СССР Жоғарғы Советінің депутаты Айгүл түбекке қайтқан отарының соңында сылпылдап келе жатқалы бүгін үшінші тәулік...
Қалай есептесең олай есепте, әр тәулікте жалқау жылжыған жиырма төрт сағат уақыт бар. Ол көңіл аударары көп қала уақыты емес, көз тартары жоқ дала уақыты. Үнсіз өтіп жататын уақыт.
Айгүл өмірінің жиырма жылы осы үнсіздікте өтіп келеді. Ол дала үнсіздігі, қой үнсіздігі. Астындағы атыңа ғана, қасыңдағы итіңе ғана тілдесер жауапсыз үнсіздік.
Даланың меңіреу үнсіздігіне Айгүл бала жасынан үйренген. Ол — етек-жеңді түре соғатын, қойын-қолтықты қуалай соғатын күздік пен көктемнің азынау желіне де көндіккен. Ат танауына көк сүңгі тұрып қалатып шаңытқан суық сары аяздарға да көндіккен. Жыбыр-жыбыр, қыбыр-қыбыр қозғалған қой момынның өнімсіз қозғалысына да көндіккен. Көндігу бар, жеңу бар. Айгүл соның бәрін жеңген адам. Ыңырсып қана ән салып келеді. Кішірек келген дөңгелек қара көздері әлденені алыстан барлағандай, ойда келе жатқаны да байқалады.
Қой отарының сүйемдеп аяңдауына жиренбесті ғана көндіге алмай келеді. Қағазға төнген қалам ұшындай сүп-сүйір құлақтарын алыстан көрінген қырқаларға шаншады. Қыл шылбырмен жетелеп алған Айгүлдің өзін сүйрелеп алға қарай жұлқады. Кейде иегін Айгүлдің иығына сүйеп, еріндері жыбырлап қант сұрайды. Құлақ түптерін қасып жіберуді, әлде қай жерін сипап жіберуді өтінеді. Қант кеше біткен. Өзі қанша қалжырап келе жатса да, әйел қолы анда-санда атының мойнынан қағып-қағып қояды. Жиренбесті ұзын шылбырды соза жұлқып тағы да алға қарай ұмтылады.
Бүгін таң ата Айгүл отары су жайылып кеткен Ақ тақырға келіп түсіп еді. Жазды күні бұл шаңы бұрқырап жататын машина жолына айналған тақыр. Екі жағы көкжиекке дейін кернеп кеткен қиыр-шиыр бұйра құм. Түбекке оралған отардың осы тақырға бір соқпасына амалы жоқ.
Ақ тақырдың өн бойын өрлей жарып өтетін жалғыз жолды қазір Сырдария суы басып кеткен. Шегі-шетіне көз жете бермейтін ақ тақыр айнадай жалтырайды. Бүйірі салыңқы буаз қойлар бауырымен су сызып, әрең қозғалып келеді. Қиғаштап түскен күн көзіне шалынғанда қой бауырынан сорғалаған тамшылар шашақты күміс оқадай жарқ етіп қалады.
Су жайылып кеткен тақырға таң ата келіп кездескенде отар ұйлыға беріп, жазыла алмай қойып еді. Мүйіздері айқаса біткен көкала серке басын бірер шайқап, сақалын сілкілеп аз ғана тұрды да алға түсіп кетті. Қазір отар жіпке тізілгендей шұбалып, жарты километрге созылып жыбыр-жыбыр жылжып келеді.
Резеңке етігі біресе күрк етіп қалып, біресе күмп етіп қалып Айгүл де келеді. Бүгін күн бойы, түн бойы, ертең күн бойы осылай жылжи бермек. Жылы қашар, жайлы орынға ертең кешке ғана жетер. Оған дейін отар да, Айгүл де, шиыршық атып келе жатқан жиренбесті де шыдауға тиісті. Сол жайлы орынға жеткенше Айгүлдің әні де үзілмеуі керек.
Қайнаған судай көгілдір толқынданған көктем сағымында алыстан бұлдырап жалғыз-жалғыз молалар көрінеді. Әр моланың төбесінде шаншылып отырған бір-бір қарақұс көздерін отарға қадап алыпты. Өздері қадалып мола төбесінде, көздері қадалып отарда. Олар отарды кеше де торыған, бүгін де торып отыр, ертең де ториды, өмір бойы торып келеді.
Құлпырған сағым құм арасынан көне замандағы адам мекендерін көтеріп шығарады. Бір кезде ел жайлаған, егін еккен жерлерді әлде қай кезде құм басып алған. Қойшы ойына таныс аңыздар түседі. Сырдария көне заманнан бері атағы шыққан мырза су, көне заманнан бері диқаншы бесігі. Күріш те өскен, жоңышқа да өскен. Қарбыз-қауыны күзге қарай зеңбіректей гүрс етіп жарылғанда Қазалыдан Қармақшыға естіліп жатады екен...
Сыр еліне қырғын, Сыр бойына қырсық әкелген алғашқы апат Сүбітай1 соқыр болған ғой. Жуа жеген, сәбіз-шалқан жеген Сыр еліне кездескенде соқыр батыр:
— Шөп жегені несі екені.. Адам ба бұлар, айуан ба? — деген ғой.
Содан соң атқұмар батыр көк дүниенің ішінен екі аяқтыны айдап шығып, төрт аяқтыны, аттарды бағыңдар деп әмір еткен дейді.
Қырдың қуаң бозына үйренген сұр жорға ат — батырдың ең сенімді серігі — Сырдың көк жоңышқасы мен жүгерісінен, арпасы мен күрішінен басын көтермеген күйінде жарылып кеткен екен...
— Атқа ас болмастың адамға не керегі бар? — деп соқыр батыр көк дүниеге бір түкіріпті де отатып жіберіпті. Сүбітайдың өз қолымен жұлған көктің орнына осы күнге дейін түк шықпай жалтырап жатады екен. Ашынған долы зәр сараласа керек, Сыр бойындағы сортаң сол бір от орнындай тазығырдан басталып кетіпті.
Бір кезде алысқа айдап тасталған құм атжалдары осыдан кейін Сырдарияны қайта иектепті. Иесіз қалған арықтар, еркімен таси берген ұлы өзен егістік жерді тұздай берген, тұздай берген.
Осы ұзын Ақ тақырдың әр жерінен кездесе беретін ескі арықтың сілемдері де Айгүлге ескі бір аңызды айтып келе жатыр еді.
Сонау Сүбітай заманынан бастап әлекке ұшыраған Сыр бойы тіршілігінің күре тамырындай мырза өзенді әлі жуасытып ала алған жоқ. Сырдария кейде тентек мінезін көрсетіп, салық салып отырады. Бір-ақ түнде жағасын бұзып шығып, бір өңірді астан-кестен етіп, зар қақсатып кетеді.
Сырдарияның мұндай мінезінен Айгүл әр кезде сақтанатын. Биыл да сақтанып, қозы алар түбегіне қарай ертерек ойысып еді. Бірін-бірі із басып қайталап жататын қат-қабат жиналыстардың аяқталуын күте алмай, тентек судың жөней беру қаупі бар-ды. Ол қауіп орынды екен, Сырдың суы міне Ақ тақырда кездесе кетті.
— Өзбектердің не арманы бар екен! — деп ойлайды Айгүл. — Өзбек жерінде Сырдария қатпайды да, тасымайды да. Қата қалса бізден жиырма күн бұрын еріп барлық мұз біздің алқымға келіп тіреліп қалады. Өзбектер бізге ұқсап екі жұма бойы мұз бұзып әлектенбейді. Біздің Сыр неше жерден түйіліп, неше жерден кептеліп қалады. Сыр бойына өзбектер қалай ақылды орналасқан, қазақ қалай бейғам орналасқан...
Көрші елмен күндеспегенімен Айгүл өз елінің су шаруашылығына әрі атүсті, әрі олақ екенін ойлап келеді. Бір кезде Айгүлдің дауысы шығып кетті:
— Жалғыз Сырдария ма екен бас асау күйінде жатқан! — деді ол өзіне-өзі. — Дауысы кектене де кінәлай шықты. — Көшпелі әдетіміз әлі басым. Ұмыта алмай келеміз. Кейде бүгінгіні ғана ойлауға үймелесіп қаламыз. Ертеңгінің бар мұңы суда ғой. Тыңдардың тыңы су емес пе! Қазақ жеріндегі жеті жарым мың өзеннің бірде-бірі қолбала болған жоқ. Ғалымдарымыз жер астында жатқан он шақты теңіз барын ашты. Білекті сыбанып жіберіп, балақты түріп жіберіп, қолға алар іс осы емес пе! Құм теңізіне үйренген көз су теңізін іздемей ме екен! Жатсына ма екен!..
Өзімен өзі дауласып келе жатқанын Айгүл енді ғана байқады. Бұл оның үлкен бір жиынында айтуға әзірлеп жүрген ойы еді. Газет-журналдарға әлденеше рет су мәселесін көтерген ғалымдарға үн қоспақ болған екен. Қазір міне етігі күркілдеп су кешіп келе жатқанда көптен кернеген ой еріксіз ақтарылып кетті. Тісі қайраулы жүр екен, әрең тоқтады.
Осындай бір жай Айгүлде әр кезде болатыны бар. Әлденеге ызаланып кілт сөйлеп те жібереді. Үнсіз далада жинала берген ойлар, әсіресе өз тіршілігіне байланыса туып, өсіп-өрбіп жататын ойлар айтылуды керек ететін сияқты. Кейде тіпті ұзақ сөйлеп кетсе, Айгүл өзін бір жиналыста көретіні де бар. Көз алдына жиналыста отырған жүз таныс адамдар — малшылар, күрішшілер, мақташылар, канал қазушылар келеді. Бәрі де айта түс, аянбай айт деп отырғандай болады. Ондай кезде Айгүл тоқтай алмай ұзақ сөйлейді. Көз алдына елестеген адамдардан айрылғысы келмейді. Ойлары салмақты болғанымен, сөйлеу түрі олақтау шығып жатқанына да қарамайды. Кейде ойлары ескі құдық басына үймелеген қойларына ұқсап, топырлап кететіні де бар. Қалайда қысы-жазы көбінесе жалғыз жүретін қойшыға ұзақ күнді қысқарту керек. Дала үнсіздігін, қой үнсіздігін жеңу керек. Ондайды көтеріңкі көңіл, көңілді көтерердей ой жеңеді де.
Шұбап келе жатқан отардың алдыңғы жағынан сақ күзетші Көкдауылдардың бірі қаңқ етіп қалды. Шақырғандай болады. Жас қозыларды тиеп алған түйелі арба да сол дауысқа қарай ойысып барады. Тағы бір саулық жол-жөнекей, суда қозылағалы жатқаны да. Бұл міне он жетінші...
Айгүл көзі алға қараса да, ойы тағы да суға оралды. Өткен жазда ғана Сырдариядан отгонға тартылған каналды қазып жатқандарға барып қайтқаны есіне түсті. Ол арадағы сайлаушылары:
— Автолавка айына екі-ақ рет келеді.
— Автоклуб одан да сирек.
— Артистерді, жазушыларды көретін күніміз бола ма? — десіп қалған.
Мұндай арыздарды Айгүлдің өзі айта бастаса тіпті ащы шығар еді. Канал қазушылар трассаның өн бойындағы бөлімшелердің бәрінде де екі жүздей адамнан құрылған. Ондай бөлімшелер бесеу. Мұндай жерге автолавка да, артистер де тым сирек келеді. Ал, жалғыз жайылған қойшы олардың бірін де көрмейді. Бірақ депутат Айгүл өз зарын айтқан жоқ. Тек көзінің жымиюымен ғана аңғартты да:
— Басшыларға жеткізейін, құлақ асатын болар. Келер, — деді.
Канал қазушылардың әсіресе салмақ сала айтқандары су жайы болып еді. Шөл далада су дегеннің қадірі қандай екенін Айгүл өзі де жақсы біледі. Тер мен шаңнан сіресіп қалған сірі көйлек киген канал қазушылар шомылу дегенді ұмытқан сияқты. Ішімдік судың өзі тапшы. Цистернамен су келе жатқанда Сарыарқадан самал соққандай сезінеді.
Күн құм қайнаған ыстық еді. Сона мен бүгелектен басқаның тамағынан ас өтпейтін ыстық та.
— Су сендердің қолдарында емес пе, жолдастар. Жүздеген отарлар, мыңдаған қойшылар суды сендерден күтеді. Шөл даланы таспадай тіліп болса да, қысқы-жазғы жайылымға су жеткізер мезгіл болған жоқ па? Уәделерің өткен май емес пе еді, енді қашан? — деп тоқтаған Айгүл.
Шаңын бұрқыратып жер қазып жатқан адамдарға шомылу арман екенін Айгүлге түсіндірудің керегі жоқты. Сондықтан ол бұдан әрі қазбаламай тоқтады. Дөңгелек қара көздерін құрылыс бастығының көздеріне қадап, жауап күтті. Ол тез орнынан тұрып:
— Келер майда бітіреміз... Егін жинау кезінде колхозшыларды қуып әкетпесе... Енді он шақты экскаватор берілсе... — деді.
Осылай, кейде ермек үшін ескі аңыздарды еске алып, кейде бүгінгі мен ертеңгіні қосақтай ойлап Айгүл келеді. Күн жылып, су жылына бастаған. Туғанына бір-ақ жеті болған жас қозылар жас баладай әлсіз де аянышты маңырайды. Шаршаған бақырлар жатып демалғысы келеді. Бірақ ол демалысқа дейін екі күн, бір түн бар. Ол осы кешпе суда өтетін күн, ол осы кешпе суда өтетін түн.
Тас көмірдей жалтылдаған қара қозы әлсіз ғана маңырап қалып, кешіп келе жатқан суға жата кеткісі келген ыңғайын көрсетті. Тізелерін бүге, бергенде тұмсығы суға тиді де, селк етіп қайта тұрды. Суды тәлтіректей кешіп қайта жүріп кетті. Енді он қадам жүрсе құлай кеткелі барады. Айгул қозыны көтеріп алып баладай кеудесіне қысты, құмарлана, иіскеп-иіскеп қалды. Көздерінен жасы да домалап кетті.
Жас қозыны қолына алса-ақ Айгүлдің есіне екі айға толмай қаза тапқан тұла бойы тұңғышы — Аманкелдісі түседі. Ол бір ауыр жылдардың ауыр күндері еді. Айгүл босанардан екі-ақ ай бұрын майданға кеткен жарынан да хабар жоқ болатын. Соғыс үстінде туған соң, атын Аманкелді қойған баласының суретін әкесіне жіберуді арман етіп еді. Айгул оны да істей алмады. Жаңа туған жас бала да, күйеуінің отары да жас босанған Айгүлге қарап қалды.
Жалғыз ғана құрсақ көтерген Айгүл жас баланың жылылығын әлі ұмытқан жоқ. Жас қозыны кеудесіне қысса-ақ сол баланың жылуы келеді. Әлсіреген қозы маңыраса-ақ құлағына сол баланын үні келеді. Жас қозыдан сол баланың иісі келеді.
Қозыны қолына ала бергенде Айгүл аз ғана әлсіреу де сезініп еді. Оның үстіне шыдамсыз жиренбесті иығымен соғылып кетті де қозы шолп етіп суға түсті. Айгүл өзі де аз-ақ құламай қалды. Қозы байғұс сортаңдағы ашқылтым суға тұмсығын бірер тығып алып, тырбаңдап өрен тұрды. Басын шайқап, екі құлағымен жағын шапалақтап, түшкіріп-түшкіріп қалды. Айгүл қозыны қайта көтеріп алып қызылшұбар шәлісімен көздерін, құлақтарын, тұмсығын сүртті. Аты соғылып кеткенде құлай жаздаған Айгүлдің шолақ резеңке етігіне су толып кетіпті. Екі табаны май батпаққа жабысып қалғандай, аттай алар емес.
— Жәке, тоқтай тұрыңыз! — деді Айгүл ұзаңқырап кеткен түйелі арбаға қарап, — мына қозыны да арбаға аларсыз.
Айгүл су толып кеткен резеңке етігінен аяғын әрең суырып алды да, қозыны көтерген бойы арбаға қарай кетті. Су жылы екен. Кішкене аяқтың қып-қызыл саусақтары су бетіне жымыңдасып тигендей болды.
Түйе жегілген күркелі арба тоқтап, түйені жетелеген Жәкең шал мұрнын сіңбіріп, жеңімен сүртті. Маңдайынан сорғалаған тер екі миығынан ағып селдір сақалының ішіне сіңе беріпті. Астына кереге жайып кеңейткен, айналасына ши ұстап қоршаулаған арбадан Айгүлге балалар дауысы естіледі. Орталарына тағы бір.қозы келіп қосылғанда кешелі-бүгінгі Туған жас төл шуласып кетті.
— Жиырмадан асып кетті-ау, шырағым. Кешке дейін қырыққа жетіп жүрсе қайтеміз? — деді Жәкең шал бөркімен маңдайын сүртіп тұрып. — Бұдан былай күн-түн демей ақтарылады ғой. Қой ғой, күн-түніне қарай ма ол. План бойынша да осылай ма еді? Кешкі қоналқада біраз қозыны соятын боламыз ба?
— Пышағыңызды жалаңдатпай, шыдай тұрыңыз, Жәке.
— Мен шыдармын-ау, қойларың шыдаса! Қойдың қашан қозыларын зотехник екеуің ғой білетін. Ол оқыған, сен болсаң депутат. Бірақ мен бірдеңе білсем қозы аз болмас.
Шалдың кінәлай сөйлеуін Айгүл орынды көрді. План да, есеп те дұрыс еді, бірақ, соның орындалуына кінәрат араласқанын айтты.
Жәке-ау, амалым болды ма? Біз қыстаған жерде тым болмаса бір жел-құдық су берсе, қойды сол жерде-ақ қозылататын едік қой. Ақ тақырдың суын кешіп, түбекке ойысатын неміз бар еді?
— Түсінем, шырағым. Биыл қары құрғыр да күрт еріп, бір-ақ күнде жоқ болды ғой. Түбекке көшпесіне амал қалды ма?
— Көшпесіңе емес, қашпасына деңіз, Жәке. Жел-құдықтар су тартпай құр қаңқайып қала бармады ма?
— Саясатына қарсы келіп қалам ба деп жұқалап жатқаным ғой әншейін... Әйтпесе осыдан артық қашу болады деймісің. Сусыз жерде отар ұстауға болмайтынын білемін ғой.
— Жел құдықтар күздігүні қанатын бұлғап шақырып тұрғандай еді, дәл керек кезінде су бермей қош айтысқандай қолдарын сілтеп қала берді.
— Мидай далада әлдебірдеменің қалқайып тұрғаны теріс те емес шығар... Бастықтар орнатқан қаңқайма ғой әйтеуір, — деді шал әлдекімдерді кекеткендей үнмен.
— Қаңқайып тұру үшін емес, су тарту үшін.
— Ә, түсінем ғой.
— Оны жұрттың бәрі де түсінеді.
— Бәрі де түсінсе түсінетін шығар, бірақ бәрін де түсінеміз демес едім.
Айгүл шалдың оспағын аңғармай қалып еді. Жәкен әрбір қартаң адамның байырғы әдетіне басып, ақыл айта сөйлеп кетті: :
— Мысалы, техниканы мен түсінемін бе! Жоқ. Жел-құдық деген немене өзі? Бір дөңгелекті бір дөңгелек айналдырып тұрады, сол емес пе? Бір дөңгелектің тістері, екінші дөңгелектің тістерінің арасынан шығып кетпесе болғаны да. Шығып кеткен екен — бітті. Біздің зотехник пен ферма бастығына ұсап шартпа-шұрт болады да қалады. Осының өзін сенен басқа қойшы біле бере ме екен, сірә?
Айгүл жәбірленген жоқ. Шалдың өзін сынап тұрғанын ауырламады. Шындық көрді. Көзін у-шу болып жатқан «балалар бақшасына», қозы арбаға аударып әкетті. Қолын қозыларға созды.
— Еметін уақыттары болды, — деді шал.
Жас қозылардың жып-жылы тұмсықтары Айгүлдің қолын иіскелейді. Жыбыр-жыбыр еткен жас еріндер жаланып қояды.
— Шыдай тұрыңдар, қошақандарым. Ертең кешке дейін ғана шыдаңдар. Әйтпесе Жәкеңнің пышағы қайраулы көрінеді. Шыдаңдар, — деп Айгүл әр қозының басын бір сипады.
— Қарағым-ай, жас қозыларға мені жамандағаның не? — деп, Жәкең шал өкпелеп қалғандай жүзін арбадан аударып, айнала қарана беріп:
— Ойбай, әкетті! — деді шошынған дауыспен. Қолын шұбап келе жатқан отардың арт жағына қарай сілтеді.
Даланың үлкен қара құсы, қанаттары суылдап-ысқырып, қара найзағайдай ағып, Айгүлдің суда қалған етіктеріне шаншыла құлап келеді екен.
— Әкетсін, әкетсін! — деді Айгүл сақ-сақ күліп. Дала үнсіздігінде жарыла күлердей қызықтар да сирек. Айгүл мәз болып қалды.
Қарақұс етікті қозы деп қалғанын суға таяна бере сезініп, қайқаң қағып қайта жоғарылап кетті. Ұялғандай, жан-жағына жалт-жұлт қаранып барады.
Болмашы қызыққа Айгүл әлі күліп тұр еді, арт жақтан далақтап шауып келе жатқан салт аттыны көрді. Сасқан адамның далақтауы. Алыстан-ақ бөркін бұлғалап, екі аяғы серең-серең аса бір тығыз жұмыспен келе жатқанын аңдатады.
— Жолдас депутат! Жолдас депутат!
Шапқыншы жақындай берді. Төртінші ферманың қойшысы Берден екені де танылды. Ол бір қорқақ та сасқалақ адам. Жақындаған сайын атын өкпеге тепкілеп, қамшылай түседі. Айгүл оған ширыға қарап, «апыр-ай, құлайды-ау, құлайды-ау!» дегенше, Берден ат-матымен тоңқалаң асып құлап та түсті. Ат төрт тармақтап барып орнынан әрең тұрды. Қолтығы дірілдеп, бар денесімен теңселіп тұр. Берден өзі тақыр басынан май батпақ сорғалап тез тұра алмай қалды. Суға белшесінен батып отырған күйі: «Депутат жолдас! Депутат жолдас!» деп жатыр.
— Е, не болды, Берден? — деді Айгүл күлімсіреп.
— Енді жарты сағатта жетпесең біздің отардың барлық төлі «Қасқырсайда» қалады.
— Неге? Адамдарың қайда?
Берден сөзге, сұрауға құлақ асар емес, өз сөзін айта береді.
— «Қасқырсай» өткізер емес. Су кернеп барады. Өткел берер емес. Соны мәлімдеуге келдім.
— Тағы бір-екі күн ұйықтай түссеңдер еді! — деп Жәкең шал оны кекетіп тастады. Берден оған да құлақ асқан жоқ:
— Депутатқа мәлімдедім, болды. Ендігісін өзі білін, — деді де өзін-өзі бөксесінен көтермелеп, орнынан ұрды.
«Қасқырсай» дейтін бәлені Айгүл бала жасынан білетін. Ұзындығы жиырма километр келетін терең сайға кей жылдары Сырдың суы түсіп кетсе, өткел бермейтіні рас. Қыс бойы құмда бағылатын отарлар түбекке оралғанда, осы сайға соқпай өте алмайды. «Қасқырсайдан» Айгүл отары да кеше ғана өткен. Онда құрғақ жатыр еді. Ылғи жымиып келіп, қапы соқтыратын Сырдың суы ұрланып келіп басып алғаны да. Енді ол сай салығын салмай өткізбейді. Айгүл ойланып қалды.
— Бізден кейін тағы да көп отарлар келе жатыр. Бәрі де келіп тіреледі соған. Олардың күні өзімен, бізді апаттан құтқара гөр, депутат.
Өз отарының қысылысын күйіп-пісіп тұрып айтса, басқалардың мұң-мұқтажы енжар ғана айтылды.
— Немене, сендерде тым болмаса мынадай арба да жоқ па? — деді Жәкең шал. Арба жайын орынсыз-ақ қыстырғанына қараған жоқ.
Өз қолынан жасап алған, әр жылда бірер күн керегі де болып қалатын арбасына Жәкең мардамси қарады. Алдынғы екі доңғалағы ескі соқалардан қалған темір доңғалақтар, артқы екеуі — мотоциклдікі.
— Арба деп тұрғаныңыз мынау ма? Көрген де емеспін, естіген де емеспін, — деді Берден. Кекетейін, қулық айтайын" деген жоқ, арбиған-ырбиған бірдемені жаратпай қалғанын тура айтты.
— Өй ақымақ! Жыл сайын барлық төлдің жанын алып қалып жүрген осы арба екенін естімеп пе ең? О не дегені екен!
— Жә, «Қасқырсайыңа» қайта бер. Мен де ұзамай жетермін, — деді Айгүл борбайынан сорғалап әрең тұра берген Берденге қарап, — Жәке, сіз иттерге ие боларсыз, менің артымнан еріп кетпесін. Отарды тоқтатпай, ілгері қарай жылжыта беріңдер. Тұсына жеткенде Әуесбек те келіп қосылар.
Әуесбек екінші қойшы, бір канистр су, бір шәйнек, бір қазаншаны бөктеріп алып, ол мана ілгері кеткен. Әр қысылшаңның өз амалы бар, қойшылар кезектесіп ілгері кетіп, судан құрғаққа шығып жылы тамақ жасайды. Ат шоқырағымен жарты сағат ілгері кеткен қойшыны отар жылжып үш сағатта әрең қуып жетеді. Ол екі арада мызғып алуға да болады.
— Өз қозыларын қойнына тықса да, аман алып қалар еді. Колхоздың қозылары қырылғалы жатқанын саған мәлімдеуге келгенін көрдің бе мұның! Басына мініп отырып, қызыл бұрышты қыстырар ма еді құйрығының арасына! — деді Жәкең шал, атын өкпеге тепкілеп ұзай берген Берденге қарап.
Айгүл үндеген жоқ. Етігінің суын төгіп, жалаң аяғына суға салды да, атына мінді. Ерігіп келе жатқан жиренбесті қояндай орғып атыла жөнелді. Атының төрт тұяғынан жарыла шашыраған су күн көзіне шалынғанда Айгүл екі жағына қызылды-жасылды маржан шашып бара жатқандай көрінеді екен, Жәкең шал қызыға қарап:
— Ерің де, еркегің де сендей-ақ болар! — деді. Содан кейін Айгүлдің артынан жөнеле берген иттерін шақырды:
— Кәһ, кәһ, кәһ!..
«Қасқырсайға» жеткен соң, Айгүл жұрттың екі нәрседен аңтарылып қалғанын таныды. Тасыған су, кең даланы қапталдай жалап кететін өрт, биік аспанды тілгілеген, найзағай сияқты алып күштер дала халқын арбасуға келтірмей жеңе берген, бағындырып алған. Сол ықтау әлі арылмай келеді. «От пен су — тілсіз жау» — деп жай айтылды дейсің бе, келісімге келмейтіндіктен айтылған ғой. Оның үстіне бір саты болса да жоғарыдан бұйрық күту тағы бір тұсау болып қосылыпты.
«Қасқырсай» кемерінен келіп тола бастаған екен. Ат омырауынан асатын, бұйралана аққан су сайға тығылған қаңбақтарды ағызып әлдеқайда әкетіп барады. Сайдың арғы бетіне үш-төрт отар жиналып қалыпты. Бір-бір киіз үйді артып алған түйелер әр жерге шөктірулі жатыр. Сайдың жағасына от жағылып, шәйнектер, қазандар асылған. Еркектер оңаша шоқтарылып әлденені ермек етіп отыр.
Мойындарына ашық түсті қызыл ала галстук байлаған екі жас қойшы судан атпен жүзіп өтті де, Айгүлді бергі жағада қарсы алды. Сайдың арғы бетінен: — Жеткен екен, жетті ғой депутатымыз, — деген дауыстар естіледі.
— Осыдан бір-ақ жеті бұрын не деп келісіп едік? Уәделерің қайда? — деді Айгүл амандыққа келмей жатып-ақ. Дауысында әрең ұстап қалған ызғар бар еді. Қойды ұмытып, қошемет көрсеткелі келген жас қойшылар абыржып қалды.
— Апай-ау, ферма бастығы алдап ұрды ғой. Айтқандарының бірін орындаған жоқ.
— Содан кейін көзімізге көрінген жоқ,— деп жас қойшылар бар кінәны көзі жоққа аударып жатыр.
Жиренбестіні омыраулата жүздіртіп Айгүл сайдың арғы бетіне шыққанда, барлық қойшылар қопарыла көтеріліп келіп қарсы алды. Бұлар да депутатқа ұзақ шұбырынды, қошемет көрсете бастап еді, Айгүл тез тойтарып тастады.
Болмашыны дағдарыс көріп, болымсызды сөз қылатын мінездерге Айгүл күйіп-пісіп қалатын еді. Ол жайылымы кең көрінгенмен көбінесе жайдақы шығатын ойдың дамы емес, жинақы да шымыр ойдың адамы. Енжарлықтан туатын езбе сөздерді ол айығары жоқ күзгі ақ жаңбырдай сезінеді. Қойшылардың болмашыны, сеп қылып, алыстан ағаш жағалтайлап әкеліп бар кінәны ферма бастығына аударғысы келгендеріне Айгүл құлағын да салған жоқ. «Жә, жетер!» деп айғайлап жібергісі де келді. Бірақ көпшілік алдында көтеріле сөйлеу, зекіп қалу Айгүлдің әдетінде жоқ еді.
— Жә, болар іс болып, уақыт өтіп кеткен екен, амал не... Тек ендігі жылы тағы да осыған ұрынбайтын болайық, — деді Айгүл аз ғана жымия сөйлеп. — Е, талайды ұмыттыңдар ғой, мұны да ұмытып кетерсіңдер!
Уәдеге мырза жұрт:
— Е, неге ұмытайық!
— Есте қалатындай-ақ болып тұр, — десті.
— Онда тұрмайық, үш-төрт керегені қосақтап салы жасаңдар. Әрбір салы ең кемі жиырма қозыны көтереді. «Қасқырсайға» бір қозыны да құрмалдық етпейміз. Ірі қойлар өздері де жүзіп етеді. Кәне!
Осы оңай ой қойшылардың бәрінде де бар екен, бәрі де оңай мақұлдады. Тек ерлікке, озық техникаға сүйенген ой болмағандықтан айтуға арланыпты.
Төрт отардың жас қозыларын салымен өткізуге едәуір уақыт кетті. Қойшылар қозыларының араласып кетпеуіне жан салып жүр. Айғай-шулары көп, бөгесіндері көп, біріне-бірінің ақыл айтулары көп. Кейбір қойшылар қозылары түгел қырылып қалатын болса да, қалыптасқан әдеттерінен айрылғылары келмейді, жоқ жерден талас шығарады.
Айгүл осы тұста ғана бір айқайлап қалды:
— Тоқтатыңдар босқа даурығуды. Мен жауап берем! — деді. Ызғарлы үнді оңай сезіне қалған қойшылар одан кейін зекіп қалуды күткен жоқ.
«Қасқырсайдан» аман өткен отарлар түн ортасы ауа бергенде Ақ тақырдың жайылма суына келіп килігіп еді. Әрі-беріден соң отарлар араласып та кетті. Кешегі-бүгінді туған жас қозыларды кереге-сүйреткіге жегілген түйелер әкеле жатыр. Түйенің үстіне шаңырақ-күрке жасап алып қозыларды соған толтырып алғандар да бар. Бір апаттан аман өтсе де, су жайылып кеткен тақырдың әлегіне отарлар енді кездесті. Жазғытұры әрі буаз, әрі жадау қойлар тізеден су кешіп әрең жылжып келеді.
Қозылап та келеді, бірен-сарандап жүруге жарамай қалып та келеді. Қойшылар да қалжырап қалған. Ән де жоқ, елең етер үн де жоқ. Тағы да дала үнсіздігі. Оған қосыла түн үнсіздігі, шаршау үнсіздігі. Тек қана әр отардың иттері сыйыса алмай, әлсін-әлі жанжалдасып, төбелесіп-төбелесіп алады. Жүріп келе жатып қалғып кеткен қойшылардың ұйқысын ашатын да сол иттердің төбелесі ғана.
Сәнмен ерттелген елгезек аттарды таңдап мінгендей екі жас қойшы қай отарда қанша саулық барын, қанша қозы туғанын есепке алып жүр. Әрбір жаңа қозылаған қойдың, әрбір жүре алмай қалған қойдың қай отардікі екенін екеуі кезектесіп келіп Айгүлге мәлімдеп кетеді. Жас тақымға іліккен жарау аттарын безектетіп келе жатқанда түнгі тынық суға үймелене түсіп тұрған шым-шытыр жұлдыздар шатынап жарылып жоқ болады.
Ертеңдер түбекке жеткен соң осы төрт отардың қой-қозысын біріне-бірін ауыстырмай бөліп беру жанжалы бар. Ол әрине Айгүлге бір соқпай тына алмайды. Сондықтан Айгүл өз отарына қанша асықса да, әлі кете алмай айналақтап жүр. Байқалатын ыңғайлар бар, анықталатын есептер бар.
— Арамқатқыр, жатқың келе ме, немене өзі! — деген дауыс ащырақ шыққан соң Айгүл әдейі солай қарай бұрылып келіп еді, Берден екен. Кереге-салыны сүйреп келе жатқан дардай атан тұрып қалыпты. Берден атанды қанша жерлеп, қалай ұялтам десе де, орнынан қозғалар емес. Бақырып-ұлып, басын шайқап, жынын шаша бастапты.
— Демалдырыңыз! — деді Айгүл жақындап келіп.
— Депутат шырағым, әлі кеткен жоқ екенсің ғой. Енді өз отарыңа жүре бер. Бір апаттан алып қалдың, рақмет депутатымызға. Барлық бұйрығыңды бұлжытпай орындаймыз, — деді Берден.
— Мен бұйрық бердім бе?
— Өз қолыңмен істеп көрсеткен соң бұйрықтың керегі не! Сен келмесең төл түгіл ірі қойдың шығыны аз болатын ба еді? Жігіттер, мұның жайын депутатымызға жеткізбесек болмас деген мен едім әуелі, аузыма құдай салған екен...
Берден бұдан гөрі де шұбалта сөйлемек еді, әлденеден сүйретпеде келе жатқан қозылары шу ете тусті.
— Ей, не болды? Неге шулап кеттіңдер? — деп Берден қозылардың қасына барды да, — ойбай, су көтеріліп кетіпті... Қозылар суға кететін болды. Кетіп қала көрме, жолдас депутат! — деп тағы сасқалақтап қалды.
— Ояңға кездесіп қалмасаң, бұл арада су көтерілмейді, Сасқалақтама! деп Айгүл аттан түсіп еді, су қайта таязданып қалғандай екен. Кереге-сүйретпе жерге жабысып қалыпты.
Біресе атанын жұлмалап, біресе қозыларына жүгіріп абыржып қалған Берден:
— Ей, мына бөрік қайда барады? — Сырдарияға қарай тартты ғой! — деді.
Шалдың басынан ұшып түскен бөркін су ақырын ғана жылжытып әкетіп барады екен. Беталысы шын-ақ Сырдарияға қарай. Айгүл қуанып кетті. Қойнында жүретін қол орамалын суырып алып тастап жіберіп еді, орамал тіпті тезірек жылжып кетті. Оның беталысы да Сырдария.
— Тоқта, шал! Әуреленбе, құтылдық, құтылдық!
Айгүл атына қарғып мініп алып, қалғып тұрған қараңғы түнді жарып жібергендей ашық дауыспен:
— Тоқтаңдар! Тоқтатыңдар отарды! Таңертең құрғақпен қозғаласыңдар. Канал бітіпті! Канал, канал! — Жайылма суды сол тартып әкетіп жатыр. Канал, канал! — деп, шұбаған отардың алды-артына шауып барып, оралып әрең тоқтады. Әуелі көтеріңкі шыққан дауысы енді бір кезде дірілдеп, жылап жібергені байқалады. Қалғып-шұлғып келе жатқан қойшылардың бәрі де сергіп, үнсіз түн, гуілдеп кетті:
— Канал, канал!..
Сусыз дала өгей шеше ғой, ұзақ түндер түгіл, ұзақ ғасырлар бойы жыласаң да еміренер ме, былқ етер ме!
Жайылған судың кейін сырылуы жаңа каналдың біткені де! Бетімен жайылған суды сораптап сорып әкетіп жатқан сол канал болат та.
Қойшылар Айгүлді тағы да қоршап алып:
— Каналда да сенің еңбегің бар ғой.
— Сен болмағанда тағы біраз сарғайтатын еді ғой! — десіп қошемет көрсете бастап еді, Айгүл оны естіген жоқ.
Жиренбестінің басын алға қарай бұрып алып жөнеп берді. Ат та ұшып келеді, Айгүлдің өзі де ұшып келе жатқандай.
Өзі үшін де, өзгелер үшін де әлдеқандай үлкен бір қуанышты айтып кетіп барады. Ол өлең айтып бара жатқандай. Өлеңнің сөзі емес, сазы қалады ғой есте. Айгүл жүрегінен атқылап келе жатқан да сондай бір саз еді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі