Өлең, жыр, ақындар

Балдырлар

Балдырлар — төменгі сатыдағы су өсімдіктері. Теңіз, көл, өзен, ағынсыз суда өседі. Олардың клеткалық құрылымы болмайды, бір клеткалы, колониялы, көп клеткалы түрлері бар. Көп клеткалы өкілдерінің денесін таллом деп атайды. Клетка қабығы гемицеллюлозадан және пектинді заттардан тұрады. Клеткасы негізінен бір ядролы. Цитоплазмасында митохондрия, диктиосома, рибосома, хромотофора сияқты органоидтары және вакуолясы (бос қуысы) болады. Балдырлар (Аlgае) биохимиялық қасиеттеріне және клеткалық құрылымына қарай он екі типке бөлінеді: көкжасыл балдырлар, прохлорофитті балдырлар, қызыл балдырлар, жалтырауық балдырлар, диатомды балдырлар, криптофитті балдырлар, динофитті балдырлар, қоңыр балдырлар, сарыжасыл балдырлар, эвгленді баддырлар, жасыл балдырлар, хара балдырлары. Бұлардың отыз мыңға жуық түрі белгілі, олардың бір мыңнан астам түрі Қазақстанда кездеседі.

Клеткасында балдырларға түс беріп тұратын хромотофораларының саны әр түрлі (біреу, екеу, көп) болады. Олардын пішіндері тақта, астау, білезік, дән, лента, жұлдыз тәрізді болып келеді. Балдырлардың көпшілігінің хлорофилі болғандықтан көмірқышқыл газын сініріп, фотосинтез процесіне қатысады. Сондай-ақ, дайын органикалық заттарды пайдаланатын паразит түрлері де бар, бірақ бұлардың хлорофилі болмайды. Дарвин ілімі бойынша, тіршілік бір клеткалы организмдерден пайда болған, ал құрлықтағы барлық өсімдіктер балдырлардан шыққан деп есептеледі. Көптеген балдырлар саңырауқұлақтармен симбиозды тіршілік етіп, қыналарды құрайды. Ал, балдырлардың табиғаттағы геохимиялық рөлі кальций мен кремний айналымымен тығыз байланысты. Олардың көптеген түрі ақаба суларды биологиялық жолмен тазартуда және бөгендердің ластануының биоиндикаторы ретінде қолданылады.

Теңіз, мұзит жағалауындағы балдырлар — жан-жануарлардың мекені, тіршіліктерінің көзі. Бентосты балдырларға (теңіз, мұхит түбінде тіршілік етеді) қарағанда планктонды балдырлардың (суда қалқып жүретіндер) саны анағұрлым басым, сондықтан олар көптеген организмдердің қорегі болып табылады. Ағынсыз суларда өсетін балдырлар шіріп, сапропельге айналады. Сапропельден смола, бензин, керосин, техникалық майлар, лактар алынады. Балдырлардың қалдығы балшыққа емдік қасиет береді. Қызыл балдырлардан өндірілетін агар тамақ өнеркәсібінде пайдаланылады, оларды мата бұйымдарының және қағаздың құрамына беріктік беру үшін қосады. Қоңыр балдырлардан алынатын альгин мата тоқуда желім есебінде жасанды талшықтар, пластмасса өндіруде және табиғи тыңайтқыш, малға жем ретінде пайдаланылады, сондай-ақ күлінен калий, натрий тұздары, йод өндіріледі. Шығыс Азия ел дерінде ламинария қоңыр балдырлары «теңіз капустасы» деген атпен, ал жасыл балдырлар (ульва) «теңіз салаты» деген атпен тамаққа пайдаланылады. Балдырларды зоб, атеросклероз ауруларын емдеу үшін медицинада қолданады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер