Өлең, жыр, ақындар

Тәуелсіздікке бастаған алғашқы қадам

1991 жылы Семей ядролық полигонының жабылуы әлемдік деңгейдегі оқиға болды. Себебі, 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге тасталған атом бомбалары жер шарында толассыз ядролық қарулануға жол ашқан еді. Міне, осындай ядролық қарулану бәсекесі заманында дүниедегі ең ірі сынақ полигонының жабылуы және шешімді орталық емес, одақтас республиканың басшысының қабылдауы шынында да тарихи оқиға болды. Әрине, 1991 жылғы КСРО 1985 жылғы КСРО емес еді. Қайта құрудың самалы талай түрен салынбаған құпияларды ғана ашып қойған жоқ, сонымен бірге одақтас республикалардың бастапқы кезеңде дербес шешім қабылдауға ұмтылуымен сонан соң тәуелсіздік жариялауына ұласты. Бірақ халықтың негізгі бөлігі Кеңес Одағы жылдың соңында ыдырап кетеді деп ойлай қойған жоқ еді. Қазақстанда да жағдай біршама күрделі болды.

Сепаратистік қозғалыстар бір жағынан, екінші жағынан әлі де болса әскери өнеркәсіптік кешен де біршама күшті болатын. Мысалы, әскерилердің өкілі Петрушенконың қолынан келгенінше полигонның жабылуына қарсы шығып, тіпті оның ешқандай зияны жоқтығын дәлелдемекші болып, сынақ нәтижесінде пайда болған көлдің суына түскені де сол кезеңде көп талқыланған мәселенің бірі болды, Сонымен бірге «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы да кең қанат жайып, белсенділік танытып жатыр еді. Міне, осындай күрделі саяси-экономикалық жағдайда Қазақ КСР-ның алғашқы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тәуелсіздіктің бастауы болған Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылдады және сол шешім алғашқы ядролық сынақ болған күні қабылданды. Бұл шешімге тек қазақстандықтар ғана емес дүние жүзінің әр түрлі аймақтарындағы сынақ алаңдарын жабуға ұмтылған антиядролық қозғалыстардың барлығы дерлік үлкен қолдау білдірді. Себебі, 1945-1991 жылдар аралығында ядролық сынақ полигондарындағы әртүрлі жарылыстардан зиян шеккендердің саны көбейіп келе жатқан еді.

Ядролық қарулану әуеде, жер бетінде, жер астында, су астында жүргізілгендіктен қоршаған ортаға, адам денсаулығына өте үлкен нұқсан келтірді. Көп жағдайда ойланбастан жүргізілген сынақтар нәтижесінде адамдар радиациялық сәулеленуге ұшырып, денсаулығынан айрыла бастады. Мысалы, 1954 жылы Орынбор маңындағы Тоцк сынақ алаңында 350 метр биіктікте 40 килотонналық зарядты жарып, жарылыс болған аймақта маршал Г.Жуков 45 мың адамды әскери жаттығуға қатыстырды. Маршал солдаттардың негізгі бөлігін жарылыс эпицентрінен толық дайындықсыз өткізді. Аймақтағы халықтың бір бөлігі де жарылыс зардаптарына ұшырады. Жоғары деңгейде сәулеленуге ұшырған адамдар көп ұзамай көз жұмып жатты. Ғаламтордағы мәліметтер бойынша, әлемде 2422 ядролық сынақ өткізілген. Соның 982-і Кеңес Одағында, ал оның 619-ы Семей ядролық полигонында жүргізілген. 497-сі жер асты және 122-і атмосферада жасалған ядролық сынақтардан Қазақстанда 500 мыңнан астам адам зиян шекті. Ұлттың генофондына әсер еткен полигон зардабы ғасырларға созылатын анық. Бәсекелес мемлекеттер бірінен бірі асып түсу үшін сутегі, термоядролық, нейтрондық бомбаларды ойлап табумен ерекшелене бастады. Себебі, коммунистік және капиталистік жүйелердің әскери қуаты жағынан тайталасы адамзат тарихында бұрын соңды болмаған қарулануға, соның ішінде ядролық тежеу концепциясына алып келді.

Ядролық державалардың бірін бірі тежеуі тек экономикаға ғана салмақ салған жоқ, сонымен бірге экологияға және халықтың денсаулығына да әсер ете бастады. Бәсекелес екі жүйеде жинақталған ядролық қарулардан ХХ ғасырдың 60-шы жылдарында ядролық қарулануға бастамашы болған АҚШ, КСРО, Англия мен Францияның өздері қорқа бастады. КСРО мен АҚШ арасындағы ядролық қару мен оны жеткізуші құралдар саны бойынша тепе-теңдіктің қалыптаса бастауы 1963 жылы ядролық державалардың «Ядролық сынақтарға тыйым салу туралы» келісімге қол қоюына, ал 1968 жылы ядролық қаруды таратпау туралы келісімнің қабылдануына әсер етті. Міне, осы келісімдер алғашқы кезеңде ядролық қаруға ие болған елдердің құқын заңдастырды және сонымен бірге олардың ядролық қаруды қолданбау туралы жауапкершілігін де арттырды. Осындай келісімдерге қарамастан ядролық қаруды заңды иеленушілер мен заңсыз иеленушілер деген ұғым қалыптасты. Уақытында Еуропа жетекшілерінің бірі ядролық қару Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі тұрақтылықты қамамасыз етті деген пікір айтқан болатын. Міне осы идея ядролық қаруды өздері ойлап тапқандар мен солардың көмегі арқылы ядролық қаруға ие болған елдердің пайда болуына алып келді. Осындай көмектің нәтижесінде Қытай, Үндістан, Пәкістан, Солтүстік Корея ядролық қаруға ие болды. Олардың кейбірі дүниені ядролық қаруымен әлі күнге дейін қорқытумен келе жатыр. Сонымен бірге халықаралық терроризмнің күшеюі де ядролық бақылауды күшейтуді талап етті. Сол үшін халықаралық бақылаушы ұйым -МАГАТЭ құрылып, уран өңдеу мен ядролық материалдар шығаруға халықаралық бақылау орнатылды. Соның нәтижесінде жасырын ядролық қару жасауға ұмтылған елдер жазаланып, кейбіріне экономикалық санкция қойылды. Міне, осындай жағдайда Кеңес Одағының ыдырауы ядролық клубта жаңа мүшелердің қатарын бірден көбеюіне әсер ететін болды. Сондықтан да КСРО-ның ыдырау барысында күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі - одақтас республикалардағы ядролық қару кім иеленеді деген сауал болды. Келіссөздер барысында ядролық қарулар КСРО-ның заңды мұрагері болып есептелген және халықаралық міндеттемелерін өз мойнына алған Ресей Федерациясына берілуі қажет деген шешім қабылданды.

Осы кезеңде аумағында ядролық қару орналасқан кейбір одақтас республикалардың алдында үлкен таңдау тұрды: дайын ядролық қаруға ие болу немесе халықаралық санкцияларға ұшырау. Себебі, ыдырап жатқан алып державаның үйіндісінде пайда болған жас тәуелсіз мемлекеттердің барлығында дерлік болуы мүмкін ішкі жанжалдардың саяси және экономикалық себептері көзге анық түсіп тұрған болатын. Міне, осындай мемлекеттің бірі Қазақстан болды. Қазақстан осы кезеңде ядролық әлеуеті жағынан дүниеде төртінші орында тұрды. Қазақстан үшін ядролық сойылды беліне байлау халықаралық изоляцияға алып баруы мүмкін еді. Міне, осы кезеңде ядролық клубқа мүше елдер Будапешттегі кездесуде қабылданған меморандум негізінде Украина, Белоруссия және Қазақстанға ядролық қарудан бас тартқаны үшін тәуелсіздігінің және аумағының тұтастығының сақталуына кепілдік берді. Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы экономикалық дамуға жол ашты. Осыған орай АҚШ президенті Барак Обама «ядролық қарудан бас тарту елдің экономикалық өрлеуіне және гүлденуіне әсер етті. Қазақстан бүкіл дүние үшін үлгіге айналды» деп, еліміздің таңдаған жолын жоғары бағалады. Полигонның жабылуы және ядролық қарудан бас тартуы Қазақстанның халықаралық беделін өсіріп, оның шын мәніндегі ядролық қарусыздану қозғалысының жетекшісіне айналуына әсер етті. Н.Назарбаевтың ядролық қарусыздануға байланысты бастамаларының Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі құжатына айналуы да Елбасымыздың, Қазақстанның халықаралық беделін және осындай бастама көтеруге моральдық құқы бар екендігін көрсетеді.

Құбайдолла Аман, Жұмаділ Махаббат


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар