Өлең, жыр, ақындар

Пышақтан да өткірді, қайрау қажет секілді...

Әлемдегі өзекті мәселе экология болса, біздің елдің өзекті проблемасы-тіл тазалығы. Елімізде қазіргі кезде тіл жанашырлары өте аз, тілін, дінін, ділін, жалпы алғанда ұлтын сүйетін жанашырды кезіктіру қиын. Ұлтты қалыптастырып, мемлекеттің дербестігін танытатын алғашқы кілт валюта, онан соң тіл екендігі хақ! Сондықтан да, халықтың сәні, жаны, ұлттық болмысы мен тұтастай кескін-келбеті - ардақты ана тілі, қазақ тілі.

Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңы да соған қарай бой түзейді. Өкініштісі сол, бүгінде арба басы жолдан тайып бара жатқандай... Ұлттың көшін бастап жүрген депутаттарымыздың өзі, таза қазақ тілінде мәлімет бермей, өзге тілдерді қосуда. Үлгі боларлық адам жоқ болған соң, жастардан не сұраймыз?! Сонда өз еліміздегі ана тіліміздің деңгейі, осынша төмен түскені ме? Оған дәлел, "СК-Фармация" ЖШС басқарма төрағасы Есқалиев Ерхат Серікұлының толығымен қазақша сөйлемей жүргендігі: "есть такое, принимается замечание, он... он... тексереміз, где-то ближайшее два месяца мы завершим новое обновление сайта и все рекомендации учтём, қазақша болады. Ну, мен тек қана келдім мына жұмысқа, содан я думаю, білмеймін, точно там..." деді қазақ тіліндегі сауалға... Қарап отырып, тыңдап отырып күйіктің кесірінен көзіңнен еріксіз жас шығып, ішің ашиды екен. Ана тіліміздің ел ішіндегі деңгейін көрсетуге қарапайым бір мысал келтірейін. Қазақстан тұрғындары өзге елге бару үшін әуелі сол жердің мемлекеттік тілін меңгерсем дейді. Мысалы, Лондонды көргісі келген жан ағылшын тілін үйренуге тырысады. Алайда Лондонның яки басқа елдің азамат, азаматшалары Қазақстанға келу үшін қазақ тілін үйренейік демейді, өз тілінде еркін сайрап, я болмаса орыс тіліне арқа сүйеп келеді. Расымен, жылайтындай-ақ... Бұл еліміздегі басқа ұлттарды қуып шығу, оларды төмендету емес, өз ана тілімізге деген құрмет көрсету мен ана тіл деңгейін көтеру керек деген мақсат.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Ана тілі” газетіне берген сұхбатында: “Қазақ тілінде сөйлеу мақтаныш болуы үшін қоғамда оған деген қажеттілікті арттырған жөн. Мемлекеттік қызметке, оның ішінде, халықпен тығыз жұмыс істейтін лауазымға тағайындау кезінде кәсіби біліктілігіне қоса, қазақ тілін жақсы білетін азаматтарға басымдық беру керек”,-дегені бар еді. Түптеп қарасаң барлығы ортаның әсерінен болатын дүние. Алдымен, бұқарамен байланыста болатын азамат тіл білсе, кейіннен халықтың тіл білмейтін басым бөлігінің өзі-ақ өздері үшін тіл меңгерер еді. Ал балалар ше? Тәрбие отбасыдан басталады, неге қазіргі кезде елімізде көптеген отбасылар балаларын орыс топтарына, сыныптарына жібереді? Әлі күнге дейін беймәлім. Бәлкім, басымдылық билік тарапынан бүгінге дейін орыс тілінде болғандығы себеп болар.
  “Тәуелсіздік тірегі – мемлекеттік тіл. Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту”,-дейді батыр Бауыржан Момышұлы. Ата-бабамыздың қанымен, терімен қалған тілдің қадір-қасиетін білмеу нағыз сорақы, нағыз ұят нәрсе дер едім. Сондықтан, өзге тілге құл болғанша, өз тіліңді көтере білуді әрбір азамат парыз етсе, нағыз мақтаныш сол болады!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз