Үлкен өнерде өзіндік үн, өзіндік кескін-кейіпті иелену қиынның-қиыны. Бұл өзі жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар деген рас болса, ілеудің бірінде ғана кездесері хақ. Шығармаларының санымен емес, әсіресе сапасымен қалың оқушының көзіне көп ілініп, жүрегінде ұялап бүгіндері елуге келіп отырған, коммунист жазушы Т. Ахтанов, менің ойымда осындай бірегей есімдерден саналады.
Қоспасыз таза өнердің қауым мен қоғамға айтары көп. Оны әркім өз ой-өрісінен, өз білім деңгейінен келіп әрқилы ұғуы мүмкін. Алар нәрін, ұғар сөзін былай қойғанда көз алдыңа келетін көрініс-суреткер де қилы-қилы болмақ.
Мен өз басым Тахауи Ахтанов шығармасын оқығанда, не ол туралы ойлағанда көз алдыма ылғи дала келеді. Мейлі ол қиырдағы белорус орманын жазсын, мейлі Сиваштың аяқ алдырмас ақсор батпағын суреттесін, мейлі Үнді ғимараттарына таңдай қағып тамсансын, бәрібір менің көз алдымда боз селеуі жайқалған құба жон тұрады. Ахтанов кітаптарына үңілсем болды, сол бір сағым ойнаған даланың бір қырына шыға кеп самалына кеудемді тосқандай, төбемде көк түлегі қыран ұшып жүргендей, сонау жылдармен тағдыр-сіңісті таныс жандар жан-жағымнан қаумалап қоршап ап, қоңырлата сыр шерткендей күйге енем.
Ауық-ауық, күнде көріп жүрген үйреншікті өмірден бір сәт алшақтап, жаныңның әлдебір құз тереңіне орнығып ап, оқтын-оқтын ойға түсетін өткен күндерде, көптен кезікпеген, көбі тіпті қазір жер бетінде жоқ таныс жандарды, таныс мінез, таныс қылықтарды аңсағанда, не кісі өз ой, өз қиялына өзі тұншығып көкірек босатар сырлас іздегенде, кітаптарына қол созатын жазушыларымның бірі — Ахтанов.
Мен мұндай қасиетті тек шын мәніндегі кемел талант, кесек суреткерлерге ғана тән, сирек мінез деп білем. Әйтпесе оқығанда сілеусіз жайлауындағы қалың інді-кештерге кезіккендей әр үтіріне бір сүрініп, тыныс белгісіне жеткенше жөке шайнағандай жүйкелетіп кететін жинақтар да баршылық қой қазір. Қайсыбір жазушыны оқығанда өзіңді ұмытып, өнерге елтіп-елігудің орнына қолыңа кітап емес, кірпіш ұстап отырғандай зерігіп кететін тұстар да аз емес. Ал енді кейбір әріптестеріңнің роман-повестеріндегі сеңдей соғылысқан аты қазақша, заты беймәлім апайлардың, ағайлардың, інілердің, қарындастардың арасына түскенде тіліне түсінбейтін үрдіс-үлгісін білмейтін бөтен қаланың бесін базарынан шыққандай пұшайман боп сенделіп қап жүрген жеріміз де жетерлік. Оның бәрі, небәрі отыз ауыз сөз біліп, отыз баспа табақ роман жазатын дүмше таланттардың, не әp тақырыптың, әр жанрдың шылауынан бір қармап, әр сағызды бір шайнап жүретін, көк езу көбік ойлы жазғыштардың ісі.
Сөз демекші, қайран қазақтың тартылған садақтай, үп еткен желге үн қосатын сұңғыла сөздің кейінгі кездері біржола болмағанмен біраз тепкіге салғанымызды, осы тұста таратып айтпасақ та еске сала кеткенді жөн ғой деп білемін. Өнердің қайсысы болмасын әсіресе, «тағына жетіп қайырған» сөз өнері, бүргені тағалаған зергердің еңбекқорлығын сүйеді. Осыдан барып өлермендікті — өнерді қорлау деп пікір түйген дұрыс сияқты. Өнерді партияға, қоғам мен халыққа қызмет ететін құдірет деп танымай күн көрістің құралына айналдырғандарды ойласаң осы ойдың растығына көз жетеді.
Ал, Ахтанов әдебиетте өзіндік бетін ашқан, өз тақырыбын, өз машығын тапқан жазушы. Өйткені ол әдебиетке даңғаза дау-дамайды малданыс, тұқшаң-тұқшаң қағаз шимайлап, мал табуды мақсат тұтып келген. жоқ. Ол әдебиетке қан-қасіреті мол, соғыстың сыз окоптарынан келді. Өлімнің сұсты бетін көріп, өмірдің қат-қабат мәнін түсініп келді. Ахтанов қазір жер басып жүргендер түгілі, келешек ұрпақтар да қастер тұтатын, етігімен су кешкен, кеудесін оқ тескен қаһарман майдангер ұрпақтың өкілі. Ол әдебиетке өз буыны бастан кешкен бай рухани тәжірибені ала келді. Мүмкін сондықтан да ол шыншыл, сондықтан да ол сыршыл шығар.
Өлім мен өмірдің екі ұдай таласын өз көзімен көріп, өз басынан өткендердің туа біткен таланты болса, шыншыл болмасқа жайы жоқ. Небір ұлы арпалыстарды, шендескен шындықтарды жүрек елегінен өткізгендердің сыршыл болмасқа әлі жоқ. Әдебиеттегі жаңашылдық адам болмысын бұрынғыдан гөрі тереңірек түсінуге көмектесетін жаңа сыр. Арғы жағында ондай жаңа. сыр, жаңа шындық жатпаған жаңашылдық оқырманның жан дүниесін байытар жаңа қазына емес, жай әшейін көз алдар алабажақ, көңіл алдарқатар көп өтіріктің бірі. Ал Ахтанов прозашының, Ахтанов драматургтің жаңашылдығы адамды неғұрлым тереңірек түсінуге, молырақ құрметтеуге үйретуді мақсат тұтқан жаңашылдық. Өнердің адамға тигізе алар жалғыз шарапаты — өзін-өзі жақсырақ түсінуге, адамдық болмысты, адамдық талан-талайды, адамдық парызды жітірек түсінуге. көмектесе алатыны, сол арқылы оны ізгілікке, өзге өзі тектестерге деген мейірбандық пен сүйіспеншілікті шақыра алатындығы.
Ахтанов-жауынгерді Ахтанов-жазушы еткен де өнердің осындай өктем мінезі. Оның алғаш рет баспасөз бетін көрген әңгімесі «Күй аңызын» оқығанда, қазақ оқушысы өздері бағзыдан білетін ескі аңызды жаңа заманның суреткері боп қорыту үстінде, жаңа қырын тауып алған Ахтанов жаңашылдығына қайран қалған болатын. Бағы заманнан бері өнеріне таң қалып аты аңызға айналған күйшінің бойынан ешкім мін, кемшін іздеп көрмеген-ді. Ахтанов әңгімесінде сондай елден ерек өнерпазға емес, өз қатарына, өз қалауына қосылсам деген арманы үшін қиылып, қиналған қарапайым қыздың қайсарлығын жырлайды.
Дүниеде адам өмірінен қымбат, адам арынан киелі ештеңе жоғына көзі әбден жеткен жауынгер жазушы жұмыр басты пендені кіріптарлыққа мәжбүр ететін қиянаттың қандай түрін болса да ашына әшкерелейді. Қандай сұңғыла шешен болсын, қандай саңлақ талант болсын, қандай атағы асқан әкім болсын: өз басыңдағы өткірлікті, өнерді, билікті өзгелерді жер қылу жолында пайдаланса — адамгершілік алдында одан үлкен қиянат, одан асқан кесапаттық болмаса керек.
Ахтанов жазған «Күй аңызы» осыны аңғартты. Жазушының тұсаукесер әңгімесінің өзінде барша болмысымен көрінген рухани максимализм пафосы, кейін оның бүкіл творчествосының барған сайын тереңдеп, кемелдене түскен күре тамырына айналды. Ол осы заманғы совет әдебиетінің негізгі сипатына айналған бұл тенденцияның мықтап ірге тебуіне өзгелердің ізін шарлайтын шұлғыма көп шәкірттің бірі ретінде емес, алға түсіп сонарда із кескен батыл барлаушы ретінде көрінді. Оның қазір қалың оқушыға кеңінен белгілі «Қаһарлы күндер» романы тек қазақ, прозасында ғана емес, өткен соғыстың әлеуметтік астарын пакты адам характерлері арқылы ашқан, соғыстың, рухани болмысына батыл бара алған алғашқы шығармалардың бірі болды. «Қаһарлы күндері» жарыққа шыққан кезде, соғыс тақырыбындағы ең бір іргелі шығармалар деп есептелетін К. Симоновтың соғыс туралы кейінгі трилогиясы, В. Быковтың повестері, А. Бектің «Бірнеше күндері» мен «Генерал Панфиловтың резерві», Ю. Бондарев, К. Баклановтың роман-повестерінің көпшілігі әлі оқушы қолына жете қойған жоқ-ты. Сондықтан да Бүкілодақтық оқушы мен шетелдік оқушы қазақ жазушысының алғашқы романын зор ықыласпен қабылдады. «Қаһарлы күндер» совет әдебиетіндегі соғыс шындығы мен жауынгер характерін шынайы суреттеген санаулы-салауатты кітаптардың санатына қосылды.
Адамдарымыздың жан-дүниесіндегі жаңа өзгерістерді барынша дәл, барынша байыпты көрсеткен «Боран» («Дала сыры») романы да бұл тақырыптағы С. Залыгин, Ф. Абрамов романдарынан әлденеше жыл бұрын шықты. Мұның өзі Ахтанов прозашының іздемпаздығымен қоса суреткерлік көрегендігінің кемелдігін, азаматтық ойының тереңдігін, замана тынысы мен замандастардың жан-дүниесіндегі рухани ізденістерге айрықша сезімталдықпен зер салып отыратын жіті зерттеушілік зердесін айқын дәлелдеп бергендей.
Өз шығармаларында әлеуметтік талдау мен психологизм арқауын бірдей ширақ ұстайтын жазушы, дәуір талап етіп отырған өзекті проблемаларға бой ұрғанда, нақты рухани тәжірибеден сол бай рухани тәжірибе көрінетін нақты әлеуметтік психологиялық ая ұлттық характер топырағынан шығып, осы заманғы рухани ізденістер биігіне көтеріледі. Қазіргі әдеби процесте ара-тұра шаң беріп қалып жүрген, өксігі мол өткенді орынсыз қызықтап, ұлттық характер жасағанда жоқты бардай, барды дардай ғып жалаулатып, жалтыратып көрсетуге тырысатын көпірме жасандылық Ахтанов творчествосына атымен жат.
Ахтанов-прозашы күллі адамзаттың көкейіндегі аңсауды ойдың биігіне тек өз халқының көп ғасырлық рухани бай тәжірибесінің топырағынан құлаш созғанда ғана жетуге болады деп түсінеді. Аты аңызға айналған Гомерден бастап, барлық кемел суреткерлер өз творчествосымен даусыз дәлелдеп берген осы бір аксиоманы естен шығарып алып жүрген жерлеріміз де жоқ емес. Ұлттық характердің рухани тәжірибесінің бойынан күллі адамзаттық өреге көтерілетін озық тенденциялар мен озық сипаттарды шұқшия зерттеп барып көрсетудің орнына, ойдан шығарып, қолдан жасай салатын жасандылыққа да аз ұшыраспаймыз.
Тахауи Ахтанов ұлттық характер топырағына әлгіндей зерттеушілік позициядан үңіледі. Ұлттық характер бойынан алдымен рухани ізденісті, рухани ширығуды іздейді. Ол «Қаһарлы күндерінде» бейбіт адамның ел қорғаны — жауынгерге айналу процесін қазақ топырағында күнбе-күн көріп жүретін қарапайым характерді ақ пейіл момын шаруа Қожақ, ибалы да зерделі Ержан, ұялшақ-ізетті Раушандардың жан-дүниесіндегі өзгерістер арқылы ашады.
Ол осы заманғы қоғамдық ой мен қазіргі замандасымыздың жан дүниесіндегі ең бір өрелі құбылыс — азаматтық жауапкершілік проблемасының барынша терең, барынша жан-жақты, барынша нақты көрінетін әлеуметтік-психологиялық ая ретінде еңбексүйгіш, тас арқалатсаң да қыңқ етпейтін төзімді, арнасынан аспайтын сабырлы, ұқыпты шаруа Қоспан тағдырын таңдап алыпты.
Алғашқы кітабы жарық көрген «Шырағың сөнбесін» атты романда соғыс сияқты әлеуметтік алапаттың бигуманистік сипатын ашуда қырда өскен, қылтың-сылтыңды білмейтін, қарапайым қазақ қызы Нәзира характері ұтымды көрініс тапқан.
Жазушы үлкен әлеуметтік проблемаларды кейіпкерлер арасындағы кереғарлықтан емес, көбіне-көп кейіпкер мен кейіпкер тап болған ситуацияның арасындағы кереғарлықтан іздеп, адам мінезінің әлеуметтік құбылыстарға байланысты диалектикалық өзгерістерді логикасы тұрғысынан көрсетеді. Мұның өзі характер шындығының әлеуметтік астарына жіті үңілуге, адам болмысының қоғамдық сипаттарын терең түсінуге қолайлы жағдай жасайды.
Қазіргі қазақ прозасында әлеуметтік мән, рухани пафос, характер шындығының тереңнен табысқан жарасымынан тұратын кемел реализмінің қалыптасып нығаюына, әлеуметтік зерде мен азаматтық үннің күшеюінде Тахауи Ахтанов шығармаларының еңбегі орасан зор.
Ахтановтың қай-қай шығармасы да оқушы көкірегінде — адамдық бақыт, азаматтық мұрат туралы көкейкесті әңгіме боп қонақтай білді. Оқушы көкірегіндегі ондай оңаша өрелі сұхбат, жалпақ қауымның алдындағы жария-мәслихатқа, жаппай толғанысқа өз-өзінен сұранып тұратын болса керек. Тахауи Ахтановтың прозалық шығармаларының кейін театр сахнасына шықпағаны да кемде-кем. Мұның басты себебі Тахауи шығармаларында драмалық қақтығыс коллизиялар басым. Сондықтан да Ахтанов — қазақ прозасының ғана емес, қазақ, драматургиясының да арқауын ширата түскен кезеңдік туындылардың авторы.
Ахтанов-прозашы әлеуметтік мәні зор өрелі тақырыпқа, кесек характерлерге, шынайылыққа, салауатты ойға деген айрықша құштарлығын драмалық шығармаларында да дәл сол қалпында ала келді. Оның қолынан шыққан «Сәуле» қазақ сахнасында замандастарымыздың биік азаматтық тұлғасын бар болмысымен жарқыратып көрсете алған таңдаулы драмалық шығармаларымыздың бірі. «Ант» атты жаңа тарихи драма жазып бітірді. Мен оны тек Ахтанов-драматургтың ғана емес, күллі қазақ драматургиясының жаңа бір келелі шығармасы деп білемін. Мұнда Тахауи Ахтанов кейінгі кезде көп жазылып, аяқ астыланып бара жатқан тарихи тақырыпты әдебиетіміздің бүгінгі жеткен өрелі биігінің тұрғысынан салмақтап, қазіргі күннің әлеуметтік ойының тұрғысынан таразылай алған. Ел басына түскен ауыр күн, халық басына түскен әлеуметтік қиын проблема адам тағдырымен терең тамырласып суреттелген. Соның арқасында алыс ғасырлардың арғы белестерінде болған оқиға жазушының бұған дейінгі творчестволық ізденістерінен қиғаш кетпей, ол көтеріп келе жатқан азаматтық парыз, азаматтық жауапкершілік проблемасының жаңа бір қырын ашқан шығармаға айналған. Халық тағдырын халық болашағын ойлағанда өз басының эгоистік мүдделері мен жеке басының күйкі-күйтін жеңе алмаған қайраткер — қаншама дарынды, қаншама батыл, қаншама шешімді болсын тарихтың, қоғамның алдында әумесер ақикөз авантюриске, халық алдында опасыз сатқын-садуанға айналады. Эгоизм — ел тағдырын ойлаған азаматтық жауапкершілікпен ешқашан жарасым тапқан емес. Ал, адамгершілік ар үшін халық тағдырын, халық мүддесін малданып істелген қиянаттан артық ауыр қылмыс болмақшы емес. Ахтанов шығармасындағы Әбілқайыр мен Барақ сұлтан арасындағы тартыс осындай өрелі, әлеуметтік проблема төңірегінде өрбиді. Ол бүгінгі таңдағы ынтымақ-мұраты жарасқан халықтарымыз арасындағы кемел достықтың ең бір терең тамырларын тауып көрсетіп, мұндай ынтымақ, мұндай достықтың тарихи заңдылықтан туған объективті сипатын дәйекті де дәлелді ашып бере алған.
Тахауи Ахтанов — іздемпаз суреткер. Ол өз творчествосында ұлттық әдебиеттің қол жеткен табыстарын одақтық әдеби тәжірибенің жетістіктерімен ұтымды ұштастыра біледі. Оның қай шығармасынан да көркемдік шешімі өзінен бұрынғының ізін шиырлап кетпейді. Алғашқы әңгімелерінде дала самалындай еркіндікке, мейлінше қарапайым, мейлінше табиғи композициялық шешімдер мен нәзік ньюанстар драматургиясында құштарлығымен көзге түскен Ахтанов «Боранда» композициялық жинақылық пен серпінділікке өткір де, драмалық шендестірулерге бой ұрды. Ал «Шырағың сөнбесінде» автор өз тағдырын, өз парасатының елегінен өткізген кейіпкердің, өмірдің әралуан сәтін еске алғанда, әралуан тебіренетін сезім бұлқынысын сол қалпында мөлдіретіп жеткізетін табиғи интонация мен етек-жеңі дарқан, бірақ бос белбеу емес, қарапайым композициялық шешімге жүгініпті. Жазушы қандай көркемдік шешім қабылдасын, өзіне етене уытты азаматтық ойы мен жіткір де сезімтал зерттеушілік пафостан бір елі алшақтамайды.
Өз творчествосына осындай қатал талаппен қарайтын жазушы, өз қаламдастарының шығармаларына да мейлінше талғампаз. Тек өз жазу столының тар аумағымен ғана шектелмей, күллі әдебиетіміздің мүддесіне де әрдайым тебіреніп отыратын Ахтанов әдеби сыннан бір сәт қол үзіп көрген емес, Азулы сыншыларымыздың санатындағы Ахтановтың әдебиеттің партиялық принципі мен идеялық көркемдік критерийлеріне мейілінше адал талғампаздығы өзге өзі тектестердің творчестволық табысына шын пейілімен қуана алатын дарқандықпен ұштасып жатады. Туған әдебиетіміздің көркемдік бітіміндегі Әуезов, Майлин, Мүсрепов, Мұстафин сынды шеберлеріміздің іргелі орны мен жемісті өнегесін, үлгісін анықтауда, қатарымызға жылма-жыл қосылып жататын ондаған шын мәніндегі талантты жастардың жақсы болашағын тап басып айқындауда Ахтанов-сыншының дәл де дәлелді байыптаулары — қазақ әдеби сынының парқы мен парасатын асыра түсетін еңселі еңбектер. Оның ағалар жайлы айтқаны мәймөңкеліктен, інілер жайында айтқаны беталды сәуегей батагөйліктен алшақ жатады.
Егер Ахтанов елуге кешегі қалың қара бұйра шашын түгелге дерлік қырауға шалдырып шығып отырса, соның көбін тынымсыз ізденіс, өз творчествосына деген қатаң жауапкершілікпен қоса әдебиетіміздің беделі мен мерейі жолындағы қалтқысыз күресте ағартты деп білгеніміз жөн. Ол туған әдебиетіміздің бүкіл одақтық, халықаралық беделінің нығаюына өз творчествосымен ғана үлес қосып қоймай, жазушы қатарының тазалығы, шығарма санатының саралығы. Оқушыларымыздың биік талғампаздығы жолындағы қажырлы күресімен де белсене атсалысып келеді. Ондай өрелі, күрескер азаматтық рухсыз өнердің де көсегесі көгере қоймайтыны кімге болса да аян.
Мен Ахтанов жайлы ойланған сайын 1961 жылдың жазы есіме түседі. Аяулы Мұхаң Москвада ауыр операция алдында көңілін сұрай барғандарға қаламдас достары мен інілерінің жайын көбірек айтып, көбірек толғап отырып еді. Сонда ұлы жазушының аузына ең көп түскен есімнің бірі Тахауи болды. Оның ажал алдында артындағы қауымға айтар аманатын Тахауи Ахтановқа жолдағаны да тегін болмаса керек. Ол Ахтанов бойындағы суреткерлік елгезектікке, уытты да өжет азаматтық ойға, рухани қайсарлыққа қатты сүйсініп, жазушы болашағынан үлкен үміт күткен еді.
Тахауи әрдайым сол үміт, сол дәмеден шығып келеді. Кемел жасындағы жарқын таланттың туған әдебиетіміздің мерейін көтерер келелі еңбегінің көбі әлі алда деп білеміз.
1973
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі