Өлең, жыр, ақындар

Тұлғаның тұңғылықты көзқарасы

Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университетінің
Дінтану мамандығының 2-курс студенті Қадырәлі Р.С.
Жетекшісі ҚазҰУ, аға оқытушысы Тунгатова У.А. 
www.kaznu.kz 

Шəкəрім Құдайбердіұлының дүниетанымындағы өзіндік көзқарасы ол «дін» жəне «діншілдер» деген қос ұғым қатар қолданылған еді. Дін мен діншілдердің ұғымдық тұрмысын  бір деп қарау  ол Шəкəрім атамыздың дүниетанымында түсінбестік тудырары сөзсіз еді. Жалпы діншілдер - бұл, Шəкəрім атамыздың өзіндік дүниетанымында, шығармашылығында ерекше сынға ұшырайтын ұғымдардың бірі болды. Ал дінді «діншіл» ұғымынан бөлек түсінгені анық байқалады. Шəкəрім  атамыз «діншіл» ұғымымен қатар өз өлеңдерінде «пəншіл» ұғымын да қатар қолданып, бұларға сыни көзқараста болғандығын көрсеткен болатын. Менің мақаламның басты мақсаты Шəкəрім Құдайбердіұлының осы дін жəне діншілдер жайындағы көзқарастарын талдау және өзіндік түсінік беру. Шəкəрім атамыздың пəншілдер туралы айтқан өлеңдерінің бірінде діншілдер туралы дəл сол пəншілдерді сынағандай сыни көзқараста болғандығын аңғаруға болады. Ол үшін ойшылымыздың өлеңдеріндегі мына сөз тіркестеріне назар аударсақ жеткілікті: «Молдалардан дін сұрасаң, сандырақтар, сандалар», «Адасып діншіл азғанын, сынауға бұрдым бас», «Пəнші нанды бес сезімге, дінші адасты жолынан», «Пəн жамылған əлімдер, дін жамылған зəлімдер» т.б. Сонымен қатар ойшыл айтып отырған «дін жамылған зəлімдер» кімдер, оған да назар аударған жөн болар. «Бұл кездегі діндердің бəрі нашар», — деген болатын Шəкəрім. Бірақ та бұған қарап Шəкəрім атамыз жалпы дінді терістеп отыр деп ойлау үлкен қателік болар деп ойлаймын. Ол белгілі бір кезеңдегі тарап отырған діннің нашар екендігін ғана айтқан еді. Яғни бұл түсініктен сол діндерге қарап ойшылымыздың оларға айтар өз ойының бар екендігін ұғынуға болады.

Менің ойымша  Алаштың абзалы атанған Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыз өзінің тағылымы тұнған туындыларында Алланың ақ жолын барынша насихаттай отырып, ұлтымыздың әділет ұранына айналдырған болатын. Ол өзінің қалдырған  мұраларында қасиетті Құранды және Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадистерін баяндай отырып, ұрпақты қазақтың ата танымынан, тарих тамырынан ажырамауға үндей білді.

Шәкәрім Құдайбердіұлы – өз ұлтын өзіндік бар болмысымен сүйген ұлтжанды, өршіл ойшыл болған еді. Ол елінің болашағын, халықтың иманын ойлай отырып, тұңғиығы терең рухани мұра қалдырған болатын. Ел-жұртының исламды дұрыс түсініп және дұрыс бағыт алуын мұрат тұтқан Шәкәрім атамыз бұл еңбегін ана тілінде жаза отырып, ұлтының дүниетанымына сай діни құндылықтарын түсіндіре білді деп ойлаймын. «Алланың адамды жаратқандығы мақсаты не? Адамға тіршілік ең керегі не үшін? Адамға өлген соң мейлі не жөнімен болсын рахат-бейнет бар ма? Ең жақсы адам неғылған кісі? Заман өткен сайын адамдардың адамшылығы түзеліп бара ма, бұзылып бара жатыр ма? Бұл сұрақтар ойшыл кезіндегі өзінің замандастары үшін және бүгінгі уақыт үшін де өзекті болып қалған еді. Өйткені, діннің өркениеттік және құндылықтық негіздерін түсіну әрқашан да маңызды болып қала бермек. Жаратушы адамды өзін танып, иман етсін, ғибадат құлшылығын жасасын және бірін-бірі танып білсін деген.  Шəкəрімнің иманға байланысты ой-толғамдарын оқи отырып, онда «жаңа иман», «ескі иман» деген ұғымдардың да кездесетіндігін айта кетсек артықтық етпейді деп ойлаймын. Шəкəрім: «Ескі иманымды отқа өртедім», — дейді. Ондағы себеп адамзат баласы Жаратушысын бір күнде тани алмайды, ол сол жолда ғұмыр бойы болып, көріп-білгендігін, тазаруына байланысты оның жаратушының құдіретін аңғару деңгейі өзгере түспек болмақ. Сол кезде адам бұрынғы деңгейінде қалып қоймай, ол тереңдей түседі. Оның енді бұрынғы иманынан өзгерек, басқаша сезіну деңгейіндегі иманы қалыптасады. Алдыңғы сол адам тастап отырған деңгейін ойшылымыз ескі иман деп отырған еді. Ал жаңару, жаңаша бола түскенін жаңа деп атады. Бұл дегеніміз адамзат кемелдігінің өзгеру сатысын көрсетуде. Əлгі ескі иман арттағылар үшін жаңа иман болып қала беруі əбден мүмкін ғой. Алдыңғы адам тазару мен кемелдікте алға жылжып иманын толықтырса керек. Шəкəрімнің бұны ескі жəне жаңа деп бөліп қарауының мəні осында болса керек.

Қортындылай келе – біз Шәкәрім атамыздың дін мəселесін бірезулікке салынбай, оны дұрыс түсіну — ең басты сау ақылдың міндеті екенін ұғындыруға тырысқанын аңғаруымызға болады. Ең негізгісі — адамның жүрегін тазарту, жүректі дерттен емдеу, қиянатсыз  болу керектігінде екендігін көрсете алды. Ойшылымыз «шатақ иманға» түсіп кету өте қауіпті деп айтып кеткен болатын. Шəкəрім атамыз қозғаған дін турасындағы ой-толғамдары, келтірген мысалдары бізге бұл мəселені тереңірек түсінуге көмектесіп, шынайы имандылыққа жол ашады. Оның бар құндылығы да осында болды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз