Драмалық повесть
Басты кейіпкерлер:
1. Әбдікерім — болыс, 40 жаста
2. Мұса — төбе би, 44 жаста
3. Сұлтанмахмұт-ақын, 23 жаста
4. Бағила — Әбдікерімнің қызы, 17 жаста
5. Қапиза — тоқал, 20 жаста
6. Тортай қажы — 70 жаста
7. Бағдат — Әбдікерімнің қызы, 15 жаста
8. Күлән-болыстың бәйбішесі, 35 жаста
9. Баян — үй қызметшісі, 50 жаста
10. Есімхан — ел ағасы, старшын
11. Әзімхан — старшын, пысық
12. Жүсіп-Тортайдың саңырау ұлы
13. Ру басы, старшындар, жігіт-желең, қыз-қырқын, айтыскерлер
БIPIHШI БӨЛIM
Бірінші көрініс
Алтайдың әдепкі бір көрінісі болса керек. Жаз болса керек. Жайлау болса керек. Тортай қажының ауылы. Домбыра тыңқылдатқан, ән салған жігіт-желең, қыз-қырқын. Орталарында сақа қатындар да жүр. Солардың басы — Күлән бәйбіше, жүрісі паң, жүзінде кекесін. Табақ тартып желіп жүрген Баян қасынан өте бергенде:
КҮЛӘН: Қылығы бүтін қыз емес, байы өлген қатынға да ұлыжіңгір той жасап Қажекең алжасқан шығар!
БАЯН: Қыз болмаса да қылығы екеумізден тәтті шығар, бәйбіше!
Бәйбіше оны ала көзімен атып шығарып салады. Осы кезде домбыра ұстаған Бағдат келеді. Алқа-қотан отырған жігіттер ошарыла қараған. Ортада отырған ақын сүрей домбырасын қағып-қағып:
АҚЫН:
Желпіндірші ағаңды айналайын,
Желікті деп ойлама жазатайым
Жүзіңді толған айдай кір шалмапты-ау
Жақындашы тым құрыса аймалайын!
БАҒДАТ:
Жапсырғаны бұтына кір тәйтері
Жабағы бет, жарбайған бұл қай пері?
Жұмыртқадан жүн алған жырынды ма,
Жынды ит қосса шіркінге қайтер еді!
АҚЫН:
Қырсық сөз ұрғашыға жарамаушы ет,
Қыз көңілі ондайға дауамаушы ет
Қоссаң қос бөрбасарың мендей шығар
Қазірде ит те итті таламаушы ет!
БАҒДАТ:
Байқаймын, маңда тілге ісімерсіз
Бекерге бәйек болып кісінейсіз
Бөрінің қан шырындай іш тастаған
Бұйырса түбі сіз де кісі жерсіз!..
КҮЛӘН: Бағдат!.. Бассыз үйдің иті осырақ деп, тапқан екенсің дуалы ауызды! Қайыршыға қайран сөзіңді қор қылмай теңіңді тап!..
Бәйбішенің қаһары сауықшыл жұрттың сағын сындырғандай болып еді, бірақ дарақы ақынға тоқтау жасай алмаған сияқты.
АҚЫН:
Жеті батпан жеңгеміздің сөзі де
Жарым сөзден жай түюші ем езім де
Қаратайға қатын болып түскендей
Қыз кәдірін білмеп пе едің кезінде!..
Сойған қойдай қос бұтыңды керіп сап
Ағамыз да бүктемеп пе ед өзіңді?!.
Бәйбіше шоршып түскен. Мәз болған жұрттың дырдуына саңырау Жүсіп келіп:
ЖҮСІП: Ой, әкең!.. Не боп қалды ей?!. Не боп жатыр?!
ЖІГІТ: Қырғын!.. Қырғын басталды!.. Шапан жап ақынның иығына!.. Шапан!..
ЖҮСІП: Шапан?.. Шапан деймісің?!.
Жүсіп үстіндегі тойға киген шапанын ақынның иығына жабады. Шешесінің кегін жібергісі келмеген Бағдат:
БАҒДАТ.
Божбан да емес, азбан да емес – дүрегей
Бұғып-шатып, мынау не деп үреді-ей?!
Бұт жаппайтын шапанды да дәулет деп
Бақа терген балшық судан шүрегей!..
Қос құлағы тебіңгідей қалқайып
Қотиынның мәз болуын марқайып
Айналшық пен суағардан шықпадың
Қанша қыздың иәскеп ең сарпайын?!
Қарқылдап күлген, тарқылдап күлген жігіт-желең, қыз-қырқын. Осының үстіне Бағила шығады.
БАҒИЛА: Бағдат!.. Тоқтат!..
Айтыс осымен тоқтаған сияқты еді. Шымылдықтың ар жағынан Қапизаның зарлаған дауысы естілді:
ҚАПИЗА:
Екі жыл қимай күткен қайын енем
Қай жерде қалғаны бар көңлің менен
Саңыраудың өзі түгіл атын айтсаң
Шошиды тітіркеніп бүкіл денем
Жазаңды ақыретте құдай берсін
Жер болып жетім-жесір жылай берсін
Жиылып бәрің бірдей мені жеңсең
Ел-жұртым қандай ерсің, қандай ерсің
КӨСЕ: Әй, мына қарды қақсатпай некесін қиып қоса салмайсыңдар ма. Молдекең де осында. Әлгі Жүсіп қайда?
ЖІГІТ: Жүсіпті кітапқа жұмсап жібердік. Кітапқа!..
КӨСЕ: Ол келгенше қарап отыра береміз бе? Ең болмаса бетін ашайықта. Неке қайда қашар дейсің!
ЖІГІТ: Бетін ашатын қыз емес қой.
КӨСЕ: Қыз болмаса да қызығы мен қызуы таусылмаған құлық емес пе. Баста ақыным!
АҚЫН:
Кейкимей-ақ Қапиза бермен келші
Ыздиып оң аяқпен отауға енші
Екі байға тисең де ескірмессің
Иіліп мынау жұртқа сәлем берші!
Қойнында саңыраудың жат та жырға
От алған абысынның бетін тырна
Байыңа шыр бітірмей күнде қақтап
Көнбесе кете бергін төбеге ұр да!
Жырқылдап күнде ымыртта сауық құр да
Байласа да безектеп үйге тұрма
Қайын менен құрдастың сұбабын ал
Жыл сайын егіз-егіз бала ту да!
Өлсең де қайнағаға төрді берме
Көршіңнің шәй-суанын құр жіберме
Бірді шаптап, біреудің күлін таптап,
Ақылын қайнатаңның тыңдай керме!
Ұрлық қылсаң пендеге көрсетпегін
Күн сайын мөшек-мөшек есек тергін
Ағайын мен алысты қырық пышақ қып
Бұдан да өз пайдаңды есептегін!..
Байтал едің әу баста қоңыраулы
Қулығында қақтатқан омырауды
Сауырлайтын бізде де сәуірік бар
Менсінбесең әумесер саңырауды!
Киіз, кілем көтеріп шыққан бір топ қатын.
БАЯН: Аузыңның ішіне... албасты қонақтап кеткен бе?! Жесірді табаласаң, жетіскен екенсің! /жігіттерге/ Былай тұрыңдар, кісілер келе жатыр!..
КӨСЕ: Қысыр қатын байға тиеді деп бүкіл ұрғашы жынданған ба!
МАХМҰТ: Түсінсем бұйырмасын. / Күләнға / Жеңеше, бұл не той, Қапизасы кім?
КҮЛӘН: Бүкіл Қаратайды етегімен былғаған бейбақ еді, енді саңырауға тимеймін деп кертиетін көрінеді. Битті білекке сіркелі жең, бағы енді жанатын шығар!
БАЯН: Қайран Қапиза! Қыз болып қызыққа тоймай, бой жетіп қалыңдық ойнамай, қатын болып та қазан ұстамай, қор болып тоздың-ау /киіздің шаңын Күләннің алдына бұрқ еткізіп/ Жігіттің көркеміне лайық осы елдің ажарлысы еді. Бесігінде Қажының баласына айттырған екен. Он жақта отырып құрсақты болыпты да келген соң кәдірсіз келін атанды. Жығылғанға жұдырық, сүрінгенге сүймен, он сегіз жасында байы өліп жесір қалып еді, жуырда жалғыз ұлын тағы да топыраққа берді. Өсек пе, қайдан білейін, қайын атасы арғы бетке кетпек дейді. Қапиза оған көнбесе керек. Жесір қатын жырылып қалып қойса мал-мүлкімді жырымдайды деп Қажы саңырау ұлына қоспақ болып жатыр.
МАХМҰТ: Япырай, обал деген қайда? Игі-жақсылар не қарап отыр?!
БАЯН: Ұзатыларда пана болмаған сүйгенін жыр қылып, тірідей өз жоқтауын өзі айтып, мұқым елдің сай-сүйегін сырқыратып еді. Сүйгенінің кім екенін күні бүгінге дейін өзінен басқа еш пенде білмейді.
МАХМҰТ: Ол да бір сорлы болды ғой.
БАЯН: Бақытын бақпаған момын ба, әлде атағын сақтаған игі-жақсының бірі ме, оны да кім білсін.
Аузыңды жап дегендей Күлән кілемнің шетінен тартып қалады, тазалап отырған Баян ұшып түседі.
БАЯН: Көтек! Албасты кепті!..
Махмұт жұрттан шеттеп барып отырады. Домбыра шерткен, сыбызғы тартқан, ән салған жастардың дауысы.
МАХҰТ: Әні зар, күйі шер, өзені тентек, өзі қоңыр момын ел, сенің де қайғысыз жатып, мұңсыз өретін мұнарсыз күнің болар ма екен? Көште туып, көште өліп, іңгәсі мен жаназасын аттың жалы, түйенің қомында өткерген қайран қазаққа жаратқанның бөліп берер осыдан басқа сыбағасы жоқ па еді?! Қайғымды басам ба деп келіп едім, қасіретіңді арқалап қайтпасам жөн еді!..
Бағила келеді. Жөтеліп отырған Махмұтқа орамал ұсынады.
БАҒИЛА: Ақын аға, көптен бой тасалай беретініңіз қалай? Қыз-бозбала сіз деп жиналады, қымыз сіз деп ішіледі, қызуы сіздікі, қызығы көптігі болса деп едік. Әлде сүйіспей жатып суыстық па?
МАХМҰТ:
Орамал бердің ал еске
Жүрегім сізден өшпеске
Достық жібін шешпеске
Күннің нұры сөнгенше
Қараңғылық көмгенше
... менен осыдан артық не тілейсің, Бағыш? Осыдан артық жарымжан ақын жартыкеш жаныңды несімен жұбатқандай? Өзің дуанасың, кімге пір боласың деген екен. Тағдырдың маған артқан қасірет жүгін бөліп-жарғаныңа рахмет, тек бойымдағы дертімді бөліспей-ақ қой. Қызға қырық үйден тиым дегенді ұмытпа. Есер етегіңді аңдыса, ел өсегіңді бағады.
БАҒИЛА: Бұл елді жат екен деп жатырқамаңыз. Сіз осында келерде әкем Қаратайдың игі -жақсыларына ескерткен: Махмұт қай ауылға түссе де жүздерің жарқын, төрің төсенішті болсын, қыз-бозбаланы қамап ұстамаңдар, ақынның әр күні ойын-сауықтан құр кетпесін деген. Әкем болыстығынан серілігін бұрын өткізетін кісі. Құлқы бар құлды да қой соңына салған емес.
МАХМҰТ: Мені осында шақырғанда бала оқытасың, жастардың сауатын ашасың деп еді. Әуелде Әлихан мен Міржақып ағаларымыздың өтінішімен жасалған ишарат па деп едім. Ниетінің басқа екенін енді түсініп жүрмін. Боз биенің сүтіне шомылдырып, қара биенің сары тосабын аузыма тосқанда дертіме шипа болсын деген шығар. Өз туғандарым өңезді іркіті мен құрттаған айранын қимағанда, бұл қазақ естіп көрмеген мәрттік! Бірақ, менің дауам сенсің, Бағып!
Керіп жүрсем — күндеймін
Көрмей жүрсем — түндеймін
Қимақ түгіл жат жаннан
Көлеңкеңді күндеймін
Сірә да жалғыз мен емес
Сенсіз де дүние кең емес
Дертім қатты өлемін
Өзіңнен басқа ем емес
БАҒИЛА: Махмұт аға, ақындықтың арқасы, өлеңнің арқауы өлім емес еді ғой. Таңғы асты ішіп отырып та кешкі атау керені ойлайтыныңыз не? Мен сізден барымды аядым ба? Бармақтай бақ берсе, оны да сіз үшін құрбандыққа қиюға әзірмін. Тек бір ғана айтарым: әкеден жұққан мінез бе, әлде жаратқан маған күрсіну мен көз жасын қимаған ба, басыма не күн туса да жасығаннан жылайды, сипағанға қулайды деп ойламаңыз.
МАХМҰТ: Бәрі рас. Тек алты алаштың қамы үшін, азаматтың жаны үшін қарақан басын отқа да айдап, оққа да байлап арпалысқан ел ағасына: атастырып қойған қызыңды маған бересің деп алдынан өтуге ұятсыз бет керек шығар. Ағайын арасына от тастау деген осы емес пе. Мұнын жаулықтан несі кем?
БАҒИЛА: Қызды кім айттырмаған. Құда түскен арғы беттің текті бір тұқымы деп еді. Атам марқұм уәдесін бергенмен, әкем кәдесін алған жоқ. Аймандай атым, Ақжүністей затым болмаса да алаштың бір азаматына қатын болуға еркім бар шығар. Дауға бітім, жауға тосқауыл болып құрбандыққа кеткен қазақтың талай ұрғашысынан жаным артық демеймін, бірақ, осы бір жіптің күрмеуін шешуді менің өзіме қалдырыңыз... Жүріңіз, отырғанмен жер тартылмас, опынғанмен шер сарқылмас!..
Осы дырдудың үстіне Қажы келген.
ТОРТАЙ: Тоқтатыңдар мынау жын ойнақты!
Қапизаның дауысы:
Екі жыл қимай күткен қайын атам
Осы ма сонда берген алғыс батаң
Өлсем де отқа күйіп, суға батып
Қойнына саңырау иттің қайтып жатам?!
ТОРТАЙ: Тоқтат!.. Сорды бейбақ! Өсегің таусылғанымен өлеңің таусылған жоқ па еді?! Зарыңды маған емес, құдайға айт! Құдайға!
КӨСЕ: Бәрекелді!.. Қажекең де келді. Молда да осында. Неке суын әкеліңдер!.. Әй, әлгі Жүніс қайда?
ЖІГІТ: Ол кітапқа кеткен. Кітап әкелем деп кеткен!
Осы кезде жұрт шу ете қалады. Әлімхан саңырау Жүсіпті арқалап келіп ортаға тастай салады.
БАЯН: Мына сорлыны өлтіріпті ғой! Өлтіріпті!..
КҮЛӘН: Қол қатқан кім болды екен?
ӘЛІМХАН: Қорықпа, бәйбіше. Қажының бұл жолғы дауы орыстарда. Бес қазақ-орыс итше тепкілеп, астындағы атын аударып алыпты. Сірә, будан бір нәрсе сұраса керек, мұның тас керең екенін қайдан білсін. Өзін арашалап қалғаныммен атын қайтара алмадым.
ҚАЖЫ: Атқа келген зауал ма, ажалына келген зауал ма?!
ӘЛІМХАН: Біреуін ептеп танимын, ол да мені таныды да қару көтеруге батпады. Бесеуі де мұжық киімін киген қазақ-орыстар, ішінде кіші әписері де бар.
ҚАЖЫ: Бүгін саңырауды сабаса, ертең сауыңа мылтық кезенді дей бер!
Құлан Жүністің бетіне су себеді. Есін шала жиған Жүніс жынданған адамдай атып тұрып, айғайын салып тепкіленеді.
ЖҮНІС: Кетіңдер!.. Оттыбоямайт!.. Кетіңдер!..
ӘЛІМХАН: Әй, Жүніс! Ойбайламай тоқта!..
ЖҮНІС: / жан-жағына алақтап, жұртты танған соң / Ойбай-ай, ойбай! Ивандар сабап кетті ғой! / түкіргенде бір тісі алақанына түседі / Ойбай-ай, айттым ғой, жағым да сау емес деп!.. / Махмұтты көріп / Молдеке! Кітап!.. Неке қиыр!.. Міне кітап! / қойнынан кітап алып ұсынады / Оқыңыз!.. Қатты-қатты оқыңыз!..
МАХМҰТ: Кітабы несі?.. Некесі несі?:
БАЯН: Теке сасыған бейбақ! Сенің де тектіден үмітің бар-ау!
КӨСЕ: Молдеке, оқып жіберіңіз! Сұрауы жоқ, сұбабы сізге!
Жұрт қаз тізіліп отыра қалысады. Махмұт кітапты қайтарып беріп:
МАХМҰТ: Көзбе-көз тиемін деген сөзі болмаса неке қиылмайды.
ЖҮНІС: Не деді? Қиямын деді ме?
КӨСЕ: Иә, қиямын деді. Неке суын әкеліңдер!
МАХМҰТ: Мен сырттан неке қия алмаймын!
КӨСЕ: / Махмұтқа / А-а?.. / көпке / Не дейді? / Қажыға / Мүйізі қарағайдай молдалар да басқа үйде отырып-ақ оқи беретін еді ғой.
ЖІГІТ: Ау, байы өлген қатыннан да ризашылық керек пе?! Бұл қайдан шыққан рәсім?!
МАХМҰТ: / Қажыға / Сіз ғой Меккеге барып қайттыңыз?
ҚАЖЬІ: Бардым.
МАХМҰТ: Қаражат шап қайттыңыз?
ҚАЖЫ: Шаштым... Шариғат жолына.
МАХМҰТ: Қаражат шашып қажы болдым, сонымен шариғат жолын сатыл алдым дейсіз ғой?!
ҚАЖЫ: Шырағым, Меккені Керекудің базары деп отырсың ба? Әлде құдайға құлшылық еткеннің бәрі құныкер деп пе едің? Меккеге барғаным рас, мешіт салуға ақша бергенім де рас. Мәгәрки соны сауда десең, не сен сау емессің, не мен сау емеспін. Сауатты дегенге сандала беріп, көзі ашық дегенге көки беріп кунәһар болмасақ қайтеді!
МАХМҰТ: Сау адамды кемтарға зорлап қосқан да шариғат жолына жата ма?
ҚАЖЫ: Шариғат жолы тек қазаққа ғана жазылған деп кім айтты? Қазақтың қатыны мен төсегін аңдыса шариғатта қасиет қала ма!
КӨСЕ: Шариғатпен, болмаса болысымен қорқытпақ қой. Соқыр кісі сыбдырынан танитын болысты молдекеңнің көмейінен көріп отырған жоқпыз ба!
МАХМҰТ: Мейлі, шариғат жолын тәрік қылсаңыз, мейірім, адамшылық жолы қайда?
ҚАЖЫ: Оны болысыңнан сұра. Кезінде қара бастаған қырық сегізімнің бодауына босағама құлынды бие байлап кетіл еді. Енді соны да көпсініп, сілекейін даулап жүргеннен сау ма?
МАХМҰТ: Мен дау қуған адам емеспін.
ҚАЖЬІ: Дау қуған жау қуғаннан жаман. Жау қусаң не жеңесің, не өлесің. Даудың түбі жоқ, жау көбейткеннен басқа басыңа дауа таппайсың. Алмағайып заманда албастының бәрі әулие деуші еді, ақылың озық па, ақындығың озық па, оны да біле алмай отырмын. Шартын білмей жатып шариғатпен алыспа, жасыңды білмей жатып бәлиғатта адаспа. Сенің басың әрде тұр, менің басым көрде тұр. Таңдамақ шарға мен сенен бұрынырақ жететін шығармын. Күнәңді арқалап мен кетпейін, обалымды арқалап сен қалма!
Қапизаның дауысы: / шымылдық ішінен / Жіберіңдер! Босатындар! / жұлқынып шығып / Молдеке, оқи беріңіз! Оқыңыз! Тек мына суға дуға емес, у қостым деп оқыңыз!.. Шариғат жолына сыймай тұрмын! Адамшылық жолы маған арам екен! Ендігі қалғаны тек ақирет жолы шығар! / қыл арқанды мойнына салады /.
МАХМҰТ: / Арқанға жармасып / Өзіне өзі қол қатқан жаназасыз көмілмек. Өзіне өзі қол қатқанды көре тұрып араша түспеген де күнәхар! Мына тұрған бәрімізді имансыз қалдырғың келмесе, арқанды маған бер! / арқанды тартып алады /.
ҚАПИЗА: / Махмұтқа / Қорқамын деңіз?! / көпке / Қорқамын деңдер?! Бұл дүниеде обалды білмегенде, о дүниеде иман керек болыпты-ау!..
МАХМҰТ: Мен саған шариғат жолымен бостандық бердім. Қалғанын билер бекіткен құрылтайдың заңы шешеді.
ЖІГІТ: Не дейді?
КӨСЕ: Не деуші еді, болыстың шығарған киіз кітабына сілтеп тұр да!.. Қайран мал!..
ЖҮНІС: / Көсені жұлқылап / Не дейді?! Мал дей ме?! / жүгіріп барып әкесін жұлқылап / Мал деп жатыр ма?!
ҚАЖЫ: Мал!.. / Жүністі итеріп жіберіп / Мал!.. Адамын алып, малын қалдырғандай маңдайым неткен майлы еді?!.
ЖҮНІС: / Қапизаны жұлқылап / Арыстай інімді жұтып едің, енді ақ малымды жұтайын дедің бе?! Жер-көкке сыймаған әлде қар!..
Махмұт араша түсіп Жүністі ажыратпақ болады. Осы кезде Мұса келеді.
МҰСА: Махмұт!.. / Жұрт тым – тырыс / Сені болыс іздеп жатқан көрінеді. / Махмұт шығып кеткен соң / Ассалаумағаләйкум, Қажеке!
ҚАЖЫ: / бұрылмастан, қозғалмастан / Ә, төбе би?! Әлей болсын!.. Төбе би ауыл арасында жүре бермейтін, ағайын дауына жүгіре бермейтін еді ғой. Тыныштық па?
МҰСА: Мынау өртеніп тұрған заманда, ер-азамат от кешейін деп тұрғанда тыныштық қайдан болсын. Оның үстіне жер дауы және жағаласып... Переселен басқармасының мәслихатынан оралып келе жатып жолай соққаным да. Оның үстіне игі-жақсылардың бәрі осы ауылда көрінеді. Болыстың да айтқан сәлемі бар еді, оны өз аузынан естіген шығарсыз.
ҚАЖЫ: Көрдім. Ишаратын берген жоқ. Аузы дуалы деп сенің артыңа тығылғаны шығар. Әбдікерім болыстығын жұмсап отыр ма, ағайыншылығын алдына салып отыр ма?
Мына жұрт кетсін дегендей Мұса көпшілікті көзімен сүзіп шықты. Емеурінді түсіне қойған Қажы сол көпті иегінің ызғарымен таратқан. Екеуі оңаша қалған соң...
МҰСА: Сізді арғы бетке кетейін деп жатыр дегенді естідік. Бөтен жердің нуын жұрттағанша аздаған малдың бақайың құрттап ел ішінде отырғаныңыз жөн еді ғой.
ҚАЖЫ: Оның рас. Барымды құдай жолына құрбан етіп иман тілеп едім, маған біткен бақ -дәулет те сол азғантай малмен біткен шығар. Алты аласы, бес бересім жоқ арғы беттің Абақтарын қойып, өз ағайыным — Марқаға барып сыйсам да жарар. Қоң етін кесіп бермесе де терең қазып, тепкілеп көметін мұсылман табылар деп отырмын.
МҰСА Көшсек көлігіміз бір, қонсақ көңіліміз бір болсын деп болыс сізді қоңсылыққа шақырып отыр.
ҚАЖЫ: Көшке ере алмайтын, жұртта қала алмайтын жасқа келгенім рас. Болыстың қанатының астында болғаным жақсы-ау, бірақ елің мені санатқа қосар ма екен? Түбі келімсек едім, зорлықпен телінген ағайын да асыранды күшік сияқты, итаяқ басында талана беретінін неге ескермеген?
МҰСА: Жат жұрт талағанда да жарамызды жалап жазған Қаратай едік, ағайынның азуын қағуға да шамамыз жететін шығар. Көңліңізде қыжыл барын білемін, сол запыранды көкіректе сақтай бермей лоқсып тастайтын да уақыт жеткен жоқ па.
ҚАЖЫ: Ескі жараны қозғап қайтеміз, жаңасының өзі де қажытып болған жоқ па. Өмірден құйрық-жалсыз етіп барам, артымда ақымақтан болса да тұяқ қалса деп едім.
МҰСА: Болыстың тағы бір сәлемі де осы. Жылатпаса екен деп еді...
ҚАЖЫ: Түсініп отырмын. Бүгін саңырауы сауырлап қуса, ертең кереңі кісінеп шайнайды дегені ғой. Алтай асып шиырлап, арамтер болғанша, манадан осыныңды тұра айтпадың ба. Есерден ессіз тұқым алғанша, естінің есігінде жүргені де дұрыс шығар. Қыз соңынан ермейтін қазақ, келіннің қосына жармасып қоңсылық сұрамайтынын да Әбдікерім есепке алып отыр-ау. Өйтпесең орыстың отын, қазақтың қазанын жалаңаш қолмен қатар сапырармысың! Болысыңа айта бар: жылатпаймын, қор қылмаймын десе қолымнан келіп алсын. Тойын жасап, қыздай қылып ұзатамын. Болмаса осы той сонікі. Егер болыс басына осыны намыс көрмесе, мен де сертімді бұзбадым.
Екінші көрініс
Баяғы сол сахна. Әбдікерім жалғыз. Қолында домбыра. Бір әуенді толғап отырған.
Әбдікерім:
Алаштан араздықпен ауғаным жоқ
Ант бұзып, ар-намыстан азғаным жоқ
Ақ семсер, көк найзаның күні қайда
Айқасын, ат салысар ауданым жоқ
Алашым әр Алтайдан көшер ме екен?
Аруақ амалсызды кешер ме екен?
Аңырап бордай тозған қайран жұртым
Артында ұрпақ қалып өсер ме екен?
Алашқа мекен болған өр Шабанбай
Аң құрлы қойнауыңнан жер таба алмай
Армансыз, тексіз туған кембағалдай
Ах ұрдым қарындасты мен баға алмай!
Қырдан да, қырымнан да пана көрмей
Жатқа да, жақынға да баға бермей
Баспын деп бір тайпа елге мәз болыпты
Азабың алда шығар қалсаң өлмей!..
МҰСА: Махмұт!.. / Жұрт тым – тырыс / Сені болыс іздеп жатқан көрінеді. / Махмұт шығып кеткен соң / Ассалаумағаләйкум, Қажеке!
ҚАЖЫ: / бұрылмастан, қозғалмастан / Ә, төбе би?! Әлей болсын!.. Тебе би ауыл арасында жүре бермейтін, ағайын дауына жүгіре бермейтін еді ғой. Тыныштық па?
МҰСА: Мынау өртеніп тұрған заманда, ер-азамат от кешейін деп тұрғанда тыныштық қайдан болсын. Оның үстіне жер дауы және жағаласып... Переселен басқармасының мәслихатынан оралып келе жатып жолай соққаным да. Оның үстіне игі-жақсылардың бәрі осы ауылда көрінеді. Болыстың да айтқан сәлемі бар еді, оны өз аузынан естіген шығарсыз.
ҚАЖЫ: Көрдім. Ишаратын берген жоқ. Аузы дуалы деп сенің артыңа тығылғаны шығар. Әбдікерім болыстығын жұмсап отыр ма, ағайыншылығын алдына салып отыр ма?
Мына жұрт кетсін дегендей Мұса көпшілікті көзімен сүзіп шықты. Емеурінді түсіне қойған Қажы сол көпті иегінің ызғарымен таратқан. Екеуі оңаша қалған соң...
МҰСА: Сізді арғы бетке кетейін деп жатыр дегенді естідік. Бөтен жердің нуын жұрттағанша аздаған малдың бақайын құрттап ел ішінде отырғаныңыз жөн еді ғой.
ҚАЖЬІ: Оның рас. Барымды құдай жолына құрбан етіп иман тілеп едім, маған біткен бақ-дәулет те сол азғантай малмен біткен шығар. Алты аласы, бес бересім жоқ арғы беттің Абақтарын қойып, өз ағайыным — Марқаға барып сыйсам да жарар. Қоң етін кесіп бермесе де терең қазып, тепкілеп көметін мұсылман табылар деп отырмын.
МҰСА Көшсек көлігіміз бір, қонсақ көңіліміз бір болсын деп болыс сізді қоңсылыққа шақырып отыр.
ҚАЖЫ: Көшке ере алмайтын, жұртта қала алмайтын жасқа келгенім рас. Болыстың қанатының астында болғаным жақсы-ау, бірақ елің мені санатқа қосар ма екен? Түбі келімсек едім, зорлықпен телінген ағайын да асыранды күшік сияқты, итаяқ басында талана беретінін неге ескермеген?
МҰСА: Жат жұрт талағанда да жарамызды жалап жазған Қаратай едік, ағайынның азуын қағуға да шамамыз жететін шығар. Көңіліңізде қыжыл барын білемін, сол запыранды көкіректе сақтай бермей лоқсып тастайтын да уақыт жеткен жоқ па.
ҚАЖЫ: Ескі жараны қозғап қайтеміз, жаңасының өзі де қажытып болған жоқ па. Өмірден құйрық-жалсыз өтіп барам, артымда ақымақтан болса да тұяқ қалса деп едім.
МҰСА: Болыстың тағы бір сәлемі де осы. Жылатпаса екен деп еді...
ҚАЖЫ: Түсініп отырмын. Бүгін саңырауы сауырлап қуса, ертең кереңі кісінеп шайнайды дегені ғой. Алтай асып шиырлап, арамтер болғанша, манадан осыныңды тұра айтпадың ба. Есерден ессіз тұқым алғанша, естінің есігінде жүргені де дұрыс шығар. Қыз соңынан ермейтін қазақ, келіннің қосына жармасып қоңсылық сұрамайтынын да Әбдікерім есепке алып отыр-ау. Өйтпесең орыстың отын, қазақтың қазанын жалаңаш қолмен қатар сапырармысың! Болысыңа айта бар: жылатпаймын, көр қылмаймын десе қолымнан келіп алсын. Тойын жасап, қыздай қылып ұзатамын. Болмаса осы той сонікі. Егер болыс басына осыны намыс көрмесе, мен де сертімді бұзбадым.
Екінші көрініс
Баяғы сол сахна. Әбдікерім жалғыз. Қолында домбыра. Бір әуенді толғап отырған.
Әбдікерім:
Алаштан араздықпен ауғаным жоқ
Ант бұзып, ар-намыстан азғаным жоқ
Ақ семсер, көк найзаның күні қайда
Айқасып, ат салысар ауданым жоқ
Алашым өр Алтайдан көшер ме екен?
Аруақ амалсызды кешер ме екен?
Аңырап бордай тозған қайран жұртым
Артында ұрпақ қалып өсер ме екен?
Алашқа мекен болған өр Шабанбай
Аң құрлы қойнауыңнан жер таба алмай
Армансыз, тексіз туған кембағалдай
Ах ұрдым қарындасты мен баға алмай!
Қырдан да, қырымнан да пана көрмей
Жатқа да, жақынға да баға бермей
Баспын деп бір тайпа елге мәз болыппын
Азабың алда шығар қалсаң өлмей!..
Махмұт келеді. Болысты үнсіз тыңдап біраз тұрады.
МАХМҰТ: Дойырдың орнына домбыра ұстапсыз. Бұл да сізге жарасады екен!
ӘБДІКЕРІМ: Сен тұрғанда өлеңді қорлап қайтеміз. Менікі әншейін көңілдің жұбанышы ғой.
МАХМҰТ: Жай шақырттыңыз ба?
ӘБДІКЕРІМ: Алаштың мұңы бір басқа, ағайын мұңы бір басқа. Байы өлген бір қатынның тағдыры Махмұт араласатын дау емес. Бейғам келе жатып аяғыңды балшыққа тығып алғанмен бірдей, былғанышы жұлығыңа жетпесе де жеркеніші тұла бойыңды түршіктіреді. Есіңде болсын, ақынға қалам орныңа қамшы ұстатқым келмейді.
МАХМҰТ: Ал нақақ көзден жас көрсем ше?
ӘБДІКЕРІМ: Ел болған соң жақсысы да, жаманы да, адамы да, арамы да бар. Тек жаманның еншісін жақсыдан өндірем, адалды арамның ырқына көндірем дей көрме... Мынау поштаны қарап шықсын деп шақырып едім. Бөкейханов, Байтұрсынов, Дулатов қазақ жұртына үндеу арнаған екен. Шәкәрім мен Тұрағұлдан хат алдым. Құпиясы жоқ, қажет десең оны да қарауыңа болады. Сонан соң үстіңнен түскен шағым да бар.
МАХМҰТ: Болыстың өзінен басқа ешкімді ренжіткен жоқ едім.
ӘБДІКЕРІМ: Шағым болыстан да жуан бәйбішеден түсті. Сен бұлаудан бас тартты дейді ғой.
МАХМҰТ: Боз биенің сүтіне шомылғандай мен қайдан шыққан ханзада едім?
ӘБДІКЕРІМ: Сен Махмұтсың! Қараңғы қазақ көгіне Өрмелеп шығып күн болам қараңғылықтың кегіне Күн болмағанда кім болам?! — дегенді Махмұт айтты – ау деймін.
МАХМҰТ: Әбеке, естуімше, сіздің де үріп ішіп, шайқап төгіп отырғаныңыз шамалы сияқты. Азғантай сауынның өзі де ағайынның байлап бергені деседі. Ауызға қимай отырған аққа Махмұттың шомылып жатқаны қайдан жұққан кепиет?!
ӘБДІКЕРІМ: Осы елде не бар-менікі. Менде не бар-осы елдікі. Мен мал жиям деген қазақ емеспін, ел жисам деп едім. Петербургтан орман шаруашылығы академиясын тастап кеткенде болыстың мөрін іздеп келгем жоқ. Мені ел ұстап отыр. Ал елді ұстап отыруға менің беделім мен бетім жарай ма, жарамай ма, оған көзім жеткен жоқ.
МАХҰТ: Жетекке жүрмейтін ағайынды ел қылам дейсіз. Қияметте ақыл қоса алмайтын, қиянатта арқасын тоса алмайтын масылдың несі ағайын, жаттан несі кем?
ӘБДІКЕРІМ: Ел ішінде іргесінен итке көлеңке бермейтін кісәпір де бар, көлеңке іздеген көпек иттің көлеңкесінен де пана дәметкен мүсәпірлер де толып жатыр. Кісәпірді күстаналап, мүсәпірді мүскенелей берсең, өзің де ит болып үріп кетпесіне кім кепіл.
... Өмірде неше түрлі уды іштім
Неше түрлі азапқа, жаным, түстің
Ағайынның ішінен ала шықса
Жау ішінде бар ма екен сонан мықтың?
— дегенді де Махмұт жазған. Ағайынды жау деуге аузым бармайды, тек мені шаршататыны да аласы екені рас. Бит басты деп тоныңды отқа лақтырасың ба. Ағайын сені түсінбесе, алдымен өзіңді айыпта.
Әлімхан келеді.
ӘЛІМХАН: Мырза, шақыртқан старшындарыңыз түгел жиналды.
ӘБДІКЕРІМ: Кірсін.
Старшындар келіп жайғаса бастайды. Бірі қақырып, бірі кекіріп, бірі тісін шұқып әбігер.
ӘБДІКЕРІМ: Ту қатынның тойынан тойып шыққан сияқтысыңдар ғой.
ШЕРУШІ: Ту қатын ба, тұмса қатын ба, оның етегін көтерген ешкім жоқ. Білсең өзің білесің де... Жесірдің жетім ақ шалған қызығын да бізге көп көріп тұрсың ба?
Старшындар аузын басып мырс-мырс күлген болады. Әбдікерім мұны көзінің қиығымен байқаған. Өзіне лақтырылған тасты ішімен сезіп тұр.
ӘБДІКЕРІМ: Құлқын кептейтін кейпіміз қайсы?! Самайлар қайда?
ӘЛІМХАН: Тойға жиналғандардың төрт көзі түгел. Қосағаштағылар жер шалғай боп жете алмай қапты.
ШЕРУШІ: Ағайынбыз деп ант беріп кіргеніне екі жүз жыл болса да жаттығын ұмытпайды ә?!.
КӘЛІМ: Самай келмесе шіренетін жөні бар. Арғы бетте құдандалы жекжаты, арқа сүйер он екі ата Абақтар отырған жоқ па!
ӘБДІКЕРІМ: Құйрығыңа қыл батпай отырып от үрлеуге мастақсыңдар! / саусағының ұшымен ымдап / Әлімхан!..
Әлімхан қағаз әкеліп ұсынады. Болыс қарап шығып:
ӘБДІКЕРІМ: Мына түріңмен сен еркек кіндіктіден Қаратайға тігерге тұяқ қалдырмассың!.. Дәулетте қанша түгін бар?
ӘЛІМХАН: Бес жүз.
ӘБДІКЕРІМ: Ол от басы ғой. От басын ұмыт! Мен қара шаңырақты сұрап тұрмын!
ӘЛІМХАН: Бес жүз... / қипақтап / Оны енді... Оны өзіңіз де білесіз ғой...
ӘБДІКЕРІМ: Старшындыққа сені сайладық па десек, сен мені жалдап жүр екенсің ғой. Ағайынның атын аударып алсаң да менің атымды сатады дейді, біреудің қатынын тартып алсаң да болысқа керек деп жүрген жоқсың ба? Біреуі болыс болды деп бүкіл Дәулетке жуандық қайдан келген?!
ӘЛІМХАН: Алла сақтасын!
ӘБДІКЕРІМ: Астында шолақ байталың, басыңа тартсаң балағыңа жетпейтін шолақ көрпең бар еді, аузың асқа, ауың атқа тиіп, дөңгелек дәулет жиылсын. Малсақтығыңды көріп қайран қаламыз, ел ісіне келгенде қайраңдап қалатының қалай? Бар, түзет мынауыңды! Ертең ұлық келгенде бес жүз деп сайрап тұрмасаң болды. Есінде болсын, Дәулетте жүз – ақ түтін, бүкіл Қаратайда екі-ақ мың түтін бар!..
Әлімхан тізімін алып кері қайтады. Старшындар боқшаларынан тізімдерін алып сыза бастайды. Есімхан келеді. Басында қасқыр тымақ, қолында сәліңгірдей қамшы, өлеңдете кіреді: "Торыны талға байлап келген қандай, қойнына торы қыздың кірген қандай"!. Жөнекей старшындардың мойнына асынған боқшаларын қамшысымен бір-бір түртіп:
ЕСІМХАН: Япырай, осы елдің қошқар-текесінің күйегін старшындар киіп алыпты деп еді, құдай ұрғанда келіндер қысыр қалып жүрмесе жарар еді!..
АРАЛБАЙ: Есаға, онсыз да қажып жүрген қазақтың құйрығына қалжуыр байлағанды қойсаңызшы!
ӘБДІКЕРІМ: Ассалаумағалейкум, Есаға! Мына шілденің шіліңгірінде қасқыр тымағыңыз не?
ЕСІМХАН: / тымағын шешіп, ішінен қағаз алып береді / Сен Қаратайдың бүкіл иттерін жинап жатыр деген соң қорқытайын деп киіп едім.
ӘБДІКЕРІМ: / қағазды жүгіртіп шығып / Есаға, жеті ата Шоңмұрыннан бар тапқаныңыз осы-ақ па, әлде Шоңмұрынның қатындары қыздан басқа таппай ма?
ЕСІМХАН: Сол бүкіл Қаратайды ел қылып отырған Шоңмұрынның қыздары екенін ұмытпаңдар!
МАХМҰТ: Есаға, қыздарыңыздың көптігінен екен ғой, бұл елдің әр ошақта қос-қостан тоқал ұстап отырғаны.
ЕСІМХАН: Япырай, молдеке-ай, өсегімізден өлеңіміз қымбат жұрт едік, әр сөзіңді Дәулеттің қыздары тұмар қып тағып жүр деп естідік. / болысқа сынай қарайды /. Бізде жерде жатқан тесік моншақ жоқ. Бірақ, жеті атамызды санап отырамыз: жаманымыз да, жақсымыз да, итіміз де, игі-жақсымыз да. Жеті атаны ұмытқанның жетіскенін қайдан көрдің?.. Исі қазақты атаға телімесең адамшылықтан кетеді, руға телімесең ұраннан жаңылады. Қаратай қаймағы ұйып отырмаса да қайғысымен еншілес ел еді, азаматынан көрі аруағын қатты сыйлайды. Өткенімен өмір сүрген елге үнемі осыны есіне салып отырмасаң ес кірмейді. Бізде бір-ақ заң бар, бір-ақ сот бар, ол — ағайыншылық! Өз қотырын өзі қасып, өз демін өзі жұтқан жұрттың осыдан басқа тәубесі жоқ!
КӘЛІМ: / шиқылдап күліп / Құдай қаласа, Шоңмұрынның тағы бір үш қызына бай табылып қалды-ау!
ШИМОЙЫН: / болысқа / Әбеке, мына Есағаң үш мұжықтың мылтығын тартып алып, өздерін алып соғып, сүндетке отырғызыпты да аттарына теріс таңып қоя беріпті. Сонан ба, қазақ-орыстардың зорлығы жиілеп кетті. Жайлауға арқанмен сүйресең аяқ баспайтын немелер биыл күпінің битіңдей өріп жүр. Қару асынып келеді де жоқ іздеген боп көлгірсиді, көрмедік десек өрістен жылқымызды айдап кетіп жатыр.
ӘБДІКЕРІМ: Рас па, Есаға?
ЕСІМХАН: Баяғыда кержақтар жер үшін қазақтарға бесіктегі баласын беріп жатқанда біздің Жарылғас ауылына қарыздар болып қалған екен. Мен көп болса үш кержақты мұсылман қылып қарызымды қайтарып алған шығармын. Ал мұжықтар ел жайлауға кетісімен землемерді ертіп келіп, бес ауылдың қыстауы мен тебінін кесіп алыпты да діңгек орнатып, тас үйіп кетіпті. Мұжықтар қазақта кеткен қай ата-бабасының қарызын қайтарып жатыр екен?!
ШЕРУШІ: Жерімізге түсті деп өтіріктен-өтірік малымызды қамап, он тұяқтан бір жылқыны ұстап қалып жатыр.
ШИМОЙЫН: Солдатовтың қазақ-орыстары переселендерге мөшек-мөшек оқ дәрі, мылтық таратып жүр. Бұларға топалаң тиді ме, әлде осының артында бір топалаң келе жатыр ма?
АРАЛБАЙ: Қаруды қарға атсын деп таратпаған шығар. Мұжықтардың жанжал іздеп отырғаны рас.
ЕСІМХАН: Шотқа қаққандай сайрайсыңдар, мұжықтың қатындарының қойнынан шыққаннан саумысыңдар?!
ӘБДІКЕРІМ: Атқа қонбай жатып аңғалдық жасамайық. / Есімханға / Кәпірдің үшінші сирағын кесіп тастасаң да мұсылман болмайды. Әзірге жатқан жыланның құйрығын баспалық.
Мұса келеді. Қасында орыс шенеунігі бар.
МҰСА: Жыланның құйрығы Нарыңда, басы Сарымсақтыға жетті. Екі отряд қазақ-орысы, жүз мылтық солдаты бар. Пристав тізім тапсыруға үш күн, жігіттерді жинауға жеті күн мұрсат беріп отыр. Осы мерзімде бұйрық орындалмаса, жеті рудан жеті заложник қаматтырып, елге жазалаушы отряд шығарамын дейді. Жарлықтың кеш жеткенін, елдің жайлауда шашылып отырғанын айтып, осының өзіне де зорға тоқтаттық.
ӘБДІКЕРІМ: Сонша неге кешіктіңіз?
МҰСА: Жер комиссиясының мәслихаты ұстап қалды.
ӘБДІКЕРІМ: Заман апалаң-топалаң болып жатқанда қысып бара жатқан ол неткен комиссия?
МҰСА: Түтін салығынан құтқарамын деп от басын кем жаздырған өзің едің, переселен басқармасы: жан басына шаққанда мұжықтар сыбағасынан күр қалып, қазақтар шалқып жатыр, артық жерді қайта бөлісеміз деп шатақ шығаруда. Мал баққан жұртқа өріс пен шабындық керек, артық жер деп отырғаның Алтайдың шыңы мен тау-тасы деп бұл дауды да кейінге қалдырдық.
ӘБДІКЕРІМ: Былай тартсаң арба сынады, былай тартсаң өгіз өледі. "Соры қалың соққы жеген нышанамыз!"... Патшаның сойылына сауырыңды тосқанын болмаса, арқа сүйер қамалып емес, Қанайдың императоры қиқалап жұтпаса, қиықтың шетін де ұстатпайды. Сорлы қазақты қай аждаханың аузына апарып тыққандайсың?! Жатпен терезең тең түспеген соң көрген күніңді итке берсін-ай!..
МАХМҰТ: Елді көтеру керек! Елді!..
Тым-тырыс. Старшындар жерге қарап мүлгіп отар.
КӘЛІМ: / Мұсаны иегімен нұсқап / Төбе би ыздиып отыр бере ме? Бірдемесін айтпай ма, сосын мына жұрт баратын жеріне қайталай ма?!
САРҒАЛДАҚ: Осы сенде мый жоқ! Кісі аузын жалдап үйренген Шоңмұрынның қой баққан құлына дейін қақпан баспас құлығы бар. Айтар сөзін болыстың аузына салып қойған соң көлеңкеде жатып-ақ үкімге қол қоя береді де. Қашанда Дәулет пен Шоңмұрынның есебі түгел: бірі би, бірі болыс. Дәулеттің қолында қамшы, сілтейтін Шоңмұрын. Ал сен артыңды тоса бер!
АРАЛБАЙ: Ит ерткен қонақтай әне біреуісін салақтатып тағы әкелді / шенеунікті нұсқап /. Мұнысы бізді қорғауға келді ме, қорлауға келді ме? Ушитілі келіп тілімізді бұзып еді, шенеунігі келіп енді дінімізге араласатын болғаны ма?
МҰСА: / шамырқанып / Бес намазды түгел тауысып жүргендей тілің мен дініңді түгендей қалыпсың, алдымен қиюы қашқан тірлігіңді, ашылып қалған артыңды қымтап алмаймысың!.. Кәне, аузыңа қарап отырмыз!..
АРАЛБАЙ: Дуалы ауыз болмасақ та дуананың мұңын айтуға жарар екі елі жыртық бізде де бар. Әуелі айтсам, мына мұжықтардың қиянаты шектен шығып барады. Әйтпесе, алыстағы ақ патшаның жер түбіндегі соғысы қай қазақтың қабырғасын сөккендей?! Ірге қымтасақ, алдымен осыдан басталық та.
МҰСА: Бастасаң неғып отырсың?!
АРАЛБАЙ: Кеше ғана пұшпақ-пұшпағымызды і тұнтырайтып кесіп әкеткенде пұшайман болып бір қалдық. Енді жамбасымыздағы тулақтай қонысымыздан төңкеріп тастағалы отырған жоқ па!
КӘЛІМ: Біз сияқты ұсақ-түйектің ояз бен күбірнатыр, мирабай содияға аты да, хаты да жетпейтінін білетін сияқты. Әйтпесе, тұяғы түгел, іргесі бүтін Шоңмұрын мен Дәулет секілді қос жуанның маңынан неге жүрмейді? Жүрмек түгілі, ана отырған Есімхан үш мұжықты бақыртып пішіп тастағанда да бір орыс қыңқ етті ме? Біз сөйтіп көрелікші?!.
ШИМОЙЫН: Е, сен сорлы қатқаны сөйте қоярсың! Алдымен өзіңді қайта пішіп, кінәңді артынан барып тексеретін шығар! Тексере қойса де!..
МҰСА: Ежелден жыра шауып, дөй-далаға жұла қашатын елірменді бүгін ұмытатын жөнің бар еді. Тонын сен тігіп беріп жүргендей Шоңмұрын мен Дәулетті жуансың деп бір қажадың, екеуінің жуандығынан қайсыңның бөксең ұлықтың босағасына сыймай қалып еді?! Көмейіңді түсіндім: жоғымды даулап, көшімді лаулап бермедің деп қиялап келіп тиіскелі отырғаның болыс қой. Болыстықты бұл сұрап алып па? Сонау Петербордан аяғына жығылғандай алып келген осы ел емес пе еді?! Енді бүгін байтал түгілі бас қайғы болып тұрғанда жабудың астында қалған ит жылғы жауырынды қасынып неме бықсып отырсың?!
ШИМОЙЫН: Алдияр, жазығым мұңымды шыққаным ба?
МҰСА: Малым жанымның садақасы, жаным арымның садақасы деген Құнанбайдан қалған сөз. Шолақ байталдан айрылдым деп ағайынның жағасынан аласың да айдалада біреу мылтық кезенсе, оғы қаймана қазақты табатынын біле тұра ақ патшаның жарлығына айылыңды жиғың келмейді. Соған қарағанда қосын жиып, қару ұстап қарсы шығарсың? Әлде боздақтарыңды көгендеп беріп, от басында тыр-тыр қасынып жатарсың?.. Әлде қашамысың?.. Көршің жаман болса көшіп құтыларсың. Орыстан көшіп құтыларсың, бірақ, екінші көршіңнің қай жыртығына барып тығыларсың?! Орыспен қос болсаң балтаңды беліңнен тастама деуші еді, шүршітпен қоңсы қонсаң жаныңды шүберекке түй! Олай аусаң жерден айрыласың, мұнда қалсаң азаматтан айрыласың. Бабаңның моласын Сыр мен Қаратауға шашып, атаңның моласын Тайатқан-Шұнақта қалдырып, Маңырақтан сүлдеріңді сүйретіп, алты ғасырда Отаныңа зорға жетіп едің! Ата-бабаң аждаханың аузынан алып қалған атамекеніңді тағы да кімге тастап қашпақсың? Қу шырпының басында отырып шіренгенше құларыңды неге ойламайсың? Өлермен ағайынның дауына ғана емес, өнегелі бір елдің жауына тосар жүзіміз бар еді, дәп бүгін бір ақылын табарсың, табылмаса — болысыңның тақымға толмағаны, игі-жақсыңның оңбағаны!..
Сөз шымбайы өзіне де тиіп жатқанын аңғарған болыс ортаға шыққан, игі-жақсыларды аралап жүріп, әрқайсысын көзге шұқығандай қадалып сөйледі.
ӘБДІКЕРІМ: Бас жаққа барыссақ, бәріміз де топымызды шешуге тұра келер. Құйқаң бүтін болмаған соң босқа ұятқа қалмалық. Біреудің бөлінбеген еншісі, біреудің бәсіре дәметкен бөлесі бар, соның бәрін дәп бүгінге сүйреп келсеңдер тарқай беріңдер. Әйтпесе, айғыр шаппаған шипың байталды алакөз орыс әкетті деп дауға дәнекер іздемелік. Өткіншіге де таси беретін шолақ өзен секілді көбіңнің алдың сел, артың шөл! Ерден қасиет қашты ма, елден береке безді ме, бұған да сендерден жауап күтпеймін! Алдымен мынау жарлыққа жауабыңды айт. Ақ патшаның салмағын көтерер сен түгілі алашта да бел жоқ, арқа сүйер артымызда ел де жоқ. Бүйірге пышақ, кеңірдекке кездік таянды. Бұған не тосқауыл, не шара?.. Ойбаймен өлеміз бе, айғаймен өлеміз бе?!.
ЕСІМХАН: Зиялылар не айтады? Алаштың көсемдері не десіп жатыр?
МАХМҰТ: Мына газетаға сенсек, Торғай түгел көтеріліпті, Албан-Дулат атқа қонса керек. Зиялы қауым екі ұдай: бір тобы окопқа адам бермейміз деп қазақты қаруға шақырыпты. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов бастаған "Алаштың" көсемдері: патшаның қазақтан солдат алмаймын деген анты бар, ақыры антты бұзған екен, қара жұмысқа айдап қорлағанша қару ұстатып шепке салсын депті. Осы үшеуі қазақ жұртына хат жолдап, жарлыққа қарумен қарсы тұрмаңдар, қантөгіс, қырғын болады деп сақтандырады. Мен өз басым мұны құптамаймын. Мал екеш мал да өлер алдында тұяқ серпетін. Марқакөл, Тарбағатай, Зайсан, Семей қабанбайлап ұран тастаса, қалың найман тып-тыныш жатар ма екен?.. Ойбайлап акопта өлгенше, айғайлап ат үстінде шейіт кеткен абройлы шығар.
ӘБДІКЕРІМ: Мен айдап салудан аулақпын. Бір болыс Қаратайдың қалың өртке бүріксең будай әсері болар ма? Қалың найманның биігінен билік айтқандай пысы қайсы? Қабанбайлап шабатын кешегі жалаң қылышты қалмақ емес, қамшымен зеңбіректі қалай жасқарсың?
ЕСІМХАН: Онда жаңғырыққа басыңды төсей бергеннен басқа не қалды? Бәрі бір бағатының өлім, баратының қор екен, өлдің Мамай қор болдың демекші, жалаңаш бар да жауға шап, ажалымыз жеткеніміз өлерміз!..
МАХМҰТ: Қалай да майданға жігіт бермеу керек. Ел көтеріледі! Кері тартпалық жамағат! Сарала түйме таққан төрелердің қазақты сатқаны бір ғана бұл емес! Сенбеңіздер!..
МҰСА Сабыр, ақыным, сабыр!.. Мен білетін Бөкейханов болса, қазақпен қайнаса қаны, шығарда жаны бірге болса керекті. Үш бірдей көсемнің халыққа арнаған осы хатында ашық айтуға жасқанған, күні бұрын елге жау шақырмалық деп патша өкіметінен жасырған бір құпиясы бар сияқты. Ол не?.. Ашығын неге айта алмай отыр?.. Әдіп астында "арандату" деген сөз жатқан жоқ па? Меніңше, патша жарлығы — арандату!..
ӘБДІКЕРІМ: Арандату дедіңіз бе?!.. Арандату?.. рас-ау. Бұл қазақты арандату!.. Әйтпесе жүз миллион халқы бар Ресейден жер қазатын адам табылмай қалып па? Жүз миллион орыстың күні он миллион қазаққа түсіп пе?.. Осыдан екі жыл бұрын санақ жүрді. Қазақтың саны Ресейге неме керек болыпты?.. Санатқа қосу үшін бе? Ел қатарына қосу үшін бе?.. Ақтабан-Шұбырындыдан соң Орта Жүз бен Ұлы Жүзде екі-ақ жүз мың жан қалған. Бұл қазақ тағы да өсіп қалыпты. Бұл қазақты тағы да бір қырып алу керек болыпты. Санатқа қоспау үшін! Ел қатарына қоспау үшін! Ресейге ел керек емес, жер керек!.. Переселен мұжықтарға қазақ-орыстың дәрежесін неге берді?. Қару неге таратты? Әскери жасақ құру үшін!.. Бұқтырма бекінісіне тұтас бір полк әкеліп төкті. Майданға солдат жетпей жатқаны осы ма?.. Тырп етсең болды, окопқа барғаның да қырыласың, елде қалғаның да қырыласың! Тек тырп етіп көрші!.. Торғайда Әбдіғаппар мен Кейкі, Амангелді мен Әліби, Жетісуда Сот пен Бекболат, Жәмеңке мен Ұзақ, Адайда Тобанияз ту көтерсе, олар қалың алаштың ортасында отыр. Асатын ағайыны, қашатын қандасы жоқ ел шетіндегі бізге кім қол ұшын бермек?..
Тым-тырс. Болыс мүлгіп отырған игі-жақсыларды тағы бір санап шықты.
ӘБДІКЕРІМ: Сонымен ойбайлап өлеміз бе, айғайлап өлеміз бе?!
МҰСА: Сен сұрама, талап ет. Әуелі бір істі баста. Ойбайлап өлсек те, айғайлап өлсек те обалымызға қалдың демелік.
ӘБДІКЕРІМ: Ендеше мына қара тізімді тапсырамын! / қағазды шенеуніктің қолына ұстатады. Шенеунік шығып кеткен соң / Енді мен не айтсам соған көнесіңдер! Мен өлсем — сен өлесің! Сен өлсең — мен өлемін!..
Болыс жеті рудың старшындарын саусақпен санап шықты:
ӘБДІКЕРІМ: Сен! Сен! Сен! Сен! Сен! Сен! Сен!., өз еріктеріңмен барып, заложник ретінде түрмеге жатасыңдар!
Тым-тырс. Ұзаққа созылған үнсіздік. Старшындар бір-біріне қарамастан, араларына үзіліс салып болыспен тос түйістіріп сахнадан кетіп жатты. Жетіншісі Есімхан еді.
ӘБДІКЕРІМ: Есаға, сіз керексіз.
ЕСІМХАН: От басында омалып өлгенше, оққа ұшып өлгенім артық емес пе!
ӘБДІКЕРІМ: Таудың тасып, тағының жымың сізден артық білетін ешкім жоқ!
Сегізінші болып Махмұт келген.
ӘБДІКЕРІМ: Ақын еліне қайтсын!
МАХМҰТ: Сен өлсең, мен неге өлмеймін?!
ӘБДІКЕРІМ: Әр заманға бір сұрқылтай! Заман қалай құбылса да әкім табылады, ақын табылмас!..
ЕКІНШІ БӨЛІМ
Бірінші көрініс
Қараңғыны үңгіп түскен жалғыз жырақта Қапиза ғана еді. Жарық түскенде Әбдікерім, Мұса, Есімхан, Күлән артыңда қатар тізіліп тұрған. Әбдікерім Қапизаның қасына келді.
ҚАПИЗА: Қарақан басыма араша бола ма десем, қатын бол деп кісі салдым де. Қаратайға қар атандырып, саңыраудан әмеңгер тауып беріп, болыстың босағасына алып келген жаратқан неткен жомарт едің!
ӘБДІКЕРІМ: Саңырауға малың керек еді, маған жаның керек. Еркек басымды етегіңе жығып тұрмын, осыдан артық қандай араша керек? Әлде тоқал болғанша тоқымсыз атқа теріс мініп, байлауда кеткенді артық санап па едің?
ҚАПИЗА: Басыңнан байландың не, балағыңнан байландың не?! Саңыраудың төсегінен бұл үйдің өсегінің несі артық?!
ӘБДІКЕРІМ: Төсектен де, өсектен де кеңде болған жоқсың. Соның екеуіне де мен кінәлі шығармын. Соның екеуінен болмаса да біреуінен құтқарсам деп едім.
ҚАЛИЗА: Мұқым Қаратайдан қыз таппағандай сары жұртқа қайта қонғаның болыс басыңа қоңылтақ емес пе?
ӘБДІКЕРІМ: Сол жұрт әу баста менікі еді ғой.
ҚАЛИЗА: Одан кейін де байға тигем жоқ па, бала тапқан жоқпын ба!
ӘБДІКЕРІМ: Бір тұтам ішек ары да жүгірер, бері де жүгірер, ұрғашының содан тартқан шығыны бар ма?.. Одан бері де талай дәрет алған шығарсың-ау.. Бала дейсің.. Бұзауға ие табылғанмен бұқасы осы үйде емес пе еді.
ҚАПИЗА: Баяғыда осыны істесең, бағым жанбады демес едім ғой. Жаның ашыды ма, әлде жаның қысылды ма? Ел қобалжып жатқанда бұл қай сасқаның?
ӘБДІКЕРІМ: Оны кейін түсінерсің.
ҚАЛИЗА: Бәйбішеңе де кейін түсіндіресің бе?
ӘБДІКЕРІМ: Бәйбіше!
Күлән келіп бұлардың қатарына қосылады.
КҮЛӘН: Інген ыңғай бермесе, бура бұйдасын үзбейді. Қыз кезіңнен қышынып, киізімді тілгенде де қыңқ еткенім жоқ. Басылғанда бай қызғанады деп қорықпа! / Кеседегі суды Махмұтқа ұсынып / Кел, қайным, оқи бер.
МАХМҰТ: Кешіріңіз, оқи алмаспын, төбемді көрсеткенім де жетер.
КҮЛӘН: / кесені Қапизаға ұсынып / Ендеше, тәңірім қосты деп ішесің. У салғаным жоқ, тартынба!
ҚАПИЗА: У қоссаңыз да енді тартынатын мен жоқ! / судан дәм татып, болысқа ұсынып / Көп болса көріміз бір шығар!
ӘБДІКЕРІМ: Көрге жеткенше әлі көретінің көп шығар. / судан дәм татып / Бәйбішемен төсек бөлістім деп ойлама, бүгіннен бастап осы шаңырақтың бүкіл тіршілігі мойныңда! Бәйбіше, енді жолға әзірлен.
КҮЛӘН: Оған не әзірлік керек, байдан шыққандай болып бармасам болды да.
ӘБДІКЕРІМ: Бөде үйді жық. Қасыңа Бағиланы аласың. Жеті рулы Қаратайдың қырық атасынан қырық тең әзір тұр. Қырық нарға жүк артасың. Қыздың жасауы деп апарасың!
КҮЛӘН: Мені қойшы, қарашаң қайда болса, мен сонда. Тек қызың көнер ме екен?..
ӘБДІКЕРІМ: Мен не айтсам-соған көнесің!.. Ағайынға да, аңдушыға да ен қыз ұзатқан көшсің. Қарсы алсын деп құдаларға хабар жібердім. Абақтарға айтарсың: қалыңмалының қажеті жоқ, ауып барған жігіттерге заман түзелгенше қорған болса, қалыңмалы сол!.. Есаға, мен сізге түрмеден бетер қиын аманат тапсырып тұрмын. Боздақтарды Абақтарға аман-есен жеткізсеңіз, екеуміздің екі дүниедегі борышымыздың өтелгені. Бүгін түнде ел асу-асуға жақындап қонсын. Қара тізімге іліккен азаматтардың бірде-бірі елде қалмасын! Жігіт-желеңнен қалмаймын деп қыз-келіншек желікпесін! Қызың жауда, қатының дауда кетсе, одан өткен қорлық жоқ, өйткенше өлген артық!.. Мұсеке! Заман түзелгенше сондағы иісі Қаратайдың ошағына тас болатын сіз. Заман түзелсе де, түзелмесе де мен ел-жұртыммен осында қаламын! Өлсем — асымды сол жақта беруді ұмытпаңдар!.. / Қапизаға / Ал, сен — тіріде төсегімнен, өлсем — көрімнен табыларсың! Әлгі ішкен неке суыңның жармысы у болса, осы деп түсін! Болысқа тоқал болдым деп қорлансаң да бір болыс елге тосқауыл болдым деп ойла! Қара шаңырақты жық та тоғыз жолдың торабына апарып тік! Елді іздеген ендігі жау тек мені табатын болсын!..
Бағиланың дауысы:
Опасыз дүние неткен сұм
Шырқымды бұзып неңді алдым?
Басымнан дәурен өткен соң
Бейкүнә күнге мен зармын
Есіл ақын аңырап Тірідей жұртта сен қалдың
Ақынға деген шаңырақ Тігілмей жұртта сен қалдың!..
Күлән, Қапиза, Есімхан шыға жөнеледі. Әбдікерім өзімен өзі.
ӘБДІКЕРІМ:
Сұм дүние тонап жатыр ісің бар ма
Баяғы күш, баяғы түсің бар ма
Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір
Желікпен жерге тықпас кісін бар ма?!.
Абайды тонаған сұм дүние кімді аяр дейсің!... Шараң қанша, алаштың қамы үшін бір қыздың намысын қиясың да!.. / Махмұтқа келіп / Бүкіл Қаратайдың қыздарын көгендеп қойып таңдатсам да бір Бағиладай болмайтынын білемін. Өкпең мен екіншіңді қоса арқалап барасың. Көңіліңді таппағаныма кешірім өтінемін. Бірақ бір сенің көңіліңе бола болыс бір қызын қарашасының құрбандығына байлап бермесе әділет болар ма еді?.. Бір қыздың бай тапқаны қымбат па, әлде бір қызды құрбандыққа шалып, алашқа пана тапқаным қымбат па? Қисыны қайсы?
Қапиза келеді.
ҚАПИЗА: Мырза! Бір тілегімді бересіз бе? Алғашқы және соңғы тілегім болсын! Қайтып алдыңызды кеспеймін!
ӘБДІКЕРІМ: / көп күттіріп / Айт.
ҚАПИЗА: Жылатпаңыз. Өзіңіз мөр басқан заңды өзіңіз бұзып, екі сөйлемеңіз. Қиын істі қыздың өзі шешсін.
ӘБДІКЕРІМ: / зілді / Мен не айттым, соған көнесің!..
Екінші көрініс
Сол сахна. Сахнаны қақ жарған шымылдық Бір жағында еркектер, бір жағында әйелдер. Еркектер жағында Махмұт. Әйелдер жағында Бағила.
БАҒИЛА
Шауқарға аққу-қазға қорған емес
Баптаумен ақсұңқар құс болған емес
Туса да алтын баспен ардақтылар
Ақыннан жез таңдайлы озған емес
Кім тыңдар ащы зарын мен бейбақтың
Сұм дүние жар құштырмай жездей қақтың
Қаперсіз түсім ғой деп жүруші едім
Тағдырдың бір тосарын білмей қаппын!..
МАХМҰТ:
Қосылған жүрек, тілек бір
Дегені бірақ бола алмас
Болдырмақ десең өзің біл
Онсыз жаным тына алмас
Сенемін сен де меңдейсің
Тек қана тағдыр айырар
Басқаға көңіл бөлмейсің
Мен үшін ғана қайғырар
Жетпесе жүрек сертіне
Жас көңіл жасып майрылар
Бұғау салса еркіне
Ажал кеп жанды жай қылар...
БАҒИЛА:
Кешірер серттен тайсам ақыл аға
Бодауға байланып тұр басым аға
Ілетін ақсұңқарға қаз табылар
Қанатым қайрылды деп жасыма аға
Көз жасын ағайынның аттай алмай
Алтынға бақыр басты сақтай алмай
Көз жұмып көрмегенге кетіп барам
Топырағын туған жердің даттай алмай
Жеткенше басым жерге сағынармын
Мың мәрте суретіңе табынармын
Аршыған жұмыртқадан арым таза
Алдынан таңдамақ шар табылармын...
МАХМҰТ:
Қайтермін ішке дерті сыймағанмен
Болар ма көз жасымды тимағанмен
Дұғаға, жалынғанға тағдыр саңырау
Дауа жоқ ашу қылып қирағанмен
"Ол сенікі" деп мені нанғыза алмас
Жүз әулие мың келіп милағанмен
Жан қимақ пен жар қимақ бәрі бір бәс
Қидым, қидым, амал жоқ қимағанмен...
Махмұт пен Бағиланың әні...
Қаздай тізілген ақ жаулық әйелдер ақ торғын шымылдықпен күргейлеп Бағиланы сахна сыртына ала жөнелген...
Артыңда тек мұңға толы ән қалды...
Мен қайтейін Өр Алтай биігіңді
Мерген болып атпадым киігіңді
Ауылың шалғай қалғанда қайран елім
Жалғыз қайтып тартамын күйігіңді?!.
Сахнада Әбдікерім мен Мұса, Қапиза.
МҰСA: Қош, Қаратай — қасіреттен арылмаған, жесірлер мен жетімдердің өлкесі! Бақытсыз жаралған халқыңның бақытсыз туған ұрпағын алып барамын! Қош, Өр Алтай — асуынан азасы биік Алаштың атамекені!.. / кетеді /.
...Сахнада Әбдікерім мен Қапиза ғана қаған... Мұңды сарын аяқ / пала бергенде...гүрс-гүрс жер тепкілеген аяқ дүбірі жер сілкінтті де кеткен жұрт пен жұртта қалған екі адамды қақ бөліп самұрық құсты шымылдық сарт ете қалды...
ӘБДІКЕРІМ:
Қаралы жер бетінен
Қорқыт та болып қаштым-ау
Қаралы жердің өтінен
Қырауланған шаш мынау
Қаралы аспан төсіңнен
Халқыма ажал шаштың-ау
Қарашыққа қатқан мұз
Қан аралас жас мынау
Қарлығаштай қарындас
Қол жайғанда састым-ау
Қабырғасы қақырап
Қапа болған жас мынау
Қасіреттен жүрекке
Қатқан қара тас мынау
Қара пана таппаған
Ханға лайық бас мынау!..
Соңы.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі