Өлең, жыр, ақындар

Абылай хан

Абылай хан, Әбілмансұр — Ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Ол 1711 жылы (орыс деректерінде 1713) өмірге келген. Арғы тегі — Жошы хан, бергі бабалары Қазақ ордасының негізін салған  Әз-Жәнібек,  одан  соң  Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай — Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Жәңгір ханның Уәлибақы, Тәуке деген екі ұлы болады. Жәңгір қайтыс болып, таққа Тәуке отырғанда, Уәлибақы хандыққа өкпелеп, Үргенішті билеген нағашы атасы Қайып ханның қолына барады. Уәлибақының баласы Абылай, жекпе-жекке шыққанда жауы шақ келмейтін батыр болып, Қанішер Абылай атаныпты. Осы Абылайдан Көркем Уәли туады. Оның баласы Әбілмансұр (кейін қазаққа хан болып Абылай атанған) «ақтабан шұбырынды» жылдарында жетім қалып, үйсін Төле бидің қолына келеді. Аш-жалаңаштықтан жүдеген өңіне, өсіп кеткен шашына қарап Төле би оған «Сабалақ» деп ат қойып, түйесін бақтырады. Әбілмәмбет төренің жылқысын да бағады.

Төле бидің тәлім-тәрбиесінде болуы Абылайға зор ықпал жасады. Оған қоса бала кезінен көрген жұпыны тіршілік, өмірлік тәжірибе Абылайдың ел өміріне ерте араласуына себепші болды. Бұқар, Үмбетей жыраулардың, т.б. ауыз әдебиетінің ірі өкілдерінің мәліметтеріне қарағанда, Абылай 20 жасында қан майданда ерлігімен танылған. 1730-33 жылдары аралығында болған бір ұрыста бұрын белгісіз жас жігіт Әбілмансұр жекпе-жекке шығып, қалмақтың бас батыры, қоңтажы Қалдан Сереннің жақын туысы (кейбір деректерде: күйеу баласы) Шарышты өлтіреді.

Үлкен әкесінің аруағын шақырып, жауға Абылайлап шапқан Әбілмансұр жеңісті ұрыстан соң Орта жүздің сұлтаны деп танылып, қазақ далалағы ең беделді әміршілердің біріне айналады. Бұдан соңғы жерде Әбілмансұр есімі ұмытылып, Абылай атанады.

Абылайдың әскери қайраткерлігі, қолбасылық қабілеті 1730-40-жылдардағы сұрапыл соғыс шайқастарында ерекше көрінді. Ол соғысқа Абылайдың қанды көйлек жолдастары: Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақұлы Жәнібек, Қарақалпақ Қылышбек, Шапырашты Наурызбай, т.б. қазақтың белгілі батырлары тізе қоса қатысады. Бұл да Абылайдың жауға қарсы озақ халқының басын біріктіре білгендігінің дәлелі болып табылады. Бірте-бірте ұлыстағы бар өкім Абылайдың қолына көшеді. 1738-41 жылы Абылай бастаған қазақ қолы жоңғар басқыншыларына бірнеше мәрте соққы берді. 1741 жылы Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына тұтқынға түседі. Сол кездегі ойрат басқыншыларына қарсы күрестің ең белсенді ұйымдастырушыларының біріне айналған Абылайдың жау қолына түсуі қазақ қоғамында улкен абыржушылық туғызып, Абылайды босатып алу үлкен саяси мәселеге айналады. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастап 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 жылы 5-қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады.

Абылай көреген саяси қайраткер бола отырып, қалмақтармен аса ауыр соғыстардан қалжыраған елінің есін жиғызу үшін дипломатиялық жолдарды да тиімді пайдаланды. 1740 жылы тамызда ол Орта жүз ханы Әбілмәмбетпен, тағы да басқа 120 старшынмен Орынборға келіп, орыс өкіметінің «қамкорына» кіруге келісімін білдірді. Сонымен бір мезгілде қазақ халқының тұтастығын сақтау мақсатында Шын (Қытай) империясымен де қарым-қатынасын суытпады. Петербург пен Пекинге елшіліктер (1757-77 жылдары Пекинге 10 елшілік жіберген) аттандырды. Ол Ресей мен Қытай империяларының өзара қайшылықтарын қазақ хандығы мүддесіне пайдаланып отырды. Абылай қазақ елінің тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін жағдайлармен аянбай күресіп, дербес сыртқы саясат ұстанып өтті.

Абылай қазақ жерінің бүтіндігіне қол сұққан жаулармен ымырасыз күрес жүргізді. 1754-55 және 1764 жылы қырғыздар Жетісуда біраз ауылдарды шауып, Жауғаш, Көкжал Барақ пен Шынқожа батырлар бастаған әскерлерді Ақсу, Көксу және Шу бойында талқандайды. Осы себепті Абылай 1755, 1765 жылдары Қырғыз ұлысына қарсы жорық жасап, Іленің сол жағасын, Шу бойын тазартады, қазақ пен қырғыздың Нарынқолдан Қордайға тартылған, күні бүгінге дейін сақталып отырған шекарасын бекітеді.

Өмірінің соңғы 15 жылында Орта Азия хандықтарына қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1765-67 жылдары Абылай қолының Қоқан билеушісі Ерденбекпен соғысының нәтижесінде Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары қайтадан қазақтар иелігіне өтті. Ташкент алым төлеп тұратын болды.

Екі жүз жылға созылған қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің соңғы жаңғырығы алаш жұртының санасында «Шаңды жорық» деген атпен белгілі. Бұл 1771 жылы Еділ қалмақтарының (170-180 мың адам; 40 мыңдай әскері бар) жонғарға қазақ жері арқылы үдере көшуі еді. Кіші жүздің ханы Нұралы асығыс әскер жиып, Жем бойында қалмақтарға алғашқы соққы береді. Балқашқа жақындаған кезде Абылай бастаған қазақтың қалың қолы қалмақтарды коршауға алды. Осы кезде қалмақ басшылары Ұбашы мен Серен бітімге келуді, бүкіл ел жұртымен бодандыққа қабылдауды сұрап, елші жібереді. Кіріптар ұсынысты талқылау үшін шақырылған әскери кеңесте Абылай тағы да көрегендік танытып, жеңілген жауды қырып-жоюдың қажеті жоқ екендігін дәлелдеуге тырысады. Еділден ауған қалмақпен келіссөзге келіп, тым құрыса олардың Жоңғарға еркін өтіп кетуіне мүмкіндік беру жөніндегі Абылай түйінінің арғы жағында шығыстағы ұлы көршімен болашақтағы қарым-қатынасты ойлау жатыр еді. Жоңғардан азат етілген шығыстағы жерлерге қазақ ауылдарын апарып түпкілікті қоныстандыру да Абылай саясатының терендігін, кемеңгерлігін айқын көрсетеді.

Абылай соғыс жағдайына сай қол астындағы елде, әсіресе әскер ішінде қатаң тәртіп орнатты. Сондықтан да хан бастаған жауынгерлердің ел-жұрты мен ата-мекенін қорғау рухы жоғары, ұзақ жорықтарға шыдамды, шайқас даласында тегеуріні қатты болған. Абылай сан жағынан әлдеқайда басым жаумен шайқасудан еш тайынбаған және көбіне үстем шығып отырған. Абылай қазақ хандығының күшін біріктіріп, әскери жағынан қуатты мемлекетке айналдырды.

1771 жылы жасы жеткен Әбілмәмбет хан дүние салды. Қалыптасқан дәстүр бойынша Орта жүздің ханы болып не Әбілмәмбеттің інілерінің бірі, не үлкен ұлы Әбілпейіз сайлануға тиіс еді. Алайда басты сұлтандардың, старшындардың, Әбілпейіздің өз қалауымен үш жүздің басшы өкілдері Түркістанда Абылайды хан көтерді. Абылай іс жүзінде жалғыз Орта жүздің ғана емес, бүкіл Қазақ ордасының (хандығының) ұлы ханы болды.

Абылай Ресей мен Қытай империяларының арасында орналасқан Қазақ елінің геосаяси жағдайына икемделген саясат ұстанды; Ауған шаһы Ахмет Дурранимен келіссөз жүргізді; Түркияға елшілік жіберу ниеті де болды. Қытаймен қатынас жақсара бастаған кезде орыс бодандығынан бойын тартып, патша әкімшілігінің шақыруымен хандық белгілерді қабылдау үшін 1779 жылы қазан айында Петропавл бекінісіне барудан бас тартты. Пугачев соғысы кезінде үш мың әскерімен «Қасірет белдеуі» («Горькая линия») бойындағы орыс бекіністерін шапты.
Абылай қаһарлы хан болуымен қатар, қазақ халқыньщ рухани қасиетінен еркін сусындаған дарынды күйші ретінде де белгілі. Ол — бірқатар күйлердің («Ак толқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Садаққаққан», «Шаңды жорық», т.б.) авторы.

Абылай өмір жолын ат үстінде жорықтарда өткізіп, Арыс өзені (қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы) жағасында 1781 жылы 23 мамырда қайтыс болды. Сүйегі Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Иасауи кесенесінде жерленген. Абылайдың артында 12 әйелінен 30 ұл, 40 қызы қалды. Қазақ халқының жадында Абылай қажырлы мемлекет қайраткері, батыл қолбасшы, дарынды дипломат ретінде сақталып келді. Оның есімі тәуелсіздік символына, жауынгерлік ұранға айналды.

Қажетті сілтемелер (қарап көріңіз):

Абылай хан

Абылай ханның әңгімесі

Абылай хан — тарихи тұлға

Абылай ханның Майдақоңыры

Абылай хан мен Халдан ханның сөйлескені


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз