқы үшін не істейміз?
Арман. Не керектің бәрі өзінен табылатын сәулеті мол қала салдырамыз. Маған сенсеңіз осы айтқандарымның барлығының болатынына сеніңіз.
Бағлан (Гәккуге). Қалай, тәуекел дейміз бе?
Гәкку. Менің тәуекелімді тәуекел етсеңіз анкетаңызды толтыра беріңіз.
Бағлан. Мақұл. (Арманға.) Сіздің сеніміңіз әр қашанда біздің берігіміз болсын. Сізге де айтарым сол.
Арман. Рақмет. Мынау Марданов Бекзат дейтін балаңыз обкомның ол даладағы көзі де, қолы да осы. Бойы шағын болғанымен ойы мығым жігіт. Керекті дүниенің барлығын әр қашанда осының қолынан алатын болсаңыз, соны осы бастан кеңесе беріңіздер.
Бекзат. Мен мұнда мығым болғаныммен жұмыс кезінде шыбын секілді мазасызбын, соны да осы бастан ескергейсіз.
Бағлан. Алушыдан гөрі берушінің мазасы көбірек кетеді, оны сен де осы бастан ескеретін бол.
Арман (сөйлей түрегеледі). Ендігі әңгіме сізде Заузат Сайдалина. Қалай, атаңыздың мұрагері болуға әзірсіз бе?
Заузат. Кешіріңіз, «мұрагер» деген сөзіңізге түсінбедім.
Арман. «Шұғыла» колхозының ендігі Бағланы кім болуды ойласаңыз ол сөзге түсіну қиын емес. Тек жоқтан сылтау іздемейтін болып келіңіз (кетуге беттейді.)
Заузат. Арман Мұратбаевич, мен барлық мұрагерліктен папамның қазіргі жан күйін ойлауды қымбат көретін күйдемін. Оны жоқтан сылтау іздеу демесеңіз біздің осы тағдырымызға сіздің де назар салуыңызды өтінемін.
Арман. Менің назарымның бар тапқаны осы ғана, оны дамытуды Гәкку екеуіңізге тапсырдым (жүріп кетеді.)
Бекзат (Бағланның құлағына сыбырлап.) Ол далаға не керектің барлығы алақанымда, соның бәрін алақаныңызға салып беремін. Сіз темірді осындай қызған кешінде қаттырақ соғыңыз (Арманның соңынан жөнеледі.)
Заузат. «Дамыту» ...бұл не сөз?
Гәкку. «Назарымның бар тапқаны осы» дегені не болса сол.
Заузат. Папа, бұл сөзге қалай түсінсек екен?
Бағлан. Ол осы үшеуіміздің тағдырымыздан бір түйін жасап кетті-ау деймін. Мына келе жатқандар кім?
Заузат. Өзіңіздің Мұхитыңыз, қасындағы...
Гәкку. Қасындағысы менің қызым Мәдина. (Мұхит пен Мәдина келеді.)
Мұхит. Баршаңызға Бұланды даласынан жалынды сәлем.
Мәдина. Мен де солай дейінші.
Бағлан. Ay, сенің әлгі ол далаға жасайтын шабуылың қайда?
Мұхит. Сол шабуылдың алдында біз сіздерге бата бергелі келдік.
Заузат. Жаңылып тұрсын, бата алғалы келдік де.
Мұхит. Жоқ, мама, біздер қазір ағайынды үшеу болдық. Сол үшеуміз сіздерге болашақтың атынан бата бергелі келдік. Мен жалғыздықтың қандай екенін сезген түннен бастап арман етіп іздеген қарындасымды таптым. Ол біздің институттың екінші курсында оқитын, өзім сияқты болашақтың агрономы, бір жас кіші болса да менімен бой таластырып тұрған сұңғақ бойлы сүйкімді қарындасымның аты Мәдина.
Заузат. Аңғалым - ау, қарындасың үшін атаңнан сүйінші сұрамайсың ба?
Мұхит. Ендігі заманның атасы мен мамасы сүйіншіні баласы сұрамастан береді.
Гәкку. Бағлан аға, біздер мұнан не түсіндік?
Бағлан. Бір белгісіз шаттық кеудемді кернеп барады, бар сезгенім сол ғана.
Гәкку. Сонда бұл не?
Мәдина (шешесін келіп құшақтайды). Бұл солай мама. Мұхитты менің туған ағам деп біліңіз де енді алаңсыз аттана беріңіз.
Гәкку. Заузат, сен ештеңе түсінбедің бе?
Заузат. Бұлар ертеңгінің адамдары ғой. Ертеңгінің адамдары бүгінгі біздердің көбімізге жұмбақ қой. Әсіресе менің балам жұмбақ.
Гәкку. Сенің өзің жұмбақ айтып кеттің ғой.
Заузат. Қателеспесем бұлар шын аға қарындас болған секілді.
Мәдина. Қателескен жоқсыз.
Мұхит. Оны азсынсаңыздар мына келе жатқан менің ініммен танысыңыздар. Мен қарындас қана емес, мынандай іні де тауып алдым.
Бағлан. Ay, бұл өзіміздің дәрігер Мәуленнің баласы Ғалым емес пе?
Mұхит. Бұрын кім екенін білмеймін, қазір менің жан дегенде жалғыз інім осы. Шашы ұзын болғанмен ақылы қысқа емес. Атына сай өзінің де ғалым болатын түрі бар.
Бағлан (зілдірек). Осы сен не шатып тұрсың?
Мұхит. Басқа сөзімнің бәріне түсінгенде бұл сөзіме қалай түсінбей қалдыңыз? Жаңа ғана кеудеңізді кернеген шаттығыңыз қайда жоғалды? Оны жоғалтпасаңыз «шатып» деген сөзді қалай айттыңыз?
Бағлан. Қайда мегзеп, менің жүрегіме қандай жара салып тұрғаныңды сеземісің?
Мұхит. Жоқ, аталсаң, сіздің жүрегіңіз өз жүрегім, өз жүрегіне өзі жара салатын ақымақ емеспін. Сізден тілер ендігі зор тілегім: өзгенің де жүрегін өз жүрегіңіздей көретін болыңыз. (Мәдина мен Ғалымды екі құшағына алып.) Біздер осы тұрған үшеуіміз өзіміздің балалық шағымызбен сіздердің алдарыңызда қоштасқалы келдік. Балалықпен қоштасар алдында сіздерге айтар тілегіміз: сіздер кілең жақсы адамсыздар. Жақсы адам бола тұра жаманшылық көрмеңіздер. Ол үшін жалғыздықтың қасіретін шекпеңіздер. Осы, біздің сіздерге берер ақ батамыз да нақ тілегіміз. Солай ғой, бауырлар?
Мәдина мен Ғалым (жарыса). Солай!
Мұхит. Сау болыңыздар.
Қасындағылар. Сау болыңдар! (Мұхит серіктерін екі қолтығына алып әндетіп бара жатады. Бағлан, Гәкку, Заузат үшеуі үш жерде тұрып қалады.)
Шымылдық.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Екінші сурет
Ерсілі-қарсылы ағылған машиналардың гүрілі, бұрғылардың алыстағы дүрсілі, экскаваторлардың дарылы бүкіл даланы дабылдатуда.
Бағланның дауысы. Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Бұланды даласына шабуыл жасаушы батырлар. Әсіресе теңізді төсеушілер, сіздер тыңдаңыздар! Белгіленген мерзім бойынша сіздердің тереңдігі теңізге жететін күндеріңіз ертең. Ертеңдеріңіз кеш болмасын, онан кешіксеңіздер бүгінгі еңбектің еш болғаны.
Тіленщина жолдас, сенің қарауындағы жастар ән салып, би билеумен жүрген бе? Тоғызыншы Волжанканың зеңбіректері атылмайтын, дөңгелектері айналмайтын күйде тұрғаны қалай? Жауабыңызды бір сағаттың ішінде көзбен көретін болайын.
Оның дауысы шымылдықтың ар жағындағы жастардың айғай шуына жалғасады.
Шымылдық ашылады.
Мұхит бастаған жастар тобының Волжанканы монтаждаған қызу қимылы толқынға ұқсап кеткен. Гәкку солардың ортасында жүр.
Радиодаи Бағланның дауысы естіледі.
Бағланның дауысы. Жарайсыңдар, менің балапандарым, жарайсыңдар! Бәрлерің де көп жасаңдар! Енді біраз дем алыңдар да зеңбіректеріңді тезірек орнатыңдар!
Мұхит. Бас қолбасшыңыздың бұйрығы бес минут ерте орындалды. Сол үшін екі минут дем алып демдеріңді басындар. Мен жарты минуттік баяндама жасаймын, соны жақсылап тыңдаңдар.
Ғалым. Жарты минутің тым көбірек екен.
Мұхит. Бас қолбасшымыздың жаңағы зеңбірек дегені мына су шашатын аппарат. Қазір бәріміз осыны орната бастаймыз. Қараңдаршы, өзі шынашақтай болса да шашар ризығы шалқар көлдей. Біздер қанша кіші болсақ та ешқайсымыз осыдан кіші емеспіз ғой, ендеше біздер өзіміз орнатып жатқан осы кішкентай тетікке неге ұқсамаймыз? Неге біздің еңбегіміздің жемісі осының шалқар көліндей шалқымайды.
Ғалым. Ұқсаймыз ба, ұқсамаймыз ба, ол әлі талас мәселе.
Мәдина. Өзгеміз ұқсасақ та дәл сен ұқсай қоймассың.
Ғалым. Мен бе?
Мұхит. Ішіміздегі ең кішкентайымыз - Жанна, сен айтшы. Мен мына тетікті мысал үшін ғана айтып тұрмын. Ал турасын айтар болсақ біздің заманымыз тамаша. Сол тамаша заманды жасаушы өзіміз. Ендеше өзіміз жасаған заманға өзіміз неге ұқсамаймыз?
Жанна. Өзгені білмеймін, өзім ұқсаймын.
Мұхит. Ұқсайтыныңды қайдан білесің?
Жанна. Мен заманымды сүйемін, егер ұқсамасам сүймес едім ғой.
Мұхит. Заманыңды сүйетініңді қалай білесің?
Жанна. Мен қазір шаршап тұрмын, бірақ шаршағанымды елейтін емеспін. Өйткені не үшін шаршағанымды білемін де өзіме өзім сүйсінемін.
Мұхит. Не үшін шаршадым дейсің?
Жанна. Халықтың игілігі үшін.
Ғалым. Мына тұйғындай қыздың пәлекетін қараңдар. Жақсылап көріп алайын, өзің бері қарашы.
Мұхит. Шынында сен ақылды сөз айттың, Жанна, рақмет.
1-қыз. Жолдас командир, Жаннадан басқамызды көзіңізге ілмейсіз, неге олай?
Мәдина. Жасасын, осындай қара қылды қақ жаратын әділ қыздар!
Ғалым. Жоғалсын қызғаншақ қыздар!
1-қыз. Қыздар жоғалса өмірдің қызығы да жоғалмай ма? Әлде қызықтың не екенін сезбейтін қыбырлаған бірдеде ме едің?
Ғалым. Оның рас, қызықтың не екенін сезбеймін, бірақ сендейлердің қызығы қинау екенін жақсы білемін.
1-қыз. О, кінәлаудан басқаны көрмеген сор маңдай.
Ғалым. Сор маңдай деген не?
Мәдина. Жарты жас үлкендігі бар жарты ағай болсаңыз да айтайын, жаңағыдай жаман сөз айтар болсаңыз жағыңыз қыздардың қолындағы жаңағы болып кетері сөзсіз. Сор маңдай деген сол.
Ғалым. Қарындасым болсаң да, айтайын, мен сендей қыздың тілін тістегішпін, тіліңе тезірек не бол.
Мәдина. Ағай болсаңызда айтайын, мен сіздей жігіт сымақтардың тісін сындырғышпын, тісіңізге сақ болғайсыз.
Мұхит. Көзіне күйік болғанша отын болып жүрегіңде жүрейін, шайнап-шайнап жұтып жіберші.
Мәдина. Көзін жасаурап кетті ғой, шайнамастан неге жылайсың?
Ғалым. Сені көрсем жүрегім де жылайды.
Мұхит. Менің баяндамам Ғалымның осы сөзімен бітті, енді жұмысқа кірісіңдер. (Бәрі де қолдарындағы тетікті орната бастайды. Ғалымды қолтықтап оңаша алып шығады.) Сен қандай жерде, кімге нені не үшін айтатыныңды ойлайсың ба?
Ғалым. Ойлаймын.
Мұхит. Ойласаң қарындасыңдай қызға жаңағыдай сөзді қалай айттың?
Ғалым. Ол қарындас болса саған қарындас, маған қас.
Мұхит. Қас дейтіндей ол саған не жазды?
Ғалым. Мен өзімді ұнатпайтын қыздардың бәрін де қас көремін.
Мұхит. Онда әйел затын елден көреді екенсің.
Ғалым. Елден көргені қалай?
Мұхит. Өзіңде жоқ болса елден көрмегенде қайтесің.
Ғалым. Мынауың қарғысқа ұқсайды екен.
Мұхит. Сол қарғысқа ұшырағың келмесе қыздардың алдында ибалы бол. Мақұл ма?
Ғалым. Мақұл. Ал енді сен ғой өзіңнен жарты Ғaсыр үлкен атаңа да ақыл айтасың, өзіңнен бірақ жас кішімін ғой, мен де саған бір ақыл айтайыншы.
Мұхит. Айта ғой.
Ғалым. Мынау Мәдина дейтін нағыз алтын қыз, сен осы алтын қарындасыңды менің табынар тәңірім етудің жолын тапсаң екеуіміз бірдей бақытты боламыз.
Мұхит. Менің қарындасым сенін де қарындасың емес пе?
Ғалым. Мұндай жақсы қызды қарындас ету менің қолымнан келмейді.
Мұхит. Сенің қолыңнан келмегенде менің қолымнан қалай келеді?
Ғалым. Ол не сөз?
Мұхит. Солай, бауырым.
Ғалым. Немене солай?
Мұхит. Сен не ойласаң мен де сол ойдамын.
Ғалым. Сонда сен шешесін әже етемін деп жүріп қыздың өзіне ғашық болып қалдың ба?
Мұхит. Солай секілді.
Ғалым. Мәссаған. Сонда бұл сырыңды Мәдинаның өзі сезе ме?
Мұхит. Білмеймін, сезбейтін секілді.
Ғалым. Енді қалай сездірмексің? Күндіз қарындасым, түнде қалыңдығым бол демексің бе?
Мұхит. Сен менің жүрегіме тырнағыңды бұлай салушы болма.
Ғалым. Бүгінгі қарындасын ертең қалыңдығын болып шыға келсе ел бетіне түкіреді, сонда қайтесің?
Мұхит. Өшір үніңді.
Ғалым. Үнімді ғана емес, енді сенің қасыңнан өзімді де өшіремін. Заузат шешейге сәлем айт, өзін туған шешемдей көрсем де баласын өзімдей көре алмадым, ол үшін айып етпесін. (Кетеді.)
Мұхит. Ей, сенің өзіңе лайық көргенің осы ма? (Ғалымның соңынан жүгіреді.) Тоқташы.
Бағланның дауысы. Тыңдаңыздар тыңдаңыздар! Біздер аңсай күткен теңізіміздің суын бүгін кешкі сағат алтыдан кешікпей татамыз.
Жастар (шулап). Ура!.. Ура!..
Бағлан. Шөлдегендерге сол теңіздің шаттығы сусын болсын, шаршағандарға сол шаттық демеу болсын, салқын түскенше дем алыңдар. Ой, айналайын балапандарым менің. (Жастардың Мәдинадан басқалары лезде сахнадан жоқ болады. Мұхит кеткен жағынан бір көрпе мен жастық әкеліп, жаяды да, соған жата кетеді, қолында кітап.)
Мәдина. Мынау атаңыздың жастығы ма?
Мұхит. Иә.
Мәдина. Жасына жетер ме екенмін, жастығына мен де жантаяйыншы. (Қатарласа жатады.) Мынау не кітап?
Мұхит. Есенейдің ізбасары «Ұлпанды» оқи бастапты.
Мәдина. Сонда «Ұлпаны» кім болды екен?
Мұхит. Оның Ұлпаны кім екені белгілі еді ғой.
Мәдина. Мен тірі тұрғанда ол бола қоймас.
Мұхит. Ау, уәдеміз қайда?
Мәдина. Білмеймін, қайда қалғанын.
Мұхит. Сен қыз, не сұмдықты бастадың?
Мәдинa. Meн де оқиын, бері жақындаңызшы. Жоқ, өзіңізді емес, кітабыңызды жақындатыңыз. (Аз уақыт екеуі де үнсіз, кітап оқыған болып жатып екеуі біріне-бірі ұрлана көз тастайды.) Мұхит ағай, бір сыр сұрайын айтасыз ба?
Мұхит. Айтайын.
Мәдина. Жасырмайсыз ғой.
Мұхит. Жасыратын болсам айтайын демес едім ғой.
Мәдина. Осы қыздар сізді неге мақтайды?
Мұхит. Астағыпыралла, қайдағы қыздар?
Мәдина. Институттағы қыздардың мұнда келгені де, келмегені де бәрі, бәрі.
Мұхит. Сонда олар мені не деп мақтайды?
Мәдина. Ақылына көркі сай, әдемі дейді.
Мұхит. Мені әдемі десе ол қыздардың көзі қарайған екен. Көздері неліктен қарайғанын ел қыздардың өзінен сұра, ал мен, жігіттердің сені неге мақтайтынын сұрамай-ақ білемін.
Мәдина. Мазағыңыз болса да айтыңызшы, мені мақтайтын қайдағы ессіздер?
Мұхит. Нағыз есті жігіттер.
Мәдина. Құпия болмаса айтыңызшы, ол есті жігіттер мақтайтындай мен сұлумын ба?
Мұхит. Сұлу емессің, ғажап сүйкімдісің.
Мәдина. Өзіңіз ше, өзіңіз де мені солай дейсіз бе?
Мұхит. Солай дейтін болуым керек, өйткені жігіттердің біреуі саған қиқаңдап, жымыңдап тұрғанын көргенде жынымның ұстайтыны сондай, оны иектен қағып жіберіп басын аспанға ұшырғым келеді.
Мәдинa. Оһо!
Мұхит. Немене, oho!
Мәдина. Байқаңыз, Ғалымның да басын аспаннан іздеп жүрмейік.
Мұхит. Оны жөнге өзім саламын, сен аға деумен жеңетін бол:
Мәдина. Егер ол қиқаңын қоймаса мен оның сорпасын қайнатамын.
Мұхит. Сорпасын емес, сорын қайнатамын де.
Мәдина. Оқасы жоқ, сорпасы сарқылса соры қайнамай қалмайды.
Мұхит. Сорпасын қанша қайнатсаң да ол сені сүйе береді, сонда қайтесің?
Мәдина. Тоқта, тоқта... Сіз мені алдауратып қайда әкеттіңіз? Жанағы сұрауымның жауабы қайда?
Мұхит. Ол сұраудың жауабын өзіңнің жүрегіңнен сұра да қыздар мені мақтаған шақта өзіңнің қандай күйде болатыныңды айт.
Мәдина. Бетеге екенін білмеймін, қыздар сізді мақтай қалса менің жүрегім жана бастайды. Тіпті, жылап жібере жаздаймын. Ол қулар соны сезеді де, менің сізді аға дегеніме сенбейді.
Мұхит. Менің шын аға екеніме өзің сенесің бе?
Мәдина. Білмеймін.
Мұхит. Білмегені қалай?
Мәдина. Сенбеймін - ау деймін.
Мұхит. Неге?
Мәдина. Сенгім келмейді.
Мұхит. Е, енді білдім, сен қыздың кеудеңе періштелер ұялай бастаған екен.
Мәдина. Бұрынғылардың сөзін сіз де бұзбай сөйлеңіз, олар «шайтан ұялаған» дейді.
Мұхит. Сендей періштенің кеудесіне шайтан ұялай алмайды.
Мәдина. Өз кеудеңіз ше?
Мұхит. Менің кеудеме періштелер мен шайтандар таласуда. Қайсысы жеңері әзір белгісіз.
Мәдина. Өрт болып жанып, екеуін бірдей өртеп жіберсем қайтеді. (Сүюге ыңғайланады.)
Мұхит. Ау, мен сенің ағаң емеспін бе?
Мәдина. Жоқ, сен аға емессің.
Мұхит. Мәссаған, сен қыз бірден шабуылға шықтың ғой, неге аға емеспін?
Мәдина. Сен аға емес, ағадан да жақын бірдеңесің.
Мұхит. Бірдеңе деген не пәле?
Мәдина. Анығын өзім де білмеймін, әйтеуір сен аға емессің.
Мұхит. Егер сен қыз мамаң екеуміздің антымызды бұлай бұзар болсаң менен жақсылық күтпегейсің.
Мәдина. Сен мені жазаламастан бұрын өз жолыңды тауып ал.
Мұхит. Ол не сөз?
Мәдина. Сен менің мамамды атада тоспақ болдың. Сол мақсатпен сен мені қарындас етуді сылтау еттің. Өзінде ұл бала жоқ болғандықтан мамам сенің сылтауыңды өзінің сылтауы еткен еді, қазір екеуің де не істеуді білмей жүрсіңдер. Қане, бетіме қара да бекер деші.
Мұхит. Ей, қыз, сен қыз емес, қып-қызыл әулиесің ғой өзің, сол әулиелігің үшін бетіңнен бір сүйсем қайтеді?
Мәдина. Сүйме, тек деміме деміңді тигіз.
Мұхит. Деміме демім тиген соң жүрегің жанып кетпей ме?
Мәдина. Жанса жансыншы. (Мұхит оқтайлана бере тоқтайды.)
Мұхит. Байсекең келе жатыр, көзіне түспей жөнел. (Мәдина сырғып кетеді, Байсал келеді.)
Байсал. Оқы, балақай, оқы. Өзің үшін де оқы, мен үшін де оқы, тек Бағлан үшін оқыма.
Мұхит. Осы сапар атам екеулеріңіз үшін оқып жатар едім, жақсы келдіңіз. (Атып тұрып қол алысады.) Сол үшін сәлемімді қабыл алыңыз.
Байсал. Құдайым баланың бәрін неге сендей етіп бермеді екен?
Мұхит. Ондай артық сөзді айтпаңыз, бәрібір қанша мақтасаңыз да менің қолымнан келері сіз сияқты қарттарды есіркеу ғана.
Байсал. Мені сен есіркемей-ақ қой, балам, үкіметтің өзі есіркеп мені кәрі-құртаңдардың үйіне қабылдайтын болды.
Мұхит (тіксіне). «Кәрі құртаңдардың» үйіне?
Байсал. Солай, балам, жалғыздыққа төзе алмадым.
Мұхит. Ататай - ау, не сұмдықты айтып тұрсыз?
Байсал. «Ататай?..» Бұл дүниеде мені «ата» дейтін кім бар еді?
Мұхит (ашына). Мен бармын, мен!
Байсал. «Мен, менмін» дейтін сен кім едің?
Мұхит. Мен сіздің немереңізбін.
Байсал. Не-м-е-р-е?! Сен бе маған немере?
Бағлан (сөйлей кіреді). Немене, тақияңа тар келiп тұр ма.
Байсал. Бағланым - ау, мен не естіп тұрмын?
Бағлан. Өмірде естімегенді естідің, енді көрмегеніңді көресің. Алдымен қолыңды әкел. (Байсал оны құшақтай алады.)
Мұхит. Аташка, бұл атай, өз сөзімен айтқанда «кәрі құртаңдар үйіне» кететін болыпты.
Бағлан. Жаһаннамның түбіне неге кетпейді.
Байсал. Ей, тіліңді түбінен суырып алармын, тарта сөйле.
Бағлан. Менің тілім қашаннан бері сенің шақшанның тығыны еді?
Байсал. Мұхитжан, мына жел періні біраз сығымдап алайын, сен бара тұршы.
Мұхит. Жел пері?
Бағлан. Бар, біз сияқты қарт құрдастардың қалжың сөзіне құлақ салушы болма. (Мұхит кетеді. Бағлан Байсалды желкеден нұқып қалып.) «Жел перің» не - ей?
Байсал. Солай деп «Шұғыланың» елі түгел шулауда. «Бір кездегі мақтанымыз болған Бағлан бұл күнде мазақ болып жайрады. Жайрағаны емей немене «жел пері» болып жас қатынның талайын жайлады», деген елдің күңкілінен бүкіл дала дүңкілдейді. Тезірек үйленбесең осы жаман атағыңның жалпақ елге жайылатын түрі бар.
Бағлан. О, ғажап.
Байсал. Немене ғажап?
Бағлан. Сен осы өтірікті адал ниетіңмен айтып тұрсың, мен соған қайранмын.
Байсал. Айтқаным өтірік болса да ниетімнің адал екені рас, мейлің сен, мейлің сенбе.
Бағлан. «Қайранмын» дегенім сендім дегенім емес пе?
Байсал. Сенің сеніміңе зәру болып отырған жоқпын. Менің есімді алып отырған Мұхитжанның жаңағы бір сөзі. Сол періштенің құлағына шалынса екен.
Бағлан. Оның өзі періште, сондықтан ондай тілекті тілемесең де болады.
Байсал. Сонда ол мендей масылды не істемек?
Бағлан. Оның не істейтінін кезінде көрерсің, әзірше менің не істейтінімді тыңда.
Байсал. Ал тыңдадық.
Бағлан. Қаражат жағың қандай?
Байсал. Оның саған керегі қанша?
Бағлан. Маған емес саған керек. Өйткені мен өзім үшін не істесем сен де өзің үшін соны істейсің. Мысалы мен өзімнің жаратылысымнан басқаның бәрін жаңартамын. Ең алдымен киімдер мен көрпе-жастықтардың неше түрін аламын. Мен не алсам сен де соны аласың. Ақшаң жетпесе менен қарыз аласын да кейін өтейсің. Мұның бәрінен өзіңді тез мойындату үшін алдымен ескі-құсқыларыңды түгел өртейсің.
Байсал. Сонан кейін.
Бағлан. Сонан кейін көшіп келесін де мына үйге кіресің, әзірше екеумізге осы да жетеді, тек ескі-құсқыларының жұрнағы да келмесін.
Байсал. Мұндай ғажап қайырымдылықтың саған қашан, қалай келгенін білуге бола ма?
Бағлан. Өзің «қарттардың үніне» арыз беріп келген түні келген-ді. Сонан бері ойланып, ойланған сайын қиналғанда тапқаным осы.
Байсал. Сонда қалай, екі жарты бір бүтін боламыз ба?
Бағлан. Мен жақын арада түрлі-түрлі тойлардың төртеуін жасаймын. Сол тойлардан кейін болашағымызды айқындап аламыз да ендігі қалған өмірді екеуіміз бірге ұл-қыздарымыздың алақанында өткіземіз. Қашан қайратың сарқылғанша сен солардың бағбаны боласың.
Байсал. Қайдағы? Кімнің?
Бағлан. Ертеңнен бастап қаламыздың іргесіне opнайтын болашақтың алма бағы. Жүр, соның ірге қазығын саған қаққызайын.
Байсал. Тоқташы, ішіме сыймай барады. Жаңағы көп тойдың ішінде өз тойың жоқ па?
Бағлан. Ендігі жасалатын тойлардың бәрі менің тойым. Менің тойым сенің де тойың.
Байсал. Баяғыда менің бір нағашым көрінген қызды менің қалыңдығым деп жүріп қатынсыз өткен екен, соның керін кигің келді ме? Қайда лағып кеттің?
Бағлан. Менің лаққаным сенің тапқаның. Жүр кеттік.
Байсал. Қайда?
Бағлан. Мұнан былай мен қайда болсам сен сондасың.
Бағлан. Адасып кетпейміз бе?
Байсал. Адаспағанымызбен қартайып кетуіміз мүмкін-ау, жолды қартаймайтын сен басташы. (Екеуі осылай жүре әзілдесіп кетеді. Өз ойымен жүре алысып Мәдина келе жатыр.
Мәдина. Ата... аташка... айтуға қандай тамаша... бірақ папамды сағынғандықтан ба, мен неге Бағлан атайды «папа» дегім келе береді? Неге?.. Әлде папам болуын тілеймін бе? Жоқ, ондай тілек менен енді аулақ болар... аулақ (Жерден тас алып лақтырады.) Аулақ... (Мұхит келеді.)
Мұхит. Ау, жапа-жалғыз кіммен сайысып тұрсың?
Мәдина. Соқтықпашы.
Мұхит. Неге?
Мәдина. Жылағым келіп тұр.
Мұхит. Кел, қосылып жылайық, тек себебін айт.
Мәдина. Себебі сенсің.
Мұхит. Онда көзіңнің жасы тым арзан екен.
Мәдина. Сенің менімен қосыла жылаған түрің осы ма?
Мұхит. Бері жүр, көзіміздің жасын шешелеріміз көрмесін. (Кетеді.)
Сахна аз уақыт бос. Аздан соң Гәкку мен Заузат келеді.
Заузат. Менің бар жайым осы.
Гәкку. Осының бәрін сездіре отырып, Заузатқа рұқсатыңызды беріңіз десем, папаң не дер екен?
Заузат. Оның не дейтінін білемін, егер ол «шаңырағыма өзің ие болсаң айтқаныңа көнейін» десе өзіңіз не дер екенсіз?
Гәкку. Бағлан ағай олай дей қоймас, дей қалса мен өз шаңырағымды барлық шаңырақтан биік көремін, дермін. Шыным солай.
Заузат. Онда құдағиым болыңыз.
Гәкку. Е, бауырым, мен кезбеген қиял қалды деймісің? Мұхиттың жақсы бала екенін білген күннен бастап оның енесі болуды армандадым. Өйткені бұл заманның қыздарына жақсы жар табудың өзі жарты әлемге ие болғанмен бірдей болып барады. Бірақ ол арманымды көкейдегі көне бір арманым жеңіп кетті де Мұхиттың тілегін қабылдап, оны Мәдинама «аға» дегіздім. Қызымның оны сүйетінін сезсем де Мұхитқа берген антымды бұза алатын емеспін. (Мұхитты қолынан жетектей жүгіріп Мәдина келеді.)
Заузат. О, менің айым мен күнім қабат келді ғой, келіңдерші (Екеуінің беттерінен сүйеді.)
Мұхит. Ай мен Күндеріңіз жұлдыз болып кетпесін, байқаңыздар.
Мәдина. Ал, маматайлар, Мұхит ағай айта беретін болғанды. Оның сөзіне құлақ аспаңыздар да мені тыңдаңыздар. Заузат апа, бізге сіздің бір тамшы сүтіңіз керек болды.
Заузат. Күнім - ау, мен әлдеқашан суалғанмын ғой.
Мәдина. Ол қалай? Сізден бес жас үлкен мамамның сүті бұлақтай, сізде неге жоқ?
Заузат. Әркімнің жаратылысы әр түрлі ғой.
Гәкку. Сен қайдағыны қайдан шығарып тұрсың?
Мәдина. Мамамның сізге бергені өз сүті емес, соған мына батыр сенбейді. Екеуіміз (ол егеспен келіп тұрмыз.
Гәкку. Мен саған қашан сүт берген едім?
Мұхит. Кешіріңіз, мен сіздің өзімді балаңыз көріп жатқан әр бір сөзіңізді аналық ақ сүтіңіздей көргім келеді.
Гәкку. Енді түсіндің бе?
Мәдина. Жоқ, онысы мені қарындас ету үшін тапқан сылтауы, менің қарындас болғым келмейді.
Гәкку. Неге? Оны жанымдай көремін дейтінің қайда?
Мәдина. Сол жанымдай көргендіктен қарындасы болмақпын.
Гәкку. Себеп? (Мәдина теріс айналады.)
Мұхит. Ұлы сөзде ұят жоқ дейсіздер ғой, ұят та болса себебін мен айтайын. Бұл қыздың қалыңдық болғысы келеді.
Гәкку. Кімге?
Мұхит. Маған. Ал маған қалыңдықтың әзір керегі жоқ.
Мәдина. Өтірік айтады.
Заузат (күлкіден қысыла сөйлеп). Неге керегі жоқ?
Мұхит. Мен қашан атам үйленгенше үйленбеймін.
Заузат. Балам - ау, мүмкін атаң мүлде үйленбес, сонда қайтесің?
Мұхит. Heгe үйленбейді? Үйленеді, үйлендіреміз. Міне, өзі де келе жатыр, қазір ортаға аламыз да көндіреміз. Гәкку апа, сіз бастаңыз, мен қостайын мына екеуі бізді демеушілер болсын. (Қолында шиыршықтаған нота қағазы бар Бағлан келе жатыр.)
Бағлан (қолындағы қағазын анадайдан аспандатып). Балалар, мен сендерге мынандай тозбайтын сыйлық әкелдім. (Мұхит қарсы барып оның қолындағы қағазды алады.)
Мұхит. Бұл не?
Бaғлан. Бұл сендердің гимндерің. Біздің ертеңіміз бүгінге айналып ертең жететін теңізге бүгін жететін болдық, сендер бүкіл үйірмелерің болып ертеңге дейін осыны жаттайтын болыңдар.
Мұхит. Бұл бұйрығыңыз бүгін-ақ орындалады. Оның есесіне сіз осы тұрған төртеуіміздің бір тілегімізді қабылдаңыз.
Бағлан. Ол тілектеріңді кейін айтарсың, қазір бар да ана Байсал атаңды дәрігерге жеткіз.
Мұхит. Ол байғұсқа не боп қалды?
Бағлан. Сенің айтқаның рас екен, жетеуі кетіп қалыпты. Бір аз күн ауруханаға жатқызып алмасақ болатын емес.
Мұхит (Мәдинаға). Кеттік. (Мәдина өте бере Бағланның бетінен сүйе сала жөнеледі.)
Бағлан. Ботам - ай, қатемді бетіме қатты басты - ау, тоқташы.
Мәдина. Кеш қалдыңыз. (Кетеді).
Бағлан. Мен бәрінен кешіксем де сендер бірінен де кешікпеңдерші, балапандарым.
Гәкку. Баланың алдында мұнша кішірейдіңіз, нендей қате жасаған едіңіз?
Бағлан. Мен оның бетінен сүйетін күндегі әдетімді ұмытып кетіппін.
Гәкку. Күндегі әдетіңізді ұмытқандай бүгін не болған еді?
Бағлан. Мұның жауабы кейін. (Заузатқа.) Қалай, балам, бастық болу басты қатыру емес пе екен?
Заузат. Әзір байқалмады.
Бағлан. Жұмысың қалай? Ауырлау емес пе?
Заузат. Оны да әзір байқамадым.
Бағлан. Бұл мен қуанатын сөздер, өзің жәй келдің бе?
Заузат. «Той десе қу бас домалайды» деген ғой.
Бағлан. Бұл сөздерің қуантпады.
Заузат. Ағат болса кешіріңіз.
Бағлан. Нағыз тойдың ертең екенін, оған өзіңнің ауыл аймағыңмен келетініңді біле тұра неге олай дедің? Әлде теңізімізге тағар байғазыңды қимай, сылтау іздеп келдің бе?
Заузат. Тойыңызға өзімізден бұрын байғазымыз келеді-ау деймін.
Бағлан. Ол не?
Заузат. Өзіңізде не жоқ болса сол.
Бағлан. Ыс жоқ болса сол?
Гәкку. Әйел болар, басқа келініңіз түгел ғой.
Заузат. Жоға, ойбай. Қазір. (Кетеді.)
Гәкку. Келініңіз өзіңізге қарап жақсы өсіпті.
Бағлан. Өмірден көрген үлкен бақытымның бірі осы.
Гәкку. Сіздің елден ерекше тағы бір үлкен бақыттылығыңыз, жақсы адамдардың бәрі дос та, жаман адамдардың бәрі қас екен.
Бағлан. Қас көрінуі де бақыттылық дейміз бе?
Гәкку. Жаман адамдардың қас көргені жақсы.
Бағлан. Сонда қалай, қасықтап та жақсылығы болғаны ма?
Гәкку. Әлбетте, сол сияқты жақсылықтың да өзіне тән жаманшылығы бар. Мысалы жастайынан бағы күйген Заузаттың жақсы адам бола тұра өз бағын өзі өмір бойы байлауы жақсылықтан туған жаманшылық.
Бағлан. Мұнымен не айтпақсың?
Гәкку. Менің айтарым тек немереңіз Мұхиттың сөзі ғана. Сізден тілейтінім де соның тілегі. Ол сізге «өзгенің жүрегін де өз жүрегіңіздей көріңіз» деген еді ғой. (Бағлан ауыр оймен жүріп кетеді. Гәкку сәл ыңғайсызданып не істерін білмей әр сылтауды бір іздейді, ақырында қалың дәптерді қолына алды.) Айтпақшы, мына бір дәптермен тезірек танысыңыз.
Бағлан. Ол не?
Гәкку. Біздер тереңнен тартылған судың зәрін сындырмастан жер суаруға болмайтынын ойламаппыз.
Бағлан. Онда не ойлағанбыз?
Гәкку. Өткенге өкінбейік, әлі де кеш емес. Арман Мұратбаевичтің алдына бүгінгі қояр бірінші мәселеңіз осы. Екіншісі...
Бағлан. Екіншісін қоя тұр, сонда біздің ұсынысымыз не болмақ?
Гәкку. Көлемі шар аяқтай шағын болса да өзі шалқар көлдей шалқитын, астынан бір тамшы су өтпейтін, бетінен су кетпейтін су қоймасы керек. Астынан төселетін пленкасына дейін есептелген бәрі де мынаның ішінде. Ол кісі келгенше көңілге тоқып алыңыз.
Бағлан. Мені мұнда сенімен бірге жібергені үшін құшақтап тұрып алғыс айтамын да бұл дәптерді Арманның өз қолына беремін.
Гәкку. Байқаңыз, күлкі болып жүрмеңіз. (Қолында шиыршықталған чертежі бар Бекзат келеді.)
Бекзат (анадайдан). Тағы да сәлем.
Бағлан. Сәлемге де маза бермедің - ау сен.
Бекзат. Енді құлағыңызға маза бермейтін болдым, сол үшін меруерттен сырға таққалы келдік.
Бағлан. Сен қазақ емес пе едің?
Бекзат. Нағызымын.
Бағлан. Ендеше қазақтың еркегі құлағына сырға салмайтынын қалай білмейсің?
Бекзат. Егер де Арман Мұратбаевичтың нұсқауы бойынша есігіңіздің алдына фонтан орнатсам, ол меруерттің ғажайып сиқырлы үнімен күндіз түні сыбырлап «жасара бер, жасара бер» деп тұрса жек көрмессіз.
Бағлан. Әрине, бірақ...
Бекзат Бірағыңызды қоя тұрыңыз, «әрине» дедіңіз, сол жетеді, қазір үйіңіздің іргесін қазуға келген машина сол сырғаңыздың да орнын әзірлеп кетсін. (Чертежді жайып.) Мынаған қараңыз да қалаған жеріңізді белгілеп беріңіз.
Бағлан. «Меруерт» деген сөзді біздейлер үшін тауып айттың, бірақ оның әйелдерге ғана жарасатынын білмей, көз алдыңдағы иесін көрмей адасқаның қалай?
Бекзат. Солай дейтініңізді өзім де сезіп едім. Ал, асыл тәте, батыр ағамыз өзіне сыйлаған замана сыйлығын сізге сыйлады, бұған не дейсіз?
Гәкку. Батыр ағамыз маған өзін сыйласа да осылай мәз боласың ба?
Бекзат. Ондай күн туа қалса мәз болу аз.
Гәкку. Онда мәзің мәз емес екен. Сол сияқты фонтанның да мен үшін мәні аз. Қалаған жеріңе орната бер.
Бағлан. Табиғаттың өз заңы бар, ол заңның еңкейтетін ертеңі бар, оны да ойлағайсың - ау.
Гәкку. Өзіңіздің ертеңіңіз жоқ па? Бар болса өз есігіңіздің алдына неге орнаттырмайсыз?
Бағлан. Мен бүгінгі мақсатыммен бірге ертеңгі сағынарымды да жаңартқым келеді.
Гәкку. Сонда сіз сағынарыңызды менің есігімнен іздемексіз бе?
Бағлан. Есігіңнен де, төріңнен де іздемекпін.
Гәкку (чертежды өз алдына жайып). Онда алыстан арбаспай жақыннан жауласайық.
Бағлан. Астапыралла.
Гәкку. Есігін менің есігіме қаратып үйіңізді мына жерге салдырыңыз да фонтанды екі үйге бірдей етіп мына тұсқа орнаттырыңыз. Қалай, бұған да «астапыралла» дейсіз бе?
Бағлан. Ақсарбас дермін.
Бекзат. Гәкку тәтеміздің айтқаны сіз үшін заң деп біліп, кете беруге рұқсат етіңіз.
Бағлан. Солай деп жар салуыңа да рұқсат.
Бекзат. Мұндай жарастықтың жаршысы болу мен үшін үлкен Ғанибет. Сау болыңыздар! Әсіресе сіз сау болыңыз, асыл тәте, Бағлан ағамыз үшін де сау болыңыз.
Гәкку. Сұңқылдамай жөнелші. (Бекзат кетеді. Екінші жақтан қолында бір буда жүгері, екі буда сорғасы бар Заузат келеді.)
Гәкку. Мынау өзіміздің сүмбіл шаш, мынау жалбыр шаштарды танымадым.
Заузат. Бұл жалбыр шаштардың отаны - Канада. Жат елден келсе де жерімізді жатсынбай, бой түзеп жақсы өсіп келеді. Мына біреуінің аты - Янтарь, мынасының аты - Сарцачи. Екеуі де шөлге төзімді, екеуі де біздің жүгеріден өнімді. Бір жазда үш рет оруға келеді. Бойы үш жарым метрге дейін, өнімі мың центнерге дейін жетеді! Мынау Янтарь дегенінде он сегіз, жиырма процент қант бар. Сондықтан мал жалғыз талшығында қалдырмастан жалмап қояды. Мұның балауса кезін жеген сиырлардың сүті бұлақ болып ағады.
Гәкку. Қанша мақтасаң да шашақтары сыпырғышқа ұқсайды екен.
Бағлан. Шашақтары сыпырғышқа ұқсағанымен сабақтары сүттің қаймағы де.
Гәкку. Мына бір жасылдауы жасы ұлғайса да қартаймайтын сізге ұқсайды екен.
Бағлан. Несімен?
Гәкку. Кесілсе де жасыл түрін сақтап қалыпты.
Бағлан (өзіне). Есем тағы кетті-ау. (Заузатқа.) Балам, сыйлықтарың үшін көп рахмет. Сорғаның мен сұраған тұқымын әкелмей өзінің бір будасын әкелген сараңдығыңды сездім. Бір сараң досымның «орынсыз мырзалықтан орынды сараңдық жақсы» дегені бар еді, сол айтқандай сенің дәл мұндай сараңдығыңа да ризамын, сау бол.
Заузат. Сау болыңыз, Гәкку тәте, сіз де.
Бағлан (кенет ойлана қалып). Балам, сәл аялдашы. (Заузат имене жақындайды. Бағлан ауыр оймен ұзақ теңселеді.) Мен әкелік борыштың ең соңғы, ең ауырын еткелі тұрмын. Отанымның, арымның алдындағы борышымды тайсалмастан талай өтеген едім, сенің алдыңда әкеліп осынау борышымды өтеуге келгенде қиналып тұрған жайым бар. Сол себепті, сен қандай жақсы сөз айтсаң да оны тыңдай алатын хал менде жоқ. Соны ескер де үн қатушы болма, тек менен естігеніңді Мәуленге дәл жеткізе біл:
Заузат (мұны күтпегендей). Папа!
Бағлан. Үн қатушы болма дедім ғой. Мен ертеңгі теңіздің тойынан кейін сенің тойыңды өткіземін. Мәулен екеуің соған әзір болыңдар. Маған айтарыңды Гәккуге айтатын бол.
Заузат. Бір ауыз айтар арызым бар, тым болмаса соны тыңдаңызшы.
Бағлан. Оны да Гәккуге айтқайсың.
Заузат. Бұл кісіге бәрін де айтқанмын.
Бағлан. Оған айтқаның маған айтқаның. Қош...
Заузат шегіне - шегіне барып шығып кетеді.
Гәкку. Сізге біткен жүрек бар адамға бітсе дүние қандай болар еді?
Бағлан. Ғашықтар дүниесі болар еді.
Гәкку. Оныңыз рас, сондықтан да мен соңғы кезде өзімнен гөрі сізді көбірек ойлайтын болып кеттім. Сол ойлаудан тапқанымды алдыңызға жайып салайын, ақылыңызға салып қараңыз.
Бағлан. Үніңде бір салқын сарын бар, тілегіңді тежей тұрсаң қайтеді.
Гәкку. Шошымаңыз, сізге жайсыз тиетін тілекті айтар шама менде қалған жоқ.
Бағлан. Ақсарбас!
Гәкку. Мен сіздің түздегі көмекшіңіз, үйдегі күтушіңіз, жантайсаңыз жастығыңыз болайын, тек көңіл мастығын тілемеңіз. Пәк күйімізде өтейік өмірден. Осыған разы болсаңыз міне, қолым. (Қолын ұсынады.)
Бағлан (оның қолын аймалап). Өзіңе белгілі мен саған өмір бойы қызығумен келемін, бірақ қанша қызықсам да нәпсіге ерік берген кезім болды ма?
Гәкку. Болған жоқ, сондықтан да мен сізді ешбір жанға теңгерген емеспін.
Бағлан. Ендеше мені махаббаттың маскүнемі көріп қорлама. Менің бұл далаға келгенде тапқан бақытым - сені өзіме, өзімді саған үйретіп алдым. Тіпті өзімді өзім сиқырлап сенің жүрегіңе байлап берген секілдімін.
Гәкку. Сіз бе, мен бе?
Бағлан. Екеуіміз де.
Гәкку. Онда екеуіміз де бақытты екенбіз.
Бағлан. Біріне бірі барлық ыстық қанымен байланған сол бақытты жүректер енді мәңгі байлансын. Ол үшін Мұхит пен Мәдинаны болашағымыздың батпайтын күні етейік. Осы тілегімді қабыл алсаң, міні, бүкіл өмірім мәңгі сенікі.
Гәкку (Бағланның басын құшақтай алады). Осы еді ғой менің сізден күткенім. (Осы кезде алыстан «сүйінші, сүйінші!» деген дауыс естіледі. Қол ұстаса жүгіріп Мұхит пен Мәдина келеді.)
Мұхит. Ата, біздер жердің бетіндегі тілегімізден бұрын түбіндегі теңізімізге жеттік. Сүйіншімізді беріңіз де жөнеліңіз, Арман Мұратбаевич сіздерге тез келсін деді.
Бағлан. Барымды түгел алыңдар да шашу етіп шашыңдар. (Мәдинаға.) Мынау өзіңнің шешеңдей пәк жанның жиырма жыл бойы менің жүрегімде сақталып келген сақинасы еді. Осы қасиетті сақина енді сенің неке сақинаң болсыншы. (Мәдинаға ұсынады, Мәдина шешесіне қарайды.)
Гәкку. Атаң ағат айтуды білмейді. Бергенін ал да, айтқанын бұлжытпа. (Мәдина сақинаны аларын алса да не істерін білмей толқыды. Аңырында оны Мұхиттың қолына салғысы келген сыңай білдіреді.)
Мұхит. (қуанғанынан не дерін білмей). Сіздер құда болдыңыздар ма?
Гәкку. Біздер өмірде бардың бәрінен де қымбат, бәрінен де жақын жандармыз.
Бағлан. Солай, балам, жолдарыңа һәманда нұр жаусын.
Мұхит. Жасасын біздің атамыз бен анамыз! (Екеуін үйіре жөнеледі, Бағлан бір қолымен Мәдинаны бауырына қысады. Жаңбырлатып келе жатқан Волжанка көрінеді. Сол Волжанкадан жауған жаңбырдың астында жүйткіп жүрген жастармен араласады. Жаңбыр күшейе түседі.)
Шымылдық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі