Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві 1959 жылдан бастап жеке тектік құжаттарды жинап, қалыптастырумен айналысады. Бүгінде бір ғасырлық мерейтойын тойлап отырған Орталық мемлекеттік архив мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, мәдениет, өнер, ғылым және техника саласының қызметкерлерінің жеке тектік құжаттарымен толықтырылып отыр. Солардың ішінде Қазақтың көрнекті ақыны, әнші, филология ғылымының докторы, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстанның халық жазушысы Тұрсынхан Әбдірахманқызы Әбдірахманованың жеке тектік қоры сақталған.[1] Т. Әбдірахманованың жеке қорының құжаттары 1992 жылы Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивіне өзінің өтініші бойынша сый ретінде тапсырылған. Құжаттары ғылыми тұрғыда ретке келтіріліп, 1945-1993 жылдар аралығын қамтитын 521 сақтау бірлік мемлекеттік есепке алынған. Екінші тізімдемесі 2004 жылы Ә. Әбдірахманованың өтініші бойынша сый ретінде қабылданған. Бұл тізімдемеге 562 іс, 1934-2003 жылдар аралығындағы құжаттар енгізілген. Тұрсынхан Әбдірахманқызы өткен ғасырдың жиырма бірінші жылының 5 қарашасында Семей облысының Жарма ауданына қарасты «Бөке» кенінде жұмысшы отбасында дүниеге келген. Ата-анасының ерте қаза болуына байланысты ағасының тәрбиесін алып, 1939 жылы Бөке кенішінде орталау мектепті бітірген. 1939-1940 жылдары Аягөз педагогикалық училищесіне оқуға түсіп, 1940 жылы ақы төлеп оқу туралы қаулы шыққаннан кейін оқуды үзуге мәжбүр болды.[2]
Т. Әбдірахманова Семей облысының жанында үш айлық курсты оқып, еңбек жолын 1941 жылы мұғалім болып бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында мұғалім одан кейін мектеп директоры қызметтерін атқарған. Абай, Аягөз аудандық комсомол комитеттерінде бірінші хатшы, Шар аудандық партия комитетінде бөлім меңгерушісі болған. 1947-1949 жылдары Алматы жоғарғы екі жылдық партия мектебін бітірген. Бұдан кейін Алматы қаласында Кеңес аудандық партия комитетінде нұсқаушы болған.
1950-1954 жылдары «Қазақстан әйелдері» журналының бөлім меңгерушісі қызметін атқарған. 1954-1959 жылдары Қазақтың С.И.Киров атындағы мемлекеттік университетінің журналистика факультетін үздік бітіріп, аспирантураға қабылданады. 1958 жылы СССР Жазушылар одағының мүшелігіне өтеді. 1959 жылы Қазақтың көркем әдебиет баспасынан «Ән» деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрген. Осы жинағы туралы қазақтың белгілі ақыны Р.Нүрпейісов былай дейді: «Ақынның жүрегіне жақын, сүйіп жырлайтын және бір тақырыбы бар. Ол- әншілік өнері. Оның тұңғыш жинағының «Ән» деп аталуы да сірә осыдан болса керек».[3] Т. Әбдірахманова 1947-1975 жылдар аралығында негізгі қызметін атқара жүріп, Қазақ радиосының әншісі ретінде де халқына танылған табиғи талант, қайталанбас өнер иесі.
1964 жылы қазақ әдебиетінің негізін салушылардың бірі – Ілияс Жансүгіровтің лирикалық шығармашылығы туралы – «Ілияс Жансүгіровтің лирикасы» деп аталатын кандидаттық дисертациясын қорғап [4], филология ғылымының кандидаты дәрежесін алады. Одан кейін Қазақ ССР Баспа, типография және кітап саудасы істері жөніндегі Мемлекеттік комитетте аға редактор, Қазақ ССР Ғылым академиясында 1967-1969 жылдары ғылыми хатшы болып істеген. 1969 жылдан 1986 жылға дейін Қазақ ССР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болған.
1981 жылы «Қасым Аманжоловтың поэтикасы және оның бүгінгі қазақ лирикасымен дәстүрлік ұласуы» деген тақырыпқа докторлық диссертациясын қорғап [5], филология ғылымының докторы деген атақ алған. Т.Әбдірахманова «Ақын сыры», «Қасым Аманжоловтың поэтикасы» монографиясы және сол сияқты ғылыми еңбектермен бірге «Ән», «Әннен әнге», «Танисыз ба бұларды», «Шырқау», «Көгершін көңіл», «Песния», «Белый луч», «Кілт», «Кемел», «Мерей», «Наз көңіл», «Избранные», «Радость» екі томдық шығармалар жинақтарының және «Анар», «Елім-ай», «Отыз екінші жыл», «Қарагердің қазасы» деп аталатын поэмалардың, «Өзікей», «Өгей шеше», «Инабат» тәрізді көркем әңгімелер мен очерктерді және өз қолымен жаған 20 жыр дәптерлерімен 12 қойын дәптерлері 1964-1992 жылдар аралығында жазған.
Т.Әбдірахманованың өлеңдері «Советская женщина», «Дружба народов», «Огонек», «Работница», «Нева», «Молодая гвардия», «Октябрь» секілді орталық мерзімді баспаларда жиі жарияланып тұрған.
Т. Әбдрахманованың поэзиясына нәзік лиризм, философиялық терең ой, айқын да ашық образдылық тән.
Т. Әбдірахманқызының көптеген өлеңдері бүкіл одақ көлемінде, атап айтқанда – түркмен, татар, украин, өзбек, тәжік, армян, қырғыз т.б. тілдеріне, Сондай-ақ кейбір шетел – чех, неміс, ағылшын, испан, француз, араб, корей тілдеріне аударылған. Өлеңдері кеңес одағының ақын әйелдерінің Мәскеуде шыққан баяндамалы өлеңдер жинағына ілінді. Мәскеудің «Советский писатель» баспасында «Белый луч» атты өлеңдер жинағы жарық көрді.
Көркем аудармаға да өз үлесін қосқан Т. Әбдірахманова Е. Юнганның «Даңқы өшпес кеме» повесін, М. Стельмахтың Лениндік сыйлығын алған «Адам қаны – су емес»[6] романын, А. Маяковскаяның «Владимир Маяковскийдің балалық және жастық шағы» атты әңгімесін, А.С. Макаренконың «Коммунистік тәрбие туралы» т.б. шығармаларды қазақшалаған.
Т. Әбдірахманованың шығармашылығы туралы М. Майчекин, Д. Әбілов, Р.Бердібаев, Миртимир, М. Қаратаев, С. Мәуленов, Ғ. Қайырбеков, И. Денисова, Т. Кузовлева, Ф. Алиева т.б. көрнекті қаламгерлер мақала жазған.[7]
Т. Әбдірахманова «Құрмет белгісі» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін», «Еңбекте үздік шыққаны үшін» медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің, Татар АССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапатталған. 1984 жылы «Қазақстанның халық жазушысы» деген құрметті атаққа ие болған.[8] Ғылым саласында Т. Әбдірахмановаға 1985 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының Ш. Уәлиханов атындағы сыйлығы берілген.[9]
Т. Әбдірахманқызының тәуелсіздіктен кейінгі жылдары өлеңдері мен зерттеулерінің «Замана сазы», қолжазбаларының «Қазағым қайда барсам танытқаным», «өгей шеш», «Тоғысқан тағдырлар» әңгімелерінің, өлеңдері мен толғауларының «Сөйле қалам» атты жинақтары «Ана тілі», «Атамұра», «Мерей» баспаларынан жарық көрген.
Т.Әбдірахманқызы 1997 жылы Қазақстан Республикасының Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының толық мүшесі (академигі) болып сайланған. Сонымен бірге 1995 жылы «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы», 2001 жылы «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен,[10]2002 жылы «Парасат» орденімен марапатталған.[11]
Қазақтың көрнекті ақыны, Т. Әбдірахманова тек ақындықпен ғана шектелмей елінің танымал әншісі де бола білді. Оның үстіне әдебиет зерттеуші ғұлама ғалым да еді. Ғылым саласындағы еңбегі Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықпен бағаланса, ақындық, жазушылық шығармашылығы оны «Қазақстанның халық жазушысы» деген жоғары атаққа лайықты етті.
Әнші болып танылып, ғалым болып мойындалған Тұрсынхан Әбдірахманқызының қыруар мұрасы архив қабырғаларының ғана мұрасы болмай, халқының қымбат қазынасы, болашақ ұрпақтың оқып үйренуіне, тәлім алуына татитыны, талай зерттеу еңбектерге негіз болары сөзсіз.
Пайдаланған әдебиеттер
1. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз.
2. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз., 280 іс.
3. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз., 429 іс.
4. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз., 198 іс
5. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз., 204 іс.
6. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз., 245 іс.
7. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз., 438 іс.
8. ҚР ОМА Қ. 2208, 2 тіз., 375 іс.
9. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз., 275 іс.
10. ҚР ОМА Қ. 2208, 2 тіз., 380 іс.
11. ҚР ОМА Қ. 2208, 1 тіз., 370 іс
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі