Өлең, жыр, ақындар

Әбіш шығармаларының өміршеңдігі мен өзектілігі

 

Әбіш Кекілбаев атындағы Маңғыстау облыстық тарихи-өлкетану музейінің әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Жолдықызы Дабысовамен Әбіш шығармашылығы жайында сұхбатты назарларыңызға ұсынамын

-Әбіш Кекілбаев шығармашылығының өзектілігі мен өміршеңдік деңгейі қандай?

Ә.Кекілбаевтың қаламгер ретінде 13 әңгімесі, 10повесть, 3 тарихи романы, екі өлеңдер жинағы қалды. Сондай-ақ, аударма саласында да өнімді еңбек етіп,  бірнеше шетел жазушыларының шығармаларын ана тілімізде сөйлетті. Жазушының қай шығармасын алып қарасақ та қазақ халқының тарихы мол қамтылып, салт-дәстүрлері кеңінен дәріптеледі. Жазушы әңгімелеріндегі көптеген кейіпкерлер ауылда туып, қатаң табиғаттың қаталдығына көніп, тағдырына табандылық көрсеткен, адамгершілік жолынан аттамай, арын таза ұстаған қарапайым адамдар. Романдары:«Аңыздың ақыры»-әйгілі Ақсақ Темір туралы болса, Үркер, Елең-алаң романдары XVIII ғасырдағы қазақ қоғамындағы ең бір шешуші сәттегі халық тарихының түйткілді сәттерін суреттейді. Қазақтардың жоңғарлар мен басқа да халықтардың шабуылы нан ығыр болып, орыс патшасынан пана іздеуі жолындағы Әбілқайыр ханның іргелі әрекеттерін сөз етеді.Сол себептен Әбіш шығармалары бүгінгі таңда аса өзекті әрі өміршең деп ойлаймын.

-Қазіргі жастар Әбіш Кекілбаев шығармаларын қалай қабылдайды? Музей тәжірибесінде сізбайқаған өзгерістер бар ма?

-Шындығын айтсақ, мектеп жасындағы балалар, жастар Әбіш шығармаларын жаппай оқып жатыр деп анық айта алмаймын. Себебі, Әбіш Кекілбайұлының суреткерлік қабілеті мықты, тілі ауыр. Қазіргі таңда ауызекі тілде сөйлеп, әдеби тілден алшақтап кеттік. Сондықтан, ол кісіні оқу үшін үлкен дайындықпен келген жөн және түсініп оқу қажет.

-⁠Әбіш Кекілбаев шығармаларының XXI ғасырда өзектілігін сақтап тұрған басты құндылықтар қандай деп ойлайсыз? 

Әбіш Кекілбаев: «Мен әдебиетте іскер адамды да, қарапайым адамды да емес, рухани күшті адамды көрсетуді жақтаймын. Мен үшін рухани күштілік – ар тазалығы, сезім шынайылығы, мұрат тұрлаулылығы. Арлы адам – ең күшті адам. Өйткені,ол өткінші бақыттың, өткінші қайғының ырқына мойын ұсынбайды. Сондықтан да оның тағдыры қиын болуы, ауыр болуы мүмкін, өкінішті болуы мүмкін емес»,-дейді. Ол кісінің қай шығармасы болмасын, қазіргі таңда өте өзекті.Мәселен, «Шеткері үй» атты керемет шығармасы бар. Тұрмысқа шықпай, жеңіл өмір сүріп,өмірінің соңында жалғыз қалған жалғыз басты әйел туралы баяндалады. Осы ғасырдағы әйел тағдырына қатысты өзекті тақырыптардың бірі. Сонан соң, «Бір шоқ жейде» деген керемет шығармасы бар. Ол жерде қазақтың бала асырап алуы сынды өзекті мәселелер көтеріледі.

-Музей мен мектеп оқушыларының бірлескен жобалары (кітап клубы, сайт, дебат)  бар ма? Бар болса, бүгінгі таңда қалай жұмыс жасапжатыр?

Алдағы уақытта музейімізде үйірмелер ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда Дарын мектебі жылда тұрақты түрде Республикалық, облыстық, аудандық «Әбіш оқулары» байқауын өткізіп тұрады.Байқауға қатысушы жас өрендер, еліміздің түкпір-түкпірінен келген балалар келеді. Тығыз байланыстамыз. 

-⁠Әбіш Кекілбаев мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуде ең тиімді жол қандай деп ойлайсыз?

Жазушының шығармашылығын насихаттау үшін облыстық деңгейде, ауыл,қала, аудан мектептерінде арнайы жылжымалы көрмелер жасаймыз. Арнайы музей күндері ұйымдастырылып, Әбіш шығармашылығы тереңнен насихаттаймыз. 

-Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Береке Бақытжан

А.Сәрсенбайұлы атындағы орта мектептің

10-сынып оқушысы

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз