Арбаға мінгелі Ыбырайдың аузы бір дамыл көрсейші: көнтек ерні қабыршықтанып, кептеле толған насыбаймен томпайып, сөйлеймін деп аузы суланып, былш-былш түкіреді. Түкірген сайын, иірілімге жиналған көлдей боп, насыбайдың қиқымы езуіне жабыса түседі. Қитарланған шағыр көз, иесінің сөзіне мейірі қанған секілденіп күлім қағады. Төңкерген табақ секілденген екі беттің бұжыры атыз жердің адырына теңдес.
Ыбыраймен жолдас болғаныма екінші күн. Бірінші жолыққанымда ол өзін маған "батырақпын" деп таныстырды. Танысып ала сөйлестік. Ескектеп соққан желдей бұрқырап жатқан бір сөз. Шыны қайсы, өтірігі қайсы, оны бірден айыру қиын. Адыр-бұдыр оғаш сөздер одағайлап, "маған да нанар ма екенсің?" деген секілденіп, қиялыңды кезіп көлбеңдеп жүр.
Жүріп келеміз. Жол бойы қарауытқан қалың ағаш. Ойдым-ойдым алаңында сағымға бөленіп, сандақталып жүрген топ-топ мал.
— Совхозға келдік. Мал совхозы, — деді Ыбырай маған бұрыла түсіп.
Ферма тұрған қыстауға келдік. Біріне-бірі міңгестіре салған ескі қазақ үйлері, бұрыш біткені мүжіліп, есіліп, құлауға қолы тимей тұрған іспетті. Кең арасында шағырмен оралып, құйрығы шошайып, тауықтар жүр. Көлбақаша секеңдеп, үй қояндары жүр. Біздің жолымыз осы ауылдың қотанына кіріп жоғалды да, жол іздейміз деп ауылдың абезатілні — обязательно басынан кіріп, аяғынан бір-ақ шықтық. Бірер жер ошаққа түсіп, күлін де бұрқыраттық. Жерошақ басындағы таба, леген шіркеудің қоңырауынша даңғырлады.
— Мұнысы несі? Дені сау ма мыналардың? — деп жерошақ иесі әйел, кірлі саусағымен бетін сызамын деп, болпиған сары бетке "әліп" таңбасын басып алғанын өзі де сезбеді.
— Е, көше тыл неге салмайсың қыстауыңды? — деп, Ыбырай онымен де бажылдасты.
Қыстау арасының ой-шұқыры арбамызды айыр планша секіртіп, "мені қалай құр тастап кетесің?" дегендей боп, бұқаның мойнынша қыржиған кәрі қайың арбамыздың мұрындығына жабысты. Ыбырай осындайда айтып әдеттенген "сыпайы" сөзін қос-қосынан төгіп жіберді де, еріне қозғалып арбадан түсті.
Құдық басында су алып тұрған жас әйел, біздің осы күйімізді тамашалаған, таңданған пішінмен қадала қапты. Бет әлпеті қазаққа ұқсамайды. Бірақ шолақ жең қара қамзол "мені қалай танымайсың?" дегендей боп, бұл әйелге қазақ белгісін еріксіз тағып тұрған секілді.
— Е, Мария, аман? Байың қайда, байың? Өй, антұрғанның қатыны, сені алып жүрген Нұрышта да ес жоқ қой, — деді Ыбырай арбадан түсіп тұрып.
Содан кейін маған бұрылып:
— Мына қатынды көрдіңіз бе: орыстың қызы еді, қазаққа тиді. Нұрыш деген бір бозбаламыз бар, соның басын айналдырып...
Не үшін тоқтап тұрғанымызды, арбадан не үшін түскенін ұмытқан адамдай, Ыбырай маған қарап ыржаңдап:
— Сіз білетін боларсыз, бәрі бір бола ма екен, ә? — деді.
— Нені айтасың?
— Әйелді айтам-ау...
Киік мүйізді қызыл сиырға тарантас жеккен біреу артымыздан келіп тіреле тоқтады. Тал қораптың алқымында — күйек сақалды, еңгезердей қара кісі отыр.
Оған таяу — бетінің қаны шыққан жас әйел. Әйелдің бой-басы бүтін, басында ақ жібек орамал, құлағыңда сырға, білегінде білезік, саусағында алтын-күміс сақиналар. Шырайы күлім, езуі бір жымимайды. Күлкіге бола жаратылған ба дерсің...
Ыбырайға тағы ермек табылды: еркегін "Жүсекелеп", әйелді "Қырмызылап", жолы болды да қалды. Амандық сұрасуларының өзі едәуір сүре әңгіме болды.
— Қане, Қырмызы, біздің арбаға мін, бастап жүр қосыңа, деді Ыбырай бір кезде әлгі әйелге.
Қыстаудан шығып қара жолға түстік. Қара түнек ағаш артымызда қалып барады. Жел екпіні теке сақал селеуді болар-болмас қана қозғайды. Маңдай қыртыстарына жүлгеленген тер өзінен-өзі сіңіп, кеуіп, бой көтеріле түсті. Жол үстінде шөккен түйе құсап, шөп тиеулі арба жатыр. Алдыңғы бел ағашы опырылып, мертігіп құлаған малдай жерді сүзе жатыпты. Тиелген шөбі өлімтіктің сүйегіндей шашылып, маңайының бәрін алып жатыр. Неге жиып алмайды екен мұны?
— Есжаннан хабар болмай кетті ме? — деді Ыбырай Қырмызыға қарап, бұрыла түсіп.
— Жоқ...
Қырмызының ерні болар-болмас қана қозғалды. Бет ажары күңгірттеніп, көзі күлкіден тоқтап, ауыр күрсінді.
— Солай еді десейші... Әй, антұрған Қырмызы, — деп, Ыбырай оны қайтадан сергітті.
Қалың ағаштың қолтығына иығын тыға бес-алты қос отыр. Сырттан қарап үйген кебенге де меңзейсің. Жер ошақ бастарындағы төбешік секілденіп жатқан төңкерген қазандар, шашылған аяқ-табақ, қосқа сүйей салған баланың бесіктері — бұл қостарды ауыл түріне икемдейді.
Қатпар беттенген кексе әйел, бастапқы кезде түксие қарап, одан "мендегі қайрат жалғыз көзімде ғана" дегендей күлімсіреп, бізді қарсы алды.
— Сен де келеді екенсің-ау? — деді әлгі әйел Ыбырайға.
Аты — Жібек екен. Жүсекеңнің әйелі болып шықты.
Шыбықтан тоқып, төбесін ит арқалап жауып, киіз үйге ұқсаған қосы бар екен. Тұмсығынан ілінген қасқыр терісіндей самсатып ілінген ескі киімдер. Төр алдына төсеулі ескі кілем шанмен тұншығып, өңі қуқылданып, "менде кәзір сын жоқ, мені баяғыда кермедің ғой" деген секілденіп жатыр.
— Құдай атсын-ау, Ыбырай, — деді Жібек күлімдеп. — Бізге күйеу ғой... Мына Ыбырайды айтам. Осының әйелі біздің қайынсіңіліміз. Көрген шығарсыз, біздің еркежанды?— деп Жібек маған бұрылды.
— Ия, дұрыс айттың, осы елдің қатынын көруге жүр еді осы кісі, — деп Ыбырай тәлкектеді.
— Көрмей... Көзін жұмып отырмаған шығар. Кәрі кісі көрінбейді ғой, — деп Жібек кәрі көзін тағы күлім қақтырды. Қалпы, көзқарасы, "сендейдің талайын арбағанмын" дегенді аңғартқандай, Қырмызы осы сөзден ұялыс тапқан адам секілденіп, қырын қарады. Сол күйі самаурынды бір құлағынан сүйрей, тысқа шықты ол. Қозғалысы кербез. Біз өкше сары бәтеңкенің жерге басқан сыбдыры болар-болмас қана естіледі.
Еріне басып Жүсекең келді. Есік алдына отырып шешініп, үсті-басын қағынудың өзі сүт пісірім уақыт алды.
— Жүрген боп жатырмыз. Не шығатынын бұдан... Ит құрлы бағамыз жоқ,— деді Жүсекең үһлеп.
Бұл кісі осы жердегі совхоз малынын гуртоправы екен. Фермаға қаймақ апарып тапсырып, сол бетінде бізге кездесіпті.
Совхоз шаруасын сөз қылдық. Жүсекең тым салқын, уһлеуді күшейтіп, әңгіменің өрісін тарылта түседі. Мен мұның себебіне түсіне алмадым: үш жылдан бері совхоздың жұмысында жүрсе, жай ғана жұмыс емес, бірсыдырғы малға жауапты гуртоправ болса, сүйтіп отырып, сол шаруашылықпен ешбір жұмысы жоқ адам секілденіп, сырт берсе, не деп бағалар едіңіздер?
Паровозша ентігіп сары самауырын келіп жетті. Қырмызының қолында — жас баланың бетіндей көмпиіп жаңа піскен таба нан.
— Әкел деймін! — деді Ыбырай Жібекке иек көтеріп.
— Қойшы, қағынғыр.
— Жемейміз ендеше... Алып кет наныңды, — деп, буы бұрқыраған ыстық нанды Ыбырай Жібекке қарай ысырды.
— Бай-бай, қағынғыр-ай, бұл енді сүйтеді, — деп Жібек қозғалып сары аяқты қолтығына қысып, шапан жамылып қостан шықты.
Мен Жүсекенді айналдырып отырмын. Совхоз шаруасының жөнін сұраймын.
— Мал өсіре біле ме осылар? Нұрыштар ақылгөй болған соң, не оңдырсын?! Текке әурешілік. Осы малды өсіріп бер деп менің еркіме берсінші, қалай өсірер екем, — деді Жүсекең көтеріле түсіп.
Екі сөзінің бірі — Нұрыш. Нұрыш деген біреу осы Жүсекеңнің тынысын тарылтып, өрісін кесіп отырған секілді. Нұрыштың кім екенін сұрап көріп ем:
— Осындағы бір ит. Сұрамай-ақ қойыңыз, — деді Жүсекең маңдайы кіржиіп.
Шеттен келген сый құдағи секілденіп, желең шапанының өңірін қымтай түсіп, Жібек келді.
— Қағынғыр-ай, жоқ жерде қысып... Біреу көре ме деп жаным шықты ғой, — деді дастарқан басына отырып жатып.
Қолтығына қысылған сары аяқты суырғанда, орта белінен келтіріп салған сары май көзге шалынды.
— Тез әкел, нан суып барады, — деп Ыбырай аяқтағы майға ұмтылды.
Мен де ұмтылдым майға. Бірақ, осы майдың әкеліну тарихы жүрекке жұмбақ боп қадалды да, тәттілік дәмін әлсірете түскен тәрізденді.
— Андрей білем келе жатқан. Ұн үлестіретін шығар-ау, — деп, бір әйелдің дауысы қостың сыртынан зыңқ етті.
— Ал мынауыңды, жоғалт!.. Бай-бай, жоқ жерде... —деп Жүсекең сұрланып, қабағы түксие түсті.
Жібектің қолы жып етіп аяққа жабысты. Тамсанып біз қалдық. Жұмбақ бұрынғысынан да күшейді. Жәшікті фургон арбасы сылқылдап, пар өгізбен Андрей қостың алдына келіп тоқтады.
— Жібек, аман... Сенікі ұн алады? — деді сидиған жас жігіт қостың есігінен қарап:
— Алады, алады, — деп өтірік күліп, Андрейді шын сағынып қалған адамдай арсалаңдап, Жібек қапшығын сүйреп тысқа шықты.
Адам мінезі қызық-ау, бұдан бірер минут бұрын осы Жібек Андрейді әзірейілдей көріп отыр еді.
— Бекер қорқасың бұдан. Бұл бір оңды жігіт. Мен айтып қояйыншы бұған: "Жүсекеңе көзіңді сал. Жүсекең — нағыз момын шаруа" деп.
Орыс қызметкерлерімен қалай жақындасу керектін Ыбырай Жүсекеңе айтып жатты.
Ақ ұнды кірге тартып, Андрей үлестіріп беріп жатыр. Жүсекеңнің үйіне орта қаптай ұн тиді. Көріп отырып көзің қызығады. Еңбек сіңірген соң алғаны жақсы. Бірақ, әңгіме сол еңбектің қалай сіңуінде-ау!
Күн көк жиегіне кеңірдегінен ілініп қылғынғандай боп нұрын бәсеңдеткен кезде, қос маңы қыбырлаған сиырға толды. Сиыр сауғалы әйелдер шықты. Күндізгі бақташы түнгі күзетшіге сиырын санап беріп, сан-сапалақ боп базарша қайнап жатты. Жарымай жүрген жас бұзаулар бар, ілмиген арық, ауру дейтін ауру емес. Қырық күн шілдеде бұзаудың жүдегенін мұнда көрдім.
Сиыр сауған әйелдермен араласып, көлеңдеп Қырмызы жүрді. Әр әйелдің жанына бір барады.
— Сиыр саумайтын ба едің? — деймін.
— Жоқ, старшы даяркемін, — дейді Қырмызы жайнаң қағып.
— Ия, ол кісі старшы даярке. Біліп қойыңыз, старшы даяркенің нақ өзі.
Жат дауыс-ау деп, бұрылып қарадым: еңкек жауырынды қара сұр жігіт, тостағандай көзін менің ту сыртымнан қадап тұр екен. Шоқпар бастанған кішкене сойылшасын төсіне тірей тұрыпты.
— Ол кісі старшы даярке, біліп қойыңыз, — деді тағы.
Күлімдеген түрмен айтса, да бұл жігіттің бұл жолғы дауысында, сөз ыңғайында, күлімсіреген шырайының өзінде терең сырдың ізі еріксіз көзге шалынғандай еді.
Қарсы алдымызда қаншырдай қатқан қызыл құнажын тұр. Мойыны ұрадай тесік жара. Жүні қатыңқы.
— Неге бұлай? — деймін.
— Көр топырақтан сұраңыз, сол кісінің жеккен малы ғой, — дейді әлгі жігіт.
Сиырын аралап, бұзаудың қорасын көріп, бұзау қорасының тазалығына таңырқап, әлгі жігітпен сөйлестім де кеттім. Түнгі күзетші екен. Осы совхоз құрылғаннан осында. Мына жүрген қашар, құнажындардың бәрі бір кездегі өз қолынан тәрбиелеп өсірген бұзауы боп шықты.
— Малға күтім керек. Малды күте білу керек. Бұзаудың қорасын тазарту, шынында, менің міндетім емес, бірақ дәтім төзбейді. Осы бұзаудың біреуінің жамбасы салтақтанса, жаным шығып кете жаздайды. Федот ағайдың мені аузынан тастамай, газетке сүгіретімді шығарып жүргені содан ғой, — деді жігіт күлімдеп.
Федот ағайын сұрастырғанымда — соңдағы саясат бөлімінің бастығы болып шықты.
— Өзің кімсің? — дедім жігітке.
— Мен кәдімгі, осы совхозда жүріп бес рет бәйге алған, биылғы бәйгеге бұзаулы сиыр алған — Нұрыш Жәмпейісов боламын. Арғы түбімді сұрасаң, Амантайдың қойшысының баласымын, — деді күлімдеп.
Жүсекең қосында отырып, құлағын шулатқан Нұрышымыз осы екен. Баяғы қыстауда кездесетін Мария дейтін әйел осының келіншегі болып шықты.
— Даярке еді. Көңіліміз жарасты да, қосыла салдық, — дейді Нұрыш ол туралы.
— Көр топырақтарың қандай кісі? — дедім.
Нұрыш менің сөзімді есітпегенге салынып, шашау шыққан сиырларын қайыруға жөнелді, Мен соңынан қалмадым.
— Шай іштіңіз бе? — деді бір кезде маған бұрылып.
— Іштім.
— Май берді ме?
— Берді.
— Рас па? Сандығынан әперді ме? Қайдан шығарды? — деп Нұрыш декпірсізденіп, жақындай түсемін деп қараңғыда аяғымды басты.
Жүсіптің майының жұмбақтығы, менің қарауымда бұрынғыдан да тереңдей түсті.
Қараңғы түнек ағаштың қолтығында, қараңғыда томарша быжырқайланып, ыңырана күйсеп, сиырлар жатыр. Нұрыш шау аяңдап, осы сиырларды айналумен болды. Мен де жүрмін соңында. Оқта-санда мені тосып алып, сыбырлап қана сөйлейді.
— Бүгін табам оны, таппай қоймаймын! Адамның сайтаны Есжандай-ак болар, оның да қылмысын ашқам, — деді Нұрыш бір кезде.
Есжан кім? Мана арбаның үстінде сол кісінің аты бір аталып еді-ау. Қырмызының несі ол? Қылмысты кісіге Қырмызы неге күйінеді?
Ыбырай төрдің алдында шынтақтай жатып, ескектеп соғып отыр сөзді. Жібек пен Жүсекең ауыздарын ашып соған ұйи қалыпты.
— Е, ол әлгі... Менің болысқа кандидат болып, сенің елулік болып... Бір ауылнай елді жиып мен қасқа биені сойып, сен Күрең байталды сойып... —деп Жүсекең көтеріле түсті.
Есіктен кірген мені көріп, әңгімелерін кенет үзіп, "жоғары шығыңыз" дей берді. "Ойқой, заман-ай!", — деп, Жібек бәйбіше ауыр күрсініп, босағада тұрған табақтың бүркеулі бетін ашты.
Ас ішіп, төсекке жаттық. Жүсекең менімен қатар жатыр. Жастыққа басы тиісімен қор-р етті. "Далада қаншама мал жатыр-ау, сол малға мен жауаптымын-ау" деген инедей ой жоқ адамның ұйқысы бұл. Зыр жүгіріп, Нұрыш жүр. Аяғының сыбдыры әлдеқайдан естіледі. Айқайлаймын деп дауысы қарлыққан. Оған қарамай даланы басына көтеріп, ән салады ол. Оң жағымда сыбыр. Сөздері жан алқымға келіп жатқан адамның сөзіндей, үзіліп естіледі.
— Қара бет-ay... Қойшы... "Түйенің танығаны жапырақ" деп... Үңірейіп өзің келгенше...
Осыны айтып жатқан Қырмызы болар едім. Одан арғы сөзін Нұрыштың өлеңі көміп кетті:
"Күзетемін сиырды,
Күзетпесем қиын-ды,
Қара құсша қалықтап,
Құлақ-байлар жиылды.
Қолқама қол салмаққа, Құдайына сиынды. Салдырмаспын қолыңды! Тартқамын жолыңды! Беремін, бәлем, сыйыңды!.."
Ертеңгі шайды Нұрыштың үйінен іштім. Нұрыш маңдайынан шұбырған терді сұқ қолымен сыпырып тастап, күлімсіреп бірсыпыра отырды.
— Тығудай-ақ тыққан екен, мендігімнен-ақ таптым білем. Сдавайт қылдым конторға -бес пұтта тоғыз қадақ май шықты.
Осыны айтып Нұрыш бірсыпыра ойланып отырды.
— Бұл Жүсіп, — кәдімгі Исаның Жүсібі. Көк ала жылқысының көптігімен даңқы шыққан Исаны есіткен боларсыз. Бізге биыл келді өзі. Ыбырайдың орналастырып отырған адамы. Осы келгеннен-ақ шошып ем, әй, бүлдіреді-ау деп. Қаймақ жоспары орындалмай қалады деген боп, сиырды қақтай саудырды, бұзау оңсын ба сосын? Біздің мына қатын старшы даярке еді, "қаймақ жоғалды" деп пәле салып, мұны шығартып, мұның орнына Қырмызыны алды. Сонда-ақ шошығам мен. Қырмызының байы Есжан дейтін түрмеде, о да осы Жүсіп құсап маймен ұсталған. Жүсіппен бәрі ұрлықтас адамдар ғой... Түсініп отырмысыз? Ыбырай — Жүсіптің жақын күйеуі. Танымайтын жерге "батырақпын" дейді білем. Мұның кім екенін Федот ағайға айтып бергем. Жүсіптің ұрлығы ашылғанға бұл шыбжыңдар-ақ енді. Нақ осыны бүркей алар ма екен? Қалай ойлайсыз, ә?.. Бүркеп бара жатса, мен не істеймін сонда? Федот ағайға барсам ба екен? — деп Нұрыш тағы ойға шомды.
— Бұзауды ойлап отырмын, — деді бір кезде басын көтеріп, — қысқа қарай күтімін күшейтпесек, бұл бұзаудан таза пек сипайтын шығармыз...
Нұрыш кенет алдында тұрған шайына ұмтылды. Кесені аузына апара беріп, қайта қойды жерге:
— Жоқ, өлтірмейміз! Өзім сау тұрсам бірін де өлтірмеймін бұл бұзаудың!
Комсомол киімді қара бала, кепкесі көзіне түсіп, еңбектеп қосқа кірді:
— Нұрыш аға, саған келдім, конторға жүресің.
— Әлде, Федот ағай келді ме? — деді Нұрыш елеңдеп.
— Келді.
Нұрыш қостан қалай атылып шыққанын білмеді.
— Фүу... Ты... Фуражкеңді ки, мә, — деп наздана күліп, Мария оның соңына ерді.
Тақтайлы арбаның алқымына кептеле, малдас құрып отырған екен Нұрыш. Маған қарап жайраңдап:
— Есіттіңіз бе: Ыбырайдан құтылыппыз, совхоздың орынбасарлығынан алыныпты. Енді ме, енді!..
Жүсекең қосының көлеңкесінде отырған бірсыпыра көздер самсап, аларып, үрейленіп, арбада кетіп бара жатқан сонау Нұрышқа тесіле қараумен болды...
Акерке
Бейімбет Майлиннің Сары май әңгімесі ұнады