Әдебиет, шын мағынасындағы әдебиет жойылмайды. Өз тұсындағы қауым тіршілігін, табиғат тіршілігін кейінгі ұрпақтарға, кейінгі қауымдарға жеткізіп беріп отырады. Тіпті айна сияқты көрсетіп беріп отырады. Осының мысалдарын алыстан іздемей-ақ өзіміздің қазақтың фольклор, эпостарынан, немесе Абай шығармаларынан көріп, біліп келеміз.
Әр кезде өнерпаздар, білімпаздар халықты таңдандырған, сүйсіндірген, ғажайып еңбек мұраларын жасаған. Ол жасағандары баяғыдан қазірге дейін халық игілігіне жараған. Бірақ сол кезінде таңдандырған өнер, ғылым биіктеpi, табыстары келе-келе кәдімгі күнделікті жай бір керекті нәрсеге айналып кетеді. Ал әдебиет ше? Әдебиет шыңдары еш уақытта өзінің алғашқы биік, жарқын қасиеттерін төмендетпейді, жеткен дәрежесінен аласармайды. Әмән ол биік, әмән ол көркем боп тұрады. Біз қазір өстік, әдебиетіміздің барлық жанрлары, барлық салалары толықты, гүлденді деуге болады. Бұрынғы бірен-саран жазушылардың немесе кішкентай ғана жазушылардың үлкен армиясы құрылды. Бұрын біртіндеп, мықтаса ондап шығатын кітаптардың орнына қазір жүздеген, мыңдаған кітаптар шығады. Сонда да біздің ортамызда Абай шыңы бәрімізден жоғары тұр. Орыстың үлкен әдебиетшілері айтқандай-ақ Пушкиннің, Толстойдың орны әлі бос тұр демекші, біздің Абайдың орны бос тұр.
Биік шындар аласа белес, төбешік, шоқылар ортасынан көтеріледі. Солардың ішінде жүрсең биік шың онша байқалмайды. Ал шыңның басына шықсаң, немесе алыстан қарасаң, шыңның шың екені сонда ғана анық байқалады. Сонау алыстан жаңағы шыпырлаған белес, төбешік, шоқылар көрінбей қалады, тек шыңды ғана көресің. Біздің Абайымыз әдебиет тарихына көз жіберсек дәл осы биік шың тәрізді болып тұрады. Әрине ешбір шың тек өзі ғана тіп-тік шығып көтерілмейді. Шың неғұрлым биік болса, солғұрлым оны қоршаған төбе, шоқылар да көп болмақ. Абайды Абай еткен алдыменен өзінің халқы. Тастақ жерге өсімдік өспейді. Абайды өсіретін — ортасы, әріден келе жатқан халықтық мұрасы, Шығыстан, Европадан алған білім нәрлері.
Біз қазір қанша толдық десек те, бәріміз жабылып қазақ әдебиетіне бір Абай енгізген жаңалықтарды енгізе алдық па екен?
«Қаймақ еді көңілімде
Бізге қаспақ болды жем».
дегенде Абай ұлы Пушкинді сөзбе-сөз аударудан гөрі халықтың ұғымына, құлағына құйып беруді көздеп отыр. Егер сөзбе-сөз аударса дәл бұлай халық көкірегіне қонбас еді, Абай жинақтары баспаға шықпай тұрып-ақ, ерте заманда, қолжазба күйінде Пушкиннің Татьянасы қазақ даласына жайылып кетті.
Қазақ әдебиет арнасына құятын үлкен бір сала — аудармалы шығармалар. Сол аудармалардың ішінде Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғыпқа» теңестіретін қандай шығармамыз бар.
Абай тек өз халқының мәдениет мұраларын меңгерумен қанағаттанбады. Жылдың төрт мезгілін сипаттап, әдебиетке енгізген Абай еді. Бұны ол Европа әдебиеттерінің үлгісінен алған болар, ал қазақ оқушылары өзінің тумасындай мекірене құшақтай алды.
Қазақтың ән өнеріне, өлең түрлеріне енгізген жаңалықтары ұшан-теңіз.
Абай осы жағынан келгенде шебердің шебері. Тілді алуан түрде пайдаланады. Кірпіштің құр кесегі, жарамсыз сияқты елеусіз тілдердің өзін орнын тауып қалай қойғанда тіл көркейіп, сұлуланып, мағынасын да, түрін де өзгертіп шыға келеді. Тілді байытуда, шебер пайдалануда Абай біздің алдымызда қол жетпей келе жатқан бір биік.
1971
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі