Қазақстанда қайыңның 15 түрі өседі. Соның бірі — қотыр қайың. Ол — биіктігі 20 метрге дейін жететін тегіс, жылтыр ақ қабықты ағаш. Қабығында көлденең қара сызықтары бар. Бұтақтары жіңішке, майысқақ. Жапырақтары тықыр, кезектесе орналасқан, үш бұрышты немесе ромбы тәрізді, сағақтары ұзын. Гүлдері — гүл шоғына жиналып, сырғаға ұқсап салбырап тұрады. Аталық гүлдерінің ұзындығы 6 сантиметрге жуық, 2-3-тен бұтақтардың ұштарына орналасып, жерге қарай иіліп тұрады. Аналық гүлдері кішілеу, жеке-жеке орналасқан. Мамыр айында гүлдеп, тамыз-қыркүйек айында тұқым береді.
Қотыр қайыңның түкті қайың деп аталатын тағы бір түрі бар. Оның жапырақтарының екі жағында да мақпалдай түгі болады. Бұтақтарында қотыр қайыңның бұтақтарындағыдай желім тәрізді сүйелдері болмайды. Қазақстанда қайыңның бұл екі түрі Оралдан Алтайға дейін, Алматы облысынан Жоңғар Алатауына дейінгі аралықтарға кеңінен таралған. Дәрілік мақсатқа қайыңның жапырағын, бүршігін, қабығын пайдаланады. Ерте көктемде опың шырынын да алады.
Қайыңның жас жапырағы мен бүршігінде микроб өлтіретін заттар бар, сонымен бірге оның құрамында эфир майлары да, смола да, сапониндер де, витаминдер де аз емес. Қайыңның бүршіктерін ерте көктемде жинайды. Ал жапырақтарын мамыр айында ағаш гүлдеген кезде жинап алып, көлеңкеде кептіреді.
Қайыңның бүршігі мен жапырағы несеп пен өт айдайтын дәрі ретінде колданылады. Оны бүйрек пен несеп жолдары қабынғанда, жүрек бұлшық еттерінің қызметі нашарлап, денені ісік шалғанда пайдаланса, өте жақсы нәтиже береді. Ол үшін 1 шай касық қайың бүршігін қайнап тұрған жарты стакан суға салып тұндырады да, әр ішкенде 2 қасықтан күніне 3 рет ішеді. Бірақ бүршіктің құрамындағы желімді заттардың бүйректі тітіркендіруі мүмкін. Сондықтан оны қайнатып ішкен кезде әлсін-әлсін дәрігердің бақылауынан өтіп тұрған дұрыс.
Қайың жапырағын несеп айдайтын дәрі ретінде қолданған жағдайда ол бүйректі тітіркендірмейді.
20 грамм қайың жапырағын 1 стакан қайнап тұрған суға салып тұндырады, суығаннан кейін ас содасын пышақтың ұшына іліп алып, тұнбаға қосады да, араластырып, 6 сағат тағы да тұндырып қояды. Сонда жапырақтың құрамындағы кейбір керексіз заттар стаканның түбіне шөгеді. Стакандағы бар тұнбаны сүзіп алып, 3 бөлікке бөледі де, 1 күн ішінде 3 рет ішіп тауысады.
Құяң және ревматизм ауруларын емдеу үшін қайың жапырағынан ванна жасап пайдалануға да болады. Оның бүршіктерінің спиртті ертіндісімен есекжемді, дене сыртындағы жараларды және асқазанның әр түрлі ауруларын емдеуге де болады. Қайыңның шырыны денедегі зат алмасу процесін жақсартады, ол — сонымен бірге витамині көп тамаша сусын. Қүніне қайың шырынының 3-4 стаканын ішуге болады.
Қайыңның қарамайы (деготь) әр түрлі тері ауруларын, қышыма қотырларды емдеуге қолданылады, ол «Вишневский» майының құрамында да бар. Шаш түсе бастаған жағдайда қайың жапырағының тұнбасымен басты жуса, өте жақсы нәтиже береді. Ал онымен көп терлейтін аяқты да жууға болады. Қайың жапырағын қара күйеге қарсы қолданған да жөн.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі