Өлең, жыр, ақындар

Жастар арасында сәнге айналған латяо

    Соңғы жылдары әлемдік желілер мен әлеуметтік медианың әсері арқылы жастар арасында түрлі шетелдік тағамдар кең тарала бастады. Солардың бірі- Қытай мен Корея елдерінен келген латяо атты тағам. Бұл өнім әсіресе жасөспірімдер мен мектеп жасындағы балалар арасында танымалдылыққа ие болып отыр. Алайда оның денсаулыққа әсері жайлы ашық әрі нақты ақпарат көп тарала бермейді.

   Латяо- сыртқы пішіні кішкене шұжыққа немесе ет жолақтарына ұқсайтын тағам. Ол көбінесе соя ақуызынан (өсімдік негізіндегі протеин) жасалады. Өнім өте ащы, иісі өткір, тым майлы және құрамында түрлі дәмдеуіштер мен консерванттар кездеседі. Қаптамасы түрлі-түсті, көз тартатын дизайнда жасалған, сондықтан балалар мен жасөспірімдердің назарын бірден аударады.   

    Латяо құрамында көбіне келесі заттар болады:

Соя ақуызы (сапасы белгісіз болуы мүмкін), өте жоғары мөлшердегі тұз, сapsaicin тәрізді ащы дәм беретін заттар, глутамат натрий (MSG) - дәм күшейткіш, синтетикалық дәм мен иіс қосатын қоспалар, консерванттар мен бояғыштар

Кейбір дереккөздер латяо өнімдері Қытайдың жергілікті зауыттарында, санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда өндірілуі мүмкін екенін айтады. Сондықтан сапасыз өнімдерді тұтыну тағамнан улану қаупін арттырады

      Латяо тағамының жастар арасында кең таралуына бірқатар факторлар әсер етті. Ең алдымен, бұл өнім TikTok, Instagram және YouTube платформаларында кеңінен таралған "spicy challenge", "ASMR" және "тағам шолу" видеолары арқылы танымал болды. Жасөспірімдер үшін жаңа, ерекше дәмді сынап көру, құрбы-құрдастары арасында трендтен қалмау маңызды. Сондай-ақ, латяо арзан әрі интернет арқылы оңай сатып алынатын өнімге айналды.

   Диетологтар мен медициналық мамандар латяо өнімін үнемі тұтынудың келесі қауіптерге әкелуі мүмкін екенін айтады:

  • Асқазан-ішек жолының жұмысына кері әсер етуі

  • Қан қысымының жоғарылауы

  • Ащы тағамға аллергиялық реакциялардың пайда болуы

  • Ұйқы режимінің бұзылуы, ашушаңдық

  • Тәбеттің төмендеуі немесе артық салмақ қосу

Ащы және консерванттарға толы тағамдар балалар мен жасөспірімдердің өсіп-жетілу процесіне зиян келтіруі мүмкін. Оның үстіне, сапасыз немесе бейсертификатталған өнімдердің таралуы тағамдық улану жағдайларын көбейтіп отыр.

    Жасөспірімдердің қандай тағамдарды тұтынатынына ата-аналар мен ұстаздардың ықпалы зор. Балаларға дұрыс тамақтану әдетін үйрету, жарнамаланған өнімге сын көзбен қарауға баулу маңызды. Мектеп асханаларында пайдалы, дәруменге бай, отандық өнімдер көбірек ұсынылуы тиіс. Сонымен қатар, интернеттегі жарнамаларға, блогерлердің шолу контентіне де сын тұрғысынан қарауға үйрету қажет.

      Латяо – сырттай әдемі, ерекше тағам болып көрінгенімен, оның артында адам ағзасына келтіретін нақты зияндар жасырынып жатыр. Әсіресе жасөспірімдердің денсаулығы мен өсу процесі үшін бұл өнімдердің тұрақты тұтынылуы қауіпті. Жастар үшін басты құндылық – сән емес, денсаулық болуы тиіс. Сол себепті трендке емес, ақылға негізделген таңдау жасаған жөн.

           Жансая Қайратқызы

     


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз