Өлең, жыр, ақындар

Қамшының әлеуметтік функциялары: қазақ қоғамындағы орны мен қолданылуы

Адамзат баласына жылқы малын қолға үйретіп мінгеннен кейін аттың өзін жүргізу және алдындағы малды айдау үшін қандайда бір құрал  қажет болған. Алғашында атқа мінген адам атты әртүрлі шыбықпен, ағашпен жүргізетін болған. Уақыт өте келе бұл құралды малдың шикі терісінің өзінен жасаған, бері қарай келе өрме өнері шыққанда шикі қайысты өріп, өрменің санына байланысты қамшылар үш таспа, төрт таспа, алты таспа, сегіз таспа, он екі, жиырма төрт, қырық сегіз таспа болып бөлінеді.

Бойында қа­зақы қан тулаған әр азамат қамшыға қызыға қарайды. Қазіргі таңда күн­делікті ат мініп, жүйрік жаратып жүрмесек те, әр шаңырақтың төрінде бір қамшы тұмар ретінде ілулі тұр. Ал бұрында қазақтың қамшы ұстасында да философиялық бір ой жатқан.              

 Қамшы – қазақ халқының байырғы кездегі  шаруашылық, мәдени өмірінде аса кең тараған,  жылқыны айдап жүргізу үшін қолданылатын, таспадан әртүрлі нұсқада түйіп, тобылғы немесе басқа затқа саптап жасаған ежелгі ат айдауыш құралдардың бірі, ер-тұрманнның бір құрамы. Жалпы «қамшы» ұғымының құрылымдық мазмұны айтарлықтай күрделі, өйткені аталмыш ұғымның атауы ретіндегі бұл сөз, бір жағынан, тілдік таңбалар жүйесінің бірлігі болса, екінші жағынан, этномәдени жүйенің  бірлігі болып табылады.

   Қамшы әрі қару-жарақ, әрі салт аттың  жабдығы ретінде  көрініс береді. Оның қару ретінде қолданылғандығы  б.з.д. І  мыңжылдықтың бас кезеңіндегі жартас суреттерінде кездеседі. Қамшыға қатысты түсініктің түпнегізі одан да әріде мифологиялық танымда жатқандығын фольклорлық, тілдік, этнографиялық  деректер қуаттайтыны бізге мәлім.

             Қамшы  –  көшпелі ортадағы  бес қарудың бір түрі. Қамшыны қайыс таспаларынан өрiліп, ағаш не сүйек сапқа бекітіледі. Дәстүрлі ортадағы қызметі сан алуан: ат жүргiзуге, әрi қорғануға арналған тек утилитарлық міндеті ғана емес, сонымен қатар дәстүрлі ортада үлкен мән мен өзіндік қызметке ие, ерекше  бұйым болып табылады. Яғни, қамшы -  этностың қым-қуыт болмысының сан саласына қатысы бар, халықтың байырғы дүниетанымдық ұстанымдарымен  сабақтас этномәдени категориялар қатарындағы жан-жақты  семантикалық маңызы бар құнды элемент. Тілші ғалым Н.Уәли ҚАМШЫ концептісінің құрылымдық мазмұны айтарлықтай күрделі: әрі лингвосемиотикалық таңбалар жүйесінің бірлігі болса, екінші жағынан, этно-мәдени семиотикалық жүйенің бірлігі болып  табылады деп пайымдайды.

         Қамшыны қазақ отбасында балалары ат жалын тартып міне бастағанда ұл болсын, қыз болсын оларға арнап ер-тұрман жасатумен қатар ата-анасы қамшы өргізіп жасататын болған. Қазақта әрбір отбасы мүшесінің өз қамшысы болған.

        Қамшы берік материалдан жасалады, оған қайыстан өрімі бекітіледі, өрім мен саптың арасын байланыстырып тұрған алақан деп аталатын негізгі үш бөліктен тұрады. Ол бөліктердің әрқайсысында құрылымдық және декорациялық, сондай-ақ функционалдық (тіпті семантикалық) маңызы бар ұсақ бөліктерден тұрады. Қамшының құрылымын толық білу оның функционалдық және семантикалық мәнін жете түсінуге септігін тигізеді.

Қамшының бөліктеріне тоқтала кетсем, қамшы сабының ұзындығы көбінесе 4 немесе 7 тұтам болып келеді. Оның жасалу материалы ағаштан, мүйізден, кейбір жағдайларда  металл тәрізді қатты материалдардан жасайды. Оның жоғарғы жағы доғал, жуантық келген жағы қамшының  басы/дүмі (1а)деп аталады, ал өрме қондырылған төменгі жіңішке жағы  қамшының мойыны (1б) деп аталады.

Қамшы туралы жора-жосындар жүйсенің қазақтың дәстүрлі этикетінде, әдет-ғұрпында, халық медицинасында өзіндік орны бар.

Мысалға келген адам қамшысын босағаға қалдырмаса, жәй келмегенін білдіреді; ал қолына қатты ұстаса, онда оның дау көтеріп, жанжалдасуға келгенін көрсетеді; егер қамшыны төрге алып шығып, қамшысын ортаға тастаса, көпке созылған ұрыс-керістен шаршап, бітімге келейік, қашанғы созамыз дегенді білдіреді.

Қамшының келсі функциясы – қаскөй, зұлым күштерден қорғаушы. Шамандық діннің қағидасымен, бақсылардың қамшысы негізгі атрибуттарының бірі болып саналады. Халқымызда жылқының тері сіңген қамшыдан жын-шайтан, пері-албасты қорқып жоламайды деген сенім бойынша қазақ бақсылары аурудың жынын қағу үшін қамшы қолданған. Ал Тува халықтарында қызыл сапты қамшыға ерекше көңіл бөледі, себебі қызыл сапты қамшы ұстаған адамнан шайтан безіп қашады деген сенім қалыптасқан.

Қортындылай келе, қамшы қазақтың тұрмысы мен мәденитінде үлкен орын алатынын көріп отырмыз. Халқымыз қамшыны ата-тегінің бір бөлшегі әрі қару ретінде қолданған. Ата-бабаларымыз қамшы арқылы өз көзқарасын, ниетін, қарым-қатынасын білдірген. Қамшының тарихы ата-дәстүрде жатыр. Қазақ халқы көшпенді ел бола тұра салт-дәстүрді берік ұстанған.

Дәстүрлі қоғамда қамшыны тек мал айдауға ғана емес, билікте, аңшылыққа, зұлым күштерден қорғану үшінде қолданған. Сонымен қатар, қазақ - ашық айта алмайтын не, айтуға ауыз бармайтын кейбір сөздері мен ойларын қамшыны қолдану арқылы қарсы жаққа жұмбақтап жеткізетін болған. Осыған қарап-ақ, қамшының дәстүрлі қоғамда маңызы мен рөлі жоғары болғанын көруге болады.

Қазіргі таңда қамшы әр қазақ шаңырағына сән беретін ерекше ұлттық қасиетті бұйым ретінде қолданыста тұр. Ол қазақ халқының бірегей өнер туындысы ғана емес, сый сипаттың төресі, ер жігіттің серігі, қолындағы қаруы болса, әйел қауымының бой тұмары, шаңырағының киелі заты деп бағаланады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар