(Үш перделі комедия)
ҚАТЫСУШЫЛАР:
Жақан — жасы отыз бесте
Ережеп — жасы елу екіде
Әлима — Ережептің әйелі, қырық сегізде
Күлән — жасы жиырма бірде
Болат —жасы жиырма екіде
Оқиға екі күннің ішінде өтеді.
БІРІНШІ ПЕРДЕ
ПРОСЦЕНИУМ
Жаз айларының аяқ шені. Оқиға темір жол бойындағы мал шаруашылығымен шұғылданатын совхозда өтеді. Оқиғаның басынан аяғына дейін өткен — кеткен поезд қозғалыстары сезіліп отырады. Бұл үлкен өмір тынысындай арқау болуы шарт. Комедиялық сырға сай көңілді музыка. Полевой сумкасын ұстап Ережеп шығады.
Ережеп. Біздің бастықты көрдіңіздер ме? (Қараған болып.) Мұнда да жоқ, тағы да атгонға тартқан ғой шамасы. Өзі де бір дамыл табуды білмейтін жан екен. Сіздер ештеңе естіген жоқсыздар ма? Бастығымызды облысқа алмақшы деген қауесет шығып жүр ғой. Рас болса жарар еді. Менің ойымша, өзі сақ адам. Естеріңізге сап қояйын, қыңырлығы да жеткілікті. Қит етсең болды, «бұл барып тұрған бережитка» деп шыға келетіні де бар. Мен үшін одан орынбасары тәуір. Әлгі біздің Күләнға қырындап жүретін Жақанды айтам. Білген адамға орынбасар деген де осал дүние емес-ау! Бастықтың қырына түскенді қызғыштай қорғайтын да сол ғой. Сөйтіп жүріп бәрін өзіне қаратып алады да, сәрсенбінің сәтіне бастықты ұшырып түсіретін де орынбасарларды көргенбіз. Осы жағы есіме түскенде бойым шымырлап қоя береді... Бастық болмағаныма шүкір деймін кейде ішімнен. Бастық болу міндет емес, бастықтың бабын таба... то есть айтпаймын. Оны кейбіреулер жағымпаздық дейтін көрінеді. Ол дұрыс емес. Оның атын сыйлау құрметтеу дейді. Өздеріңіз білесіздер — солай емес пе? Асылында қызмет істеген жерінде ең алдымен бедел жасау керек. Бедел деген базардан сатып алатын зат емес, оны өзің жасайсың. Мінез-құлқың, тіпті еңбегің жасайды деген де дұрыс. Жарықтық Ерекең солай деуші еді-ау деп кейін өздерің-ақ айтасыңдар. Ал енді, елден бұрын шыққандағы ойым сіздермен ақылдасатын бір шаруаның жайы. Ол Күлән мен Жақанға байланысты жұмыстар еді. Өздеріңіз білесіздер, әлгі біздің үйдегі мықты бар ғой, әйелімді айтамын, ол менің айтқаныма қарсы жүрмесе шаншулап қалатыны бар, бүгін тағы да көнбейтін сыңайын танытып отыр. Өз бастығымыз облысқа кетсе, онын, орнына Жақан қалатынында сөз жоқ. Оны сіздер де біліп отырсыздар. Күлән Жақанға қосылса, қалай дүрілдеткенімді көріп тұрыңдар. Тойына бәріңді де шақырам. (Сағатына қарап.) Тағы да біреу келіп қалар. Ал енді, біздің Әлиманы көре қалсаңыздар, «Жақандай күйеу баланы жалғанды жаяу араласаң да таба алмайсың» десеңдер болды маған. Жұрттан бұрын шыққанда айтайын дегенім осы еді.
Кетеді. Музыка. Жақан шығады.
Жақан. Да, бұл үлкен проблема. Адам жасы ұлғайған сайын қыз-қырқынға қыры болмай ма, қалай? Жоқ, одан емес, менің натурам солай болу керек. Жас уақытымда да қырып-жойғаным шамалы болатын. Кетіп қалғаны болмаса алғашқы әйелім тамаша еді ғой. Почему то, жақсы көретін сияқты еді, өзім де түсінбей жүрмін. Кетті де тынды. Енді тағы үйленуге тура келіп жүр. «Ешкі әр қырыққанда бір еледі» дейді, онда да бет жоқ екен. Ал мен ше, маған да оңай болатын түрін сезбедім-ау. Ерекең өзім реттеймін дегенге мәз болып жүрмін, қайдан білейін немен тынарын. Бір басында қызмет, оның үстіне үйленуді ойлау әбден берекеңді алады екен. Бастарыңызға түскенде білерсіздер, қызмет бабында үйлену действительно проблема. Бәрін өзің шешетін бастық болсаң екен. Орынбасарлық дегенің-ақ қажытып болды және біздің бастық ұзақ демалыс, курортқа бару дегенді білмейді. Өзі жоқ болса, совхозды біреу талап кететіндей көреді де жүреді. Бір-екі айға кете тұрса уақытша болса да бой жазып, бастық болып дегендей күн тәртібінде тұрған біраз мәселені шешуге болады ғой. Бірақ оған жұрт мүмкіншілік беріп отыр ма? Тым болмаса сіздер де, «Оу, Есен Тоқбергенович! Демалысқа шығып, курортқа барып сергіп қайтыңыз» деп ақыл бермейсіздер оған. (Сезіктене.) Жоқ, әшейін наз ретінде айтам. (Өзіне-өзі.) Осыным бекер болды-ау шамасы. (Өзгере.) Шынына келсем, Есен Тоқбергенович — тамаша руководитель, үлкен практик. Жұмыс дегеннен жанын аямайтын нағыз азамат. Mine, бұл пікірімді айтуларыңызға болады. Мейлің аспанға ұш, мейлің жерге түс, бастықтың аты бастық. Сондықтан да бұл мәселеге жауапты қараған жөн. Солай емес пе? Ал енді үйленуге келсек — мені бәріңіз де танисыздар. Жан баласына жамандығым жоқ. Сол қасиетімді менің сорыма Күлән да білмей-ақ келеді. «Жақан менің жарым болса дейтіндей жігіт» деп біреуіңіз де осы күнге дейін айтпай келе жатқандарыңызға аздап ренжимін. Ендігісін өздеріңіз біліңіздер, ағайын адамдармыз ғой, Ерекеңді тауып алайын.
Кетеді. Музыка. Күлән шығады.
Күлән. Әлгі Жақан осылай кетті деп еді ғой. Көрсеңіздер айта салыңыздаршы, облисполкомның орынбасары ертең крайға кетеді екен. Соған қағаздар дайындау керек еді, қайдан тапсам екен.
Кете бергенде Болат қарсы шығады.
Күлән. Жақанды көрдің бе?
Болат (әндете).
Көрсем-дағы, көрмесем де-ей,
Көңілім сенен айрылмас,—
деп жүрген шығар ағаң.
Күлән. Сенің осы мінезің ғой жұрттың жанына тиетін. Жаңа облыстан звонить етті. Ертең бір кісі өтетін көрінеді, соған документтер дайындау...
Болат (бөліп). Өтсе, жолы болсын. Қағаз дайындау қиын ба? Совхоздың жайы бес саусақтай, тек қағазға түсір, бітті. Жездеңнің жыры таусылды ма?
Күлән. Ол өзі аңқау адам, Болат. Жақанға күйеуге шықсаң жәннат орнайды деумен жүр. (Күледі).
Болат. Ерекең деген есебін білетін аңқау. Жақан десе жанын қоярға жер таппайды. Оның үстіне сен қызбен мектепте бір оқығаным маған бәле болды.
Күлән (күліп). Неге?
Болат. Сүттен ақ, судан таза болсаң да өздерінше жаманға жориды. Әр — беріден соң, Жақан сені менен қызғанатынды шығарыпты.
Күлән. Не дейт, бұларда да ес жоқ. Жастардың арасында жолдастық қатынас болса-ақ, міндетті түрде махаббат болу керек деп ойлайды-ау шамасы. Өсектен құтылам десең, Розаңды әкел де, той жаса.
Болат. Сен де оқуыңа кетіп, әлгі аты кім еді, бұйра басыңа жетсеңші. Соның өзі сабақты қойып, бар уақытын саған хат жазумен өткізіп жүрген қу ма деймін.
Күлән. Знаешь, ол ақылды жігіт.
Болат. Әдеттерің ғой, біздің Розаға да дүниеде менен данышпан адам жоқ көрінетін шығар.
Күлән. Мүмкін. Апай келе жатыр, ал кеттік, кеңсеге барып әлгіні хабарлау керек.
Екеуі де кетеді. Музыка. Әлима шығады.
Әлима. Әлгі біздің үйдегіні көргендерің бар ма? Қартайғанша баяғы шошаңдаған мінезі қалмайды сорлының. Не науқасының барын білмеймін, бастық десе басын беруге даяр. Бала тәрбиелеу де оңай емес, ал бай тәрбиелеу бәрінен де қиын, бастарыңа түскенде бір-ақ білерсіңдер.
Кетеді. Көңілді музыкадан кейін шымылдық ашылады. Ережеп үйінің верандасы, қабырғада аспалы телефон, ашық терезеден жеміс ағаштары, гүлдер көрінеді. Сәске мезгілі. Жақан әрлі-берлі теңселіп жүр. Әзі өзгеше киінген.
Жақан (басын шайқап). Әй білмеймін-ау, осыдан бір нәрсе шықса жарар еді-ау. Қызы құрғыр тым тарпаң, мінезі де шәлкестеу ме қалай? Ауыз тұшып бір сөйлесе алмай-ақ діңкем құрып жүр. Бірдеңе десең мазақтай ма, шорт знает, күле береді. Баяғының қыздары қайда, шіркін! Туыстары не айтса да тырп етпеуші еді-ау, сабаздар. Қазіргілер туыс түгіл, құдайыңа да құлақ аса бермейді. Өз дегендеріне тартады. Соның бәрі мектепте тәрбие жұмысының нашарлығынан-ау деймін. (Айнаға қарап, галстугін жөндеп тұрып.) Келбет деген керек болса, шүкір, менде де бар сияқты. (Самайынан бір тал ақ шаш жұлып алып, шошына.) Мынау ит қайдан жүр еді-ей! Төбе мен желкеден орын таппағандай самайға келіп селтие қалғанын қарашы. ЗАГС-ке барғанша шыдай тұр, жаным. Ертеңіне түгелдей ағарып кетсеңдер де ерік өздеріңде. (Айнаға қадала.) Ах, подлец! Мұнда тағы біреуі жүр. (Жұлып тастайды.) Как вам не стыдно, отыз бесте осындай бола ма екен? (Ережеп кіреді.) Ереке, күттіріп қойдыңыз ғой жайшылық па әйтеуір?
Ережеп. Асықпаған арбамен қоянға жетеді, Жақа.
Жақан. Қуғанымыз қоян болса, өкініш жоқ қой. Қыз дегеніңіз қай транспорт болса да қиынға соға ма дей берем. Жай кешіктіңіз бе?
Ережеп. Бұл дүниеде қатын, бала-шағаның дауы таусыла ма. Жеңгеңе бір тапсырмалар беріп дегендей. Жеңгең мінезі жалпы нечауалау. Ал енді бір кесірленді ме, алла-тағалам бетін аулақ етсін. Мына шаш немен ағарды дейсің, Жақанжан-ау?
Жақан. Балдызыңыздың да мінезі апасынан айнымай қалса, біздің шашқа да зауал тумас па екен, тегі.
Ережеп. Ойбой, шырағым-ай! Ол қанша дегенмен оқыған бала ғой. Дүниенің шатағы шала сауатты қатыннан шығатынын білмеуші ме едің?
Жақан. Қайдан білейін, қыздың сыры қырық қатпар, әйел болғанда алпыстан бір-ақ шығатын көрінеді ғой.
Ережеп. Шамаңыз шама, Жақа. Бірақ ол қауіпті ғой. Бұрын әуелі бетін бері қаратып алсаңызшы. Жеңгеңді магазинге жібердім. Звандадым. Қыз қазір келеді, бірдеңені сылтау етіп мен де тайып тұрайын.
Жақан (шошына). Сонда мен жалғыз қалам ба?
Ережеп. Енді қалай, ойбай-ау, оңашаға не жетеді, менің көзімше сөйлеуге ұялады ғой.
Жақан. Сонысы тағы бар екен-ау.
Ережеп. Тіл жағынан жаман емес едіңіз ғой. Борандата жөнелмейсіз бе?
Жақан. (желкесін қаси). Тіл дегеніңіз баршылық, бірақ осындай мәселеге келгенде өзі қиындау болатыны бар.
Ережеп. «Қызда болса үмітің, батылдау. бол, жігітім» деп радиодан күнде қақсап жатқан жоқ па?
Жақан (самайын сипап). Оның үстіне жас деген ит те мешать ете ме қалай?
Ережеп. Мынауың сұмдық екен, шырағым. Мен ғана естиін, қырыққа жетпей жатып о не дегені-ей! Баса-көктейтін баяғы заман емес. Бұл кезде бұғалықты жан-жақтан тастамасаң және болмайды.
Жақан. Отыз бесіңіз де осал жүк емес пе деп тұрмын.
Ережеп. Ойбай бетім-ай, енді қайтейін. Отыз бесің құланды қыл бұраумен құлататын кез емес пе?
Жақан (серпіле). Әңгіме онда тұрған жоқ-ау, өз қатарын, болса, жорғалай жөнелесің ғой. Күлән жас, тағы басқа дегендей, сыйлаймын ғой баяғы.
Ережеп. Онда сыртынан сыйла да үйленбей жүре беріңіз.
Жақан. Әй, Ереке. Қазіргі жастардың тіліне...
Ережеп (бөліп). Қайдағы жас, ол биыл жиырма бірде.
Жақан. Солай екен-ау өзі.
Ережеп. Қойыңызшы, оқыған адамдар тіл таба алмайды дегенге сенбеймін. Кейде осы кітаптағы ғашықтарды да айта беретін көрінеді ғой. Ондайдың талайын оқыдыңдар. «Қажетіме жарайды-ау» деген бір жерінен ойып ал да сарнай жөнел.
Жақан. Мұныңыз да ақыл екен.
Ережеп. Баяғыда Қозы Көрпешті бір көргенім бар. Сонда жел — Баян деп сыбырлайды дегені әлі есімде. Осындайлардың басын құрастырып айта бермейсіз бе?
Жақан. Одан қайран болса айтылар-ау. (Ширығып.) Тәуекел енді, бүгін белді буып тұрмын.
Ережеп. Құр буып жүре бермей, шешіліп сөйлеу керек. Былтыр: «Келер жылы оқуға барасың», — деп аузымнан қағынып айтып қойып едім. Сен де оқытам дей бер.
Жақан. Ол айтылады ғой.
Ережеп. Айтуын айтсам да оқу дегеннің өзі екі талай. Жайлаубайдың қызы былтыр кетіп еді, бір сып борбай сумақайға тиіп алыпты. Әкесі: «Екеуі бір курста оқиды екен, тым тәуір бала» деп шіренген болады. Осы жасқа келгелі байға тиген адамға оқу қонғанын көргенім жоқ.
Жақан. Ондайлар толып жатыр. Қосылып, бірге институт бітіргендердің талайын көргенбіз. Әңгіме адамына байланысты.
Ережеп. Маған бәрібір, Күләннан пропесір шығарсаң да ерік өзіңде. Үйленетін өзің
Жақан. Әлбетте оқытам ғой.
Ережеп. Өз қатыныма қайда оқытсаң да ақыл кірмейтінін анық білем. Сыйлас адам болған соң жаным ашып қамыңды ойлап жүргенім ғой. Әйтпесе Күлән сияқты алманың сабағындай балаға құшақ жайып жүрген аз ба? Жатқа кеткенше өзіңдей қадір білер жолдасқа барсын деймін де мен қасқа.
Жақан. Бұл ақ ниетіңізді өлсем де ұмытпаймын ғой, Ереке. Оңға басып, ой орындалса, өмір бойы қызметіңізге даярмын.
Ережеп. Ол қызды кейде айнытатын әлгі Болат қу, оған да тізеңізді батырып, көзінің жауын алып қой. Тек жүрсін.
Жақан. Ие, ол бала тым тайтаңдап барады.
Ережеп. Соны білсеңіз болғаны. (Терезеден көріп.) Ал, Күләннің өзі келе жатыр. Мен сырттағы шаруаға бара тұрайын. (Кетеді).
Жақан (тағы да галстугін жөндеп, тамағын кенеп). Иә сәт, неден бастасам екен?
Күлән кіреді.
Күлән (назар аудармай). Сәлемат барсыз ба, арай. Біздің үйдің адамдары қайда кеткен? (Осы сәтте ашық терезенің алдындағы сырттағы гүл түбінде Ережеп тыңдап отырады).
Жақан. Жұмыстарында шығар. (Даусын кеней.) Бізде де жат емеспіз, қарындас.
Ережеп (сыртта). Дұрыс бастады.
Күлән (тіксіне). Онымен не айтқыңыз келіп еді?
Ережеп (қабағын шыта). Шаншылуын қарашы.
Жақан (абыржып). Жай, әншейін шаруа ғой. (Сөз таба алмай күмілжіп қалады).
Ережеп. Қайдағы әшейін шаруа.
Жақан (сөзін жалғап). Күлән шырағым, шаруа болғанда өзі былай ғой.
Ережеп (жадырай). Е, е. Осылай баста.
Күлән. Иә, айта беріңіз.
Жақан (сөз таба алмай). Негізінен алғанда, біздің показательдеріміз жаман емес. (Күлән қарап қалған).
Ережеп (күйіне). Не дейді мынау, қайда лағып барады-ей!
Жақан. Кешегі кварталдың отчетын жібердіңіз ғой облысқа. Соның өзі...
Күлән (күлкісін сездірмей). Жібердік. Өзіңіз қол қойдыңыз.
Жақан. Ие, көрдім, ет тапсырудың жоспары қанша орындалып еді өзі, соны...
Ережеп (күйіне). Құдай тас төбеңнен ұрсын.
Күлән. Жүз екі процент.
Жақан. Бұл жағы жақсы енді, биыл міндеттеме, сөз жоқ асыра орындалады.
Ережеп (ызалы). Алжуыңа болайын.
Жақан (күмілжіп). Бірақ басқа шаруа жағы...
Ережеп. Ие, не, солай төтелесейші.
Күлән. Құлағым сізде...
Ережеп (қуана). Обалына не керек, тыңдап-ақ тұр-ау қыз.
Күлән (кекесін үнде). Мемлекет алдында тағы алған міндеттемеңіз бар ма еді?
Ережеп (қуана). Әне, қыздың өзі жетелеп келе жатыр.
Жақан (күлген болып). Неге болмасын, бар ғой, бірақ, оның орындалуы мына... (Тоқтай қалады).
Ережеп (жайдары). Бәсе, дұрыс, мысық табандап келеді, қалай-қалай қиғаштайды...
Күлән. Ол не екен сондай-ақ?
Ережеп. Мәселені бүйірден қойды.
Жақан (қаймығып). Әлгі, әлгі шөп шабуды айтам.
Ережеп (ызалы). О, әбілет бассын, әбілет басқыр, айналайын өкімет-ай, сабаудай совхозға осыны да орынбасар етіп жібердің-ау?
Күлән (күле). Ол алдақашан орындалған жоқ па?
Ережеп. Ал керек болса.
Жақан (абыржып). Айтпақшы солай екен ғой өзі. Мына, жұмысбасты болғанда адам ұмытып қала береді.
Ережеп (ызалы). Жынданып неге кетпедің екен.
Күлән. Сіздің негізгі жұмысыңыз сол емес пе?
Ережеп. Япыр-ай, десейші.
Жақан (серпіліп). Өкімет пен партияның алдында жауап береміз. Общим, әйтеуір, осы күнге дейін ешкімнен сөгіс алып көрген жоқпын. Бұл да адал еңбектің арқасы емес пе, Күлән шырағым!
Ережеп. Мынау райкомның бюросында тұрғаннан сау ма өзі?
Күлән. Оған дау бар ма, ағай?
Жақан. Әйтеуір жұмыс-жұмыс деп жүріп жар құлағымыз жастыққа тимейді. Сөйтіп енді... (Тоқтай қалады).
Ережеп (басын шайқап). Мәссаған...
Күлән. Айта беріңіз. Айта беріңіз!
Ережеп (ернін жалап). Қыздың шиыршық атуын-ай!
Жақан. Сөйтіп жүріп өлеміз ғой.
Ережеп (ызалы күлкімен). Абзалы сол болар.
Күлән (күле). Қайдағыны айта көрмеңіз. Қарап жүріп неге өлесіз? Оның реті келмес, ағасы. Ойлану керек болар.
Ережеп. Қызда кінә жоқ.
Жақан. Ойлауымда кемдік жоқ. Соны енді былай бір жүйеге салып дегендей...
Күлән. Дұрыс-ақ, менде жұмысыңыз бар ма еді?
Ережеп. Қап мынаны-ай, қыздың өзі қарауылға келіп-ақ тұр ғой.
Жақан. Сонда деймін-ау өзі... Биыл оқуға барады деп естідім бе?
Күлән. Әлбетте, барам.
Ережеп. Оқуында несі бар мұның?
Жақан. Сонда сіздің орныңызға счетоводты қайдан табар екенбіз, осы жағын ойладыңыз ба?
Ережеп. Бұл қыз кетсе, дүние қараң қалар деймісің?
Күлән. Оны сіздер ойлануыңыз керек. Екі жыл қызмет істедім, енді оқуға правом бар шығар.
Ережеп. Есітейін дегенің сол ғой.
Жақан. Конечно, конечно. Оқуың керек. Оны ойланып жүрміз. Бірақ... Күлән ақылды бала, сырттан оқиды деп те қоятынымыз бар.
Күлән (күліп). Сонда, барып оқитындар ақымақтар ма?
Ережеп. Ілген жерін қарашы.
Жақан. Қаланың қақ ортасында біздің туыстар бap, солардың үйінде тұрып оқуыңызға болады ғой.
Күлән. Ол қамқорлығыңызға рахмет. Общежитие бар емес пе?
Ережеп. Тапқан екенсің сенің туыстарыңа баратын адамды.
Жақан. Па-па, Күлән шырағым-ай, сөзге шеберсіздер-ау! Жалпы айтып отырғаным ғой... Әлгі Жайлаубайдың қызын білесіз ғой?..
Ережеп. Онда несі бар-ей?
Күлән. Енді түсінікті. Сүйді, тиді. Бірге оқып жүр, онда не тұр екен?
Жақан. Жоқ, ол дұрыс. Екеуі тең болған соң, то есть былай жарасқан ғой.
Ережеп. Сен де жетісіп тұрсың. (Күлән үй ішін жинастырған болып жүреді).
Жақан (өзіне). Не деп кеттім осы? Ал, тәуекел, бастадым.
Ережеп. Иә, сәт...
Күлән. Бірдеңе дедіңіз бе?
Жақан. Осы Болат былай қалай? Сол жігіттің өзінің жүріс-тұрысы дегендей. Пікіріңіз қалай?
Ережеп. Тағы бетіне кетті.
Күлән. Келген кезде «тамаша специалист» деп өзіңіз мақтап жүр едіңіз ғой. Мен оны көптен білем. Бір мектепте оқығанбыз. Менің жолдасым.
Жақан (шошына). Жолдасым?!
Күлән. Иә, онда не тұр? Как товарищ тамаша жігіт.
Жақан (сабасына түсіп). А, как товарищ де. Шынында да, ол өзі жаман жігіт емес.
Ережеп. Мынаның сандырағының түрін-ай!
Жақан (өзіне). Енді тура тартам. (Күләнға.) Жасыратыны жоқ, мен бойдақпын ғой, Күлән шырақ.
Ережеп. Е, е... Баяғыдан бері осылай кетпеймісің.
Күлән. Оны білеміз «жеңгейдің тойына қашан барар екенбіз» деп күтіп те жүрміз.
Ережеп. Ойнаған екенсің. Әне, бұлар сүйтеді.
Жақан. А, не дейді, жаным-ау! (Абыржи.) Ерекең айтқан жоқ па, жеңгей де білуші еді ғой?
Ережеп. Мынау әбден бүлдірді-ау. (Күйзеле.) Мұны да еркек деп, менің айтқаныма көнсе алдақашан қанжығаңда жүрмес пе еді?
Күлән (әдейі). Маған ештеңе деген жоқ.
Ережеп. Бұлар өлсе мойындай ма?
Жақан. Япыр-ай, ә... енді...
Күлән (жалтара). Сіздің біреуге үйленейін деп жатқаныңызды есітсе, алдақашан айтар еді ғой.
Ережеп. Бұлаң құйрыққа қалай салады.
Жақан (абыржып). Жоқ, олай емес, мен әзір үйленбеймін. То есть үйленетін адамым әлі белгісіз.
Күлән. Е, мен оқуға кеткенше бола қоятын түрі жоқ болды-ау, ағасы?
Жақан (ширыға). Айналайын, турасын айтайын ба?
Күлән. Айтыңыз.
Жақан. Өзіңмен ақылдасайын деп едім.
Күлән. Не туралы? (Күлән графиндегі суды терезеден гүлге төгеді. Ережепке шашырайды. Ережеп еңбектей шегіне береді. Болат кіреді).
Жақан (Болаттың кіргенін байқамай). Үйлену туралы.
Болат. Па-па, үлкен мәселе көтеріліп жатыр екен ғой.
Жақан (абыржи). А, сен бе едің?
Күлән. Тіпті жақсы болды. Болат үшеуіміз ақылдасайық. Әңгіме мынада...
Болат. Пожалуйста мен дайын.
Ережеп. Ана бала бүлдіреді. Барайын. Қара басып мынау орта жолда қалды ғой. (Шегіншектей тұрып келеді).
Жақан (қызарақтай). Болат, сен неплохой специалиссің. Но, мінезің тіктеу. Сен заводта немесе фабриктегі жұмысшы емессің. Мал шаруашылығына байланысты қызметтесің. Малшының тілін табу оңай емес.
Болат. Ағасы, сіздің үйленуіңізге менің мінезімнің қанша кедергісі бар?
Жақан. Жоқ сен ол мәселені былай қойшы. (Күләнға.) Оны Күлән екеуіміз кейін ақылдасамыз, то есть жалпы кейін шешілетін мәселе. Мен саған достық, ағалық ретінде айтам. Сенен гөрі өмір тәжірибеміз бар. Өмір деген қызық, оқығанға да, оқымағанға да орын жетеді.
Күлән. Дұрыс-ау ағайдың айтып отырғаны.
Болат. Ақсақал, орынға таласудан аулақпын.
Жақан (сөзін бөліп, әуелі иегін, кейін самайын сипап). Во-первых, айналайын, ақсақал дегеніңді қой, во-вторых шамалы жасы үлкен адамның бәрі ақсақал бола бермейді.
Күлән. Қайта ақсақалдыққа жеткізсін деп қуанбай ма жұрт? Ол көп жасаудың белгісі емес пе?
Жақан. Маған ертерек. То есть түсінбей тұрсың, Күлән шырағым, бұл мені кекетіп айтып тұр. (Самайын сипап.) Именно кекетіп тұр.
Болат. Ондай ойдан аулақпын. (Ережеп кіреді.) Міне, Ерекең айтсын, мұныңыз қиянат.
Ережеп. Бұл не дау? (Қабақ шыта.) Болат жүрген жерде найзағай ойнайды, тағы бірдеңе бастап жатыр ғой шамасы.
Болат. Найзағай ойнаса, бұлт серпіледі, нұр жаңбыр жауады. Онан да ертеңге әлгі қағаздарымызды дайындайық.
Жақан. Ол не қағаз?
Болат (Күләнға). Айтқан жоқ па едің?
Күлән. Сен хабарлаймын деп едің ғой.
Болат. Бұл кісіні көріп тұрғаным осы.
Күлән. Жана отчеттарды сұрағаныңыздан естіген шығар деп едім. Облисполкомның орынбасары крайға ертең етеді екен. Соған бірсыпыра қағаздарды дайындап, поезға алып шықсын деп бағана кеңсеге телефон соққан.
Жақан (өзгере). Есен Тоқбергеновнч те кетіп қалды-ау?
Болат. Екі күннен кейін оралам, Жақанға айтыңдар, пусть командует деді.
Жақан (маңғаздана). Ну, что же, будем командовать. (Болатқа.) Сен қора ремонттау, шөп сүрлеу жағының жалпы жайын екі бет етіп жаз. Отчеттардың өзгесін Күлән өзі реттер.
Күлән (Ережепке). Жезде, мені неге шақыртып едіңіз?
Ережеп (жалтақтап). Кейін айтам, кейін айтам, бара бер жұмысына, айналады қаракөз балдызынан.
Болат. Онда біз кетейік.
Жақан. Күлән шырақ, сен барып жұмысыңды реттей бер, ал сен сабыр ет, шаруа бар.
(Күлән кетеді. Ережеп Жақанға қамшыны бас дегендей ишарат етеді).
Болат. Құлағым сізде.
Жақан (сыздана). Құлағыңды қоя тұр, өзің отыршы мына жерге. (Болат отырады.) Болат, ашып айтуым керек, сен саяси сауатың нашар адамсың.
Болат (кекетінді). Оны қайдан білдіңіз? Қай емтиханнан құлап қалып едім?
Ережеп (дем бере). Қарауындағы адамның бар кем-кетігін, осал оғашын тек бастықтар ғана біледі, шырағым Болат. Ал сен басшы қызметте болған жоқсың, оны мойындау керек.
Болат. Ал солай-ақ болсын.
Жақан. Так вот, қазіргі мал шаруашылығына, ет дайындау мәселесіне өкімет пен партия қойып отырған талапты ешуақытта естен шығармау — басты міндет. Бұл не деген сөз, бұл бар мүмкіншілікті максимально пайдалану керек деген сөз.
Болат. Мен осыны түсінбейді деп айтып тұрсыз ба?
Жақан. Мен мұны как руководительдің бірі ретінде айтам.
Ережеп. Біле білсең, шырағым, дәл осы жаны ашыған адамның сөзі. Осындай басшылардың арқасы емес пе халық қатарында жүргеніміз.
Болат (ұнатпай). Сізге осылай көрінетін шығар.
Жақан. Әне, бүйректен сирақ шығаруға құмарсың.
Болат (ширыға). Жақа, менің кемшілігім болса айтыңыз. Бірақ дәлелдеп айтыңыз. Болмаса бастық екенмін деп...
Жақан (бөліп). Бұл жақсылықты білмейтін жігіт, жаңа қатарың болған соң, Күләннің көзінше беделіңді түсірмейін дедім. (Даусын көтере.) Біздің коллектив, коллектив демекші сен жақында келген адамсың. Коллектив деген сөз — бір семья деген сөз. Бәріміз бір семьяның адамындай тату-тәтті бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз керек.
Ережеп (қошеметтеп). Ай, айналайын Жақан-ай, халық үшін туған баласың-ау. Сөзін қарашы.
Болат (орнынан тұрып). Коллективке мен іріткі салып жүрмін бе?
Жақан. Әңгіме онда емес.
Болат (екіленіп). Енді неде?
Жақан. Кемшілік дегенді кезінде көріп, бір-бірімізге көмектесіп отыру бүгінгі таңдағы міндет екенін естен шығарма. Әрине, критика, самокритика деген біздің коллективте бар пәрменді бойымен көрінсін. Сөйте тұра еткен жиналыста сен жұрттың бәрінің бетінен алдың.
Болат. Кешіріңіз, жұрттың бәрі емес, сіз бен Ерекеңді сынағаным рас. Оны жиналыс дұрыс деп тапты.
Ережеп (күйіне). Енді соның не реті бар еді, айналайын. Мен болсам бәріңе бірдей жең ұшынан жалғасып дегендей.
Болат. Мен сол жең ұшынан жалғасу дегенге қарсымын. Жағымпаздық дегенге қарсымын.
Жақан. Правильно. Жағымпаздық, подхалимдік дегенді түп-тамырынан суырып тастау керек. Менің де жаным жек көретін нәрсе сол. Рас, сын түзелмей, мін түзелмейді. Бірақ сынның да сыны бар, жолдастар. Бедел түсіріп, берекеңді алатын сыннан аулақ болайық, аулақ болайық!
Ережеп. Әне, мәселе қайда жатыр. (Өзіне-өзі.) Қызға келгенде болмаса, мұндайда сайрауында мін жоқ-ау.
Жақан. Жасыратыны жоқ, сенің орныңда өткен жылы бір жас жігіт болды. Как специалист жаман емес еді.
Ережеп. Келген кезде қандай тамаша болатын, үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлап елпек қағатын.
Болат. Білемін, ол қазір...
Жақан (мән бермей сөзін бөле). Сол жігіт алты айдың ішінде апшымызды қуырды. Ерекең бір сиырды бұзауға айырбастап жіберген бе қалай, соны?..
Ережеп. (қипақтап). Өткен әңгіме ғой.
Жақан. Әрине. Ие, сондай майда-шүйдені жинастырып арыз дегенді айдасын-ай келіп. Қыз өспей ме, көкейіңді теспей ме дегендей-ақ, тексеру келем дегенше бұзау да бақандай сиыр болып шыға келді. Бала сазға солай отырды.
Болат. Қылмыс деген сол майда-шүйдеден құралады.
Жақан. Ондайға өзіміз де тыйым салып келеміз.
Ережеп (ақылгөйсіп, маңғаздана). Менің ойымша былай: домалақ арыздың дәуірі әлдеқашан өткен. Жазады екенсің, аты-жөніңді мекен-тұрағыңды айтып жаз, солай емес пе, Жақа.
Жақан. Әлбетте, содан кейін сөйлесеміз.
Болат (жігерлі). Мен арыз жазбаймын. Жүрегі жарылып кетсе де, кім болса да көзіне айтам. Тыңдамайды екен, редакцияға жазам.
Жақан. Облыстың алды болмағанмен кеудесінде отырған совхозды кім жамандап жаза қояр екен.
Ережеп (екіленіп). Бәсе, соны айтам-ау?
Жақан. Сен әлі жассың, көп нәрсеге түсінбейсің. Айтайық, ертең ана бастық етіп барады, ол өзі келсе де бір мал жейді, соған енді былай...
Болат. Тағы бір тоқтыға акті жасау ғой?
Ережеп. Шырағым, енді қайтесің? Әкелген табағыңда малдың басы болмаса кейбіреулер жыланның етін көргендей сыздана қалады. Дәстүр солай болған соң, амал жоқ.
Жақан. Шынында солай өзі. (Алдаусыратқан болып). Әй, Болат-ай, кесірліктен не пайда? Онан да адам жіберіп бір тоқты алдыр, актісін өзім бекітемін.
Болат. Сонда неден өлді дейміз?
Ережеп. Баламысың деген ә, мал ауруының атынан көп неме жоқ. Біріне жатқыза салмаймысың. Қолдағы дүние емес пе бәрі.
Болат. Бұл әзілдеріңізге көне алмаспын. Кім қонақасы берсе, сол көнер.
Жақан. Сенен бұрынғы жігіт те осы кесірлігінен тауып еді. Қазір қайда жүргенін өзі білсін.
Болат. Сағынсаңыздар, кездесерсіздер. Жуырда біздің управлениеге главветврач болып келіпті.
Жақан (шошына). Не дейді?
Ережеп. Жеткен екен ғой.
Қолында заттары бар Әлима кіреді.
Жақан (өзгере). Ay, асыл жеңгесі, аман-сау бармысыз!
Әлима. Жау жейді деймісің, шырағым, жүрміз ғой.
Ережеп (жуып-шайып). Бүгін өзі маған ашулы. Әлима ішке кіріп кетеді).
Жақан (қипақтай). Ереке, біз кеңсе жаққа барып, Болат екеуіміз ертеңгі шаруаның жайын ойластырайық. (Әлима жақты нұсқап). Ана мәселені өзіңіз реттеңіз. (Болат екеуі кетеді.)
Ережеп (жалғыз). Кейде осының өзі тым сүйегі жасық жігіт пе деп қалушы едім, айтқанымдай-ақ қызбен сөйлескен түрі әлгі. Жұмысқа пысық ісіне мығым. Сөзге шешендігінде мін жоқ. Болатқа тізені мықтап-ақ көрсетті. Бұл тараптан қарағанда қызды ұршықтай үйіріп кететін реті бар. Бірақ ол жоқ, міңгірлеп албасты басты да қалды. Тағы да: «Ереке, өзің ретте» дейді. Сонда ол қызды байлап беруім керек пе? Шорт знает, өзінің әйел баласына қыры шамалы болып тұр.
Әлима шығады.
Әлима (сыздана). Немене, жеңгетайлығың іске асып келе ме?
Ережеп (шатынай). Сен осы... ақыл осы саған қашан енеді?
Әлима (байланыса кетіп). Сенің айтқаның болмаса, кем ақыл көрінетін әдетім.
Ережеп. Сонда мен жауға жеңгетай болып жүрмін ба? Күләннің менен жақын кімі бар? Мүлде мен оның әкесіндеймін. Қаршадайынан қолымда өсті.
Әлима. Оның рас, ал енді қай әке өз қызына жеңгетай болды? Соны ойладың ба?
Ережеп (абыржи). Болып жүргендер де бар шығар, мен енді, өзің білесің, қанша дегенмен жездесімін ғой.
Әлима. Жездесі болсаң, оның да жолы бар. Алдымен келешегін ойла. Жап-жас бала, оқысын, өз теңін өзі табар демеймісің.
Ережеп (ызалы). Теңінің түрі Болат сияқты қу аяқ болса, тәңірім жарылқасын.
Әлима (сезіктене). Онда несі бар?
Ережеп. Ыржыңдап, әзілдеседі де жүреді.
Әлима. Мұның ұшқары әңгіме болар. Екеуі бір мектепте оқыған жолдас-жора дегендей.
Ережеп. Бар бәле сол бірге оқығандардан шығып жатқан жоқ па? Жайлаубайдың қызы да бірге оқығансып борбайдың бірімен кетіпті.
Әлима. Көңілі жарасса онда не тұр екен?
Ережеп. Көңілі жарасты деп көрінгеннің қанжығасына байлап жіберейін бе?
Әлима. Дұрыс айтасың, қанжығаға байлама. Ал енді дүниенің тұтқасы сонда тұрғандай Жақанға жабыса беретін не сайтаның бар?
Ережеп (ашулы). Немене, Жақан бір әйелді асырай алмай ма?
Әлима (ширыға). Міне, сені құртатын осы мінезің. Сенің бабыңды табамын деп өзімнің де орта жолда қалғаным жетер, о несі маған...
Ережеп (шегелеп). Кімнен кемсің? Не ішіп, не кием демейсің, өзің би, өзің хан.
Әлима. Хандығыңды да, билігіңді де басыңа жастап жат. Шүберекке мас болған шолжаң қырсығымыз өзімізбен кетсін.
Ережеп. Мұндай данышпандыққа қашан жеттің?
Әлима. Сен, жеткізген.
Ережеп. Менің арқамда данышпан болсаң, арманың не, бәйбіше?
Әлима (ызғарлы). Тілімді қыздырмай тыныш отыр.
Ережеп (жалтара). Қойдым, бәйбішесі қойдым. Басқа дүние астан-кестен болса да, өз ашуыңнан сақтасын жаратқан.
Әлима. Ендеше соны біл де жүре бер.
Ережеп. Әй, бәйбіше-ай, осының бәрін қай жетіскеннен айтады дейсің? Мен бір білімі тасып жүрген адам емеспін. Жолбарысты жезде, аюды апа дейтінім де сендердің қамың.
Әлима. Бізді жау жемейді. Өз басыңды алып жүр. Ертең балаң бітіріп келеді. Шүкір, бір-ақ жылы қалды.
Ережеп. Оған өзім де қуанам. (Мақтана.) Ортан қолдай зоотехник, совхоздың бір тұтқасын ұстап тұра қалмаса әкел қолыңды.
Әлима. Он бес жыл оқыды, өз жөнін өзі білер, теңін тауып, тірі болса болды.
Ережеп . Тірі болған соң, ірі болғанға не жетсін, бәйбіше? Заман білімдінікі, білгендікі. (Өкінішпен.) Иә өз қолымыздан ол келмеді. (Мұңайып.) Жеңгетай деп сен кекетесің, мен бір нәрсені біліп айтам.
Әлима. Нені?
Ережеп. Жасыратыны жоқ, ол екеуінің тіл табысып қалуы да ғажап емес. Күлән ақылды ғой, алыстан ойлайды.
Әлима. Жаңа Болатпен шатастырып отыр ең ғой.
Ережеп. Сен айтқан соң түсіндім. Ол бір балалық та. Маған сенбесең, Күләннің тамырын өзің басып көр. Соңғы өтінішім болсын бәйбіше? Кейін өзің «шалым ақылын тапқан екен» дерсің.
Әлима. Рас болса, сөйлесіп көрейін.
Күлән кіреді.
Күлән. Бір қағаздар қалып қойыпты. (Ішке кіріп кетеді).
Әлима (Күләнға). Бері келші. (Ережеп сылтау тауып ішке кетеді).
Күлән. Асығыс па?
Әлима (сыбырлай). Сені не құдай ұрып жүр?
Күлән (таңдана). О не дегеніңіз?
Әлима. Жақанмен сөз байласқаннан саумысың?
Күлән (күліп). Е, сол ма еді? Бәрі бос әңгіме.
Әлима (сыбырлап). Ендеше әзір сыр білдірме! Қағазың келгенде бір-ақ тарт оқуыңа. Мына жездең күйіп-пісіп жүр. (Ережеп шығады, Әлима дауысын өзгертіп.) Біз саған жамандық ойлар деймісің, ойлан!
Күлән (жалтара қуланып). Жарайды, түсінемін ғой бәріне. Сіздер не айтсаңыздар да...
Ережеп (қуанып кетіп). О, айналасын қаракөз балдызынан. (Әлимаға.) Айттым ғой жаңа. Көрсін жұрт балдызының тойын.
Күлән. Мені Жақан күтіп отыр. (Кетеді).
Ережеп. Көрдің бе, Жақан дегенді жып-жылы айтты.
Әлима (аңқаусып). Өздері тіл табысты дегенің рас болса, мен қарсы болып қайда барады дейсің.
Ережеп. Жаңа байқаған жоқсың ба?
Әлима (мән бермей). Байқағанда қандай.
Ережеп (сыбырлап). Енді саған бір қызық айтайын. Есен Тоқбергеновичті облысқа алса, Жақан сөз жоқ соның орнында қалады. Май шелпектің әкесін сонда көресің! Ертең баламыз бітіріп келгенде де арқа сүйер біреу керек қой, мен болсам қартайдым.
Әлима. Жарайды енді, қойшы, Жақаның аспанды тірейтін болса көрерміз. (Телефон шылдырлайды. Ережеп барып алады).
Ережеп. Алау, ә Жақанбысыз. (Дауысы өктемдеу.) Хал қалай? Хал қалай деймін? Нечоуа деймісің. (Әлима ішке кетеді.) Сол нечоуа дегеніңізді енді қойсаңыз деймін. Ие, ие... кх... кх.... үйде өзіңіз қалай сөйлесіп едіңіз! Тым тәуір деймісің? (Трубканы басып жұртқа.) Қарық қылып едің. Трубкаға.) Сүйіншіңізді дайындай беріңіз, жеңгең де кет әрі болмай шықты. Ие... ие... кх... кх... (Күлкісін тия қалып.) Болат көнбеді деймісің, мен қайдан табам. Кімнен... Жарайды, бірдеңе етерміз. Әзір ақша бар ғой... Жарайды, кейін есептесерміз. Әрине, әрине, құр қол шығу ұят, ел емеспіз бе, әлбетте, түстен кейін хабарласыңыз. (Трубканы іліп, әндете.) Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме, түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін. (Айғайлап.) Бәйбіше, бері кел. Мықтыны қарсы алу керек болды. Дайындық, дайындық...
Әлима. (Ережептің қуанышты кейпіне таңдана). Сен тым есіріп кеттің, шалым...
Ережеп. Бүлк ете көрме, бәйбіше. Дайындық, дайындық. (Асығыс киіне бастайды.) Мен біраздан кейін келем. Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме, түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін. (Ережеп кетеді. Әлима аң-таң).
Әлима. Қайтсін сорлы, әлгіге мәз болғандағы түрі ғой.
Шымылдық.
ЕКІНШІ ПЕРДЕ
ПРОСЦЕНИУМ
Музыкадан кейін сахнаның оң жағынан әзілдесіп Күлән мен Болат шығады.
Күлән. Сен қызықтан қалып қойдың ғой. Махаббат сырын қалай шертуді Жақаннан үйрену керек еді.
Болат. Ондайға су төгілмес жорға шығар?
Күлән. Сұрама деймін, ағып тұр. Сөздері қандай сап алтындай салмақты.
Болат. Шынымен солай ма екен? Бәсе, маған бүгін қаһарын төгуі жаман, жел пайда болған ғой ағаңа?
Күлән (күліп). Әңгіме негізінде совхоз шаруашылығы жөнінде болды, тамаша деймін.
Болат. Шаруашылықтың не қатысы бар екен махаббатқа?
Күлән. Шеберлік сонда жатыр. Шөптің жоспары және махаббат мәселесі. (Күледі).
Болат. Вот это да! Қызық екен ғой өзі, шөп жоспары орындалмаса үйленбеймін дей ме сонда?
Күлән (күліп). Ие, сүйдейді... Ойнап айтам бишара жан ғой... Біздің жездей де адам танығыш-ау, мақтайды келіп соны.
Болат. Ерекеңе бәрібір. Өзінен дәрежесі бір елі жоғары болса болды. Соны данышпан тұтады.
Күлән (қабағын шыта). Апам да, мен де, оқудағы баласы да ренжіп талай айттық. Әбден бойына сіңген әдет қой деймін. Бүгін тағы шығындалып жатыр.
Болат. Маңдайы тасқа бір тимей бұлар тоқтамайды. Нечеуа. Өмір өзі-ақ жөнге салады.
Күлән. Жарайды, Жақан кеңседе күтіп отырған шығар. «Уақытында болмайсыңдар» деп кейде лекция оқитыны бар. Қаһарына ұшырап қалмайық.
Екеуі де кете береді. Музыкалық паузадан кейін Ережеп шығады.
Ережеп. (әндете шығып). Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме, түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін.
Көрдіңіздер, ағайын. Тойда кездесейік деген уәдем — уәде. Қай күні болатынын өзім айтам. Біздің Әлиманы иландырғандарыңызға рахмет. Сіздерден жасыратын сыр жоқ. Кейде отырып таң қалам, топырағы торқа болғыр ата-бабаларым үш-төрт қатын алып қалай күн көрді екен, мына біздер бір қатынның өзімен шашымыз ағарып барады. Дәл бүгін сіздер айтпағанда Әлима көне қоймайтын еді. Бұдан былай құдай қаласа, Жақанмен «сіз», «біз» деп сызылуды қоятын шығармыз. «Әй, Жақан, ананы былай жаса, мынаны былай жаса, мынаны былай ет, сен немене өзі!» деп бұйыра сөйлейтін күнге де жетер Ерекең. Ол мың жерден бастық болғанмен бажа болып қалады. «Бажа бажаны көрсе басы қышиды» деген атам қазақ. Көрсетем мен оған әлі талай қиғылықты! Асығыспын, ағайын, көріскенше күн жақсы!
Әндетіп кете береді. Көңілді Жақан шығады.
Жақан (ыржиып). Жақсылық жата ма, бәріңіз де есітіп қойған тәріздісіздер ғой. Жақсылықты жасырма, жамандықты асырма деген осы. (Жүрегін ұстап.) Интересно, жүрегім почему-то бүлкілдеп соға береді. Знаешь, бұл қуаныштың белгісі. (Қиялдай.) Ах... Күләнді айтам-ау! Бой, сымбат, үні қандай тамаша! «Мемлекет алдында тағы алған міндеттемеңіз бар ма» деді-ау. Мен де жау жүрекпін ғой, «неге болмасын» деп сарт ете қалдым. Сөйтіп, мәдениетті түрде сөйлеспесе болмайды ғой. Сүйемін, күйемін деген ол кейін айтылатын нәрсе емес пе? Өздеріңіз көрдіңіздер, мен бәрін де жағдайға, саясатқа байланыстырып айттым. Меніңше, онша қателескен жоқпын-ау деймін. Асылында қыздармен сөйлескенде осылай скромно ойланып сөйлескен жөн. Мен сүйтем. Ертең үйленгенде көрерсіздер, мен ешуақытта әйелге «сен» деп сөйлемеймін. «Күлән Асқаровна, сіздің бүгін басыңыз ауырып отыр ма, Күлән Асқаровна, сізге дәрігер шақыртайын ба» деймін. Әйелді өзіңмен тең санау деген осы. Жолдас азаматшам деудің орнына кейбіреулер «біздің қатын», «менің келіншегім», «бәйбішем» деп жатады, осының бәрі грубо, феодалдық көзқарас. «Эгоизм» деген осындайдан туындайды. Мәдениет деген, ең алдымен, махаббат мәселесінде көрінуі қажет. Ал, «өртендім, күйдім, жандым» дейтіндер де болады. Байқасаң күйіп-жанған сайтаны да жоқ. Балалы-шағалы болып жүріп жатады. Видимо, алғашында абсолютно өтірік айтатын болу керек. Кейде ұрысып жанжалдасып қоятындары бар. Сонда бұлардың күйіп-жанғаны қайда жүр? Міні мәселе қайда жатыр, жолдастар, театр мен кинодағы махаббат дұрыс шығар, бірақ соның бәрі мәдениетті болуы міндет. (Сағатына қарап.) Қазір Күлән кеңсеге келеді. Сонда тағы сөйлесемін. Бәрін асықпай айтам. Мұндайда скромно, серьезно бола біл.
Пушкин айтты деген бір әңгіме бар еді, соны ұмытып тұрмын. Өздеріңіз талай естіген шығарсыздар. Вот солай болу керек. Оның үстіне қызмет бабы да жаман болмайтын түрі бар. Ертең бастықты қарсы алып жіберсек, ол да плюс. Ережеп ол жағына жанын салып жатыр. Біздің тойымыз да скромно болады, алдын ала айту неудобно, оны өздеріңіз бағаларсыздар... (Ойлана, өзіне.) Так, Күләнмен екінші кездесудегі сөзді неден бастасам екен... ә... ә. Бағана қай жерге келіп тоқтап едік... (Есіне түсіріп, саусағын санап.) Отчет, ет, шөп жоспары міндеттеме, так, так, бойдақпын дедім... ә... сосын... дұрыс, дұрыс, «өзіңізбен ақылдасайын» деп едім деген жерге келген екенбіз ғой... Да, да, сол, ал кеттім.
Кетеді. Шымылдық ашылады. Ережеп үйінің қонақ бөлмесі. Веранда жартылай көрінеді. Жасауы орташа. Оң жақта ас бөлмеге шығатын есік. Сол жақта Күлән белмесі. Екі жекі түрулі Әлима асығыс кіріп-шығып жүр. Енді ішке кетті. Қолында үлкен сумкасы бар Ережеп кіреді.
Ережеп. Бәйбіше, уа бәйбіше, қайдасың? (Заттарды стол үстіне қойып.) Тәуекел деп көзді жұмдым.
Әлима шығады.
Әлима. Не боп қалды?
Ережеп. Кейде тиынның сом болып оралатын сәті де болады. Тәңірім соған жазсын.
Әлима (сумканы қарап). Сонша ала бергенің не?
Ережеп. Коньяк деген итің жүдетіп кетеді екен. Жұлдызы молырағынан алмасаң, тағы реті келмейтіні бар-ау жайрағырдың.
Әлима. Қаншаға түсті!
Ережеп. Салқын жерге қоя сал. Отыз соммен тағы да қош айтыстық.
Әлима. Қарадай жүріп шабылыпсың ғой, сорлы, өздері ақшадан ештеңе қосты ма?
Ережеп. Нечеуа, бәйбіше, нечеуа. Жақан бар шыныңды кейін өзім көтерем, есептеп қоя беріңіз деді.
Әлима. Есепте деп ертең жонын бір-ақ көрсетпесін.
Ережеп. Әй, бәйбіше-ай, кейде бір осылай шолақ ойлайтының бар-ау, ертең өз адамың болғалы тұрған Жақан емес пе?
Әлима. Өз адамың дегенмен оты бөлек, ошағы бөлек. Оған да дүние керек. Ашық ауыздық абырой бермейді.
Ережеп. Қойшы енді, «бәрін де өзіңіз реттей салыңыз» деп салмақ арта сөйлеген соң шыдамадым. Бәрі де Болат жүгірмектің кесірі. Ол көнгенде есебі басқаша табылғалы тұр еді.
Әлима. Жас бала қорқады ғой, қайтсін.
Ережеп. Қайдағы қорқу. Қаршадайынан үлкендермен жағаласып жүрген жалмауыз емес пе? «Шындық», «әділет» деп айқай салғанда аза бойың тік тұрады.
Әлима. Әділет ұстаса айып па?
Ережеп. Сен сол баланы жақтауыңды қойшы. Екі туып бір қалғаныңдай аузыңнан тастамайсың. Мені де жек көреді, кейде қарсы шығады.
Әлима. Жек көрсе мінезіңнен де, әйтпесе несі бар сенде.
Ережеп. Ел-жұртқа жаққан Ережеп, бір балаға ұнамадым деп қайғырар жайы жоқ. Жақан аман болсын!
Әлима. Жақан, Жақан! Бұл науқастан жазылудан кетіп барасың. Сөйтіп жүріп ақша сенікі, абырой Жақандікі болып жүрмесін.
Ережеп. Ол дәу Жақанға жақсы қараса, маған да алыс болмас. Ережеп есебін өзі біледі, (Серпіле.) Шіркін дүние, бір күн үйге түсіп кетпейді-ау. Үйге шақырғанға не жетсін. Бірақ оның реті келмес, жол жүріп барады ғой.
Әлима. Онан да осынша дүниенің өз қалтаңнан шыққанын сездіріп қалудың қамын ойла.
Ережеп. Оны ма, оны... (Ойланып.) Таптым, таптым...
Әлима. Иә, ал, айт.
Ережеп. Жоқ, тапқан жоқ екенмін... тұра тұр.
Әлима. Бастық көрсең қара басып міңгірлеп қалатын науқасың бар сенің, тағы да соған ұшырап жүрме.
Ережеп. Қойшы, сен де әлден адамның жүрегін қобалжытпай. Оның өзін былай нетем ғой.
Әлима. Менің алдымда қобалжыған жүрек, ертең дәуді көргенде жарылып кетіп жүрмесін.
Ережеп (ақтала). Бәріне соғыс кінәлі. Әбден титығыма жетіп, қанымды бұзып кеткен -ау деймін. (Желпіне.) Білесің, өзіңді алған жылы промкомбинаттың директорин жердей алып, жердей салып сынағанымды. «Сен біреудің құйыршығы болмасаң жарар еді» дедім-ау, тайсалмай. Не деген өжеттік десеңші, ешнәрседен қаймығу жоқ еді атымен. Сол жылы соғыс басталды да, бес қаруды белге асынып, «майдан қайдасың» деп тартып бердік.
Әлима. Жарайды, ол жырыңды өзім де білемін.
Ережеп. Ә, әлгіні ме? (Ойланып.) Қайтсем екен... бәрі де өз ақшама алынған деп тура тартсам қалай болар екен, бәйбіше?
Әлима. Онда бүлдіріп аласың, Жақанның ренжіп қалуы мүмкін. Со жағын ойла.
Ережеп. Әй, жарықтық бәйбішем-ай, әйел атаулының данышпанысың-ау. Сен болмасаң (шекесін шертіп.) мына қауашақ алдақашан қурап қалар еді. Өзіңе не жетсін, өзіне.
Әлима. Менің саған ақылсыз көрінуім де, данышпан көрінуім де оп – оңай-ау.
Ережеп. Ол өзі, бәйбіше, настроениеге байланысты. Так, ойлағанда былай, бәйбіше. Бәрін қағазға орап сыртынан байлаймыз ғой. Міне мынау біздің үйдегі жеңгеннің пісірген дәмі, арнаған малы еді, шыны байлар да біздің үйден, өзіміз болсақ, Жақанға жат адам емеспіз. «Ережеп, Әлима» деп конвертке хат салам да жіберем, осыдан абзалы жоқ.
Әлима. Бұл да жөн, бірақ көздеріңше ашып Жақаннан ұят болып жүрмесін.
Ережеп. Жо... жоқ... ашпайды, поезд бес-ақ минут тұрады. (Веранда жақтағы телефон шылдырлайды. Ережеп алады. Әлима ас үйге кіріп кетеді.) Алау, Жақанбысыз, то есть Жақанбысың? Ие, Жақа, Алдым, алдым, семіз болғанда атамаңыз — кеспеге қара жоқ... жас мал, тоқты ғой... Қазір, қазір. (Трубканы басып.) Бәйбіше!
Әлима шығады.
— Басын үйттің бе?
Әлима. Күйіп-піспей шыдасаңдаршы бәрі болады.
Ережеп (трубкаға). Күйіп-піспей то есть бәрі де болады. Солай, әрине. (Трубканы басуды ұмытып кетіп, Әлимаға.) Найқалып жүріп алмай, болсаңшы. (Абыржып трубканы жаба қойып.) Кешіріңіз, сізге емес, жеңгеңе деймін. (Трубкадан қолын байқамай алып.) Сен-ақ арам өлтіресің бір күні! (Әлима «трубканы жап» деп ымдайды.) Жоқ, жоқ, қатынға айтып жатырмын. Кешіріңіз, ие, енді өзіңіз нетіп... келіңіз... күтем. (Трубканы қойып, ішке кіріп, сылқ етіп отыра кетеді).
Әлима (ызалы). Күнде көріп жүрген Жақаннан сонша құтың қашады. Ана келе жатқан дәуді көргенде жан тәсілім етпесең жарар еді.
Ережеп (қалшылдап). Жанымды жемеші енді. Бір стакан су берші. (Өзіне-өзі.) Жаңағы сөздерді маған айтты деп ойласа, өлім-ау өзі. (Әлима су әкеледі).
Әлима. Мә, есіңді жи. О несі сонша қалтырағаны.
Ережеп (суды сіміріп салып). Трубканы тастап жіберді деп тұрмын ғой.
Әлима (ызалы). Тастап жіберсе басыңа тиді ме?
Ережеп. Әңгіме онда емес. Уһ, әй соғыс. (Қолының тамырын ұстап.) Мынаны қарашы, атша тулап тұр.
Әлима (зілді үнмен). Сорлы, сені жағымпаз еткен соғыс емес қой, онан да...
Ережеп (зілсіз ашумен). Әй, мынау не дейді? Қой деймін енді, нервіме тиме. Сенің маған жаның ашымайды. Қан кешкен оңай ма? Сен өміріңде тышқан өлтіріп көрген жоқсың. Мен төрт күн ұдайы фашистерді атып жаттым.
Әлима. Иә, талайын жусатып қайтып едің.
Ережеп. Совет әскері жеңді ме, жеңді. Соның бірі мына мен бе, мен. Саяси сауатың болса, соны аңғарар едің ғой сен.
Әлима (кекетінді). Дұрыс-ақ мықтысың.
Ережеп. Болды енді, болды. Батырға тисең, көзің көрмей қалды ма? Онан да тіршілік қамын ойлайық.
Әлима. Сенің арқаңда бәрі тіршілік қана болып келеді.
Ережеп. «Байым, сен тамашасың, шүкір, сенімен бақыттымын» деген бірде-бір әйелді осы жасқа келгелі көрген жоқпын. Бәрің де менен ақылды болып шығасыңдар.
Әлима (байланыса кетіп). Неше рет үйленіп едің?
Ережеп (шошына). Тәйт әрі, не деп отыр? Мен общим айтам.
Әлима (әзілдегендей). Е-е, жалпақ басым, тірі бол әйтеуір.
Ережеп (жайдарылана). Бәсе, солай де, біз екеуміз жиырма бес жыл тартысып, әлі жығыса алмай келе жатқан жолбарыстар емеспіз бе? Жақан әлгіге ренжіп қалды ма, келсе тамақ болғанша бір-екі рюмка қағысып дегендей.
Әлима. Бір бастасаң ұзаққа сілтейтінің бар, азанда тұрмай қаласың, өзің тартынып іш.
Ережеп. Бас салып жағамнан алғанша осылай ақыл айтып тұрсайшы.
Күлән кіреді.
Міні, Күләнжан да келді-ау. Айналсын ақ балдызынан.
Күлән (күліп Әлимаға қарап қойып). Жезде, маған бүгін тым елжіреп кеттіңіз.
Ережеп. Ойбай-ау, сені туған қызымнан кем көрсем, құдай мені де табар.
Күлән. Бар болса дейсіз ғой. (Күлән өз бөлмесіне кете береді).
Әлима (Күләнға). Жүр, маған көмектесіп жібер.
Күлән. Қазір. (Бөлмесіне кіреді. Ережеп көңілді).
Ережеп. Бәле, біздің Күлән алыстан ойлайды. (Әлима ас үйге кіреді. Ережеп әндете).
Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме,
Түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін.
Халат киген Күлән ас үйге өтеді. Телефон шылдырайды. Ережеп алады.
Ережеп (трубкаға). Алау, Жақансыз ба! Ие, мен, жаңа біреу үзіп кетті дейсіз бе, қайдам... Ие, жоқ, екеуі де ас үйде. Айта беріңіз. (Шошына.) А, қойыңыз, не дейді... Күледі, неге... (Сыбырлап, трубканы қалқалай.) Япыр-ау енді былай батылырақ... Қазір осында келіңізші, шай-пай ішуге деймін де... не... Ақылдасайықшы... Ие... Мақұл. Сөз бар ма оған... (Трубканы қойып.) Бәйбіше! (Өзіне-өзі.) Бұ заманның жастары ма (Әлима шығады.) Шақшадай басым шарадай болды-ау?
Әлима. Немене, соншалық?
Ережеп. Мұндай да масқара бола ма? Жақанды Күлән ренжітіп кетіпті. Енді, осы да жөн бе?
Әлима. Қалайша сонда...
Ережеп. Әжуалайды дей ме.
Әлима (әдейі). Қой, мүмкін емес. (Күләнға айғайлап.) Күлән, бері шықшы, жарқыным.
(Күлән шығады.)
Немене, әп-әйдік адамды неге әжуалап жүрсің?
Күлән (қулана). О кісі, әзілге түсінбеуші ме еді, жезде?
Ережеп (күйіне, жалына). Айналайын, әзілдің де әзілі бар. Ол қанша дегенмен ортан қолдай азамат, қызметкер.
Күлән. Ренжи қоятындай ешнәрсе болған жоқ тәрізді.
Ережеп. Құдай бар-ды, айтшы жаным, мен саған жамандық ойлармын ба бұл жалғанда.
Күлән. Әрине жоқ. Оған құдайсыз да сенемін. (Әлима үйге кете береді.) Жақан да қызық екен.
Ережеп (Әлимаға). Тұра тұр, бәйбіше, сен де былай нетіп, көмектессейші.
Әлима. Сенің айтқаның не, менің айтқаным не?
Ережеп. Осындай қиындыққа келгенде менің бағамды көтеретінің бар, сенің.
Әлима. Айттым ғой өзіне... (Қулана.) Тіл табысса менің қарсылығым жоқ. Қалауы білсін...
Ережеп. Қалауы, жалауы дейтін несі бар, үйлі-жәйлі болған соң-ақ асықпай оқуға болады. Осы күні заочный деп жұрттың көбісі қырықтан асқан соң да бітіріп жатыр ғой. Ол өзі де «оқытам» деп отыр. Оқу деген еш жаққа қашпайды.
Күлән (қулана). Оқудан басқа дүние қашама екен, жезде?
Ережеп. Әне, бұларға бірдеңе десең қалжыңға басады. Жақандай ақ көңіл жігіт, қалқам, мен айтайын...
Күлән. Таптырмайды дейсіз ғой баяғы...
Ережеп. Міне, өзің көріп отырсың... Ереке деп екі елі аузынан тастамайды. Сен дегенде жаны жоқ. Оңашада жылап та алатын шығар, кім біледі.
Әлима (кекетінді). Обалына обал.
Ережеп (түсінбей). Дұрыс айтасың бәйбіше, ондай перспективасы мол жігітке әйел табылмайды деймісің. Просто, ол байғұстың басын айналдырып жүрген, әлгі немене өзі, махаббат деуші ме еді, сол ғой.
Әлима (бірдеңе дей сал дегендей Күләнға көзін қысып). Онысы рас, бала кейінгі кезде тым жүдеп барады.
Ережеп. Мен, осынша не үшін шығындалып жатыр дейсің. Бәрі сенің қамың. Ертең өтіп бара жатқан кісіні қарсы алуды сылтау етіп, өзіміз де бас қосқалы отырмыз.
Күлән. Бәріне түсінем, жезде, бірақ әлден шығындану ертерек емес пе?
Ережеп. Қуаныштың ерте-кеші жоқ, жаным... Мен қасқаның жанталасып жүргенім сол. Осы үйдегі бар дүние-мүлік сенікі. Тек жездеңнің айтқаны болсыншы. (Көңілі босаған болып.) Той жасап, қызығын көретін өзімнен болған қыз жоқ. Қуанышымның бәрі сен емес пе?
Күлән (үміттендіре). Жарайды, ойланайын, жезде.
Ережеп (құрақ ұшып, арқасынан қағып). Ой айналайын балдызынан көкесі, бәсе, ақылы бар өзінің. (Әлима мен Күлән ас үйге кете береді. Ережеп Әлимаға «ұғындыр, құлағын бұрай бер» дегендей ишарат білдіреді. Әлима жарайды» дегендей бас изейді.) Қашан бұл екеуі қосылмайынша да қалған шаш ағарар. (Жұртқа.) Бірақ нечеуа, беті бері қарап қалды-ау деймін. Ие, солай өзі. (Әндете).
Жаратқан жақсылыққа бастап жүр ме,
Түсімде қызыл түлкі сойып жүрмін.
Әлима бір зат алуға шығады.
Әлима. Сенің-ақ қызыл түлкің таусылмайды екен.
Ережеп. Бәйбіше дымың ішіңде болсын. Күләннің құлағыма құя бер. Ертең біз сол жағынан екінші отделенияға барып түс ауа ораламыз. Ащы қуырдағыңды дайындап отыр. Окончательный сонда сөз байласайық. Темірді қызған кезінде соқ...
Әлима. Ертерек емес пе, екі-үш күнде балаң келеді, бәріміз ақылдасқанымыз жөн болар.
Ережеп. Дұрыс, дұрыс, мұның да жөн. Айтпақшы, бәйбіше ертең азанда батылдау болу үшін жүз елуді жұта кетсем қайтеді.
Әлима. Төбеңнен ұрсын, сен жұрт сияқты іше білесің бе? Жүз грамнан кейін-ақ буындырғандай қызара-бөртіп шыға келесің. Мынау бір «маскүнем» екен деп жүрер.
Ережеп (күрсініп). Бұл да бір маңдайдың соры ғой. Арақ бетіне теппейтін адамдар қандай бақытты десейші.
Әлима. Өйткен бақытты жер жұтсын. (Әлима кетеді).
Ережеп (жұртқа). Әлгі біздің бухгалтер қара бар ғой, жартылықты жайғастырып алады да, бастықтармен сөйлесіп сайрай жөнелгенде, түк сездірмейді-ау, сабаз! (Сырттан машинаның келген дыбысы естіледі.) Әне, Жақан келді. Бәйбіше! (Әлима шығады).
Әлима. Бет алдына елпектеп лепіріп сөйлей берме...
Ережеп. Сүйтем ғой енді... (Жақан кіреді).
Жақан (күле). Ақсақал ашулы ма, қалай, жеңеше, жаңа мені телефонда біраз сілкіп-сілкіп алды-ау.
Ережеп. Кешіріңіз, мен жеңгеңе баяғы нетіп жатқаным ғой.
Әлима. «Ережеп те әйеліне жекіреді екен, соны да жұрт біле жүрсін» дегендегі ағаңның көрсетіп жатқан қыры ғой.
Ережеп (жұртқа қуана қарап). Бәйбіше тауып кетті. (Жақанға.) Бұл әйелдерге сүйтіп қоймасаң бола ма.
Әлима (кекете). Әне ағаң мықты ғой.
Жақан. Дұрыс, дұрыс, дайындық қалай, ақсақал? Поезд азанғы сағат 7-де келеді. Болат керекті қағаздарды дайындап кеңседе қалды. (Сағатына қарап.) Ұзамай ол да келер.
Ережеп. Дайындық ғажап. Бағлан семіз шықты. Тұяқбайдан отыз сомға қақтым. Жұлдызы молырағынан отыз сомның коньягын алдым. Сол жетпей ме?
Жақан. Жеткенде қандай?
Әлима. Бәрін асайын ба?
Жақан. Мүшелеп саламыз ғой енді.
Ережеп. Басты жақсылап үйіт. Ондай адамдар талғампаз келеді ғой, солай емес пе? Тісін қағып таста...
Әлима. Ол жағын үйретпей-ақ қой...
Жақан. Бас, жамбас, ортан жілік, асық жілік, сосын тағысын-тағы дегенде не бар?
Ережеп. Жауырын, кәрі жілік, ішек-қарны ғой қалғаны.
Жақан. Жоқ, оларды қоя тұрыңыз.
Әлима. Қамыр қосайын ба?
Жақан. Оның қажеті болмас. (Сағатына қарап.) Бірге дейін піссе, түсіріп суытып қоясыз да, сосын таза қағазға орау керек.
Ережеп. Ана мысықты далаға шығарып жібер. Анадағыдай масқара болып жүрмесін тағы...
Жақан. Ие, ол жағынан сақ болыңыз.
Әлима. Қам жеме, қайным.
Ережеп. (қипақтай Әлима мен Жақанға кезек қарап.) Үйде бір бітеу қазы бар емес пе, бәйбіше? Соны қоса салып жіберсе, қалай болар екен?
Әлима (Ережепке жаман көзімен қарап). Оны оқудағы балаға жібереміз бе деп отырмын ғой.
Ережеп. Тартынба, бәйбіше, мен тірі болсам бәрі табылады.
Жақан. Ерекең шынын айтып отыр-ау, жеңгей.
Әлима. Жарайды, енді мен қазан-аяқты реттейін. Қайным, тамақ ішіп кет. (Әлима ас үйге кетеді).
Жақан. Жеңгесі солай дегенсін, қайнысы қайда кетеді. (Ережепке.) Ереке, Күлән осында ма?
Ережеп.Тырс етпе. (Сыбырлап.) Жаңа жеңгең екеуіміз алқымнан ал – ай кеп, сүйіншіңізді дайындай беріңіз...
Жақан. (қуана). Қалау сіздікі. Әлгінде төтелеп айтып көрдім. Вообщем, түсінбей-ақ қойдым. Кейде серъезно күлкіге айналдыра ма қалай?..
Ережеп. Үндемеңіз деймін. Ойланам деді, ол, — ақыл кіре бастады, беті бері қарады деген сөз.
Жақан. Ой, жарықтық Ерекем-ай, еменнің басын иіп келе жатыр екенсің ғой. (Ойлана.) Бірақ ойлануы өрге баспай кері кетіп жүрмесе?..
Ережеп. Есіңізде болсын қыз халқы ойланам десе, көндім дегені. Олардың әдеті, баяғыда осы жеңгең де сүйткен.
Жақан. «Жезде, оқуға жіберем деген уәдең қайда» деп кейін қиғылықты шығарып жүрмесе. (Осы кезде Әлима бірдеңе іздеген болып сөздерін тыңдап кетеді).
Жақан. Сол жеңгеміздің нағашы апасы күйеуге тимей ме, білдіңіз бе?..
Ережеп. Қош, тиді.
Жақан. Соның күйеуінің енді жиені бар емес пе?
Ережеп. Қош, бар болсын.
Жақан. Содан келіп әлгі жиенінің бір қызы бар екен.
Ережеп. Қош, солай дейік.
Жақан. Әлгі қызды осы келе жатқан кісінің жұбайының туған бөлесі алып отыр.
Ережеп (түкке түсінбесе де). Жаным-ау, арадан қыл өтпейтін туыс болып шықты ғой өзі.
Жақан. Негізі осылай оралып келеді. Қазақ шамасы құдандалы деп осыны айтады-ау деймін?
Ережеп. Онан да «туыс» деп бір-ақ қайырсайшы. Ендеше бізді «подхолнмдік жасап жүр» деп ойлап қала ма деп қорқып едім.
Жақан. Подхолим болып неміз бар. Шүкір, показательдеріміз ешкімнен сорлы емес. (Даладан келген машина сезіледі.) Болат шығар.
Ережеп (кіжіне). Бұл баланың бүгін жынымды келтіргені ме, желіктірмеңіз өзін.
Жақан. Ол қолда ғой. Бірақ қазіргі жастар бет-жүзің демей тура тартып қарап отырады.
Ережеп. Нечеуа, баяғыда өзіміз де талайға бас білдіргенбіз. Бір есіңізде болатыны, осы Болат та газет-журнал дегенге жақын жүреді. Анда-санда жазатыны бар көрінеді. Содан сақтану керек.
Жақан. Жоқ, ол зоотехника жөнінде ғана жазады. Басқа қолынан келе қоймас.
Болат кіреді.
Жақан. Дайын болды ма?
Болат (қағазды ұсынып). Бар білгенімді жаздым.
Жақан (қағазды қарап жатып). Ереке, Күләндағы қағаздарды...
Ережеп (айқайлап). Күләнжан. (Күлән шығады).
Жақан. Бағанағы отчеттың көшірмесі сізде еді ғой. (Күлән өз бөлмесіне кіріп кетеді.) Так, бұл нечеуа. (Күлән алып шығып береді.) Осы квартал ғой?
Күлән. Мына, аяқ жағында соңғы онкүндік бар.
Жақан (Болатқа). Шөп сүрлеуден осы айда қалай шығар екен?
Болат. Процент жағы жетіспей тұр.
Жақан. Иек артпада тұрған жерін қоса салмайсың ба? Ертең орны толады ғой.
Болат. Ондай науқасым жоқ, ақсақал, бары фактический осы қағазда.
Жақан. Көктөбедегі екі отделениенің ақпары әлі келген жоқ, ол болса жетіп те қалмай ма?
Болат. Көзіңіз жетсе қоса салыңыз.
Жақан. (шатынап). Қайсымыз бастықпыз?..
Болат. (кекете). Әзір өзіңіз ғой.
Жақан. (шегелеп). Болат, сен еркелеткен сайын басқа өрмелеп барасың. Бұл айтылып отырғанның бәрі бір семья, то есть коллектив ішіндегі сырлар.
Ережеп. (дем бере). Соны айтамын-ау?
Болат. Сырдың жалған болмағаны мақұл емес пе?
Жақан.Жалаңаш белсенділікті қояр уақытың жетті – ау, бала. Жағаласа бермесең етті.
Күлән. (кекете). Киімді белсенді болу керек.
Ережеп. (ұнатпай). Күләнжан! (Күлән ас үйге кетеді).
Жақан. Болат шырағым, мәселе принципиально, осы кезде арадағы, майда ала ауыздықты пайдаланып кететіндер көп-ақ.
Болат. Қандай ала ауыздық айтып отырғаныңыз?..
Жақан. Мәселе онда емес, бұл процентсіз де жағдай тәуір, мен жалпы айтып тұрмын.
Ережеп. Бәріңіздің көздеріңізше ескертіп қояйын. Қазір газет тілшілері деген көп жүреді. Тілшімін деп жүріп таңдайыңды суырып алып кететіндері де болады.
Жақан. Кейде екі-үшеуі қабат келетіндері бар.
Ережеп. Содан аулақ болыңдар. (Болатқа.) Онда сен жоқсың, мына Жақан мен Күләнжан біледі. Осында былтыр шегір көз сары келді.
Жақан. Айдарбеков қой.
Ережеп. Со шығар. Әйтеуір қамшылар жақ аяғының аздап сылтып басатыны бар.
Болат. Білем, білем.
Ережеп. Білсең, нағыз соққанның өзі сол болып шықты.
Жақан. «Біздің совхозда осындай бар» деп бір ауыз айтшы, аржағын өзі-ақ іліп алып кете береді.
Болат. Жазғым келсе, оған айтпай-ақ жазам.
Жақан. Сигнал түскен ғой шамасы.
Ережеп. Ол жағын кім білсін, жанынан бір елі қалмай жүрдім де отырдым. Құдай қас қылғандай күркіреуікке барған жерде ішіме жел қармасып, Шәкір шалдың үйінде екі бүктеліп жаттым да қалдым.
Жақан. Қырсықты қарашы.
Ережеп. Атай көрмеңіз деймін. Ар жағын жалғыз өзі аралап, төрт күннен кейін оралды.
Болат. Не бітіріп қайтыпты?
Ережеп. Қызығы бар, үйде отырғанда аздап сыр тартайын деп ем, маңына жуытар емес. Қайдағы бір жоқ әзілдерді айтып, бетіне лағады. Содан не керек, бір-екі айдан кейін «Экспедитор Ережептің ермегі» деген бельетон «Араға» шыға келді. Шүкір, әйтеуір сөгіспен аман қалдық қой, әңгіме онда емес.
Жақан. Қаққанның атын қоюын қарашы.
Болат. Ие, оқығаным бар-ды.
Ережеп. Ал енді биыл ондай кемшілік атымен жоқ. Сонда да болса сақтықта қорлық жоқ.
Жақан. Міне, мәселе қайда жатыр, жолдастар! (Қабағын түйе.) Сәл нәрсенің өзі тілге тиек болып жүре береді. (Қағаздарын қарап.) Нечеуа, бастық осыған да риза болар.
Болат (кекесін түрде ас үй жаққа қарап). Басқа да риза болатын жайлар бар шығар?
Жақан (шамдана). Бұл не деген сөз?
Ережеп (екіленіп). Бар, бар. Мен совхозыңнан аулақпын. Өз адал еңбегіме тапқан ақшаға бір мал алдым. Ертең алдынан алып шығам. Өз малымды кімге берсем де еркім бар ма, жоқ па менің. О не дегенің-ай маған.
Жақан. На самом деле. Осының бәрі совхоздың қамы. (Күлән шығып).
Күлән. Жайшылық па? (Ережепке.) Жезде, ашуыңызға жол болсын.
Ережеп. Жоқ-ау, маған келіп, о не дегені-ей
Жақан. Қарсы алу, шығарып салу салтын шығарған біз емес, ол атам заманнан әр елде бар дүние. Бұл да дәстүрдің бір түрі.
Күлән. Поезбен кетіп бара жатқанға да мал сойып шығу атам заманнан бар ма екен?
Ережеп. Ол адамына байланысты.
Болат. Ерекең дұрыс айтады. Қызметіне, то есть адамына байланысты.
Ережеп (байқамай). Солай десе де болады. (Есіне түсіп) А, не дедің, шатастырдың ғой тағы шамасы.
Жақан. Ладно, осыны қойыңызшы, бәрімізден ақылды осы. Үлкенді сыйлау, құрмет тұту бұған жат.
Болат. Кешіріңіз. Қарсы алуға мен де барам.
Жақан. Барсаң жүр. Оған кім қарсы. Активтің бірісің. Үшеуміз де төбе көрсетейік. (Ақылгөйсіп.) Таңертең қырынып, таза киініп шығыңдар. Вагонға алдымен мен кірейін. Есен Тоқбергенович жоқ болғандықтан жай – жапсарды менен сұрайды. Сонда жиналыстағыдай қосарланып, қыстырыла бермеңдер.
Ережеп. Аузымызға құм, ондайда сабырлы болған жөн.
Әлима шығады.
Әлима. Тағы да ант-су ішіп жатырсыңдар ма?
Күлән. (күліп). Бәрі ертеңнің қамы.
Әлима. Күлән, мына жерді ретте, шай дайын. (Күлән стол үстін реттей береді. Ережеп ішке кіріп кетіп, подноспен бір бөтелке арақ, бір бөтелке шарап алып шығады).
Ережеп. (рюмкаларға құя бастап). Кәне, жақындаңдар.
Әлима. Кейін тамақпен ішсеңдер қайтеді? (Ішке кетеді).
Ережеп. Жоқ, бәйбіше, нервничат етіп тұрмын. Кәне, келіңдер, шайдың алдында бір тартып жіберейік, ішті жалап тұрсын.
Жақан. (күліп). Қонақ —солдат, үй иесі — командир, тыңдамасқа және қақың жоқ. Кел, Болат.
Болат. Қызылдан Күләнға да құйыңыз.
Күлән. Жындымысың, бұрын ішіп жүр ме едім.
Болат (әзілдеп). Бұрын ішпесең, бүгін іш.
Жақан. Дұрыс айтады, Болат. Мен поддерживаю. (Қызыл шарап құйып.) Өтінемін, алып жіберіңіз.
Ережеп (қипақтап). Общим өзі білсін. Шарап деген лимонадтың жиені ғой.
Күлән. Рахмет, өздеріңіз ала беріңіздер.
Әлима шәйнек алып шығады.
Болат. Жеңгейге, жеңгейге!
Күлән. (рюмкені ығыстырып). Мынаны апам ішеді.
Ережеп. Кәне, бәйбіше. Не үшін ішеміз. Бәйбіше, ал.
Әлима (алып). Басым ауырады, ауыз тиейін.
Болат. Сөз үй иесінікі.
Жақан. Әлбетте.
Ережеп (жалтақтап Күлән мен Жақанға кезек қарап). Қуаныштың басы осы болсын, жастардың денсаулығына дегендейін...
Күлән (әдейі кекете). Жақан ағай бұдан былай кісінің үстінен арыз айтпауы үшін ішеді.
Жақан (қызарақтап, Ережепке қарап). Ә, Күлән, айналайын то есть... Күлән Асқаровна, мен арыз айтқан жоқпын проста... нетіп...
Ережеп. Оның үстіне ертеңгі қонағымызды дұрыстап қарсы алуға, общим ішіп жіберейік.
Жақан. Тамаша, то есть, ал кеттік. (Соғыстырып ішеді).
Шымылдық.
ҮШІНШІ ПЕРДЕ
ПРОСЦЕНИУМ
Жарқын, көңілді музыка. Аздап қызып алған Ережеп әндете шығады.
Ережеп (әндетіп). Құдайым бір нәрсеге, жоқ олай емес.
Жаратқан бір нәрсеге бар ғой, бастап жүр ме?
Түсімде бар ғой-еу, қызыл түлкін-ау сойып жүрмін-ау.
Уа, ағайын, сіздерден жасырар сыр бар ма, бір міндеттеп құтылдық. Соның қуанышына жаңа станцада аздап жұтып ем, кешірерсіздер. Мен бар ғой өзі мас болмаймын. Енді тойдың қамы қалды. Шашуларыңызды дайындай беріңіздер деу маған неудобно.
Жақан кіреді.
Өзі де келді. (Екіленіп.) Мен бар ғой, бауырым, бүгіннен бастап бар ғой, осы жұрттың алдында «сізді» прямо «сен» деп сөйлей алам. Хватит, білдіңіз бе, то есть білдің бе, мен бар ғой былайынша бар ғой, саған сен деп сөйлеймін. Правом бар ма, жоқ па, пожалуйста жұрттың алдында айт,
Жақан. Не десеңіз, ерік өзіңізде, Ереке. Ережеп (елжіреп). О, айналайын жалғызым, келші, бермен, бетті әкелші бермен. (Ұмтыла береді).
Жақан (жасқана). Ереке, мына жұрт көзінше ұят қой, нетіп, қызып қалғансыз ба?
Ережеп (екіленіп). Какой ұят, какой ұят. Мен бар ғой, ә, бір әйелдің бетінен сүйіп жатсам, пожалуйста ұят. Ал сен бар ғой, былайынша бар ғой, туған інімнен кем көрмеймін. Ал сол үшін... (Ұмтыла береді).
Жақан. (шегіншектеп). Ереке, енді былайынша.
Ережеп. Ыслучай әңгімені бар ғой, доғар, әкел бетті бері.
Жақан. Тәңір жарылқасын. Ереке әурелемеңізші, үйге барғасын.
Ережеп. Как үйге барғасын, онда мен Әлиманың көзінше не могу, сені бар ғой, былайынша бар ғой, туған інімдей көрем. Почему сен маған бетіңді аяйсың, значит бұл не деген сөз? Мені бар ғой, жат санағаның, мені сыйламағаның, мен осы солай деп ұғамын.
Жақан. (жалбарына). Сізді сыйламай маған не көрініпті?
Ережеп. Ендеше не, пожалуйста менің бетімнен сүй, қарсы емеспін, мен бар ғой қарсы болмаймын.
Жақан. Япыр-ай, ер адамдардың мұнысы, сүйісіп жатқаны сәл не ғой, просто ұят қой. Жүріңізші!
Ережеп. Жоқ, мен жүрмеймін. Былайынша бар ғой, сен маған бар ғой, почти бажасың, әрі туған інімдейсің. Сондықтан жалпы ережеге байланысты бұдан былай бар ғой, жасым үлкен болғандықтан командовать етем, шыныңды айт, тыңдамайсың ба?
Жақaн. Тыңдағанда қандай.
Ережеп. Тыңдасаң, тойға қанша адам шақырамыз, кімдерді шақырамыз, соны қазір айт пожалуйста.
Жақан. Ау, оны кейін ақылдасамыз ғой.
Ережеп. Не какой кейін, менің уақытым жоқ. Сен бар ғой, былайынша бар ғой, жұрттың көзінше айт.
Жақан. Басты-басты жігіттерді түгелдеп шақырармыз, енді солай болатын түрі бар емес пе?
Ережеп. Сен бар ғой, олай болмайды. (Залды қамти). Мен осылардың бәрін шақырам. Өйткені бар ғой, бұрынғыша «қыз қашып кетті» деп үндемей қалатын мен отсталый адам емеспін. Обязательно алдымен ЗАГС – ке отырасың.
Жақан. Конечно, сүйтем ғой.
Ережеп. Балдызымның бар ғой, сен үшін бар ғой, тойын знаешь қалай өткізем... Он бес жәшік шампан...
Жақан. Рахмет, Ереке, ол жағын кейін...
Ережеп (бөліп кетіп). Мен бар ғой, сен үшін бар ғой, басымды беруге пожалуйста дайынмын. Вот мәселе қайда жатыр.
Жақан. Дұрыс, Ереке, түсінем ғой бәріне. (Залға.) Кешірерсіздер, бұл кісі аздап қызыңқырап қалса керек.
Ережеп (жекіп). Немене сен, не айтып тұрсың, мен бар ғой мас емеспін, оны өздері біледі. Мен мас болып бар ғой ешкімнің қазанын сындырған жоқпын сұра пожалуйста.
Жақан. Оны білем ғой, былайынша айтып жатқаным ғой жалпы.
Ережеп. Өзің жарытып ішпейсің, так, еще біреуді айыптайсың. Сен бар ғой, бұдан былай бар ғой маған бір ауыз сөз қарсы сөйлеуге правоң жоқ. Ұқтың ба?
Жақан. Әрине, әрине, Ереке. (Сағатына қарап.) Ереке, тәңір жарылқасын түске дейін отделенияға барып оралу керек ұмытып кеткен жоқсыз ба?
Ережеп. Неге ұмытам. Мен бар ғой ешнәрсе ұмытпаймын, так. Мен де барам... И все.
Жақан. Жүріңіз ендеше. (Кете береді).
Ережеп (жекіріп). Тоқта деймін мен саған. (Жақан тоқтап қалады.) Так. Вот. (Ережеп мақтана.) Көрдіңіздер ғой. Қалай жекіремін. Мен әлі мұның екі аяғын бір етікке тығам. (Жақанға елжіреп.) Айналайын, бауырым, сыйлап тоқтағаныңа рахмет. Шықсақ төбеміз, өлсек шұңқырымыз бір болсын. Ал кеттік. (Әндете.)
Түсімде-ай, қызыл түлкі-ай сойып жүрмін-ау... ау... Жақанның мойнына асылып кете береді. Музыкалық паузадан кейін шымылдық ашылады. Түс мезгіл. Ережеп үйінің верандасы. Сахнада ешкім жоқ. Телефон қайта-қайта шылдырайды. Үй халатында жүрген Әлима кіреді.
Әлима. Әло, әло, шүкір, өзіңіз де саламат барсыз. Сол жағынан күркіреуікке кеткен шығар, ұзамай келіп қалар. Иә, айтайын, айтайын. Шүкір аман. Сау болыңыз. (өзіне) Бұлар не ғып кешігіп жатыр, жаным-ау? Немене сонша?
Қуана Күлән кіреді.
Күлән (конвертті көрсетіп). Апатай, «документтеріңіз қабылданды, емтиханға келе беріңіз», — депті.
Әлима (қуана). Сапарың оң болсын, айналайын. Қашанға шақырыпты?
Күлән. Екі-үш күннен қалмай жүруім керек. (Күмілжіп.) Енді, өзі, жездем, ренжіп...
Әлима. Күмілжитін дәнеңесі жоқ. Жездең келгесін өзім айтамын да ат құйрығын бір-ақ кесем, Ол жағынан қам жеме.
Болат кіреді.
Болат.Саламатсыз ба, жеңеше! Поздравляю, Күлән, жүретін болдың ғой сонымен. (Күліп.) Енді мына жігіттеріміздің хәлі не болар екен?
Күлән. (күліп) Жауабын апатайым берем деп отыр ғой.
Әлима Халдерінің не болатынын өздері білсін. Қонақтарыңды қарсы алдыңдар ма?
Болат. Алғанда қандай өзі қызық болды.
Ережеп кіреді, мастығы тарқап кеткен. Бірақ көңілді.
Ережеп. Бәйбіше, шай дайында, қуырдағың қайда?
Әлима. Жаңа ғой кіргенің. Бәрі болады. Директорларың жаңа звонит етті.Іздеп жатыр.
Ережеп. Нечеуа, бәйбіше, нечеуа. Есен Тоқбергенович түгіл одан да зор бастықпен дидарласып қолын алдық. Шыдай тұрар. Солай емес пе, Болат? (Күләнға.) Айналсын ақ балдызынан, гүл-гүл жайнап тұрсың ғой! (Күлән өз бөлмесіне кетеді.) Өзі қуанып жүр.
Әлима. Иә, қарсы алуларың қалай болды?
Ережеп. Сұрама деймін, тамаша. Өзі де бір жігіттің маңғазы екен. Басқа совхоздардың да басшылары барыпты. Поезд тоқтай бере тұра-тұра жүгірдік. Бәрінен Жақан жүйрік екен, алдымен вагонға сол кірді.
Болат. (кекетінді). Жақан бұл жағынан чемпион болып шықты.
Ережеп. (түсінбей). Жоқ, нағыз азаматтың өзі десейші.
Әлима. Басқалары да артынып-тартынып барып па?
Болат (басын шайқап). Жоқ.
Ережеп. Мәселе сонда жатыр, бәйбіше. Жүгірем жүрегі құрғыр ауызға тығылып зорға дегенде артын ала вагон ішіне мен де ендім-ау.
Болат. Ентігіп, қара терге түсіп зорға тұрдыңыз,
Ережеп. Ие, сөйттім.
Әлима Сонша немене, байқамайсың ба?
Ережеп. Байқағанда енді... обалына не керек. Жақан бәрімізді таныстырды. Басқаларына қарағанда бастықпен еркін сөйледі.
Әлима. Кеше туысы екен деп жүр ең ғой?
Ережеп. Ие, содан соң әлгі енді басқа совхоздан келген бетсіздер мал сойып бару былай тұрсын, тым болмаса тауық пісіріп, бір бөтелке коньяк та апармапты.
Әлима. Алда масқара-ай.
Ережеп. Дүйім жұрттың алдында абырой болғанда атама. Желкеміз шүйделеніп, қоразданып-ақ тұрдық-ау.
Әлима. Қуанып қалған екен ғой.
Ережеп. Жоқ, қызығы бар. Апарғанымыз Жақанның қолында болатын, енді ақсақал мынау бір аз ғана дәм еді, деп алдына қоя беріп едік, «бұларың не, ұят болады, алып кетіңдер» деп жекіген болды.
Әлима. Жұртқа көз қылып қыр көрсеткені шығар?
Болат. Менің аңғаруымша, бастықтың өзі шынымен ұнатпағандай сыңай танытты.
Ережеп. Тұра тұр. Содан әңгіме бір нәрсеге ауа берген кезде, апардым да проводникке «поезд жүрген кезде ана купедегі пәленше деген кісіге тапсыр» деп әлгі жерде өзінің алақанына да бір сом қыса салдым.
Әлима. Берсе болғаны ғой әйтеуір.
Болат. Беруіне береді, бірақ...
Ережеп. Сен бірақ дегеніңді қоя тұр, шырағым. Былай шыққан соң итке тастар деймісің. О заманнан бұ заман ішіп-жеп, алуды ұнатпайтын адам болушы ма еді?
Болат. Мұның бәрі ескі жыр ғой, Ереке.
Әлима. Жақанның туысы дегенсін мен де қарсы болған жоқпын.
Ережеп (қуанып). Садағаң кетейін, бәйбішем-ай. (Болатқа.) Көрдің бе? Жасыратыны жоқ, мен сені туған інімдей көруші ем, кеше ренжіп қалдым. Но нечеуа, абыройымыздан айырмасын.
Болат (күліп). Іні көргеніңіз бір тоқтының құнынан кем болса, амал қанша.
Әлима. Әй, шалым-ай, сәл жерден сүріне саласың-ау?
Ережеп. Жоқ, жоқ, әңгіме онда емес. (Әлимаға.) Бәйбіше, шай-пайыңды дайындай бер, қазір Жақан келеді.
Әлима (екі ұшты). Дұрыс, дұрыс, келсін, келсін. (Ac үйге кетеді).
Ережеп (Болатты кетсін дегендей). Сен асығып тұрсың ғой шамасы.
Болат. Жоқ просто, Күләнді поздравить етуге келіп едім, құпия сыр болса, кетуіме болады.
Ережеп. УҺ су, су, маған қызығы бір күні у ішіп өлу ғой.
Болат. Қайдағыны айта көрмеңіз. (Күлән су әкеліп береді).
Ережеп (есін жиып, Болатты кекете). Ие, сөйтіп, поздравить ете келдім де. (Екіленіп.) Не, бұл үйде мен тұрамын, не айтқаным болады екінің бірі.
Әлима. Дұрыс, айтқаның болады, бала оқуына барады.
Ережеп. Не деп?
Әлима (зілді). Оны уақытында көрерміз. (Ac үйге кетеді).
Ережеп (күйіне). Сендерге сеніп мен ақымақ бүгін жұрттың бәріне аузыма келгенімді оттап масқара болдым ғой.
Болат. Ереке-ай, осы ақ көңілдігіңіз – ай!
Күлән. Не деп, жезде-ау.
Ережеп. Жездеңді жер неге жұтпайды, мына жер неге ойылмай тұр, айтшы маған.
Болат. Ол оңайлықпен ойылмайды ғой.
Ережеп. Соны айтамын. (Күләнға.) «Ойланайын» дегеніңді түсіндірші, жарқыным, маған.
Күлән. «Ойланайын» деген «айтқаныңызды орындаймын» деген емес қой.
Ережеп. Мені осындай екі ұшты сөз-ақ орға жығып болды.
Әлима (ас үйден). Күлән, бері кел. (Күлән кетеді).
Ережеп (басын ұстап). Болат айналайын, ел бетіне енді қалай қарайды мына тас маңдай ағаң. Бәрібір Әлиманың айтқаны болатын түрі бар ма қалай?
Болат. Сіз ел бетіне қарамайтындай еш нәрсе істеген жоқ сияқтысыз. Сонша қиналар не бар?
Ережеп. Ойбай, түсінбей отырсың ғой!
Болат. Сөз жобасына қарағанда Күлән мен Жақан қосылса екен деген ниетте болдыңыз. Орындалмады, одан жасқанар дәнеңе де жоқ.
Ережеп (екіленіп). Енді қайттім жоқ, мен Күләнді еш жаққа, еш жаққа жібермеймін, мен принципиальныймын.
Болат. Жібермей қойсаңыз, масқара сонда болады.
Ережеп (абыржып). А, а, сонысы тағы бар ма? Мені «феодалдық-байлық пережитка» деп тағы шығарады-ау, шамасы.
Болат. Өзі де дәл сондай. Солай болып шығады.
Ережеп (сасқалақтап). Ие, сүйтеді, сүйтеді. (Қуанышты Жақан кіреді. Ережептің қалпына күле сөйлейді).
Жақан. Ереке, неғып үрпиіп тұрсыз?
Ережеп (мұңайып). Жақа, кешіріңіз, мен бар ғой, ақымақ болыппын. Мұндай болады деген үш ұйықтасам ойымда жоқ еді. Мәңгібақи енді былайынша айтқанда ауызыма құм.
Жақан (қызып қалғанын айтты деп ойлап). Чепуха, Ереке оған бола ренжитін дәнеңе жоқ.
Еpежeп (жұртқа). Естіген екен ғой, айналайын.
Болат. Жақан ондайға мән бермейді.
Жақан. Конечно, конечно.
Еpежеп (сергіп). Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді.
Жақан. (Болатқа). Бағана аздап қызып қалған еді, соны айтып отыр. Адам ішкенде кейде сүйтетіні бар. (Әзілдеп, жақындай беріп.) Енді, пожалуйста бет керек болса.
Ережеп. (Түсіндей тұрғанын енді біліп, қипақтай). Жоқ, жоқ, ала тұрыңыз. Бәрібір сізді туған інімдей көрем. Әңгіме онда емес. (Болатқа сен айтшы дегендей қарап.) Жаңа Болат көрді, қайтейін...
Жақан. (сезіктене). Бірдеңе болып қалды ма?
Болат. Да, әшейін, чепуха.
Ережеп. (күйіне), Жаным-ау, ондай да чепуха бола ма?
Жақан. (абыржып). Ay, айтсаңдаршы, немене өзі?
Болат. Күләнға институттан вызов келген екен, соған Ерекеңнің ренжіп жүргені ғой.
Жақан. (алақтап). А, Ереке, енді былай...
Ережеп. Өзім де нетіп тұрмын.
Жақан. Сонда, өзі не айтады Күләннің?
Болат Не десін, ертең жүруге дайындалып жатыр.
Жақан (телміре). Ереке, бұл не болғаны дүниенің?
Ережеп. Кешіріңіз енді, маған да аспан алақандай, жер тебінгідей болып көрініп отыр.
Жақан (басын ұстап). Мен шынымен дуракпын ба? Тілімнен қағынып, кейбір жолдастарға бүгін айтып қойып едім.
Ережеп (мұңайып). Құдай ұрып мен де... (Даладан машинаның үні естіледі.) О қайсы екен Тағы? Жұрт күтіп отырғандай.
Болат. (терезеден қарап). Жоғарғы «Свобода» совхозының машинасы ғой?
Ережеп (Болатқа). Барып үйде ешкім жоқ деп қайтарып жіберші. (Болат кетеді. Ережеп пен Жақан бір-біріне қадала қарайды.)
Жақан. Шынымен солай нетіп қалғанымыз ба, мен ақымақ сізге сеніп, былай...
Ережеп (мұңайып). Жақа, не тілеулі шаңырағымда отырмын, аянсам мені де ант ұрсын, әлі де былай күш салып дегендей... Әй, бірақ қиюы қашып барады, қайдам...
Жақан (қасын иегін сипап). Да, бұл проблема.
Ережеп. Өзіңіз де бел буып, тағы да күш сала кірісіп көрсеңіз қайтеді?
Жақан. Онда енді...
Қағазға буылған бір топ затты алып Болат кіреді.
Ережеп (шошына). Бұл немене?
Болат (мән бермегендей). Бастыққа алып шыққан заттарымыз ғой. Алдағы стансада «Свобода» совхозының директоры шығыпты. Содан иелеріне тапсыр деп беріп жіберіпті. Әкелген соның шофері.
Әлима сөйлей шығады.
Әлима (ас үйдегі Күләнға). Ақ табаққа салып әкел. (Ережеп, Жақан мелшиіп қалған.) Не ғып мелшиіп тұрсыңдар?
Ережеп (затты иегімен нұсқап). Әне... (Болат затқа қыстырулы хатты алып, Жақанға ұсынады).
Жақан (ашып оқи бастайды). «Жолдас Жақан Асанов! Сіздер осындай... (Аржағын оқи алмай сен оқы дегендей Болатқа ұсынып өзі сылқ етіп отыра кетеді).
Әлима (кіжініп). Осылай маңдайларыңның тасқа тиерін біліп едім. Тиді де тынды ма?
Ережеп (әлсіз). Білсең неге айтпадың?
Әлима. Кеңірдектеп тыңдамайсың, сен. Түсіңде соятын қызыл түлкің таусылмаушы еді, сойдың атаңның басын.
Ережеп. Былай, батылырақ айтқанда тыңдайтын едім ғой.
Әлима. Оны сазға отырған соң мойындап отырсың ғой. (Заттарды ала бере, ішке беттей.) Қайтқан малдың қайыры бар.
Ережеп (ызалы). Ие, жетісерміз... (Әлима заттарды алып ішке кетеді. Жақан Болатқа хатты оқы дегендей иек қағады).
Болат (хатты оқиды). «Жолдас, Жақан Асанов! Осындай әдетті қоятын уақыт жеткен жоқ па? Осы айдың он үшінде маған арнап хат жазған Ережеп деген кісіні ертіп облысқа келіңіз. Оның хаты менде».
Жақан. Шаруа бітерде осылай болады деуші еді. (Ережепке.) Сен не деп хат жазып едің?
Ережеп (күмілжіп). Арадан қыл өтпейтін туыс дегеніңіз қайда? Мен сосын іш тартып дегендей...
Жақан. Қыл өтпейтін туыс деген өзің, мен басқа жағын айтқанмын.
Кесе, шәйнек алып Күлән шығады.
Ережеп (есеңгіреп). Қарғам, айналайын, кешір... Енді... Оқуыңа дегендей... Біздің хал... кейін естірсің... Осыдан тірі келсем хат жазам...
Күлән. Сонша қорқатын не бар? Тәуекел деңіздер!
Жақан. Иe, сүйтеміз. Сіз де, Күлән Асқаровна, аман болсақ хабарласамыз ғой. Ертең жүресіз-ау енді...
Әлима шығады.
Әлима. Қолдарыңды жуыңдар... Қуырдақ дайын...
Жақан (орнынан тұрып Болатқа). Нешесінде дейді?..
Болат. Он үшінде.
Жақан. Ендігі қуырдақты сонда көрерміз. (Теңселіп кете береді).
Ережеп (ұмтыла). Жақа, Жақа... мен... тоқта... ңыз Туған інімдей...
Жақан (бұрылып). Туған ініңізді қара бассын. (Кетеді).
Ережеп (теңселе авансценаға жақындап). Ағайын, ағайын, ендігі тойды өздеріңіз біліңіздер!
Шымылдық.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі