«Үркіншілік жылдары» аталып кеткен сонау бір кезде Шығыс Түркістан жерінен үдіре көшкен қазақтар бас сауғалап, қайда бармады? Алды іргелес жатқан Моңғолияға ауса, соңы Гималай асып, Такламакан шөлінен өтіп, ақыры Анадолыға барып тұрақтады. Осынау тарихи кезеңде дүниенің әрбір бұрышындағы қазақ баласын айтпағанның өзінде, ежелгі ұлы даланың кіндігі, байырғы мекенінде орын тепкен Қазақстандағы қандастарымыздың да басына ауыр нәубет төнген еді.
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының басынан отызыншы жылдардың соңына дейін Моңғол елінің орталық өңірін мекен етіп, бір шоғыр қазақ пен санаулы ұйғыр отбасы он тоғыз жыл тұрақтағаны қазіргі күні тарих парақтарында көмескі тартып, ұмыт бола бастаған жайы бар.
Дөңтайды әкім етіп сайлаған, ел ауызында «Ажбогда Абдан елі» деп те аталатын бір қауым қазақ қазіргі Моңғолияның Говь-Алтай, Завхан аймағының өлкесін, Хасагт Хайрхан тауы мен Шаргын говь, Хүйсийн говь даласын, Дәрбі, Алдырхан жерін мекендегені осыдан жүз жылға таяу тұста өткен тарихи оқиға.
Кір жуып, кіндік кескен қара мекені Буыршын мен Баркөлде олардың астынан су шықпаса да, отаршы өкіметтен дау шықты. Қытаймен қытай өзара соғысып, Гоминдан мен қызыл партия болып, жікке бөлінді. Екі жақ өліспей беріспей өзара қырқысқанда, оның салдары қойын құрттап, айранын ұрттап, туып-өскен жерлерінде бейғам ғана күзеп, жайлап, қыстап отырған, ел мен жердің байырғы иесі қазаққа ауыр соққы болып тиді.
Шығыс Түркістан өлкесіне басқыншылық арам пиғылмен еніп алған Қытай өкіметі барша халыққа жүктеген алым-салықты барған сайын ауырлатып, жұртты әбден титықтатуға айналды. Ең сорақасы, қазақ пен ұйғырға міндеттелген алымның көлемі ұлты қытай азаматтарға салынатын салықтан екі есеге көптігі еді. Басқыншы өкіметтің боданындағы халықты бұлайша басынып, «ала қойды бөле қырқуы» қазақ пен ұйғырдың ашу-ызасына ерік берді.
Қытай өкіметі салық жинауды әскердің күшімен қолға алуы — зорлық-зомбылықтың асқан қатыгездікпен туындауына әкеліп соқтырды. Белгіленген мөлшерде салық төленбесе, қазақ ру басылар мен үкірдайларының (көшбасшы) басын аламыз деп қытайлар қоқаңдап, маза бермейтінді шығарды. Онымен қоймай өлім жазасына кесілген қазақтардың мал-дәулетін тігерге тұяқ қалдырмай тәркілеп, артында қалған туыс-туған, қатын, бала-шағасын аш-жалаңаш қаңғытып жіберетін әдет тапты.
Отаршы өкіметтің алым-салық жинаудың өзіне әскери күш-қолдануы Шығыс Түркістандағы қазақтарды Моңғол елімен шекаралас өлкелерге қарай ығысуларына түрткі болды. Осы үрдіспен Жәдік Дөңтайдың ауылы мен Абдан бастаған Жантекей-Тасбике руының ағайындылары Буыршыннан Баркөлге қарай ойысқан еді. Соған қарамастан, қытай әскері қазақ ауылдарының мал-мүлкін тонауларын тоқтатпады. Қытайдың қысымы одан ары күшейіп, отаршылардың тізесі қаттырақ батқан тұста Байтік, Қаптық таулары арқылы шекара асып, Моңғол жеріне енгендегі мекендері Говь-Алтай мен Завхан аймағына тиесілі болатын себебі де сол. Ал, ол тұста Абақ Керейдің Шеруші руының ауылдары бастап, өз тұстарынан Қобда бетінің Ойғыр жеріне ауып барғаны тарихтан мәлім.
Қойдың семізін, жылқының жүйрігі мен жорғасын қытай әскерлері тартып алып, мазасын ала берген соң қазақтар үшін жайлы қоныс пен тыныш жер іздеулеріне мәжбүрлік туды. Ол үшін алыс жолға жарамсыз дегендерін, әсіресе, ұзақ жолдағы көші-қонға жайбасарлығын ескеріп сиыр түлігін салыққа беріп, қалғанын сатып, қой, жылқы, түйесін ғана қалдырған жайы бар. Соның өзінде Моңғол жеріне келіп қоныстанған бай-қуатты отбасылардың басым көбінде кемінде бес жүз жылқы, мың қой, алпыс-жетпіс түйесі болған.
Мал-жанымен, дүние-мүлкімен қопарыла шекара асып, ауа көшу оңайға соққан жоқ. Қулығына құрақ бойламайтын қытайдың залым әскерилері аңғал қазақты талай жерде тұзаққа түсіріп, аяусыз жер жастандырып, мал-мүлкін ту-талапай еткенін сол замандағылар көзбен көрді, құлақпен естіді.
Бұл көштің ерекшелігі, үнемі жасырынып, жаудың көзіне түспей суыт жүруінде еді. Бір жолы арттарынан қуып келген қытайдың жиырма екі сақшысын соққыға жығып, талдырып тастаған ауыл жігіттері оларды қотандағы көгенге көгендеп қол-аяқтарын байлап кеткен екен. Олардың мініп келген аттарын да ала кеткен. Иен таудың қойнауында көгендеулі қалған қытайларды әдейі біреулер іздеп келмесе, біліп табуының өзі екіталай болған деседі.
Көшуге тас-түйін даярланып, Моңғолия шекарасына жақындап қоныстанған Абдан мен Дөңтай бастаған ауылдар көзден тасалау жерлерді таңдап, сырт көзге әдеттегідей жаз жайлауда шөбі шүйгін өріс таңдап, көшіп-қонып жүргендей сыңай танытатын.
Бірде жол бойындағы кезекті жаңа қонысқа келіп жайғасқан ауыл әдеттегідей жан-жаққа жігіттерін жіберіп, айналасын барлатады. Жау әскері тосыннан тап берсе, қарсы тұрарлықтай екі жүз елудей қарулы жігіттер жасақталғанымен, қолдарында шоқпар мен сойылдан өзге қару-жарақтары шамалы. «Пәрен» деп аталатын екі шолақ мылтықтан өзге отты қару да жоқ. Бірақ, жаумен бетпе-бет келіп жағаласа кеп түсер болса, жастайынан асау жылқымен алысып, ат үстінде көкпар тартып шыныққан ерлер неше жерден бес қаруы сай болса да, қытайдың кәсіби армия офицерінің кез-келгенін екі бүктеп, тақымға басуға әлдері жетерліктей-ақ.
Жол-жөнекей қонып-түнейтін, уақытша бой жазып аялдайтын жерлерге келген сайын ауылдан сайланған бір топ жігіт айналаға шолғыншылыққа шығатын. Жан-жағының қауіпсіз екендігіне көз жеткізіп, мұқият барлап-бақылаған соң ғана түйеден жүктерін түсіріп, қос тігіп дамылдайтын. Көштің алды-артына барлаушы ретінде жас жігіттердің бір тобы озып, келесі тобы соңына қалып, ықтимал қауіптің бар-жоғын үнемі бақылайтын. Себебі, көштің соңынан қытай әскері қуып келуі немесе алдын орап келіп, күтіп жатуы бек мүмкін.
Бір күні тау шатқалындағы тереңдеу сайдың түбіне үйлерінің басын буып тігіп, от жағып, түтін түтетіп жатқанын байқаған саны үш жүздей қытай әскері ауылға қарай бет алғанын барлауға шыққан жігіттер келіп хабарлады.
Айтып ауыз жиғанша ауылдың жан-жағын қоршап алған қытай әскері қораға еніп те үлгерді.
Ауыл адамдары дұға оқып Аллаға жалбарына бастады. Азғана ұйғыр жігіттердің кейбірі ауладағы арбаға жинап қойған жүктің арасына тығылып, кейбірі төсек астына кіріп кетті. Біреулері сарт кепешін бастарынан жұлып алып, қазақ тымақ пен шапан киіп жатты. Ер азаматтарды қынадай қырып тастай ма деп үрейленген қатын-қалаш, бала-шаға ұлардай шулай жөнелді.
Қытайлармен бірге жүрген тілмәш жігіт ауыл адамдарының бірі қалмай аулаға жиналсын деп жар салды. Тайлы-тұяғы қалмай түгел жиналған соң қытай әскерін бастап келген сардары топ алдына тілмәшімен бірге күлімсіреп келіп, алдымен ақсақалдармен, жасы үлкен әжелермен жылы шыраймен амандасып шықты да:
— Менің аты-жөнім Си-Жиң. Біз шекара қызметіне жаңадан тағайындалған қытай өкіметінің әскерлеріміз. Қызмет бабымен шекараға бара жатып, сайдан шыққан түтінді көріп, осылай әдейі ат басын бұрдық. Сендер Моңғол елінің шекарасынан өтуге жылыстап жылжып бара жатырсыңдар. Оны айтпасаңдар да мен біліп тұрмын. Бірақ, бізден еш қорықпаңдар! Сендерге тиіспейміз. Керісінше, шекарадан аман-есен өтулеріңе көмектесуге дайынбыз. Ол үшін бізге ауылдағы барлық шаңырақ санын, адамдардың аты-жөнін, мал-мүлік пен бағалы заттардың тізімін жазып берулерің керек. Себебі, шекарадағы моңғол әскерлері осындай құжаттарды міндетті түрде сұрайды. Біз соларға тізімді табыс етіп, ары қарай сендердің еш кедергісіз діттеген жерге жетулеріңе қолайлы жағдай тудырамыз. Шекара бекетіне дейін үш күндік жол жүреміз. Осы мерзімде біздің әскердің күніне үш рет тамақтануына арнап, бізге әр күн сайын 36 қой беріп отырасыңдар! Бүгіннен бастап, шекараға қарай жылжып көше бересіңдер, біз еріп жүреміз. Мақұлдайсыңдар ма, кімде қандай сұрақ бар? — деп, сөзін аяқтады.
Қариялар өзара ақылдасып, келіспеске өзге амалдың жоқтығына тоқтады. Қытай сардардың бұйырғымен көш-керуенді жүргізіп, әлде бір жерге аялдады. Түйелерін шөгеріп, қос тігіп, бала-шағаны айналадан от жағуға тезек, шөмшек теруге жіберіскен.
Отын теріп қайтқан балалардың бірі Дөңтайға келіп былай дейді:
— Мен шөмшек теріп оқшау жүр едім, балалардың қасына тілмаш пен екі қытай барып, бірдемелер сұрап жүрді. Қайтқан жолда олардан білгенім, қытайлар ауылда қанша сарт барын білмек болыпты. Құдай оңдағанда олар «Сауыт Шаңия ағадан басқа сарт жоқ» деп құтылыпты.
Бұл жағдай үлкендерді қатты састырды. Қытайлардың арам ойы белгілі бола бастағандай. Әскерлер әрбір үйге кіріп, Сауыт Шаңия деген кім, ол қайда деп сұрастыра бастайды. Тілмәш бас болып, қазақтарды сөзге тартып, олардың түр-түстеріне сынай қарап, ұйғыр ма, қазақ па дегенді айыру үшін зер сала бастағаны аңғарылады.
Сауыт інілері Ахмет пен Қожаниязды ертіп, үй бетін көрмей құла түзде бой тасалап жүрді. Кешқұрым келіп, үйінен азық-түлік алып кетеді. Өзге ұйғыр жігіттер керейлерше киініп алып, қазақша таза сөйлеуге немесе мейлінше үнсіз жүруге тырысатын болды. Қытайлар ұйғырларды ең қатерлі жау санап, қатты қысып, аяусыз қырып жатқан кезі еді.
Осы жолда өздерімен бірге босып шыққан, ежелден құда-құдандалы болып етене араласқан он жеті ұйғыр отбасы Дөңтайдан қалмаймыз деп, жауыз қытайдан бас сауғалап, бірге көшкен болатын. Енді, оларды да жымысқы қытайлар тіміскіп жүріп, ақыры, аңғал балалардан сұрап, иіс алып қойды.
Си-Жиң сардар тағы да ауыл адамдарын жиналысқа шақырды. Алғаш жүздескеніндей емес, қабағы қатулы. Қытай әскерлеріне бұйрық беріп, тілмәштің басқаруымен жиналғандар арасынан оншақты ұйғыр азаматын тұтқынға алды. Жастайынан қытайдың қол-аяғы болып, ел арасындағы тыңшылыққа машықтанған тілмәш «қу сарттар сендер мені алдай алмайсыңдар!» деп қоқаңдап қояды.
— Сауыт Шаңияны тауып берсеңдер, мына оншақты сартты босатамын. Егер жасыра берсеңдер, қазақтың басшыларын Абдан, Дөңтайдан бастап бәрін абақтыға алып кетеміз. Шекараға жеткенше жылқы және қой санағын жүргіземіз. Әскердің азығына елу қой мен мініс аттарын айырбастауға таңдаулы үш жүз ат бересіңдер! — деп бұйырды, Си-Жиң сардар.
Кешкісін Дөңтай молданың үйіне Сауыт Шаңия інілерімен бірге келді. Ол Дөңтаймен бірге отырған ақсақалдарға былай деді:
— Қытайлардың іздегендері мен екенмін. Оларға өз еркіммен берілейін. Бір мен үшін ұйғырдың оншақты азаматы мен қазақтың жазықсыз жігіттері, бүкіл ауыл болып зардап шекпесін. Дөңтай құда, менің жаназамды қазір шығарып, дұға оқып, ақыретімді мойныма байлап беріңіз! Осылайша, мен өлімге баруға бел будым, нар тәуекел! Артымда қалып бара жатқан бала-шағамды әуелі бір Аллаға, одан кейін ел-жұртым сіздерге тапсырдым!
Сауыттың бұл сөзі отырғандардың бәрінің ет-жүрегін елжіретті. «Амал нешік, тағдырдың басқа салғаны» десті. Дөңтай молда құдасының аманатын орындап, жаназа дұғасын оқуға мәжбүр болды.
Жылқы санағын өткізеді дегенді естіген ауылдың еті тірі жігіттері сатса, баға сүйетін, мінсе, айшылық жолды қысқартатын, кілең жорға, жүйрік, желмен жарысып құйғыта жөнелетін желісті аттарды іріктеп алып, жау көзінен тасаға жасырып үлгерді.
Жылқы санағын жүргізген қытай әскерлері жүз онекі қазанатты таңдап мініп, орнына өздерінің арқасы қажалып, жауыр болған арық-тұрақ аттарын қосып кетті. Онысы аз болғандай, екі-үштен бөлініп әр шаңыраққа келген әскерлер бума жүк, сандық-кебеже, қобдиша-қап атаулының бәрін ақтарып, ат тұяқ, қой тұяқ алтын-жамбы, сөлкебай күміс теңгелердің бірін қалдырмай санап, тізімге алды да, әрбір үйдің отағасына қол қойдырды.
Қытай әскерінің шашып кеткен жүктерін әйелдер мен бала-шаға жинастырып жатқанда, ауыл ақсақалдары бас қосып, ақылдасып, бір тоқтамға келді. Қытай әскерінің арам пиғылы қылаң берді. Егер бұлар тұтқынға алып отырған 17 ұйғыр азаматын түгелдей қырып тастайтын болса, келесі күні қазаққа да ауыз салады. Егер ұйғырларға тиіспесе онда әңгіме басқа. Бірақ, сонда да жылқы атаулыны санап, қой мен түйеге мән бермеуі, сандықтағы бағалы заттардың бәрін тізімге алуы күмән тудырады. Бар дүние-мүлікті тартып алып, шекара асырып жіберсе, барған жерде күн көру қиын болады.
Осылай дескен елағалары қытай әскері жазық жақтағы ең бір жайлы жолды қоршап жатқандықтан, өздері тауды бетке алып, қиын-қыстау төте өткелді таңдауға уағдаласты. Қас қарая көшке таңдалған атандарға жүк тиеу керек. Боздайтын інгендердің ауыздарын буып, бақырауық түйелерге жүк артпай бос айдаған абзал. Әрбір әйел балаларының оқыс дыбыс шығармауын, жылатпауын қаперге алсын. Әскерлер ұйқыға кеткенде ешбір у-шу шығармай таудағы асуға қарай тартып кету қажет.
Өстіп ақылдасып отырғанда, үйге бір топ әскер сау етіп кіріп келді де, бастап жүрген бірі қытайша шаң-шұң етіп бірдеме деді:
— Сауыт Шаңиядан хабар-ошар бар ма? — деп, оның сөзін тілмәш қазақшалады.
— Мен Сауытпын. Бұл ауылдан ұйғыр іздесеңдер, жалғыз мен ғана бармын. Тұтқынға алған оншақты қазақтың обалына қалмай бәрін босатыңдар! Сендерге керегі ұйғыр болса, мені өлтіре беріңдер! — деп, қарсы алдына қасқайып жетіп барды.
Қытай әскері Сауыт Шаңиямен бірге 16 ұйғыр азаматтың қолдарын артына қайыра байлап алып, аулада тұрған дүйім жұрттың көзінше айдап әкетуге дайындалды.
— Қарағым, тілмәш! Мына қытайларға айтшы! Бұлардың бәрі өз қазақтарымыз ғой. Бәрі қолымызда өскен жастар еді. Сендерге ат мінгізіп, алтын-күмістен сый-сияпат жасайық, ортамызға қалдырыңдаршы! — деп, топ ортадан бір бәйбіше шығып оларға жалынды.
— Ой, шешей! Әуіре болмаңыз! Мен қазақ пен сартты өте жақсы айыратын адаммын. Бұлардың арасында, талай жыл бойы тыңшылықта жүріп, сырларын біліп, сыпайларын түйгенмін. Сарттың жайын менен сұраңыз! — деп, қарқылдап күлген тілмәш он жеті ұйғырды қарулы әскердің алдына салып беріп, өзі де сайға қарай беттеп, соңынан ерді. Қытайлар тұтқындалған ұйғырларды жотадан асырып айдап кетті.
— Оңбай кеткір залым неме! Мұсылман баласын сатып, қытайға берілген. Тілмәш сүрей бейшара, сенің опасыздықпен көрген күнің құрысын! — деп, оны бір сыбап алған бәйбіше әлгі ұйғырлардың улап-шулаған әйел, бала-шағасын көппен бірге жұбатуға кірісті.
Ауыл ақсақалдары ұсталып кеткен 17 ұйғыр азаматын қайда апарғанын біліп келуді тапсырған барлаушы жігіттер сүт пісірім уақыттан кейін оралып:
— Қытай әскерлері екі белдің ар жағына апарып, ұйғыр азаматтарын түгел қырып тастады! — деп, қаралы хабар жеткізді.
— Астапыралла! Бұлардың сұры жаман. Бүгін түннен қалмай көшіп құтылмасақ, бәрімізді қырып салатын шығар — десіп, үлкендер жағы ақылдаса келе еті тірі бір топ пысық жігіттерді таңдаулы жүйрік аттарымен қалдырып, 17 мәйітті арулап жерлеуді тапсырды. Шаруаларын бітірген соң олар көштің соңынан қуып жетуге тиіс.
Жүктерін түйеге теңдеп, шұғыл қозғалған көш тау асып, Моңғол жеріне төтелеп жететін өткелге қарай тартты. Қой табыны мен жылқы үйірлерін жігіттер алдын ала айдап кеткен. Көштегілер қатты қорқып, қобалжумен алға қарай барынша жанталаса ілгерілеп бара жатты. Аттары пысқырып қалса да, жүректері зу етіп тас төбеден шыға жаздайды. Реті келсе сыбдыр шығармауға тырысып, үн-түнсіз тарта берді. Көштің алды таудағы шыңға іліккенде таң арайлап атты. Қабірші жігіттер де ұйғырдың арыстай он жеті азаматын жер қойнына тапсырып, көштің соңынан қуып жетті.
Таң сәріде қарулы әскерін сапқа тұрғызған Си-Жиң ауылға қарай аттанды. Ондағы ойы қазақтарды қынадай қырып, мал-мүлкін тонап, Үрімжіге қарай қайту еді. Алайда, кезеңді асып түскенде қарсы алдарындағы он жеті зиратты көріп шошып қалған.
Қарақшы әскерлеріне «алға!» деп бұйрық берген Си-Жиң келесі жотаны асқанда жер сипап қалғанын білді. Алақ-жұлақ етіп, жан-жағына қарағанда, шекара бекеті жақта мүлгіген дала ғана көсіліп жатты. Сонау алыста көзге ілінер-ілінбес биік таудың шыңына күн сәуелсі енді ғана түсе бастағанын аңғарды.
Тау басына түскен күн шуағымен бірге мұнартып, қазақ көшінің соңғы легі сонау биіктегі кезеңнен асып, алыстап бара жатты...
Көшті қорғап, жау әскері қуып келсе, баудай қырып, атып түсірмекке бекінген қос мерген мен сойыл-шоқпармен қаруланған қазақ жігіттері анталаған жау қанша тыраштанса да, енді қуып жете алмайтынына көздері жетті…
Түнделете көшкен қазақ көші тау шатқалындағы қыл көпір дерліктей-ақ тар жол, тайғақ кешуден таңның атып, күннің шығумен бірге аман-есен асып үлгерді. Оларды аяусыз қырып тастап, мүлкін олжаламақ болған қуғыншы қытай әскерін сан соқтырып кеткен ауылдың алдынан моңғол жұрты кең құшағын жайып, жылы шыраймен қарсы алды. Жергілікті қалқаның ақсақалдары қазақтарға жердің жай-жапсарын да бүге-шігесіне дейін түсіндіріп:
— Сіздер дәл қазір біздің елдің Говь-Алтай аймағына қарасты Дәрбі ауданы жеріне келіп тұрсыздар. Мына таудың аты Ажбогда. Мұнда күзеу мен қыстауға жер жеткілікті. Бірақ, жазда жайлау үшін өріс-қоныс таршылық етеді. Аудан басшылармен жолыққанда жайлаудың жайын шештіріп алғандарыңыз жөн болады — деп, ақыл-кеңес берді.
Ертеңінен бастап, жергілікті моңғол отбасылар пісірілген тамақ, құрт-ірімшік, қымыз, шұбат секілді ас-суларын әкеліп, қазақтарға «қоныс құтты болсын» айтып, еруліктерін ұсынды. Келесі күндері әр қазақ отбасы ақсарбас сойып, жергілікті көршілерін қонақ етіп күтті.
Осылайша, қазақтардың Моңғол жеріне ауып келіп қоныстануына жергілікті халық та, мемлекет басшысы Чойбалсан да кеңдік танытты. Жері кең, халқы аз, Мәнжі-Шың мен Қытайдан 1921 жылы ғана толықтай азаттық алып, 1924 жылы тәуелсіздігін әлемге мойындатқан Моңғолия арғы беттегі ата жаулары — қытай отаршыларының қысымымен ауып келген, киіз туырлықты қазақтардан өздеріне келер зиян жоқ деп білсе керек.
Күзде келіп орныққан қазақтар үшін алғашқы қыс қатты болғандай сезілді. Аздап мал басы шығындалып, аязды амал айларын жұтаңдау өткізсе де, аса қатты ойсыратып кеткен ештеңесі жоқ. Ең бастысы, бейбіт өмірдің қадірін білетін қазақтар үшін ел іргесінің тыныштығы көңілге медеу, келешекке деген көңілге сенім ұялатты...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі