Қазақ халқының басына замандар түсірген қалың тұманды Ұлы Октябрьдің дауылы серпілтіп, рауандап бақыт таңы атты. Құлазыған өңірі мен жадау өмір өзгерді. Өңірі шешек атты, құлпырды. Өмірі қайта түледі, халық өзін таныды. Ұлы орыс халқынан ғана тапты, баршаға басын теңеді. «Бұратана» деген бұғаулы бұралқы ат адыра қалды, қазақ халқы аңсаған арманына жетті. Меңіреу дәуірдің мезгілсіз үдерген көшінен тапталған өз қазынасының бетін ашты. Шоқан шерленіп, Абай аңсаған заманы келді. Ән дауылын Әміресі тұрғызса, жыр нөсерін Жамбылы төкті. Әлем балуандарымен айқаста жүлде алған қара күштің атасы Қажымұқанын тапты. Сөз маржанын тізген Сәкен мен Бейімбет, Мұхтары мен Ілиясы келсе, Қоянды жәрмеңкесін әжуа әзілімен тындырған Қалыбегі шықты. Сонау Қостанайдан қойны-қонышы күлкіге толы сахнаның еркесі. Қожамқұлдың Серкесіне шарқ ұрған шабыт иесі Елубай ән қордасы Құрманбек қосылды.
Сонымен социалистік қазақ ұлтының тұңғыш отауының шаңырағын осылар көтерді. Той-томалақта айтылатын он — арияға, қос шекте бебеу қаққан күй — симфонияға айналды. Бір дәуірде қазақ сахарасына тек Пушкиннің Татьянасы келсе, енді революцияның дауылпазы Горький бастаған орыс классиктері, Чайковский мен Глинка, сонау Европадан Моцарт пен Бетховен келіп аралады. Олар Құрманғазы ұрпақтарының басын қосып сахнаға Мұхаң мен Ахмет шығады.
Совет өкіметі мен Ұлы Коммунистік партия ең алдымен ұлттық республикалардың мәдени рухани өсуіне бар мүмкіншілікті туғызды. Бұрын бірде-бір жоғары оқу орны болмаған Қазақстан қазір отызға тарта жоғары оқу орындарының ғылым ордасы Академияның иесі. Осы оқу орындарынан шыққан түлектер социалистік Қазақстанның ұлт интеллигенциясының негізін қалады. Ғылым, техника саласында академик Қ. Сәтпаев, физика-математика ғылымының докторы Ж. Тәкібаев, медицина ғылымының докторы X. Жұматов, тағы басқа толып жатқан оқымыстылардың есімі әлемге мәлім.
Ұлы Октябрьге дейін театр өнерінен құралақан қазақ халқының ұлттық опера-балет театры, академиялық драма театры бастаған ондаған қазақ театры еңбекшілердің талап-талғамына қызмет істеп келеді. Әр облыстарда концерт ұйымдары, Жамбыл атындағы филармония, Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі өз алдына бір төбе. Көркемөнер саласында кадрлар дайындайтын мемлекеттік консерватория бастаған ондаған музыкалық мектептердің тіршілігін еске алсақ, мәдениетіміздің дамуында ұлы партиямыз қаншама қамқорлық көрсетіп отырғанын көру қиын емес.
Осының бәрі ұлы Лениндік ұлт саясатының салтанат құрғандығының айғағы. Орта Азия мен Қазақстан отарға айналды деп даурығатын шетелдік дұшпандарға тойтарыс беретін жанды фактілер осылар.
Көркемөнеріміздің жиһазында қазақ халқының ән байлығын әлем аспанында қалқытқан «шығыс бұлбұлы» атанған күміс үнді Күләштің орны өзгеше тұрса, бүгін оның талантты сіңлілері Жамал, Шабал, Роза, Бибігүлдер өнер танытуда. «Құлақтан кіріп бойды алған» аруақты ән иелері Жүсіпбек, Ғарифолла, Ермек, Ришат еңбектері де аз емес. Өнеріміздің енді бір саласының сәнін келтіріп Шара мен Нұрсұлу, он саусағынан өнері тамған Гүлнәфис пен Фатима жүр.
Miнe, Ұлы Октябрь туғызған осы бір талант шоқтары халқымыздың бүгінгі таңдағы өнерінің ұлттық кейпін танытар мақтанышы емес. пе. Біз бұл жерде «бүгінгі таңдағы» дегенді әдейі айтып отырмыз. Жасыратыны жоқ, әдебиетіміз бен ғылым саласында бүгінгі шыққан белесі мен алда барар асуына да құйысқаны берік, табысы нәрлі, әлемге танылған тобы мен сәтті сапар үстіндегі талантты жастары да жеткілікті екендігі ақиқат. Оны бұл жерде дәлелдеп жатудың қажеті болмаса керек.
Ал көркемөнер саласында ше? Мұнда бүгінгісіне қуанғанмен, ол да қораш қуаныш. Ертеңгісі еске түскенде қанағат етуден гөрі қарын ашырарлық жәйттер мол жатыр.
Көркемөнердің маркстік-лениндік теориясы пролетарлық интернационализмнің принципіне сүйене отырып, әр ұлттың өзіндік кескін-кейпін танытар өнердің дамуына кең жол ашады.
Коммунистік партияның көркемөнер жүйесіндегі саясаты — әр халықтың рухани мәдениетінің жан-жақты гүлденуіне, әр ұлт өз бойындағы бар қуатын сарқа пайдалана отырып ұлттық шеңберде қалып қоймай, басқа да социалистік ұлттардың бұл саладағы жетістіктерінен үйрене, бір — бірімен сабақтасып дамуына жағдай туғызуға негізделіп отыр. «Түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет» деген белгілі қағиданың мақсат-мұраты да осы. Өйткені ертеңгі коммунистік қоғамның бүкіл адам баласының мәдениеті социалистік ұлттардың өз күшімен, өз бояуымен жасалатын сан қырлы, бір сырлы зор мәдениет. Оған әрбір ұлт, әрбір туысқан халық ынтымақ, бірлестіктен туған, өскен, өркендеген мәдениетінің бар шырайлысын қосады.
Осы тұрғыдан қарағанда Ұлы Коммунистік партияның социалистік ұлттық өнердің даму саласындағы саясатына сай, өкіметіміздің көрсетіп отырған аталық қамқорлығын толық пайдаланып отырмыз ба? Халық мүддесіне, талап-тілегіне сай орындау үшін не істеп отырмыз деген сұрақ келіп туады. Оған «күнәкар» іздеуден аулақ екенімізді ескерте отырып, көркемөнер саласындағы өзіміз түйген кейбір ойларды ақылдасу ретінде ортаға салуды жөн көрдік. Әрине, мұны ашылмаған сыр, айтылмаған жыр еді демейміз. Өнеріміздің табысына сүйсіне, келешек бағдар-бағытын көп ойланатын қамқоршы қауымның аузынан әр сәт естіліп жүрген, арнайы айтылмағанымен айтылар, толғағы жеткен әңгімелер төңірегінде қозғауды лайық көреміз.
Алдыңғы буын аталар дәстүрін еске ала отырып біздің буындарға да қойылар талап, артылар жүк мол. Бұл өміріміздің барлық саласындағы жұмыстарға тән міндеттер. Соның ең бастысының бірі — бүгінгі қолдағы туды ертең кімнің қолына береміз, өнер саласындағы бүгінгі буынның хал-қуаты, келер буыннан күтер үміті қандай деген мазасыз ойлар орала береді.
Өйткені, бұл республиканың мәдени мекемелерінің басшыларынан бастап барлық мәдени қауымға ортақ күн тәртібінен түспейтін, әсте көз жазбай қадағалап отыратын, ерекше мемлекеттік маңызы бар, әрі барса зор саяси мәнін табатын бүкіл халықтық мәселе. Жас буындарды коммунизм рухында тәрбиелеуде өнер мен әдебиетке қойылып отырған талап орасан зор. Сондықтан түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетіміздің дамуына бар жағдайды туғызып отырған Ұлы Коммунистік партияның алдында әрдайым борышкер екенімізді естен шығармауымыз жөн. Коммунистік қоғамның ұлы мәдениетіне қосар үлесімізді таразыға салар күн жақын. Коммунистік қоғамның мәдениеті тек бір ұлттың ғана мұрасы емес, бар социалистік ұлттардың сан сырлы бір мүдделі мәдениетінен құралатындығы айқын. Шын мәніндегі ұлттық мәдениет әрдайым интернационалдық мәдениет деп үйретеді бізді ленинизм ғылымы. Пушкин мен Некрасов, Толстой, мен Горький, Шолохов пен Твардовский шығармаларының қай тілде, қай елде болса да өзегін тауып, оқушысын баурап кететіндігі де оның нағыз халықтық сипатында, ұлттық бояудың қанықтығында деп ұқсақ керек. Сондай-ақ Әуезовтың Абай туралы романдарының, Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин шығармаларының кең таралуы да сол қасиетінде екендігі айдан анық.
Олай болса ұлттық мәдениетті дамыту жолындағы шешуші күш — ұлт кадрларын тәрбиелеу мәселесі екен. Мәдениет саласында ұлт кадрларын дайындау мәселесінде салғырттыққа ұшырап келгенімізді мойындамасқа болмайды. Осы бойкүйездік әлі орын теуіп, жалпы мәдениетіміздің дамуына кері әсерін тигізуде. Әсіресе сол салғырттықтың зардабы бүгінгі күндері бар тұлғасымен бой көрсете бастады. Сондықтан ащы да болса шындықты ашып айтуға тура келеді.
Қазақ мәдениетінің қара шаңырағы Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрын кім мақтаныш етпейді. Бұл бір кезде мәдениетіміздің ұйтқысы болып өзінің отыз жылдан аса өмірінде талай таланттар тәрбиеледі. Бүгінгі академиялық опера-балет театрының да негізін қалаушы кадрлар осы театрдан енші алып шыққан-ды. Әдебиетіміздің ауыр саласы драматургияның негізгі лабораториясы да осы театр болды. Сәкеннің, Mайлиннің, Әуезовтің, Мүсіреповтің тамаша шығармалары осы театрдың сахнасында ажар тапты. Халқымыз зор құрметпен есімін атайтын Қалыбек, Серке, Елубай, Қапан, Шәкен, Қадиша, Сабира, Шолпан, Ыдырыс, Нұрмахандар тәрбиеленген қасиетті шаңырақ. Сол талант тобының арқасында дүниежүзілік классиктер ана тілімізде сөйлеп, халқымыздың рухани мәдениетінің өсуіне тигізген пайдасы ұшан — теңіз. Шекспир мен Мольер, Шиллер мен Гоголь, Островский мен Горький сияқты әдебиет алыптары халқымызбен осы сахна арқылы сырласты. Ұлы орыс халқының, совет классиктерінің таңдаулы шығармалары қалың қауымға академиялық драма театры арқылы жетті. Үйрене, өсе келіп Отанымыздағы таңдаулы театрлардың қатарына қосылды. Академиялық театр аталды. Үкімет пен партия зор еңбегін ескеріп, Еңбек Қызыл Ту орденімен наградтады. Опера театры ұлттық опералық шығармалардың тұңғыш туын көтеріп халқымызды Чайковский, Глинка, Myсоргский музыкаларымен сусындандырды. Көптеген сахна қайраткерлері құрметті атақтарға ие болды. Ұлы лениндік саясатының миуалы бақшасы нәрлі жемісін танытты. Бұл мақтаныш емес пе?
Академиялық драма театрының тарихына көз жіберсек, оның профессионалдық дәрежеге жетуіне көп еңбек сіңірген туысқан орыс режиссерларының есімін сүйсіне атап, бүкілхалықтық рахмет айта еске аласың. Боров, Соколовский, Насонов, Пыжова, Бибиков, Рутковский сияқты орыстың реалистік театр өнерінің қасиетін бойына жиған көрнекті шеберлердің жас өнеріміздің буыны бекіп, бұғанасы қатуына сіңірген көп еңбегін кім ұмыта алар. Мұндай риясыз достық, мұндай қамқорлық тек совет халықтарының ынтымағына ғана тән сипат.
Жә, көмек-қамқорлық аз болған жоқ. Бірақ біз соны бар ынтамен уақытылы пайдалана алдық па? Кезеңі келгенде түйген сабағымыз қайсы? Осындай білімдар адамдардың мектебін көре отырып бірде-бір ұлт режиссерін дайындай алдық па? Бұған келгенде тіл күрмеледі. Бақсақ бәрінің де орнын сипап қала беріппіз. Академиялық драма театрының сахнасында отыз бес жылдың ішінде 43 режиссердің ізі жатыр. Оның 12-сі бас режиссер болыпты. Бір театрдың өмірінде осынша аз уақытта 43 режиссер болыпты деген дүниежүзілік театр тарихында сирек кездесетін оқиға. Мұның ішінде театрдың өз қабырғасынан жеке постановкалар қойып талпынғандары да бар. Олар да талай афишаларға «мен режиссермын» деп қол қойған. Бірақ бар жиған нәрі бір-екі постановкадан аспай қала берген.
Орыс театрының тарихына қарап отырсақ режиссер кадрларының көпшілігі сол театр қабырғасында тәрбиеленіп шыққандығын көреміз. Бір ғана МХАТ-тың қатардағы актерларынан қаншама талантты режиссерлар шықты десеңізші. Вахтангов, Берсенев, Завадский, Кедров, Ионов, Кнебль, тағы басқалары бүгінгі совет театр режиссурасының қаймақтары — ең алдымен актерлар еді ғой. Топорков, Горшаков сияқты сахна өнерінің теориктері де актер емес пе еді? Мүмкін бұлар алғаш арнаулы мектептен өтті дерсіз? Тіптен де олай емес. Бұлардың көпшілігі жиырманың о жақ бұ жағында археолог, юрист, тарихшы, тіптен кейбіреуі революция дауылында солдат шинелімен келген өнерлі жастар еді. Қазір, одақ, әрі барса дүниежүзіне танылған адамдар болып отыр. Осы тұрғыдан қарағанда біздің үлкендерге де, орта буындарға да, тіпті қазіргі жастарымызға да іштей ренішіміз мол жатқандығын жасыра алмаймыз.
Басқаларын былай қойғанда Қапан, Құрманбек, Қанабектің таланты кімнен кем еді?! Сонау театр құрылған шақта бәрінен сауатты келген осылар емес пе. Отызыншы жылдарда драма театрының сахнасына бұлар да бірсыпыра спектакльдер қойып жүрген жайлары барды. Арнаулы білімі бар жоғарыда аталған Боров, Насонов, Соколовский, Рутковский сияқты білімдар режиссерлармен қоян-қолтық жүрді. Соны пайдалана алды ма бұлар? Әрине, жоқ. Бойдағы талант, білім мен теориядан тірек таппады, ізденбеді, талпынбады. Сонымен режиссерлық талант тұл болып қала берді.
Театрдың отыз бес жыл өмірінде режиссерлық бетін аңғартатын, өзіндік стиль-жүйесін ұстайтын осындай аса жауапты коллективтің басында отыратын еңбеккер, жанашыр бірде-бір режиссер дайындай алмаған кінәмізді кімнен көруге болады. Жарайды, театр қабырғасынан режиссер дайындай алмадық. Сол отыз бес жылдың ішінде «осыдан бір нәрсе шығады-ау» деп үміт күттірген жастардан таңдап отырып екі жылда біреуін Москва ГИТИС-не жіберіп отырғанның өзінде он жеті режиссер не болады екенбіз. Не пайда, уақыт та өте берген, ой-пікір ақыл-нұсқа айтар басшы да болмаған. Театр өз тарапынан талпынбаған. Рас, кейінгі жылдары Москвадан, Ташкенттен бітіріп келген жастар бар. Олардың да жалпы жиыны төрт-бесеуден аспайды. Талант ұшқыны белгі бергенмен тәжірибесі тараң.
Әлбетте, театрдың тұңғыш негізін қалаушыларға айтылар рахмет те көп. Қанша дегенмен жас өнердің қаз тұруына көп еңбек сіңіргендігін ұмытуға болмайды. Олар өз бойындағы актерлік талантын аяған жоқ. Бірақ осылардың көпшілігінің творчестволық лабораториясына кірсек Абыз, Қарабай, Жантық, Кебек, Қозы, Ақан сері, Еңлік, Баян, Ақтоқтыларды көресіз. Бар талант ұлттық драматургияның шеңберінде қалып қойған. Осының бәрі ізденбеудің, оқымаудың тигізген кесірі.
Республика шеңберінде кезінде киноактер дайындайтын мектеп, театр училищесі болды. Содан алған жемісіміз қайда? Мезгілінде қадағалап отырмағандықтан ол оқу орындарына кездейсоқ адамдар түсіп, ақыры бет — бетіне кетті. Ол былай тұрсын кейінгі жиырма жылдан аса уақыттың ішінде Ленинградтан бір студия, Москва ГИТИС — інен екі студия бітірді. Олардың жалпы саны елуге тақау. Қазір Ленинград студиясынан Хадиша Бөкеева мен Ғайни Хайруллина, Москва студиясының алғашқы 19 — ынан төртеу, соңғы он тоғызынан — төртеу ғана сахнада жүр. Бұлардың бәрі де кезінде академиялық театрды жас кадрлармен толықтыру мақсатымен түгелдей осында келген-ді. Москва ГИТИС-нің алғашқысынан Мантай Сыздықовтан басқа сахна шебері шықпады. Бақсақ, бұл жолы да өнерлі жастарды оқуға тартудан гөрі өнерлі болам деген ниетпен барғандар басым болып, ақырында орта жолда қалғандар қатарынан орын алды. Сол кезде кеткен қателікті елуінші жылдары екінші сапарда еске алуға болатын еді ғой. Бірақ ол да болмады. 1954 жылы Москва ГИТИС-ін он қазақ жастары бітірді. Қазір солардан төрт — ақ адам жүр. Қалғандары түрлі себептермен радио, телевидение, киностудия маңын торып кетті. Көпшілігі өзінің творчестволық дәрменсіздіктерін көрсетті. Бақсақ, олардың көпшілігі ГИТИС-ке дейін басқа оқу орнына түсе алмағандықтан «әйтеуір диплом алсақ болды» деген ниетпен «ескерусіз иесіз мамандық осы екен, оңай жол енді табылды» деп сапар шеккен сабаздар болып шықты. Өнер кадрларын тәрбиелеудегі жауапсыздықтың жемісі осылай шешек атты.
Бізде, бұл саладан талантты танып, тәрбиелеуден гөрі оқып талантты болар деген жаман қағида бар. Қазір орталық қалаларда жүзге тарта өнер саласынан оқып жатқандар бар деп мақтанамыз. Онда да осы жаман қағиданың әсері бары айқын. Белгілі формуланы жаттап инженер немесе педагог болу ықтимал, ал өнер саласында жаттанды жүйелермен халық қатарына қосылу қауіпті. Өйткені ол үйренгенін айтып емес өз бойындағы қасиетімен, сахна өміріндегі тіршілігімен танытады. Таланттың да көрінер, алған білімнің де берілер жолы тек қана сахна арқылы. Жоғарыдағы аталған театрдың арнаулы мектебінен өткендердің сахнаға тұрақтамай пұшайман халге ұшырауы алған білімді берер, көрсетер қабілеттен құр алақандығында. Дәлірек айтсақ өнер ұшқынынан өгей қалғандығында. Станиславскийді жатқа біліп, ұлы актерлардың ойын, жүйесін босқа әңгіме етумен бәрібір өнер иесі бола алмайды. Жаңағы айтқан актерлардың сәтсіз сапары біздің кейбір режиссерларымыздың да бойынан табылып қалғандығын жасыра алмаймыз. Егер сол жастарды кезінде басшы орындар сұрыптап-қадағалап жіберсе, әлгі ГИТИС-тің дипломын қалтаға салып алып енді әр мекеменің есігінен сығалап жүргендердің мұншалықты обалына қалмас едік. Олар сол зая кеткен Мәскеудегі бес жылдың орнына басқа бір мамандықтарға ие болып өндірістің басқа бір салаларында қоғамға да, өзіне де пайдасы тиер тіршіліктің бірінде жүрмес пе еді. Өнер кадрларын орнына пайдалануда да оқыс жайлар кездесіп жүреді. Әрі актерлық та, режиссерлық та қабілеті танылмаған адамдар киностудияға режиссер болып тағайындалады. Арнаулы курсқа да жіберіп алады. Бірақ табиғатында суреткерліктің нышаны жоқ сегіз жыл оқып актер бола алмаған адамды өмір бойы оқытқанмен ешнәрсе шықпайтыны — аксиома. Соны киностудия да, мәдени мекемелер де біле тура арнаулы фильм қоюға бекітті. Ақырында ол киностудияның жүз мыңдаған ақшасын желге ұшырып жіберумен тынды. Сондай-ақ драмалық театрларда режиссер болып жүрген Дүйсебаевтан да кино режиссер шығарамыз деу бос әуре екендігіне кәміл сенеміз. Тым тәуір спектакльдер қойып таланты танылып қалған жас режиссер Ибрагимов басшы орындардың назарынан тыс қалды. Ақырында ол Ташкентке барып еңбек етіп жүр. Театровед Нұрбаев театр концерт ұйымдарының қай саласына болса да пайдалануға мол мүмкіншілігі бар сауатты маман еді. Қазір ол да, ешқандай назар аударған кісі болмағандықтан Алматы облысының бір совхозында лажсыздан зоотехник болып жүр.
Өнер кадрларын дайындауда оларға деген қамқорлық жоқтығы, немесе тәрбиеленер жастардың мүмкіншілігімен санаспай, таңдап-талғамай оқуға жібере салу жеңіл айтқанда көзбояушылықтың бір түрі.
Осындай күйлердің тағы бір мысалына Алматы консерваториясын алайық. Он сегіз жыл өмір сүрген бақандай алты факультеті бар үлкен білім ордасының кәсібі қарын ашырады. Біздіңше бұл оқу орны ең алдымен республиканы музыкалық кадрлармен қамтамасыз ету ғой. Оның ішінде ұлт кадрларын дайындауға баса назар аудару ең негізгі міндеттің бірі болса керек-ті. Өйткені Отанымыздағы жиырмаға тарта консерваторияның басым көпшілігі орталық Россияда болғандықтан біздің консерваторияның міндеті айқын.
Өзінің он сегіз жыл ішіндегі өмірінде бірде-бір скрипач, бірде-бір пианист-концертмейстер қазақ шығара алмапты дегенге кім сенеді. Талантты композиторлары бар қазақ халқынан скрипач пен пианист шықпады дегенге нанасыз ба? Нанбасаңыз да, шындығы солай. Ол өз алдына, жалғыз опера театрына он сегіз жылда вокальдық факультет кімдерді берді екен? Қазіргі опера театрының солистерінің ішінде Жаманова мен Серкебаевтан басқа кімді атай аласыз. Орыс труппасының халі бұдан да нашар екенін кім білмейді. Қырық жылдың ішінде бірде-бір шын мәніндегі білімді опера режиссерін дайындай алмағанымыз ұят та болса мойындайтын шындық емес пе? Солистерді былай қойғанда опера театрының хор коллективінің құрамын қараңызшы. Сонда біздің консерваторияның вокальный факультеті мен кафедрасы не бітіріп отыр екен деген сұрақ туады. Осы да мемлекеттік көзқарас, осы да өнерге деген қамқорлық па екен? Осы хәлді мәдени мекеменің басшылары біле ме? Әлбетте біледі. Баяғы бойкүйездік, жауырды жаба тоқуға жаны үйреніп кеткендіктен әйтеуір бір нәрсесі болар деген көмескі үмітті талшық етумен келе жатыр. Осындай селсоқ жауапсыздықтың азабын тарту жететін шығар. Енді емін іздеу керек тәрізді.
Мемлекеттік хор капелласының құрылғанына біраз жылдар болды. Біздің консерваторияның көптеген «түлектерінің» төбесін сонда көресіз. Әдейі жинағандай қырықты әлдеқашан қырқа басқан кексе келіншектер мен елуді еңсерген егде бәйбішелердің неше түрлі нұсқаларын сол капелладан көресіз. Олардың дауыстарының шағындығын былай қойғанда, жасыратыны жоқ, шіркін-ай, көрік деген де керек екен ғой деп саныңды соғасың. Өзі тарлан асқан жарғақ үнге қанша көзіңді төңкеріп құбылтқанмен жарасты жан бере алар ма. Қазақ халқы қырықтан аса ғана әнге бейімделеді екен деген қалжың барын да ескерткіміз келеді. Басқа елдер түгіл өзіміздегі жұрттың көбісі сол капеллаға бармайды. Сондай-ақ мемлекеттік ән-би ансамблінің де халінің мүшкілдігі мәлім. Баяғы Алатаудың етегіндегі қыз қуу мен жаяу көкпары әбден діңкеге тиіп-ақ болды.
Жеке-жеке концерт ұйымдарын басқарушыларды даярлауда да талғамсыздық басым. Тіліне түсінеді деген бір екі-үш адамды шахматтың фигурасындай алма-кезек ауыстырып соған мәз болып жүре береміз. Кейде кездейсоқ адамдар килігіп өкіметті де, коллективті де қырғын шығынға ұшыратып кетіп жатады. Әрине қырағылық, жауапкершілік осал жерде алаяқтардың болуы ықтимал ғой.
Асылында өнер кадрларын дайындау соншалықты қиын ба? Өнерлі жасты тауып алса қиын болмаса керек-ті. Біздің театрдың алғашқы топтарын құрған адамдар да көпшілік өз ынтасымен жиналған халық қадіріне бөленіп еді ғой. Біздіңше ұқыптылық жүрген жерде, мемлекет алдындағы міндетті ұғынған жерде, партия, халық алдындағы борышты іштей түсінген жерде ол онша күш түсірмесе керек. Оған мысалға біздің хореографиялық кадрларымыздың өсу дәрежесін алыңыз. Өнеріміздің басқа салаларының төркіні халық творчествосында азды-көпті болса, хореография мүлдем жоқ еді ғой. Жанашыр көзқарас, аса мейірбан қамқорлықпен көп еңбек сіңірген Селезневті алайық. Балетмейстер Әбиров, солистер — Көшербаева, Райбаев, Аюханов, Жанғозина, тағы басқа толып жатқан талантты жастар бүгінгі мақтанышымыз, жас өнеріміздің шешек атқан көрікті гүлі, сахнамыздың сәні болып жүрген жоқ па? Егер әрбір педагог, әрбір басшы кадр тәрбиелеуде осындай ынтада болса, біз бүгінгі көріністерге куә болмас едік. Ұлы орыс халқының хореографиялық мәдениетін ұлттық өнеріміздің топырағына егіп, ғажайып өнімдер қауым тәрбиелеп, кеткен адал ұл, шын бауырлас өнерлі еңбеккер, ардагер Селезневке хореографиялық мектептің алдына ескерткіш орнатып, музыкалық мектептердің бірін соның есімімен атасақ қандай жақсы болар еді. Отанымыздың басына зор қауіп төніп фашистермен шайқас кезеңінде өнер келешегіне, ұлы жеңіске берік сенген
Азамат көптеген жетім сәбилерді өз баласындай тәрбиелеп, өнер бақшасына шығарып салды. Мұндай әкені, мұндай мейірбан азаматты ешкім ұмыта алар ма.
Халық ішінде таланттар аз ба? Анда-санда болатын көркемөнер байқауларына мыңдаған жастар келеді. Тал шыбықтай бұралған бишілер, тамсандырған әншілер, тамылжыған күйшілерді көресің. Жюри мүшелері тыңдағанда, «япырай, ғажап екен»,-деп отырады. Бірінші дәрежелі дипломға қол қояды. Сонымен шаруа бітті. Қайыр — қош айтысып қала береді. Республикалық байқаулардың мақсаты сол ғана ма? Біздің қатарымыз халық таланттарымен толмағанда кіммен толады. Солардан таңдап алса, бір жылдағы байқаудан консерваторияның бар факультетін толтыруға болар еді. Олардың орнына астанадағы «пәленшекеңнің баласы, түгеншекенің қыздары» өнерге байланысты оқу орындарына түсіп жатады. Сөйтіп бес жылдан кейін композитордың орнына сырнайшы, әншінің орнына тыңдаушы ғана болып творчестволық жарым жандар шығады.
Тәрбие талғаудан қағажу келе жатқан саланың бір киноактерлер мәселесі. Біздің киноға талай «героинялар» келді деп сүйсіне қарап мол келешегінен үміт күттік. Бірақ солар бірлі-жарым фильмнен кейін хат — хабарсыз кетеді. Өзінің тым тәуір қабілетін көрсеткен Назарова («Дала қызы»), Оразбаева («Біз Жетісуданбыз») тағы басқа актрисалардың киноның тұрақты кадры болуға таланты жететін еді. Не пайда, киностудия маңында кейбір қолайсыз жәйттер оларды өнер жолынан кетуге мәжбүр етті.
Актерды бейіміне қарай, ішкі дүниесіндегі жан — күйлерін аша пайдаланбау өнер иесінің бойындағы бар ұшқынды сөндіріп кетуі де ғажап емес. Өйткені таланттың көбі тым нәзік сырлы келеді. Оны абайлап, үлкен іждаһатпен мәпелеп өсіру шарт. Қарым-қатынас көзқарастардағы ауа райының таза болуы, жас таланттардың өнерге деген құмарлығын арттыра түсетіндігі даусыз. Жас актриса Мұхамедиярованы біз екі-үш фильмде байқадық. Осы жастан психологиялық толғаныс, жан сырын танытарлық талант екенін көреміз. Әлбетте, кино өнеріне көбінесе сыртқы көрік те ұтымды болады. Бірақ образ жасауда актердың ішкі дүниесі оның түйсік-түсінігі ең қажет, уақытылы орнында пайдаланатын қазына екендігін ұмытпау керек. Өйткені талантты сақтай, өз орнына пайдалана білу өнер игілігіне де, өнер иесінің келешегіне де зор маңызы бар дүние. Сондай-ақ Серкебаевты да тек қана ән салдыру үшін әр фильмге сүйрей берудің қаншалықты мұқтаждықтан туғаны белгісіз. Егер одан кино шығарманың кейіпкерін іздесек, мүмкіншілігіне сай көркем образға пайдалану абзал емес пе? Нашар фильмдерді Серкебаевтың әнімен алып шығам деп тырмысу онша ақылдылықтан тумаған тәсіл. Серкебаевты нашар кинодан тыңдағаннан гөрі театр сахнасынан тыңдаған әлдеқайда уытты, ұтымды екенін кім түсінбейді. Чехов бір кезде «Махаббатта алдауға болады, медицинада алдауға болады, бірақ, көркемөнерде ешкімді алдай алмайсың» деген екен. Сондай-ақ актердың атағына, даусына, көркіне иек артып талғампаз қауымның сын назарынан таса қала қою қиын.
Кино актерлардың жетіспеуінен театр мен киностудия арасында «бас саудалары» берік орнағанына көп уақыт болды. Анда-санда майда жанжалдар да болып жатады. Өйткені киноға актерды көбіне театрдан алады. Әрине ол заңды да. Бірақ әр фильм сайын танымалы адамдардың кескінін көре беру де ындыныңды құртады. Ол бір жаңа образ жасап жатса бір сәрі, бірде мұрт жапсырып, бірде ұрт жапсырып қайта-қайта көріне беру актерге оңай болғанмен көрушінің қынжылатынын ескерген жөн. Кейде театр маусымының уақытында жетекші актерлардың киноға кетіп қалуы коллективтің творчестволық атмосферасына кесірін тигізіп жатады. Өйткені жас кадрдан өзі еңсесін зорға көтеріп отырған театрға киностудия құда түсіп бір-екеуін алып кетсе болды бар спектакльдер тоқтап қалғаны.
Кадрдың жетіспеуінен өнердің бір саласының екіншісіне қырсығы тиіп жататын жайлары да бар.
Кейінгі жылдары аса бір жан-жақты өскен өнердің бірі — бейнелеу өнері еді.Мәдениетіміздің нәрлі бір тобы осы салада. Жалпы саны 138 адамнан құралатын Суретшілер одағының дені талантты жастар. Бірақ осы жас, соны өнерді баспа беттерінде уағыздау, олардың еңбектеріне маман көзбен баға беру жағы мүлдем ақсап жатыр. Ғылым академиясының әдебиет және көркемөнер институтының бұл салаға бас-көз болатын мамандары тым енжар. Білмей ме, білсе де айтқысы келмей ме, әйтеуір қолайсыз, көңілсіз жай сезіледі. Мұның өзі Суретшілер одағының маңында майда, нәрсіз әңгіме, келеңсіз өсек — аяңның туа беруіне жағдай туғызып отыр ма дейсіз. Соның да салқыны болу керек қазір суретшілеріміздің творчестволық белсенділігі бәсеңсіп қалған. Оған 1961 жылғы еңбектерінің көрмесі толық дәлел бола алады. Мұнда тақырып шеңберінің тарлығы, бір қозғаған тақырыбын айнала шиырға айналдыра беру, көпшілігі өткен тарихи этнографиялық күйлерге бой алдыра беру жағының басымдығы айқын аңғарылды.
Бажайлап айта берсек, өнер саласындағы олқылықтaр мүлде көп. Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрінің де, симфониялық оркестрінің де өз мұңы өздеріне жетерлік. Кадр мәселесінен астанадағы мәдени ордаларымыздың халі былай болғанда облыстағы театрлар мен концерт орындарының халі бұдан да мүшкіл екені айтпасақ та түсінікті. Облыстық театрлардың көпшілігі «герой», «героиня» сияқты амплуалардан жұрдай. Жас қыздар мен жас жігіттердің ролін көбіне егде тартқан ересек артистер ойнайды. Мұндай күйде қандай сахналық сезім шындығы, көрушілерде қаншалықты сенім болатыны белгілі. Ең аржағы біздің академиялық драма театрында жоғарыда аталған амплуаларда жастардың жоқтығынан Қозы мен Баяндарды отыздан асып, қырықты қусырғандар ойнап жүргенін күнде көріп жүрміз. Әйтеуір көз үйренгесін сенген боласың.
Бізде бір-екі спектакльде көрінсе-ақ болды «Ойбай, талант екен» деп теңге-танамызды ала жүгіретініміз бар. Оған атақ та керек, айдар да керек деп жар саламыз. Еңбегінің қораштығына қарамай творчестволық егделік, жасанды байсалдылықты жамылғы етіп жүретіндер де жоқ емес. Тарыдай дүниені таудай, танадай ісін ағыл-тегіл төгіп тастадым деп тоқмейілсу, жасына жетпей қираттым деп қайраткерлікке құмартып жүретіндер де бар. «Аванс» деп атақ беріп, қошеметтеп қол қысқандарымыздың талайы қарызын өтемей бара жатқандарын көріп жүрміз. Ондайлар әрине үлкен суреткерліктен гөрі әшекейлі әрсіз тайбәйгіліктей ғана таланттың иелері.
Сондықтан атақ-дәреже берердегі жөнсіз мырзалық өнер құнын тым арзандатып жіберетін абырой бермес қылық.
Біз жоғарыда академиялық драма театрында көптеген белгілі шеберлердің орыс сахнасынан келгенін, олардың зор еңбегін әсіресе ұлы орыс халқының театр өнерінің реалистік дәстүрін жас өнерімізге өзек етіп тартқанын айттық. Әлбетте бұл үлкен олжа. Бірақ өкініші де мол. Ол өкініш — сол асқан шеберлердің бірде-бірін күні бүгінге дейін ұстап қала алмағандығымызда. Өйткені біз сол шеберлердің еңбегін бағалап үйренудің орнына көбісін өсек-аяңның құрбаны етуіміз өкінішті-ақ. Бұл да сауатсыздықтың, әрі барса өнер маңындағы кейбір надандықтың белгісі.
Бір кездері бүгінгі совет театрының көрнекті қайраткері Лениндік сыйлықтың лауреаты Г. Товстоногов те біздің театрда болған-ды. Оны да шошытқан театр маңындағы қолайсыз қылықтар еді. Театрымызға көп еңбек сіңірген зор білімдар әйгілі шеберлердің сыйыспай кетуін де өз күнәмыз деп ұққан жөн.
Не пайда, талай пайдаланбаған кезеңдер өтті. Айта берсе өкініш те мол. Сәтті кезеңдері өтіп кеткен уақыттар да аз емес. Біз бұл мақаламызда тек сырттай топшылағандарымызды ғана баяндадық. Әрбір творчестволық коллективтің өз организмінде толып жатқан ақау, орны ойсырап тұрған кемшілікті әлдеқашан аластайтын аурулар толып жатыр. Творчестволық тұтастықты нығайтатын профессионалдық дәрежесін көтеретін өз бетінше іздену, саяси-әлеуметтік сауатын ашу, совет көркемөнерінің маркстік-лениндік эстетиканың жүйелерін тану деген творчестволық коллективтердің кәсібіне, рухани азығына айналмай келеді. Соның салдарынан сауатсыздық басым.
Біздің Қазақстан көп ұлтты республика. Қазір орыстың оннан аса, корейдің бір, ұйғырдың бір профессионалды театрлары жұмыс істейді. Отыз жеті халық театры және бар. Орыс, қазақ, украин, ұйғыр, корей, неміс тілдерінде республика көлемінде жиырма жеті мың көркемөнер үйірмелері бар. Біздің бұл саладағы тәрбиелеуші, халықтың эстетикалық талғам-талабына жауап беретін армиямыздың тобы да аз емес екен. Бірақ осылардың бәріне де маман басшы, сауатты жетекші керек. Осыған орай Қазақстанда театр өнері институтын ашатын уақыт әлдеқашан жеткен сияқты. Жаңағы жоғарыда аталған халықтардың барлық тілінде кадр даярлауға болады. Өмір қазір осыны талап етеді.
Көркемөнердің табысы мен кемісін, өткен жолы мен барар бағдарын анықтап, пікір алысып, тіптен теориялық мәселелер қозғап отыратын Мәдениет министрлігінің арнаулы органы болса қандай ғанибет. Осы «Театр өмірі», «Оқушының досы», «Кино апталығы» деген сияқты майда газеттерге талан-тараж болып жатқаннан гөрі, бар күшті топтап бір байсалды газет шығарса көп жағдайда көмегі тиер еді-ау.
Бүгінгі өнеріміздің жағдайы туралы айтылар сөз де, алысар пікір де көп. Әзірше тек қана ойсырап жатқан жайлардың шет-жағасын көріп айтып отырмыз. Жеңімпаз халқымыз, ұлы лениндік ұлт саясатының мүддесі, Коммунистік партияның қойып отырған үлкен талабы біздің әрқайсымыздан өз тіршілігіміздің қазіргі қалпымен келешегіне мұқият қарауды міндет етіп артып отыр. Бұл келешек алдындағы, келер ұрпақ алдындағы жауап берер зор міндет.
1962
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі