Міржақып Дулатов (1885-1935) — Алаш қозғалысының қайраткері, 20-шы ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі, ақын, драматург. Қостанай облысының Жангелдин ауданында туған. Алғашында ауыл молдасынан хат танып, кейін Торғайдағы Ы.Алтынсарин ықпалымен ашылған 2 сыныптық орыс-қазақ мектебінде білім алды. Ауыл мұғалімі деген куәлік алып, ауылда бала оқытты. 1904 жылы Омбы қаласына қоныс аударып, онда А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейхановпен танысты.
Омбы, Қарқаралы, Орал, Петербор қалаларында көрнекті қоғам қайраткерлерімен пікірлесу, саяси қозғалыстарға араласу оның саяси-әлеуметтік көзарасының қалыптасуына ықпал етті. Ол 1905 жылы қазанның 17-інде Ресей үкіметіне қазақ халқы атынан жолданған Қарқаралы құзырхатын дайындаушылардың бірі болды. 1906 жылы Конституциялық демократтар партиясы делегаттары қатарында Петерборға барады. Түрлі сипатты жиындар мен саяси күштер ұйымдастырған көше шерулеріне, ереуілдерге қатысады. Осы кезден бастап Ресей үкіметі құпия полициясының саяси сенімсіз адамдар тізіміне ілінеді. 1907 жылы Петерборда жалғыз ғана нөмері шыққан «Серке» газетінде М.Дулатовтың «Жастарға» атты өлеңі басылды. Ал алғашқы өлеңдер жинағы 1909 жылы Қазан қаласындағы «Шарқ» баспасынан «Оян, қазақ!» деген атпен жарық көрді. Қазақ оқырмандары үшін бұл кітаптың әсері үлкен болды, ауыл арасында қолдан-қолға тарап аз уақыттың ішінде ақынның есімі танымал болды.
Ресей әкімдері тарапынан бұл кітапты оқуға тыйым салынып, қолға түскен даналары тәркіленді. Қоғам қайраткері Қызылжарда сот кеңсесінде тілмаштық қызмет атқарып, мұғалімдігін де жалғастырды, қазақ балаларына орыс тілінен дәріс берді. Сол кезде біраз уақыт М.Жұмабаев одан дәріс алды. 1910 жылы Қазандағы Каримовтер баспасынан «Бақытсыз Жамал» романы жарық көрді. Қазақ басылымдарына, әсіресе, «Айқап» журналына үзбей мақала жазып тұрды. 1911 жылы әр өлкедегі ел тұрмысын өз көзімен көру ниетімен қазақ ауылдарын аралап, Қызылжардан Семей облысына қарай саяхатқа шығады. Құпия полиция тыңшыларының қатаң аңдуына алынған ол сол жылы маусымның 7-інде Семей қаласына келгенде түскен үйіне тінту жүргізіліп, тұтқындалады да, 19 ай қамауда отырады.
1912 жылы Орынборға келіп, ондағы қазақ зиялылары ақыл қосып, ел санасын оята беру мақсатымен баспасөз қызметін қолға алуды ұйғарады. 1913-1918 жылдары «Қазақ» газетінің бас редакторы А.Байтұрсыновтың орынбасары, жауапты хатшы қызметінде болды. Осы кезеңде оның «Азамат», «Бақытсыз Жамал» (екінші рет), «Терме» кітаптары жарық көрді. 1917 жылы ақпанның 25-інде Торғай губернаторы М.Эверсман Ә.Бөкейхановтың ұсынысымен М.Дулатовқа және дәрігер Ә.Алдияровқа арнайы куәлік беріп, Минск маңы мен Баранович қаласында тыл жұмыстарында жүрген қазақтарға қолдау көрсетіп, жетекшілік етуге жібереді. М.Дулатов Минскіде Ә.Бөкейханов ұйымдастырған «Еркін дала» атты саяси үйірменің ісін жандандырып, қазақ жастарының көзқарасын қалыптастыруға ықпал етті. М.Дулатов 1916 жылғы оқиғалардың зардабынан қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында, Семей қаласында, қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырды.
Осы жылдары Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің жұмысына белсен араласты. Ол Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі ретінде 1917 жылы Орынборда өткен 1-2-ші жалпықазақ съезіне белсене қатысып, «Алаш» партиясының бағдарламасын жазды. 1917 жылы Қызылжарда сот мекемелерінде, 1918-1920 жылдары Ташкент қаласында Түркістан Республикасының «Ақ жол» газетінде қызмет етті. 1922 жылы Алаш қозғалысына қатысқаны үшін қамауға алынып, Орынборға жөнелтіледі де, сонда қамаудан босатылады. Семей қаласында 1922 жылы наурыздың 9-ында қазақ зиялылары бас қосып, ашыққан елді аман сақтап қалу үшін сенімді азаматтарды елге шығарып, шаруасы күйлі азаматтардан жылу ретінде мал жию керек деген байламға тоқтайды. М.Дулатов мен Ж.Аймауытов осы іске басшылық жасап, екі-үш айда 15 мың бас ірі қара жиып, ашыққан елді-мекендерге жіберді. 1922-1926 жылдары Орынбордағы Қазақ халық ағарту институтында оқытушы, Қызылжарда, Семейде сот мекемелерінде, Қызылордада мерзімді баспасөз орындарында қызмет етті. 1928 жылдың желтоқсанында қамауға алынып, екі жылдан кейін ату жазасына кесіледі, кейін он жылға абақтыға ауыстырылады. Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында Сосновск стансысындағы лагерьде жазасын өтейді. 1935 жылы қазанның 5-інде осы лагерьдің лазаретінде ауыр науқастан қайтыс болды.
Сүйегі 1992 жылы қыркүйектің 1-18 аралығында Торғай өңіріндегі өз есімімен аталатын ауыл бейітіне әкелініп, қайта жерленді. М.Дулатов ? көрнекті саясаткер. Ресей империясының отарлық саясаты, атақонысы мен мал-мүлкінен, дәулетінен айрыла бастаған халқының мұң-зары, ауыр тұрмысы оны саяси күрес жолына шығарды. Ол «Қазақ» газеті бетінде алуан түрлі саяси-әлеуметтік мәселелерді көтерді. Зәбір, зорлық көрген қарапайым адам құқы мен отарлық езгі тепкісіндегі қазақ елі туралы тынбай жазды. Оның шығармалары зорлыққа қарсы тұруға, күресуге үндейді. «Жастарға» өлеңі мен «Біздің мақсатымыз» мақаласынан бастап барлық шығармалары осы мақсатты ғана көздейді. М.Дулатовтың 20 ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде бостандық, азаттық, теңдік тақырыптарын оқу, өнер, білім, өркениет мәселелерімен байланысты қозғаған. «Оян, қазақ!» жинағындағы барша шығармалары отарлық қанауға ұшыраған қазақ халқы басындағы келелі мәселелерді қозғап, оны күреске шақырды. «Терме», «Азамат» жинақтарындағы өлеңдерінде қазақ еліне бостандық аңсаған ойларын жалғастырды. Қазақ прозасы тарихына орны бар «Бақытсыз Жамал» романы қазақ қыздарының басындағы ауыр жай-күйді, қазақ даласына ене бастаған жаңа қатынастарды суреттейді. Оның «Балқия» пьесасы қазақ ауылындағы маңызды әлеуметтік мәселелерді қозғаған, ондағы ояну мен ойлану процестерінің жемістері ретінде әрекет ете бастаған қазақ жастарының түрлі типтерін бейнелейді. М.Дулатов шығармашылығының үлкен саласы журналистика. Ол «Айқап» журналынан «Еңбекші қазаққа» дейінгі аралықтағы баспасөз ұйымдарының қызметіне белсене араласты. Әсіресе өзі негізін қалаушылардың бірі болған «Қазақ» газеті Қазақстанда өтіп жатқан саяси-әлеуметтік, мәдени-шаруашылық, оқу-ағарту, өнер-білім салаларындағы әрекеттердің көш басында тұрды.
Қоғамдық сананы оятуда, қазақ журналистерінің алғашқы буынын қалыптастыруда, тәрбиелеуде өлшеусіз үлес қосты. Оның мерзімді баспасөз, баспа ісі мен оқу-ағарту туралы жазбалары да саяси-әлеуметтік ойларға толы. Ол 1916 жылғы маусым жарлығынан соң Рсесй үкіметі мен қазақ халқы бетпе-бет келген қиын күндерде де аса күрделі саяси мәселелердің ушығып кетпеуі үшін күресті. Қазақстанның аса көрнекті қоғам қайраткерері жайында очерк, әңгіме, портрет, тарихи дерекнамаларын орыс, татар басылымдарында да жариялады. Оларды өзге халықтарға танытуға күш салды. «Абай», «Хан Абылай», «Қазақ ақыны», «Қазірет Сұлтан», «Ахмет Байтурсынович Байтурсынов», т.б. іргелі зерттеу мақалаларын жазды. Қоғам қайраткері Қазақстан мен қазақ халқының тегі, тарихы туралы еңбектер жазып қалдырды. Әсіресе «Қазақ, қырғыздың ата-тегі» туралы көлемді шығармасы 20 ғасыр басындағы осы сипаттағы еңбекер арасынан тарихи деректік мазмұнымен назар аудартады. Еңбекте 18 ғасырда қазақ елі туралы жазған Г.Миллер, П.Паллас, И.Георгий, Н.Рычков, Ф.Фишер, 19 ғасырдағы Г.Клапорт, К.Рейтер еңбектеріндегі көптеген пікірлердің терістігін, тарихи мәліметтер бұрмаланатыны атап көрсетіледі.
Қазақ тарихын зерттеушілер арасынан А.Левшинді айрықша бағалайды. Орыс, түрік, қытай, т.б. халықтардың танымал тарихшыларының еңбектеріне сүйене отырып, қазақ, қырғыз халықтарының тегі туралы байсалды ой айтады. «Қазақ» этнонимінің тарихта белгілі болуы туралы нақты деректер келтіре отырып, оны бертінде ғана топтасқан қрама халық деп есептейтін көзқарасты тарихи, жүйелі негізді дәлелдермен жоққа шығарады. О.Синковский, В.Григорьев, Э.Мэйр, В.Радлов, Н.Ибрагимов, т.б. пікірлерінің тарихи деректен гөрі болжамды сипатын көрсетеді. Ол Фердоусидің «Шахнамасындағы» қазақтар туралы мәліметтерге, қазақтар жайында 10 ғасырдағы Вамбери пікіріне сүйене отырып, қазақ атауының тарихы ежелгі дәуірлермен астасады деген пікірге тоқталады.
М.Дулатовтың ағартушылық қызметі ауылда бала оқытудан басталды. Оқу-педагогтік қызмет — өмір бойы қаламгердің айрықша көңіл аударған, қолы босаған сәтте ықыласпен айналысқан жұмыстарының бірі. Қазақ халық ағарту институтында ұстаздық еткен жылдары ол осы саланың өзекті мәселелері туралы өткір мақалалар жазды, жаңа шаңырақ көтеріп жатқан оқу орындарына арнап «Есеп құралы. Бастауыш мектеп оқушыларына», «Есеп құралы. Бастауыш мектепте екінші жыл оқытылатын», «Қирағат кітабы» оқу құралдарын шығарды. Ерте оянып, ерте есейген өр мінезді М.Дулатов қашанда күрес шебінің алдында болды. Жалынды сөзімен де, тындырымды ісімен де өзінен кейінгі жастарға әсер етіп, оларды халық ісіне алаңсыз берілуге үндеді. Жазушылық, қоғамдық қызметке педагогтік міндетті қосарлап көтеруі де оның халқын беріле сүйетіндігінің айғағы еді. Ел бейнетіне өгіз болып жегіліп, ертеңі үшін жанын қиған қоғам қайраткері: «Ем таба алмай дертіңе мен ертеден, Сол бір қайғың өзегімді өртеген. Тырп етпейсің бас көтеріп көрпеден, Еңсең неге түсті мұнша, елім-ай», — деп дүниеден арманда өтті.
Оқуға кеңес береміз:
Міржақып Дулатовтың туындылары
Міржақып Дулатовтың нақыл сөздері
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі