(Зейнолла Серікққалиұлы марқұмның рухына бағыштаймын)
Табиғат мезгілінің жаманы жоқ. Ауа райы жиі құбылатын көктем кезінде әжем марқұм «күн жаманы кетер-ау, пенденің жаманы қалар...» деп, әрі шүкіршілік ете, әрі сөзінің аяғын даусына өкініш араластыра созыңқырап аяқтайтын.
Жыл маусымдарына қатысты бала кезімнен қалыптасқан өз түсінігім бар. Көктем жаздың баспалдағы, жаз жер беті гүлденіп, адамзатқа, жан-жануарға қажетті қорек түрлерінің пісіп-жетілуіне қажет, ал қыс болса — адам да, жан-жануар да өзінің мекен-тұрағына неғұрлым тәуелділігін мойындайтын маусым іспетті.
Ал күздің жөні бөлек, мен үшін күз ерекше! Күз — байлықтың, қам-қарекеттің, жаңа ұмтылыстар мен жаңа бастаулардың кезеңі. Әсіресе, күзгі бақта серуендеуді ұнатамын. Кейбіреулер «кемпіршуақ» деп атайтын жаздың жалғасы әрі қысқа ғұмырлы шуақты күндерде мен тіпті болмағанда, екі жағына жарыса орналасқан ағаштардың ұйыса біткен жасыл жапырақтары жаз бойы жаяуға сая болып, енді сарала жапырақтар кербездене, ырғала, қалықтай қонып жататын қала тротуарын бойлай жүргеннің өзінен ләззат табамын.
Дәл бүгін Жеңіс аллеясын қанша уақыт аралағанымды кім білсін, бұрын соншалықты жақсы көретін күздің осы көрінісін қызықтай алмадым, көңілімнің хошы жоқ. Санамды езген бір ойдың тығырығынан құтыла алмадым. Табан астында дәлелді жауабын таппасам, болатын емес. Бара-бара ой әсері ушыға үдеп, жанымды сыздауықтай сыздата түсуде.
«Cонда, бұл... менің дәтімнің беріктігі ме?» Оттаған сөз! «Жаратылысымдағы мейірім шуағының тапшылығы ма, әлде..?». Осы сұрақты ойша қоюым мұң екен, басыма тәңір салған қайғыны бір сәт жайына қалдырып, қолына түсіре алмай жүрген қас жауын қапияда тырнағына іліктірген, енді аянбауға бекінген есесі кетіп өші алынбаған жандай өзіме өзім жалма-жан тарпа-бас салдым. Тай-таласқан ойлардан ес жию мүмкін емес. Бірі іреп, бірі сойып, қас пен көздің арасында кимелеген ойлардың қасапханасына күмп ете түстім. Әдеттегі сыздаған жараның ауруы емес, қиян-кескі басталды да кетті басымның ішінде!.. Иә, мұндай айықпас сары уайымға душар боларымды білсем... әрекетсіздікке бой алдырмауым да мүмкін еді-ау!
Әй, қайдам!!! Осыншама өкінбеуім де мүмкін бе еді, сірә...
Осы сәт әлгі сауалды өзім емес, әлде бір тегеурінді күш иесі маған қойып, енді жауабымды күтіп қаһар төге тас төбемнен төніп тұрғандай сезіндім. Емтихан тапсырғалы отырған жандай ми қыртыстарын ақтара, осы сауалға жанталаса жауап іздей бастадым. «Жауап қайтаруға міндеттісің, әрі шұғыл қайтаруға тиіссің, оның үстіне жауабың дәл болуы керек. Олай болмайынша... Иә, олай болмайынша, сенің рухани ұстазың айтқандай «өзіңді кінәлі сезініп өмір сүру — өзіңді өзің жегідей жеу» деген қағидамен қалған өмірің өкінішпнен өтеді» деген дауыс иесінің алқынған демін сезінгендей күй кештім!
Бұл ой — дәл осы мезетте басымнан кешіп жүрген хал-жәйімнің жазылмаған ережесіндей көрінді. Сондықтан бұлтаратын да жер қалмаған сияқты. Шешімін қазір, табан астында табуға тиіспін.
Өткен күндерімді рет-ретімен ой елегінен өткізіп, тізбектей жөнелдім... Ағаның науқас екенін естігенмін. Доғдырлардың тексеріп қарағанынан ауруды түпкілікті анықтау мүмкін болмағанын да естігенмін. Операцияға келісіпті дегенді де естігенмін. Операция жасауын жасағанымен, жәрдем бере алмапты, денесін ашып, кескен тілікті қайтадан тігіпті дегенді де естігенмін. Нашарлап жатыр дегенін де естігенмін. Япырым-ау, сонда да, сонда да... бір төбе көрсетуге жарамадым-ау. Тым болмаса, телефон арқылы «қалайсыз» деуге, соңғы рет болса да даусын бір естіп қалайын деуге де жарамағаным ба, мұншалықты қаттылық, әлде ...?
Иә, таптым жауабын. Бейшаралық екен! Сол, кәдімгі, басына тағдырдың батпаны төнген шарасыз, әрі өзіне аса жақын жанның жанына шипа болатын бір ауыз жылы сөз таба алмағаным, жылы сөз таба тұра оны айтудың өзі көлгірлік болып шығатынынан қорыққаным, тіпті өзім емендей еңселі, пайғамбардай кіршіксіз жан иесі санайтын жанымдай жақсы көретін адамға бір ауыз көңіл саялатар жылы сөз арқылы болса да жалған сөйлегім келмегені... Тағдырына мойынсұнып жатқан жанға көлгірсіп бірдеңе деуге бата алмағаным, тіпті, оның арса-арсасы шығып (халін сұрап, қатерлеуге барғандардың айтуынша) сұлап жатқанын көруге дәтімнің шыдамағаны, осы сезімімді жеңе алмағаным — дәрменсіздігім, «аурудың халін сұрау — сауап» деген ізгілікті де кейінге ысырып тастағаным, өз пайымдауымдағы құрыштан құйған құдыреттің міскін халін көруге батылым жетпегенінің өзі, бір сөзбен айтқанда — бей-шара-лығым екен!
Өзімнің осы ынжықтығыма қарсы шығып, өзімді өзім бекітпегенім, өзімнің жаратылысымдағы болбырлығыма қаттылық көрсете алмағаным да — барып тұрған бейшаралығым. «Жеңістің ірісі — өзіңді өзің жеңуден басталады!». Міне, басқа жауап жоқ. Бірден-бір нақты жауабы осы.
«Айна–лайын» дейтін мені көргенде. Жан-дүниесімен езіле айтатын осы айналайын деген сөзді. Оны басқа ағайыннан бір төбе асқақтатып тұратыны да осы «айна-лайыны» мен аман-сау алысқан кезде өзгелердей төңірекке түгендеу жүргізе, тінткі сауалдармен бастырмалата трафарет сұрақ қоймайтындығы еді-ау! Әке-шешемнің амандығын сұрағанының өзі неге тұрады — олар жайында, ел-жұрт туралы әр кездескен сайын іші-бауырымды елжірете, бас-аяғы жинақы, бұрын айтылмаған, есінде сақтап жүрген қызғылықты бір әңгімені айтып берер еді. Немесе жұмысың жайында сұрай қалса да — көңіліңді көркем әсерге бөлейтін зілсіз әзіл араласқан әсерлі әңгімеге ұластырар еді-ау.
Қайран ғана дүние-ай! Қазынаны көме салады екенсің-ау, қайтарып кім берер, бұйрық жоқ қой, шіркін оған. Алладан бұйрық жоқ. Артынша өкінгеннен, өзіңді өзің мүжігеннен не пайда.
Енді мынау, отырысым, шері тарқамайтын шермендеге айналып...
Иә, күз табиғаттың молшылыққа кенелтіп, қойма толы ырыстың көңіл тоғайтатын мезгілі. Бұл кезде жеміс-жидек, барша дақыл пісіп-жетілерін, жемісін жинай білгеннің ұтылмасын кім білмейді дейсің. Менің бүгінгі ширыққан жай-күйім де жанымды жай таптырмай мазалап жүрген бір ойдың толғағы пісіп-жеткенінің айғағы болса керек. Іні туар-ау, аға тумайды қайтадан. «Айналайын, ағаларым, аман бола тұрыңдар! Өмір бойына өздерің берген сабақтан сауатымыз ашылғанымен, сауатты бола тұрып, өмірдің сынына төтеп беретін рухымыздың шыңдалмай келе жатқаны өкінішті-ақ!» деймін іштей.
Менің дәл қазір көзімнің жеткені — рухы берік немесе адамгершілігі биік дегенді дәл мен сияқтыларға арнап айтпаған. Дегенмен, биіктерге апаратын баспалдақ толғаныстардан туатынын ұқтым, күзгі бақты аралап жүре бергім, өз-өзіммен оңаша қалғым келді. Тынысым енді ашылғандай, жан-жағыма барлай қарап, маңайымдағы күзгі қала келбетін өз бояуымен анық көре бастағандай сезіндім.
«Шын биіктер-ау, заңғар таулар-ау, ақ бас шыңдар-ау, жазғыра көрмеңдерші» деп бар даусыммен айқайлағым келді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі