Пьеса
Екі актілі драма
Басты кейіпкерлер
1. Мұрат - аға шопан
2. Асан - пенсионер, Мұраттың әкесі
3. Асан - көмекші шопан
4. Меруерт - Мұраттың келіншегі
5. Ұлтуған - Асан шалдың кемпірі
6. Дәулетбай - совхоздың бөлім меңгерушісі
7. Абақ - отгондағы дүкенші
8. Дарақ - жүн қабылдайтын пункттің безбеншісі
9. Жарақ - веттехник
10. Дәуқара - шофер
11. Шопандар
БІРІНШІ АКТ
Бірінші көрініс
Қарашаның қара желі қарақұрым сағым айдап тұрған. Шолақ қара тонды қаусыра жамылған түлкі тымақты, жүзі суық тәкаппар шал қотан шетіне шығып, қырға көз тастап тұрып қалады...
...Толған ұршықтай домалақ кемпір бір шелек суды әкеліп ошақ басына қойып жатып, күн салып көкжиекке қарады да, ернін сылп еткізді...
...Қара құрық сағымда ақ жалаудай аласұрған ақ дәкелерді керме жіпке жайып жатып жас келіншек қырға көз тіккен күйі сүзіліп тұрып қалды...
...Қатар тұрған қос киіз үйдің отауынан қызара бөрткен тоқ жігіт шықты. Шықты да сұқ саусағындағы машинаның кілтін шиырып ойнап тұрды да, қырға көз тастап, шырт түкіріп шығып кетті...
...Арпылдап иттер үрді. Ажылдап кеп тоқтаған машинаның гүжілі, артынан тормоздың ащы ысқырығы естілді...
...Сахнаға қозы қарынды, елулер шамасындағы Дәулетбай кірді. Қолындағы ала қоржынын қасындағы матрос формасын киген жас жігітке ұстата салып, қозы қарны ақтарылып қалатындай қос қолдай құшақтап, Асан шалға жүгірді...
Д ә у л е т б а й. Оу, жездеке!.. Салаумәлейкүм!.. Немене, құлағың қышып, сағынып қалдың ба?!. Құлағыңнан созайын деп келдім!..
А с а н ш а л. (нәумез). Аман жүрмісің, әйтеуір?!.
Д ә у л е т б а й. Жүрміз ғой!.. Иә, мал-жан аман ба?!. Бас-сирақ орнында?!. Иә, әпкем қайда?!.. (Кемпірді көріп тұрып көлгірсіп сұрады).
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, кеп қапсың да!.. (Домалап келіп сәлемін алды). Аман-есенбісің?!. Келін, балдардың дені сау ма?!.
Д ә у л е т б а й. Ой, әпке - ай, менің бар-жоғымды пысықтап алсаң, келін-балдары қайда қашушы еді!.. Иә, өз денсаулығың қалай?.. "Жүрегім, жүрегім", — деп жаман жездемді қорқыта бергенді қойдың ба?!.
Ұ л т у ғ а н. Е, менің жүрегім жаман жездеңнен басқа кімге керек дейсің?!. Жүрміз де ілініп-салынып!.. Жаман жездеңнің жайын, әпкеңнің жүрегін ойласаң, қарашаға дейін жайлауға жалғыз үй тастап, сары жұртқа қамайсың ба?!.
Д ә у л е т б а й. Тәйір - ай, сол да сөз бе екен!.. Атақты шопан ақпанда көшсе де арымайды!.. Айтпақшы, оның өзі қайда?.. (Мұратты көріп тұрып көлгірсіп сұрады).
М ұ р а т . (Өтірік еркелеген болып). Оу, нағашы!.. Кеп қапсың да!.. Айдарыңнан жел есіп тұр екен, қырық серкешімді айдап келгеннен саумысың?!.
Д ә у л е т б а й. Қойың қораға сыймай жатқанда, менің қоржынымнан аспайтын қырық кебенекті даулап қайтесің!.. (Құшақтап, өтірік сүйген болады).
Дәуқара келіп Асан шал мен Ұлтуғанға сәлемдесті. Дәулетбай жігіт Асанның қолындағы қоржынды алып Мұратқа ұстатты. Ала қоржыннан бөтелкелер *қыңсылады*. Шал Асан "балдызына " сыздана қарады. Мұрат ала қоржынды Меруертке ұстатты да, барқ етті.
М ұ р а т . Құрт анау простындарыңды! Қонақ келгенде кір-қоңыңды қоқсытып!.. Түнімен тарсылдап ұйқы бермейді енді!..
Ш а л А с а н. Немене, қонақ келді деп қыстайын деп пе едің осында?!. Бүгіннен қалмай көшеміз! Үй жығып, жүк арту керек!
Д ә у л е т б а й. Оу, жездеке, келмей жатып қуғаның ба?!. Қонақ жаман болса, үй иесі қашады деп!..
Ш а л А с а н. Сірә, мен жаман шығармын. (Кемпірін мегзеп). Сендер тұқымдарыңнан асыл едіңдер. Түбі, мен қашып құтылмасам болмас!.. Жә, от ала келгеннің отыз аузын болсаң, үйге кір. Тәжікелесіп тұратын менде қулық, сенде құлақ жоқ!..
Қонақты ертіп қойлы ауылдың төрт көзі түгел үлкен үйге беттеген. Домалақ кемпірін томпаңдатып алдымен Асан шалдың өзі кірді. Қозы қарнын қос қолдап құшақтап Дәулетбай кірді. Жігіт Асан мен Дәуқараны қосақтап кіргізіп жіберді де, Мұрат келіншегін есік көзінде іркіп қалды.
М ұ р а т. Шалдырлатпай андағы қоржыныңды менің машинама апарып сал! Сервисін де ұмытпа! Анау көгендегі көк бордақыны да тас қылып багажникке таста!.. Мен ауданға жүретін шығармын...
...Ала қоржынды арқалаған күйі меңірейіп тыста жалғыз келін қалды. Қарашаның қара құрық дауылында ақ жалаудай сартылдап ақ дәкелер қалды. Төбеден тырна қиқулады. Қараңғылық түсіп, жарық қайта жанғанда...
...Асан шал ешкімге төрін бермей, от жағына домалақ кемпірін теңдеп алып, иегімен көк тіреп отырған. Тең-тең қып буған жүк. Артық зат жоқ. Ортада жозы. Жозының айналасында Дәулетбай мен жігіт Асан, жүкке сүйеніп Дәуқара, оның етегін ала Мұрат отыр. Түндікті желпіп қарашаның желі сарнады. Домалақ кемпір күрсінді.
Ұ л т у ғ а н . Япыр-ай, қыстауға жеткенше күн бұзылып кетпесе жарар еді!..
Д ә у л е т б а й. Обалы өзіне!.. Жұрттан бұрынырақ қамдан деп скотобоздың бірін емес, бірнешеуін жібердім. Көнетін жездекем бе?!. Мына Дәуқараның доңғалағы осы екі ортада тозған жоқ па!..
Д ә у қ а р а. Ә, тозады ғой!.. Мұрат үшін тозбаған доңғалақты ит жесін де!..
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, қонақтан да қоңсының өкпесі қиын деген... Алдымен көршілер көшіп алсын деді де. Старший деген аты бар, біреудің басы ауырып, балтыры сыздаса да, Мұратқа келеді. Тек, сол жақсылықты жұрт түсінсе де!.
Д ә у л е т б а й. Түсінеді ғой, әпке!.. Түсінген соң келіп отырмыз да!.. (Мұратты жауырыннан қағып қояды). Маладес!.. Көршілеріңді алдымен көшіріп жібергенің жақсы болған... Біздің жиен маладес!.. Нағыз даланың капитаны!.. Кемесі суға кетсе де көпті құтқарып, соңында өзі қалады. Айтпақшы!.. (Жігіт Асанды жауырынынан қойып қалғанда, жүкке сүйеніп ұйықтап отырған Дәуқара шошып оянады) Танысып қой!.. Осы шаңырақтың мұраты, атақты шопан, өрдененос Мұрат осы!.. Анау тыста тұрған ақ "Волганы" көрдің бе?!. Оны да біздің жиен Мәскеуден, өстепкеден мініп қайтқан!.. (Асан шалға бұрылып). Жездеке, киімінен танып отырған шығарсың, мына дөкей де морәк!.. Екі жыл падбодный плот боп, Тынық мұхиттың төрінен оралып отырған беті. Түбі, бөтен емес, өзіміздің Есақаның тентегі!..
Ш а л А с а н. Солай де... Тентектің бәрі сені табатынын білемін... "Жуас мініп жүк тартқанша, тентек мініп тебінгі жырт" деуші еді... Жөн, жөн...
Д ә у л е т б а й. Өзің пенсияға шығып алған соң: "Мұратқа пөмешнек керек, пөмешнек керек", — деп құлағымның құрт етін жеп едің. Мінеки, арақ ішпейтін, карта ойнамайтын, шылым шекпейтін, саудайылық қылмайтын өзің секілді алтындай Асанның өзі!..
Ш а л А с а н. Есақада екі адамның біреуі Асан. Бұл баланың да қандай Асан боларын болашақ көрсете жатар. Ал, пөмешнек жайын ана мал иесі, аға шопаның шешет те!..
Мұрат әкесіне жақтырмай қарады. Домалақ кемпір де жақтырмай, қырыс қабақ танытты. Дәулетбай кесесін жозыға қойып, әңгіменің бетін басқаға бұрды.
Д ә у л е т б а й. Жездеке, келесі жылғы міндеттеме қалай болайын деп тұр?..
Ш а л А с а н. Күні бұрын жол кесетін өздерің ғой...
Д ә у л е т б а й. Жүзден жүз елу қозы деп айды аспанға бір шығарсақ қайтеді?..
Ш а л А с а н. Оны ана мал иесі, аға шопанның өзі білет те!..
Мұрат әкесіне жақтырмай қарады. Домалақ кемпір де жақтырмай, қырыс қабақ танытты. Дәулетбай Мұраттың беделін көтергісі келгендей, ендігі сөзін тек соған ғана арнады.
Д ә у л е т б а й. Осы сен ғой, Мәскеуі бар, Алматысы бар, салиқалы жиындарға жиі қатысып жүресің. Мынау түстік жақтың шопандары төлді екі жүзден асырып жүр дейді. Сол рас па?
М ұ р а т . Рас қой...
Д ә у л е т б а й. Ойпырай, ә?!. Солардың не сиқыры бар екен, білдің бе?..
М ұ р а т . Олардың қойы қаракөл болса керек.
Д ә у л е т б а й. Немене, қаракөлдің жатыры егіз бе екен, әлде қошқары семіз бе екен?!. Біздің неміз кем?..
М ұ р а т. Олардікі науышнай асноба ғой, нағашы!.. Науышнай асноба!..
Д ә у л е т б а й. Сонда біздікі не болғаны?..
М ұ р а т . Біздікі әншейін көне тәжірибенің көмегіне сенген тірлік те...
Шал Асан мырс етті. Оның мырс еткені баласына шаншудай қадалса керек, мойнын ішінен алып, бүгіліп қалды. Әңгіме де бөгеліп қалған. Бөгеліп қалған әңгімені зорлап, Дәулетбай қайта түрткіледі:
Д ә у л е т б а й. Сен басшыларға бір табан жақынсың ғой. Біз секілді шаруаның торысына өсек екеш өсек те өзек талдырып зорға жетеді. Осы әлгі бірінші хатшының өседі дегені рас па?
М ұ р а т, (ойланған болып). Рас болса керек.
Д ә у л е т б а й. Орнына кімді қояр екен?..
М ұ р а т, (ойланған болып). Мен білсем...ауатком председателі болатын шығар.
Д ә у л е т б а й. Ойпыр-ай, о?!. Бап шаппайды, бақ шабады деген осы - ay!.. Кеше ғана жалаң бұт жүрген бала еді... Тер төгетін біз, абырой мен мансапты бөліп-жаратын бөтен жұрт!..
Асан шал "балдызын" жақтырмай қалды. Жақтырмай қалды да, "балдызының" күпіршілігінен өзі қысылғандай, осы үйдің төрт көзін түгендеп шығып еді...
...кемпірі мүлгіп отыр екен, келіні тегенеге телміріп отыр екен. Дәуқара тағы да жүкке сүйеніп ұйықтап қалыпты, Дәулетбайдың бет-аузы бүлк етпеді...
Ш а л А с а н. Қашпақ болсаң, зымыра деген. Біреудің атақ-абыройына таласамыз деп отырып, ерте күнді кеш қылып алмаймыз ба?..
Д ә у л е т б а й. Онда мен де ертерек ел тауып алайын...
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, келуіңнен кетуің тез болды-ау!..
Д ә у л е т б а й. Ой, әпке - ай, еру боп отыруға біздерге уақытты кім берген! Өспейтін адам қашанда өлермен, кішкентай тірлігінен айрылып қалам ба деп тыртыңдап кеп жатқаны!.. Мұратжан, аудан басында әктіп болайын деп жатыр деді ме осы?..
М ұ р а т, (қиналған сыңай танытып). Айтпақшы, актив бар екен-ау!.. (Келіншегіне нығызданып). Бар, шамаданымды жолға әзірлеші!.. (Меруерт шыға бергенде). Әй, қопалақтаған байғұс, документтерімді түгендеп сал!.. Қара кәстөмнің қалтасына сал!..
Шал Асан екі көзін тарс жұмып аспанға қарады. Домалақ кемпір шалына қарады да, күрсініп салды. Жүкке сүйеніп қорылдап отырған Дәуқара күрс етіп құлап түсті. Бұл да Дәулетбайға "қиын жағдайдан" құтылуға себеп болды.
Д ә у л е т б а й. Әпке, көшерде ұмытпай мына бауырыңды да оятып аларсың. Жұртта қап кетсе, Есақаның бір тұқымының орнын қалай толтырамыз!..
Дәулетбай кеңк-кеңк күлген болды. Мұрат Дәуқараны бүйірден түртіп оятқан.
Д ә у қ а р а. А?.. Е, біз сөйтеміз ғой!..
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, шаруа деген осы да!.. Үйренбей жатсың да!.. Әлі-ақ үйреніп кетесің де!..
Д ә у л е т б а й. Әпке - ау, мен білген Дәуқара ит жылынан бері доңғалақ қуып келеді. Бұл сонда қашан үйренбек?!.
М ұ р а т. Тұр!.. Қойшының аулында құдық болады. Құдықта су болады...
Д ә у қ а р а . Иә, болады... болады ғой...
М ұ р а т. Бетіңнен бес батпан ұйқысын шайқап тастасаң, мордаң да қайтадан қалпына келіп қалар!..
Д ә у л е т б а й. Е, келмесе біреуден қарызға алған дүние емес, бұл итіңе жараса береді!.. (Дәулетбай жырқ-жырқ күлген болды. Күлді де, шал Асанның зілді көз қарасынан жасқанып, Дәуқара шығып кеткен соң, оны ақтай бастады.) Ал енді, осы итің бар ғой, рульге отырғызып қойып, бір айлық жолға қусаң да, әй бір кірпік қақпайды - ау, қақпайды!.. (Тыстағы гүрілдеген машиналарға құлақ түріп). Ә, міне скотобоздар да келіп қалды!.. Біреу...екеу..үшеу...Неше прицептен тіркеді екен?.. Үштен болсын деп едім...Жүк артып алсаңдар, мына тұрған Қазаншұңқыр сөз бе, бүгін-ақ көшіп қонасыңдар. Тек қой тиеу ғана қол байлар... Пөмешнек бар, жігіттер мықты!.. Ал, Мұратжан, біз де тикайдық тігінен жыраққа!..
...Дәулетбай мен Мұрат жинала бастағанда.. .домалақ кемпір: "И-и айналып кетейін" тағы бастағанда... иегімен көк тіреп отырған тәкаппар шал көзін ашып алған. Жұрт селт етіп қайтадан тына қалды:
Ш а л А с а н. Машинаға бес жүз қойды тиеп болғанша, мен Қазаншұңқырға бес жүз қадам жақындап қаламын. Скотобозыңды ала кет! Маған оның қажеті соқыр тиын!..
М ұ р а т . Не дейді?!. Күншілік жерге малмен жаяу сандалып! Бұзылайын деп тұрған күн мынау. Қар жауып кетсе қайтесің?..
Ш а л А с а н. Қазаншұңқыр саған күншілік жер болса, маған бір апталық!.. Қар жаумақ түгілі, қан жауса да!..
Д ә у л е т б а й. Алжиын деген бе?!. Әпке - ау, мына шалыңа бірдеңе десей!..
Ш а л А с а н. Алжыды десең, апаңды ажыратып әкет!.. Әйтпесе, екі үйдің жүгін қыстауға жеткізіп тастасаң да разымын, кемпірімді өзіме тастап кет! Жүрегі нашар екенін білесің. Мал түгіл адамға жан тәтті!..
Д ә у л е т б а й. Қылжағың ба?!. Түк түсінсем бұйырмасын!..
Ш а л А с а н. Оны мына мал иесі де түсіне ме екен?!. Мәскеуге бір барып қайтып еді, дөңбекшіп бір апта ұйықтамады. Мына тұрған Алматыдан келсе, алты күн аунап жатады!.. Перемен дей ме, адаптыр дей ме!..
Д ә у л е т б а й. Ой, жездеке - ай, түу деген түкірік жететін мынау Төр жайлау мен анау жатқан Қазаншұңқырдың арасына да перемен климат керек пе?!. Күлейін десем, ішегім түйіле ме деп қорқып отырмын! Әттең, қартайып қалдың - ау, созатын құлағың да тозды!.. Ха-ха-ха!..
Ш а л А с а н. Құлақпен ойнама!.. Екі құлақтың арасы қарыс сүйем екені рас. Бірақ, оның ортасында екі көз бен мұрын барын ұмытпа! Сорымызға қарай, соны да дұрыстап пайдалана алмай жүрген жоқпыз ба!.. Ал, Төр жайлау мен Қазаншұңқырдың арасында тереңдігі екі шақырым ылди жатыр емес пе?!.
Д ә у л е т б а й. Кешіріп қойыңыз, үш шақырым.
Ш а л А с а н. Ендеше сол үш шақырым биікте биыл ғана көктемде қанша қойың қырылды?
Д ә у л е т б а й.Е, мал іші болған соң шығынсыз тұра ма!..
Ш а л А с а н. Күмілжисің, ә?.. Онда мен айтайын... Үш отардан айырылып қалдың!.. Неге айрылдың?!.
Д ә у л е т б а й. Ол енді... шығынға келген бұршақтың кесірі де!.. Табиғаттың мүңкір-нәңкірін Дәулетбай қолымен қағып тоқтатпайтын шығар!.. Осындай да қалжың болады екен-ау!..
Ш а л А с а н. Қымс етсе, пәленің бәрін табиғатқа жауып құтыласыңдар! Табиғат жарықтықтың кінәсі не?!. Малдың да пірі — табиғат! Мал да таңның атуымен өріп, күннің батуымен жусайды. Құбыла мен терісті сен айдамасаң да таниды! Жылдың төрт мезгілінің мінезіне лайық төрт құбылып тірлік етеді. Көктемде егіп, күзде орып алатын егінің емес, ол сенің науқаныңа көнбейді!..
Ұ л т у ғ а н . И-и, шал - ай, асығып отыр едің, сөзің көбейіп барады ғой.
Ш а л А с а н. Ақ "Волга", "Көкқасқасы" бар асыққан жұрт жүре берсін! Мен жыла қонып, жаяу тартатын шабанмын. Маған енді бәрібір!..
Д ә у л е т б а й. Оу, жездеке - ау, көлік берсем алмайсың. Бермесем — тағы жақпаймын. Сонда мен неден жазып қалдым? Кептірмей айтшы!..
Ш а л А с а н. "Көтеріп атқа салғаныңды қайтейін, көтіме қолың тыққан соң", — депті ғой!.. Сенің бергенің — бермегендей, бермегенің — кебінсіз жерлегендей боп тұр да!..
Д ә у л е т б а й. Оу, жездеке, байқа, мен де ашулана аламын! (Мұратқа бір қарап қойып). Менің бергенім көңілдің түпкіріне болмаса, қарынның қатпарына сыймайды!..
Ш а л А с а н. Е, енді өстіп жуансимын де!.. Жуансып бақ!.. Бірақ, мұның да әншейін ағайын арасындағы қиқым - бақай ұсақ есеп! Мен айтсам, сені ғана емес, сендердің елге бергендеріңді айтам да! Мен айтсам, сенің бергеніңді емес, ұтылғаныңды, айрылғаныңды айтам да!.. Оны ұқпасаңдар дауа жоқ! Балдыз болған соң қалжыңдап бастап едім, енді аяғы насырға шаппай-ақ қойсын!.. (Толысын түзеп, тұруға ыңғай танытады).
Д ә у л е т б а й. Жездеке, көш қозғаларда ызғармен тараспалық, ырымға жаман!..
Ш а л А с а н. Көш дейді ғой!.. Бүгінде оңған көш бар ма?!. Кеше ғана осы жерден бес отар көшірдің. Солардың күні не болып жатыр?!.
Д ә у л е т б а й.Не болушы еді?.. Аман-есен қонып, малын өріске шығарып жатыр!..
Ш а л А с а н. Оны мен де біліп отырмын. Скотобозыңа сексеуілдей тиеп алдың да, бір күнде салдырлатып апарып төктің де тастадың. Келер жылы солардың жүз саулығынан жүз қозыдан артық алсаң, мен мына сақалымды күзеп берейін!.. Сөйтіп отырып жүз елуден дәмесі бар!..
Д ә у л е т б а й. Жүз елуді мен жұрттың бәрінен сұрап отырмын ба?..
Ш а л А с а н. Әрине, бес отардағы саулықтың үштен бірі іш тастап кетсе сұрамайтын жөнің бар!.. Ол аз болғандай, көктемде арқасынан күн өткізбей, жабағысы көтерілмей жатып, жарым терісімен қоса сыпырып аласыңдар да, көпкеңе бір тұншықтырып, аяғымен ай жүріп жететін үш шақырымдық шың басына үш сағатта төгіп тастап тағы қашасыңдар! Жаурап өлетін жалаңаш саулықтарыңды айтпайын, тұншығып қырылатын жас төлдерің қаншама?!. Қайран малды машинаң бір қинап, перемен мен клеметің өкпесін сығып, алаптарыңа жеткенше тағы да үш отардан айрылып, қолыңды танауыңа тығып сен қаласың!.. Таулы өңірдің қазағы баяғыда апталып, айлап сән үшін ғана көшпеген, мал үшін де көшкен. Шабыным деп бір, егінім деп екі бөгеп, қарашаның дауылымен таластырып қойғаның мынау! Жыла қонып, ендігі жылы орныма да жететін едім. Кешіріп қой. (баласына иегімен нұсқап). Мал иесі мұнда екен ғой!.. (өзінен-өзі дал болып). Мен осы неменеге шала бүлініп отырмын?!. (Шал Асан жер таянбай тік тұрып, тымағын киді де, жалпақ кісемен белін қынай буған. Дәулетбай мен жігіт Асан да абың-күбің тұра бастағанда, міз бақпай тұқырайып отырып қалған домалақ кемпір мен Мұрат еді. Шал Асан қырыстана, көзінің қиығымен ғана ұлына көз тастады) Көлеңке басы ұзарып қалыпты, аулыңа қайтпайсың ба?.. Кешіріп қой, аудан екен ғой!..
Алдымен бөтен қосқа үйір болмаған жігіт Асан шықты. Дәулетбай қозы қарнын құшақтап босағада кідіріп қалған. Домалақ кемпір де орнынан домалана тұрды.
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, қоржының құр қайтатын болды-ау!.. (Шалына бұрылып). Балдар қолына қараса ұят тағы!..
Ш а л А с а н. Оны мына мал иесі, аға шопан білет те!..
Қозы қарнын құшақтап Дәулетбай шықты. Оның соңынан домалақ кемпір ере кеткен. Шал Асан шыға беріп, есік көзінде баласымен бетпе-бет ұшырасып қалды.
Ш а л А с а н. Ал енді, жолың болсын!.. Біздерді де ұмытып кетпей, анда-санда өстіп келіп-кетіп тұр!..
Осы шаңырақ менікі ме, менікі емес пе дегендей, Мұрат түндікке қарады...
...Қарашаның қара дауылы ұрып тұр еді. Түндік жұлқыған қара дауылдың ызыңы ұлып тұр еді...
...Қайтқан құстың қиқуы естілді. Қайтқан құстың қиқуына мұңды бір саз қосылған...
...Қараша қаздар самғады,
Базарын жаздың сағынып.
Қараша қаздар самғады,
Қыраудан моншақ тағынып.
Қаздардың күзгі саздарын,
Әкетер алыс қара жел.
Жүректің күзгі наздарын,
Көтерер ме екен қара жер...
Екінші көрініс
Түн еді. Жаңбыр сатырлатып ұрып тұр еді. Жаңбырмен жарыса қарашаның қара дауылы ұлып тұр еді. Күңгірт дүниенің күмбезіне жеткендей қайтқан құстың қиқуы талмаусырап тұрған.
Талмаураған мұңды сазға мұңды бір әуен қосылған...
...Балауса жүрек бұлқынса,
Құлпырар жазда түз гүлі...
Балауса сезім бір тұмса,
Қарымас па екен күз күні...
Қойшылардың бекеті болса керек. Саманнан соққан там болса керек. Дін ортасында адалбақан тіреу. Бір бұтағында аспа шам. Екінші бұтағында елтірі тымақ. Тымақтың төбесіне қарлығаш ұя салыпты. Тыстан қара шәугімді көтеріп Меруерт кірді де, бұрыштағы темір пештің үстіне қойды. Шымшуырмен түрткілеп от көседі. От көсеп отырып әлгі бір әнді жалғастырған...
...Найзағай менен махаббат
Жазира жазға жарасқан.
Күтемін сенен мархабат,
Жаңбырлы күзгі қара аспан...
...Тыстан ер-тұрман көтеріп жігіт Асан кірді де, босағаға қойып жатып тамсанып тұрып қалды. Меруертті бағып еді. Меруерттің әніне елтіп еді. Матростың малмандай су күнқағарсыз картузын шешіп кекілінің суын сықты. Қарлығаштың ұясын көрді де, жақындап барып тымақты шайқап жіберді.
Ж і г і т А с а н . Ғажап!..
М е р у е р т. Тимеңіз!..
Жігіт Асан селк ете қалды. Меруерттің жүзіне қарап еді, тастай екен. Екеуі бір-бірін арбасып біраз тұрды.
Ж і г і т А с а н . Сіздер бір шаңырақтың астына қалай сыйып жүргенсіздер?..
М е р у е р т . Сыйғаны қалай?..
Ж і г і т А с а н . Дауыстарыңыз тым ащы екен дегенім де...
М е р у е р т . Қорықпай-ақ қойыңыз, бұл үйге бөтен адам сыя береді!..
Ж і г і т А с а н . Ғажап!..
М е р у е р т . Несі ғажап?..
Ж і г і т А с а н. Маған бәрі ғажап!.. Мәселен, мына қарлығаштың ұясы...
М е р у е р т . Оның несі ғажап? Қарлығаштың ұясын көрмеп пе едіңіз?!.
Ж і г і т А с а н .Тымаққа салған ұяны көргенім осы!.. Иесі кім болды екен?.. Егер осы тымақтың ішінде басы болса, оны да кесіп тастап кететін әулие адам шығар!..
М е р у е р т.Ол тымақтың иесімен неше күн бойы мал айдап келесіз.
Ж і г і т А с а н . Солай ма?!. Әй, сенбеймін - ау!..
М е р у е р т . Сенбейтін не тұр?!.
Ж і г і т А с а н. Меніңше, ол кісі басып кетсе, қара тас та ойбай салатын шығар!..
М е р у е р т . Оңбаған!.. Оңбаған екенсіз ғой!..
Ж і г і т А с а н. Әй, Меруерт - ай, саған олай деу жараспайды ғой!..
М е р у е р т . Немене жараспайды?!.
Ж і г і т А с а н . Сен ондай адам емессің ғой!..
Бір құшақ кепкен қи алып домалақ кемпір кірді. Келіні мен жігітке күдіктене қарап, қиды темір пештің қасына төкті де, Асанның малмандай су болған киімін көріп мүсіркей бастады.
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, тоңып қалдың да!.. Мал деген осы да!.. Үйренбей жатсың да!.. Әлі-ақ үйреніп кетесің де!..
Ж і г і т А с а н. Апа, ақсақал құрым киіз берсін деді.
Ұ л т у ғ а н . Құрым киізі несі, құдай-ау?!. Бүгінде құрым киіз болушы ма еді?!.
Ж і г і т А с а н . Солерке құйып, діңгек басына от байлаймын деді ме...
Ұ л т у ғ а н.От байлағыны несі, құдай-ау?!. Текеметтің пұшпағы болмаса... (Домалақ кемпір дүниесін ақтарып жүріп, ескі бір терлікті әкеліп береді). И-и, айналып кетейін, қалпағыңды шешші... Баламысың деген... Ақпанның аязында жалаңбас жүруге болады. Ал қарашаның жаңбырымен де ойнауға болмайды. Қарашаның жаңбыры мидан өтеді... Білмей жатсың да!.. Әлі-ақ үйреніп аласың да!..
Домалақ кемпір сөйлеп жүріп басындағы түбіт шәлісін шешті. Оны Асанның басына орап берді. Мұны көріп Меруерт жатып кеп күлген. Асан шығып кеткен соң екі әйел ас қамына кірісті.
М е р у е р т . Өзі бір қызық жігіт екен!..
Ұ л т у ғ а н . Шырағым, оның несі қызық!..
М е р у е р т . Әлгі атам аттас жігітті айтам да... Бала сияқты қызық жігіт екен!..
Жерге дастарқан төселді. Қара шәугім мен шынаяқ келді. Тыстан жалындап от лаулады. Тамның іші қызыл жалқындап жарық тартқанда, шал Асан кірді. Калошын шешіп босағада қалдырды. Тымағын шешіп, екінші тымаққа егіздің сыңарындай қып адалбақанға апарып ілді.
Ұ л т у ғ а н . Жаушыдай түн ішінде жапан түзде от жаққаны несі?!. Ұры тонайды дедің бе?!.
Ш а л А с а н. Түн болған соң от жағамын да. Сенен басқа көші-қонды жұрт жоқ деп пе едің?!. Адасқанға қарақшы бола алмасақ, несіне ауыл болып отырмыз?!.
Үй іші дастарқанға жүгіне бергенде жүк артынан ыңыршақ, жүген ноқталарды сүйретіп жігіт Асан келді. Меруерт тағы да пырс-пырс күлді.
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, тоңып қалдың да!.. Кел, отыра ғой!.. Бойыңды жылытшы!..
Жігіт Асан басындағы шәлісін шешіп адалбақанға ілді, бушлатын шешіп, темір пештің қасына апарып жайды, ыңыршақты сүйретіп келіп дастарқанның шетіне жайғаса бергенде, міз бақпай шай сораптаған Асан шал оның етігіне тесіліп еді...
Ш а л А с а н. Шырағым, қой қораға кірсең де, етігіңнің балшығымен еденді қорлама!..
Жігіт Асан қысылып, тысқа шығып кеткенде домалақ кемпір шалына кінәлай қарады.
Ұ л т у ғ а н . Хан сарайында отырғандай ыздиғаны несі екен?!. Баланың құйрығына жер иіскетпедің де!..
Ш а л А с а н. Әркім өзін ханға баламаса, қарайып бұл дүниеде несіне жүр?!.
Жігіт Асан аяғын сүртіп келіп отырды. Төртеуі де тым-тырыс. Жігіт Асан келіншектің жүзіне қайта-қайта қарай берген. Осы бір көзқарастан келінін қызғанғандай домалақ кемпір де жігітті қалт жібермей аңдыған. Қаннен қаперсіз шал ғана.
Ж і г і т А с а н . Айтпақшы, Мұрат қайда жүр?..
Меруерттің көзі жалт етті де, жүзін кесемен жасырды. Домалақ кемпір шалына қарап қаймығып, жігітке қарап өкінгендей болды.
Ш а л А с а н. Е, аға шопан болған соң, ол кәмпөртпен жүрет те. Кәмпөртпен жүрген соң, көштің шаңына араласпай, қыстауға тура тартат та.
Ж і г і т А с а н . Тура тартқаны қалай?!. Біз сонда тағы көшеміз бе?!.
Меруерт мырсылдап күлді. Шал шақырая қараған соң тыйылып қалған. Домалақ кемпір жігітті тағы да мүсіркей жөнелді.
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін!.. Мал деген осы да... Мал соңына ерген соң көрген күнің осы да...Үйренбей жатырсың да. Ендігі жылы үй, жайлы төсекте жататын едің, қашанда бүйректен сирақ шығарып отыратын мына атаңнан көресіңде!.. (Тағыда тым-тырыс. Тағыда бірін-бірі аңдыған сегіз көз. Домалақ кемпір күрсінді. Шал кесесін төңкеріп, кейкиіп отырып қалған). Е, жасаған!.. Жалғыздың жары құдай!.. Қайтып жетсе, өйтіп жетсін, әйтеуір, аман-есен қыстауға барса екен!
Ш а л А с а н.Е, бүгін жетпесе, қар түскенше бір келет те!..
Ұ л т у ғ а н. Ол да қай бір жетісіп жүр дейсің!.. Слөті дей ме, жиналысы дей ме, жарғақ құлағы жастыққа тимей...
Ш а л А с а н. Е, аға шопан болған соң сөйтет те!.. Амандық болса, жүз саулықтан жүз елу қозы алып келет те!..
Ұ л т у ғ а н . Алла деп сөйле.
Ш а л А с а н. Е, атақты шопанға аллаң сөз болмай қалды да!.. Атақты шопандар аллаң берсе де — алады, бермесе де — алады!..
Ұ л т у ғ а н . Қит етсе мінеп, қиыс кетсе күзеп, жалғыз ұлды сен - ақ жасытып біттің - ау!.. Көзіңнің тірісінде көппен бірге жүргенін, адам боп кісі қатарына қосылғанын көпсініп отырсың ба?!.
Ш а л А с а н. Е, қосылса қосылат та!.. Көзіңнің тірісінде-ақ қостың да!..
Ұ л т у ғ а н. "Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды" деп!.. Отау иесі болғанша бетіңе қаратпап едің, енді ел адамы болғанда да тілін шығармаймын деп әлекке түсесің!
Ш а л А с а н. Соны түсінгеніңе де құлдық! Өкінішті бөліп-жарғанымыз болмаса, енді екеуіміз таласатын іс емес бұл... Шығынға шыққан жұмыртқаны бауырыңа қайта басқанмен балапан болмайды, кейуана байғұс!..
Тәкаппар шал кесесін төңкерді де, тағы да иегімен көк тіреп кеңкиді де қалды. Домалақ кемпір бір уыс болып шөгіп барады екен. Меруерт жігіт Асанға шай ұсына беріп, кесені қолынан түсіріп алды. Келіп дастарқанды құрғатқанша, Асан шал ас қайырған жоқ.
Ұ л т у ғ а н . Мал ымырттап қайтпайсың ба?..
Жігіт Асан шал Асанмен жағаласа тұрған. Адалбақаннан күнқағарсыз кепкасын алып жатып, қарлығаштың ұясын тағы да қозғап жіберді.
Ж і г і т А с а н . Бөріктен пәтер алған қарлығаш та менен бақытты екен.
Шал Асан тымағын киіп жатып кідірді.
Ш а л А с а н. Ойраттар шапқанда ел ығып, Төле би жұртта қалыпты. Жау қолының басшысы жалғыз үйді көріп, шабарман жұмсаған екен. "Басшы болса қайтейін, батыр болса босағамды өзі аттар", — деп, алжыған бір шал бұйырғаныңызға көнбей қойды деп қайтып келіпті. Қолбасшының өзі барған да, Төле би орнынан тұрмай жатып алса керек. Ел-жұртыңның бағытын айт, жол сілте десе, иегімен шаңырақты нұсқапты. Шаңыраққа қарлығаш ұя салған екен. "Анау қызыл шақа балапандар ұядан ұшпай, мен үй жықпаймын, сол үшін аламын десең — бас міне!" — депті Төле би. Қолбасшы нөкерлеріне: "Мынау бір әулие шал екен, егер мұның басынан бір тал шаш түссе, бастарыңмен жауап бересіңдер! — деп шығып кетіпті... Екеуімізге әулиелік қонбаған шығар. Бірақ, атаның аруағына сиыну парыз. Тағы бір айтарым, қанқұйлы жендет те қарлығаштың ұясын бұзуға қаймыққанын ұмытпасаң болыпты...
Жігіт Асан шал Асанға есік көзіне дейін ілесе барады.
Ж і г і т А с а н . Ақсақал!.. Қойды мен - ақ күзетсем қайтеді?!.
Ш а л А с а н. Қой күзетпесе де қайда қашар дейсің. Оты қанған соң, от жаққан жерден ұзамайтын тегі момын хайуан да.
Ұ л т у ғ а н . (тықыршып). Күзетсем десе, күзетсін. Кемпір-шалмен пеш түбінде бықсып қалай жатады?!. Тон - тымағыңды бер... И-и, айналып кетейін, мал деген осы да!.. Әлі-ақ үйреніп кетесің де!..
...Мақпал қара түн еді. Аспан таза. Аспан күмбезіне Жетіқарақшының сүйір тұмсығы қайқайып көтеріліп барады екен.
...Мылтығын қашаға сүйеді де, сардар үстіне қисайып жата кетті. Тағы да аспанға қарады. Қара мақпал түн еді. Тас төбеге қайқайып көтеріліп бара жатқан Жетіқарақшының жұлдыздары қайтып бара жатқан құстардың тізбегіндей болып көрінген. Құлағына қайтқан құстың қиқуы шалынған еді. Мұңды әуенмен жарыса мұңды бір саз жеткен...
...Найзағай менен махаббат
Жазира жазға жарасқан.
Күтемін сенен мархабат
Жаңбырлы күзгі қара аспан...
...Тас төбеге қайқайып көтеріліп бара жатқан Жетіқарақшы аспанға жаншыла көтеріліп бара жатқан алып самолет сияқты болып көрінген. Тесіліп қарады да жатты. Қараған сайын алып самолет айқындала түсті. Құлағына аспан күмбезін қақ жарған алып самолеттің ащы ажылы естілді. Алып самолет енді жерге төніп келе жатқан алып бомбардировщик болып елестеді де, денесі түршігіп, қос ауызын қолына алды. Алып бомбардировщики дәл тұмсықтан көздеп тұрып атып жіберді. Аспан дір етті де, тына қалды. Жер дір етті де, тына қалды.
Меруерттің дауысы.Не боп қалды?!.
...Меруерт төбесінен төніп кеп тұр екен. Тон кигенде доп-домалақ боп, домалақ кемпірден аумай қалады екен. Асан ырсылдап күлді.
М е р у е р т. Күледі ғой!.. Несіне күледі екен?!.
А с а н . Әй, Меруерт - ай, саған ондай болу жараспайды ғой!..
М е р у е р т. Қандай болу жараспайды?
А с а н. Сен ондай адам емессің ғой!.. Кел. Отыр. (Меруерт состиып жігіттен аулақтау барып отырды. Тағы да жым-жырт. Тағы да қайтып құстың қиқуы естілді). Қыс та кеп қалды.
М е р у е р т. Бұл тырна ғой. Қыс әлі қайда?.. Қараша қайтпай, қыс әлі түспейді.
А с а н . Оны қайдан білесің?
М е р у е р т. Атам айтқан. "Қар жатпай, қараша қаздар қайтпайды", — деген.
А с а н . Солай ма?.. Ақсақал соның бәрін қайдан біле береді?
М е р у е р т. Мал бақса білмегенде ше.
А с а н . Әңгіме мал баққанда ма екен?.. Малды кімнің баққанында шығар.
М е р у е р т. Мал да кісі таңдай ма екен?
А с а н. Солай шығар... Мысалы, ән білмейтін адам жоқ. Солардың бәрі әнші емес қой. Әйтпесе қазақ: "Әжептеуір ән еді, пұшық айтып қор қылды-ау", — деп, келемеж қылатыны несі?!
М е р у е р т. Әнші болмаған соң қайдан білейік.
А с а н . Жоқ, сен әнді жақсы айтады екенсің...Бір ән салшы.
М е р у е р т (күліп). Өзің қызық кісі екенсің!..
А с а н . Несі қызық?
М е р у е р т. Кісі айдалада жалғыз отырып, түн ішінде ән сала ма екен?
А с а н. Салмағанда ше!.. Бала кезімде мамам айтатын еді... Қойлы ауыл болады дейтін. Қойлы ауылда қой күзетеді дейтін. Қой күзеткенде қыз-келіншектер қосылып ән салады дейтін.
М е р у е р т. Ол қыз-келіншектер ғой.
А с а н. Сонда сен кімсің?
М е р у е р т. Мен бе?.. Мен...мен...білмеймін...
А с а н. Қызық екен.
М е р у е р т. Несі қызық?
А с а н. Білмейтінің...Күйеуге шыққаныңа қанша болды?
М е р у е р т. Екі жыл.
А с а н. Екі жыл... Қажымай қалай шыдап жүрсің?
М е р у е р т . Шыдамайтын несі бар?
А с а н. Мен келгелі қанша болды?
М е р у е р т . Үш тәулік.
А с а н . Үш тәулік...Сен де санап жүр екенсің ғой. Мен де санап жүр едім. Үш тәулік... Неткен өтпейтін күн?! Неткен таусылмайтын уақыт?!. Үш тәулік бойы не қарт, не кемпір, не сен тіс жарып бір ауыз сөз айтқан жоқсыңдар. Ал менде айтатын сөз де жоқ. Осы да қызық болып па?!. Мұның несі романтика?!. Мен кетемін. Үш тәулік дәмдес болдық...
М е р у е р т . Кетсең кете бер. Сені кім ұстап тұр?
А с а н. Кел, жақынырақ отыршы. Кетер алдында мен саған бір бал ашып берейін.
М е р у е р т . Тас қараңғыда ма?
А с а н . Мен сипап отырып та бал аша беремін. Алақаныңды әкелші...
Меруерт Асанның қасына жақындап барып отырды. Асан келіншектің білегін түріп, қолынан ұстады да, алақанын сипай бастады. Бірақ, екі көзі алақанда емес, келіншектің жанарында еді. Келіншек сескеніп, қолын жұлып алды.
М е р у е р т . Оңбаған!.. Оңбаған екенсің ғой!..
А с а н . Әй, Меруерт - ай, саған ондай болу жараспайды ғой!..
М е р у е р т. Қандай болу жараспайды?
А с а н. Сен ондай адам емессің ғой... (Меруерт мұңайып отырып қалған. Жігіт білдірмей отырып, келіншектің алақанын қайта тауып алып еді. Келіншек бұл жолы үрке қоймады) М-м...сен жұмысшылар поселкісінде өсіпсің. Рас па?
М е р у е р т. Рас. Оны қайдан білдің?
А с а н. Алақаның айтып отыр...м-м...сен әке-шешеден ерте айырылыпсың, рас па?
М е р у е р т. Рас. Оны қайдан біліп қойдың?
А с а н. Алақаның айтып отыр. М-м...сен жақын ағайының...әлде, өз атаң ба екен...соның қолында өсіпсің. Рас па? Жеңгеңмен бірде тату, бірде араз болыпсың. Рас қой?
М е р у е р т. Рас.
А с а н. М-м...сен оныншы бітірмей, техникумда ма, училищеде ме оқыпсың. Рас қой?
М е р у е р т. Рас еді.
А с а н. M-м...бірақ, оны да тастап кетіпсің. Рас қой?
М е р у е р т. Рас айтасың!..
Күпісін жамылып үйден домалақ кемпір шықты. Қараңғы түнге қадалып біраз тұрды. Қараңғы түнде қатар отырған екеуінің қарасын көрді. Құшақтасып отырғандай көрініп еді. Екеуінің мәз болған күлкісін естіді. Өтірік қақырынды. Мәз болып отырған екеуі оған мән берген жоқ. Кемпір "мен міндетімді атқардым" дегендей, кері қайтқан.
А с а н . Сен қыз кезіңде кітапты көп оқыпсың. Әсіресе, өлең кітаптарын, батырлар жырын көп оқыпсың. "Қыз Жібекті" жатқа білген екенсің. Мектеп сахнасында талай рет тақпақ оқыпсың. Рас па?..
М е р у е р т. Рас. Айна қатесі жоқ!..
А с а н. М-м-...әттең шіркін, Төлегендей күйеуім болса деп армандапсың. Рас па?
М е р у е р т. Мен бе?.. Мен... мен...оны қайдан білдің?!
А с а н. Білем ғой!.. Көзің айтып тұр... Сөйтіп жүргенде Мұрат кездесті. Бір тойда кездесті. Саған жігіттің төресіндей болып көрінді. Шіркін, осындай күйеуім болса деп армандадың. Рас па?
М е р у е р т. Мұның да рас.
А с а н. Сонан бір күні аға-жеңгеңе де айтпай қаштың да кеттің. Рас па?
М е р у е р т. Тұп-тура!
А с а н. М-м...сөйткен Мұратың Төлеген болмай шықты. Кәдімгі атақты шопан, көп Мұраттың бірі болып шықты. Рас па?
М е р у е р т. Жо-жоқ, олай деме!.. Сен оны қайдан білесің?!. Сен әншейін өтірік айтып отырсың!.. Өтірік!..
А с а н. Өтірік болса, жақсы-ау!.. Бірақ өтірік емес қой!.. Мен бәрін білемін...
М е р у е р т. Жоқ, білмейсің!..
А с а н . Оны білу үшін үш тәуліктің өзі-ақ жетіп жатыр.
М е р у е р т. Өтірік!..
А с а н . Мейлі, өтірік - ақ болсын. Бірақ өтірік болса, несіне ақталасың?.. Мен білем ғой. Жасырмай-ақ қой... Мен бәрін білемін... Біз екеуміз бір поселкеден емеспіз бе...
М е р у е р т. (таңданып). Солай ма?!.
А с а н . Солай еді... Сен қазақ мектебінде оқыдың. Мен орыс мектебінде оқыдым. Сен күн сайын біздің үйдің қасынан өтетін едің. Мен күн сайын ошаған түбінде аңдып жатып, рогаткаға шие қыстырып алып сені атқылайтын едім. Сен аппақ көйлегіңе жұққан шиенің қызыл дағын кетіре алмай: "Оңбаған!.. Оңбаған екенсің ғой!" — деп жыларман болып кете беретін едің.
М е р у е р т. Солай ма?!. Менің есімде жоқ.
А с а н. Сенің есіңде болмайтыны, сен ол кезде Төлегеннен басқа ешкімді ойлаған жоқсың. Сен мектеп сахнасында тақпақ айтып тұрып та ешкімді көрмейтінсің. Өйткені сенің қиялында Төлегеннен басқа ешкім болған жоқ.
М е р у е р т. Рас айтасың!.. Қызық болды-ау өзі!.. Қызық екен!..
А с а н . Сені менің мамам да жақсы көретін еді. Сен терезенің алдынан өткен сайын: қызы құрғыр сұңғыла ғой, Асаным ер жеткенше күйеуге кетіп қалады-ау деп өкінетін... Сонда мен де көшеге жүгіріп шығып, сенің артыңнан көз сүзіп қала беретінмін. Сен еш нәрсені сезбей кете беретінсің... Ақыры, кетіп тыныпсың. Мен сол кезді әлі ұмытқам жоқ. Сенсең осы күнге дейін ұмыта алмай жүрмін...
М е р у е р т. Қызық болды-ау өзі!.. Қызық екен!.. Сен осында келгенде, мен де бір нәрсені сезген сияқты болып едім.
А с а н . Не нәрсені?
М е р у е р т. Білмеймін...
А с а н. Мен сен сезбесе екен деп едім... Енді айтып қойғаныма өкініп отырмын.
М е р у е р т. Неге?
А с а н. Кісі арманын айта бермейді ғой... Айта берсе, арманын тоздырып алады.
М е р у е р т. Солай ма?!. Қызық екен!..
А с а н. Мен кетемін.
М е р у е р т. Кеткені несі?.. Сондай да бола ма екен?!.
А с а н. Болады екен... Мен сені бір көрейін деп едім. Көрдім. Көрейін де кетейін деп едім. Енді кетемін... Үш тәулік. Маған осы да таусылмайтын уақыт!.. Осындай да романтика бола ма екен? Мен сені аяймын!.. Мен анау ақсақалды да аяймын!..
М е р у р е т. Сондай да бола ма екен?!.
А с а н. Меруерт!..
М е р у е р т. Ау!..
А с а н. Сен бар ғой... сен осы тірлігіңнен барқадар таппайсың. Бақыт та таппайсың.
М е р у е р т. Неге олай дейсің?
А с а н. Өзіме қарап айтам да... Мен де қиялшылмын. Мен де бала кезімде көп армандаушы едім. Батып бара жатқан күнді қуалаушы едім... Құм белдің қырқасына кіріп бара жатқан күнді қуалап барып ұстап алғым келуші еді... Жүгіріп белге шығасың. Бел астында — бел. Күн де белден белге қаша беретін. Мен қуа беретінмін... Сөйткен күн маған әлі жеткізбей келеді. Кейде мен түсімде де күнді қуалап жүремін. Құм белге жақындаған сайын күннің шар табағы жалындап, бет аузымды қарып жібереді. Мен қаным кеуіп, құм шағылға құлап түсем... Кейде, мен қаңсып жатқанда, бір тостаған су ұсынып қарсы алдымда сен тұрасың. Мен сол суға жете алмай, кеберсіп жатып оянып кетемін... Менде әйтеуір бір шел бар... Сонан соң да мен сені іздеп едім. Іздеп жүріп таптым... Енді кетемін...
М е р у е р т. Қызық екен!.. Қызық болды-ау өзі!..
А с а н . Несі қызық?!.
М е р у е р т. Сен бар ғой... сен маған сондай бір жақын адамым сияқтысың...тегі...тіпті...күйеуім сияқты көрініп кеттің...
А с а н. Мен үшін ол арман ғой!.. Арманның тозбағаны жақсы ғой!.. Сондықтан да мен кетемін!..
...Дүние жым-жырт еді. Дүние елестей ала кеуім күңгірт еді... Жігіт тінтіп жүріп келіншектің жұп-жұмсақ алақанын тағы да тауып алды. Келіншектің тұла бойының дір еткенін байқады... Жантая берген жігіттің басын тізесіне қойды да, келіншек оның шашынан сипады...Жігіт өзіне тесілген келіншектің жанарын көрді. Сосын тұңғиық аспанда тас төбеге қайқайып шығып бара жатқан Қарақшының сүйір тұмсығын көрді. Жетіқарақшының жұлдыздары көк аспанды қақ жарып қайтып бара жатқан құстардың тізбегіне ұқсаған...
...Қараша кетпей қар алмас,
Жерімнің тау мен тастарын.
Қар сызы саған бара алмас,
Жасыма, жүрек, жасқанып.
Қар жатпай қиып кете алмас,
Қараша қаздар мекенін.
Қар сызы саған жете алмас,
Тулама, жүрек, жетеді...
...Қой шеті дүр ете қалған. Екеуі де атып тұрды. Асан ұйқыдан шошып оянғандай есеңгіреп тұрып қалып еді. Келіншек жүгіре жөнелді...Күпісін жамылып үйден Асан шал шықты. Қараңғы түнде состиған жігіт Асанның қарасын көрді. Жүгіріп Меруерт келді.
М е р у е р т. Әй, әй, атам аттас жігіт!..Атам аттас жігіт!.. Масқара болыппыз!.. Масқара -ай!.. Екі қойды қасқыр жарып кетіпті.
Ж і г і т А с а н. Не дейді?!. Ұят - ай!.. Ұят болған екен! .. Енді ақсақалдың бетін қалай көреміз?!.
Ш а л А с а н. Балалар!.. Немене, теріс ауыз қонақ кеп қалды ма?..
Ж і г і т А с а н. Ақсақал... мен...мен сізге серік бола алмайды екенмін... Мен нашар Асан болып шықтым.
Ш а л А с а н. Жарайды...Екі қой ердің құны емес шығар. Маған ұялғандарың да жетеді. (Жетіқарақшыға қарап). Қозғалатын да уақыт болып қапты... Тағы бір күнді тауыстық... Мынау зырлап бара жатқан уақыттан ұялмасақ бопты да!..
ЕКІНШІ АКТ
Бірінші көрініс
Авансцена. Мұрат арлы-берлі сенделіп жүр. Тағатсыз қайта-қайта сағатына қарайды. Шымылдықтың ар жағынан дабыр-дұбыр сөз, дарылдаған дарақы күлкі естіледі.
М ұ р а т . Он бес-ақ минут қалды. Он бес минуттан соң...Әлгі қырт нағашым қайда жүр екен?!. Тоғыз бала мен тор шолақ қатынының қасынан шыға алмай жатыр ма?!. Бүкіл Есақаның есесін бір өзі толтыратындай, өңшең бір боқмұрын торпақтарды топырлатып!..
Тысқа машина келіп тоқтайды. Қозы қарнын құшақтап Дәулетбай келіп кіреді. Қолтығында бір бума газет. Форматына қарағанда, аудандық болса керек.
М ұ р а т. Оу, нағашы!.. Қажыдан қайтқандай күттіріп!.. Қажып кеттік қой, тіпті!..
Д ә у л е т б а й. Өй, әлгі құлқыныңа қылшық кептелгір жөрналіс, мына бір алақандай газетін атандай бұлдап!.. Тақымдап жүріп типәграпиясынан зорға алып шыққаным. Әлі бояуы да кепкен жоқ. (Газеттің бір данасын ұсынып) Әйтеуір, суретіңді қасқитып тұрып қатырып басқан екен!.. Бір қойдың құнына татиды. Берсең — берен бұзасың деген осы!..
М ұ р а т. Оу, мына жерде бірінші хатшы бар емес пе еді?!.
Д ә у л е т б а й. Қиып тастапты. Өзі қидырып тастады дейді.
М ұ р а т. Өзі?!. Онысы не екен?
Д ә у л е т б а й. Этикаға жатпайды депті.
М ұ р а т. Этика?.. Жаны шықсын! Алақандай газетті аңдудан басқа бірінші хатшының шаруасы таусылып қалды деген!.. Қызғаныш қой!.. Іш күйіп барат та!.. Қызғаншақ иттер зиялы жұртпен қатар тұрғаныңды да көре алмайды!..
Д ә у л е т б а й.Е, бар болсаң — көре алмайтын, жоқ болсаң — бере алмайтын жұртқа не дауа. Жұрт дейміз - ау, бүгінде өзге түгіл өз әкең де бойың бір елі озып бара жатса, артығын қағып тастауға дайын тұрады. (Шымылдықтың артындағы дарақы күлкіге құлақ түріп). Мыналарың кім?
М ұ р а т. Кім болушы еді, осы төңіректің ешкі емерлері де!..
Д ә у л е т б а й. Әне біреудің күлкісі бөтен сияқты - ау?..
М ұ р а т . Отгон дүкеншісі Абақ қырт қой.
Д ә у л е т б а й. Мына бір күлкіні де танымай тұрмын.
М ұ р а т . Ә, ол жүн қабылдайтын пункттің безбеншісі Дарақ қырттың өзі.
Д ә у л е т б а й. Түу, өңшең қыртты қайдан жинап алғансың?! Завпункттің өзін шақыру керек еді ғой!..
М ұ р а т. Әй, нағашы - ай, төбең таз болғанша мысқал ми қонбады - ау!.. Пайғамбарға қолың жетсе, құдайға түкіргенің бар ма! Безбеншінің қасында завпункт деген кім ол?!. Сосын, өзің қырт атанғың келмесе, төңірегіңе тек қырттарды ғана жина. Сүйек сындырып тектіге қос болғанша, сүйек-саяқпен алдай салатын міндеті жоқ тексіздің өзі артық. Атыңды шығармаса да, атағыңды қызғанбайды.
Д ә у л е т б а й. Ойпыр-ай, осының бәрін қайдан үйреніп жүрсің?!.
М ұ р а т . Құдайға шүкір, біз де игі-жақсылармен біраз табақтас болып қалдық қой. (Сағатына қарап). Ал, баста! Он - ақ минут уақыт бар.
Екеуі жарыса шығып кеткен. Шымылдық ашылғанда кәдімгі қала тұрмысын көреміз. Шетелдік мебельден бастап, адам жанынан басқаның бәрі бар. Ат шаптырым залдың қақ төрінде қозы көтерген Мұраттың дәу портреті ыржиып күліп тұр. Бір-бір жұмсақ креслода шайқалып жатқан жігіттер. Бәрінің қолында газет, тырс етпей сілейісіп қалған. Дәу сағаттың қоңырауы алты дүркін ұрғанда да, осы сеспей қатқан тыныштықты ешкім бұзған жоқ еді. Мұрат қана тұрып, дәу приемникті тоққа жалғап кайтты. Қысқа ғана музыкалық кіріспе.
Диктор дауысы. Құрметті радиотыңдаушылар!.. Ауыл еңбеккерлеріне арналған хабарымызды бастаймыз. Бүгінгі хабарымызда тілшіміз Тоқтаровтың *Алғабас* совхозының атақты шопаны Мұрат Асанов жайындағы очеркін тыңдаңыздар...
Музыкалық кіріспе аяқталғанша...
А б а қ. Оу, мынау шіркін мықтының өзі болып шықты ғой!..
Д а р а қ . Өзі болып шықты!
Ж а р а қ. Өзі ғой!
Ш о п а н ж і г і т. Өзі!..
Е к і н ш і ш о п а н. Өзі болмағанда ше!..
Тек газетті бүркеніп алып міз бақпай қорылдап жатқан Дәуқара еді, Дәулетбай бүйірден түртіп қалғанда шошып оянды.
Д ә у қ а р а . А?.. Иә!.. Біз сөйтеміз ғой!..
А б а қ . Ой, бәтшағар - ой, құдай біледі, осы итің өтірік ұйықтайды. Адаспауын қарашы!.
Тілші дауысы. Қойлы ауыл қыстауға көшіп қонған. (Жұрт бірінің бетіне бірі қарасады). Күз жайлы. Мал семіз. Шопан көңілі де орнықты. Біз келгенде, Мұрат кешқұрым қой қоралап жатыр еді...
Д ә у л е т б а й. Мына бәтшағар бүлдірмесе жарар еді.
Ж а р а қ. Мықтының қойы маңырамайды екен-ау!..
Тілші дауысы. Күн қағып тотыққан шопан жүзі жайдары. (Жігіттер күн шалмаған, қылау түспеген Мұраттың бет - аузына қарасады). Мұрат, биылғы табысың туралы қысқаша әңгімелеп берсең...
Мұраттың дауысы. Шопан табысы қашан да көз алдында емес пе. Қапқа салмайсың, қамбаға түспейді. Аяғынан жүретін дәулет деген осы. Аяғынан жүрген соң азабы да көп. Жыл он екі ай аңдып, жыл он екі ай артынан еруге тура келеді...
А б а қ. Өй, мықтың! Қалай-қалай көсіледі!..
Д а р а қ . Көсіледі ғой!..
Жарақ. Көсілет те!..
Мұраттың дауысы. Әрине, шопан табысы - төл. Биыл әр жүз саулықтан жүз қырық бестен қозы алып, аман-есен өсіріп, шығынсыз бөліп бердім. Мемлекетке екі мың килограмм жүн өткіздім. Бұл енді отарымдағы бес жүз саулыққа бөліп-жарғанда әр қойға төрт килограммнан келеді деген сөз.
Тілші дауысы. Мұраттың осы бір сараң сөзінде талай сыр жатыр. Артық сөйлеп, кем пішпейтін, мақтануды білмейтін, қашанда кішіпейіл, қарапайым да еңбекқор шопан өзі туралы ашылып ештеңе айтпады. Биылғы төл алу, жүн қырқу науқанында аудан көлемінде алдына жан салмағанын ол жасырып қалды... Бір ғана мысал... Мұраттың бір жылда өндірген жүні бір ауданның халқының тең жартысын киіндіріп шығуға жетеді екен. Демек, ол өзінің адал еңбегімен ел асырап отыр деген сөз!..
А б а қ. Пах - пах, бас көзелім!..
Д а р а қ . Мұрның барда бір сіңбір!..
Тілші дауысы. Озат шопанның алдағы жылға деген жоспары да айтарлықтай.
Мұраттың дауысы. Алдағы жылдың межесі - әр қойдан алатын жүнді төрт килодан асыру.
А б а қ . Ура!..
Ж і г і т т е р . Ура!.. Ура!..
Диктор дауысы. Құрметті Мұрат Асанов, хабарымыздың соңында сізге арнаған музыкалық сәлемімізді тыңдаңыз.
Әнші дауысы. "Ақ қошқар, қой бастаған ей, ай мүйізді!.."
Д ә у л е т б а й. Ау, құрт, құртыңдар ананы!..
А б а қ . Сөйт!.. Нағыз қошқар ортамызда отырғанда, біреудің қошқарын малданып жын ұрып па?!.
Д а р а қ . Соны айтам - ау!..
Радионың үні өшкен. Бәрінің де үні өшкен. Жым-жырт. Тек Дәуқараның бір қалыпты қорылы ғана естіледі.
Ж а р а қ. Ау, жігіттер! Бас жарылған соң бұл не отырыс?!. Осының аяғын тойға айналдырып жібермейміз бе?!.
Д а р а қ. Соны айтам - ау!.. Заман қайтып келмес, біздің мықты күн сайын эфирге шыға бермес!..
Д ә у л е т б а й. Ойпыр-ай, жұрт қуаныштан жарылып өлейін деп жатса!.. (Дәуқараны бүйірден қойып қалады).
Д ә у қ а р а . А!..Иә!.. Біз сөйтеміз ғой!..
Д ә у л е т б а й. Ендеше қызметіңе кіріс!
Дәуқара тұра сала буфетке жүгіреді. Ол столға сервис жасағанша, Мұрат секретерді ашып жігіттердің алдына бір-бірден "Қазақстан" сигаретін тастайды. Әрқайсысының танауына зажигалкасын тосып тұрып тамызып береді. Дәуқара рюмкаларға арақ құйып шыққанда Абақ орнынан тұрады.
А б а қ . Жігіттер!.. Осы біз қуана алмаймыз. Неге дейсіндер ғой?!. Неге?
Ж а р а қ . Бәсе, неге?
А б а қ . Мінеки, гәп осында!.. "Бұл қазақ, жаттың жаманын көрсе де, "жарықтық" деп жалбырап, жақынның жақсысын да танымайтыны қалай?" — деп бір пилосоп айтқан екен.
Д а р а қ . Пах - пах, радиодан сөйлейтін нағыз мықтың біздің Абақ қой!..
Ж а р а қ . Әрине! Бекерге ел үстінен күн көріп жүр деймісің!
А б а қ. Біреуді мерей, біреуді герой дейміз. Сол мерейің де, геройың да ортамызда отырған жоқ па! Ал біз ауылдағының аузы сасық деп оны елегіміз келмейді... Мен осы тосты...
М ұ р а т. (Дәуқараға). Ay, мынауың не?!. (Рюмкадағы арақты кейін сырып). Жетелеп қосқан тазы түлкі алмайды деуші еді. Әй, адам болмайсың - ау!.. Анау сервантты ашсаң, ақ сәлделер саған де сәлем беріп қалар!.. Жігіттер! Ішудің де этикасы бар емес пе! Осы арақ деген итіңді айрандай сапырғанды қашан қоясыңдар?!. (Дәуқара шампан әкеліп, тарсылдатып ашады да бокалдарға толтыра бастайды) Анда-санда сұхбат үшін коньяк, шампанды ермек қылу айып емес. Сұхбат үшін!.. Мәселен, біздің Асекеңдер.. .әрине, мен өз әкемді айтып тұрған жоқпын...
Д а р а қ . О, біздің Асан ақсақал әулие адам ғой!..
Ж а р а қ. Әулие болмаса, осындай әйдік ұл таптыра ма?!.
Д ә у л е т б а й. Ay, жігіттер, менің жаман жездемнің құлағын шулатпай қоя тұрыңдаршы!.. Асан, Асан деп! Немене, Мұратты әкесі асырап отыр ма екен?! Алжыған шалды әулие тұтқанша, бір мезгіл Мұраттың тілеуін тілейік те!..
Д ә у қ а р а . Әрине! Біз сөйтеміз ғой!..
Б і р і н ш і ш о п а н (көршісінің құлағына). Шалдың көзі тайса әуселеңді көрер едім!.. Сонда не істер екенсің?!.
Е к і н ш і ш о п а н. Шалдың көзі тайғанша, бұл мықтың да біраз жерге барып қалар!..
Б і р і н ш і ш о п а н. Барады ғой! Барады!.. Бұл итің жұрт сияқты әкесін ерттеп те мінбейді. Жайдақ мінеді ғой! Жайдақ!..
Е к і н ш і ш о п а н. Дұрыс істеген! Әкені аялаймыз деп екеуміз не бітірдік?.. Ертең екі шал өлгенде, олардың омырауына таққандарын жыртысқа таратамыз ба?!. Тым болмаса, ырымға еншілеп қалған сілекей де жоқ!
Е к і н ш і ш о п а н. Ми жоқ қой! Ми!..
М ұ р а т. Жә, жігіттер!.. Менің әкем мен сияқты көптің бірі де!.. Иә, әңгіме неден басталып еді?.. Ә, Асекең жайында екен ғой!.. Сол Асекеңдер банкеттерде, үлкен-үлкен сыйлы отырыстарда бір рюмка коньякті бір таңға жеткізеді... Мінеки, бұл да этика, жолдастар!..(Газетті қолына алып). Мәселен, мынау суретті алайық... Менің қасымда...астапыралла!.. Мен Асекеңнің қасында тұр едім, Асекең өзін қидырып тастап, газетке менің суретімді ғана бастырыпты. Неге?..
Д а р а қ . Бәсе, неге?..
Д ә у л е т б а й. Этика, жігіттер!.. Этика!..
М ұ р а т. (Дәулетбайды жақтырмай). Алдымен еңбек адамы, мен сияқты шаруаның торысы көрінсін деген принцип, дұрысын айтсақ, үлкен адамның кішіге деген жанашырлығы!..
А б а қ . Иә, Асекеңдер әулие адамдар ғой!.. Өзіміз де итпіз! Сондай ұранға жаралған аруақты адамдарды басымызға іс түскенде ғана еске аламыз.
М ұ р а т. (жақтырмай). Жолдастар! Мені дұрыс түсініңдер! Мен мұны неге айтып тұр дейсіндер ғой?
Ж а р а қ . Соны айтам да!..
М ұ р а т . Мәселен, мен кіммін?.. Өздерің сияқты қысы-жазы тыртыңдап қой баққан көптің бірімін. Егер мынау Дарақ болмаса, Жарақ болмаса, анау Абақ болмаса, мынау нағашым болмаса, қысқасы, сендер болмасаңдар, сендердің дос көңілдерің болмаса, мен не қиратып тастайтын едім?!. Бос мақтан — этикаға жатпайтын нәрсе. Әкенің бал асы — адамның дұшпаны, адамның баласы — бауырың деген!.. Ендеше, осы тосты мен сендер үшін, бауырларым үшін көтергім келіп тұр!..
А б а қ. Айтты - ау!
Д а р а қ . Айтады ғой!
Д ә у л е т б а й. Біздің жиен айтат та!..
Б і р і н ш і ш о п а н. Старшойдың аты старшой ғой!
Д ә у қ а р а . Біз сөйтеміз ғой!..
Бәрі қосылып. Ура!.. Өлмесін Асекеңнің жалғызы!.. Ура!..
Бәрі түрегеп бокал соғыстырады. Бәрі де тастап жіберіседі. Дал ұрған. Дарақ радиоприемникті тоққа қосып кайтады. Әнші әлі де ұрып тұр екен.
Әнші дауысы.
Шәй - шәй, қойым, шәй, қойым,
Құйрығы қардай май қойым.
Саулықтарым семізден,
Қозыларым егізден,
Ей, ит пен құсқа жегізбен!..
Екінші көрініс
Мидай дала. Мұхиттай көгілдір, мұхиттай тұңғиық аспанмен кемерлескен көкжиек қана биік.
Қыстау. Мал қоралайтын қашаның бір шеті, тұрғын үйдің бір шеті көрінеді. Бетонмен өрген құдық. Құдықтың аузына көлденең тасталған дөңбек. Дөңбекке қыл арқан байланған.
Қыл арқанның екінші ұшындағы сатал-сатал шелекке Мұрат үрке, қинала қарады.
Талма түс болса керек. Тым-тырыс. Кіріп-шыққан пенде жоқ. Пенде атаулыдан Мұраттың өзі ғана. Үстінде былғары пиджак. Бұтында былғары шалбар. Аяғында былғары етік. Былғары мүңкіп, талтайып барып дөңбектің бір шетіне отырды. Құйрығына бет орамалын төсеп отырды. Шылым алып, шекитіп езуіне қыстырды. Шақпағын шырт еткізіп тұтатты. Көк түтінді шиырып тастады.
Меруерт келді. Мұрат шаршаған жүз танытты. Күйеуінің шаршамаған жүзін көріп, Меруерт мұңайып қалды.
М е р у е р т. Арам қатқыр, айдалада өлетін жер таппағандай, құдыққа кеп құлаған қандай хайуан болды екен?!
М ұ р а т. Піл түсті деймісің бұған?!. Шалдың да шығармайтыны жоқ! Жылқы су ішпеді деп қырық жылғы құдықтың балшығын қопарып!..
М е р у е р т. Атам аттас жігіт қайда?
Мұрат келіншегінің бетіне бажырая қарады. Бажырайған көзқараста күдік бар еді, қызғаныш бар еді, үрей бар еді.
М ұ р а т . Қайда болушы еді?!.. Отыр-дағы!.. Ей, пөмешнек!.. Тірімісің?!.
Жауап болған жоқ. Келіншек айналасын көзімен тінтіп, ешкімді көре алмаған соң құдыққа үңілді.
М е р у е р т. Түу, обал-дағы!.. Ауырып қалат-дағы!..
М ұ р а т. Несі обал?!. Обал десең өзің түс!..
М е р у е р т. Ауырып қала ма дегенім ғой...
М ұ р а т . Немене, осында қабырғасын жабуға келіп пе?! Жетісіп жүргеніміз шамалы!.. Малмен бірге өсіп, малмен бірте күйсеген маған обал емес пе?!. Тек жусауым тана бөлек! Қаршадайымнан тесік өкпе боп тепеңдеумен келемін!.. Көрсін ол да!.. Болмаса, үш мезгіл ішкен тамағын ақтасын!..
М е р у е р т. Мұрат!.. Ұят емес пе!.. Мынауың ұят қой... Ол тамақ асырауға келіп пе?!.
М ұ р а т. Енді неменеге келіпті?!. Маған сәлем бере келіп пе?! Әлде саған ба?!.
М ұ р а т. келіншегіне бажырая қарады. Келіншегі күмілжіп қалды. Мұрат талтиып орнынан тұрды. Талтиып тұрып көлеңкесіне шырт түкірді.
М ұ р а т. Анау движокты жөндетпесе, бұл құдықтың суы биыл таусылмас. Мен механикті іздеймін. Атаңа нәлетті жеті қат жер астына түсіп кетсе де тауып қайтамын! (Шығып бара жатып). Сендер қарап отырмай, тазалай беріңдер!..
Мұрат ызаланып шығып кеткен. Құдық түбінен күмбірлеген үн естілді. Тыста машина гүрілдеп, алыстай берді. Меруерт құдыққа үңілді. Қыл арқан сілкінді.
М е р у е р т. Әй, атам аттас жігіт!..
Жауап болған жоқ. Тағы да құдық түбінен күмбірлеген үн естілді. Тағы да дөңбекке байланған ала арқан сілкінді. Меруерт арқанды тарта бастаған. Әлден уақытта лай суға толы сатал-сатал қара шелек шықты. Меруерт оны шешіп алып, екінші бос шелекті байлады да, құдыққа қайта түсіріп, лай суды тысқа алып шығып кетті. Осы тірлік әлденеше рет қайталанған. Жүгіріп домалақ кемпір келгенде келіні шаршап отыр еді.
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, шаршап қалдың да!.. Шаршайсың да!.. Шалдың да шығармайтыны жоқ! Қырық жыл су ішкен құдықтың табанын қопартып!.. Ұшынып кетпейтін едік қой! Іше беретін едік қой!..
Ала арқан тағы сілкінді. Сілкінген арқанды көріп, кемпір әрі тартты, бері тартты. Мызғымады. Сосын келіні екеуі жабылып әрі жұлқыды, бері жұлқыды. Мызғымады. Құдық түбінен салдыр-күлдір дыбыс естілді.
М е р у е р т. Әй, атам аттас жігіт!.. (Жауап болған жоқ. Меруерт көзі жасаурап қырға қарады). Оңбаған!.. Оңбаған екен ғой!..
Кемпір де күн салып қырға қарады. Қарап тұрып күрсінді. Ала арқанда әуелі батпақ -батпақ көл көрінді. Сосын батпақ - батпақ білек, балшыққа ұйысқан шаш, аузын дәкемен танған сатал-сатал бет көрінді. Тыста ат тұяғы тасырлап кеп тоқтады.
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін, әбден жаурап қапсың да!.. Шаруа деген осы да!.. Шалдың да шығармайтыны жоқ! Қырық жылғы құдықтың табанын қопартып!..
М е р у е р т. Сорлы-ай!.. Сорлапсың ғой!.. Бір жерің сынғаннан cay ма?!.
А с а н. Жай...аяғым тайып кетіп...
Қамшысын ұстап Асан шал келгенде, жігіт Асан екі бүктеліп құдық аузындағы дөңбекке мініп отыр еді. Меруерт оның жыртылған, қанталаған бет-аузын орамалмен сүртіп, қолтығынан демеп құдық басынан алып шықты. Тельняжкасын шешіп, иығына шәлісін жапты. Отыра қалып, аяғындағы резеңке етігін жұлқылай бастады. Жыларман болып кемпірге айқай салды.
М е р у е р т. Апа!..
Ұ л т у ғ а н . Ойбу, құдай атып мен не қып тұрмын?!.
Кемпір домалаңдап жүгіре жөнелген. Асан шал тонын шешіп, жігіт Асанға жапты, тымағын шешіп басына кигізді. Сосын кейкиіп тұрып қырға қарады.
Ш а л А с а н.Ит екен-ау!..
Шапан құшақтап домалақ кемпір жүгіріп жеткен.
Ұ л т у ғ а н . Бірдеме дедің бе?
Ш а л А с а н. Мен не деуші едім?!. Мен дегенде, енді не істеуші едім?!. (Домалақ кемпір күн салып тағы да қырға қарады. Қырға қарап тұрып күрсінді). Мен не деуші едім?!.
Ұ л т у ғ а н . Бірдеме дедің бе?
Ш а л А с а н. Саған қарап қалған шаруа жоқ, үйге барыңдар деп тұрмын!..
Шал Асан Меруерттің жігітті тым аймалап кеткенін жақтырмай қалып еді. Кемпір соны енді ғана түсінген сияқты.
Ұ л т у ғ а н . Ойбу, Меруертжан, жүре ғой!.. Ыстық ас дайындай ғой!..
Домалақ кемпір келінін алып қуалап кеткен. Құдық басында екі Асан қалды. Жігіт Асан ырсылдап күлді. Шал Асан жігіт Асанның нанын жеп қойғандай ыңғайсызданып, қасына келіп отырды.
Ш а л А с а н. Иә, құдық аршыған қалай екен?
Ж і г і т А с а н. Қызық екен!.. Тірідей көрге түскендей болады екенсің. Төбеңдегі жалғыз тесік жабылып қалатындай жан алқымға түседі екенсің. Қас-қағым сәтте сызылып қалатын жиырма екі жасыңды қимайды екенсің. Флотта жүрген кезімде, алғаш рет сүңгуір қайықпен су астына түскенде осындай болып еді. Әкем марқұм: "Өзекті жанға бір өлім", — деп айта беруші еді. Бүгін соны сезінген сияқтымын... Бірақ, бәрібір, құдықтың суы теңіздің суынан ащы емес. Солай ғой, ақсақал?.. Сіз менің әкемді білетін бе едіңіз?
Ш а л А с а н. Ептеп...Біраз жыл серік болғанмын... Асыра сілтеу кезінде жұрттың жалғыз көлігінің шана - сайманына дейін сыпырып, артынан ашынған ел екеумізге соның бәрін үйді-үйге жаяу арқалатып еді. Кейбір есіріктер қылтамыздан қамшымен осқан. Бірақ, одан қор болған біз жоқ.
Ж і г і т А с а н . Дүние кезек болды ғой?..
Ш а л А с а н.Ол қай кезек?
Ж і г і т А с а н. Сіз әкеме серік болыпсыз. Енді сізге мен серікпін... Әй, бірақ, мен сізге серік бола алмаймын - ау!..
Ш а л А с а н. Кезегіңді күте берсең — өмірден кеш қалуың да мүмкін... Оның үстіне, жаман шалға серік болып қанша жерге ұзайсың. Біз тұйықталып қалдық, сенің жолың әлі ұзақ. Ұзақ жолға шау тартқан шал-шауқандар серік бола алар ма екен?.. Қайта өзіңнен сүйеу күтіп жүрмесе... Солай, шырағым, ас көбейту үшін де, бас көбейту үшін де дос іздеп көргем жоқ, дос көбейту үшін әркімге сүйкенгенім рас, ал ол көп пе, аз ба, оны да білмеймін...
...Мидай дала. Мұхиттай көгілдір, мұхиттай тұңғиық аспанмен кемерлескен көкжиек қана биік. Көкжиекте құм бұйрат. Көкжиектен құмығып жеткен ән сазы құм бұйраттың көгілдір сағымынан төгіліп тұрғандай еді...
...Қар жатпай қиып кете алмас,
Қараша қаздар мекенін.
Қар сазы саған жете алмас,
Тулама, жүрек, жетеді...
...Бір қолында азық-түлік салатын сөмке, бір қолында азық-түлік салатын тор, айдаладағы жалғыз ағаштың түбіне жете берген Меруертті Асан тоқтатқан.
А с а н . Меруерт!
М е р у е р т. Ау!..
А с а н. Тоқтай тұршы!..
М е р у е р т. Қарға адым жерге шаршап қалдың ба?!.
А с а н. Шаршадым.
М е р у е р т. Нашар екенсің ғой!.. (Наздана күліп). Құдықтың суын аршығанға шаршадың, егер құдық қазсаң қайтер едің?
А с а н. Мен оған шаршамаймын ғой. Қажет болса құдық та қазар едім!..
М е р у е р т. (наздана күліп). Қодарға ұқсап па?!.
А с а н. Иә, Қодарға ұқсап... Сен Баян болсаң, Қодарды сүйер ме едің?..
М е р у е р т. (наздана күліп). Мен бе?.. Қозы тұрғанда Қодарды неге сүйемін?..
А с а н. Қодарды Қозыдан кем деп саған кім айтты?..
М е р у е р т. Өмір-бақи айтып келе жатқанымыз жоқ па!..
А с а н . Қозының Қодардан несі артық?..
М е р у е р т. Енді... Қозы - Қозы да... жақсы адамның, жақсылықтың сәулесі де...
А с а н . Қозы сонда не жақсылық жасады?.. Кімге жақсылық жасады?..
М е р у е р т. Қозы ма?.. Қозы...
А с а н. Міне, солай!.. Қозының Қодардан артықшылығы ақсүйектігі ғана!.. Ал, Қодар қаншама құдық қазды, су шықпаған қаншама құдықты қауғамен толтырды?.. Не үшін?.. Алтын іздеді ме?.. Мал үшін, байлық үшін, жан үшін бе?..Жоқ, Баянды сүйгені үшін! Ал, Баянды сүйгені үшін ол кінәлі ме?.. Қайта оны тірідей құдыққа көмген Баян қатыгез, эгоист!..
М е р у е р т. Бірақ, сөйткен Қодар кісі өлтірді ғой...
А с а н . Ол махаббат қызғанышы.
М е р у е р т. Сонда ол да эгоист болып шықты ғой.
А с а н. Сен Энгельстің *Бытье определяет сознание* дегенін білесің бе?..
М е р у е р т. Энгельстің Қодарға қатысы қанша?..
А с а н. Қатысы сол, Қодарды қор қылған оның құлақ кесті құл болғаны, құлдықта өткен өмір!.. Әйтпесе, Қозы да сенің Төлегенің сияқты жүрген жеріне көлеңкесі түспейтін қысыр сұлулар, қыздардың оларды не үшін сүйетінін де білмейсің. Ондайларды орысша голубой герой дейді...
М е р у е р т. Қызық екен!..
А с а н. Несі қызық?..
М е р у е р т. Мен бір түрлі өзімді-өзім аяп отырмын... Жатса-тұрса Қозы мен Төлегенді іздейтін қыздарды аяп отырмын...
А с а н . Ол арман ғой. Мен қыздардың арманына қызығам... (Асан арлы-берлі жүріп кетті. Жалғыз ағаштың ұшар басына қарады. Жалғыз ағаштың ұшар басынан әлдене іздегендей ұзақ тесіліп қалған). Меруерт!..
М е р у е р т. Ау!..
А с а н. Мен келгелі қанша болды?..
М е р у е р т. Бір аптасыз бір ай.
А с а н. Демек, жиырма күн деген сөз. Сен де санап жүр екенсің ғой. Мен де санап жүр едім... Неткен өтпейтін күн! Неткен таусылмайтын уақыт!.. Жиырма күн бойы біреуге айтатын бір ауыз сөз таппау деген адам баласына қиянат қой!..
М е р у е р т. Қызық екен!..
А с а н. Несі қызық?
М е р у е р т. (күліп). Кісі айдалада сөйлей бере ме екен?!.
А с а н . Тек сөйлеу үшін сөйлеу беру міндет пе екен. (Қарағаштың ұшар басына көз тігіп). Мәселен, мынау қарағаш... (Ағашты құшақтап, діңіне құлақ тосады). Тыңдашы... Бұл да сөйлеп тұр!..
М е р у е р т. Не деп тұр екен?
А с а н. Мен бәріңнен биікпін деп тұр. Мені биік қып тұрған мынау мидай дала деп тұр. Бірақ, мен жалғызбын деп тұр. Менің биіктігім — жалғыздығым дейді. Құдды біздің ақсақал сияқты... Өсетін орнын таппай адасып қалған жетім байғұс!..
М е р у е р т. Қызық екен!
А с а н . Оның несі қызық?..
М е р у е р т. Сен бала сияқтысың! Әйтпесе, ағаш пен адамды салыстырғанды қайдан көрдің? Адам ағашқа ұқсай ма екен?!.
А с а н. Ұқсайды екен. Біздің ақсақал дана ғой. Оны дана қылған мынау дала ғой... Бірақ, ол да жалғыз...
М е р у е р т. Неге жалғыз? Апам бар емес пе?!.
А с а н. Апам — біздерге ғана апа ғой. Апам жақсы кісі. Бірақ, ол кісі ақсақалға ғұмыр серік болғанмен, өмір серік емес. Өмір серік болмаған.
М е р у е р т. Апам болмаса, Мұрат бар, мен бармын.
А с а н. Мұрат — Мұрат қой. Мұрат болған соң, ол Төлеген емес. Сондықтан ол да серік емес. (Меруерттің алақанын ұстап). Сондықтан сен де жалғызсың.
М е р у е р т. Алақаным айтып тұр ма?
А с а н. Алақаның айтпаса да, көзің айтып тұр. Адамның маңдайындағы жазуын көзінен оқу керек те... Мен сені аяймын... Ақсақалды да аяймын...
М е р у е р т. Аяғаны несі? (Күліп). Аямай-ақ қой!..
А с а н. Мен ертең кетемін.
М е р у е р т. Кеткені несі?!. (Қолын жұлып алып). Сондай да бола ма екен?!.
А с а н. Болады екен... Мен қой бағуға келгем жоқ. Оны сен жақсы білесің... Мен ақсақалды алдадым. Мен ақсақалға серік бола алмадым... Ал, саған серік болуға о баста-ақ жазбапты... Қасыңда жиырма күн жүріппін. Жиырма күн көріп жүріппін. Маған осы да жетеді!.. Мен жалғыздықтан қорқушы едім. Мен енді жалғыздықтан қорықпаймын!.. Мен енді өзіңнен қорқам. Сонан соң өзімнен қорқам!.. Сондықтан мен кетем!..
М е р у е р т. (жасаурап, теріс бұрылып). Сондай да бола ма екен?!.
Тымық аспанның тыныштығын бұзып, репродуктор жыртылып айқай салды. Меруерт атып тұрып жүгіре жөнелген. Меруерттің тастап кеткен сөмкесін ала Асан да көтеріліп еді...
Репродуктордың дауысы:
Шәй - шәй, қойым, шәй қойым,
Құйрығы қардай май қойым.
Саулықтарым семізден,
Қозыларым егізден,
Ей, ит пен құсқа жегізбен!..
...Отгон орталығы даңғаза. Даңғаза қылып тұрған баған басындағы ақшелек еді. Ақшелек осындағы жұрттың жалғыз ермегі еді. Орталықта бәрі бар сияқты: қызыл бурыл, почта, радиоторабы, дүкен... Осының бәрі сахна түкпіріндегі вывескалар. Ашық тұрған жалғыз мекеме — азық-түлік дүкені. Ортада шатырлы сәкі. Сәкі астында ұзын стол. Столдың екі жақтауында ұзын орындық. Қаптап отырған жігіттер. Орталарында шампаннан босаған бөтелке. Жігіттер бәс тігіп, білек күшін сынасып жатыр. Бұл да ермек болса керек. Шетінен қырып келе жатқан Дәуқара болса керек. Ұтылғандары ортаға ақша тастап жатыр. Дәуқара ұмар-жұмар ұсақ ақшаны үйіп қойды. Үйді де, Мұратқа бұрылды.
Д ә у қ а р а . Ал, старшой жолдас, кезек сенікі!.. Әлде, бәйгемді шаппай беремісің?..
Мұрат безірейіп тысқа қарап отырған. Жігіттер де жапырылып тысқа қарасты. Баған басындағы ақшелек ауызға ұрғандай тына қалды. Жігіттер де тына қалды. Дарақ Жарақты бүйірден түртті.
Д а р а қ. Өзі мәряк дейді. Өзі бропесенал боксер дейді.
Ж а р а қ. Моряк болса, мына қу далаға не жеймін деп келген?
Д а р а қ . Ит білет?!.
Ж а р а қ. (Мұратқа). Не де болса қатының қол балаға жарыған екен!..
Д а р а қ. Қол бала ма, әлде қол сала ма?!.
Д ә у қ а р а. Оттапсың!..
Меруерт келді. Оның соңынан сөмке көтеріп Асан келді. Мұрат жаңа көргендей өз әйеліне өзі сұқтана қарады. Меруерт именіп, кінәлі адамдай қысылып қалды. Қысыла тұрып Асанның қолынан сөмкесін алды да дүкенге кірді. Сұқтанған жігіттер Меруертті көзімен ішіп-жеп дүкенге кіргізіп салған.
А с а н . Орта толсын!
Д а р а қ. Толмаған жыртыққа сені қыстырамыз да!..
Асан қырсыққандай бос орынға бармай Дарақты ығыстыра Дәуқараның қасына барып отырған. Дәуқара стакан түбіндегі шампанның сарқынын ұсынды.
Д ә у қ а р а. Пөмешнек жолдас, дәм тат!
А с а н . Рақмет! Жерік асым емес!
Д ә у қ а р а. Жеркеніп отырсың ба?!. Асты қорлама - құстырады, азаматты қорлама — пыстырады.
Д а р а қ. Спортшылардың ішпейтін ауруы бар да!..
Ж а р а қ . Спортшы болса, біздің Дәуқарамен күш сынасып көрсін.
Д ә у қ а р а . Кел! Біздің күсті алақанымызды да бір ұстап көр! (Дәуқара білегін сыбанып, жұдырығын Асанның танауына тақай шынтағын столға қойды). Итжығыс жоқ! (Жұмарланған ақшаны түртіп). Тек қалтаңды тексеріп ал! Несие деген болмайды!.. (Асан сипалақтап қалтасына қол салды. Бірақ, қалтасына салған қолын қайтып шығара алмады). Мүмкін, шалбарыңды шешерсің?!.
Мұрат сызданып отырған. Сызданып отырып, қалтасынан қызыл он сомдықты шығарды да, лақтырып тастады.
М ұ р а т. Шалбар өзімізге де керек. (Дәуқараға). Қайтарымның қажеті жоқ. Тұтас кеттік!..
Дәуқара мен Асан тіресе кетіп еді. Шынтақ астындағы тақтай қаңылтырдай майысты. Стол сықырлады. Дәуқараның езуі қайыстай созылды. Асан Дәуқараның қолын үш дүркін бұрап, столға тигізер-тигізбес етіп үш дүркін әдейі босатты.
А с а н . Қалай, қалтаңызды тексеріп пе едіңіз?
Д ә у қ а р а . Итжығыс!
А с а н. Итжығыс деген болмайды!.. Солай емес пе?!. (Асан Дәуқараның қолын бұрап, столға басып біраз отырды. Жігіттер тым-тырыс. Асан Дәуқараның бетіне бежірейе қарады.) Қалтаңызды тексеріп шығыңыз!..
Д ә у қ а р а . Менің әлі сол қолым бар!
А с а н. Онда екі қолыңызды бірдей әкеліңіз! Оң қол, сол қол деп езіп отырамыз ба?!. (Дәуқара екі қолын қабаттап ұстаған. Асан бір қолымен тағы да бұрап апарып, тағы да біраз уақыт столға басып отырды. Жігіттер гуілдей бастады. Дәуқара қолын қалтасына салып, қайтып шығара алмай қипақтады. Мұратқа.) Біздің қолымызға да күш қона бастаған. Солай ма, жолдас аға шопан?!.
Қос сөмкені серейте көтеріп дүкеннен Меруерт шықты. Бір құшақ кілт ұстап дүкенші Абақ шықты. Жігіттерге келіп, қалтасынан қағаз суырды.
А б а қ. Бүтін байыған сияқтысыңдар ғой!.. Дабай, дебитор қасқалар, қарыздарыңды бермен тастаңдар!.. (Қағазды оқи бастайды). Дарақ — он сом, Жарақ — он бес сом, Үркімбай — бес, Бүркімбай - жиырма, дебитордың ең мықтысы Дәуқара сенсің — елу сом! Қалғандарыңның тиын-тебен, бақыр - сақырларыңды есепке қоспай-ақ қойдым!..
Жігіттер тым-тырыс. Күмілжіп, бірінің бетіне бірі қарасты. Сызданып отырған Мұрат қана еді. Сызданып отырып қалтасына қол салды.
М ұ р а т . Бәрін қосқанда жылуыңның мөлшері қанша еді?..
А б а қ . Дүз сом.
Мұрат қалтасынан ақша алып Абаққа лақтырды да стол үстіндегі ұсақ-түйекті де қоса сырды. Абақ ақшаның арасынан бит қарағандай, бір-бірлеп санап шықты. Сосын жадырап салды.
А б а қ . Жігіттер!.. Мұраттың мәрттігіне кім жеткен! Мұраттың мәрттігі үшін бір коньяк, бір шампан!.. Жасасын Асекеңнің жалғызы!.. Ура!..
Б а р л ы ғ ы . Ура!..
А б а қ. (Асанға кілт ұсынып). Бар! Алып кел!..
А с а н. Біреудің дәулетіне мырзалығым жоқ!..
Асан орнынан тұрып кете берген. Жұрт тағы тым-тырыс. Тағы да жапырылып қырға қарасты.
Д а р а қ. Мынауың нойыс қой! Күшеніп сөйлеуін қара келімсектің!..
Д ә у қ а р а. Ит десеңші!..
Ж а р а қ . (Мұратқа). Асырауың аз болғандай, енді қойыңды қасқырға теліп жібердің бе?!. Жағдайы жақсы екен пөмешнектің!..
А б а қ. Е, біздің мықты жомарт қой... (Мұрат көпке оқты көзін ата бір қараған. Сосын атып тұрып шыға жөнелді. Тыстан ышқынған машинаның гүжілі естілді). Жігіттер!.. (Мырс-мырс күліп). Бір сойқан басталды - ау деймін!.. Қарап қалмаңдар!..
Тыстан шиқ еткен тормоздың ащы ысқырығы естілді. Жігіттердің бәрі де өре тұра келген. Бәрі де жапырылып тысқа қарасты. Баған басындағы ақ шелек баж ете қалды.
Шәй - шәй, қойым, шәй қойым,
Құйрығы қардай май қойым.
Саулықтарым семізден,
Қозыларым егізден,
Ей, ит пен құсқа жегізбен!..
Д а р а қ . Ау, ана мықтыны өлтірді ғой!..
Д ә у қ а р а . Өлтірді!..
...Жігіттер тайлы - тұяғы қалмай жүгіре жөнеліскен. Машинаның гүжілі жақындай түсті. Шиқ етіп тормоз ысқырғанда үйден домалақ кемпір жүгіре шықты. Шықты да әуелі аңырып тұрып қалды, кенет жуалдыз тығып алғандай ойбайды келіп салды.
Ұ л т у ғ а н . Ойбай, құдай!.. Не сұмдыққа тап қылдың, ойбай! Шыққыр көзім не көріп тұр, ойбай!.. (Дәуқара бастаған Дарағы бар, Жарағы бар, былқ-сылқ еткен Мұратты сүйемелдеп әкеліп отырғызады. Домалақ кемпір жүгіріп, шұрқырап үстіне түседі.) Мына сорлыны өлтіріпті ғой, ойбай!.. Мына сорлы өліпті ғой, ойбай!.. Жалғызымды жайратыпты - ау, ойбай!..
Д ә у қ а р а . Сабыр, әпке, сабыр!.. Бүлінген ештеңе жоқ. Ептеп мозготрясение болса керек.
Ұ л т у ғ а н . Мозготресі несі, ойбай!.. О не пәлесі, ойбай!..
Д а р а қ. Ол ит бропесанал боксер екен ғой! Ол итті соттау керек! Ол итті!..
Ж а р а қ. Бәлніске апару керек! Спрапке алу керек! Спрапке алсақ, оның тұқымын тұздай құртамыз!.. Асекеңнің жалғызына қол көтеріп!.. Басынуын қаңғырған иттің!..
Сөмкесін көтеріп Меруерт келген. Бет-аузы көкала, бешпетінің өңірі алба-жұлба. Ұлтуған енді келініне бас салды.
Ұ л т у ғ а н . Қаңғырып қайда жүрсің, ойбай?!. Мына сорлыны өлтірді ғой, ойбай!.. Мына сорлы өліпті ғой, ойбай!.. (Домалақ кемпір келінінің әлем-тапырық түрін көріп, тілі байланғандай мелшиіп тұрды да қалды. Келіншегін көріп, Мұрат жын ұрғандай жұлқына тұрды. Жұлқынған бойда жүгіріп келіп бір тепті. Домалақ кемпір тағы шырылдады). Құлыным - ау, саған не көрінді?!. Өлтіремісің сорлыны?!. Өлтірдің ғой сор...
Мұрат араша түскен шешесін көкіректен итеріп жіберді. Домалақ кемпір домалап барып мұрттай ұшқан. Дарағы бар, Жарағы бар, Дәуқарасы бар, Мұратты қаумалап тысқа сүйрей жөнелді. Тыста машина ышқынды да лезде алыстап кетті. Асан келгенде бүйірін таянып келіншек отырған. Жүрегін ұстап кемпір жатқан.
А с а н . Ала!.. Ала!.. (Құр ыңырсығаны болмаса, кемпір жауап бере алмады. Асан оның басын көтеріп, бешпетінің өңірін ағытты). Апа, бір жеріңіз ауырып қалды ма?
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін!.. Су...су әкеліп берші... (Меруерт келіп кемпірдің басын сүйеп қалды да, Асан жүгіріп үйге кетті. Кемпір кемсендеп келініне қарады). И-и, айналып кетейін...тірлік деген осы да...Әлі-ақ жарасып кетесіңдер де... (Кесе ұстап Асан жүгіріп келді. Кемпір басын шайқайды). Жоқ, құдықтан әкел... тастай су әкел. (Асан тағы жүгіре жөнелді). Басымды көтере түсші...Шал қайда?.. Шал өрістен қайтқан жоқ па?.. Ол да қайбір жетісіп жүр дейсің... Жалғыз ұл деп жарғақ құлағы жастыққа тимей... (Асан келіп кемпірдің аузына су тосты. Кемпір екі-үш дүркін жұтқан болды. Соған да демігіп, тынысы тарылып тұншығып қалды). И-и, айналып кетейін...рақмет...жасың ұзақ болсын...Тірлік деген осы да...Бұған да отығып кетесің ғой...
А с а н. Меруерт!..Жүгір!.. Орталыққа бар! Рациямен жедел жәрдем шақырт!.. Самолет шақырт!..
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып кетейін...Ажал жетсе айырпланың жанымды алып қала ма?.. Ел-жұртты шулатпаңдар... Ел-жұрттан ұят - тағы.. .Әлгі.. .жалғыздың атын шулатпаңдар...
Үрейі ұшқан келіншек алақанымен бетін басып жүгіре жөнелді. Қолында қамшысы, үстінде тон - тымағы, өрістен қайтқан шал Асан әуелі аңырап тұрып қалған. Қолынан қамшысы түсіп кетті. Бірақ, баяғы сол тәкаппар жүзі сынған жоқ. Кемпірінің қасына келіп тамырын ұстады.
Ш а л А с а н. Иә, кемпес, немене, о дүниеге барып қайтқаннан саумысың?.. Әлде, аттанайын деп жатырмысың? Бұл дүниенің қызығын тауысып болғандай!..
Ұ л т у ғ а н . И-и, айналып...сенбісің?..Қимай тұрмысың? Қиналып тұрмысың?.. Осылай боп қалды... Осылай боларын сезіп едім... Қой, қиналма. Иілгеніңді көрмеп едім... Енді көрмей кетейін...
Ш а л А с а н. Қалжыңды қой! Қара жердің бұдыр - томпағы сенің молаңсыз-ақ жеткілікті!.. Сүрініп-қабынып жүрген жоқпыз ба!..
Ұ л т у ғ а н. Айта бересің де...Әйтпесе, сүрінгеніңді көрген жоқ едім. Көргім де келмеп еді... Қайтесің, сүрінбейтін тұяқ жоқ... Бәріне мен кінәлі...Кеш...Енді анау жалғызды сүріндіре көрме... Осы сүрінгені де жетер...
Ш а л А с а н. Жалғызың сенің жаныңды алып қала ма?!. Онан да өлмеу жағын өзің қарастыр. Соры қалың адамның су ішкілігі де мол болады. Қайда салсам қанжығамнан қалмайтын жанторсығым едің. Әлі де азабымды бөліп-жара түс!.. Есесі кейін қайтады ғой... Кейін...тозақтың азабын бірге бөліп - жарысармыз. Сөйт. Менің өмірге әлі де біраз қарыздарым боп тұрғаны...
Ұ л т у ғ а н . И-и, шал - ай, күлесің, о?.. Ғұмыры күлгеніңді көрген жоқ едім...Күлгенің есімде жоқ... Жә, мені үйге апарыңдар...Ғұмырымда көңіліңді жыққан кезім болған жоқ еді. Енді өлсем де, сенің шымылдығыңнан шығайын... (Жігіт Асан кемпірді жерден балаша көтеріп алды. Көтеріп алып үйге қарай беттеген). И-и, айналып кетейін...Өмір деген осы да...Өлмелі кемпірді арқаладым деп өкініп жүрме. Өмірде әлі де талай-талай жүк арқалайсың да... айналып кетейін...
Кешкі ымыртта қара құрық жел тұрды. Қара құрық сағымда иегімен көк тіреп, тастай қатқан тәкаппар шал тұр еді. Оның шақырайған жанарында уыт қалған, от қалған.
Ш а л А с а н. Көрмесем дегенім осы еді... Батырдан — би, биден — ұры, ұрыдан — қары, қарыдан — бөрі туады деуші еді. Бұған да көзің жетті ме!..
Үшінші көрініс
...Сол күні қар жауған. Сол күні қараша қаздар қайтқан. Шұбар шымылдыққа жасырынған алагеуім дүниені сол күні күміс қоңыраудың үні шарлаған...
...Қараша қаздар қаңқылдап, Қона алмай жүр мұз көлге. Туған Жер - Ана — алтын бақ, Мұз бола көрме біздерге!..
...Шұбар шымылдық саумалап шыр айналып тұрған. Шыр айналған алагеуім ымыртта үсті-басы ақ қырау, таяқ ұстап екі адам келе жатты. Алдында шал Асан, соңында жігіт Асан. Екеуі де пистолеттің жарығында.
Ш а л А с а н. Өлмеген құл тағы да бір қар басты. Өлермен құлға өмір бар. Бұл менің жетпісінші басқан қарым шығар. Өзіңді-өзің қамшылап, өзіңе өзің тағат бермей қуалаған қысқа ғұмырдың тағы бір жылын жеп қойдым... "Қарашада мір тұр, тоқтатсаң тоқсан көнер ме" деген осы.
Ж і г і т А с а н. Ақсақал, соның қанша қарын мал соңында өткіздіңіз?..
Ш а л А с а н. Отызын.
Ж і г і т А с а н н ы ң дауысы. Өкінбейсіз бе?
Ш а л А с а н н ы ң дауысы. Несіне өкінем?!. Малды тапқанға бақтыр дейді.
Ж і г і т А с а н н ы ң дауысы. Қалған қырық қарды қалай жедіңіз?
Ш а л А с а н н ы ң дауысы. Оны мен жегем жоқ! Өмір жеді!..
Ж і г і т А с а н н ы ң дауысы . Сонда қалай?.. Өмір сізге қарыздар болғаны ма?
Ш а л А с а н н ы ң дауысы. Жоқ! Өмірге мен қарыздармын.
Ж і г і т А с а н н ы ң дауысы. Түсінбедім.
Ш а л А с а н н ы ң дауысы. Түсінбейтін түгі де жоқ. Жетпіс қардың қырқын, әуелгі отыз жыл ғұмырдың қарызын өтеуге жұмсап келемін.
Ж і г і т Асанның дауысы. Қарыздар болатындай әуелгі отыз жылдың несі қымбат еді?
Ш а л Асанның дауысы .Жаратқан о баста адам баласына отыз - ақ жыл ғұмыр берген дейді ғой.
Ж і г і т Асанның дауысы. Ол ертегі ғой.
Ш а л Асанның дауысы. Ертегінің бәрі ермек емес.
Ж і г і т Асанның дауысы. Сіз сонда жаратқанға сенетін болдыңыз ғой?..
Ш а л Асанның дауысы. Әрине!.. Жаратқанға сенбегенде, кімге сенесің? Сені жаратқан кім?
Ж і г і т Асанның дауысы .Ол енді... белгілі ғой...
Ш а л Асанның дауысы. Несі белгілі?
Ж і г і т Асанның дауысы. Мен әке-шешемнің ұрық - шарқымын.
Ш а л Асанның дауысы. Демек, сені жаратқан табиғат қой?!. Жаратқан мен құдайды шатастырма. Надандардың құдай деп тантып жүргені — табиғат!..
Ж і г і т Асанның дауысы. Нағыз марксист болып шықтыңыз - ау!..
Ш а л Асанның дауысы. Менің партиялық стажыма биыл қырық жыл.
Ж і г і т Асанның дауысы. Солай ма?!. Қашан өтіп едіңіз?
Ш а л Асанның дауысы. Майданда.
Ж і г і т Асанның дауысы. Кешіріңіз, қандай ерлігіңіз үшін?
Ш а л Асанның дауысы. Партия қатарына тек ерлік жасағандарды ғана қабылдапты деп кім айтты? Ерлікті тек коммунистер ғана жасап па?!. Сен өзі ерлік дегенді қалай түсінесің?
Ж і г і т Асанның дауысы. Оны әуелі сезіну керек шығар. Өзім әзірге ерлік жасамаған соң оның не екенін нақпа-нақ айтып бере алмаймын.
Ш а л Асанның дауысы. Дүниеде ең қымбат не деп сұрағанда. Аязби: "Өмір", — деген екен. Дүниедегі ең қасиетті не дегенде: "Туған Жер, Отан", — депті. "Отан үшін адам ең қымбаттысы — өмірін де қияды", — депті. Аязби коммунист болмаса керек. Бірақ ерліктің не екенін нақпа-нақ айтып бере алған.
Ж і г і т Асанның дауысы. Ақсақал, сіз сауалдан сәл ауытқып кеттіңіз. Сонымен әуелі отыз жыл несімен қымбат?
Ш а л Асанның дауысы. Сенің жасың нешеде?
Ж і г і т Асанның дауысы. Жиырма екіде.
Ш а л Асанның дауысы. Отыздың қадірін жиырма екідегі сен сезбесең, жетпіс қар басқан қарттан несін сұрайсың?!. Ол бір сағыныш қой!..
Арттағы майда көңіл жүр
Жалынсаң қайтып келер ме?
Майдағы жұрттың іші қар
Бәйшешек қарға өнер ме?
Ішінде кімнің оты бар,
Қар жауса да сөнер ме! —
деп Абай айтқан екен. Абайдан озып мен не айтар дейсің.
Ж і г і т Асанның дауысы. Сөйте тұра, жастарды жек көретініңіз қалай?.. Қызғаныш па?..
Ш а л Асанның дауысы. Оны қайдан білдің?
Ж і г і т Асанның дауысы. Сіз бөтен емес, өз балаңызды да менсінбей, иегіңізбен сөйлесесіз.
Ш а л Асанның дауысы. Иә, көңілдегі бір түйткіл өз балаң болса, және де өз балаң өзіңнен бөтен болса жетпіс қар басқан қырт шалға мұнан асқан сор бар ма?!. Мен өз борышымды өтеймін деп жүріп, өзге емес, өз баламның ниетін тұспалдап танымаппын. Бұл тұста сен Асанды жықтың... Көптің бірімен қош болып, көпшіктің кірінен тозамын деп ойлаған жоқ едім... Текті боп өз төріңде отырып, тексізден жапа жеккенше, тектінің босағасында отырып, төбеңнің көк тірегеніне не жетсін?..
Ж і г і т Асанның дауысы. Сондағы өкпеңіз не?
Ш а л Асанның дауысы. Жас өспірім замандас қапа қылды, Сабыр, ар жоқ, аял жоқ, ілді -жұлды. Тұрлау қылып еш нәрсе басқара алмай, Сенімі жоқ шермеңде, еңкей жынды! — деп тағы да Абай айтқан екен...
Ж і г і т Асанның дауысы. Сіз қайта-қайта мені Абаймен қорқытып, Абайдың таяғымен жасқай бермеңіз!...
Момыннан жаман қорқақ жоқ,
"Қу", "пысық" деген ат қайда,
Арсыз болмай атақ жоқ,
Алдамшы болмай бақ қайда? —
дегенді де Абай айтқан жоқ па еді?!. Абайға жүгіне берсек...
Ш а л Асанның дауысы. Айтпасаң — аталы сөз өледі. Ар жағын жұптамадың ғой?!. (Жігіт Асан жауап қаптады). Әлде, Абай ескірді, Абай тозды дегің келді ме?.. (Жігіт Асан жауап қатпады). Андап басқайсың, балам!.. Абай қашан да алдыңнан шыға береді!..
...Саумалап шыр айналған шұбар шымылдыққа шал Асан мен жігіт Асан сіңіп кеткен...
...Ала шұбар дүние шаңқан аспан. Баяғы сол қыстау...
...Қолына айыр ұстап Асан шал шықты да, көкжиекке көз тігіп тұрып қалды...
...Қолына айыр ұстаған жігіт Асан шықты, көкжиекке көз тігіп сол аялдады да, шығып кетті...
...Арпылдап иттер үрді. Машинаның ышқынған гүжілі естілді, тормоздың ащы ысқырығы естілді...
...Қозы қарны ақтарылып қалатындай қос қолдай құшақтап Дәулетбай келді. Соңынан көлеңкедей сүмеңдеген Дәуқара мен Жараққа ала қоржынды ұстата салып, Асан шалға жүгірді.
Д ә у л е т б а й. Оу, жездеке, салаумәлейкум!.. Құлағың қышып, сағынып қалған шығарсың!.. Құлағыңнан созайын деп келдім!..
Ш а л Асан, (нәумез). Аман жүрмісің, әйтеуір?..
Д ә у л е т б а й. Жүрміз ғой!.. Иә, мал-жан аман?!. Бас-сирақ орнында?!. Иә, әпкемнің жайын неге сұрамайсың?!. Әлде, қазақ байыса қатын алады деп, төсек жаңартқалы жүргеннен саумысың?!. Байқа!..
Ш а л Асан. Алдымен жарапазаныңды айтып ауыз жиған жоқсың! Әпкеңнің жайына жете алмай жатырсың да!..
Д ә у л е т б а й. Ә, солай ма екен?!. Қалқайып, құлағыңнан күн көрініп қалыпты, әпкемнің айы өткен - ау, тегі!.. Иә, әпкем деген алтын ғой біздің!.. Алтын адам екенін ауырып қалған соң білдік те!..
Ш а л Асан.Е, сендердің тұқымдарың шеттерінен асыл ғой!..
Д ә у л е т б а й. Енді қалай!.. Асыл адамның ауруы да қадірлі!.. Әйтпесе, бірінші хатшының өзі әдейілеп бәлніске барып, көңілін сұрай ма?!. Асекеңдер ерекше жаратылған жан да!.. Әрине, сені айтып тұрғам жоқ!.. Сондай әулие адамның қадірін басымызға іс түскенде ғана білеміз!.. Бүкіл бәлністі аяғынан тік тұрғызып, әпкемді ажал аузынан ап қалды!.. Иә, бәрі де Мұраттың арқасы ғой!.. Айтпақшы, оның өзі қайда?!.
Ш а л Асан, (айырын қашаға сүйеп). Табынғаның Мұрат болса, табарсың!.. (Текшеге барып отырып). Сонымен, асыл әпкеңнің халы қалай екен?
Д ә у л е т б а й. Асыл әпкеме мен де кіріп шықтым. Халы жақсы! Сен түгілі ханға сәлем беретін түрі жоқ! Үйге қайтам, ала кет деп жата жабысқаны. Жаман шалдан басқа мына қу далада қалдырған несі бар десеңші?!. (Жігіт Асанды көріп). Оу, тасқа шыққан құлжадай одырайып неғып тұрсың?!. Осы сенің сәлемің неше сом тұрады? Бері кел, сатып алайын!.. (Жігіт Асан құлықсыз ғана сәлем берген. Дәулетбай итініп барып Асан шалдың қасына отырды да, сөмкесін тізесіне қойып, кілтін ашты).Ендеше былай, жолдас пөмешнек, тойыс, курсант жолдас!.. Мынау — сақ боз деректірінің бұйрығы! (Жігіт Асанның қолына қағаз ұстатты). Мынау — сақ боздың жолдамасы! (қолына екінші қағазды ұстатты). Мынау — жол қаражатың мен бір айлық зарплатаң! (қолына ақша ұстатты). Қалаға барасың! Бір жылдық ассимилятордың көрісіне барасың!.. Сақ боз деректірі болып, мен болып осылай шештік!..
Ж і г і т А с а н . Мен қалаға неге барамын?
Д ә у л е т б а й. Айтып отырған жоқпын ба!.. Сақ бозға маман керек. Оған жастар баруы керек!.. Мен болып, сақ боз деректірі болып осылай шештік!
Ж а р а қ . Иә, солай шештік!
Д ә у қ а р а . Шештік.
Бәрі де жігіт Асанға қадалып айтты. Бәрінің де жүздері суық, сөздері нығыз.
Ж і г і т А с а н . Жоқ, мен ешқайда кетпеймін!
Д ә у л е т б а й. Кеткенің дұрыс шығар!..
Ж а р а қ. Кетпесең — кетіреміз!..
Д ә у қ а р а . Кетіреміз!..
Ж і г і т А с а н . Мен неге кетемін?!. Мен кетсем, ақсақалға кім серік болады?!.
Д ә у л е т б а й. Сенен басқа да пөмешнек табылар!..
Ж і г і т А с а н . Жоқ, мен ешқайда кетпеймін!..
Жігіт Асан қағаздарды ақшасымен қоса Дәулетбайдың алдына лақтырып жібереді. Дәулетбай аспай-саспай жинап, қаттап, қайтадан ортаға қойды.
Ж а р а қ . Ақсақал дейді еще!.. Ақсақалдың жалғызына қол көтеріп!..
Д ә у қ а р а . Басыңның аман қалғанына шүкір де! Ақсақал ара түспегенде, ендігі көзің жылтырап түрмеде жататын едің!..
Ш а л Асан. Жә!.. "Жаман ауылдың иті дарақы" деп!.. Бас басыңа би болма!.. Әзірге бұл шаңырақта кісі бар! Бұл шаңырақтың иесі бар!.. Ал, қалаңа бара ма, бармай ма, кете ме, кетпей ме, оны Асанның өзі шешеді!..
Д ә у л е т б а й. Оу, жездеке, бұл қалай?!. Бұл неге шешеді?!. Мына мен болып, сақ боз деректірі болып шешіп қойған жоқпыз ба! Қалған шаруаны аға шопан шешеді!.. Мұраттың өзі шешеді!..
Ш а л Асан. Жөн, жөн.... Ендеше, кәзірден бастап мына малынды аға шопаныңа санап бер! Сонымен екеуіміз де: "Қош есен бол", — десеміз!..
Д ә у л е т б а й. Не дейді?!. Қош-есен болы несі?!. Алжығаннан саумысың?!. Жо-жоқ, оның болмайды, жездеке!.. Оны да аға шопанның өзі шешеді!..
Ш а л Асан. Бәріміздің де тағдырымыз аға шопанның құзырында қалды десеңші?!.
Д ә у л е т б а й. Солай, жездеке!..
Ж і г і т Асан алдымен "нығыз" жұртты көзімен санап шықты. Бірінің жүзі былш еткен жоқ. Сосын шал Асанға қарады. Әлгінде ғана көк тіреп отырған иегі салбырап, тәкаппар тұрқы бүгіліп, басы омырауына түсіп кеткен екен. Жігіт Асан атып тұрып жүгіре жөнелді...
...Баяғы атшаптырым зал. Адам жанынан басқаның бәрі бар, Мұрат қызы көтеріп, ырсиып күліп тұрған дәу портретінің астында, диван - кроватьта өліп қалған адамдай сірейіп тұрып ұйықтап жатқан.
Ұлтуғанның дауысы. Мына сорлыны өлтіріпті ғой, ойбай!.. Мына сорлы өліпті ғой, ойбай!?.
М ұ р а т, (шошынып оянып) А?!. Ала!.. Апа.. (көрші бөлмеден жүгіріп Меруерт шықты. Күйеуінің аларған көзіне шошына қарады). Біреу айқайлады ма?!.
М е р у е р т. Өзің болмасаң, саған кім айқайлаушы еді?!.
М ұ р а т. Апамның дауысын естіп едім ғой?
М е р у е р т. Апамды көретін енді сенде бет бар ма?!.
Шампанның бөтелкесі бос болатын. Мұрат аузы ашылған арақтан айғыр стақанға толтырды да, тартып жіберді. Диванға қайта барып отырды да, домбырасын қолына алды. Сарт етіп сыртқы есік ашылды. Жігіт Асан ентелей кіріп еді. Меруертті көріп аптығын басты, сосын бірден төрге шығып орындыққа жайғасты. Мұрат күй шертті. "Көкейтестіні" шертті. Бір шама тәуір шертті.
Ж і г і т А с а н . Әй, Мұрат!.. Мен ешқайда кетпеймін!.. (Мұрат құлағын да асқан жоқ. Оның жүзінде шарасыздықтың, көмпістіктің кейпі бар еді). Әй, аға шопан!.. Мен ешқайда кетпеймін!.. Естідің бе?!
Мұрат құлағын да асқан жоқ. Күй аяқталған. Әлде арақтың әсері, әлде күйдің әсері, Мұраттың көзінде жас бар еді. Орнынан тұрып стол басына келіп отырды. Отырды да Асанға тесіліп қарады.
М ұ р а т. Сонымен, кетпеймін де!..
А с а н . Кетпеймін!
М ұ р а т. Ендеше келісіп алалық.
А с а н . Келіссек, келісіп алалық.
М ұ р а т. Келіспей тұрып, есептесіп алалық.
А с а н . Мейлі, Есепке жүйрік екеніңді білемін. Бастай бер!..
М ұ р а т. Сен ғой мені ұрдың?..
А с а н. Ұрдым.
М ұ р а т. Мейлі, оны да кешірдім.
А с а н. Өтірік! Кешірген жоқсың! Кешірген болдың.
М ұ р а т. Сотқа бердім бе?
А с а н . Берген жоқсың. Қорықтың.
М ұ р а т. Сенен бе?
А с а н. Жоқ. Тірліктен. Өзіңнің тірлігіңнен.
М ұ р а т . Менің тірлігім сенің тірлігіңнен кем болып па?
А с а н. Сенің тірлігіңнің бәрі өтірік. Жұрт алдындағы жалғыз көзірің — жомарттығың еді. Бірақ, жомарттық та табиғатында жоқ. Майы таусылған арбаның көпшігі қалай шиқылдайтынын білемісің? Қалтаңнан ақшаңды шашып тұрып та, сенің қу жаның арбаның сол қаңсыған көпшігіндей қажалады. Кісілігің де өтірік. Кісілік те сенің табиғатыңа қонбаған. Кісілігі бар адам өмірден қорықпайды. Сен өмірді шаянның ұрғашысындай көресің. Шаянның ұрғашы еркегін жеп қоятынын білемісің? Сен өмір жеп қоя ма деп зәрезеп боласың!
М ұ р а т . Мейлі, солай-ақ болсын. Сонда мен секілді кісәпір адамның қасында қос болып қалай жүрмексің?..
А с а н . Несі бар, тірі әкенің қасында тірі жетім болып сен де жүріп жатырсың ғой. Мен сені емес, ақсақалды аяймын!
М ұ р а т . Ақымақ! Сен алдымен өзіңді ая! Сен алдымен өз әуселеңді көріп ал! Жұртқа тұлға болғандай, сен кімсің?! Сенің қолыңнан қой бағу да келмейді. Ал менің қолымнан қой бағудан басқа ештеме келмейді. Мен де шалды аяймын деп білімнен қалдым. Биліктен қалдым. Қолымда тым болмаса, анау Дәулетбайдай шолақ қамшым да жоқ. Шал да көне көңіл, қысыр даналыққа сенген адал ақымақтың бірі!.. Өйткені ол да қой бағуға жаралмаған пенде. Ойынан — бойы кілтті, даналығын — балалығы жеп қояды. Айдағаның бес ешкі болған соң, ысқырығыңның жер жарғанынан не пайда?.. Қырық жыл қой бағып, жең - жағасы қи сасығаннан басқа тапқан бар қадары не?!. Мен ондай ақ көз болғым келмейді. Өйткені, құр еңбекпен, құр адал көңілмен бүгінде қой бағуға да болмайды. Бүгінгінің қойына да құлық керек. Жапан түзде мал соңына ерген жалғыз қараның күні кеткен. Кәзір комплекс келді. Оған мәңкөсе де, қу да, сұм да, сен сияқты адал ақымақ та келіп жатыр. Солардың ортасында менің орным бар ма, жоқ па? Болса қандай?.. Тағы да салақтап қой соңына еру ме?.. Үндемейсің, о?.. Ендеше, "Аязби әліңді, құмырсқа жолыңды тап!"..
А с а н. Е, түсінікті болды. Мен де біреуге жол сілтемекпін де!.. Атаның аруағын, әкенің батасын қорлаған сен сияқты бір аярға Иса айтқан екен:
Әкең жақсы кісі еді жамбас жеген Жақсыдан жаман туса оңбас деген. Жатырдан бір кінарат кеткен шығар, Иттің боғы қылшықсыз болмас деген!.. — деп. Сатан дауа жоқ екен!..
Тым-тырыс. Үшеуі де орындарынан атып тұрып тұрған. Үшеуі де состиып қалған. Меруерттің көзінде тіксіну бар. Мұраттың жүзінде қорлану, ыза бар. Ағынан айтса да, артығырақ айтқанын сезген Асан да дағдарып қалып еді. Меруерт Асанның қасына келді. Үн түнсіз біраз тұрды.
М е р у е р т. Кеткенің жөн шығар...сөйт...
Асан Меруертке тандана қарады. Бірақ, оның бет-жүзінен ештеңе оқи алмады. Бірдеме айтқысы келді. Бірақ, айта алмады. Айтпаған қалпы салбырап шығып кетті. Екеуі төбеге ұрғандай тұрып қалған. Бір-біріне телмірген қалпы тұрып қалған. Мұрат Меруерттің шақырайған шаралы көзінен жүзін тайдырып әкетті де, орындыққа сылық түсіп маңдайын ұстады. Басын қайта көтергенде, терезеге телміріп, жылап тұрған келіншегін көрді. Қасына жетіп барды.
М ұ р а т. Неғып тұрсың?..
М е р у е р т. Кетейін деп тұрмын!..
М ұ р а т. Қайда кетесің?
М е р у е р т. Білмеймін.
М ұ р а т Меруерттің тізесін құшып отыра кетті.
Мұрат. Айналайын!.. Садағаң кетейін!.. Өмір-бақи құлың боп өтейін!.. Табаныңды жалап өтейін!.. Бір тілегімді берші!.. Айналайын, кетпеші!.. Меруерт міз баққан жоқ. Жүзі де сынбады.
М е р у е р т. Тұр.. (Мұрат тұрды). Сен маған құл болмай-ақ қой!.. Әйелге құл болған еркек өмірден барқадар таппайды. Саған енді қайрат керек! Сен енді атам мен апамды ойла! Өзіңді ойла! Қолыңнан келсе, өзгені де ойла! Мені ұмыт! Мені ұмыту саған онша қиынға түспес!..
Меруерт кілт бұрылып шығып кетті. Мұрат есікке дейін ере барған.
М ұ р а т. Меруерт!.. Ме-ру-ерт!..
...Рюкзагын арқалап үйден жігіт Асан шықты. Ақ таяғын ұстап, көкжиекке телмірген Асан шалдың қасына барды.
Ж і г і т А с а н . Ақсақал!.. (Асан шал жауап қатпады). Ақсақал, менің сізге айтарым бар еді... (Асан шал жауап қатпады). Ақсақал!.. Бір айдай дәмдес болдық... Бір ай қасыңызға еріппін. Бірақ, мен сізге серік бола алмадым. Мен сізді алдаппын... Мен нашар Асан болып шықтым... Кешіріңіз...
Ш а л Асан. Шырағым, қысқа ғұмырды бір-бірімізден кешірім сұраумен өткерсек не болғанымыз?!. Кешірмесек тағы кім болғанымыз?!. Сезем, ұлым!.. Мен бәрін де сеземін!.. Ақ жүрегіңді бекер күдікпен күпті қылма!.. Ақ пейіліңді нақақтан лайлайтын мен емес!.. (Ақ таяғын жігітке ұстатып). Қалған қысқа ғұмырға маған мұның қажеті бола қоймас! Мен енді қайда ұзар дейсің?!. Қара орманға қазық болмасам да, сары ауыз балапандай әлі де маған ауыз ашқан шаңырағымда пенде бар, соны ұясынан ұшырмай мен енді жұмаққа құса да үй жықпайтын шығармын!.. Тек, адамды ақ таяқ қана асырайды деп ойлама, ұзын жолға таяныш болмаса да ақ шәулі боп өтем деме, қанаты талған қара бүркітті де есіңнен шығармасаң бопты да!..
Ж і г і т А с а н . Ақсақал! Біз әлі кездесеміз ғой! Мен сізді қайтсем де тауып аламын!..
Сол күні кар жауған. Сол күні қараша қаздар қайтқан. Шұбар шымылдық жамылған көкжиектің етегі қызыл мұнарт еді. Қызыл мұнарт көкжиекті күннің қызыл шар табағы тесіп кіріп бара жатқан. Күннің қызыл шар табағы қараңдап екі адамның көлеңкесі кетіп бара жатқан. Иегімен көк тіреген тәкаппар шал екі адамның күн бетіндегі нобайын шығарып салып тұр еді...
Жігіт Асанның дауысы . Ақсақал!.. Мен сізді қайтсем де тауып алам!.. Тауып алам!..
...Шұбар шымылдық жамылған алагеуім дүние. Алагеуім дүниені ән тербетіп тұрған!..
...Қараша қаздар самғады,
Базарын жаздың сағынып.
Қараша қаздар самғады,
Қыраудан моншақ тағынып.
Қаздардың күзгі саздарын
Әкетер алыс қара жел.
Жүректің күзгі наздарын
Көтерер ме екен қара жер?!
Балауса жүрек бұлқынса,
Құлпырар жазда түз гүлі.
Балауса сезім бір тұмса
Қарымас па екен күз күні?!
Найзағай менен махаббат,
Жазира жазға жарасқан.
Күтемін сенен мархабат,
Жаңбырлы күзгі қара аспан.
Қараша кетпей кар алмас,
Жерімнің тау мен тастарын.
Қар сызы саған бара алмас,
Жасыма, жүрек, жасқанып.
Қар жатпай қиып кете алмас,
Қараша қаздар мекенін.
Қар сызы саған жете алмас,
Тулама, жүрек, жетеді.
Қараша қаздар қаңқылдап,
Қона алмай жүр мұз көлге.
Туған Жер - Ана — алтын бақ,
Мұз бола көрме біздерге!..
Шымылдық.
Ескерту: Өлеңді ақын Асқар Егеубаев пьесаға арнап жазды.
1976ж.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі