Өлең, жыр, ақындар

Ұзақ өмір сүрудің құпиясы

Адамзат ежелден-ақ ұзақ әрі сапалы өмір сүрудің сырын іздеп келеді. Бірі денсаулықты нығайтудың жолын зерттесе, енді бірі рухани тыныштық пен салауатты өмір салтының маңызын түсінуге тырысады. Бүгінгі ғылым да  ұзақ өмірдің кездейсоқ құбылыс емес екенін, керісінше күнделікті әрекетімізге, ойымызға, әдетімізге тікелей байланысты екенін дәлелдейді .Осы кезекте америкалық психиатр, Гарвардтың 85 жылдық "Бақытты өмір"зерттеуінің жетекшісі Роберт Уолдингердің тұжырымдарымен бөліскім келеді.

1.Дұрыс тамақтану 

Көбіне адамдар, денсаулығына зиянды болса да, жейтін асына бейжай қарайды. Тез дайындалатын тағамдар, тәтті сусындар, майлы әрі қуырылған ас түрлері уақытша тойдырғанымен, ағзаға ұзақ мерзімді залал келтіретінін көпшілік ескере бермейді. Мұндай немқұрайлық бірден байқалмайды, бірақ жылдар өте келе асқазанның ауыруы, семіздік, қан қысымының жоғарылауы, қант диабеті секілді мәселелерге әкеліп соқтыруы мүмкін.Денсаулықты бағалай білетін адам ғана ұзақ әрі бақытты өмір сүре алады, ал дұрыс тамақтану – сол бағалаудың алғашқы қадамы. 

2.Физикалық белсенділік 

Қазіргі кезде көптеген адамдар бірнеше сағат бойы жұмыс үстелінде отырады, бұл олардың күнделікті физикалық белсенділігін азайтады. Ұзақ уақыт орындықта отыру қан айналымының баяулауына, бұлшықеттердің әлсіреуіне, буындардың қозғалғыштығының төмендеуіне әкеледі. Сонымен қатар, қозғалыстың аз болуы салмақ қосуға, жүрек-қан тамырлары аурулары мен қант диабеті сияқты созылмалы проблемалардың пайда болуына ықпал етеді. Сол себепті жеңіл жаттығулар немесе серуендеу арқылы дененің белсенділігін сақтау өте маңызды. 

3.Сапалы ұйқы 

Ұйқы — бұл жай ғана демалу емес, денсаулықты сақтауға арналған биологиялық қажеттілік. Алайда, қазіргі  заманда адамдар ұйқыға немқұрайлы қарап, оның сапасын екінші орынға қояды.Ұйқы кезінде ми күні бойы қабылданған мәліметтерді жүйелеп, есте сақтау қабілетін жақсартады. Сол уақытта ағза да қалпына келіп, бұлшықеттер босаңсып,  энергия қалпына келеді. Сапалы ұйқы психикалық жағдайды тұрақтандырып, көңіл-күйді көтереді, стрессті азайтады. Осы себептен ұйқыға мән беру – ұзақ әрі белсенді өмір сүрудің басты кепілі болып табылады. 

4.Стресстен арылу 

Қазіргі заманның басты мәселесі – стресске душар болу. Қарбалас өмір, жұмыстың қысымы, қаржы мәселесі мен әлеуметтік желідегі ақпарат ағыны адамның психологиялық жағдайына теріс әсер етеді. Ұзақ уақыт стресс жағдайында болу көңіл-күйдің тұрақсыздығына, ұйқының бұзылуына, иммунитеттің төмендеуіне және түрлі созылмалы аурулардың пайда болуына әкеледі, бұл өз кезегінде өмір сүруді қысқартады. Сондықтан стрессті басқаруды үйрену, демалуға уақыт бөлу, спортпен айналысу және хоббиге көңіл бөлу – ұзақ әрі сапалы өмірдің маңызды кепілі болып табылады. 

5.Қоғаммен жақсы қарым-қатынаста болу 

Ұзақ өмір сүрудің басты құпиясы – қоғаммен жақсы қарым-қатынас құру. Адам тек өзіне ғана емес, айналасындағыларға мейіріммен, түсіністікпен қарап, сенімді байланыстар орнатқанда ғана нағыз бақыт пен психологиялық тұрақтылыққа қол жеткізеді. Жақсы қарым-қатынас стрессті азайтып, көңіл-күйді көтереді, иммунитетті күшейтеді және өмір сапасын арттырады. Осылайша, өзіңді және басқаларды құрметтеу арқылы мәнді әрі ұзақ өмірге жол ашылады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз