Біздің еліміз Қазақстанда да шет елдегідей демалуға болатынын, сонымен қатар денсаулығыңызды жақсартуға мүмкіндік бар екенінен хабарыңыз бар ма?
«Қара балшық, ыстық жүгері алыңыздар»! Сіз осы дауысты естіп тұрсыз ба? Қош келдіңіз, сіз айдынды Алакөлдесіз! Алакөл – Қазақстанның оңтүстік-шығысында орналасқан тұйық және тұзды, шипалы көл. Қазақстандағы курортты аймақтардың бірі саналатын Алакөлдің туризмі қай деңгейде? Алакөлге бару тиімді ме? Міне сізді осы сұрақтар қызықтырған болса осы мақаланы оқуға кеңес беремін.
Алакөлдің осыдан 15 жыл бұрынғы және қазіргі жағдайын салыстыруға мүлде келмейді. Мен ес білгілі осы Алакөл ауданында тұрып келемін. Туған жеріммен қалай мақтанбауға болады. Алакөл жағасында қаз-қатар тізіліп, күн сәулесіне қыздырып жатқан немесе қара балшық жағып алған адамдардың көптігін көрсеңіз, таң қалмаңыз. Қара балшықтың пайдасы мен тұзды судан соң күнге күю туралы аңызға бергісіз әңгімелерден соң сіздің де қызығушылығыңыз арта түсетініне сенімдімін. Алакөл қандай ауруларға ем болады деген сұрақ ең алдымен қызықтырған болар!? Алакөлде көптеген ауруларға шипа болатын қара балшық (грязь) және ақ саз (глина) бар. Қара балшық әсіресе буын ауруларына таптырмас ем болады. Алакөлге алыс-жақын шетел азаматтары келіп демалады. Ресей мен Қытай елінің туристері Алакөлге саяхатын жыл сайын алдын-ала жоспарлап қояды екен.«Асқазан суы» жайлы естуіңіз бар ма? Естімесеңіз – айтайын. Алакөл маңында асқазан ауруына ем болатын шипалы су бар. Жергілікті халық оны «иісті су» деп атайды. Осы судың қасиетін естігендер алыстан ат терлетіп арнайы келетін көрінеді. «Барлық Арасанға» баруды да жоспарлап жүрсіз бе? Алакөлден 20 шақырым жерде «Барлық-Арасан» сауықтыру орталығы орналасқан. Алакөл мен Арасанда апта бойы демалып, барлық ауруларыңыздан құлан-таза айығып кете аласыз. «Бір оқпен екі қоян атып алуға» жақсы мүмкіндік. Өкпенің қабынуы, тыныс жолдары ауруынан азап шегіп жүрсіз бе? Алакөлдің таза ауасымен кең тыныстап көріңізші. «Алакөлдің ауасы – жанның дауасы» дейді халық. Расымен де, 600 шақырым радиустағы ауаның құрамында ешқандай зиянды қоспалар жоқ дейді мамандар. Сондықтан, астма мен өкпе, тыныс жолдары ауруларының алдын алу үшін де кең тыныстап қайтсаңыз әбден болады. Алакөл теңіз деңгейінен 345 метр биіктікте орналасқан қазаншұңқырдан пайда болған. Сондықтан, қан қысымынан зардап шегіп жүргендер үшін аса қолайлы демалыс мекені болып табылады. Алакөлге келгенде қан қысымы мазалайтынын айтқан адамды кездестіріп көрмеппін.
Алакөлдің қызынан сіздерге бір кеңес болсын. Реликті шағала – Алакөлдің ерекше символы. Әлем бойынша шағаланың бұл түрі тек Алакөл мен Моңғолия жерінде ғана кездеседі. Таңертең ерте Алакөл жағасына барып көріңізші. Мүлгіген тыныштық, саф ауа, жағаға ұрған толқын мен реликті шағаланың көл бетінде қалықтауы жаныңызға жайлылық сыйлайды. Күйбең тіршіліктің қиындықтарын ұмытып, демалыстың нағыз рахатын сезінгіңіз келсе, күн шыға салып, ертемен Алакөл жағалауында серуендеп қайтыңыз. Таң шапағы көл бетіне түскенде қайталанбас әдемі көріністің куәсі бола аласыз. Түнімен тыныққан таза да мөлдір суға шомылып алсаңыз да болады. Күні бойы сергек жүруіңізге үлкен себі бар. Сондықтан, ерінбеңіз, ерте тұрып көл жағасына келіңіз!
Алакөлде туризм дамымаған дейсіз бе? Меніңше, бұл қате пікір. Жүздеген демалыс орындары мен тұрғын үйлер, киіз үйлер мен арнайы пансионаттар, лагерьлер мен туристік орталықтар демалушыларға сапалы қызмет көрсетуге сақадай сай тұр. Балалар алаңдары, бассейндер мен массаж орталықтары, би кештері мен ойын-сауық бағдарламаларын өткізетін алаңдар – бәрі-бәрі келушілердің қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қызмет етеді. Сонымен қатар бүгінде Алакөлге келер жолдың бар жағдайы жасалды. Қаласаңыз жеңіл көлікпен немесе арнай бағыт алатын автобустар мен пойыз жолдары тіпті десеңіз әуе жолдары да ашық. 2021 жылы Алакөлге бағыт алатын жолдардың барлығына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Тек ескере кететін жағдай, суға шомылғанда абай болыңыз! Алакөлдің тереңдігі 75 метрге дейін баратынын есіңізге саламын. Қатты толқынның кесірінен суға кеткен адамдар саны қаншама?! Егер жақсы жүзе алмасаңыз, алысқа барып қажеті жоқ және қауіпсіздік үшін арнайы ауа толтырылған кеудеше мен дөңгелектерді пайдаланған жөн. Алакөл қызы сіздерді айбынды Алакөлде күтеді.
"Тұран" университетінің 3 курс студенті Рысалды Шарапиева
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі