Өлең, жыр, ақындар

Дегенинг

Аспаннан ақ шіркейлер қаптап жерге түскендей, жердің бетін қар жауыпты. Қыстың қақыраған аязында қоймалар босап, күн көру инемен масақ іздеу деңгейімен теңесті. Сол екен... Көздерінен мұзға айналған жас төгіп тұрған бұлттарды итеріп күн шыққандай жердің асты мен үсті, қоймалар мен құбырлардың бәрінде «Ашығып жүрсіз бе, демек сізді «Азық табудың жолын үйретеміз» атты дегенингке шақырамыз! Аштық жайлы ұмытыңыз! Құны бір бидай! Бір бидай беріп, он күріш ал!» деген жарнама дауыстары жер-көкте жаңғыртты. Елең етпеген құлақ, қуаныш көріп, сүйінші сұрамаған жақ қалмады.

Жергіліктегі ең көлемді жазықта егеуқұйрық дейсің бе, тышқандар дейсің бе түрлі зиянкештер дегенинг тыңдауға келді. Сауысқандар билет сатса,  қарғалар орташа көлемді сахнаны күзетіп тұр. Ортасында не бар? Кім бар? Неге былай тұр деген сұрақтар күбір-күбірден шуға ұласып кете жаздағанда

— Сіздер дайынсыздар ма? — деген дауыс есітілді. Жиналғандар бір дауыста жауап қайтарды — Олай болса, аштыққа қош айтыңыздар! — деп, әрі қарай жалғасты. Бірақ, дауыс жақын жерден есітілгенмен ешкімнің төбесі көрінбеді. — Олай болса, бұл дегенингті ойлап тапқан мені қарсы алыңыздар!

Сахна ортасы жиналған дақылдар салынған дорбаны сауысқандар тұмсығымен жайғастырды. Арасынан қошемет үнінің сүйемелдеуімен өзіне сенімді, томпақ торғай ұшып шығып

— Иә... Иә... Білемін! Сіздер мені көріп таң қалып жатсыздар ма?! Кіп-кішкентай, әлсіз Мен ғасырлап өмір сүретін құстардың өз қанатымның астына алып жатырмын! Не себепті, олар маған жұмыс істейді деп ойлайсыздар? — деген, сұрағына жауап күттірмей өзі — дәл солай! Себебі, оларға мен азық бере аламын! Сіздер де сондай бола аласыздар! — деген сыңды әңгіме қыс мезгіліндей ұзаққа созыла бастағанда, бұршақтарша сұрақтар төгіліп дегенбайдың мазасын қашыра бастады. Сонда да ешкімді елемей, өз сұрағына өзі жауап қайырып монологын жалғастыра бермекші еді. Зиянкестер шыдамы таусылып, сахнадағы бидай мен торғайға қарай ұмтыла бергені сол-ақ еді

— Жарайды. Шындықты білгілеріңіз келсе, мына дорбаға тағы да бидай ма күріш пе нелеріңіз бар соны салыңыздар. Қорықпаңыздар, менің дегенингімді өткен соң бірден қарын тойғызудың құпиясы ашылады. Білгілеріңіз келсе, тездетіңіздер!

Басқыншылық жасап келе жатқан ұзын құйрықтылар есеңгіреп, қалталарын ақтарып торғайдың айтқанын мүлтіксіз орындай бастады.

— Жарайсындар! Дайын болсаңдар, тыңдаңдар! Қарын тойғызудың екі жолы бар! Бірі — адал жұмыс жасап, үнемдеуге үйрену! Екіншісі- деді де, сауысқандарға ишарат берді. — Екіншісі! Дегенинг, Айтқанинг ұйымдастырып, сіздер сияқтыдарды алдау — дегені сол еді, сауысқандар дорбаның төрт жағын көтеріп көкке қанаттарын кең жайды. Арттарынан қарғалар көтерілді. Халық болса абыр-сабырда түсіне алмай, бірі қанатсыз екендігіне, өзгесі азықсыз қалғанына күйініп қала берді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер