Сейфуллин Сәкен (Садуақас, 1894-1938) — қазақтың көрнекті жазушысы, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері. Туып өскен жері — Қарағанды облысының Шет ауданына (бұрынғы Жаңаарқа ауданына) қарасты Ортау кеңшарының Қарашілік қыстағы. Саяси репрессияның құрбаны болған.
Нілдідегі орыс-қазақ және Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде (1905-1908), үш кластық қалалық (1913-1916) оқыған. Омбыда қазақ жастарының «Бірлік» қауымын, Ақмолада «Жас қазақ» ұйымын ашып, «Тіршілік» газетін шығаруды ұйымдастырған. Ақмола Совдепі президиумының мүшесі (1917). КОКП мүшесі (1918). Ақмола совдепшілермен бірге тұтқындалып (1919) Атаманның «азап вагонында» 47 күн азап шегіп, Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. Ақмола Атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі (1920). Қазақтың Кеңестік Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің 1-Құрылтай съезінде Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі (1920). «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы (1922). Қазақстан Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы (1922-1925). Халық ағарту комиссараты жанындағы Ғылым орталығының төрағасы, Қазақтың пролетар жазушылары ассоцияциясының (Қаз.АПП) басшысы (1925). БК(б)П Өлкелік комитеті партия тарихы бөлімінің меңгерушісі (1926). Қызылорда халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры (1927). «Әдебиет майданы» журналының редакторы (1932). Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры (1934).
Сәкеннің алғашқы өлеңдер жинағы «Өткен күндер» деген атпен 1914 жылы жарық көрді. Поэзиялық туындыларының ішінде Сәкеннің шығармашылық ерекшелігі мен идеялық саяси ұстанымын бедерлі айғақтайтын туындылары — «Кел жігіттер», «Жас қазақ марсельезасы», «Жұмыскерлерге», «Жолдастар» сияқты саяси лирикалары, сондай-ақ «Советстан», «Көкшетау», «Альбатрос», «Социалистан», «Қызыл ат» поэмалары. Проза саласында «Жер қазғандар», «Айша», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда», «Жемістер» повестері мен «Тар жол, тайғақ кешу» мемуарлық роман жазған. «Бақыт жолында», «Қызыл сұңқарлар» драмалары өз заманының рухын танытатын елеулі шығармалар. Қазақ әдебиетінің қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген С.Сейфуллин әдебиеттің басқа жанрларында да айтарлықтай із қалдырған. Оның әдеби-сын мақалалары, баяндамалары мен сөйлеген сөздері ұлттың мәдени-рухани өміріне сергек араласқан сыншылдық ойының құнарлылығын және пәрменділігін танытады. Әсіресе, қазақ әдебиеттану ғылымында күні бүгінге дейін құнын жоймаған «Қазақ әдебиеті» атты зерттеу еңбегінің мәні зор. Сәкен шығарған әндер халықтық дәстүрді тұғыр ете отырып, дүниеге келген өзіндік даралық сипаттармен ерекшеленеді.
Сәкен қазақ маңдайына біткен біртуар дара тұлғалардың бірі. Ол өз ұлтын қалтқысыз сүйіп, халқына жойдасыз еңбек сіңірді. Бұл жолда Сәкен социалистік жүйені, оның идеялық дем берушісі коммунистік партияны халықтарға бақыт пен бостандық әкелуші деп сенді. Тіпті, сенбеген күнде, сөз жүзінде мейлінше тартымды коммунистік партияның саяси платформасын ұлттың көгеріп көктеуіне пайдаланбақшы болып жан-тәнімен қимылдады. Алайда, мемлекеттік төңкерістер мен идеологиялық өзгерістерге қарамастан Ресейде өзгеріссіз қалған империялық озбырлық Сәкеннің де, Сәкен сияқты жүздеген-мыңдаған боздақтардың да, керек десеңіз, мүлде басқа жолдарды таңдаған ұлтжандылардың да армандарын қиялға айналдырып, өмірлерін қасіретке тап қылды. Демек, тарихи тұлғалардың тағдырын парықтағанда олар қандай жолды таңдағаны бойынша бағаланбау керек, халқына қаншалықты қызмет еткені, қаншалықты еңбек сіңіргені, қаншалықты жілігі татитын мұра қалдыра алғаны бойынша лайықты бағасы берілуге тиіс. Тарихи әділдіктің де, ғылыми-әдіснамалық объективті ұстанымның да қисыны осы. Бұл тұрғыдан келгенде, Сәкен халқымен мәңгі бірге жасайтын, халқының мәңгі сый-құрметіне лайық біртуар тұлға.
Сәкен Сейфуллиннің ақиық ақындығы өз алдына, ол кісінің әңгіме, хикаяттар, “Тар жол, тайғақ кешу” атты тарихи мемуарлық роман жазып, әдебиеттің бар саласына атсалысып, сол бір қиын-қыстау кезеңде қазақ зиялыларының көш басында болғаны көзі ашық көпшілікке белгілі.
Ағартушы, әдебиеттің үлкен өкілі бола жүріп Сәкен Сейфуллин сол кездегі қоғамдық өмірден тыс қала алмады. Ол 1920 жылы Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің І құрылтай съезіне делегат болып қатысып, Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық етіп, 1922 жылы “Еңбекші қазақ” газетінің редакторы, Халық Ағарту Комиссарының орынбасары болды. Ал осы жылы Қазақ АССР Кеңесінің ІІІ съезінде Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы болып сайланды.
Еңбек жолын Омбы қаласында бастап, кешікпей Ақмола қаласына ауысып, үлкен істерге араласқанша осы Ақмолада атқару комитеті төр-ағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болады. Яғни, Сәкен Сейфуллиннің бұрынғы Ақмола, қазіргі Астанада жыл сайын дәстүрлі әдеби күнінің аталып өтуі орынды десек, бүгінде елордада Сәкен Сейфуллин мұражайы жұмыс істейді. Қаладағы іргелі орындардың бірі де ақын есімімен аталады.
Оқуға кеңес береміз:
Сәкен Сейфуллиннің нақыл сөздері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі