(Ұстазға хат)
Ұстаз! Ұстаздардың ұстазы! Ұлы Ұстаз деуге әбден болар еді, Ұлы деген сөздің қадірін кетіріп аламын ба деп қорқамын, бірақ бұл ойым ұлы деген сөзді ұстаз сөзімен бір тіркесте қолданудан немесе, атап айтқанда Сізге қатысты қолданудан тайсалғандықтан емес, анығында, қадірлі менің оқырмандарымның шынайы шәкірттік мойындау дегенді бірден қабылдай алатын-алмайтындықтарына күмәнімнің болуы себепті (олардың кейінірек қабылдары сөзсіз, алайда дәл бүгін олардың бұған дайын еместігі, себебі дәл мендегі сезімдей шынайы сезімнің өмірде бар екендігіне, болатындығына көздері жетпегендіктен әзірше түсіне алмауы ықтимал екендігінен) мен Сізге қатысты Ұлы Ұстазым десем, әсер қабылдауда басқаша түйсініп үйренген, шынайылық пен тазалықты айыру зертханалары жалғандық пен күнкөру, жанбағу есебіне негізделген сана-сезімдері мен түйсік-танымдарына қайшы келеді-ау дегендіктен, және осы айтып отырған ойыма өзім толықтай сенгендіктен және сіздің де күмәніңіз болмайтынына кәміл сенгендіктен Сізге Ұлы Ұстазым дегенді дәл қазір тілмен айтып арзандатып алмайын деген ниетпен Ұстаздардың Ұстазы деген мойындаумен шектелгенді әзірше жөн көрдім! Бұл жерде мен ең ақылдымын, ал қалғандарды ақымақ деуден аулақпын. Алайда, «жұрттың бәрі менше сүйсе өмірді, мынау әлем кетпес пе құлпырып» дегенді айтқан ғұлама ақынның (осы келтіріп отырғанда қаз-қалпында емес, кейбір сөздері есімде сол күйінде қалмағандықтан мағыналық тұрқын бергеніме де қуанып отырмын) өмірдің парқын білген адам екендігінде сөз жоқ.
Мен де Сізді таныған күннен бастап Өмірге көзім ашыла бастағанына, әліптің таяқ емес, әліпбидің басы екендігін біле бастағаныма көзім жетіп отыр. Жазуға, ойдың таңбалануына қатысты айтылмаған сөз бұл! Өмір деген жалпы ұғымның, дәлірек айтсақ, жазумен, жан-дүниенің сырына үңіле отырып, бір-біріміздің сәттілігімізден, сәтсіздігімізден туындаған жеке басымыздағы сәтсіздіктің айықпас дертімен алысып, сол дертті оның пайда болу себебіне үңілмей, одан жазылам деп арпалысып жүрген дімкәс қалпымыздан жазылу жолындағы ем-доммен, яғни рухани дүниемізді сауықтыру әдісі — жазушылық өнермен шұғылданып жүргендердің табиғатына қатысты талай қатпарлы қыртыстарды, осы жазу-сызуға алпысты алқымдаған сәтте бет бұрған мен үшін осы киелі ортаның шешуі қиын жұмбағының көптігін сіз ғана түсінесіз! Мұндағы ереже тұтастай алғанда, бокс не күрес ережелеріне мүлдем қарама қайшы екендігіне көзім жетті. .... Сол көптеген көз жеткізулердің арқасында Ұстаз сөзінің мәні мен үшін Ұлы деген сөзден де биігірек пе деп қалдым. Иә, Ұстазым, Сіздің өміріңіз қым-қуыт күрес-тартысқа толы. Сырттай бақылау мен жазба дүниелеріңізді парықтау арқылы бұған оңай көз жеткіздім.
Кей сәттері осы ортада адам (қазақ жазу өнері төңірегіндегілер) биікке ұмтылған сайын аяғының асты ылдилай түсетініне көзім жетіп келеді. Бұрынғы әдіс — биікке ұмтылғанды балағынан тартатын екі аяқты пендеге тән көзге көрінетін, зерделеуге оңай айлалы әрекеттің бүгінде сиқы өзгерген. Екі аяқты пенде әлі де екі аяқпен жүреді, төрт аяқтыға түбегейлі ұқсап кеткен жоқ. Екі аяқты көртышқан кейпіне айнала бастағандай ма, қалай? Өйткені, табаныңның астын ылдилауға машықтанған қылығы басқаша ой түюге келіңкіремейтіні осының кепілі! Көпке топырақ шашу ойымда жоқ! Мен керек десеңіз, өзімді өзім сырт көзбен бақылауға дағдыланған адаммын.
Әнеукүнгі такси үстіндегі оқиғадан кейін хабар-ошарсыз қалдық қой! Іші тар, сырты орысша айтқанда «пар», қазақша айтқанда буы бұрқырап тұрған әріптес қара қатынның маған қарата шаптырған қыжылға толы бейпіл сөздері, соны айтқандағы шытынап кеткелі тұрған тайпақ беті мен долылықтан жас толған көздерін аянашпен еске алып қоямын. Соның атакасына себепші болған «себептен» кейін мен Сіздің, Ұстазым, сақтыққа бой алдырып, хабар-ошарды үзгеніңізден-ақ «күшік күніңізде осы тақылеттес ықпалды шибөрілерге оңбай таланып», ендігі жерде қалыптасқан иммунитетіңіз теріңізге тітіркену гормондарын дер кезінде бүркіп үлгергенін байыптадым. Бірақ, менің шолақ пайымыммен қарасам, бұл уақытша хабар-ошардың үзілуі. Өйткені, азан шақырып қойған атымызды атап хабарласу-хабарласпау да бұл жерде ең басты мәселе емес. Ең бастысы Сіздегі, Ұстазым, рухтың,тек қана кемелдікті қалап тұратын рухтың, қоспасыз асылдық қасиеті әбден екшелген асқақ рухтың жылуынан шапағатқа бөленген мендегі, Сізбен және анығын айтсам Арай есімді сізбен рухтас жанмен жолыққанға дейін қимыл-қозғалысқа келмеген, дәл қазір тек самғауды аңсайтын топшысы тыным көрмеуге бел байлаған рухтың арасындағы байланыс қозғалысқа түсіп кетті. Ендігі жерде азан шақырып ат қойылған екі пенде Шәкірт — Ұстаз арасындағы пендәуи байланыстың тек объективті атқаратын міндеті болмаса, рухтық («рухани» деген сөз ресми қабылдау үшін айтуға керек) қарым-қатынас әуе кеңістігінде аэронавигациялық дәліздердің заңдастырылуы сияқты әлдеқашан өз кеңістігін заңдастырып алғанына күмәнім жоқ.
Бәрібір, Сіз мен үшін Ұстазсыз, дәл осы әрекетіңіздің (сөзге тітіркеніп, ықпалдыдан қаймығып байыптылықтан ауытқу әрекетіңіздің) өзінен жиіркене отырып, үйренуге тура келеді. Төзе-төзе көн болған тері шіркінді сыртқа сыр бермейім дегеннің өзінде «қорғану инстинкті» небір әрекеттерге апарады емес пе? Терісіне тиіп кетсең жылан да жиырылмай ма? Сонау бір әдемі кештегі Дастархан басындағы алтаудың (біреуі жасөспірім делік) «ашық-жарқын» деп өзіміз баға берген әңгімесінің салқын сызын ішкі есебіне бұрған жандардың (олар біреу емес, екеу) есесі түгенделердей ахуалға ыңғай бере бастағаныңызды мендегі түйсік есепке алып үлгерген соң осы ой суыртпақтала бастады. Мұны қойыртпақ десеңіз, еркіңіз бар. Бұл менің емес, рухтың қалауы іспетті, жаз да жаз деп отырған...
Кеңестік кезеңде мектеп бағдарламасында жаратылыстану оқулығында атышулы ғалымның құрбақаның борбайына қышқыл тамызып жасаған тәжірибесі тітіркену сезімімен ойнау емес, бала жастан миымызға құйып, өмірде осындай да осындай тітіркенудің талайын бастан кешіресіңдер, жүйке талшықтарының әсеріне жауап қату әсерінің теориясын да біліңдер деп оқытқан өмір мектебінің бір сабағы іспетті. Әңгімелеріңізге қарағанда, Сіз өзіңіз Ұстаз санаған, қадірлеген жандардың әлденешеуі жүріп өткен сүрлеу ғой біздің (мен секілді мыңдаған шәкірттеріңіздің) сүрініп-қабынып жүргеніміз! «Адам керуен, Өмір — жол, Ешкімге жат із емес, жолмен көшкен керуеннің алды-алды біз емес» деген жоқ па еді, сәніне елді тәнті қылған қайран Сәкен ағамыз!
Өмір өзгерер, әдет тозар, бізден гөрі зерделі, ақылды буын өсіп-жетіліп, бізді де сын садағымен көздер! Ату-атпау өз қолдарында! Көздеген соң атқаны дұрыс. Өмірді біздің буынның бойында қалыптасқан небір жағымпаздық, рушылдық (!!! — үш леп белгісін рушылдық сөзінің қасына қойғаным — бәріне себепші ру атына айтылған бір ауыз пікірі үлкен кісінің), мансапқұмарлық, өтірік айғақ беру мен өсекшілдіктен тазарту үшін атса ата берсін, бірақ олжа үшін атпас. Бәлкім, атар да. Сирек құбылыстар мұражайына жәдігер болармыз (тегін жәдігер де олжа ғой). Көсем атындағы қаладағы атақты мұражайдан Гитлер әңкі-тәңкісін шығарған жер мен көктің арасындағы дүниенің көне жәдігерлерін көргенім бар еді. Тұла бойым түршігіп, сол көрген жәдігерлер маған «жауыздыққа нәлет» дегізген! Ол кезде адамзаттың жауы — жалғыз жауыз Гитлер еді! Ал қазір ше? Ұстазым! Маған кейде бәріміз сол бас фашистің сарқытын ішкен, ол ауқат ішкен құтының жұғынын жалағандаймыз! Шетімізден жалаңдап тұрмыз, жауыздық атты жалмауыз бізді ру-руға бөліп, бір-біріне у ішкізуге даяр тұрғандай көрінеді. Қорқынышты!
Ұстазым, Сіздіңше қалай, адамзат осылай азғындап, тегі бір қазақты бөліп, бөлшектеп, жауыздық балалап өмір жалғасатын болса, шынымен, бізден күрескер шықпағаны ма? Өмірден жиған тәжірибеміздің әдіра қалғаны ма? Не үшін өмір сүріп келеміз, не үшін шәкірт атандық!?.
Білімділер бас қосып, білім-ілім тарату жолында, ел игілігі, қазақтың болашағы, адамзаттың бірлігі жолында жауыздыққа қарсы күрес ашпаса, бәрі де бос әуре, тіршілік кешудің адамидан садаға кеткір әрекеті, далбаса болып шықпай ма? Қазақ ел боп болашаққа жететініне, дәл Сіздей Ұстаздың өр рухы саналарды ояту арқылы аман-есен бастап апаратынына күмәнім болмас еді...
Ағзадағы емес, рухтағы жараны жазу — жазушы атанғандардың киелі де мәртебелі міндеті, бұ дүниеге келгендегі мойнына жүктелген парызы емес пе еді, Сізден жауап хат күтем, Ұстазым! Асқақ рухыңыз үнсіз қалуы мүмкін емес, байланыс құралы ретінде өзіңіздің бекзаттығыңызға сендім!!!
PS. ҰСТАЗ! «Өзіңді өзің таны» деп едің, танып та келемін! Төңірегімдегілер өзін өзі танымаса, жан жарасын жазудың орнына орайын күтіп, ащы тырнағын аяусыз батырып, жарақат салуға тырысса, сол тырнақ астына жиналған кірдің уытын жаюға пиғылы бұрса жалғыз-жарым қазақтың өзін танығанынан кімге қандай пайда? Жекелеген мен сияқтылардың өзін-өзі тануы — сорға біткен сораға (шөптің аты) ынтыққанмен бірдей ме екен!?
Өтініш: осы сұхбатты жалғастыруға зауқыңыз бола көрсін!
Сәлеммен Шәкіртіңіз (Талшын Мұқанова)
18 маусым, 2012 жыл.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі