Өлең, жыр, ақындар

Қазақ қандай ел?

“Қазақ деген мал баққан елміз,
ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз.
Елімізден құт-береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз.

Дұшпан басынбаған елміз,
басымыздан сөз асырмаған елміз.
Досымызды сақтай білген елміз,
дәм-тұзын ақтай білген елміз.
Бірақ асқақтаған хан болса – хан ордасын таптай білген елміз.
Атадан ұл туса – құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса – күң боламын деп тумайды, ұл мен қызын жатқа құл мен күң етіп отыра алмайтын елміз.

Қазыбек бидің біз жатқа білетін бұл сөздерінен асып түсіп қазақтың болмысын сипаттайтын сөз жоқ болар, сірә.

Расында, қазақ қандай қандай халық? Қазақ болмысы қарапайым, қонақжай, қаны таза, қайсар ел дегеннен әрі үңіліп көрдік пе?

Қазақ - жүрегі кең, көңілі дархан халық. Қазақ болмысы бөлек бауырмал, әкені асқар тау деп, ерді арқа сүйер азамат деп сыйлайтын, ананы жұмақ деп, қызды қонақ деп әлпештейтін халық. Біз қазақ - досқа адал құшағын ашар туыспыз, дұшпанға қиып түсер қылышпыз. Тарихтың талай тамұғына түссек те белі қайыспаған халықпыз.

Жеріңді иеленем, еліңді құл ғып, мал-мүлкіңді меншіктеймін деп келген кімнің де болсын жанын алып, тіліңді өшірем, дінсіз етіп, ұлтыңды жойып жіберем деген талайдың таныттық әкесін.

Қазақ өзін қазақ "осындаймыз" деп айтса айтар-ау, ата-жаудың өзі "Рухы — өр,
Тәні — бекем
Бұл бір қайсар халық екен,
Тірліктен де артық қойған бірлікті" - деп мойындады емес пе?

Қайсар қазақ тәуелсіздігін алып, шегарасын шегендеді. "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" деп бекітілді ата-заңымыздың бірінші бабы, бірінші тармағы. Бірақ, ұлттық емес.

Неге өз жерімізде, өзіміздің еліміздің ұлттық деген статусы жоқ? Ұлт болмаған жерде ұлттық мемлекет те болмайтыны түсінікті. Су жоқ жерде балық қайдан болсын деген сияқты. Алайда, ұлт бола тұрып, ұлттық мемлекеттің болмауын қалай түсіндіреміз?

Тарқатайық. Қазақ хандығы құрылып, найзалы байрағымыз тігілгенде де біз бір ғана қазақ ұлты болмадық. Қазақты көптеген ірі рулар құраса, ол рулардың шыққан тегі әртүрлі еді. Мәдениеті, тілі ұқсас түркі тілдес рулар болғанымен, біз арғы атамыз санайтын ғұндар ұлы көш кезінде Қытайдан қоныс аударғанын білеміз. Ал үйсіндердің атамекені Алтай таулары мен Жетісу десек, дәл сол Қытайға аралас-құраласы барын анықтау қиын емес. Қыпшақ, қаңлы, керей бұрынырақ өздері бөлек бір төбе болғанына тарих куә. Арғындар иран тайпаларынын арасынан келгендігі генетикалық тұрғыдан дәлелденсе, наймандар бұрын қытай-моңғолға жақын халық болған. Қожалардың ата-бабасы қазақ емес, арабқа жақын елдерден екен. Айта берсек, мұндай ғылыммен негізделген мысалдар көп. Яғни, қазақ ұлты қазақ хандығымен бірге қалыптасқан.

Алғаш, Әбілқайыр хандығындағы соғыс-қырғыннан шаршаған бірнеше ру, бірнеше мыңдаған халық біз қазақпыз, азатпыз деп бөлініп шықты. Сол кезден бастап қана "қазақ" сөзі этнологиялық мәнге ие бола бастады. Ғасырлар бойы тұтас қазақ ұлты қалыптасып, ортақ бейнеге келгенде алаш зиялылары ұлттық мемлекет құру идеясын дүниеге әкелді. Алайда, патшалық Ресей мен кеңестік үкімет заманы қазаққа ұлттық мемлекетін құруға жол бере қоймады.

Бірақ неге бейбіт заман туып, тәуелсіздік қолымызға тиген шақта ұлттық мемлекет құрмадық? Себебі Ресейдің қолтығында болған шағымызда біздің жерге көп өзге ұлттар қоныс аударды. Жалпы саны 120-дан астам әртүрлі ұлт өкілдерінің бауырына басқан қазақ жерінде қазақтың саны аз еді. Геноцид деп мойындалмаған геноцидіміз бар емес пе, аштық деген! Сауатты мамандары, жүйелі медицинасы жоқ дала халқында ауру-сырқау, бітпей кеткен соғыстар... Екінші дүниежүзілік дейсің бе? Ауған дейсің бе? Ұлтымыздың демографиялық ахуалын ушықтырмаса, жақсартатын еш фактор жоқ еді. Жалпы қазақстандықтардың ішінде қазақ ұлтының үлесі 40-50 % шамасында ғана болды. Әрине, сол үшін де тәуелсіздікке шамамыз жеткенімен, ұлттық мемлекет құруға шамамыз жетпеді. Әлде қалыптасқан саяси жағдай мүмкіншілік бермеді.

Ал қазір ше? Қазір ұлттық мемлекет құруға мүмкіншілік бар, алайда қажеттілік жоқ. Қазір әлем ашық, адамзат мәдениеті ұқсас, ортақ сипат алуда. Дәл қанға бола бөліну, мен өзге, сен өзге ұлтсың деген ұғымға сай бөліну - мәнсіз. Менің елімде мен үстем, сенің еліңде сен үстем деген жоқ. Адамзаттың бәрі бір.

Алайда, ұлттық мемлекет құру қажеттілігі жоқ деген, ұлтқа деген салғырттықты білдірмейді. Ұлт бар, ол өмір сүреді, өркендейді, түрленеді, жаңғырады. Алайда, дәл саяси жүйені ұлтқа бейімдеп керек емес. Паспортта "қазақстандық" емес "қазақ" деп тұруы міндет. "Ова, ов" емес қазақы атпен тұруы міндет. "Қазақ" дегеннің орнына "қазақстандық" деп жазайық деп ұсыныс жасауға қай парасатсыз, сауатсыз шендінінің дәті барғанын білмеймін, бірақ бұл мәселе басталмай жатып аяқталған. Ал "ов, ова"-ның заман қателігі екенін қоғам біледі, баяғыда мойындаған. Екі мыңыншы жылдарға дейін сол бір әдеттен арыла алмай қойсақ та, қазір қазақ өзін құрметтейді. Үлкендеріміз баласын, немересін "ов, ова"-мен атауды қойып келеді. Енді елу жылда ел жаңа, жүз жылда бір қазан десек, бір төбе артта қалған соң "ов,ова"-ның ізі де қалмайтынына кәміл сенеміз.

Есімімізді осылайша түзетіп алсақ, ұлт болу үшін бесігімізді түзетсек қазақтың мәңгілік ел болары анық. Бесігіңді түзе деп, бесіктегі баланы міндеттемейік, құрметті қоғам. Бесікті кім түзейтінін ұмытпайық үлкен буын аға-әпкелер!

Мейрбек Баян Мұратбекқызы
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті
Журналистика факультетінің 2 курс студенті


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз