Жас ұрпақ тәрбиесі жайындағы мәселе қашан да күн тәртібінен түсіп көрмегені шындық. Бұл жайында Бәрі айтады, Ақыл айтады, Кеңес айтады. Мысал келтіріп айтады. Біліп айтады. Білмесе де өз жөнін жөн көріп айтады. Қинала айтады. «Ел боламын десең — бесігіңді түзе» дейді. Неден бастап түзеу керектігін ешкім айтпайды. Жазушы З. Жұманова шығармасында қоғамдағы көнеру мен жаңарудың өліара кезеңіндегі жаңа характер иелері арқылы жылт еткен үміт ұшқынынан жақсылықтың жалыны лаулайды.
Заря Жұманованың әңгімелер мен хикаяттардан топтастырылған «Түнгі оттар» кітабын оқып шыққанда заулаған жүйрік пойыздан жаңа ғана түсіп, ұзап кеткен пойызда қимай қоштасып кетіп бара жатқан сапарластарыңызға сәттілік тілеген адамдай сезінесіз. Шығарма кейіпкерлерінің бейнесі көкейде жатталып, солардың әрқайсысының тағдырына қатысыңыз бар адамдай ойға шомасыз.
Түнгі оттар адамға не береді? Қараңғыда жағылған шырақ па, әлде елсіз-күнсіз далада қорқаудың қамауында қалған жолаушының қурай тұтататын шақпағы ма? Әйтеуір, тіршіліктің, жақсы үміттің, жоқ іздеудің, барды түгендеудің қам-қарекетіне қажетті нәрсе екендігіне күмән жоқ.
Әңгімелер мен хикаяттар оқыған сайын өзіне баурай түседі. Әрине, бұл жерде әркімнің талғамы, қабылдауы әр түрлі екендігінде дау жоқ. Біреу жып-жылы жаңбыр тамшыларын жаны сүйсе, енді біреудің жан-дүниесі қара нөсердің төгіп-төгіп өткенінен сергіп қалары сөзсіз. Әсерлену мен қабылдау да түйсінуге, көңілдің жай-күйіне тікелей байланысты.
Жазушы З. Жұманова әйел тақырыбын, әйел адамның қоғамдағы рөлін шығармаға өзек ете отырып, ер-азаматтардың психологиясына да талдау жасауға ұмтылады.
«Түнекке жұтылған түнгі оттардағы» жолаушы қос келіншек түн тылсымын тіле заулап келе жатқан пойызбен қапталдаса жылт-жылт еткен айдаладағы жалғыз-жарым ауыл оттарының қараңғылық қойнауына сіңіп ғайыпқа айналып жатқан көрініске ұзақ тесіле қарап отырып, суыртпақтап сыр шертіседі.
«Түнгі оттар қандай аянышты. Бұрын мен де айдаладағы меңіреу ауылда тұрғам...» дейді қараторы келіншек. Тағдыр өзі жарылқап, тағдыр өзі жылатқан, сол тағдыр ойда жоқта жар құшу бақытына кенелтіп, сол бақытынан ойда жоқта көз жаздырған кеншілер қалашығында тұратын жас жесірдің дүниеге ұл әкелген сәттегі жердің бір солқ еткені — шахтадағы жарылыста жер астында қалған жан жарының өлімі бір түнек пен бір сәуле қабат келетін өмір заңдылығының мысалы.
Жолаушы келіншек жасаураған жанарын жасырып, күйеуінің соңғы рет түнгі жұмысқа кетіп бара жатқан сәтін: «...Тұңғиық көзінен терең мұң емес, үмітсіздік пен үрейді аңғардым. Неге екенін, сол сәт оның бір сөзі ойыма орала кетпесі бар ма?! Үйленбей тұрып өзі айтқан. «Бәрінің көзінде үмітсіздік, үрей тұрады... Әсіресе жап-жас жігіттердің... Жер астына, шахтаға түсіп бара жатқан сәтте», — деп есіне алады. «Неге үрейленеді?» дегенімде, «...Бұрындары жер астындағы кенді тегіс алмайтын. Шахтаға тіреу болсын деп, біразын қалдырып кетеді екен. Қауіпсіздік үшін. Қазіргі шетелдік қожайындар солардың бірін де қалдырмай, қайтадан тегіс қопара қаздырып жатыр. Пайдаға құнығып. Біздің жігіттердің шахтаға бармасқа амалдары жоқ, күн көріс керек. Жер бетінде оларға жұмыс қайдан болсын?!» деген жолдар арқылы З.Жұманова тағдырлары бейбіт күнде жұмыс беруші шетелдік кәсіпкер қорқаулардың уысына түскен отандастар өмірінен алынған ащы шындықтың бүркеуін ашады. Әлеуметтік проблема, қоғамдағы әлі де болса шешімін толық таппаған күрделі мәселе — отбасын асыраушылардың осындай тығырыққа тірелуі, халық қасіретінің бір қыры шағын әңгімеде осылай өрнектеледі.
Жар құшу бақытын қызықтап үлгермеген бір әйел жесір қалады. Іңгәлап дүние есігін енді ашқан сәби жетім атанады. Олардың келешек өмірі айтпаса да түсінікті. Толымды тәрбие, ата-ана тарапынан мейірім шуағын алаңсыз көрмеген ұрпақтың бойында қандай қасиеттердің қалыптасарын кім біледі? Өйткені, жалғыз басты ананың мойнына енді асыраушы әкенің де міндеті қоса жүктеледі. Қоғамның міндеті — өз болашағын, жас ұрпақты өсіретін жанұяның бас иесі — ер азаматтардың қамын ойлау екендігін меңзейді.
Заря Жұманованың «Түнгі оттарындағы» кейбір әңгімелер мен хикаяттар ә дегенде оқырманды мұңмен қауыштырып, бірте-бірте себезгілеп шуақ құяды көңіліне.
Мысалы, «Күн астындағы ауылды» оқығанда мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсе алмай қалған кішкентай қыз Күншуақпен бірге тас қаладағы қатыгез пәтер жалдаушы баба Фаяның үйінен безе қашып, тезірек ауылға кеткің келеді. Туған жердің топырағына табаның тиген мезетте-ақ күнделікті қым-қуыт тіршілік қамытын елемей, көңіліңді шырқау шыңға жетелеп жүре беретін күш пайда болғанын сезінесің. Немесе керісінше, асып-тасқан, алып-ұшқан көңіліңнің көкжиегінен көлкіген бұлдыр сағымды әп-сәтте қолмен шымылдық ысырғандай сылып тастап, нақты іс-әрекет арқылы ақты — ақ, қараны — қара дегізетін шынайы шындыққа көзің жетеді.
Қоғамдағы көнеру мен жаңарудың өліара кезеңіндегі жаңа характер иесі арқылы жылт еткен үміт ұшқынынан алақандай Сүйкімді ауылында жақсылықтың жалыны лаулайды. Қандай жақсылық еді ол?
Сол мектептен, сол ұстаздардан күні кеше ғана білім алған жас түлек Күншуақ оқуға сырттай қабылданып, ауылына асығады. Сағыныш отына өртене жаздап, алып ұшады. Ертегі тыңдап маңайында шырқ үйірілген іні-сіңлілерін, күзгі шаруа қамымен қарбалас тірліктен шаршап-шалдығып жүрген ата-анасын, ауылдастарын сағынады.
Ең бастысы, ел болашағы — жеткіншек тәрбиесіне негізделген көркем шығармалар ел ертеңінің иесін — жаңа ұрпақты тәрбиелеудің көнерген, кешегі әкімшіл-әміршіл жүйе тұсындағы олқылығы көзге ұрып тұрған таптаурын, заманауи көшке ілесе алмаған, ескірген тәсілін ығыстырып, көкжиектен жаңа күннің шапағын шаша келген жаңару үрдісін балғын ұстаз Күншуақтың іс-әрекеті арқылы бейнелеген суреткер шығармасынан жаңа леп байқалады. Өзге қарқын, соны серпін әкелген шығарма деп айтуға болады. Мұнда көзге ұрып тұрған жаттанды идеологияның салқыны, жасқаншақтап, жалтақтап, жоғарыдан бұйрық күткен бұйығылық жоқ. Жанары жәудіреген жас ұстаз — Күншуақтың өмірден тәжірибе жиып үлгермеген, бірақ көкіректерінде өз бойындағы жігері мен өзіне өзі сүйсіну сезімі басым, үлкендер тарапынан өзіне өзінің сенімділігін нығайтатын қолдау-қолпаштау күткен балауса жеткіншектердің тамырын тап басуы нанымды суреттеледі.
Өзінің кешегі ұстаздары, бүгінгі әріптес тәлімгерлерінің «алғашқы сабағын қалай өткізер екен» деген күдік аралас қобалжу сезімдерін жас ұстаз ә дегеннен-ақ өзінің іс-әрекетімен сейілтеді, бойындағы мейірім шуағымен төңірегін жадыратып, қуантады. Тіпті, аз уақыттың ішінде өзіндей жас ұстаз Күнсұлумен екеуі мектепте ғана емес, Сүйкімді ауылында жаңа үрдістер қалыптастырып, жас жеткіншектердің төңірегін өрт-дауылдай шарпығалы тұрған жалын-жігерлерін оларға сенім білдіру арқылы тың арнаға бұрады. Жас тәртіп сақшыларын жасақтап, шәкірттерге сенім артып, тапсырма беру арқылы оларды жауапкершілікке баулиды.
Сыныптағы қиқар, әрі қыңыр атанған «Муха» — Қажымұқанмен тілтабысуы, жасөспірім балалардың ыңғайын бағдарлап, дегеніне көндіре білуі, тіпті оларды ортақ мүддеге — мектептің ішкі тәртібін сақтауға атасалысуға жұмылдыруы, ауылдың тыныс-тіршілігіне алаңдайтын қамқор азаматтарға айналдыруы арқылы суреттелетін жас ұстаздың алғашқы сәтті қадамы оқырманды, әсіресе ауылда туып ержеткен, ауыл тағдырына көбірек алаңдайтын оқырмандарды бей-жай қалдырмайды.
«Түнгі оттарға» жинақталған әңгімелер мен хикаяттарды оқығанда бүгінгі күні біртіндеп өзге үрдіс, бөтен дағды қалыптаса бастаған қоғамның бас ауруы мен жан айқайын сезініп, бей-жай қала алмайсыз.
Кітапқа өзек болған басты тақырыптың бірі қоғамдағы жаңаша даму үрдісі. Түйсіктер әсер қабылдау дағдысынан ажырап, сезіну нүктелері түйсіну қабілетіне белгі беру міндетіне жауапсыздықпен қарау белең алғандай. Дүниедегі жаратылыс атаулы, әрбір жан иесі сұмдық бір «оқшаулану» дертіне шалдыққандай. Ағайын-туған, көрші-көлем, ата-бала, әже-немере арасындағы ара жік айқындалып бара ма, қалай?
Капитализм — сөз жоқ, тиын-тебеннің, капиталдың үстемдігіне негізделген қоғам дамуының бір сатысы. Ал, өркениеттің дамуы тек техника мен технологияның жаңаруы ғана емес, саналардағы жаңғырумен де қатар жүреді. Заман ағымына ілесу жайбарақат тірліктен гөрі еңбектегі, күнкөрістегі, адамзаттың іс-әрекетіндегі ұтымдылыққа, қолма-қол нәтижеге негізделеді. Заря шығармаларындағы басты кейіпкерлер — бойынан жаңаша леп есіп, жеңіл қарқынға икемделуге бейім, жан-дүниесі шуаққа толы жандар.
«Көңіл терезесіндегі» Ризаға ұқсап, бір сәтке болса да қиял әлеміне талпынасыз, төңіректен селт етуге әзір тұрған саналарды іздеп, қармана бастайсыз, ойша. Мұның өзі санаға қозғау түсірер жақсы үміт. «Ұшқыр кілем», «айшылық алыс жерлерден жедел хабар алғызған» бүгінгі байланыс құралдары — кешегі күннің аңсау-арманы еді ғой. Олай болса, жазушы көксеп, кейіпкер аңсап отырған жан алауы да жағылар деп үміттенуге әбден болар. Қоғамның әрбір мүшесі төңірегінде болып жатқан келеңсіздіктерге бей-жай қалмаса, қоршаған ортаның қарапайым тазалығы мен тәртібіне сергек қараса деген көкейкестілік аңғарылады.
Жаңа қоғамдық қалыптасумен біте қайнасып, жаңа қоғамдық қарым-қатынасқа негізделген көзқарас иелерімен таныса отырып, шығармадағы кейіпкерлер бойынан ең алдымен адамгершілік, қанымызға сіңісті ұлттық құнды қасиеттерімізді кезіктіру де қазақы болмыстың келмеске кетпейтінін дәлелдейді. Оның бір көрінісі жазушының кіп-кішкентай кейіпкері — «Әжем, рокфеллер және басқалар...» әңгімесінде (бейтаныс қыздың сырында) баяндалатын «жаңа қазақ отбасының» шетелде оқитын жалғыз ұлы Мақсаттың өзінен он жас кіші қарындасының бойынан табылады. Ағасының «өскенде кім болғың келеді?» деген сұрағына «аталар мен әжелерді күні бойы мәпелеп, бағатын балабақшаның бастығы боламын» деуінің өзі оқырманды елең еткізеді.
Ал, осы қаршадай қыздың бизнестен қолы бір босамайтын корпорация президенті — өзінің анасы жайында « — Өскенде кім боласың, қызым? — деді ол, көзінің нұрын төге, маған біртүрлі сүйсіне қарап. «Қызым» деген үнінде жүректегі мұзды ерітетіндей, бір жылылық, мейірім бар сияқты» деп әңгімелеуі ата-ана мейірімін сәбилік аңсау, кәрі әжесіне қамқорлық сезімі ұялаған қазақи жылуы бар жүрек иесімен табыстырады сізді. Адамдар күндіз-күні кіріп-шығып жататын көрші үйдегі көп бала тапқан әжейді балалары ертелі-кеш біржаққа апарып-әкеліп жатқанына қызыға қарауы, өз әжесінің «неге жалғыз құрсақпен шектелуі» де толғандырады оны. Тегінде бар тектілік қана тебірентер ой. Әжесінің ағайын-туыстан жырақта, күні бойы биік дуалды даңғарадай үйден ешқайда шықпай, күтуші қызбен жалғыз отырғаны жанына батады.
Жазушы титімдей қыздың жан сыры арқылы материалдық игілік, ақша, дүние бәсеке бірінші орынға шығып, адами, рухани құндылықтар ығыстырылған қазіргі замандағы қазақ шаңырағының негізгі трагедиясы — бірге жүріп жалғызсыраудан, тірі жүріп жетімсіреуден жапа шеккендерді құтқару проблемасын қозғайды. Ерке қыздың таным-түйсігі арқылы да суреткер әлемнің аялаушысы әйел заты екендігін меңзейді.
«Түнгі оттардағы» тегеурінді тақырып — әйел затының мықтылығы, әйел табиғатындағы күрескерлік. Ана бақыты жолындағы қажыр-қайрат. Кешірімділік. Жалпы, әйел деген сөзді ана деген ұғымнан бөліп айтуға болмайтындай. Өйткені, Заряның кейіпкерлері «Қара бұлттан шыққан күндегі» Зүбайда, «Шаңырақтың киесіндегі» Несібелі, «Жалғыз шыбынды пәтердегі қырық шырақты әйел» — Толқын, «Салтанат немесе құмырадан шыққан құрбақадағы» — Салтанат пен Гүлзия, т.б. шеттерінен баласын да, енесін де, күйеуін де, тіпті «бомжды» да, күллі тіршілік иесін аялауға, нәп-нәзік алақандарының жылуын аямай мейірім төгуге дайын тұрған жандар.
«Ән әлдилеген әлем», «Сырлы әуенге сіңген сыбызғышы», «Жалғыз шыбынды пәтердегі қырық шырақты әйел» атты әңгіме, хикаяттардағы басты кейіпкерлер — шығармашылық иелері. Бірі сазгер, бірі — сыбызғышы, енді біреуі — суретші. Киелі өнер қонған нәзік жан иелері тұрмыстың тауқыметін арқалай жүріп, қоғамдағы келеңсіздіктерге төтеп беруге де мұрғасы келеді. Қандай қиындық көрсе де әйелге тән нәзіктігін, адамгершілігін жоғалтпаған, өнерін қадір тұтқан қазақ әйелдері. Бір таңданарлығы — үш кейіпкердің үшеуі де жарым деп тиген азаматтарынан өнерді түсіну, жанашырлық көрсету жағына келгенде қамқорлыққа зәру жандар. Жазушы оларды өнерге қаншалықты берілген, қиындыққа қайыспайтын жандар етіп суреттегенімен, әйел заты арқа сүйер азаматының қолдауынсыз өнер туындысын жасаушы деңгейінде ғана қалып қоятындығын, өнері арқылы танылып, жемісін көре алмайтынын тілге тиек еткен. Ал, талант иесі, өнер адамы қай уақытта да қолдаушы жанашырға, аялаушыға зәру. Өмірде мұндай мысалдар көптеп кездеседі, шығарма авторы осыны қазақтың ер-азаматтарына құлаққағыс ететін сияқты.
Ал «Екіге бөлінбейтін келіншектегі» ақын Гүлназ арқылы тұрмыс тауқыметі қажытқан өнер адамына қоғам тарапынан көрсетілген қатыгездіктің зардабы суреттеледі. Қазақтың бір шаңырағы ортасына түскелі тұр. Өйткені, әу баста ақын келіншегінің тұрмыс күйбеңінен титықтап, бойындағы талантын баптауға шамасы келмей, қыстығып жүргеніне жаны ашыған күйеуі Таңатар Алматыға көшуді ұйғарады. Көңілі қалаған қызметімен де, дос-жаранымен де қимай қоштасып, әдеби жұртшылықтың арасына қоныс аударады. Табандарынан таусылып жұмыс іздейді. Өзі отбасының қамымен аудармашылықпен айналысады. Ал келіншегін аңсап келген ортасы өгейсітіп, сыртқа тебеді. Жұмыс сұрап кірмеген есігі, аттамаған табалдырығы қалмаған ақын келіншек Гүлназдың жан-дүниесі күйзеліске ұшырайды.
Ару қаласын аңсап келген Таңатар мен Гүлназ қоғамдағы, әріптестерінің көзқарасындағы, адамдардың арақатынасындағы түбірлі өзгерістерді көріп, көңілдері қалады. Ақын жаны жараланып, төңірегінен түңіледі. Сағы сынған ақын келіншек іші-бауырын елжіретер жылы сөздерімен жан-дүниесін жаулап алған сектанттардың ортасынан бір-ақ шығады. Өнер ордасын жайлап алған тоғышарлықтан жүйкесі жұқарып, күйзеліске ұшыраған қазақтың бір ақыны шығармашылық қауымнан, тіпті отбасынан, бауыр еті баласынан осылай жырақтайды.
«Еңлік», «Өң мен түстің арасы», «Күнәһар» деген қысқа әңгімелерден адам-пенденің бұл тірлікте аяқты аттап басқан сайын кездесетін қиындықтарға төзімділігі, шалыс басқан қадамдарына есеп беру, зерделеу әрекеттері жайында. Пенде пәни дүние мен бақи қамын қатар ойлауы тиіс деген емеурін білдіреді.
Адамзат жаратылысында әйел-ананың орны — бес күндік пәнидегі парасатты парызы ең биік өлшеммен алғанда қасиетті құранда жазылған адамгершілік ізгіліктің бастауы іспетті. Өйткені перзент ана құрсағында нәр алып, дүниеге келгеннен бастап ананың ақ сүті мен мейірімімен сусындап, болмысы қалыптасады. Сондықтан болашақ ана, қыз баланың тәрбиесі, әйел затына қойылатын талап — ұрпақ тазалығына, ұлт рухының биіктеуіне бірден-бір негіз болатын алғышарт секілді.
«Жаңбыр исіндегі» Жанардың тәрбиелі, инабаттылығы мен еңбекқорлығы студент жігіттерді ойлантады. Қызды бір көргеннен-ақ бір-біріне «қалай өзі?» деген сұрақты қойып та үлгереді. «Шыңға шыққан шынардай, дүйім қыздан биік тұр ма деп қалдым» дейді өзі әскерде жүргенде күйеуге тиіп кеткен Күлзипашын қаншама жылдан бері ұмыта алмай жүрген Шәкен... «Біздің Шәкең адам таниды. Енді оны қайдан тапсам екен?...» деп ойға қалған Талғат, кітапханада Жанармен кездейсоқ жолығып, қыз қылығына тәнті болады. Ақыры, сабағына да, өмірге де көзқарасы өзгеріп, алдына қойған мақсатына ұмтылады. Жатақханадағы сұлу қыздарға әзіл-қалжыңымен маза бермей, оларды іштей сынап жүрген сері жігіт, осылай өзгереді.
Жанардың тәрбиесі мен парасаттылығы қазақ қыздарының бойынан табылса, жігіттер де құрметтеп, осындай перизаттарға ғашық болып, басын иер еді деген ниеттеміз.
Өз басым «Кішкене қыз салған суреттердегі» кіп-кішкентай Рәмиля, «Күн астындағы ауылдағы» Күншуақ, «Жынды әйелдің қызындағы» ауру әйелдің дәрігер болуды армандайтын қызының бойынан төңірегіндегілерге, ең жақын адамдарына ерекше ықылас пен жылу сезіндім. Олардың болмысында қамқорлықтың өзегі қоса жаратылғандай.
Жалпы, «Түнгі оттарды» оқи отырып, оқырман жазушы деген киелі де қасиетті өнерді Жаратушы Ие Заря деген әйелге де қондырғанына қуанады. Заря бірде Күншуақ, бірде Арай, бірде Толқын болып күңгірт тартқан тағдырларға, жабырқаулы көңілдерге шуақ таратудан жалықпайды.
Кітап ұрпақ тәрбиесі, адамдар арасындағы бір-біріне деген бейқамдық пен қамқорлық, ер азаматтардың тарапынан байқалып қалатын жігерсіздік пен осалдық, әлеуметтік проблемалар, қоғамның қалыптасу барысындағы әйел затының жанкештілігі мен нәзіктігін шынайы суреттеген көркем дүние. Оқырманын ойға жетелейтін, зерделеуге талпындыратын әңгімелер қазақи болмысымен де тартымды.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі