Өлең, жыр, ақындар

Ой салар орынды көрініс

Қазақстан кино өнерінің кейінгі жылдардағы жұртшылық назарына ұсынған еңбектеріне зер салсақ өміріміздің әртүрлі саласын қозғап, тарихи жайлар, бүгінгі өмір көріністерінен елес берер шығармалардың саны жылдан-жылға ұлғайып келе жатқандығын көреміз. Әл-бетте олардың идеялық бағыты айқын дұрыс болғанмен көркемдік шешімдеріндегі кемшіліктер басым болып келгендігін жасыруға тағы болмайды. Сан жағынан мол болғанмен сапа жағының сұйықтығы көзге көбірек шалынып баспасөз беттерінде де, жеке творчестволық, таптар ортасындағы мәслихаттарда да жиі сөз болып жүр. Өнеріміздің қай саласы болмасын тартар таразы, талап етер салмақ белгілі — ол коммунизм құру жолындағы ұлы халқымыздың рухани жан азығына нәр беру, бүгінгі күннің жетістігін паш етіп, кемшін қалып жатқан жерін жасырмай айтып ертеңгі ұлы болашаққа мегзеу, озат адамдарымызды үлгі нұсқа етіп ұғыну, жат әдеттен жирендіру. Олай болса жұртшылыққа ұсынылған әрбір шығарма несімен жұртты қуандырады, қай жағы қынжылдырып жатыр, алар үлгі, ұғар насихат неде? — деген өлшеммен жуырда ғана республика және облыс орталықтарындағы кинотеатрларда жүре бастаған «Егер біздің әрқайсымыз» атты кинокартинаға зер салып көрейік.

Айта кететін бір жәйт, бұл кинокартина өзге шығармалардан гөрі қызылордалықтарға ыстық, әрі жақын көрінеді. Өйткені сценарийдың авторлары белгілі жазушы Асқар Тоқмағамбетов пен қазақ кино өнерінің талантты өкілінің бірі Сұлтан Қожықов, экранға шығарушы режиссер да Сұлтан Қожықов. Екінші, шығармадағы оқиғаның барлығы осы Қызылорда маңында өтіп жатады. Оның үстіне мал шаруашылығының бар саласында Қызылорда облысы республика көлемінде ерекше орын алады. Демек мұның сахнадағы көрініс қалпынан қорытынды жасасақ, Қызылорданың малшыларының өмірі туралы екен деп түсінуге де тура келеді. Әлбетте, көркемөнердің шығармасы ешуақытта бір географиялық шеңберде болмайтыны белгілі жәйт. Біздің айтып отырғанымыз осы тақырыптан туатын өмірлік өзектің Қызылорда малшыларының да тіршіліктеріне тән құбылыс екендігінде ғана.

Сұлтан Қожықов қазақ киноөнерінде талантты, ойлы суреткер қатарында танылған, көрушілерге көптен таныс «Біз Жетісуданбыз» атты тарихи-революциялық, тақырыпқа арналған картинаны экранға шығарған болатын. Орталық, баспасөз беттерінде қазақ кино өнерін сарапқа сала келгенде «Біз Жетісуданбыз» кейінгі жылдардағы зор табыстың бірі болып саналған еді. Онда да суреткер тек оқиға жетегіне кетпей әрбір кейіпкерінің алдына философиялық проблемалар қойған-ды. Асылында Сұлтан Қожықовтың суреткерлік өміріне тән бір жәйді еске салған жөн. Өзгеден оқшау көрсететін де осы ерекшелігі. Қожықов кейіпкерлері еш уақытта өмірдің жаппай ағысының селқос куәсі ғана бола алмайды. Әр кейіпкердің алдында, мен не үшін өмір.сүріп жүрмін? Менің халыққа, қоғамға не пайдам тиді? Өмірдегі орным қайсы еді? Бұдан былай қолымнан не келмек? — деген үлкен сұрақтар тұрады да, оқиға ішіндегі адамдар соған жауап іздеп жүргендей көрінеді. Әрине мен негізгі кейіпкерлер жайлы айтып отырмын. Өйткені суреткердің ой-өзегі бірнеше басты кейіпкерлер маңына топталады да, қосалқы кейіпкерлер сол негізгі ойды шешуге көмекші ғана қалпында жүріп отырады ғой.

Былай қарағанда малшы өмірі қызығарлығы аз, өмірдің күнделікті қызығынан аулақ, қу медиен дала, тылсым табиғаттың сырласы ғана сияқты. Олар күнделікті жаңалықтардан да құралақан, өздерін үлкен өмірден оқшау санайды. Сондықтан бұлардың өмірі қиындығы мол, рақаты да қымбатқа түсетіндігі мәлім. Қазіргі жағдайда үкімет пен партия мал шаруашылығын өркендетуге ерекше назар аударып отыр. Жасыратыны жоқ кей жерде малшылар өмірінің қазіргі қалпы, шаруашылықтың басқа саласындағы қамқорлықтай, қажет дүниемен қамтамасыз етілу жағынан әлдеқайда алыс жатыр. Фильм жасаушылардың негізгі табысы сол ащы шындықты аямай ашып, оны үлкен өмірдің фонында көрсетуінде. Осындай кемшілік бары рас дейді авторлар. Бірақ бұдан құтылу қиын емес, өйткені геологтардың істеп жатқан жұмысы анау, химия өндірісінің дамуы мынау, жер серіктері мен космос кеңістігін зерттеген заманда Қызылқұмды игеру сөз болып па дейді. Табыстың басым, таразысын үлкен келешекті айта отырып, «әттеген-ай» осы бар-ау әлі деп бас шайқайды. Фильмді көріп шыққаннан кейін осы ой әркімде де болатындығында дау жоқ.

Шығарманың бас кейіпкері Серкебайдың алдына қойған мақсаты не еді? Серкебай әлдеқашан «мендік» мүддеден қол үзіп, «біздікке» көшкен, оның алған басты арман ағысы, артына із тастап кету, бір жаңалық айту. Бұл арман құшағындағы адам, соны орындау жолында ол табиғаттың сараңдығымен күреседі. Ол өзінің отардағы жан-жағын қоршаған адамнан өз бетін қайтарар тең таппайды. Тең табуы да мүмкін емес, өйткені оның айтып отырғаны бүкіл адам баласының арманы, оның арманы тек қана өзі шұғылданып жүрген шаруашылықтың жетістігінде емес, әрі барса бейбітшілік үшін күреспен астасып жатыр. Әркім өз шамасы келетін істен сәл артық еңбек етсе, дүние жүзінде мамырсана бейбітшілік орнап, «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман баяғыда болар еді.Міне, табиғатпен ғана сырласып, соның тылсым күшімен алысып жүрген қарапайым совет адамының арманының ағысы осы. Серкебай қарт жетпістен асқан, бірақ ол әрқайсысымызбен замандас. Серкебай арманы бәрімізге ортақ арман, ойландыратын арман. Режиссердің осы бір философиялық ой-өрнегі там-тымдап ашылады. Әр сәт, кезеңдерінде көп түйіндер тастап отырады. Серкебай тек қана өз тіршілігінің, өз арманының ғана ізінде жүрген адам емес, ол бүкіл адам баласы аңсаған арманның туын көтереді. Сондықтан да Серкебай философиялық дәрежедегі кесек бейне, поэзиялық сазға толы шын мәніндегі көркемөнер туындысы. Авторлардың бір жүйе табысы осында деп ұқсақ керек-ті.

Жасыратыны жоқ, осындай ойға құрылған, бүкіл адамға тән проблема қоятын шығармалар бізде сирек кездеседі. Тек қарапайым адамның арманын бүкіл адамдық мүддеге ұштастыру асқан шеберлік тілейді. Шын мәнінде бұл шығармада қиян-кескі оқиға тартысы жоқ, қызықты қақтығыстар да тапшы. Мұнда ең қасиетті нәрсе адамның жан дүниесін жайып салу, сырттай эффектіден аулақ, майда оқиға қуалау да бұған жат. Ал енді шығарманың негізгі өмірлік жер үстілік жүйесіне келсек бір шопанның қойдан бір жылда екі қайтара қозы алу проблемасы. Осыдан келіп Қызылқұмды мал жайылымына айналдыру мәселесі туады. Бүгінгі күннің мал шаруашылығына келелі істің бірі деген осы емес пе. Бұл тек Қызылорда облысына тән сипат емес. Мал шаруашылығымен айналысқан барлық жерге тән сипат. Табыс оңайлықпен келмейді, дейді фильмді жасаушылар, оның барлық қиындығын айнытпай көрсетеді, бұл әділ айтылған шындық ертеңгі күннің салтанатты жеңісімен астасып жатады.

Шығармада контраст күшті, химияның жетістігі, шаруашылықтың бар саласындағы жаңалық жайлар, ең аржағы жер серіктері мен реактивтік самолеттерден де хабар беріледі. Сөйте тұра, міне, мына сияқты даланы игеру осынша жетістікке ие болып отырған халыққа қиын ба екен дейді. Әлбетте, ол қиын емес, бүгін Серкебай кешіп жүрген құм шағыл дала ертең жасыл алқапқа айналуына кәміл сенеміз. Шығарманың оптимистік сарыны да осында жатыр.

Серкебай образын жасаған талантты актер А. Шәмшиевтің бұдан бұрынғы кейіпкерлерімен таныс болатынбыз. Шәмшиев ең алдымен ішкі дүниенің бай ньюанстарын бере білетін үлкен темпераменттың актері. Оның Серкебай мінезіне тән қаталдығы, атаға тән зор мейірбандығы, ақылды адамға тән ойлы қимылдары әбден сендіреді. Жеке монологтардағы құбылыс-қимылдары үлкен арманды адамның кейпін аңғартады. Оның үміт етіп барған құдығынан тамшы су табылмай, ақырында опырылып құлаған сәттегі толғаныс тебіренуі көп уақыт есте қаларлық көрініс. Серкебайдың жан дүниесінің диалектикалық дамуынан, оның дүниеден үміт үзіп құм кешіп қаңғырып кетуіне де сенесіз. Ол өйткені алданды, бар дегені жоқ боп шықты, елге қарар беті жоқ, сондықтан мұндай күйге ұшырауы да Серкебай сияқты адамға ғажап емес. Кейін геологтарға кездесіп, су табылған сәттердегі қуанышы да сенімді, арманына жетіп болашақ көзіне елестеген жас баладай қуанған кейіпті көреміз. Кіршіксіз пәк жанды адам баласының ортақ арманды арқалаған қарапайым жанның балалық мінезі де, аталық мейірбандығы да сенімді жылы. Авторлар тек қана ой. философиялық жүйе қуаламай, өмірдің өзіне тән сергітіп, серпін беріп отыратын көп штрихтар тапқан. Бұл күй қосалқы кейіпкерлердің басында мол. Маржан жас қыз. (Л. Абдукаримова), оның да өз арманы бар. Мақсаты Алматыға барып оқу. Тек біздің бұл сапарда актрисаға қоятын кінәміз бар. Ол кінә актриса ойынында албырт жас адамның толқымалы көңіл-күйі көп сезілмейді, оның Маймұрынға немесе Имашқа деген көзқарасында ешқандай айырма жоқ. Бақсақ, ол Имашты ұнатады, жақсы көреді, бірақ жылы шырай мен ықылас аз, жасқа тән отты сезім ұшқындары тым сирек.

Жеке орындаушыларға келгенде Серкебай образын жасаған Шәмшиевтің еңбегінің оқшау тұрғанын айттық. Сол сияқты әрдайым көңілді күлкі туғызып отыратын Маймұрын басындағы әрекеттер. Комедиялық жүйедегі актер суретіне Маймұрынның бойына шақ ынжықтықты да таба білген, сүйген жүрегінің сырын білдіруге де олақ. Оның әрекеттері сенімді, өмірлі жатыр. Талантты актер Сүртібаевтың қуандыратыны ол әр сәттің бояуын орынды өзгертіп, қонымды қимылдарға бай. Әсіресе құдық аршудағы сәттер шебер көрінеді. Осыған байланысты оператордың да зор еңбегін атап өткен жөн. Асылында режиссер Қожықовтың тағы бір ерекшелігі оператор мүмкіншілігін сарқа пайдалана білуінде. Әр кадр поэзиялық сазға толы, үлкен ойдың өзегі жатады. Сол сияқты Шайшекер мінезі де Қойшыбаеваның орындауында мол күлкілі болып шыққан. Мұхамедияровтың орындауындағы колхоз председателінің кейпі өзіміз көп білетін «таныс, бейтаныстың» бірі болып отыр.

Қорыта айтқанда, «Егер біздің әрқайсымыз» атты кинофильмі мал шаруашылығы жөнінен тұңғыш еңбек бола тұра «Қазақфильм» киностудиясының шеберлікті игеру жолындағы жаңа бет бұрысы, батыл адымы деп ұқсақ керек. Бұл фильмнің жалпы идеялық құндылығы, көтеріп отырған проблемасы бүгінгі заманның тілек мүддесімен тамырласып жатыр. Мұнда коммунизм үшін күрес, бейбітшілік үшін күрес, бақыт үшін күрес бәрі орын- орнында, өзара өзектесіп келеді. Олар бесенедей белгілі болып көзге көрінбегенмен, әрбір сөздің астарында, бас кейіпкердің қимыл-әрекетінде, шығарманың барлық рухында. Біздің «Егер біздің әрқайсымыз» атты фильм сөз жоқ бүкілодақтық экранда өзінің белгілі орнын, беделді бағасын алады деген сеніміміз зор.

1960


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз