(киносценарий)
М. Әуезовтың «Өскен өркен» романының кейбір тарауларының сарынымен жазылған сценарий.
Ертеңгілік уақыт. Арқан бойы көтерілген, қыстың тегенедей кірпіксіз қызғылт күні. Алаңда қол бұлғай бір-біріне күле қарасқан жұрттың үнін біз естімейміз. Өң мен түс араласқандай дүние. Бұл көріністердің бәрі кенет ұйтқи соққан қар боранның құшағанда жоқ болып кете барды..
Көз алдымызда теңселе толқи төңкерілген қарлы жазира... Әлде бір адуын алып күш тұтқасынан ұстап алып, аудара қарап, ақтара төңкеріп жатыр ма, қалай?..
Ұшар басымен аспанды тіреп тұрғандай көкке шаншыла көрінген, жол үстінде бар болмысы сіреңке қабығындай, үздік-создық машиналар тізбегі жұлдызға сапар шеккен бе, неге бұлай көрінді?.. Міне, міне, жол өз жөніне түсе берді. Кенет әлгі аударыла толқыған дүние баяғы қалпына келді...
Трубкалар... Булыға — түйіле түтін атқан трубалар...
Вертолет үні. Дәл осы үннен туындағандай ілесе шыққан музыкаға ұласады... Қар жолағы аралас дала көрінісі... қарауыта көрінген ағаш баулар... қарлы алаң... әне, құмырсқа илеуіндей қыбырлаған көк базар да бір толқып жоғалды.
Қайыс белбеудей тартылған темір жолдан өте бердік... Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан поездар... Жаңа дала көрінеді... Бес-алты қабат әсем үйлер... Кең көшелер... қарлы желек жамылған жас ағаштар...
Трубалар... трубалар...
Кадр сыртынан дауыс: — Бұл цемент заводы...
Қала, тағы да дала көрінісі... Қала кейпі дара қою тұман...
Үлкен жолдың тарамыстай тамырлары шағын-шағын ауыл қыстақтарға барып сүңгіп жоғалып жатыр... Енді ауыл-қыстақ көріністері де, жол тараулары да сирей бастады... Әлемді қалың қар тұмшалап алған.
Тарау тармақсыз үлкен қасқа жол еркіндік алғандай қарлы даланың күре тамырындай шырқау тартып кетті. Жол үсті машиналар, біз оны кейде жақыннан, кейде ұзақтан көреміз. Машиналардың бәрі бір бағытта шөп тартып бара жатыр. Және бұларға қарсы келе жатқан бос машиналар тобы байқалады. Аракідік танк-вездеход мінген әлде біреулер шөп артқан машиналардан өкшелеп озып, кейде тоқтап, кейде кейін шегініп, жол-жоба сілтеп, бұйрықтар беріп жүрген бастықтар сияқты. Кейін бұл көрініс, әлгі бір трубасы үлкен қаладан ел үдере кешіп бара жатқандай кейіп танытады. Суық ызғарлы айдалаға сонша жанталаса шұбап бара жатқан несі екен?
Бір бүйірден тағы да темір жол көрінді. Қиғаш көрінген шағын жас даланы да аңғарып даламыз. Әрі кетті тағы да әлгі көрініс. Жол, машина; машина, дала. Меңіреу қарлы дала. Мәңгі осылай жатамыз дегендей бедірейген бедеу дала.
Әлден соң қарауытқан жота көрінді... Жақындай бердік. Бұл Қаратау екен. Осы оқиғаның бастан-аяқ өткен көріністерінің жалғыз куәсі вертолет кабинасында келе жатқан Карпов. Оның қолында осы аймақ картасы, соған үңілумен, кейде жол үстіндегі көріністерге байыптап қарап, картаның әр жеріне белгі соғып, әлде біреулермен радио-телефондар арқылы хабарласып, жай-жапсарды біле, бұйыра, кейде мақұлдап келеді.
— Ие, айтып болдыңыз ба? Линияны босат.
— Алло, маған сельхоз управлениенің бастығын қосыңыз.
— Аллау, Жайлыбековпісің. Ие, бәрін естідім. Мұқашев айтты. Әңгіме мынада: малды аман алып далу міндет. Бірақ одан да басты міндет бар. Ол: шопан өз алдына, олардың семьясынан бірде-бір жан мынау стихияның құрбаны болып жүрмесін. Сенің де, менің де партиялық басшылықтағы еңбегіміздің құны осымен өлшенеді. Айналайын, сен мынаны ұғып ал: жұрттың жетегінде кете берсе соны желеу етіп халық алдында ақталмақ болсақ, сені мен менің бағамыз не болмақ. Сонда бағы замандағы жұтың мен бүгінгінің айырмасы не? Күресе алмаған басшылықтың, қамқор бола алмаған басшылықтың кімге керегі бар? Осы айтқанымды бәріне жеткіз. Сенемін, сенемін. Бірақ әрбір шопанды өз көзіммен көріп, хал-күйін танып, өзім түгелдей аралап шықпай тынар емеспін. Сол мақсатпен келемін!..
Шатқалдағы қисық жол. Омбы қар басып қалған. Өңешке келіп кептелгендей тіркескен машиналар. Олардың алдында жол ашып бара жатқан бульдозерлер. Жол қауіпті. Қаратау асуының алқымы, Тар қыспақ, тайғақ ағудың өзі... Бұл қиындық өз алдына, ойда жоқ жерде арғы стектен асып келе жатқан бірнеше отарлар жүк артқан машинаны көре жанталаса лап қойды. Жол тазарту жайына қалды. Айқай-шу аралас шөп тиелген машиналарға өлімтігін арта ұмтылған мал топыры... олар шопан қайыруына, шоферлердің қайтаруына ырың берер емес. Мал тірлігін ойлаған шопандар да кездестік-ау деп қуанған кейіпте машинадағы шөпке қол сала бергенде шоферлер итермелеп жуытпайды. Айқай-шу ұлғая берді.
Бұл көрініске аң-таң Карпов. Осы жерге қону керек екендігін пилотқа айтқанмен ол да ыңғайлы жер таппай, айнала ұшумен жүр. Айнала шатқал, жартас, аз ғана алаңғыт жерді қой басып далған.
Осы сәтте тұйыққа тірелгенін сезгендей, біреу машинадан қарғып түсті де, аяғына шаңғысын байлап, шеткерілеу қой қайырып жүрген шопан жанына барды. Әлденелер сөйлескендей болды, шопан бұрылып, жол сілтегендей баяндап жатыр. Әлгі шаңғымен барған кісінің киім киісі не дала адамына, не дала адамына ұқсамайды. Ол шопанға ұқтым дегендей бас изеді де, арғы еңіске қарай зырғи жөнелді.
Шопан қойын алға жылжыта берді, алаң босады. Вертолет те қонды. Қойлар үрке, ығыса берді. Вертолет көтерген қар борасыны тынды. Үн басылды. Карпов шықты. Колоннаны алып келе жатқан, алғаш көрген танк-вездеходтағы басшылар, шопандар Карповқа қарай өзара дауласа, шуласа ұмтылды:
— Айтқаным айтқан. Малдарыңды қырып алғыларың келмесе, жылжи беріңдер.
— Әй, қарағым-ай, сендерді де басшы дейміз-ау!
— Оны өз бастығыңа айт. Шөптерің артта келеді, бұл Созақ ауданынікі.
— Біздің баққанымыз жаудың малы ма.
— Әркім өз ауданына жауап береді.
— Ет жегенде қай ауданның малынан деп сұрамайтын шығарсың.
— Иә, онда не тұр.
— Қой да сондай, шөп болса бітті, ауданында оның жұмысы жоқ.
— Шуламаңдар, кейін, кейін, малдарыңа ие болыңдар! — деп, жұртты қақбайлай осы қақтығысты естіп келе жатқан Карповқа ұмтыла береді. Жүзінде, қиын-қыстау кезеңде жұртқа бас болып жүргеніне, Карповтың көргеніне ризалық мақтаныш сезімі бар. Елден ерек алшаңдай баса Кармовқа қолын ұсына, шөп тиелген машиналарына «көрдіңіз бе» дегендей қораздана дарады. Шуласқан шопандар да жақындай берді.
— Молодцом, Есдәулетов!
Енді Есдәулетовты өзіне тартып сыбырлап:
— Аудар шөбіңді, бұл тұрыстарыңнан жол да босамайды. Мал да жылжымайды.
Есдәулетов аң-таң.
— Артта келе жатқан шөпті сен алып кетесің!
Шопандармен Карпов жылы шырай, қамқор пейілде, әрқайсысының қолын алып амандаса берді.
— Әйтеуір өлім-жітімнен амансыңдар ма?
— Шүкір, өзің көріп тұрсың, қарағым! Арқамызда үйіміз, қойнымызда нанымыз. Алдымызда малымыз. Қар жастанып, мұз төсеніп келе жатқан қалпымыз осы.
Екінші шал:
— Қайта оралған қысың да, қайырымсыз жұтың да, қасарысқан басшың да — бәрібір, — деп Есдәулетовтің бетіне қарады.
Есдәулетов аш бүйірден оқ тигендей жалма-жан:
— Ойбай, алыңдар ана шөпті (шоферларға айғай сала), аударыңдар бәрін де...
Мына сөзді естігенде біріне бірі қарасып, қуанып қалған шалдардың көңілі көтеріліп сала берді...
— Кәне, папиростарыңнан не бар.
Карпов «Қазбек» ұсынады. Бәрі бір-бірден алып тұтандырып, мәз болып жатыр.
— Шүкір, әйтеуір, баяғы жұттың беті аулақ, іздеушісі бар малшының арманы не?— деді бір шал көңілденіп.
— Шөбі түгел, тамағы, шай-пайға дейін әкеп төгіп жатыр. Өкімет айналайын аянып жатқан жоқ-ау, — дейді екінші шал Есдәулетовке ризалық білдіргендей.
— Мына сияқты азаматтардың арқасында жұт дегенің сөз бе тәйірі?
Есдәулетов Карповқа қарап, естідіңіз бе дегендей қоразданып қояды.
Карпов та шалдардың көңіліне риза.
— Түгелсіңдер ме.
Шалдар бір-біріне қарап:
— Біз түгел сияқтымыз.
Карпов Есдәулетовке:
— Сендер ше?
Мақтанышты үнмен:
Ол жағынан қам жемеңіз, Нил Петрович! Мысығына дейін мұрты қисаймай келе жатыр.
Тауып айттым-ау дегендей жұрттың ду күлгеніне мәз болып тұр.
Өздерің аманбысыңдар, шырақтарым, алладан тілейтінім сол. Қамқорлықтарың құдайдан қайтсын, — дейді бір шал.
Карпов Есдәулетовке қарап:
— Өз көзіммен көрдім. Рақмет, жолдас Есдәулетов, осылай болса кере-шалдармен дәл алысып, жүруге ыңғайланады. Вертолетке дейін бәрі шұбырып шығарып салады. Вертолет ұшып кетті. Жұрт қарап тұр. Осы сәтте төбеден асып түсіп бара жатқан шаңғылы жігіт көрінді.
— Анау кім?
— Жұрт жанталасып жүрсе, оған қыз керек. Жаңа қыстауын сілтедім.
— Қай қызды?
— Таңат шалдың Айсұлуын!
Бір шал үрейлене Есдәулетовке қарап айтады.
— Айтпақшы, кеше колхоз бастығы Таңатты жоғалып кетті деп зар қағып іздеп жүрген.
Шалдар вертолет ұшып кеткен жаққа қарап:
— Қап, өтірікші болдың-ау.
Алғаш сескеніп қалып, енді бойын тежеп жекіре:
— Немене, сүйінші сұрайын деп пе едіңдер. Нечауа, онан да өз малдарыңа не болыңдар!
Вертолеттен Карповтың көретіні:
Тігіліп жатқан жаппа үйлер, жағылған оттар, шөпке құныға бас салған малдар, не кере тау бектері қайнаған тіршілік тынысына толы.
Бір-біріне жалғаса тау ықтасына орналасқан малшылар ауылы ұзап дала берді. Бұлар тау бөктерлеп ұшып келеді. Борасын жел вертолетті оңды-солды шайқап қояды. Енді таудан да қол үзіп айдын далаға шықты. Осы сәт аздап боран да толастағандай болды. Терезеден үңіле қарап келе жатқан Карпов енді елсіз далаға шыққан соң жұмысы біткендей жайғасып отырды. Мұны байқаған Петро:
— Енді не бұйырасыз?
— Қайтамыз.
— Келген маршрутпен бе?
— Өзің біл.
— Ол жол оралма.
— Мейлің, тура тарт.
— Ендеше төте жолға салдық. Бетбақдаланың үстімен бір-ақ шығамыз, — деп вертолетті бұра берді.
Аппақ қар жамылған меңіреу далада тіршілік нышаны сезілмейді. Біраздан кейін Бетбақдала еркесі — бір үйір ақ бөкен жосылып бара жатқаны көрінді. Екеуі таңдана қарады.
— Осылардікі рақат, малшы да керек емес, шөп те тілемейді,— деді Карпов күле.
— Жоспарға да кірмейді, пайдасы да тимейді,— деді Петро. Екеуі де күледі. Боран күшейе түсті. Дәл қазір аспан мен жердің айырмасы да байқалмайды. Аласапыран.
Жел мен дар борасыны аралас, вертолет бір төмен, бір жоғары алысып келеді. Кенеттен көзге бір нәрсе шалынғандай болды. Петро Карповке «қараңыз» дегендей шынтағымен түртіп иегімен нұсқады. Карпов жалма-жан, терезеге үңілді. Бұлар қиғаш ұшып бара жатқан. Қарауыта көрінген бір бүйірде қала берді. Сол сәтте Карпов:
— Солай қарай бұршы.
Вертолет бұрылып еді, әлгі қарауытқан қой отары болып шықты. Алда шатқал ықтасынға тоқтаған екен. Адамы көрінбейді. Екеуі де бір-біріне таңдана дарады. Мүмкін, шатқал ішінде жүрген шығар деген оймен солай қарай ұша берді. Көзге ешнәрсе шалынбайды... Петро «енді кәйттік» дегендей Карповда дарады. Карпов қабағын түйіп алған, әлденеден қауіпсінгендей қалпы аңғарылады. Үн жоқ. Вертолет әлі шатқалды бойлай ұшып келеді. Жоқ, тірі жан жоқ.
— Енді қайтамыз ба?
Карпов жауап бермейді. Оған өзінше түсінген Петро:
— Көрінген отарды айнала берсе далаға жете алмай қаламыз.
Карповта үн жоқ. Осы сәтте Петро бензомерді көрсетіп:
— Мынаған жеткенше мен сіздің еркіңіздемін. Бұдан кейін тура тартудан басқа жол жоқ.
Әлі үнсіз келе жатқан Карпов:
— Мен қазір секретарь емеспін, жағдайдың құлымын. Әңгіме отарда тұрған жоқ, Петро, адам тағдырында, адам үшін алысуда жатыр.
Отарды айнала ұша береді. Айналған сайын шеңбері көбейіп барады. Әлі ештеңе көрінбейді. Жаяу борасын қайта көтерілді. Қарлы құйын бірін-бірі дуалайды. Жел де күшіне мініп келеді. Вертолет әрі-бері шайқала бастады.
— Да, мал бағу да страшно, даже подумать страшно,— деді Петро. Карпов терезеден сығалаумен отыр. Әлі сол меңіреу қарлы қала.
— Дәл осының Арктика мен Антарктидадан айырмасы не?
Вертолет бір төмен, бір жоғары аласапыран желмен алысып келеді. Петроның бұл түсінігіне де Карпов іштей риза. Бір уақыттары Петро бензомерді көрсетіп, енді қайтамыз дегендей ишарат білдірді. Карпов сағатына қарады да темекісін алып, бірін тұтандырып Петроға ұсынып, екіншісін өзі шекті. Карпов күрсіне қабағын шытып:
— Жарайды, амал не, қайтамыз. Бірақ тым болмаса кімнің малы екенін біле кетейі отардың жанына қондыр.
— Адам жоқ қой, қойдың өзімен сөйлесесіз бе? — деп Петро күледі.
— Қойлардың сөзі құлағындағы сырғасында,— деді Карпов. Петро ұялып қалды. Вертолет отарға тура беттей төмендей ұшты. Ұйлығып иін тіресіп қалған қойлар селт етер емес. Вертолет жақындай береді. Ол отар жанына келіп қона бергенде ғана қойлар үрки жылжиды. Мотор ешті. Қойлар жылжып кеткенде оның орнынан қарауытқан бір нәрсе көрінді. «Япырау адам ба» дегендей Карпов пен Петро бір-біріне үрейлене дарады. Сол сәтте әлгі қарауытқан орнынан ілби тұра берді де, таяғымен жан-жағын түртпектей қарап, «жүріп кеткен екен ғой» деген кісіше есеңгіреген қалпы қой соңынан жылжи берді. Сол бетте қайта ұйлыққан қойдың ортасына барып қисая кетті. Вертолеттен түскен Карпов пен Петро оның осы жағдайын көріп келе жатты. Бұлар жақындай берді. «Бейтаныс бұлар кім» дегендей, қойлар ығыса бастады. Мұны тек соқыр сезімнің болжауымен аңғарғандай, әлгі қарауытқан қой ортасынан ербиіп көтерілді де, қайта жоқ болды. Шамасы, еш нәрсені аңғаратын хал жоқ. Бір сұмдықты сезгендей Карпов пен Петро қой ортасын жара жетіп келді. Бүк түсіп жатқан шопан, олар қолдаса көтере берді. Сақал, мұрты, қас, кірпік қырауланып біткен. Көз орнында болар-болмас бірдеңе жылтырайды. Бір-біріне шошына қараған Карпов, Петро.
Карпов жалма-жан қолғабын шешіп жіберіп, әлгі адамның кірпі қасынан сипай өткенде барып, нұрсыз көз, әлсіз дыбырлаған ерінді ғана көрді. Карпов тани кетіп: «Уа, Танеке» — деп сілкіп еді, шал әлсіз ғана ыржиғандай болды. Бұл бірнеше күн табиғат тылсымымен алысып, әбден есеңгіреген ұйқылы-ояу жанның кейпі. Сөйлеу былай тұрсын, адам таныр да халі жоқ.
Карпов пен Петро вертолетке енді. Мынадай қалың киіммен кабинаға сыймасын сезген Петро шалдың мұзға сірескен тонын сыпырды. Шал вертолет кабинасына кіргенде барып ес жиғандай болды. Петро шеле банкілерді сыртқа лақтырып қартқа орын қамдауда. Карпов шалдың тұлып-тонын киді. Оның бұл қалпына қарт таңдана қарап еді, Карпов қам жеме дегендей ишарат етті. Карпов жүзінде ашу-ыза аралас. Шалдың кім екенін де танып тұр.
— Петро, тура ауданға тарт. Жерге кіріп кетсе де Есдәулетовты тауып кел, мысықтың мұртының қалай қисаятынын көрсін,— деді Карпов ызалы үнмен. Бастықтың ауыр жағдайда қалып бара жатқанына Петро қиналып жүр. Вертолеттен шыққан қанар қаптарын, шеле бақа-шөкені бір жерге белгі есебінде үйіп жатыр, Петро бәрін бітірдім дегендей.
— Нил Петрович, осы белгінің маңынан іздеймін. Екі сағаттан қалмай ораламын.
Карпов сағатына қарайды. Енді Карпов шалмен қоштасуға ұмтыла бергенде есін енді жия бастаған шал, Карповты жыға танымаса да, осы адамның өз орнына қалатынын сезіп, тымағы мен таяғын ұсынады. Карпов оған өз бас киімін кигізеді. Ұзамай вертолет те көтерілді. Карпов біресе отарға, біресе ұзап бара жатқан вертолетке жаутаңдай қарады. Вертолет көзден ғайып болды. Айнала жым-жырт. Енді тоңа бастаған Карпов тымақты кие бергенде ішінен ақ шүберекке ораулы жарты тілім нан шықты. Әуелі мырс етіп күлгендей болды да, кенет ойлана нанға қарады.
— Да,— деді біраздан соң өзіне өзі Карпов, — ие, киелі наным, бар гәп өзіңде жатыр.
Карпов нанды ортасынан бөліп, қалтасына салмақшы болып еді, қатып қалған нан сына қоймады. Әрі-бері қарап тұрды да, қойнына тықты. Тымақты баса киіп, таяқты алып, желмен ықтап бара жатқан малдың соңына ерді. Тымақ пен таяқ, тұлып ішіндегі Карпов кәнігі қойшылардан айнымай қалды. Тірлік үшін арпалысып бара жатқан отарды қайырып тоқтату мүмкін емес. Ардадан соққан жел күшейе берді. Жаяу борасын қайта көтерілді. Кейде шатқалдарға кездесетін әрекідік қылтиған қараған, қарда шөккен түйе дарындар көріне қалса, жол-жөнекей отай барады, беті тау, бар тірлік тынысы содан табылатын сияқты. «Еншімізге тиген сендер» дегендей жел де ішін тарта ысқыра, кейде өкси соғады. Қуыршағымен ойнаған баладай борасын да орағыта, тұлдана көтеріледі. Карпов анда-санда сағатына үңіледі. Осы арпалыс жылжуымен екі-үш сағат уақыт та өтті. Карпов елеңдей жоғары қарайды, көзге ешнәрсе көрінбейді. Ең ар жағы таяғының ұшын көтеріп бақса, борасыннан оның да басы көрінбей кетеді. Алдында қараңдап бара жатқан отар ізімен ілбіп келеді. Япырау, әлде жел ме, әлде өзі ме, мотор даусы естілгендей болады. Айыра тыңдауға мұрса бермей үздік-создық үнді де өкпек жел жұтып кетіп жатыр. Міні тағы да, тағы да, енді анық, айқын естіледі, мотор, вертолет үні, амал қанша, ол түгіл таяқ ұшын көру де оңай емес. Қырау қармен баттасқан қойлардың да жоғарыдан көрінер нышаны қалмаған. Жылжыған дүние, қар, қар, қар!
Аудан орталығының бір шеті. Бұлттан шыға келді де санитарлық самолет қона берді. Табанына шаңғы байлаған самолет зырғыған бойы күтіп тұрған көпшілікке жақындай бере тоқтады. Самолет ішінен дәрігер шықты.
— Ауруларың қайда?
Үрейлі үнмен бір әйел.
— Ауру барына бар еді...
Жанындағы пилотқа қарап:
— Не дейді?
Дәрігер кешігіп қалдым-ау дегендей өкініп:
— Қап, обал болған екен, ә. расында кім болды, туыстарына хабарладыңдар ма?
— Ойбай, о не дегеніңіз, қашып кетті!
Дәрігер аң-таң, өлген адам қалай қашады дегендей түкке түсінбей жұртқа қарай бергенінде, қолына қамшы ұстаған завферма ашулы үнде:
— Өлуі былай тұрсын, менің атымды мініп кетіпті сайтан.
Сестра қосарланып:
Тоңбасам болды-ау дегені-ау шамасы, қабат-қабат халаттың үстіне шофердің тоны мен пимасын да киіп тайыпты.
— О несі.
Жұрттың бәрі баяғы вертолетімен ұшып жүрген Карпов больницаға түскен екен деп шұбырып көңіл сұрауға келе жатқан екен, сөйтсе қойшы шал болып шықты. Сол жерде исполком тұрып:
— Жаман айтпай жақсы жоқ, осыдан Карпов бір нәрсеге ұшыраса, облысқа сен жауап бересің, — деп әзілдеп кетіп едім, соған зәресі ұшқан шал тайып берген ғой шамасы.
Жұрттың ду күлкісі басылмай-ақ бұлт ішінен шыға келген вертолет қона бастады. «Е, Карповтың өзі де келді» десіп бәрі де солай қарай жүгірісті. Вертолеттен қабағы қарс жабылған райком секретары Есдәулетов түсті де, ешкіммен амандаспастан:
— Әлгі қақбас қайда?
— Енді соны іздеу кере вертолетіңізді беріңіз,— деді Ілияс жақындай беріп.
— Қойшы түгіл, обком секретарын таба алмай келді шырағым, көзге түртсе көргісіз боран,— деді Петро қосымша. Ілиястың көзі аурухананың ығында тұрған газикке түсті.
Қай мезгіл екенін де аңғару қиын. Қойлар әлі жаяу борасын жетегінде. Карпов сағатына бір, аспанға бір жалтаң-жалтаң қараумен келеді. Бұл машахат бір-екі сағатқа ғана созылар деп ойлаған Карпов, енді түнді осында еткізуге тура келетініне әбден көзі жетті де, «тәуекел» деген кісіше бір күрсініп, темекі тұтатып шекті. Бірақ әлі үмітін үзбеген тәрізді, кейде елеңдей аспанға қарап тың тыңдағандай болады.
Бүрсең қағып бара жатқан қойларға көз тастап, жағасын қымтана түсіп мырс етіп күлді де:
— Н...да...от великого до смешного один шаг. Теперь узнаешь почем фунт мяса, Нил Петрович,— деді.
Тау етегі көзге шалынғандай болды. Қойлар бір ойпаңға түсіп пана тапқандай жүрісін баяулатты. Осы сәтте әлденеден үріккендей қақ жарыла бөлініп әрі жылжи берді.
Карпов сескеніп те қалды. Қасқыр болмасын дегендей, басқа қару жоқ, таяғын оңтайлай кілт тоқтап қалды. Жүзінде абыржу, толқу, қорқыныш реңі бар.
Қойлар соқтығыса, иін тіресе енді ғана бұрынғы қалпынша жылжи бергенде еңгезердей біреу көрінді. Карпов адам кездескеніне жүрегі орнына түсіп қуанып та қалған тәрізді. Екеуі де бір-біріне қарсы жақындай береді. Бұл бағана түс мезгілінде шатқал етегімен кетіп бара жатқан шаңғылы сүмелектің» өзі болып шықты.
Екеуі де үнсіз-түнсіз беттесіп далды. Шаңғылы жігіт Карповқа үңіле, тесіле қарауда.
— Кімді жоғалтып едің?
— Іздегенім ұрғашы.
— Кешіріңіз, оныңыз болмай шықты. — Карповтың кекеткенін сезген әлгі жігіт, әдепсіздердің қылығына басып, екі саусағымен тістене, шұқып алайын ба дегендей «у» деп көзіне тақай ұмтылып, жасқана берген Карповтың аузындағы темекісін алды да, өз аузына салып жүре берді.
Карпов өңім бе, түсім бе дегендей мелшиіп біраз уақытқа дейін кетіп бара жатқан жігіттің ізіне қадалып қалыпты. Қойлардың ұзап бара жатқаны енді есіне түсіп, бұл да жүріп кетті. Осы сәтте:
— Әу шал, алдыңда қашар бар, өтіп кетпе,— деген әлгі жігіттің үнін есітті.
«Шүкір, адам екен өзі» деген кісіше Карпов ризалық сезіммен басын изегендей артына қараса, әлгі жігітіміз көзден ғайып, түн құшағына еніп кетіпті... Дәл солай Карпов та көзден ғайып болды.
Біраздан соң әлгі жігітіміз іздегенін таба алмай боранды түн қойнынан қайта шыға келгенде әбден қалжыраған қойлар қашарға жетіп, шөп-жем болмаса да, ықтасыннан рахат тапқандай мүлгіп қалған еді. Босаға жақта тонын қымтанып қалғығандай Карпов отыр. Жігіт келді де, онымен жұмысы болмай, өзіне ыңғайлы орын іздегендей әрі-бері қарап еді, шалдың отырған жерінен ұтымдысы көрінбеді. Бір жағынан шалға жаны ашығансып, екінші жағынан орынды көздеп, оның жанына сүйкене отырып:
— Әй, шал, ұйықтама, қатып қаласың! Карпов көзін ашып «бағанағы екен ғой» деп оның дөрекі қимылын ұнатпай:
— Әууу-дің өзімісің! — деп серік табылғанына қуанғандай үнде айтты. Оны адам деп отырған жігіт жоқ. Өз ойымен өзі әуре. Ыза кернеген, оның үстіне шаршау бар, сіркесі су көтермейтін қалыпта. Оның бұл тарынып қалғанын сезген Карпов қамқорсыған үнде:
— Іздегеніңді таптың ба?
Бұл сұрақ ойын дәл басқандай, жігіт:
— Маған тірі болса болды. Ол қаншықты жаһаннамның түбінде болса да табам! — деп ашулы үнмен бері қатал байлауын айтты.
Осының жынын қоздырмай тыныш болған артық деген ойға келген Карпов орнынан тұрып, мал қораның айналасына зер салуға шықты. Отын тапса жағып жылынар еді, қарайластырып жүргені де сол. Жақын маңда отқа жағар қылаң жоқ. Туырлық-шилерін алып кеткен тігулі киіз үйдің қаңқа сүйегі ошақтың орнында жалаңаш бесік жел кеулеп азынап тұр. Қашардың әр жеріндегі тірелген ағашты алып жағу мүмкін емес, онда қойларды басып далады. «Өлсек те мекеніміз осы болсын» дегендей қойлар да шығар емес.
Ешнәрсе таппаған Карпов қайта оралды. Әлгі жігітіміз маужырап жаяу қорылға басып жатыр екен. Карпов оған «қайдан тап болдым екен» деген адамша аз уақыт қарап тұрды да, жігітті жағасынан тартып.
— Тұр, ұйықтама.
— А, а, виноват, гражданин начальник! — деп апақ-сапақ ұшып тұрды... Жігіт өзінің шошына оянған қалпын түсініп, бойға сіңген әдетін ойда-жоқта көрсетіп алғанына өкінгендей болды. Осының бәрін жуып-шайғысы келіп мән-мағынасыз бір күлкіге басты. Жігіттің дөрекі мінезі мен қияс қылықтарына ойланып қалған Карпов бағдарлай қарап отыр. Жігіт те Карпов ойын бөлгісі келгендей әрі-бері жүріп, кейде қарғи секіріп бойын жылытқан болып жүр. Бірақ тоңазыған дене икемге келе бермейді. Біраздан соң Карпов үстіндегі тонға көзі түсіп кетіп еді, ойлаған мақсаты жасаған қимылынан бір-ақ көрінді.
Онысы Карпов үстіндегі тоңды әуелі ұстап көріп, кейін ішкі өңірін ашып қарағанынан байқалады. Сонда ғана ерсі мінезі есіне түскендей қолын тартып ала қойды. Осы сәтте ғана өзіне тесіле қарап қалған Карповтың көзіне кездесті. Тұмшалай киіп, бауы байлаулы тымақтан Карповтың қырау басқан қабағынан жылтыраған көзі мен мұрны ғана көрінеді, Дәл қазіргі қалпында оның орыс, қазағын да аңғару қиын. Тілін айыру мүмкін емес, өйткені Карпов қазақшаға судай.
Карпов көзінде бойы түршіге «жігітім, кім екенің енді түсінікті» дегендей сыр бар. Жігіт жүзіп тайдырып алып, тағы да әрі-бері теңселе жүріп кетті де, кенет қылығына ұялды ма, түнек тұңғиықтығынан бір нәрсе іздегендей алысқа үнсіз қарап қалды. Оның ниетін аңғарған Карпов үстіндегі тонды шешті де, теріс қарап тұрған жігіттің иығына ілді.
Мақсаты орындалған жігіт беті бүлк етпестен тонды жөндеп киді де, Карповтың орнына барып отыра кетті. Аяз қатая түсті. Тұлыптан айрылған Карпов өзінің шолақ тонының мына суықта қорғаныс бола алмайтынына көзі жетті... Мүмкін біраздан кейін «тұлыпты кезек киейік» деп айта ма деген үмітпен жігіттің жанына да барды. Бірақ ол қаннен-қаперсіз әбден жылынған соң қорылға басып жатыр. Оятуға тағы дәті бармай Карпов тұр. Аздан соң жылынуға себі болар ма деген ниетпен қойдың арасына барып кірді, қалжыраған, діріл қағып тұрған қойлардан да қайыр жоқ. Оянса рахымы түсер деп жігіттің қасына келіп сүйкене қисайып еді, ол «ұйқымды бұздың» деген кісіше жаман көзімен ата бір қарады да, қымтана қайта көзін жұмды. Әлгі көз қарастан аяушылық былай тұрсын, қатып қалсаң да қайрылмас сыңайды таныды. Бұдан үмітін үзген Карпов сағатына қарап таңның атуына да әлі талай заман бар екенін байқап, одан бетер үрей, мұң, қорқыныш аралас басын шайқады.
Айнала жым-жырт. Тек әлсін-әлсін соққан өкпек желден киіз үйдің жалаңаш сүйегі азнап-сарнап, әртүрлі қорқынышты үнге салғандай болады. Оның кейде ұлығандай, кейде сыңси жылағандай дыбысы қорқынышты бұрынғыдан да күшейтіп, аза бойын тік тұрғызады. Осы сан қилы дыбыстар үсіп өлу қаупында отырған Карповда жоқтаудың қаралы музыкасындай естіледі. Қорқынышты ойдан сілкіне қашқандай Карпов орнынан ұшып тұрды да, азынап тұрған киіз үй қаңқасына ұмтылды. «Сен неге қоймайсың» деген кісіше кереге басына бар салмағымен асылып еді, үн тоқтатудың орнына бұрынғыдан бетер сықырлай азынап қоя берді. Ашуланып тағы да тартып қалғанда, аязбен шыңдалып тұрған керегенің бір басы сарт етіп сынды да, шаңырақтан шығып кеткен екі-үш уық төбесіне түсті. Карпов жасқана берді. Иығына асылып қалған уықты ұстап біраз қарап тұрды. Енді ойына бір нәрсе түсіп, соған бел байлағандай уықты тартып қалды.
Жігіт тәтті ұйқы құшағында. Түс көріп жатыр ма, шалықтаған сәбидей әлденеге жымиып күлген болады. Мұның бәрі маздаған оттың жылуынан шығар, шартылдай жанған уық керегенің бір ұшқыны бетіне түсіп еді, ұйқысырап жатқан ол маса шаққандай басын бір шайқады да сәлден соң көзін ашты. Оны Карпов аңғарған жоқ. Маздаған отқа әбден рахаттанғанмен, терең бір ойдың соңында екенін көреміз. Қасындағы уық қарының өрнегіне байыппен аударыстыра қарап:
— Төріңде туып, босағаңнан аттаған жандар кешірер,— деді де отқа салды, — оның шарт-шұрт жанған үні әлде бір белгісіз күштің наразылығындай естіліп, жылынып отырса да, Карповты тітіреткендей болды. Ортасынан бөлінген соңғы уықты алып күрсінгені сезілді. Әлсіреп бара жатқан отқа әлгі уықты сала беріп:
— М...да, өмір...біреулер жасайды, біреулер жағады... Кешірілмес күнә, өтелмес қарыз жоқ. Бұдан да берік босағаға ие боласың, халық. Оған күмән жоқ,— деді де, сен куә бол дегендей баяу жанып жатқан оттан көзін айырмай қадалып қарап қалды... «Келістік» дегендей от та үзіле шоққа айнала берді.
Жігіт көзін уқалап жіберді де, отқа жақындай итіне түсті. От сөніп барады... Жігіт Карповқа «әкел тағы да» деп иегімен нұсқады. Карпов ойлана қарап қалды. Жігіт дөрекі мінезіне басып:
— Тұр орныңнан...
Карпов қозғалу былай тұрсын, сол қадалған күйі таңдана басын шайқады.
Жігіт орнынан ұшып тұрып, тұлыпты тастай салды да, оттан аттап өтіп, өзі кетті... Ішке кірді де, шаңырақты көтеріп тұрған он шақты уыққа жабыса кетіп тартып далды. Сол сәтте зорға тұрған шаңырақ жігіттің үстіне күрс құлай, жалтара берген оның шекесін соғып өтті де, жалаңаш бесікті құшағына алғандай сақыр-сұқыр зар шеге жауып қалды. Шекесін уқалаған жігіт шаңырақ пен бесікке аз қарап тұрды да, уық пен керегелерді сүйрете жөнелді. Енді үй орнында жалаңаш бесік үстіне төңкерілген шаңырақты ғана көреміз. Анадай жерден қарағанда алыптың ағып түскен жалғыз көзіндей үрейлі қорқыныш туғызады. Жігіттің онымен ісі жоқ, жақындай берді де, әкелген үй сүйектерін, тізеге, табанға салып, қирата бұтап, отқа тастай берді. Мұның дүлей қимылына Карпов шыдамағандай орнынан тұрып кетті де, қойларға барды. Бір жағынан жата берсе қатып қалар деген оймен қойларды үркіте орнынан қозғады. Осы кезде шарт-шұрт лаулаған от айналаны әп-сәтте жап-жарық етті. Бұған қараған қойлардың көздері жалынмен шарпысқан көк алмастай жалт-жұлт етіп тұрды.
Отқа қалана, рақаттана түскен жігіт пимасын шешіп, шұлғауларын кептіре бастағанда Карпов келді. Осы сәтте жігіт екі аяғын пиманың үстіне салып, табанына дейін жылытып отыр еді. Қолы былай тұрсын, аяғынан бастап тобығына қарай кеткен түрлі татуировканың өзі мұның өмір шежіресіндей әйгілеп тұр. Бағана зер сала қараған Карпов «тағдыр кіммен душар етті» дегендей іштей күлімсіреп отыра кеткенде, шұлғауын орап, рахаттана пимасын киіп жатқан жігіт қойларға бір қарап, отқа бір қарап:
— Шашлыкке басайық... — деп отты иегімен нұсқады. Карпов қойнынан баяғы шал тастап кеткен жарты тапа нанды алды да омырып бір бөлегін берді. Жігіт Карповтың қойнына өзі салып қойғандай нанды алды да, әй-жәй жоқ тіске басты. Қатып қалған нан көне қоймады. Енді отқа қалай берді. Қолы отқа шыдамаған соң уықтың бір жаңқасын айырып алды да, нанды соған шаншып қар сеуіп жалынға тосты. Қар еріп бусаған нанның исі мұрынды жарып барады. Жігіт жылып жұмсаған нанды қомағайлана жей бастады. Енді бірдеңе естігендей елең ете қалды. Сөйтті де жалма-жан орнынан тұрып тыңдаған болды. Жел ұшырған үздік-создық гуіл ме, гүріл ме, анық аңғару қиын, үн естілгендей. Ол жар қабақтың арғы бетінен шығып тұрған тәрізді. Жігіт жұлып алғандай:
— Машина.
Карпов та елең етіп тыңдайды. Осы сәтте әлгі үн жоғалды. Асығып-үсігіп шаңғысын аяғына іліп, жігіт Карповпен қоштасу да жоқ, «жаным сақталса болды» дегендей тұра жөнеледі. Үлкен тұлып орнында қалды.
Жанталса жарқабақтың үстінен аспақ үшін еңбектеп барады. Тағы да бір өзгеше үн келді. Карпов тыңдай қалып еді, ұлыған аш қасқырдың үні екен. Жігіттің ізінше:
— Қасқыр! — деп айғайлады.
Жігіт те селк етіп тоқтай қалды да, демін ішіне тарта құлақ түріп алғашқыдан да ащырақ, қосарлана ұлыған қасқыр үндерін анық естіді. Шошыған жігіт жар қабақтан кейін сыпырылып түсті де, Карповтың жанына келді. Машина өтіп кетеді-ау деген өкініш те жоқ емес сияқты. Өзінің алғаш жалғыз кеткеніне Карповтан кешірім сұрау былай тұрсын, қайта дөрекіленіп:
— Жүр, кеттік! — деп жеңінен жұлқа тартып қалды.
Бұл Карповқа жаны ашығандай айтқанмен, негізінде өзі жалғыз баруға қорқып тұр. Өзара бұлар келісе алмай жатқанда жар қабақ жотасына арғы беттен кілкілдеген сәуле асыла берді. Екеуінің де бұл сәуленің машина екеніне анық көзі жетті. Келе жатқандарға белгі болсын дегендей Карпов отты көсеп жіберіп бұтаулы кереге, уықтарды тастай салғанда, аздан соң лаулай жана жөнелді. Соны байқағандай әлгі сәуле молая, түсіндім дегендей бір жанып, бір сөнді. Бері бұрылып жотаға шыға берді.
— Ойбай, құлайды! — деп Карпов жан ұшырып жүгірді. Оның ізінше жігіт те ойқастап келеді. Бұлар тырбанып, жоғары шығам дегенше машина жар қабаққа байқамай келіп қалды да, құлап кетер қаупін заматында сезіп, жалт қимылмен қиғаштап бұрыла бергенде жотаның қыр арқасын жапқан мол сәуле биік жартасқа түсті. Бірақ машинаның сол жақ екі дөңгелегі қабақтағы қарды опырып жіберді де, ауада босқа айналып шөгіп қалды. Мол сәулемен жар басындағы жалғыз бейіт көзге анық шалынды. Машинадан түскен бір адам машинасының алды-артын қарап, босқа айналып жатқан дөңгелегін көргеннен кейін, қолын бір-ақ сілтеп моторды өшірді де, шамын да сөндірді. Біраздан кейін іздеушілерге белгі болсын дегендей алдыңғы фарды қайтадан жағып, жамбас жақтағы прожектор фарды Карповтар отырған жаққа бұрды. Карпов пен жігіт мол сәуленің астында қалды. Қолында дәрігер сумкасы бар машина иесі жарқабақтан сыпырылып төмен түсті де, әлгі екеуінің жанынан бір-ақ шықты. Келді де тымақты шалға:
— Саламат барсыз ба? — деп қолын ұсына берді де, «Ілияс» деп өзін атады. Жүзінен үрей кетпеген Карпов қолын ала беріп:
— Япырай, балам, көйлегіңмен туған екенсің!
— Сіздердің оттарыңыз жар астынан шыға келмегенде кетіп едім, — деп жігіттің қолынан ұстай берді. Оған да дәрігер Ілияс деп өз атын айтты. Жігіт те қол алысып жатып:
— Саня! — деп мыңқ ете қалды. Карпов машинаға қарап:
— Басқаларың қайда, шақыр.
— Өзімнен басқа ешкім жоқ.
Бұл боранда жалғыз неғып жүрсің дегендей сұраулы қарайды Карпов. Үшеуі отқа беттей жүреді.
— Бір атты адам көздеріңе шалынған жоқ па,— деді Ілияс.
— Жоқ.
— Соны іздеп шығып едім.
Үшеуі де оттың қасына келіп отырды. Ілиястың аман қалғанына Карпов қуанады. Далада қалмай серік кездескеніне Ілияс қуанышты. Ойда жоқта кездескен машинаның бұзылып қалғанына Саня ренжіп отыр. Үшеуі де кенет үнсіз далды. Әрқайсысы өз ойының құшағында. Бұл тыныштықты бұзғысы келген Ілияс:
— Ауру-сырқаудан амансыңдар ма?
— Шүкір. Ол жоқ,— деді Карпов. Ілияс астына қойып отырған дәрігер қобдишаға қадала қараған Саня.
— Мен аман емеспін.
— Ие. Мен дайын,— деді Ілияс.
— Тамағым жыбырлап отыр, жұтатын жүз грамм спиртің бар ма?
— Неге болмасын, жетеді. Бірақ тек мақтамен тамызамын.
— Хватит шестерить, гони! — деп Саня қолын созады. Мұның терминологиясынан сескенген Ілияс Карповқа қарайды Карпов та «серігімнің түрі осы» дегендей күле қарайды.
— Ну ты?! — деп Саня түртіп далғанда, өзінің қағылез қалпына қарамай Ілияс оның қолын ұстап алады да, самбо әдісіне салып, көзін айырмай тура қарап отырып, Саняның қолын бұрап апарып тізесіне қояды. Осы сәтте екеуі де арбаса қарасты. Ілияс долының тегеуірінді күшін сезген Саня үнсіз отырып далды. Карпов бұларың не дегендей үрейлене араша түскелі ыңғайлана бергенде, Ілияс күліп Саняға:
— У вас пульс нормальный, уважаемый пациент, — содан кейін Карповқа қарап:
— Ақсақал, спирт шығындаудың қажеті жоқ екен.
Шалдың мәз болып қалғанына намыстанған Саня иегімен нұсқап:
— Свой в доску, — деп қарқ-қарқ дөрекі күлкісіне басты да, «жарайсың, жігітім, сыннан өттің» деген кісіше Ілиястың арқасынан қағып, жуып-шайған болды. Екеуінің ұрыс-керіссіз басылғанына Карпов қуанып қалды.
Бірақ бұлар отырған от басын беймәлім ауыр үнсіздік басты. Ілияс өз ішінен Саняны «белгілі бек бикенің өзі окоп, бұл мұнда не бітіріп келген» деп ойласа, Саня, әрі маман, әрі сымбат келбеті және бар, мен де осындай неге болмадым екен деп іштей қызғана, әрі өзінін ұсақтығына күйіне қарайды. Карпов болса, Ілиястай алған тәрбие-білім арқасында азаматтық борышын өтеу жолындағыны көргенге сүйсіне қараса, ал Санядай ер азаматтың осындай қисық жолмен кетіп рухани жүдеушілікке душар болғанына қынжыла, қайғыра «тәрбие жолында өзімізден кеткен қатенің бір көрінісі» деп іштен бас шайқайды. Шаңырақ қарауытып көрінді. Ілиястың көзі соған түсіп, шаңырақ жанына барып, аз тұрды да, ұзамай ойлы кейіпте оралды. Карпов әлденеден сезіктенгендей:
— Немене, жігітім, киіз үйде өскенің есіңе түсті ме?
— Жоқ, мен далада туғанмын.
— Дура далада туып өссед, мұнда не сандалып жүрсің.
Ілиястың одан сайын ойға батқан қалпы бар. Қабақ шытпай ой арпалысындағы күйін байқаймыз.
— Қаладан қол үзгеніңе өкінесің бе, жігітім?
— Жоқ дер едім, іздегенім табылса.
Карпов пен Саня қарап қалады. Бұл тегін қарау болмай отыр. Қолдан келсе Карпов аянар емес. Мұның жоғын бірге іздеуге даяр екендігін Ілияс оның көз қарасынан сезді. Ілиястың не іздегенін сезбесе де, өзінің іздеп жүргені ойына түсіп, дүлей-топас Саняның да жүзі жылып телміре қалыпты. Оның бұл жылы шырайына Ілияс таңдана қарады. Сонымен бірін-бірі өмірі көрмеген үш адам айдаланың қарлы боранды түнінде бас қосып отыр. Бұларды осылай тоқайластырған қандай тағдыр екен. Мұндайда түн қысқарту үшін әркімнің өз сырын ақтара айтатын әдеті емес пе, жұрт назары өзіне ауып отырғанын сезген Ілияс бастап кетті. Осы сәтте Саня Ілиясқа сигарет ұсынды да, отқа екі ағаш тастай берді.
— Оның себебі былай,— деді Ілияс сигаретін тұтандырмай ширатып отырып. Ендігі әңгіме елеске айналып оқиға тізбектеріне тап боламыз...
Алматының гүл алаңы. Қалаша киінбеген қыз сымбатты сұлу бойына онша қона қоймайтын ұзын жең, өн бойы кең оңтүстік үлгісінде пішілген жібек көйлек киген, аяғындағысы да онша талғаумен алынбаған жалпақ тұмсықтау жұпыны ғапа қара туфли. Оның шұлығы да жай ғана жіптен тоқылып, сол қалыңдау, қала үлгісіне қонымсыздау көрінеді. Гүл алаңының қасына жалғыз, ақырын басын барып бұрып өзі көрмеген көп гүлдерге үңіліп, таңдана қарап қалды. Мұнда львинный зев, канна, көп бояулы георгина, алуан түсті розалар, оның көзін магнитпен тартқандай өздеріне қарай бұрып, бар ықыласын сүйсіну сезімін өздеріне аударды. Өзі гүлге тақай бергенде ұзынша орындықта отырған бір топ жастар сырттай сыбырласып қалғандарын сезді.
Бұл отырғандар шамасы институттың ақырғы курсындағы студенттер — бәрі таңдана қызға қарап қалған. Ұзын бойлы келбетті ашаң жігіт те олардан оқшау қадалып қапты. Өкшеге түскен сүмбіл шаш, мөлдір дара көз, кептер иық, қаз омырау, балғын жұмыр дене — бәрі жарасып-ақ тұр. Елжіреген жігітіміз — Ілияс қиялдап-ақ кетті. Белгілі мүсіншілердей көзін сәл қыса, қадала қарап «жақсы киіндірсе, өңінің күнге тотыққан сәл қоңырқай бояуын кетіріп, өзінің ақ сарғыш жүзіне жұқалаң қызылы білінген сұлу ажарын берсе, қандай шын сұлу, нағыз нұр сұлу» болар еді деп тұр ішінен. Осы ойларының бәрі елес, өзі бірге елес болып етеді. Ой тізгінін жиған Ілияс баяу басып, қыздың жанына барады. Жүзінде ұялу, абыржу, қысылу аралас. Өзінше бұл да гүлдерді бүгін көрген кісіше байыптай қараған болады, бірақ көз қарасы қызда. Әр гүлдің түбін санап келе жатқандай қызға да жақындап қалды. Ішінде «неден, қалай бастасам екен» деген арпалыс бар. Осы сәт қыз қарай қалды да, сәлден соң көзін тайдырып алып кетті. Енді айтпасам кешігіп қалармын дегендей Ілияс:
— Сіз, қарындас, гүлдерді зерттей шұғылданғаныңызға қарағанда, ботаниканың маманы болмасаңыз нетті.
Қыз оған қабақ түйе шапшаң жалт қарап, салқын көз тастады. Жігіттің сөзін кекесін көріп ызаланғандай қалпы бар. Не қылса да наразы тәрізді. Жауап бермей, тек жігіттің бір ауыз сөзін мазақ еткендей «маман-маман» — деді де оқыс жалт беріп, сырт айналып ілгері басып кетті. Ілияс қыз мінезінен сасып қалғаны сонша, жанында тұрған гүлді үзіп алды да, қызға ұмтыла берді. Осы сәтте скамейкада отырған дежурный әйел ысқырық шалып қалып:
— Гражданин! — деп Ілиясты кес-кестей тоқтатты. Қыз почтаға қарай кетіп бара жатып, ұсталып қалған Ілиясқа күлімсіреп қарады да жүре берді.
Глаппочтаның іші. Адам көп. Көпшілігі жастар, студенттер, абитуриенттер, ентіге Ілияс кірді. Әлгі қызды іздеп асығыс аралап жүр. Әне, көзі шалды. Окно № 1 денежный переводтың алдында тұрған қыз оны байқамайды, Ілияс сырт жағынан келіп кезекке тұра қалады.
Шуласқан жастар өз ара:
— Өттің бе?
— Өткенде қандай, жиырма бес балмен.
— Сен ше?
— Құладым.
Осыны естігенде біздің қыз мұңайып төмен қарайды. Бәрін байқап тұрған Ілияс оның қолтығындағы қағаз папканы көрді. Аттестат жиегі шығып тұр. Мұңаюына қарағанда өте алмай қалған тәрізді. Ілиястың көзі қыздың ұзын сүмбіл шашына түсті. Әрі-бері өткендер де сұқтана қарап кетіп жатыр. Бұл менің қызым дегендей, қарағандарды көзімен шығарып салып Ілияс тұр. Бұлар терезеге жақындай берді. Өзінің тұрғанын сездіру үшін:
— Мына кісіден кейін сіз бе? — деді Ілияс иегімен нұсқап. Таныс дауысты естігендей қыз жалт қарады.
— Көріп тұрсыз ғой, — деп немқұрайды айта салды. Қыз терезе алдына келгенде, Ілияс та қатарласа берді. Қыз извещениесін ұсынды. Арғы жақтағы үрпек бас сары қыз қарап жіберді де:
— Қайдан күтіп едіңіз?
— Оңтүстік Қазақстан, Қаратау ауданы.
— Кімнен?
— Кенжебековтен.
Осы сауал-жауаптардың кезінде Ілияс та көз қырымен сығалай қыздың Кенжебекова екенін анықтап алған тәрізді. Қыз қолын қойып, ақшаны санап алып жатқанда үрпек бас сары:
— Әкеліңіз.
Ілияс іздеген болып:
— Ілияс Алдабергенов.
Сары қыз күліп:
— Сіз терезеге қараңыз.
Ілияс білмегенсіп терезеге қарайды.
— Әуелі довостребованиядан біліңіз, бар ма, жоқ па.
Қыз қарап қалған. Мұны сезген Ілияс айлам әйгіленбесін деген оймен амалсыздан сары қыз нұсқаған терезеге зал түкпіріндегі шұбалған кезекке барып тұрады. Сонда да екі көзі қызда. Ілиястың жанына бір танысы келіп сөзге айналдырып тұрғанда қыз шығып кетеді. Оны байқап қалған Ілияс сөзін үзе алды-артына қарамай жүгіре жөнелді. Далаға шығып әрі-бері қарады, із-түз жоқ.
— Сонымен қыз деген ой дамыл бермеді. Оңтүстікке тұңғыш сапар шегуімнің себебі де сол болды.
* * *
Иреңдеген темір жолда бұрала зулап поезд кетіп барады. Ән-сауық, көңілді студенттер. Бір терезеден Ілиясты көреміз. Әнге қосылмайтыны тек сол ғана.
— Біздің институт тың өлкесі мен оңтүстік аудандарына бөлінген еді. Мен, әрине, оңтүстікті қаладым. Сондағы ойым қыз бір жерден кездесіп қалар деген арман.
* * *
Мақта даласы. Жапырласқан студенттер қызу жұмыс үстінде, мақта теру маусымы аяқталып қалған. Оңтүстіктің қоңыр күз шағы.
— Қайтатын мерзімдеріміз де жақындады. Бір күні бізді бастап келген профессорымыз эшелон даярлау жабдығымен жүрді де, үшінші курс студенті болған соң мені медпунктке кезекші етіп кетті. Сол бір сәт сағатын әлі ұмытпаймын. Біздің медпункттің алдында тері қабылдайтын дүкен бар-ды.
Жарау қара кер аттың үстінде алдына қап өңгерген бір қыз келді. Ат тыпыршып еліріп тұр. Өзі әлденеге ауырсынғандай сол қолын бауырына қысып алған. Соңындағы маң төбеттер жау тілеп тұрғандай ширақ. Дүкен алдына жақындай беріп амандасты да, прилавкада отырған дүкеншіге қапты алыңыз дегендей ишарат етті. Дүкенші жанындағы бір-екі жігіт қызға, оның жарау атына сүйсіне қарасады.
— Мұның не? — деп, қап сыртынан ұстап көреді дүкенші.
— Ағай, етімен қабылдайсыз ба?
— Нені?
— Киікті.
— Өзің де киіктің лағындай екенсің, шырағым, қоса қабылдауға болады,— деді де қапты ала берді. Жігіттер күледі.
— Алдымен қаптағыны алыңыз.
Жігіттер қапты шешіп аударып қалғанда, аузы ақсиған, қасқыр түсті. Олар ойбай сала шоши шегінді. Қасқырды көргенде төбет арс етіп ұмтыла беріп тоқтағанда, жігіттер тірі қасқыр екен деп одан сайын үрейге басады да, дүкенші прилавканың ар жағына қарғып түседі. Бақса өлі қасқыр. Енді қыз алдында су жүрек көрінгендеріне ұялады. Бұлардың әрекетіне қыз күліп жіберді де, бір жері ауырғандай қабақ шыта қалды. Өз қылықтарын жуып-шаю үшін дүкенші:
— Ой, азаматым-ай, рахмет, қасқыр соққан қыз дейміз бе енді.
Қыз итін нұсқап:
— Алдымен рахметті төбетке айтыңыздар! — деп бұрылғанда, көзі медпунктке түсті. Атынан ауырсына түсіп шылбырын лақтыра салғанда, төбет қағып алып жатты.
* * *
Қыз медпунктке кіре бергенде, мұндай орындардың дағдылы айнымас келгендері бір-екі қазақ, орыс кемпірі коридорда отыр. Және бір масаңдау дударбас қазақ жігіті бар.
Төргі бөлмедегі Ілиястың кейбір әрекеті есік жақтан жартылай көріне түседі. Бір қазақ кемпірінің қолын таңып болып есікке қарай ұзата берді. Ақ халат пен дәрігерлік ақ қалпақ киген қалпында ол өзінің мамандық ісіне көптен бейімделген, ысылған жас дәрігер тәрізді. Ад қалпақ астынан көмірдей қара шашы көзге түседі. Бұл коридорға шыққанда сол қолын кеудесіне баса түсіп, еді құп-қу, ернін тістеп, кезек күткендердің арт жағында тұрған қызды көрді. Қабағы шытынай, екі көзін жұмып, қатты қиналып, ыңыранып тұрған қалпы бар. Ілияс өзгені қойып, жалма-жан қызды ішке алып кетті. Еркекше киінген қызды танымай қалып еді. Енді аңдаса бұрын көрген адамы сияқты, бірақ әлі кім екенін аңғарып болған жоқ. Қыздың сол қолының шынтағы оқ тиген құстың қанатындай икемсіз.
«Бұл сынық болса, менің қолымнан келе қояр ма, өзім болсам үшінші курс студентімін. Онан профессорды күтіп, әзірше уколмен әрекет жасап, ауыруын баса тұрайын деген ойдамын. Қалайда көру керек деп қолын ұстай бердім».
Қыз шошына сәл тартынып қымсына түсті де, оқ қолымен жасқанғандай болып, шынтақ жағын:
— Осы тұс, мына жер, о, о, сондай-сондай, — деп көрсете берді. Енді қарсылығына қарамай, алдымен пенжагын шешіп едім, кейін кофтасының түймелерін ағытып сол жақ жеңінен шығара бергенде:
— Болады, жетеді,— деді дыз ыңырсып. Қыз омырауындағы кофтасын жеңімен қоса қысып, өзінің томпақша төсінің үстінде ұстап қалды. Өңі, жүзі, маңдайына шейін, иегіне шейін жұқа қызылмен кешкі қызыл күн шалғандай бір толқып қызарып кетті де, кенет қайтадан ағарып сұрлана береді. Қалайда сол жақ иығы аппақ боп ашылып, сол қолы салбырап, Ілиястың алдында тұр.
— Енді түсіндім. Сынық емес екен және иық емес, шынтақ. Шынтағы шығып кеткен. Қатты үңірейіп тұрған ойық қуыс шынтақтың орнында айқын білініп тұр. Сол қолдың шынтақтан төменгі жағы мүлде үзіліп түсердей жансыз босап қалған екен деп ішімнен ойладым.
Жас жігіттің алдында иығы, омырауы ашулы қызға ауруымен қатар қатты батқан қоса дерт тәрізді... Ол енді Ілиясты әлдеқашан еске түсіріп біліп тұр. Тез бірдеме, не де болса, болса екен, өзін амалсыз Ілиястың еркіне берді. Ілияс мұның салбыраған сол қолын шынтақтан төменірек білегінен ұстап тұр. Сондай жылтыр майда үлбіреген тән белгісі.
Иығынан төмен қарай аппақ қолына көзім түсіп еді, өмірімде әйел қолының дәл мұндай ақтығы мен сұлу бітімін, сом бітімін көрмегенмін-ді. Тек Москвада экскурсияда болған шағымда ескі грек сұлуларының иық, қолдарын осындай мүсіндеген Европаның ғажайып скульптор-суретшілерінің ару мадонналарын көзіме елестетіп тұрсам...
Қызда қан-сөл жоқ. «Ұзақ азап дертке ұшырадым, әлде өлем бе» дегендей көзінде үрей-қорқыныш бар. «Құтқарсаңшы» дегендей жалына, жалбарына қарайды.
— Маған да оңай болып тұрған жоқ. Студенттік дәрігерлік тәжірибемде бұл шаққа дейін сынықпен де, мертікпен де ұшырасып көрген жоқпын. Бала кезімде ел емшісінің бір әрекетін көргенім бар-ды. Екі бала жігіт күресіп жүріп бірінің қолы дәл осындай шығып кеткен. Сонда бір қартаң кісі сипалап отырып бар күшімен төмен қарай тартып қалғанда сырт етіп орнына түскенін көргем. Сол әдіске көшуден басқа менде амал жоқ. Алдымен бар денесімен ауыруға бағынып сіресіп тұрған қалпынан айыру үшін қыздың көңілін алаң етіп сөзге айналдыруға тура келді.
— Қорықпаңыз, сынықтан аман,— дедім.
Сынық жоқ дегенге қыз шын ба дегендей көңілдене, таңдана қарап, биттей бәсеңдемей жанын суырғандай қинап тұрған қолын оң қолымен сүйеп сипамақ болды.
— Неден болды?
— Қасқыр қуып жүргенде.
Қыздың өзінің атын атап:
— Айсұлу, мен сізді Алматыда көргенде ботаника маманы десем, өзіңіз не айтқаныңызды білесіз бе? — деп Ілияс қыздың баяғы өз сөзін есіне салып еді. Менің атымды қайдан білдің дегендей елжіреп қарады.
Осы зәредей, көзді ашып-жұмғандай сәтте қыз Ілияс ұстап тұрған қолын ұмытып кеткендей болды.
— Осы сәтті пайдаланып бір қолыммен қарынан қыса, екінші қолыммен білегінен ұстап тартып қалдым...
Қыз «о-о» деп ыңырана, сылқ етіп отыра кетеді. Жұлқып-тартып қалғандағы қылышпен шапқандай қатты зәрлі шаншып кеткендей ауру да өтті. Шынтағы ұйып талып бұрынғы ауыруынан арыла берді. Ілияс өзінің оқыстан қызды сондай қатты ауруынан құтқарып қалғанына өзі де шын қуанды. Қыз шынтағын тек аймалай, сипалай беріп:
— Ух, ауруы басылды, ағатай, — деп Ілиясқа соншалық мол алғысқа толы нұрлы сұр көздерін төңкере қарап, біраз алмай тұрды. Жігіт оған сондай дос көрінді. Қазір оның Ілиястан аяр ешбір сый-құрметі жоқ тәрізді. Тек сый-құрмет...
Алдымен шынтағын бинтпен орады. Енді мойыннан аспа жасауға кірісті. Қыздың қолын мойнынан асыра дос өрім шаштың астынан бинтті жүргізіп орап тұрғанда, қос өрімнің салмағы қолына түскен сайын, оның үстіне бинт орау жағында өзінің оң жақ бетінде құлақ тұсында жас қыздың сәл дірілдей шыққан үздік-үздік ыстық дем-лебін сезеді. Мұндай толқынды шашты өмірінде көріп сезінбеген Ілияс өзін тежегендей:
— Енді сіз, аудан орталығына рентгенге баруыңыз кере— деді де жолдама қағаз жаза бастады. Оның жүзі әрі аударылғанда қыз киіне берді. Ілиястың қағазға өзінен сұрамай-ақ фамилиясын біліп жазғанына қыз, қағазға бір, Ілиясқа бір таңдана қарап қалды. Өзінің «ұрлығы» әшкереленгендей Ілияс абыржып бетіне қан ойнап шыға келді. Осы сәттегі қыздың мөлдірей қалған көзінде «алғаш кездескенде мәнсіз мінез көрсетіп жүрегіңізді ұқпаған екенмін ғой» деген жазу тұрғандай еді.
Кенет өзінің жүрек лүпілінің үнін ұққандай ұяла төмен қарады да, баяу бұрылып қоштасып үнсіз шығып кетті.
Ілияс қаққан қазықтай мелшиіп қапты. Шығарып салып, жайдары қоштасып, берік таныстық жолын табам деген Ілиястың сазға отырған жері осы болды.
— Көмегім тиген жан қайта оралармысың, келермісің, кешірім сұрауға да үлгіре алмай қалдым-ау, — деп Ілияс коридорға шықты. Дударбас жігіт жоқ, ендігі кезек менікі дегендей қаусаған кемпір қарсы жүре берді. Ішке қайта оралғанда әлгі дударбасты терезеден көрді. Қыз төбеттің алдынан атының шылбырын алды. Дударбас ат жүгенінен ұстап қыздың атқа мінуіне көмектесті. Бірдеңе деп сөйлеген тәрізді. Бұрыннан таныс адамдар сияқты. Қызда үн жоқ. Бірақ дударбас қана сөйлеп жүргендей... Қыз шылбырын алайын деп еді, дударбас машиналарды нұсқап, үркеді, шығарып салайын деген қимыл көрсетеді. Ауыздығынан ұстап жетектеп бара жатып терезеден қарап тұрған Ілиясқа дударбас «көмегіңе рахмет» дегендей бас изеген болды. Ілияс тым болмаса бір қарап алғыс ишаратын білдірер деп еді, жанындағы дударбастан қымсынды ма, бұрылмастан көзден ғайып болды. Ой арқауы қыз соңындағы Ілияс артына қарағанда күтіп қалған тісі жоқ кемпір аузын аша берді.
Елеспен баяндап отырған Ілияс әңгімесі біткенде, біз бұларды от басында көреміз. Ілияс баяғы сигаретін шиыршықтап, күрсінгендей болды. Саня оған басы шоқ ағашты тұтандыр дегендей ұсына берді де, бетіне зерлей дарады. Баяндалған оқиғаның шырмауында отырған Карпов басын көтеріп:
— Содан кейін кездескен жоқсың ба?— деді.
Ілияс темекісін шеге, аз үнсіз отырды да, өкінішті үнмен:
— Кездесуіне кездестім,— деген шақта, Саня шыдамсыздана жақындай түсті...
Жасыратын не қалды дегендей Ілияс әңгімесін жалғай берді.
— Рентгеннен өту, майда-шүйде тіршілігімен қыз сол маңда екі-үш күн жүріп қалды. Өзімнің босқа шауып Бөгенбай болғанымды сонда білдім. Көңілі жарасқан жігіті бар екенін сездім.
Осы сәтте Саня Ілиястың аузын бағып қалды. Ілияс қабағын шыта, қинала:
— Ол былай тұрсын, бір пасық шындықты да құлағым шалды. Реніш, өкініш аралас Алматыға қайттым.
Саня көңілі жайланғандай өз орнына жайғасып отырды. Карпов шынымен өкінішті екен дегендей басын шайқады.
— Бірақ дәл біздер қайтатын күні неге екенін білмеймін, әйтеуір қыз келді...— деген кезде әңгіме қайтадан елеске айналып кетеді.
Жүк машиналарына киім-кеше төсек-жабдықтарын орналастырып шуласып жүрген студенттер. Бұлар енді колхоз жұмысынан босанып, жаппай жөнелу үстінде. Аз ғана бума жүгі бар Ілияс та жүргелі жатыр. Колхозшылар, кәрі-жасы аралас, студенттерді шығарып салуға жиналған. Баршасы көңілді. Тек Ілиястың жүзінде ғана өкініш, мұң ізі байқалады.
— Өмірімде басыма түсіп көрмеген азапқа душар болдым.
Әдейі келді «демесін дегендей» қыз да топ ішіне араласып Ілиясқа анықтай қадала қимастық көзбен қарады. Ілияс болса сәл ғана бас иіп салқын амандасып қалғандай болды. Ілиястың көзіне қыздың бүгінгі жүзі жүдеген, ағара түскендей болып көрінсе де, оның ішіндегі реніші мұңды сұлу жас жүзді мүсіркеткен жоқ.
Қыз болса Ілиястың бұл қалпында тез ғана жатырқай қалғанын астананың асқақ тәкаппар жасы деп аңдады. Ілияс өзінше іштей кінәләумен қалды. Сонымен қатар өзіне өзі ақыл айтқан боп: «Немене, өткізіп қойған бірдеңем бар ма? Мен оның кімі едім? Ол болса кімім еді? Оң қарап, теріс қарағанынан не келіп, не кетері бар»,— дегендей. Сәл күйік аралас жүдеу ойға қалды. Және сонымен аралас Ілиясқа ренжи түсті. Ілиястың машинасы орнынан қозғалғанда, соңынан «япырау, кеткені ме осылай» дегендей ұмтыла берді де кілт тоқтады. Бірақ сөйтсе де іштей сол реніш үшін өзін кінәләй тартынды да, қазіргі күйіне жауап та, ем де таппай түйіліп қалды. Ілияс жүрегінде күйік-мұңға аралас ғажайып сұлу үлкен сұр көзді, қызғылт қоңыр қос бұрымды сыпайы ғана жымия қабағын сәл шытынған қыз бейнесі кете барды. Осы сәтте сол бір перизат кейпін жат жүз ету талабында арпалыс түні басталады.
Қыздың бейнесі бар қалпында мұңды көзқарасымен қарауытқан сәуле құшағында көрініп, енді бір құдірет күші жұтып бара жатқандай нүктеге айналып барып жоғалды да, әлде бір сарнағандай зар естілді. Бақсақ сарнаған үн ноқат орнына пайда болған бір тал шиден шығып тұр екен. Ол жарқабақтағы машинаның фар сәулесімен көрініп ызғырық желге көнбеймін дегендей иіле бұралып тұрған жалғыз түп шашақты жез ши болып шықты.
— Содан бастап ұмыту, ұмыту, естен шығару, арылу — ол мен үшін жоқ деп мүлде ойды, үмітті үзу — сол ғана шарт, сол ғана міндет десем де құдіретім жетпей-ақ келеді, — деп от басында теңселіп жүрген Ілиясты көреміз. Әлгі жалғыз түп ши «мен мұнда, мен мұнда» дегендей сан қилы үнмен теңселе, жүрек қылын шерткендей болады оған. Ілияс елегзи қарап қалды да, қамыс үнінен нәзі тәтті сыр ұққандай егіле, елжірей түсті.
— Қыз кейпі күні бүгінге дейін көз алдымда. Неше жыл өтсе де, өкініш өз алдына, өмірінің бір шешуші кезеңінде қол ұшын бере алмай обалына қалдым-ау дей берем. Кейін іздемеген жерім жоқ. Мүмкін «пәк жүрегімнің арманын ұқпай жәбірледің, ендігі сорым сенің мойныңда» деген ерегіспен әлде бір есерсоқтың құшағында қор болып кетсе, оған менен басқа кінәлі кім бар. Сондай асыл перизат босағаға байланып, тек бала табушы от басы, ошақ қасының күлді көмешіне айналып тірі аруақ болып жүр ме деп те қорқам, — деп күрсіне аяқтады.
Ошақ басы тым-тырыс. Айнала түгел Ілиястың жан құпия сырына құлақ түргендей, жел де ішін тартып тына қалыпты. Әлгі жалғыз түп шидің де фар сәулесімен шағылысқан шашағы күмістен ұшқан қылаудай жылтырап, бәрін ұғып тұрғандай қимылсыз, селт етпейді. От басындағы ауыр тыныштықты кенет Карпов бұзды.
— Жоқ, жігітім, бұл қызың табиғаттың сирек туындысы екен. Мұндай жан еш уақытта бақты қаралық үшін жаралмайды.
Ілияс «ах» деп қолын бір сілтеді де: «Табармын, кездесермін деген үмітпен санавицияны да қалаған өзім едім. Осы өлкеде бармаған түкпірім қалмады» — деп отыра кетті. Саня мысқылдай қарап:
— Күні бойы зарлағаныңда кім екенін айтпадың, әбден есіңнен адасып, атын ұмытып қалғаннан саумысың.
Ілияс оған жаман көзімен шапшыла:
— Арманымдай атын атамауға рұқсат етіңіз,— деді.
Бір шайнам ақыл болса, мұндай сұрау қоймас едің ғой дегендей Саняға сынай қарады.
— Сандалма, салдақыңның аты Айсұлу! — деп сарт ете қалды Саня. Ілиястың аузы ашылып мелшиіп қапты. Бәлем сазға отырғыздым ба дегендей, Саня бар даусымен арсыз мерез күлкіге басты.
Карпов не дерін білмей екеуіне кезек-кезек қарайды. Ілиястың жан жарасына тұз сеуіп жатқандай Саня күлкісін тияр емес. Мұндай да тағы мінез жан болады екен ғой деп шыдамаған Карпов:
— Қысқарт, неткен адамсың!— деді жекіп. Оның жекіргенін шыбын шаққан құрлы көрмеген Саня байсалды үнде:
— Мынаның айтып отырған есерсоғы мен.
Ілияс орнынан атып тұрды.
— Сағитпысың?
Жалма-жан Сағит та ұшып тұрды.
— Сен Ілияс болғанда, менің Сағит болмайтын нем бар.
Екеуі сұстана жақындасып қалды. Шатақ шығып кеткенін сезген Карпов, араша түсейін деп орнынан атып тұрды, Сағит шыдамай Ілиясты «тыңда» деп иығынан түйіп жіберді. Осы сәтте Карпов киліге «Сенің есің бар ғой, отыр» дегендей Ілиястың етегінен тартып отырғызды.
Сағит, шал маған жақтасты деген оймен:
— Сұлулықты бұдан басқа адам түсінбейтіндей шіренуін қарашы.
Карпов бәленің бетінен аулақ етсін дегендей:
— Дұрыс айтасың.
— Айтпағанда ше, подумаешь тонкая душа. Ару, ару, перизат, махаббат, біз оған түсінбейміз бе?
— Болды, болды, — деп Карпов арқасынан қағып, оны да отырғызды.
— Болатын түгі жоқ. Әй, бастаған өзің, енді мені тыңда!
Аналармен ісі жоқ, әңгімеге кірісіп кетті.
— Қызды медпункттен шыққанда атымен жетектеп кеткен кім еді?
Ілияс тани бастағандай қадала берді.
— Сол мен екеніме көзің жетті ме?
Ілияс лажсыздан бас изегендей болды. Сағит мысқылдай күліп жіберді. Ілияс кірерге жер таппай отыр. Сағит күлкісін тыя:
— Әй, өзім де бәлемін ғой! — деп тағы бір мәз болып алды. Карпов та, Ілияс та «осының өзі дені сау ма» дегендей бір-біріне қарасты да, қайтадан Сағитқа бұрылды. Сағит қазір түсіндірем дегендей ишарат етісімен, оқиға елес арқылы өте бастады.
Баяғы медпункттің коридоры. Бір-екі қазақ, орыс кемпірлері кезек күтіп отыр. Шеткерілеу жерде денелі, дудар шашты, қараторы, қалың қабақты, масаңдау қазақ жігітін көреміз.
— Бір тойда болып, түнімен сілтеп, екі күндей жұмысқа шыға алмадым. Содан медпунктке справка сұрауға барып отырсам...
...Қолын кеудесіне басқан әлгі қыз кіреді.
— Кезекте отырған біз далада қалдық. Қызды сен ішке ертіп кеттің.
...Қыздың сол иығы ашылған қалпында, оң иықтан асып түскен қалың қызғылт қодыр, сәл алтын сарғыш аралас жуан бұрымдары коридорда қиғаш сығалап отырған дударбасқа айқын көрініп тұр. Ол енді орындықтың шетіне қарай созыла көтеріліп, дудар шашын артына қайырып тастап, суық көзі қазір өзгеше сығырая қадалып, Айсұлудың ажарынан басы айналғандай, елтігендей еңсесі кетіп көз ала алмай қалды. Ол Ілиястың өзін көрмейді. Тек дәл қимылдарын көреді. Қыздың қолының сынғанымен, мертіккенімен ойы бөлініп отырған ол жоқ.
— Бұл не деген сұмдық сұлу! Бұ қайдан шыққан перизат! Бұл кім толайым тегі, әкем-ау,— дедім ішімнен.
Тек көзімен Айсұлудың жүзін, мүсінін құштарлана, құмарта жұтып жібергендей қалпы бар.
Ауыз үйдегі жігіттің сұқтана қараған көздері Айсұлудың кофтасы қайта киілгенше, оның жұда қызғылт сұлу еріндері сәл-сәл қозғалып сөйлеп тұрған шақтарында қас қақпай бағу, қараумен отыр.
— Мен сізді Алматыда көргенде...
— Ой, ағажан...
— Ертеңнен қалмай рентгенге барыңыз,— деген екеуінің сөздері құлағына шалынады.
— Е, бұрыннан таныс екен ғой,— дедім де «жоқ, жоқ, мынадай қызыл түлкіні сенің қанжығаңа байлап жібере алмаспын. Сұлудың бәрін даланың қазық аяғына бергеніміз жетер. Таныс болсаң таласып көр бізбен, тартысқа мен дайын, — деп ширыға далаға шығып кеттім.
— Осыған бел бусам да, қалай бастаудың ретін таппай қинала ойланып жүргенімде, жалғыз шыққан қыз атына қарай аяңдай берді. Артынша сені шығар деп едім, қыз қабағынан ол сезілмеді. «Құланның қасынуына мылтықтың басылуы дәл келген шығар» дедім де, қыз жанына батыл барып, сенің терезеден қарап тұрғаныңды байқап «Бұл екеуі бұрыннан таныс екен» деп білсін деген оймен қызбен қалжыңдасқан болдым. Қыз ит алдындағы шылбырын ала бергенде:
— Бұл елдің жігіті қырылып далғандай атыңызды итке бақтырғаныңыз өтіп кетті-ау, қарындас, тым болмаса аттандырып жіберейін,— дедім. Қыз үндемеді. Аттандырдым.
Қыз дударбасқа ернінің ұшымен ғана «рахмет» деді де шылбырына ұмтыла берді. Шылбырын жинап дударбас ер басына іледі.
Қыз Ілиястың қадалып қарап қалғанын сезді де, мұны мен білмеймін дегендей оған көзімен түсіндіргендей, атының басын тарта берді.
— Қарындас, машинадан үркер, жолға салып жіберейін, — деп қыз қарсылығына қарамай атты сулығынан жетектеп жүре бердім. Енді дәрігердің көзін қыздың жігіті осы екен дегенге жеткізу мақсатымен әзілдескен адамдай-ақ тек аузы-басымды қимылдатып, тіптен күлген болып кетіп бара жаттым. Әрі-бері өткендер мынау жынданғаннан сау ма деп қалған да болды.
Өз ойына шомып келе жатқан қыз ғана оның бұл алаяқтығының бірде-бірін байқаған жоқ.
Алыстан көш көрініп, бұлар ауыл шетіне шыға бергенде қызбен тілдесуді неден бастарын білмей келе жатқан дударбас тәуекелге бел буғандай жалт бұрылды да:
— Қарындас, бір ауыз сөзге рұқсат болса,— деді. Сол сәтте ғана ой құшағында келе жатқан қыз шырт ұйқыдан оянғандай «сен қайдан пайда болдың» деген кісіше таңдана қарап қалды. Қыздың бұл көзқарасын дударбас өзінше «менің осы сөзімді күткен» екен ғой деп топшылап, танысып аты-жөнін сұраудың орнына түйеден түскендей:
— Қарындас, сенің ана шашыңа оралып өлген жігіттің арманы бар ма екен? — деп бүйірден бір-ақ қойды. Осы сәтте қыз атты тепсініп қалды. Жарау ат жұла жөнелгенде дударбас шаңға аунап қала берді. Ат тұяғынан көтерілген шаң құшағында көрінбей қыз кетіп барады. Дударбас орнынан тұрып шаңын қаға беріп:
— Қап, мынаның қылығын-ай, бұғалық көрмеген құланның өзі екенсің, құрығыма ілінбей кетпессің, — деп іштен ант еттім. Содан бастап жұмыста береке болмады, почему то арақтың да дәмі кетті. Есіл-дертім қызда. Енді қайдан табам деп ізіне зар болып жүргенде ойламаған жерден өз үйімнен таптым.
Ол былай болды. Ертеңіне ағайдың үйіне келсем...
Қора сыртына самосвал машина келіп тоқтады. Одан дударбас түсті. Қақпаны ашып жалғыз аяқ жолмен үйге қарай беттеді. Ауласында үлкен жүзім бағы бар, алмұрт, нә алма, алша сияқты жемістердің үлкен көлеңкелі биік ағаштары қоршаған көк шатырлы бес-алты бөлмелі жақсы үй болатын. Верандаға дударбас жақындай бергенде, жеңгесінің біреумен күбірлескен әңгімесін естіп тоқтап қалды.
— Әке-шешеңді көптен білем, өзің араласпағанмен бізді бөтен деме! Алдың кеш, жалғыз өзің қайда барасың, мынау біздің үй, бұ да жатырқамайтын дос-жораның үйі-жайы, осында кемпір енемізден басқа жан жоқ, деп ертіп келдім, апа-ау.
— Е, баяғы Таңаттың қызы осы де. Әжең марқұм да әйел атаулының сұлуы еді, айнымай қапсың, қалқам, келші маңдайыңнан бір иіскейін.
Дударбас қабағын шыта ұнатпай:
— Түу, мына абжыландар тағы біреуді арбап жатыр ғой. Маған қатын алып беруден басқа кәсібі қалмаған. Махаббаттың бұты бір тиін бұларға, баяғы қазақбайшылық, — деп енді бұрылып кете бергенде, аржағынан Әсел шыға келді. Қайнап тұрған самауырға еңкейе берді. Дударбасты көрді де соңынан жүгіріп қақпа алдынан тоқтатты.
— Немене, немене, тағы да қатын жайы ма,— деді тұнжырап.
Әсел бетін шымшып сыбырлай сөйлеп:
— Ойбай-ау, қайда барасың, айтқан сөзге құлақ асатын кезің бола ма сенің, жасың болса жиырма беске келді. Оқу деп ең, оныңды бітірдің ішкенің арақ, ақақау-екекеудің соңында көрінгеннің төсегін таптаумен жүрсің. Құдайға шүкір, техник болдың. Ақша табуыңда мін жоқ. Не пайда, берекесі тағы жоқ. Бізді қойшы, ана шешеңнің қамын ойла. Үй бол. Мезгіл жетті, үйлен.
Машинаның кілтін саусағына айналдырып, лақтырып қағып «баяғы жырың ғой» деп мән бермей тұрған дударбас енді түксие:
— О, қойшы әрі, жеңеше, тағы бір қисық аяқты әкеліп тұрған шығарсың.
— Ойбай сорым, аяғын басыңа жастап жатасың ба, жүгірме ақылын айтсайшы.
Дударбас кекете:
— Ақылына аспан тіреп соның көлеңкесінде жүр деймісің.
— Беу, сенің осы мінезің-ай. Ай десе аузы, күн десе көзі, ажары былай тұрсын, он саусағының өнері төгіледі. Оқыған десең оқыған, орыс, қазағы да бірдей. Біреудің маңдайына басып отырған жалғызы. Дүние дегенде есеп жоқ. Кілемнің неше сорты бар. Аяқты мал өз алдына. Әке-шешесі қартайды, бәрі саған қалады, өзің шайқайсың.
— Па-па, дүние қоңызым-ай, шайқағың келсе байыңа тоқалдыққа алып бере ғой.
Әсел шошып кетіп:
— Жағыңа жылан жұмыртқаласын, жүгірмек.
Енді дударбас қадай сөйлеп:
— Қатын әпер дедім бе сендерге? Әлде мен баяғыша еркіне қарамай қалыңдық айттыра салатын қазақтың ауыл жігітімін бе? Кешіріңіз, жеңгей. Қыз Жібегімді өзім таптым, дам жемеңдер! «Мынандай», — деп бармағын мақтана көрсеткенде, бармағында ілулі машина кілтін Әсел қағып алып жүгіре басып кетеді.
Дударбас кілтінен айрылған соң не істерін білмей, есігі ашық машина кабинасында біраз отырды. Әсел кілтті қайтып әкелмеді. Бір-екі рет сигнал беріп еді, оны құлағына іліп жатқан ешкім жоқ. Дударбас қарғып түсті де, есігін сарт еткізіп жауып, ашуға булыға, қирата үйтіп жіберердей түтіге жетіп келгенде, Айсұлудың шошына жарқ еткен жанарына тап болды да, жынынан айрылған бақсыдай сілейе сіресіп мелшиді де қалды. Бұл хәлді сезе қалған Әселдің кілтті тастай беріп:
— Мә, жолыңнан қалма,— дегені жыланның ысқырығындай естілді. Қағып алу түгіл еңкейіп алуға шамасы келмей оқтау жұтқандай боп тұрған дударбастың кілт аяғының басына сылдыр ете түскенде жаны шығып кете жаздады. Машинаның ақ кілті тізілген жіңішке қара шынжыр Айсұлу көзіне ар-әділетке салынған бұғау-дұрсаудың символындай әсер етті.
Бағанадан қыздың ажарына үнсіз қарап, сығырайған көзімен сұлу жасты өте жақсы танып отырған кәрі шеше қыз алдында бұл қай әдепсіздігің дегендей келініне сыздана қарап, есеңгіреп қалған баласына:
— Өз үйің ғой, балам, жоғарылат, отыр, — деп дударбасқа қуат бере, ишарат етті.
Өткен жол кім екенін, қайдағы жан екенін біле алмай адасып, қаңғырып қалған жігіт енді бұ қызды оқыстан көргеніне таң қала бере қуанып та кетті. Жайшылықта тоң-торыс, суық мінезді дударбас өзіне-өзі себебін айта алмастай халде күліп жіберді. Енді өңіне қан ойнап, қара қоңыр тартып, шұғыл құбыла өзгере берді. Ол бір кезек адымдай басып Айсұлудан өте, дөңгелек столдың екінші жағына төрлей жайғасқан шешесінің жанына барып күрс етіп отыра кетті. Ыржиып күлген жүзін Айсұлуға қадаған қалпынан аудармайды. Жігіттің тұрпайы қимылдарына Айсұлудың түршігіп отырғанын сезе қойған Әсел сиқырлана:
— Мына, жас сіңлімнің аты Айсұлу екен. Бұларды біздер аңшы наймандардың ауылы дейміз. Колхозы «Қызыл жұлдыз», — соның атақты шопаны Таңат қарияның бой жеткен жақсы баласы осы. Бұл да он жылдықты бітірген. Ұмытпасам баяғыда интернаттың бастауыш мектебінде оқығаныңда сендерге мен пионер вожатый болдым-ау, солай ма, Айсұлу? — деп шай ұсына берді.
Айсұлу мақұлдағандай бас изеді. Әсел кілтті алып Сағитқа беріп жатып:
— Мынау менің туған қайным Сағит, биыл оқу бітіріп текінік болып келді. Ол өзі қымбат мамандық көрінеді. Сол құрбың осы Сағит болады. Бедел де табыс та, үй де, жай да — бәрі бар, жетеді, бойдақтықтан басқа міні жоқ.
Сағит жеңгесінің сөзіне риза болғандай ажар танытып дудыраған басын бір шайқап, қолындағы саусағына іліп алған кілтін әрі-бері айналдырып қоразданып қалды. Біресе жеңгесі, біресе Айсұлу жаққа шұғыл бұрылып жалтақтап оқыранғандай тағы да ыржиып, өзі-өзінен орынсыз күле берді. Айсұлуға айлакер үлкен әйелдердің Әселдей шырмағыш орамды жалған мінездері таныс емес, оған осындай кенет ұшырасқан, әсіресе, өзін көзіне қошеметтей мақтаған мінездер ұнамайтын. Айсұлудың ісі өзінше жүйрі қазірде ол, бірі қайны, бір жеңге мынау шала таныс екі адамның мінездерін сөз, күлкі, ажар әлпеттерін ұнатып отырған жоқ.
Қыз жүзін бағып отырған Әсел, Айсұлу «әдейі келген болып көріндім бе» деп іштей қысылып отыр-ау деген жорамалмен:
— Айсұлу рентгенге қолын көрсетуге келген екен, ол құрғыр ертең қабылдаймыз депті. Колхозына қайтатын машиналардан да кешігіп қалыпты. Алдың кеш, қайда барасың деп өзім ертіп келдім.
Сағит сол кілтін әурелеген қалпында:
— Мен сізді білемін, сіз де мені білесіз, — деп сенімді сөйлей берді.
Әсел жадырай қуанып:
— Бәсе, жастар бірін-бірі білсе керек еді, шай алып отыр, қалқам,— деді.
Айсұлу тартына үндемей, ішінен әлденеге тынышсызданғандай қозғалақтап есік жаққа денесін де, көзін де бұрды. Қырын отырды. Ойында «осы үйден шығып жүріп кетсем» деген байлау бар тәрізді. Мұны сезіп отырған Әсел Сағитқа сөйлесейші дегендей ым қақты.
Сағит құрбылас әрбір жас қызға омырау сөйлеп соқтыға жанасатын дағдысына басып:
— О, қой, оның не? Танисың ғой мені, бәле, өзің қызық екенсің, — деп түйеден түскендей, салғанынан «сен» деп қатқыл, тұрпайылау сөйлеуінің үстіне Айсұлуды тамашалаған қалпымен әлі де ыржиған сүйкімсіз күлкісін жиған жоқ.
Айсұлу анық жақтырмай, сәл қабақ шытып, басын шайқап, есік жаққа бұрылды да, орнынан тұрып есікке беттей бергенде, шынымен кетіп бара жатыр деп ойлаған Сағит:
— Немене, мұндағы жұрт тонаушылар ма? Неге үріктің? — деп тағы өз сөзіне өзі риза болғандай танауы желбірей түсіп, ыржыңдай күле беріп еді. Мұндай тұрпайы тікенек сөзді бұрын-соңды естімеген Айсұлу арқасын ызғар шалып еткендей жалт қараған күйі орындыққа отырды. Мұның жүзіне бірінші рет ашық барлай қарап, өзгеше көркем, сұрша көздерін бұрған Айсұлудың өзгеше мөлдір ашық жүзінде Сағитқа алғаш сынай қараған ажар болды. Орындықта, биік жерде отырып Сағиттың барлық түр-тұрпатын, жүз-кескінін енді ғана толық көріп аңдаған Айсұлу бұл жігітті сонша бір сүйкімсіз, келеңсіз жас көрді. Онымен жауаптасқысы келмей, ашық қараған жүзін жалтартпай сынай отырды да, жауап берген жоқ.
Айсұлудың өткір көзіне шыдамаған Сағит жүзін тайдыра алдындағы кесесін Әселге ұсына бергенде, қолының сыртындағы жүрекке жебе қадалған татуировкасы көрінді. Айсұлудың денесі дір ете қалғандай болды. Қайнысының дөрекілігіне қысыла, сездірмей жуып-шаймақшы болған Әсел:
— Айсұлу, қарағым! Кемпірдің кенжесі болған соң еркін сөйлейтін әдеті. Былайынша мінезі қыздай, — деп Айсұлудың ойында жоқ оғаш күйлерді тілімен жалап, жамап майдаламақ болады.
Айсұлудың зерек көңілі өзіне Әсел мінезін түгел шешуді рұқсат етпейді. Ол батыл күйде шын сезгенін дәлелдеп айтса, мынау қазады жеңге тұрпайы қайнысына Айсұлуды кәдімгідей телігісі келеді. Надан, жабайы, ескі ауылдың патриархалдық-феодалдық айлалы сұм мінезі аңғарылады.
Әселдің май басқан қалың етті дөңгелек жүзіне салқын ғана, қысқа ғана көз тастап еді, шайға пысынап терлеп отырған ол жағасын ағытып, сүлгімен сүртіне бергенде шынжыр бауы майлы мойын қатпарларынан көрінбей, тек омырауындағы бір уыс кілтін ғана байқады. Айсұлу кілттерді көріп қалғанына ұялғандай жүзін аударып, үнсіз отырған кемпірге қарады, ол да шақпағымен бырт-бырт қант ұсатып, аспабын қайтадан жан қалтасына салды да, қанттан түскен ұнтағын бармағымен басып жалап, өз тіршілігімен әуре болып отыр екен. Енді Айсұлу «осы бір күйге, осындай жаман тор тәрізді мінездер ортасына, жайсыз адамдар ортасына қалай келдім, неге келдім, нем бар еді» деген ойға келді. Есіктен баяу соққан самалмен қақтығыса судырап тұрған төрт-бес үрген дарынға, шыбықпен керген бес-алты қоян терісіне көзі түсті. Бұл үй ішінен көңілге медеу таппаған Айсұлу қалай құтылсам екен дегендей шарасыздана далаға көз тастады. Кеш қарауытып барады. Торға түскен тотыдай Айсұлу не істерін білмей отыр. Қыздың әрбір қимылынан көз алмай бағып қалған Сағит, есіне бірдеме түскендей қолындағы шайды қоя салып қозғала беріп еді, осы сәтте көшедегі шамдар жарқ ете қалды да, клуб жақтан тамаша сазды музыка үні келді. «Жарық дүниеге шық, Айсұлу, кел қосылайық» деп тұрғандай болды. Кетуге бел буған Айсұлудың сыңайын танып қалған Сағит атып тұрды да:
— Ay, айналайын, қазір киноға белет әкелем, бірге барамыз,— деді де адымдай басып шығып кетті. Ауладан асыға кетіп бара жатқан ол қақпаның ысырмалы ағаш ілгегін бекіткен болды.
Сағит жұртты қағыстыра кезекке қарамай кино кассасынан екі билет алды. Үй жаққа беттей беріп еді, бір нәрсесі ұмытылып бара жатқандай буфетке бұрылды. Бір стакан ақты қағып салды. Ол аз болғандай.
— Налей еще для храбрости, — деп екінші стаканды қақты. Да, запишешь на меня, — деген күйі жүріп кетті. Адыраңдай басып, Сағит қақпаға жақындай берді, Демі ыстық тартып, бойына асығыс қызу жиғандай қалпы бар.
Қақпа алдында тыпыршып тұрған Әсел:
— Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? — деп шап ете қалды. Сағит Әселге қайырылмастан итере-митере ішке кіре берді.
— Атаңның басына барасың ба, қыз кетіп қалды,— деді Әсел күйіне. Оған құлақ асқан Сағит жоқ, жолындағы шелек-самауырындарды күлдір-салдыр қақтығыстыра үйге кірді де, ентіге Әселге оралып:
— Айрылып қалғансың ба?— деді танаулап.
— Байлап отырайын ба, жүгірме қап, қолға қондырған еңбегім-ай, әумесерленіп жүріп өзің ұшырып алған. Қыз бағасын білуші ме едің сен деліқұл. Шіркін, бұл не деген сұлу қыз еді. Тіпті талайдан қазақ қызынан көрінбеген көрік. Айтпады деме, мұндай аруды ұзамай бір жауапты қызметкердің қолтығынан көрмесең, мұрнымды кесіп берейін, — деп аптыға, ашына сөйледі Әсел. Енді неғып тұрсың, ізде дегендей Сағитқа сыңай білдірді. Сағит машинасына ұмтыла берді. Кабинаны ашып от берем дегенше Әселдің:
— Сорлы бала, барыңды сал, қатын алады екенсің, осыны ал! Осыны алу қолыңнан келмесе, бүгін мына кеште орайластырып кездестіргенімнен садаға кет, осыны іліп түспесең жігіт болмай жерге кір,— дегені жылжи берген машина үнімен аралас қарғыс анттай естілді.
Сағит машинасымен клуб алдына келіп, ол маңды адақтап шықты, қыз жоқ. Ауданның аз ғана көшесін де аралады. Фар сәулесіне ешкім ілінбейді. Енді Сағит аудан орталығымен шығатын үлкен жолға түсті. Машина ой-қырға қарамай дөңбекши долданып келеді. Өзі масаң Сағит ешнәрсені тыңдайтын түрі жоқ.
Жол... жол... фар сәулесіне түскенді қалт жібермей тіміскілеп келе жатқан Сағит. Жолаушы саябырлағанда жол еркі өзіне тиетін түн еркесі егеу құйрық, сары тышқандарды да қашуға үлгірем дегенше Сағит әдейі ашу-айызын қандырғандай баса-көктеп кетіп барады. Жол... жол... әлі ешкім жоқ... Жаяу кеткен адамның көзге шалынар уақыты әлде қашан болды. Мүмкін басқа жолмен кеткен шығар, Сағит машинаны шұғыл бұрды да, есіне бірдеңе түскендей, жол қапталына түсті. Осы маңда, талап шаршап-шалдыққанға көлеңке пана болған кәрі шынар бар-ды. Сағиттың да беттеп келе жатқаны сол. Ойлы-қырлы жолдан бір төмен, бір жоғары ауытқи жарқыраған машина сәулесіне әлсін-әлсін әлгі шынар шалынады. Енді жақындай берді. Осы сәтте жаңағы Сағит шыққан жолмен аудан орталығына қарай бір автобус өте шықты. Машина сәулесіне ағаш аумағымен түгелдей оранған сәтте арқасын соған беріп отырған Айсұлуды көрді.
Самалмен сырласа судырай соққан бұтақтардан «келіп қалды, жасырайық сені» дегендей жамырай төгілген жапырақтар фар сәулесінен қызғана көлегейлегендей болады.
Мол сәуле жүзін түгел алды. Жер астынан шыққан айдаһар көзіндей арбап, жақындай түсіп, тап бастырар емес. Бар әлемді өзі жұтып келе жатқандай қадала жылжиды. Айсұлу жүзінде үрей, қорқыныш, шарасыздық көрінді. Кабинадан еңсеріле ұмтыла берген Сағит:
— Менің сенде сөзім бар, үлкен сөзім бар, білдің бе? Тыңда деймін, тыңдашы өзің, немене, — деп ыржалаңдай күлген болады. Бір қолымен жасқана жүзін жасырған қыздың үрейінен ұялғандай фар сәулесі сене берді.
Жым-жырт тыныштық. Жаңа ғана сылдыр қаққан мейірбан шынар жапырағының орны қиыршық қар бұршақтарына айналған. От басында үнсіз отырған үшеу. Сағит отты ысырамын деп еңкейе бергенде фар сәулесі Ілияс жүзің алды. Ол Сағитқа қадалып қалған. Қазір жеп жіберердей сыңайы бар тәрізді.
Мұны енді байқаған Сағит, жұмбақ ойдың шешімін іздегендей кенет:
— Сен қайда болдың сол күні?
Сағиттың хикаясынан көп жайды аңғарған Ілияс іші алай-дүлей болып отырса да сездірмей, жүзі шімірікпестен:
— Білмейтіндей иесін сұрайсың. Содан үш күн бұрын студенттерді өздерің шығарып салған жоқ па едіңдер?
Сағит та сынай қарап қалған. Аздан соң іштей сенгендей: — Алиба, сен болмай шықтың. Сілтеуіне қарағанда ол боксер болмаса деймін.
— Кім ол?— деді Карпов екеуінің арасындағы шиеленісті енді ұға бастағандай.
— Әйтеуір, біреу. Сол ит араласпағанда, ойдағы болып тұр еді. Сонымен махаббат дегеніңіз мен үшін бес жыл түрмеге айналды, — деп Сағит бас киімін алып, — Міні, сондағы дударбасыңның түрі.
Ілияс та шешімнің соңғы түйінін іздегендей қиналған үнде:
— Япыр-ау! Азаматпыз ғой, түн жамылып отырмыз, шыныңды айтшы, араларыңда ешнәрсе болды ма?
— Болу қайда, бір ауыз сөз үшін кетіп, енді босанып келе жатқан бетім.
Ілияс маңдайын сарт еткізіп:
— Міні ақымақ...
Сағит өзінің тұрпайы арсыз күлкісіне баса мәз-мәйрам.
— Әй, өзім де итпін-ау! Қойнына бардым деп таратқан бір ауыз сөзім сені бездірді ғой, ә!
Екеуі де бір-біріне қадалып қалған. Сағит қайта күле мәз болып:
— Ол өсекті медпунктте алғаш көрген күні-ақ шулатып жайып жібергенмін.
Ілияс жаны шығып кеткендей:
— Хайуан! — деп атып тұрып Сағитқа төне түсті. Сағит отырған күйі шалт қимылмен өз қонышына қол сала бергенде Карпов араға киліге кетті. Екеуі де бір-біріне арбаса қараған қалпы. Ілияс оған «Бұралды, қаңғыбас төбет, сенен болды» дегендей айыптай қараса, Сағиттың көзінен «өзіңнен көр, өңез сүмелек» деген жазуды оқып, өз дәрменсіздігін енді мойындағандай жалт бұрылды да, машинасына қарай аяңдай берді. Сүл-дәрмені құрып теңселе басып бара жатқан Ілиястан Карпов көз айырмай қарап қалған.
Енді Сағитқа бұрылып:
— Байқаймын, сөз саптауыңа қарағанда, жазықсыз кеткенсің ғой, сірә.
Қияс қойылған сауалға не деп жауап берсем дегендей аз уақыт Карповқа қарап қалды да:
— Әрине, закон — тайга, прокурор — медведь...
Сағиттың бұл жауабы адасқан алаяқ адамның тірлігінен туып отырғанына анық көзі жеткен Карпов, үмітін үзгендей кейіпте мал қораға қарай бұрылып кетті. Карпов ұйлығып қалған қойларды қағыстырып тұрғызып жүр... Біріне бірі сығылыса ұйылысқан қойлар кейбірін басып таптап тастаған... Карпов жұт дегеннің бұл да бір көрінісі-ау дегендей басын шайқап, дәрмені барын тұрғызып аударыстырумен болды.
Жар басындағы машина кабинасында Ілияс отыр. Баяғы от жаққа дәлден қойған прожектордың сәулесінде төменде отырған Сағитқа көзі түсіп кетіп, қабағын жирене бір тыжырынды да, прожекторды басқа жаққа бұрды. Біраздан бері жанып тұрған фар прожекторлардың сәулесі әлде қашан әлсіреген шақ еді. Олардың тогін молайту үшін моторды жүргізіп, аккумуляторға зарядка береді. Осы бір сәуленің әлсіреп, қарауытып тұрған шағында, өзі әлгі әңгімелер шырмауында, ой құшағында отырған Ілияс бір сәтке дыз бейнесін көз алдына әкеліп еді, ол қырау басқан кабина әйнегінен қарап тұрғандай көрінді. Бұл қарас қоштасардағы қалпындай болса да, мұнда енді «ұқпадың, түсінбедің, пәктігіме енді көзің жетті ме» дегендей айыптау, әрі, ауыр наз бар.
Ілияс елегізгендей бойы шымырлай бетін аудара берді. Қайта қараса әлгі көрініс қалпында, қыз көзі одан да бетер өңменінен өтіп бара жатқандай. Абыржыған Ілияс шамдарды өшіре салды. Көрініс жоғалды. Айнала түнек. Ілияс күрсінгендей болды. Бір ауыр жүктен құтылғандай, аз уақыт тыныққандай үнсіз отыр. Әлемнің бәрін түн жұтып кетіп, соны жоқтай азынаған жел сарыны, бағана өкси сыңсыған жалғыз түп ши үніндей естіледі... Дәл қазір осының бәрі жаңа ғана терезеден көрінген Айсұлудың өкпелей зар шегіп бара жатқанындай елестейді.
Ілияс шыдамай қайтадан шам жақты. Айсұлу бейнесі көз алдына қайта тап болды. Үрей қорқыныш аралас Ілияс әйнек сыпырғышының кнопкасын басып қалды. Ол қыраумен қоса көріністі де сыпырып жоғалтып жіберді. Ашық әйнектен алыстан жартас басындағы бейіт көрініп, дәл сол жерден сәулемен шағылысып жалт-жалт еткен мұз қырау құбылыстары моншақ-моншақ төгіліп жатқан көз жасындай елестей бастады. Ілияс тағат таппады. Енді отырсам жынданып кетермін дегендей машинадан қарғып түсті де, жар басынан домалай құлап от басындағыларға қарай ұмтылды.
Міне от басында отырған Карпов пен Сағиттың жанына Ілияс та келді. Оның абыржулы кейпіне қарап, Сағит өзінің дөрекі, тұрпайы күлкісіне басып қоя берді. Үрей, ашу-ыза аралас Ілияс шыдамай:
— Идиот, неңе мәз болып күлесің?— деді. Сағит күлкісін кілт тыйып, орнынан ұшып тұрып, Ілиясқа төне:
— Күлмегенде не,— деді зәрлі үнмен.
Ілияс не дерін білмей қалды.
Шын ашуға бет бұрған Сағит сұстана:
— Азабын көріп мен кеттім, жарайды идиот. Данышпан болсаң, өзің неге сандалып қалдың? Сенің идиоттығың сонда, — деп Сағит Ілиясты шап ете жағасынан ұстап, өзіне тарта. — Қыз қайда?— деді зілдене.
— Анда,— деген Карпов үні сақ ете қалғанда, екеуі де жалт бұрылып ақтарылып қалды. Түні бойы бұлардың әңгімесін тыңдап, әр бір қимыл, көз қарасын бағып, екі жігіттің өткен жолдарының нәрсіздігіне көзі жетіп, шыдамы таусылған Карпов түйеден түскендей:
— Осы өлкенің аруы атанған Айсұлу деген қыздың моласы, әне, — деп жартасты нұсқады.
Мола дегенді естігенде Ілияс та, Сағит та төбелерінен жай оғы түскендей мелшиіп қалды. Бір-біріне қарауға хал жоқ. Кірпік қақпай екеуі де қарлы-мұздақ жамылған биік жартастың басында көлбеп шөккен нардай қара тасқа қадалып қалған.
— Аңызға айналған сол бір сұмдық оқиға, — деп Карпов әңгімесін бастай бергенде, қара тасты құшағына алып тұрған фар сәулелері ыдырай, өзгеше бір дүниеге ауысты.
...Айдала...Қар жамылған дала. Жаяу борасын. Қай жағыңа көз тастасаң да төбе-төбе қырылған мал өлімтігі қарауытып көрінеді... Өлімтік төбелердің үсті қара құрымдай қаптаған қарға құзғын тобы, ұлы той-думан солардың басында. Құлазыған дала, иесіз үйлер... Үздік-создық шұбырып бара жатқан жаяу-жалпы халық... Кейбірі иығындағы қоржын, арқалаған жүктерін әлсіреген сәтінде жолға тастап барады... Енді біреулері жүгін шешіп, тым болмаса осыны ала кетейін дегендей әлденелерді қойындарына тығып жылжиды...
Екі бала жетектеген кемпір мен шал, олардың бой жеткен қызы... Шал ер-тоқым арқалаған, қыз әлде біреуді іздегендей арт жағына қарайлай береді... Түс-келбеті біздің Айсұлудан айнымайды. Білегінде ақ жібек орамал байлаулы. Өзгешелігі тек киімінде.
Қыздың қарайлай бергеніне кемпір ренжіп:
— О, бейбақ, онан да тірлігіңді ойласайшы,— деді ілбіп басып келе жатып...
Тағы да құлазыған қарлы дала... Әбден титықтаған әйелдер... қазір бір баланы қыз жетектеп алған... Әлі жалтақ-жалтақ қараумен келеді... Бүйірден соққан өкпек жел сүлдері келе жатқандарды әлтек-тәлтек бастырады... Күні бойы көк жөтелден құтыла алмай булығып келе жатқан шал бір сәтте омақаса құлады... Тұрарға дәрмен жоқ... Кемпір балаларымен шоғырланып қалды... Кете беріңдер дегендей шал қолын бір-ақ сілтеді де, ақырғы рет иек қақты... Жоқтау... зар шегу... Борасыннан ешнәрсе көрінбейді... Тек үн естіледі... Ол да жоғалып барады... Бір сәтте боран басылғандай болды... көз ұшында төртеу бара жатыр... Жартылай қар басқан шал жүзі, бас жағында өлген шал еншісіне тиген ер-тоқым ғана... Тағы жаяу борасын, енді оны да қар басып көзден тасалай береді...
...Тау етегі... Андыздап шыққан түтіндер ауыл тіршілігін танытқандай...
Керуен жолдарының түйіскен жерінде биік кәрі шынар, айналасына орналасқан керуен сарайлардың алдындағы жер ошақтардан шыққан будақтаған түтіндер...
Құр сүлдері келе жатқан әлгі төртеу мұншалықты түтін будақтарын көргенде, «Тойдың үстінен шықпасаң жарар еді» дегендей жүрістерін тездете, сүрініп-қабына ұмтылды. Жер ошақтарға орналасқан үлкенді-кішілі қазандар. Жанталаса от жағып жүрген малайлар. Бақсақ бұл той емес, арам өлген малдардың сүйек-саяғынан сабын қайнатып жатқандар екен. Қазан маңында үйілген мал терілері, қаусаған сүйектер, жаңа ғана қазаннан шығарып, қар үстіне тоңазытып жатқан кесек сабындар, малдың ішек-қарнына таласа ырылдасқан иттер, сыбағасынан құр қалғандай шуласа, жер-көкті басына көтере ұшқан топ-топ қарғалар...
Әлгі келе жатқандар мұны көргенде аза бойлары тік тұрып, бір қорқау жан түршігер жалмауыз ордасына тап болғандай болды.
Әр тараптан сүлдері сүйретілген ел қарасы осы маңға ұйлыққан... Аула алдында ажал мен адам саудасы жүріп жатыр...
Қасында дәйекшісі, керуен-сарай иесі саудагер шал қаусаған елдің қолда барын қамтып қалу әрекетінде...
Иін тіресе шұбырған ел, қатын-қалаш, бала-шаға, шал-шабан аралас ақырзаманның қыл көпірінен ететіндей, тіршілік талшығы осы бір қақпа алдынан табылып, тал қармауға жанталасуда.
Қолда бардың құнын есептеп жатқан ешкім жоқ, алтын жүзік те, күміс алда да бір күлше нан, қос уыс дәнмен бағаланып жатыр... Міне... жаңа түскен келіншектер, оқалы камзол, өрнекті сәукелесін де өткізді... Енді бірі өзі шешуге халі жоқ сақина, жүзікке толы екі қолын ұсына берді... Жемтікке үңілген күшігендей саудагер шал, саусақтардан сақиналарды біртіндеп алып аударыстыра қарады да, арнаулы сандыққа лақтырды... Жұртты тірілей тонап жатқанын сезінген шал ешкімнің жүзіне қарамайды... Қаусаған кемпір білезікке толы білегін ұсынды... Ол да алынып сандықтан жай тауып жатыр...
Екі көзімен күлше нанды жұтып бара жатқандай жас бала жақындады... Кеудешесінде тағылған төрт-бес күміс теңгеден басқа дәнеңе жоқ, бұл бағанағы төртеудің бірі... Шал теңгелерін қиып алды... Бір күлше нан берді... Бірақ бұлар жылжымай тұрып қалды. Кемпір біз төртеу едік дегендей ишарат білдірді.
Құныққан шал жолды босатыңдар дегендей оларды қолымен ығыстыра берді... Бұрыла берген сәтте қыз шашбауы сылдыр етті. Шал селт ете қалып шашпауға ұмтыла жармаса бергенде қыз жалт қарады... Өмірінде мұндай сұлуды көрмеген шал бір сәтке бар дүниені ұмытып кеткендей болды да, енді қызға жақындай, білегінен ұстады. Қыз қымсына берді де, әлде біреуден көмек іздегендей айнала қарады. Бірақ ара түсер жан сезілмейді, шешесі де қыбыр етпей тұрып қалған. Шалдың көзі қыз білегіндегі ақ орамалға түсті де шегініп кетті. Қыз жүрейін десе, шеше қозғалар емес. Екі көзі әлгі күлше нанды таласа-тармаса тауысуға жақындаған екі жас баласында. Мұны сезген шал жалма-жан бір қоржынның екі басын толтыра азық-түлік салды да, кемпірге келіп оның иығына ілді. Бір бәлені сезген дыз тым болмаса осымен құтылайын дегендей шашбауын шеше беріп еді, шал назар аудармастан білегінен ұстады да, ауланың ішіне қарай тартты. Қызда қарсылық білдіруге дәрмен жоқ, артына жалтақтап қарай берді... Ана, бауырлары сыртта қалды. Бір аздан кейін дорбаға нан, құрт, аз ғана дән салып алып шыққан малай кемпірге ұсына берді. Кемпір бұл дүниеліктерге қуанғанмен қызын күткендей аз мүдіріп еді, малай оған енді «жолыңа түс те кете бер» дегендей ишарат білдірді. Кемпір бір сұмдықты сезгендей жылжымай қалды. Екі көзі қызында. Әлгі тірлік талшығы салынған дорбаны тастай беріп еді, нан мен дәннің барлығын біліп тұрған екі бала дорбаға жармаса бастағанда «қайтар», — деген шалдың үні шаңқ ете қалды. Одан шошып кеткен екі бала жаутаңдап дорбаға бір, анасына бір кезек қарайды. Дорбаны екеулей қапсыра ұстаған балаларының жаутаңдаған кейпіне көзі түскен кемпір де енді лажсыздан еңкейіп дорбаны көтере берді.
«Қайтар» дегенді өзінше түсінген малай да жылжи берген кемпірге ұмтылған шақта:
— Те былай бері, — деп саудагер жекіре малайды қайтарып алды. Не істерін білмей кілт тоқтаған малай мүсәпірсіп тұрғанда, шал оған сыбырлай түсті.
— Есуас неме, қайтар деп өздеріне айттым, қолына түскеніне риза болып кетіп бара жатқанына, құдайға шүкір де, үш аш көзден құтылғаныма жеті теңге садақа,— деді де қызға бұрылды. Анасынан айрылып, байлауда қалған ботадай жаудырай қарап қалған қыз көзі, сұңғақ бой, сүмбіл шашы, кептер иық, қаз кеудесі осы жасқа келгелі шал көрмеген перизатты елестетті.
Шал өзінше «тьфа, тьфа, тіл көзден сақтай көр» деп күбірлеп, «жиған-тергенім жолыңа құрбан» дегендей ыржия мәз болып, қыздан көзін алмай жақындай береді. «Үйге кірейік» деген ишаратпен қыздың қолынан ұстамаңшы болғанда, қыз кестелі ақ орамал байланған қолын тартып алды. Бұл ақ орамал сонау сүйген жігіттен қалған жалғыз белгі. Қыз дәрмені бөгде жат қолға тек соны ұстатпауға ғана келді. Шал екінші қолынан алды да, жетектеп жүре берді.
Кең аула ішіне кірдік. Аула төріне тартқан жалғыз аяқ жолдың екі жағы дүниеліктер; төбе-төбе үйілген тұяқ-мүйіздер, жентек-жентек жал-құйрықтар, тақталай жиған терілер былай тұрсын, қымбат кілемдер, әшекейлі оюлы киіздер, күміс шапқан ер-тұрмандары, қатар-қатар аузы ашық сандықтардың іші тола қымбатты киімдер, зерлі-оқалы тон-шекпендер, не кере бүлінген елдің бар көз тартар мүлкі, бір халықтың ғасырлар бойы бойына жиған өнерінің айғағы, талай шебер-зергердің көз майын тауысқан ғажайып сән-салтанат жиһаздары, өзінің бар болмысымен мал тұяғы қыл-қыбыр жентектелген жүн-жұрқамен араласып бір аулаға сыйыпты...
Бұл көріністен аза бойы тік тұрған қыз іштей булығып ауа, әл тілегендей аспанға қарады. Осы сәтте қорғасынмен қапталғандай сұрқай көңілсіз аспанды тесіп өткендей алыстан талықси естіле қобыздың зарлы үні келді...
Шал қыз көңілін алаң ету үшін, аулаға кіргелі әр сандықтан таңдап алған алда, сәукеле, оқалы қамзол, ою-нақысты кебіс-мәсіні қызға «мынаның бәрі сен үшін» дегендей қалбаң қағып ішкі үйіне енгізе берді. Зар шеккен қобыз үні үдей түсті...
Асыға шыққан шал есікті сыртынан жапты. Қобыз үні әлі зарлап тұр. Шалдан дегбір қашқан. Аула қақпасына қарай жүгірді. Сыртқа шықты. Қобыз зары айдындай берді.
Оқшау тұрған биік шынар ағашының түбінде қаусаған бір бақсы қобыз шалып отыр екен. Қобыз үні де, бақсының қимылы да өлер адамның соңғы бой жасауындай әсер етеді. Қобыздан естілген үн тек қана бақсының мұң-зары емес, халық басына түскен ауыр нәубет, қор-қазаның жоқтауындай сарнайды. Мұның бәрі елді тірілей тонап жатқан саудагер шалға айыптау жазасындай естіліп, үрейін алып барады. Шыдай алмаған саудагер бір-екі күлше нанды малайына ұстатты да, «анаған осыны беріп қуып жібер» деген ишарат білдірді...
— Жоғалтсын көзін, қақсамай!— деді саудагер қалшылдап... ...Жүгіріп барған малай нанды ұсына берді де, енді бұл арадан жоғал дегендей жөн сілтеді. Бақсының онымен жұмысы болмай, қолына тиген нанды бірден асай бастады. Аш өзекке күш түсті. Толғай бір-екі жұтты да бақсы жантая берді... Малай шошына қарады. Бақсы бар тұлғасымен бір ышқынды да, созылған күйі үнсіз-түнсіз далды, демі үзіліп кетті. Шынарға сүйеулі кәрі қобыз қалды. Шал денесін малай сүйреп кетті. Өлім бұл маңға таң емес. Бәрін бір жерге жиып кеміп те жатыр. Сол топқа бақсыны да сүйреп кете берді...
Шынарда сүйеулі кәрі қобыздың шанағы үңірейіп, сылдырмақтары үнсіз. Қобыз құлағына орнатқан дөңгелек қос айна ендігі дүниенің мылқау куәсі мен дегендей жарқырап қапты.
Енді біз мезгіл-мерзімді осының қос айнасы арқылы байқаймыз. Міне күн екіндіге барыпты. Әлгіде ғана жермен астасып тұрған сұрғылт бұлт, енді қан-қызылға малып алғандай жалын алаулайды. Қан қасіретінің куәсындай қан-қара жамылған, зар шеккен жандарға үн қосып тұрған тәрізді. Кешкі суық, жаяу жел иесіз қобыздың қос ішегінен сыр тартқандай болады. Әлгі қобыз көзіндегі алқызыл рең енді қарауыта беріп, бара-бара түнек түнге айналып жоғалды...
Сімерлей атып келе жатқан таң сәулесін тағы да біз қобыздың қос әйнегінен көреміз. Таң ағара берді, күн шыққан сыңайы бар. Кенет қобыз көзіне бір ноқат пайда болды. Ол ұлғая берді. Алыстан көрінген адам бейнесіне айналды. Жақындап та қалды. Бақсақ, оюлы-сәнді домбыра ұстаған жігіт. Өзі де әбден қалжыраған, қобыз көзіне үңіле бергенде оны біз толық көреміз. Иесіз қобызға таңдана жан-жағына қарады. Ешкім жоқ. Тірі жан жоқ қобыз жанында. Енді көзі өз домбырасына түсті... «Сен де осындай айдалада қалармысың» дегендей уайымды рең пайда болды жігіт жүзіне... Домбырасын қысқан бойы аулаға қарай беттеді. Қобыз көзі оны ұзатып бара жатыр. Ұзаған сайып кішірейе береді. Қақпа алдында иін тірескен қалың жұртқа барын жоғалды.
Жігітке де кезек жетті. Шал оған «нең бар еді» дегендей иек қақты. Жігіт ғажайып өрнекті домбырасын көрсетті. Енді бір халықтың ерлігінің, серілігінің, қуаныш-шаттығының, мұң-махаббатының мол сырын бауырына басқан домбыра да саудаға түсті. Домбыраны аударыстыра қарап шал:
— Балам, тойда ән салуға қалай едің,— деді.
— Сәні кеткен елдің, әні не оңар дейсіз, қария.
Шал жігіттің тік мінезін ұнатпай қалып, домбыраны зерлей қарады да, әрі қарай ұзата беріп, бір күлше нан ұсынды. Аз ойланып тұрды да, «өнерді мен де бағалай білемін» деген кісіше, тағы да жарты күлше нан берді. Шалдың бір сандығында сүйеулі тұрған домбыра мен қолындағы нанға кезек қараған жігіт өзінен өзі қатаң күйзеле:
— Қалыңдығымнан адасып қалғанда сырласым да, мұңдасым да сен едің, досым, домбырам. Халқыңның қуанышын да, қасіретін де арқалаған қос іше енді сенімен де қоштастым,— деді.
— Шырағым, биікте тұрған құранды табаныңа нан қойып алуға болмайды, ал нанды құранды басып тұрып алуға болады дейді,- шариғат,— деді шал тауып айттым-ау деген кісіше жан-жағына қораздана қарап, саудасын тоқтатты да, домбыраны алып үйіне қарай аяңдады.
Тағы да қобыздың айналы көзіне әлде біреу пайда болды. Бұл әлгі бір жарым күлше нанды алып келе жатқан жігіт. Келіп шынар түбіне отырды. Бұл бейнесі енді қобыздың жалғыз көзінен көрініп тұрады. Қобыздың екінші көзіне ноқат пайда болды. Ол ұлғая берді. Біреу жанұшырып жүгіріп келеді. Бұл домбыра арқылы жігітті танып, шал үйінен іздеп шыққан өзімізге таныс қыз жақындай берді. Міне, келіп те қалды... Сыңар айнадай толық жүзін көрдік. Жігітке қадалып қалған.
Жігіттің онымен жұмысы жоқ. Нанды қомағайлана соғып отыр. Басын көтермейді, «босып жүрген қайыршының біреуі шығар, көзге-көз түссе нан сұрайды» деп ойлайды өзінше жігіт.
Қыз жігіттің мына қалпына қадала қарап ұзақ тұрды. Қыз тұрған әйнек шетінен ауладан бері қарай беттеген қуғыншылар көріне бастады. Мұны сезген қыз шыдамай:
— Бүйтіп нан жегенше, өлгеніміз артық қой, — деді ызаға булығып. Жігіт жалт қарады. Жұта берген нанына түйіліп қалды. Тек жыпылықтаған көзі; сөйлеуге шама жоқ, сөйткенше қуғыншылар да жетті. Қызды сүйрей жөнелді. Сыңар әйнекте әлденелер айтып, жалт-жалт қарап бара жатқан қыз бейнесі ұзай берді, ноқатқа айналып ғайып болды.
Есін жиған жігіт, қыз ізінше ұмтылып тұра бергенде саудагер шал кес-кестей қалып:
— Немене, қалың малың күйіп бара ма?— деді.
— Айдап келе жатқан қалың малды жұт алды,— деді жігіт күйіне.
— Ендеше ол қыздың құнын мен төледім, — деп жігітті кеудесінен бір итеріп отырғызды да, шал алшаң басып кете барды. Енді қыз шалдың меншігіне, мүлкіне айналған. Бәрі заңға да, шариғатқа да сыйысып жатыр. Дау айта алмайсың.
Жігіт қобыз жанында, шынар түбінде мелшиіп отырып қалған. Ысқырық жел қобыз қылын шерткендей болады. Жігіт қобызды қолына алады. Біз қобыздың қос әйнегінен кеш болып келе жатқанын аңғарамыз. Қараңғы түсе берді. Терезелерден шам көрінді. Олар да сөне бастады. Жалғыз шал үйінін шамы жанып тұр. Күн бата бастаған қобыз үні сан сарынның басын шалып үдей келе зар-запран құсқандай қайғылы ауыр сыр шертеді. Айта алмай қалған арман, тілеуі кесілген бақыт. Тар қыспақ, зар заман, қобызбен жігіт баяндап жатқан зар мұңдар осы.
Енді жалғыз терезенің де шамы сөнді. Осы шер-шеменін дәл сол терезеге бағыштап отырған жігіт те шам сөнісімен үміт талшығы үзілгендей кілт тоқтады. Бар әлемді меңіреу түн жұтып, пәк жүректі әлде бір қорқау қасқыр талап жатқандай сезінді. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Тек жалқау, жапалақтап жауған ұлпа қар қобыздың қос айнасына түсіп, еріп көз жасындай парлап төмен ағып жатыр... Түннің әлде бір уақыты болды. Маужырап мүлгіген жігіт бір түнде шашы ағарып күрт түскен... Басын сұлық салып отырған күйі...
Бір кезде жігіттің асылып отырған қобызының құлағына қыздың қолындағы баяғы кестелі ад орамал байланды. Жігіт оны сезген жоқ... Қар... қар... жалаң аяқ іздер кетіп барады... Әлі жаңа түскен жас іздер қарауыта көрініп, тау жаққа бет алып барады. Іздер... іздер, оларды да қар басып қала береді...
...Жартас... тұңғиық қараңғыдан кенет сәуле пайда болады да, сол сәулеге оранып, ертегінің хор қызындай бір бейне жақындай береді... Бұл шал үйінен қашып шыққан Айсұлу. Жартастың шырқау басына шықты да, ұшуға қомданған аққудай құшағын жая жоғала берді де, орнына бейіт пайда болды.
Сүйтсек әлгі сәуле машина фары да, бұл көрініс Карпов хикаясының соңы екен...
— Сонымен Айсұлу қатал тағдырдан, қорқау тырнағынан осылай құтылған екен. Өнер иесі деген әнші, сері жігітіміз сол шынар түбінде қобыз құшақтаған күйі бір түнде шашы ағарып, жылаумен көзден айрылып, шерменде болып қала беріпті, — деп Карпов сөзін аяқтағанда, баяғы от басында отырған үшеуге оралдық... Жартас басындағы молаға көз тігіп, үшеуі де үнсіз қатып қалған тәрізді. Бір сәтте Карпов екі жігіттің қас-қабағын бағып отыр. Сол бір бейкүнә, шейіт кеткен қыздың обалы өз мойнына түскендей Ілияс ауыр күрсінді де, сағатқа қарады. Оқиғаны өзінше түсінген Сағит аз ғана қабағын тыжырды да, қозғалақтай берді. Карпов назары Сағитта.
— Ах, хорошая байқа, бірақ босқа арамтер болдың, шалым. Мұның бізге не қатысы бар? — деп Ілиясқа да мақұлдатқысы келгендей ажуа күлкіге басты. Сағиттің тоң мойын топастығына әбден көзі жеткен Ілияс оған жаман көзімен ата қарады.
— Қатысы бар,— деді Карпов жұлып алғандай, Сағит та, Ілияс та Карповқа ақтарылып қалды. Сағит тұрпайы үнде:
— Сондағы қатысы екеуінің аттас болғаны ма? — деп кекете қарады.
— Ол да бар. Халық аңызға айналған Айсұлудың есімін сұлулықтың өшпес-өлмес үлгісіндей жадынан шығармас үшін қыздарының да аттарын Айсұлу деп қоятын себебі сол. Бірақ әңгіме төркіні әріде жатыр. Ол замандарда жұт деген бүкіл халықты қырып-жойып ашаршылық-қайыршылыққа душар ететін. Жұт онымен ғана тынбай, өзінің ең ауыр зардабы, рухани жұтқа әкеп соғатын. Бәрінен қорқынышы осы рухани жұт – адам санасындағы жұт. Міне, биыл да жұт. Табиғат тұрғысынан туған жұт. Қазіргі заманда мұны жеңу оп-оңай, біздің қоғамдағы ең басты борыштың бірі адам санасындағы жұтты жеңу — сонымен күресу. Мақсат осыны жеңуде жатыр. Алысқа бармай-ақ осы отырған екеуіңді алайық, — деп Карпов бұларға сынай қарады. Бұл әңгіме басталғанда баяғы жартастан құлаған Айсұлу оқиғасынан шыға алмай отырған Ілияс:
— Трагедия ғана емес, кошмар... Н... да... Нет повести печальней, чем повести «Ромео и Джульетта», нағыз сұмдық, — деп өзімен өзі күбірлеп Карповке қарады.
— Сендердің қызға қиянат жасағандарыңды сонда не дейміз?— деді Карпов екеуіне кезек қарап. Күні бойғы сөз байыбына енді жеткендей, екеуі де үнсіз аңтарылып қалды.
— Міне, екеуің де рухани жұттың құлы болып шықтыңдар деген осы емес пе,— деді Карпов. Ілияс қарсылық білдірейін дегендей «отағасы» деп бастай беріп еді. Карпов оған ырық бермей сөйлеп кетті.
— Қалың малының құны бір күлше нан болып, зар шегіп қалған сүйген қызын құтқарып алуға жігері жетпей, шынар түбінде қобыз құшақтап шашы ағарған ақын-күйші, серіден сенің не айырмаң бар. Ол қытымыр заманның кертартпа заңынан шыға алмай қалса, сен өсек-аяңның жетегінде кеттің. Бұл, қыз махаббаты түгіл, оның тырнағына тұрмайтын тоғышардың кәсібі. Сұлулық, жарастық салтанатын адам баласы бағы заманнан мұрат етіп күресумен келеді. Онсыз өмірде ажар, адамға баға болмас еді,— деді Карпов сұстана қарап.
— Эх, былшыл, күрес, күрес. Сұлу үшін күрескен мына мен түрмеден бір-ақ шықтым, — деп Сағит, «бәлем, аузына құм құйған шығармын» деген кісіше қарқылдап күліп қоя берді.
Карпов шыдамай:
— Күрескен сен емес. Күрескен, сол түні махабатты таптаушы, пәк сезімді кірлеуші, тағы тырнағынан қызды құтқарған адам,— деді шегелеп. Сағит ескі жарасының орны сыздағандай Карпов жүзін бағып қалды. Осы сәтте Ілияс шоқ басып алғандай орнынан атып тұрып:
— Оны сіз қайдан білесіз,— деді Карповқа.
Сағит Ілиястың бұл қимылынан өзінше әлде не сезіп, жемтігін көрген жыртқыштай шүйліге түсіп:
— Сен неге шошыдың. Әлде...— деді қазір түтіп жейтіндей зәрлі үнде. Ілияс қаймығып қалды да, өзін-өзі тежей:
— Сол ерлік жасаған адамның кім екенін мен де білгім келеді. Онда не тұр? — деп Карповқа қарады. Енді Сағит назары да «сен білесің, айт» дегендей Карповқа ауды:
— Білмек түгіл... — деп Карпов бастай бергенде, «Ә, сен екенсің ғой» деп Сағит атыла жағасынан шап беріп, жұлқи өзіне тартып қалды. Ашу буған Сағиттің көзі қарауытып кетті...
Экранда мотор үнімен қабаттаса аудан орталығына кіре берген шамсыз жүк машинасы көрінді. Ай жарық. Машина бұралаңдап жолдың о жағына бір, бұ жағына бір соғып келеді. Кабина әйнегінен екі адамның алысқандай елесі көрінді. Бұл баяғы шынардың түбінен Айсұлуды алып қашып келе жатқан Сағит. Қыз аузы таңулы, арпалысып келеді, бірақ алпамсадай жігіт құтқарар емес. Қыз рульге ұмтыла бергенде тайып барып сигнал беретін түймеге жабысты. Қираңдап келе жатқан машина үздіксіз үн шалады. Сәл сәт үзіледі де, қайта жалғанып, дүрліктіріп келеді.
Клуб қасына бұрылып тоқтаған автобустан түскен адамдардың ішінен бір жас жігіт қол чемоданын тастай салды да, әлгі боздап келе жатқан машинаға қарай жүгірді. Машина жақындай бергенде ішіндегі көріністі көзі шалды да, шофер тұрған жақтағы тегершікке қарғып мініп рульге жабыса берді. Машина қыдыр тартып, кеше жиегімен келе Сағиттің өз үйіне тіреле тоқтағанда, шоферді жағадан сүйреп сыртқа шығарып, көзді ашып-жұмуға келтірмей иек астынан салып-салып жібергенде, Сағит талып, көзі қарауыта сұлап түсті...
Карповқа қатып қарап қалған Сағит ондай жұдырық күші шалға қайдан келсін деген оймен:
— Жоқ, бұл емес, ол жас болатын, — деп жағадан қолын босатып жіберді.
— Сабыр ет, жігіт, қызды құтқарған азамат күні бүгінге дейін белгісіз.
— Сен өзің қайдан шыққан әулиесің?— деді Сағит Карповқа сұстана.
— Ақымақтық та алланың берген сыйы, бірақ оны да орнымен жұмсау кере жігітім, тәубеге келмеген адам, жыртқышпен тең.
— Бұл қойдан жұққан данышпандық емес пе?— деді Сағит кекете.
— Енді сенің кім екеніңе анық көзім жетті. Мен сені түрмеге қайта жаптырғаныма енді өкінбеймін,— деді Карпов бекініп. Сағит жылан арбағандай кірпік қақпай бедірейіп далды. Сәлден кейін мынау не деп отыр дегендей Ілиясқа қарады да:
— Қыздың әкесі болып шықпасын,— деді.
— Жоқ,— деді Карпов.
Осы сәтте аң-таң Ілияс қолына бір шала алып, Карповты анық көру мақсатымен жақындай берді.
— Сіз прокурор емессіз бе?— деді Ілияс екі ұшты үнде. Сағит Ілиястағы шаланы өзі алып, жарығымен Карповқа анықтай қарап:
— Жоқ, олардың бәрімен таныспын, — деп әлгі шаланы жақынырақ ұстап зерлей қараумен болды. Карпов асықпай алдымен тымақ бауын шешіп, кейін тонын ағытып темекісін ала бергенде Ілияс пен Сағиттың көзі оның үстіндегі үлгілі пенжакке түсті. Оның жағасындағы депутат белгі жартылай көрінді. Карпов бір папирос алды да, Сағит ұстаған шалаға тұтандыра берді. Шала жарығымен мұның орысқа ұқсастығын аңғарды. Сағит пен Ілияс бір-біріне қарады. Карпов темекісін тұтандырып, шегіне берді де, асықпай, байсалды түрде үнсіз отырды. «Бұл тегін адам емес екен» деген кісіше Сағит пен Ілияс бір-біріне үнсіз қарай берді. Жігіттердің үрейлі қалпын сезген Карпов мұртынан күлді де:
— Отырыңдар,— деді. Екеуі де отыра кетті. Карпов жартасқа ойлана қарап:
— Менің кім екенімді қазір әңгімемнен біліңдер,— деген сәтте...
Бұл үшеуі көріп отырған қарлы жартас күз айларындағы қалыпқа ауады. Түс мезгілі. Жартастың арғы түстігінен қаптай жайылған қой. Жартастың ұшар басында қойшы қыз. Сәуір желі оның көйлегімен ойнайды. Қыз бір қағаздарды майдалап жыртып желге ұшырып, соған қызықтап тұрған сияқты. Мұның бәрін жартас етегіндегі ирек жолмен өтіп бара жатқан газик машинадағы Карпов пен қазақ жігіті көреді. Бұл көріністер Карпов үнімен баяндалады.
— Осы облыстағы бұрынғы бірінші хатшы жоғарғы қызметке кететін болды да, оның орнына мен келдім. Ол кетер алдында осы өңірді бірге аралап шыққан жолымыз болатын. Желге қағаз ұшырып тұрған қызға «жастықтың ермегінің түріне қара» деп сүйсіне күліп өттік. Мен қазақ даласын талай аралап жүріп, дәл сондай көрікті баланы көргенім жоқ-ты. «Көрдіңіз бе, нағыз дала аруы емес пе?»— дегенім бар-ды жолдасыма бұрылып. Кейін білсем, ол ермек емес, жиіркенішпен желге ұшырып тұрған жексұрын қылмыстың куәсі болған қағаздар екен...
Жар басындағы қыз — Айсұлу. Конверттерді ортасынан қақ айырып, майдалап турап, желге ұшырып, үнсіз қабағын қарс жауып тұр... Қыздың осы қалпында тұрған күйі жартас орнына сот залына ауыстық.
Қыз алғашқы көріністердегі қалыпта емес. Айсұлудың ақ жүзін сарғыш қоңырқай тартқызған тотығынан бұл күнде ешбір рең жоқ. Маңдайы, бет-иегі, тамақ-мойны қазір тегіс, тұтас аппақ, үлбіреген жүдеулікте. Осы бір бейкүнә мөлдір жан ойда жоқ, өмірі, түсіне кірмеген қыл көпір үстінде тұрғандай. Шағын зал ішіндегі көптеген көздер сұқтана тек осыған қарағандай. Төрдегі биік креслода отырған үшеудің бірі:
— Сіз, мынау айыпкер Сағиттан анау белгілі кештен бұрын хат алдыңыз ба? Қанша хат алдыңыз? Почта арқылы алдыңыз ба, кісі арқылы алдыңыз ба? Дәл келетін күні хат алдыңыз ба? — деп сұрақ қойды. Өзінің әділ-адалдығына сенген, сотты да солай ұғатын Айсұлудың сұрғылт сарғыш нұрлы көздері үлкен нұр шырағын жандыра төңкеріледі. Ақпейіл, адал, сондай ашық, қымсынбай қарап жауап қатты.
— Рас, хаттар келетін, бірақ мен бір хатты да оқымай, алысымен жыртып-жыртып тастайтынмын.
Қыздың бұл сөзін естігенде залдың алдыңғы қатарында отырған Сағит туыстары қуанышты кейіппен адвокатқа қарасады. Енді ілінді дегендей адвокат та оларға бас изейді. Әсел «енді қауіптенбе» дегендей Сағитқа қарап қойды. Қыз жауабын жалғай берді.
— Алғашқы хатын да, соңғы хатын да оқымастан жыртып-жыртып желге ұшырып жібергенмін. Маған жат, және алдында жаулық істеген жыртқыш адам болған соң, мен оны өз өмірімдегі ең жек көрген, ең жиренішті дұшпаным деп білетінмін. Одан хат алуды өзіме айып санар едім. Хатын оқуды қылмыс деп білер едім. Сондықтан да жыртатынмын.
Ішке кіре алмай есі терезеден сығалаған Айсұлуға жанашыр жастар: «Дұрыс айтты, сол керек» дегендей өзара шуласып, мәз болысып қалысты. Көпшілік сыңайын таныған адвокат тынышталыңдар дегендей жұртты шоли бір қарады да, іле:
— Неге жыртасың, жау болса да не айтқанын, қандай жаулық ойлап жүргенін білуге тырыспадық ба? Қолға алған хат болған соң, оны ашпайтын кісі бола ма? Ашса бірер жолын болса да оқымай ма? Мүлде оқымадым дегенің ақылға сыя ма? Шындыққа жата ма? — деп шырмай сұрақ қойды да, «ұстадым-ау» деген кісіше қораздана сот құрамына қарады. Зал ішінде сыбыр-күбір, кейбір қысылған күлкі, реңі кірген жүздермен қатар бұл күй төрде отырған сот адамдарының бәрінде бірдей аңғарылады. Айсұлу неден қымсынғанын өзі де сезбей қалды. Тек берген жауабы:
— Мен бар шынымды айттым, енді оған қосарым да, аларым да жоқ,— деді Сағитқа жирене қарап.
Сағиттың шашы бұрынғыдай шашылып, дудыраған. Өңі бірнеше ай бойы көлеңкеде отырғаннан тотығынан айрылып, бірыңғай қара сұр тартқан. Бірақ жүдемепті, ісінгендей қырыс қабақты бітік көздерін Айсұлудың нұр Жүзінен алмайды. Басқа дүниеге қарамайды. Сот сұрағына жауап берген шақ қана болмаса, соның да аракідігін тауып, бар тергеу бойындағыдай «көрейін де өлейін» деген тәрізді Айсұлудан бет бұрмай қойды. Судья Сағитқа:
— Айыпкер Шеңгелбаев, қосымша не айтасыз.
— Мен айтарымды айттым. Көптен білем. Жақсы көрдім. Сосын, сөйтіп хаттар жаздым.
Дұрыс айтып тұрмын ба дегендей жалтақтап адвокатқа қарай береді. Адвокат жетелей сұрақ беріп:
— Түрмеге түскен соң хат жаздың ба, жоқ оған дейін хат жаздың ба?— деді.
Осылай ыңғайла дегендей, «дейін» дегенді әдейі солай астын сыза айтты.
Сағит күмілжіп тұрды да, «дейінінің» мәніне енді түсініп:
— Ие, дейін, дейін,— деді де іле-шала, — мен бес хат жаздым, артынан ойлаған байламымды, талабымды айтып өтініп, тағы да үш хат жаздым. Ол хаттарда «маған ти» деп, «мен алайын» деп өтіндім. Хаттарыма жауап болмады. Оны «көнгені» деп білдім. Ең соңғы хатта үлкен шынар түбінде күт, машинамен барып алып қашамын деп жаздым. Жауап айтпағаны тағы да көнгені деп ойладым. «Қыздың үндемегені — көнгені» дейді қазақ, соған сендім. Хаттарды жыртып тастадым деген сөз менің басыма кірген емес. Тым құрыса біреуін оқымадым деген сөзіне әлі де сенбеймін, — деп тоқтады. Мұны естіген Айсұлу шыдамай:
— Жалған, жалған айтып тұр,— дегенде, судья қоңырауды қағып қалып:
— Бұл колхоздың жалпы жиналысы емес, заң орны. Кезегіңіз келмей сөйлеуге болмайды,— деді. Қыз тоқырап қалды. Адвокат жаны ашығандай мүләйімсіп:
— Хош, жалған болса, дәлелдеу үшін хатыңызды әкеліңіз. Қай уақытта жазылғанын штемпельден көреміз.
— Ойбай-ау, бәрін жыртып тастадым деп айттым ғой сізге,— деді Айсұлу күйіне.
— Солай-ақ болсын, бірақ хаттардың көзін жойдым деп айтуға сізге кім ақыл берді?
Қыз аң-таң. Мұндай шиырға ұшырайтынын ол да қайдан білсін.
— Абыржымаңыз, бой тежеңіз. Есіңізде бар ма, шынар түбінен сізді әкеле жатқанда орталыққа кіріп, клубтан өте бергенде машинаның тепкішіне біреу қарғып мінді ме?— деді қадала адвокат.
— Ие, — деп бас изеді Айсұлу.
— Жоқ. Мінді ме, мінбеді ме, дәл жауап беріңіз.
— Мінді.
— Хош, сол адам рульге жармасып, машинаны дуалға соғып тоқтатты ма?
— Тоқтатты.
— Кабинадан айыпкер Шеңгелбаевты суырып алып, ұрып талдырып кетті ме?
— Ие, сүйтті.
— Ал, сол жігіт кім?— деді адвокат осыдан бір ілмешек іздегендей.
— Танымаймын, кім де болса, мың бір рахмет.
— Не үшін?
— Құтқарғаны үшін.
— Енді түсінікті,— деді адвокат судьяға қарап, — хаттардың жайы анау, жігітті танымаймын дейді. Бұдан шығатын қорытынды: Таңатова Айсұлу шынын айтпай өзі адасқанмен, бізді адастыра алмайды. Бұл оқиғадан зәбір шеккен Таңатова Айсұлу емес, Шеңгелбаев Сағит, оған эксперт пен дәрігер қағаздары айдын дәлел, — деп адвокат отырды.
— Айыпкер Шеңгелбаев Сағит, сізге соңғы сөз айтуға рұқсат,— деді судья.
— Менің бар айыбым осы қызды сүйгенім, — деп сылқ етіп отыра кетеді.
Сот құрамы орнынан тұра берді...
Мұның немен біткенін тарқап бара жатқан жұрттан байқаймыз. Жеке топтар:
— Сұлулықтың хасіреті осы. Көзге де, сөзге де іліне береді, — десе бір топ, екіншісі:
— Жаңағы құтқарған жігітті тауып, соған той жасау ғой қызығы, — дейді.
Үшінші топта туыстарының ортасында мәз болып Сағит барады.
— Ит-ай, талай әлекке салдың, бірақ әйтеуір еңбегім ақталды, — дейді ағасы Әбіл Сағитқа. Бұлар өте бергенде Сағит көзі терезеден, үй ішінде бір топ жастар ортасында тұрған Айсұлуға түсті. Олар Айсұлуға өздерінше күйіне ақыл-кеңес беріп жұбатып тұрған тәрізді. Айсұлу да Сағитқа көз жасымен кектене қарады. Мен мұнымен тынбаймын, әділет өлген жоқ дегендей сыңай білдірді.
Осыған бел буған Айсұлу бір топ құрбыластарымен, өзі оқыған мектеп-интернаттың директоры әйелмен прокурор алдында.
— Іс бұл арада шешілді. Тергеу орындары мен сот орындары заңға сүйене отырып, өздері таныған, барынша қалайда әділ байлауын жасады. Ендігі инстанция облыстың сот, — деді де директорға қарап, — сіз ауызға алған ар, әділет, әлсізге қамқорлық деген жайлардың бәрі Советтің заңының мазмұнды жаны. Сіз бізге өзіміздің жұртқа беретін сабағымызды қайта оқуға келгеніңіз, сыпайылап айтқанда, нескромный болар! — деп қыр беріп, жотасын көрсете сөзін аяқтады.
Бұдан беті қайтқан Айсұлу, директордың алғашқыдан қораш тобы исполком председателінің алдында отыр.
— Партия мен үкімет сенген сот пен прокуратура орындары өз істері жөнінде жауаптылықты өзгесіз де білетіндер, — деп бір қойды райисполком председатель
— Дәл осы жұмыс оңай екен, оңай тынар екен деп ойламаңыз, жолдас Мұхитов,— деді директор ширыға. Мұхитов енді тізе көрсете:
— Партия мен үкімет бізге бұдан үлкен мәселені де сеніп тапсырады. Сіз өз ісіңіз басыңыздан асып жатқанда тергеу ісіне келіп араласасыз. Кейбір әйелдерден ұғынған ұшқары, бір жақты сөздерді дәлелсіз, дерексіз мұнда алып келесіз. Заң орындарын және ауданның сенімді, жауапты, өздері жұртты жақсы білетін, тәжірибелі партия қызметкерлерін салғаннан сынай сөйлейсіз. Бұлай уақытты босқа өткізгенше мектепте тәрбие жұмысын нығайтуға, бізге көмекші болу жағын ойластырғаныңыз жөн болар, жолдас директор, — деп салмақ сала сөйледі.
Күз. Ауыл, мал отары. Шеткерілеу бір киіз үй. Әріректе қыстау. Киіз үй іші жасаулы. Төрде әкесі, шай құйып шешесі отыр. Айсұлуда мұң бар. Терең ойда.
— Шәйің суып қалды,— деді шешесі. Қыз әлі ой үстінде. Айсұлу мұңды үнмен шешесін құшақтап:
— Апа, арым үшін қолымнан келгенді, тіліммен, діліммен жеткізе алмаған соң тіпті өлейін деп те ойлай берем. Дүниеден, тірліктен жапа шеккендеймін. Тек бір ар алдындағы қарызды ада қылып, осы өмірден кетсем деймін,— деді де жылап қоя берді.
— Қой, қалқам, құдай сақтасын, қайдағыны шығарма, айтпа сен ондайды. Баяғы Айсұлудың заманы өткен, ол оралмайды. Сен бе екен өмірге керексіз жан? Ешбір адам баласына жазығы жоқ, сондайлық жаны да, жүзі де, тәні де, бар өмірі де аппақ таза, сендей жас өмірге керексіз адам бола ма екен!.. Сендейлерді керексіз етсе, өмір өзі неменеге тұрады? — деп қызын құшақтай, анасы да өксіп қоя берді.
— Те әрі, бұларың не? Мен оқуым жоқ адаммын, қызым. Бірақ байқауым бар. Осы күнде, осындай заманда сендей советтің жас қызы жапа көреді деген не сұмдық. Онда өкіметіміз қайда?— деді шал ширығып.
Күн тұсау бойы көтерілген. Облыс орталығына тура енетін қасқа жол. Мал таситын автофургондар колоннасы. Соның бірінен Айсұлу қарғып түсіп, дала аралай кете барды. Айсұлу талай көшелерден өтті. Облыстық партия комитетінің алдына келді. Кезекші милициямен сөйлесті.
— Мен бірінші секретарьға кіруім кере— деді Айсұлу.
— Не мәселемен?
— Айтпаймын.
— Өзі шақырды ма?
— Жоқ.
— Онда қабылдамайды.
Айсұлу не істерін білмей газон жиегіне отырды. Осы сәтте шаңға батқан газик келіп тоқтады. Ұзақ жолдан келген қалпы бар біреу кабинадан шықты. Үсті-басын қағып есікке беттей бергенде Айсұлуға көзі түсті.
— Таң атпай сіз неғып отырсыз?— деді Карпов.
— Бірінші секретарьды көруге зармын.
— Не боп қалды?
— Тек көре қалсам, өзіне ғана айтам.
— Шет жағасын ұқтырсаңыз, бірінші секретарьмен кездестіруге көмегім тиер,— деді Карпов күлімдей.
— Ағатай, шыныңыз ба?— деді Айсұлу жанары жарқ ете қалып.
— Шыным, шыным.
— Жүзі жақсыдан түңілме деген, алдамасаңыз болды.
Екеуі есікке беттеп берді.
— Осы дүниеде әділет деген бар ма, жоқ па? Мен соны іздеген жанмын, — деп Айсұлу әңгімесін бастай Карповқа ілесе ішке кірді.
Карпов кабинетінде отырған Айсұлудың әңгімесі аяқталған тәрізді. Ұзақ сонар біраз уақыт алыпты. Жайлыбеков пен Карпов ұйып тыңдап қалған.
— Жасырмаймын, ең үлкен ауыр бір шындық, сол қиянаткерді аудан соты ақтап қана отырған жоқ, жақтап та отыр, ол өз алдына. Біз прокурорда да, райисполкомда да болдық. Осыны ашып жауыздың жазалансын деп әрекет еткен, әрекет етпек түгіл осы ұят болды-ау деп ойлаған, ұялған адамды аудан көлемінде көре алмадым. Ең аржағы шырылдап ортаға түскен мектеп директорына «өз жұмысыңа ие бол» деп тізе, қыр көрсетуге дейін барды. Жалпы әйелге деген көзқарастан туған қыңыр, кесір күйлерге бұл сапарда әбден көзім жетті, — деп сөзін аяқтады Айсұлу.
— Ренжімеңіз, — деп Карпов ойға шомып кетті.
Мұндағы адамдардың жылы шырайы, жай-жапсарды анық ұғынғаны Айсұлуға қуат беріп, сенімге бел буғызғандай. Қыз жүзіне қан ойнап, мөлдір көз қуаныштың белгісін танытады. Шалқайған жүзін енді төмен игенде ұзынша сұрғылт-сарғыш нұрлы көздері үлкен нұр шырағын жандыра төңкеріледі. Бұл көздер стегіндегі мынау көкшіл көлеңке қадірлі әзиз жас жанның жанына түскен ауыр дертінің ізіндей. Кейде ашық қарайды. Салқындаған, азап шеккен, сол азаптан ой түскен мұң нұрын өз шұғыласындай таратады. Мұңды, нұрлы шұғыла. Айсұлудың қызғылт-қара, кей тұсы қызғылт алтын тәрізді бөлекше рең беретін, қою қалың ұзын бұрымдары оқшау көз тартады. Екі жуан бұрымының бірі оң иығынан әдемі құлағының жармысын жасыра, жұмыр қаз омыраудың үстін баса құлай қолынан да әрі асып отырған орындықтың қатарына барып ұшы көрінбей кетіп жатыр. Бір ауыр жүкті аударып тастағандай, дем алған сайын қыз еріндері діріл қағады. Ой құшағындағы Карпов Айсұлудан көз алмай қалған. Көз алдындағы қыз көркі соны, тың ойға жетектегендей. Карповтың өзіне-өзі айтқан ой түйінін естиміз.
— Тән сұлулығы мен жан сұлулығының қабыса қандасуы абзалдықтың айғағы. Мүсін мінсіздігінде шек жоқ, сондықтан адамның оған деген ынтызарлығы да толастамайды. Сұлулықтың киелі құдіреті табындырушы да, тәрбиелеуші де. Ол рухани өмірдің нәр-дәрісі. Оның сол қадір, қасиетін аялай, бағалай білу де — адамдық атқа сай ой-парасаттың есею нышаны. Онсыз біз мұрат етіп отырған қоғамда сән-салтанат құра алмайды,— деген Карповтың соңғы сөзімен баяғы от басына тап боламыз.
Үшеуі де өзгеше бір дүниеден келгендей, әрқайсысы өзімен өзі, бар өмір жолын таразыға салып отырған қалыпта. Кім біледі, адасқан жолдар мен ағат қылықтардың өткен шежіресін ақтарып отыр ма. Әйтеуір үнсізді ойлы үнсіздік. Тек оттағы шаланың шыртылы ғана естіледі. Ілияс баяу басын көтеріп Сағитқа қарады. Сағит ұрлана бір қарады да, қайтадан сол қалпына түсті. Біраздан соң Сағит шыдамай жерден көзін алмаған күйі:
— Сонымен қыз қайда? — деп күңк ете қалды.
Кенет сұраққа елең ете қалған Карпов:
— Қыз Тимирязев академиясын биыл бітіреді. Жуырда ғана диплом жазуға келді,— деді де, орнынан тұрып қойларға қарай аяңдады.
Сағит пен Ілияс біріне-бірі қарасып қалды. Ілияс Карповтан бірдеңе сұрағысы келгендей болып еді, ол қайрылмады. Мұны сезген Сағит сыбырлай:
— Не айтқың келіп еді?
— Іс немен бітіп еді, соны айтпады-ау!
— Оны менен сұра. Енді жасыратын ештеңе қалған жоқ. Менің арқамда исполком орнынан алынып, партиядан шықты. Прокурор да сол күйге ұшырады, ісім қайта қаралып, содан құтылып шыққан бетім осы. Ағайлар да бір-екі жылдан мойындарына іліп кеткен,— деді де ішкі қалтасын ақтарып, ортасынан байлаулы бір буда хат алды. Жібін шешіп, өткен күннің куәсімен қоштасқандай отқа бірінен соң бірін тастай береді. Біз әр конверттен «адресат выбыл» деген штемпель көреміз.
— Бұл менің лагерьде жүрген кездегі Айсұлуға кек алам деп ант айтып жазған хаттарым. Жиған қазынамның түрі осы,— деді Сағит.
Лаулай жанған хат жалыны Сағит басының кесір күнәсін бірге өртеп жатқандай... Екеуі де жалынға ойлана қарап қалған. Осы сәтте мал жанынан Карпов оралады. Басын шайқап, жанып жатқан хаттарға қарап:
— Ұят болды, осы Айсұлудың әкесінің отары еді, малдар жатып қалыпты. Бір уыс шөп жоқ, — деп қынжыла отыра бергенде, Ілияс іле-шала:
— Бағана келе жатқанда бірдеме қарайып көрінді, скирд болмаса деймін,— деді.
— Алыс па?— деді Карпов.
— Біраз жер.
— Кеттік ендеше, — деп Сағит орнынан тұра берді. Сәл тоқтай қалып:
— Үш құшақ шөп не болады?— деді Сағит. Ілияс та жылжи бере:
— Машинаның тентін аламыз,— деді.
Үшеуі де қараңғы құшағына еніп кетті. Біраз уақыт өтті. Таң сімерленіп атып келеді. Ошақ оты әлде қашан өшкен. Жар басында брезенті алынған жалаңаш газик.
Қарауытқан үшеу көрінді. Арт жақтарында әлдене деңкиіп қарауытады. Жақындай берді. Бұл баяғы машина брезентін жайып, оған шөп үйіп, сүйреп келе жатқан әлгі үшеуі екен. Ортасында Карпов, үшеуі де бар күшін сала терлеп-тепшіп, мықшия тартып келеді. Әлсін-әлсін тоқтап дем алады. Қайта жегіліп, қайта тартады. Кішкене дөңестен сырғи түсе үшеуі де жеңілдік сезгендей болды. Карпов демалғысы келіп, аялдайын деп еді, Сағит ыржыңдай басын шайқады:
— Ақсақал, кабинет пен шөп тасудың айырмасы бар шығар, қимылдаңыз.
— Неге болмасын, махаббат пен масқараға айналуда да айырма бар емес пе?— деді Карпов күліп.
Алып ұрғандай ащы ажуаға Ілияс та еріксіз күлді. Сағит бірдеңе шағыл алғандай арқанды шөп үстіне лақтыра салып Ілиясқа қарап:
— Сен неде мәз боласың, бар рахатты манағы мені ұрып кеткен белгісіз бекзада көріп жүрмесе, калламды кесіп берейін, — деп қайта жегіліп тартып кете бергенде Ілияс қозғалмай:
— Әкел каллаңды!— деді қолын созып.
Сағит жалт қарап:
— Неге?
— Сол белгісіз бекзадаң мен.
— Оттапсың. Ондай ерлік сендей қартқа қайдан келсін, — деп бас-аяғына сынай қарады да. — Ол боксер еді,— дегенше болмай, сұлап түскенін бір-ақ көреміз.
Құлап жатқан Сағит пен төніп тұрған Ілияс біріне-бірі аяспастай арбаса қадалып, кірпік қақпай, қимылдарын аңдысып қалған. Карпов, айдаса кетсе, арашалауға даяр тұр. Сағит баяғыны есіне түсіргендей жағын сипап байқайды да:
— Дәл, сол жұдырықтың өзі, молодец, — деп орнынан тұрды да, жеңілгенді мойындау да ерлік дегендей разы күлкіге басып, шөпке жегіліп тарта жөнелді. Карпов бұлардың осы қылығынан жаңа бір дүниеге бет бұрғандарын аңғарғандай, іштей риза бола бірге күлісті де, қатарласа бірге адымдап келеді. Ілияс та Сағит бойынан жаңа бір азаматтықты енді сезгендей. Сол арқылы өзі де орнын тапқандай екеуінің күлкілеріне қосылды. Үш еркек қар кеше адымдап барады. Шығыс шымылдығы көтеріліп, таң да атып келеді. Бұл үшеуі бірде тайған-ай, бірде нық баса, белеске көтеріле берді. Алдымен бірі, одан кейін екінші, енді үшіншісі тоқтады.
Шығыстың аязды күнгі алқызыл күні тұманды түре шығып келе жатыр. Содан туғандай өзімізге белгілі жартастың ұшар басында бұларға таңдана қарап тұрған әйел бейнесі... оның ар жағындағы ойпаттан топ адамдар, жү шөп артқан машиналар келіп тоқтаған тәрізді. Әдейі малшыларға арналған көшпелі үйлер. Сол том ішінде бір атты адам көрінеді. Ол, бұлардың түнімен күзеткен отарының иесі, әрлі-берлі ойқастай жүрген Таңат. Жартас басында Айсұлу екен.
Шөп тартып келе жатқан үшеу әлі жылжымай тұр. Бәрі де Айсұлуды таныған тәрізді. Түнімен шертілген сырды бұлай аяқталады деп кім ойлаған. Әрқайсысы өзінше үлкен толқу үстінде. Онысы өздері сүйреп келе жатқан шөпке сүйеніп, ең соңғы жалғыз түйір темекіні тұтандырып, кезек шегіп, түтіннен қуат алып, бой тежей үнсіз тұрғандарынан байқалады. Карпов екі жігітке кезек сүйсіне қарап, бір түн ішінде екі жігіттің осынша өзгергеніне қуана, аталық мейірімі түсіп:
— Ажарсыз боп туу айып емес, арсыз болу айып. Осы естеріңде болсын!— деді де екеуінің де білектерінен қысып, осылай беттеп келе жатқан қыз алдында ұялтпайын дегендей, жұрт шоғырланып жатқан жаққа беттеді.
Жүріп келе жатқан қыз тұрған екеуді шырамытқандай жүрісін баяулатып, жақындай берді де, алдымен Сағитты танып тоқтау былай тұрсын, бір қадам кейін шегінді. Енді Ілиясты танып бұрынғыдан да бетер абыржып, өз көзіне өзі сенбегендей тоқтап қалды. Кірерге жер таппай, іштен қысылып тұрған Ілияс амалсыздан «сен бірдеме десейші» дегендей Сағитты шынтағымен нұқып қалды. Ұят, намыстан жарылуға даяр тұрған Сағит сасқанынан Айсұлуға:
— Ие, өзіміз ғой,— деген сөздің қалай шыққанын өзі де аңғармай қалды. «Ие, дұрыс айтты дегендей» бас изеуден басқаға Ілиястың мұршасы келмеді. Қабақ шытып тұрған Айсұлу не күлерін, не күлмесін білмей қалды.
* * *
Ойпаттан вертолет көтеріле берді. Енді бұларды вертолеттен Карпов көріп барады. Жартас үстіндегі үшеуге жылы шыраймен қарайды Карпов. Вертолет көтеріле берді. Үшеу кішірейіп барады. Вертолет бұлтқа кіре берді. Үшеу көзден ғайып болды. Карпов көз іліндірейін дегендей креслоға шалқая жантайып көз жұмды. Бірақ жүзіндегі мейірімі, күлкі ізі көпке дейін кетпеді. Вертолет бұлт құшағына еніп, көрінбей, тек үні ғана алыстай берді де, ол да үзілді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі