Шақырым — ұзындық өлшемі. Шақырым Орта Азия мен Қазақстанда, сондай-ақ бірқатар Шығыс елдерінде де кең тараған. Қазақта шақырым өлшеміне дауыс жетер жердегі қашықтық алынған. Бұл нақтылы бір мәнге ие болмаған. Басқа халықтар арасында шақырым іспеттес өлшемдер жиі кездеседі. Шақырым Араб елдерінде пайдаланылған фарсах немесе парсанг (шамамен 6 км), сондай-ақ Ресейде қолданылған верста (1,0668 км) тектес өлшемдер қатарына жатады. Шақырым қазіргі кезде мың метрді (1 км) құрайды.
Құрық бойы — халықтық өлшем. Бұл өлшем құрықтың ұзындығындай ғана жер дегенді, яғни шамамен 4-5 метрді білдіреді.
Шідер бойы — жылқының алдыңғы оң аяғы мен артқы сол аяғының арасы.
Тұсау бойы — жылқының алдыңғы екі аяғының арасы.
Қадам — адамның адымымен өлшенетін ұзындық; құрылыс, суару жұмыстарында, спорт ойындарында, әскери жаттығуларда, т.б. қолданылған ұзындық өлшемі. Көптеген мәліметтерге қарағанда, бір қадам шамамен 60 - 70 см-ге тең.
Аршын— шамамен 90-100 сантиметрге дейінгі ұзындық өлшемі.
Кез — байырғы ұзындық өлшемі. Парсы тілінен аударғанда шынтақтың ұзындығы дегенді білдіреді. Ол 62 см-ге тең. Бұл өлшем бірлігі әр елде, әр заманда түрліше өлшенді, 50 см-ден 95 см-ге дейін болуы да мүмкін. Кез өлшеуіші метрлік жүйе енгенге дейінгі Ресейде қолданылып келген аршынға тең. Орталық Азия мен Қазақстанда, негізінен, сауда-саттық жұмысында қолданылған. «Кездеме» атауы да осы «кез» ұғымынан шыққан.
Орталық Азияда «кез» өлшем бірлігінің үш түрі болды:
1) қолдың ұзындығымен өлшенетін кез созылған қолдың бармағының ұшынан иыққа дейінгі аралықты қамтиды. Оның бармақтың ұшынан кеуденің ортасына дейін немесе иыққа дейін өлшенетін түрлері бар. Оны қазақша «сай кез» деп атайды;
2) елімен өлшенетін кез, яғни бір кез 24 еліге тең;
3) тұтаммен өлшенетін кез. XIX ғасырда Түркістан аймағында кез өлшемі 68,58 - 88,9 см аралығында болды.
Құлаш — ұзындықты білдіретін өлшем бірлігі. Иық деңгейінде кере созылған екі қолдың ұшының арасын құлаш деген. Ол 165 - 175 см-ге тең.
Сүйем — бас бармақ пен сұқ саусақтың аралығымен өлшенетін өлшем. Сүйем 18 см-ге шамалас.
Қарыс сүйем — бармақ пен ортан қолдың аралығы. Қарыс сүйем 20 см-ге шамалас.
Қарыс —бас бармақ пен шынашақтың аралығымен өлшенетін ұзындық өлшемі. Қарыс 19 см-ге шамалас.
Тұтам — бес саусақпен тұтқандағы (қысқандағы) көлемге шамалас, 4-5 еліге тең ұзындық өлшемі. Шамамен 8-9 см. Келте немесе қып-қысқан әр сені бір тұтамдеген.
Сынық сүйем — бас бармақ пен бүгілген сұқ саусақтың аралығымен өлшенетін өлшем. Сынық сүйем — бір сүйемнің төрттен үш бөлігі, яғни шамамен 14 см.
Елі — саусақтың ені. Шамамен 2 - 2,5 см. Қазақ халқы еліні жылқы малдарының соғымға сойылғандағы қабырғаға жинаған майының қалыңдығын өлшеуде кең қолданған.
Түстік жер — ат жүрісімен, шамамен, 4-5 сағаттық жер.
Сәскелік жер — сәскеге дейін жететін жер. Көрші ауылдардың екі арасы біріне-бірі жақын болса, жақсы атқа сәскелік жер болады.
Айлық жер — ат жүрісімен, шамамен, 28 - 30 күндік жер.
Күндік жер — ат жүрісімен, шамамен, 8-10 сағаттық жер.
Орта көш жер — 90 шақырым болатын аралық.
Күзгі көш жер — 25 - 26 шақырым жер.
Қозыкөш жер — 14 - 15 шақырымдай болатын аралық, яғни көш кезінде қозылар ілесе алатындай жерге дейін жетіп, аялдама жасаған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі